ОҚО. Шардара ауданы
Сүткент ауылы
Т.Тәжібаев атындағы жалпы орта мектебі
Ашық тәрбие сағаты
Сыныбы: 6 «ә»
Мұғалімі: Утекова Жайнагүл Амангелдіқызы
Өткізілген күні: 07.03.2015ж.
Мақсаты: балаларды мейірімділікке, аналардың шексіз еңбегін бағалай білуге баулу, анасын сүю арқылы еліне деген сүйіспеншілігін арттыру.
Көрнекілігі: қанатты сөздер, қабырға газеттері, балалардың алдын-ала дайындаған ашықхаттары, аналар туралы үнтаспа, мерекелік безендірулер.
Б а р ы с ы:
Ерасыл: Әлемнің жарығын сыйладың сен маған,
Даланың әр гүлін жинадың сен маған, - иә, иә, бүгінгі күн әлемнің жарығын сыйлаған, өмір сыйлаған, махаббат пен жақсылық сыйлаған аналарға арналады.
Диана: Бүгінгі арайлап атқан нұрлы таңмен бірге әрбір сәби жүрегі өзің деп соқса, аналар, бүгінгі сән – салтанат та өздеріңізге арналады.
Ерасыл: Қош келдіңіздер, аяулы, ардақты, абзал жандар!
Мунира: Армысың, ауылымның асылдары!
Ерасыл: Жайнасын көңілдердің жасыл бағы.
Диана: Сіздер үшін ән мен күй, өлең мен би.
Ерасыл: Сіздер үшін мереке шашулары!
Мунира: Жанұяның жылуын суытпай, тал бесікті тербей отырып, тебірене толғар бесік жыры арқылы аңыз ертегілері мен жақұт жырлары арқылы ұрпағының бойына адамдық қасиеттерді дарытып отырған аналардың құдіретті сезімдеріне арналған тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
Ерасыл: Ардақты әжелер, құрметті асыл аналар, қадірлі ұстаздар, қыз-қызғалдақтар! Қар астынан қылтиып бәйшешек бой көрсеткенде көктемнің алғашқы хабаршысы болып Аналар мерекесі келеді.
Диана: Бәйшешек соншалықты нәзіктігіне қарамастан қалың қар астынан бүршік жарады. Біздің асыл аналарымыз да бәйшешектей барлық қиындыққа төзімді.
Аналар, көктемгі күндей жарқырап, гүлдей құлпырған гүл мерекелеріңіз құтты болсын!
Ерасыл: Дүниеде ең сұлу кім екенін білесің бе?
Мунира: Ең сұлу, меніңше, Роза Рымбаева, Баян Есентаева, Алтынай Жорабаева, Мақпал Жүнісова... Дүниеде сұлулар көп қой, айта берсең бітпейді.
Ерасыл: Жоқ, сен қателісесің, дүниедегі ең сұлу – ол қазақ анасы.
Диана: Солай ма? Қалайша?
Ерасыл: Қазақ анасы – бар мұратын отбасының игілігіне арнаған әлемдегі ізгі адам. Қазақ анасы – бар тілегін перзентінің жолына арнаған әлемдегі ең мейірбан ана.
Мунира: АНА, АНА, АНА! Не деген мейірімді, шапағатты сөздер еді! Осынау үш әріптен құралған қасиетті сөздің түп төркінінде қаншама ұлы сезім жатыр десеңші! Сезім мен қасиетті, бар махаббат пен шапағатты сыйдырып тұрған ана сезімін қадірлемейтін жан бар ма екен?
Ерасыл: Жақсылық атаулының барлығы да ананың ақ сүтінен жаралған.Олай болса, бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы да осы ана болмақ. Алғашқы сөзімізді аналардың анасы әжелерге, аналардың көмекшісі әпкелеріміз бен қарындастарымызға арнаймыз. Қабыл алыңыздар!
Диана: Алғашқы құттықтау сөзді мектебіміздің басшыларына береміз.
Ән: «Әрқашан күн сөнбесін!»
Кеңес: Сұра жеті атаны, айтып шығар мәз екен,
Нағыз ата әке де, нағыз ана әже екен!
Алтындасың, күміссің, солай айтам және мен,
Алатаудан биіксің, айналайын, ақ әжем.
Тосып дәмді-тәттіні, ол бар жерде бал жедім,
Мен ұйықтарда айтады ертегісін, әндерін,
Біздің үйде осындай әжетайым бар менің.
Ердәулет: Менің әжем, бұл әжем,
Айтқан сөзі дәл әжем
Аман болса көреді,
Қызығымды әлі әжем!
Бақытжан: Менің әжем нәр әжем,
Көп жасаған кәрі әжем.
Ауырғанда мен үшін,
Әр сүйгені дәрі әжем.
Аймекен: Менің әжем жыр әжем
Шуағы мол ақ әжем.
Ақ таяққа сүйеніп,
Аман-есен жүр әжем.
Мадина: Менің әжем - гүл әжем
Алтын әжем - күн әжем
Апам үшін мен үшін,
Нағыз ана тілі - әжем
«Асыл әжем» әні. Орындайтын Тастанбек Кеңес.
Қайсар: Сегізінші наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Жер бетіндегі тіршіліктің өзегін келешекке жалғаған, өсер ұрпағына құндақтағы шағынан ізгіліктің дәнін еккен аналар мерекесі және біздің ару қыздарымыздың мерекесі. Қазақ әйел затын ерекше қадірлеген. Ана –тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі.
Дариға: Барлықтарыңызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Жер-дүниенің жаңаруын, оның сәні мен мәнін паш етіп келе жатқан тамаша көктемнің мерекесі қарсаңында Сіздерге және отбасыларыңызға мол береке, бақыт, шаттық, мызғымас денсаулық, болашаққа зор сенім, көтеріңкі көңіл-күй тілейміз!
Аслан: Барша туған-туыстарыңызды жылы жүрегіңіздің мейірімділігі мен ыстық ықыласына бөлеуден шаршамаңыздар! Жылдан-жылға табиғаттың тамаша мерзімі – көктемдей құлпырып, жасара беріңіздер!
Дариға: Наурыз айының басында біздің еліміздің көп аймағында әлі де қар жатады. Қыстағыдай ызғарлы, бірақ көңілімізді көктемнің алғашқы мерекесі жылындырады. Бұл мерекенің жылдың басқа мезгілінде болуы қисынға келмейтіндей, себебі, көктем секілді әйелдер де адамзатқа өмір, жылылық пен әсемдік сыйлайды емес пе?
Қайсар: Арулар – аяулылар, ардақтылар,
Өмірдің жылуы боп қалмақ бұлар.
Арулар – тіршілікке күре тамыр,
Өмірді бір-біріне жалғап тұрар, - деп ақиық Мұқағали ақын жырлағандай «Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен» аналардың еңбектерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Аналары бақытты елдің ұрпағы да бақытты ғұмыр кешеді. Анасы жыламаған елдің баласы да жыламасы анық.
Дариға: Олай болса, бүгінгі кешіміздің қонақтары асыл аналарымызға құрмет көрсету – біздің перзенттік парызымыз. Өздерінің ғұмырлық өмірін балаға арнаған аналарымыздың жүздерінен әрқашан шаттық пен қуаныштың нұры кетпесін.
Аслан: Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,
Тәтті ұйқыңды бөліп талай түн қаттың.
Өміріме нәрін берді ақ сүтің,
Кең құшағың аясындай гүл бақтың.
Дариға: Мен өзіңмен қайда болсам біргемін,
Махаббатың жүрегімде жүр менің.
Күн нұрындай жадырай бір күлгенің,
Қандай жақсы ортамызда жүргенің.
Қайсар: Ер жеткізіп елге берген баласын,
Ақылдысың, ардақтысың, данасың.
Қарайтыным қас-қабағың бір сенің,
Қайратыңнан қайта көрме, анашым!
Дариға: Теңіздей тербетіліп көл бетінде,
Бишілер билеп кетті тербетіле.
Аққудай қалықтаған теңіздегі,
Бишілер өнерлерін көрсетуде
Көрініс «Шүмән апа».
Бақдәулет: Ана, Ана, Ана... Осы сөздің өзі адамға қандай күш береді! Дүниеде ананың мейіріміне, аялы алақанына не жетеді? Дүниеге келіп, көзіңді ашып, көретінің – Ана. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бауырына басып, біз үшін жан ұшыра шырылдайтын да – Ана. Тек жақсылық сыйлайтын да – Ана.
Гүлназ: Ана – біз үшін пана, дара, дана тұлға. Ана дегенде сөзге келмейтін тіл, лүпіл қақпайтын жүрек, мөлтілдемейтін жанар жоқ. Балаға анадан артық, анадан қымбат жан жоқ.
Мейрамбек: Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын, сұм соғыстың болмауын, қызыл гүлдің солмауын тілейді. Халық «Меккеге анаңды үш рет арқалап апарсаң да қарызыңды өтей алмайсың» деген сөз ананың соншалықты қадірлі екенін адамзатқа ұғындыру үшін айтылса керек.
Гүлназ: Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталады,
Сен деп жаздым алғаш өлең, дастанды.
Қуандым ба,
Өзің бар деп қуандым.
Жыладым ба,
Өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталады,
Жанарыңнан көрдім алғаш дастанды.
Еркелесем бір өзіңе еркелеп,
Жасқандым ба,
Тек өзіңнен жасқандым.
Бақдәулет: Ана деген – адамзаттың анасы,
Ана деген – сәбилердің панасы.
Ана деген – жарық жұлдыз, шырағың,
Ана деген – қайнар ыстық бұлағың.
Ана деген – өмірдегі қамқорың,
Ана деген – сүйенерің, жан құрбың.
Гүлназ: Орасақ та жәннат ішік, құндызға,
Баласақ та айға, күнге, жұлдызға.
Ана соның бәрінен де ардақты,
Одан асқан құдырет жоқ ұл-қызға.
Мейрамбек: Өмірде ана – бұлақ, ана – пана,
Өмірді өркендетер ана ғана.
Өсірген талай көсем, талай шешен,
Талай ер, талай ақын, талай дана.
Ана! Ол – біздің елде ардақты адам,
Кіші де, үлкен де оны ардақтаған.
Өзінің аяулысы Отанына
«Ана» деп біздің халық текке айтпаған.
Көңілің Алатаудың ақ қарындай,
Мейірімің күннің шуақ шақтарындай.
Қалайша аяулы ана тына алармын
Ән болып сағыныштан ақтарылмай.
Хор. «Анашым»
Бекжан: Жүрегі – күн, жаны – нұр, жүзі – шапақ,
Ана – мақтан, ана – өмір, ана – атақ.
Ана – дәуір, ана – абырой, ана – жауһар,
Олармен күн кешудің өзі ғажап!
Оразбек: Біз ғана емес қадір тұтқан балалар,
Аналардан туған небір даналар.
Ана деген – тіршіліктің тірегі,
Армысыздар, қасиетті аналар!
Мадина: Дүниедегі ең ардақты, асыл жан,
Анам мені мәпелеген жасымнан.
Мен қуансам қуанады ол бірге,
Мен қиналсам табылады қасымнан.
Маған қымбат жан жоқ сірә анадан!
Кеңес: Ана тұрса құшаққа алып баласын:
Бақыт, шаттық белгісіндей жарасым.
Қабағыңды кірбің шалмай өмірде
Қуанышқа кенеле бер анашым!
Аружан: Анам менің, асылым, лағыл әнім,
Кеудеңе мен гүл болып тағыламын.
Жұлдызыңдар көгіңде жазыламын.
Алыс кетсең аңсаймын, сағынамын,
Анам менің, асылым, лағыл әнім!
Жүзбай: Аяулы да алтын нұрлы анашым,
Жүрегіммен мәңгі бірге боласың.
Сен асқарсың, сен аспансың, биіксің,
Сен дархансың, сен жомартсың, данасың!
Аяжан: Асыл анам – алтын жан, асқар тауым,
Арайланып алдымнан атар таңым.
Әлпештедің, әлдилеп аяладың,
О анашым, бір өзіңсің сая бағым!
Бақытжан: Өмірде қымбат екен ана деген,
Өмірі гүл жаратын баламенен.
Біздерді ақ гүліндей аялаған,
Мен оның жалғасы боп қала берем.
Ердәулет: Шуақты көктем келді гүлін алып
Көктемнің мерекесі бүгін анық.
Өмірдің көктемі де, гүлі – Аналар
Ана деп бас иеді күллі халық.
Кеңес: Анашым менің – саялы қамқор шынарым,
Баулуға мені сан азап көріп шыдадың.
Тілерің болса алдағы жерде, анашым,
Үмітіңді ақтап, арналсын саған жыр – әнім.
Би «Саржайлау». Орындайтын «Беу қыздар-ай» тобы.
Аймекен: Әйел затының міндеті – сырттай қарағанда от басы, ошақ қасы секілді қарапайым көрінгенімен, нақтырақ зер салсақ, үй ішінің шаруасы – кәсібімен айналысып, бала - шағаны бағып - қағу, өсіру, ағайын жұрттың береке - бірлігіне ұйытқы болу сияқты негізінен үйелменнің құт - берекесін арттыратын ең бір маңызды істер әйелге жүктеліп, әр шаңырақтың тұрмыс - тіршілігі, хал - ахуалы да осы үйдегі ақ жаулықты аналарымыз болып келеді. Ендеше, осы күйбең тіршіліктен арылып, ұлдардың дайындаған әзіліне құлақ түрсек.
Кеңес: Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып,тағы да 8-наурыз халықаралық әйелдер күні келді. Осынау көркем мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Олар - өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі тек аналармен ажарлы. Бүгінгі арайлап атқан нұрлы таңмен бірге әрбір сәби жүрегі өзің деп соқса, бүгінгі мерекелік кешіміз де аналарға арналады.
Аймекен: Аналар жөнінде күн сайын қаншама жаңа жырлар, әсем әндер өмірге келуде. Әйтсе де, осылардың ешқайсысы да ақ жаулықты аналардың толық болмыс бітімін суреттеп бере алмайды. Ана деген күллі тіршіліктің иесі болғандықтан, олар жөніндегі әңгіме – жырлармен, қанатты да, шабытты да, ұлы да киелі әндермен аяқталуы мүмкін емес. Ол ғасырлар бойы жалғаса беруі тиіс.
Кеңес: Демеңіз біз өнерді аяп қалды,
Мезгіл де біраз жерге таяп қалды.
Қош болып тұрыңыздар көріскенше,
Осымен концертіміз аяқталды.
Аймекен: Жүрегім жыр толғайды,
Көңілім ортаймайды.
Аансы бар адамдар
Ешқашан қартаймайды, - дей отырып, сіздерге «Ешқашан қартаймаңыздар» дегіміз келеді. Көріскенше күн нұрлы болсын!
Кеңес: Әрқашан балаларыңыздың құрметіне бөленіңіздер! Уақыт бөліп келгендеріңізге көп-көп рақмет!
Аймекен: Сау-саламатта болыңыздар! Қорытынды сөз аналарымызда.
Достарыңызбен бөлісу: |