«Тапқыр достар»
атты сайыс сабағы
Мұғалім: Ибраева Асия Жұмабекқызы
«Тапқыр достар» атты сайыс сабағы
Сынып: 9,11.
Сабақтың мақсаты:
1. Білімділік. Оқушылардың қазақ тілі пәнінен ҰБТ-ға байланысты білімдерін тексеру, қайталау, білімдерін сырттай бағалау.
2. Дамытушылық. Оқушылардың ойлау, есте сақтау, еске түсіру, сөйлеу қабілеттерін дамыту.
3. Тәрбиелік. Оқушыларды адмгершілікке, қазақ тілін сүюге, білімдерін көрсете
білуге, жылдамдылыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: сайыс сабағы.
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап.
Пәнаралық байланыс: әдебиет, тарих, дүниетану.
Сабақтың көрнекілігі: суреттер, интерактивті тақтада сұрақтарға байланысты көрсетілетін суреттер, ұлттық тағамдар.
Әділқазылар алқасы: ..........................................................................
Сабақтың барысы: Кіріспе. Сайыстағы берілген сұрақтар ҰБТ-ға арналған.Сайысқа
5 оқушыдан екі топ болып 9,11-сынып оқушылары қатысады.
Сайыс 6 кезеңнен тұрады.
1. «Таныстыру».
2. «Мақал – сөздің мәйегі» (Отан, білім, достық тақырыптарына байланысты мақал-мәтел жарысы).
3. «Ас – адамның арқауы» (үй тапсырмасы-ұлттық тағам, оны қорғау.
9-сынып- бауырсақ, айран. 11-сынып- қуырдақ).
4. «Бәрін білгім келеді» ойыны (қазақ тілі, әдебиет, тарих, дүниетану).
Сұрақтары (аудирование және видео түрінде):
Қазақ тілінен:
1.Берілген сөздерді ретімен құрастырып, сөйлем түрінде айт: өсімдіктер, ұлан-байтақ, жерінде, алуан түрлі, Қазақстанның, өседі.
2.Мына сөйлем құрмалас сөйлемнің қай түріне жатады?
«Отан» деген сөзді күнде естиміз, себебі Отан дегеніміз- адамның туып өскен жері.
3. «Тілден артық қазына жоқ, тілден артық қасиет жоқ» деген сөз кімнің сөзі?
4.Берілген сөздердің синонимін тап:
ажарлы –
сыйлау –
Отан –
5.Тұрақты сөз тіркесінің мағынасын түсіндір: «Бөркін аспанға лақтыру»
Әдебиеттен:
1. Абай Құнанбаев қай жылы, қай жерде дүниеге келді?
2. Қазқ халқының үш бәйтерегіне кімдер жатады?
3. Суретте қандай лиро-эпостық жыр бейнеленген?
4. Суреттегі қандай әңгіме,оның авторы кім?
5. «Абай жолы» романының авторы кім?
Тарихтан:
1. Суретте бейнеленген кесене кімге арналған және ол қай жерде орналасқан?
2. Орта жүзді басқарған қай би, атын ата.
3. Қазақстанның тәуелсіздік күні қашан қабылданды?
4. Азиада ойынында Қазақстандықтар неше медальға ие болды?
5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік туының авторы кім?
Дүниетанудан:
1. Сарыарқа қай аймақта орналасқан?
2. Арал теңізі қай өңірде жатыр?
3. Іле Алатауының баурайында қандай қала орналасқан?
4. Ең төзімді жануар қайсы?
5. Батыс Қазақстанда қандай пайдалы қазба өндіріледі?
5. «Ойлан, тап» (жасырын суретті сөзді табу).
6. «Сегіз қырлы, бір сырлы» (өз өнерлерін көрсету).
- Армысыздар, құрметті оқушылар мен ұстаздар!
Сіздерді «Тапқыр достар» атты сайысымызды тамашалауға шақырамыз.
-Қуан далам, қуанатын күн бүгін,
-Серпіп таста, мұңды жүрек түндігін.
-Тіл туралы заңым енді күшіне,
-Паш еткендей кескен жаңа кіндігін.
- «Қазақ тілі
Ұрпақтар талайының
Сен тілісің
Адамзат Абайының» -дегендей,
Қазақстан Республикасының Президенті – Н.Ә.Назарбаев ел халқына жолдаған жолдауында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген болатын. Мемлекеттік тілді үйрену, білу, дамыту – баршамыздың міндетіміз және әркімге де парыз саналады.
-Сондықтан бүгін біз 9,11-сынып оқушылары арасында «Тапқыр достар» атты сайысты өткізгелі отырмыз. Сайысымыз 6 кезеңнен тұрады. Әр топтың білімін бағалайтын әділқазылар алқасы сіздер әр кезеңге ұпайды бірден беріп отырыңызда отырыңыздар. Сонымен сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
1-кезең - «Жүздің жүзін білгенше, бірдің атын біл» деген бар. Олай болса, сайысымыздың алғашқы кезеңін - «Айтпаса кім білер, ашпаса кім көрер», дегендей таныстырудан бастайық. Қане «Білім» тобы бастасын. (Әр топ өздерінің атын, ұрандарын, болса өлең жолдарын айтады).
1-ші топ – «Білім», ұраны: «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ». 9-сынып.
2-ші топ – «Бірлік», ұраны: «Бірлік болған жерде тірлік болады». 11-сынып.
«Білім бар жерде тірлік те, бірлік те бар» деп халқымыз айтқандай, екі топ өздерін таныстырып өтті.
2-кезең - Міне балалар,өзімізді таныстыруда айтылатын сөзіміздің сәнін де, мәнін де ашатын – мақал-мәтел. « Мақал – сөздің мәйегі», дегендей келесі кезеңіміз- мақал-мәтел жарысы.Мақал-мәтел «Отан, білім, достық» тақырыптарына байланысты болады.
–Қане енді әр топтың мақал-мәтелдерді қаншалықты білетінін байқайық. Сөз кезегі «Бірлік» тобына беріледі.
-Бәрекелді балалар! «Мақал- сөздің көркі» деп бекер айтылмаған.
3-кезең.- Мақалдап «Ас – адамның арқауы» деп тауып айтқан қазақ халқымыз дастархан байлығына ерекше мән беріп қараған. Тағам түрлерін қасиетті тағам- нан, ақ (сүт тағам- дары), қызыл (ет) тағамы деп үшке бөлген екен. Ал енді әр топқа үй тапсырмасы ретінде ұлттық тағам дайындап әкелу берілген болатын және оны қорғап, жасалуын түсіндіру. Келесі «Білім» тобы бастайды.
(9-сынып - «бауырсақ, құрт», 11-сынып-«қуырдақ») Мінеки осындай ұлттық тағамдарымыз бар екен. «Оқығаның маған жақсы, білгенің өзіңе жақсы» дегендей, келесі кезекте
4-кезең.- «Бәрін білгім келеді» брейн ринг ойыны
-Бұл ойынның шарты, яғни қазақ тілі, әдебиет, тарих, дүниетану пәндерінің ішінен бір пәнді және сол қатардағы ұпайдың біреуін таңдап алып, сұраққа жауап беру керек. Жауабы дұрыс болса, сол ұпай сіздерге беріледі.4 айналым болады. «Бірлік» тобы кезек сіздерге.
-Міне жарайсыңдар! «Көп білгенің артық болмас» демекші, сайысымызды ары қарай
5-кезең. «Ойлан, тап» ойынымен жалғастырамыз.
- Бұл ойында әр топқа жеке-жеке 3 суреттен беріледі. Суретті теріс қаратып қоямын. Әр топтан бір оқушыдан шығып, сол сурет туралы айтады немесе сол сурет туралы сұрақ қояды. Ал екінші топ оның қандай сурет екенін жылдам табу керек.
(3 айналым)
Қане енді «Білім» тобы бастаңдар.
6-кезең. –Жарайсыңдар, алға балалар! Осы тапқырлықтарыңмен тоқталып қана қоймай, « Өнер үйрен, өнерде бар түрлі сыр, жабық есік ашылады бірме-бір» демекші соңғы кезеңіміз - «Сегіз қырлы, бір сырлы»
-Қазақ халқы киелі я өнерліні сүйеді. Сондықтан қане, өнерлеріңді тамашалайық. Келесі кезек «Бірлік» тобы сіздерде.(өлеңді мәнерлеп оқу, ән айту, қазақша би билеу,т.б.)
- Бәрекелді балалар!
- Бойларыңда от бар екен, байқадым,
Жүректеріңде шоқ бар екен, байқадым.
Әрқашан да осы шоқты өшірмей,
Жалындатып шарықтаңдар әрдайым.
(Әділқазылар осы кезеңнің ұпайын айтқан соң, жалпы екі топты бағалауға дайын болғаннан кейін айтылатын сөзім)
-Қазылар орнықтырар әділдікті,
Кімдердің жауаптары кәміл шықты.
Білім мен тапқырлықтың сайысында,
Жеңіске жетер дейміз нағыз мықты, - дегендей, ойыншыларымызды бағалау үшін әділқазылар алқасына сөз берейік.
(Әр команданы әділқазылар алқасы бағалап болған соң)
Тіл - әр ұлттың қайталанбас байлығы. Тіл бар жерде ұлт та, ел де, жер де болмақ.
Тілден артық қазына, тілден артық қасиет жоқ екеніне көз жеткіздік.
-Сонымен міне біздің «Тапқыр достар» атты сайыс сабағымыз да өз мәресіне жетті.
Сабақта жақсы қатысқандарың үшін оқушылар сендерге көп рахмет. Көңіл қойып тыңдағандарыңыз үшін құрметті ұстаздар сіздерге де рахмет.
Достарыңызбен бөлісу: |