Көмекші сөздер – түбір морфемасы бола тұра мүлдем лексикалық мағынасы жоқ, сөйлемде объективті өмірдегі ешбір затты, құбылысты, ешбір ұғымды атамайтын, кейде жеке өздері, кейде басқа морфемалармен бірлесіп, қандай да бір грамматикалық мағынаны білдіретін, яғни, сөз түрлендіруші тұлға қызметін атқаратын сөздер.
Тілімізде көмекші сөздердің үш түрі бары айтылып жүр. Олар – шылау, көмекші есім, көмекші етістік. Бұлардың қатарына ертеректердегі оқулықтарда күшейткіш үстеу деп көрсетіліп келген, асырмалы шырайдың көрсеткіші болып табылатын өте, аса, тым, ең, т.б. көмекші сөздерді қосуға болады. Сонымен қатар оныншы сөз табы ретінде көрсетіліп жүрген, субъективті модаль мағынасын білдіру үшін күрделі баяндауыш құрамында кездесетін (мысалы, баруы мүмкін, айтуы тиіс, айтқаның жөн) модаль сөздер де сөзге грамматикалық мағына үстейтін морфологиялық тұлға құрамында келетіндіктер көмекші сөздер қатарына жатады. Сөйтіп, көмекші сөздердің қатары беске дейін толығады.
Көмекші сөздер. Көмекші сөздердің түрлері – көмекші есім, көмекші етістік, шылау, асырмалы шырай тұлғалары және көмекші модаль сөздер бір-бірінен қандай белгілері арқылы ажыратылады?
Әдетте көмекші есім, көмекші етістік, шылау – үшеуін бір-бірінен ажыратуда олардың морфологиялық ерекшеліктері негіз болады.
Атап айтқанда, көмекші есімдер – зат есімнің (заттанған сөздің) жетегінде келетін, лексикалық мағынасы жоқ (немесе солғындаған), өзі тіркескен сөзге грамматикалық (мекендік) мағына жамап түрлендіретін, өзі зат есімше түрленетін (көптелетін, тәуелденетін, септелетін), өзі тіркескен зат есіммен тек тәуелдік жалғауы арқылы байланысып тұратын көмекші сөздер. Көмекші есімдердің морфологиялық ерекшелігі – зат есімше түрлену қабілеті – оларды бөлек сөз табы ретінде емес, атауыш сөздердің, зат есімдердің аясында қарастыруға негіз болған. Көмекші есімдер шығу төркіні жағынан зат есімдерге келіп тіреледі.
Толық мағыналы зат есімдерден олардың басқа зат есімдердің жетегінде келіп оған грамматикалық мағына үстеу үшін жұмсалу барысында лексикалық мағыналарынан айырылып, көмекші есімдер қалыптасқан.
Қазақ тіліндегі көмекші есімдер өте жиі қолданылғанмен, олардың саны аса көп емес. Қазіргі қазақ тіліндегі көмекші есімдер ретінде мына сөздерді көрсетуге болады: алд, арт, аст, үст, жан, жақ, қас, маң, маңай, тұс, іш, сырт, тыс, ара, қарсы, бой, шет, орта, соң.
Көмекші есімдер өзі тіркескен зат есімге (заттанған басқа сөздерге) тек мекендік мағына ғана үстейді. Сондай-ақ зат есім мен оған жетектелген көмекші есімнің құрамындағы морфологиялық тұлғалардың әрқайсысының өз қызметтері бар.