«Тіліміздің көсегесін көгерту өз қолымызда»
тақырыбындағы мақалаға талдау
(«Ана тілі» газеті, «Тіл тұғыры – ұлт ғұмыры» айдары)
13 - тамыз, 2015жыл
Бірақ тілімізге деген сүйіспеншілік пен құрмет әрбір қазақтың жүрегінен орын алмаса қанша жерден заң шығарып, қанша жерден қаулы-қарар қабылданғанмен ештеңе шықпайды. Бұған алғаш Тіл туралы заң қабылданған 1989 жылдан бергі уақыт куә.
Тіл туралы заң демекші, осындайда оны алғаш қабылдаған кездегі халықтың қуанышы, өзге ұлттардың әбігерге түскені есіме түседі. Ол уақытта біз Жаңаөзен қаласында тұратынбыз. Заң қабылданғаннан кейін сол кезде қазақтардан гөрі басқа ұлттар көп тұратын қалада қазақ тілін енгізу жұмыстары басталып кетті. Қалалық қазақ тілі қоғамы құрылып, оған тіл жанашыры Байбазар Ербақиев төрағалық етті. Қаладағы тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын автопарк автобустардың бағытын көрсететін жазуларды, қапталдарындағы ескертулерді қазақшалады. Мәселен, «ҚазГПЗ» дегенді «ГӨЗ», «Не уверен не обгоняйды» – «Сенбесең озба» дегендей. Сонымен қатар мекеме-кәсіпорындардың барлығында дерлік қазақ тілін оқытатын курстар ашылып, оған өзге ұлт өкілдері жаппай бара бастады. Қолдарына сол кезде шыққан «Қазақ тілінің 40 сабағы» деген оқулықты ұстап, абыр-сабыр болған олардың кейіптері әлі күнге дейін көз алдымда.
Сонымен қатар бұрын қалай болса солай оқытылып келген орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәндері жанданып, оларды оқытатын мұғалімдерге қойылатын талаптар күшейді.
Бұл жұмыс еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни 1991 жылы жаңа Тіл туралы заң қабылданғанда тіптен күшейе түсті. Енді жер-су атулары қазақшалана бастады. «Старый Узен» – «Қызылсай», «Новый Узен» – «Жаңаөзен» деп өзгерді. Орыс және орысша-қазақша мектептер қазақ мектептері болып қайта құрылды. Мұндай жұмыс тек Жаңаөзен қаласында ғана емес, республикамыздың барлық жерінде жүргізілді. Соның арқасында қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болды.
Әрине, өзге ұлттардың көпшілігі тіл саясатын қолдағанмен арасында ер-тоқымын бауырына алып, тулағандары да болды. Ондайлар жөнінде қалалық «Жаңаөзен» газетіне сын мақалалар жазылып, шаралар алынды. Солардың ішінде газеттің сол кездегі тілшісі Ағиба Қатешованың қазақ тілін мойындамай шамданған бір балалар бақшасының меңгерушісі туралы «Тарпаңдаған Тарабрина» деген мақаласы көпшіліктің әлі есінде.
Бір өкініштісі, қазақ тілін мойындамай, әлі де жоғарыға қарап жалтақтағандар қала басшыларының арасынан да табылды.Олар да тіл жанашырлары тарапынан аяусыз сыналып-мінелді.
Бірақ елімізде осындай зор қарқынмен басталған жұмыс кейін саябырси берді. Баяғы қолдарына қазақ тілін үйрететін оқулықты ұстап жүгіріп жүргендердің аптығы басылып қалды. Бұған тағы да өзіміз кінәліміз. Сол баяғы әдетімізге басып, бір-бірімізбен орысша сөйлесіп, балаларымызды орыс мектебіне беруді жалғастыра бердік. «Сырт көз сыншы» дегендей, біздің мұнымызды басқалар бірден байқап, қазақ тіліне мұрнын шүйіре қарауға қайта түсті.
90-жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басынан бастап елімізге шетелдерден инвесторлар көптеп келе бастағаны белгілі. Бірде солар, яғни америкалықтар жұмыс жасайтын «Техсако» компаниясының Бозашыдағы кен орнына бір топ журналистер іссапарға бардық. Түскі ас кезінде қазақ тілі туралы әңгіме қозғалғанда кен орны басшыларының бірі америкалық жігіт: «Біз алғашында Қазақстанға барасыңдар дегенде қазақ тілін білмейміз ғой, қиын болатын шығар деп жүрексіндік, барған бойда үйренуге бел байладық, сөйтсек мұндағы қазақтардың бәрі орысша сөйлейді екен, қазақ тілін білудің қажеті жоқтығын біліп, қазір орысша үйреніп жүрміз» деді. Мұны естіген біз не айтарымызды білмей төмен қарадық…
Тағы бір мысал. Қалалық емханада учаскелік балалар дәрігері болып жұмыс жасайтын көрші келіншек үйлерді аралап жүріп, бір америкалық отбасына тап болады. «Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, мен баяғы әдетіме басып, орысша сөйлеппін ғой, сөйтсем баланың анасы басқа бөлмеден жүгіріп барып орысша-қазақша сөздік алып келіп, менің орысшамды қазақшалай бастады.Оның мұнысын көріп тұрсам да орысшалап қоймаймын. Ол аударып әлек. Бір кезде барып, өзімнің қылығымның әбестігін түсініп, кешірім сұрадым. Сөйтсем, Маңғыстауға жұмысқа келген олар отбасымен қазақша үйреніп жүр екен. Бір жағынан шетелдіктердің тілімізге деген құрметіне риза болып, екінші жағынан өзіміздің тілімізді құрметтей алмай жүргенімізге ыза болған мен үйден өзгеше бір сезімде шықтым…» деген болатын.
Өмірде айта берсек мұндай мысалдар көп. Басқаларды былай қойғанда кейбір іс басындағы орыстілді шенеуніктердің ел алдына шығып алып, қазақша жазылған тілдей қағазды ежіктей оқып тұрғанын көргенде, олардың ең құрығанда халықпен ана тілінде жарқын жүзбен амандаса алмайтын мүшкіл күйіне ызаң келеді. Әттең, Бауыржан Момышұлындай ортадан олардың осынысын бетіне айтып, тойтарып тастайтын бір батыл азаматтың табылмағаны-ай дейсің ішіңнен. Айту былай тұрсын, олардың шикілі-пісілі айтқан сөздеріне ду қол шапалақтап, жарамсақтанатынымыз да біздердің қазіргі деңгейіміздің қаншалықты екенін көрсетеді емес пе?!
Бұдан да сорақысы сол ана тіліміздің қамын соғып, мұңын мұңдаған болып жүрген кейбіреулердің баласын немесе немересін орыс тілінде тәрбиелеп, оқытатын балабақша-мектептерге бергенін немесе бір өзге ұлт өкіліне бола жиналыстарды бастан-аяқ орыс тілінде өткізетін биліктегілерді көргенде баяғы құлдық психологиямыздан әлі арылмағанымызды, мұнымыздың өмірге жаңа келген жас сәбидің ана тіліміздің уызына қанбай, мәңгүрт болып өсуіне себеп болатынын жан-тәніңмен түсініп, күйінесің. Сөйтесің де ана тілінің қадір-қасиетін әлі де түсінбей жүргендерді айқайлап оятқың келеді, жер-жебіріне жетіп ұрысқың келеді…
Сөзімнің соңында «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегендей, ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, көсегесін көгерту өз қолымызда екенін ұмытпайық. «Ана тілің айбының. ұятың боп тұр бетте, өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қадыр Мырза Әлі жырлағандай ұлтымыздың ар-ұяты, асыл қазынасы ана тілімізді болашақ ұрпаққа саф таза күйінде жеткізейік ағайын дегім келеді.
Қорытынды: «Ұлттың тілі – ұлттың ділі» демекші, қандай ұлт пен ұлыс болмасын ең басты байлығы – ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі. Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел болып жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қызығына айналдыру – әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті.Ата-бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы – отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде айтып, сол тілде қуаныш ренішіңді бөлісіп, өзіңді, өзгені жұбату болып табылады. Бұл - ана тілінің қадір-қасиетін арттыра түсері даусыз.
Қазақ тілі және мәдениеті
кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Қ.С. Қалыбекова
Тақырып бойынша ұсынылады:
Мемлекеттік тіл // Тіл білімі сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1998.
Жұртбаев Т., Көркем аударма., А, Жазушы, 1986.
Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі. Алматы: «Арыс», 2004.
Достарыңызбен бөлісу: |