«Құралайдың салқыны»
Ақбөкен- ашық кеңістіктің типтік жануары. Қорек пен су іздеу барысында үлкен арақашықтықты жүгіріп өтеді. Ақбөкеннің тұлғасы жуан, тығыз, ал аяқтары жіңішке.
Ақбөкенді қазақтар «киелі» деп атайды. Киелі аң деп қастерлейтін осы сұлу жаратылыстың шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік ететіні белгілі. Олар ауа райына, жайылымның жағдайына байланысты қоныстарын ауыстырып отырады. Киіктердің арнайы түрде лақтайтын, өрістейтін тұрақты жері, сол өңірге жыл сайын жылы жақтан келіп, кері қайтатын арнайы жолы да болады.
Бір ғажабы, ақбөкендер табиғат тамыршысы секілді қыстың қарлы боранды болатынын, көктемнің кеш туатынын алдын-ала болжап біледі. Өздері де соған сәйкес тіршілік етеді. Мамыр айының шамамен он төрті мен жиырма сегізі аралығында 2-3 күнге ғана соғылатын қатты желді халық даналары «Құралай салқыны» дейді.
Киіктер төлдейтін кезде бетпақдалада шыбын-шіркейді шығартпайтын суық болады екен. Мұны қазақта «құралайдың салқыны» деп атайды. Сол кезде қасқырдың киікке деген тәбеті де тыйылады екен.
Ел арасында ақбөкенді атқан адам бақытсыздыққа ұшырайды деген сенім бар. Ақбөкендердің басына қаншама зобалаң заман туғанымен, миллиондаған жылдар бойы тұқымын сақтап қала алды. Осының өзі ақбөкендердің өмірге өте бейімділігін, өсімталдығын аңғартады.
(166 сөз)
|