152. ЯРЭҚ-тың желдету жүйелері ауа ағындары қозғалысының барынша аз ластанған үй-жайлардан неғұрлым мол ластанғандарына бағытталуын қамтамасыз етуге тиіс. Радиоактивті және улы заттардан тазартпайтын, ауаның қайта айналымының жүйесін пайдалануға рұқсат етілмейді.
153. Үй-жайлардан, камералардан, бокстардан, сорғыш шкафтардан және басқа жабдықтардан шығарылатын радиоактивті заттармен ластанған ауа атмосфераға шығарудан бұрын тазалануға тиіс. Үй-жайлардан, камералардан, бокстардан, сорғыш шкафтардан және басқа жабдықтардан ауаны шығару үшін жалпы алмастыратын сорғыш желдеткішті пайдалануға рұқсат етілмейді.
154. Жабық ойықтары бар үй-жайларда, сорғыш шкафтарда, тұмшаланған камераларда және бокстарда сирету қамтамасыз етілуге тиіс. Қажетті сирету шамасы, сондай-ақ ауа қозғалысының есептік жылдамдығы таса жерлердің, сорғыш шкафтардың жұмыс (ашық) ойықтарында, тұмшаланған камераларда және бокстарда нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес қабылданады. Сорғыш шкафтар, саңылаусыз камералар және бокстар сирету дәрежесін бақылау аспаптарымен жабдықталуға тиіс.
154. Газ тәріздес радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жүйесі (газ тазалау жүйесі) ЯРЭҚ-ты пайдаланудың барлық режимдерінде технологиялық үрлеуіштерді радиоактивті қалдықтар мен химиялық қоспалардан тазартудың қажетті дәрежесін қамтамасыз етуі тиіс.
156. ЯРЭҚ-тың сорғыш мұржалары мен шахталарының биіктігі алаудың жерге шөгетін жерлерінде атмосфералық ауадағы радиоактивті заттардың көлемдік активтілігін халық үшін белгіленген квотадан аспауын қамтамасыз ететін мәндерге дейін төмендетуді қамтамасыз етуге тиіс.
157. Елді мекен мен ЯРЭҚ-тың шаруашылық-ауыз-сумен, өртке қарсы және өндірістік мақсаттағы сумен жабдықтау жүйелері бөлек орналастырылуға тиіс.
158. Бөлек дәліздер көзделуге тиіс: шаруашылық-фекальдік, өндірістік-нөсерлік және сұйық радиоактивті қалдықтарды жинауға, тасымалдау мен қайта өңдеуге арналған арнайы.
159. Жабдықтар мен құбыржолдарды конструкциялау, құрастыру және радиациялық қорғау оңтайландыру қағидатына сәйкес персоналдың сәуле алу мүмкіндігін және өндірістік операцияларды орындау және жабдықтарға қызмет көрсету кезінде олардың радиоактивті және улы заттармен жұмыс істеуін барынша азайтуды қамтамасыз етуге тиіс.
160. ЯРЭҚ-ты салу белгіленген тәртіппен бекітілген және мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарымен келісілген ЯРЭҚ жобасы болған кезде басталуы мүмкін.
6. ЯРЭҚ-ты пайдалануға беруге және пайдалануға қойылатын
талаптар
161. ЯРЭҚ-ты пайдалануға енгізгенге дейін аварияның радиациялық зардаптарын ескере отырып, қондырғыда авария болған жағдайда персонал мен халықты қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленуге және орындауға дайын болуға тиіс. Жоспарлар ЯРЭҚ-тың жобалық сипаттамалары мен параметрлерінің, ЯРЭҚ-тың ықтимал қауіп-қатерінің санаттарын, экономикалық, табиғи және өзге де сипаттамалары мен ерекшеліктерін ескере отырып, авария жағдайында персонал мен халықты қорғау жөніндегі шаралар туралы шешім қабылдауға арналған өлшемдердің негізінде әзірленеді.
162. Персонал мен халықты қорғау жөнінде әзірленген іс-шаралардың жоспарлары белгіленген тәртіппен келісілген, бекітілген және қажетті ресурстармен қамтамасыз етілген болуға тиіс.
163. ЯРЭҚ-та авария болған жағдайда персонал мен халықты қорғау жөніндегі іс-шаралардың жоспарларын пайдаланушы ұйым әзірлейді және пайдаланушы ұйымның ЯРЭҚ-тың ықтимал қауіп-қатерінің санатына сәйкес уәкілетті органымен және жергілікті басқару органдарымен іс-қимылын үйлестіру қажет екені көзделуге тиіс. Тұрақты дайындықты қолдау және жоспарларды іске асыру ЯРЭҚ әкімшілігіне жүктеледі.
164. Персонал мен халықты қорғау жөніндегі іс-шаралардың жоспарлары авариялық дайындықтың деңгейі мен араласу деңгейі белгіленуге, авария туралы және осы жоспарларды орындауды бастау туралы хабарлау тәртібі анықталуға тиіс. Жоспарларда персонал мен халықты қорғауға арналған қажетті жабдық пен техникалық құралдар белгіленуге тиіс.
165. Пайдалануға енгізу жұмыстары басталғанға дейін ЯРЭҚ уәкілетті орган аттестациядан өткізген және мамандандырылған персоналмен жинақталуға тиіс.
166. ЯРЭҚ персоналы жобалық және ықтималдығы аз әрі зардабы ауыр авариялар кезінде іс-қимылға дайын болуға тиіс. Персоналдың ықтималдығы аз әрі зардабы ауыр авариялар кезіндегі іс-қимылдары осы авариялардың талдауларын орындауды ескере отырып әзірленетін арнайы басшылықпен регламенттелуге тиіс.
167. Персоналды авариялық жағдайлардағы іс-қимылдарға дайындау үшін уәкілетті қадағалау және бақылау органдарымен келісілген оларды дайындау және өткізу әдістемелері мен бағдарламалары бойынша аварияға қарсы жаттығулар өткізілуге тиіс.
168. ЯРЭҚ-та сенімді авариялық жарықтандыру, желдету жүйелерімен және осы жолдардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге арналған қызмет көрсетудің басқа құралдарымен жабдықталған айқын және берік белгісі бар көшіру жолдарының негізделген саны болуға тиіс. Көшіру жолдары радиациялық қауіпсіздік және өртке қарсы қорғау жөніндегі арнайы талаптарды, сондай-ақ өнеркәсіптегі қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға және қондырғыларды физикалық қорғауды қамтамасыз етуге қатысты тиісті талаптарды қанағаттандыруға тиіс.
169. ЯРЭҚ-та авариялық жағдайларда ЯРЭҚ-та және алаңдағы барлық адамдарды қауіп-қатер туралы алдын ала сақтандыру мүмкін болуы үшін апат дабылдамасын және осындай есеппен хабарлау құралдарын көздеуге тиіс.
170. I (бірінші) санатты радиациялық қауіпті ЯРЭҚ алаңдарында сыртқы және ішкі авариялық орталықтар авария жағдайында персонал мен халықты қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарларының іске асырылуын басқару үшін көзделуге тиіс. Орталықтар қажетті жабдықпен, аспаптармен және байланыс құралдарымен жабдықталған болуға және ЯРЭҚ-ты пайдалануға енгізгенге дейін құрылуға және әрдайым дайындықта болуға тиіс.
171. Жобадан тыс авариялардың және олардың зардаптарының (радиациялық және ядролық салдарлары, қауіпсіздік жүйелерінің функционалдық қабілеті, одан әрі пайдалану перспективасы және т.б.) тізбелері ЯРЭҚ ҚЖТ-да келтіріледі және ЯРЭҚ-ты жобалау кезеңінде негізделеді.
172. Егер радиоактивті материалдардың болуы мүмкін шығарындыларының ықтималдылығын бағалай отырып талдау қауіпсіздіктің нысаналы көрсеткіштерін орындалуын қамтамасыз етпесе, онда мұндай жобаны іске асыруға рұқсат етілмейді.
173. ЯРЭҚ-тағы іске қосу алдындағы реттеу жұмыстары, ЯРЭҚ жүйелері мен жабдықтарын кешенді сынау, реакторлық қондырғыларды физикалық және энергетикалық іске қосу және қуаттың атаулы мәнге дейін игерілуі, тұтастай алғанда ЯРЭҚ-тің қауіпсіздік үшін маңызды, әсіресе 1 және 2-сыныпқа жатқызылған жүйелер мен элементтердің орындалғандығын және жобаға сәйкес жұмыс істейтіндігін, ал анықталған кемшіліктердің жойылғандығын растауға тиіс.
174. Іске қосу алдындағы жөндеу жұмыстарының, физикалық және энергетикалық іске қосу дәйектілігі мен көлеміне қойылатын талаптар және пайдалануға енгізілетін жабдықтар мен жүйелерге арналған қабылдау өлшемдері ЯРЭҚ жобасында белгіленеді.
175. Іске қосу алдындағы жөндеу жұмыстарын, кешенді сынау, физикалық және энергетикалық іске қосуларды жүргізуді регламенттейтін құжаттар ықтимал қауіпті жұмыстардың тізбесін және авариялардың туындауын болдырмайтын шаралар тізбесін қамтуға тиіс.
176. Пайдалануға беру бағдарламасын жүзеге асыру кезінде қауіпсіздік үшін маңызды жүйелердің физикалық сипаттамалары айқындалуға және құжатталуға тиіс. Құжатталуға жататын параметрлердің тізбесі тиісті сынақ бағдарламаларымен айқындалады.
177. Пайдалануға беру бағдарламасын жүзеге асыру кезінде жабдық пен жүйенің жұмыс сипаттамаларын нақтылау жүргізілуге және жабдықтар мен жүйелердің жұмыс сипаттамаларын дәл көрсету үшін қауіпсіз пайдалану шектері мен шарттары және пайдалану рәсімдері нақтылануға тиіс.
178. Кешенді сынауға, физикалық және энергетикалық іске қосуларды жүзеге асыруға рұқсат ЯРЭҚ әкімшілігіне белгіленген тәртіппен ЯРЭҚ-ты пайдалануға берудің осы кезеңдеріне дайындығын тексеру жүргізілгеннен кейін, толық көлемдегі авариялық іс-шаралардың жалпы жоспарын және ЯРЭҚ-та авария болған жағдайда персонал мен халықты қорғау жоспарларын дайындау жағдайында, уәкілетті орган береді.
179. ЯРЭҚ-ты өнеркәсіптік пайдалануға қабылдау заңнамада белгіленген тәртіппен және осы Техникалық регламенттің талаптарын ескере отырып жүргізіледі.
180. ЯРЭҚ немесе оның салынып біткен және пайдалануға берілген бөлігі жүргізіліп жатқан жұмыстар мен құрылыс учаскелерінде болуы мүмкін оқиғалар пайдалануға берілетін ЯРЭҚ-тың қауіпсіздігіне әсер етпейтіндей, ал жұмыс істеп тұрған ЯРЭҚ-та ықтимал авариялар болған жағдайда салынып жатқан, пайдалануға берілетін учаскелердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілетіндей, басқа жұмыс істеп тұрған ЯРЭҚ-тан және құрылыс жұмыстары жалғастырылып жатқан учаскелерден оқшаулатылуға тиіс.
181. ЯРЭҚ-ты пайдалану кезінде жобалық негіздердің құрамына енгізілген, табиғи және техногендік пайда болу құбылыстары мен процестерін тіркеу бойынша, сондай-ақ баяу болатын геологиялық және инженерлік-геологиялық, оның ішінде сейсмикалық процестерді бақылау бойынша мониторингтік жүйелердің жобалық жұмыс істеуі қамтамасыз етілуге тиіс.
182. ЯРЭҚ-ты пайдалану кезінде ЯРЭҚ-тың сыртқы әсерлерден қорғалуын бақылауды:
1) негіздемелердің жағдайын бақылау;
2) ғимараттардың, құрылыстардың тәртібін, оның ішінде олардың қисаюы мен шөгулерін бақылау, қауіпсіздік үшін маңызды құрылыс конструкциялары тораптарының жағдайын бақылау және диагностикалау;
3) қорғаныш құралдарының жағдайын мерзімді тексерулер (сейсмикалық оқшаулау, демпфирлі құрылғылар және т.б.), сондай-ақ оларды сынау;
4) сыртқы әсерлерден қорғау мен ескерту үшін пайдаланылатын өлшеуіш, тіркеуші, ақпаратты беруші аппаратуралардың ақаусыздығын бақылау;
5) ЯРЭҚ-ты басқаруға тікелей қатысатын персоналды жеке және ұжымдық қорғау құралдарының бар-жоғын бақылау;
6) қорғаныш кедергілерінің жағдайын талдау (объектінің ағымдағы жағдайы туралы тұрақты және мерзімді деректердің нәтижелері бойынша) арқылы жүзеге асыру керек.
183. Жүйелер мен элементтердің әсері мен реакциясы туралы тіркелген деректердің негізінде оларға конструкциялардың әсерлері мен реакциясы туралы жобалық деректердің сараптамалық салыстырмалы талдауы жүргізілуге тиіс.
184. Егер бақылау нәтижесінде объектіні пайдалану кезінде жобалық параметрлердің өзгерістері тіркелсе, онда осы өзгерістердің салдарлары бағалануы және қажетті жағдайларда қорғау шараларын әзірлеу жөніндегі шешімдер қабылдануға тиіс.
185. Қауіптілік дәрежесінің 1 (бірінші) және 2 (екінші) деңгейіндегі қарқындылықпен серпінді әсерлер болып өткеннен кейін қондырғының жағдайын тексеру мен талдауды және жобалықтан ауытқулар айқындалған жағдайда, өтемдік шаралар әзірлеуді жүзеге асыру қажет.
186. Оған сәйкес ЯРЭҚ-ты пайдалану жүзеге асырылатын негізгі құжат қауіпсіз пайдаланудың ережелері мен негізгі амалдарын, ЯРЭҚ қауіпсіздігіне әсер ететін операцияларды орындаудың жалпы тәртібін, сондай-ақ қауіпсіз пайдаланудың шектері мен шарттарын қамтитын ЯРЭҚ-ты пайдаланудың технологиялық регламенті болып табылады.
187. ЯРЭҚ-ты пайдаланудың технологиялық регламентін ЯРЭҚ-ты жобалаушы әзірлейді, уәкілетті органмен келісіледі және оны іске қосу алдындағы жөндеу жұмыстары басталғанға дейін ЯРЭҚ әкімшілігі бекітеді.
188. Технологиялық регламентке енгізілетін өзгерістер белгіленген тәртіппен оны әзірлеуге, келісуге және бекітуге қатысқан ұйымдармен келісілуге тиіс.
189. ЯРЭҚ әкімшілігі бекітілген технологиялық регламенттің және ЯРЭҚ-ты жобалаушы мен жабдықтарды әзірлеушінің пайдалану құжаттамасы негізінде іске қосу алдындағы жөндеу жұмыстарына дейін қажетті пайдалану жөніндегі нұсқаулықтарды әзірлеуді қамтамасыз етуге тиіс.
190. Жабдықтар мен жүйелерді пайдалану жөніндегі нұсқаулықтар қалыпты пайдалану және авариялық жағдайлар кезінде жұмыстарды жүргізу тәсілдері бойынша пайдаланушы персоналға берілетін нақты нұсқауларды қамтуға тиіс.
191. Жабдықтар мен жүйелерді пайдалану жөніндегі технологиялық регламент пен нұсқаулықтар ЯРЭҚ-ты пайдалануға беру бағдарламасын іске асырудың нәтижелері бойынша түзетілуге тиіс.
192. Камералар мен бокстарда ядролық және радиоактивті материалдармен жүргізілетін технологиялық операциялар дистанциялық құралдардың көмегімен немесе тұмшаланып монтаждалған қолғаптарды пайдалану арқылы орындалуға тиіс.
193. ЯРЭҚ-тың жобалық материалдары, ЯРЭҚ салуға атқару құжаттамасы, қауіпсіздік жүйелері (элементтері) мен 1 және 2-сыныптарға жатқызылған, қауіпсіздікке әсер ететін элементтерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету жөніндегі сынау актілері мен атқару құжаттамасы барлық тіршілік циклі бойына ЯРЭҚ-та сақталуға тиіс.
194. Қауіпсіз пайдаланудың шектері мен шарттарын бақылау туралы құжатталған мәліметтер ЯРЭҚ-та екі жыл немесе реактордың белсенді аймағының артық жүктемелері арасындағы екі науқан бойына сақталуға тиіс. Жазбаларды жойғанға дейін көрсетілген нәтижелер ЯРЭҚ әкімшілігі шығаратын және уәкілетті органға жіберілетін мерзімдік есептерге енгізілуге тиіс.
195. ЯРЭҚ-та жабдықтың тоқтап қалулары және пайдалану кезінде персоналдың қателік жіберген іс-қимылдары туралы ақпаратты жинау, өңдеу, талдау, сақтау қамтамасыз етілуге тиіс.
196. ЯРЭҚ әкімшілігі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен ЯРЭҚ-ты қауіпсіз пайдаланудың жобалық шектері мен шарттарының барлық бұзылу жағдайлары туралы тексереді, есепке алуды жүзеге асырады және уәкілетті органды хабардар етеді.
197. Авариялық жағдайлар мен ЯРЭҚ-та орын алған аварияларды уәкілетті орган белгілеген тәртіппен комиссиялар тексеруге тиіс.
198. Тоқтап қалулар мен ЯРЭҚ-та болған аварияларды тексеру материалдары оның барлық тіршілік циклі бойына сақталуға тиіс.
199. Қалыпты пайдалану, қалыпты пайдаланудың бұзылуы және жобалық авариялар кезінде (тоқтан толық ажырату режимін қоса алғанда) ЯРЭҚ жобасында негізделген көлемде сенімді қоректік энергиямен қамтамасыз етілуге тиіс.
200. Санитарлық-қорғаныш аймағында және ЯРЭҚ әкімшілігінің қадағалау аймағында тұрақты негізде иондаушы сәулелер дозасының қуатын, желдің жылдамдығын және басқа метеорологиялық параметрлерді өлшеулер, сондай-ақ ЯРЭҚ-ты қалыпты пайдалану кезінде, жобалық және жобадан тыс авариялар кезінде айналадағы радиациялық жағдайды бағалау және болжау үшін, радиоактивті түсулердің тығыздығын мерзімдік өлшеулер ұйымдастырылуға тиіс.
201. ЯРЭҚ-та ЯРЭҚ персоналының және техникалық қызмет көрсетуге және жөндеуге тартылатын басқа ұйымдар персоналының сәуле алу мөлшерін қатаң есепке алуды, персоналдың сәуле алуын қисынды деңгейге дейін азайту жөніндегі іс-шараларды әзірлеу мен іске асыруды қамтамасыз ету қажет.
202. ЯРЭҚ-та барлық бөлінетін және ядролық материалдардың, жаңа және пайдаланылған отынның, радиоактивті қалдықтардың, басқа да иондаушы сәуле көздерінің санын, ауыстыру мен тұрған орындарын қатаң есепке алуды қамтамасыз ету қажет.
203. Егер ЯРЭҚ үшін белгіленген қауіпсіз пайдаланудың шектері мен шарттары сақталмайтын болса, онда оның жұмысы тоқтатылуға тиіс.
204. ЯРЭҚ қауіпсіздігіне әсер ететін жүйелердің қабілеттілігін ұстап тұру, жобалық талаптарды қанағаттандыру үшін барлық тіршілік циклі бойына оларға тұрақты техникалық қызмет көрсету, жөндеу мен сынақтар жүргізілуге тиіс.
205. Жөндеу жұмыстарын және техникалық қызмет көрсету, істен шыққан жабдықтарды ауыстыру бойынша жұмыстар, ядролық және радиоактивті материалдармен, ядролық отынмен жұмыс істеу жұмыстарын орындау ЯРЭҚ жобасы негізінде әзірленген құжаттамаға сәйкес жүргізілуге тиіс. Жөндеу жұмыстарын және техникалық қызмет көрсетуді жүргізуге қойылатын нақты талаптар ЯРЭҚ жобасының арнайы бөлімінде жазылуға тиіс.
206. Пайдалану кезінде техникалық қызмет көрсету және жөндеу қауіпсіздікті талдау мен технологиялық регламент бойынша есепте белгіленген қауіпсіз пайдаланудың шарттары мен шектерін сақтай отырып жүргізілуге тиіс.
207. Техникалық қызмет көрсету мен тексерулердің мерзімділігі мен рұқсат етілетін уақыты жобалық талаптарға сәйкес келуге тиіс.
208. Техникалық қызмет көрсету, жөндеу, сынау, қауіпсіздік үшін маңызды ЯРЭҚ жүйелері мен элементтерінің негізгі металы мен дәнекерленген қосылыстарының жағдайын бақылау жобалық талаптар мен технологиялық регламенттің негізінде ЯРЭҚ әкімшілігі әзірлейтін тиісті нұсқаулықтар, бағдарламалар мен кестелер бойынша жүргізілуге және мұқият құжатталуға тиіс.
209. ЯРЭҚ әкімшілігі технологиялық, электрлік, электрондық схемаларға, қауіпсіздік жүйесін басқаратын аппаратура мен алгоритмдерге рұқсат етілмеген өзгерістерді енгізу мүмкіндігін болдырмайтын ұйымдастыру іс-шараларын қарастыруға тиіс.
210. Жүйелер мен жабдықтар техникалық қызмет көрсету мен жөндеуден кейін тексеру нәтижелерін құжаттай отырып, олардың жұмысқа қабілеттілігі және жобалық сипаттамаларға сәйкестігі тексерілуге тиіс.
211. Технологиялық регламентте және пайдалану жөніндегі нұсқаулықтарда көзделмеген ЯРЭҚ-тағы сынақтар мен басқа да жұмыстар осы сынақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қамтитын бағдарламалар мен әдістемелер бойынша, техникалық шешімнің негізінде жүргізілуге тиіс.
212. Мұндай сынақтардың техникалық шешімдері, бағдарламалары мен әдістемелері уәкілетті органмен келісілуге және оны ЯРЭҚ әкімшілігі бекітуге тиіс.
213. Пайдалану процесінде ЯРЭҚ үшін қауіпті реакциялар анықталған жағдайда ЯРЭҚ-тың бақылау және басқару жүйелері тоқтатылуға, оларды жою жөнінде қажетті техникалық шаралар қабылдануға және белгіленген тәртіппен ЯРЭҚ жобасына тиісті өзгерістер енгізілуге тиіс.
214. ЯРЭҚ-тың тіршілік циклінің барлық сатыларында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі қағидаттары мен өлшемдерін іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған сапаны басқару жөніндегі қызмет жоспарлануға, жүйелі түрде жүзеге асырылуға, талдануға және бағалануға тиіс.
215. Сапаны басқару жөніндегі қызмет, орналастыруды, жобалауды, салуды, пайдалануға беруді, пайдалануды және пайдаланудан шығаруды, сондай-ақ ядролық материалдармен, радиоактивті материалдармен және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеген кезде қауіпсіздік үшін маңызды жүйелер (элементтер) мен жабдықтарды конструкциялауды және дайындауды қоса алғанда, жұмыстарды орындау мен қызмет көрсетуді белгіленген түрде қамтамасыз етуге, ал олардың нәтижелері ЯРЭҚ-тың тіршілік циклінің барлық сатыларында оларға қойылған талаптарды қанағаттандыруға тиіс. Осы қызметтің нәтижесінде жұмыстарды орындау мен қызмет көрсету кезіндегі қателіктер анықталуға және түзетілуге және одан әрі қателіктердің қайталануын болдырмау жөнінде шаралар қолданылуға тиіс.
216. Сапаны басқару жөніндегі қызмет ЯРЭҚ-пен жұмыс істеу кезінде пайдаланушы ұйымның және жұмыстарды орындайтын және пайдаланушы ұйымға қызмет көрсететін ұйымдардың сапасын қамтамасыз ету жүйелерінің шеңберінде жүзеге асырылуға тиіс.
217. Сапаны басқару жөніндегі қызмет ЯРЭҚ-тың тіршілік циклінің барлық сатыларында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдық-техникалық іс-шаралардың жиынтығын белгілейтін сапаны қамтамасыз етудің жалпы және жеке бағдарламаларымен регламенттелуге тиіс.
218. Сапаны қамтамасыз ету бағдарламаларының типтік мазмұнын және оларды бекіту тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
219. Атом энергиясын пайдаланумен байланысты барлық қызмет түрлері үшін, ұйымдар, басшылар мен орындаушылар үшін қауіпсіздік мәдениетінің негізгі белгілері мыналар болып табылады:
1) жауаптылық - ұйымның жауаптылығын, қызметтік міндеттерді белгілеу мен сипаттау және оларды жекелеген тұлғалардың түсінуі арқылы іске асырылады;
2) адалдық - басшылар деңгейінде қауіпсіздіктің жоғары басымдығын көрсетуді және жекелеген тұлғалардың қауіпсіздіктің жалпы мақсаттарын тануын талап етеді;
3) уәждеме - басшылықтың әдістері, мақсат қою және көтермелеу және жазалау жүйесін құру арқылы және жекелеген тұлғалардың ішкі ұстанымын қалыптастыру арқылы қалыптасады;
4) қадағалау (бақылау) - инспекциялар, тексерістер мен сараптамалар тәжірибесін және жекелеген тұлғалардың сындарлы ұстанымына ден қоюға дайындығын қамтиды;
5) жеке бастың сезінуі - қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығын түсінуді айқындайды;
6) білім және құзыреттілік - кәсіби даярлық және персоналға арналған нұсқаулықтар, сондай-ақ оның өзін-өзі дайындауы арқылы қамтамасыз етіледі.
220. Осы Техникалық регламенттің және ЯРЭҚ типтері бойынша техникалық регламенттердің талаптарына сәйкестікке ЯРЭҚ қауіпсіздігі деңгейін уәкілетті орган:
1) пайдаланушы ұйымның атом энергиясын пайдалану саласындағы тиісті қызмет түріне белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін белгілеу;
2) ЯРЭҚ-тың жобалық және пайдалану құжаттамасын қарау мен сараптауды жүргізу;
3) ЯРЭҚ материалдарының, жүйелері мен элементтерінің сәйкестік сертификаттарының бар-жоғын тексеру;
4) ЯРЭҚ қауіпсіздігіне әсер ететін жүйелер мен элементтерді уәкілетті органда тіркеу;
5) ЯРЭҚ-ты салу мен монтаждау, қайта құру немесе жаңғырту аяқталғаннан кейін ЯРЭҚ-ты пайдалануға комиссиялық қабылдауға уәкілетті органның қатысуы;
6) уәкілетті органның техникалық регламенттердің, қолданыстағы ережелер мен қауіпсіздік нормалары талаптарының сақталуына мерзімді инспекциялар (тексерулер) жүргізуі;
7) ЯРЭҚ-тың тіршілік циклінің барлық кезеңдеріндегі қауіпсіздік үшін сапаны қамтамасыз етуді бақылау арқылы жүзеге асырады.
221. ЯРЭҚ-тың қауіпсіздігін талдау мен бағалау кезінде детерминистік, сондай-ақ, постулатталатын бастапқы оқиғаларды (бұдан әрі - ПБО) және жеке немесе жиынтық күйінде ЯРЭҚ қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін факторларды қамтитын талдаулардың ықтималдылық әдістері қолданылады, және олар:
1) ЯРЭҚ-тың өзін пайдалану процесінде туындауы;
2) персоналдың іс-қимылдарынан туындауы;
3) табиғи және (немесе) техногендік сипаттағы сыртқы әсерлерге байланысты болуы мүмкін.
222. Қауіпсіздік талдауын жүргізу кезінде пайдаланылатын компьютерлік бағдарламалар (есептеу кодтары), талдамалық әдістер мен ЯРЭҚ-тың пайдаланылған үлгілері салыстырмалы есептеулер жүргізу және олардың кіру параметрлерінің өзгеруіне сезімталдығын талдау арқылы негізделуге тиіс.
223. ЯРЭҚ-тың қауіпсіздігін детерминистік талдау:
1) белгіленген пайдалану шектері мен шарттарының жобалық параметрлерге және ЯРЭҚ-ты қалыпты жағдайларда пайдалану қауіпсіздігінің мақсаттарына сәйкестігін растауды;
2) ЯРЭҚ жобасы мен алаңына сәйкес келетін ПБО сипаттамаларын айқындауды;
3) ПБО нәтижесі болып табылатын оқиғалардың жүйелілігін бағалау мен талдауды;
4) талдау нәтижелерін мақсатты қауіпсіздік көрсеткіштерімен және жобалық шектермен салыстыруды;
5) жобалық негіздерді айқындауды және растауды;
6) күтілетін пайдалану оқиғалары мен жобалық аварияларды басқару қауіпсіздік жүйелерінің оператордың ұйғарылатын іс-қимылдарымен үйлесімділікте автоматты іске қосылуы нәтижесінде мүмкін болатындығын растауды;
7) пайдаланылған талдамалық қатерлердің, қолданылатын консерватизмнің әдістері мен дәрежесінің жарамдылығын бағалауды қамтиды.
224. Радиациялық қауіптің I (бірінші) және II (екінші) санаттарындағы ЯРЭҚ үшін қауіпсіздіктің ықтималдылық талдауы жүргізіледі және мыналарды:
1) жобаның қауіпсіздіктің жалпы мақсаттарына сәйкестігін кешенді бағалауды;
2) қатерді басқару үшін нақты элементтің, жобалық сипаттаманың немесе пайдалану тәжірибесінің мәнділігі шамасын бағалауды;
3) ЯРЭҚ жұмысының параметрлерінен шамалы ауытқулардың авариялық жағдайға ұласуына жол берілмейтіндігін растауды;
4) белсенді аймақтың елеулі бүлінуінің туындау ықтималдылығын бағалауды, сондай-ақ алаң сыртында шұғыл жауап шараларын қабылдауды талап ететін радиоактивті шығарындылардың, атап айтқанда, аварияның бастапқы даму сатысында қорғаныш қабығының зақымдануына байланысты болған шығарындылардың қатерлерін бағалауды;
5) ЯРЭҚ-тың осы алаңына тән сыртқы әсерлердің туындау ықтималдылығы мен салдарларын бағалауды;
6) өзгеруі (модификациясы) жобадан тыс авариялардың ықтималдылығын азайта алатын немесе олардың зардаптарын әлсірете алатын жүйелерді, конструкцияларды немесе пайдалану рәсімдерін айқындауды;
7) ЯРЭҚ-та қабылданған авариялық рәсімдердің тепе-теңдігін бағалауды қамтиды.
225. ЯРЭҚ қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданған техникалық және ұйымдық шаралардың жеткіліктілігі туралы түпкілікті шешім детерминистік талдау негізінде қабылданады.
226. Осы Техникалық регламент талаптарының сақталуын мемлекеттік қадағалауды және орындалуын бақылауды уәкілетті орган және заңнамада белгіленген тәртіппен олардың құзыреттеріне сәйкес басқа да уәкілетті органдар жүзеге асырады.
227. Жаңғыртуды немесе қайта құруды қоса алғанда, ЯРЭҚ-ты жобалық пайдалану құжаттамасы, ЯРЭҚ-ты орналастыру алаңдарын таңдауды негіздейтін материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен және көлемде мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарымен келісіледі.
228. ЯРЭҚ әкімшілігінің (жылына кемінде 1 рет) бұйрығымен мерзімді түрде ЯРЭҚ-тағы ядролық және (немесе) радиациялық қауіпсіздік жағдайын тексеру жөніндегі ішкі комиссия тағайындалады. Тексеру нәтижелері бойынша комиссияның Актісі жасалады және бекітіледі. Бекітілген актінің бір данасы есептік жылдан кейінгі 1 ақпаннан кешіктірілмей уәкілетті органға жіберіледі.
229. Пайдалануға беру кезінде мерзімді түрде (3 жылда кемінде 1 рет), сондай-ақ ЯРЭҚ-тың жобалық негіздерін қозғайтын қайта құру (жаңғырту) кезінде уәкілетті орган техникалық регламенттердің, қауіпсіздік ережелері мен нормалары талаптарының орындалуын бақылау бойынша тәуелсіз инспекцияларды жүргізеді.
7. ЯРЭҚ -ты пайдаланудан шығаруға қойылатын талаптар
230. ЯРЭҚ-ты пайдаланудан шығару уәкілетті органмен келісілген ЯРЭҚ әкімшілігі шешімінің негізінде және ЯРЭҚ-ты пайдаланудан шығарудың түпкілікті Жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.
231. ЯРЭҚ-ты пайдаланудан шығаруды жоспарлау кезінде жұмыс жүргізу кезеңдері радиоактивті материалдар ЯРЭҚ-та болатын сәтке дейін қауіпсіздік үшін маңызды жүйелер мен элементтердің сыртқы әсерлерден қорғау, бақылау және тіркеу жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететіндей болып белгіленуі қажет.
232. ЯРЭҚ-ты консервациялауды жүзеге асыру кезінде қорғаныш және басқа конструкциялардың, қауіпсіздік үшін маңызды жүйелер мен элементтердің беріктігін, олардың ұзақ мерзімге шыдамдылығын және ең жоғары деңгейдегі сыртқы әсерлерге төзімділігін сақтау қабілетін қамтамасыз ету, сондай-ақ, осы сипаттамаларды бақылау мүмкіндігі көзделуі қажет.
8. Техникалық регламентті қолданысқа енгізу мерзімдері
және шарттары
233. Осы Техникалық регламент алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап бір жыл өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.
234. Осы Техникалық регламент оның қолданысқа енгізілген сәтінен бастап қайта жобаланатын барлық ЯРЭҚ үшін қолданылуға міндетті.
235. Салынып жатқан, пайдаланудағы (оның ішінде жанғыртылып немесе қайта құрылып жатқан) ЯРЭҚ-тар құжаттамасы оның қолданысқа енгізілген сәтінен бастап бір жыл ішінде осы Техникалық регламенттің талаптарына сәйкес келтірілуге тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |