Жұмекен Нәжімеденов
Ақ деген не?
Қиянаттан, тепкіден
аман шыққан Ардың түсі деп білем.
Сәл кірлесе күймен жуып жанымды,
Алатауға — шыңға жайып кептірем
ақ бұлт
құсап желбіресе сонда әлгі,
жүрек аунап, жауар бұлттай толғанды.
Ақ дүние мәз-мейрам боп жатады.
Ақ дастархан,
ақ жаға,
ақ көңілдің
тек оп-оңай кірлейтіні — батады.
...Бір ақсақал ақ бата айтып қол жайды,
ақ батаны жолдас еттім жолға әйгі.
Ақ
көңіл деп мадақтадым досымды,
өйткені өзім ақ ойладым ол жайлы.
Ақ тілеуім — ақ дастархан боп шығып,
ақ нан ұстап келді маған тоқшылық.
Жырым — аппақ,
жырды жазар парақ та ақ,
көлеңкең де кейде ақ сынды... бәрі аппақ.
Аспан аппақ, ақ бұлттарын жинады,
ақ
шыңдарға аппақ жаңбыр құйды, әне.
Ақ нәрсенің бәрі әдемі, мені осы
ақтай қалған қағаз ғана қинады.
Фариза Оңғарсынова
Түстер
Болатын аппақ түстер көңіл ашар.
Жасыл түс – жасыл дүние төрін ашар.
Айбары
сескендірер еді жұртты
ұстаса қара дойыр қолына шал.
Қызыл түс қыздай еді жаудыраған,
бұл күнде басқа арнаға ауды ғалам:
ағы – ақ, қызылы да – қызыл емес,
қалмаған жан талғамы сау бір адам.
Мырсылдап келін жылап,
ана жасып,
бала жүр әкесімен жағаласып.
Дүние әлем-жәлем болып барады,
ақ жолақ, қара жолақ араласып.
Жақтырмай жасылды ма, қараны ма,
дүниенің іші-сырты ала-құла.
Алапес
тіршілікте бір сатыда
адамның жақсысы да, жаманы да.
Табиғат – алуан түсті асыл кілем,
аласыз әр түске де басымды ием.
Жалғанды жарқыратар түстер қайда:
ақ, қара, көк пен сары, жасыл, күрең?!