Қазақтың ұлттық бас киімі «Киелі кимешек»
Ұлттық киім – бай тарихи – мәдени мұра, оны зерттеу бізді өткен ғасырларды әдет – ғұрып, салт-дәстүр халықтың хал-ахуалынан кең көлемде жан –жақты хабардар етеді. Қазақ халқының кимі басқа ұлттардан өзгеше өзіндік қасиетке толы. Мұның басты себебі: қазақ халқының табиғат төсінде өсіп, еркін ғұмыр кешуімен байланысты. Қазақтың ұлттық киімдері негізінен ертедегі көшпенділер киімдерін еске түсіреді. Қазір өзіміз күнделікті киіп жүрген бірқатар киім үлгілері сақ дәуірінен бастау алады. Соның бірі, қазақ халқының ұлттық бас киімі.
Қазақ халқының киiмi басқа ұлттардан өзгеше өзiндiк қасиетке толы. Адам баласы қай заманда да баскиімге ерекше көңіл бөліп, аса құрметпен қараған. Баскиімді жерге тастамайтын, кісіге баскиімін бермейтін ырым – тыйымдар күні бүгінге дейін сақталып келеді. Қуанғанда бөркін аспанға лақтырып, күйрегенде жерге ұрып сүйініш пен күйініштің де белгісін баскиім арқылы аңғартқан.
Ертеде екі тайпа ел жауласып өзара бітімге келе алмай жағдай қиындағанда ақ жаулықты аналарымыз араша түсіп, кимешектің үстіндегі жаулығын басынан сыпырып алып екі араға тастағанда киелі баскиімнен ешкім аттап өте алмаған. Демек, кимешектің саяси, тарихи мәні бар деп айтуға болады.
Әсіресе, әйелдердің тұрмыс – тіршілігінде шашты жинап, басты байлап жүрудің гигиеналық, этикалық, эстетикалық мәні зор. Тіпті, шаштың қадірі бастың қадірінен кем болмаған. Өткен заманда шашына рұқсатсыз қол тигізген бөтен адамнан сөз құнындай құн дауланған, төлем белгіленіп айыппұл алынған. Қазақта күйеу жігіт қалыңдығының шашын сипағаны үшін, қыздың жеңгесіне «шаш сипатар» ырымын жасаған. Күнделікті тамақ әзірлеу, бала күтудің өзі шашқа ерекше көңіл бөлуге мәжбүр етеді. Себебі, шаш айналадан жаман қуатты тартатын, қажетті – қажетсіз хабар – ошарды, ғарыштық қуатты жылдам қабылдайтын түкті түйсік «антенна» деп саналады.
Кимешек –қазақ әйелдерінің әдемілігін арттырып, ажарын ашатын киелі бас киімі. Оның түрлері тігілуі мен әшекейіне қарай аймақтық рулық ерекшеліктерге ие, сан алуан сипатта кездеседі. Кимешектің әшекейі мен әдемілігі жас ерекшелігіне қарай парықталып тұрады. Мәселен, әр жастағы әйелдер кимешегінің ою — кестесі жеңіл, тым жылтырақ болмайды. Ал, жасырақ әйелдердің кимешегі қызылды — жасылды, барынша сәнді етіп әшекейленеді. Киелі кимешекті қалай болса солай кез келген уақытта кие салмайды. Оны кюге қатысты өзіндік жол — жорлар бар.
Кимешек — қазақ әйелдерінің киелі бас киімі.Әдетте кимешек ақ матадаң немесе ақ жібектен молдау пішіліп, адамның басын, иығын, кеудесі мен жаурынын жауып тұрады. Кимешекке қарап әйелдердің шырайын, жас мөлшерін, тұрмыс-жайын, тіпті жүріс-тұрысына дейін анық ажыратып алуға болады екен. Апаларымыздың ұқыптылығы мен салақтығы да кимешегінен көрінетін. Кимешектің түрі мен тарихи тұрпаты сан-алуан. Олар көбіне рулық-тайпалық өмір ерекшеліктеріне байланысты.
ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ КИІМДЕРІ - ӨТЕ ҚҰНДЫ ТАРИХИ МӘДЕНИ МҰРА
Қазақтың ұлттық киімдері – қазақ халқының қолөнері
Киім - адам денесін ауа райының, қоршаған ортаның зиянды әсерінен қорғайтын бұйым. Олардың бәрі де адамдардың ақыл-ойы мен эстетикалық талғамының, еңбегінің жемісі.
Адамзат полеолит-тас дәуірінде-ақ тігіссіз байланатын лыпа киімдерді пайдаланып, сүйек ине, сүйек бізді қолдана отырып, тері және тоқыма киім-кешек жасауды үйренген. Ал енді неолит дәуірінен бастап өру, иіру, тоқу кәсібі өмірге келіп, иықтан, мықыннан киілетін киім түрлері пайда болды.
Қазақтардың қазіргі киімдерінің көбісі сақ дәуірінен бастау алады.
XX ғасырдың жиырмасыншы жылдары Ойыл мен Сағыз бойын мекендеген қазақтардың киім-кешегін палеоэтнологиялық деректермен салыстыра зерттеген С.И.Руденко, тіпті күпінің қазаққа, оның ата-бабасына кем дегенде екі мың жыл бұрын белгілі болған киім үлгісі екенін дәлелдеп берді. Негізінен, қазақ киімдерін кеңінен зерттеу Қазан революциясынан кейін ғана қолға алынды.
Қолөнердің басты бір саласы - ұлттық киім тігу. Ерте заманнан күні бүгінге дейін өзінің қадір-қасиетін жоймай, қолөнердің озық үлгісі ретінде ғана емес, әрі әсем, әрі ыңғайлылығымен де пайдаланудан қалмай келе жатқан ұлттық киімдер әлі де аз емес. Шын мәнінде осы қолөнер түрлерінің әрқайсысының талай ғасырлық тарихы бар.
Қазақ халқының ұлттық киімдері - қазақ халқының қолөнері және заманнан тарихымен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқан бай қазына. Қазақ халқының киім-кешегі ұлттық тұрмыстық және рухани мәдениеттің бағалы ескерткіштерінің бірі. Одан қазақтардың ұлттық ерекшеліктері, мәдени дәстүрлері, эстетикалық талғамы анық байқалады.
Киімнің материалынан, тысталуынан және тігілуінен халық тұрмысының жай-күйі, мәдениетінің қалыптасу процесі, ғасырлар бойы жинаған еңбек тәжірибесі көрінеді. Киімді сәндеп кестелеу, құрақ салу, зергерлік және басқа да әшекей заттармен әдіптеу сол - халықтың сұлулыққа құштарлығының айғағы.
Халық шеберлерінің көптеген қолтумалары хас өнердің өлмес туындыларына айналды. Олар қазақ халқының мәдени қазынасынан лайықты орын алады. Бүгінгі киімдер әрбір адамның жеке талғамына орай тын жиі өзгертіліп отыратын болса, бұрыңғы кезде олар ұлттық дәстүрге сай тігілетін еді. Сондықтан қазақ халқының киімдері, талай ғасырлар өтсе де, болмалы өзгерістерге ғана ұшырап отыр.
Қазақтың ұлттық киімдері, олардың негізгі кәсібі - мал шаруашылығымен байланысты көшіп-қонып жүруге ыңғайлы етіп тігілді. Оларға аяз бен боранға, төтеп беретін киімдер қажет болды. Сондықтан да қазақтар киімдерді малдың иленген терісінен, жұқа киімдерден, қойдың, түйенің жүнінен тікті. Бертін келе матаға жүн салып, сыртын бояды.
Орта Азиямен, Қытаймен сауда-саттық жасаудың нәтижесінде жүн, жібек мақта-маталарын ала бастады. Ал, XVIII-ғасырдан бастап олардың фабрикалық арзан маталарын айырбасқа көптеп алды. Бұл ұлттық киім түрлерінің көбеюіне мүмкіндік жасады.
Қазақ халқының ұлттық киімдері, сән салтанаты халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс-тіршілігіне, табиғат жағдайына байланысты бірнеше үлгіге бөлінеді. Мысалы, Оңтүстік Қазақстанның Солтүстік Қазақстаннан, Шығыс Қазақстанның Батыс Қазақстаннан қолөнері мен киімдерінде өзіндік айырмашылық бар. Осы аймақтардың қыз-келіншектерінің киім үлгілеріндегі кейбір ерекшеліктері: жаулықты орау, камзол-жеңсіз сияқты киімдердің әшекейінен, сырт киім-шапан, желбегейдің пішінінен, бояу нақыштарынан ажыратуға болады.
Қазақша киімнің үлгілерінің әйелдерге тән нұсқаларын әр жер өзінше тіккенімен, олардың киімінің үлгілерін бір-бірінен ажырату оңай. Яғни қыздар киімі: ашық түсті матадан, көйлегінің белі бүрмелі, етек-жеңіне екі-үш қатар желбіршек салынуы, қос етек болуы, камзол етегіне, өңіріне оқа не әшекейлі кесте тігіліп, басына үкілі тақия, аяғына биік өкшелі етік киіп, қапсырмалы белдікпен буынатын болған.
Әйелдерге шымқай ақ түсті матадан, кестеленген қос етекті көйлек кию ұят саналған, әйелдер көйлегінің өзіне тән, сән үлгісі болған. Әйелдер самайын, мойын көрсетпеу үшін, өз жасына лайықты кимешек киген. Үлкен кісілер астарланған қымбат көйлектің сыртынан камзол, кестелі кимешек, басына жаулықты сәндеп орап, аяғына кебіс мәсі киіп, шапанын қауыстырмамен айқара буынатын болған.
Ұлттық киім кию дәстүрі бұрыңғы заманнан келе жатыр. Қазақтың ұлттық киімдерінің түрлері мен атаулары көп. Кең байтақ қазақ даласының әрбір аймақтарына, халқының ру, тайпа, жүз сияқты ерекшеліктеріне тән киім кию үлгілері бар.
Қазақ киімдері іштік, сырттық, сулық, бір киер делініп төрт топқа бөлінеді. Іштік киімдерге - көйлек, дамбал, желетке, камзол, кәзекей, сырттық киімдерге- шапан, күпі, тон, шидем, сулық киімдерге - шекпен, қаптал жапан, күпі кебенек, кенеп, сырттық жатады.
Әйелдер киімдерінің де әр аймақта әр түрлі үлгілері мен әр алуан атаулары бар. Солардың ішінде қазақ елінің бәріне тән түрлер: жаулық, сәукеле, желек, тақия, камзол, кәзекей, көкірекше сияқты заттар. Әйел киімдері әшекей, ажар жағынан, ел салты бойынша, төрт топқа арналып тігілген. Олар қыз киімдері, келіншек, орта жастағы әйелдер мен қарт бәйбішелердің киімдері. Бұлардың әрқайсысының тігілу мәнері де, әшекейі де әр түрлі.
Қыздар киетін киімдер. Қыздар бойжеткенше бастарына тана, күміс шытыра тағып, үкілі тақия киіп жүрген. Тақияның дөңгелек, шашақ төбе, найзағай сияқты бірнеше түрлері бар. Қыздар қос етек көйлек киіп,барқыттан тіккен кеудеше, мойнына қызыл маржан таққан. Он бес, он алты жастағы бойжеткен қыздар етегіне екі-үш бүрмелі желбіршек салған ұзын көйлек, белі қынамалы, жеңсіз оқалы камзол киіп, қаптырмамен қабыстырған. Оның үстінен қынамалы женді бешпет, қамар белдік күміс, былғары, барқыт тағатын болған. Ал қыздардың бас киімдері негізінен оқалап, зерлеп тіккен, үкілі құндыз тақия, кәмшәт бөрік болып келеді де, оның үстінен шашақты қызыл жібек орамал шәлі жамылады.
Келіншектер киімі. Келіншектер бір құрсақ көтергенше қыз киімін кие береді. Бірақ олар бөрік, тақия кимейді, үкі тақпайды және жалаңбас жүрмейді. Үстіне екі-үш бүрмелі желбіршек салған ұзын көйлек, жеңсіз қынамалы камзол киіп, басына сулама жаулық, батыста; сәукеле жаулық, шығыста; тартып, қызыл жібектен шашақты шәлі салған.
Құрсақ көтерген келіншектер киімдерін мол етіп тігеді, олардың бас киімдері шаршы, сарала жақ, торғын шәлі, қызға қарағанда әшекей заттары аздау болып келеді. Орта жастағы әйелдер құбатебел киінеді. Олардың көйлектері қос етексіз, белі мен жеңі кең болып бүріледі. Бұл жастағы әйелдер шаршыны орап тартады. Жақтарын оқаламайды, жәй кестелейді. Қарт әйелдердің киімі неғүрлым етекті, мол қаусырмалы, қалталы, әшекейлерінің көбі тана, түйме, қапсырма, оқалы өнір сияқты заттар болған.
Қалындық киімі. Қалындықтар қызыл барқытпен омырауын, етегін зерлеп, оқаланған ұзын көйлек, оқа тіккен жеңсіз камзол киіп, белге күміс қамар белін буынған. Басына үкілі сәукеле, үлкен ақ жібектен желек жамылады.
Көне әйелдер киімі. Үстіне ұзын көйлек, шолақ женді камзол, басына кимешек киеді. Кимешектің арты етегі ұзын болады, оның сыртынан күндік орайды. Кейінгі кезде республикамыздың барлық облыстарының киім үлгілері, сәндік бұйымдары еркін араласып кетті. Сондай-ақ он бес-жиырма жыл бедерінде туған ән - күйлердің өзара айырмашылығы да бұрынғыдай анық бермейді.
Әйелдердің ұлттық киімдері өзінің ерекше сәнділігімен көзге түседі. Тіпті жарлы деген әйелдер де киімдерін кестелеп, барынша құрақ салып киетін болған. Әйел көйлегінің кеудесі мен етегі екі бөлек тігіліп, соңынан етекті кеудеге бүріп қосатын. Кеуденің етекке қосылған жері көйлектің белі немесе бүрмесі деп аталады. Әйел кеудесінің кеудесі тар, етегі кең болады. Өңірі бүрмеге дейін ашық, оның асты-үсті әдіптеліп сырып өрнектеледі, мұлы «қақпа» деп атайды. Ана болған әйел осы қақпа арқылы бала емізеді.
Көйлектің жағасы тік шығарылып ол артынан кейде бір жақ иық үстінен түймеленеді, ал қыз-келіншектердің көйлегінің жағасы кестеленеді немесе қол инемен көркемдеп қайып тігіледі, кейде жағаның үстіңгі шетін бүрмелеп желбірлеп қояды. Қыз-келіншек көйлегі жағасының өңіріне бірнеше түймені тізіп қадайды.
Қос етек көйлек әдетте ақ түсті қымбат жібектен, асыл матадан тігіліп, таза жүннен тоқылады. Мысалы, ақ шәйі, шағи, дүрия, бәтес, әифа, ләйлек, сусыма, сипы, кәріс сияқты шитік матадан желбірлеген көйлек түрлері жиі кездеседі.
Сонымен қатар қызыл, жасыл, сары, көк, қара, қубақан, жолақ түсті шыттар мен кырмызы, манат, қамқа, барқыт, пүліш, шуға, ұштап, атлас және т.б, тыстық маталардан да қос етек көйлектер тігілетін. Мұндай көйлекті қыс киюге арнайды да, бір киер көйлек санайды. Қос етек көйлек әдетте ұзын, кең, оның жеңінің ұшы мен жағасы, белі бүрмеленіп, қатпарлы желбір салынады. Қазіргі өлшеммен алғанда, бір қос етек көйлекке 6-7 метрдей мата жұмсалады.
Қос етектің негізгі етегінің кеңдігі 3,5 – 4- тен, кейде 4,5-ке дейін, биігін әркім өз бойына /беліне дейін/ өлшеп, бөлек қусырап алады. Оның етегін әдіптеп, кестелеп немесе оқа жапсырып әшекейлейді. Содан кейін етектің үстінен биіктігі 25-30 см мөлшерінде бірнеше қосымша етек бастырады. Етектің, төменгі шетін әдептеп әшекейлеп бос қалдырады да жоғарғы шетін негізгі етекке бүріп бастырады. Бүріп бастырған тігіс үстіне де зер кесте немесе басқа асыл түсті мата жапсырып әшекей жасайды.
Осындай қосарлана желбір жасап тұрған етектер екіден тоғызға дейін қатар-қатар қатпар түзеп, етекті дөңгелектіп, бір түрлі әдемі ауқым жасап тұрады. Қос етек қөйлектің жеңінің ұшы да қос-қос бүрмеленеді. Әйел көйлегін ерекше сәндеп тұратын қосымша қатардың бірі, омырауға не тігіп, не түйме, түйреуіш, ілгектермен жапсырып қоятын «өңір» деген зат. Өңір жағаның алдынғы жақ түбінің бел бүрмесіне дейін, ені екі жақ қолтық тігісіне жатады.
Өңірді асыл матадан бөлек тігеді. Шет-шетін кестелеп, зерлеп шашақтап, бетіне неше түрлі асыл тас, меруерт-моншақ, алтын не күмістен алқа, теңге бастырма, жылтыраған үзбелі салпыншақтар қадайды. Өңірді кеудеше, көкірекше, төстік алқа деп те атай береді.
Камзол - әйелдер ұлт киімінің бір түрі, оны көйлек сыртынан киеді. Ол барқыт, пүліш, мақпал сияқты асыл, сапалы кездемелерден тігіледі. Камзолды кей жерлерде «жеңсіз бешпент» немесе «кәзекей» деп те атайды.
Камзолда жең де, жаға да болмайды және де екі өңірі тек тыс пен астардан тұрады. Камзолдың астары үшін көбінесе атлас, шағи, торғын пайдаланылады. Оның екі өңірі біріне-бірі сәл жетпейтіндей етіп тігіледі. Сондықтан түйме орнына камзолдың алдына зергерлер әшекейлеп жасаған алтын, күміс жалатып, асыл тастан көз орнатқан қусырма қадалады. Камзолдың желкесінен бастап екі өңіріне және етегіне айналдыра алтын оқа басады, немесе зер тігеді. Кейде түбі мен құңдыздың қара пұшпағымен әдіптейді.
Қыздар мен жас келіншектер киетін камзол өте-мөте сәнді болады. Оның екі омырауына алтын, күміс жалатқан қозалар, шарбақ түймелер, меруерт, маржандар тағылады. Кейбір жерлерде күміс теңгелерді тесіп тағып қояды. Казіргі кезде жергілікті өнеркәсіп орындары барқыт пен пүліштен сәндеп тіккен камзол шығаратын болды.
Қазақ ғұрпында бас киім көріктілік пен сәнділікті, баршылықты білдіретін қасиетті киім саналған. Сол сияқты сыпайылық көрсеткенде немесе бас киімді шешу сонымен қатар бөрігін аяқ астына тастау да осы бас киімді қастерлеуден туған .
Қазақ қауымының әдетінде әйелдердің бас киіміне ерекше назар аударылған. Олардың әртүрлі жас мөлшеріне қарай өзіндік ерекшелігі, әсемделуі өзгеше болған. Бұлар көбінесе іштік жеңіл матадан, ал қатипа тақия, құндыз бөрік, шашақ бөріктер ең қымбат аң терілерінен тігілген. Әйелдердің бас киімінің тігілуінің өзіндік мәні бар. Төменде солардың неғұрлым көп тараған бірнеше түріне сипаттама берейік.
Сәукеленің негізгі бөліктері - тәж, төбе, құлақ бау және артқы бойы. Сәукеленің төбесі қиық конус тәрізді болып келеді. Тәжін асыл тас, алтын, күміс, меруерт, маржанмен өрнектеп, алтын жіппен әшекейлейді. Сәукеленің төбесі екі сүйем, кейде одан да биік болады. Сәукелені өлшеп пішіп алып, ішіне астар, сырт жағына бидай шүберек ұстап жиі етіп сыриды. Одан соң оның сыртын қамқа, дария, торғын сияқты асыл матамен тыстайды. Сәукелені әшекейлеу үшін, оның тысының сыртынан зер жіптен тоқылған ақауларды белдеулеп басады. Оның етегін мақпалмен, не қара барқытпен әдіптеп көмкереді. Сәукелеге ұзын құлақ бау тағады. Оның шеті шырайналдыра, зер не жібек жіппен шалып көмкеріледі, түбіне сәнді түйреуіш түйреледі.
Тақия - қыздардың кішкене кезінен киетін ұлттық киімдерінің бірі болған. Тақияның тігілуі де қиын емес. Тақияны пүліштен, қыжымнан, ал астарын жібек, сәтеннен тігеді. Дөңгелек етіп қиылған шеңберге жағалата, ұзын лентаға ұқсас жолақ жапсырылады. Шеңберді картон қағаздан немесе қатты матадан жасайды. Сыртын әдемі, қымбат бағалы маталармен қаптап тігеді. Ол шеңбердің талғамына сай таңдап алынады. Тақия мыжылмай өз формасын сақтап тұру үшін, оның астары мен кос астарын беттестіріп, жиі етіп сыриды. Одан кейін тысын жауып, шетін басқа түсті матамен әдіптеп кереді. Тақияның төбесі мен етегінің қоспа тігістері білінбеу үшін, сол тігістерді бастыра жібек жіппен әдемілеп шалып тігеді.
Жаулық - әйелдердің негізгі бас киімдеріне жатады. Оны ақ түсті матадан немесе ақ жібектен тігеді. Жаулықты кимешектің сыртынан тартады. Жаулық тұтас енімен алынған, кейде бір жарым ен матадан ұзындығын бір жарым - екі метрдей етіп киып алып, шеттері жіңішке ғана бүгіліп жасалады.
Бөрікті бағалы аң терісінен және жас төлдің елтірісінен тігеді. Терінің түріне қарай бөрік әр алуан болады. Бөріктің төбесі көбінесе алты киық, төрт қиық болып келеді. Оны тіккенде алдымен өлшеп алып, жұқа киізден төрт не алты сай /қиык/ етіп пішеді. Әр сайдың төбеде түйісетін ұштары үшбұрыш тәрізді, етек жақтары тік төрт бұрыш болады. Осы қиындылардың бір бетіне шүберектен астар, екі арасына жұқа матадан бидай шүберек салып, жиі етіп сыриды. Одан соң жеке-жеке сайларды біріне-бірін ебістіріп, ішінен де, сыртынан да жөрмеп тігеді. Оның сыртын барқыт, пүліш қамқа тәрізді асыл маталармен тыстайды. Бұдан кейін бөріктің төбесінің етегін жай матамен астарлап тігеді де, төменгі жағын төрт елідей терімен көмкереді. Кейде бөріктің етегін жауып тұратындай етіп айналдыра зер не жібек шашақтар ұстатады.
Кимешек - әйел киімдерінің ішінде өзінің әсемділігімен, тігілу ерекшелігімен басты орын алады. Кимешек көбінесе ақ түсті жеңіл іштік матадан тігіледі. Кимешек негізінен басты толық жауып тұрады, бет тұсы ойма етіп ойылады. Төменгі жақты арқамен қоса жауып, аяғы үшбұрышты құйрықты болып пішіледі.
Кимешектің шеттері желбір бүрмелермен қосып тігіледі немесе қайырылған тігістермен өңделеді. Кеуде тұсы кең етіп тігілген кимешектерді кейде иықтан асыра қайырып та киеді. Кимешектің бет жағы көбінесе трапеция түрінде пішіледі. Кимешекті әрлеп әшекейлеу жас мөлшеріне қарай жасалып отырған.
Жас келіншектердің кимешектері күміс, алтын зерлермен жасалып, моншақтармен безендірілетін болған. Ал, орта жастан асқан әйелдердің кимешектері жай әсем тігістермен немесе түрлі-түсті жіптерімен әдеміленіп тігіледі. Кимешекті жаулықтың астынан киеді.
Қазақ халқының ұлттық киімдерінің ішінде әйелдер бас киімі әлі де болса қазақтардан қалмай келе жатыр. Оны қазір көбінесе көне көз әжелеріміз бен апаларымыз бастарынан тастамай қасиет тұтып киіп жүр.Қазақ халқының ұлттық киімі оның тарихымен сонау өткен заманнан жасасып келеді. Сондықтан қазақ халқының ұлттық қолөнері туралы сөз еткенде, оны Қазақстан тарихымен байланыстыра сөз еткен дұрыс.
Қазақ киімдерінің ұлттық түрлерін жинап, оның әр алуан әсем үлгілерін жасау қазіргі кездегі әр түрлі киім үлгілеріне еңгізіліп отыр. Ұлттық киімдеріміздің қазіргі пішімдерінде, түрінде, кестеленуінде, оқалануы мен әсемдеу тәсілдерінде өзіңдік ерекшеліктері бар.
Қазақтың ұлттық киімдері негізінен мынандай түрге бөлінеді: іштік киімдер, сыртқы (өң) киімдер, сулық киімдер, ерлердің бас киімдері, әйелдердің бас киімдері, аяқ киімдер. Бұларға мынандай киімдер жатады: іштік киімдер: бешпент, дамбал, жейде (көйлек), қамзол, күрте, (желетке), шалбар. Сыртқы (өң) киімдер: жадағай шапан, жарғақ, күпі, сырмалы шапан, тай-жақы, тон, шапан, шидем, ішік, қолқап. Сулық киімдер: аба, кебенек, кенеп, сырттық, шекпен .
Киімнің негізгі түрлері
Қазақтың ұлттық киімдері негізінен мынандай түрге бөлінеді: іштік киімдер, сыртқы (өң) киімдер, сулық киімдер, ерлердің бас киімдері, әйелдердің бас киімдері, аяқ киімдер. Бұларға мынандай киімдер жатады:
Іштік киімдер
Бешпент, дамбал, жейде (көйлек), қамзол, күрте, (желетке), шалбар. Сыртқы (өң) киімдер Жадағай шапан, жарғақ, күпі, сырмалы шапан, тай-жақы, тон, шапан, шидем, ішік, қолқап.
Сулық киімдер
Аба, кебенек, кенеп, сырт-тық, шекпен.
Ерлердің бас киімдері
Башлық, бөрік, далбай, жалбағай, жекей тымақ, күл- пара, қалпақ, құлақшын, ма-лақай, мұрақ, тақия, тымақ, шалма.
Әйелдердің бас киімдері
Бергек, бөрік, жаулық, желек, кимешек, күндік, ора- мал, қарқара, сәукеле, та-қия, шәлі.
Ұлттық киімдеріміз пайдалану, тұтыну ерекшеліктеріне қарай күнделікті, сәндік киімдер, жыл мезгілдеріне байланысты қыстық, маусым аралық, жаздық, күздік киімдер болып бөлінеді. Жас және жыныс ерекшеліктеріне сәйкес мынандай түрлерге жіктеледі: сәби киімі (иткөйлек, сылау тақия), бала киімі (кепеш, малақай, құлақшын, жейде, дамбал, шалбар, етік, бешпент, шапан), бозбала киімі (тақия, етік, жейде, шалбар), бойжеткен киімі (желбіршек- ті көйлек, тақия, кәзекей), қалыңдық киімі (сәукеле, желек), келіншек, бәйбіше киімі (көйлек, кимешек, жаулық, қамзол, кебіс, мәсі, көкірекше), күйеу, жас жігіт, ақсақал киімдері (шапан, ішік, бешпент, сырма шалбар, ақ жейде, дамбал, саптама етік, кебіс, мәсі). Әлеуметтік дәрежесіне, қызметіне байланысты ұлт-тық киімдер мынандай да топқа бөлінеді: жоғары текті қазақтардың киімі, сал-серілер киімі, сән-салтанат киімдері, ұлттық ойын-сауық, жарыстарда киетін киімдер, ғұрыпты киімдер, қазақтың неке киімдері, күйеу жігіт киімі, қалыңдық киімі, дінге байланысты салттық және ғұрыптық киімдер, діндарлар киімі, жерлеу рәсіміне байланысты өлікке кигізілетін киім, аза тұтушылардың қаралы киімдері, қазақтардың ертедегі сулық және кәсіптік киімдері, малшылар киімі, аңшылар киімі, батырлар киімі және т.б. Тіпті киімдерді ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз үлгілері деп те танып жатады. Сондай-ақ, кейбір киімдер ру, тайпа аттарымен де былайша аталып, танылады: қыпшақ тымақ, арғын тымақ, найман тымақ, адай бөрік, қызай бөрік т.с.с. Қазақтың ұлттық киімдерін географиялық аймағына қарай Жетісу үлгісі, Арқа үлгісі деп те атау кездеседі. Бірқатар қазақ киімдерінің үлгісіне көршілес орыс, тәжік, қырғыз, түркімен халықтарының киім тігу мәнерінің де әсер еткені мәлім. Ал енді көне ғасырларда пайда болған қазақтың көптеген киім түрлері мен үлгілері бізге жеткен жоқ. Біздің ұлттық киімдеріміздің негізгі түрлеріне байланысты арнайы салт-дәстүр, ырымдар бар .
Бас киімдер бойынша салт-дәстүрлер мен ырымдар
Тымақ. Ол қасиетті баскиім саналады. Оны айырбастамайды, аяқ тигізбейді. Қазақта шала туған баланы тымаққа салып асырайтын дәстүр бар. Біреуге бас ұрғанда да аяғына тымағын тастайды. Тымақ тастап кешірім сұрау бітімге шақырудың ең үлкен белгісі.
Бас киімге қауырсын тағу
«Алтын Адамның» баскиіміне де төрт алтын қауырсын ілінген. Тамғалы тастағы суреттерде де қауырсынды баскиім киіп, малдас құрып отырған адам бейнеленген. Баскиімге қауырсын тағу көп халықта бар. Ол мифтік наным бойынша жердегі адамның рухтық болмысының аспан әлемімен байланыста екендігін танытады.
Жаулық. Оған қатысты арнайы заң жолы, салт бар. «Жеті жарғы» бойынша қылмыстық, бұзақылық істе ол үшін кімге, кімнің құн тө-ленетінінің орнына «сары жаулық» жүрген. Бұл жаулық құн төлеуге келіскендікті білдіреді. Күйеуі өлген әйел өзінің қаралы екендігін таныту үшін бір жыл бойы сары жаулықты тағып жүретін болған.
Бас киімге қатысты тыйымдар
Баскиімді іліп қояды, кез – келген жерге тастай салмайды, астыға басып отырмайды. Олай жасаса, бастан бақ таяды. Ер адам әйелдің жаулығын басына салмайды. Олай жасаса, еркектіктен айырылады. Қыз бала басына ақ, қара орамал тартпауға тиісті. Ақ – жаулықтың, қара – қайғының белгісі. Жалаңбас отырып бала емізбейді, ас – су әзірлемейді. Баскиімнің төбесін басып кимейді, оны айырбастамайды, ешкімге сыйламайды, сатпайды. Тек сыйлыққа киілмеген, жаңа баскиім алып беруге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |