ЗАМЕТКА
Заметка дегеніміз – ең шағын және оперативті жанр. Ол өмір шындығының нақты фактілері, құбылыстары туралы дәлме-дәл тұжырымды хабарлайды. Заметка көбінесе телеграфтық стильде жазылады. Баспасөздің бұл қарапайым да шағын жанры үгіт-насихатты факті арқылы жүргізетін, оқушыға әсерлігі жағынан ең бір қонымды да ыңғайлы жанр боп саналады. Ол еліміздің, республика мен өлкенің, облыс пен ауданның өмірінде болып жатқан жаңалықтарды, өнеге боларлықтай жайларды, үздік үлгі боларлықтай істер мен жаңа бастамаларды газет оқушыларына тұжырымды түрде жеткізеді. Заметка өмірдің жағымды жақтармен бірге, кейбір кемшіліктері туралы да еңбекшілерге дер кезінде жария ғып отырады. Газеттердің қайсысын алсаңыз да, заметкасыз олардың бір де бірі іжарыққа шықпайды. Газет окушыларының назарын аударарлық жақсы заметкалар жиі-жиі жарияланып тұрса, онда, ол газеттің өмірге терең араласып, газет қызметкерлерінің өмірді жақсы білетіндігін көрсетеді. Демек, газетте өмір ақиқатының шын ұшқындарын шебер керсететін заметкалар неғұрлым көп болса, соғұрлым сол газеттің ажарын ашып, көркемдігі мен мазмұнын байыта түседі.
Заметканың негізінде бір оқиға, бір құбылыс, бір объект ғана жатады. Заметканың авторы өз пікірін байыптау мен қорытынды жасамайды. Тек бір мәселені, я құбылыс пен бір жақсы бастама, не бір аяқталған жақсы іс туралы үн қатады, соны газет окушыларына асыға хабарлайды. Әрине, заметка жазу үшін көрген-білген, естігендердің бәрі бірдей, кез келген факт негіз бола бермейді. Тек әлеуметтік мәні бар фактілер ғана, өмірдің белгілі бір құбылысын, елесін көрсететін фактілер ғана негіз бола алады. Заметкаға өзек болып отырған факт мен құбылыс тың қоғамдық мәні мен маңызы салмақты болуға тиіс. Сонымен қатар заметка тек өмір шындығына, фактілер мен ресми цифрларға, документтерге сүйеніп отырады. Мұның өзі заметканың айқын, дәл болуының және тек шындыққа ғана сүйенетіндігінің айқын белгілерінің бірі болады, яғни заметканы жазу үстінде автор тек өмір шындығына, өмір фактісіне ғана сүйенуге тиіс. Заметка - үгіт-насихатты тек фактімен жүргізудің бірден-бір құралы. Мұндай әдіс пен тәсіл - өздерінің жұмыс істеп отырған облысы мен аудан еңбекшілерінің күнделікті өмірінде қандай өзгерістер мен жаңалықтар болып жатқандарын анықтап біліп, олардың қайсысын көпшілікке үлгі ретінде хабарлап, қайсысын кемшілік ретінде сынға алу үшін редакция қызметкерлері мен авторлар үшін үлкен тәжірибе мектебі болуға тиіс.
Өмірдің осындай шындықтарынан алынған заметкалар баспасөзде әр түрлі формада жазылады. Заметкалар ортақ немесе дербес заголовоктармен беріледі. Заметка алуан түрлі формада жазылғанмен, заметканың негізгі екі ғана түрі бар деп санаймыз. Атап айтқанда, бірнеше жолдық тектес заметкалар және дербес заметка. Дербес заметка екі түрлі формада кеңейтілген түрде және сын түрінде жазылады да, ол газеттің күнделікті ісінде өте жиі кездесіп отырады.
Тектес заметкалар. Халық шаруашылығы мен мәдениет саласында болып жатқан алуан істердің жемістерін шағын жолдармен жеткізеді. Заметканың бұл түрі көбінесе өмірдің жағымды фактілерімен оқушыны көңілдендіріп қуантып отырады. Газет редакцияларына талай-талай тамаша қызықты фактілер, хабар-хаттар түсіп жатады.
Тектес заметканың өз алдына дербес заголовкасы болмайды, бірнеше жолдық боп, бір атаумен топталып береді.
Дербес заметка. Бұл заметканың өз алдына дербес заголовогы болады. Дербес заметка, тектес заметка сияқты, ортақ заголовокпен берілмейді. Өйткені оның баяндалуы да, көлемі де ол ырыққа көнбейді. Дербес заметка тектес заметкаға қарағанда көлемі жағынан анағұрлым кең болады да, мәселені толығырақ қамтиды. Қол жеткен табыстардың мәні мен маңызын барынша қысқа, бірақ айқып баяндайды. Табыстың мәні мен маңызын хабарлаумен бірге оның сырын да жол- жөнекей, жол арасында түсіндіріп кетеді. Заметканың бұл түрі халық шаруашылығындағы жаңалықтарды, үлгілі істерді, жеке адамдардың еңбектегі көрнекті табыстарын өзіне өзек етеді.
СҰХБАТ
Журналист қоғам қайраткерлерімен немесе шаруашылық салаларында істеп жүрген озаттар мен сан алуан мәселелер жөнінде әңгімелесіп, пікір алысады. Әрине, бұл әңгімелер мен пікірдің біздің ұшан теңіз болып толқып жатқан өміріміз үшін маңызы мен қоғамдық саяси мәні зор болуға тиіс. Әңгіме болып отырған мәселенің мән-жайын жақсы білетін, болған оқиғаны дұрыс бағалай алатын адамнан интервью алу газет үшін өте бағалы болып саналады.
Әңгіме, кез келген адаммен кездесіп, онымен ауызба-ауыз сөйлескен әңгімені бұлжытпай жазып алу деген сөз емес. Жұмыстық табысты болуы мынадай жайларға байланысты: журналист әңгімеге лайық тақырыпты таңдай білді ме, әңгімені алу үшін кіммен сөйлесу керек, әңгімені алуға журналистің өзінің әзірлігі қалай, лайықты сұрақтар қоя білді ме? Міне, осындай негізгі талаптарды журналист орындағанда ғана оның әңгімесі көңілдегідей болып шығады. Интервью туралы айта келіп, бұл жанрды аныктай түссек күн тәртібіне өмірдің өзі ұсынып отырған қоғамдық мәні бар мәселе жөнінде журналист белгілі бір адамның ой-пікірін біледі, немесе сол мәселе жөнінде одан түсініктеме алады, онымен сөйлеседі. Осыларды әдеби өңдеп, қорытып жазады, міне, осы талаптарға сай жазылған материал газеттің хабар жанрының бір түрі - интервью боп аталады.
Қазіргі баспасөзімізде: интервью - әңгіме, интервьюдің сұрақ-жауап түрі; интервью - суреттеме, интервьюдің анкета түрлері бар. Сонымен қатар соңғы кездері газет «тілші тілдескенде», «Біздің интервью» деген және басқа рубрикалармен де итервьюлер жариялап жүр. Интервьюдің әңгіме түрі. Журналист белгілі бір адаммен кездесіп, әңгімелеседі. Бірнеше сұрақтарына жауап алады. Сол мәселе жөнінде ол адамның пікірш біледі. Мұндай кездесу көбінесе жайдары жағдайда, екі адамның жәй ғана әңгімелесуі жағдайында өтеді. Журналист фактілерін жинақтап, ой-пікірін саралап, белгілі бір мақсатқа бағыштап, бір арнамен, бір тақырыптың аумағында жазып шығады. Әңгіменің соңында жазып алған «пәлен» деген аты-жөні айтылады. Немесе әңгіме тақырыбының астына «мынадай адаммен әңгіме» деп жақша ішіне алына да қойылады. Немесе тілші тиісті бір адамға жолығып, керекті бір мәселені газет оқушыларына айтып берудіде өтінуі де мүмкін.
МАҚАЛА
Мақала дегеніміз - қоғамдық құбылыстар мен оқиғаларды зерттеп ұғынудың, талдап және жинақтаудың қорытындыларынан туған идеяның негізінде жазылатын публицистикалық шығарма. Сондықтан да мақаланың негізгі желісі - идея. Социализм мен коммунизм қоғамын орнату жолдарының ғылыми идеяларын барлық жағынан да негіздеп берген марксизм-ленинизм ілімінен нәр татып құнарланған автордың Отан алдына өмір ағымының қойып отырған сан алуан зор талаптарына көзқарастары, толғанудан туған тың пікірлері мен қорытындылары мақалада үнемі негізгі арқау болып отырады. Мақала - баспасөздің ең бір негізгі және күрделі жанры.
Мақала тақырыбының аумақтылығы мен ерекше маңыздылығы және мақсаты мен саяси жағынан байыпталуыныц кеңдігі, қорытындысының тереңділігімен ерекшелене түседі. Белгілі бір идеяның, әлеуметтік ой-пікірлердің негізінде пайда болған мақала сол идея мен ой-пікірді бұқараға насихаттайды, немесе соны іске асыруға үн тастайды. Баспасөздің күнделікті ісінде мақаланың атқаратын ролі ерекше және оның оқырман алдына қоягын міндеті де күрделі келеді.
Мақала теориялық жайларды қозғап, қоғам өміріндегі елеулі окиғалар мен құбылыстарды қамтиды. Мақала партия мен үкіметтің ішкі-сыртқы саясатын іске асыру жолында бүкіл халық пен мемлекеттің алдында тұрған міндеттердің негізінде туады. Сол міндеттерді еңбекшілерге жеткізе насихаттайды және оларды орындауға бүкіл халықты жұмылдырады, халық шаруашылығының бір саласындағы озат әдістерді насихаттайды, орын алып отырған кемшіліктерді сынайды. Сөйтіп, мақала шағын бір объектіні тексеріп-зерттеу негізінде немесе жеке фактілерді талдаудың негізінде емес, қоғамдық құбылыс пен оқиғаның немесе кезеңнің коғам алдында қойып отырған күрделі міндетерінің негізінде пайда болады. Халық шаруашылығының бүкіл бір күрделі саласын зерттеудің негізінде туады. Ал өмірдің жеке құбылыстары мен оқиғалары, жеке фактілері мақалада белгілі идеяны, тың ой-пікірді дәлелдеу үшін, оны анықтай түсу үшін келтіріледі.
Корреспонденцияның жазылуы орын мен уақытқа және жағдайға бай-ланысты, оған адам қатысы талап етіледі. Ал, мақала үшін бұл талаптардың түгел болуы шарт емес. Мақаланы жазу үстінде автор қаулы-қарарларға, ресми документтерге, мемлекет қайраткерлерінің ресми хаттарына, редакцияға түскен әлеуметтік мәні бар хаттарға, советтік және шетелдік кітаптардың, газеттердің жазған мәлімет-хабарларына тағы басқа осындай фактілерді зерттей келе, оны тақырыпқа сай пайдалану арқылы мақаланы жазуға болады. Бұған насихаттық және публициистикалық мақаланы алуға болады. Корреспонденция фактілер жиынтығын талдаудың, байыптаудың негізінде жазылса, ал мақалада автор жеке фактілерді өзінің ой-пікірін, белгілі бір теориялық қағидаларды дәлдеу үшін пайдаланады. Сөйтіп, корреспонденцияда факт негізгі роль атқарса, мақалада ол тек көмекші роль ғана атқарады. Қорреспонденцияда нақтылы баяндау сарыны күшті келсе, ал мақалада толғану, шарықтау сарыны лепті келіп отырады.
Мақалада көбінесе теориялық жайлар қозғалады да, ал корреспонденцияда практикалық істер әңгіме болады. Осыған сай баспасөзіміздің тарихына көз жіберсек, теориялық жайлар көбінесе мақала жанры арқылы жазылған. Ал Россиядағы жұмысшылар мен шаруалардың ауыр халі, тап тартысының жеке көріністері, завод пен фабрикалардағы жұмысшылар көтерілісі үнемі корреспонденция жанры арқылы жазылған.
Мақала жанрының тағы бір ерекшелігі - оның тақырыбы болашаққа да арналуы мүмкін, тақырып оқиғалар мен құбылыстар жөнінде болжам айтып, келешекке үн қатып, жөн сілтеуі мүмкін. Мұның өзін тарих, қоғамдық өмір мен қоғам дамуының заңдылығы, марксистік-лениндік философия, үздік совет ғылымы, халықтардың өндірісті өркендету тәжірибелері, ғалымдардың зерттеулері тағы басқа нәрселері дәлелдейді. Ең алдымен таңдап алынған мақала тақырыбы болашақты болжауына, оқиғалар мен құбылыстың болашағына талдау беріп, оның келешегін данышпандықпен айқындап беруде марксизм-ленинизм классиктері мақалаларының алған тақырыптарын мысалға келтіруге болады.
Мақала тақырыбының бүкіл қоғамдық маңызы болуға тиіс. Тақырыпты ойластырғанда, тақырыпқа барар жолда, ойлану, толғану үстінде журналист я басқа автор бұл талапты үнемі ескеріп отыруға тиісті. Біздің журналистеріміз мұндай тақырыптарды әр кезде де таба, оны бүкіл халқымызға, қала берсе бүкіл жер жүзіне жеткізе біледі.
Мақала жаңа идеяның, жаңа мәселенің негізінде туады, бұқараға партия мен мемлекетіміздің шешімдерін жеткізу үстінде, көптеген белгілі құбылыстар мен оқиғаларды жаңа көзқарас тұрғысынан түсіндіреді. Ол үшін оған тың тақырып керек. Бұл да тақырып таңдау жөнінде қойылатын талаптардың бірі боп саналады. Сөйтіп, мақала тақырыптары заманымыздың міндеттерінен туған қоғамдық-саяси проблемаларымен байланысты болады. Егер журналист бүгінгі күннің көкейтесті тақырыбын орынды көтеріп, оны теориялық және практикалық жағынан да түсінікті бере білсе, оның оқушыға ықпалы әсерлі келеді. Сондықтан да журналист «өз мақаласын жазып отырғанда ол басыла ма, жоқ па, деп ойламай оқушыға қалай ықпал жасайтынын ойлауға тиіс».Мақалада алынған тақырыптың дұрыс шешілуі үшін, түсінікті де тартымды болуы үшін мақаланы жазудың жоспарын күн ілгері белгілеп алған әбден орынды болады. Мақаланы жазудың жоспары күн ілгері жасалса, ең алдымен, автор оның тақырыбы туралы толғанады, ұнамды заголовок жөнінде ойланады.Оның біркелкі дамытылуы, фактілердің орынды орналастырылуы, көтеріліп отырған мәселенің өмір талабына қаншама сайма-сайлылығы, қорыта келгенде, мақала туралы журналистің күн ілгері ойланып-толғануына ыңғайлы жағдай туады.Мақала жанрының баспасөздегі орны мен роліне қарай оны үлкен екі салаға бөлген жөн. Оның біріншісі - баспасөздің жай мақалалары; екіншісі - газет пен журналдардың бас мақалалары. Баспасөзде жарияланатын жәй мақалалар жергілікті орындарға не директив, не нұсқау бермейді. Жәй мақалалар белгілі бір идеяның негізінде туып, соны көпке таратып, насихаттауды мақсат етеді. Мұндай мақалалар баспасөз бетінде күрделі бір проблема көтереді, белгілі бір идеяны насихаттайды, теориялық жайларды түсіндіреді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Сердәлі Б.К., «Қазіргі журналистиканың жанрлық формалары мен қызметі», Алматы, ТОО Лантар Трайд, 2021 жыл, 171 бет;
В.В. Ворошилов, «Журналистика», Мәскеу, КноРус, 2010 жыл, 486 бет;
Қожакеев Т., «Жас тілшілер серігі», Алматы, Рауан, 1991 жыл, 225 бет;
А.В. Колесниченко, «Настольная книга журналиста», Мәскеу, Аспект Пресс, 2013 жыл, 334 бет;
Амандосов Т.С., «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы», Алматы, Мектеп, 1978 жыл, 265 бет;
Тертичный А.А «Жанры периодической печати», Мәскеу, Аспект Пресс, 2017 жыл, 320 бет.
Достарыңызбен бөлісу: |