Зарқын Тайшыбай,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері, М.Қозыбаев атындағы
СҚМУ профессоры.
Сафуан неге жылады?
Мағжан ашаршылыққа ұшырағандарға көмек көрсету мақсатымен мал жинап, Көкшетауда жүргенде "Мир труда" газетінің 1922 жылеы 8 тамыздағы санында губерниялық атқару комитетінің төрағасы Сабыр Шәріповтің "Қазақ болыстарындағы кеңестер сайлауы" деген мақаласы басылды. "Рибас" деп жасырын ат қойған автор "жергілікті билік орындарына бұрынғы алашордашылар сайланып кетпесін" деп жар салды. 9 тамыздағы газетке "Алашордашыларға - кеңес ұйымдарында орын жоқ!" деген мақаласын тағы бастырды.
"...Қазақ интеллигенциясының көсемдері, буржуйлар мен кулактардың ұлдары, жалдаптары Жұмабаев, Тілеулиң Мұқышев, Сейітовтер, Итбаев, Тұрлыбаев, Жанайдаров, Нұралин кезінде Бөкейхановтың, Байтұрсынов пен Дулатовтың батасын алып, соңынан еріп, Колчак тұсында жауапты қызметтер атқарды. Кеңес өкіметі бұл интеллигенттердің біреуін де жазалаған жоқ, оларға жауапты қызметтер берді. Бірақ олар жұмысқа бөгет жасап қана келеді. Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізеді. Олар Петропавлда бірнеше большевикті атып өлтірді... Біз еңбекші-кедейлер атынан: алдағы кеңестер сайлауында бұрынғы алашордашыларға, әсіресе, олардың көсемдеріне бірде-бір дауыс берілмесін... Біздің жолымыз олардан бөлек. Оларға дауыс бергендер - еңбекшілердің, кеңес өкіметінің жауы саналады дейміз", -деп жазды ол.
Мұндай ауыр айыптаудан кейін не болатыны түсінікті еді. Осы газеттің 16 та-мыздағы санында Жұмағали Тілеулиннің ақталмақ болып жазған жауабы басылды. "Рибас" газеттің кейінгі сандарында Сабыр Шәріпов өз атын ашық жазып, "Қазақстанның шығысындағы революциялық қозғалыстар тарихынан" деген ұзақ жазбаларын бастырды. Оқып отырсаңыз "Тар жол тайғақ кешудің" орысша нұсқасы дерсіз. Мұнда да: "Тұрлыбаев, Итбаев, Жұмабаев, Сейітовтер, Жанайдаров, Мұқышев... алашорда көсем-дері болғаны, олардың қазан төңкерісінен бұрын-ақ "кеңес өкіметіне қарсы болғаны" айтылады.
Содан Мағжан қызметіне қайтып кірген жоқ. Сол күндері, яғни 1922 жылғы 18 та-мызда Ақмола губерниялық партия комитетінің алқасы "губерния орталығын Көкшетауға көшіру туралы" қаулы алды. Әупіріммен, "еуропалық коммунист" жолдастардың Петропавлды қазақтан жырып алып, Ресейге еткізбек ниеті жүзеге аспай қалды. Көкшетау сияқты шағын қалада губерниялық мекемелерді жайғастыратын жағдай болмағандықтан, партиялық құпия қаулы жұртқа жария болған жоқ.
Қазақтың бостандығынан да, автономиядан да сенімі күйреген Мағжан Зылиха екеуі Ташкенттен пана тапты. Қазақ зиялыларының амалсыз Ташкентке жылыстауы жөнінде С. Мұқанов 1960 жылы былай деп жазды: "Қазақ автономиялы республикасында таяқ жеген алашордашылардың бір тобы (көпшілігі), сол кезде "Түркістан" аталатын республикаға барды да, ондағы басқару ісінде жүрген бояма коммунистердің жәрдемімен оқу, баспасөз орындарына қызметке кірді. Мәселен: Халел Досмұхаметов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқалар. Бұлар - Алашорданың ірі қайраткерлері. Алашордашы жастардың да біразы Түркістан орталығы - Ташкентте болып, бір жағынан оқу оқыды, екінші жағынан идеологиялық майданда алашордашылдық қызметтерін жүргізіп жатты. Мәселен, Қошке Кемеңгеров, Даниал Исхақов, Ғабдолла Байтасов, тағы басқалары. Алашордашылардың "ескілерінің" де, жастарының да, ұлтшылдық бағытта жазылған шығармаларына сол кезде Ташкентте шығатын "Ақ жол" газеті, "Шолпан", "Сана" журналдары кең орын берді. Осы баспасөздердің бетінде советке қарсы шығарма-лары үздіксіз жарияланған Мағжан Жұмабаев біраздан кейін тіпті еркінсіп алды да:
"...Кене мен Абылайдың жолын қумай,
Жапанда жайылудың мәні қалай?",- деп қазақты Россияға қарсы құралды көтеріліске шақырды". 1976 жылы шыққан "Өмір мектебінің" 511 -ші бетінде дәл осылай жазулы тұр.
Ақынның содан кейінгі өміріне үңілсек, әуелі Петроградқа оқуға кетпек болған талабы орындалмай, Мәскеуге табан тіреді, алайда, бір жылдың ар жақ-бер жағында онда да қуғынға ұшырады. Одан әрі түрме. Он жыл. 1936 жылы босап, өз жерінде өгейдің күнін кешіп, қорлық көрді. 1937 жылдың соңғы күні ұсталды, үш айға жетпей мертболды.
1957 жылы Сәкен, Ілияс, Бейімбет... ақталды. Қуандық. "Үш арыс" деп өлең шы-ғардық, әндеттік. Ал Мағжан қайда? Қылмысы жоқ болғандықтаң совет заңы оны да 1960 жылы ақтаған. Бірақ. "моральдық жағынан" ақталмапты. Мемлекеттің заңынан биік тұрған қандай пәрмен бар сонда? Оны ешкім де білген жоқ. 1960 жылы Әбділда Тәжібаев бастаған комиссия "Мағжанның елеңдері ұлтшыл-буржуашыл контрреволюцияшыл" деп шешім шығарып, Қазақстан КГБ-сының бастығы А.Арыстанбековтің қолына тапсырды. "Жоқ, оның ешқандай кінәсі жоқ, ол жапон шпионы болған емес, жалған". Орта Азия әскери трибуналының прокуроры Паскевич ақ қағазға қара сиямен дәл осылай жазып берді.
Шынында да солай. "Мағжан жөніндегі істер қысқартылсын", - деп әскери трибунал 1960 жылғы 8 шілдеде үкім шығарды. Алайда, жазушы жолдастар жағы көнбейді. "Болмайды! Мағжан жау, оның өлеңдерін жарыққа шығармаймыз", -деп қасарысты. Сонымен тағы 28 жыл өтті.
Профессор Тұрсын Жұртбай куә болған мына жайға назар салыңыз. 1987 жылдың ақпаны еді. Олжас Сүлейменовтің кабинетіндегі бас қосу. Қазақстан КГБ-сының бастығы С.Қ.Әбдірахманов бастаған жеті полковник қатар отыр. Генералдың сонда айтқаны: "Мағжанның шығармаларын жариялауға рұқсат бермеген біз емес, сіздерсіздер. Сол кездегі екінші хатшы... қарсы болып, Мағжанды ешқашан ақтауға болмайды деп қол қойған", - деп әлгі қорытындыны оқып бергенде, осыны тыңдап отырған Сафуан Шаймерденов марқұм: "Не дейді?! Әке-ау, ол да солай ма еді", - деп жылап жіберіпті.
// Солтүстік Қазақстан.- 2018.- 21 маусым.
Достарыңызбен бөлісу: |