Ахмет йүгінекидің «АҚИҚат сыйы» туындысының танылу жолы, зерттелуі алтынбеков қ. С., Торахматова з. Б. Бұл мақалада көрнекті сөз шебері Ахмет Йүгінекидің «Хибат-ул хақайық»



Дата15.09.2017
өлшемі136,83 Kb.
#33045
ӘОЖ 801.81(574/575)

АХМЕТ ЙҮГІНЕКИДІҢ «АҚИҚАТ СЫЙЫ» ТУЫНДЫСЫНЫҢ ТАНЫЛУ ЖОЛЫ, ЗЕРТТЕЛУІ
АЛТЫНБЕКОВ Қ.С., ТОРАХМАТОВА З.Б.
Бұл мақалада көрнекті сөз шебері Ахмет Йүгінекидің «Хибат-ул хақайық» («Ақиқат сыйы») туындысының танылу, зерттелу мәселелері қарастырылған.

Кілт сөздер: поэзия, дидактика, аруз, бәйіт, аударма, әдеби жәдігер, нұсқа.
Әдиб Ахмет ибн Махмуд Йүгінеки, біздің дәуірімізге жеткен деректерге қарағанда, араб, түрік тілдерін жетік меңгерген, өз заманының оқымыстысы, өз ортасының білімді адамы болған. А.Йүгінекидің ежелгі дәуірлердегі әдебиетіміздің тарихында елеулі орын алатын әдеби мұралардың бірі – «Хибат-ул хақайық» («Ақиқат сыйы») деп аталатын туындысы.

Ақынның есіміне Йүгінеки атауының қосыла жазылуы сол кездегі дәстүр бойынша оның қай жерден шыққандығын білдіреді. Ахмет Йүгінекидің туылып, өмір сүрген жері Йүгінектің (Жүйнек) қай жерде екендігі жөнінде кезінде әртүрлі ойлар айтылып келген болатын. Мәселен, В.В.Бартольд Югнак (Жүйнек) деген жер Самарқанд маңында десе, өзбек ғалымы Н.М.Маллаев Юғнак Ферғана, Түркістан аймақтарында бар деген.

Қазақтың Р.Бердібай, Х.Сүйіншәлиев, А.Қыраубайқызы, Н.Келімбетов, Б.Сағындықов, Ә.Құрышжанов, т.б. ғалымдары Ахмет Йүгінекиді Түркістан маңындағы Жүйнекте (Югнак) туылып өмір сүрген дейді. Бұл пікір қазіргі кезде ғылымда толығымен орнықты деп айтуымызға болады.

А.Йүгінекидің қай жылдары өмір сүргені, өмірі мен ақындық қызметі жайында мәлімет аз. Әйтседе ақын жайлы «Ақиқат сыйының» ертеректе хусниқатшылар (каллиграф) көшірген нұсқаларында шығарманың авторына қатысты мынандай мәліметтер бар:

Ахмет Әдіб – атым, үлгі – сөзім,

Қалады мұнда сөзім, кетем өзім.

Күз келер, жаз да кетер, өмір де өтер,

Сонымен жұмылар да екі көзім [1, Б. 87-88].

1444 жылы Самарқан қаласында Арыслан Қожа Тарханның айтуымен көшірілген осы нұсқадағы:

Әдиб елін, «аты – Йүгінек» дер еді,

Өте сұлу, таза ауалы жер еді.

Махмуд-и Йүгінек-и баласы –

Әдиб Ахмет, жоқ ешкімнің таласы [1, 89-б].

деген өлең жолдарынан ақынның шын аты Әдіб Ахмет (Йүгінеки – лақап аты), әкесінің есімі Махмұд екенін білеміз. «Әдіб» сөзі араб тілінен аударғанда «тәрбиелі, оқымысты, жазушы, әдебиетші» деген мағынаны береді екен.

Көшірме нұсқалардың бірінде «Біреудің Ахмед туралы айқаны» деген мынандай өлең шумағы келтірілген:

Көрмеген туа біткен Әдіб көзі,

Тұрады он төрт баптан осы сөзі.

Жүк болса піл көтермес алтын-күміс,

Соған тең осы аз ғана сөздің өзі [1, 88-б].

Осы өлеңдегі дерекке орай ғалымдардың көбісі А.Йүгінеки анасынан көзі соқыр болып туған десе, енді бір зерттеушілер соқыр болып туылған адам қалайша табиғат сұлулығын тамашалап, поэтикалық тілде қалай суреттейді? Шығыс әдебиетін қалай оқып игереді? деген пікірлерді алға тартады. Ақын шығармашылығын зерттеген ғалымдардың пікірі Ахмет Йүгінеки шығармаларын айтып отырып біреуге жаздырған болу керек дегенге саяды. Ақынды өз дәуірінде танымал еткен туындысы «Хибат-ул хақайық» («Ақиқат сыйы») деп аталатын туындысы еді. Орта ғасырда ислам дәуірінің этикалық, моральдық, дидактикалық мәселелерін зор білгірлікпен жырлаған сөз зергерлерінің бірі Ахмет Йүгінекидің бұл еңбегі кезінде жұртшылықтың сүйіп оқитын кітабы қатарында болған. «Әдибті Орта Азияның өз заманының көрнекті ақындарының бірі деп санаған» [1, 13-б] Әлішер Науаи оны жоғары бағалап, өлеңдерінен үзінділер келтіреді екен.

Йүгінекидің өз дәуірінде атақты, танымал болғандығына кітапта келтірілген Әмір Сейфәддин деген кісі айтты деген:

Ақындардың ақыны, жақсылардың басшысы,

Гауһардай асыл сөз айтқан, басқа сөздің құны жоқ [1, 66-б] өлең жолдары дәлел болады.

Ислам дәуірінің атақты ақындарының бірі деп саналатын Йүгінекидің бізге жеткен жалғыз туындысы «Хибат-ул хақайық» («Ақиқат сыйы») зерттеуші ғалымдардың шамалауынша ХІІ ғасырдың аяғы – ХІІІ ғасырдың бас кезінде жазылған. Құран тілі болып есептелетін араб тілінде және парсы тілінде шығарма жазу сол кездегі əдеби дəстүр болатын. Ақын бұл еңбегін өзіне дейінгі қалыптасып қалған бірнеше ғасырлық осы əдеби дəстүрді бұзып Жүсіп Баласағұни, Ахмет Ясауи ізімен түркі тілінде жазады. Өзі өмір сүрген дәуірдегі, яғни Қараханидтер мемлекетіндегі түркі тектес халықтар тілінде жаза тұрып, шығармасына арабша «Хибатул-хақаиқ» деп ат береді.

А.Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» атты жалғыз еңбегінің түпнұсқасы сақталмаған. Ғалымдардың пікірінше, «Хибат-ул хақайық» қайтадан өңделіп көшірілгенде ХV ғасырдағы шағатай тілінің элементтері ескерткішке еніп кеткен. Одан кейінгі көшірмешілер де өз тарапынан азын-аулақ «өзгерістер» енгізген. Міне, осыдан келіп кейінгі заманның тіл элементтері араласқан. Бірқатар зерттеушілердің бұл ескерткішті қараханид əдебиеті мен шағатай əдебиетінің аралығында көпірлік қызмет атқарады деп есептеуіне де көшірмешілердің осы редакциялық өзгертулері негіз болса керек. «Хибат-ул хақайықта» араб пен парсы элементтері, сөз орамдары Ж.Баласағұнидің «Құтты білігіне» қарағанда көбірек. Яғни бұл XI ғасырдан кейін болған құбылыс. Егер «Хибат-ул хақайықты» ХШ-ХІV ғасыр ескерткіштерімен салыстыра қараса, керісінше, онда араб жəне парсы элементтері əлдеқайда аз екенін байқауға болады екен. Оның үстіне «Хибат-ул хақайықтағы» біраз архаизмдік ерекшеліктер ХШ-ХІV ғасыр ескерткіштері түгіл XI ғасырда жазылған «Құтты білігі» мен М.Қашқаридың «Дивани лұғат ит-түркінде» де кездеспейді екен. Бұл фактілер ғалымдардың ескерткіштің жазылу кезеңі ілгеріде деп айтуларына мүмкіндік береді.

Ахмед Йүгінеки өзінің дастанында қоғамдық өмірдің аза бастағанын, діннің бұзылғанын қынжыла айтады. Осыған орай зерттеуші ғалымдар бұл Қараханид мемлекетінің ыдырап, бытыраңқылыққа ұшырап, қара киданьдарға (қытайларға) бағынатын кезеңінің алды емес пе екен деген пікірлер білдіреді. Тарихи деректерге жүгінсек, қара киданьдар 1137-1216 жылдардың аралығында Орта жəне Орталық Азияға, оның ішінде қараханидтерге толық билік жүргізген. Егер жоғарыда келтірілген пікірлер дұрыс болса, «Хибат-ул хақайық» ХІІ ғасырдың аяғында емес, тіпті бас кезінде жазылуы мүмкін болып шығады.

Ә.Құрышжанов, Б.Сағындықов, Н.Келімбетовтің айтуынша «Бірқатар қолжазбаларда бұл шығарманың аты «Айбатул-хақайық», ал кейбіреулерінде «Атебатул-хақайық» (Шындық қақпасы), «Ақиқат сыйы» («Хибат-ул хақайық») деп жазылған [2, 217-б].

А.Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» еңбегінің біздің заманымызға жету жолына тоқталсақ, қазіргі кезде бұл шығарманың бірнеше қолжазба нұсқасы мәлім, яғни, нақтырақ айтсақ, ХІҮ-ХҮ ғасырларда жазылған алты нұсқа көшірмесі жеткен.

Бірінші нұсқа: 1444 жылы Самарқан қаласында Аркелан Қожа Тархан әмірімен атақты каллиграф Зейнул-Абидин Джурджани Құсайын жазған нұсқа. Ол 508 жылы ұйғыр жазуымен жазылған. Арасында араб жазуымен берілген жолдар бар. Тарханның атынан жиырма жолдық өлең тіркелген. Бұларда ақын Ахмед Йүгінеки туралы азын-аулақ мағлұмат айтылады. Қазір Стамбулда, Ая – София кітапханасында сақталған. Бұл солардың ішіндегі ең көлемдісі және толық сақталғаны осы – Самарқан нұсқасы. «Ақиқат сыйы» дастанының бұл көне қолжазбасы табылғаны жөніндегі алғашқы мәліметті түрік ғалымы Неджип Асым 1906 жылы хабарлаған. Бұл көшірме ескерткіштің біздің заманымызға келіп жеткен нұсқаларының ең ескісі болып есептеледі. Сырты былғарымен қапталып, өз алдына жекеше кітапша болып түптелген. Өте сапалы қағазға жан-жағы əшекейленіп, ұқыпты көшірілген. Тақырыптары, мысалға келтірілген аят, хадис, бəйіттер араб тілінде араб жазуымен берілген. Көшірменің бір беті жоғалған.

Екінші нұсқа – А: Дастанның бұдан кейінірек, дәлірек айтсақ, 1480 жылы көшірілген нұсқасы (Стамбулда) ұйғыр, араб жазуымен жолма жол жазылған. Көлемі – 506 жол. Бұл көшірме де Айя-София кітапханасында сақталған. Мәтініне түсінік беріліп отырған. Сыртқы құрылысы бірінші нұсқасына ұқсайды, бірақ ұйғыр жазуы жолма-жол араб жазуымен транскрипцияланған. Соңында екі жол бəйіт қалып кеткені болмаса, ең толық нұсқа болып саналады. Көшірген Шейхзада Әбдіразақ баласы деген жазған.

Үшінші нұсқа – Ә: ХІҮ ғасырдың аяғы немесе ХҮ ғасырдың басында көшірілген 498+28 (526 жол). Араб жазуымен жазылған. Салыстыра зерттеген ғалымдардың айтуынша алдыңғы айтылған көшірмелерден бұл нұсқада 18 жол бəйіт қалып кеткен. Алайда, бұл нұсқада сұлтан Баязид II (1481-1512) мөрі бар. Сондықтан бұл нұсқа XV ғасырдың аяғы мен XVI ғасырдың басында көшірілуі мүмкін деген пікірлер бар.

Стамбулдың Топ-қапы сарайында сақталған. Қазақ ғалымдары Ә.Құрышжанов, Б.Сағындықовтар осы нұсқасын 1985 жылы қазақ тіліне аударып кітап етіп баспадан шығарды.

Төртінші нұсқа – Б: Бұл нұсқа Ұзын көпірдегі Сейіт Әлі дегеннің жеке кітапханасынан табылып, Анкара кітапханасына тапсырылады. Кейіннен ол нұсқа жоғалып кеткен. Бұл нұсқа жайында жекелеген зерттеушілердің бірен-саран мақаласы ғана сақталған екен.

Бесінші нұсқа (В) Анкарадағы Маариф кітапханасынан табылған. Араттың айтуына қарағанда, бұл нұсқаның төрт-ақ беті сақталып, өзгесі жоғалып кеткен. Мұнда белгілі бір жүйелілік сақталмаған.

Алтыншы нұсқа (Г) Берлиндегі Пруссия Ғылым академиясыңда ұйғырша жазбалар арасында сақталған бір-ақ парақ қағаз. Үзінді ұйғыр жазуымен көшірілген.

Бұлардың ішінде алғашқы үш нұсқаның ғылыми құндылығы жоғары болып саналады. Бұл дастанның ғылымға мәлім болған нұсқаларын салыстыра отырып, шығарманың толық мәтінін әзірлеген түрік ғалымы Рашид Арат Рахмат болды. Ол 1951 жылы осы дастанның толық мәтінін әзірлеп, оны латын әрпімен кітап етіп шығарды. Белгілі түркітанушы Э.Н.Наджип өзінің «Исследования по истории тюркских языков, XI-XIV вв.» атты еңбегінде осы жоғарыда көрсетілген төрт нұсқасына тоқталып өтеді.

Сөйтіп, біздің заманымызға Ахмед Йүгінекидің өз дəуірінде жасалған бірде-бір көшірме келіп жетпеген. Жоғарыда аталған нұсқалардың барлығы Арслан Хожа Тархан өңдеткен варианттың көшірмелері болып саналады.

ХХ ғасырдан бастап қазіргі кезге дейін Ахмет Йүгінекидің бұл дастанын тіл, әдебиет, тарих және философия ғылымдары тұрғысынан біршама дəрежеде жан-жақты зерттеліп, шығарманың ғылымға негізделген мәтіні, сөздігі, траскрипциясы әзірленіп, оны басқа тілдерге аудару жөнінде дүниежүзі түрколог ғалымдары тарапынан айтарлықтай жұмыстар атқарылған екен.

Ахмед Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» дастанын алғаш рет ғылыми жұртшылыққа танытқан, бұл ескерткішпен арнайы шұғылданғандар ғалымдар Неджип Асым мен Рашит Рахмати Арат болды. Дастанды жан-жақты зерттеу ісін қолға алып ғылым дүниесін алғаш танытқан – түрік ғалымы Неджип Асым (1915 жылы). Неджип Асымның «Хибат-ул хақайықты» бірінші танытушы ретінде ғылыми еңбегі өте зор. Алайда оның зерттеулерінде елеулі кемшіліктер мен олқылықтар болғанын түрколог ғалымдар бір ауыздан ескертеді. Мысалы, Ə.Н.Наджип былай деп жазады: «Издание Неджипа Асыма снабжено соответствующим научным апаратам – словарем и грамматическим очерком, но оно не лишено недостатков научного и технического порядка. Допущенные в нем ошибки объясняются в основном тем, что издание этого списка было осуществлено тогда, когда другие списки оставались неизвестными» [3, 68-б].

Сол сияқты бұл еңбектің танылуында түрік ғалымы Рашит Рахмати Араттың да еңбегі өте зор. Ол ескерткіштің кітапханада сақталған мәтіндерін суретке түсіріп, көшірмесін жинаған. Сөйтіп, өзінен кейінгі зерттеушілерге үлкен іс қалдырған. Сонымен қатар өзінен бұрынғы зерттеушілердің пікірін жинақтап, өз топшылауларын айтқан. Бұдан кейін оған М.Көпрүлү, В.Радлов, Т.Ковальский, Й.Дени сияқты шығыстанушы ғалымдар ерекше көңіл бөліп, белсене ат салысып Қараханид дəуірінің аса бағалы мұрасы ретінде бірнеше ғылыми мақалаларын жазады.

«Ақиқат сыйын» орыс ғалымдарынан Е.Э.Бертельс, Э.Н.Наджип, С.Е.Маловтар да зерттеген. А.М.Щербактың Шығыс Түркістанның X-ХШ ғасырлардағы жазба мұраларының тілі жөнінде жазған грамматикалық очеркінде құнды ғылыми пікірлер айтылып, келелі тұжырымдар келтіріледі. Онда жүйелі болмағанымен «Һибат-ул хақайыққа» да қатысты жерлер баршылық.

Кеңес дәуірі кезінде өзбек ғалымы Қ.Махмудов «Хибат-ул хақайық» дастанымен арнайы шұғылданып, өзбек тіліне аударып, осы ескерткіштің материалдары негізінде кандидаттық диссертация қорғайды. Кейінірек монографиясын 1972 жылы кітап етіп шығарды. Бұл зерттеуде ескерткіштің фонетикасына, морфологиясына сипаттама беріледі.

Ахмет Йүгінеки қазақ ғылымында зерттелуі кенжелеп қолға алынған қаламгердің бірі болып саналады. Алғашқылардың бірі болып тілші ғалым Ə.Құрышжанов аталған ескерткіштен азын-аулақ үзінділер жариялап, біршама мағлұмат берген, зерттелу барысын сипаттап жазған.

Дүниежүзі əдеби жұртшылығы үшін баға жетпес бұл ғажайып туындыны қазақ жұртшылығына ескі түркі тілінен аударып, таныстырған ф.ғ.д., профессор Берікбай Сағындықов болды. Белгілі ғалым, білікті тіл маманы Б.Сағындықов «Һибат-ул хақайық» – ХІІ ғасыр ескерткіші» деп аталатын зерттеу еңбегін жазып, онда бұл көне дәуір жәдігерлігіне алғаш рет тілдік кең түрде, ғылыми тұрғыдан талдау жасады. Ғалым «Хибат-ул хақайықтың» араб жазуымен жазылған нұсқасын бірінші рет ғылыми ақпаратпен толық жабдықтай отырып, қолжазбаны ғылыми айналымға түсіреді. Бұл тұрғыда Р.Арат нұсқасын, Н.Асым мен Қ.Махмудов нұсқасын басшылыққа ала отырып, ескерткіштерді тарихи-салыстырмалы əдіспен зерттеп, текстологиялық жағынан салыстыру үшін барлық нұсқаларын жариялайды. Б.Сағындықов орта ғасырлардағы түркі әдеби жәдігерліктерінің тілі туралы айта келіп: «Дұрысы – әр нәрсені өз атымен атаған жөн. ХІ-ХҮІ ғасырлар арасында таралған жазба әдебиеттің кез-келгені көне түркі әдеби тілінде жазылған деп есептесек қателеспейміз. Бұдан былай ана әдеби тіл, мына әдеби тіл деп бірнеше әдеби тілге бөлуімізді тоқтатқанымыз дұрыс. Қай жерде, қай кезеңде жазылғанына қарап, көне түркі әдеби тілінің оғыз варианты, көне түркі тілінің қыпшақ варианты, көне түркі әдеби тілінің түрікмен варианты, т.б. деп атаған жөн», – деп аса құнды тұжырым жасайды. Ғалымның бұл тұжырымы сол кезге дейін Ахмет Йүгінекидің «Хибат-ул хақайық» («Ақиқат сыйы») туындысының тілі жөнінде әртүрлі айтылып келген пікірлерге байланысты айтылған еді.

Мұнда дастанның транскрипциясы, аудармасы, зерттеу тарихы, ғылыми сипаттамасы, лексика-грамматикалық ерекшеліктері «түрікше-орысша-қазақша», «арабша-орысша-қазақша», «парсыша-орысша-қазақша» сөздіктері тұңғыш рет жарияланды.

Ғалымның өзі ол жөнінде: «Бір ескерткіштің бір нұсқасы мен екінші нұсқасының арасында көп болсын, аз болсын бір қатар айырмашылық болатыны ғылыми жұртшылыққа белгілі. Осы себептен де тарихи жазба ескерткіштердің əртүрлі нұсқалары бірнеше зерттеушінің назарына ілігіп жүр. Мысалға, Хорезмидің «Мухаббат намесінің» ұйғыр жазуымен көшірілген вариантын А.М.Щербак зерттесе, араб жазуымен көшірілген вариантын Э.Н.Наджип зерттеген. «....Р.Арат А нұсқасын транскрип-циялағанда ғылыми принцип ұстанбаған. Осылай болуы ықтимал деген жорамалмен А, Ə, Б нұсқаларының үшеуінде де кездеспейтін сөздерді, фонетикалық, грамматикалық өзгешеліктерді (яғни өз жанынан шығарған элементтерді) транскрипциялаған мəтініне енгізіп жіберген. Оның үстіне А нұсқасында жоқ, бірақ Ə, Б нұсқасында бар сөздерді, тіпті толық мəтіндерді ешқандай сілтеме жасамай қоса салған. Осыдан келіп бұл транскрипция мəтіні бірде-бір нұсқаға сəйкес келмей қалған. Мұның басқа зерттеушілер үшін методикалық зияны үлкен. Сондықтан біз дүние жүзіне белгілі, көрнекті ғалымдардың принципін ұстанып, мəтінге ешқандай өзгерту енгізгеніміз жоқ. Түпнұсқа қалай болса, солай транскрипцияланды. Р.Арат ескерткіштің түрікше сөздігін жасаған. Алайда əр сөз сөзбе-сөз аударылған да ескерткіштен мысал-мəтін – иллюстрация келтірілмеген. Сөздің сан алуан мағыналары, реңктері болатыны белгілі. Бұл сөздік бойынша оны айыру мүмкін емес. Ал Қ.Махмудов өзі сөздік жасамаған, Н.Асымның сөздігін өзбек тіліне аударып бере салған. Ал Н.Асымның сөздігінде лайықсыз көп сөздер қалып кеткен, сандаған сөздердің мағынасы ашылмаған. Осы жоғарыдағы кемшіліктерге байланысты «Һибат-ул хақайиқтың» толық сөздігін жасауды қажет деп таптық. Зерттеушілердің, түркологиямен əуестенушілердің пайдалануына жеңіл болу үшін ескерткіштің түркіше-қазақша сөздігін бір бөлек, араб жəне парсы элементтерінің қазақша аудармасын бір бөлек жарияладық», – деп көрсетеді [4, 6-б].

Қазақ ғылымында тілдік тұрғыда Б.Сағындықовпен қатар Ә.Құрышжанов, Қ.Өміралиев, Ш.Сарыбаев, Ғ.Айдаров, Р.Сыздықова, М.Томанов, А.Аманжолов сияқты ғалымдар зерттеулер жүргізіп, пікірлерін жазды.

«Ақиқат сыйы» дастанының тарихнамасын сөз ете келіп профессор Ә.Құрышжанов «Ақиқат сыйы» түркі халықтарының тіл тарихын, ондағы жанрлар және басқа ерекшеліктер негізін, мысалы, дидактикалық әдебиет көздерін ашып, олардың тамырын талдау ісінде таптырмайтын құнды мұра болып табылатындығы, сонымен қатар оның қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты тарихи маңызы туралы пікірін білдірді.

А.Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» еңбегі әдеби шығарма ретінде 1960 жылдардан бастап қазақ әдебиетінің тарихында қарастырыла бастады. Бұл кезде ежелгі әдеби мұраларды әдебиет тарихына ендірудегі көрнекті ғалым, ұстаз Б.Кенжебаевтың орны ерекше болғандығы белгілі. Ұстаз ғалымның жол көрсетуімен Х.Сүйіншәлиев «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» еңбегінде А.Йүгінекидің шығармашылығына алғашқылардың бірі болып қалам тартты [5, Б. 47-50]. 1967 жылы жарық көрген қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлеріне арналған «Ертедегі әдебиет нұсқалары» оқулық хрестоматияда А.Йүгінеки шығармашылығы туралы жазылды. Ғалым Р.Бердiбай «Ежелгі мәдениет куәлары» кітабында А.Йүгінекидің «Ақиқат сыйының» әдебиет тарихындағы орны, танымдық, тәрбиелік мәні, маңызы жөніндегі ойларын жазды [6, Б. 206-208].

1985 жылы Б.Сағындықов пен Ә.Құрышжанов көне түркі тілінде жазылған дастанның қазақшаға бірі сөзбе-сөз (прозалық), екіншісі поэтикалық аудармасын жасап «Ақиқат сыйы» деген атпен «Ғылым» баспасынан кітап етіп шығарды. Онда түпнұсқалық фото көшірмесі мен транскрипциясы да қоса берілген. Бұл еңбектің жарық көруі бұрын ғылыми ортаға ғана белгілі болып келген «Ақиқат сыйының» көпшілік оқырман қауымға танылуына жол ашты.

Сол кездерден бастап А.Йүгінекидің шығармашылығы жоғары оқу орындарына арнап жазылған әдебиеттанушы ғалымдар Н.Келімбетов, А.Қыраубайқызы, Х.Сүйіншәлиевтердің оқулық, оқу құралдарына тұрақты түрде енгізіліп студенттерге оқытылып келеді. Әдеби тұрғыда Ә.Дербісәлі, С.Дәуіт, т.б. сол сияқты әдебиеттанушы ғалымдар талдаулар жасап, ой-пікірлерін жариялап келді.

Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» Әдеби жәдігерлер деген атпен жарияланған жиырма томдықтың 6-томында (Құрастырғандар: А.Әлібекұлы, С.Дәуітұлы, Б.Сағындықұлы) 2008 жылы жарық көрді. Мұнда «Ақиқат сыйының» факсимилиесі қоса жарияланып, шығармада кесдесетін, айтылатын кісі есімдері мен жер-су атауларына түсініктер, қазақша-арабша-парсыша, түрікше сөздік, орыс, ағылшын тілдеріндегі резюмелер беріліп, пайдаланылған әдебиеттер көрсетілген. Қазіргі кезде көптомдық «Қазыналы Оңтүстік» топтамасына да ендіріліп оқырман қауымға ұсынылды.

Қорытындылай айтқанда, адам бойындағы ізгі қасиеттерді ардақтауды негізі арқау еткен Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» туындысы қазіргі оқырмандарының да рухани жан дүниесінің қалыптасуына, толысуына ізгі әсерін тигізіп келеді.
ӘДЕБИЕТТЕР

1. Ахмет Иүгінеки. Ақиқат сыйы (Түпнұсқаның фотокөшірмесі, транскрипциясы, прозалық және поэзиялық аудармасы. Баспаға дайындағандар: Ә.Құрышжанов, Б.Сағындықов). – Алматы: Ғылым, 1985.

2. Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. – Алматы: Атамұра, 2005.

3. Наджип Э.Н. Исследования по истории тюркских языков XI-XIV вв. – Москва: «Наука», 1989.

4. Сағындықұлы Б. «Һибат-ул хақайиқ» XII ғасыр ескерткіші. – Алматы: Таймас, 2008.

5. Сүйiншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері. – Алматы: 1967.



6. Бердiбаев Р. Ежелгi мәдениет куәлары. – Алматы: Жазушы, 1966.
АЛТЫНБЕКОВ Қ.С., ТОРАХМАТОВА З.Б. ПРОБЛЕМЫ ПРИЗНАНИЯ И ИССЛЕДОВАНИЯ ПРОИЗВЕДЕНИЙ АХМЕТА ЮГНАКИ «ХИБАТ-УЛ ХАКАЙЫК» («ПОДАРОК ИСТИН»).

В статье рассматриваются проблемы, касающиеся признания и исследования произведений выдающегося мастера слова Ахмета Югнаки «Хибат-ул хакайык» («Подарок истин»)

Ключевые слова: поэзия, дидактика, аруз, баит, перевод, литературное наследие, вариант.
ALTYNBEKOV K.S., TORAHMАTOVA Z.В. RECOGNITION OF PROBLEMS AND RESEARCH WORKS AHMEN YUGNAKI «HIBAT - UL HAKAYYK» («GIFT OF TRUTHS»).

The article discusses the problems of recognition and study of works of outstanding masters of words Ahmet Yugnaki «Hibat-ul hakayyk» («Gift of truths»).

Keywords: poetry, didactics, aruz, bait, translation, literary legacy, option.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет