Оқу бағдарламасын жаңартудың алғышарттары Қазіргі жылдам өзгеріп жатқан заманда біздің алдымызда жас ұрпақты болашақ өмірге және еңбек етуге тиісті деңгейде даярлап, оқушылардың бойында ХХІ ғасыр дағдылары деген жалпылама атауға ие болған дағдыларды қалыптастыру міндеті тұр. Бұл дағдылар пән бойынша білім, нақты дағдылар, сауаттылық пен тәжірибені қамтиды.
ХХІ ғасырдың әрбір дағдысын меңгеру үшін бүкіл оқушыларда пән бойынша академиялық білімнің болуы талап етіледі. Пән бойынша терең академиялық білімнің арқасында адамдар сын тұрғысынан ойланып, басқалармен тиімді қарым-қатынас жасай алады.
Пән бойынша академиялық біліммен қатар оқушылар қазіргі заманда табысқа жету үшін талап етілетін сын тұрғысынан ойлау, проблема шешу, қарым-қатынас жасау және бірлесіп әрекет ету сияқты негізгі дағдыларды да меңгеруге тиіс.
Сондықтан жоғарыда аталған мәселелер тиісті мемлекеттік білім беру стандартымен, бағалау жүйесімен және оқу бағдарламаларымен, оқыту жүйесімен, кәсіби даму және оқу ортасымен қабысып жатса, оқушылар оқу үдерісіне барынша тартылып, мектеп бітірген кезде қазіргі жаһандық экономика жағдайында еңбек етуге мейлінше дайын болмақ.
ОҚУ ЖӘНЕ ЖАҢАШЫЛДЫҚ ДАҒДЫЛАРЫ Оқу және жаңашылдық дағдылары күн сайын күрделеніп жатқан ХХІ ғасырда өмір сүріп, еңбек етуге дайын оқушыны осыған дайын емес оқушыдан айыруға көмектесетін дағды ретінде мойындалып отыр. Балаларымызды болашаққа дайындауда шығармашылық, сын тұрғысынан ойлау, қарым-қатынас және бірлесіп әрекет ету мәселелеріне назар аудару маңызды.