Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы


Үшінші, Бұлғындағы сұрапыл соғыс



бет5/28
Дата05.11.2016
өлшемі5,25 Mb.
#478
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28

Үшінші, Бұлғындағы сұрапыл соғыс. Сарытоғайда Ырысбектермен болған сайыс наурыздың бас шенінде аяқталды, көтерілістің басталғанына бір ай шамасы болған еді. Ақтеке, Есімхан, Сүлеймен бастаған үлкен топ Сарытоғай ұрысынан кейін Шіңгілде тұратын Ноғайбай, Зәтелбай, Көксеген қатарлы адамдарға арнайы хат жазып, бір айдан бергі болған оқиғаны баяндайды. Соңында олардың да қозғалып, қимыл жасауын өтінеді. Ноғайбай дереу үн қосады. Өйткені, Шіңгіл ауданындағы ел бастықтары да Сарысүмбеде ашылатын қару-жарақ жинаудың екінші кезекті мәжілісіне шақырылған еді. Олар да дереу бара қоймай, тартыншақтап, аңысын аңдап отырған. Сонымен қатар халық арасынан қару-жарақ таба алмағанын мәлімдеп, Нәзір тәйжінің інісі Сияғалиды ауданға жіберген еді. Сияғали ауданға жетісімен қолға алынып, қастандыққа ұшырайды. Есімхан жіберген адам барған кезде Ноғайбай Көктоғай жақта туылған істен құлақтанып, ауданға жіберген адамы қастандыққа ұшырап, не істерлерін білмей дағдарып отырған еді. Көктоғай халқының Қарабұлғыннан өрлей түп қопарыла көшкен жартысы Шіңгіл халқымен қосылып, көтерілісшілердің саны недәуір молайды.

Бұл аралықта Шың шы цай үкіметі де тек жатпайды. Алдыңғы екі реткі соғыстағы жеңілісінен жүрегі шайлығып, көтерілісшілердің онан арман өрбіп, шартарапқа жайылып, күшейіп кетуінің алдын алу мақсатымен жедел қимыл жасайды: Көктоғай мен Шіңгілдегі әскер бөлімдерінен тыс, Үрімжіден, Шонжыдан, Алтайдан абың-күбің бір жарым мыңнан астам әскер топтайды. Сөйтіп, наурыз айының орта шенінде арт-артынан үш рет соғыс болады. Алғашқы оқ ату Шағаніргедегі айқастан басталды. Соғыс үш тәулікке созылды. Соғысқа Шың шы цай үкіметінен бір жарым мың адамдық атты, жаяу әскер, бірнеше броневик пен танк жұмсалды. Әр күні 2-3 соғыс ұшағы төбеден оқ жаудырып тұрды. Алғашқы күнгі шайқаста көтерілісшілерден Асқабыл, Шәймұрат, Жәнәбіл қатарлы он шақты адам құрбан болады. Ал жау әскерлерінен өлгендер мен айырылған қару-жарақтар саны өте көп болды. Жау алғашында арындап, апырып-жапырып тастамақ болып келсе де, кейін аптығы басылып, бүгежектеп қалады.

Көтерілісшілер осы орайда Бұлғын өзенін өрлей көшіп, Моншыққа келіп алады. Алайда бірер күн дем алып, есін жиған жау әскері арттарынан қуа келіп соғыс ашады. Осы екінші күнгі соғыста көтерілісшілерден Тәлікен, Сағындық, Қасым, Әштен қатарлы жеті адам зеңбірек оғынан қаза табады. Одан өзге бірсыпыра адам шығын болады. Соғыс жалыны ымырт жамылғанда ғана толастайды. Үшінші күнгі соғыс онан да сұрапыл болады. Таң рауандап атқаннан басталған шайқас бара-бара қоян қолтық айқасқа айналады. Жау жақ – қылыш, найза, көтерілісшілер сойыл, шоқпар жұмсайды. Ноғайбай, Зәтелбай, Дағыстан бастаған ел серкелері ішінде 20-ға жуық адам құрбан болады. Ақтекенің бір аяғынан оқ тиеді. Жаудың адамы, құралы аса көп болғандықтан бұдан былай қарсылық көрсетіп, төтеп беру қиындап кетеді. Содан Бұлғынға қарай жылысып шегіне соғысуға мәжбүр болады. Жылжи-жылжи Жалпаққа жетіп, өзен бойындағы қалың қамыс пен қою орманға тасалануды, болмағанда – Монғолияға өтіп жан сауғаламақ болады. Жау әскері өкшелей қуып, қыр соңынан қалмай қояды.

Көтерілісшілер ақыры шегіне-шегіне екі ел шекарасы – Бұлғынның Жалпағына жеткенде алдарынан Монғолияның шекара қарауылы бөгейді. Олар: «– Екі ел арасында ұғыныспаушылық болып қалмасын», – дегенді айтып, оларға шекарадан аттамауды, шекарадан аулақ кетуді ескертеді. Көтерілісшілер бұған көнбей «нар тәуекелге» басып өтіп шықпақ болады. Сол кезде Монғолия жақ Жалпақтың өз шекарасы жағынан, көтерілісшілер жасырынған қалың қамыс пен талға өрт қояды. Алдыңғы жақ – лаулаған өрт, арт жағы – танктің жол ашып, ұшақтың қорғауы мен келген жау әскерінің қыспағына қалған мыңға таяу ер азамат пен салт әйелдер Бұлғын өзенінің оңтүстік жағын бетке алып, жан-жаққа бытырай қаша жөнеледі. Кемпір-шал, бала-шаға улап-шулап қала береді. Оларды Қытай әскері айдап көшірген бойы Шіңгіл бойына алып келеді. Кемпір-шал, бала-шағаға бас-көз болу үшін қалған Шағалақ, Қабылқақ, Мысырхан, Шатмысырхан, Тоқтамұрат қатарлы адамдарды ұстап әкетеді.


Төртінші, Қаптықтағы қан төгіс. Бұлғын соғысында сәтсіздікке ұшырап, бет-бетіне қашқан көтерілісшілердің Ақтеке, Ырысхан1, Есімхан басшылығындағы үлкен тобы оншақты күн мөлшерінде Бақыебі деген жерде бас қосады. Бірақ, бұл жер – беті ашық әрі шөл дала болғандықтан, байыздап тұра алмай Қаптыққа2 бет түзейді. Он неше күн өткен соң көтерілісшілер өздерінің қарауылшылары – Қақаша, Қапырыш арқылы қырыққа жуық қарулы адамның жақындап келіп қалғанын біледі де, Мұса мерген бастатқан елу адамды жауға қарсы жібереді. Бұлар ұтымды жерде күтіп отырып атысып, жауды лезде тып-типыл етеді. 38 мылтық олжа алады. Бұл соғыста Мұса мергендігімен де, жүректілігімен де ерен көзге түседі. Амал қанша, соңында соғыс майданын аралап жүргенде жаралы болып жатқан біреу Мұсаны қақ маңдайдан атып жібереді. Сөйтіп, бұл жолғы шағын шайқастың алды – көрнекті жеңіспен, соңы – көтерілісшілерді қатты күйзелткен қайғымен аяқталады.
Бесінші, Қарағайтыдағы шайқас. Көтерілісшілер Қаптықта бір ай шамасы аялдайды. Бірақ, жаз болса жайлауға шығып, салқынға үйренген сахара адамдары күннің ыстығына шыдай алмайды. Оның үстіне азық-түліктен тарығады. Қосарға алған аттарының бәрін сойып жеп болады. «Ендігі күнді не де болса Алтайға қайтып барып бірақ көрейік» – деген байламға келеді. Суыт үш күн жүріп Бәйтік тауының Кіші Қарағайты деген жеріне келгенде Шың шы цайдың шолғыншы ұшағы байқап қалады. Нәтижесінде, жақын маңдағы Дабысыннан бір полк әскер шығып, Қойырты деген жерде екі тәулік атыс болады. Көтерілісшілер Қытай әскерінің жүзден астам адамын жойып, 50-60 қаруын қолға түсіріп алады. Жау шегінеді.

Бірақ, көтерілісшілер Алтайға қарай ілгерілей берсе, басып өтпей қоймайтын жері – Дабысын еді. Шың шы цайдың екі полк әскері осында бекініс құрып жатқандықтан, жағдайды жан-жақты байқастау үшін көтерілісшілер Қарағайтыда аялдап, он шақты күнді өткізіп алады. Осы аралықта Қытай әскері жеті ұшақтың жол ашып қорғауымен Дабысыннан бір полк, Шонжыдан бір полк әскермен қыспаққа алып, екінші рет шабуылға шығады. Бір тәулікке созылған соғыста көтерілісшілер қайсарлықпен шайқасып жаудың жүзге тарта адамын өлтіріп, отыздай қаруын олжаға алады. Жаудың қалжыраған орайын пайдаланып бөгетті бұзып, Армантыға қарай жосыла жөнеледі. Сонда да өкшелей қуып, бората атқылаған ұшақ шабуылынан құтылып кету оңайға соқпайды. Ақтекеге әуеден атылған пулемет оғы тиіп, жеті жерінен жаралы болады. Сайыптың да бір аяғын снаряд жаралап кетеді. Ақтеке Армантыға таяған күні ат үстінде қайтыс болады.

Демек, көтерілісшілер бұл жолғы соғыста өздерінің көрнекті бір басшысын жоғалтады.
Алтыншы, Ақтас, Қарашора, Қарасу бекіністерінде ұстасу. Көтерілісшілер Армантыға келген соң он шақты күн дем алады. Бұлғындағы жеңілісте басқа бір бағытқа сытылып Қарамайлыға1 келіп байқастап жатқан Сүлеймен, Жылқыайдар, Масалилер аспанда ала шапқын болып ұшқан ұшақтың бағдарын барлай отырып жүз шамалы адаммен Есімхандарды табады. Осыдан кейін Алтай тауының ұлы аңғарын әрі бекініс, әрі өріс ету үшін Шәкүртіге келіп түседі. Жан-жаққа барлаушы жіберу арқылы Қарашора, Қарасу, Үштас қатарлы суы мол, шөбі шүйгін, қалайда соқпай өтпейтін жерлердің бәріне Шың шы цайдың бір-бір рота әскері әлде қашан бекініс құрып үлгіргенін біледі.

Көтерілісшілер бұл бөгеттерді жұлып тастап, жол ашу үшін үш жүз адамдық еріктілер жасағын сұрыптайды. Оған Сүлеймен басшылық етеді. Бұлар тұтқиыл шабуылдап, икемді қимыл жасап, ерлікпен соғыс жүргізу әдісімен үш бекініске жеке-жеке шайқас бастайды. Жау әскері пәлендей қауқарлы болмай шығады. Барлығы Көктоғайға немесе Қаратүңкеге қарай зытып беруге дайын екендіктерін сездіріп қояды. Соңында 70-80 адамнан айырылып, көбі қашып кетеді. Көтерілісшілер 60-тан астам қару-жарақ олжалап, Теректі, Арғылтай тау аузына сәтті жетеді. Осы кезде Шіңгіл жақтан Қара Сеңгірді жағалап, Көктоғайға бет алған қытай әскерімен жолығып қалады. Шайқас таңертеңнен кеш батқанша созылады. Жау жеңілуге таяған кезде Қара Түңкеден әскер көмекке келіп, соғыс қайта өршиді. Жаудың қыспағында қалған көтерілісшілер әртүрлі айла-амалдарды, әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, Қытай әскерінен 50-60 адамды жойып, Қара Түңкеге шегінуге мәжбүр болады. Көтерілісшілерден Нұрпейіс, Қымбыл, Кәлей сынды азаматтар қаза табады. Көтерілісшілер Қара Шораға өтіп шығады.


Жетінші, Қара Шорадағы көңілсіз жағдай. Көтерілісшілер Қара Шораға келгеннен кейін екі жайсыз жайтқа тап болады. Бірі, көтеріліске қатынасқан 400 адамның қақ жартысын ілестіріп Көксеген үкірдай еліне қайтып кетеді. Бұның себебі – әлі күнге дейін анық емес. Кейбіреулер бала-шаға, ел-жұртын сағынғандықтан – дейді. Енді бір айтылуда: көтерілісшілер Қара Шораға келгеннен кейін Ырысхан, Есімхан, Сүлеймен, Сайып бастаған адамдарды басшы етіп сайланғанда, Көксеген тілге алынбай қалады, сондықтан, осыған өкпелеп осылай істеді – дейді. Енді бірі, Қапсеметтің1 қашып үкіметке беріліп кеткені болды.

Осыдан барып өзгелер арасында бір мезгіл ауытқу туды. Алайда, Ырысхан, Есімхан, Сүлеймен бастаған басшы топ бекем тұрып, иландыру арқылы халқын ыдыратпай аман алып қалады. Бұдан соң Алтайдың жон тауларына шеру тартып Ақбұлақ, Доржы жайлауларына барып тиянақтайды. Бұл 1940 жылдың маусым айының бас кезі еді. Осыдан кейінгі бір ай шамасы ешқандай соғыс болмайды.


Сегізінші, Күртідегі күйрету. Шілде айының басына барғанда көтеріліс басшылары қарап жатпай әрекеттенетін уақыт жетті – деп қарайды. Олар жұмысты – қатарларын молықтырудан бастайды. Ырысхан – Шіңгіл елі арасына, Есімхан мен Сайып Көктоғайдың – Арал елі2 арасына барып көтеріліске үгіттеуге аттанады. Артқы жұмыстарға Сүлеймен мен Кәдірбай жауапты болады. Көп өтпей Зейнел, Әділхан, Момынбай бастатқан – Арал елі де, Көксеген, Уатқан бастаған – Шіңгіл елі де көтерілісшілер жағына өтіп шығады. Осы кезде Оспан Исләмұлы да көтерілісшілер қатарына келіп қосылады. Содан бастап Оспан Исләмұлы – Ырысхан, Есімхан, Сүлеймен бастаған халықтық көтеріліске белсене қатынасып, қытаймен болған барлық шайқаста ерен еңбек сіңірді. Оспан 1940 жылы шілде айының басында көтерілісшілер қатарына қосыла салып, 40 адамды ертіп жон Алтайдың Жапсар жайлауы арқылы Қу Ертіске түсіп, өзеннен сал байлап өтіп, Шың шы цай үкіметінің Көктоғай ауданына қарасты Күртіге орналасқан почта бекетіне шабуыл жасап, лезде басып алады.

Осы кезде Сарысүмбеден Көктоғай кентіне бара жатқан екі хат тасушы бұлардың үстіне келіп қалады. Оспан бұларды сұраққа тарту арқылы кейінгі жақта бір взвод әскердің қорғауымен, Шың шы цай үкіметінің екі жүз түйеге артқан «қоры» (әскери жүк) – оннан аса түйе оқ-дәрі, қалғаны азық-түлік, киім-кешек сияқты заттардың келе жатқанын ұғынады. Оспан ұтымды жерден шабуылдап бір взвод әскерді түгелдей жойып, қырыққа жуық мылтық, отыздай ат, екі жүз түйе, сондай-ақ қырық жәшік оқ, көптеген азық-түлік, киім-кешекті олжа түсіреді. Айналасы бір жетіге жетпейтін уақыт ішінде мол ырғынға кенеліп, ешбір шығынсыз аман-есен оралады.

Оспанның бұл жолғы еңбегі ауызға ілініп, көзге түсіп мақталады. Оспан халықтық көтерілістің соңғы жеңісіне жетуде шешуші шайқастар – Таршаты, Аршалы, Шықынты соғыстарында өзге серіктерімен тізе қоса отырып ерлікпен айқаса білді.
Тоғызыншы, ақырғы шайқастар. Шілде айының орталарынан кейін қытай әскері өздері ізденіп келіп, көтерілісшілерге жерден де, көктен де дамылсыз шабуыл жасайды. Қайрты, Астауша, Алайғыр, Сайқынбұлақ, Таршаты, Ашылы, Көктұмсық, Шықынты, Табынбелшір қатарлы оннан артық жерде шайқас болады. Осының бәрінде Қытай әскері ырықсыз орынға түсіп, жеңіліп отырады. Осы соғыстардың ішіндегі – Таршаты, Ашылы, Шықынты соғыстарының барысы былай болды.

Таршаты айқасы. Шың шы цай үкіметі шілде айының орталарынан бастап Қайырты қатарлы жерлере 5-6 рет соғыс ашады. Көтерілісшілер тамыз айының басында Төржайлаудан Ортажайлауға еңістеп, аудан орталығына жақындағанда бір полк қытай әскерінің шабуылына тап болады. Соғыстың бастауында қытай әскері айқұлақтанып, үлкен айбын, күшті арынмен алға ілгерілейді. Көтерілісшілерден Самархан, Жақыпбек, Елемес қатарлы он беске жуық адам оққа ұшты. Әуелде сасқалақтап қалған көтерілісшілер іле-шала естерін жияды. Соғыс екі тәулікке созылады. Сүлеймен батыр атой салып алға шығып, қарсы шабуылға өтеді. Қытай әскері барған сайын ырықсыз орынға түсіп, бас көтере алмай қалып, артқа шегінеді. Көтерілісшілер жаудың екі жүзден аса адамын жойып, жүз елудей қару-жарақ олжа алады.


Ашылы айқасы. Таршатыдағы айқастың жеңісінен жігер алған көтерілісшілер шегіне қашқан қытай қытай әскерін қыр соңынан қалмай қуады. Ашылыға барғанда екі жақ қайта тіреседі. Соғыс бір тәулікке созылып, майдан қанға боялады. Көтерілісшілер бірте-бірте үстем орынға шығып, қытай әскері жүзден аса адамынан, жүзеге жуық қару-жарағынан айырылып, Қайыртыны басып Көктоғай кентіне шегінді. Көтерілісшілер оларды одан әрі қуаламайды. Өйткені, көтерілісшілер де бір неше күннен бергі толассыз шайқаста әбден қажып, қалжыраған еді. Сондықтан дем алуды жөн санайды.
Шықынты айқасы. Тамыз айының соңында Шың шы цай үкіметі тағы бір рет екі жүз адамдық әскер күшімен, Ортажайлауда аңыс аңдап жатқан көтерілісшілерге қарсы жорық жасайды. Бұдан алдын ала хабар тапқан көтерілісшілер қытай қытай әскерінің басып өтетін жері – Шықынтыдан тосады. Бұл ара қалың тал-терек, орманды-бүргенді шатқал болатын. Көтерілісшілер 4-5 шақырым аралықтағы екі жақ төскейден жоғарғы кезеңге дейін шеп жәйіп, тасаланып бекініс алады. Жау бекініс шеңберіне енгеннен кейін алды-артынан, екі бүйірден соққы алып, артқа шегініп, қаша соғысады. Бір неше сағатқа созылған шайқастан кейін жау күші өзінің сан жағынан басымдылығын пайдаланып, қоршауды бұзып шығып, Көктоғай кентіне қарай жүреді.

Осы жолғы соғыста жау үш жүз әскерінен, барлық қару-жарағы мен мініп барған аттарынан айырылады. Екі жүзден аса түйе, жүз жәшік оқ, толып жатқан азық-түлік олжа алынады. Осы үш жолғы айқастың бәрінде Сүлеймен қолбасшы ғана емес, қарапайым жауынгер қатарында қол бастап алда жүр еді, шабуылды өзі бастап, ересен қажыр-қайрат, ерлік көрсетеді. Осылайша ол қолбасшылық шеберлігімен де, ержүрек батырлығымен де ерекше көзге түседі.

Шықынты айқасы – тұңғыш көтерілістің ең соңғысы болды. Бар-жоғы үш жүз күнге созылған қым-қуыт шайқастарда Бұлғын жалпағындағы жеңілісті есепке алмағанда, өзге соғыстың бәрінде көтерілісшілер үнемі жеңіске жетіп отырды. Соғысқан сайын күшейді. Шың шы цай әскері соғысқан сайын жеңіліп, зияны барған сайын арта береді. Қыркүйек айының басына жеткенде Есімхан, Сүлеймен, Сайып бастаған Көктоғай көтерілісшілері – батыс жағынан Көктоғай кентін қоршауға, ал Ырысхан бастаған Шіңгіл көтерілісшілері – шығыс жағынан қоршауға алып жорық жасауға аттанды.

Осы жолғы соғыстарда көтерілісшілер қалай жеңіске жетіп отырды? Қытай әскері неліктен қоғадай жапырылып, күйрей жеңіліп отырды? Бұның себебі; бірінші, соғыс дерлік таулы өңірде болды. Бұл жер сырына аса қанық көтерілісшілерге өте тиімді болды. Екінші, Қытай әскері сан жағынан басым болғанымен, олардың басым көпшілігі – Үрімжі, Шонжы, Манас, Санжы, Құтыби, Фукаң қатарлы жерлердегі орталау, орта мектеп оқушылары еді. Олар әскерлікке еріксіз ұсталған, мардымды әскери тәрбие көрмеген, ойлы-шұңқыр, таулы жерде ғана емес, тіпті жатық жердің өзінде өбек қағып, атының басын алып жүре алмайтын.

Осы кезде Шың шы цай үкіметі жалаң әскери күшпен мәселені шешудің оңайға түспейтіндігін ұғынып, ұшақ арқылы үгіт қағазын таратып, көтерілісшілерді келіссөз бен бітімге шақырады. Сондай-ақ Бұқат, Жанымхан, Рахат, Шәри1 қатарлы адамдарды елші етіп жіберіп, олармен Қайыртыда жолығып, арыз-талаптарын солар арқылы айтуларын ұқтырды.

Ырысхан, Есімхан, Сүлеймендер – қыс түсіп, қар жауғаннан кейін жаздағыдай еркін қимыл жасаудың қиындығын ескеріп, қарсы жақтың еңкейіп, бітім жасауды қолқалап отырғанын тамаша орай деп қарайды. Сайып бастаған бірнеше адамды жіберіп, айтулы күні Бұқаттарды өздері тұрған жерге келтіреді. Көтерілісшілердің аттарын атап талап қылуы бойынша, бұлардың соңынан – Қалел, Дәлелхан, Нәзір ұшақпен Үрімжіден келеді. Бұлардан бұрынырақ келген бас елші – Шың шы цайдың қайын атасы Чю Зұң жүн2 Көктоғай кентінде болатын.

Қазан айының бас шенінде келіссөз басталып, 18-қазанда келісімге қол қойылды.

Келіссөз алғаш басталғанда көтерілісшілер: қару тапсырмау, сақшы мекемелерін алып тастау, жергілікті халықтарға өз-өзін билеу құқығын беру – қатарлы ірі мәселелерді қамтыған толып жатқан шарттарды қояды. Бірнеше күн қайта-қайта кеңесу арқылы ақыры алты түрлі шартқа бітім болды.



  1. Бұл жолғы көтеріліске қатынасқандардан ешқашан, ешқандай жауапкерлік қузастырылмайды;

  2. Түрмеде отырған барлық адам босатылады;

  3. Аймақ, аудан бастықтарына және аймақтық мекемелердің негізгі басшылық орындарына жергілікті халықтан адам қойылады;

  4. Көктоғай, Шіңгіл аудандарындағы сақшы мекемелерінің бастығы немесе орынбасарлары жергілікті халықтан болады;

  5. Көтерілісшілер қолдарындағы қару-жарақтарын үкіметке тапсырып береді; оның есесіне үкімет аймақ орталығында аз ғана әскер тұрғызғаннан басқа, өзге аудандарда, өте-мөте Көктоғай, Шіңгіл аудандарында әскер тұрғызбайды;

  6. Халықтан алынатын алман-салық жеңілдетіледі әрі осы жолғы көтеріліс тұсында қиыншылыққа ұшыраған халықты үкімет көмек көрсетіп, құтқарады.

Демек, Алтай халқының Шың шы цай үкіметіне қарсы 1940 жылғы тұңғыш халықтық көтерілісі, жалпы алғанда жеңіспен аяқталды.

1941 ЖЫЛҒЫ ЕКІНШІ КӨТЕРІЛІС


Қапылыс. 1940 жылғы тұңғыш көтеріліс Шың шы цай үкіметімен алты тармақты бітім шартын жасасу арқылы жеңіспен аяқталды. Келісілген шарттардың кейбіреулері тәуір атқарылғандай болғанымен, кейбірі шала-шарпы атқарылды. Көбі тіпті атқарылмады. «Түрмеде отырған барлық адам босатылады» – деген екінші тармақтың өңі өзгеріп кетті. Аймақ бойынша «Мылтық тапсыру мәжілісіне» барып, Сарысүмбе қаласында мырза қамауда отырған үш жүздей адам мен 1939 жылы «Қазақ, монғол, қырғыз құрылтайына» келіп, қолға алынғандарының бірнешеуі мен мырза қамауда отырғандарды ғана босатты. Биянбай, Байқадам, Ақыт, Қарағұл, Өнерхан сияқты басты кісілердің сүйегін берді. Ал Шәріпхан, Мәнкей қатарлы 70-80 адамды бітім болғанына жарты жылдан асса да босатпады. Тіпті олардың өлі-тірісінен де дерек бермеді. Керісінше, әр жерден бірлі-жарым адам ұстайтынды тағы шығарды. Бітімнің үшінші, төртінші тармақтарының атқарылуына келсек, Бұқатты – Алтай аймақтық әкімшілік мекемесінің бастықтығына, Жанымхан мен Табынды (монғол) – орынбасарлығына, Дәлелхан Сүгірбаевті – Сарысүмбе ауданының, Рахатты – Көктоғай ауданының, Көксегенді – Шіңгіл ауданының орынбасар әкімдігіне, Нәзірді – аймақтық салық мекемесінің бастықтығына, Кәдірбай мен Қайымды – Көктоғай, Шіңгіл аудандары сақшы мекемелерінің орынбасарлары етіп тағайындады. Қалған аудандарға, аймақтық, аудандық мекемелерге жергілікті халықтан адам тағайындауды доғарып тастады.

Ел ішіндегі тыңшылық әрекет бәсеңдегендей болып еді, ұзақ өтпей қайта өршіді. Алман-салықты жеңілдету, қиыншылығы барларға көмек көрсету дейтін алтыншы тармақтан титтей де орындалу байқалмады. Аймақ көлемінде тұрған әскери бөлімдер бесінші тармақ бойынша біршама азайтылған. Көктоғай, Шіңгіл аудандарындағы әскери бөлімдер 1940 жылдың соңынан ілгері әкетілген болса да, 1941 жылдың сәуір айынан бастап Көктоғайға үш жүз, Шіңгілге екі жүз «алтын қазушы» делінетіндер сау етіп келе қалды. «Алты тармақты бітім шарты неліктен толық іске асырылмайды» – деп наразы болып жүрген жұрт, бұл жайттан қатты сезіктеніп қалды. Бір ай өтер өтпестен Көктоғайға – төрт жүз, Шіңгілге – екі жүз «алтын қазушы» тағы келіп орналасты. Екі ауданға екі рет келген «алтын қазушы» бір мың бір жүз адамға жетті. Бұлардың машина-машина қылып алып жүргені өндіріс жабдықтары емес, қару-жарақ екенін Көктоғай аудандық сақшы мекемесінің орынбасары Кәдірбай сезіп қойып, бұны Рахат әкімге айтады. Арада екі-үш күн өтпей Кәдірбай тұйықсыз жоғалып кетеді. Рахат әкім сұрау салса, сақшы мекемесінің хатшысы (қытай);

– Қырдағы үйіне кеткен еді, әлі оралмады, – дейді.

Үйіне адам жіберсе, бармаған болып шығады. Шынын қуғанда, Кәдірбайдың «алтын қазушылардың» шын сырын сезіп қойғанын біліп, оны қолға алып, аймаққа жөнелткен еді. Кәдірбайды іздестірген күні кеште сегіз әскер Рахатты іздеп келіп, таба алмай, қызметшісін ұстап әкетеді. Осыдан бір күн бұрын қала маңындағы үйіне шығып кеткен Рахат әкім ертеңінде келіп, жағдайдың өзгеше екенін сезіп, сол күні бала-шағасын ертіп жайлауға шығып кетеді. Осы жағдайларды Қалел қатарлы адамдарға жеткізеді. Қалел, Есімхан, Сүлеймен, Зейнел, Қалман, Шәри ақылдасып:

«Шың шы цай үкіметі былтырғы бітімді атқарғанның орынына, оны жыртып тастап, өш алуға кіріскен екен. Енді қарап жатпайық», – деген бекімге келеді. Осы тұста екі жүздей «алтын қазушы»: «Рахат әкім мен мекеме бастығы Кәдірбай жоғалып кетті, соларды іздеп жүрміз», – деген сылтаумен ел шетіне келіп, Сортыда отырған жиырма шақты үйдің малын бұлап, төрт адамын ұстап әкетеді. Бұдан хабар тапқан Сүлеймен мен Келес бірнеше адам ертіп, арттарынан қуа барып «алтын қазушылардың» бес адамын атып өлтіріп, қолды болған төрт адам мен отыздай жылқысын айырып алады.

Осындай қажалыстар салдарынан 1941 жылы маусым айында екінші көтеріліс бұрқ ете түсті. Көтеріліске Көктоғай ауданының халқы түгелімен үн қосады. Осыдан кейін Қалел Шіңгілдің орынбасар әкімі – Көксегенге1 хат жазып: «Үкімет уағдасында тұрмады. Біз қайта қозғалдық, сендер де қосылыңдар», – деп кісі шаптырды. Олар дереу мақұл болды. Шіңгіл елінің бұлай тез қосыла кетуінің себебі, біріншіден, Ырысханның өлімін2 үкіметтен көретін, екіншіден, бұл ауданға екі ретте бес жүз «алтын қазушылардың» орналасқанына күдіктене қарап отырған, үшіншіден, осының алдында жүзге жуық «алтын қазушы» алтын шығатын жер шарлап жүрміз деген сылтаумен Бұлғынға келіп, малшылардың 40-50 жылқысын тартып алып, қарсылық көрсеткен тоғыз азаматты атып кетеді.

Екінші көтеріліс басталғаннан кейін Шың шы цай үкіметі тағы да Чю Зұң жүнды жібереді. Ол келе сала мынадай екі жақты қимыл жасайды. Біріншісі, шырғамен қолға түсіру. Осы үшін көтерілісшілер жаққа қайта-қайта елші жіберіп, оларды келісімге шақырады. Енді бірі, қарулы күшпен жаныштау. Бұл айланы іске асыру үшін, уақыт өткізіп әскер әкелуге орай алу. Сондықтан, Чю Зұң жүн бірінші жолы, шілде айының жиырмаларында көтерілісшілер жаққа Әбілмәжін күң, Қабыл тәйжі, Мамиле зәңгі қатарлы адамдарды елшілікке жіберіп:

– Нендей талап-тілектерің болса да айтыңдар, қарулы дүрбелең тудырмаңдар, – дегенді айтқызады. Қалел жақ:

– Басқа арыз-талабымыз жоқ. Былтырғы келісім толық іске асырылсын. Оған көнбесе алған бетімізден қайтпаймыз, – деп жауап береді.

Екінші жолы тамыздың орта шенінде – Жанымхан, Қажынаби, Қақыштарды елші етіп – Қалел, Есімхан, Сүлеймен, Зейнел, Рақат, Қалман, Шәри сынды оннан аса адамның атын атап, оларды Сарысүмбеге, ең болмағанда Көктоғайға келіп бітім жасасуға шақыртады. Бұның шырға екенін білген олар:

– Бітім жасасу шынында қажет болса, Чю Зұң жүн өзі біз тұрған жерге келсін, – деп жауап қайтарады.

Үшінші жолы қыркүйектің бас шенінде Чю Зұң жүн – Бұқатты ертіп Сарысүмбеден Көктоғайға келеді. Гансу, Чиңхай жақтан жаңа оралған Дәлелхан Сүгірбаевты1 ұшақпен Үрімжіден тіке Көктоғайға алдыртады.

– Үкімет күшті. Ешнәрсе тындыра алмайсыңдар. Қару тастап бағынсаңдар, үкімет бұл жолғы жаңылыстарыңды да кешіреді, – деген мазмұнда хат жазып, Дәлелханды жібереді.

Көтерілісшілер бұл жолы да: былтырғы келісім толық іске асырылғанда ғана көтерілісті тоқтататындығын айтады. Бұдан кейін елші жіберу тоқтатылады. Өйткені, Шың шы цай үкіметі елшілердің үш жолғы барып-келуіне кеткен үш айда төменгі Алтайдан және Үрімжі мен Шонжыдан Көктоғай ауданына төрт мың әскер (кей деректе алты мың делінеді) әкеліп, соғысқа дайындалып болған еді. Алтай қолбасшылық штабының бас генералы Жяң Ю фын мен алдыңғы шеп қолбасшысы Яу Ши ұңның басқаруындағы төрт полк әскерін бір-ақ аттандырып, қауырт шабуылға өтеді.

Бұл жолы көтерілісшілердің адамы көп болғанымен де, қару-жарақтары тым тапшы еді. Бар болғаны жүз шамалы қару-жарақ. Бір айға жетпейтін уақыт ішінде Жебеті, Шықынты, Қу үй, Таршаты, Сайқынбұлақ, Алайғыр өңірлерінде алты рет көлемді соғыс болады. Қытай әскері жер бетімен шабуылға өтумен қатар күніне аз дегенде 3-4 рет, әр жолы 4-5-тен ұшақ келіп, көтерілісшілерді бомбылап тұрды. Жебеті, Шықынты, Қу үй ұрыстарында көтерілісшілер табандылық көрсетіп, жау бетін неше рет қайтарып, жүзге жуық қару олжа алады. Бірақ, Таршаты соғысында Сүлеймен батыр оққа ұшады.

Осыдан бастап көтерілісшілердің беті қайтып, арыны басыла береді. Оның үстіне күштің арасалмағы тым зор болғандықтан да, көтерілісшілерге барған сайын тиімсіз бола берді. Бұдан кейінгі Сайқынбұлақ, Алайғыр ұрыстарында көтерілісшілер сәтсіздікке ұшырап, шегінуге мәжбүр болады. Алды – қалың қармен қымталған асқар тау, арты – баса көктеп келе жатқан жау болғандықтан да, көтерілісшілердің басым көбі бағынып, Көкебұлақ пен Сарбұлаққа көшіп келеді. Қалел, Рахат, Есімхан, Зейнел, Шәри, Қалман бастаған үш жүздей адам ғана Күрті басындағы тауға шығып кетеді. Бірнеше күннен кейін Чю Зұң жүн Жанымханды елші етіп Қалелге тағы жібереді. Жанымхан:

– Қаруларыңды тапсырып, үйлеріңе қайтыңдар. Сендерге ешқандай жаза кесілмейді. Былтырғы келісім де атқарыла беретін болады. Мен аузымда – иман, қолымда – құран бар қажымын. Осының растығына қасам ішіп, ант беремін, – дейді. Осылайша, Қалел бастаған топ бағынып, Көкебұлақтағы ауылына келеді. Үш күннен кейін Жанымхан:

– Көкебұлақ маңындағы Қаратаста1 маңызды мәжіліс болмақ, барлық ел бастықтары сол жерге жиналсын, – деп адам жібереді.

Қалел бастаған қырыққа жуық адам барады. Жанымхан мәжіліске келгендерге: «Шың шы цай губернатордың сәлемі», – деп жақсы сөздермен ел көңіліне жағып алғаннан кейін:

– Сарысүмбеге барып, байырғы достарың Чю Зұң жүнмен амандасып қайтыңдар, – деп Қалел бастық бастаған он үш адамды, сол кездегі Алтай аймақтық әкімшілік мекемесінің бас хатшысы Ли Хұң рұңмен бірге Чю Зұң жүнға ертіп апарады. Чю Зұң жүн:

– Мен сендерді дубанмен (губернатор) жолықтырып, беттеріңді жылытып қайтармақшы болып отырмын. Басқадай күдік-күмәнда болмаңдар. Бұқат пен Дәлелхан да бірге барып қайтады, – деп ұқтырады.

Үш күннен кейін Дәлелханнан басқасы (Дәлелхан аяқ астынан жоқ болып кетеді), Бұқат, Қалел, Есімхан, Рахат, Зейнел, Шәри, Қалман, Кәріпбай, Қақыш, Ыбырайхан, Нақыштай, Қалым, Құмарлар ұшақпен Үрімжіге әкелініп, әуежайдың өзінде-ақ тұтқынға алынып, түрмеге тасталады. Бұлардан түрмеде еңбек істеп жүргенде қашып шыққан Қалман мен Алтайдағы үшінші көтеріліс кезінде елші болып барып аман қалған Шәри, Қақыш, Ыбырайхан, Қалымнан, басқасы Қытай түрмесінде қаза болады. Бұлардың ішінде ең басты қылмыскер қатарында сұраққа тартылғандар – Бұқат, Қалел, Есімхан, Рахат, Қалел, Бітімші, Зейнел еді.

Бұқат не себепті Қалелдермен бірге тұтқынға алынды? Дәлелхан аяқ астынан қалай жоқ болып кетті? Енді осыған тоқталсақ.

Шың шы цайдың 1941 жылы сәуір айында Көктоғай мен Шіңгілге «алтын қазушы» жіберуіндегі мақсаты өзіне белгілі болғандықтан, тағы да бір уақиғаның туылуы мүмкін – деп мөлшерлейді. Сәуір айының аяқ шенінде Бұқатты Үрімжіге шақыртып, сол кезде ерекше күту орыны – батыс бақшадағы қонақ үйге орналастырады. «Алтай аймақтық әкімшілік мекемесінің бастығы болғаннан бері жақсы қызмет істедің. Саған разымын» –деп көлгірсиді. Сондай-ақ, әлі күнге дейін түрмеде отырған әкесінің інісі – Шәмшиді, туған інісі – Әнуарды, қайын ағасы – Мұқаш Жәкеұлын, балдыздары – Мәнкен мен Мақатты түрмеден босатады. Шәмши, Әнуар, Мұқаш үшеуін – Үрімжіде қызметке орналастыратын болады. Сондай-ақ 1938 жылы қолға алынған әкесінің үлкен інісі Мәнкейді «жүрек ауруымен қайтыс болды» деп естіртіп, сүйегін береді. Бұның сыртында Бұқаттың мініп жүруіне жеңіл көлік береді. Осылардың бодауына:

– Алтайда бұдан былайғы жерде былтырғыдай уақиға туылмауын саған жүктеймін, – дейді.

Шың шы цай үкіметі «Алтай қазақтары арасында аса ықпалды екі адам бар. Бірі – Шәріпхан, ол қазір қолда; енді бірі – Бұқат. Оның рөлі Әленнен әлде қайда зор. Сонымен бірге, ол қазір Алтай аймағының бастығы. Ендігі жерде Алтайда уақиғаның туылу-туылмауы Бұқатқа тікелей байланысты. Демек, оның мақұлдауынсыз ешкім тырп ете алмайды» – деп қарайды.

Кейін көтеріліс бұрқ ете түседі. Шың шы цай үкіметі бұл көтерілістің көрнеудегі атаманы – Қалел, жоспарлаушы – Бұқат деп қарайды. Сондықтан, Бұқатты бас жауапкер деп, Қалелдермен бірге түрмеге жабады. 1956 жылы сүйегі қазып алынып, Алтайдағы өз мекені – Бітеуіргеге жерленеді.

Дәлелхан 1941 жылы қыркүйек айында көтерілісшілер жаққа елші болып барып, нәтиже шығара алмай қайтуын Шың шы цай үкіметі: «Сөзіне көндіре алмағандықтан емес, барар алдында Бұқаттан құпия нұсқау алғандықтан» –деп күмәнмен қарайды. Бұқат пен Дәлелхан сол кезде өздерінің төтенше күмәнді адамдарға айналғанын біліп, не істеу керек екенін ойласып жүреді. Қалелдермен бірге Үрімжіге барып, дубанмен (губернатор) жолығудың сөзі шыққан соң, қапыда қалмай СССР-ге қашып кетуге бекінеді. Бірақ: «Уәлидің амандығына жауапкерміз» – деген желеумен аймақтық сақшының екі адамы Бұқаттың қасынан күндіз-түні екі елі айырылмайды. Бұқат қауіптен құтылуға амалсыз қалып, Чю Зұң жүнмен ілесіп Үрімжіге кете береді де, Дәлелхан 1941 жылы 10-қазанда Сарысүмбеден қашып шығып, Жеменей шекарасы арқылы СССР аумағына өтіп кетеді.

1942 ЖЫЛҒЫ ҮШІНШІ КӨТЕРІЛІС


Каталог: repository -> history -> Ұжымдық%20жинақтар
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
Ұжымдық%20жинақтар -> Комиссар єаббасов
Ұжымдық%20жинақтар -> Арман да, арман, шын арман
Ұжымдық%20жинақтар -> Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы
Ұжымдық%20жинақтар -> Хайруллина Ғайша- сафура Құзырғалиқызы Менің шыққан тегім, жанұям
Ұжымдық%20жинақтар -> Аудармалары
Ұжымдық%20жинақтар -> «алаш» баспасы
Ұжымдық%20жинақтар -> Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет