Тақырыбы: «Ұлт мақтанышы-
Шоқыр Бөлтекұлы
РЕФЕРАТ
Шоқыр Бөлтекұлы
Сейдахмет Бердіқұловтың тілімен айтсақ Шоқыр Бөлтекұлы елімізге бокс қолғабын арқалап келген адам. ХХ ғасырдың қырқыншы жылдары осынау спорттың қанатын қақтырғанда Шоқыр Бөлтекұлы еді.
Бауырсаққа бір тою жазбаған ғұмыр.
Ол туралы әңгімелер аңыз секілді. Оны замандастары Шоқ деп атайды екен. Шынында да оның өмірі қып-қызыл шоқ… Шоқыр Бөлтекұлы! Басқасын қайдам, былғары қолғап киген қазақ баласы үшін бұл – пірлі есім… Сонау 1916 жылы Маңғыстаудың Жармыш ауылының маңындағы Сарқауақ деген жерді қоныстанған балықшы Бөлтек дүниеге келген баласының атын Шоқыр деп қойды. Тұмсығы тасқа тимей қайтпайтын бекіре тұқымдас балықты білесіз бе? Атына заты сай – Бөлтекұлы Шоқыр қараша күз туа жарық дүниенің есігін ашыпты.
Оның балалық шағы қазақ тарихының ең бір азалы да, азапты тұсы. Отызыншы жылдардағы ашаршылықпен арпалыса жүріп, Форт-Шевченко қаласындағы жетімдер үйіне қабылданып, ер жетті. Шоқырдың жасы он алтыға толған жылы Алматыда дене тәрбиесi техникумы ашылады. Ол 1939 жылы аталған оқу орнын бітірген соң, екі жыл Кеңес армиясы құрамында Сібір әскери округінде әскери борышын өтейді. Өзі де жетімкөкірек өскеннен бе, қай жерде жүрсе де қараусыз, қамқорсыз қалған көшенің қаратабан тентектерін, бағусыз қалып, базар жағалағандарды маңдайынан сипап, ізіне ертіпті. Шәкірт жинап, оларды әуесқой боксқа баулуды 1936 жылы бастапты. Сол кездегі алғашқы құрылған «ТЕМП» спорт қоғамының қабырғасында қазақ баласы былғары қолғапты тұңғыш киіп, үйрене бастады. Кейін бұл спорт «Динамо», «Спартак», «Медик», Қарағандыдағы «Көмірші» секілді қоғамдарға ұласып, кең етек жая бастайды.
Шоқыр өзінің жетекшілігімен 1937 жылы бокстан Алматы қаласының ресми біріншілігін ұйымдастырады. Оған 50 спортшы қатысқан. Қазақ боксы қаз тұрған шағында сұрапыл соғыс өрті тұтанды. Шоқыр секілді азаматты қан майданнан қақпаласаң да тоқтата алмайсың, өйткені ер азамат үшін отан қорғаудан асқан парыз жоқ. Бөлтекұлының соғыстағы жауынгерлік өмірі арнайы зерттеуді қажет етеді. Өйткені, бейбіт күндегі тағдырының беймәлім тұстары көп тұлғаның соғыстағы сәттерін сурылып айтып беретін кісі таппайсың. Өзі секілді артында жоқтаушысы жоқ, жетімдер үйінен шыққан жетімектерден өлімге даярланған арнайы тобы құрылыпты. “Әкем сол топта болған”, – деп еске алады, бүгінде Шоқыр атамыздың қызы Тоты.
«Жиырма жеті адам болдық. Жау шабуылға шыққан кезде біздерге кейін қайтуға рұқсат жоқ деген бұйрық болды. Талықсып барып есімді жинасам, қасымдағы татар жолдасым ғана қалыпты. Оның да екі аяғы бірдей жараланған. Сүйрей жөнелдім. Ол маған, мені таста қайтесің, өзің құтыл десе де тастамадым. Өйткені ол менің аман қалған күнде де өзімнің жау қолына түспей, антымды бұзбай келгенімнің жалғыз куәсі еді. Күртік қардың астын қазып алып, талдың тамырын талғажау қылып екі күн шыдадық. Біздің топты осындай жағдайларға алдын ала мықтап дайындаған болатын, соның арқасында аман қалдық». Бұл әңгімені әкемнің өз аузынан естіп едім. Соғыс туралы тіс жарып әңгіме қылмаушы еді. Өйткені, әкемді соғыстан кейін күдіктенген болу керек, көп тексеріпті. “Тегің неге Бөлтекұлы?” – деп тиісетіндері де сол кезде. Сонда әкем: “Бөлтектен тудым, сондықтан Бөлтекұлымын”, – деп жауап беріпті. Әкемді тексергендер: «Ағайын-тумаң бар ма?» – деп сұраса, ол: «Ешкімім жоқ, жалғызбын, жетіммін», – деп қысқа қайыратын. Ал, әкемнің Серікқали деген ағасы соғыста қайтқанын, Арзу деген апасы болғанын білетін біздерге «ешкімім жоқ деп айтыңдар» деп үйрететін. Сөйтсем, кейінгі жерде ағайын-тумаға зияным тиеді деп қауіп еткен екен ғой», – дейді Тоты Шоқырқызы.
Сірә, Шоқ атамыздың өлімге бас тіккен арнайы топта болғаны рас болу керек. Өйткені, оның урду-хинди, парсы, неміс секілді өзінің ана тілінен басқа бес тілге жетік болғандығын немен түсіндіруге болады? Шоқырдың ерекше феномен тұлға екендігін енді естіп жатырмыз емес пе? Оның осындай полиглоттық қабілетінен басқа кәсіби қылқалам шебері болғандығын да біреу білсе, біреу білмейді. Ол соғыстан кейінгі жылдары Киев көркемсурет академиясын және Киевтің дене тәрбиесі институын үздік аяқтайды. Талантты спортшы өз халқының шығармашыл-зиялы қауымымен тығыз араласып тұрған. Бір кездері Бейімбет Майлиннің татар халқының талантты ұлы Ғабдолла Тоқайды бейнелеуге Шоқыр ағамызды ғана қолай көруі Бөлтекұлының суретшілік деңгейінің биіктігін көрсетсе керек. Ол салған Мұхтар Әуезов, Шәкен Айманов, Шара Жиенқұлова секілді қазақтың әдебиеті мен өнерінің талантты тұлғаларының портреттері қазір біреулердің жеке коллекциясында көрінеді. Тіпті, бір кездері Шоқырдың «Қазақфильмнің» суретшісі болып қызмет еткенін де көбі ұмытып қалған. Өкінішке қарай Шоқыр салған дүниелерді сақтап қалу кейінгі ұрпақ үшін қиынға соғыпты. Қазір атамыздың артындағы мұрасына иелік етіп отырған қызы Тотының қолында бір шеті жыртылған Шоқырдың өз қолымен салған тамаша шығармасы бар. Онда қаратүнекті жамылып, жапандағы жалғыз үйді тастап кетіп бара жатқан үшеудің бейнесі бар. Үлкені бойжеткен қыз бала, қолында жөргектегі сәби, соңында ес біліп қалған інісі. Сонау ашаршылық жылдары қарашешектен қайтқан әке-шешесін көміп, Сарқауақтағы жалғыз үйді тастап, басы ауған жаққа бауырларын құшақтаған күйі жөнелген апасы Арзу сәби Шоқырдың санасында осылай қалыпты.Мәскеу үшін болған қанды шайқаста жарақат алған Шоқыр елге оралуға мәжбүр болады. Денсаулығы қалпына келісімен жаттықтырушылық жұмысын жалғастырады. 1946 жылы “Спартак” қоғамы бойынша бокстан КСРО чемпионы атанып, қазақ жастары арасында бiрiншi болып спорт шеберi деген дәрежеге жеттi. Шоқыр ағамыздың басшылығымен сол жылдан бастап қаланың, республиканың, Орта Азияның ресми чемпионаттары өткізіле бастады. 1947 жылы Мәскеуде өткен КСРО біріншілігіне Қазақстанның құрама командасы тұңғыш рет қатысып, Махмұт Омаров қола жүлдегер атанған екен.
Оның соғыстан соң репрессияға ұшыраған Густав Кирштейн, Дәулеткерей Молаев секілді жаттықтырушылармен тізе қосып тер төккен тұсы да осы шақ. Шоқыр бапкерлік ете жүріп өзі де былғары қолғабын киіп тұруды ұмытпаған. 1947 жылы «Динамо» біріншілігінің финалисі, 3-дүркін Қазақ ССР-ның чемпионы болыпты.
Бұрынғы Масаншы мен Жамбыл көшелерінің қиылысындағы үш қабатты әртістер үйінің бір бөлмелі пәтерінде қоңырқай ғана тірлік кешу – шоқтығы биік Шоқырдың қанағатшылдығы мен қарапайымдылығын қатар көрсетеді. Кең үй сұрап, біреудің алдына баруды ар санапты. Болмаса Дінмұхамед Қонаевтың есігін батыр Бәукең екеуінен басқа ешкім ресми рұқсатсыз, қақпай кіре алмаса керек. Айсұлу мен Ақтотыдай қос гүлі дүниеге келген тар ошақтың құны ол үшін басқадан қымбат тұрған. Ал, өзінің адал жары, халқымыздың тұңғыш кәсіби балерина-бишісі Нұрсұлу Тапалова туралы әңгіме өз алдына бөлек тақырып. Шоқырдың шаңырағы біреулер үшін көзге ілігер жасау-жиһазы жоқ, қаланың тар қуыс үйі болса, қазақтың сол кездегі зиялы қауымы үшін шат-шадыман қуанышқа толы небір базарлы күндердің куәсі. Шығыстың Заремасы атанған Нұрсұлуға ән арнаған сазгер де, Шоқырмен елінің шоқтығын көтерген ақын да, бәрі-бәрі осы бір бөлмелі пәтердің тұрақты қонақтары. “Біздің үйде Ғарифолла Құрманғалиевтің ән шырқағандары есімде қалыпты”, – дейді Тоты Шоқырқызы. Шоқырдың боксқа сіңірген еңбегін бағалаған бір кісі «Шоқа, мынаны мініп жүріңізші», – деп астындағы су жаңа мотоциклін ұсыныпты. Әлгі азаматтың қолынан кілтті алған бойда Шоқыр бұларға көзі жыпылықтап қарап тұрған қазақтың бір қарагөз жеткіншегін «әй, бала, бері кел» – деп, шақырып алыпты да, мотоциклдің кілтін ұстата салыпты. Әлгі жомарт мырза да, түсіне де кірмейтін мотоциклді олжалаған бала да есі шығып тұрғанда Шоқаң жаяу аяңдап ұзап кетіпті.
Батыр Бәукең, Бауыржан Момышұлының өзі: «Екі-ақ нағыз қазақ бармыз, бірі – мен, бірі – Шоқыр», – дейді екен. Қылышынан қан тамған қырқыншы жылдары өз тегін «ов» емес, «ұлы» деп жаздырған екі қазақтың соғыстан соңғы жылдары бір-бірімен аралас-құралас өмір сүргенін білетіндер бар болу керек. Қызы Тотының айтуынша, екі «ұлы қазақ» Алматының көшесімен таяқтарын қолына алып келе жатқанда көшенің тентегі мен телісі тақ тұрады екен. «Екі жынды қазақ келе жатыр, сақ болыңдар», – деп бір-біріне белгі бермесе, олардың көшедегі бейбастақ, қулық-сұмдық әрекеттерін байқап қалатын екеуі тырағайлатып қуа жөнеледі екен әлгілерді. Кейін дүниеден озған соң да қазақтың екі ұлына қатар топырақ бұйырыпты.
Шоқырдың жерлесі атану мақтаныштан бұрын жауапкершілік жүктесе керек. Оның әкесі Бөлтектің моласы қазіргі Жармыш ауылының тұсындағы таудың биігінде тұр. Бүгінде Маңғыстауда қазақ боксының атасы атанған жерлесіміздің есімін еске алуға арналған бокстан ересектер арасындағы халықаралық турнир ұйымдастыру ізгі дәстүрге айналып келеді. Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе кентіндегі үлкен спорт кешені де Шоқыр Бөлтекұлының атында. Атақ-беделге, дүние мүлікке Құдай берген таланты мен өнерін саудалай алмаған Шоқыр Бөлтекұлы мен оның зайыбы Нұрсұлу Тапалованың есімін ендігі ұрпақ қалай ұлықтаса да жеткіліксіз болмақ.
Шоқ… Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылдың 6 сәуірінде 78 жасында дүниеден озды. Арада 4 жыл өткенде зайыбы Нұрсұлу Елубайқызы да қайтпас сапарға аттанды. Бірі қазақтың тұңғыш боксшысы, бірі тұңғыш кәсіби балет бишісі, бірі тұңғыш спорт шебері, бірі ҚазақССР-нің еңбек сіңірген әртісі, бірі Қазақ-ССР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «қос тұңғыш» туған елінің топырағында байыз тапты. Екеуі де Кеңсайда жерленген. Айтушылар, екеуінің де басына мардымды белгі қойылмаған дейді. Шіркін, Маңғыстаудың тасынан қиып тұрып, бір-бір құлпытас қадар ма еді бастарына?! Шоқырдың бір бөлмелі пәтерінің жиі меймандарының бірі – Мұқан Төлебаев. Аллаға шүкір, ол кісі бұл күнде Алматының бір көшесін иеленіп отыр. Шоқыр атамыздың ең болмаса табанын аудармай қоныстанған құтты шаңырағы «Әртістер үйіне» бір тақтайша ілу де ешкімнің ойына келмепті.
Шоқыр атамыздың артында қалған қос қызы Айсұлу мен Ақтоты, жиендері Бауыржан мен Санжар аман болғай. Жақсының орны ғой. Қызы Тоты дәл қазір Маңғыстауда жүр. Бір жағы ағайын-туманы аралап, сәті келгенде әкесінің атындағы үлкен халықаралық бәсекеге қатыспақшы. Екіншіден – әкесінің аманатын орындау. Қызына жазған өсиетінде: «Бала күнімде балықшыларға еріп, Сұлтан Үпі деген әулиенің басына жиі баратынбыз. Қасиетті жер еді, аяғың жетсе, барып дұға қыларсың», – депті. «Әкем айтқан әулиенің басын көзімнің жасын тия алмай, жылап жүріп зияраттадым», – дейді ол. Шоқыр атамыз және бір өсиетінде: «Қызым, ақ бауырсаққа бір тою жазбаған өмір болды менікі. Әйтсе де, оған өкінбеймін, халыққа пайдалы бір іс тындыра алмадым, өкінішім сол…» – деп жазып кетіпті.
Бауыржан Момышұлы мен Шоқыр Бөлтекұлы
Совет үкіметінің күйіп тұрған шағында ноқтаға басы сыймаған деп дәріптелетін екі ұлы тұлға бар: Бауыржан Момышұлы мен Шоқыр Бөлтекұлы Алғашқысы – Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, Совет Одағының Батыры, көрнекті жазушы, стратег-тактик. Екіншісі де Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, қазақ боксының королі, ҚазССР үш дүркін чемпионы, қазақтан шыққан тұңғыш ССРО спорт шебері. Бірін-бірі қатты қадірлеген, құрметтеп, мойындаған ардақты қос азамат туралы, олардың өміріндегі ұқсастықтар, үндестіктер жайлы фактілерді тізіп көрдік. Ескерте кетейік: бұл – салыстыру емес, ұлылардың өмірі қалай үндесетініне барлау ғана.
Достарыңызбен бөлісу: |