ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ
АҢ СТИЛІ
«Кеңістік - барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады»
Н.Ә.Назарбаев
Б.з.б 8 ғасырдан бастап Еуразия далалы аймақтар өңірінде аңдарды бейнелеу - аңдық стиль пайда болды. Оның негізгі тақырыбы - аңдарды және аңыздағы ғажайыптарды бейнелеу. "Аң стилі" өнері сәндік сипатта қолданылды. Әр түрлі бейнелермен қола қазандар, құрбандық заттары, қару-жарақтар, ат әбзелдері мен киімдер әшекейленді. Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас бөлшегі санаған.
Дала өркениетінің адамзат дамуына қосқан теңдессіз үлесінің бірі сақ бабаларымыздың қолынан шыққан аң стиліндегі жауһарлар болып табылады.
Аң стилімен апталаған б.з.д.VІІІ-VII ғасырлармен мерзімделетін Шілікті қорымы - профессор Ә.Т.Төлеубаевтың жетекшілігімен қазылған болатын. Шілікті қорымының Бәйгетөбе обасынан барлығы 4303 дана алтын заттар табылды. Оның 153 данасы мәліннің маскасы бейнесінде, 36 данасы бүркіт-самұрұқ, 20 данасы бұғылар, 39 данасы қасқыр (аю) түрінде, бір түйме-қаптырма бесжұлдыз, бір қаптырма арқар бейнесінде. Сол жәдігерлердің композицияға қойылған көшірмелеріне сипаттама бере кетейік.
Мәлін бейнесіндегі қаптырма. Бұл өзінің композициясы жағынан өте күрделі әшекей. Бұл затта үш тұрық, үш мағына бар. Әшекей алыстан қарағанда мәлін (мысық) тектес жыртқыштың бет бейнесін елестетеді. Ал енді әшекейге жақыннан үңіліп қараса оның бір-біріне тұмсығын түйістіріп, беті мен мүйізі анық көрініп тұрған екі таутекенің бейнесінен құралғандығын байқауға болады. Таутекелердің көзіне, тұмсығына, аузы мен құлағына көк ақық тас (бирюза) орнатылған. Ал енді осы құйма алтыннан жасалған әшекей затты бір қырынан қарасаңыз тура қалықтап ұшып келе жатқан алып құсты елестетеді. Бұл әшекей сақ-скиф өнер бұйымдарында бұрын соңды кездеспеген.
«Бұғылар» деп аталатын әшекейлер, құйма. Әшекейдің тінін екі бұғының мойыны, басы және мүйіздері құрайды. Екі бұғы мойынымен бір-бірімен жымдасып кеткен, бастары екі жаққа қарап тұр, бірақ тағы да өзара жымдасып қосылып кеткен мүйіздері бір композиция құрап тұр, бейне бір мәуелі талдың бұтақтары сияқты. Бұғылардың ауызы, мұрыны, құлағы көк ақық таспен безендірілген. Әшекейдің артқы жағында үш түймелігі бар. Бұған ұқсас, екі бұғының мүйіз түйістіріп тұрған бейнесіндегі алтын әшекей кезінде Жетісудан табылған Жалаулы көмбесінде кездескен.
Қасқыр түріндегі әшекейлер. Бұл әшекейде жыртқыш хайуанаттың шақалақ баласы бейнеленген. Көне заман зергері бұл бейнені жасап жатып нені ойлады екен?! Басы, тұмсығы жаңа ғана туған қасқырдың күшігінікіне ұқсайды. Ал енді жалпы денесінің бітімі, табаны, құйрығы аюдың қонжығына ұқсайды. Жалпы сақ-скифтердің бейнелеу өнерінде қасқыр мен аюдың бейнесін бір-біріне ұқсатып жасау, кейде осы екі жыртқыштың қасиеттерін ұштастыру кездесетін жағдай.
Қорытындылай келе, ұлан ғайыр Ұлы даланың көшпелілер өркениеті әлемдік өркениетке қосқан үлесі мен қалдырған мұрасы ұшан теңіз. Бүгінгі таңда ата-бабамыз қалдырып кеткен материалдық және рухани мәдениетті археологиялық және этнографиялық зерттеу мен сақтау өзекті мәселелердің бірі. Осындай игі бастамаларды бүгінгі таңда Археология, этнология және музеология кафедрасының ұжымы жыл сайын жазғы маусымда ғылыми экспедициялар мен жазғы мектептер ұйымдастыру арқылы жалғастыруда.
НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА РАХМЕТ!
Author - aoni
Достарыңызбен бөлісу: |