ТАБАЛДЫРЫҚТА
Қос жауынгердің тілдесуі.
Қоян-қолтық ұрыс түрлерінің артықшылықтары.
Есіктен қалай өтуге болады?
Бату домбыра тауып әкеледі.
Дана тыңшылық тәсіліне жетігеді.
Аспара баян еткен көне аңыз.
Әже сақтаған сыр.
Батудың сапар шегуі.
Аспара жадырай күлді, содан-ақ оның ешқандай да елес еместігі аян болды. Әйткенмен, Бату жүрексіне берді. Соны байқаған мейман:
Маған қолыңды тигіз! Қорқасың ба? Мен тістемеймін! – деді.
Бату сақтықпен, Аспараның қолын ұстап көрді. Қолы жып-жылы екен. Бату еріксіз үһ деп қалған. Аспара сөзін сабақтады:
Әжеңнің саған неліктен табалдырықта тұруға тыйым салатынын білесің бе? Себебі, кез-келген есік басқа дүниеге апаратын Босаға болып шығуы мүмкін. Табалдырықта тұрғанда, сен дүниелер шегінде тұрдың. Маған да табалдырықтан тіл қаттың, мен жауап бердім! Оның үстіне, бүгін – ерекше күн. Сенің есімің де – ерекше.
Ол не күн? Нендей есім?
Ұмыттың ба? Ертең Жаңа жылдың басы – күн мен түн теңелетін Наурыз туады ғой. Қазір дүниелердің арасындағы Есік ашық. Ал, сенің есімің... – Аспара Батуға ілтипатпен қарай қалды. – Сендей кіп-кішкентай ұлдың осы жасында-ақ нағыз Ер есімін иеленгенін бұрын-соңды көрген емеспін. Жауынгерлік белдігің де бар болғаны ғой?
Бату түк түсінбеді. Жайшылықта «кішкентай ұл» деген сөзге жатып кеп шамданар еді. Бірақ, дәл қазір мына бір елден ерек әмбе бойы өзінен бір қарыс биік жігіттің көзіндегі тамсанысты көру ғанибет еді. Содан да, Бату еңсесін тіктеп, самарқаусып:
Әрине. Менде әуелі бірнеше белдік бар – ақ, сары... Жуырда турнирде қара белдік иелендім, он жетінші дан, – деп қойып қалды.
Шынтуайтында, «дан» туралы Батудың білері шамалы болатын, әрі-беріден соң, оған сары белдіктің берілуі де екіталай еді: аяқтарының созымталдығы мен екі жылда үйренген «ката»-ларына қарамастан, спарринг кезінде Батуды жаңадан келген кез-келген шикі өкпе жеңіп кететін. Бірақ, Аспара бұдан бейхабар еді. Оның көзіндегі жасандылықтан ада құрметті көрген Бату, еліріп кетті. «Қорқынышты түрге» еніп, қиялдағы қарсыласқа сыртқа дем шығарған сайын оқыс соққылар бере, жаттығулар кезінде үйреткен қимылдарды жасай бастады.
Сені сайыпқыран сарбаз деген ойыма да келмес еді!
Көлгірсіп отыр ма деп, Бату қонағына көзінің қырымен қарап қойды. Бірақ, Аспара, сыңайында, бүкпесіз сөйлеген сияқты. Ол қымсына өз белдігін меңзеп, сөзін үстеді:
Ал, мен нағыз Ер белдігін алар-алмастан, бірінші жорықта-ақ қаза таптым. Сол бала кезгі есіміммен қалып қойдым... Ел-жұрт Аспара тауының етегіне қонған шақта туған екенмін. Мені сол таудың атымен атаса керек.
Осы мезетте Бату қиялдағы қарсыласына аяғымен сұмдық соққы беріп, бір мезгілде «Кий-а-а-а!» деп айғай салды, сосын жан-жаққа иілді де, ентіге дем алып, төсекке құлай кетті.
Аспара жанына кеп, кілемге малдас құра отырды:
Сен қай қарудың шеберісің, найзагерсің бе әлде қылышкерсің бе? Бәлкім, сен садақшы шығарсың?
Мен қарусыз төбелесем! Жалаң қолыммен қылышты да, найзаны да сындырам, атылған оқты қолмен қағып алам! – деп бөсті Бату.
Білесің бе, осы өткен екі мың жылда бәрі қатты өзгеріпті... Бізді «Ер қаруы - бес қару», жаудың тәніне қол тигізу ер үшін қорлық, жалаң қолмен егінші шаруалар мен саудагерлер төбелеседі деп үйреткен еді. Сосын мен, заулап келген садақтың оғын қолмен қағып алу мүмкін емес нәрсе, ол аңқауларды алдау үшін қытайлар шығарған ертегі деп ойлаушы ем! Жолым болған екен! Шын батыр ерге жолыққан екенмін! – солай деген Аспара, басын иіп, тәжім етті.
Оның рас! – деп, ұртын томпайта, қостады Бату. – Жолың болды, әрине! Айтшы, Аспара, анау Есік арқылы мен өте алам ба?
Әрине. Ақтық демің үзілгенде, яғни, қайтыс болғанда... Немесе жауынгер, не шаман, не күйші қатарына қабылданған кезде. Ау, не айтып кеттім! Сен, әрине, ендігі жауынгер қатарына өтіп те қойдың ғой?
Осыны естігенде, Батудың көз алдында бірден кинодан көрген көрініс көлеңдеді: түрлі түсті штандарттармен безендірілген зәулім зал, алтын таққа барып тірелетін жол кілемнің екі жағын ала, рыцарьлар сап түзеп тұр, тақта тәж бен ақ тышқан терісінен мантия-шапан киіп, карта королінен аумай қалған монарх отыр. Таққа қарай төселген жолмен ауыр сауыт-сайманы салдырлай, бұл - яғни, Бату - келе жатыр. Міне, ол тақтың түбіне келіп, тізесін бүкті, король жарқ-жұрқ еткен қылышты иығына салды... Рас, көрініс көңіл көншітерліктей болып шықпады да, тізе бүгіп отырған ар жақтағы елес-Бату, басын бұрып, байқатпай бер жақтағы Батуға көзін қысты...
Хм-м... Басқаша болмай ма? Бір көзбен сығалап көрсем, а?
Әрине болады, - деп көне кетті Аспара, басын шұлғып. – Шапшаң, қобыз не домбыра алып кел!
Неменеге? – деп сұрады Бату дағдара.
Мен саған Табалдырық күйін үйретем, ол «Табалдырық Қосбасар» деп аталады. Табалдырыққа тұрып, соны шертесің де...
Осыдан кейін-ақ Бату қонақтың келген жағындағы дүниеге саяхатқа оңайшылықпен жол ашылмайтынын түсінді. Соңғы сапарға әзір арада аттанғысы жоқ, шаман я жауынгер санатына ілігіп алудың ыңғайы және бола қоймас. Ал, анау, қалай еді, Табалдырық күйіне келсек... Мәселен, музыка сабақтары кезінде сыныптастары хормен ән айтқанда, мұғалима, әдетте, Батудан өлгенше бақырмауын өтінетін еді. Иә, жағдай мәз емес...
Біздің үйде домбыра жоқ. Қобыз да жоқ, - деп мәлім етті ол.
Рас па-а-а? Қызық екен! Ендігі Ер есімі мен белдігін иеленіп те қойғансың, ал, әлі күнге жауынгер қатарына өтпегенсің, үйіңде домбыра жоқ, қобыз жоқ! – Аспара абдырай самайын қасыды.
Батудың мүлде көңілі бұзылды. Осы өмірінде өзіне сүйсіне қараған бір жан табылып еді. Әмбе жасы үлкен. Міне, бұл да баянсыз бірдеңе болып шықты. Мейман оған көз тоқтата қарап алды да, кеңпейілдікпен:
Жарайды, өкпелеме. Гәп сейіл құруда емес қой. Екеуміз бір маңызды іс тындыруымыз керек. Сол үшін басқа әлемге саяхат жасамай болмайды, - деді.
Қандай іс? – деп, жанып түсті Бату.
Мен Алтын тостағанды табуым керек! Сен маған жәрдем бересің деп үміттеніп...
Біз қазына іздейміз бе? – Батудың тынысы тарылып кетті. – Тамаша! «Кариб теңізінің қарақшыларындағыдай»! Маған да ақша керек болып тұрғаны! Бірақ, домбыраның қатысы не?
Домбыраның көмегімен біз...
Ә, түсіндім, домбыра уақыт пен кеңістікте саяхаттауға арналған портал іспетті ғой! – деп, бөліп жіберді оны Бату. – Тоқтай тұр! Таптым! Қазір!
Бату оқтай ұшып, баспалдақ алаңына атып шықты да, көрші есіктің қоңырауын басты.
Саған не керек? – деп қытымырлана сұрады Дана.
Дана, достығың болсын, домбыраңды жарты сағатқа бере тұршы!
Есіңнен танғанбысың? – деп таңғалды Дана. – Армандамай-ақ қой! – Ол есікті өзіне тартты. Бату жалбарына кетті.
Данажан, өтінем, екеуміз туғаннан дос едік қой! Мен де, мүмкін, сен сияқты домбыра тартып үйренгім келетін шығар. Берші, а?
Сене қояды екем, - деп мырс етті Дана. – Музыканың исі мұрныңа бармайды емес пе сенің! Жарайды, - деп, күтпеген жерден иілімге келе қалды ол. – Тоқтай тұр, алып келейін. Бүгін өзің бір түрлісің-ау, Бату.
Бату дегбірсіздене, екі жағына теңселіп, тыпырши берді. Бір кезде Дана домбыраны алып шықты-ау, әйтеуір.
Байқа, абайлағын, аспапты бүлдіріп алып жүрерсің!
Аха! Рақмет! – деп айғай сала, Бату үйіне тұра жөнелді.
Оның соңынан тесіле қарап тұрып, Дана міңгір етті:
Бұнда бір шикілік бар... Жарайды, қазір білерміз!
Ол бөлмесіне қайтып келіп, үстелдің суырмасынан бір ғасыр бұрын дәрігер болған арғы атасы пайдаланған ескі тыңдау түтігін алып шықты да, оны кең өңешімен Батудың бөлмесімен жапсарлас қабырғаға тигізді.
Мәз болған Бату дәл осы кезде аспаптың құндағын ашып жатқан.
Міне, саған домбыра, ұста! Тезірек қазына әкелуге барайық!
Дана таңырқай «ах!» деп, қабырғаға жабыса түсті.
Аспара Дананың домбырасын абайлап қолына алды, асықпай зер сала қарады да, шанақ үстінен саусағымен жүргізіп, ойлы жүзбен:
Әдемі екен... Бір түрлі қызық жылтырайды... Тек кей пернелері тағылмаған, - деді.
Сол қолымен шанақтың бас жағындағы пернені басып тұрып, Аспара оң қолымен ішектерді қағып қалды да, құлақ тосты. Сосын сол қолымен құлақтарды бұрай, оң қолымен ішектерді ілмелеп, аспапты күйлей бастады.
Ішектері де қызық, қатқыл екен. Ал, құлақтары нашар, босап кете береді. Иесі домбырасын күтпейді екен, құлақтарын бормен сүртіп отыру керек қой.
Бату қазынаға аттануға асықса да, Аспараның мына сөзін жадына тұтып алуға тырысты, реті келгенде Дананы түйреп алмақ. Осы жағдайда және таң қалдырғаны Аспараның музыкалық аспаптың бабын білетін машықтығы еді. Құдды, жауынгер емес, сазгер дерсің. Сірә, бұл оның ұнататын әуес ісі болар, деп ұйғарды Бату, өзінің гитара тартып үйренбек болған талпынысынан дәнеңе шықпай, масқара болғанын есіне алып. Бұл кезде Аспара аспаптың құлақ күйін келтіріп болған.
Міне, мынау шыңырау перне, бірақ, тербеуі... Бір жері келіспей тұр.
Қызықты саяхаттың тағы да шегерілетінін сезіп, Бату күйіп кетті:
Қайдағы шыңырау? Кеттік деймін!
Шыңырау – Самұрық құстың басқа атауы. Ол - ғаламның бар сырына қанық сәуегей құс, мен одан ақыл сұрамақпын.
Өз бөлмесінде тұрған Дана қабырғадан ажырап, қолындағы түтігін сүлесоқ айналдыра берді:
Қазына? Шыңырау? Батуға келген кім? Көру керек!
Ол бүкіл қабатты белдеулеген ұзын балконға шықты. Өңге көршілер баяғыда-ақ балконның өздеріне тиесілі бөліктерін шынылап алған. Бірақ, Дана мен Батудың балкондары аралығында әлі де ілдалда темір тор ғана тұр. Аумақ бөлінісімен айналысуға әкелерінің қолдары тимей-ақ қойды, бәлкім ондай зәрулік те жоқ болар, әйтеуір, бір отбасындай тұрып жатқан жайлары бар. Кішкене күндерінде Дана мен Бату үнемі бір-біріне кіріп-шығып жүре беретін. Есейе келе, олар бұл жолды кілттерін ұмыт қалдырғанда я жоғалтқанда пайдаланатын болған. Әрине, бұрынғыдай емес, ендігі әрең дегенде, Дана темір шыбықтардың арасынан қысылып-қымтырылып өтті де, баспалап Батудың бөлмесінің терезесінен сығалады. Бір жігіт отыр... Бейтаныс... Тұрпаты бөтен... Дана қалт етпей, әңгімелеріне құлақ түрді.
Әлгі айтқан қазынаң қайда жатыр? Ал, тостаған, шынымен-ақ, алтын ба? Оны қайтіп қолға түсіреміз? – деп, қазбалады Бату тағатсыздана тызалақтап.
Түсінесің бе, біздің іздейтініміз қазына емес. Ал, Алтын тостаған – дүниедегі ең құнды, ең бағалы тостаған, және алтыннан болғандықтан емес... Оны әлі табу керек! – Батудың кіржиген кескінін елеместен, Аспара ежіктеп түсіндіре бастады. – Түсінесің бе, ерте-ерте заманда, бірнеше мыңдаған жылдар бұрын, адамдар әлі үй салмаған, жер жырта алмаған, хайуандарды қолға үйретпеген дәуірде, тек жабайы жеміс теріп, аң аулап...
Ә, білем, ол «алғашқы қауымдық құрылыс» деп аталады! – деп киіп кетті Бату.
Сөзді бөлме, - деп сабырмен өтінген Аспара, баяу дауыспен әңгімесін ағытты: - Сонымен, ерте-ерте заманда, бірнеше мыңдаған жылдар бұрын, адамдар әлі үй салмаған, жер жырта алмаған, хайуандарды қолға үйретпеген дәуірде, тек жабайы жеміс теріп, аң аулап күнелтіп жүргенде, бірде, дәл Наурыз мейрамының қарсаңында түн ішінде аспаннан жарқырай, төрт алтын зат түсіпті. Оны көріп қалған Тарғытай аңшының ұлдары Липоксай, Арпоксай мен Колаксай даланы бетке ала, тұра ұмтылып, ұзамай сол жерден бір-ақ шығады. Жерде төрт алтын зат жатыр екен: Соқа, Мойынтұрық, Айбалта және Тостаған. Бірінші болып Липоксай алайын деп барса, әлгі заттар жалын шашып, оны жолатпапты. Одан кейін Арпоксай алайын деп, қолын созғанда, жалын көкке шапшып, оның өзін жазым ете жаздапты. Ең соңында кіші ұл Колаксайдың кезегі келгенде, жалын өзінен-өзі өшеді де, Колаксай жайымен барлық затқа ие болып, оларды үйіне апарады. Жұрт бұны көктің белгісі көріп, Колаксайды өздерінің билеушісі деп таниды. Білгін, Бату, ұлы Колаксай – менің асылтекті арғы бабам.
Алтын Соқа, Мойынтұрық, Айбалтаның арқасында адамдар жер жыртып, мал бағуды, үй салып, ұсталық етуді үйренді, басқа да небір кәсіп пен өнер түрлерін игерді. Әйтсе де, бәрінен де бағалы қазына, әрине, Алтын тостаған еді. Оған құйылған қара су кәусарға айналатын. Тостағаннан ұрттаған адам дана, шыншыл әрі әділетті жанға айналып, өзгеріп сала беретін болған.
Жыл сайын барша адамдар, барша халықтар Наурызды тойлауға бас қосатын. Көктің ғажайып сыйын еске алысып, бір-бірінің кінәсін кешірісіп, өкпе-реніштен арылып, татуласатын. Мейрам кезінде Тостағанды жағалай айналдырып, жұрттың бәріне ауыз тигізсе де, суы ешқашан таусылған емес. Әр адам Тостағанды қолына алып, бір жыл ішінде өмірінде болған ең маңызды жайтты баяндауы тиіс болған. Адам жазатайым жалған айтса, мақтанса, Тостаған жоғары көтеріліп кетіп, өтірікші одан іше алмаған.
Осы жерге келгенде, ұзақ-сонар әңгімеден қажыған Бату іштей: «Әйтеуір, менің анама мейрамда сондай тостаған тарту ете көрмесін» деп ойлады, ал, сыртқа естіртіп:
Сонда ол сиқырлы тостаған не күйге ұшыраған? – деп сұрады.
Мейрам қарсаңындағы түні көктен түскен киелі жәдігерлерді патшаның киіз үйінен алып шығатын болған. Патша мұрагері, міндетті түрде жападан-жалғыз, салт атпен, әлгі заттарды алып, жан баспаған жапан түзге, олардың әу баста түскен жеріне аттанған. Сол жерге Көктің сыйларын жайғап тастап, таңға дейін күзеткен. Ол таң атқанша кірпік айқастырмауы тиіс болған. Таңертеңгілік қайтып оралған оны жұртшылық ұлықтап қарсы алады. Сөйтіп, той басталады. Осылай мыңдаған жылдар бойы, әрбір он екі жыл сайын жалғасып келген...
Не үшін? Сондай қымбат заттарды айдалаға апарып, олармен бірге түнеудің қажеті не еді? – деп сұрады Бату.
Аспара бір сәт дамылдады, сосын ақырын былай деді:
Мынандай көне жұмбақ бар, бәлкім, әжең саған оны жасырған да шығар:
Жапанда жайнап тұрған бір бәйтерек
Заты бар бұтақ сайын жанға керек:
Балта, шөміш, түрен мен мойынтұрық -
Төртеуін таңдап алдым ерекше елеп.
Бұл жұмбақтың шешуі былай: жапан – түнгі аспан, бәйтерек – аспан жұлдыздары, Тостаған немесе Шөміш – Жетіқарақшы, көне аңшы Арғымерген жұлдызы, балта – Үшарқар (Шідер), түрен мен мойынтұрық – Үркер шоқжұлдызының жұлдыздары. Көктемде бұл жұлдыздар төбемізден ғайып болып, Жерге түседі, сол кезде Жаңа жыл басталады. Аспаннан түскен алтын заттар сол түні көктегі ағайындарымен табысып, олардан тың қуат алып, сосын оны адамдарға беруі тиіс болған.
Алайда, бір жолы Наурызға жиылған жұрт патшазаданы тоса-тоса, келмеген соң, оны іздеуге шығады. Олар төбеге жеткенде, патшазада да, оның аты да, Алтын тостаған да жоқ болып шығады.
Қызық екен, сонда ол қайда кетті? Мүмкін, қазынамен бірге қашып кеткен шығар? – деді Бату жаны кіріп, бірақ, Аспара кәрленіп, оны тыйып тастады.
Даттама, ол менің ағам болатын! Ол ұры емес!
Бату қымсынып қалып, жым болды. Аспара көзін жұмып, іштей күбірлеп алды, сосын қасіреттене сөзін сабақтады:
Ағам жоғалып кеткен күні мен бір жасқа енді толған екенмін... Тостаған жоғалғалы жылдан-жылға ісіміз кері кете берді. Адамдар іші тар, зұлым, өтірікші болып кетті, дәйім араздасып, бір-біріне сенуден қалды. Ақыр аяғы халықтар мәмілеге келе алмай, қалған алтын заттарды талап алып, бет-бетімен әр тарапқа бытырап кетті. Бірақ, бөлек отырып та, тартыс-таласқа желеу табатын болды. Соғыстар белең алды.
Арада он екі жыл өтті. Мен ұландарыммен бірге жауынгер қатарына өттім, әжем Тұмар падиша бізге Ер белдіктерін тартты. Сөйтіп, бірде біз, ұландар жасағы, шолғынға шықтық. Бұл Наурыз туған шақ, киелі заттармен далада түнеп, мейрамға қарай қайта оралатын менің кезегім еді. Бірақ, шаттық орнамады, сол күні жаңа шайқас басталды...
Аспараның үні солғындап барып, ақыры мүлде семді. Кенет асүйден әжейдің даусы жетті:
Бату! Қайда құрып кеттің? Жүр, шай ішеміз.
«Міне, ғажап, - деп ойлады Бату, - мен мектептен осы әзірде ғана келіп, әжем жаңа ғана бауырсақ пісіріп, шай ішуге шақырған сияқты еді, ал, маған осы жарты сағатта жүз жыл өткендей көрінеді... ». Бату түрегеліп, қолын мұңайып, тұқырып қалған Аспараның иығына салды:
Ғафу ет, мен тез келем, әйтпесе, әжем қыр соңымнан қалмайды. Саған да тіске басар ала келем.
Жылдам үй киімін ауыстырып кие сала, асүйге бет алған Бату дәлізбен келе жатып, көзсіңді бұйымдардың, үй қабырғасының, киім-кешектің таңсық көрініп кеткеніне іштей таңырқаумен болды. Әсілі, Аспараны тыңдап отырып, қиял жетегіне еріп кеткен ол өзін, тіпті, салт атты айбынды жас сезіне бастағанын байқамай да қалыпты! Сақ падишасының өзі жауынгер қатарына қабылдап, нағыз қару тағылған жауынгер белдігін тарту еткен, енді, міне, дос-ұландармен бірге барлауға бара жатқан, ертең даңқты ұрысқа кіретін жауынгер бейнесіне кіріп үлгерген Бату өзінің он екі тұтам жебелі сүңгі кезенген еңгезердей салт аттыға қарсы шауып бара жатқанын елестетіп, түршігіп кетті. Ондай сүңгіні әкесі апарған мұражайдан көргені бар. «Құрысын, одан да әжеммен шай ішкенім артық», - деп ойлады ол, асүйдегі орындыққа отырып жатып.
Әжесі тау болып үйілген бір табақ бауырсақты немересінің алдына жылжытты. Майға қуырылған шелпек салынған табақты бетін майлықпен бүркеп, пештің жанына бөлек алып қойды. Бату ыстық бауырсақты ірімшікке қоса асап, соғып алды, бүрген тосабын араластырған шайдан сыңғытты. Әжесі асықпай, кілегейлі сүт қатқан шай ішті. Өзек жалғап алған соң, Бату ойлы жүзбен тосын сұрақ қойды:
Әже, сенде домбыра бар ма?
Осы бір, былайынша, қарапайым сауалды естігенде, әжесі меңірейіп қалды. Сосын кәсесін үстелге қойды да, таңданыспен немересіне көзін тікті:
Мұны сұрағаның қызық екен,оның үстіне Наурызға қараған шақта.Бұл – нышан. Есейейін деген екенсің, құлыным, - деген ол, өз ойымен әуре боп, аз-кем үндемей қалды, содан соң орнынан жіті тұрды. – Жүр.
Шығып бара жатқанда, Батудың есіне Аспара түсіп, бір уыс бауырсақ ала кетті.
Ескіше жабдықталған әжесінің бөлмесі ала күңгірт: терезесін үнемі дерлік перде тұмшалап тұрады. Мұнда Бату өзін ерекше сезінетін. Бір кезде ол еденге төселген кілемге бетін жабыстырып, ғажайыптарға толы дүниеге жетелейтін шытырман тәріздес жұмбақ өрнектердің үстінен саусағымен жүргізіп жатқанды жақсы көруші еді. Әжесі екі аяғын бүгіп, көзін жұма, кей-кейде әлдене деп күбірлеп, қасында отыратын. Сосын көк тамырлары адырайған қолын созып, жұмсақ алақанын бұның шекесіне тигізетін. Бұл белгі болатын. Сол кезде Бату басын оның тізесіне салатын да, әжесі оның қайратты шашын тарамыштап, тағы да күбірлейтін... Бірақ, соңғы кездері, ересек көрінгісі кеп, Бату бұнда сирек кіретін. Ал, бүлдіршін құсап, әжесінің тізесіне басын қойып жату, тіптен, ойдан шыққан.
Әжесі түрлі түсті тастармен безендірген сырлы сандықтан оюлы жапқышты сыпырып, қақпағын ашты. Бірнеше түйіншекті алып шығып, төсектің үстіне қойды, содан соң ең түбінен бір кез қызыл барқытқа ораулы әлдебір ұзынша затты шығарды. Күрсініп, әлгі затты әрі-бері кеудесіне басып тұрды да, төсекке отырды. Жасаураған көзімен немересіне қарады:
Қарабарқын бөлмеде орнай қалған тыныштық, әжесі өзінің ең қымбат, естелік бұйымдарын сақтайтын, үнемі құлыптаулы тұратын сандықтың аузы ашылғаны әлдебір сырдың шетін аңғартқандай еді. Ақыры әжесі сөйлеп кетті:
Қаршадай қыз кезім еді, ол шақта біз ауылда тұратынбыз. Бірде түн ішінде қатты тарсылдан ояндық. Қара былғары күрте киінген жаман адамдар менің әкемді, сенің арғы атаңды іздеп келіпті. Әрқайсысының белінде бір-бір кобура салақтайды. Ол кезде түк түсінбеген едім, тек бір сұмдықтың болғанын сездім. Олар әкеме бірдеңе деді, сосын шкафтарды ашып, үстелдің суырмаларынан қағаздарды еденге лақтырып, кітаптарды, киімімізді сілкіп, жырта бастады, көрпе-жастықтарды сөгіп, бөлмелерде мамық ұшты. Олардың бірі, ең жасы, тіпті, менің ойыншықтарым салынған қорапты төңкеріп тастады. Мен жылап жібердім... Қара адамдардың басшысы әлдене деп жекірді. Әкем үн-түнсіз мені қолына көтерді де, әр кез үйден шығардағы әдетінше, басымды бетіне тигізіп, иіскеді. Сосын мені шешеме беріп, оның бетінен сүйді де, пенжегін жамылып, есікке беттеді. Әлгі жасы ыржалақтап, қабырғадан әкемнің домбырасын алды да, төсектің темір арқалығына бір-ақ ұрды. Жаңқалар еденге шашылды. Оның зәрлі шегір көздері әлі күнге есімнен кетпейді...
Олар кетіп қалды. Сол кезде мен әкемді соңғы рет көріп тұрғанымды ұға қоймаппын. Әкемнің әлгі адамдарды несімен ренжіткенін, неліктен олардың оған сонша өшіккенін де ұға алмадым. Ол мейірбан, көңілді жан еді ғой, ғажайып әндер мен ертегілер шығаратын! Ертегілерді де ол маған әндетіп айтатын, сол кезде домбырасына да жан бітетін: әкем онымен тілдескендей болушы еді.
Шешем егіліп жылады, ал, мен сынған домбыраға қарай бердім, кенет оның ішектері өздігінен арпалысып, еміс-еміс күмбірлеп тұрғандай көрініп кетті. Жалма-жан сынықтарын жинап алып, әкемнің домбырасын шатырдың астына апарып тастадым. Содан кейін қара адамдар шешемді де алып кетті. Оны «халық жауының жары» деді. Содан қайтып оны көрмедім. Ал, мені жетімдер үйіне жіберді.
Ес біліп, етек жапқан соң, туған аулыма бардым, ескі тамымызды тауып алдым. Онда тұрып жатқан бөтен адамдар төбеге шығуыма рұқсат етті. Әкемнің шүберекке ораулы сынған домбырасы бұрышта әлі жатыр екен! Алып, жөндеуге бердім. Әредікте шертіп көрген-сымақ болып жүрдім. Бірақ, онымнан ештеңе шықпады, әкем үйретіп үлгермеді ғой: оны алып кеткенде, мен ес білмеген бала едім. Домбыра осы жылдар бойы сандықта сақтаулы жатты...
Әжесі сәл мүдірді, сосын Батудың басын төсіне басып, ақырын ғана иіскеді.
Қанішерлер әкемді айдап әкеткен күннен тура алпыс жыл өткенде сен дүниеге келдің.
Сен туатын түні түс көрдім. Ол жап-жас қалпы, күлімсіреп, домбырасын тартып отыр екен, бір кезде маған қарап, бірдеңе деді. Мен тек «Бату!» деген есімді ғана естіп қалдым. Осы атты саған қойғаным да содан. Бату «батыл, батым, бекем, айтқанынан қайтпайтын» дегенді білдіреді. Сен менің әкеме ұқсайтын қайсар, күшті, мейірімді болып өсерсің деп үміттенгенім ғой.
Әжесі барқытты жазып, домбыраны ұсынды.
Сосын сен күндердің-күнінде арғы атаңның домбырасын сұрарсың деп те үміттенген едім. Енді бұл сенің домбыраң, Бату!
Толқып кеткен Бату, үнсіз әжесінің қолынан домбыраны алып, бөлмесіне қайтып келді. Ештеңені елемей, терезеге тақады да, домбыраны алдына қойып, маңдайын салқын әйнекке тигізді. Балконда тұрған Дана шетке ыршып кетті, бірақ, Бату бетпе-бет кезігіп қалса да, оны байқамас еді...
Саған не болған? – деп сұрады Аспара.
Бату оған баяу бұрылды да, есіне түсіргендей, бір түрлі қарап қалды:
Ә, сенбісің... Демек, түсім болмағаны ғой?
Аспара аспапты қолына алып, мұқият қарап шықты. Батудың арғы атасының домбырасы Дананікіне ұқсамайтын: нәшсіз, бескүл келген бітімі бөлекше, мойны қысқалау. Сырланбаған қақпағы әр жерінен қарайған, ал, ортасы, ойығының тұсы, керісінше, қисапсыз көп үйкелістен қажалып, ақжем болған. Ішектері жылтыраған мөлдір сым емес, қолдан иірілген ақшыл-күлгін ширатпа. Аспара домбыраны төңкергенде, жамауының ізі көрінді.
Ұлдардың назары ауып кеткенін пайдаланып, Дана терезеге қайта жабысты.
Міне, бізге керегі – осы, - аяқ астынан Аспараның сөз сарыны өзгеріп шыға келді. Ол кесімді түрде, нақ-нақ сөйледі. – Жүреміз! Сауыт-сайманыңды киін, жау-жарағыңды тағын!
Бату сасып қалды.
Болсаңшы! Қылыш, садақ-жебе, қанжар, дулыға, кіреуке! Қайда соның бәрі?
Бату шкафты ашып қалып еді, ішіндегісі селдей сыртқа ақтарылды. Жейде, джинсы, футболка, кітап, дәптер, дискілер мен конструктор тетіктерінің үйіндісін қопарыстырып, арасынан тізеқап маталып қалған велосипед шлемін суырып алды.
Мынау жарай ма?
Хм-м... – деп, міңгір етті аңтарылып қалған Аспара.– Басқа дулыға жоқ па? Жә, керегі жоқ. Кеттік!
Домбыра ұстаған Аспара мен Бату табалдырыққа кеп тұрды. Аспара: «Жол тәңірі, жебей гөр!» деді, сосын бір мезгілде сол қолының саусағымен шыңырау пернені басып тұрып, оң қолымен ішектерді қағып қалды. Бастапқыда Батуға бәлендей ештеңе бола қоймағандай көрінген. Бірақ, мына дыбыс, құдды, айналадағының бәріне жан бітіргендей болды да, ауа, домбырамен үндесе тербеліп, дір ете қалды. Сол-ақ екен, жүрегі лүпілдеп, жып-жылы толқындар жан-жүйесін түгел жайлап алды, сол кезде Бату ыстық шайға салған қант кесегіндей, кенет ауаға сіңіп бара жатқанын сезінді... Күрт ұйтқыған жел екпіні оны иірімдей тартып, ала жөнелді, әлде Батудың өзі құйынға айналып, әлдеқайда көкке жеп-жеңіл қалықтап кете барды!
Дана аң-таң болып, аузы ашылып қалды: жаңа ғана осы жерде тұрған балалар ғайып болды! Аңырған күйі ол бекітілмеген балкон есігін итеріп қалып, Батудың бөлмесіне енді. Төсектің, шкафтың астына үңілді, тысырсыз, дәлізге сығалап қарады. Ұшты-күйлі жоқ! Сонда олар қайда кетті? Шынымен-ақ, екеуінің шығып кеткенін байқамай қалғаны ма? Иығын қомдап, үйіне қайтуға беттей берген Дананың көзі үстелде жатқан өз домбырасына түсті. Оны қолына ала сала, далбасалап дыңғыр еткізген қыз, кенет қаққан қазықтай сілейіп тұрып қалды: бұл жұмбақтың шешуін тапқан сияқты. Дана қуақылана жымиды:
Әп, бәлем, Бату, мен саған көрсетермін!
Достарыңызбен бөлісу: |