6. Спектроскопиялық зерттеу әдістері Спектроскопиялық әдіс заттың электромагниттік сәулемен әрекеттесуіне негізделген. Мұндай әрекеттесу нәтижесінде жарық сіңіріледі, шығарылады немесе шашырайды. Сонда түзілген сигналдар сапалық та, сандық та мәлімет береді. Сапалық мәліметті сигналдың жиілігі береді, ол зат табиғатына тәуелді. Сандық мәліметті сигналдың интенсивтілігі береді, ол зат мөлшеріне тәуелді. Электр және магнит күштерінен түзілетін электромагниттік өріс - материяның бір түрі. Материяның негізгі қасиеті қозғалыс, ал қозғалыс өлшемі - энергия. Электромагниттік өрістің тербелмелі қозғалысы - энергия. Оны электромагнитті сәуле немесе жарық деп атайды. Электромагнитті сәуленің екі жақты қасиеті болады: толқындық және корпускулалық. Электромагнитті сәулелердің барлық жиіліктерінің немесе толқын ұзындықтарының жиыны электромагниттік спектр деп аталады. Толқын ұзындықтарын аймақтарға бөліп қарастырады.
Атомдық-спектроскопиялық әдістер атомдардың энергетикалық күйінің өзгерісіне негізделген. Атомдық-спектроскопиялық әдістер оптикалық және рентгендік болып бөлінеді.
Оптикалық әдістер сыртқы электрондар ауысуын пайдаланады. Алдын ала затты атомдарға ыдыратып алу қажет.
а) Атомдық-эмиссиялық спектроскопия термиялық қоздырылған атомдардың сәуле шығаруына негізделген.
б) Атомдық-флуоресценциялық спектроскопия электромагниттік энергия көзінен қоздыруға ұшыраған атомдардың сәуле шығаруына негізделген.
в) Атомдық-абсорбциялық спектроскопия атомдардың жарық сіңіруіне негізделген.
Рентгендік әдістер ішкі электрондардың энергетикалық ауысуларына негізделген. Сигналды қабылдау және оны тіркеу тәсіліне байланысты төмендегідей әдістер бар:
- рентгенэмиссиялық спектроскопия;
- рентгенфлуоресценциялық спектроскопия;
- рентгенабсорбциялық спектроскопия.
Молекулалық-спектроскопиялық әдістерде аналитикалық сигнал молекуладан алынады. Спектрдің пайда болуына байланысты келесі әдістер белгілі:
Молекулалық абсорбциялық спектроскопия. Бұл әдіс валентті электрондардың ауысуына негізделген, олардың сигналы жарықтың көрінетін және УК-аймақтарында пайда болады. Оның екі әдісі белгілі: спектрофотометрия және фотоколориметрия.
Абсорбциялық молекулалық спектрометрия (ИҚ-спектрометрия) тербелмелі ауысуларға негізделген, оның сигналы ИҚ аймақта пайда болады.
Люминесценциялық спектроcкопия жарық әсерінен қозған молекулалардың сәуле шығаруына негізделген.
Рентгендік спектроскопия молекуланың ішкі электрондарын қоздыруға негізделген әдіс.
Магниттік резонанстық спектроскопия - магнит өрісіне енгізілген молекуладан сигнал алуға негізделген.
Достарыңызбен бөлісу: |