ӘОЖ 94 (574): 332.2.021 Қолжазба құқығында
Сарсенов Алдар Сарсенович
Қазақстан ауыл-селосындағы интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуы мен этномәдени дамуының тарихи тәжірибесі ( 1946-1991жж.)
07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасы тарихы)
тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Орал, 2008
Жұмыс Ақтөбе мемелекеттік педагогикалық институтының Қазақстан Республикасы тарихы кафедрасында орындалды
Ғылыми кеңесшісі: тарих ғылымдарының докторы, профессор
Қ.С. Қаражан
Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы, профессор
Қ.Ә. Ахметов
тарих ғылымдарының докторы, профессор
М.Н.Сдыков
тарих ғылымдарының докторы
С.З. Баймағамбетов
Жетекші ұйым: С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік
университетінің Отан тарихы кафедрасы
Диссертация 2008 жылы «25» маусым күні сағ. 14.00-де М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекетттік университеті жанындағы ( 090000, Орал қаласы, Достық даңғылы, 162) БД 14.61.26 Біріккен диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады
Диссертациямен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2008 жылы «21» сәуірде таратылды
Диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы,
тарих ғылымдарының докторы Б.Ғ. Шинтимирова
Жұмыстың жалпы сипаттамасы
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаумен келген шығармашылық азаттық ғылыми ізденістерге жаңа өріс ашып, қоғамдық-гуманитарлық саладағы ғалымдардың мүлде жаңа методологиялық ұстанымдарға көшуіне, тақырып аясын кеңейтуіне негіз қалады. Дегенмен кеңестік Қазақстан тарихының жаңаша зерделенбеген, түпкілікті бағасын алмаған беттері әзірге баршылық. Тарихшы ғалымдар негізінен ХХ ғасырдағы 20-30-шы жылдардың ақтаңдақтарымен шұғылдануда.
Тоталитарлық жүйе салтанат құрып тұрған шақта отандық тарихнамада, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңестік Қазақстанның қарыштап өркендегені, капиталистік формацияны оп-оңай аттай салғаны, дамып кеткендермен теңескені оңды-солды дәріптеліп, оның қайнар көзі ретінде социализмнің артықшылықтары, КОКП-нің данышпан басшылығы үздіксіз санаға сіңірілді. Әрине, табыс жоқ емес еді. «Соғыстан кейінгі ұрпақ, - деген болатын Елбасы Н. Назарбаев, - өнеркәсіпті көтеріп, тың игеріп қана қойған жоқ, сонымен бірге дамудың білім мен ғылым жүйесі түріндегі берік іргетасын қалады. Қазақстандықтар инженерлер мен ғалымдардың, құрылысшылар мен геологтардың, металлургтар мен дәрігерлердің ұлтына айналды» [1].
Белгілі табыстармен жарыса дағдарыс та қоғамды жайлап кетті. Дегенмен халықтың интеллектуалдық әлеуеті өскені күмәнсіз ақиқат.
Интеллектуалдық әлеует деп қоғамдағы сұраныс үдесінен шығуға даяр әлеуметтік субъектінің уақыт пен орта алға тартқан міндеттерден, қиыншылықтардан, ұсыныс пен қажеттіліктен, бұрын беймәлім талаптан тұтастай болмаса да негізінен биік тұрып, ілгерілеу динамикасы мен заңдылығына кіріге, бейімделе алу, соны ел мүддесіне, өз мүддесіне жегу арқылы бойындағы қабілеті мен мүмкіндігін ашу өресін айтамыз. Ендеше интеллектуалдық әлеуеттің өміршеңдігі, жасампаз күші бар салада - экономикада, білімде, мәдениетте, ұлтаралық қатынаста, саясатта, т.б. – сыналады, шыңдалады. «Мәселе мынада, - деп көрсетеді Н. Назарбаев, - ұлттар тауарлармен және қызметтермен ғана бәсекелеспейді – олар қоғамдық құндылықтар жүйесі мен білім беру жүйелерімен де бәсекелеседі... Осы заманғы экономикада салмақ материалдық тауарлар мен қызметтерге қарағанда, интеллектуалдық әлеуетке көбірек түсіріледі. Ұлттың осы заманғы және тиімді білім беру жүйесін ұстануға, жұмысшы күшінің оқыту жолымен интеллектуалдық қорын арттыруға қабілеттілігі бәсекеге қабілеттілігі үшін ерен маңызды болуда» [1].
Зерттеу тақырыбының өзектілігі қоғам өмірінде ауыл-селоның алатын орнымен тығыз байланысты. Миллиондаған адамдардың тағдыры осында өтіп жатыр. Халықты азық-түлікпен, индустрияны шикізатпен аграрлық сала қамтамасыз етеді. Ал бұл саланың ырғақты жұмыс істеуі көбінесе интеллектуалдық әлеует деңгейімен анықталмақ. Машина, трактор, комбайн, техникалық жабдық – бәрі еңбектің өнімділігін көтеру, өзіндік құнын түсіру үшін бірінші қажеттілік саналғанмен, олардың оңтайлы тұтынылуы үшін интеллектуалдық әлеуеті кемел адам факторы қалыптасуы керек. Бұл жерде әңгіме техниканың тізгінін ұстаған механизаторға немесе бір отар қойды жайып жүрген қойшыға ғана қатысты емес. Шаруашылықты ұйымдастыратын басшыға да, өндірістік үдерістің басы-қасындағы маманға да, осыларды оқытқан ұстазға да, денсаулығын қадағалайтын дәрігерге де тікелей байланысы бар. Қазақстан ауыл-селосының интеллектуалдық тарихын ақиқат биігінен зерделеу өткеннің сабағын, тағылымын игере отырып, бүгінгі міндетті кешенді анықтау үшін, ертеңге нық қадам жасау үшін қажет.
Интеллектуалдық әлеуеттің тасушысы (носитель) – адам. Ал еңбегінің мазмұны мен нәтижесіне қарай, замана міндетін шешуге қосатын үлесіне қарай адамдардың жіктелетіні және рас. Ендеше интеллектуалдық әлеуетті зерттеу адамтануға, әлеуметтік қауымдастық болмысын ұғынуға апаратын даңғыл жол. Бұлардың өсу, өну, өркендеу заңдылықтарын, кезеңдерін, әрқайсының өзіндік ерекшеліктерін ғылыми зерделеумен дәйектегенде ауыл-селодағы, бүкіл қоғамдағы үйлесім жараса түспесе, мысқалдай залал шекпейді.
Қазақстан көпұлтты, сонысымен көпдінді мемлекет. Ұлттардың бір бірінен ерекшелігі қайда жұмыс істейтінінде, әлеуметтік қауымдастықтың қай тобына жататындығында емес, тілінде, ұстанатын мәдени-рухани құндылықтарында жатыр. КСРО-ның тағдырын ұстап, болмыс-бітімін анықтаған коммунистік басшылық теориялық, бағдарламалық қағидаттарында ұлт мәселесіне айтарлықтай мән бергенмен іс жүзінде орыс халқының мүддесіне басымдық беріп, одақтас республикалардың, яғни Қазақстанның да этномәдени табиғатына қиянат жасаудан тартынбады. Ресми Мәскеу жүргізген ұлт саясатындағы әділетсіздік пен зорлық қазақтардың этникалық сәйкестігін бұзып, байырғы халықтың жартысына жуығы ана тілінде сөйлей алмайтын күйге түскенін ендігі ешкім жоққа шығара алмайды.
Демек, тоталитарлық дәуірдің тарихы мен тағдырын зерделеу арқылы көпдінді, көпұлтты бүгінгі Қазақстанда келісім мен үйлесімді сақтау тетіктерін жетілдіре түсуге мүмкіндік молаяды. Шынайы демократия бар жерде ғана тілі, түрі, нәсілі бөлек этностардың тілегі бір арнаға тоғысып, әркімнің және баршаның интеллектуалдық әлеуеті ортақ мақсатқа қызмет ететінін тарих әлденеше дәлелдеді, оның алғашқы сабақтарын біздің ел бастан кешуде.
ХХ ғасыр – ғылыми-техникалық революция ғасыры. Жердің тартылыс заңын жеңген адам ғарышқа ұшты, айда табан ізін қалдырды, атом қуатының көзін ашып, оны материалдық игілік өндіруге пайдалануда. Адам – ғылым – техника байланысы ауыл-селоның да өміріне молынан еніп, интеллектуалдық әлеуетті арттыруға пәрменді әсер еткені айдан анық. Алдағы уақыттарда ғылым мен техниканың ауыл-село тұрғындары тағдырында алар орны ұлғая беретіні сөзсіз. Ендеше оның әлеуметтік-экономикалық, мәдени, тағы басқа нәтижелерін дұрыс болжау үшін артта қалған дәуірін толымды зерттеу қажет. Мұнсыз бәсекеге қабілетті 50 ел қатарына қосылмақ түгілі жұмыссыздық, кедейшілік, әлеуметтік наразылық тәрізді келеңсіз құбылыстарға тап болуымыз мүмкін.
Социалистік құрылыс тұсында көп айтылғанмен шешуін таппаған мәселенің бірі қала мен деревня арасындағы айырмашылықты жою еді. Түптеп келгенде, бұның жүзеге асуы мүмкін де емес екен. Өйткені аграрлық экономиканың негізгі саласы жер кәсібі мен мал шаруашылығы ауыл-селоны қаладан өзгеше күйде сақтағаны сақтаған. Бидай себу, бау-бақша баптау, қой бағу үлкен кеңістікті, шашыраңқы қоныстануды талап етеді, бұларға қажетті техника мен жабдықтар да завод-фабрикалардағыдан мүлде басқаша. Сондықтан да кеңестік тарихнаманың партиялық-идеологиялық өктемдікпен орнықтырған жаңсақ тұжырымы – қала мен деревня арасындағы айырмашылықты жою міндетін бұдан былайда деревняның қаладан артта қалуын жоюмен алмастыратын уақыт келді. Әрі-беріден кейін, ауыл-селоны қалаға айналдырып жібергеннен қоғам ұтылмаса, ұтпайды.
Қай ұлттың болмасын шығу тегі, бастау бұлағы, дәстүрлі мәдениетінің қалыптасқан кеңістігі - ауыл-село. Кеңестік жылдардағы қазақ ауылында дүниеге келген, орта білім алып, қалаларда оқуын жалғастырған сан мың қыз-жігіттер мемлекет пен қоғам қайраткері, ғылым мен өнер жұлдызы, өндіріс озаты болғаны ақиқат. Демек, қала мен деревня арасындағы айырмашылық ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуеті мен болашағын жоққа шығармайды екен. Кеше де, бүгін де осылай болған, ертең де осылай болып қала беру керек. Ұлттың болмыс-бітімінің ошағын ойрандап, барша халықтарды қалалық өмір салтына көшірген мемлекет этномәдени байлығының тамырын суалтатыны сөзсіз. Қазақстан қоғамын осындай жаңсақ басудан сақтандыруда ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуеті мен этномәдени тарихын зерттеудің маңызы мейлінше зор.
Ғылым уақыт пен кеңістік алға тартқан міндеттердің, сұрақтардың жауабын іздеумен ілгерілейді. Оның жаратылыстану, техника, математика, физика тәрізді салалары еңбек өнімділігін арттырумен ұлттың байлығын еселесе, қоғамдық-гуманитарлық салалары материалдық өндіріске жанама түрде оңтайлы ықпал етіп, түпкі мақсаты – ұлт ғұмырын ұзартуға қызмет етеді. Бұл орайда тарих ғылымының арқалаған жүгі мейлінше жауапты. Артта қалған жылдарда ұлттың тапқаны мен жоғалтқанын, бары мен жоғын, тағылымы мен тәжірибесін таразылаумен тарих ғылымы ұлттың санасын ашады, мінезін түзейді, отансүйгіштік қасиетін қалыптастырады. Тоталитарлық тәртіп үстемдік құрған кезеңде Қазақстан тарихы ғылымы бұл міндеттердің бірде біреуін толық атқара алмады. Мүмкіндік енді ғана туып отыр. Ауыл-селоның интеллектуалдық әлеуеті мен этномәдени дамуының тарихын зерттеумен тәуелсіз қазақ халқының, Қазақстандағы барша ұлттардың қарым-қабілетін ашуға серпін беретін тетіктер мен алғышарттарды жазбай тануға, оларды іске қосуға, нығайтуға қол жетеді. Қысқасы, жас мемлекетіміздің болашағы ғылымға тіреліп тұр, ғылымның болашағы мемлекеттік саясатқа берік байланды. Осынау өзара тәуелділіктің жігі қатаймаса, таяу арада ажырамайтынын жақсы түсінген Қазақстан басшылығы білім мен ғылымды сапалы жаңа биікке көтеруге қайрат қылуда. Қазақстанның әлемдегі барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясында ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін академиялық орталықтар мен оқу орындарын құру, осы заманғы білім беруді дамыту, кадрлардың біліктілігі мен оларды қайта даярлауды ұдайы арттыру және Қазақстан халқы мәдениетін одан әрі өркендету міндетінің күн тәртібіне қойылуы осыдан.
Мәселенің зерттелу деңгейі. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жарты ғасырға жуық уақыт ішіндегі Қазақстан ауыл-селосының интеллектуалдық әлеуеті мен этномәдени өмірін зерделеген ғылыми еңбектерді бірнеше бағытқа жүйелеуге болады.
Бірінші бағытқа философиялық зерттеулерді жатқызамыз. Ауыл-селоның әлеуметтік құрылымы, ондағы жұмысшы табының, колхозшы шаруаның, интеллигенцияның саны мен құрамы, өсу жолдары философ ғалымдар М. Аженовтың, Б. Амантаевтың, А. Ишмұхамедовтың, В.И. Зориннің, Ц.Р. Розенбергтің монографияларында теориялық-методологиялық тұрғыдан қарастырылды. Жаңа адамды қалыптастырудағы, оқуды өнімді еңбекпен, ғылыми-техникалық прогреспен ұштастырудағы білімнің орны мен маңызын философия ғылымы ұстанымынан зерттегендердің маңдай алдысы Ж. Әбділдин, Р.А. Клещева, С.Н. Соскин, А. Тұрғұмбаев сынды ғалымдар. Ұлттардың рухани өмірін зерделеуге философтар А. Айталы, Р. Әбсаттаров, Ә. Нысанбаев, Н. Жанділдин, Ж. Молдабеков сүбелі үлес қосты.
Әрине, маркстік-лениндік философия үстемдік құрып тұрған жылдарда жазылған зерттеулер мен тәуелсіздік тұсында жарық көрген зерттеулер арасындағы айырмашылық жер мен көктей екені түсінікті жайт. Мәселен, көрнекті философ Б.Амантаевтың 1969 жылы жарық көрген «Социализм и коренное преобразование социальной природы казахского крестьянства» атты монографиясы мәселенің тарихи-социологиялық қырын зерделеуге арналған еді. Мұнда қазақ шаруаларының санасын және моральдық-тұрмыстық қатынастарды өзгертудің материалдық негізі ретінде ұжымшар дәріптелгені өз алдына, ұжымшарлық демократияны теңдік пен бірліктің басты шарты ретінде дәйектеуге айрықша көңіл бөлінген. Социалистік жарыс колхозшылардың еңбек және саяси белсенділігін арттырған факторлар қатарына қойылады. Мұндай бұра тартулары үшін авторды айыптауға негіз жоқ. Коммунистік басшылық пен идеология басқаша жазуға мұрсат бермегенін енді түсінудеміз. Әйтпесе Б.Амантаевтай ғалым ұжымшарлардағы ахуалды, ондағы демократияның сиқын білмеді емес, білді.
Ал бүгінгі философиялық ғылыми пайым өресі мен батылдығы мүлде бөлек. Бұған профессор А.Айталы мырзаның зерттеуінен үзінді келтірсек әбден көз жеткізуге болады. «Социализм, - дейді А.Айталы, - қазақ ұлтының болмысына, дәлірек айтсақ, ұлтсыздануына үлкен әсер жасады. Қазақстандағы индустрияландыру, 1932-1933 жылдардағы аштық, 1937-1938 жылдардағы репрессия, жер аударылған халықтарды (кәрістер, немістер, поляктар, шешендер, ингуштер, т.б.) қоныстандыру, тың және тыңайған жерлерді игеру – қазақ халқының сан жағынан республикадағы алатын орнын төмендетті. Ұлттардың араласуы, ұлттық ортаның тарылуы орыстануға әкелді. Дінге тиым салу, ұлттық мектептердің азаюы, қазақ тілінің аясының тарылуы қазақ халқын төлтума қасиеттерінен айыра бастады; рухани азғындыққа итермеледі. Ұлттық деп атайтын интеллигенцияның көпшілігі ұлттық мәдениеттің, тілдің жақтаушысы бола алмады. Дәстүрлік мәдениет, тұрмыс-салт мал шаруашылығымен айналысатын қазақтардың арасында молырақ сақталған.... Сонымен, қазақ халқының бір бөлігі – ұлттық және тілдік ерекшелігінен айрылғандар. Олардың ұлттық танымы тар, рухы төмен, ұлттық психологиясы тегін танитын сана-сезімнен аспайды. Оларды қазақ мәдениетінің мұрагерлері деп айту қиын» [2].
Қысқасы, ауыл-селоның тарихы мен тағдырын философия ғылымы тұрғысынан әділ таразылау үдерісі енді басталды.
Екінші бағытты ауыл шаруашылығы өндірісінің материалдық - техникалық базасын, кадрлық әлеуетін, басқару жүйесін, ғылыммен байланысын қарастырған экономикалық зерттеулер құрайды. Олардың іргелілері Т.Әшімбаевтың, С.Бәйішевтің, А.Қошановтың, Ғ.Нұрышевтің, О.Сәбденовтың, Р.Алшановтың қаламынан туды. Мұнда да философиялық зерттеулердегі «тарихи тәжірибе» қайталанады. Бір ғана мысал келтірейік. 1979 жылы академик С.Бәйішевтің «Социально-экономическое развитие Советского Казахстана» атты жинақтама монографиясы жарияланды. Бұл – «кемелденген социализмді» мақтауға сөз таппай, мақтаудан ауыз босамай тұрған кез. Монография мазмұны уақыт талабына толық жауап береді. Қазақстандық 1 млрд пұт астық пен қой басын 50 млн-ға жеткізу төңірегіндегі идеологияланған ой-түйіндер ғылыми толғаныстан емес, партиялық шешімдерден туындап жатқанын бірден байқауға болады. «Среднегодовое производство зерна, - депті С.Бәйішев, - основного вида сельскохозяйственной продукции – ныне составляет 25 млн. т. Это дает возможность сдавать в закрома государства до 1 млрд. пудов хлеба ежегодно, что является величайшим завоеванием, возможным только в условиях развитого социализма. Дальнейшее развитие получило овцеводство. В ближайшем будущем его поголовье будет доведено до 50 млн. Достижение этого рубежа, безусловно, поднимает на новую ступень сельское хозяйство и станет очередным качественным сдвигом в экономике республики» [3, С. 267].
Өкінішке орай, аграрлық экономикадағы жағдай сол жылдардың өзінде бөрікті аспанға атқандай емес еді. Кейінде ахуал тіпті асқынып кетті. Мәселен, белгілі ғалым О. Сәбденов тәуелсіздіктің қарсаңы мен алғашқы жылдарындағы ауыл шаруашылығы ғылымының өзекті мәселелерін көтергенде ең өткір тұрғаны ғалымдардың әлеуметтік жағдайы екенін алға тартты. Еңбекақы деңгейінің төмендеуі мен әлеуметтік қорғаудың әлжуаздығы, деді ол, осы саладағы ғалымдардың 1992 жылы ғана 30 %-ын басқа салаға кетуге мәжбүр етті. Ауыл-селодағы ғылыми мекемелерде мұндай жағдай бұрын-соңды болып көрген емес [4, С. 7 ].
Тақырыпты зерттеген үшінші бағытты қозғағанда педагогика ғылымының нәтижелерін айтқан жөн. Ауыл-село тұрғындарының өмірін түбегейлі қайта құруда білім мен тәрбиенің айрықша мәні бар екенін кезінде А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов, О.Жандосов, Т.Жүргенов сынды біртуар қайраткерлер кешенді дәйектеген еді. Соғыстан кейінгі жылдарда осының ғылыми негіздемесін тұлғалы зерттеушілер Ә.Сембаев, Г.А.Уманов, К.Құнантаева, Т.Тұрлығұлов, М.Сарыбеков, Г.Нұрғалиева түзді. Айталық, Ә.Сембаевтың «Қазақ совет мектебінің тарихы» монографиясында жалпыға бірдей міндетті оқу, бастауыш білім, орталау және орта мектеп, тәрбие жұмысы мен жұртшылық, мұғалімдердің білімін жетілдіру тәрізді міндеттердің ауыл-селодағы жүзеге асуы сарапталған. Оқушылардан құралған ауыл шаруашылығы өндірістік бригадалары тәжірибесіне үлкен назар аударылған. «Бұл бригадалар, - дейді ғалым, - оқуды еңбекпен ұштастырудың аса тиімді түрі болуымен қатар тәрбие берудің де қуатты құралы болып отыр. Оқушылар ғылым негіздерінен алған білімдеріне сүйеніп, ауыл шаруашылық ғылымының жетістіктерімен және өндіріс озаттарының тәжірибелерімен таныса отырып, еңбекке тәрбиеленеді, өздерінің еңбегінің пайдалы екендігіне көздері жетеді» [5, 362 б.]. Өкініштісі - озық ойлы педагог ғалымдардың тұжырымдары мен ұсыныстары кеңес қоғамы басшылығының қолдауына ие бола бермеді. Мектептерде еңбекке тәрбиелеу үрдісі жүрдім - бардым ұйымдастырылғандықтан ауыл-селоның балалары аграрлық экономикадан хабарсыздығына қоса дәстүрлі өнерден – кесте тоқу, шөп шабу, мал сауу, зергерлік – мақұрым қалды.
Тақырыптың зерттелу деңгейін анықтаған төртінші топқа мемлекеттік-құқықтық еңбектер енеді. Соғыстан кейінгі жылдарда қоғамды мемлекеттік басқару, оның мәдени даму мен ұлтаралық қатынастарды реттеудегі қызметін заңгерлер С.Зиманов, Ғ.Сапарғалиев, И.К.Рейтор, М.Баймаханов, С.Сартаев, М.А.Биндер дәйектеді. Кеңестердің мал шаруашылығын көтерудегі, тың және тыңайған жерлерді игерудегі рөлін де заңгерлер назардан тыс қалдырмады. Мемлекеттік-құқықтық ғылымның Қазақстандағы эволюциясын жүйелеген ғалым Ш.Тлепинаның пайымдауынша, ауыл-селолық кеңестердің қызметін зерттеуге ауыл шаруашылығының маңыздылығы және оның өнімділігін көтеру қажеттілігі түрткі болды. «Экстенсивное сельское хозяйство нуждалось в несколько обновленном идеологическом стержне, - дейді Ш.Тлепина. Реализация генеральной линии партии в отношении всего сельского хозяйства (тотальное обобществление сельского хозяйства, преобразование колхозов в совхозы, индустриализация сельского хозяйства, слияние города и деревни) и сельских тружеников проводилась советскими органами. Следовательно, их изучение с целью совершенствования и укрепления было важно для политического режима» [7].
Мәселе тарихнамасының ерекше тобын тарихи зерттеулер құрайды.
Зерттеудің хронологиялық шеңбері. 1946-1991 жылдар Кеңестер елінде, оның құрамдас бөлігі Қазақстанда қалыптасқан саяси-идеологиялық, мәдени-экономикалық және демографиялық ахуалдың ерекшелігін ескерумен анықталды. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан КСРО тарқағанға дейінгі аралықты сталиндік және постсталиндік дәуір деп қарастырсақ, осынау мерзім аясында КОКП басқарған әміршіл-әкімшіл жүйе ауыл-село тұрғындарына материалдық-техникалық, қаржылық, біліми-мәдени қолдау көрсетуді маңызды міндет санады. Күштеп кәмпескелеуден, ұжымдастырудан, алапат аштықтан, соғыс жылдарындағы қиыншылықтардан есеңгіреген, паупер мен люмпенге айнала жаздаған ұжымшар мен кеңшар еңбеккерлері өзіне өзі келіп, айналасына қарайтын дәрежеге жетті, құқықтық, дәрігерлік, әлеуметтік қамтамасыз етілуі жетілді. Әйткенмен сапалы өмірлік көрсеткіштері бойынша қаладан кейін қалуы сақтала берді. Қазақстан ауыл-селосындағы интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасуы мен этномәдени өмірдің бұрынғыдан әлдеқайда әрленгені зерттеліп отырған жылдарға дөп келеді.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері 1946-1991 жылдарғы Қазақстан ауыл-селосындағы интеллектуалдық әлеует пен этномәдени өмірдің мәнін, олардың болмыс-бітімі мен табиғатына тән кеңістіктік және уақыттық ерекшеліктерді тарихи динамикада ашу болып табылады. Осы мақсатты жүзеге асыру міндеттері мыналар:
- Интеллектуалдық әлеует пен этномәдени өмір мәселесінің қазақстандық тарихнамасын жүйелілік және обьективтілік ұстанымдар биігінен талдау;
- «Интеллектуалдық әлеует» ұғым-түсінігін тарихи-методологиялық проблема ретінде дәйектеу;
- Қазақстан ауыл-селосының интеллектуалдық әлеуетіне 1946-1991 жылдары бастау болған қайнар бұлақтарды анықтау;
- Ауыл-селодағы этномәдени үдерістердің саяси-идеологиялық және демографиялық астарын ашу;
- Интеллектуалдық әлеует пен этномәдени өмірдің өзара ықпалдастығын зерделеу;
- Интеллектуалдық әлеуеттің қалыптасу жолдары мен кезеңдерін, олардың ауыл-селодағы ерекшеліктерін даралау;
- Агроэкономикалық кеңістіктегі интеллектуалдық қарымның орны мен маңызын, әкелген нәтижелерін бағамдау;
- Интеллектуалдық әлеует пен этномәдени өмірді жасақтаушы субьектілердің әлеуметтік келбетін сипаттау;
- Партиялық және идеологиялық өктемдіктің ауыл-селодағы интеллектуалдық және рухани құндылықтарға, ұлтаралық үйлесімге тигізген зардаптарын зерделеу;
- Агроэкономикалық және этномәдени аумақтағы кеңестік тәжірибе мен тағылымға қатысты қоғамдық-гуманитарлық, бірінші кезекте ғылыми-тарихи ой-санада орын алып отырған дискуссияға араласып, авторлық позицияны дәйектеу.
Диссертацияның теориялық және әдіснамалық негізін тарихилық пен ғылыми объективтіліктің базалық ұстанымдары, шығармашылық талқылаудың, өзекті ғылыми және қолданбалы әлеуметтік-саяси мақсаттардың шешімін негізі ретінде плюрализмді тану мен жүйелілік құрайды. Диссертант әдіснамалық тұрғыда әлеуметтік шындықты зерттеуде жүйелілікке сүйенуші әлеуметтік диалектиканы алады. Диссертанттың әдіснамалық пен әдістемелік түрлерін таңдап алуы тақырыптың зерттелу мақсатының және оның кезеңдерінің ерекшеліктеріне де байланысты. Зерттеудің жалпы ғылымилық әдіснамасы тарихилықты, логикалық пен жүйелілікті біріктіреді. Сол сияқты тарихи-диалектикалық, мәселелік-хронологиялық, салыстырмалық, статистикалық талдаулар қолданылған.
Диссертацияның ғылыми жаңалығы Отандық тарих ғылымында 1946-1991 жылдардағы Қазақстан ауыл-селосының интеллектуалдық әлеуетіне алғаш рет агроэкономикалық, әлеуметтік-демографиялық, этномәдени сипаттама беруді жаңа теориялық-методологиялық ұстаныммен жүзеге асырғанында. Мәселені осылайша зерделеудің арқасында төмендегідей жаңалықтарға қол жетті.
- Ауыл шаруашылығы өндірісінің материалдық-техникалық базасындағы ілгерілеу мен іркілістің индустрия саласынан ерекшелігі, интеллектуалдық қауымға тікелей және жанама әсері баяндалды;
- Интеллектуалдық әлеуеттің қозғаушы және жасақтаушы күші адам факторы, оның ішінде ең мәндісі мамандар мен оқығандар екені дәйектелді;
- Ауыл-селоның оқу-ағарту және біліми келбетін жетілдірудегі қаланың орны мен үлесі пайымдалды;
- Тың және тыңайған жерлерді игеру қазақстандық қажеттіліктен емес, Бүкілодақтық экономикалық мүддеден туындағаны, ұлыдержавалық астамшылықпен жүзеге асырылған оның саяси-идеологиялық және демографиялық нәтижелері ұлт республикасын ХХ ғасыр отарына айналдырғаны тиянақталды;
- Ауыл-селодағы интеллектуалдық қарымның нығаюы этномәдени әлемді сапалы жаңа биікке көтермей, Орталықтың жергілікті ерекшелікті белден басқан озбырлығы шектен шыққан соң байырғы және аз халықтарды тілдік, рухани қыспақта қалдырғаны, қайшылықтарға ұрындырғаны ой елегінен өткізілді;
- Қазақстан ауыл-селосының интеллектуалдық әлеуетін жасақтауға бүкіл кеңестер елі ат салысқанмен басты үлесті републикамыздың өзі қосқаны, оның адами-әлеуметтік субьектілік өлшемдері ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдар межесінде қалыптасып біткені дәлелденді;
- 1946-1991 жылдарғы агроэкономикалық ілгерілеудің негізінде социалистік меншік түрлерінен, қаптаған реформалардан гөрі жұмысшылардың, колхозшылардың, интеллигенцияның әлеуметтік-кәсіби және мәдени-техникалық оралымдығы жатқаны бекемделді;
- Ауыл-селоның әлеуметтік құрылымы кеңестік социология ұлықтаған 2+1 формуласына (екі тап, бір топ) сыймайтыны, үздіксіз өзгерісте болғаны, ерекшеліктері дәйектелді;
- Социалистік құрылыс тұсында этатистік мемлекет қоғам мүшелеріне, жеке адамға бас еркіндігін бермегені, меншіктен, биліктен шеттеткені, нәтижесінде интеллектуалдық қарым мен этномәдени орта мүмкіндіктері жартыкеш ашылғаны, тіл, ұлттық мектеп салаларында кері кеткені анықталды;
- Практиктер, автоклубтар, мәдени-спорттық кешен, ұлттық интеллигенцияның қалыптасу кезеңдері тәрізді мәселелер төңірегіндегі ғылыми пікірталасқа авторлық тұжырымдама ұсынылды.
Достарыңызбен бөлісу: |