6. Салт айтысы — қыз бен жігіттің айтысы; ақындар айтысы.
7. Осы күнгі айтыстар.
Бұл айтыстардың әрқайсысының өзіңдік ерекшелігі және өзіндік мәні бар.
Бәдік айтысы. Айтыстың бұл түрі — айтыс жырларының көне түрі. Ол адамның табиғаттың жұмбақ сырына түсінбеген кезінде, шаманизм дін нанымына байланысты туған. Адам өзі танып-білмеген күштердің бәріне табынған, солардың бәрінің өз иесі бар деп білген, жақсылық, жамандық атаулының бәрінің өз тәңірісі бар деп ұққан. Соларға құлшылық етіп жалбарынған, солардан медет тілеген.
Атам заманғы ертегілер, мифтер, аңыздар туралы айта келіп, М. Горькийдің: "Бұлардың (ертегілердің) мағынасы ертедегі жұмыс адамының еңбегін оңайлатуға, оның өнімділігін арттыруға, төрт аяқты және екі аяқты жауларға қарсы құралдануға талпынуында және де сөз күші арқылы, "үшкіру", "аруақты шақыру" әдісі арқылы жаратылыстың стихиялық, адамға жау құбылыстарына әсер етуде болып отыр", — деген сөздерінің "бәдік" жырына тікелей қатысы бар.
Сонау ерте-ерте заманда адам мал ауруының да, адам дертінің де иесі бар деп ойлаған. Сол дерттерден арылу жолын іздеген. "Үшкіру", "шақыру" арқылы сол іңдеттерден құтылуға болады деп білген.
Малмен күн көріп, тіршілік еткен халыққа ең бір ауыр індет — айналшық (айналма) деген мал ауруы болған. Сол аурудан құтылу амалы-- оның иесі бәдікті үркітіп, көшіру керек. Ол үшін кешқұрым ауыл жастары жиналып, кеш өткізетін болған. Бәдікті сөзбен арбап, қорқытып, үркітіп, қашыру керек. Жастар екі жақ боп "бәдік" айтатын болған.