Құрамына Күн жүйесі және көптеген жұлдыздар енетін алып аумақты спиральді галактика. Ол шамамен екі жүз миллиард жұлдыздан, сондай-ақ жұлдыз шоғыры мен тобынан, газ бен тозаң тұмандықтарынан және жұлдызаралық кеңістікке таралған жеке атомдар мен түйіршіктерден құралған. Бұлардың үлкен бөлігінің пішіні линза тәріздес, оның көлденеңі шамамен 30 кпк, ал қалыңдығы 4 кпк. Кіші бөлігінің пішіні сфера тәріздес, оның радиусы шамамен 15000 пк.
Құс жолының жұлдыздық табиғатын тұңғыш рет 1610 жылы Галилео Галилей байқаған. Бірақ Галактика құрылысын жүйелі түрде зерттеуді XVIII ғасырдың аяғында Уильям Гершель бастады. Ол өзінің жүргізген зерттеулері негізінде бақыланған жұлдыздар пішіні сопақ, алып жүйе құрайды деген болжам айтты. Василий Струве 1847 жылы көлем бірлігіндегі жұлдыздар саны галактикалық жазықтыққа жақындаған сайын көбейетіндігін, ал Күннің галактика ортасында орналаспағандығын анықтаған. Ол 1859 жылы бүкіл Галактика жүйесінің осьтен айналу ықтималдығын көрсеткен. Галактиканың мөлшері жөнінде XX ғасырдың 1-ширегіндегі неміс астрономы Хуго Зелигер мен голланд астрономы Якобус Каптейн дәлелді пікір айтты. XX ғасырдың 20-жылдарында америкалық астроном Харлоу Шепли Галактика орталығының бағыты Мерген шоқжұлдызында екендігін анықтап, күннің галактика орталығында орналаспағандығын дәлелдеген
Харлоу Шепли
Галактикалық тұмандықтар
Ғарыш құрамына енетін сиретілген газдар мен тозаңдардан тұратын әр түрлі аспан объектілері. Галактикалық тұмандықтар, басқа да галактикаларда кездеседі. Тұмандық деп алғашқы кезде жұлдызды аспандағы қылаң дақтарды атаған. Бірте келе телескоптардың жетілдірілуіне байланысты, әлгі тұмандықтардың әр түрлі екені байқалды. Олардың басым көпшілігі жырақтағы ғаламат зор жұлдыз шоғырлары - галактикалар. Бұлар галактикадан тысқары тұмандықтар делінді.
Біздің галактика құрамына жұлдыздардан басқа да көлемді газ және тозаң бұлттар кіреді. Құрамына, формасына және физикалық табиғатына қарай, галатикалық тұмандықтарды диффузиялық( қылаң және қоңыр), планеталық және глобулалар деп бірнеше топқа бөледі. Диффузиялық қылаң тұмандылық шүйкеленген жүндей шет-шеті жүмаланып, бозғылттанып көрінеді. Олардың бұрыштық диаметрі доғаның бірнеше минутынан, бірнеше секундына барады. Қазіргі кезде 100-ден аса диффузиялық қылан тұмандықтар бар екені мәлім.