Екінші бөлім Ғазали ғибыраттары


«Ізлік Щор сегіз ікігу қазғанты. Қатық ташық еб барқын»



бет11/28
Дата25.12.2016
өлшемі16,14 Mb.
#5087
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   28

«Ізлік Щор сегіз ікігу қазғанты. Қатық ташық еб барқын» , – деп жазылған. Мұны сөзбе-сөз аударғанда:

«Ізлік Шор сегіз көгуді (қасиетті) игерді. Сол үшін қаттаған тастан еб (орын) барық (орнаттық) (сынып қалған жер) құтты болсын», – деген сөз шығады.

Бұл мәтіннің үстірт оқылғандағы нұсқасы. Нағыз мағынасы ғылыми зерттеулер жүргізіліп, тарихи салыстырулар мен талдаулар жасалып, сегіз киенің тегі тектелген соң ғана ашылмақ. Біз жазушылығымызға сүйеніп, ұшқырлық танытып отырмыз. Әзірше айтарымыз, бұл Қаржаубай Сартқожаұлының түркі жазуындағы ашқан жаңалығы болып табылады. Алғашқы ғылыми жарияланым да соның құзындағы иелік.

Кеш мамыражай батты. Суық мәзірді тәбетіміз ашыла қарбытып, шатырымызға кірдік. Қанша ата-бабамыз дегенмен де, бөгінің барығы болғандықтан да сескене көз ілдім.


24.07.2008. Зах – Байтерек – Баяноба
Таңғы 6-да тұрып Ізгілік Шордың керегетастарындағы оюларының көшірмесі түсірдік. Шарбақтастарды қайтадан орынына көмдік. Өкеінішсіз болған жоқ, әрине.

Содан Қаңғайдың көмейіне кіріп, Зах сұмының Байдарақ – Бәйтерек өзенінің басындағы Күреңсал жазығының төріндегі көлденең белдің ортасындағы бірінші түркі қағанаты кезіндегі балбалға бардық. Зах сұмына қарасты Бомбыты деген жерде. Байдерек – Байтерек өзенінің жағасындағы қысаңның алқымында екен.. Бір ерекшелігі – Монғолиядағы балбалдардың ішіндегі басы сақталған аз ескерткіштің бірі осы көрінеді. Тағы бір өзгешелігі, ер жігіттің құлағында сырғасы бар. Бас киімі де өзгеше. Сол жазықтағы екінші бір мүсінді де көрдік. Бұл да үшке бөлініпті. Құрастырдық. Салыстырып қарасақ, бірінің айбаты бірінен өткен өжет бейнелер болып шықты. Суретке, бейнетаспаға түсірілді, бойы, бітімі өлшенді (№55-57 суреттер).

Осымен бүгінгі жұмыс аяқталып, бұл арадан 350 шақырым кейін қалған Байқоңырға қайыра бет түзедік.
Бұл өзі қорғандар жотасы екен. Жолай тағы да үш-төрт қорған көрдік. Тағы да бір мүсін кездесті. Жерде ұзыннан сұлап етпетінен жатыр екен. Бұл да бастан, белден үшке бөлінген. Иә, түркілердің басың кесіп, белін үзген. Бір қызығы, мына мүсін менен айнымайды. Әркім өзін таниды ғой. Жауқабақ. Қиық көз. Бетсүйекті. Көзін төмен салған. Мұртты. Қолында көзе. Беліндегі белбеуіне саусағының ұшын сұғып, қайратын жиып, қанжарын қынап тұр. Қоршалған шарбақ тасы бар. Біз де етпетінен жатқызып кеттік. Тым құрпығанда құс саңғып, ит сарымасын дедік. Амандығына да сеп.

Қайтар жолдағы ойдың салмағы да ауырлай берді.

Қой мен ешкінің тұяғы астында, сарлық сауған елде шашылып жатқан бабалардың мүсіні-ай!

Байхонгорға тақағанда Баян-оба деген ауылдан 4-5 шақырым батысқа қарай тастақ жерде қалың ескі төбенің ортасында 4 жағында шарбақ тасы бар бір мүсін көрдік. Тұрқы өзгелерден мүлдем бөлек. Қалың қасты. Сұсты. Сақал-мұрты бар. Жағалы шапан. Бір қолында тостаған. Белінде кісенің төртбұрышталып ойылған көздері бар, қанжары соған ілінген. Ал сол қолы шолақ!(№58 сурет)

Талайды көрген Қаржаубай да таң қалды. Ал одан да таңқаларлығы тура жон арқасында найманның Ү таңбасы бар(№59 сурет, № 60 сызба)).

Арқасына елінің таңбасы басылған ескерткішті Қаржаубайымыз да алғаш рет аңғарып отыр екен. Асылық демеңіз, тура осы арадан 100 шақырым жерде «Найманның кіндік көлі» (Хуйсин найман нұұр), батысында Қазақтың қасиетті тауы (Хасагт қайырқан)бар екен. Картаға тағы да қарадық. Солтүстікте найман бегі Құлашордың тас жазуы, сәл шығыс солтүстікте түркі астанасы Ордабалық, соған қатар Күлтегін мен Білге қаған ескерткіші орналасыпты. Ал сол бойлықта екінші түркі қағанатын құрған 56 ұлыстың таңбасын бастырған Ел-Етмыш қағанның көктасында бас таңба боп біріккен сегіз таңбалы найманның Ұ таңбасы тұр. Демек, еш күмәнсіз найман руын түркі қағанатын құрған және сол территориядағы заттай айғақтары мен жер аттарын сақтап қалған қазақ елінің өкілетті өкілі деп тануға толық негіз бар. Суретке түсірдік. Ал кескінін Қаржаубай сызды. Керегетастарының оюы да ерекше, сырты үш сызықпен қоршалған. Әттең, күннің шағырмақ сәулесі фотоға анық түсіруге мүмкіндік бермеді. Кешті күтуге тағы болмайды, ұшаққа үлгеруіміз керек...(Мүсіннің нобайы №60 сызбада көрсетілген).

Бұл бір тағы да таң қаларлық оқиға болды. Олжаң құтты болсын, Қаржау! – дестік.

Әттең, бір өкініштісі, ескерткіштердің бәрі де тозып, аяқасты болып жатыр. Бұл үлкен мәселе.

Ұшақ жерден көтерілгенде Баянхонғордан Кұба Алтайдың Боғда биігін тағы көріп қалдым. Өткен жылғы шөлейт сапар еске түсіп, ерінім кеберзіп сала берді.
Кешкі сағат 1000-де Ұланбатырға ұштық.

Сөйтіп, 5-10 күнге жоспарланған сапар 2 күнде игілікті аяқталды. Жуынып, шайынып осы жолдарды қағазға түсірдім.


Енді шілденің 29-на дейін не істеу керек? Қаражат көтерсе Кентайға барып, Шыңғыс ханды хан көтерген жерді көріп келу керек пе?

Оны Қаржау біледі. Ең бастысы қаражат біледі. Оның аржағында Мұзтау тұр. Оны ойлау керек. Жаңалық табылған өңірді қалай көрмеске?



26-27.07.08. Ұланбатыр

Ұлынбатырға келдік. Бір күн еру болдық. Сілеміз қатып-ақ қалыпты. Қаржау дүниеден қайтқан ағайын-туыстарына бата жасады. Отағасы марқұм Мәскеуден бітірген геолог, жамағаты Жайнакүл телекоммуникация инженері екен. Ол да Мәскеуде оқыпты. Аман-саулықтан соң Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатын, экономикасын, ең бастысы елдің жағдайын сұрастырып, танымызға жанын сала жақсылық тіледі. Өздерінде де партократия демократия бір сүзісіп, «құрбандықтарын шалып» алған. Қазір ел ағалары да, президент те соларды дәнекерлеп, елдің екі жарылып кетпеуі үшін арағайын міндетін атқарып жүр екен. Бәрінің пікірі: оқ атқан әскер мен сақшы емес - дегенге саяды. Сонда ол арандатушы күш қайдан келді? Америка мен Ресейді ауыздарына алмайды. Не де болса күдігі мен күмәні іштерінде сияқты. Қалайда бұл мәселені прокуратура қатаң тергеуге алыпты. Оның шындығы ашылмай ішке түскен ыза айықпайтын сияқты. Жалпы бұл ұлт өте кеңқолтық, есігін жаппайтын, дүкенін кілттемейтін халық. Ал бір көтерілсе, ызасы басылмай тоқтамайды екен. Демек, демократия да сол өзекті өртеген еріксіздіктен, бір адамның билігінен зәтте болған, тарихи шаршаған жүйкенің бұлқынысы болса керек.

Мен осы Жайнакүл апайдың көзіне тұнған тамшыдан қазақ еліне деген ұлы махаббатты, қыз баланың әкесіне деген сағынышы сияқты тарихи отанына деген нәзік те азаматқа тән адал сезімді аңғардым.

Шыңғыс ханның туған және хан көтерілген Кентай жотасын, Онон мен Керулен өзенін, Бурхан Халдун тауын көру ес білгеннен бергі аңсарым еді. Былтыр да қисыны келмеген. Биыл ерте бастан ойластырып-ақ қойғандай болғам. Қаржаубай осындағы сүйікті қызы Бегімнің үйіне әлі бас сұқпаған, жиендерін иіскеп, мұрнының жыбырын бассын деп «жүгенін сыпырып» қоя бердім. Оператор, Малаизиядан мамандық алған Еркебұлан жеңіл көлікке сөйлесіпті, ол жүре алмайды екен. Ал «Джип» пен «Ниссандардың» жолшылары (монғолдар жүргізушіні солай атайды) кілең қалтасы қалың шетелдіктердің «жомарттығына» мойынсалданып, бағаны «ұшырып» жіберіпті. «Мың доллар», – деп «мың-мыңдап» жотасын беріп тұрып алды. Нарық та, нарықтың «қарық қылатын» сатымсақтығы да былтырға қарағанда аңғал монғолды биыл алыпсатарға айналдырыпты. Аңсар – биік, қалта – таяз. Еріксіз томсырая сапардан бас тартып, Қаржауға шайтанқұлақпен сөйлесіп, былтырғы бойымыз үйренген, жұпыны да жайлы «Өргө» қонақүйіне бет алдық...

Кезекшілері былтырғы қыз-келіншектер екен: «Сіздерді ұмытқамыз жоқ. Сол бөлмеңізді береміз», – деп № 10 бөлмеге орналастырды.

Сол қалпы. Ең аяғы жартылай жұлынған ток тетігі де өзгермеген. Өз үйіме келгендей ыстық көрініп, еркінсіп қалдым. Бойым байсал тартып сала берді. Жалпы әшекей-үшекейі көп, сықиған қонақжайлар менің еңсемді басады. Онда өзімді ебедейсіз сезінемін. Ең бастысы шеттеу болса да бұл ара біз сияқты жортайы пендеге қолайлы. Әсіресе, дәмханасы... Монғолдар етсіз тамақ істемейді, тіпті үстемелеп қосады. Дегенмен де сорпа-су, кеспе, құймақ, қаймақ, нан (нан мәзірге қосыла бермейді), шөпкөже, тұшпара сияқты асты осы дәмханадан табасың. Бағасы да жөндемі. Даяшы қыздар да: «Сіз былтыр келгенсіз. Өте қуаныштымыз», - десіп жатыр. Ал менің аңсарым – кеспе. Мәзірді атап, қою шай сұрағанымда, бәрі де күліп жіберді... Зады: «Қазір мына кісі анадай мәзір береді», – деп өзара жорамал жасап қойған сияқты.

Шаршағанда, оның ішінде әбден қалжырап, жұмыс біткен соң ғана иектейтін бір буын ұстамам бар еді. Сол қыстамалай қамап барып тарқады.

Түнде жалғыз жаттым. Еркебұлан сыныптастарымен түнгі көшені кезіп кетті. Әртүрлі ой мазалағанымен, байыздап қонақтаған жүйе болмады. Тек «Шолақ найман» ескерткіші ғана елестей кескестеді. Теркен көлінде Елбасы түсіме кіріп, шеру алдында қарыма қолын іліп, саптан өткізіп еді. Бүгін Нұрғиса Тілендиев марқұмның үйінде жүрмін, жаңа ғана дүниеден өткен екен деймін. Соңында он үштер мөлшеріндегі ұлы қалған екен. Сол ұл: «Мен жас болсам да әкемнің барлық сырын түсінемін. Ұмытпаймын», – деп сөйлеп жылап тұр.

О, Алла! Пекинде алты ай тұрғанда қазақтың бақиға аттанған үлкенді-кішісі түгел түсіме кіріп шығып еді. Оралхан мен Жарасқан әлде нені меңзегендей кейіпте жиі кірген. Тура сол кезде жар дегендегі жалғыз апайым Айымханға айықпас дерт ілініп, бөрте бастапты. Ақыры алып тынды... Ал мына түстердің жолы да, жорасы да басқа. Бүгін Қаржаубай монғолдың көріпкеліне көрсетем деген. Ол дуана бір жаққа кетіпті. Тәмсіл үшін де көрген дұрыс еді. Баласын ламалық жолға беріпті.

27.07.08. Налайх – Толы
Бүгінгі күн – қазақы күн болды. Таңертең ерте келген Қаржаубай: «Тә! (Иә), жалғыз жатып, екі иығыңды жұлып жеп, мені дымдап жатырсың ба? Тә!(монғолша – жә деген сөз. Қаржау мұнда келгелі менімен монғолша сөйлесіп, монғолдарға – қазақша сөйлейтін әдет тапқан). Сені Налайықа алып барайын. Уақыт жоқ. Тез қамдан. Ондағы қазақтарды көр», – деді. Сыртта қызы Бегім екі баласын – Елубегім мен Хантегінді коңкенің (машинаның) артқы орындығына құндақтап отырғызып, өзі «жолшының» тізгінін ұстапты.

Баяғы қазақи қалжың араластырып, сол баяғы «шолақ найман батырдың» жырына көштік. Құлашор аздық етіп, оған Тоныкөк пен Ел-етміш қағанды «қосақтап» алдық. Қаржаудың да құрыс-тырысы жазылып қалды.

Налайық – Ұланбатырдан 45 шақырым. Көмір шығады. Өндірісті қала. Қазақтың ең шоғырланған жері екен. Бұрын төртінші сыныпқа дейін қазақ бастауыш мектебі болыпты. Қазір жабылған. Әйтеуір мешіт сақталыпты. Қазақтар биік төбені жаба шоғырлана орналасыпты. Біз құран бағыштай барған Абылай Төленұлы осы қаладағы автобазаның бастығы болыпты. Кейін әкімдікке сайланыпты. Сол баяғы қазақы мінезбен: «Абылайдың үйі қайсы?», – деп Қаржаубай қазақша «жөн сұрауға» көшті. Жастары ұяла монғолша жауаптасты. Әйтеуір сөзіңді түсінеді. Ересектері мақалдап тақылдайды. Монғол ұлтының бір мінезі – әруақ сыйлайды. Абылай марқұм 4 жылға әкімдікке сайланыпты: «Әкесінің мерзімі өткенше міндетін журналист қызы Назгүл атқарсын», – деп сайлау өткіздірмепті.

Жазда бұл елде там үйде отыру – мін саналады. Үй-іші Толының жағасындағы ауылда – саяжайда екен. Сол үйдің кішісі Алмасбек ертіп барды. Тоныкөк пен Шыңғыс ханның ескерткішінің бағытында. Жазғы саяжай. Бір топ бала жарыса асыр салып жүр. Қаржаубай жамағат (шөберелес) Манат жеңгесіне көңіл айтты. Отағасы Абылайды көргенім жоқ. Бірақ бұл үйдің ұл-қыздарының мұрыны орақтанып біткен ақсары жүздерінен-ақ нағашысына тартқандығы бірден білінеді. Үлкен қызы – Ақмоланың медицина институтын, екінші қызы – Назгүл Ұланбатыр университетінің журналистика факультетін бітіріпті, кенже қызы да журналистиканың екінші курсында оқиды екен. Бастапқыда, көңіл білдірген көңілсіз сөздер айтылғандықтан ба, томсарыңқырап отырдық. Жоғарыдағы қыздар да, ес білген балалар да өзара монғолша сөйлесіп жатты. Ақмоладан оқыған, бала емізіп отырған дәрігер де сәбиімен монғолша тіл қатты. Жамғат Манат әпкеміз де (менен бір жас үлкен екен) қысылып, ақталыңқырады.

Жалпы бұл томсарыс тұсында ескерте кетерім, монғолдар өзіне қарап сөйлеп, тоқтатпасаң, амандаспай өте береді, қоштаспай бетін бұрып жүре береді екен. Олардың осы «қасиеті» қазақтарға да сіңіпті: «Шетелден ағалары бата оқи келгенде амандық неге сұраспады. Сәлем неге бермеді?», – деп әр нәрсені көңіліме алып отырдым. Қазақстандағы «тілі мүкістердің» түрі анау, Монғолиядағы шүлдір мынау. Өз отанындағылардың кесірілі тамыры түбі кесіледі. Ал мыналарда қандай келешек бар? Әнеукүні Тоныкөктің тұғыртасынан қайтып келе жатқанда бір киіз үйге тоқтадық. Қаржау монғолша жөн сұрасып, жол сұрап далаға шыққанда әлгі монғол келіншек: «Кемі жоқ. Мен қазақымын. Сөз білемін. Айта алмаймын. Атым – Бижамал. Күйеуім де қазақ», – деп бізді қазақ ғұрпымен шығарып салғаны еске оралды.

Қаржаудың «меншікті молдасы» құран қайырды. Иманымыз бойға үйірілді ме, тіліміз ашыла бастады. Қаржау осы үйдің ата шежіресін сұрағаны сол еді, әлгі томсарған қыздар қазақша жамырай «керейлесіп», жеті атасын жарыса: «Жантекей... Ханкелді, Сүйініш, Құмырсқа, Жанкісі, Тапай, Төлек, Абылай...» – деп таласа жөнелді. Тілдерінің түйіншегі де жазылып, қазақша суылдап сала берді. М.Әуезов айтқандай, қазақтың рулап әруақ шақыруында бір кие бар. Атасын аузына салсаң болды, атойлап шыға келеді. «Бүгінгі күн қазақы күн болды», – деп бастағаным да сондықтан.

Жөн сұрасқаннан кейін әңгіме емін-еркін әзілге, жөн-жобаға көшті. Тіпті жамағат Манат әпке менімен қандас болып шыққаннан кейін бәрінің, әсіресе, журналист – әкім Назгүл жиенім өзімсіп, нағашы-жиеннің жортағына салды. Мен де аттың басын еркін жіберіп, Қаржаубайды қоса қабат түйреп, екпіндей жауап қаттым. Қанша айтқанмен қара сөздің маманы емеспін бе, оның үстіне Абай мен Құнанбайдың бап-байламын білемін және Несіпбекпен, Жүрсінмен, Қаржаубаймен 30 жылдан астам қаржыласып жинаған тәжірибем де бар, әлгі журналист жиенім: «Сонда біз өзі жеңіліп қалдық па, Қаржаубай аға?», – дегенде, Қаржаубай ағасы қасарысып «бір байтал» (онысы бір тай дегені) деуден қайтпады. Мұның барлығы «Найманның кіндік көлі» мен «Найманның Шолақ қол батырынан» шықты. Ақыры Таянханның бітікшісі Татағұнғаны Тоныкөктің тұқымы етіп шығарып бір-ақ тындым. Сонда да Қаржаубай «бір байталынан» жаңылмады.

Енді ашығына көшсек, әңгіменің мұнша емін-еркін өрбуіне, осы үйдегі қыздар мен жігіттердің қазақтық рухы себепкер болды. Шыңғыс ханның алып та ажарлы ескерткішінің маңынан әлдебір абыр-сабыр аңғарып ек. Осы арада қазаққа қатысты бір дүбірді сезгеміз. Біз оны Ұланбатырға келетін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің сапарымен байланыстырғамыз. Үкімет көліктері де тізіліп өткен. Соның айыбын ақсарының өңдісі Манат әпкеміз:



  • Мына қыздың күні-түні мазасы жоқ. Әкесінің орнына аманат-әкім қойған соң, жаны қалмай жанығып жүр. Желтоқсанда сайланбалы мерзімі бітіп, журналистік кәсібіне қайта оралуды арман етіп жүр. Тамыздың бірі мен үші арасында осы Монғолияның орталық аймағындағы туған жері мен тілдік ортадан алыс қалған, ата дәстүрден қалыс өскен қазақ қауымдастығының бас қосуын тура сол Шыңғыс ханның ескерткішін таңдап алды. Бәйге, көкпар, қыз қуу, ән-күй салтанатын, ұлттық бұйымдардың көрмесін өткізбек. Қазақтың киіз үйін тікпек. Ойын-сауық үш күнге созылады. Сіздерден көрі, тіпті Баянөлгейден де, орталық Монғолиядағы өнеркәсіпте істейтін қазақтар үшін бұл мәселе өте күрделі де қауіпті. Әсіресе, жас балалар үшін қиын. Монғолияға сіңіп, олардың санын көбейте қоймаспыз. Өзіміз үшін, рухымыз үшін намыстымыз. Былтырдан бастап сондай бас қосуды бастады. Бұрын Абылай мақұм ұйытқы болушы еді. Енді соның тізгінін ініс яки мен мына Назгүл ұстап қалды. Әлгі мазасыздық та содан туып отыр. Әйтеуір, бүгін демалыс болғандықтан да бір күн тыныс алып отыр. Мен осылардың балаларының күзетшісімін, - дегенде, бір түрлі мақтанышпен Газгүл жиеніме: «Е, бұл жағың нағашыңа тартқан екен», – дедім шын көңілмен.

Шынымен де, әкенің де, ананың да, елінің де қамын ойлаған мұндай қыздар ұлттың көркі емес пе! Мұндай жиенге риза болмаған нағашы – нағашылықтан садаға кетпей ме?!

Емен-жарқын әзілдесе қоштасып тұрғанда Қаржаубайдың шөберелес інісі, Налайықтың жылу жүйесінің бастығы Энкітөр мырза да келіп, бірден мақалдап сөйлеп, жөн біліскен соң, ол мәймөңкені қойып «керей жапырақ, әлем тапыраққа» көшті. Аз әзілдің соңын Алшынбай, Құнанбай, Отыншы бидің Қарабұлақ төселі кезіндегі бопсалаумен аяқтадым.

Күліп олар қалды, риза болып біз кеттік.

Қаржаубай қазақ қауымдастығының үш күндік салтанатын таспаға түсіріп алмақ болды.

Шашырып кеткен тарыны жиып, егін егіп, өнім алуға ұмтылған мұндай шаңырақтан айналмайсың ба? Ел осылай, осындай ұл-қыздың пейілінен құралады.

Сол үміттің бәріне сәуле құйып, жылу беріп тұрған – біздің отанымыз, тәуелсіз қазақ елі!

Сол салтанатты, екі жүз үйден ел құрған азаматтардың елдік тойын: «Елбасы көрсе екен!», – деген ақ тілекпен осы жолдарды аяқтаймын.


29.8.08. Баянөлгей – Бес боғда
Ұланбатыр – Баянөлгей.

Ұшақпен Баянөлгейге келдік. Біз қайтқанша ұшақтың билеті 550 долларға қымбаттап кетіпті. Оған себепкер – дүние жүзінің төрт құбыласынан жиылып, ағылып-төгіліп келіп жатқан туристер. Сол күндері күн тұтылады екен. Ол осы Алтай шыңында барынша анық та қанық көрінеді екен. Соны көрмек үшін шұбырғандар Баянөлгейдің шағын аэродромынының ішінде аяқтарын айқастырып тұрып жерде ұйықтап жатыр. Күндіз бен түннің айырмасы жоқ сияқты оларға.

Бізді ежелгі таныс, бұрынғы әскери қызметкер, қазіргі бас бармақтай жазушы Сұраған Рахметұлы қарсы алды. Үйіне түсірді. Келініміз Раушан атақты Оспан батырдың немересі екен. Табиғи әдептілік бар. Сұраған бірден көлік мәселесіне көшті. Өйткені ендігі беталысымыз – Алтайдың ең биік әрі ең киелі саналатын, соны көру үшін төрткүлдің толайымы ағылып жатқан әйгілі Бес Боғда шыңы. Алтайдың басына шығып, дүниенің төбесінен қарап, бір сәт өзіңді Тәңірге жақын сезіну аңсарымның ішіндегі аңсауым бөлек аңсар еді. Бауыржан атты інімізді жолсеріктікке таңдапты. Сұраған табылғанына емес, тура осы жігіттің кезіккеніне қуанды. Оның сырын ертеңінде түсіндік.

Сол күні түсте бөгелмей Бес Боғдаға аттандық. Таңғы алакеуімде шыңға көтерілмесек, күні бойы бұлтқа оранып ап, бетін ашпайды екен. Жыл бойына шаққанда 15-20 күн ғана Боғданың басы ашық тұрады екен. Асуға шығып, атақты мұз өзенді көріп, Боғданың шыңына көз қырын салсақ, үлкен жұбаныш деп тіледік. Сонымен, Сұраған, Раушан (молқы), Олжас және Бауыржан бесеуміз өзімізге үйреншікті «Уазикпен» Бес Боғдаға бет алдық. Ұланқұс сияқты былтырдан таныс-бейтаныс жерлерден өтіп келеміз. Бие байлаған ауылды көргенде Сұраған:

– Әзімбайдың үйі мынау. Бие баудан аттанып кету – реніш тудырады, –

деді.


Бұлақты кешіп өтіп барып сусындадық. Содан Ұланқұс – Соғақ сайы арқылы өрледік (Соғақты – Сарбөктер дейді екен шопандар). Міне, Көкмойнақ асуы. Әне, Көкмойнақ ауылы. Жердің атының өзі-ақ оның мазмұнын аңғартады. Көкмойнақ арқылы Алтайдың биігіне бір баспалдақ көтерілесің. Содан өрлей бересің. Соғақ өзеніне Жирен деген азамат Ресейде орыстардың қолынан мерт болған баласына арнап «Дәурен көпір» – деген көпір салыпты. Ал мынау Сарымсақты асуы. Кезеңге шыққанда алдымыздан Бесбоғда жарқ ете қалды. Аспанға ілініп тұр. Таңданысып суретке түсірдік. (№ 61сурет)

Оған жеткенше әлі де 50-60 шақырым, бірнеше бұрма мен, белең бар. Мен мұны «Айғай кезең» деп қойдым. Алдыңдағы көкбұйратты жасаңға түскенше де жаныңды шүберекке түйіп отырасың. Бір тұмсыққа жете бергенде Сұраған «Бүркіт!, – деп дауыстап жіберді, – Тоқтай қал, ұстап алайық», – дейді тағы. Бауыржан тоқтай қалды. Қияға қонақтап отырған бүркітті Сұраған қуа жөнелді. Сасқалақтаған бүркіт мұның өзіне қарай далбалақта жүгіріп, тақап қалғанда жер бауырлай әзер ұшып үлгерді. Қалжыңы емес, Сұрағанның, шыны екен. Сөйтсем, тояттаған бүркіт жазықта бірден ұша алмайды екен. Балапан бүркіт көрінеді. Әуелде өрге қарай далбақтап барып, биікке шыққан соң екпін алып барып бауырын жерден көтеріпті. Әйтпесе, бұл бүркіт біздің олжамыз болмақ екен.

Шыңда шаңқылдап, қасқырды қағатын қайран бүркіт! Борсықшылап, суыршылап кеткенің бе?- деген ой жылт ете қалды. Әр нәрсе заманына қарай емес пе? Бұл ойымыз асылық, әрине.

Бесбоғдадан басталатын Ақсу өзеніне бет шайдық. Сұраған өзен көрсе тоқтамай, ауыз шаймай өтпейді екен. Бұл дәстүр ме, салт па, әлде әдет пе? Батырдың тұқымы Раушан келін әзілдеп: «– Сізді сынаймыз! Егерде анау-мынау кесіріңіз, қиянатыңыз болса, Бес Боғда көрінбейді», – деді. Күнәсізбін деп кім сеніп айта алсын. Іштей сынға түскенімді білдім. Бірақ ар ұялар іс қылмағаным өзіме анық. Дегенмен де бір қылпыл бар...

Сатылап, ұтылап, Ақсуды жағалап Бесбоғдаға жақындап келеміз. Сұрағаннан жердің жайын сұрадым. Есі-ертім Қазақстанның шекарасына жету. Сөйтсем... шекара бөлісі тұсында ресейліктер Мұзтауды түгелдей өздеріне қаратып алыпты. Қазақстанға тура шығатын пұшпақ та бұйырмапты. Ресей шекарашылары Монғолияның шекарасына өтіп, шыр айналып келіп бұрынғы Қазақстанның шекарасын күзетеді екен. Алтайдың арғы беті мен бергі бетіндегі қазақтарды ығыр ғып отырған осы жай көрінеді.

Мұзтау мен Жазатырға – Ілбісті тауы жалғасады. Қазір бұлар да Ресейге қарап кеткен. Сол тұста қой айдайтын Көкірге атты асу бар, бұл Қазақстандағы Көккезең болуы керек. Қандығай арқылы Өрелге, Берелге түседі. Ал бұған бастап апаратын аңғар – Усай деп аталады. Онда вольфрам -мырыш шығады. Ұланқұс – Соғақ – Қаражаматы арқылы Усайға, одан Көккезеңге – Жазатырға – Өрелге түседі.

ҮІ ғасырда Алтайдың Мұзтауынан қысты күні асып барып, түркі елін жаудан құтқарған Тон-Жабғының жолы осы болуы керек. Менің Алтайдың төрт құбыласын түгендеп жүргенде бір көрейін деген аңсарлы асу сол еді.

Борсық пен суыр қалың. Қоянның құлағы да анда-санда қылт ете қалады. Ақсу өзенінің екі жағасы ақ қайың сияқты үйіріле қоныстанған ақшаңқан киіз үйлер. Негізгі көлік мотоцикль. Бір жас жігіт жолықты. Жөн сұрастық. Отызға ілікпеген. Беті әжім-әжім. Таудың өткір сәулесі мен салқын ауасы адамның сырт терісін қақтап жібертінін содан аңғаруға болады. Бұл жігіт есімі елге таныс Мұрат ақынның кіші інісі екен.

Аңғарды өрлей жүріп, тура Бесбоғданың алқымындағы жол шетіндегі бір ауылға түн ортасында түстік. Үш үй қатар тігіліпті. Бәрі де бір бәйтеректің бұтақтары екен. Бүркіт тектес ақсақалдың аты Рахат. Екі қыз, бір ұл қарсы алды. Қия жартасты шағылды иықтай қоныстапты. Кермеде бүркіт шаңқылдайды. Сөйтсек, келіні мен қызы (Жұлдыз бен Пәну) қиядағы бүркіттің ұясын көріп, күні бойы өрмелеп жүріп, ақыры ұстапты. Келіні бүркітшінің қызы екен. «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны аласың», – деген сол, әне. Рахаңмен рахаттана әңгімелестік. Үйдің бәйбішесі Дәлелхан Сүгірбайдың жамағайыны боп шықты. Рахат ақсақал алпысыншы жылдардың басында Ұланбатырда әскерде болыпты. Содан кейін осы Бесбоғдаға қонақтаған күйі алысқа шықпапты. Жер аттарын сұрастырдым.

– Қарақия, Ұялы қия, Шибеті қайырқан, Құлжа, Үш Ойқыр. Біз – Үлкен Ойқырдың Боғдаға ілінер көмейіндеміз, – деді отағасы.

Біз Жұмаш пен Жантегін жанталасып таңбалы тастарды суретке түсірген Шивэтінің желкесінде отыр екенбіз.

Бағланның басы мүжіліп болған соң, сол отауға қондық.



30.07. 08. Бесбоғда.
Таңғы 4-те аттанып, шекаралық шеп – Хаалтқа жеттік. Боғда 18 шақырым. Бұдан әрі көлікпен жүруге рұқсат жоқ. Алайда Сұраған әскери сақтығына сай шекараға, қорыққа еркін жүретін рұқсат қағазын алған. Мұнда 2 қазақ үй тұр. Сұраған ішке кіріп, тез шықты:

– Басы мен аяғы араласқан адам. Кілең шетелдік саяхатшылар. Шишадан бос орын жоқ. Кезекші ана ауылға кетіпті. Оны күтсек таңғы тынықтан айырылып қаламыз. Қозғалайық. Рұқсатымыздың барын айтып кеттім, – деді.

Енді не тұрыс бар? Бар мәселе – Бауыржанда. Ал ол болса жеткен жерімде тоқтаймын деп өзі тіленіп тұр.

Жүріп кеттік. Шымды шоқалақты, теңкиген тастарды, қар суының саздауытын, шұңғыма суды, су орған жарлауытты, қайқаң мен құлдиды көмейлеп өрлеп келеміз. Сарқабақты жантая өттік. Аспанға қараған күйі асуға арындап шықтық. Неғыласың, Бауыржан жігіт екен. Кешегі Сұрағанның қуанғанының астарын енді түсіндік. Себебі, бұл биікке осыдан алты ай бұрын монғолияның президентінің жойқын көліктері бір рет шыққан екен. Әйтпесе, жаяу не атпен шығады екенбіз. Қаржаубайдың: «Ойбай, жүре алмайсың», – деп ойбайлаған асуына көлікпен шығып келеміз. Көліктің де мүмкіндігі жетпейтін жерге келдік.

Таңғы сағат 630-7-нің мөлшерінде Ақсайдың күңгейінде тұрып, төрт мың метрлік биіктен Күн мен Айдың шағылысқанын көрдім. Кеше Ұланбатырдан: Күн мен Айдың қатар келіп, тұтылуын көреміз – десіп ағылған саяхатшыларды жеткізу үшін Баянөлгейге күніне 5-6, ал Алтай қаласына сағат сайын самолет ұшып жатқан. Соның себебін енді түсіндім. Тіршілік иесіне бұл да бір көретін құбылыс екен. Бала күнімізде қариялар: «Ай менен Күн шағылысса – заманақыр орнайды», – деп үрейлендіруші еді. Енді, міне, алпысты алқымдап қалғанда оны да көрдік. Табиғаттың құбылысы. Бірақ соның өзінде де Тәңірлік құдірет пен мыс бар екен. Аспан мен жердің арасындағы кеңістікте қалқып қалғандай сезіндім. Әйтеуір, қасымда етбауырларым бар. Соларды медет тұтып ішкі буырқанысымды ішіме бұғып қалдым.
Енді Бес Боғдаға алып баратын анау асуға дейінгі 3 шақырымды жаяу жүруге тиісті екенбіз. Осы араға жеткенінен де шүкірлік етіп отырғамыз. Жоқ, Бауыржаның атына заты сай жігіт екен, орта жолда қалдырмай, тура Бесбоғда шыңының алдынан бір-ақ шығарды. Қыза-қыза асудан асып, оған да аялдамай Бауыржан бізді Ақкөлдің теріскейіне әкеліп бір-ақ тоқтады. Егер осы бетімен тарта берсе, көліктің тұмсығы «Потаниннің мұз өзеніне» тұмсығын тіреп тоқтайтын түрі бар. Асудың бел ортасына дейін құлдилаған соң Бес Боғданың айнадан бетіміз көрініп тұрғандай болған мына көрінісін қимадық (№ 62 сурет).

Бұл ертегі ме, түс пе, білмей қалдық. Алдымыз айнадай ашылып сала берді. Енді Бес боғдаға төменнен емес, иықтасып қарап тұрмыз (№63 сурет). Бағанағы алыстан тамсанғанымыз шың емес, шыңның бұлыңғыр елесі екен. Бес сала боп Бес Боғданың бес шыңына маңдайымызды төсегендей әсерде қалдық. Мына ғажапты қараңыз! Ғажап дейміз-ғой, әй, ол әсерді ғажайып деген сөздің өзі де жеткізе алмайтын сияқты. Елестетіп көріңізші: теңіз деңгейінен 4 375 метр биіктеміз. Әлем аяғымыздың астында. Кеудең керіліп, санаң аударылып, төңкеріліп түскендей. Әйгілі мұз өзен сонау-сонау төменде, сонау төменде жатыр! Күн мен Ай иықтасып қатар тұр. Аспан да, Бес боғда да, мұз өзен де тұп-тұнық.

Төрт мемлекеттің – Қазақстанның, Ресейдің, Монғолияның, Қытайдың шекарасының түйіскен жері. Мен мұндай кереметті өмірі көргемін жоқ. Бұл ғажайыптың бағасын білетін Әлібек пен Дидахмет ойыма оралып: «Олар да мұндай қызықты көрген жоқ. Қатындарының шылауышына байланып, үйінде қалған өздерінен көрсін», – дедім дауыстап. Сұраған сөзді ымнан түсінетін жігіт қой: «Мұз тау ана Мұзарт шыңының қалтарысында», – деп Қазақстанды нұсқады. Егер қанатым болса шыңның басынан Өрел мен Берлге қарай ұша жөнелер едім. Амал қанша? Отанға деген сағыныш сондай-ақ болар. «Ұшарға қанатым жоқ, неғылайын!» – деген осы екен ғой!

Тура сәске кезі сияқты күн сәулесі маужырай қыздырып тұр. Таңғы сағат 7-і екен. Шыңдардың балағы сусап, тереңдігі 456 метр келетін мұз өзені бусана тепшиді. Дүниенің алақанындағы тіршілікке, аспандағы күннің жолына қарап, мен мына Монғолияның аңырақай өңірі, Қаңғай үстірті, Монғол Алтайы неге тасырқай, ормансыз, жалаңаш қалғанының себебін түсіндім. Қыста – таңғы сағат жетіден, кешкі жетіге дейін, жазда – таңғы сағат 4-тен кешкі 10-ға дейін көке көтерілген күн күңгей беттегі алып аймақты алақанындағы табадай қақтайды екен, яғни, күннің сәулесі жылдың төрт мезгілінде күнгейге тік түседі. Сондықтан да қыста қар жатпайды. Қар болмаған соң өсімдік те тамыр тарта алмайды. Миллиондаған жылдар бойы солай. Тек тебіндетіп мал жаятын қазақ пен монғолға ғана қолайлы. Ал теріскей беті, мысалы Қатынқарағай сыңсыған орман. Жеміс-жидек. Таң қалысып, мынау кең әлемді қалай кеудемізге сиғызып, жанарымызға сурет қып түсіріп аламыз деп тамсана таңғы ауаны жұтумен, таңданумен біраз уақыт өткізіп алыппыз. Раушанның:

– Сыннан өттіңіз, жездеке. Апайымыздың бағы бар екен. Үш сынақтан өттіңіз. Қыран кездесті. Обалы – ұстай алмаған жігітте болмаса, Сіздің жолыңыздың жорасындай боп кездесті. Түналқада түн ортасында алдыңыздан дайын үйтілген бастан сыбағаға тартылды. Міне, монғолдың президенті ғана көлікпен көтерілген шыңға біз де көлікпен көтерілдік. Әйтпесе екінті ауа жететін едік бұл араға. Ең бастысы, Бес Боғда шыңы бетін жуған айнадай боп ажарын ашып қарсы алды. Сыннан өттіңіз, – деді.

Қанша айтқанмен өмірі жорықта өткен тау батырының тұқымы емес пе, қазан-ошағын дайындап, сыбағамызды салып, отты тұтата жүріп айтты бұл сөзді. Іле өзі тезек теруге кетті. Сұрағанның айтуынша, жиырма жылдың ішінде жылына бес-он реттен келгенде, сол келістің үш-төртеуінде ғана Бес Боғда дәл осындай бауырын жазып ашыпты.

Әрине, жасаған тегін жаратпаған пенде екенімізді білетінбіз, бірақ мына қолпаштың жөні бөлек.

Сұрағанның ұлы Олжас екеуміз аңғарға құлдиладық. Жұқа жасыл шымды, алшынды қияң. Тасырқай шымды қуалап отырып тура мұз өзенге саусағымыздың ұшын тигізе тоқтады. Тамшылар мөл-мөлт тамады. Көк аспан. Мұзы жылтыраған көк шың. Көк жартас. Көк өзен. Көк көк мұз Көк жасаң. Көк су. Бәрі де көкпең көк. Тек ұлы гүрілі аралас сарын естіледі. Бес Боғда – Бес әулие терең тыныстап, күрсіне дем алғандай. Бес шың – қамшы тастам жерде. Төрт жүз метрлік мұзарттың арасында әңгек шыңыраулар орсиып-орсиып тұр. Оған кетсең біткенің, жердің жігінен бір-ақ шықтым дей бер (№ 64 сурет).

Сол кезде алыстан, тура Мұзарттың түбінде тігулі тұрған ақ боз үйді көрдік. Қазақы үй. Шаңырағы биік. Әлден соң тізіліп шыққан адамдарды көрдік. Жолдарын қия жолықтық. Қазақша судай тоба – көкмоншақ жігіті мына кексе келіншектері жапон мен француздың саяхатшылары екенін айтты. Суретке түстік (№ 65 сурет).

Олардың соңын ала бір қазақ жігіті келді. Аты – Серік. Метеоролог. Ана қазақ үй осылардыкі екен. Төрт жылдан бері әлемдік жылынуды бақылайтын халықаралық мекеменің тапсырысымен мұзарттың еруін бақылап келеді екен. Сұраған да сол кезде қасымызға келді. Серіктің айтқан жөні бізді алаңдатып-ақ тастады. Мұз өзеннің қалыңдығы 456 метр, ал аңғар жақ шеті 46 метр. Соншама қалың мұз жылына 5 метрден шегіне еріп барады екен. Соңғы 5 жылда 25 метрге кеміпті. Мұздың үстімен жүруге альпинистерге ғана рұқсат етіледі. Соның өзінде былтыр француз альпинисі әңгектің жарығына құлапты. Бүкіл монғол боп жүріп 46 метр тереңдіктен тікұшақпен тартып алыпты. Тек Монғолияның президенті Намбар Энхбаяр ғана мұзарттың басына түнеп шығыпты. Тәңір мен пұт дініндегілер үшін бұл ең әулие тау екен. Бес Боғданың бес шыңының аты – Бүркітші, Мұзарт, Көксеңгір, Их монғол (Монғолдың әулие шыңы), Ұялы қия.

Терең аңғарға қалай түскенімізді аңғармаппыз (№ 66 сурет).

Ал қайтарда Ақкөлдің теріскей асуына алқынып-ақ жеттік. Тау басындағы ошақ басында қалған Раушан мен Бауыржан аспанда ұшып жүрген құс сияқты төбемізде қалықтап тұрды. Жеттік-ау. Биік тауда су алпыс-жетпіс градуста қайнай береді. Сондықтан еттің пісуі де неғайбыл. Алтайлық ағайындардың етті шикілі-пісілі қарбытатыны да содан қалыптасқан. Күн тас төбеден инедей шаншылып тұр. Алғашқы аптығымыз басылып, таспаны тауыса суретке түсіргеміз...Бір кезде асудың шоқысындағы президент Энхбаяр үйген қос тасобаның үстінде бірінен-біріне секіріп екі адам жүрген сияқты көрінді. Сұраған етпетінен жата ғап тәу еткендей болды. Сөйтсек екі көкжал қасқыр! Бізге атой сап, бой көрсетті де кезең асып кетті. Раушан мен Бауыржанның, Сұрағанның бағанағы марапаты – марапат па, бұл жолы тіпті әулие екенсіз деген де сөз шығып кетті. Сөйтсек, монғолдар да көкбөріні қасиет тұтады екен. Бөрі кезіксе етпетінен түсе қап тәу етеді. Мұндай сапарда кезіксе, өзін-өзі әулие сезініп, тәңірдің сүйіспеншілігіне бөлендім – деп есептейді екен. Алланың бұл бұйрығына не деуге болады? Олжас оғланның жолашары ғой – деген уәж білдірдік.

Екінті ауа асудан кері қайттық. Біз етекке түскенде түндегі саяхатшылар енді ғана кезеңге көтеріліпті. Бауыржан болмаса біз де солардың қатарында келе жататынымыз анық еді. Тағы да Рахат қарияның үйіне түстеніп, төмен қарай – Жұмаш пен Жантегін 15 күн жүріп ежелгі замандағы таңбаларды тапқан Шиветі – Сілеті – Селеулі атты қара жотаны жағалай құлдиладық. Құлдиладық деген жай теңеу, 60-70 шақырым бойы өрлетіп, еңістетіп, қиялатып, қайқаңдатып жүрдік. Рахаттың үлкен қызы Пәну қарындас жер аттарын жақсы біледі екен. Сарбөктердегі балбал тасқа соқтық. Ескі жазудың бетін сызып, өзінің аттарын ойып жазыпты біреулер. Әй, надандық-ай. Мүмкін, қастаншықпағырлық шығар. Түнделетіп Баянөлгейге келдік.

Таң атқанша ертегіден келген Ертөстік сияқты сезіндім өзімді.


1.08.08.
Өскемен арқылы түнгі 1145- де Алматыға келдік. Назым қарсы алды.

Ұшақтан Бесбоғдамен иықтасқан Мұзтауды көрдім. Ақбас шыңдар аққапталдана шоғырланып жатыр.

Мұзтау – Бесбоғданың батысында ұмтылып барып тоқтап қалыпты.

Ей, Алла! Бір беті тақыр, бір беті орман. Тумысы бір түркі жұрты тұтас Алтайды ұрпақтары төртке бөліп мекендейді, төрт жұрт оған төрелік етеді деп ойлады деймісің.

Сөйтіп, бұл сапар да тәмәт-тәмәм болды.

Бес Боғда осы күнге дейін түсіме кіреді.



ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖОЛАУШЫ

(Анажұрт күнделігі)
Шағын ілеспе

Сәтіне дәті сай үйлесіп, жол қарасы жөнімен ұзарып, ана жұртты аңсарынан арыла аралауға орайы келген бұл сапардың болмысын «жолы болған жолаушы» деген аталы сөз ғана толық жеткізетін сияқты. Түркі тарихын әлмисақтан бастап төстабандап шыңдап, ата күшін Алтайдан алып, ана кіндігін Қаратеңізге байлаған зиялы адамның әр қайсысы: адамзат өркениетінің бесігі, түркі дүниесінің тұтқасы – Түркияның тағдырлы жолымен бір жүріп шығуды ойластырмауы мүмкін емес еді. Тоғыз жолдың торабындағы Станбол – түркі дүниесінің жүрегі болса да, оның қан тамыры – қара жолдарды бойлап шығып, бауырыңды жылытып, бауырыңды бауырыңа баса тартқанға не жетсін. Қойындасып кетпесек те қапталдаса қатарласуға орайын келтірген оқыс сапар Малтөбе университетінің ғалым-үйлестірушісі, бейтаныс қарындасымыз Гүлжанат Құрманғалиеваның Станболдан шайтанқұлақ шалып: «Біртұтас алаш идеясы және кеңестік жазалау» саясаты туралы халықаралық конференцияда баяндама жасап берсеңіз, Токио университетімен бірігіп өткізілетіндіктен де, оның ішінде «қазақтар қалай жапон шпионы болып жүр?», соған тоқталсаңыз. Хасен Оралтай аға бұл жөнінде Сізде қауіпсіздік комитетінің құжаттары бар. Ол адамды міндетті түрде шақырыңдар. Жолын өзі көтерсін, жамбас ақысын мен көтерейін – деп ұсыныс айтты», – деген өтінішінен басталды.

Тегін жүрісті өзім де ұнатушы едім, бірақ: «Жамбасақысыз», – деген сөз шымбайыма сәл батып, қытығыма тигендей болғанымен (күніне жүз жиырма доллардан кем емес), Хас-ағаңмен құланның қасысуындай көңіл шымшымамыз бар еді әрі: «Әттең екеуміз бір-бірімізбен жас кезімізде танысатын-ақ жігіт екенбіз, сонда біраз дүниенің басын қайырып тастауымыз мүмкін еді, барлауға күдіксіз шығатын жауқағар жонды жауынгер азамат екен», – деген іштей бір дәмелі өкінішім бар еді. Соны демеуретіп бір жолын табармын-ау. Ең ыңғайсызы: дүние ғалымдарының алдында өз ұлтыңның көсемдерінің «қалай жапон шпионы болғанын» жария ету үшін соншама қиянға алып-ұшып бару. Сол арада Хасекеңнің інісі Әбубашар, жеделдетіп Хасекеңнің өзі де дегбірлете хабарласып, бейтарап аймақта – Станболда оңаша бір әңгіменің орайы келіп тұрғанын, сөзінің соңына менің жиі қымқыра қолданатын сөзімді өзіме қаратып: «Әңгіме де, пәтер де тегін!», – деп бұйымтайын бұйыра қайырды. Түсінген адамға бұл сөз, шынында да, ағалық бұйрық-наз еді. Базына-бұйрыққа бойсынып «Жапон шпиондарының» тергеу істерінің құжаттарын қайта қарастырсам, боздақтардың барлығы да «Түркия мен Жапон шпионы» боп боздап кеткен екен. Соның ішінде Мағжан Жұмабаевтің 1938 жылы 6 қаңтар күні КССР ішкі істер халық комиссариатына қарата жазған Мәлімдемесіндегі:

«Мен Жұмабаев, кеңес өкіметі алдындағы өзімнің кінәмды жуу үшін: «Шетелдік бір мемлекеттің мүддесі үшін бірнеше жылдар бойы шпиондық әрекетпен шұғылданды», – деп маған тағылған айыпты мойындаймын. Жапонияның пайдасына шешілетін шпиондық жұмыспен, мен – Жұмабаев 1919 жылдан бастап 1929 жылға дейін, яғни, ұсталып, лагерьге айдауға жөнелтілгенге дейін айналыстым. Ондағы мерзімімді өтеп, 1936 жылы Қазақстанға қайтып келгеннен кейін де жоғарыда аталған мемлекеттің мүддесі үшін өзімнің шпиондық жұмысымды одан әрі жалғастырдым», – деген (Ш.Елеукенов. Мағжан. 132-бет) «мойындауы» келісуге мойынса етті.

Шындығында да, олардың бұл құрбандығының құнын халықаралық қауымдастық, оның ішінде жапондардың өздері біле ме екен? Осы көрсетіндідегі «1919 жылдан бастап 1929 жылға дейін» деген сөздің астарына алашордашылардың тағдыр талқысы да тоғысып тұр еді. Жапонияның Токио, Tsukuba университтерінің оқымыстылары ұйымдастырған, оның ішінде Орталық Азияның маманы профессор Х.Комацу бар екенін білген соң, сөзіміз жерде қалмай, жеріне жететіндей, дұрыс түсінілетіндей көрінді. Сөйтіп, аға мен қарындастың қолқасы, алаш идеясының астарлы тағдыры жөні келген, жолымыз болған жолға жетеледі.

Мұндағы Хасен Оралтай – Мұстафа Шоқайдан кейін елу жыл Американың Еуропа құрылығындағы «Азаттық» радиосы мен ақпараттар жүйесінде қазақтың бостандық идеясын насихаттаған атақты қаламгер және қоғам қайраткері. Шет елдегі қазақ диаспорасының көшбасы. Елуінші жылдары Шығыс Түркістаннан өкше көтеріп, Такламакан шөлін, Тибеттің жұт жотасын, Гималайдың ысты асуын, Бұланайдың мұздауанын, Кашмирдің құрғамайтын қара жаңбырын, Үндістанның аптабын, арабтың шөлін басып түркі жұртына қоныс тепкен «азаттық іздеген көштің» (Қ.Ынтыханұлы) көсемі Қалибек хакімнің ұлы, мұхажжир. «Елімайлар өткен өмір» атты ғұмырнамалық әфсананың авторы. Қазір Мюнхенде тұрады.

Күнделік кейіпкерлері
Қазақстандық және түркиялық нағашы-жиендер: сол жақта Хасен Оралтай, Никара Мұхамеджанқызы Бафина, Хадиша Қалибеккеліні, Назым Тұрсынқызы (арт жақта) мен Тұрсын Құдакелдіұлы және Ғалия апай және
Тұрсын Құдакелдіұлы мен салихлылық Еренгүл Шүкірәли қызы (Салихлы).



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет