Химиялық зертханалық ыдысты жуу және кептіру Химиялық ыдысты жуа білу зертханалық техниканың және сол зертханада жұмыс істейтін қызметкер біліміне қажетті маңызды бөлігі болып табылады.
Химиялық ыдыс тап-таза болуы қажет және бұл шарт орындалмаса, жұмыс істеуге болмайды. Сондықтан ыдыстың тазалығына ешқандай күмән тудыратын жағдай болмайтындай таза жуып үйрену қажет.
Егер химиялық ыдыстар шайырмен, май дақтарымен, суда ерімейтін басқа да заттармен ластанбаған болса, оларды жылы сумен де жууға болады. Егер шыны ыдыстар қабырғаларында тамшылар қалмаса, ыдыс таза деп саналады.
Егер шынының қабырғасында тұздардың не тұнбалардың қақтары болса, ыдысты алдымен ершпен тазалап, сосын жылы сумен жуады. Шыны ыдысты ершпен сындырып алмас үшін, оның ұшына резеңке кигізіп кою қажет.
Жылы сумен таза жуылған ыдысты бірнеше рет соңынан дистилденген сумен шаю керек.
Үлкен зертханаларда химиялық ыдыстарды арнайы ыдыс жуғыш машиналарда және бу көмегімен жуады.
Ыдыстың ластануын әртүрлі әдіспен кетіруге болады:
Механикалық;
Химиялық;
Немесе оларды біріктіру арқылы.
Механикалық әдіске ыдысты щетка не ерш көмегімен жылы сумен жуған немесе бумен жуған жатады.
Физика-химиялық әдіс кір ыдысты органикалық еріткіштер (бензин, ацетон, спирттер және т.с.с.), беттік-активті жуатын заттар немесе натрий фосфаты көмегімен тазалауға негізделген.
Химиялық әдіс – хромды қоспамен, калий перманганаты ерітіндісімен, тұз қышқылымен, сутек пероксидімен, сілтінің концентрлі ерітіндісімен немесе күкірт қышқылымен ыдысты жуу.
Ыдысты жуудың тәсілін таңдау үшін әр жеке жағдайда мыналарды білу қажет:
1. Ыдыстарды кірлетуші заттардың қасиеттерін білу;
2. Ластаушы заттың суық немесе ыстық суда, сілті ерітіндісінде, әртүрлі тұздар мен қышқылдарда еруін;
3. Тотықтырғыштың қасиетін пайдаланып белгілі бір шартпен органикалық және бейорганикалық ластаушыларды тотықтыру, оларды жеңіл еритін затқа айналдыру;
4. Ыдысты жуу үшін белсенді қасиетке ие барлық жуғыш заттар қолданылуы мүмкін (сабын, синтетикалық жуғыш заттар, жуғыш саздар т.б.);
5. Егер ыдысты ластайтын тұнба химиялық берік болса, онда оны кетіру үшін механикалық түрдегі тазартуды жүргізуге болады;
6. Жууға арналған реактивтерден тек арзан материалдарды қолданған жөн;
7. Жұмыс істейтін кісі ластаушылардың қасиеттерін білмеген жағдайда техникалық қауіпсіздік жағдайын және ыдыс жуу кезіндегі жазатайым оқиғалардың туу мүмкіншіліктерін әрқашан білу қажет. Зертханада жұмыс жасайтын әр жаңа қызметкер техникалық қауіпсіздік ережесімен таныс болуы қажет.