Реферат Тақырыбы: БӨЖ 10 «Қазақстандағы санақ деректері бойынша этнодемографиялық өзгерістер»



Дата08.02.2022
өлшемі33,76 Kb.
#123489
түріРеферат
Байланысты:
БӨЖ 10
Ацетилхолин, брадикинин, гистамин дамытады

Алматы технологиялық университеті

Реферат

Тақырыбы: БӨЖ 10 «Қазақстандағы санақ деректері бойынша этнодемографиялық өзгерістер».


Дайындаған:Тоқбаева Айша
БӨЖ 10 «Қазақстандағы санақ деректері бойынша этнодемографиялық өзгерістер».
Қазақ халқының Ресейге бодан бол­ғаннан бергі этнодемографиялық тарихи жолын негізінде ірі-ірі үш дәуірге бөлуге болады. Біріншісі ХVІІІ ғасырдың 30-жылдарынан 1917 ж. дейін; бұл Қазақ­станның Ресейдің отары, қазақтардың этно­демографиялық дамуы отарлық-миграция­лық (соның ішінде қоныстандыру) саяса­тының ықпалында болған дәуір. Сырттан келген көші-қонның, әсіресе Столыпиннің аграрлық саясаты өрістеген, сонымен бірге қазақтардың арасында табиғи өсім төмен, әртүрлі эпидемиялар, жұқпалы аурулар, жұттар көп болған кезең. Осының бәрінің нәтижесінде қазақтардың саны түрлі өзге­рістерге ұшырап, Қазан революциясына дейін өз елінде үлесі едәуір (90%) болға­ны­мен, ХХ ғасырдың екінші онжылдығы соңын­да, аймақтардың тұрғындарының әлі де жартысынан көбі (58,7%) болған, яғни Оңтүстік, Батыс және Орталық аймақтарда қазақтардың басымдығы сақталған, Сол­түстік және Шығыс аймақтарда славян, басқа этнос өкілдері көпшілікке айнала бастаған кезең.
Екіншісі, 1917-1991 жылдар, яғни Кеңес заманы. Бұл қазақтардың талай ашаршы­лық­ты (1918, 1921 және 1931-1933 жылда­ры), қуғын-сүргінді, зорлық-зомбылықты көрген, ұлттық дәстүрлер мен тілге нұқсан келген, әліппенің үш рет өзгерген, сырттан көші-қонның ірі-ірі толқындары елдегі демографиялық ахуалды күрт өзгерткен және тағы басқа да келеңсіз жағдайлардың салдарынан қазақ ұлтының өзі ата қоны­сында азшылыққа айналған тұс. Бұл дәуірді екі үлкен кезеңге бөлуге болады: 1-кезең 1917-1959 жылдар - қазақтардың өз елінде 58,7%-дан,28,9%- ға түскен кезеңі; 2-кезең - 1959-1991 жылдар, қазақтардың біртіндеп үлесі өскенімен (40%), әлі де келімсектерден гөрі аз болған кезең.
Үшінші дәуір - 1991-2009 жылдар, қазақ­тардың өз елінде біртіндеп, көпші­лікке айналуы. Бұл дәуірді де екі кезеңге бөлуге болады: 1-кезең - 1991-1999 жылдар - қазақтардың үлесі республика халқының жартысынан асқан кезең (40%-дан 53,4%-ға жеткен кезең); 2-кезең - 1999-2009 жылдар - қазақтардың өз елінде басым көпшілікке айнала бастаған (53,4%-дан 63,7%-ға дейін өскен) кезеңі. Бұл кезең енді ғана басталды, әрі қарай жалғаса береді.
Енді қазақ халқының этнодемогра­фия­лық даму белестеріне сай, еліміздегі болған көші-қон кезеңдерін байланыстыра оты­рып, ұлтымыздың саны мен құрамын, қыс­қаша болса да, қарастырып өтейік.
Егемен ел болғанымыздан кейін, мың өліп, мың тірілген қазақ халқы дербес дамуға мүмкіндік алып, алыс-жақынын тү­гендеп, Отан туы астына жинала бастады. 2009 жылғы Қазақстандағы халық санағы бойынша, сол жылдың басында өз еліміздегі қазақтардың саны 10 млн.-нан асып түсті. Ал осыдан бірер жыл бұрын шетелдердегі отандастарымыздың саны 5,5 млн.-дай деген дерек болған-ды. Осыған байланысты қа­зіргі таңда қазақтардың жалпы саны (өз еліміздегілер мен шетелдегілерді қоса

есептегенде) 15,5-16 млн. деп айтуға толық мүм­кіндік бар. Бұл қазақ ұлтының көп ғасырлар бойы, талай демографиялық апат­тарды бастан кеше отырып, егемендік жағ­дайында өз еліндегі халықтың көпшілігіне айналуы еді.


Қазақ ұлтының өткен көп ғасырлық тарихи жолына көз салсақ, оның саны мен құрамының ірі-ірі саяси-әлеуметтік және экономикалық бетбұрыстарға байланысты жиі және күрделі өзгерістерге ұшырағанын байқаймыз. Бұл жағдай әсіресе ХХ ғасыр­дың екінші жартысына дейін көптен-көп белгілі оқиғалар арқылы көзге түседі.
Орыстың көрнекті ғалымы А.И. Левшин (1797-1879) ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы статисти­калық мәліметтерді талдай келіп, Ресей империясындағы қазақтардың жалпы саны (көрсетілген кезеңде) 2,5 млн.-нан 3 млн.-ға дейін деген болжам айтқан екен. Ғалымның өзі айтқандай, ол заманда қазақтардың арасында санақ ісін жүргізудің қиындық­тарымен қатар, санақ қорытындыларының толық және дұрыс болмайтындығы да рас еді. Сонымен бірге Ұлы жүзде 100 мың үй, Орта жүзде - 210 мың үй, ал Кіші жүзде - 190 мың үй деп санап, әр үйде орта есеппен 5 не­месе 6 адам болады дей келіп, соның қорытындысында 2,5-3,0 млн. болады деген болжамның түптеп келгенде, көптеу екенін айта кеткен жөн. Әр үй басына 6 адамнан келеді деген қорытындының өзі нақты емес екенін айтпағанның өзінде, белгілі ғалым­дардың бұл мезгілден кейінгі қазақтардың жалпы саны туралы пікірлері біздің бұл айтқанымызды растай түседі.
Е.Бекмаханов 1947 жылы шыққан «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» деген монографиясында ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарында Кіші жүзде 100 мың үй (бес адамнан) - 500 мың адам, Орта жүзде 116,5 мың үй - төрт адамнан - 468 мың адам, Ұлы жүзде 95 мың үй - 550 мың адам бол­ған деп көрсеткен-ді. Яғни, барлық қазақ­тардың саны 1млн. 518 мың болып шығады. Өкі­нішке орай, Е.Бекмаханов үш жүздің қазақ­тарының санын анықтағанымен, олар­дың жалпы санын қорытындыламаған, бұған біздің ойымызша, статистикалық мәлімет­тердің шынайы, нақты болмауына қоса, әр үйде кейде 4, кейде 5, немесе 6 адам деп санағанның өзі де әсер еткен болуы керек деп ойлаймыз. Н.Бекмаханова ХІХ ғасыр­дың 60-жылдарында Қазақстан мен Қыр­ғыз­стан және шекаралас аумақ­тарда 1млн. 643,4 мың қазақ және 353,1 мың қырғыздар мекен етсе, ХІХ ғасырдың 70-жылдарында 2.416,5 мың қазақ және 542,5 мың қырғыз болды, деп жазады.
Әкелі-балалы Бекмахановтардың бұл тұ­жырымдары нақтылы деректерге сүйеніп (салық үшін жүргізілген киіз үй (кибитка) есебіне) негізделгендіктен, шындыққа жа­қын деп санауға болады. Себебі, киіз үй есебі әр ауыл, болыс және уезд (дистанция) бойынша мұқият жүргізілетін, есептен қаш­қандар мен оны бұзғандар қатты жаза­ланатын. ХІХ ғасырдың 60-70 жылдары отарлық биліктің қазақтарға киіз үй есебі арқылы салық салу ісін едәуір жолға қоя алғанын ескерсек, бұл болжамның дұрыс­тығы күшейе түседі. Дегенмен, жоғарыда көрсетілген қазақтар саны негізінде (әр киіз үйге не 4, 5, не 6 жан басынан келеді деген) болжамға жақын екенін баса айтқанымыз жөн.

Алғашқы, нақтылыққа бір табан жақын, қазақтардың жалпы саны, жастық, жыныс­тық құрамы, білім деңгейі (негізінде сауат­тылығы туралы), әлеуметтік жағдайы, діні, тілі, туған жерінде тұрғандығы және т.б.құнды мәліметтерді 1897 жылы 28 қаңтар­да жүргізілген Ресей империясы хал­қының бірінші жалпы санағынан ғана ала аламыз. Бұл санақтың нәтижесі бойынша, Ресейдегі қазақтар, ана тіліне қарай бөл­генде, 4.084,1 мың адам еді, оның 53,3%-ы - ерлер, 46,7%-ы әйелдер болды. Қазіргі Қазақстан Рес­публи­ка­сы аумағында қазақ­тар­дың 3392,7 мыңы өмір сүріп, Ресейдегі қазақ­тардың 83,0%-дан аста­мы осында шо­ғыр­лан­ған-ды. Н.­Бек­маха­нова­ның мәліметтері бо­йынша, Ресейдегі қа­зақ­тардың саны 1916 жылы 4678,8 мыңға жетіп, сол жылғы қазақ­тар­дың патшаға қарсы көтерлісінен кейін, яғ­ни 1917 жылы 4061,3 мыңға түскен.


Н.Бекмаханова­ның бұл нақтылы деректерге сүйенген тұжы­рым­дарымен қабат, Ә. Бө­кейхан және М. Ты­нышбаев сияқты ұлт көшбасшыларының осы мәселеде өз бол­жамдары болғанын айта кеткен жөн. Мы­салы, Ә.Бөкейхан «об­лыстық шолулардың» мәліметтеріне сүйене отырып, 1908 жылы Ресейде 4,999,6 мың, ал 1913 жылы 5 млн. 64 мың (Жетісу об­лысындағы қыр­ғыз­дар­ды қоса есептегенде) қазақ болған, - деп жазған-ды. Ал М.­Ты­нышбаев (өз деректерін көрсетпей-ақ) бү­кіл әлемде 1917 жылы 6,3 млн.-нан астам қа­зақ болды, оның 5,480 млн. Кеңес одағында, 450 мыңы Қытайда, 100 мыңға жуығы Ау­ғанстанда тұрады, - деп болжаған-ды. Дегенмен, бұл пікірдің дерек көздері белгісіз болғандықтан, әлі де болса нақтылап зерттей түсуді қажет етеді.
Әрине, 1916 жылғы көтерілісті қанға бөктіріп басып-жаншу, сол жылы тылдағы жұмысқа алынғандар арасындағы өлім-жітім, азамат соғысы, 1918 және 1921 жылдардағы ашаршылық, өлімнің көбейіп, туудың азаюы және т.б. келеңсіз жағ­дайлардың салдарынан, көбісі көшпелі, со­ның нәтижесінде денсаулық сақтау жағынан қорғансыз қазақ ұлтының көп шығынға ұшырағаны да тарихтан белгілі. Міне, сондықтан 1926 жылы Бүкілодақтық халық санағы бойынша, Кеңес одағындағы қазақ­тардың саны 3 млн. 959,8 мыңға түсті, яғни 1897 жылмен салыстырғанда 567 мыңға көбейгенімен, 1917 жылға қарағанда (Н.Бекмаханованың пікіріне сай - 4061,3 мың адам десек) - 101,5 мың адамға кеміген, яғни сол 9 жыл бұрынғы деңгейден де аз болған. 1926 жылы қазақтардың 3627,6 мыңы, яғни 91,6 %-ы өздері туған жерінде - Қазақстанда өмір сүрген.
Мұнан кейінгі жылдары болған байлар­ды тәркілеу, кулактарды жою, жер аудару, 1931-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық (кейбір ғалымдардың болжамы бойынша 1,2 млн.-нан 2,5 млн.-ға дейін адам қаза болған), 1930 - жылдардағы саяси қу­ғын-сүргін және т.б. зорлық-зомбылық сал­дарынан қазақ ұлтының саны күрт төмен­деп кетті. 1939 жылғы Бүкілодақтық халық санағы бойынша, Кеңес одағындағы қазақ­тардың саны 3.100, 9 мыңға түсіп, 1926 жылға қарағанда, 858,9 мыңға, яғни 21,7%-ға азайды. Қазақтардың 2.458,5 мыңы, яғни 75%-ы ғана өз республикасында өмір сүрді. Қалған 25%-ы Кеңес одағының басқа аймақ­тарында тұрды. Бұлардың көбі Қазақ­станнан тыс

аймақтарда болса да өздерінің ата мекендерінде тұрғанымен, едәуір бөлігі ашаршылық пен қуғын сүргіннен ауа көшіп барғандар еді.


Жоғарыда көрсетілген келеңсіз оқиға­лар­дың салдарынан және Қазақстанға сырт­тан келген көші-қон толқындарының кү­шейе түсуі нәтижесінде, республикадағы қазақтардың үлесі де құлдырап түсіп кетті. Егер 1897 жылы Қазақстанның қазіргі территориясына сай жер аймағында қазақ­тардың үлесі 81,7% болса, 1917 жылы 58,0 %, 1926 жылы 58,5%, ал 1939 жылы 38,0%-ға дейін төмендеді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақстан халқы да көп шығынға ұшырады, 1,2 млн. азамат Отан қорғауға аттанды, оның жартысынан көбі елге қайта оралмады, 700 мыңнан астам адам тылдағы ауыр жұмысқа шақырылды. Соғыс жылдары тұрғындар арасында өлім-жітім көбейіп, туу азайды. Қазақстанға көптеген халықтар (неміс, чешен, қарашай, және т.б.) күшпен аударылды, Карлаг, Степ­лаг сияқты жерлердегі тұтқындар көбейді. Соғыстан кейін басталған тың және ты­ңайған жерлерді игеруге, одақтық маңызы бар өнеркәсіп орындарын салуға және дамытуға 2 млн.-нан астам жұмысшы күші келді. Осының бәрінің салдарынан рес­публикадағы қазақтардың үлесі (саны 1939 жылы салыстырғанда 467,3 мыңға кө­бейгеніне қарамастан) 28,9%-ға дейін түсіп кетті, яғни қазақтар өз елінде халықтың азшылығына айналды, ал орыстар, украиндар мен беларустар көпшілік болып шыға келді (олар тиісінше 42,7%, 8,2 % және 1,1% болып, үшеуін қосқанда 52%-ға жетті).
1959 жылғы санақ қазақтардың үлесінің ең төменгі құлдырау шегі болып саналады. Бұдан кейін қазақтардың табиғи өсімі күрт көтерілді («демографиялық дүмпу» деп те аталады), ал ол халықтың жалпы санының көбеюіне әкелді. Табиғи өсімнің күшеюіне екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, әсіресе халық шаруашылығын қалпына келтіріп, да­мыта түскен кезде, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып, денсаулық сақтау, әсіресе аналар мен балаларға, көп балалы отбасыларға деген қамқорлық әсер етті. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысының өркендеуі, оқу-білім саласының кеңеюі және т.б. әлеуметтік жағдайлардың жақсаруы да табиғи өсімге күшті әсер етті десек, қателеспейміз.
Қазақ ұлтының өсіп-өніп көбеюіне, соның нәтижесінде республика тұрғындары арасында өз үлесінің көтерілуіне шет жерлерден қайта оралған отандастарымыздың да әсері күшті болды. Қазақстанға бағыт­талған бұл көші-қон үрдісі 1918-1920, 1933-1935, және 1950 жылдардың екінші жар­тысы мен 1960 жылдардың басында жүріп өтті. 1916 жылы көтерілісті аяусыз басып, қырғынға ұшыратқан кезде 300 мыңдай қазақ пен қырғыздар Қытайға қашып, бас сауғалаған-ды. Олардың көбі 1918-1920 жылдарда қайта оралды. 1931-1933 жыл­дардағы ашаршылықтан ауа көшкендердің көбі Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан және басқа Кеңес одағы аймақтарында паналаған-ды, олардың да басым көпшілігі қайтып оралды. Сырт елдерге, әсіресе Ауғанстанға, Иран, Түркияға кеткендер тәуелсіздік жағ­дайында ғана қайта орала бастады. Тек Қытай Халық Республикасындағы қазақ­тардың қайта оралуына 1950 жылдардан бастап мүмкіндік туды. Бұл Кеңес одағы мен жаңа құрылған ҚХР арасындағы достық қатынастың

нәтижесі еді. Қытайдан кеңес заманында оралған қазақтар саны туралы әртүрлі мәліметтер бар, кейде олардың санын көбейтіп айтатын жағдайлар да кездеседі. Соңғы, нақтылы, мұрағаттан алынған деректерге сүйенсек, 1954-1963 жылдар аралығында Қытайдан ұйымдасқан түрде, өз бетінше және басқа жолдармен қайта оралғандардың саны 268371 адам болса, олардың Қазақстанның облыс-аудан­да­рында қалып, орналасқандары 254398 адам, ал қалған 8989-ы Кеңес одағының басқа аймақтарына кеткен екен. Қазақстанда қа­лып, орын тепкендердің басым көпшілігі қазақтар еді, ал басқалары ұйғыр, орыс және әртүрлі ұлт өкілдері болатын.


Сонымен 1950-1980 жылдар аралығын­дағы табиғи өсімнің көтерілуі, сырттан келетін басқа ұлт өкілдерінің көші-қонының бәсеңдеуі, Қытайдағы қазақтардың орала бастауы және т.б. тиімді жағдайлар респуб­ликаға өз атын берген ұлттың саны да, үлесі де өсіп, құрамының нығая түсуіне әкелді. 1959-1989 жылдар аралығында қазақтардың саны 2.787,3 мыңнан 6.534.6 мыңға жетті, яғни 2,3 есе өсті, ал үлесі 28,9%-дан 39,7%-ға жетіп, 10,8%-ға өсті. Қазақтар республи­кадағы ең көп ұлтқа айналды, бірақ орыстар (37,8%), украиндар (5,4%), белорустар (1,1%), яғни шығыс славяндар өкілдері (бәрін қоса есептегенде - 44,3%) мен басқа орыс тілді ұлт өкілдері (немістер - 5,8%, корейлер - 0,6% және т.б.) әлі де Қазақстан жұр­тының жартысынан асып тұрды.
Енді тәуелсіздік кезіндегі қазақтардың жай-күйіне қысқаша болса да тоқталып өтейік. Қазақтардың тәуелсіздік жағдайын­да саны өсіп, үлесі көбеюі жоғарыда айтылған екі факторға байланысты болды: 1) табиғи өсім; 2) сыртқа кететіндерден ке­летіндердің көп болуы - оң айырым (сальдо), соның ішінде, әсіресе отандас­та­ры­мыздың оралып, тыңғылықты орын табуы.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары эко­номикадағы дағдарысқа байланысты, әлеу­меттік қиыншылықтар көбейген кезде тұр­ғындардың табиғи өсімі құлдырап түсіп кетті: 1987 жылы 18,1 промилле болса, 1998 жылы 4,6 промилле болды (бір мың адамға шаққанда, туу мен өлімнің айырмасы). Осыдан кейін біртіндеп табиғи өсім қайта­дан көтеріліп, 2000 жылы - 4,9; 2005 жылы - 8,05; ал 2009 жылы 13,5 промиллеге жетті, дегенмен әлі де 1980 жылдардағы көрсет­кіш­ке жете алмай отырмыз. Табиғи өсімнің 90% қазақтардың есебінен екенін ескерсек, ұлтымыздың өсуі кең, тура және даңғыл жолға түсіп, болашақта қазақтардың өсіп-өнуі қам­тамасыз етіле бас­та­ғанын көреміз. 2009 жы­лы табиғи өсім 215 мыңдай болғанын ескерсек, келешектегі қазақ­тың саны өсе беретініне сеніміміз күшейе түседі.
Қазақтардың қатарын өсіретін екінші қайнар бұлақ - шетелдегі отан­дастарымыздың қайта оралуына келсек, тәуел­сіз­дік жылдары ресми есеп бойынша 753,4 мың, ал бұл есептен тыс өз­дігімен келгендерді қос­қанда 1 млн. қазақ қай­тып келді деген пікір бар.
Қайта оралғандардың басым көпшілігі Ресей, Қы­тай, Моңғолия мен Өз­бекстаннан, ал қал­ғандары Түркіменстан, Ау­ғанстан, Түркия, Иран және т.б. алыс-жақын шетелдерден келгендер. Ше­телдердегі қа­зақтар саны да едәуір пікірталас тудырып

келеді. Зерттеуші Г.Меңдіқұлова 1997 жылы жарияланған еңбе­гінде бұрынғы Кеңес ода­ғының 14 мемлекетінде және дүние жүзінің 25 елінде 4,5 млн. қазақ өмір сүреді, деген мәлімет ай­тады. Алайда бұл ойына негіз болған деректерді көр­сетпеген. Ал 2000 жы­лы жарияланған М.Асыл­беков пен В.Козинаның «Қа­зақтар» деген еңбегінде шетелдердегі қандас­тары­мыз­дың саны 3.211.208 адам деп көрсетілген. Бұл мәлімет ҚР Сыртқы істер министрлігі консулдық қыз­­мет департаменті бас­қар­­масы­ның бастығы Б.Се­йіт­батталовтың 2000 жылғы 20 сәуірдегі «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласына сүйеніп берілген. Сайлау Батыр­шаұлы 2004 жылдың басында шетелдердегі қазақтар саны 5,2 млн. адамнан асып түседі, - деген болжам айтады. Осы пікір шындыққа жақынырақ, - деп санаймыз. Себебі, қазақ­тардың Дүние­жүзілік қауымдастығы жинаған («Егемен Қазақстанға» берген) мәліметтері бойынша, 40 шетелдердегі қазақтардың саны 5 млн. 600 мыңнан астам деп көрсетілген. Оның ішінде, жақын шетелдерде - 3 млн. 137 мың; алыс шетелдерде 2 млн. 529 мың 800. Қазақтар көп шоғырланған мемлекеттер Қытай - 2.260 мың; Өзбекстан - 1.750 мың; Ресей - 1.100 мың; Монғолия - 150 мың; қалғандары: Түр­кия - 15 мың; АҚШ - 14 мың; Тәжікстан - 10 мың; Иран - 10 мың; Германия - 9 мың және т.с.с. 2000-2005 жылдар аралығында шетелдердегі қазақтар­дың саны 3,2 млн.-нан 5,6 млн.-ға дейін өсуін екі себеппен түсіндіруге болар еді. Біріншіден, алғашқы көрсетілген мәлімет то­лық болмай, 1,5 - 2млн.-дай қазақ есептен тыс қалып қоюы мүмкін. Екіншіден, осы 5-6 жыл ішінде едәуір табиғи өсім нәтижесінде қазақ­тар саны тез өскен де шығар деп ойлаймыз.


Республика халқының, оның ішінде қазақтардың аумақтық, яғни аймақтарға, ауыл мен қалаларға орналасуында дәстүрге айналып, қалыптасқан ерекшеліктер бар. Қазақстан халқының жартысына жуығы - 45-46%-ы Оңтүстік аймақта (Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақ­стан және Қызылорда облыстары) орналас­қан болса, республика қазақтарының да жартысына жуығы, яғни 49,8%-ы осы ай­мақтарда тұрады. Олардың үлесі Қызыл­орда облысында 95,8%, Оңтүстік Қазақстан облысында 70,1%, Жамбыл облысында - 69,0%, Алматы облысында - 64,2% және Алматы қаласында - 50,1%. Бұл жағдайдың тарихи қалыптасуы: біріншіден, аймақтың Ресейге бағынуы басқалардан 130 жылдай кеш болғандығынан; екіншіден, аймақ тұрғындары саны мен құрамына сырттан келген көші-қонның ауқымы мен әсері әлсіз болғандығынан; үшіншіден, жергілікті ұлт өкілдерінің, әсіресе қазақ, өзбек, ұйғыр және басқа түркі тілдес этностардың табиғи өсімі келімсектерден басым екендігінен және басқа тиімді жағдайлардың әсері күшті болды. Солтүстік аймақта (Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақ­стан облыстары және Астана қаласы) республика халқының 23,0%-ы орналасқан. Алайда мұнда қазақтардың саны да, үлесі де, тәуелсіздік жағдайында едәуір өскенімен, әлі де басымдылыққа жете қойған жоқ. Республика бойынша аймақтағы қазақтардың үлесі бар болғаны 16,9% болса, қазақтар Ақмола мен Павлодар облыстарында олар­дағы тұрғындардың жартысына да жетпейді (тиісінше 44,6% және 45,7%), ал Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында онан да төмен (тиісінше 35,6% және 33,7%, яғни осы облыстардағы тұрғындардың үштен бірі ғана). Тек

Астанада ғана қазақ­тардың үлесі 63,4%-ға жетті. Қазақтардың Оңтүстік аймақтан кейінгі көп шоғырланған жері - Батыс Қазақстан. Мұнда қазақтардың 19,1%-ы, яғни бестен біріне жуығы мекен етеді. Атырау облысындағы тұрғындардың ішінде қазақтар 91,3%, Маңғыстау облы­сында - 86,1%, Ақтөбе облысында - 77,9%, Батыс Қазақстан облысында - 70,9%. Рес­публиканың қалған екі аймағында қазақ­тардың үлесі едәуір өсіп келеді, 2009 жылғы мәліметтер бойынша, Шығыс Қазақстанда жартыдан асып түсті - 53,9%, ал Орталық Қазақстанда (Қарағанды облысы ) - 44,1%-ға жетті. Осы бағыттағы даму әрі қарай жалғаса берсе, болашақта осы үш аймақ­тарда да қазақтардың үлесі басым болмақ.


Тәуелсіздік жағдайында қала мен ауыл тұрғындарының өзара салмағы өзгеріске ұшырады. Қала тұрғындарының үлесі 1989-2009 жылдар арасында аз да болса төмендегенімен (3,3%), олар бұрынғыша республика халқының жартысынан көбі (53,4%) болып отыр. Ал ауыл тұрғындары 43,3% -дан 46,0% -ға жетті. Бұл көрсеткіш халықтың урбандандыру процесінің баяулай бастағанын байқатады. Қазақстанда ең күшті урбандалған Қарағанды (қала тұрғын­дары 77,0%), Павлодар (67,9%) және Ақтөбе облыстары (61,1%) болса, ауыл тұрғындары Алматы (76,0%), Солтүстік Қазақстан (61,5%), Қызылорда (60,8%) және Жамбыл (60,5%) облыстарында көбірек болып отыр.
Дегенмен, тәуелсіздік жылдары қазақтар­дың қалаға бет бұрғанын атап айтқан жөн. Қазір екі қазақтың біреуі - қала тұрғыны. Қазақтар Қызылорда мен Атырау облыста­рындағы қала тұрғындарының ішінде тиісінше 91,3% және 82,3%, ал Маңғыстау облы­сында - 72,9%, Ақтөбе облысында - 62,2%, Оңтүстік Қазақстан облысында 61,6%, Жамбыл облысында - 54,5%. Бірақ басқа аймақ­тарда қазақтар қала тұрғындары ішінде әлі де аз. Қостанай облысында бар болғаны 20,2%, Ақмола облысында - 28,5%, Павлодар облысында -30,0%, Қарағанды облысында - 30,7%, Шығыс Қазақстан облы­сында - 33,1%. Батыс Қазақстан облысында да көп емес - 39,6%. Еліміздің ең үлкен екі қала­сында қазақтар үлесі едәуір өсіп келеді: Қазір Астана тұрғындарының (639,3 мың) 63,4%(405,3 мыңы) қазақтар.
Қазақтар шоғырланған Оңтүстік және Батыс аймақ қалаларында олардың үлесі өсе түсті. Қызылордада 90,4%, Атырауда - 82,9%, Ақ­төбеде - 68,2% , Ақтауда - 64,4%, Тал­дықорғанда - 64,2%, Таразда - 59,1% ; және Шым­кентте - 48,4% болды. Сонымен бірге Семейде 42,6%, Көкшетауда 50,9% Жезқаз­ған­да - 62,1%, Қарағандыда - 46,2%, Балқашта -58,8% ға жетті. Дегенмен, славян халықта­рының өкілдері мен басқа орыс тілді этностар көптеп орналасқан аймақ қалала­рында жағдай аса өзгере қойған жоқ.
Тұрғындардың жастық құрамы да табиғи өсімге үлкен әсер ететіні белгілі. Әдетте халық­тың жастық құрамы осы өсімге байла­нысты үш түрге бөлінеді. Біріншісі - прогрессивтік - тұрғындар арасында бала­лар­дың үлесі көп болса, табиғи өсімнің көптігінен халық саны өседі, екіншісі - қа­лыптасқан (стационарлық) түрі - балалар мен ересек жастағылар арасы бірқалыпты; бұл жағ­дайда тұрғындар азаймайды да, көбеймейді де. Үшіншісі - регрессивтік түрі - 60 жас жә­не онан үлкендердің үлесі 12%

және одан жоғары болса, тұрғындар саны азая түседі. Қазіргі жағдайда Қазақстан халқының 60 жастан асқандары 10,3%, оның ішінде ерлері - 7,8%, әйелдері - 12,3%. Дегенмен, 1990 жылдармен салыстырғанда ( 9%) 60 жас­тағылар мен одан үлкендердің үлесі 1,3%-ға өскен, яғни халықтың «қартая» бастағаны байқалады. Бұл келеңсіз жағдайға орыс, украин, белорустардың осы жастағы­лары көп болғаны әсер етеді.


Дегенмен, қазақтардың әлеуметтік-де­мографиялық дамуында әлі де келеңсіз жағдайлар кездесетінін де айтқан жөн. Табиғи өсім жағынан қазақтар басқа түркі-мұсылман этностарынан әлі де едәуір кейін қалып келеді. Өзбек, ұйғыр, әзірбайжан, түрік, күрд және басқа ұлт өкілдерінің табиғи өсімі қазақтардан едәуір басым келіп, саны өсіп, құрамы күшеюде. Қазақтардың басым көпшілігі аймақтардың ауылды мекендерінде тұратынын ескерсек, олардың әлеуметтік жағдайы өз деңгейінде емес екендігін байқаймыз. Қазақтардың білім деңгейі де өзге ұлт өкілдерінен әлі де төмен. 1999 жылғы мәлімет бойынша, 44 этностың ішінде қазақтар жоғарғы білім деңгейі бойынша - сегізінші орында, аяқталмаған жоғарғы білім деңгейі бойынша - 19 - орында, арнайы ор­та білім бойынша 28 - орында, жалпы орта білім бойынша - 11 - орында, негізінде ор­та білім бойынша - 37 - орында, ал бас­тауыш білім бойынша - 35 - орында.
Қала тұрғындары, өнеркәсіп, құрылыс және транспорт салаларында қазақтар үлесі әлі де төмен, өз деңгейінде емес. Әсіресе, кәсіби жұмысшы мамандар, инженер-техниктер арасында ұлттық кадрларды көптеп тәрбиелеу проблемасы күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе.
«Көш жүре түзеледі» деген ата-баба­ларымыздан қалған сөз бар. Тәуелсіздігіміз нығая түсіп, әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы­мыз жақсарған сайын, халқымыз­дың, оның ұйытқысы - қазақтардың саны өсіп, құра­мы күшейе түсетіні баршамызға анық және болашақтың кепілі. Бұл үшін республикада ғылымға негізделген әлеуметтік-демография­лық және көші-қон саясаты жүргізілуге тиіс.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет