Сақ Қайрат Өмірбайұлы



Дата26.08.2017
өлшемі99,55 Kb.
#28948
Сақ Қайрат Өмірбайұлы.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

ф.ғ.к., доцент, ЕҰУ профессоры
Қайраткер көсемсөзінің құндылықтары
Көрнекті мемлекет қайраткері Д. А. Қонаевтың көсемсөз мұрасын зерттеу – тіленіп тұрған тақырып. Алатаудай биік тұлғаның ғылыми публицистикалық еңбектерінің библиографиясын түзіп,ғылыми айналымға енгізу өз алдына жеке зерттеуді қажет етеді. Ал көпшілік алдында сөйлеген сөздері мен съезд, пленум, конференцияларда жасаған баяндамалары, шетелдерде жоғары деңгейдегі дипломатиялық іссапар барысында ортаға салған ойлары мен оқыған дәрістері, отандық және шетел БАҚ-тарына берген сұхбаттары мен сараптамалық-талдамалы жанрларда жарияланған еңбектері, қарапайым еңбекшіден бастап, әлемдік деңгейдегі ірі тұлғалармен жазысқан хаттары, күнделіктері мен естеліктері жинастырылып, ғылыми зерттеу объектісіне айналса, тарихи тұлғаның табиғи болмысын терең танумен қатар еліміздің бір дәуірінің шынайы шежіресіне қануға айқара жол ашылар еді.

Бүгініміз кешегіміздің баласы десек, осы күніміз болашақтың атасы екенін ұмытпайық. Бұдан түйетін ой ертеңімізді болжап білу өткенімізді терең тану арқылы бүгінгі бағындырған биігімізді бағалаумен байланысты дегім келеді.

Шындықтың бетіне тура қарап айтсақ, біз өткенімізді, әсіресе, қазақ тарихының ең бір күрделі тұсы Кеңсе өкіметі үстемдік құрған кезеңді ел тәуелсіздігі елең-алаңында азаттың дүрбісімен қарап, мейілінше әділ бағасын беріп, жетістіктерінен тәжірибе жинақтап, кемшіліктерін қайталамау үшін тарихи сабақ алуға тиісті едік, өкінішке қарай, оны жүзеге асырмадық. Халқымызда «ештен, кеш жақсы» деген дана сөз бар. Кеш те болса, соны қолға алуымызға тура келеді. Өйткені өткеннен сабақ алмай, болашаққа адаспай қадам басу қиын екенін ұғынатын мезгіл болды.

Осы орайда, өткенді танып білу мен бүгінді бағамдауда сөз өнерінің алдыңғы шептен табынатын жауынгер саласы – көсемсөздің атқарар рөлі айрықша екенін қадап айту парызымыз. Өйткені көсемсөз тек шындықты арқау етеді. Ол дерекке құрылады. Ақиқаттан ауытқымау оның басты қағидасы. Әлем публицистика деп биік бағалайтын өнерге көсемсөз деп ғажап балама тапқан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлынан асырып айта алмаймыз: «Көсем сөз шешен сөз сияқты әлеуметке айтқанын істету мақсатпен шығарылатын сөз. Шешен сөзден мұның айырылатын жері – шешен сөз ауызша айтылады, көсем сөз жазумен айтылады. Көсем сөз әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін болғандықтан да көсем сөз деп аталады. Көсем сөз кезіндегі әлеуметке керек іске мұрындық болып істеу ыждағатымен айтылады.[1, 223-224 б.]

«Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді» дейді атам қазақ. Алатаутай асқар азамат Дінмұхамед Қонаев көсемсөзінің құндылығын сезіну үшін «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітабына тіл бітірсек жеткілікті. Естелік-эссе жанрында жазылған еңбек құндылығынан сыр тарқатып, мейілінше мол мағлұмат алу мақсатында кітап аңдатпасын (анотация) толық келтіргенді жөн көрдік: «Халқымыздың аяулы перзенті, аса ірі мемлекет қайраткері, үш марте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1992 жылы шыққан "Өтті дәурен осылай" деп аталатын ес-телік-эссесін көзі тірісінде түгелдей қайта қарап, оқырман талап-тілегіне сай толықтырулар жасай келіп, кітаптың атын "Ақиқаттан аттауға болмайды" деп өзгертіп еді. Мұнда өз өмірінің беймәлім беттерін ғана емес, өз заманының ірі тұлғалары Сталиннің, Маленковтың, Булганиннің, Хрущевтің, Косыгиннің, Брежневтің, Андроповтың, тіпті Горбачевтің көпшілікке жұмбақ сырларын ашып, Қазақстанның елу жылдық экономикалық, мәдени және әлеуметтік тыныс-тіршілігін жан-жақты әңгімелеп береді. Оның игі жақсылары туралы да шет қалмайды. Кезінде жылы жауып қойылған Теміртау оқиғасын, Семей полигонын, Арал мәселесін, Желтоқсан зардаптарын, сондай-ақ тілге, дінге, ділге қатысты көкейтесті сұрақтардың жауабын алға тартады. Ұлттық сана, әдет-ғұрып, салт-дәстүр туралы ой-толғамдарын ортаға салады. Кешегі Кеңес өкіметінің күйреу себептерін талдап, қазіргі экономикалық дағдарыстан шығу жолдарына барлау жасайды»[2,3б.].

Аңдатпаны кітаптың «Автордан» деп аталатын алғы сөзінде көрнекті мемлекет қайраткері Д.А.Қонаев мынадай ақпараттармен толықтырады: «Өтті дәурен осылай» деп аталған кітабымда, жасыратыны жоқ, көбірек електен өтіп, «апыр-ай, ашып айтпапты-ау, сонша неге тартыңды екен» деп, оқырманды екі ұшты ойға қалдыратын тұс аз кездеспейді. Бұ жолғы басылымда соны ескердім. Қолдау көрсеткен ағайынның қозғау сала білетініне көз жетті. Саясат деген алды тұман, арты жар әлемнің азу тісі алты қарыс алпауыттарының талайын көзіммен көргем, аралас-құралас болған адаммын. Қағыс естідім бе деп тайсақтамай бар білгенімді, бар көргенімді әсіре қызылсыз алдарыңызға жайып салып отырмын. Ондай «шытырман» оқиға, қым-қуыт мәселе аз емес. Ақиқатын, әділдігін арға аманат деп, тәуекелге бел байладым»[2, 3б.].

Осы жерде автордың «Өтті дәурен осылай» атты кітабына байланысты «исі қазақты былай қойғанда, іргелес қырғыз туғандар, өзбек ағайындар, қарақалпақ бауырлар үсті-үстіне хат жазып жатса, Ресей, Татарстан, Башқұрт жерінен, тіпті үш ұйықтасам түсіме кірмеген сонау Түркия, Алмания, Иран, Қытай, Монғолия жеріндегі қандастар үн қатып, тілек қосады. ...Менің «көмешімді» оқыған баспагерлер ал кеп қолқа салсын. Аударып басайық дейді. Ондай тілекті кешегі Кеңес Одағының құрамындағы болған елдер ғана айтып қойған жоқ, азуы ай білеген АҚШ, ақырын жүріп, анық басатын Корея, жаңалыққа құлағын түрік ұстайтын Италия, айтпайтын, айтса екі сөйлеу қанында жоқ Алмания өз тілдерінде шығарып та үлгерді» [2,3 б.], – деген көңіл қуанышын сыртқа тоғытқан жан сыры біз тілге тиек етіп отырған көсемсөз туындысының құндылығын айшықтай түсері анық.

Аса көрнекті мемлекет қайтаркері көсемсөзінің айрықша құндылығы - көпшіліктің қолы жете бермейтін тарихи маңызы орасан зор деректерді алдыңызға жайып салатындығы. Бір-екі нақты мысал келтірейік.

Тілге тиек етіп отырған кітапта қазақтың қос алыбы – Қаныш Сәтпаев пен Мұхтар Әуезовтің қалай қуғын-сүргін зардабына ұшырағанын нақтылайтын құнды дерек бар. Дінмұхамед Ахметұлы былай деп жазады: «1950 жылдың 26-желтоқсанында «Правда» газетті «Қазақстан тарихи мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан көрсетейік» деген тақырыппен мақала жариялап, онда тарих ғылымындағы, соның ішінде Кенесары Қасымов қозғалысын бағалауда жіберген елеулі қателік атап көрсетілген-ді. Шаяхметов соны мегзеп отыр. Жұмекең аз-кем үнсіздіктен соң былай деді: « ... Сәтпаев кезінде Алашорда үкімеінің сөзін сөйлеп, намысын жыртқан адам. Қызметіндегі, міне, осындай елеулі кемшілігі үшін Сәтпаевты орнынан алу жөнінде бюро шешім қабылдады». [2, 130 б.]

Мұны неге тәптіштеп жазып отырғанын автор кітаптың кейінгі бір беттерінде былай нақтылайды: «Соңғы жылдардың көлемінде кейбір газеттер мен журналдарда жарияланған мақалаларда менің Қ.Сатпаевқа деген көзқарасым онша дұрыс болмапты-мыс деген пікір ара-тұра шаң беріп қалады. Бұл түбірімен қате. Адам аласынан сөз аласы жаман. Сөз шаласынан ұпай түгендеп жүретін кейбіреулердің қаңқуы бұл. Мен Қаныш Имантайұлына әрқашан құрметпен қараған жанмын, соңынан шырақ алып түсетіндей ол кісінің жақсылығынан басқа, жаманшылығын көрген емен. Қаншама жылдар бойы биік мінберден сөз сөйледім, соның бірде-бірінде ол кісі туралы артық сөз айтқан емеспін. Сәтпаев орнынан алынып, Ғылым академиясының президенттілігіне кімд сайлаймыз деген кезде, менің атымды атап, ақ батасын берген сол кісі.» [2, 155 б.]

Сөйтеді де, 1955 жылы ҚазССр Министрлер кеңесінің төрағалығына тағайындалысымен Қанекеңнің екінші рет ҰҒА президенті болып сайлануына республика басшыларын дегеніне қалай көндіргенін былай келтіреді: «Хрущевтің қабылдауынан кейін Қазақ өкілеттігіне қайтып келдік. Басқа жұмысқа ауысуыма байланысты Ғылым академиясының президенттігіне кімді сайлаған жөн? Осы мәселе төңірегінде ұзақ отырдық. Брежнев жас физиктің есімін атады. Мен оған келісім бермей, Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың кандидатурасын ұсындым. –Халық таныған адам. Ел жағдайын біледі. Ғалымдар зор құрметпен карайды. Және осы академияның іргесін қалап, шаңырағын кетерген тұңғыш прези­дент. Іскер. Ойшыл,- деп өз ұсынысымнан қайтпай отырып алдым.

Пономаренко мен жағына шығып: Леонид Ильич райдан қайтып, ұсынған кандидатураңызды кайтып алғаныңыз жөн бе деймін. Дінмұхамед Ахметұлы бізден гөрі ол кісіні көбірек біледі. Жақсылығын асырмай, жамандығын жасырмай айтып отыр. Осы тоқтамға келіссек қайтеді,–деді. Леонид Ильич: Бұл мәселе жөнінде Орталық Комитеттің бюросы не дейді. Бюро калай шешеді, солай болсын,– деді.

Бюро менің ұсынысымды мақұлдады, Қаныш Имантайұлы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенттілігіне қайта сайланды» [2, 154 б.].

Осыған ұқсас М.Әуезовтің 1950 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшырауының себеп-салдары туралы мынадай тың деректер де ел тарихын түгендеуде маңызды болып саналады: « М.Сужиков Қазақстан Компариясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы боп тұрған 1951-1954 жылдары басқасын былай қойғанда, халықтың өзі тудырып, өзімен бірге жасасқан озық үлгідегі эпостық жырлары ақыры өзіне «сор» боп шықты. Орталық Комитет ауыр мін тағып, түкке алғысыз етерліктей қаулы қабылданды. Онда осыған тікелей қатысы бар көптеген ғалымдардың, тарихшылардың, филологтардың, тіпті тұтас бір ғылыми ұйымдардың зерттеу жұмыстары жоққа шығарылды. Оның бер жағында көркем әдебиетіміздің бетке ұстар қаламгерлері мен олардың таңдаулы туындыларын "соққыға" жықты. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің «Абай жайлы» романы "тас-талқан" болды, 1953 жылы маусым айындағы бір нөмірінде "Казахстанская правда" газеті өзінің сала құлаш редакциялық мақаласында оны адам төзбес ащы тілдеулерге барды. Газеттер мен журналдар тырнақ астынан кір іздеп, түймедейді түйедей ғып көрсетуге тырысса, көпшілік бас қосқан жиындарда жөн-жосықсыз беттен алып, төске шапқандар, шаужайдан алып, аяқтан шалғандар жетіп артылатын. Артынан, жоғарыда аталған "халық жаулары" табан астынан тұтқындалып, абақтыға айдалып жатты. Бұлтсыз күнгі найзағайдың зәре-құтты кетіргені сонша, М. Әуезов, А. Жұбанов және басқа да аяулы азаматтар туған елін тастай қашып, орталықтағы дос-жарандарын паналай тұруға мәжбүр болды. [2, 134 б.]

Сонымен ғана шектелмей, Мәскеуде жансауғалап жүрген М.Әуезовтің үстінен арыз-шағым үдей түскенін автор кітабында егжей-тегжейлі толық баяндайды. «Бірде мені Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Шаяхметов шақыртты, -деп бір қайырып алып, екеуара болған әңгімені қаз-қалпында есіне түсіреді: «Әуезов не істеп жүр қазір? - деп сұрады. – Қандай шаруамен айналысып жүргенін біле алмадым, сірә, жаңа роман жазып жатқан шығар,- деп шынымды айттым. Хатшы әңгімені әріден бастады. – Профессор Бекмахановтың жайын, әрине, жақсы білесіз. Қазақ КСР-інің тарихын бұрмалап, елді адастыруға тырысты. Кенесары Қасымұлының қозғалысын

дәріптеуге дейін барды. Міне, осындай әрекеттері үшін Кеңестің әділ соты ұзақ жылға бас бостандығынан айырды. Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Жұмалиев және баскалар соның кебін киіп, жазасын алды. Сырт естуімше, Әуезов те сирақтан бүйрек шығарып, бір басына ие бола алмай жүрген көрінеді. Баяғы әуенге басып, бұрынғы қателіктерін қайталай бастапты. Қазақстаннан іргесін аулақ салып, біржола Мәсеуге көшіпті,– деді. Ол бұған енді не айтар екенсің дегендей қабақ асты түйіле қарап алды да, сөзін сабақтады. – Әуезовті академиктер құрамынан аластау керек,- деп берік байламын айтты [2, 141 б.].

Ер басына алмағайып күн туғанда қол қусырып, қарап отыру азаматтыққа жараспайтынын ұққан Дінмұхамед Ахметұлының мына ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртуға тиіспіз: «Орталық Комитеттен салым суға кетіп шықтым. Не істеу керек? Жазықсыз жандар жөн-жосықсыз жапа шегe бермек пе? Оларға қорған болар жан табылмағаны ма? Қайда барып, кімге барып шағынарсың? Тыңдай қояр құлақ бар ма?

Осындай ой жетегімен үйге келдім де, жолға жиналдым. Ертеңіне әй-шайға қарамастан Мәскеуге ұштым. Шешінген судан тайынбайды. Шаяхметовпен ақыры бетті ашып алдық. Жарылар бас жарылды. Мекіре балықтың басы тасқа тимей қайтпайды. Неде болса, жығылсам нардан жығылайын. Орталыққа барып, өз ойымды айтайын. Тым құрыса, казақтың бір өр тұлғасы үшін кеудені "оққа" тоссам өкінбен. Мәскеуге барған бетте КОКП Орталық Комитетінің ғылым бөлімінен бір-ақ шықтым, болған жайды түгел баяндадым. Және өз пікірімді бүкпесіз алға тарттым. Әуезов жайлы позициямды ақыры қорғап шықтым. Осы әнгіме кейін, 1954 жылы Қазақстан жазушыларының съезінде сөз болды. П.К.Пономаренко өз сөзінде арнайы тоқталып, менің аты-жөнімді атаған тұста, Орталық Комитеттің нұсқауын орындаудан бас тартып, Әуезовті қалай корғап қалғанымды айтқанда және бұл істе зор принциптілік әрі табандылық танытты деген кезде жасыратыны жоқ, кайран қалдым. Бұл әңгімені Пономаренко қайдан естіп жүр деген сұрақ қашан анық-қанығын білгенше мазалады. Әуезов жайында Пантелеймон Кондратьевичке тіс жарғаным жоқ. Кейін білдім, ол кісі бар жайды КОКП Орталық Комитетінің ғылым бөлімінде істейтін жауапты қызметкерлерден біліпті». [2, 142 б.]

Қонаев көсемсөзінің құндылығына қану үшін, әрине, бір ғылыми мақала аздық етеді. Ол үшін толымды зерттеу қажеттілігі тіленіп тұр. Бір ғана естелік-эссесімен терең танысу барсында қаншама маңызды мәлімет, ой олжалағанымызды тұжырымдап жеткізсек, кітаптың мына құндылықтары ұлт тарихы мен мәдени мұра қазынасы бола алатынына иманымыз кәміл:

Біріншіден, бір дәуірдің айнасы болумен құнды. Кітап тарихи тұлғаның жеке өмір жолын ғана баяндамайды, Д.А.Қонаев билік құрған кезеңнің шынайы шежіресін алдыңызға жайып салады.

Екіншіден, естелік-эсседе кешегі КСРО атты алып мемлекеттің билік эшалонында қолтаңбасы бар қаншама тарихи тұлғалардың портреттері сомдалған. Олар туралы бұған дейін білетінімізден бір артықшылығы портретті очерктер қазақ мүддесі тұрғысынан нақты деректерге жүгіне отырып, көркем өрнектеледі.

Үшіншіден, сөз жоқ, қалайық-қаламайық, қазақ тарихының бір кезеңі болып қалатын кеңес заманының жетістіктері мен кемшін тұстарын қатар өрген кітап тарихи тәжірибе, сабақ алу үшін құнды мұра болып табылады.

Төртіншіден, аузы дуалы, сөзі уәлі көсем тұлғаның өмірден түйіп айтқан ақыл-кеңес, ой-тұжырымдары бүгінгі және болашақ ұрпақтың игілігіне жаратылса, ұтарымыз көп болатынына еш шүбәміз жоқ.

Бесіншіден, көсемсөз өнерін мықтап игеріп, шоқтығы биік ұйымдастырушылық қарымын бұл салада да тайға таңба басқандай анық танытқан тума таланттың толағай тәжірибесі бүгінгі шенді-шекпенділерге үлгі-өнеге болуымен құнды. Кешегі Алаш арыстары мәртебесі биік лауазымдарда жүріп те қаламнан қол жазбай, қоғамдық келелі мәселелерге ой тастап, халыққа шыр-пыр боп түсіндіру жұмыстарымен айналысқанын бүгінгі биліктегілер ұмытпауға тиіс.

Алтыншыдан, өтіріктің арты бір тұтам, шындықтың түбінде жеңіске жететінін дәлелдеумен бұл кітаптың құны артық. Алты алаштың арысы Д.Қонаевтың өз сөзімен айтсақ: « Ақиқаттан аттауға болмайды».

Пайдалынған әдебиеттер тізімі:

1.Байтұрсынов А. Шығармалары.–Алматы: Жазушы,1989.–320 б.

2.Қонаев Д. Ақиқаттан аттауға болмайды. –Алматы: Санат,1994.–512 б.






Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет