КӨРКЕМДЕУІШ ҚҰРАЛДАР
Әдеби тілге дыбыс қайталаулар арқылы да әжептәуір ажар бітіруге болады. Бұл тәсіл екі түрлі: аллитерация (лат. adlittera - дыбыстас) – бірыңғай дауыссыз дыбыстарды қайталау және ассонанс (фран. assonance – үндес, лат. assono – үйлесім) – бірыңғай дауысты қайталау. Бұлар поэзияда да, прозада да кездесіп отырады. Мысалы, Қасым Аманжоловтың:
Ираншахқа мұның шақпа, Низами!
Біздің шақта гүл құшықта, Низами! –
деген екі жол өлеңін оқысақ, осында ылғи ш әрпін қайталайтын аллитерация да, а әрпін қайталайтын ассонанс та бар. Өлеңге аллитерация мен ассонанс дарытқан ажар мен әсер сондай, тіпті осы жолдарды қазақша түсінбейтін аудитория да бір сәт қызыға таңырқап, тыңдап қалуы мүмкін. Аллитерацияға тағы бір мысал:
Жан қысылса, жайтаңдап,
Жанды еріткен жайдары-ау.
Жан жай тапса, сен неге,
Жат мінезсің, жабырқау.
(Абай)
Ассонансқа бір мысал:
Еңсесі биік ақ орда,
Еңкейіп сәлем бер сана.
Ернеулі жұқа сары аяқ,
Ер сарқытын бер сана.
(“Ер едіге”)
Аллитерация Гомер мен Горацийден бастап, Пушкин мен Абайға дейінгі ақын атаулының бәрінде бар.
Сонымен қатар ол – қазақ мақал-мәтелдерінің де ұтымды тәсілдерінің бірі. Мақалдар құрылысында дыбыс үндестігі, бір дыбыс немесе бір сөзді (“Бейнет, бейнет түбі - зейнет”) бірнеше қайталау сөз ұйқасымы айрықша рөл атқарады. Осының бәрі, сайып келгенде, мазмұнды көркемдеу.
Жұмбақтарда да әр затты өзіне лайық дыбыспен бейнелеу үшін аллитерация тәсілі қолданылады: “Әуеден күбі түсті, күбінің түбі түсті” (Күннің күркіреуі).
Ажарлаудың тағы бір түрі – айқындау, яки эпитет (грек. epitneton – қосымша) – заттың, құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз. Эпитетсіз тіпті айтарыңды анықтау, суреттеп отырған нәрсеңді нақтылау қиын. Мысалы:
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан,
Күз болып, дымқыл тұман дерді басқан.
(Абай)
Кейбір әдебиетшілер әдеби тілді ажарлауға қарсы, “айқындау, теңеу дегендер немесе құбылтулардың бәрі ескірген; оларды қолдану – анахронизм – ауыз әдебиетіне қайта оралу”, - дейді.
Бірақ З. Қабдоловтың пікірінше, бұл – ауыз әдебиетіне қайтіп оралу емес, жақсы дәстүрді жаңашылдықпен жалғастыру, жаңғырту. Осы тәсілдердің қай-қайсысын болса да орнымен, шебер қолдану өте-мөте қажет. Мысалы, Х. Ерғалиевтың:
Қолыма от сиялы қалам алдым,
Жалтақтап айналама қарамадым...
Осындағы “от сия” қандай тың, қандай әсерлі?! Эпитет өзі тұрған жерге сұлу сипат, соны сыр дарытқан.
Қазақ тілінің реформаторы А. Байтұрсынұлы айқындауды 2-ге бөліп қарастырған. “Асылында айқындау нәрсені я көркейту үшін айтылады, я лақаптау үшін айтылады”, - дейді. Мәселен, сары қымыз, шалқар көл, самал жел, алалы жылқы, ақты қой, әділ би деген лебіздердегі айқындаулар көркейту үшін айтылған. Ал Асан Қайғы, Ер Тарғын, Қара қыпшақ Қобыланды, Қаз дауысты Қазыбек дегендердегі айқындаулар лақаптау үшін қолданылған.
Көктемнің балғын кезі еді,
Әнші құс көкте ағылған.
Жемнің де жасыл өзегі
Көгілдір мұнар жамылған.
(С. Жиенбаев)
Қ. Жұмалиев жасалуына қарай эпитетті 4-ке бөледі: 1. Сын есім арқылы жасалған:
Қызыл шұбар айдаһар,
Қара шұбар жолбарыс.
2. Көсемше арқылы жасалған:
Сорғалап көктен қыран құйылғанда...
Бұл Абайдың айқындауды инверсиямен қоса шебер қолдана білуін танытады.
Достарыңызбен бөлісу: |