МҰхтар әуезов туралы сөЗ Ғабит Мүсірепов



Дата25.01.2017
өлшемі269,29 Kb.
#8124
МҰХТАР ӘУЕЗОВ ТУРАЛЫ СӨЗ

Ғабит Мүсірепов

Бүгін біз ауыр қайғының үстіндеміз. Көп ұлтты совет әдебиеті үшін, ардақты ұлынан, асқар белінен айрылған қазақ халқы үшін бүгінгі күн – қаралы күн, азалы күн!

Бүгін барлық совет жазушыларының көздерінен сорғалаған жастарынан көрі азалы жүректерін жарып шыққан жалыны басым.

Айтпасыңа амал қайсы, бүгін біз, дүние жүзілік аты бар, еңбекші момын елімізді дүниеге танытқан, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің әр саласында ортан қазығы болып келген атақты жазушымыз, мыңдаған шәкірті бар ұстазымыз, ірі ғалым педагог, белгілі қоғам қайраткері – Мұхтар Омарханұлы Әуезовке хош айтқалы келіп тұрмыз. Біз үшін бұдан артық ауыр сөз, бұдан артық айтпаса дерлік сөз жоқ еді! Осы тұрған бәріңіз үшін де бүгін бұдан ауыр сөз болмасқа керек.

Амал қайсы, ой тереңі, сөз шебері Мұхтарды қажыр-қайратының толысып тұрған шағында, осы заманның ең бір сұм дерті – рак ортамыздан жұлып әкетті. Елін, жұртын, ой еңбегін сүйе білетін үлкен жүрек өмірге, еліне, осы тұрған бәріңізге амалсыз хош деді, құрғыр осы бір сөзді бұрын айтты. Біз де амалсыз соны қайталаймыз.

Үлкен эпопея – «Абай» романына көрсеткен партиямыз бен Совет үкіметінің сый-құрметінен кейін, Мемлекеттік сыйлыққа жалғастыра Лениндік сыйлық берілгеннен кейін, атақты жазушымыз осы заманның эпопеясын жазуды арман еткен еді. Кең серпінді, сала-сала толғауды сүйетін өрен жүйрік соңғы екі-үш жылдың ішінде социалистік өміріміздің өзекті сұрауларын көркем ойдың таразысынан өткізіп алу үшін өндіріс орындарын, ауыл шаруашылық аудандарын, еңбек қауымын көп аралап еді. Қаламы қолына, қағаз үстінде еді, терең ойы толғану үстінде еді. Шексіз бір өкініш сол – күтпеген дерт мұқалмаған қаламды берік қолдан жұлып әкетті.

Бұдан былай біздің арамыздан бәріміздің ерекше қадірлейтін ардақтымызды көре алмайсыздар. Ол қазірдің өзінде ортамызда тұрған жоқ, міне алдымызда жатыр.

Бүгін қазақ әдебиеті көлденең бір жұтқа ұрынғандай. Басқа мадақтарын қоспай-ақ, Мұхтар Әуезов дегенде ғана аузымыз толмаушы ма еді? Ойымыз да лық толатын. Бұл Мұхтар енді жоқ арамызда. Сағынар кезіміз, іздер кезіміз, жоқтар кезіміз аз болмас, таба алмаспыз бірақ.

«Ат тұяғын тай басар» дейтін ескі нақыл көркемөнер дүниесіне заң емес. Бір жазушының орнын екінші жазушы баса алмайды, әрбір жазушы өз орнында бағалы. Бұдан былай қақ ортамызда ойылып қалған Мұхтардың орнын өзінен қалған асыл мұрасы ғана толтырады. Мұхтар бізге орнын қалдырған жоқ, Мұхтардай мол, құлашты еңбектер жазу борышын қалдырды, орнын жоқтатпау парызын қалдырды.

Әдетке кірген сөзді айтпасаң амал жоқ: хош бол, Мұхтар, баладай нәзік жан, көркемөнердің өзіндей қатал сыншы, әділ жан! Үлкен аға! Еркелеткеніңізді де сағынармыз, ұрысқаныңызды да сағынармыз. Бар бейнең көз алдымызда болар.

Бетке ұстасақ – беделің қандай еді, арқаға ұстасақ – панаң қандай еді! Оны ешкім ұмыта алмас!

Қазақстанның жазушылары сенің ардақты атыңды ең таза жүректерінде сақтар! Сенің қалдырған асыл мұраңды өзіңдей құрметтеп, көп қолмен көтере алар!

Хош бол, Мұхтар! Сенің биік мұнараң жалғыз Қазақстаннан емес, барлық совет халықтарының биік қырқаларынан көрініп тұрар. Сенің ең биік мұнараң – еңбегің дүние жүзіне түгел тараған. Өзіне-өзі жол салған атақты еңбегін, бұдан былай да тарай бермек.

Өмір – күнде той емес, өкпелеткен, ренжіткен кезіміз болса, онымызды үлкен өкінішпен еске аламыз: еске алған сайын үлкен рухыңнан кешірім сұраймыз. Көркем сөздің ұстасы, сенімен хоштасу үшін бұл ойлар таяз, бұл сөздер бояусыз, әрине. Бірақ біз сенін, жер құшағына тапсырылар тәніңмен ғана қоштасып тұрмыз, жанын, мен рухың бізде қалады, ең қасиеттеп ұстар мұрамыз – сол, оған шаң жұқтырмаспыз. Ең қасиетті борышымыз сол болар. Көп боп табар ойымыз болса, көп боп көтерер сол борышымызға салармыз. Сенің орныңды сөзбен емес, іспен жоқтатпауға тырысармыз. Бұл уәдені анттай берік ұстармыз!

Хош бол, ардақты аға, атақты сөз шебері! Хош!..

1961 жыл.



Валентина Әуезова 72-73 б.б.

1926 жылдың күзінде біз өз тағдырымызды қосуға бел байладық. Мұхтар Омарханұлы мені алдағы уақытта не күтіп тұрғанын ескертуді өзіне парыз санаса керек, маған біраз жайларды түсіндіріп берді. Соның ішінде есімде қалғаны, Семей қаласында жол-жөнекей жолыққан бір балгердің өзіне бал ашып бергені, өзінің алдағы өмірінің қалай өтетіні туралы әңгімесі. Сол балгердің аты-жөнін, болмаса оған қалай кездескенін Мұхтар Омарханұлынан сүрап алмағаныма әлі де өкінемін. Әлгі балгер әдеттегідей алақандағы сызықтар арқылы емес, Мұхтар Омарханұлына харпі таныс емес бір кітаптағы жазу арқылы болашағын болжап беріпті. Мұхтар Омарханұлы көзін сәл кысыңқырап тұрып: «Оның айтуынша мен өте, тіпті асқан атақты адам болады екенмін», - деді. Көріпкел оған: 3 рет некеге отырасың, үйленгеннен соң үш жылдан кейін үшінші әйелің дүниеден қайтады немесе мәңгілік айырыласың. Бұл сенің соңғы үйленуің болады, бұдан кейін қайтып үйленбейсің. Сен 56 жаста жарық дүниемен қоштасасың және туғаныңнан бастап үш рет тәніңе пышақ тиеді-міс» - депті. Мен Мұхтарға: «Мүмкін менің пешенеме өмірің қысқа болсын деп жазылған шығар. Соңдықтан да қалған өмірімізді бірге өткізейік» - дедім.

Алайда осының барлығы соқыр сенімге негізделген наным мен ырым сияқты көрінгенімен, көріпкелдің меңзеген мерзімдері біздің тіршілігіміздің қиын да күрделі кезеңдеріне түп-тура келіп отырды. Үш жыл бірге тұрғаннан кейін ол тұтқынға алынды да мен Мұхтар Омарханұлының өмірінен ысырылып қала бердім, көз жаздырып кеттім, 1953 жылы тура елу алты жасқа келді... Міне, сол 1954 жылы маған жазған хатының бір үзіндісі мынау: «Бәлкім, сен сезіп те жүреген боларсың. Өміріміздің өткен қиын белестерінде, әділетсіз жазаға ұшыраған жылдарда мен сен үшін қатты толқыдым. Сені қайғыға батырып, балаларыммен бірге қаражатсыз қалдырмас үшін мың өліп, мың тірілуге бармын. Әйтеуір шейіт боп кеткенше сендерге біраз талғажау болатын қаражат қалдырып, алаңсыз өтсем деп тілеп едім» - депті онда. Мұны еске алып отырған себебім, сол бір жылдардан кейін әлгі көріпкелдің айтқандары туралы ешқашан да екеуара әңгімелесіп көрмесек те, сәуегейдің сөзі Мұхтар Омарханұлының ойынан кетпепті. Өйткені Мәскеуге аттанып бара жатып ол маған: «Бұл менің соңғы операциям, менің үшінші рет «пышаққа түсуім» - деді. Ол өзіне жасалған операцияларды санап жүріпті: Семейде соқырішекке жасатты, одан кейін Мәскеудегі Рыжих жасаған операция, енді міне, үшінші және ең соңғы операцияға тәуекел етіп, өзінше ырымдап отыр. Ол мұны әлдебір көтеріңкі көңілмен, бейне бір ауыр жүктен құтылып жеңілдеп қалған адам сияқты боп әзілдей айтты. Мұның соңының қайғыға әкеп соқтыратынын кім болжап білді дейсің, әлдебір кесірлі дерттің алдын алатын сақтық операциясы деп түсіндік қой, оны ешкім де қауіпті қадам деп ойлаған жоқ. Ал оның өзі болса гой: бұл менің соңғы рет «пышаққа ілінуім», ал содан кейін қауіп-қатерсіз тамаша өмір сүремін деп есептеп, ерекше қуанып жүрді.

Есмағамбет Ысмайылов 147-149 б.б.

1961 жылы май айында Мұхаң сырқаттанып, ауруханада жатты. Температурасы жоқ, дені сау сияқты. Сырқат болса да жаңадан ашылған әдебиет және өнер институтының жұмысымен шұғылданып жатты. Күн сайын М. Базарбаевты, Е. Лизунованы, мені, тағы басқа жолдастарды ауруханаға шақырып, ақыл-кеңес айтып, тынымсыз жұмыс істеумен болды.

Сол кезде Мұхаң жатқан ауруханада ақын Жұмағали Саин да жатыр екен. Оның ауруы күннен күнге меңдеп, халі ауырлай берді. Мұхаң өз сырқаты жайына қалып, күніне әлденеше рет әр жерге телефон соғып, бас дәрігерге жолығып, қайткенде де Жұмағалидың халін жеңілдетуге зер салды.

«Өзіңіз де сырқатсыз ғой», - дегенімде: «Бәлі, Жұмағалиға қарағанда мен сау адаммын ғой, түрегеліп жүрмін, бір жұмадан кейін Москваға барып емделіп, ар жағында Англияға ұшып кеткелі отырмын, мені не қыласың, Жұмағали жарымжан ғой, артта әлі жетіп үлгермеген балалары қалып барады» - деп барлық жанашырлық қамқорлығын айтып отырды.

Мұхаң майдың аяқ кезінде ауруханадан шықты. Екі-үш күннен кейін өзінің сырқаты туралы дәрігерлердің қорытындысы айтылды. Мен сол кешінде үйінде болып едім, Мұхаң көңілсіз екен. «Ұлтабарда бір нәрсе бар екен, айтуларына қарағанда өзі сүйел сияқты, соны Кремль ауруханасында емделіп жазу керек немесе операция жасап алдыртып тастау қажет көрінеді» - дегенді айтты. Осы сырқаттың артында үлкен зіл жатқандығы да, осыған өзі іштей қынжылатындығы да Мұхаңның әрбір сөзінен байқалып отырды.

«Операциясыз емделуге болмаса па екен? - дегенімізде, Мұхаң осы сөзді ауырлағандай қабағын шытып, «Поливтің арты жаман ауруға, дертті ісікке соқтыру қаупі және бар. Мен оны да сезем, асқындырып алғанша, тәуекел қылып, несіне болсын шыдап баққан мақұл», - деді. Үзілді-кесілді айтты.

Емделме, операция жасама деп ақыл айтарлық жер емес. Бұл – дәрігерлердің және өзінің кесіп-пішкен байламы. Көркем шығарма тағдыры сөз болса, дауласып бір нәрсе айтар едік. Ал мына жайға келгенде дағдарып отырып қалдық.

Майдың 28 күні Жұмағали қайтыс болды. Мұхаң қабырғасы қайыса қатты жылады... Бір жағынан Жұмағали өліміне қайғырып, әсіресе, оның семьясына жаны ашып күйінетін болса, екінші жағынан, іштей өз сырқатының жайын да ойланғаны байқалғандай еді. Жұмағалидың жабдығына жұмсалсын деп Мұхаң мен арқылы бірталай қаражат беріп жатып: «Біздің семьямыз дәл Жұмағали семьясындай жетімдік көрмес-ау» - деп күрсінді. «Біз» деген сөзінен көңілім тағы да бір секем алғандай боп түршігіп қалдым.

Артынша Мұхаң Мәскеуге жүруге дайындалып жатты. Дәл жүрер күні Зейін Шашкиннің «Теміртау» романын менен сұрап, бірге ала кетті. Ең соңғы хаты осы романға арналғандығы жұртшылыққа аян. Июньнің 3-күні Мұхаңды аэродромға шығарып салып, қоштасып қала бердік. Біздің Мұхаңды ақырғы көруіміз еді бұл. Одан кейін екі рет хат жазысып, бір рет телефонмен сөйлесіп хал-жәйін білдім. 18 июнь күні ауруханадан жазған хатын 22-күні алдым. Мен осы хатты алғаннан кейін қатты ойландым, қоштасып отыр ма, өсиет айтып отыр ма? Мен тағы да хат жаздым, екі рет жазып, екі рет жыртып тастадым, ақыры хатты Москваға бара жатқан жұбайы Валентина Николаевнадан беріп жібердім, осы хат Мұхаңа июньнің 25 күні табыс етіліпті. Хат ашылып оқылған, бірақ ешбір белгі жоқ...
Зоя Кедрина 128 б.

Мұхтар Омарханұлы өзінің қонақта болған өмірінің ең соңғы күнін біздің үйде өткізіп еді-ау. Онымен бірге азербайжан жазушылары Сүлейман Рагимов пен Мехти Гусейн және Дүниежүзі әдебиеті институты директорының орынбасары Арфо Аветисовна Петросян мен қазақ ақыны Әбділда Тәжібаев болды.

Бұл Мұхтар Омарханұлы ауруханаға жатуға тиісті күннің алдыңдағы ғана күн еді. Кейін ауруханаға сол барған сапарынан оралмады ғой.

Мұхтар Москваға емделуге келеді дегенді бір күн бұрын естіп қатты қобалжулы едік. Өйткені, онын ауруының түрі жөніндегі көңілсіз күдіктерді біз білетінбіз-ді. Әйтсе де, Внуково аэродромында күтіп алғандағы, қонақ үйінде бірге болған күніміздегі оның жайма-шуақ күйі бәріміздің де көңілімізді жай таптырғандай болды. Қонақ үйінде көп адам жиналды, көнілді отырыс болып, жақсы-жақсы тостар айтылды. Мұхтар Омарханұлы жеп-ішіп, әзіл айтып, өте көңілді отырды.

Дегенмен, бұл күні оның өңінде әлденендей бір толғаныс көлеңкесі бар тәрізді еді. Азербайжан достарымыздың үйімізде бірінші рет болуы еді де, Мұхтар оларға біздің үйді таныстырып отырғандай болды. Ол арамызда талай жылдан бері келе жатқан творчестволық достық туралы, біздің семьямыз жайлы, өзбек пен қазақ дос-жарандарымыз жөнінде, сондай-ақ біздің баяғыдан-ақ «Москвадағы тобықты әулетінен» екендігіміз жайында әзіл, күлдіргі аралас көп әңгіме айтып отырды. Біз ас үйге барғанымызда Мұхтар өзінің әдетте келген сайын дастарқан басында отыратын орнына отырмай, оны азербайжан жолдастардың ішіндегі жасы үлкені Сүлеймен Рагимовқа ұсынды.

- Мен осы үйде бұл орында көп жыл бойы отырып келдім, - деді.



Шапақ Шөкин 289-293 б.б.

...1944-жылдың қаңтарында Өзбекстан Республикасы өзінің құрылғанының 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Соған байланысты Өзбек Академиясы салтанатты сессиясын өткізбек болды, оған басқалармен бірге ҒА-сы қазақ филиалының делегациясы да шақырылды. Делегация құрамында филиалдың қоғамдық ғылым жөніндегі вице-төрағасы С, жазушы М. Әуезов пен мені енгізді. Мұқаң С.-тен кеп үлкен болатын. С. сырт көзге делегация жетекшісі еді. Бірақ, Әуезовтің ғылыми топтағы орасан зор беделіне, оның Шығыста кеңінен танымал екеніне және шебердің жасына қарап, мен біздің топқа жазушының жетекші болуы табиғи нәрсе ғой деп есептедім. С. болмысында мазаң кісітұғын, ашуланған сәтінде қарауындағылардың бетіне қарамайтын. Өз басым онымен ерегесуден именуші едім. Онымен есептесуін есептесетінмін, бірақ Сәтбаев оны өз қасында ұстап жүргесін, оның жұрттың бәріне бірдей ақыл айтқысы келетін көкіректігін сырттай ғана көрмегенсіп жүре беретінмін. Оның бізбен баратынын білгенде ішімді тартып ала қойдым. Мұқаңның бұрын тұтқынға түскені, көп алдында қателерін мойындағаны, азап-машақатпен қайтып оралғаны бартұғын. Сосын мен С.-тың қит етсе, өзгеге саяси қатені жамай қоятынын ескеріп, вице-төраға бұрынғы тұтқынға әлде қалай қарайды деп мазасыздана бастады.

Вокзалға біз жүк машинасымен келдік. Жолдың жартысынан өтпей жатып, грузовик сілейіп тұрып қалды. Сол қыста жайсыз суық болды. Шофер бұзылған бөлшекті тапқанша қол-аяғымыз қатып қалды. Сол арада мен үйден медициналық спирт құйып ала шыққан флажкімді суырдым. Қабағы түксие қалған С. жымиып сала берді. Мұқтар Омарханұлы да күлімсіреді. Ыстақаншамен бірер жұтып алғасын, бәріміз көңілденіп вокзалға да жеттік. Билет алуға Филиал іс басқарушысының орынбасары кетті де, біз үшеуміз вокзал ресторанының столына барып отырдық. Билетке кеткен кісі келгенге дейін әп-әдемі отырғанбыз. Ол келісімен адам жеркенетін бір жәйт басталды да кетті. Орынбасардың қолында жалпы вагонге екі билет, үшіншісі – плацкарттық билет бар еді. Мұқаң әзілдеген болып, орынбасардың қолынан плацкарт билетті алды. Со замат С.-тің бет-аузы шиқандай қызарып, боқтап-боралай жөнелді. Мұқаңның естімеген сөзі қалмады. «Ұлтшыл» дегенді де, «алашорданың құйыршығы», «контра» дегенді де есітті. С. бажылдап, сөз қоқысын бүрқырата берді. Сабазы-май, Мұқаң ләм деп сыр бермеді. Ол жанарын С. төбесінен асырып, әлдеқайда қарап тұрды. Мен бұған шыдамай, жаным шырқырап, вице-төрағаға: «Жұрттан ұятты! Қойыңыз!» - дедім. Жанжалқой бәлекет жуыр маңда тоқтамады. Ол, мен вокзал кезекшісіне барып, екінші билетті оған плацкартқа айырбастап әкелемін, деп жүре бергенімде барып, жазушыға тіл тигізуін тоқтатты. Бірақ, одан кейін де әлгі шіркін дағдылы даусымен тағы да бір сағаттай тентектік жасаған бала сияқтандырып, Мұқаңа зіркілдеуін қоймады.

Ташкент вокзалында мені шөбере інім Бекіш Насыров қарсы алды. Бекіш ол кезде Өзбекстан Орталық Комитетінің малшаруашылығы жөніндегі хатшысы болатын. Менің жол серіктеріммен жылы амандасқан ол бәрімізді үйіне шақырды. Алайда, сессияға шақыру хатында көрсеткеніндей, бізді Өзбек Академиясының адамдары қарсы алуға тиістұғын. Бірақ, вокзалға Академиядан ешкім келмеді. Бірақ, мен туысқанымның шакыруынан бастарттым: салтанат иелері біздерді «өкпелеп, бір жаққа кетіп қалған екен» деп ойлап қалуы мүмкін, ал мінезін өзім жақсы білетін өзбектер мұны көңіліне мықтап алуы ғажап емес. Мен Өзбек Академиясы Президенті Қараниязовтың үйіне телефон соқтым. Оның ыңғайсызданып қалғаны сезілді. Ол біздің келетінімізден мүлде бейхабар болып шықты. Сыпайы кешірім өтініп, ол вокзалда аз ғана тоса тұруымызды сұрады.

Өзбек Академиясы Іс басқармасының қызметкерімен арнайы келген машина бізді алып, «Ташкент» қонақжайына апарды. Ташкентте күн Алматыдан гөрі жылылау екен. Науаи театрынын қарсы бетінен қоныс тепкен мейманхана көркімен көз тартады. Дәліздерінде – «кремльдік алашалар», холлдарында – қаптаулы креслолар, мәрмәр клумбалар. Бірақ, нөмірге кірісімен абдырап, сасып қалдық. Терезе әйнектері ойылып қалыпты, терезе алдын қар басқан. Академиядан келген кісі дәйекші әйелмен бірге терезе саңлауларын шүберек тығып жаба бастады. Бірақ, бұл өлікті ұшықтаумен бірдей нәрсе еді. Бөлме іші қақап тұр. Біз тіпті шешінбедік те. Мұхаңның жүйкесінің жұқарғаны сезілді. Жайлы-күйлі орынды ұнататын қаламгер: «Сұрапыл соғыстың түрі анау, сосын тыл да құлазып қалды ғой» деген жуып-шайма сөзге құлақ аспады. Ол кешкі астан бастартып, шамаданын алды да, бізді тастап кетіп қалды. Арада бір жарым сағат өткен шамада ол кісі туысқанының үйіне тоқтағанын білдіріп; телефон шалды. Мен иығымды көтердім. Әркімнің өз еркі. С. тағы бүлінді: «Жасап жүргенін қарашы! Тағы бір буржуй табылыпты!» - деп күңкілдеді. Мұқаңның атына талай боқтық тағы ағытылды. Әуезовтің ауыз бірлікті бұзып кеткені менің де көңіліме келді. Бағана, вокзал басыңда, інімнің шақыруын қабылдамай тастағаным арқылы мен қарабасымды күйттемейтінімді сездіргім келген. Бірақ, ортан қолдай аға жолдасты мына кісінің аузы көпіріп тілдеуін тыңдағым келмей, нөмірден шығып кеттім.

Бір күннен кейін ел иелері бізді Орташыршық ауданының бір ұжымшарыңда қонақ болып қайтуға шақырды. Уақыт қиындығына қарамай, ұжымшар төрағасы бізге қой сойды. Палау, ішімдік бәрі болды. С. ащы суды алыңқырап, Мұхтар Омарханұлына тағы тиісе бастады. Вице-төрағаның арақтан жүрек айнырлықтай болып құтырынып кеткені сондай, былапыт сөздерді бората жөнелгенде Алматы вокзалыңдағы қалпынан асып түсті. Мұқаң ұрысуды мүлде білмейді екен, мен оны сол арада ғана білдім. Ол тек: «Маған айтқандарыңның бәрін толығынан өзіңе қайтардым», - деді де қойды.

Мұхтар Омарханұлының сондағы ұстамдылығын есіме аламындағы, бүгін отырып, ұлы жазушыға «Абай жолын» жазудың неге тұрғанын ойлап толғанамын. Қызылкөз қара дүрсіндер тіпті ығынан да жүре алмайтын дәрежеге жеткенше, ол әлгіндей қорлық сөздерді тек жалғыз С.-тен ғана естіп қоймаған шығар. Осынау шебердің өзіне қарсы әлсін-әлі әдейі ұйымдастырылатын моральдік террор әрекеттеріне қатты күйзелетінін жақсы білуші едім. Соған қарамастан, өз қандастарының ішінен тап бүгінгі күнге дейін ешқайсысы көтере алмайтын ауыр жүкті тек соның өзі ғана көтерді. Ал жазушылар көңіл күйін сәт сайын өзгертіп отыратын кінәратшыл халық қой. Соның бәрін қалай айта берерсің...

Оның мінез-құлқының өзіме ұнамайтын жағы да болды. Оның өсек-аяңға тез сенетінін, әдеби усойқылар жетегінде кетіп қалатын кездерін де білетінмін. Ал, бірақ, жас дарынды демеуге келгенде алдына жан салмайтын, қаламдас жас түлектерден мерей көтеретін мейрімді сөзін де, жүрегінің жылуын да аямайтын. Жомарт жанды, қолы ашық ағамыз серілерше тұрмыс кешуді жақсы көретін. Оның Мәскеу мейманханасындағы нөміріне халық көп келіп, өнегелі сөз, әзіл-оспақ, күлкі, тостар ұдайы естіліп жатушы еді.

...Алпыс бірінші жылы Мәскеуде ғылыми қызметкерлердің бүкілодақтық кеңесі өтті. Мұқаң Кунцевода, қала сыртындағы Кремль ауруханасында жатты. Келесі күні біз, Қаныш Имантайұлы екеуміз, жазушының көңілін сұрауға бардық. Аурухананың жылжымалы қақпасы тек үкімет «шағалаларына» ғана ашылады екен. Біздің қара ГАЗ-21 пропуск бюросының алдына келіп тоқтады. Сәтбаев депутаттық кітапшасын көрсетті, күзетші оған тәжім етіп, кіргізіп жіберді, мен машина қасында академикті күтіп қалдым. Темір қораның ішінде қарағай орманы шулайды, аурухана корпусының биік үйлері қалың ағаштан көрінбейді, «Кремлевка» орасан зор аумақты алып жатыр. Күзетші менің қасыма келді. Сөйлестік. Милицияның жасамыстау келген отставкадағы офицері осынау жауапты қора қосындағы қызметіне разы сияқты. Қақпа алдындағы аллеядан Қаныш Имантайұлының қарасы көрінгенше, ол маған Кремль ауруханасының жоғары мәртебелі пациенттерінің өмірі жөнінен көп нәрсені айтып үлгірді. Сәтбаев Әуезовтің хал-жағдайын тәуір деген бір сөзбен жеткізді.

1961 жылғы маусымның екінші жартысында «Мәскеу» мейманжайындағы нөмірімде кешқұрым телефон шылдырады. Телефон соққан тұрақты өкіл Бақытжан Ысқақов екен. Ол Мұқаңның қайтыс болғанын алғашқылардың бірі етіп маған хабарлады. Мен дереу Сәтбаевпен сөйлестім. Қайғылы хабар республикаға тез тарады. Астанаға бірінші бірінші болып самолетпен жазушылардың дос-жарандары ұшып келді. Мұстафиннің, Мүсірепов пен Мұқанавтың келгені есімде... Қырымда санаторийде жатқан жерінен Әбділда Тәжібаев ұшып келді. Сәбит қатты қайғырды. Бұл кісінің марқұм Мүқаңмен көп шекісіп қала беретінін бәріміз де білетінбіз. Орны толмас қаза Сәбит ағаның жанын шошытып, көзіне жас алдырды. Ол қатты қамығып, мұны күнілгері білсем етті... деп қайта-қайта айта берді, Валентина Николаевна, Ләйла Мұхтарқызы, Мұрат Әуезовтер есімде қалыпты. Кіші ұлы Ернар кешігіп жатты. Ол неге екені белгісіз Мәскеуге пойызбен жүріп кеткен.

Жазушы ғұмырының соңғы сағаттарының егжей-тегжейі бірден белгілі болды. Оның асқазанындағы сүйелді кесіп тастайды. Бұл онша күрделі операция емес. Бірақ, күтім жағына тікелей жауап беретін кісі тағайындалмайды, жанашыр жақындарынан да басы-қасында тірі жан болмайды. Мұқаң ұйқыдан оянбайды. Алматыға келгесін Александр Николаевич Сызгановтың: «Егер осы операцияны осында үйде жасаған болсақ, Мұхтар Омарханұлы тірі қалар еді», - дегенін ұмытқан жоқпын. Мәскеуде оның жүрегін анестезияға әзірлемейді, ал оның әбден тозған жүрек-тамырлар жүйесі жағдайында операцияның аяғы немен бітетіні мамандарға айқын еді. «Әлбетте, сүйелді алып тастау кейін, бір кездері өзін бәрібір білдірер еді», - деп қосып қойды Александр Николаевич. – Бірақ, тап сол сәтте жүрек жарамай қалады».

Мен отызыншы және қырық төртінші жылдардағы Ташкентті есіме түсірдім. Ал өзім көріп-білмеген талай-талай өкінішті жәйттар оның жан-жүрегін неше рет жаралады екен. Таңғажайып кітаптарының беттерінде халқының қасыреті мен намысы, ар-ұжданы ақиқат шындық болып құйылуы үшін жазушы жүрегі қанша дауасыз дертке шыдауы керек екен?..



Әбу Сәрсенбаев 353-354 б.б.

23 маусым, 1961 жыл. «Москва» қонақ үйі. Кешке Алматыға оралмақпыз. Сәске кезінде телефон соғылды. Зейнолла Қабдолов екен. Дауысында бір абыржу бар тәрізді. «Әбеке, ертең Мұхаңа операция жасалмақ. Барып шыға көріңіз. Біздің шәкірттік сәлемімізді тапсырыңыз. Ақ тілеуіміздің өз үстіңде екенін жеткізіңіз».

Жаңбыр сабалап құйып тұрған-ды. Дереу такси шақыртып, Кунцовоға жөнелдім. Бұрын барып кермеген жерім болатын. Машинаны қорған ішіне кіргізбейді екен. Қалың жаңбыр астында сұрастыра жүріп, Мұхаң жатқан корпусты таптым. Операция алдында керекті дайындық жасалатын он үшінші бөлмеге орналастырылған екен. Оң қабырғадағы бүктемелі биік кроватьта Мұхаң отыр.

Мен малмандай су болып кіре бергенімде, Мұхаң қуаныш рай білдіріп, мейірлене жымиды. «Бәлі, жаурап қалдың ғой, салқын тиіп жүрмегей. Сүртінші». Қол орамалымды алып, шашымды, бетімді құрғаттым. «Ау, қайдан жүрсің, менің мұнда екенімді, қайдан білдің?» Зейнолланың телефон соққанын айтып, шәкірттерінің сәлем, тілектерін тапсырдым.

«Рахмет! Айналайындар-ай... Сен, Әбу, айт оларға. Үрейленбесін. Қорқынышты емес, жәй бір әншейін полип... Бәрі де сәтті болады...» Басымды шұлғимын. «Аузыңызға май, сәтті болғай. Бәрі де сәтті болады... Бар тілек сізге арналған». Мұхаң өңінен сырқат белгісін, қабағынан уайым көлеңкесін аңғартпай, жадыраңқы, көңілді отыр. Осылар сырқатымды сұрап, мазалай ма дегендей, бізге кезек берместен өзі ғана сөйлейді. Бірде емхана дәрігерлерін мақтаса, бірде осында емделіп жатқан шет елдің қайраткерлерін әңгімелейді. Солардың ішінде Италия, Франция компартиясының көрнекті жетекшілері бар екен. Мұхаң әлгі адамдармен достасып алса керек. Тілмәшсіз-ақ сырласатын тәрізді. «Оларға ешкім келмейді ғой. Ал маған ағыл-тегіл. Өзіме сыйлаған гүлдің талайын соларға апарып беремін. Әбден мәз болып, көңілдері көтеріліп қалады. Шіркін, көңілге не жетсін!»

Мұхаң бір сәтке әңгімесін тоқтатып қозғалақтап қойды. Биік кроватьта еденге тимей салбырап отырғандықтан аяғы ұйыды ма екен, сәл төмен жылжып, табанын еденге басты.

Мұхаң бөгелмей сөйлеп отыр. Өзгеміз тыңдаушымыз, бізге уайым аңғартпау, тіпті өз көңілінде де уайым дарытпаудың амалы.

Сағатқа жуық отырыппын.



Ғазиза Бисенова 439 б.

Қазақ интеллигенциясының, әдеби қауымның ағасындай болған Мұқанның бір жаққа сапарға шығуы мен қайтып оралуының өзі үлкен той болатын. Мұндайда Мұқаң үйіне шығарып салушылар мен тосып алушылар толып кететін-ді.

Міне, жолдас-жоралары, достары, туған-туыстары, шәкірттері тағы да Мұқаң үйіне жиналды. Бұл жолы ол емделуге Москваға жүргелі отыр. Кісінің соншалық көп жиналғанына риза болды ма, әлде көпшіліктің өзіне деген жақсы тілегін, ниетін ырым етті ме, кім білсін, әйтеуір Мұқаң ерекше көңілді болды. Ол ауру жайын ауызға да алғысы келмеді. Бұрынғысынша әңгіме-дүкен құрып, күліп-ойнап жарқын отырды.

Сөйтіп, кешкен елдей улап-шулап оншақты машинамен аэропортқа да жеттік. Самолеттің ұшуына әлі біраз бар. Ортада Мұқаң, айнала көпшілік. Тағы да тамаша әңгіме, тағы да жақсы тілек. Ақыры әз аға көпшілікпен қоштасып, самолетке отырды. Мұқаңды шығарып салушылар «ИЛ-18» ұшқанша тарамады. Ақыры самолет те көтеріле жөнелді. Мұқаң мінген самолет бірден-бірге биіктей берді, биіктей берді. Самолет емес, Мұқаңның өзі бірден-бірге жоғарылап, әуелеп бара жатқан сияқты. Ия, Мұқаң кашан да аспандай береді, биіктен-биікке шырқай береді!



Николай Анов 119-120 б.б.

1961 жылдың июнь айында Қазақстан Советтік Социалистік Республикасының қырық жылдығын тойлап жатты. Мерекелік салтанатқа қатысу үшін Алматыға Леонид Соболев те келген болатын. Республиканың Жазушылар одағы 27 июньде оның келу құрметіне шағын ғана арнаулы банкет ұйымдастырған еді. Бәріміз де сонда отырғанбыз. Ал, Мұхтар Омарханұлы бұл кезде Москвада болатын. Оған күрделі операция жасалмақшы.

Әдетте, мұндай банкеттерде болатыны сияқты, әралуан сөздер сөйленіп, тост көтеріліп жатты. Менің қатарымда жас жазушы Әнуар Әлімжанов бар. Ол жүзі боп-боз болып, өз-өзінен ренжіп, еш нәрсе де ішпей-жемей отырды. Бір уақта ол сәл еңкейді де, менің құлағыма сыбырлап:

- Мен енді бүдан әрі шыдай алар емеспін, - деді. Біз мұнда суырылып сөйлеп, рахаттанып арақ ішіп, мәз-мейрам боп отырмыз, ал Мұхтар Әуезовтің енді бізге жоқтығы ешкімнің де қаперіне кіріп-шығар емес.

- Жоғы қалай?

- Операция қайғылы аяқталыпты.

Әнуардың «өлді» деген үрейлі сөзді айтуға аузы бармай тұрғаны бірден-ақ белгілі болды. Көзі жасаурап, тілі күрмеле берді.

- Олай болса, мына жүртқа айту керек қой.

- Ия, айтқан дұрыс шығар. Мен «Литературная газетаның» редакциясына телефон соғып сөйлесіп едім, олар некролог бергелі жатыр екен.

Әлдекім тост көтертердегі көңілді сөздерін аяқтады, жұрт жапырлап бокалдардан шарап ішісті. Әнуар қинала орнынан тұрды да, жыларман боп тұрып, қайғылы хабарды естіртті. Жұрт құлаққа ұрғандай тым-тырыс. Әуезов өлімі бәрін де есеңгіретіп тастағандай. Әлдекім Мұхтар Омарханұлының әдебиеттегі орны мен ролін айтып сөйлемекші болып еді, оны ешкім тыңдай қойған жоқ. Мұхтарды жақсы білетін, жүрекпен сүйетін жазушылардың бәрі де жабырқаңқы жүзбен, жасты көзбен үйді-үйіне тарай берді...

Мен үйге қарай әдейі айналма жолмен жүріп келемін.

Әбдірахым Жаймұрзин 405-411 б.б.

«Абай» романы туралы әңгіменің аталмыш мәселеден әлдеқайда күрделі болатындығы.

«Абай» романы туралы «Казахстанская правданың» беттерінде жарияланған мақалар жөнінде өзіміздің көптеген жазушылармен әңгімелесіп, жеке пікірлерін сұрап көрдім. Олардың барлығы да ондағы мақалалармен келіспейтінін ашық айтты. Мен Орталық партия Комитетіне жазушылардың осы пікірлерін дұрыс деп білетінімді айтып, мұндай сыңаржақ, үстірт жазылған сындардын әдебиетке зияннан басқа пайдасы жоқ дедім. Содан біраз уақыт өткеннен кейін табан астынан «Казахстанская правданың» редакторы Никитин мен мені Орталық Комитеттің жабық бюросына шақырды. Бюрода екеуміз де өз пікірлерімізді айтып, біраз сайысқа түстік. Бюро ешқандай шешім қабылдамады. Екеуміздің де Орталық Комитеттің мүшесі екенімізді, оның алдыңда жауапты екенімізді ескертумен аяқтады.

Енді «Абай жолы» романын талқылау үшін оған әзірлік жұмысына кірісуге тура келді. Ол кезде Жазушылар одағында істейтін Сейітжан, Әнуар, Тайыр, Зейноллалармен пікір алысып, осыған бір жақсы баяндамашы табуды ойластырдық. Бұдан бұрын Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романын талқылаған тәжірибеміз бар болатын. Онда келешегінен өте үлкен үміт күттірген, әсіресе сол кездегі жас жазушылар ортасында абыройлы, инабатты Мұқан Иманжанов марқұм баяңдама жасап, жұртты қатты риза еткен еді. Енді тағы бір жаңа, соны баяндамашы іздестіруді ойластық. Көп кешіктірмей жолдастар Тахауи Ахтановқа тоқталық деген пікір айтты және оны маған келешегі мол, біздің әдебиеттің «жас перілерінін» бірінің өзі деп мінездеме берді. Бұл бағаның дұрыстығын кейін өмірдін өзі көрсетті ғой. Баяндамашы да, шығып сөйлеген жолдастар да романға жоғары баға беріп, оны біздің әдебиетіміздің биік шыңы деп бағалады.

Романды талқылау Қазақстан әдебиетшілерінің әдетте байқалып жүретін жікшілдікке, дөрекі социологиялық қисынсымақтарға еліктеушілікке қарсы тұра алатын бірлігі күшті қауым екендігін, оның шынайы әдебиет жетістіктерін бағалай да, қадірлей де білетіндігінің көрінісі болды. Қазақстан Орталық партия Комитеті талқылауды дұрыс, ойдағыдай өтті деп бағалады.

Бірақ... иә, бірақ Әдебиет саласында Мұхтар Әуезовтің айналасында күн сәулесі жарқырай түскенімен, оның ғылым саласындағы еңбектері төңірегіндегі түсінбеушілік орын ала бастады. Ол «Абайтану», «Абай мектептері» деген мәселелер төңірегінде өрбіді. Кейде Нұрышев, тағы басқалардың келеңсіз мақалалары жарыққа шығып та үлгірді. Осы мәселенің аяғы Мұқанды ҚазМу-ден сабақ беруден босатумен аяқталды ғой деймін. Менің бұл мәселе жөнінен білетінім: сол кезде оның Абайтану туралы оқыған лекцияларында ұлтшылдық сарын күшті деген пікір болатын. Орталық Комитетте бір рет осы мәселе сөз болғанда мен оның лекциясының текстісі бар ма, бар болса оны оқыған кім бар деп сұрағанымда, ешкім жауап бере алмады. Олай болса бұл бос сөз, сондықтан қатыспаймын деп кетіп қалғанмын.

Кейін бір кездескенде Мұқаңнан Абайтану туралы лекцияңыздың жазбашасы бар ма, болса маған оқуға бересіз бе деп сұрап едім, бар, берейін деді. Көп кешікпей машинкаға басылған 500-600 беттей мұқабаға түптелген лекция менің қолыма тиді. Мен оны асықпай оқып шықтым. Қолжазба маған өте қатты ұнады. Бұл нағыз ғылыми еңбек екен, Абай туралы мұндай ғылыми зерттеуді мен бұрын соңды оқып көргенім жоқ. Бұдан кейін Мұқаңды шақырып, қолжазбасын өзіне берерде оқып жүрген лекцияңыз осы ма, әлде бұдан басқа тағы бірдемелер бар ма деп күліп едім. Бұдан басқа не болушы еді деп өзі де күлді. Әлгі ұлтшыл деп айтып жүргендері осы болса, бос сөз екен дедім. Ал мұны неге баспаға беріп кітап етіп шығармайсыз дегенімде: ондай ойым бар еді, бірақ осындағы кейбір мәселелер жөнінде әртүрлі сөздер айтылып жүргесін, кідіртіп жүрмін деді. Баспаға даярлаңыз, егер Ғылым академиясының баспасы баспаса, біз басалық. Абай жазушыларға да, академияға да бірдей емес пе, дегенімде оның дұрыс екен, ойланайын деді. Бұл еңбек менен кейін жеке кітап болып шықты.

1953 жылы мен ҚКП Орталық Комитетінің алдына өзімді босатуды, жазушылар ұйымын басқаруды жазушылардың өздеріне беру туралы мәселе қойдым. Менің ұсынысым біраз талқылауда болып, ақыры келісуге бет бұрылды. Бірақ Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Ж. Шаяхметов жолдас өзіммен сөйлесіп, содан кейін пікірімді айтамын деп тоқтатып қойыпты. Көп кешікпей ол кісі мені қабылдады, тездетуге себеп болған мен Орталық Комитеттің бөлімдерінде сөз болғанда, Москваға оқуға сұранатынымды айтқан болатынмын. Соның мерзімі таянып қалған еді.

Шаяхметов жолдас оқуға барам дегеніне қарсылығым жоқ, бірақ оны Москва шешеді, арызыңды бере бер деді. Егер мәселе сенің пайдаңа шешілген жағдайда орныңа кімді ұсынатыныңды ойлан, сен Орталық Комитеттің мүшесісің оның алдында жауаптылығыңды ескер. Біз сені жазушылармен жақын танысып, ондағы жағдайды толығырақ анықтап білсін деп жібердік қой деді. Айтқаныңызды түсіндім, кейін шақырсаңыз пікірімді айтамын деп қоштасып шығып кеттім.

Бір айдан кейін Москвадан келісім болып, маған емтиханға даярлануға рұхсат берілді. Осы кезде, қазір еске түскенде күлкі келетін тағы бір уақиға болды. Кешке таман жұмыстан келіп үйде отыр едім. Машинадан түсіп жатқан екі таныс кісіні көзім шалып қалды, пәтерім бірінші қабатта болатын. Әлден кейін есік қағылды. Келгендер Әбділда Тәжібаев пен Ғабиден Мұстафин екен. Екі бірдей үлкен адамдардың келгеніне таңырқаңқырап қалдым. Амандасып отырғаннан кейін Ғабиден аға өзіне тән сабырлы, байсалдылықпен бір суық хабар естігендіктерін, соның шын-өтірігін өзіңнен білелік деп келіп отырмыз деді. Ол қандай хабар деп едім, ертең Мұхтар Москваға ұшқалы жатыр, билет алып қойды деді. Мен Мұқанның осыдан біраз бұрын Москваға барып қайтам-ау дегенін, онда МГУ-де қызым оқиды, соның жазғы демалысын қалай ұйымдастыруды қарастырайын деп едім, сосын өзімнің біраз шаруаларым бар еді деген. Мен оған барыңыз, қазір пәлендей күн тәртібіне қойылып тұрған мәселе жоқ қой дедім де, біраз желпініп алдық қой, сол жететін шығар, енді жұмыс істеу керек болар дегенмін, дедім. Ғабиден аға жоқ мәселе олай емес, Мұқаңды түрмеге жабайын деп жатыр деген лақап тарады, сол шын деседі, Мұқаң содан қатты шошынуда деді. Осының шын өтірігін сен білетін шығар деп, өз аузыңнан естігелі келіп отырмыз деді. Лақаптың, өсектің қандай оңғаны болушы еді, бірақ мынау бір шектен шыққаны болды.

- Бұл бекер, ондай нәрсе жоқ, ал бола қалғанда маған соқпай кетуі мүмкін емес, - деп келген конақтардың көңілдерін шақ-шақ бастым.

Ертеңіне қызметімді Орталық партия Комитетінен бастадым. Ондағы жолдастармен әртүрлі мәселелер жөнінде сөйлесіп, тамырларын басып көрсем, ондай жамандықтың еш белгісі сезілмейді, ал кеше болған уақиғаны айту маған да ұят. Жауапты басыңмен сондай сөзге мән беруің ұят емес пе десе не демекпін... Бұл лақап сонымен тамам болды, оның өтірік екеніне жұрттың барлығының көзі жетті ғой.

Менің бұл мақалада айтайын дегенім – Мұқаңның мұрасын зерттеушілердің есінде болатын, өзім ішінде болып көзіммен көрген бір жағдай. Менің бұл айтқандарымды білетін, ішінде болғандардан қазір біздің жақсы сыйлайтын, құрмет тұтатын ағамыз, халық жазушысы Әлжаппар Әбішев қана бар.

1953 жылдың май айында мен Орталық партия Комитетінің жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясына емтихан беруге Москваға бардым. Жазушылар одағы бастығы жұмысынан босанғаным жоқ. Егер емтихан беріп түссем, Жазушылар одағының пленумын шақырып, сонда босанатын болып келіскенбіз.

Алматыдан шығарда Москваға Жазушылар одағының қонақ үйінен номер сұрап телеграмма бергенмін. Келсем «Москва» қонақ үйінен номер даяр екен. Соған келіп тоқтадым. Таңертең тоғыздан аса бергенде телефон соғылды. Алсам Жазушылар одағынан екен, қазір К. Симонов жолдаспен сөйлесесіз деді. Амандасып, хал-жай сұрасқаннан кейін, мен оған емтихан тапсыруға келгенімді айтып, одаққа кейін келемін деп едім, жоқ сіз маған қазір керексіз, сондықтан алдымен бізге соғыңыз деді. Көп кешікпей К. Симоновтың хатшысы маған қандай номерлі машина кеткенін хабарлады.

Мен келгеннен кейін Симонов Қазақстан Жазушылар одағындағы хал-жағдайды сұрады. Мен қысқаша баяндап айтқаннан кейін өзінің мені неге шақырғанын айтып, бір кішкене парақ қағазды көрсетті. Онда Сурков пен Симонов жолдасқа мына Әуезовтің арызын секретариаттың кеңейтілген мәжілісінде қарап, содан кейін менің қолыммен Орталық партия Комитетіне хат даярлаңыздар деп тапсырыпты А. Фадеев жолдас. Сәрсенбі күніне секретариат мәжілісін шақырып отырмыз, соған сіздің қатысуыңыз қажет деді. Мен келістім. Келісілген мезгілге секретариат мүшелері мен шақырылған адамдар жиналды. Қазақстан Жазушылар одағынан Әуезов, Әбішев және мен болдым.

Секретариатты А. Сурков басқарды. Ол Әуезовтің Фадеевтің атына хат жазып, өзіне кейбір адамдардың ауыр-ауыр айып қоятынын, оның шындыққа жанаспайтынын, өзінің совет әдебиетіне шын ақ ниетімен қызмет істеп жүргенін, оған өзінің шығармаларының дәлел болатынын айтыпты. Өзінің атына тағылып жүрген орынсыз жалалардан қорғауды Жазушылар одағынан сұрапты. Секретариаттың осы мәселеге арналып отырғанын айтқаннан кейін, Сурков жолдас бірінші сөзді маған берді.

Мен он минут шамасында Қазақстан Жазушылар одағындағы жағдайды айтып, республиканың партия, үкімет орындарында да, Жазушылар одағында да Әуезов жөнінде жаман пікір жоқ екендігін, оны аса көрнекті совет жазушысы деп санайтынын айттым. Сонымен қатар кейбір адамдардың Әуезов жөнінде жаңсақ, біржакты теріс пікірлерінің барлығын, олардың кейде баспасөз беттерінде жарық көргенін де баяндадым. Ашық болмағанмен кейбір жазушылардың іштей оны қолдайтыны да жоқ емес дедім. Қазақстан жазушыларының бір мәжілісінде Сәбит Мұқанов алдында отырған Әуезовке көзінше оны «халық жауы Әуезов» дегенін, мен оның бұл сөзінің дұрыс еместігін айтып ескерту жасауға мәжбүр болғанымды да жасырғаным жоқ.

Бұдан кейін Сурков сөзді Әуезовке берді. Секретариатта Н. Тихонов, Л. Леонов, В. Кожевников, СССР Ғылым академиясындағы Әлем әдебиеті институты партия ұйымының хатшысы, ғылым кандидаты А. Петросян қатынасып отырды.

Мен Әуезовтің талай сөйлегенін де, жасаған баяндамаларын да тыңдаған адаммын. Бірақ оның мұндай көсіліп терең де тебірене сөйлегенін бірінші рет естідім. Сөзі 30-35 минутқа созылды, отырған жұрт ұйып, мейлінше зер салып тыңдады.

Мұқаң сөзін өзін Россия империясы отарының шеттегі түкпірінен шыққан қазақ халқының жас интеллигенциясы қатарына жатқызатынын айтты. Ұлы Октябрь революциясын олардың қуана қарсы алғанын, бірақ оны алғашында жете түсіне алмаушылықтың болғанын да айта келіп, біз бірнеше есіктерді қақтық, одан түрліше дүбір-дауыс естідік, кейбіреулер дұрыс есікке тап болып, дұрыс жолға түсті, ал кейбіреулері жаңсақ дүбірге ілесіп кетіп қателесті де деп күлді. Мен солардың бірімін деді де, әлеуметтік революция сияқты ұлы өзгерісті бірден түсіне қою оңайға түспейтін мәселе екендігі қайсымызға болса да түсінікті ғой. Шынымды айтсам, достарым-ау В. И. Лениндей көсемдерің бола тұрып, М. Горькийдей ұстаздарың бола тұрып, сіздер де сол кезде шатаспап па едіңіздер дегенде, жұрт ду күліп жіберді. Өмірде сөзге сараң Л. Леонов Н. Тихоновқа карай қолын нұсқап, соның біреуі міне алдыңызда отыр деп рахаттана күлді.

Бұдан кейін Мұқаң өзінің жазушылық жолына шолу жасады. Социалистік реализмге мен тура жолмен келгенім жок. Менің жолым соқпағы көп жол. Мен бір кезде романтизммен әуестендім. Шын мәнінде оны меңгергім келіп өзімнің жазушылық мүмкіншілігімді байқап бақтым, шынын айтқанда мен натурализмді де теріс көргенім жоқ дей келіп, жалпы жазушы өзінің творчествосында қандай жолмен жүруге де ерікті деп есептеймін деді де, бұл кезеңді өзінің жазушылық шеберлігін жетілдіре түсуге ұмтылу жолым деп білемін деді. Социалистік реализмнің теория жақтарында әлі де ойланатын проблемалар жеткілікті дей келіп, шын мәнінде социалистік реализмді жазушы өзінің шығармалары арқылы іске асыра алады, осыны бірден бір дұрыс жол деп есептеймін деді.

Мен өзімді социалистік реализм жолына шын ниетіммен келдім деп айта аламын. Оны мен қалай меңгере алдым, өз шығармаларымда іске асыра алдым ба, жоқ па, оған әділ төреші өздеріңсіңдер, соны ашық айтуларынды сұрар едім деді. Сіздерден сұрайтын бір-ақ тілегім бар – кемшіліктерімді жасырмай тура айтыңыздар, мен оған түк ренжімеймін деп барып тоқтады.

Мұқаңның сөзі аяқталган бойда А. Сурков орнынан атып тұрып (өзі өте бір шапшаң адам болатын) сөйлеп кеп кетті. Ең алдымен ол қазақ әдебиеті туысқан республикалар әдебиеттерінің ішінде ең жедел өсіп келе жатқан, келешегінен үлкен үміт күттіретін әдебиет екенін айтты. Қазір онда барлық жанрда өз қолтаңбасы бар шығармалар көптеп шыға бастады. Ең үлкен мақтаныш – ондағы қалыптасқан жазушы кадрлары. Бұл әдебиет бізге Жамбылды берді, Мұхтарды, Сәбитті, Ғабитті, Ғабиденді берді. Бұлардың аты одаққа ғана емес, шет елдерге де белгілі болып отыр. Біз мұндай әдебиетті кім көрінгеннің қолжаулығына бере алмаймыз, қазақ әдебиетінің кадрларын орынсыз қаралаудан, жаладан қорғау біздің азаматтық борышымыз деді.

Біздің бүгінгі мәжілісіміздің тақырыбы Мұхтар Омархановичтің хаты болғандықтан, бұл мәселе жөнінде комиссия құру дұрыс болар деп ойлаймын, қарсы болмасаңыздар оның құрамына мына жолдастардан болсын: бастығы Н. Тихонов, құрамы – К. Симонов, Л. Леонов, В. Кожевников, Ә. Жаймурзин, А. Петросян, М. Әуезовтің өзі кірсін деді.

Секретариат мәжілісінен кейін Н. Тихонов жолдас комиссия мүшелерін қалдырып қысқаша пікір алысты. Жаңа мен кішкене кешігіп келіп сөз сұрай алмай қалдым, сондықтан маған сөйлеуге рұхсат беріңіз деп Вадим Кожевников сөз алды. Ол өте қызу сөйледі. Ең алдымен «Знамя» журналы редакциясының Әуезовтің романын жариялау үстінде автормен бірігіп тізе қоса отырып істеген жүмыстарын баяндады. Алматыдан Әуезовті екі рет арнайы шақырып алып, істескен жұмыстарын талдап айта келіп, автордың редколлегия мүшелерінің ескертулеріне құлақ асып, шығармасын көп жөндегенін мәлімдеді. Роман жарияланғаннан кейін оқушылардан көп хат алғандарын, оның қашан жеке кітап болып шығуын күтуде екенін баяндады. Сөзінің аяғында, егер осы романда саяси қате бар дейтін болса, ұлтшылдық бар дейтін болса мен оған Әуезовпен бірдей жауаптымын, мені де ұлтшыл деулеріңе болады деп жұртты бір күлдіреді.



Комиссия мүшелері пікір алысқаннан кейін Тихонов жолдас Орталық Комитетке жазылатын хаттың жобасын жазуды Симонов пен Петросянга тапсыралық, келесі мәжілісте сол жоба айналасында сөйлесетін болалық деп қорытты.

Келесі мәжіліс «Литературная газетаның» редакторы Симонов жолдастың кабинетінде өтті. Хаттың жобасына комиссия мүшелерінің ұсыныстарын енгізгеннен кейін, хат толық кабылданып, секретариатқа берілсін деп келісілді. Секретариаттың бұдан кейінгі мәжілісін Симонов жолдас басқарып, хатты қабылдап, А. Фадеев жолдасқа қол қоюға жіберді.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет