Зира Наурызбаева, Лиля Калаус Алтын тостағанды іздеу Бату мен оның достарының бастан кешкендері



бет14/16
Дата03.02.2023
өлшемі304,73 Kb.
#167306
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
Байланысты:
Бату Казакша

КӨНЕ МАЗАР

Түнгі сейіл.


Тірі өліктер ме?
Жер-Ананың жағымсыз хабары.
Скорпион сыбыс береді.
Қадиша шешім қабылдайды.
Масқара төбелес.
Күйші өткеннен сыр шертеді.
Ақ бас ғұлама жайлы әңгіме. Татулық па?
Айқас жоспары.

Шағын қол сұр жартастарды сағалап, өзеншікті қуалай созылған тастақ сүрлеумен жылжып келеді. Балалар қалай қас қарайып қалғанын да байқамады. Аспанға толық ай дөңгеленіп шыға келді.


Бату әр аттаған сайын тұнжырай пысылдайды. Жанын қинап жаяу серуендеп дағдыланбаған басы жау-жарағын да ауырлайды. Ол әлгіндегі қасарысқанына өкініп келе жатты – түнгі тымық ауада үрейлі қыбыр-сыбыр, аң-құстың зарлы үні құлаққа талықсып шалынады. Тұс-тұстан әлдебіреулер сұғын қадап, адамдарға төне қарап тұрғандай. Аспараның тілін неге алмады екен? Таңды тосу керек еді. Ал, енді... Ішегі шұр ете қалды. Қорамсақтың бауы иығын қажап, семсер сәт сайын зіл тартып барады.

  • Аспара, қалай ойлайсың, әлі алыс па? – деп сұрады ол алқынып.

Патшазада жауап қатпай, тоқтай қалды да, басқаларға кідіруге белгі берді. Қырағы көзімен қия-құзды шолып, тың тыңдады.

  • Келіп қалыппыз. Былай қарай.

Сәлден соң-ақ қара көбеңде әлдебір аласа ғимараттың жартылай дөңгелек сұлбасы байқалды.

  • Киіз үй ме? – деп тұспалдады Саша.

  • Өзің киіз үйсің! – деп, зілдене мырс етті Бату. – Көртышқандай, мүлде соқыр болыпсың ғой! Бұл мазар емес пе!

  • Көне... – деді Дана даусын соза, жақынырақ барып, бірақ, топтан тым алшақтауға батпады. – Қызық, ішінде не бар екен?

  • Не болушы еді... Сүйектер-дағы, - деді Қайрат ақырын ғана. – Сағана - сол үшін де сағана.

  • Тіптен олай емес! – деп наразы қарсылық білдірді Қадиша. – Сен өзің, Қайрат, мұсылман зиратына, бір рет болса да, барған ба едің?

  • Керек еді! – деп дүңк еткен Қайрат, зират туралы бұдан арғы әңгіме қызықтырмайтынын көрсете, әрі қарап кетті.

  • Мазар, шынында да, - жерлеу орны, - деп ұғындыра сөзін жалғады Қадиша.– Бірақ, сен айтқандай, жай мола емес. Мазарлар әулиелердің, қаһармандардың, ақсүйектердің қабірлерінің үстіне тұрғызылған. Оларға тауап ете келгендер дұға оқып, түрлі жоралғылар атқарады. Тағы...

  • Ал, тағы, - деді Дана сөз аяғын тоспай, - маған әжем айтатын: егер жолаушы қоналқаға түзде қалып қойса, осындай мазарда түнеп шығуына болады...

  • Онда өлсем де, бармаспын, - деді шорт кесті Қайрат. – Өздерің-ақ сол әулиелеріңмен құшақтаса беріңдер!

  • Не, балуаным, шошып қалдың ба? – деп, бір түрлі зілдене күліп жіберді Бату. –Батылың жетпейді, ә?! Өлілерден қорқамысың? У-у-у! Қара, көрбақтар саған қарай шұбырып келеді!.. Қазір миыңды же-ейді!..

Қайраттың жауырыны күжірейіп, танауы делдие қалды. Бату әжуалауын қоймады, бірақ, көңіл түкпірінде мазарға кіруге өзі де қорқақтап тұрған. Айнала қара түнек, ол аздай – жалмауыздар ұшып, зұлым күш қаптағанбұл жерде, кім біледі, тірі өліктер де кезіп жүруі ғажап емес қой?..
Балалардың ешқайсысы Батудың қиямпұрыстығын қоштамады. Бәрі үркектей алақтап, жақ жүндері үрпиіп, үннен қалды.

  • Ақымақсың, Бату, - деді Дана. – Қорқынышты ғой...

Аспара ақырғы тоқтамын айтты:

  • Осында дамылдаймыз! Мазарға кірмеңдер! Және, өтінем – дыбыс шығармай қоя тұрсаңдар. Маған тыныштық керек!

Ол басындағы дулығасын шешті де, жата қалып, құлағын жерге төседі.

  • Аспара, сен не, ұйқыға жаттың ба? – деді Бату дегбірсізденіп. Ол Аспараның мазарға бармауға бұйырғанынан кәдімгідей жеңілдік сезінді.

  • Тыныш! Бірдеңе естідім...

Балалар тына қалды.

  • Баланың жылағаны... Тағы да... Дауыстар... Қара жер хабар берді.

  • Қара жер хабар берді деймісің? – деп таң болды Бату. – Ол қалай?

  • Сенің аталарың жерге құлақ қоя білген, - деп ақырын жауап қатты Аспара, көтеріле беріп. – Тұмар осы маңда. Ол...

Кенет сол жақтағы әлдебір тұстан қараңғылықты жарып, таныс мекер дауыс шықты:

  • Ей, кеңкелестер!

Тосыннан шыққан үннен баршасы шошып, ыршып түсті. Саша найзасын түсіріп алып, көр соқырша аяғының астын қармалай бастады. Ал, дауыс, жадыгөйлене қарқ етті де, жалғастырды:

  • Ей, сен, Батон! Қарындасыңды көргің келе ме? Әйтпесе, біз оны қорбаңбайға жегізе саламыз... Мезі етті әбден, ызыңдай береді, ызыңдай береді.

  • Скорпион! – деп тани кетті Бату. – Өзің кеңкелессің! Тұмарға тиюші болма!

Бату дауысқа қарай ұмтыла беріп, сүрініп кетті. Аспараның мығым қолы оны құлаудан сақтап қалды.

  • Қайдасың, Скорпион?! Шық, қане, сұмырай!

  • Несіне сонша шабынасың, Батон?! Боқмұрын шақалағыңның бізге түкке керегі жоқ. Одан да патшазада доссымағыңа айт, семсерін дайындай берсін. Таңертең оны бізге әкеп беретін болсын, сонда шақалақты қайтарамыз. Ал, әзірше... Қыздардың біреуі бізге түсіп, жұбатсын оны. Қысқасы, бағушы керек, ұқтың ба?

Қадиша алға шықты.

  • Қайда бару керек, айт!– деді ол.

  • Сол жақтарыңда – жартас. Жартастың түбінде тас тұр. Соған қарай жүр. Және артық қимылдаушы болма! – деп сеспен бітірді сөзін Скорпион.

Дана Қадишаны қолынан түртті:

  • Мен барайын... Тұмарды бағып, үйде қалғанымда ғой... – деді, осы уақыт бойы ұрланған балақайды да, үйдегі қамаулы бауырларын да ойлап, жанын жегідей жеген Дана жабырқау үн қатып. Ол осы өмірінде бірінші рет қызыққұмарлығы, әсіре әуесшілдігі өзін де, өзгелерді де әуре-сарсаңға салатынын түсінген еді.

Қадиша басын шайқады да, бекініп, қару ілінген белдікті шешті, домбыраны абайлап жерге салды.
Балалар жартас пен соның етегіндегі үлкен дөңгелек тастың сұлбасына үңілді.

  • Сірә, аналардың апанына кіретін тесігі болуы керек сол жерде, - деп топшылады Саша.

Бату семсерін ыңғайлап ұстап, кіжінді:

  • Тұра тұр, бәлем, оларды інінен суырып алармыз! Кеттік!

Аспара басын шайқады:

  • Болмайды, Бату. Тұмар солардың қолында. Бұлардың доңайбаты құр қоқаң емес. Қарындасыңды құрбандыққа қия аласың ба?

Қадиша бұл кезде нық басып, тасқа жақындап, оны айнала берді де... жер астына түсіп кеткендей, жоқ болып кетті!
Аспара ащы күрсінді де:

  • Жатып ұйықтаңдар. Мен таңда оралам, - деді.

  • Сен қайда барасың? – деді балалар бірдей дауыстап.

  • Оңаша бола тұруым керек. Ал, сендерге қиянат қыла қоймас, оларға керегі мен ғой...

Аспара қоюлана түскен іңір қараңғылығына дыбыссыз сүңгіп, шым батып кетті.

  • Мүмкін, алау жағармыз? – деп ұсынды Дана тоңази бүрісіп.

  • Немен? Ағашты қайдан көріп тұрсың? – деді Бату тырысып, үстіндегі жауынгер белдігін сыпырып жатып. – Түн болса - мынау, көзге түртсе, көргісіз. Арам қатамыз осы жерде...

  • Шырақ жасап алайық. Оған менің майкамды жаратуларыңа болады. Оттығың өзіңде емес пе, Бату? Сосын отын іздейміз, сосын... – деп естілікпен бастай берген еді Саша.

  • Сен сөйлемеші, көртышқан! – деді Бату оны ауыздан қағып. – Отын іздейміз... Иә саған. Отынды күндіз шаммен іздеп таба алмайтын сен түнде, көзілдіріксіз, тіптен, тауып қарық қылмассың! Қараптан-қарап көзілдірігіңді шағып алатындай, не көрінді саған?! Осы сенің қолыңнан бірдеңе келе ме өзі?

Саша өкпелеп, үндемей қалды.

  • Бату, бар ашуыңды Сашадан алма, - деді Дана қатал сөйлеп. – Ол, біле білсең, Жезтырнақпен алысты! Жай жүрген жоқ!

  • Енді қайтейін?! – Бату бүкіл әлемге ызалы еді. – Мен де, мүмкін, онымен алысқан шығармын. Асып бара жатқан несі бар?! Кәдімгі ерлердің ісі. Ал, мына сен, Дана, немене қыр соңымыздан қалмай қойдың, онымен қоймай, Тұмарды қоса әкелдің? Сенің есек қыңырлығың болмағанда, қарындасым қазір үйде, мамамның жанында болар еді! Ал, біз мына сұмырайлардың сазайын берер едік!

Онсыз да өзін айыпты сезінген Дана шамданып қалды:

  • Қолыңмен істегенді мойныңмен көтер! Сен кінәлісің, бәрін билеп-төстеп, бәрін өзің істегің кеп, суырылып қоймадың! Бәрімізді Алтын тостағанды іздеп, жорыққа шығуға азғырған кім? Ал, жеті түнде аюды қуа жөнелген кім?! Аспара саған адамша айтты емес пе – таңертең шығайық, деп. Ал, сен – алға да алға, деп, өңештеп қоймадың...

Біреу жанды жеріне тиіп кеткендей, Бату жұлынып шыға келді:

  • Осы сен үніңді өшірсең, қайтеді! Қорғағышын өзінің! Енді анау сатқын Қайратты қорғаштауың ғана қалды, сұр жылан!

Бұндай тойтарысты күтпеген Дана, үндей алмай, құр аузымен ауа қармай берді.
Қайрат қабағы түйіліп, тілге келместен, кенет Батуды кеудесінен қатты итеріп қалды.

  • Оның не-ей, мал! – деп айғайлап жіберді анау, құлауға шақ қалып.

  • Қане, доғарыңдар, жігіттер! – Саша ерегіскен екеуді айыруға тырысты, бірақ, қару-жараққа шырмалып, жерге жалпасынан түсті.

  • Соқыр теке! – деп Бату оған зірк етті де, Қайратты жағасынан алды.

  • Өзің ақымақсың! – деп айғай салды Саша, төбелеске араласып.

  • Сендер не, түсінбеймісіңдер?! Мыналар бізді әдейі қырқыстырып жатыр емес пе?! – деп, төбелесқойларды ақылға шақырды Дана.

  • Жыныма тиіп біттің, қияли! – солай деп, Бату ең жақын досын тура тұмсықтан періп жіберді.– Сен де, бұқа, қазір сыбағаңды жейсің! Бізді алдап әкелдің ғой?! – дәл тиген соққыдан Қайраттың көзінің оты шықты. – Алдыңдар ма жазаларыңды, бәрің де?!

Ашу буған Қайрат ақырып қалды да, өңмеңдеп кеп, бар салмағымен Батудың үстіне қона кетті...
Немқұрайды ай жарығында атауы беймәлім өзеннің саздауыт жағасында жол соғып шаршаған үш ұл батпақтай домалап, төбелесіп жатты. Былш-былш соққы, арсыл-гүрсіл, ырс-ырс... Дана жерге отыра кетті де, көз жасын бетіне айғыздай жағып, дәрменсіз назаланып жылап жіберді.
Кенет арт жақтан біреу келіп, иығынан түртті. Шошып, айғайлап жіберген ол, жалт қарады...
Дәл жанында Күйші тұр екен. Жұмбақ жымиған ол, саусағын ерніне жабыстырды. Сосын бұрылды да, ымдап соңынан еруге шақырып, ескі мазар жаққа беттеді.
Әп-сәтте көкірегін үміт пен күш-жігер кернеген Дана атып тұрды да, қарсыластарға жетіп барып – қолына іліккеніне қарай - бірін шашынан, енді бірін құлағынан аямай шап беріп, жан-жаққа сүйрелей бастады.

  • Ей! Мұның не?!

  • Дана, жібер!

  • Басың істей ме?!

  • Төбелескеннің қандай екенін білетін боласыңдар, - деді қыз екі иінінен дем алып. Сосын бұрымдарын сілкіп қалды да, сыбырлай сөзін аяқтады:

  • Еріңдер соңымнан, сарбазсымақтар! Жаңалық бар! Тек тыныш жүріңдер.

Дананың мазарға апара жатқанын сезген Қайрат:

  • Бармаймын! Басымды кесіп алсаңдар да! - деп кежірленді.

  • Қайрат, өтінем... – Дана қиылып, оның жүзіне үңілді.

Қайрат, бір қызығы, қымсына күрсінді, сосын тартыншақтап, мазарға қарай аяңдады.
Саша иығын қиқаң еткізді де, Қайратқа ілесті. Бату тәуелсіз түрмен қипақтап тұрды, әйткенмен, әлгілердің ізінен ерді. Шаршағандығы мен кінә сезімінен туған ашу-ыза сап болған. Тек көңілі түйткілденіп, кеудесінде достарына деген өкпе қыжылдайды. Әлде... Бұрынғы достарына ма?..
Мазар түкпірінде жер еденде қоздап жанған от жылтырайды. Оның жанында отырған Күйші кіргендердің әрқайсысына жылыұшырай жымияды. Босағада ерттеулі ат байланған, ердің алдыңғы қасында балдаққа қондырылған томағалы үлкен құс қимылсыз отыр.
Балалар жайбарақат пысқырып қойып, уыс шөпті күрсілдете соғып тұрған атқа тосырқай қарап, есік аузында ұйлығып тұрып қалды.
Ақыры, Бату Күйшіден:

  • Сіз... Сіз бұнда қалай келіп жүрсіз?- деп сұрады.

  • Жер-ананың хабарына құлағы түрік жалғыз Аспара емес. Сендер де, байқаймын, тың тыңдап баққан сияқтысыңдар. Әне, әбден былғаныпсыңдар.

Күйші зілсіз мырс етті, сосын отқа шыбық тастап қойды.

  • Кішкентай балалар құсап, төбелескендерің не? Жауларға да сендердің араздасып тынғандарың керек... Солай етуге бола ма екен?

Ұлдардың мойны салбырап кетті. Дананың көз жанары ұшқындады:

  • Мен де бұл есуастарға соны айтып, зар иледім! Еһ!

  • Сенікі жөн, қызым, - деді Күйші қолын жайып. – Қыз бала сұңғыла келеді. Ал, сендер, батырлар, барыңдар да, өзенге жуынып, отқа кептірініп келіңдер, кір-қожалақ түрлеріңе қараңдаршы. – Сосын салмақтана сөйледі: - Тәндерің мен жандарыңның кірінен арылыңдар. Бір-біріңді кешіріңдер. Ертең селбесіп ұрысқа бірге кіресіңдер ғой.

Батудың басы кегжең етті:

  • Қайдағы ұрыс? Аспара керек оларға, біз емес. Ол әлгілерге пышағын береді, біз Тұмарды аламыз да – үйге тартамыз!

Күйші күрсінді:

  • Шынтуайына келсек, жауларға не Аспара, не оның семсері, не сендер керек емессіңдер. Олардың өмір сүруіне сендердің достықтарың, тонның ішкі бауындай татулықтарың, күннен-күнге күшейе түскен сенімдерің - өз-өздеріңе, бір-біріңе деген сенімдерің - кедергі келтіреді. Олар сендердің енді ешқашан бір-біріңнің көздеріңе қарай алмай қалғандарыңды, бір-біріңе опасыздық жасап, өмір бойы қиналып өткендеріңді қалайды. Бірақ, біз өз дегенімізді істейміз... Неліктен осында, мына мазарға келгенімізді білесіңдер ме?

  • Тегі... түнемелге шығар? – деп сенімсіздеу жорамалдаған Саша, жоқ көзілдірігін жөндемек болды. – Түнге қарай далада қалып қойған жолаушылар осында түнеп шыға алады, дейдіДана...

  • Әрі солай, әрі олай емес, - деді Күйші. – Әрине, осында жайғасқанымыз ыңғайлы болады. Оның үстіне, қарындарың да ашқан болар, ал, мен тіске басар ала келдім. Бірақ, басты себеп - бұл киелі мазарды ата-бабалардың рухтары қорғайды, бұл жерде жаулардың ырқы жүрмейді. Жә, болды, балалар, барыңдар. Бір-біріңе жуынуға көмектесіп, қалдырып кеткен қару-жарақ пен домбыраны осында алып келіңдер.

Едәуірден соң, зорға дегенде үстерінің кірін кетіріп, жуылған киімдерін жайып келген ұлдар, отқа үймелесіп, бутербродттарын қарбыта жеуге кірісті. Дана пластик стақандарға термостағы сүт қатқан шайдан құйып беріп отырды.
Күйші әкелінген қаруды зерлеп қарап шықты. Сосын домбыраны қолына алып, ішектерін күмбір еткізіп, ақырын қағып қалды да, таңырқай құлақ түрді...

  • Мүмкін емес!

Күйші еңкейіп, оттан бықсыған шаланы алып шықты да, қақпағындағы ойығына апарды.

  • Шынымен-ақ... Бату, бұл әлгі арғы атаңнан қалған домбыра ма?

  • Иә, - деп жауап берді Бату, шайнаңдауын қоймай. – Жай ма?

Күйші ішектерді аялай сипап, ілтипатпен сөйледі:

  • Мына жерде осы домбыраны жасаған шебердің таңбасы тұр. Мен оны танимын, жеке өзім аныс болғам жоқ, әрине. Әңгімелерден білем. Дәлірек айтқанда, аңыздардан... Қаласаңдар, айтып берейін?

Балалар бастарын шұлғысып, түгеспеген бутербродтарын қоя салды да, бағанағы алауыздықтарын бір сәтке естен шығарып, Күйшіні қаумалап ортаға алды.

  • Бұл ертеректе, менің әкемнің бала кезінде болған оқиға екен. Ауылымызда ол кезде орыстар жоққа тән болған. Ал, бұл кісіні қара машинамен қара адамдар алып келіпті.

  • Қара адамдар? – деп, қайыра сұрады Саша, - сіздің айтпағыңыз...

  • Олар өздерін «чекистер» деп атайтын. Түн жамылып, ел ішінде "құзғын" делінетін қара машиналарына мініп алып, қара ниеттерін іске асыратын... Сендердің арғы әжелерің мен арғы аталарың үнемі үрей құрсауында пұшайман күй кешкен. Қара адамдар қалаған адамдарын ұстап алатын, ұсталғандарды өздерінің жертөлелерінде азаптай алатын, бейкүнә жанды жазықсыздан-жазықсыз жазалап я түрмеге не лагерьге жөнелте салатын. Кім болса, соған жала жауып және, ең сорақысы – сол адамды азаптап, ақыры өзін, барлық дос-жаран, туыстарын сатқын, отан мен халық жауы дегізіп, күшпен мойындатып, жапа шектіретін... Сондай көптеген бейбақтарды Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен осында, біздің даламызға, шахталарымыз бен кеніштерімізге, ауылдарымызға айдайтын болған... Осылайша, қазақ жері немістердің де, орыстардың да, еврейлердің де, украиндықтардың да, татарлардың да, шешендердің де, басқа да көптеген халықтардың екінші отанына айналды. Екінші отаны, екінші анасы болды, бірақ, өгейлік танытпады!

Осы кезде Күйшінің бармағынан жағаға соққан толқындай шымырлаған баяу бір әуен төгілді. Алау жарығы оның мұңлы жүзінде ойнақ салып, жанары ұйып тыңдап қалған тыңдаушыларының бастарынан асыра әлдеқайда қадалады.

  • Атам бірде ауылдарына сондай "құзғын" келгенін әңгімелеген. Чекистер оның ішінен сақал-шашы аппақ қудай, әбден арып-ашыған орта жастағы адамды итеріп шығарыпты. Ол адам ауылда ұзақ жылдар тұрақтап қалыпты. Ауылдағылар оны құрметпен «ғұлама» атандырып жіберіпті. Көп тіл білетін ол, қазақ тілін де тез меңгеріп алыпты. Көнекөз қариялардан сұрастыра жүріп, көп мағлұмат жинапты, естіген-білгенін дәптеріне түсіре беріпті. Ішінде әкем де бар, ұл балаларды ертіп, төңіректі кезгенді ұнататын болыпты. Көне мазарға қатты қызығушылық танытыпты. Ол жайында бұрын саяхатшылардың жазбаларынан оқыған көрінеді. Тіпті, суреттерін де көрген екен. ХІХ-ғасырда біздің жерлеріміз Ресей империясының құрамына біржола енді. Қоқандықтармен кескілескен соғыстар кезінде жер-жерде казак горнизондары тұрған. Сонда бір жолы орыс офицерлері ермек үшін мазарды зеңбіректен атқылапты... Сосын қасиетті балбалдарды алып кетіпті. Көне кесене қаусап, қирауға айналыпты. Ал, біздің заманымызда бұл жерлерді, тіптен, ядролық сынақ алаңына айналдырып жіберді... Жеріміздің қалай жұтағанын өздерің де көрдіңдер. Қара адамдар қасиетті Бәйтеректің түбіне жетті...

Күйші үндемей қалды. Домбыраның қос ішегінен қасіреттің көз жасы үзіліп түскендей болды.
Саша деміге күрсініп, мұрнын жалаңаш арық тізелерінің арасына тықты.

  • Ал, енді ақбас ғұламаға оралайық, - деді Күйші жан-жүйесі босаған балаға мейірлене қарап. - Сонымен, көп ұзамай-ақ, ол домбыра жасайтын қолы ұсынақты шеберге айналады. Шалдардан домбыра шабудың қыр-сырын біліп алған ол, солардан да асып түседі. Күндердің күнінде оған қалада тұруға рұқсат берілген қағаз келеді. Ғұлама-шебер Алматыға ірге аударады. Көп өтпей-ақ, ол жақтан: Кислицыннің домбыралары нағыз өнер білгірлердің арасында әйгілі екен, деген даңқыоны паналатқан ауылға да жетеді.

  • Кислицыннің? – деді Бату емініп. – Бірақ... Біздің Саша да – Кислицын! Бәлкім, фамилиялас шығар?

Саша сеніммен ақтарыла сөйледі:

  • Жоқ, фамилиялас емес. Ол менің арғы атам – Александр Григорьевич Кислицын. Атымды соның құрметіне қойған. Ол этнограф-ғалым болған. Ал, осында жер аударылған соң, бүкіл ғұмырын қазақтардың мәдениеті мен салт-ғұрпын зерттеуге арнаған. Үйімізде әлі күнге шейін оның кітапханасы, күнделіктері, домбыра сызбалары, аңаш өңдеу құралдары сақтаулы. Мен де, сол арғы атам сияқты, этнограф болғым келеді! Отыз тілді меңгерем! Қазақ және ағылшын тілдерін білем, - деп, сөзін бір түрлі егеспен бітірген Саша, ескі мазардың қабырғаларына көз жіберді. – Біле білсеңдер, мына жер туралы оқығам... Арғы атамның күнделіктерінің бірінде мазардың суреті бар. Дәл осынікі екеніне сенімім мол. Мына кірпіш қалауды көрдіңдер ме? Арғы атам оның тегін ажырата алмай-ақ қойыпты. Оның сөзіне қарағанда, бұндай қолтума өрнек мұсылмандық Шығыста бұрын-соңды болмаған көрінеді.

  • Оның еш таңы жоқ, - деп іліп әкетті Күйші. – Дүниеде не мұсылмандар, не христиандар болмаған, ал, Рим империясы енді өркендей бастаған шақта бұл жерде анау-мынау емес, Ұлы Ана ғибадатханасы орын тепкен болатын!

Баршасы тамсанып, үндемей қалды.

  • Кислицын ұлы шебер болған, - деп жалғастырды Күйші, домбыраны шетке қойып жатып. – Оның аспабында күй тарту – зор мәртебе! Иә... Бұрын адамның ойы мен сөзі, істеген ісі бір жерден шығушы еді-ау. Ақындар бес қаруға жетік жауынгер, оқымысты данышпандар қолының ебі бар ісмер болатын...

Бату кенет дауыстап жіберді:

  • Тоқтаңдар! Кислицын шебердің мына домбырасы менің арғы атама тиесілі болса, демек... Демек, менің арғы атам мен сенің арғы атаң, Саша, бір-бірін таныған ғой! Тіпті, дос та болған шығар!

  • Тапқан екенсің! – деп өшіге бұрқ етті Қайрат. – Мүмкін, Батонның атасы бұл домбыраны базардан сатып ала салған шығар.

Беті қайтып қалған Саша мен Бату бір-біріне қарады. Ал, Дана саңқ етті:

  • Осы сен-ақ бүлдірмесең, жүре алмайды екенсің, Қайрат! Өзің неткен дауасыз едің!

Күйші де құптамай, басын шайқады:

  • Бұндай аспаптарды базар түгілі, дүкеннен сатып ала алмайсың, Қайрат. Кислицынге білгірлер тапсырыс беретін болған. Кезекке тұрған; тапсырыстарын жылдап күткен кездері болған екен. Жақсы домбыра бір аптада жасалмайды, кейде жылдар сарп етіледі. Есесіне кейін ол музыканттың қолында тірі адамша сөйлейді...

Қайрат сенімсіздікпен мырс етті:

  • Соны да сөз деп, екі жіпті бір таяқ.

Күйші қабағын шытты:

  • Мынау өзеннің қасиетті суы көңіліңнің дағын шайып кетіре алмапты. Өз халқыңның қолтума дүниелерінің көркемдігін естіп-көруден қалардай, кім сені сонша ренжіткен?!

  • Ол өзі сондай ақымақ! – деп жаны күйзеле саңқ етті Дана. – Бәс тігем, бұл өмірінде жанды домбыраның үнін естіп көрмеген!

Кәріне мінген Қайрат жағын дүрдитіп, атып тұрды:

  • Ақылгөйсулерін! Менің, мүмкін, сендердің концерттеріңді тыңдайтын уақытым жоқ шығар?! Тарих туралы мылжыңдарың да мезі етті... Түкірдім бәріне! Әуелі сатқын деп, енді кеп, ақымақ деп, мазақ қылғандарың ба?! Аулақ жүріңдерші бәрің де! Көзге түрткі болмай, кетейін! Менің орным Скорпионның қасында болғаны ғой!..

  • Тоқта, - Күйші Қайратты қолынан ұстай алды да, орнына тартты. – Қызбаланба. Күшті адам ұшқары әрекетке бармас болар. Ақылға кел. Адасқанның айыбы жоқ, жақсы адам жолдан азбайды. Тек шын досыңның кім екенін түсіну үшін, тура жолға қайта бет түзе. Өтінем – отырып, ойлана тұр. Бату, Саша! Мен білсем, сендердің арғы аталарың, шынымен-ақ, дос болған. "Жақсыда жаттық жоқ" деген емес пе?! Ал, егер ойлап қарайтын болсақ, - Күйші қуақы мырс етті, - қазір де ештеңе өзгере қоймаған. Сендер кездейсоқ дос болдыңдар ма? Бүгін түнде кездейсоқ бірге жүрсіңдер ме? Асылында дүниеде кездейсоқтық деген болмайды!

Мазарда тыныштық орнады. Тек от сытырлай жанып, есік аузындағы ат ақырын оқыранады.
Бату ойға қалды. Көз алдынан естеліктер тізбектеліп өтті. Міне, Саша екеуі скейт теуіп жүр. Міне, бірге үй жұмысын орындауға кіріскен... Міне, бір шелектен құшырлана поп-корн жеп, кинотеатрда отыр. Міне, Саша кезекті мәрте кезекті сүйікті кітабын мазмұндап берді. Міне, Батудың әжесі бұларды дастарқанға шақырып, тәтті шайын беріп жатыр... Міне, досы анасына көмектесіп, базардан көкөніс әкелуге кеткенде, Бату оның кіп-кішкентай інісін аулада серуендетіп жүр... Жоқ, бұндай достықты қимас болар!
Бату Сашаға көзінің қиығымен қарады.

  • Саш... Сен... әлгі... Кешірші мені. Мен сені соқыртеке деп мазақтадым. Ет қызуымен айтып қалдым.

  • Жә, қойшы... – Саша әрі қарап кетіп, жұтынды. – Мен шынында да, көзілдіріксіз күндіз көрмейтін жапалақ сияқтымын. Өзім кінәлімін, саған тіл тигіздім.

Бату кенет иіні салбырап, шеткері отырған Қайратқа бұрылды да, ақырын ғана:

  • Қайрат... Кел, біз де татуласайық. Сен Скорпионның құйыршығы емес, жап-жақсы жігітсің ғой, – деді.

Қайрат Батуды естімегендей, отыра берді.

  • Сен менің қарындасымды Жезтырнақтан құтқаруға күш салдың ғой. Татуластық па? – Бату оған қолын созды.

Қайрат жағын қарыстыра түсіп, ұртын томпайтты. Батуға ықылассыз көзін көтерді. Иығын қушитты.

  • Татуластық! – деп, жеңілейе тұжырды Саша.

  • Міне, жарайсыңдар! – деп мақтады Күйші. – Ал, енді, келіңдер, ең басты мәселе – ертеңгі шайқасты талқылайық.

Ол салмақтана түсті.

  • Бәрің құлақ салыңдар. Қара аю өте шапшаң қимылдайды. Жебемен атып құлатуға болар еді, бірақ, сендер садақ ата алмайсыңдар, таңға дейін ол өнерді меңгере қоюларың екіталай. Аюдың бас сүйегі мықты, тіпті, айбалталарыңмен жара алмайсыңдар, оған ересек тәжірибелі жауынгердің ғана күші жетеді. Хайуанды жеңудің жалғыз амалы – бір мезгілде алды-артын орап, жан-жақтан жабыла шабуылдау, мойын бұруға мұрша келтірмей, есін шығару. Найзаларыңмен көзін түйреуге тырысыңдар, тіпті болмаса – алдыңғы табандарын көздеңдер. Ал, енді оның ең талмауыр жері – тұмсығы.

Ұлдар үдірейісіп, бір-біріне қарасты. Дана селк етті:

  • Ол туралы ойлағым да келмейді! Аға, мүлде шайқаспай-ақ қойса, болмай ма?..

Күйшінің қабағы түйіліп, қоңырқай маңдайының әжімі қатпарлана қалды:

  • Шайқаста жалғыз болмайсыңдар, уәде берем. Бірақ, сендер, ең әуелі, өздеріңе сенулерің керек. Бату, Аспара жауға қаруын беріп жатқанда, сен ұябасардың басынан томағасын сыпырып, «Баршын-ана, мұң-тұқтажымызды Тәңірге жеткіз» деп айтып, сосын құс ұстаған оң қолыңды көтеріп, тура аюға қарай құйғыта шабуың керек. Есіңе сақтадың ба?

Бату сасып қалды:

  • Мен атқа міне алмаушы ем...

  • Мен шаба алам, - деді Қайрат ойда-жоқта. – Кішкене кезімде жазда ауылға барғанда үйренгем. Ол кезде атам тірі болатын. Маған құлын да атаған. Бірақ, кейін әке-шешем оны сатып жіберді... Тек сөздерін жаттап алуым керек.

Күйші оған барлай қарады, сосын маңызды түрде былай деді:

  • Мейлің, Қайрат. Солай болғаны да жөн шығар. Сен Батудан мығымдаусың ғой. Қыран ұшпақ болып, тебініп қалғанда, қолды жұлып әкетуі де мүмкін.

Бәрі есік аузындағы қаннен-қаперсіз мүлгіген үлкен құсқа жалт қарасты.

  • Дана, енді сен, - деп ойысты Күйші. – Жаныма отыр. Сен «Шыңырау» күйін үйренуің керек.

  • Ол не күй? Ондай күй туралы естімеппін, - деді Дана, екі айтқызбай Күйшіге таман ауысып отырып жатып.

  • Онда Самұрықтың балапандарын құтқарған адам баласының ізгілігі жайлы айтылады. Қазақтар ана қыранды Тәңірге жөнелткенде, осы күйді тартады. Қайрат атын тебініп жүрісімен, шерте бастайсың.

  • Мүмкін, өзіңіз шерткеніңіз жөн болар? – деп имене ұсынды Дана, дағдылы қимылмен домбыраны алдына өңгеріп жатып.

Күйші жұмбақ жымиды:

  • Жаулар менің мұнда екенімнен бейхабар. Ал, мен бұл жердің ұңғыл-шұңғылын жақсы білем. Бала күнімізде достарыммен бірге полигонға жиі түсетінбіз... Менің келгенім оларға тосын сый болсын!

ШАЙҚАС

Аспараның құрбандығы.


Күйшінің өсиеті.
Қаһарлы бункердің құпиясы.
Қожайын Шахрух.
Тіршілік нәрі.
Ата жаумен айқас.
Самұрықтың оралуы.
Жеңістің ащы дәмі.

Төбе басында алтын ай сәулесіна малынып, жауынгер-бозбала тұр. Қолында ұшын өзіне қаратқан бағалы семсер.



  • Атқан таң абыройдан айырылғаныма куә болады, - деді Аспара өзегі өртеніп. – Бабаларға да бұл аян болады. Шынымен-ақ, қаруды қолдан бергенше, жаумен айқасып өлу жазбағаны ма?

Ол баяу семсерін түсірді.

  • Тұмар, кішкентай ғана Тұмар... Сенің жолыңда жаным құрбан.

Бұл кезде мазарда Күйші Данаға былай деп жатты:

  • Түсін, сен қазір нотаны ойламауың керек. Күй – ол сенің әрекетің, сенің шешімің. Сен бар зейініңді соған, тек соған салуың керек.

Дана басын изеді де, домбырада әуен үзінділерін пысықтауға кірісті.
Күйші түрегеліп, ойлы жүзбен қанжарын шүберекпен тазалап отырған Батуға жақындады.

  • Қорқасың ба?

  • Аздап, - деп шын жауап берді Бату. – Мен... онша сенімді емеспін.

  • Неге, кімге? – деп сұрады Күйші.

  • Өзіме. Қарындасымды құтқара алатыныма... Қайрат сияқты күшті емеспін, Саша сияқты ақылды емеспін, Дана сияқты өжет емеспін, Қадиша сияқты қайырымды емеспін... Аспара сияқты да емеспін. Түсінесіз бе?

  • Бұл қасиеттердің бәрі бойыңда бар. Рас айтам, Бату, - деді Күйші жүректі шымырлата. – Әйтпесе, мынандай достарың болмас еді. Тек мынандай маңызды бір нәрсе есіңде болсын: жауынгер кінәні басқаларға аудармай, өз қателігі үшін өзі жауап беруі тиіс. Ойлашы, тағы да тұтқынға түссе, Аспараға оңай тие ме? Ал, ол сендердің барлығыңды құтқару үшін сол қадамға бармақшы. Оның қайсарлығы, міне, сонда.

Төбе басындағы Аспара алау жақпақ болып, құрғақ бұтақтарды шаршылай үйді. Семсерін қынынан қайта суырды. Еңкейіп, қос қолымен ай жарығында жарқ еткен жүзін маңдайына тигізді. Осыдан кейін семсерді шаршының ортасына тігінен қадады.
Күйші оттан көз алмай ойға батып отырған Қайраттың жанына кеп, тізе бүкті.

  • Не ойлап отырсың?

  • Әрнені, - деп, өзі де күтпеген жерден жауап берді Қайрат. Ол біреумен шешіліп әңгімелескенді, сырласқанды, әсіресе - өзі жайлы айтқанды ұнатпайтын. Бірақ, дәл көкірегін түйнеген әлдене сыртқа сұранғандай бір зәрулік мұңын шағып, шер тарқатпасына қоймады. – Әлгінде сіз көңілдегі дақ туралы айттыңыз. Рас. Ондай дақ бар. Әкем мен шешем күнде құлақ етімді жейді, сонда айтатындары: жексұрын,топас, жаман оқисың, сенен ештеңе шықпайды, ауылға жібереміз, барып қой бағасың... Мүмкін, айтқандары жөн де шығар? Бірақ, олардың сөзін тыңдасаң, көңілің жүдейді... Бар әңгімелері – кім қанша алады, кім кімге пара береді, мені қалайша жол полициясына не кеденге жұмысқа тықса болады... Жүрегің айниды. Сенесіз бе, үйде жөндеп тамақ та іше алмаймын – ас батпайды. Шешем ызыңдап бастайды: үйге бір тиын әкелмедің, күні бойы тамақ ішуден қолың босамайды, қашанғы асыраймыз сені, деп... Мен ережесіз күреске барғым келген, күреске түсіп, ақша табу үшін. Алмады, жасың келмейді, деді. Сөйтіп, Скорпионмен байланыстым. Ұсақ балалардың... сосын Бату сияқтылардыңақшасын тартып аламыз... Бастапқыда жиіркенішті болған, обалсынатынмын. – Қайрат күтпеген жерден кемсең етті. – Сосын бойым үйреніп кетті. Тіпті, ұнайтын болды, - осылай деген ол, екі тізесінде жатқан қос жұдырығын тас қып түйіп алды. – Ал, енді... Балалар, әне... Бір-бірімен дос. Скорпион екеуміздей емес. Түсінесіз бе? Соны ойласам... ішім удай ашиды.

  • Ол – арың, - деп күрсінді Күйші. – Жаның ауырса, демек, адамдықтан кетпегенің, Қайрат. Ардың қинауынан қорықпа, қайта оған құлақ сал, сонда дұрыс әрекет ететін боласың. Кейде ештеңе сезінбей-ақ, өз басыңмен ойламай-ақ, небір Скорпиондардың жетегінде,солардың айтқандарын істеп жүре берген артық сияқты көрінеді. Бірақ, тілге ергіштік түбінде жамандыққа ұрындырады, опық жегізеді. Ер адам өзі үшін өзі шешім қабылдап, өз ісіне өзі жауап беруі тиіс. Ал, күрескенде, ережені сақтаған жөн. Тынық, балам. Ертең ауыр күн болады.

Әлден уақытта шаршы алаудың жалыны аспанға шапшып, Аспараның семсеріне сәулесін түсірді. Аспара тағзым ете иіліп, семсеріне қарата тіл қатты:

  • Кешу сұраймын өзіңнен. Мен сені жау қолына беруге тиіспін. Дүниедегі ең аяр жауға!

Саша басы кеудесіне түсе салбырап, аузындағы шөпті сүлесоқ тістелеп, мазардың дәл кіре берісінде отырған. Күйші жақындап келіп, ақырын ғана сұрады:

  • Жаман ойлар қинап отыр ма?

  • Түсінесіз бе... Менің ата-бабаларыммен бірге бұл жерге зұлымдық келгендей көрінеді маған. Өзіңіз айттыңыз ғой – мына мазарды орыс офицерлері атқылап, әсемдікті бүлдірді, деп. Ендеше мен қалайша ертең зұлым күшпен күреспекпін? Мен бұнда бөтенмін ғой...

Сосын көз жасына булыққан бала қыстығып, қалтыраған дауыспен:

  • Ол аздай – көрсоқыр қиялимын... – деп қосты.

Күйші оны иығынан құшақтады.

  • Айтшы, сен көне қазақ жерінің не деп толғанатынын естігің келе ме? Кеудесіне құлағыңды төсеп, оған өз анаңдай сенгің келе ме?

Саша түн қараңғылығына көз тігіп, терең күрсінді. Сосын нық дауыспен:

  • Иә, - деді.

  • Ендеше менің саған айтар жүрекжарды сөзім - мынау. Туған жер – нәрестенің кіндік қаны тамған жері. Сен осы жерде тудың ғой, оған сенің қаның сіңген. Соңыра мен саған үйретем, сөйтіп, сен қайтадан, нағыз жауынгерше, жер-анамен қандасып, оның адал ұлы болатыныңды айтып, ант етесің. Ал, әзірге сенің басты міндетің – достарыңды қиындықта қалдырмау. Сол қолыңнан келе ме?

Саша басын изеді.

  • Жүре ғой.

Күйші мен балалар алауды айнала тұрып, алақандарын отқа қақтап алды ды, жасы үлкен серіктерінің үлгісімен, беттерін сипады.
Күйші қоңыр үнмен мақамдата былай деді:

  • От-ана, ниет-пиғылымызды тазарта гөр! Бойымызға күш дарыта гөр!

Зұлымдық жер тереңінде бұғынған еді. Тұнжыр темір-бетон бункерді қол шам көмескі ғана сәулелендіреді. Іші қапырық, иттің жүні пен медициналық әлдененің исі мүңкиді. Бөлме түкпірінде, көбең қараңғыда әредік орасан зор әрі қап-қара әлдекім қозғалақтап қояды. Тек ауық-ауық қос қызыл ноқат – әзәзілдің көздері тозақы заһарын төгіп, ашылып-жұмылып тұрып алады. Қадиша ол тұсқа қараудан қорықты. Ол, тіпті, оның адам әлде аң я жын екенін ойлауға да батпады... Қадишаның қолында Тұмар ұйықтап жатты. Денесі дымқылданып, қарны ашқан бала әлсін-әлі аянышты шар етіп, мысықтың баласындай қыңсылауға кіріседі. Қадиша оны кеудесіне басып, қолынан келгенінше, жұбатады.
Түні, құрғыр, бітпестей көрінеді. Қадишаның жауырыны құрысып қалды. Тамақ жегісі, су ішкісі келді. Бірақ, бәрінен де, ұйқы қысқаны қиын еді... Жабырқау ойлар жанын жегідей жейді. Ұлдар қайда? Таңертең не болмақ? Аспара не ұйғарды? Бұларды құтқара ма?
Іштегі темір орама баспалдақсырттан көзге мүлде елеусіз жасырын төбе қақпаққа барып тіреледі. Оның түбіндегі қол шам жатқан үстел басында сүйкімсіз шал мен сүйкімсіздігі одан кем түспейтін немересі – қос Скоробогат отыр. Шал жұлым-жұлым ескі жазу кітапшасын ақтарыстырып, оқта-текте бірдеңелерді сүйкектетіп жазып қояды. Немересі соғыс туралы фильмдердегі жер асты қайығында болатын перископқа ұқсайтын құрылғы арқылы балаларды аңдып, тыңшылық етуді ермек қылған.

  • Ей, қыз! – деп ыржалаң етті Скорпион мекерлене. – Доссымақтарың алдымен маймылдарша төбелесіп алды, сосын анау сасық моланың ішінде жусаған қойдай қылжиып, ұйқыға кетті. Сені естеріне де алған жоқ!

Оның қарқылынан Тұмар оянып кетіп, қыңқылдай бастады. Қадиша Скорпионға өшіге аларды.

  • Не, су ішкің келе ме? – деп мазақ қыла сұрады Скорпион, кезекті газды су шөлмегін ашып жатып. – Су жоқ. Саған жетпей қалды.

Кісіней күлген ол, көбікке шашалып, жөтеле бастады. Бұрыштағы көлеңке қыбыр етті. Атасы кейістікпен қойын дәптерден басын көтеріп, немересін жақсылап тұрып арқадан бір қойды.

  • Жетер енді... Қай жеріңе сыйғызасың-ей сонша ішіп?

  • Не болды... Кха-кха... Бұл кола ғой. Спирт емес! – Скорпион қайта кісінеп, орындығында шалжия, керілді. – Мына жерге жақсы орналасып алдық, ә, ата? Бұл өзі не қылған жер?

Кәрі Скорпион үнсіз отырды, сосын салқын ғана жыбыр етті:

  • Мен осында жұмыс істегем. Баяғыда. Ол кезде бұнда ядролық полигон салынып жатқан. Ал, мына бункер бастықтарға арнап жоспарланған, төтенше жағдай бола қалса, деп. Содан әдейі осы жерді көздеп келдім ғой.

  • Қатып кетті! Қазір бұл жер ешкімнің есінде де қалмаған шығар! Ал, мен анау бөлмелерді ақтарып шықтым. Білесің бе, ата, онда консерві деген – үйіліп жатыр. Су, дәрі-дәрмек, дәке дейсің бе, бәрі бар. Папиросқа шейін бар. Бастықтарың тәуір-ақ қорланыпты! Оған қоса, бүкіл төңіректі шолып, не болып, не қойып жатқанын естіп-біліп отыруға болады.

Шал мырс етті:

  • Анау қарғыс атқыр мазар ғана әл бермей тұр. Қиратуға басшылық рұқсат бермеп еді. Зерттейміз, деген. Зерттейтін несі бар оның? Қабырғалары қалың, соның кесірінен түк естілмейді.

  • Естілмесе, тағы қойсын, өлілердің кімге керегі бар, - деп ыржың қақты немересі.

Көлеңке тағы қыбыр етті. Шал аузын ырситты:

  • Көп мылжыңдама! Бар да, ұйықта, бітеу көрпе төсеп қойдым саған. Қане, бас аяғыңды.

Кіші Скорпион керіліп, есінеді де, Қадишаны мазақ қыла, қасақана даусын созып:

  • Қайырлы түн, қызымка. Ал, саған – бома-айды, түні бойы боқмұрынды әлди-әлди деп отырасың. Көріскенше! – деді.

Ол қол бұлғағансып, кір саусақтарын жыбыр-жыбыр еткізді де, кола шөлмегін ала салып, көрші жайға кетіп қалды. Қадиша күрсінді. Қарғыс атқыр мына түн қашан бітеді екен?!
Әлден уақытта Тұмар тынышталды да, арқасы талған Қадиша бункердің қабырғасына сүйеніп, қалғып кетті.
Шал оған көзілдірік үстінен жіті көз тастады, сосын түрегелді де, бүгежектей басып, қара сұлбаға жақындады.

  • Қожайын Шахрух! Жазған құлда жазық жоқ... Мен әлсіреп, қаусап, қартайдым. Ертең күтпеген жерден жоспардан тыс шетін жайт бола қалса, қайтем? Азырақ тіршілік нәрінен ұртатсаңыз маған... Бір жұтым... Сонда септігім де көбірек тиеді ғой.

Қол шам қорыққаннан cөніп қалғандай, бункер ішін көрдей қараңғылық басты. Шара ұстаған қол шалға қарай баяу созылып келді де, ұзын қап-қара жең үрейлі суылдай жөнелді... Шал еріксіз ыршып кетті, құлдық ұра қол қусырып тұра қалды. Шалдың тозғын жүрегін мұздатып қоя берген жуан дауыс гүж-гүж етті:

  • Ша-ал... Тіршілік нәрінің бір тамшысы-ы сенің бір шелек қаныңнан қымбат... Осы есіңде болсы-ын...

Бағалы шараға жармаса кеткен шал, иіліп-бүгіліп, бөлменің қарсы бұрышына жылыстады. Жіңішке сұп-сұр еріндері тоқтаусыз сыбырлай берді:

  • Рақмет, Қожайын... Рақмет... Мен сіздің адал құлыңызбын... Ақысын өтеймін.

Ол отыра қалды да, шарадағы күрең сұйықтыққа ұзақ үңіліп қарады. Сосын қомайғаланып, қылқылдата жұтты. Ап-арық жүтқыншағының жүгіргені көрініп тұрды. Сүртінді. Екі қолын көтеріп, бажайлай қарады. Қатып-семген, ойдым-ойдым теңбілденген терісі көз алдында жазылып, ағара бастады... Әжімдері жоғалып, шорбуын қисайтқан тізелерінің сырқырағаны тыйылып, бұлшық еттері де, біреу доңғалақ құсатып үрлей қойғандай-ақ, қайта күш ала бұлтылдап, еңсесі тіктеле қалды. Нәрестенікіндей қызыл иегі қышып, тіптен, жидіген шашына шейін қалыңдап кеткендей болды.
Жасаңғырап шыға келген Скорпион бар уытын жиып, миығынан күлді, нұры енген көзі тозақтың қызыл отындай жарқ етті.
... Төбе басынан құланиектеп көтерілген күн көне мазарға сәулесін төкті. Атқан таңның арайы тастай түйініп, жарық пен түнектің шегінде тұрған балалардың жүздеріне түсті. Олардың бәрі жау-жарағын асынып алыпты: Саша мен Бату толғамалы найзаларын қолдарына қысып, Дана домбырасын құшақтап, Қайрат атты шылбырынан ұстап тұр. Әлі де алдыңғы ерде отырған томағалы ұябасар алдағы қызу шайқасты сезгендей, тықыршып, қанаттарын қомдап қояды.
Төбеден ентелей басып, Аспара түсті. Үнсіз келіп, жауынгерлерге қосылды. Қақ маңдайының ортасына терең қыртыс түсіп, жанарына қайғы үйіріліпті. Ұрысқа сақадай сайланып тұрған балаларды, ат пен құсты көріп, ештеңе сұрамады. Қайғыны ұмытып, іске ден қойған ол, достарының ортасындағы өз орнына барып тұрды.
Кеше кешқұрым Қадиша айнала беріп жоқ болып кеткен жартас түбіндегі тас қалтарысында жерасты тесігінің беті бүркеулі қақпағы шалқалай ашылды. Ішінен қап-қара тұман шұбатылып шықты да, шумақтала келе, түрленіп, тұрпат алып, құбыжық қара аюға айналды. Ізінше тесіктен Скорпиондар әулеті қара көрсетті. Соңы болып кенгуру-дорбада жатқан Тұмарды құшақтап, өңі қуқыл тартып, қалжыраған Қадиша сүйретіле басып шықты.
Аю артқы табандарына тұрды да, аранын ақсита, гүр етіп, ақырып қалды... Скорпион алға шығып, мықынын таянды да, айғай салды:

  • Сәлем, сарбазсымақтар! Шеруді басқару маған тапсырылған. Тіктел! Жым болып тұр! Маған қарай теңел! Ей, Қайрат, кел бізге, бауырым!

Шақыруға жауап қайырмастан, бұрынғы досы атқа қарғып мінді де, томағалы ана қыранды әлгінде ғана киген үлкен былғары қолғабына лезде ауыстырып ала қойды.

  • Қайрат, әумесерлікті қой! Андағы тауығыңды грильге әкел, жаңа сойылған ет жегіміз келеді! – деді Скорпион қыр көрсетуін қоймай. Бірақ, көзі зілдене жарқ етті. – Не, сүмелектермен байланысайын дедің бе?! Өкінесің, кеңкелес! Ей, Батон, құрбыңа айт, анау даңғырлағында бізге бірдеңе тыңқылдатып берсін!

Қожайын Шахрух оған басын бұрып, айбат шеге, ыр етті.
Мықтымсынған Скорпион жарбиып отыра кетті. Сосын, бар айбынынан айырылып, қырылдай айғайлады:

  • Аспара! Семсеріңді әкел бері, естимісің? Мен айттым!

Аспара еңсесін тік ұстаған күйі, ешкімге бұрылып қарамастан, Скорпионға жақындап, алдына кеп тұрдыда, қолын семсерінің балдағына салды. Сосын күрсінді де, семсерді қыннан суырды.

  • Мен шартты орындап тұрмын, - деді ол. – Тұмарды босатыңдар.

Сол кезде жараған аттай жайтаң қаққан Скоробогат шал түрі ескілеу тапаншаны алып шықты да, Аспараға кезенді.

  • Қане! Шапшаң! – деп барқ етті ол, шүріппесін шырт еткізіп.

Аспара тістеніп, семсерді миығынан күліп тұрған кіші Скорпионға баяу соза берді. Бірақ, Шахрух Қадиша мен Тұмарды босатудың орнына, кенет алға аттап, оларды көлегейлейқалды.
Осы мезетте Қайрат ұябасардың томағасын тартты да, ер үстінде көтеріліңкірей, атын тебініп қалды. Ат жұлқына жөнелді. Ұябасар кәрлене шаңқылдап, қанатын жайды... Дана ішектерге саусақ тигізді.

  • Баршын-ана, мұң-мұқтажымызды Тәңірге жеткіз! – деп даусы үздіге айғай салды Қайрат.

Қожайын Шахрух ақырып қалды. Скоробогаттардың екеуі де арындай ұмтылып келе жатқан Қайратқа қарап қалды. Қадиша шыңғырып жіберіп, бақырып қоя берген Тұмарды кеудесіне қыса түсті... Тез есін жиған Скорпионның атасы тапаншасын көтерді де, екпіндетіп жетіп қалған салт аттыны қарауылға алды... Шарт еткізді – бақытқа орай, шалдың атқан оғы дарымай, аттың шоқтығына бұға қалған Қайраттың үстінен зу етіп өте шықты. Ұябасар кенет тегеурінмен ытырынып, әуелей жөнелді де, бірден шығандап кетті. Соны күткендей-ақ, Бату мен Саша найзаларын оңтайлап, сүрен сала, жауға лап қойды. Аспара маңқиып тұрып қалған кіші Скорпионның қолынан семсерін жұлып алды да, өзін жұдырығымен бір періп, серең еткізіп сұлата салды.
Күйін тоқтатпаған Дана, ұябасардың көз ілеспес жылдамдықпен қарамықтай кішірейе түскенін байқады. Кенет, сонау шырқау көкте... екінші құс көрінді! Денесі жартылай мөлдір аппақ алып құс айнала ұшып, ұябасарға қарай құлдилай берді.

  • Бұл - Самұрық! – деп айғай салды Дана. Сол сәтте өзі жанын сала мүлтіксіз орындап, домбырадан тамылжыта төккен күй күмбірі тулаған толқындай оқыс буырқанып, жер-дүниені, тау-құзды, тіршілік атаулыны тітірете, шалқып-тасып, асқақтай жөнелді!

Бұл кезде қанатты қос сұлба жақындай түсіп, тұп-тура алаулаған таңғы күн шеңберінде бір-бірімен тұтасып, бір құсқа - жаудың құтын қашырған қуатты күш, қанатты сарбаз - Самұрыққа айналды!
Кәрі Скорпионның саусағы қаруының құлағын қайта қайыра берген еді... Бірақ, оқ атып үлгермеді – ту сыртынан жаулардың абдыраушылығын пайдаланып, жартас жықпылымен бұқпалап келіп қалған Күйші тарпа бас салды. Ол шалдың қолын қайырып үлгерді, бірақ, анау бозбалаша бұлқынып, сытылып шығып кетті, рас, тапаншасын қоса түсіріп алды. Шал боқтанып, жерасты тесігінің тұсында сілейіп тұрған Қадишаға тап берді. Бірақ, Күйші ептілік танытып, оны іштен шалып қалды да, екеуі жерге ұмар-жұмар құлады...
Аспара Шахрухқа ұмтылып, семсерін хайуанның тамағына сұғуға күш салды. Семсер сым темірдей қатты терімен сырғып, құбыжыққа аса залал келтіре қоймады. Шахрух табанын сілтеп қалып, Аспараны өзінен алысқа лақтырып жіберді де, тісі ақсиып, алға созылған тұмсығын Қадишаға бұрды. Қанталаған көзін кішкентай Тұмарға қадады...
Осы кезде Қайрат атой салып, атын омыраулатып келді де, найзасын Шахрухтың қолтығына құлаштай түйреді. Жарадан қара-күрең қан шапшыды. Аю ұлып, қалтырап кетті. Күректей табанымен найзаны шырпы құрлы көрмей сындыра салды да, атты жанап, бүйірін жырымдай жаралады. Ат-матымен омақаса құлағанҚайрат әрең түсіп үлгерді...
Кәріне мінген Шахрух Қадиша мен Тұмарға қайта бұрылды. Қадиша нәзік денесімен сәбиді қорғаштап, айғайлап жіберді.
Сол сәтте тас төбеден қайта жаралған, жаңғырған Самұрық сорғалай ағып кеп, кенгуру-дорбадағы Тұмарды қапсыра құшақтаған Қадишаны иығынан іліп алды да, қанаттарын ауыр қағып, атқан оқтай тік заулап, ақша бұлттан ары асып, аспан Бәйтерегі бұтақтарын еркін жайған зеңгір көкке самғай жөнелді.
Шахрух өкіріп, қансыраған табандарын көтерді... Осы мезетте жетіп келген Аспара оны семсерімен көзге шанши ұрды. Соққы батып, ақырып қалған Шахрух, Аспараны иықтан салып үлгерді. Тырнақтары сауыт-сайманын дар айырып, қаны атқылаған патшазаданың қолы қамшы құсап салақтап қалды. Бірақ, жүгіріп жеткен Бату ендігі хайуанның желкесіне қарғып мініп, семсерімен шүйдесіне пергілеуге кірісті. Шахрух ұршықтай шыр айналып, Батуды лақтырып тастауға тырысты, сол мезетте Саша найзасын аюдың аранына бір-ақ қадады, ал, Қайрат найзасының сынығымен Шахрухты тұмсықтан ұрып жіберді. Шахрух ақырып, балаларды жан-жаққа ұшыра, дүр сілкінді де, бар денесімен өңкиіп, құлап түскен Батудың үстінен төніптұрып қалды.
Жүйемелете тиген соққылардан кәрі Скорпионның дымы біткенде, Күйші жерде жатқан тапаншаны ала салып, Шахрухты атты.
Алып дене баяу түсірілген кино көрінісіндегідей, қайқалақтап барып жерге гүрс етіп құлап, Батуды басып қалды...
Бәрі жанұшыра, оны шығаруға ұмтылды.
Күйші мен балаларға аюды аударуға көмектесе жүріп, Дана көз қиығымен кәрі Скорпионның бункерге қарай еңбектеп бара жатқанын байқап қалды...
Бату қимылсыз жатты. Достары оның оңған шүберектей қуарып кеткен өңіне үмітпен үңіле берді.

  • Оған не болды?! Ол... Ол тірі ме? – деді Саша көкірегі қарс айырыла.

Осы мезетте Батудың төбесінен көбелекке әлде құсқа ұқсайтын шөкімдей бұлт ажырап, әуеге көтерілді...
Дана еңкілдеп жылап қоя берді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет