2-нұсқа. «Жаһандану мәселелері» бөлімі Жаһандану дәуіріндегі ұлттық болмысымызды қалай сақтап қаламыз? Эссе Жаһандану – бұл аты айтып тұрғандай, жер бетіндегі барлық мемлекеттердің саяси, экономикалық, мәдени жағынан біртұтастануы, бірігіп бір жүйеге келуі. Әлемді шарлаған осы құбылыстың салдарынан жер бетіндегі сан алуан этностардың мәдениеттері мен менталитеттері ұмытылып, жойылып кету қаупінде тұр. Әрине, тарихи-саяси жағдайларға байланысты өз дүниетанымынан, ұлттық менінен айрылып қалып, өзге танымның жетегінде кеткен, талай ұлттар мен ұлыстар тіпті тарих сахнансынан жоғалып кетті. Дегенмен, бұл жоғалулар соғыспен жаулап алу саясатынан туындаған еді. Ал жаһандану – жаңа дәуірдің соғыссыз жаулап алу саясаты деп түсінемін.
Жаһандану дәуіріндегі қазақ қоғамында америкаландыру, вестернизация, исламдандыру, қайта қазақтандыру сияқты жағымды жағымсыз идеялар билікке таласып келеді. Мен бұл идеялардың ұтымды-ұтымсыз жақтарын өз ойымша талдап көрейін:
Америкаландыру – бұл көп ұлтты Қазақстанды бір ұлтқа, атап айтқанда, ешқандай ұлттық бөліп-жарусыз, бір ғана «Қазақстандықтар» деп атауға көшіру деп түсінемін. Бұл – ұлтаралық қақтығыстарды жоюы мүмкін, бірақ көне заманнан Ұлы даланы билеген ұлы халықты, ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымынан айырады.
Вестернизация - батыстандыру. Саясат, экономика, ұлттық мәдениетімізге батыстық құндылықтарды, принциптерді, әдістерді, тәсілдерді енгізу арқылы ғылыми жетістіктерге жол ашуы мүмкін, бірақ ұлттық діліміз бен тілімізден айырары анық.
Менің ойымша қалған екі идея – исламдандыру мен қайта қазақтандыру жаһандану дәуірінде ұлттық болмысымызды сақтап қалудың ең тиімді жолы. Өйткені, ислам арқылы мына қатыгез, жауыз заманда адамзат баласы мейірім мен махаббатқа жол табады. Ал қайта қазақтандыру арқылы өз тілімізге, ділімізге, салт-дәстүрімізге, ұлттық құндылықтарымызға бағыт аламыз. Ғылым мен технологияның дамыған дәуірінде өскелең ұрпаққа білім беру әсте қиын емес, ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін, әр баланың жүрегіне мейірім мен махаббат берсе, еліміздің болашағы қашанда жарқын болмақ.