Регламенті Қолданылатын саласы Осы "Ядролық және радиациялық қауіпсіздік"



бет1/4
Дата10.03.2020
өлшемі82,11 Kb.
#59810
түріРегламент
  1   2   3   4
Байланысты:
Ядролық және радиациялық қауіпсіздік
Темір және оның қорытпалары
"Ядролық және радиациялық қауіпсіздік"
техникалық регламенті

1. Қолданылатын саласы

      1. Осы "Ядролық және радиациялық қауіпсіздік" техникалық регламенті (бұдан әрі - Техникалық регламент) ядролық, радиациялық және электрлік-физикалық қондырғыларды (бұдан әрі - ЯРЭҚ) қанағаттандыруға тиіс ядролық және радиациалық қауіпсіздікке қойылатын талаптарды белгілейді.


      2. ЯРЭҚ қалыпты пайдалану жағдайларында, авариялар кезінде және авариялардың зардаптарын жою кезінде персонал, халық және қоршаған орта үшін радиациялық қауіпті факторлар сыртқы, рентгендік, гамма, бета, нейтрондық сәулелену, ағзаға радиоактивті газдар мен аэрозольдардың ингаляциялық түсуі, үй-жайлардың, өндірістік жабдықтар мен құралдардың, орамалардың, арнайы киім-кешек пен қосымша жеке қорғаныш құралдарының радиоактивті заттармен ластанған үстіңгі қабаттары, сондай-ақ ЯРЭҚ-ті пайдалану кезінде пайда болатын газ түріндегі, сұйық және қатты радиоактивті қалдықтар болып табылады.
      3. Ықтимал радиациалық қауіптілік дәрежесі бойынша ЯРЭҚ жіктемесінің мынадай төрт санаты қолданылады:
      1) I санатқа авария кезінде ЯРЭҚ-тың санитарлық-қорғалған аймағынан тыс жерлердегі халыққа радиациялық әсер етуі мүмкін және халықты қорғау жөнінде шаралар қажет болатын қондырғылар жатады;
      2) II санатқа авария кезінде радиациялық әсері ЯРЭҚ-тың санитарлық-қорғалған аумақпен шектелетін қондырғылар жатады;
      3) III санатқа радиациялық әсері ЯРЭҚ-тың орналасу алаңымен шектелетін қондырғылар жатады;
      4) IV санатқа радиациялық әсері ЯРЭҚ-тың жұмыс үй-жайларымен немесе жұмыс орындарымен шектелетін қондырғылар жатады.
      4. Ықтимал радиациялық қауіптілік санаты мен қондырғы қауіпсіздігі ЯРЭҚ жобасында негізделеді.
      5. Егер алаң шегінде бірнеше ЯРЭҚ орналасқан жағдайда ықтимал радиациялық қауіп санаты ең жоғарғы санат бойынша белгіленеді.
      6. ЯРЭҚ жүйелері мен элементтеріне қойылатын талаптарды сапасы мен сенімділігі бойынша саралау мақсатында ЯРЭҚ элементтері қауіпсіздігінің төрт сыныбы белгіленеді:
      1) 1-қауіпсіздік сыныбы. 1-қауіпсіздік сыныбына істен шығуы персоналдың және (немесе) халықтың сәуле алуына, радиоактивті заттардың жобалық авариялар үшін белгіленген шектен астам қоршаған ортаға шығуына (төгілуіне) әкелетін жобадан тыс авариялардың бастапқы оқиғаларына себепші болуы мүмкін элементтер жатады;
      2) 2-қауіпсіздік сыныбы. 2-қауіпсіздік сыныбына істен шығуы жобалық аварияларға әкеп соғатын бастапқы оқиғаларға себепші болуы мүмкін элементтер жатады;
      3) 3-қауіпсіздік сыныбы. 3-қауіпсіздік сыныбына 1 және 2-сыныптарға жатқызылмаған элементтер; істен шыққан кезде құрамындағы радиоактивті және (немесе) улы заттар үй-жайларға және (немесе) қоршаған ортаға түсуі нормативтік құжаттарға сәйкес белгіленген деңгейден асып түсуі мүмкін элементтер; персоналды және халықты радиациялық қорғауды қамтамасыз етуді бақылау функцияларын орындайтын элементтер жатады;
      4) 4-қауіпсіздік сыныбы. 4-қауіпсіздік сыныбына қауіпсіздікке әсер етпейтін және 1, 2 немесе 3-қауіпсіздік сыныптарына жатқызылмаған ЯРЭҚ-ты қалыпты пайдалану элементтері жатады.
      Аварияларды басқару үшін пайдаланылатын, 1, 2 немесе 3-қауіпсіздік сыныптарына енбеген элементтер де 4-қауіпсіздік сыныбына жатады.
      7. Егер қандай да бір элемент бір мезгілде әртүрлі сынып белгілерін қамтитын болса, онда ол барынша жоғары қауіпсіздік сыныбына жатқызылуға тиіс. Әр түрлі қауіпсіздік сыныптарының элементтерін бөліп тұратын дәнекерлеу қосылыстары, бекіту органдары мен сақтандырғыш құрылғылар неғұрлым жоғары сыныпқа жатқызылуға тиіс.
      8. Элементтердің 1, 2 және 3-қауіпсіздік сыныптарына тиесілілігі және оларға қойылатын талаптар ЯРЭҚ жүйелері мен элементтерін әзірлеуге, дайындауға және жеткізуге арналған құжаттарда көрсетілуге тиіс.
      9. Жіктемелік белгілеу элементтің 1, 2, 3-қауіпсіздік сыныптарына тиесілі екендігін көрсетеді.
      10. Жіктемелік белгілеу элементтің қолданылуын білдіретін мынадай символмен толықтырылуға тиіс:
      Н - қалыпты пайдалану элементі;
      3 - қорғаушы;
      Л - оқшаулаушы;
      О - қамтамасыз етуші;
      Б - қауіпсіздік жүйесінің бастаушы элементі.
      Егер элементтің қолданылуы бірнешеу болса, онда олардың барлығы да оның таңбалануына кіреді. Мысалы - 2Н - қалыпты пайдалану элементі, 2-қауіпсіздік сыныбы.

2. Терминдер, анықтамалар, белгілеулер және қысқартулар



      11. Осы Техникалық регламентте Қазақстан Республикасының техникалық реттеу және атом энергиясын қолдану саласындағы заңнамасына сәйкес терминдер, сондай-ақ мынадай терминдер қолданылады:
      1) авария - радиоактивті өнімдердің және (немесе) иондаушы сәулелердің қауіпсіз пайдаланудың белгіленген шегінен астам мөлшерде қалыпты пайдалану үшін жобада көзделген шектен шығуы болған ЯРЭҚ-ты пайдаланудың бұзылуы;
      2) аварияны басқару - ЯРЭҚ-ты бақыланатын қауіпсіз жағдайға көшіруге, жобалық авариялардың жобадан тыс аварияларға ұласуын болдырмауға және жобадан тыс авариялардың салдарларын әлсіретуге бағытталған іс-қимылдар;
      3) авариялық жағдай - ЯРЭҚ-тың қауіпсіз пайдалану шектерінің және (немесе) жағдайларының аварияға ұласпаған бұзылуымен сипатталатын жағдайы;
      4) аварияның өту жолы - аварияның өршу процесінде ЯРЭҚ жүйелері мен элементтері жай-күйінің жалғаспалылығы;
      5) атом станциясының (бұдан әрі - AC) блогы - жобада айқындалған көлемде AC функциясын орындайтын АС-тың бір бөлігі;
      6) атом станциясы (AC) - белгіленген қолдану режимдері мен жағдайларында энергия өндіруге арналған және онда осы мақсатты жүзеге асыру үшін ядролық реактор (реакторлар) және қажетті персоналмен бірге осы мақсатты жүзеге асыру үшін қажетті жүйелер, құрылғылар, жабдықтар мен құрылыстар кешені пайдаланылатын жобада айқындалған аумақтың шегінде орналасқан ядролық қондырғы;
      7) қалыпты пайдалану жүйелері, элементтері - қалыпты пайдалануды жүзеге асыруға арналған жүйелер, элементтер;
      8) бастапқы оқиға - ЯРЭҚ жүйелеріндегі жекелеген істен шығу, қалыпты пайдаланудың бұзылуына алып келетін және қауіпсіз пайдалану шектерінің және (немесе) жағдайларының бұзылуына әкелуі мүмкін сырттай оқиға немесе персоналдың қатесі. Бастапқы оқиға өзі салдары болып табылатын барлық тәуелді істен шығуларды қамтиды;
      9) әралуандық қағидаты - берілген функцияны жүзеге асыру үшін әр түрлі жүйелерде (не әртүрлі арнадағы бір жүйенің шегінде) әрекеттердің әр түрлі қағидаттарына негізделген әртүрлі құралдарды және (немесе) ұқсас құралдарды қолдану жолымен жүйелердің сенімділігін арттыру қағидаты;
      10) тұмшаланған қабық - ЯРЭҚ-тың айналасындағы кеңістікті қоршай отырып, жобада көзделген шекараны құрайтын және радиоактивті материалдардың белгіленген шектен асатын мөлшерде қоршаған ортаға таралуына кедергі болатын құрылыс және басқа да конструкциялар элементтерінің жиынтығы. Тұмшаланған қабықпен жабылған кеңістікте бір немесе бірнеше тұмшаланған үй-жайлар болуы мүмкін;
      11) пассивті құрылғы, элемент - жұмыс істеуі оның жұмысын оқиға деп атаумен байланысты және басқа, белсенді құрылғының жұмысына тәуелді емес механикалық қозғалыстағы бөлшектері бар немесе механикалық қозғалыстағы бөлшектері жоқ құрылғы, элемент;
      12) жалпы себеп бойынша істен шығулар - сол бір ғана себептің салдарынан туындайтын екі және одан да көп жүйелердің (элементтердің) істен шығуы;
      13) жекелеген істен шығу - жүйенің бір элементінің істен шығуы, қатардан шығуы;
      14) жекелеген істен шығу қағидаты - соған сәйкес жүйе механикалық қозғалыстағы бөлшектері бар белсенді элементтердің немесе пассивті элементтердің бірі кез келген бастапқы оқиға кезінде және бастапқы оқиғаға тәуелді емес немесе персоналдың бір тәуелсіз қатесінен істен шығуы кезінде, одан жұмыс істеуді талап ететін берілген функцияларды орындауға тиіс қағидат;
      15) жобалық авария - жобада ол үшін бастапқы оқиғалар мен түпкілікті жағдайлар айқындалған және қауіпсіздік жүйелерінің жекелеген істен шығу қағидатын немесе персоналдың бастапқы оқиғаларға қатысы жоқ жалғыз қателігін ескере отырып, осындай авариялар үшін белгіленген шекте оның зардаптарын шектейтін қауіпсіздік жүйелері көзделген авария;
      16) жобадан тыс авария - жобалық аварияларда ескерілмейтін бастапқы оқиғалардан туындаған немесе жобалық авариялармен салыстырғанда жекелеген істен шығудан тысқары қауіпсіздік жүйелерінің қосымша істен шығуларымен, персоналдың қате шешімдерінің іске асырылуымен бірге жүретін авария;
      17) жобалық негіздер - ЯРЭҚ-ты жобалау, оның жүйелері мен жабдықтарын дайындау, оларды монтаждау мен реттеу, ЯРЭҚ-ты салу, оның барлық тіршілік циклі ішінде қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын бастапқы деректер мен тұжырымдалатын оқиғалар;
      18) жобалық шектер - жобада қалыпты пайдалану, авариялық жағдайлар мен авариялар үшін орнатылған жүйелердің, элементтердің және тұтастай алғанда ЯРЭҚ-тың жай-күйінің параметрлері мен сипаттамаларының мәні;
      19) жөндеу - объектінің жұмысқа қабілетті немесе ақаусыз жай-күйін қалпына келтіру және (немесе) оның ресурсын қалпына келтіру жөніндегі операциялар кешені;
      20) жүйе - берілген функцияларды орындауға арналған элементтердің жиынтығы;
      21) жүйе арнасы - жобада берілген көлемде жүйе функциясын орындайтын жүйенің бір бөлігі;
      22) жұмысқа қабілеттілік - ғимараттың, жүйенің, элементтің тағайындалған функцияларды белгіленген уақыт кезеңінде және алдын ала ұйғарылған пайдалану шектері мен жағдайларда қанағаттанарлық дәрежеде орындау қабілеті;
      23) жылу тасығыш - ЯРЭҚ-тың жылу өндіргіш жүйелері мен компоненттерінен сыртқы және ішкі тұтынушыға жылу тасымалдайтын орта;
      24) кешенді байқау - ЯРЭҚ-ты іске қосу басталғаннан бастап өнеркәсіптік пайдалануға қабылданғанға дейінгі ЯРЭҚ-ты пайдалануға беру кезеңі;
      25) консервативтік тәсіл - аварияның туындау, даму себептері мен зардаптарын талдау тәсілі, ол бойынша параметрлер мен сипаттамалар үшін бұдан да қолайсыз жағдайларға көрінеу әкелетін мәндер мен шектер алынады;
      26) қалыпты пайдалану - ЯРЭҚ-ты жобада белгіленген пайдалану шектерінде және жағдайларында пайдалану;
      27) қалыпты пайдалану жүйелері, элементтері - қалыпты пайдалануды жүзеге асыруға арналған жүйелер, элементтер;
      28) қамтамасыз етуші жүйелер, қауіпсіздік элементтері - қауіпсіздік жүйелерін энергиямен, жұмыс ортасымен жабдықтауға және олардың жұмыс істеуіне жағдай жасауға арналған технологиялық жүйелер, элементтер;
      29) қатерлі-информативтік тәсіл - ЯРЭҚ қауіпсіздігінің негіздемесін нақтылаудың толықтығы мен дәрежесінің қатерді басқаруға арналған жүйенің немесе элементтің салыстырмалы мәніне және ЯРЭҚ қауіпсіздігі үшін қаралатын қауіптілік факторларының шамасына сәйкестігін растауды қамтамасыз ететін процесс;
      30) қауіпсіз жабдық - конструкциясы, геометриялық ерекшеліктері мен конструкциялық материалдары қалыпты пайдалану кезінде, сондай-ақ ЯРЭҚ қауіпсіздігінің жалпы талдамасында (бұдан әрі - ҚЖТ) қаралған барлық жағдайларда (бұдан әрі - ӨТР) туындау мүмкіндігін болдырмайтын жабдық;
      31) қауіпсіз пайдалану шарттары - қауіпсіз пайдалану шектерін және (немесе) қауіпсіздік өлшемдерін сақтау қамтамасыз етілетін, қауіпсіздік үшін маңызды жүйелердің саны, конфигурациясы, жүйелердің, элементтердің сипаттамалары, жұмысқа қабілеттілігінің жай-күйі және техникалық қызмет көрсету шарттары бойынша жобада белгіленген ең аз шарттары;
      32) қауіпсіз параметр - құрамында ядролық бөлінгіш материалдар бар қаралып отырған жүйедегі мәні ең аз өлшемдік параметрінен "n" есе аз параметр. Қауіпсіз параметр жүйе нейрондарының нәтижелі көбею коэффициентінің Ктиімді мәнін 0,95-тен асырмай қамтамасыз етуге тиіс. Мұндай параметрлерге қауіпсіз масса, қауіпсіз шоғырландыру, қауіпсіз көлем, қауіпсіз диаметр, қауіпсіз қабат қалыңдығы жатады;
      33) қауіпсіздік функциясы - ерекше нақты мақсат және оған жетуді қамтамасыз ететін, аварияларды болдырмауға немесе олардың зардаптарын шектеуге бағытталған іс-қимыл;
      34) қауіпсіздіктің бастаушы жүйелері, элементтері - қауіпсіздік жүйелерінің әрекеттеріне бастамашы болуға, берілген функцияларды орындау процесінде оларды бақылауды және басқаруды жүзеге асыруға арналған жүйелер, элементтер;
      35) қауіпсіздікке әсер ететін жүйелер, элементтер - қауіпсіздік жүйелері, элементтері, сондай-ақ істен шығулары ЯРЭҚ-тың қалыпты пайдаланылуын бұзатын және жобалық, әрі жобадан тыс аварияларға соқтыруы мүмкін қалыпты пайдалану элементтері;
      36) қауіпсіздік жүйелері, элементтері - қауіпсіздік функцияларын орындауға арналған жүйелер, элементтер;
      37) қауіпсіздік өлшемдері - параметрлердің және (немесе) сипаттамалардың техникалық регламенттер мен ережелерде және (немесе) уәкілетті мемлекеттік қадағалау және бақылау органдары белгілеген мәндері, соларға сәйкес ЯРЭҚ қауіпсіздігі негізделеді;
      38) қауіпсіздік мәдениеті - қажетті ресурстармен қамтамасыз ету, міндеттер мен жауаптылықты нақты бөлу, тәртіп сақтау, көтермелеу және жазалау жүйесін құру, технологиялық нұсқаулықтар әзірлеу, жіберілген қате шешімдерді және қызметкерлердің қателіктерін талдау және солардан сабақ алу, қызметкерлердің білікті және психологиялық даярлығы бойынша пайдаланушы ұйым мен уәкілетті орган қолданатын шаралар мен іс-қимылдардың нәтижесі, олардың нәтижесінде ЯРЭҚ қауіпсіздігіне әсер ететін жұмыстардың барлығын орындау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету басымдық мақсат болады;
      39) қауіпсіздікті жалпы талдау (ҚЖТ) - әртүрлі жағдайларда және әр) түрлі қауіп факторлары әсер еткен кезде ЯРЭҚ-қа жүргізілген құжатпен ресімделген талдау;
      40) қауіптілік факторы - адамның ауруына, жарақат алуына немесе өлуіне, немесе қондырғының бүлінуіне, немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге (авариялық сценарийлердің немесе салдарларды жұмсартудың ықтималдығына немесе дұрыстығына қарамастан) себеп болуы мүмкін қауіп көзі (материал, энергия көзі, табиғи құбылыс, техногендік құбылыс, операция);
      41) қорғау жүйелері, қауіпсіздік элементтері - құрамында ядролық материалдар бар ЯРЭҚ жүйелері мен элементтерінің бұзылуларын болдырмауға және шектеуге арналған технологиялық жүйелер, элементтер;
      42) нақты іске қосу - реакторды ядролық отынмен толтыруды, реактордың сындарлы жағдайға жетуін және реактордан бөлінетін жылу табиғи жылу ысырабының (шашыраудың) есебінен жүзеге асырылатын қуат деңгейінде қажетті физикалық эксперименттерді орындауды қамтитын ядролық реакторды пайдалануға беру кезеңі;
      43) нейтрондардың тиімді көбею коэффициенті, Ктиімд - қаралып отырған уақыт аралығында ядролардың осы уақыт аралығында сіңудің және жылыстаудың салдарынан осы жүйеден шығатын нейтрондар санына бөлінуінің есебінен түпкілікті мөлшерлер жүйесінде түзілетін нейтрондардың толық санының қатынасы;
      44) оқшаулау жүйелері, қауіпсіздік элементтері - авариялар кезінде бөлінетін радиоактивті материалдар мен иондаушы сәулелердің жобада белгіленген шекарадан тысқары таралуын болдырмауға немесе шектеуге арналған технологиялық жүйелер, элементтер;
      45) өзіне-өзі дем беретін тізбекті ядролық реакциясы (ӨТР) - нуклидтер ядроларының бөліну процесі, бұл кезде қандай да бір уақыт аралығында ядролардың бөліну процесінде түзілетін нейтрондардың саны дәл осы уақыт аралығында жылыстау мен сіңу салдарынан жүйеден кететін нейтрондардың санына тең немесе олардан артық болады;
      46) өнеркәсіптік пайдалану - белгіленген тәртіппен қабылданған, жобаға сәйкестігі және қауіпсіздігі ЯРЭҚ-ты пайдалануға беру кезеңінде сынақтармен расталған ЯРЭҚ-ты пайдалану;
      47) пайдалану шектері - жобада қалыпты пайдалану үшін берілген жүйелердің, элементтердің және тұтастай алғанда ЯРЭҚ-тың жай-күйінің қалыпты пайдалануы үшін жобада көрсетілген параметрлері мен сипаттамаларының мәндері;
      48) персонал - ЯРЭҚ-ты пайдалануды жүзеге асыратын қызметкерлер;
      49) персоналдың қатесі - басқару органдарына қасақана жасалмаған (оның ішінде жүріп жатқан технологиялық процестерді дұрыс бағаламаудан) жекелеген қате әсер немесе дұрыс әрекеттен ішінара тайқу; немесе қауіпсіздік үшін маңызы бар жабдықтар мен жүйелерге, элементтерге техникалық қызмет көрсету кезіндегі қасақана жасалмаған жекелеген қате іс-қимыл;
      50) радиациялық қатер - сәуле алу салдарынан оның зардаптарының ауыртпалығын ескере отырып, адам өміріне немесе денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтіру ықтималдығы;
      51) радиациялық қондырғы - оған жататын ғимараттары, құрылыстары және радиоактивті заттармен жұмыс жүзеге асырылатын жабдықтарды қоса алғанда, ядролық қондырғыға жатпайтын арнайы қондырғы;
      52) резервте ұстау қағидаты - жүйенің берілген функцияларды орындауы үшін ең аз және жеткілікті қажетті көлеміне қарай құрылымдық, функционалдық, ақпараттық және уақытша артықтығын қолдану жолымен жүйелердің сенімділігін арттыру қағидаты;
      53) сапаны қамтамасыз ету - ЯРЭҚ-ты жасау, пайдалану және пайдаланудан шығару жөніндегі жұмыстардың барлығын белгіленген тәртіппен жүргізуге, ал олардың нәтижелері оларға қойылатын талаптарды қанағаттандыруға бағытталған жоспарлы және жүйелі жүзеге асырылатын қызмет;
      54) сапаны қамтамасыз ету бағдарламасы - ЯРЭҚ қауіпсіздігіне әсер ететін сапаны қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдық-техникалық іс-шаралардың жиынтығын белгілейтін құжат (құжаттар жиынтығы);
      55) сыртқы әсерлер - жер сілкіністерін, жерүсті және жерасты суларының жоғары және төмен деңгейлерін, дауылдарды, кәсіпорындардағы аварияларды, әуе, су және жерүсті көлігімен байланысты аварияларды және тағы басқаларды қоса алғанда, ЯРЭҚ-ты орналастыру алаңына тән табиғи құбылыстардың және адам қызметінің әсері;
      56) анықталмаған істен шығу - қалыпты пайдалану кезіндегі өзінің туындау сәтінде көрінбейтін және техникалық қызмет көрсету регламентіне және тексерулерге сәйкес көзделген бақылау құралдарымен анықталмайтын жүйенің, элементтің істен шығуы;
      57) тәуелсіз жүйелер, элементтер - бір жүйенің, элементтің істен шығуы басқа жүйенің, элементтің істен шығуына әкеліп соқтырмайтын жүйелер, элементтер;
      58) тәуелсіздік қағидаты - арналардың функционалдық және (немесе) физикалық тұрғыдан бөлінуін қолдану арқылы жүйе сенімділігін арттыру қағидаты, соның арқасында бір арнаның, элементтің істен шығуы басқа арнаның, элементтің істен шығуына әкеп соқтырмайды;
      59) тексеру - жүйенің, элементтің жұмысқа қабілеттілік немесе жұмысқа қабілетсіздік жағдайын белгілеу және жарамсыздығын анықтау мақсатында оларды пайдаланудағы бақылау;
      60) терең эшелондырылған қорғаныш - иондаушы сәулелер мен радиоактивті материалдардың қоршаған ортаға таралу жолындағы кедергілер жүйесі, сондай-ақ осы кедергілердің тиімділігін қорғау мен сақтау бойынша техникалық және ұйымдастыру шараларының жүйесі;
      61) техникалық қызмет көрсету - ЯРЭҚ-тың жұмысқа қабілетті және жарамды күйін бақылау және қолдау жөніндегі операциялар кешені;
      62) технологиялық регламент - қауіпсіз пайдаланудың ережелері мен негізгі тәсілдерін, қауіпсіз пайдаланудың шектері мен шарттарын, ЯРЭҚ қауіпсіздігіне әсер ететін операцияларды орындаудың жалпы тәртібін белгілейтін құжат;
      63) түпкілікті жағдай - авариядан кейінгі ЯРЭҚ жүйелері мен элементтерінің орныққан, бақыланатын жай-күйі;
      64) шекті авариялық шығарынды - жобадан тыс авариялар кезінде қоршаған ортаға шығарылған негізгі дозақұраушы нуклидтердің сандық мәні, оның нәтижесінде болған қорғаныш іс-шараларын жоспарлау аймағының шекарасындағы және одан тысқары жердегі халықтың сәуле алу мөлшері белгіленген мәндерден аспауы тиіс. Шекті авариялық шығарындының мәні ЯРЭҚ орналасқан ауданның нақты жағдайларын ескере отырып есептеледі;
      65) іске қосу-реттеу жұмыстары - ЯРЭҚ-ты пайдалануға беру кезеңі, бұл кезде ЯРЭҚ-тың құрылысы аяқталған жүйелері мен элементтері олардың жобада белгіленген өлшемдер мен сипаттамаларға сәйкестігі тексеріліп, пайдалану дайындығы жағдайына келтіріледі;
      66) ішкі әсерлер - қатты толқындарды, жай ағыстарды, ұшатын заттарды, орта параметрлерінің (қысым, температура, химиялық белсенділік және т.с.с.) өзгеруін, өрттерді, тағы сол сияқтыларды қоса алғанда, авариялардың бастапқы оқиғалары кезінде туындайтын әсерлер;
      67) ішкі өзін-өзі қорғаушылық - табиғи кері байланыстар мен процестердің негізінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ЯРЭҚ-тың ерекшелігі;
      68) электрлік-физикалық қондырғы - оған қатысты барлық ғимараттарды, құрылыстарды және жабдықты қоса алғанда, иондалған сәулені генерациялайтын немесе генерациялауға қабілетті арнайы қондырғы;
      69) элементтер - жабдық, аспаптар, құбыржолдар, кәбілдер, құрылыс конструкциялары және берілген функцияларды дербес немесе жүйелердің құрамында орындауды қамтамасыз ететін және сенімділік пен қауіпсіздікке талдаулар жүргізген кезде жобада құрылымдық бірлік ретінде қаралатын басқа да бұйымдар;
      70) энергетикалық іске қосу - атом станциясын пайдалануға беру кезеңі, бұл кезде АС жобаға сәйкес энергия өндіре бастайды және өнеркәсіптік пайдалану үшін белгіленген деңгейге дейінгі қуат деңгейлерінде AC жұмысын тексеруді жүзеге асырады;
      71) ядролық авария - басқаруға көнбейтін ӨТР-дің туындауы салдарынан болған авария;
      72) ядролық қондырғы - ядролық материалдармен жұмыс істеу жүзеге асырылатын, оған қатысты ғимарат, құрылыс және жабдықты қоса алғанда, арнайы қондырғы;
      73) ЯРЭҚ әкімшілігі - ЯРЭҚ-ты пайдалану құқықтары, міндеттері берілген және жауаптылық жүктелген басшылар мен басқа да лауазымды тұлғалар;
      74) ЯРЭҚ-ты қауіпсіз пайдалану шектері — ауытқу аварияға әкеп соқтыруы мүмкін, технологиялық процестердің жобада белгіленген параметрлерінің мәні;
      75) ЯРЭҚ қауіпсіздігі - ЯРЭҚ-тың қалыпты пайдалану кезінде және авария жағдайында белгіленген шектерде персоналға, халыққа және қоршаған ортаға радиациялық әсерді шектеу ерекшеліктері.

3. Қазақстан Республикасының нарығына айналымға шығару


шарттары

      12. Қазақстан Республикасының нарығында айналымға шығаруға ядролық және радиациялық қауіпсіздіктің негізгі талаптары мен осы Техникалық регламентте белгіленген өлшемдерді қанағаттандыратын ЯРЭҚ жіберіледі.


      13. Тіршілік циклінің барлық кезеңдерінде ЯРЭҚ қауіпсіздігі ұйымдық және техникалық іс-шаралар жүйесін дәйектілікпен іске асыру арқылы қамтамасыз етілуі тиіс, оларға мыналар кіреді:
      1) ЯРЭҚ-ты орналастыруға жарамды алаңды таңдау;
      2) ЯРЭҚ маңында санитарлық-қорғау аймағын белгілеу;
      3) ЯРЭҚ жобасын өзін-өзі қорғау қасиеттерін пайдалана отырып, консервативтік тәсіл негізінде әзірлеу; резервте сақтау, тәуелсіздік және әртүрлілік, жекелеген істен шығу қағидаттарының негізінде және ЯРЭҚ-ты қауіпсіз пайдалану шектерінің бұзылуына алып келетін аварияның дамуына әсер ететін элементтердің анықталмайтын істен шығуларын ескере отырып құрылған қауіпсіздікке әсер ететін жүйелерді қолдану;


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет