Зира Наурызбаева, Лиля Калаус Алтын тостағанды іздеу Бату мен оның достарының бастан кешкендері



бет12/16
Дата03.02.2023
өлшемі304,73 Kb.
#167306
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
Байланысты:
Бату Казакша

ОҢ ЖАҚ КІРЕ БЕРІС– ОЛ ҚАЙ ЖЕР?

Киелі үңгір.


Тағы да жылан.
Тылсым шеңбер.
Достар іздеуге кіріседі.
Батудың көсемсуі.
Қайраттың күмәнді қылығы. Сақтан!
Қайрат қайда кетті?
Жын-жыпыр оттан үрікпей ме?
Мыстан кемпірдіңбасқа кейіпке енуі.

Киелі үңгірде, дәл Аспара пырақты байлаған тұста, шырқ үйірілген құйын сап болып, орны үйме-жүйме бола қалды.



  • Ой!

  • Ай!

  • Қап, сайтан!

  • Үстімнен тұрыңдаршы!

Аһілеп-уһлеп, ауырып қалған бүйірлерін сипалап, балалар аяқтарына тұрып жатты.

  • Иә, табалдырықта аяғымды жұлқып қалғанда, шпагатқа отыра алмайтын басым оны да жасадым-ау деп ойладым, - деді Дана тыжырынып.

«Жолы болып», үймектің ең түбінде қалған Қайрат наразылығын білдірді:

  • Құрып кеткір!! Мына жердің бәрі дымқыл ғой!

  • Кешір, саған шақ келер памперс ала шықпадым, - деп қарқ етті Бату. – Үңгір де менікі емес, бұнда ештеңеге жауап бермеймін.

Қадиша домбыраны олай-бұлай тексеріп, бүтіндігіне көз жеткізді. Сосын небір суреттер салынған жартастарға зейін сала көз жіберіп, қарай бастады. Танауындағы көзілдірігін ұстап көріп, бүлінбегеніне көз жеткізген соң, Саша да оған келіп қосылды.

  • Міне, керек болса! Біздің Таңбалыдағыдан да керемет! – деп, тамсана сыбырлады қыз.

  • Қане, бытырамаңдар, бұл сендерге экскурсия емес, - деп әмір етті осы кезде оң жақ босағада үйілген тастың жанында тұрған Бату. – Бәрің бері келіңдер! Қыздар, Тұмарды алыңдар, - деді ол, балақайды Данаға созып.

Дана Батуды естімегенсіді. Ол Тостағанды өзі тапқысы келген, сол себепті, ұлдармен бірге тастарды қопарып, шетке лақтыра бастады. Қадиша Тұмарды алып, ұшып жатқан тастардан аулағырақ кетіп қалды.

  • Неткен ауыр бәле еді... – деді Саша ырсылдай, дәу тасты зорға аударып жатып.

  • Сапта сөзді доғарыңдар! Айтқанды ғана орындаңдар, - деп бұйырды Бату жұмыс майданын шола қарап.

Айналасы он минут ішінде кіре берістегі тас пен шағыл үйіндісі шетке лақтырылып тасталды. Балалар төрттағандап, кіре берістен алыстай берді.

  • Әй, бастық! Сондай ақылды болсаң, неге күрек алу миыңа келмеген? – деп бұрқылдады саусағын жаралап алған Дана.

  • Онда осы жерге ұшып келе жатқанда, бір-бірімізді шауып тастар едік! – деп сөз тауып кетті Бату.

Кенет Саша дүмімен жалп етіп отыра кетті. Ол аударған тастың астынан шұбар ала жылан ысылдап шыға келді. Саша тырп етуге шамасы келмей, қатты да қалды. Өзі оятып алған жорғалаушының көзіне арбалғандай қарап, отыра берді...
Сол сәтте-ақ оның қасына Тұмарды тамақтандыратын сүт қоспасы құйылған құтыны ұстап, Дана жетіп келді.

  • Тыныш... Қозғалма... – деп сыбыр етті ол, сосын еппен құтының емізігін жұлып алды да, жыланның басына төңкерді. Жылан, сиқырланғандай, ысылдағанын қойып, баяу жорғалап, жайына кетті. Балалар оны көзбен шығарып салды.

  • Ух, рақмет саған, Дана, - деп, жеңілейе күрсінді Саша.

  • Жарайсың! Бұны қайдан үйреніп жүрсің? – деп сұрады Қадиша.

  • Әжем «үйге жылан кірсе, басына ақ құю керек» деп айтатын...

  • Немесе сүт қоспасын, - деді Бату тәптіштеп. – Негізі, мен түк те қорыққан жоқпын, кіп-кішкентай жылан, құрт сияқты бірдеңе... Бұндайға бойың үйренбеген ғой, Саша, саспа! Тек Тұмарды енді немен тамақтандырамыз, а?

  • Тоқташы, Бату... Ал, егер... – Саша түрегелді де, жылан кіріп кеткен тесікке қарай аттады.

  • Жыландар қазынаның тығылған жерін біледі дейді ғой, - деді Дана. – Сашаның жорамалы рас болып шығып, жылан бізді тура Тостағанға алып барса ше?

  • Онда бізге жарылғыш керек, - деп бұртаң етті Бату. - Мына тесікке жылан ғана сыяды. Жүріңдер, жұмыс істейміз, анда тас жетеді әлі... Уақытты зая қылмаңдар!

Дана басын шайқады. Оған ескі досының жаңа қылық шығарып, көсемсігені мүлде ұнамады. Бату өзін-өзі басшы сайлап, тым пысықайланып кетті.
Досын тыңдамаған Саша, жадыланғандай, жебе толы қорамсақты садақтар, толғамалы найзалар, айбалта, қылыштар мен қанжарлар кәдімгі шын қарудай-ақ, томпая бұдырайып кескінделген қабырғаға қарай берді.

  • Балалар, мында келіңдер! – деп шақырды ол достарын.

Қадиша қабырғаға жақындады. Саусағымен садақтардың бірінің нобайын айналдыра сызды. Саусақ тиген жердегі сұп-суық тас болмашы ғана сәуле шашты.

  • Қараңдар! – деп саңқ етті Қадиша. – Ол нұрланып тұр! Садақ!! Жарқырап барады! Тас та жылып кетті!

  • Бұл не сандырақ, көзіңе елестеді сенің! – деп тырысып, бөліп жіберді оны Бату, қабырғаға көз салмастан. – Неғып тұрмыз, басқаға алаңдамаймыз, жұмыс істейміз! Қадиша, Тұмармен кіре берісте тұра тұр...

Балалар Батудың соңынан ілбіді. Қадиша ықылассыз қабырғадан алыстады. Қызғылтым сұлба баяу сөне берді...
Балалар тағы жарты сағаттай жанын салып тас тасыды, бірақ, еш олжаға кезікпеді. Нәтижесінде, кіре берісте оң жақ бұрышқа дейін ор қазылып қалды. Саша түрегелді де, тізесін қақты.

  • Ей, оның не? – деп ақырып қалды Бату.

  • Шындыққа тура қарау керек! Мына түрімізбен бүкіл үңгірді қазып шығармыз. Бұнда ешқандай да Тостаған жоқ! – деп мәлімдеді Саша.

  • Байқаймын, шал бізді тағы алдап соққан сияқты! – деп қостады оны Дана. – Мүмкін, шал ғана емес шығар қулығын асырған... Ей, Қайрат!

Бәрі жалт етіп, еш құлшыныссыз бір үйіндідегі кішірек тастарды екіншісіне тастап отырған сырықтай содырға қарай қалысты.

  • Немене? – деп еріне дыбыс берді ол.

  • Сен... Сен басынан-ақ сырғақсып жүрдің! Біз тас тасығанда, сен бұрышта бұғып отырдың ғой, иә?! – деп Дана қара бұрымдарын долдана сілкіп қалып, Қайратқа дүрсе қоя берді.– Бұнда дәнеңе жоқ екенін білдің ғой, иә? Жауап бер!

Қайрат зеріккен жанармен олардың бастарынан асыра қарап, өзіне қадалған кәрлі көздерді байқамағандай сыңай танытты. Үңгір ішін еңсені езген үнсіздік жайлады. Тұмарды көтерген Қадиша балаларға жақындады.

  • Балалар... – деп бастай берген еді ол.

  • Домбыра қайда? – деп бөліп жіберді оны Бату тырысып.

  • Анда тұр, - деп иегін көтерді Қадиша. – Тыңдашы, Бату! Маған бір ой келді, неліктен сендер мына жағынан іздеп жатырсыңдар?

Бату оған бұрылды:

  • Шал оң жақ кіре берісте деп, анық айтты ғой!

  • Ал, егер ол үңгірге кіріп келе жатқандағы оң жақты меңзеген болса ше?

Мылқау тыныштық орнады. Бірінші болып Саша есін жиды:

  • Рас-ау! Сонда біз басқа жерден іздеген болып шықтық па?!

  • Жоқ, бұның бәрі бос сөз, - деп берілмеді Бату. – Ал, егер шал Тостағанды үңгірдің сыртқы кіре берісіндегі оң жаққа тықса ше?

  • Немесе түпкі үңгірге кіре берістегі оң жақта? – деп қосты Дана.

  • Немесе түпкі үңгірдің ішінде? – деп Қайрат та ойын білдірді.

Бәрі қайтадан үндемей қалды. Ақыры, Бату қолын бір сілтеді де, сыртқа беттеді. Балалар соңынан шұбырды.
Көктемнің шуақты күні жылуын төге бастапты. Тас-тастың арасында өзен жағасының көгі тебіндеп келеді. Үңгірдің қос қапталындағы кеңістік ескі, ендігі үгілсе бастаған жартастардың қыспағында. Тек өзеншіктің төменгі ағысында жартастар шегініп, өзен аңғары кеңейе түседі.
Бату кенет күндізгі жарықта осы табиғат көрінісін тұңғыш көріп отырғандай болды. Жезтырнақтан қашу, Жезтырнақ пен Аспараның айқасы, ұшқыр пырақ - бірі де болмағандай, көзбен көрсе де, көңілі сенбейтін ертегідей алыс әлдене сияқты.
Ол кіре берістегі үлкен жалпақ тасқа отыра кетті. Балалар жанына жайғасты. Қайрат оқшаулау барып, жүресінен отырды.

  • Жағдай былай. Іс жүзінде бізде сегіз нұсқа, сегіз ықтимал Х нүктесі бар, - деп Саша үнсіздікті бұзды. - Әрі қарай іздейміз бе? Әлде үйге барып, күрек алып келеміз бе?

  • Бір Х нүктесін алып тастауға болады, - деп әңгімені енжар қостады Бату. Ол қайтқысы келмеді. Тамаша серпінмен басталған іс аяқ астынан сағызша созылып кеткені былай тұрсын, басы артық қимыл-қозғалысқа ұласып кетті ғой. Ал, дене шынықтыруды Батудың суқаны сүймейді. Не істесе екен?

  • Шалдың келуіне дейін бір тәулік бар, - деді Дана. - Әлі уақыт жетеді!

  • Қайдам, Дана, бір сағаттан соң Тұмарды емізу керек. Бізді де аздан соң әке-шешеміз іздей бастайды, - деп еске салды Қадиша, кенгуруде ұйықтап жатқан балақайды кеудесіне басып. – Үйге қайтуға тура келетін сияқты ғой...

  • Шеттеріңнен ақылды екенсіңдер! – деп ыза болды Бату. – Қайрат, ал, сен неге үндемейсің, а? Сенің қандай ұсыныстарың бар?

Ерігіп, суға тас лақтырып отырған Қайрат, кенет зілдене жауап берді:

  • Батон, немене маған шүйліге қалдың? Әуелі маған сенбедіңдер, құйыршық деп қыжырттыңдар!Енді кеп бар бәлені маған жаппақсың ба? Қай жерді қазуды өздерің білмесеңдер, соған да мен кінәлі ме екем?!

Батудың қабағы түйіліп, орнынан тұрды. Қайрат та бойы сорайып тұра келді. Бату Қайратқа қарай бір аттады да, кәрлене айғай салды:

  • Сенің кесіріңнен біз мына жерге тап болдық! Есек! Әлде сатқынсың ба?!

  • Байқа, Батон... Өзің тіленіп тұрсың!! – деп сұстанды Қайрат, Батудың үстінен құдия қарап. Балғадай жұдырықтары түйіле қалды.

Саша ұстасқандардың арасына қыстырылды:

  • Брейк! Кейін төбелесесіңдер! Алдымен не істеу керектігін шешу керек!

Қадиша жеңіл күрсініп, иығындағы кенгурудің бауларын сыпырды да, баланы Данаға берді:

  • Шынында да, ұлдар, жаға жыртысудың қажеті жоқ. Одан да, келіңдер, Тостағанды бүгін, көз барда табуға тырысып көрейік. Әркім көңілі қалаған жерді қазсын. Дана, сен әзірше Тұмарды баға тұр...

Достар үңгірге қайта кіріп, бұрыш-бұрышқа тарап кетті. Жалғыздан-жалғыз тоң-торыс тас аударыстырған ауыр әрі іш пыстырады екен. Әмбе бас кездегідей қызу құлшыныс та жоқ. Дана бүкшиген жауырындарға қараудан жалығып, қатты дауыстай:

  • Тұмарды сейілдетіп келейін, - деді.

Ол үңгірден шықты. Анадай жерде, тас үйіндінің жанында Қайрат отыр екен. Дананы көрісімен, ол есінеуін қойып, қолын ең жақын тас шөгіндіге еріншектей созды. Дана мына кещеге бәрін айтып тастағысы келіп, нық басып соған қарай аттай берген еді. Бірақ, тап осы сәтте ең жақын жартастың тасасынан, Қайраттың ту сыртында, қолдары тізесіне дейін салақтаған, қоңырқай-сұр шоқпыт киген сұмдық қорқынышты тіршілік иесі шыға келгенін байқап қалды.
Дана сілекейін қалтырай жұтып, Қайратқа белгі бермек болып, аузын аша берген еді, бірақ, тілі орамға келмеді. Жан дәрмен кері аттады...Тағы бір адым. Осылай шегіншектеген ол, үңгірге қайтып келді.
Бату жанына жетіп келген Данаға көзін көтерді. Қыздың әншейіндегі қара торы өңі оңған шүберектей қуарып, қорыққаннан көзі аларып кетіпті.

  • Бату, анда, анда... Жезтырнақ! – деп, қырылдай сыбыр етті ол, баланы кеудесіне қыса түсіп.

Үңгірдің құлаққа ұрған танадай тыныштығында бұл сөздер оқыс қатты естілді. Саша мен Қадиша біреу шағып алғандай, атып-атып тұрды.

  • Кетеміз, жылдам. Домбыра қайда? - деді Бату салған жерден.

Қадиша түпкі үңгірге тұра жүгіріп, домбыраны бас салды. Балалар асығып-аптығып, бір аяқтарын үңгір аузының аралығына қойып, қырындай тізіліп тұра-тұра қалысты. Қадиша төменгі жетім пернені басып, оң қолын көтере берді де... Кенет сұрай қалды:

  • Ал, Қайрат қайда?

  • Ол... Ол анда... – деді Дана сасқалақтап. – Ой, ақымақ басым! Ол сонда, Жезтырнақпен қалды ғой!

  • Не істейміз? – Қадиша Батуға жалт қарады.

  • Бату, Бату! Оны қалдыруға болмайды! – деп шыр-пыр болды Саша да, досын жеңінен тартқылап. – Анау қылғыта салады ғой оны!

  • Ешкімді де қалдырмаймыз! – деді Бату нық сөйлеп. – Қыздар, Тұмарды алып, тез үйге жөнеліңдер, естідіңдер ме? Ал, біз...

Осы кезде сырттан сойқан Қайраттың жалынышты өксігі жетті құлаққа:

  • А-а-а!!! Мама-а-а!!!

Қысылтаяңға қарамастан, Саша жұдырығымен аузын басып, сұңқ етіп күліп жіберді. Бату қабағын шытып, басын шайқады:

  • Саша, қой енді. Кеттік!

Дабырламауға тырысып, Бату мен Саша үңгірден сығалады. Қараса: Қайрат жартастың жоғарғы кертешіне жармасып (оған қалайша жетіп алған?!), аяқтарын бауырына тартуға тырысып, тырбаң-тырбаң етеді. Және өзі кез-келген сәтте гүрс етіп төменге құлай жаздап, ыңғайсыз салбырап тұр. Ал, төменде оның аяқтарынан шап беріп ұстап алуға әлектеніп, үрейді ала үнсіз секеңдеп, Жезтырнақ жүр. Міне, көстиген тырнағы әуеде жасындай жарқ етті... Бір аяқтан ұшып түскен кроссовканы құбыжық әп-сәтте жәукемдей салды.

  • Көмекте-есіңдер! – деп қыңсылдады үрейден түсі құп-қу Қайрат. – Құтқа-а-арыңдар!

  • Не істейміз! – деп шошына сыбыр етті Саша.

  • Білмеймін... – деп ернін ғана жыбыр еткізіп жауап берді Бату.

Осы кезде арт жақтан:

  • Бату! Саша! – деген Қадишаның үзік-үзік даусы естілді. – Есіме түсті!.. Былай етсек...

Бату дауыс шыққан жаққа қарата ысылдай сөйледі:

  • Тыныш! Бұнда неғып жүрсің?!

  • Тоқта, тыңдашы: әкем, бұндайда от жағу керек, дейтін! Жын-жыпыр оттан қорқады!

  • Айттым емес пе – үйге жөнеліңдер! – деді Батуашуы қайтпай.

  • Домбыраны біз алып кетсек, қалай оралатыныңды ойладың ба сен? – деп шап ете қалды Қадиша. – Сөзді қойып, одан да тездетіп іске кірісейік!

  • Дұрыс айтады, Бату, - деді Саша. – Біз тек бірге қайта аламыз!

  • Жарайды, от жағамыз, - деп келісті Бату. – Бірақ, әлдеқалай бола қалса – Тұмарды әкетіңдер. Ең бастысы - сол!

Үңгірде шашылып жатқан қу шырпыны балалар лезде-ақ кіре беріске үйіп тастады.

  • Ал, енді не? – деп сыбырлай сұрады Қадиша. Бәрі үндемей қалды. Дана үңгір түкпіріндеТұмарды тербетіп тұрған. Оның қолындағы бөбек ендігі қарны ашып, тоңып та қалған болар, бірақ, ол сонда да, қас батырша, осы уақыт ішінде бір қыңқ етіп дыбыс шығарған емес.

  • Не, не... Шырпыны тұтату керек, - деп тырыса жауап берді Бату.

  • Қалайша? – деп сұрады Саша.

Балалар сасқалақтап, бір-біріне қарады.
Дана жүйкелене мырс етті:

  • Өй, өңшең неандерталдықтар... Не енді, таяқ үйкелеп, тұтатасыңдар ме?

  • Білесің бе, Дана... – деп ызбармен бастай берген еді Бату оған бұрылып, бірақ, Саша жеңінен тартып қалды:

  • Кейін, кейін... Тезірек от тұтатудың қамын ойластыруымыз керек!

Сыртта тағы да Қайраттың жан даусы шықты.
Кенеттен жүзі жадырап сала берген Бату, джинсы шалбарының қалтасына қолын тығып жіберіп, қызғылт түсті қытай оттығын алып шықты.

  • Бұл қайдан жүр сенде? – деп күдіктене сұрады Дана. – Сен не, шылым шеге бастағанбысың?!

  • Жоға, - неге екенін, Бату қызарып кетті. – Жай... баспалдақта жатыр екен... Ала салдым, әйтеуір. Не үшін екенін білмеймін...

Шынтуайтында, ол осы оқиғалар басталардан бірер күн бұрын гараждың артында үлкендерше темекі тартып көргені бар. Азық-түлік дүңгіршегінен осы арзан оттықты сол үшін де сатып алған, ал, шылымды әкесінің қорапшасынан қымқырған. Жарым-жартылай ғана тартылған темекіден көпке шейін жүрегі лоблып жүрді, аузынан кермек дәм кетпей қойды. Оттықтың өзіндей қызғылт тұман басын айналдырып, елтітіп, сейілмей тұрып алды. Осының бәрінен бойы түршіккені сонша, Бату сол ағаттығы жайлы, тіпті, досы Сашаға тіс жарып айтқан жоқ.

  • Бәрібір емес пе, әкел бері оны! – деп сыбыр етті Сашақызынып.

Ұзамай-ақ, үңгір ішінде от маздай жөнелді. Бату мен Саша құрғақ бұтақтардан бір-бір шырақ жасап алды.

  • Алдымен білдіртпей жанына барамыз... Әне, секең-секең етіп, бізге қарайтын емес... – деп жоспарлады Саша елеурей.

  • ... Ал, сосын оны шырақтармен түрткілеп үркітіп, Қайратты түсіреміз де... – деп іліп әкетті Бату.

  • Бірақ, нендей жағдай болса да, үңгірмен екі ортада қалуымыз керек! – деп бөліп жіберді Саша. – Ал, кеттік!

Екі ұл шыға беріске жылжыды.
Жезтырнақ әлі де әбден титықтаған Қайратқа қолын жеткізе алмай секектеп жүр екен. Қайрат құтқарушыларын байқап, тына қалды.
Бату айғай салды:

  • Ей, жалмауыз! – шіренді де, шырағын жалмауызға лақтырып қалды.

Ендігі мезетте оның істегенін Саша қайталады.
Бекер! Бірінен жалт беріп, екіншісін тырнағы сояудай қолымен шетке қағып жіберіп, Жезтырнақ ашына ұлып, ұлдарға тап берді.
Алдымен Батуды шап берді де, шопақ құрлы көрмей, қақпақылдай қағып, бар пәрменімен жартасқа атып ұрды. Оңдағанда, Бату әуеде бойын билеп, қол-аяғын жинақтап үлгерді де, тасқа қырымен кеп соғылды. Әйтсе де, осының өзі тұралатып кетті оны: жалпасынан түсіп, арқасы зырқ еткен Бату, дем ала алмай қалды. Саша айғаймен мақұлыққа тұра ұмтылды, бірақ, көзді-ашып жұмғанша, о да шетке ұшып кетті де, сұлық түсіп жатып қалды: Жезтырнақ тырнағымен оның ішін осып жіберген еді. Құбыжық қорғансыз кемсеңдеген Қайратқа қайта бұрылды.
Айқасты үңгірден бақылап тұрған қыздар шошып, айғайлап жіберді. Оянып кеткен Тұмар жылап қоя берді...
Кенет Жезтырнақ басын бұрды да, меңіреу кісіше сол жылаған дауысқа қарай жүрді.

  • Қашыңдар!! – деп айғайлап үлгерді Бату.

Бірақ, ауыз жиғанша болған жоқ, Жезтырнақ үңгірге кірді.
Сол жақтан Дананың қышқырғаны мен Қадишаның құты қаша өксіп:

  • Домбыра қайда?- дегені құлаққа жетті.

Бату тұра алмай-ақ қойды. Аузында ащы дәм білініп, көз алды қарауыта берді. Саша әрменіректе аянышты ыңырсиды. Осы кезде Қайрат қолын жібере салып, жерге секіріп түсті де, Сашаның әлі бықсып жатқан шырағын ала салып, бақырып, Жезтырнаққа ұмтылды:

  • Ей, сұрқия!! Қайт кейін! Ұстап ал мені!

Бату денесінің ауырғанын елемей, орнынан көтерілді де, оның соңынан сүйретілді.
Жезтырнақ зәрелері ұшқан қыздар тығылып тұрған тас мүсіндердің тұсына келіп, жиіркенішті қолдарын жыламсыраған Тұмарға соза берді.

  • Жоқ! – деп айғайлап жіберді Бату. – Тиме оған!!!

Бірақ, жалмауыз оған назар аудармастан, сіресіп қалған Қадишаның қолынан балдырғанды алды.
Дана «аһ!» деді де, оған тас атпақ болып, оқтала берді...

  • Жоқ! – деп қалды кенет Қадиша. – Дана, қара!

Жезтырнақ қолындағы Тұмардан көз айырмаған күйі, баяу жарыққа бұрылды. Сол сәтте есі шыққан Бату оның әлем-тапырық кескінінен қаһар емес, қайта... әлдебір абдыраушылықты аңғарғандай болды. Құбыжық қызды аялай кеудесіне басты. Кенет оның кезерген түріңкі еріндеріне адам баласына тән сондай жылы, әнтек жымиыс үйірілді...
Дана тасты аяғына түсіріп алып, ауырсына ысылдады.
Жезтырнақ пыс-пыс еткен Тұмарды кеудесіне баса түсіп, алауға қарай жүрді. Әр аттаған сайын түрі өзгеріп, ажары ашыла берді. Алаудың жанына тізе бүгіп, омырауын ашып, Тұмарды емізе бастаған сәтте оның жүзінен зұлым құбыжық бетпердесі біржола сылынып қалды. Енді таңданыстан сілейген балалардың алдында әбден қажып, жадап-жүдеген, күн қақтап, көнтері болған кәдімгі жасамыс әйел отырды. Ол, бейне, бір өзіне ғана естілген әлденеге құлақ түргендей, басын иығына салып, Тұмар жатқан жаққа қарай қисайтты. Ал, Тұмар көзін жұмып, емшекті солп-солп сорады. Тегі, ол үшін бар дүниеде бұдан басқа ештеңе жоқтай. Бітімдей қолымен өрім-өрім шоқпыт астынан жалаңаштана көрінген тас емшекті ұстап қояды.
Жезтырнақтың көзінен жасы тоқтаусыз сорғалайды.

  • Мәссаған безгелдек... – деп қырылдай міңгір етті Қайрат.

Қолындағы шырағы талмаусырай жалп етіп сөнді де, ауаға ащы иіс тарады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет