Белгілі әлеуметтанушы Питирим Сорокин (1889—1968 ж.ж.) - тегі орыс американдық социолог, 40-тан аса кітап, бірнеше жүз мақала жазған ірі ғалым. 1922-ші жылға дейін Ресейде тұрып, кейін Батыс Еуропа елдеріне эмиграцияға кетуге мәжбүр болды. АҚШ-та қызмет ете жүріп, эмпирикалық әлеуметтанудың зерттеу тақырыптары үлкен әлеуметтік мәселелерді қамти алмағанын байқап, оны өткір сынға ала бастады.
Оның көптеген ғылыми еңбектері халықаралық деңгейде мойындалған еді. Солардың арасында "Революция әлеуметтануы", "Қазіргі әлеуметтанулық, теориялар", "Әлеуметтік және мәдени мобильдік", төрт томдық іргелі шығарма: "Әлеуметтік және мәдени динамика" және т.б. бар. П. Сорокин әлеуметтануды теориялық және практикалық деп бөледі. Теориялық әлеуметтануды ол үш бөлімге: әлеуметтік аналитикаға, әлеуметтік механикаға, әлеуметтік генетикаға бөлді. Әлеуметтік аналитика әлеуметтік құбылыстың құрылымын және оның негізгі формаларын зерттейді.
Сорокин әлеуметтанудың құрылымын жасап, оны жалпы және арнаулы деп бөледі. Жалпы әлеуметтану әлеуметтік - мәдени құбылыстардың түрлерінің қасиеттері, қатынастары мен заңдылықтары жөніндегі теория, ол өзі тағы жалпы құрылымдық және жалпы динамикалық социологияға бөлінеді. Арнаулы әлеуметтануларға салалық жіктелуді көрсететін теорияларды - экономикалық, ауыл шаруашылық, соғыс, дін, отбасы, өнер және т.б. айтады. Әлеуметтану жинақтап қорытушы ғылым ретінде әлеуметтік - мәдени жүйені тұтастық деп қарайды.