Зарқын Тайшыбай, «Тіл жанашыры-2015»



Дата20.06.2018
өлшемі16,29 Kb.
#43888
Зарқын Тайшыбай, «Тіл жанашыры-2015» төсбелгісінің иегері
Кешіккеніне алаңдаулымыз
Саналы ғұмырымды журна­листикаға арнап келемін. Алғаш­қы еңбек жолымды аудандық газеттен бастағаннан бері респуб­ликалық газет-журналдар­ды жаздыртып алу- әдетім. Әри­не, мен үшін аудандық, облыс­тық газеттердің орны бөлек. Қай-қайсысын алсақ та, үйре­ну, шыңдалу мектебі болды. Де­сек те, жарты ғасырдан бері сыр­ласым, досым саналатын «Егемен Қазақстан» жаныма жа­қын, көңіліме ыстық. Сал­мақ­ты ой-пікірлерімен, елдік мәселелерді қозғауымен, шынайы патриотизмді орнықтыруымен халық мінберіне айналып, Тәуелсіздігіміздің орны­ғуына зор үлес қосып келеді. Мен қа­тардағы көп оқырманның бірі­мін. Теріскейліктер бұл жаққа си­рек жететін, дүңгіршектерден та­была бермейтін қазақша жария­ланымдарға шөліркеп отырады. «Егеменге» бел­гілі оқымысты Төре­гелді Шарма­новтың «Құндылықтар құлды­рауы» деген тамаша мақаласы жарияланғанда талай таныстарым телефон соқты. Бәрінің сұрай­тыны– газеттің сол күнгі саны. Оларға қазақша басылымдарға, оның ішінде «Егеменге» жазы­лыңыздар, үзіп-жұлқып оқыған­нан ой-өрісіңіз кеңеймейді деген кеңес бердім. Басқа не дейін! Мұн­дай қоңыраулар аз шалын­байды. Жасыратыны жоқ, газет-журналдарға жазылғанда алды­мен ба­ғасына қарап, жілігі татымас ар­занына ұмтылып жата­тындар арамызда әлі де кезде­седі. Бүгінгі күннің көзіқарақ­ты оқырманы жасық пен жасын­ның аражігін айыра біледі. Сол себепті «Егеменнің» әр санын асыға, тағатсыздана тосатындар Қызылжар өңірінде де жыл өткен сайын көбейіп келеді. 2000 жылдан бері жазылушылар қатары 4 есеге көбейіп, 8 мыңға жетуі соның бір дәлелі. Ахмет Байтұрсынов мерзімді баспасөзді қоғамның құлағына, көзіне теңеп, артына ой саларлық, ғибрат аларлық сөз қалдырған. Бүгінгі күннің биігінен бағамдайтын болсақ, мағынасының тереңдігі, мәні өзгермеген.

Жуырда екі жылда бір рет берілетін «Тіл жанашыры-2015» құрмет белгісіне ие болдым. Осынау абыройға жетуіме «Ота­нымыздың бас газетінің» зор ық­палы болғанын жасырмай­мын. Өйткені, «Егемен» беттерінде түрлі тақырыптарға жүйелі жария­ланған зерттеу мақалаларым арқылы көпшілікке танылдым. Дөң­геленген дүние төрін­де орын алған бүгінгідей қаржы­лық қиын­дық кезеңінде «бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол» шығарып, бірлікке, ауызбірлікке, ынтымаққа талмай үндеп келе жатқан басылым жайлы толғана отырып, қазақ баспасөзіне қол­дау көрсетіп жүрген азаматтар туралы айтпай кетуге болмас. Солар­дың бірі – Ұлттық банк жергі­лікті филиалының директоры Қажырахымов Жомарт бауырымыз еңбек ардагерлеріне, көп балалы отбасыларға, аз қамтылған жандарға тегін жаздырту акциясын он жылдан бері үзбей ұйымдастырып келеді. Өңіріміздегі өзге қалталы адамдар осы бір игі істі қолдар деген ниеттеміз.

Шешімін тез арада табатын өзекті мәселенің бірі мынау. «Еге­мен» Петропавл қала­сын­да басыл­ғаннан бері сол күні қолымызға тиіп, ел жаңа­лықтарымен лезде танысушы едік. Өкінішке қарай, осы бір қуанышымыз ұзаққа бармады. Жуырда облыстық типографияның меншік иесі өзгеріп, 1 қарашадан бастап басуды тоқтатты. Енді бірнеше күнге кешіктіріп алып, аса алаңдаулымыз. Ал, аудандар мен елді мекендерге тасы­мал жайы не болмақ? Тіпті, Ас­та­на­дан облыс орталығына жет­кі­зі­летін хат-хабарлардың жолдағы Тайынша, Аққайың аудандарына қалдырылмай, кері тасылатыны тіпті түсініксіз! Сондай-ақ, оқырмандарға газет жетпей қалатын фактілер де кездесіп жүр.

Республикалық, облыстық тиісті орындар оқырмандардың мүддесін бірінші кезекте ойластырып, осы жағын жете ескергендері жөн.


//  Егемен Қазақстан. - 2015. - 11 қараша

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет