15-дәріс. Үстеу. Үстеулердің қалыптасу тарихы. Үстеулерге қатысты ғалымдардың көзқарастары. Үстеудің семантикалық топтары, морфологиялық сипаты, синтаксистік қызметі. Еліктеу сөз. Одағай
15-дәріс. Үстеу. Үстеулердің қалыптасу тарихы. Үстеулерге қатысты ғалымдардың көзқарастары. Үстеудің семантикалық топтары, морфологиялық сипаты, синтаксистік қызметі. Еліктеу сөз. Одағай Өзге сөз таптары сияқты морфологиялық өзгеріске түспейтін, іс-әрекеттің, сын-сапаның әр түрлі белгілерін, сипатын, жай-күйін білдіретін сөз табы үстеу деп аталады. Үстеулер сөйлемде қашан? қанша? қайда? қалай? деген сұрауларға жауап береді. Мысалы: кеше ауылға барып қайттым. Үстеу құрамына қарай дара және күрделі үстеу болып бөлінеді.
Бір сөзден тұратын негізгі немесе туынды үстеу дара үстеу деп аталады: жай, амалсыздан, әдейі, дереу, ертең, кілең, ақырын, бағана, ілгері, т.с.с.
Бір ғана түбірден тұратын, сөз тудырушы жұрнақ жалғанбаған, әрі қарай бөлшектеуге келмейтін үстеулер негізгі үстеулер деп аталады. Мысалы: аса, тым, үнемі, дайым, дәл, ерте, кеш, сәл, т.б.
Басқа сөз таптарына сөз тудырушы қосымшалар жалғану арқылы жасалған, қосымшалардың түбірге сіңісіп көнеленуі арқылы қалыптасқан үстеулер туынды үстеулер деп аталады. Мысалы: ертесіне, түнде, кешке, кенеттен, әзірге, текке, босқа, баяғыда, лезде, т.б.