Зира Наурызбаева, Лиля Калаус Алтын тостағанды іздеу Бату мен оның достарының бастан кешкендері



бет15/16
Дата03.02.2023
өлшемі304,73 Kb.
#167306
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
Байланысты:
Бату Казакша

ТОЙБОДЫМ ӨЗЕНІ ҮСТІНДЕГІ КӨПІР

Бату не күйге ұшырады?


Ғажайып киіз үй.
Арғы атамен кездесу.
Мәңгі өзен суы.
Ерліктің қайығы.
Қанішердің ғұмырлық шежіресі.
Әділ сот.

Бату жападан-жалғыз оянды. Ашық далада шөп үстінде жатыр екен. Көкжиектен көтерілген күн шұғылалы нұрына бөлеп, бетін қоңыржай леп өбеді. Бір қызығы, еш жері ауырмайды. «Мен қайдамын? Басқалар қайда?» - басында сан алуан ойлар сапырылысады.


Бату түрегеліп, айналаны шолды. Көз ұшындағы Аспара әңгімелеген Бәйтеректі - сол бір ұшы айыр қуатты дарақты көрді. Тіпті, басындағы Самұрықтың ұясын да назары шалып қалды.

  • Сонда не, мені өткен шаққа лақтырып тастады ма? Әлде... болашаққа ма? – деп сұрады Бату өз-өзінен. Сосын иығын қушитып, тағы да жан-жағына барлай қарады.– Ал, анау сол жақтағы не қылған аппақ киіз үй?

Киіз үйге дейінгі жол недәуір уақыт алды. Тұла бойы дел-сал болып, ақыры мүлде демі құрыған Бату жып-жылы жерге отырып, анда-санда дамылдауға мәжбүр болды.
Ақыры ол ақ шаңқан киіз үйге жақындады. Маңайында тырс еткен тірі пенде жоқ. Бату есікті имене ашты да, табалдырықта состиып тұрып қалды...
Киіз үй ішінде адамдар – біреулері заманға сай, енді біреулері ескіше киінген ерлер, әйелдер, балалар мен қарттар толып отыр екен. Ерлер үй иесі - ақ сақалды иман жүзді қарияның оң қолын ала, әйелдер сол қолын ала отыр. Дастарқанға қойылған тәтті-дәмді тағамдардан ішіп-жеп, шүйіркелесіп, әзілдесіп қояды.
Ғажап, бұлардың бәрі мында қалайша сыйып кеткен, деп ойлады Бату. Сосын қолына домбыра ұстап, төрде отырған қырықтардағы ер адамның түріне бажайлай қарады. Оның дидары, қала берді, домбырасына шейін таныс болып көрінді...
Осы кезде киіз үй иесінің қолындағы сәби көзіне шоқтай басылды. Бәлі, бұл... Тұмар ғой! Әне, кенгуру-дорбасы еденде жатыр... Таныс киімі... Қарақат көзі... Қарындасы тіссіз аузын көрсетіп, сықылықтай күледі...
Бату жалма-жан табалдырықтан аттады.
Сол-ақ екен, құлаққа естілмейтін бұйрыққа бағынғандай, отырғандар бір кісідей әңгімесін шорт үзіп, кілт тына қалды да, бұған бұрылды. Тұмар қолдарын ағасына созды.
Ақ сақалды қария қабағын шытып, қасаң дауыспен:

  • Тап қазір кет! Естимісің?! – деді.

Бату абыржи жаутаңдап, жан-жағына қарады: ер адамдар таңдайларын қаға, құптамай сыбырласып кетті, әйелдер сырғалары сылдырлап, қапалана бастарын шайқасты.

  • Өз дүниеңе қайт, бала! – деп, қатқыл дауыспен талап етуден танбады қарт. Қолындағы Тұмар жыларман болып, үрпие қалды.

Бату қатал қартқа өзінің сұмдық шаршағанын, қарны ашқанын айтқысы келеді. Дастарқан шетіне аз-кем тізе бүгіп... бір жұтым шай ішуге сұранғысы келеді... Бірақ, бір тылсым күш оны ырқынан тыс есік сыртына алып шығады.
Енді қайда бармақ? Бала дәрменсіздік пен налыстан сел боп аққан көз жасын сүртеді. Кенет әлдекімнің иығына қолын салғанын сезеді.
Ол басын көтерді: жанында әлгінде көрген қырық жасар ағай тұр, екінші қолында сол баяғы домбырасы.

  • Айналайын... Бату... Бізге өкпелей көрме...

  • Сіз менің есімімді білемісіз? – деп кемсең етті Бату. – Қайдан?

  • Оны саған өзім қойғам. Мен – сенің арғы атаңмын.

Сонда барып Бату бұл таныс бейнені қайдан көргенін анық ұқты. Үнемі әжесінің төсегінің басындағы тумбаның үстінде тұратын фотосуреттен. Уақыт оза келе оңып кеткен сол жалғыз суретте із-түзсіз жоғалып, бақилық болған арғы атасы жаннан безген, бірақ, мойымаған жанармен алға қарап тұр... Атылар алдында чекистер түсірген арғы атасының сол суретін Батудың әкесі өзі туардан әлденеше жыл бұрын әлдебір мұрағаттан тауып, сатып алған екен...
Батудың жаны мұрнының ұшына келіп, жон арқасы мұздап қоя берді, саусақтары суланып шыға келді. Тілі таңдайына жабысып қалғандай.

  • Мен... мен өліп қалдым ба?.. – деді Бату ерні ғана жыбыр етіп.

  • Жоқ, Бату, балам, жоқ! – деп саңқ етті арғы атасы. – Тек әл үстіндесің, өмір мен өлімнің шегінде, өмір үшін арпалысып жатырсың. Және міндетті түрде жеңесің!

Солай деп, қарулы қолымен Батудың иығынан қысып қойды.

  • Мына киіз үйде отырғандардың бәрі – сенің ата-бабаларың. Бәріміз де сені жақсы көреміз. Өйткені, сен – біздің жалғасымызсың, үкілеген үмітімізсің, желкілдеген жаңа өмірімізсің. Бірақ, сенің ақтық сағатың әлі туған жоқ, бұнда қалуыңа болмайды, біздің тамағымыздан татуыңа болмайды. Түсінесің бе? Сол себепті де, ақсақал – рубасы сені қуып жіберді. Сен адамзат дүниесінде өмір сүріп, жердегі жолыңды аяғына дейін жүріп өтіп, тегімізді жалғастыруға тиіссің.

  • Бірақ... Тұмар ше? – жаман ойдан Батудың жаны түршікті: қарындасы өліп қалған болса, қайтпек?!

  • Қарындасың үшін қорықпа, ол аман, - деп жұбатты оны арғы атасы, аппақ тістерін көрсете күлімсіреп. – Жаңа туған нәрестенің жаны адамзат дүниесінен гөрі, бізге жақынырақ. Ұзамай Тұмар қырқына толып, шілдеханасы болады, содан кейін ол біржола сендерге өтеді...

Жердегі дүниеде қансыраған Аспара басын көтеріңкіреді де, кесіртке құсап, жылмаң қағып, жерасты тесігіне қарай жорғалап бара жатқан шалды көрді. Күйші мен балалар әлі де Батудың есін жиғызып әлек – әзірше еш нәтиже жоқ. Олардың ешқайсысы аюдың сасық ұшасы балауыздай еріп, жерден көтеріліңкірей, қара қошқыл түтін будағына айналғанын байқамай қалды. Қара түйдек қопарыла құйғып кеп, тесік аузындағы Скоробогат шалды шырмап алды да, сонымен бірге суылдай бункер құрдымына жұтылып кете барды. Құлаған кәрі Скорпионның ұзақ айғайы баяу семіп, жер қойнына сіңіп кетті...
Сол сәтте арғы дүниеде адырна үзілгендей, шарт еткен дыбыс шықты. Батудың арғы атасы іркіліп, құлақ түрді.

  • Тыңда, Бату! Мені өлтірген адам біздің дүниемізге келді. Мені куәлік етуге сотқа шақырып жатыр. Баруға тиіспін... Менімен барғың келе ме?

Бату басын изеді. Сол-ақ екен, келесі мезетте мүлде басқа жерден бір-ақ шықты.
Арғы атасы екеуі жыбыршыған қорғасын толқыны қашыққа сілтеген кең арналы суы мол өзеннің жағасында тұрды.

  • Мынау, - арғы атасы өзенді нұсқады, - Тойбодым өзені. Тойбодым – алтайлық сөз, қазақша Тоймадым деп айтылады. Оның суы – адамдардың көз жасы. Бұлай аталған себебі, адамдар тіршілікке, оның қуаныш-қайғысына әсте тоймайды, ал, өзен жаңа көз жасын сіміре беруге әрқашанда әзір.

Бату екі жаға аралығында циркте әртістер үстімен жүретін арқан тәріздес, бір түрлі жарқырап тұратын сым тартылып қойғанын аңдады.
Соған көзі түскенін көрген арғы атасы сөзін жалғады:

  • Екі жағаны аттың қылынан тартылған көпір - Қылкөпір- жалғап тұр.

  • Бар-жоғы бір-ақ қылдан ба? – деп таңғалды Бату. – Оның үстімен кім жүріп өте алмақ? Ол мүмкін емес қой!

  • Айналаңа қарашы, - деді арғы атасы қолын жайқап.

Бату еріксіз жан-жағына қарады.
Арт жағы – аумақты атырап. Сол атырапты көркіне көз тоймайтын ғажайып ел ен жайлапты. Көк аспан қызғалдақ атып құлпырған жасыл жазира үстінде күмбездей мұнартады. Күн мейірленіп, гүлдерге, өсімдіктерге, орман-тоғайлар мен көгалдарға, шырқау төбеде тамылжыта сайраған құстарға, қырға қадау-қадау қонған үйлерге майда шуағын молынан төгеді. Көк мөлдір өзен-көлдер шар айнадай жалтырап, әлдеқайдан аттың кісінегені, адамдардың қамсыз күлкісі құлаққа жетеді. Осынау аумағы көз жеткісіз байтақ көріністің Батуға бір-ақ сәтте аян болып, баурап алғаны сонша, қарпымды көңіл жанарымен сол көркем де жарқын дүниені көкірегіне толайым құйып алғандай болды. Сол жан жадыратқан жарасымнан оның жүрегі атқақтап, аузына тығылды...
Жан-жақтан сұрқай өзенге жайбағыстап адамдар ағылды. Олар Бату мен оның арғы атасымен қатарласа тоқтап, қарсы бетке сарсыла көз тігеді. Бейне, бірдеңені күткендей. Бату дәл су жиегінде көңілді секектеген бірер торғайдың ортасында кетіп бара жатқан мысықты байқады. Мысық та өзеннің арғы бетінен көз алмайды. Бала еріксіз назарын солай қарай аудырды. Бірақ, қарсы жақты тұтастай қаптаған сұп-сұр, жабырқау, тұнжыр кеугімнен өзге ештеңесін айыра алмады.

  • Бұл - жаңа өлген адамды тірісінде таныған, енді сотта куәлік етпекке бара жатқан жандар: я қолдайды, я қарсы болады, - деді арғы атасы үзілді-кесілді. – Өзенге қара!

Бату айтқанын орындап, жанарын Тойбодымның сұр айдынына тікті.
Ағыспен арпалыса, өзен бойлап, қайық жүзіп келеді екен. Оның қарақұсында ағаш діңінен қиғандай қақшиып, түнеріңкі, ақ шулан сақалы белуарына түскен дудар сеңсең тонды шал тұр. Артында ұнжырғасы түскен бірнеше жастау еркек отыр.

  • Бұл Ерлік – өлілер елінің әміршісі, - деп сыбыр етті арғы атасы. – Қайығында өз қылмыстары үшін жазаға кесілгендер отыр. Қазір Сот басталады.

Арғы жағада Скоробогат шал пайда болды. Сұрғылт тұман көлбіп, аяғына оратылды. Сұмпайы шал бүрісе қалды, сосын тартыншақтай, ат қылынан тартылған көпірге қарай жүрді. Көпірге аяқ басқан мезетте ол кенеттен бес жасар секпіл бет бүлдіршінге айналды... Және Батудың суқаны сүймейтін жұқсыз сыныптасынан аумайды.
Ерліктің қайығы тура көпірдің астына кеп тоқтады.
Торғайлар дүр етіп, тобымен ұшқан бойда, жауыға шиқылдап, жіп-жіңішке көпірде теңселе басып бара жатқан ұлды шоқып, шабуылдай бастады.
Бату олардың шиқылынан адамның сөзін естіп тұрғанын таңырқай ұқты:

  • Ол бізді ермек үшін өлтіретін! Ол жем жеуге келген бізге сақпан ататын! Ол бізді жем салғыштың жанында өлтіретін! Дәмді қиқымдардың жанында өлтіретін! Қанішер!

Көпір аздап қайысты. Сұрқай толқын ақырын шылп етті.
Секпіл бет бала үрейлене артына қарады. Тағы аттады. Сол-ақ екен, арықша тоңмойын жеткіншекке айналды.
Мысық марғау көтеріліп, жотасын күжірейтті де, айбат шеге ысылдай жөнелді.
Бату тағы да оның айтқанын түсіне қойды.

  • Ол мені ұстап алды! Күліп тұрып, мойныма тұзақ салды. Мені ермек үшін асып өлтірді. Қанішер!

Көпір тағы қайыса түсті. Толқын шылп-шылп соқты. Жасөспірім аттап қалып, еңкек жауырында безеу бет бозбалаға айналды.
Жол киімін киінген бірнеше адам алдыға шықты. Ер адам, әйел, екі кішкене бала. Еркек Скоробогатты меңзеді:

  • Ол – жолы шаң, қолы қан қарақшы! Ол үлкен жолдың үстіндегі жолаушыларды тонаған! Ол мені ғана емес, бала-шағаммен қоса бір үйлі жанды аяусыз атып тастады! Қанішер!!!

Көпір тағы төмен түсті. Өзен суы едәуір ұлғайғандай болды.
Көпір үстіндегі бозбала тепе-теңдікті сақтау үшін, жанұшыра екі қолын ербеңдетіп, алға аттап қалды. Сөйтіп, бұрынғыдан ересек тартты.
Келесі куәгер Ерліктің қайығында отырған ер адам болып шықты.

  • Мен – оның інісімін. Осының тобында қарақшы болдым. Бірде неше күн бойы олжасыз қалдық. Қарнымыз ашып, ызаланып, жол торып отырдық...

Батудың көз алды көлегей тартып жүре берді. Арғы жағаның сұрқай түнегінде өткеннің көріністері елес болып қалқып шыға бастады.
... Ормандағы жол. Қас қарайған шақ. Жолмен үлкен қап арқалаған жұпыны киімді бозбала ілбіп келеді.
Тұтқиылдан төбе тасасынан қиқулап, ысқырып, қарақшылар тобы атып шығады. Олар бозбаланы шап беріп, шаңдақ жолға жыға салады да, қабын сілкілейді. Қап ішінен кітаптар ақтарылып түседі...

  • Қарғыс атқыр! – деп, ызадан жарыла жаздап айғай салған атаманның шегір көздері от шашады.

Бозбала жылайды:

  • Мен - жесір әйелдің жан дегенде жалғыз ұлымын... Оқуымды бітіріп, шешеме қайтып келе жатқан бетім. Менен басқа қамқоры жоқ еді. Өтінем, жіберіңіздерші мені. Аяңыздаршы!..

  • Бұнша ызалы болмағанымда, оңай өліммен өлер едің, - деп ысылдайды атаман, өзінің қара кекіліне жармасып. – Ал, енді қиналып өлуге дайындал!

Бозбала жалбарына кетеді:

  • Мен... Мен бір құпияны білем! Алтын қазына қайда көмілгенін білем. Егер көрсетсем, мені босатасыздар ма?

Скоробогат (бұл дәл соның өзі еді) аузын ырситады:

  • Көреміз. Айт, қайда бару керек, сорлы жетімек!

... Түн. Шырақтардың жарығымен қарақшылар қорғанды – сақ қорғанын - үңгіп қазып жатыр. Атаманның інісі қолы байлаулы бозбаланы күзетіп тұр. Жолды шырақтармен жарықтандырып, қарақшылар жер астындағы бөренелі дәлізбен өтеді. Жерлеу бөлмесіне енеді. Алтын киімді қаңқаны көреді.
Скоробогат миығынан күліп кеп, бас сүйектен алтынмен кестеленген бас киімді шешіп алады, сосын бар күшін салып, бас сүйекті етігімен мыжиды. Күтір еткен дыбыс шығады.
Соның белгісімен қарақшылар қаңқаның үстіндегі алтын заттарды сыпырып алады, бөлмені тінтеді, мол олжаны сөмкелерге, қаптарға, қалталарына, қойындарына тығады. Атаман сыбайластарына бір түрлі кектене қарап тұрады.
Қоржындары тоқ, көңілдері шат қарақшылар қорған төбесіне шыққанда, бозбала оларға қарап тіл қатады:

  • Ал, енді... Босатыңыздаршы мені! Өтінем!

Атаман оны бүйірге бір тебеді:

  • Армандапсың! Тағы қазыналы жерлерді білесің бе? Өзің айтасың ба әлде пышақпен қытықтайын ба?!

Бозбала күбіжіктеп, ыңырсып қоя береді. Бірақ, қабақ астынан сездірмей, күтпеген жерден атаманға зерлей, тіпті, зерттей көз тастап, қарап қалады.
... Қарақшылар отты айнала, теңкиіп-теңкиіп, ұйқыға кеткен. Әріректе қол-аяғы матаулы тұтқын бозбала жатыр. Атаман алау басында отыр. Отқа ұзақ қарап, бір кезде зілдене мырс етеді. Сосын түрегеліп, нық қимылмен пышағын суырады. Ұйықтап жатқандардың бірінің үстіне төнеді.
... Соңғы қарақшы – атаманның өз інісі. Скоробогат оған ойлана қарап тұрады. Пышақтан қан тамшылайды. Інісі оянып кетіп, үрейлене сыбырлай жөнеледі:

  • Ей... Оның не, бауырым?.. Сен... Бұл мен ғой!

Атаман кідіре берді. Сол кезде інісі қанішердің қолын шап беріп, ұстап алуға әрекет жасайды. Бірақ, пышақ кеудесіне кірш етіп сұғылады. Көздері шынылана қалды. Сөне берген жанарда от жалқыны ойнақ салады.
Байлаулы бозбала масаттана жымияды.
Атаман соған жақындайды:

  • Қалай, жолды есіңе түсірдің бе?

Бозбала тағы да атаманның аяушылығын туғызбақ болады:

  • Бұдан басқа ештеңе білмеймін! Анамды аяңызшы! Жіберіңізші мені!

Скоробогат құтырған кісіше қарқылдай жөнеледі. Арасында дауыстап:

  • Ей!.. Мен... Өз інімді аямадым... Анамды да аяған жоқпын... Ал, сен...- дейді күлкіге булығып.

Кенет сорлы жетімек қара тұман будағына айналып кетеді де, арқан арасынан сусып шығып, табанын баса, орасан үлкен хайуанша табанын басып тұра қалып, гүрілдей сөйлейді:

  • Сен өз жолдастарыңды саттың! Олар – қанішерлер, бірақ, саған сенетін еді! Енді сен менікісің, ей, адам! Мәңгі-бақи менің құлым боласың! Құлым!

Қайықтағы қарақшы үнсіз қалып, басын түсірді. Өткеннің елесі ғайып болды. Лай су үлкен Скорпионның аяғына тиіңкіреп қалыпты. Өзен толқып кетті. Қыл көпірде енді орта жасар арықша адам теңселе басады.
Тобыр ішінен келесі куәгерлер шықты. Келесілері және шықты.
Арғыатасы күрсініп, Батуға бұрылды:

  • Бұл тым ұзаққа созылады. Сенің оралатын кезің келді.

  • Оның жайы не болады?

  • Ешкім де оны қорғап, бір ауыз сөз айтпайтын сияқты ғой. Енді заман ақырға дейін қаталап, шөл кезіп жүреді. Мәңгілік Тойбодым өзенінен өз құрбандарының көз жасын ішеді.

  • Тозақ деген сол ма? - деп сұрады Бату тіксініп.

Арғы атасы жауап бермеді. Куәлардың қарасы көбейе берді.
Көпірде тұрған шалдың жан дауысы шықты, тізесі қалтырап, бүгіле берді. Ал, кәрлене арқыраған өзен қанішерді әне-міне тереңіне тартып әкетердей кіжініп, суы жіп-жіңішке қылдан асып келе жатты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет