1 ДӘРІС. ҒЫЛЫМИ ІС-ӘРЕКЕТ (ҒЫЛЫМИ ПРОЦЕСС РЕТІНДЕ)
Мақсаты: Ғылыми іс әрекет дегеніміз не, оның таным процесінің ерекше формасы екенін көрсетіп, мақсаттары мен ерекшеліктері, маңызы мен мазмұны жайлы ақпарат беру.
Жоспар:
Ғылым – таным процесінің ерекше формасы.
Ғылыми шығармашылық.
Ғылыми іс - әрекет, оның мақсаты мен ерекшеліктері.
Студенттердің ғылыми – зерттеу жұмыстары – курстық және дипломдық жұмыс.
1. Ғылым – таным процесінің ерекше формасы.
Ғылым – адамдардың табиғат, қоғам, ойлау туралы білімдерінің жүйесі. Осы үш саланың әрқайсысына қатысты ғылымдардың жеке салалары және олардың даму заңдылықтары бар.
Қазіргі заманғы ғылым – жаңа білім өндіру және мақсатқа сай оны беріп отыру жөніндегі әлеуметтік бағдарлы қызмет, қоғамдық өндірістің өзіндік түрі, жиынтығында дүниенің ғылыми бейнесін құрайтын білімдер жүйесі, аса маңызды әлеуметтік қару. Қоғамдық сананың түрлерінің бірі әрі ерекше қызмет бола отырып, ғылым, К.Маркс айтқандай, қоғамның идеалдық және практикалық байлығын білдіреді.
Қазіргі жағдайларда ғылым ұжымы жетекшісінің рөлі артып отыр. Социологиялық зерттеулер ғылыми – зерттеу жұмыстардың төмен нәтижелілігі ғылыми кадрларды орналастыру мен пайдаланудың дұрыс еместігінен, жеке салалар мен қызметкерлердің, ең алдымен жастардың жұмысына ғылыми жетекшіліктің нашарлығынан екендігін дәлелдейді. Масаманданған ғылыми жетекшіліктің маңызы әсіресе қысқа мерзімді зерттеулер бағдарламаларында арта түседі.
Ғылыми еңбектің тиімділігін арттырудың және ғылыми қызметті интенсивтендірудің басты жағдайларының бірі зерттеулерді ақпараттық қамтуды жақсарту, ғылыми коммуникация жүйелерін, ғылыми ұжымдар арасындағы байланыстарды одан әрі дамыту болып табылады.
Ғылымтану мәселесі төңірегінде қазіргі заманғы ғылымның логикалық – гносеологиялық, әлеуметтік, экономикалық, құқықтық және басқа көптеген зерттеулер топтасуда. Ғылыми білім мен ғылыми қызмет дамуының нақтылы процестері мен бағыттары туралы маңызды эмперикалық (тәжірибелік) мәліметтер қорланды және қорлануда. Қазіргі ғылымтануда социологиялық проблематика неғұрлым үлкен орын алып келеді.
Ғылымтану алдымен ғылымды зерттеудің алуан түрлі бағыттарының, типтерінің жалпы атауы, олардың ішінен негізгі алтауын бөліп көрсетуге болады. Біріншіден, ғылымды логикалық – гносеологиялық зерттеу, оның пәні ғылыми білімнің өзі, оның құрылымы, оның дамуының логикасы мен диалектикасы болып алады. Екіншіден, тұтасынан алғанда ғылым дамуының нақтылы тарихи процесіне және оның жеке көріністеріне көңіл бөлетін тарихи – ғылыми зерттеулер. Төртіншіден, ғылым дамуының экономикалық проблемаларын зерттеулер. Бесіншіден, ғылым творчествосының психологиясын зерттеулер. Алтыншыдан, ғылымды сан тұрғысынан түсіндіру методы ретінде ғылым өлшеу зерттеулері.
Сонымен, ғылым – күрделі көп өлшемді әлеуметтік құбылыс әрі білімнің түрлі салалары, алуан түрлі нақтылы тарихи жағдайларда оны алуан түрлі жақтарынан зерттейді.
Қорыта айтқанда, ғылым қоғамдық өмірге, әсіресе техникалық – экономикалық дамуға, әлеуметтік басқаруға, білім жүйесін және адамның дүниеге көзқарасын қалыптастыруға белсене қатысатын әлеуметтік институттардың біріне айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |