Қымбатты қазақстандықтар! Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!



Дата27.12.2016
өлшемі181,7 Kb.
#5561
Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!

Қазақстан тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына батыл қадам басты.


Жаңа құрамдағы Парламент пен жаңарған Үкімет өз жұмысына кірісті.
Өткен 2011 жылы ел экономикасы 7,5 пайызға өсті.
Ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 11 мың доллардан асты.
Бұрын сатылып кеткен активтердің бірқатар маңызды бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Енді «Богатырь», Қарашығанақ, Қашаған кен орындары мен ЕNRC, «Қазақмыс» компанияларының басым активтері мемлекет иелігінде болады.
Кезінде мен мынадай жағдайларға байланысты сатып жатырмыз, қазір жекешелендіру керек, уақыты келгенде қайтарамыз деп айтып едім.
Міне, енді бәрі қайтарылуда. Барлық акциялар пакеті Қазақстанда. Енді өзіміз барлығына ықпал жасайтын боламыз.
Қазақстан халқы біртұтас, бірлігі мызғымас кемел елге айналды.
Дегенмен, біз күрмеуі қиын, қайшылығы мол алмағайып заманда өмір сүрудеміз.
Болжанған жаһандық дағдарыс қаупі шындыққа айналып келе жатқанын көріп отырсыздар.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа әлемдік дағдарыс бес-алты жылға созылуы мүмкін.
Біздің міндетіміз - экономиканы осы сынаққа дайындау, оны әртараптандыруды жалғастыру болып табылады.
Біз 2015 жылға қарай табысы жоғары елдердің қатарына қосылуды көздеп отырған елміз.
Бірлігімізді сақтап, осылай еңбек ететін болсақ, ол мақсатқа да жететін боламыз.
Құрметті отандастар!

Қазақстан жолының жаңа кезеңі - экономиканы нығайтудың, халықтың әл-ауқатын арттырудың жаңа міндеттері.


Қазақстан үшін экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз етудің оңтайлы теңгерімін табу - өмірлік маңызды нәрсе.
Бүгінгі әлемде бұл - әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың түбегейлі мәселесі.
Бұл таяу онжылдықтардағы Қазақстан дамуының басты бағыты.
Мен ел халқына өзімнің жаңа Жолдауымды осы көкейкесті тақырыпқа арнаймын.
Біз он бағыт бойынша міндеттер кешенін жүзеге асыруға тиістіміз.
Бірінші. Қазақстандықтардың жұмысқа тартылуы.
Менің тапсырмам бойынша Үкімет қағидатты түрде жаңа Жұмысқа тартуды қамтамасыз етудің бағдарламасын бекітті.
Онда үш маңызды міндет қойылған.
Біріншіден, оқыту мен жұмысқа орналасуға септесудің тиімді жүйесін жасау.
Екіншіден, ауылдық жердегі кәсіпкерлікті дамытуға септесу.
Үшіншіден, еңбек ресурстарының жинақылығы, Қазақстанның экономикалық тұрғыдан белсенді орталықтарында жұмысқа орналастыруға басымдық беру.
2011 жылы бұл Бағдарлама қанатқақты режімде 60 мыңға жуық адамның қатысуымен сынақтан өтті.
Бүкіл дайындық жұмыстары, заңнамалық база бойынша жұмыстар аяқталды.
Енді бағдарламаны жүзеге асыруға көшу керек.
Үкіметке және әкімдерге биылғы жылдан бастап бағдарламаны кең ауқымда жүзеге асыруды бастауды тапсырамын.
Әңгіме сондай-ақ ауылда жұмыс істейтіндерді шағын несиелермен қамтамасыз ету жөнінде болып отыр. Қалада жұмыс істегісі келетіндерді мемлекет есебінен оқытып, жұмысқа орналастыру қажет. Бағдарламаның соңына қарай, 2020 жылға қарасты біз осылайша 1,5 миллион адамды сапалы жұмыстарға еңбекке орналастыруымыз қажет.
Екінші. Қолжетімді баспана.
Біз жаңа тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруға кірісіп кеттік.
Елімізде жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуде.
Алайда біз жарты миллионнан астам жас отбасын жеке баспанамен қамтамасыз етуге тиіспіз.
Бұл үшін жалға берілетін тұрғын үй алаңын 1 миллион шаршы метрге жеткізу қажет.
Ұзақ мерзімді жалға беруде сатып алынатын және сатуға жатпайтын екі түрлі жолды қарастыру қажет.
Оған қоса жалға алғаны үшін жасалатын төлем әл-ауқаты орташа отбасы мүмкіндігіне сай болуы тиіс.
Мұнымен бірге отандық құрылыс саласы үшін жаңа мүмкіндіктер туады.
Соның бәрін жаңа «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасында анық көрсету керек.
Мемлекет бұл бағдарламаны тиісті қаражатпен қамтамасыз етеді.
Аталған құжатты Үкіметке осы жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей жасап, қабылдауды тапсырамын.
Үшінші. Өңірлерді дамыту.
Қуатты Қазақстан дегеніміз - ең әуелі өңірлердің қуаттылығы.
Елдің болашағы экономикадағы келешегі зор салалардың дамуымен байланысты.
Бұл үшін алдымен жаңа зауыттар көп салынып, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуы қажет.
Бүгінде әлемнің көп елдерінде осылай жасалуда.
Мемлекет өз азаматтарының сондай қуатты өңірлерге қоныс аударуына көмек қолын созуы тиіс.
Қазақстанда келешегі зор қалалар шоғырына Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент шаһарлары жатады.
Үкімет елді мекендер шоғырын (агломерация) дамыту жөнінде бағдарлама қабылдауы тиіс.
Ірі кәсіпорынды немесе бір саланы тірек еткен шағын қалалардың дамуы - өз алдына бөлек мәселе.
Жаңаөзендегі жағдай бір салалы шағын қалалардың әлеуметтік қатерге жақын екенін көрсетті.
Мемлекет Жаңаөзенде төтенше жағдай жариялап, қаладағы ахуалды қалпына келтіру бойынша кешенді шаралар жасауға мәжбүр болды.
Қазіргі уақытта ондағы ахуал қалыпты арнасына түсті.
Мәжіліс сайлауында Жаңаөзен тұрғындарының басым көпшілігі «Нұр Отан» партиясына дауыс берді.
Бұл олардың мемлекет саясатын толық қолдайтынын көрсетті.
Сондықтан мен Жаңаөзендегі төтенше жағдай режімін бұдан әрі созбау жөнінде шешім қабылдадым.
Алайда, бұл оқиғадан тиісті түйін жасалып, одан алынған сабақ ұдайы ескерілуі керек.
Үкіметке бір салалы шағын қалаларды дамыту туралы арнайы бағдарлама жасауды тапсырамын.
Онда қаланың экономикасындағы әрбір нақты бағытты әртараптандыру, әлеуметтік саланы дамыту ескерілуі қажет.
Сонымен қатар, жергілікті шағын және орта бизнеске қолдау көрсету шараларын қаперде ұстаған жөн.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіріп, барша жергілікті даму мәселелерін шешуге азаматтардың қатысуын кеңейту аса маңызды.
Биылғы 1 шілдеге дейін Үкімет Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы жобасын жасап бітіруі тиіс.
Төртінші. Тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру.
Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру мен азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне сенімін арттырудың маңызды қыры.
Біріншіден, Электронды үкіметті дамыту керек.
2012 жылдың аяғына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің 60 пайызы, соның ішінде лицензиялардың барлық түрлері, тек қана электронды түрде болуға тиіс.
2013 жылдан бастап мемлекеттен барлық рұқсат етушілік құжаттарды да қазақстандықтар электронды түрде немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алуға тиіс.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қарауына автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәліктерін тапсыру мәселелерін де беру керек.
Екіншіден, жаңғыртудың маңызды мәселесі - әкімшілік ресімдерін оңайлату.
Менің тапсырмам бойынша рұқсат ету құжаттарының тізімі қазірдің өзінде 30 пайызға қысқартылды.
Үкімет лицензиялар мен рұқсат ету қағаздарының барлық түрлерінің үштен бірін қысқартатын заң жобасын дайындады.
Келесі қадам - рұқсат ету заңнамасының жаңа қағидаттарын енгізу.
Үшіншіден, тұрғындардың компьютерлік сауаттылығын, соның ішінде әр түрлі ынталандырушы бағдарламалардың есебінен де көтеру қажет.
Мен қазақстандықтарды ақпараттық технологияларды белсендірек игеруге шақырамын.
Бесінші. ХХІ ғасыр барған сайын күрделеніп бара жатқан бүгінгі заманғы мемлекетті басқаруға жоғары талаптар қояды.
Біздің маңызды міндетіміз - басқарушылардың білікті саяси табын дайындау.
Үкіметке, Президент Әкімшілігіне 2012 жылдың алғашқы жартыжылдығының соңына дейін Президенттік кадр жасағына кандидатуралар жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырамын.
Арнаулы комиссия кандидатураларды білімі мен кәсібилігі, жоғары моральдық сипаты, бастамашылдығы мен тапсырылған учаскедегі жұмысының табыстылығы өлшемдері бойынша іріктейді.
Олар елдің экономикалық даму серпінділігіне байластырылған, бизнес-құрылымдармен қарайлас жалақы алатын болады.
Олар біздің Қазақстанымызды ХХІ ғасырда лайықты түрде алға апаруға тиісті жаңа басқарушы элитаның негізін құрайды.
Алтыншы. Сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғырту.
Судьялар сот төрелігін тек заң мен ар-ожданды басшылыққа ала отырып шығаруға тиіс.
Судьялар жасағын қалыптастырудың тәртібін түбегейлі түрде қайта қарау қажет.
Апелляциялық инстанциялардың істерді қайта қарауға төменгі соттарға қайтару жөніндегі негізсіз шешімдерінің мүмкіндігін заң жүзінде шектеу керек.
Жоғарғы Соттан бастап, бүкіл сот жүйесіне өздерінің жауапкершілігі мен біліктілігін арттыру, сөйтіп өз жұмысын жетілдіруді өздері бастау талабы қойылады.
Судьялардың заңды бұзуы жұрттың бәріне жария етілетіндей төтенше оқиға болуға тиіс.
Арбитраждық және аралық соттар жүйесін нығайту керек.
Биыл жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексін, жеке детективтік қызмет туралы заң жобасын дайындауды аяқтау қажет.
Маңызды мәселе - құқық қорғау және арнаулы органдарды сапалы кадрлық жаңарту.
2012 жылдың 1 шілдесіне дейін олардың бүкіл жеке құрамын қайта аттестаттаудан өткізу міндетін қоямын.
Одан кейін құқық қорғау жүйесі қызметкерлерінің ақшалай ризығын арттыру мен қолдаудың әлеуметтік дестесін кеңейту, сондай-ақ олардың техникалық жарақтандырылуы мәселелері қаралуға тиіс.
Біртұтас экономикалық кеңістікте трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен күресті күшейту үшін Интерпол үлгісімен Еуразпол - Еуразия полициясын құру жөніндегі мәселе пісіп-жетілді деп санаймын.
Үкіметке тиісті ұсыныстарды әзірлеп, БЭК бойынша біздің әріптестерімізге жіберуді тапсырамын.
Жаңғыртудың ең маңызды мәселелерінің бірі - сыбайлас жемқорлықпен кесімді күрес.
Біздің бұл бағыттағы іс-әрекеттеріміз мемлекеттік аппараттағы сыбайлас жемқорлық деңгейін едәуір төмендетті. Мұны халықаралық сарапшылар атап айтуда.
Алайда бізге сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа стратегиясын жасау қажет.
Парақорларды анықтау және сотқа тарту жеткіліксіз.
Жаңа құқықтық тетіктерді, ақпараттық мүмкіндіктерді пайдалану, жұртшылықты жемқорлық тәртіп бұзушылықты ескерту мен алдын алуға кеңінен тарту керек.
Басқа елдердің тәжірибесін зерттеп, пайдалану қажет. Мемлекеттік қызметшілердің кірістерін ғана емес, шығыстарын да мағлұмдауға көшу қажет.
Осы мәселе бойынша заң қабылдау керек.
Үкіметке үш айдың ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді бағдарлама дайындап, ұсынуды тапсырамын.
Жетінші. Қазақстанда адами капиталдың сапалы өсуі.
Бұл, ең алдымен, білім беру мен денсаулық сақтау.
Білім беру жүйесін жаңғырту барысында біз үшін келесі іс-шараларды жүзеге асырудың маңызы зор.
Біріншіден, оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу.
Бүгінде халықаралық стандарттар негізінде Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептер табысты жұмыс істеуде.
Кәсіптік-техникалық білім берудің озық мекемелерінің желісі дамып келеді.
Олардың тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне тарту қажет.
Екіншіден, педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор.
Арқаулық педагогтік білім берудің үлгі-қалыптарын, мектептер мен жобалар оқытушыларының біліктілігін арттыруға талаптарды күшейту қажет.
Әр өңірде педагогтардың біліктілігін арттыратын интеграцияланған орталықтар жұмыс істеуі тиіс.
Үшіншіден, біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құру қажет.
Мемлекет бір мезгілде білім беру қызметтерін көрсетуге әрі олардың сапасына баға беруге тиіс емес.
Медицина институтын бітірген түлек бірден дәрігер болып шыға алмайды. Политехникалық жоо-ны тәмамдаған түлек әлі де болса инженер емес. Оған өзінің маман екенін дәлелдеуге тура келеді. Бүкіл әлемдегі тәртіп осындай.
Үкіметке үстіміздегі жылы қанатқақты режімде салалық ассоциациялар арқауында 1-2 салаларда тәуелсіз Біліктілікті бекіту орталықтарын құруды тапсырамын.
Төртіншіден, мемлекет-жеке меншік әріптестігі, ауылдық жерлерден және аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан жастардың жол жүруі мен өмір сүруін субсидиялау, жатақханалар желісін дамыту тетіктері арқылы білім берудің қолжетімділігін кеңейту қажет.
Жұмыс істейтін жастар үшін жұмыстан қол үзбей арнаулы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету - маңызды мәселе.
Бүгінде көптеген адамдар ауылдан қалаға қоныс аударуда. Олардың жұмысқа орналасуы қиын. Әрбір жастың жұмыстан қол үзбестен мамандық пен білім алу мүмкіндігі болуы керек. Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені ойластыруы тиіс.
Бесіншіден, оқу жастарға тек білім беріп қана қоймай, сонымен бірге оларды әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана білуге де үйретуі тиіс.
Үкіметке мектеп оқушыларының функциялық сауаттылығын дамыту жөнінен бесжылдық Ұлттық іс-қимылдар жоспарын қабылдауды тапсырамын.
Алтыншыдан, оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажет.
Олар - патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынұсынушылық.
Бұл құндылықтар, меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан, барлық оқу орындарында да сіңірілуге тиіс.
Көп ұлттылық пен көп тілділік осы құндылықтардың бірі және біздің еліміздің басты артықшылығы болып табылады. Қазақ тілі, біздің Конституциямызға сәйкес, мемлекеттік тіл болып табылады. Онымен бірдей мемлекеттік органдарда ресми түрде орыс тілі пайдаланылады.
Бұл біздің Конституцияның нормасы, оны бұзуға ешкімге жол берілмейді.
Қазақ тілінің жоспарлы түрде дамуы орыс тіліне нұқсан келмейтіндей жағдайда жүзеге асады.
Бізге мемлекеттің келешегі, болашақ дамуы не үшін керек? Ол үшін мемлекеттің ең негізгі сыртқы саясаты - көршілермен тату болуымыз керек. Онсыз мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болады.
Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады.
Еліміздегі барлық мектептер мен оқу орындарында қазақ тілінде оқыту үрдісі жүріп жатыр. Осының бәріне депутаттар мен мемлекеттік қызметтегілер өз үлестерін қосулары керек. Мәселені осылай шешу қажет.
Үкіметке барлық білім беру мекемелерінде жастардың осы құндылықтарды білуін қамтамасыз ету жөнінен типтік кешенді жоспар әзірлеуді тапсырамын.
Бізде тіпті ондай оқулықтар, жастармен дәл осы мәселелер бойынша жұмыс жүргізетін оқытушылар жоқ.
Біздің жастарымыз үшін бұл өмірлік қажеттілік.
Медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, саламатты өмір салтын алға бастыру адами әлеуеттің деңгейін арттырудың келесі бір маңызды бағыты болып табылады.
Бүгінде «Саламатты Қазақстан-2015» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Денсаулық сақтау жүйесі сапалы дамып келеді. Халық денсаулығы көрсеткіштерінің жақсы серпінділігіне қол жеткізілді.
Бала туу өсіп, өмір сүру ұзақтығы ұлғайды.
Қан айналу жүйесі ауруларынан болатын өлім көрсеткіші 1,7 есеге төмендеді.
Біз онымен жүйелі түрде айналысып келеміз. Бүгінде жүрек-қан тамырлары жүйесіне операциялар тек Астанада ғана емес, сонымен бірге іс жүзінде Қазақстанның барлық облыстарында да жасалады.
Елде озық емдеу-диагностикалық кешендер, медицинаның негізгі бағыттары, оның ішінде ең жаңа бағыттар бойынша ондаған орталықтар құрылды, көліктік медицина дамытылуда. Бізде медициналық пойыздар, автокөлік, медициналық авиация пайдаланылады.
Астанадағы Болашақ госпиталі қазақстандық денсаулық сақтауды жаңғыртудың локомотивіне айналмақ.
Ендігі жерде онкологиядан болатын ауру мен өлімді төмендету мәселесі бірінші кезекке шықпақ.
Үкіметке екі ай мерзім ішінде Қазақстанда, біз жүрек-қан тамырлары аурулары мәселесі бойынша жасағандай, Онкологиялық жәрдемді дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.
Сол сияқты Ұлттық медициналық холдинг арқауында Астанада қуатты Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құру мәселесін де қарастыру қажет.
Үкімет үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін азаматтардың өз денсаулығы үшін ынтымақтастығы тетігін енгізуді ескере отырып, денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөнінде ұсыныстар енгізуі тиіс.
Адам науқастану оның өзіне тиімсіз екенін түсінуі керек. Бізде денсаулық сақтау ісі тегін, бірақ, бүгінде зейнетақы қорларында жасалып жатқандай, болашақ - медицинадағы сақтандыруда. Адамның өзі, оған жұмыс беруші және мемлекет жауапкершілікте болады. Адамның денсаулығы неғұрлым нашар болса, ол соғұрлым аз сақтандырылады, неғұрлым жақсы болса, сақтандыру сомасы да соғұрлым көп болмақ. Қазір адамдар жақсы медициналық қызмет көрсетілетін емдеу мекемелерін таңдайды. Олар бұл мәселені анықтап алды, енді одан әрі қозғалу қажет.
Әкімдерге халықтың дене шынықтырумен және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту туралы мәселені шешуді тапсырамын.
Соңғы жылдары Астанада да, облыстарда да көптеген спорттық нысандар салынды. Оларға балалар да, үлкендер де бара алмайды деген шағым көп. Осы спорттық ғимараттардың бәрін де қолжетімді ету керек. Адамдар спортпен айналысатын болсын.
Сегізінші. Зейнетақы жүйесін жетілдіру.
Қазақстан посткеңестік кеңістікте бірінші болып жинақтау жүйесін табысты енгізді.
Салымшылар саны 8 миллион адамды құрайды.
Жиналымдар көлемі 17 миллиард доллардан асады.
Сонымен бірге, бүгінде салымшылардың зейнетақы қорларының инвестициялық саясатына ықпал ету мүмкіндіктері жоқ.
Сондықтан да зейнетақы аударымдарына алымға қарағандай қарау қалыптасқан.
Ал жекелеген зейнетақы қорларының басшылығы оларды өзінікіндей көріп, көбіне-көп шығындарын жабу арқылы акционерлердің мүдделеріне қызмет істейді.
Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп бірінші жартыжылдықтың соңына дейін зейнетақы жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар қалыптастыруы керек.
Тоғызыншы. Индустриялық-инновациялық жобалар.
Индустриялық-инновациялық даму шеңберіндегі жобалардың әлеуметтік маңызы шексіз.
Бұл бағдарлама экономиканы жаңғыртудың басты бағдары болып қала береді.
Барлық мемлекеттік органдар бұл жұмысты өздерінің негізгі қызметі деп есептеуі тиіс.
Тек өткен жылы ғана сомасы 970 миллиард теңгеден асатын 288 жоба пайдалануға берілді.
Соның нәтижесінде 30 мыңнан астам тұрақты сапалы жұмыс орындары ашылды.
Біз экономикамыздың озық кластерлерін құруды және дамытуды одан әрі жалғастырудамыз. Бұл жұмыстың қарқыны төмендемеуге тиіс.
Үкіметке инновациялық кластерлердің инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті қаржы қарастыруды тапсырамын.
Құрметті қазақстандықтар!

Мен бүгін біздің шикізат ресурстарымыз бен инфрақұрылымдарымыздың жоғарғы бөліністері саласында, осы бөліністерге қызмет көрсететін жаңа ғаламат жобалардың бастау алатындығы туралы хабарламақпын.


Бірінші. Оңтүстік өңірлердегі энергия тапшылығы проблемасын шешу үшін Үкіметке үстіміздегі жылы қуаты 1320 мегаватт, құны 2,3 миллиард доллар тұратын Балқаш ЖЭС-інің бірінші модулінің құрылысын бастауды қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл өте маңызды. Қарқынды дамып келе жатқан оңтүстік өңірде электр энергиясы бойынша тапшылық бар. Біз ешкімге тәуелді болмауға тиіспіз. Бұл мәселе өте көптеген жәйттерді шешеді. Балқаш ЖЭС-і бойынша барлық мәселелер шешілді. Істі жеделдетіп, осы жұмысты бастау қажет.
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізінің қазақстандық учаскесінің құрылысын аяқтаудың маңызы зор. Бұл шынымен де ғасырдың халықтық құрылысы. Бұрын қай жерде 3 жыл ішінде 2700 шақырым сапалы автомобиль жолы салынып еді? Біз алдағы жылы бұл жұмысты аяқтауға тиіспіз.
1200 шақырымға созылатын Жезқазған - Бейнеу және Арқалық - Шұбаркөл екі темір жол желілері құрылысына кірісудің де маңызы үлкен.
Бұл жобалар Жезқазған - Арқалық өңірінің дамуына қуатты серпін беретін болады.
Екінші. Үкіметке Жамбыл облысында құны шамамен 2 миллиард доллар тұратын кешенді минералды тыңайтқыштар өндірісін құру жөніндегі жобаны жалғастыруды тапсырамын. Бұл тыңайтқыштар ауыл шаруашылығы үшін қажет. Жоба Жамбыл облысының және бүтіндей оңтүстіктің экономикасын көтеруге мүмкіндік береді.
Үшінші. Атырау мұнай өңдеу зауытында құны 1,7 миллиард доллар тұратын мұнайды терең өңдеу кешенін құруды қамтамасыз ету қажет. Ол бензин өндіруді үш есе дерлік - 1,7 миллион тоннаға дейін, ал дизель отынын 1,4 миллион тоннаға дейін ұлғайтып, Қазақстанды отынның осы түрлерімен қамтамасыз етеді.
Төртінші. Құны 6,3 миллиард доллар тұратын Атырау газ-химия кешенінің жобалық қуатына шығуын қамтамасыз ету қажет, ол жыл сайын 500 мың тонна пропилен мен 800 мың тонна полиэтилен шығаруды қамтамасыз етеді. Мұндай өнімді біз Қазақстанда әлі шығарған емеспіз.
Бесінші. Жобалауды аяқтап, Қарашығанақ кен орнында қуаты жылына 5 миллиард текше метр газ өңдеуге жететін зауыт құрылысына кірісу қажет.
Алтыншы. Үкіметке елдің, астананы қоса алғанда, орталық өңірін газдандыруды қамтамасыз ететін құбырлы өткізгіш жүйесін жоспарлап, жүзеге асыруға кірісуді тапсырамын.
Бұл көп қаржыны қажет ететін, маңызды жұмыс. Газға тәуелділіктен арылу үшін біз оны жасауымыз керек. Қазақстан - мұнай мен газ өндіретін ел. Біз елімізді газдандыруға міндеттіміз.
Бұл жобалардың көпшілігі бойынша инвестициялау мәселелері шешілген, ал қалғандары бойынша шешу қажет.
Үкімет пен Парламентке жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыруға қажетті қаржы бөлу үшін бюджетті қайта қарау жөнінде ұсыныс енгіземін.
Бізге жобаны жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан несие алуға тура келеді. Мен оны дұрыс деп есептеймін. Ол ақшаларды өз экономикамызға салайық.
Бұл жобалардың бәрі біздің экономикамыздың, біздің еліміздің бейнесін бүтіндей өзгертетін болады.
Жоғарыда айтылғандардың бәрі әлемдегі ықтимал деген дағдарыстарға қайтаратын біздің жауабымыз болмақ.
Біз бүкіл Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдырып, мыңдаған жұмыс орнын құрамыз.
Тұрғын үй, ірі кәсіпорындар құрылысы төңірегінде құрылыс индустриясы, металлургия, өңдеу өнеркәсібі дамитын болады. Жаңа, жас кәсіпкерлердің пайда болуына көптеген мүмкіндіктер туады. Олар мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауға тиіс.
Қаржы шығындарын бақылау үшін 2008-2009 дағдарыс жылдары кезеңінде нақты және тиімді жұмыс істеген және өзінің тиімділігін дәлелдеген комиссия секілді арнайы комиссия құруды тапсырамын.
Бұл жобалардың барлығын біз осы жылдың өзінде бастайтынымызды атап көрсетемін.
Үкіметке қазақстандық инновациялық жүйені нығайту қажет.
Перспективалы ғылыми-зерттеулерді қаржыландырудың бюджеттік шығындарын инновациялық гранттарды бөлу арқылы ұлғайту маңызды.
«Ғылым туралы» жаңа заң ғылымды жүйелі мемлекеттік қолдау үшін негіз қалайды.
Отандық ғалымдарды қолдау қажет.
Назарбаев Университеті төңірегінде трансферт пен жаңа технологиялар құруға ықпал ететін инновациялық-интеллектуалдық кластер қалыптасуы тиіс.
Астанада жоғары технологиялы кәсіпорындар құра отырып, біз бұл тәжірибені Қазақстанның басқа да ғылыми-білім беру орталықтарына тарататын боламыз. Бізде заңнамалық негіз бар.
Бұл менің тапсырмам бойынша қабылданған «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» жаңа заң.
Соның негізінде мемлекеттің, бизнес пен ғылымның өзара іс-қимылының инновациялық әлеуетін өрістету қажет.
Үкіметке мемлекет-жекеменшік әріптестігінің жаңа пішіндерін енгізуді қарастыратын заң жобасын дайындауды тапсырамын.
Ағымдағы дамудың маңызды мәселелерінің бірі Қазақстан экономикасына тікелей шетел инвестицияларының ағынын әртараптандыру болып табылады.
Оларды перспективалы салаларға, мысалы, туризм саласына бағыттау қажет.
Дамыған елдерде туристік кластердің үлесіне ІЖӨ-нің 10 пайызына дейіні тиесілі.
Бізде 1 пайызға да жетпейді.
Тұтастай ел бойынша туризм өсімінің нүктелерін зерттеу қажет, олар аз емес.
Осымен байланысты Алматы жанындағы әлемдік деңгейдегі тау шаңғысы курорттарын дамыту маңызды жоба болуы тиіс.
Сарапшылар тау шаңғысы курортына келген бір турист теңізге барған сапарына қарағанда 6 есе көп шығынданады деп есептейді. Бұл мемлекет үшін өте тиімді.
Үкіметке осы ғажайып аймақты, сондай-ақ Ақмола облысындағы Бурабай курортты аймағын дамытудың Жүйелі жоспарын жасауды тапсырамын.
Өздеріңіз білетіндей, менің қамқорлығымдағы ерекше шаруа - іскерлік және инвестициялық ахуалды нығайту.
Қазақстанда «Бизнестің жол картасы-2020» табысты жүзеге асырылуда.
Қазірдің өзінде көптеген қазақстандықтар оның тиімділігіне көз жеткізіп үлгерді.
Үкіметке бағдарламаға инновациялар енгізу үстіндегі бастаушы және жас бизнесмендерді қолдаудың қосымша шараларына қатысты өзгерістер енгізуді тапсырамын.
Бүгінде қаржы-экономикалық, оның ішінде салықтық құқық бұзушылықтарды қылмыссыздандыру бойынша жұмыстарды жалғастыру керек.
Кеден және салық комитеттеріне, қаржы полициясына құқықтық нормаларды, оның ішінде қосарланған салық салу бойынша құқықтық нормаларды қолдануда бірізді болу қажет.
Отандық және шетелдік инвесторлардың құқықтарын қорғау мен қолдау, заңнамалардың болжамдылығы мен транспаренттілігі Қазақстандағы іскерлік инвестициялық ахуалдың негізі болуы тиіс.
Біздің шенеуніктер инвесторларға тосқауыл қоюға емес, қай жағынан да оңды жәрдемдесуге тиіс деп табанды талап етемін.
Біз отандық және шетелдік инвесторлармен нормативтік-құқықтық актілер жобаларын жасау үдерісінде тұрақты консультациялар өткізудің тетігін нығайтуға тиіспіз.
Кәсіпорындардың бизнесті жауапкершілікпен жүргізудің қағидаттарын сақтауын ынталандырудың стратегиясын жасап, жүзеге асыру бойынша ұлттық байланыс орталықтарын құру қажет.
2012 жылы Қазақстанның БСҰ-ға өтуі туралы келіссөздер аяқталуы тиіс.
Бұл біздің экономикамыздың инвестициялық тартымдылығын айтарлықтай жоғарылатады.
Оныншы. Ауыл шаруашылығын дамыту.
Қазақстанның аграрлық секторы үлкен экспорттық мүмкіндіктерге және инновациялар енгізу үшін жоғары әлеуетке ие.
Азық-түлікке деген қажеттілік әлемде жыл сайын өсе беретін болады. Бізге бұл мүмкіндікті жіберіп алуға болмайды.
Мемлекет ауыл шаруашылығына орасан көмек көрсетіп отыр.
Бізге жеке инвестициялардың аграрлық өндіріске тәуекелін төмендету үшін заемдарды кепілдендіру мен сақтандырудың мемлекеттік жүйесін жасап енгізу керек.
Фермерлердің қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту үшін балама жолдар табу қажет.
Үкіметке бөлшек сауданы делдалдарсыз жүргізуді мемлекеттік қолдаудың тетігін жасап, енгізуді тапсырамын.
Мемлекетке астық саласын ұйымдастыру және құрылымдау, біртұтас астық холдингін құру қажет.
Ет өндірудің экспорттық әлеуетін дамыту жөніндегі жобаны жүзеге асыруды белсендірек ету қажет.
Үкіметке мал шаруашылығының басқа салаларын, оның ішінде қой шаруашылығын, сондай-ақ жемазық өндірісі мен шалғайдағы жайылымдық мал шаруашылығын дамыту жөніндегі бағдарламаларды жасауды қамтамасыз етуді тапсырамын.
Құрметті қазақстандықтар!

Бүгінде бүкіл әлемге және әр мемлекетке қуатты жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап табу маңызды.


Әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың он бағыты бойынша міндеттерді орындап, біз экономиканы нығайтамыз, қоғамымызды тұрақты етеміз, халықтың әл-ауқатын арттырамыз.
Сонымен бірге, Қазақстан әлемдік саясаттың лайықты қатысушысы ретінде бейбітшілікті нығайту мен қауіпсіздік жолдарын айқындауға белсенді қатысуын жалғастырады.
Біз ядролық қауіпсіздік, Ядросыз әлемнің жалпыға бірдей декларациясын қабылдау жөніндегі бастамаларды ілгерілеттік.
Үстіміздегі жылдың наурыз айында Сеулде өтетін Ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жаһандық саммитте олар нақтыланатын және толықтырылатын болады.
Осы жылы біздің әлемдік дағдарыстан шығу жөніндегі «G global» идеясы талқыланады деп үміттенетін Астана экономикалық форумы үлкен маңызға ие болады.
Сондай-ақ осы жылы Астанада халықаралық конфессияаралық үнқатысудың маңызды алаңына айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІV съезі өтеді.
Біз Қазақстан жариялаған Жаһандық энергиялық-экологиялық стратегияны жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауға тиіспіз.
Біз «жасыл» технологиялардың трансфертіне бағытталған Астананың «Жасыл көпір» бастамасын жүзеге асыру жөніндегі жұмысты жалғастырамыз.
Қазақстанның сыртқы саяси ұсыныстары әлемдік қоғамдастықтан қолдау тапты.
Оларда біздің алдағы ондаған жылдардағы сыртқы саяси стратегиямыздың мәні кестеленген.
Біз теңдестірілген сыртқы саясатымызды тек Батыспен ғана емес, сондай-ақ Азия мемлекеттерімен де өзара іс-қимыл таныта отырып жалғастыратын боламыз.
Осы жылы менің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру жөніндегі бастамама 20 жыл толады.
Үстіміздегі жылы біз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымындағы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы төрағалығымызды лайықты аяқтауға тиіспіз.
2012 жылы Астана ТМД мен түркі әлемінің мәдени астанасы болып табылады.
Осы шараларды лайықты өткізу керек.
Біз ХХІ ғасырдағы жаһандық сын-қатерлерге еуразиялық интеграцияны тереңдетумен жауап берудеміз.
Біз Ресеймен және Беларусьпен бірге Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастырдық, Еуразиялық экономикалық одақ құруға келе жатырмыз.
Бұл - жалпыөңірлік тұрақтылықтың, біздің экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатудың маңызды факторы.
Біз ТМД-ның басқа мемлекеттерінің еуразиялық интеграцияға қосылуға ұмтылысын қолдауға дайынбыз.
Құрметті отандастар!

Әлеуметтік жаңғырту - бұл жаңа Парламент пен Үкіметтің, Қазақстанның барлық жауапты күштерінің - партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, шығармашылық және кәсіби одақтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, Қазақстанның барлық патриоттары қызметінің темірқазық мәселесі.


Оның үстіне мен соңғы Мәжіліс сайлауына қатысқан барлық партиялардың сындарлы ұсыныстарын ескеруге ұмтылдым.
Біз барлық күштерді Отанымыздың игілігі үшін біріктіруге тиіспіз.
Біздің алдымызда үлкен жұмыс күтіп тұр.
Барша қазақстандықтарды белгіленген барлық міндеттерге қол жеткізу жөніндегі жұмыстарға аса белсенді қатысуға шақырамын!
Қымбатты достар!

Бізді орасан зор, күрделі және қиын, бірақ баршамыз үшін, қарапайым адамдар үшін де, Үкімет пен Парламент үшін де, бүтіндей алғанда мемлекет үшін де қызықты жұмыс күтіп тұр. Осындай үлкен мақсаттар қоймайынша біз дами алмаймыз. Біз әрқашанда айтқанымызды жасап келдік. Біз өзіміздің барлық жоспарларымызды, бағдарламаларымызды орындадық.


Алда қызу жұмыс күтіп тұр. Әлем сондай, жағдай сондай. Бүгінгі күннің сынағы сондай.
Ендеше, бүкіл қазақстандықтарға үн тастап, өзімізді бүкіл қазақстандықтардың өмірін жақсартатын осынау ғаламат міндеттерді орындауға жұмылдырайық!
Қадірлі отандастар!

Қазір еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.


Біз бүгінде бәсекеге қабілетті, әлеуеті зор, экономикасы қуатты ел құрудамыз.
Біз бұдан бұрын да биік белестерді бағындырдық. Оны біз 20 жылдықта айттық.
Сондықтан, мақсатқа жету біздің қолымыздан келеді.
Біз оған жетудің жолдарын жақсы білеміз.
Ол үшін қажетті ресурстар бүгін мемлекетте жеткілікті.
Біздің міндетіміз - айқын, алған бағытымыз - дұрыс.
Бұл жолда біз үшін ең бастысы - тәуелсіз Қазақстанның тұтастығы мен тұрақтылығы.
Дана халқымызда «Игілік басы - ынтымақ» деген қанатты сөз бар.
Ендеше, тәуелсіздігіміз баянды, тұтастығымыз берік, елдігіміз мәңгі болсын, ағайын!
Осы мерейлі белесте баршаңызға мол табыс тілеймін!

Назарларыңызға рахмет!

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет