Р.Нұрғали.
ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН ҚЫЗЫЛ ТІЛ. Зерттеулер. Алматы: «Үш Қиян», 2009. -304 бет.
Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер Рымғали Нұрғалидың «Толғауы тоқсан қызыл тіл» атты зерттеу еңбегінде Алаш алыптарының тіл, әдебиет, халық, бостандық туралы ой-толғамдары мәтіндерді саралау арқылы нақты талданып, бүгінгі тәуелсіздік міндеттерімен сабақтастығы көрсетіледі. Ұлттық дамуымызға олжа салған қайраткерлердің шығармашылық тұлғасы сомдалып, қазіргі заманға қатысты көкейкесті, толғақты пікірлер айтылады.
Жинақ тіл тағдырын ұлт тағдыры деп ұғатын сергек оқырмандарға арналған.
РЫМҒАЛИ НҰРҒАЛИ
ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН
ҚЫЗЫЛ ТІЛ
Аннотация
Рымғали Нұрғали. Жаратылар жұлдыздар шоғырымен. Зерттеулер. Астана, 2009. 455 бет.
Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғылымға еңбегі сіңген қайраткер Рымғали Нұрғалидың «Жаратылар жұлдыздар шоғырымен» атты зерттеу еңбегінде Алаш алыптарының тіл, әдебиет, халық, бостандық туралы ой-толғамдары мәтіндерді саралау арқылы нақты талданып, бүгінгі тәуелсіздік міндеттерімен сабақтастығы көрсетіледі. Ұлттық дамуымызға олжа салған бірқыдыру қайраткерлердің шығармашылық тұлғасы сомдалып, қазіргі заманға қатысты көкейкесті, толғақты пікірлер айтылады. Тіл тағдырын ұлт тағдыры деп ұғатын сергек оқырманның бұл кітаптан алар тағлымы көл-көсір.
САБАҚТАСТЫҚ НЕМЕСЕ КІТАПТЫҢ БЕТАШАРЫ
Қазақстанға Сталин жендеті Голощекин келгенше Алаш қозғалысы, Алаш орда өкіметі оның серкелері туралы әредік обьективті пікірлер де айтылып отырды. Бұл ретте Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен қоғамдық-шығармашылық қызметі туралы М.Дулатов очеркі мен М.Әуезов мақаласын, Мағжан Жұмабаевтың ұлы ақындық сырын ашқан Ж.Аймауытов эссесінің салмағы мен құны, ғылыми және танымдық мәні бүгінде бір мысқал төмендеген жоқ.
Арнайы партиялық тапсырмамен құрастырылған Шафиро, Мартыненко жинақтарында қасақана жасалған бұрмалаулар, жабылған өтірік жалалар жыртылып айрылады, соған қарамастан бұл кітаптардағы бірталай тарихи деректер, құжаттар Алаштануға нақты қызмет ете алады.
Жиырмасыншы жылдардың аяғында басталған репрессия алпыс жылдай Алаш қайраткерлерінің атын атасаң – аузыңды қарыды, жазсаң – қолыңды шапты. Орыс отаршылары, коммунистік идеология қанша қылышынан қан тамғанмен, қазақ санасынан Алаш идеясын сөндіре алған жоқ. Алаш ұранды әдебиетті оқып біліп өскен тұтас буын бар еді. Олар көптеген шығармаларды жатқа айтатын. Жазушы Тахауи Ахтанов Мағжанның «Батыр Баянын» композитор Ахмет Жұбановтан естіген. Сөз саптауға келгенде Жүсіпбек Аймауытовты өз ұстазы екенін Ғабит Мүсірепов жасырмай айтатын болған. Большевизмнің ұраншысы Сәбит Мұқановтың өзі қызды-қыздымен Мағжанның ғашықтық жырларын қалай жатқа айтып кеткенін байқамай қалатын. Әдеби сарындастық Мағжан – Илияс – Қасым – Әбділда – Мұқағали болып жалғасты. Дала циклын, өлім туралы жырларды, өмір – өзен мотивін еске түсіріңіз.
Қолда бар, кітапханада тұрған Алаш қайраткерлері шығармалары түгелге жуық жиналып, өртелгенімен, арнаулы қорларда олар бәрібір сақталды. Жандарын шүберекке түйіп, үкімет қаһарынан қорықпай кейбір адамдар үрейлі кітаптарды үйлерінде ұстады. Бұл қатарда өзіміз араласқан, білген жазушы Сапарғали Бегалин – Мағжан, Жүсіпбек, профессор Бейсенбай Кенжебаев – Ахмет, Міржақып еңбектерін алпысыншы жылдарда аспирант кезімізде оқып білуімізге мүмкіндік берді. Мұндай байланыс әртүрлі арнада жүріп жатқан, Мекемтас Мырзахметов Бауыржан Момышұлы, Әди Шәріпов Төкен Әбдірахманов қоймасында жатқан Алаш жазушылары шығармаларын оқыған. Университетке бізбен бірге түскен ақын Құрманбай Толыбаев Қытайдан жасырын алып келген М.Дулатовтың «Оян, қазақ!» жинағын студент кезімізде таныстырды.
Ерекше қызық тағы бір деректі айта кетейік. Алматыда Жазушылар Одағы ғимараты жанындағы саябақта егде тартса да, сұлу өңі таймаған жұпыны киімді бір әйел дұрыстап сөйлесе білсеңіз, сұраған нәрсеңізді жан-жағына бір қарап қойып, қолыңызға ұстатар еді. Ол машинкаға басылып, түптелген Мағжанның бір томдығы, ол – әйел ақынның жары Зухра шешей болатын.
Қазақ мемлекеттік университетінде 1966 жылы бір жиналыс өтті. Ұйымдастырған профессор Бейсенбай Кенжебаев пен профессор Хайролла Махмудов. Сөйлегендер профессор Темірғали Нұртазин, доцент Александр Жовтис, жазушы Тахауи Ахтанов. Әңгіме Мағжан, оның поэзиясы, кітабын бастыру туралы болды.
Қауіпсіздік комитеті қызметкерлері жиналысқа келген адамдардың бәрін тізімдепті. Сөйленген сөздердің бәрі магнитафонға жазылыпты. Кейін білдік, сол жиын туралы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюросы арнайы мәселе қараған. Татар Хайролла Махмудов, еврей Александр Жовтис партияда жоқ екен, ал коммунист қазақ Бейсенбай Кенжебаевқа Партиялық қатаң сөгіс берілген.
Мағжан өлеңдерін орыс тіліне аударып, енді басқалы жатқан «Простор» журанылың бас редакторы жазушы Иван Шухов, осы әрекетті қолдаған мәдениет министрі Ілияс Омаров қызметтерінен босатылды.
«Жастық шақты бойлап» естелік кітабында башқұрт жазушысы Сайфи Құдаш Мағжан Жұмабаевты ұлы ақын деп мадақтады. Сол кітап СССР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылғанда біздің ағайындар башқұрт «ұлтшылын» әшкерелеп, арыз түсірді. Сыйлық берілмей қалды.
Тағы да сол Сайфи Құдаш Мағжанның өмірі мен шығармашылығы туралы, оны ақтау керектігін дәлелдеп Қонаевқа 100 беттік хат-зерттеу жіберді. Бірақ одан ештеңе өнген жоқ.
Алаш қозғалысы, Алаш Орда өкіметі, Алаш қайраткерлері туралы шетелдерде қазақ Мұстафа Шоқай, башқұрт Зәки Уәлиди Тоған, өзбек Баймырза Хайт, орыс, неміс, ағылшын, жапон ғалымдары еңбектері басылды. Анықтама, энциклопедияларда мәлімет берілді. Ең үлкен ерлікті Қытайдан Тахла Макан шөлінен өтіп, Гималай тауларынан асып, Кашмир арқылы Түркияға жеткен көштің басшысы Қалибек Хәкім Рахымбекұлының перзенті Хасен Оралтай жасады. Ол 1973 жылы Түркияда «Алаш – Орта Азия түркі қазақтарының ұлттық ұраны» атты кітап шығарды. Автор өз қолы жеткен құжаттар, деректер, суреттер, мәтіндер арқылы Алаш Орда, Алаш қайраткерлері туралы қысқаша анықтамалық, миниэнциклопедия дерлік еңбек тудырған. Кейін бұл саладағы қызметтерін Хасен Оралтай «Азаттық» радиосында жалғастырды. «Елімайлап өткен өмір» және «Елімайлап өткен өмірден кейін» кітаптарында толық тиянақтады.
Мәскеуде шыққан түркологтар туралы анықтамалық кітапқа Ахмет Байтұрсыновтың өмірбаяндық деректерін бергені үшін (оның өзі М.Дулатовтың 1923 жылғы мақаласынан көшіріп алынған) академик А.Кононов үстінен қазақтар арыз айтты. Ол аз болғандай В.Колбин алдында 1987 жылы сөйлеген бір тарихшы профессор «Біз өз ұлтшылдықтарымызбен өзіміз-ақ күресе алатын деңгейге әлдеқашан жеткенбіз» деп шіренгенін «Торжество ленинской национальной политики в Казахстане» деген кітапшадан оқи аласыздар. (Алматы, 1987, Қазақстан баспасы.)
Алаш қайраткерлерінің түп қазық идеясы – қазақ мемлекеті. Ол үшін ата-баба қанын төгіп қорғаған, сақтап қалған, мыңжылдар бойы ешқайда көшпей, тұрақты мекен еткен жерді бөлшектемей, жатжұртқа таптатпау, сатпау, жерден айрылғаның барлық байлықтан, дәулетіңнен, құт-берекеңнен айрылу, өлу, өшу деген сөз; мемлекеттік басқару дәстүрлерді сақтай отырып, алдыңғы қатарлы Европа, Америка, Жапония үлгісіндегі қағидаттарға негізделген демократиялық сайлаушылар арқылы жасалған жүйелермен жүру керек; бұл ретте ешкімнің нәсіліне, жынысына, дәулетіне байланысты шектеу жоқ; шикізат емес, ұқсатып жасаған, пайда әкелетін өнім шығару мемлекет әрекетінің ең бірінші шарты; қазақ тілін дамыту, оқулықтар, сөздіктер жасау, мектептер, университеттер ашу; өз ақшасын шығару, әскер құрып, елді – мемлекетті қорғау керек.
Қазақы дәстүрлерді берік ұстану, шариғат шарттарына адалдық, әлемдік ақсүйектік әдептерді жете меңгеру, достық, қарызға беріктік ең бастысы ұлт мүддесі үшін бәрін құрбан ету сияқты асыл қасиеттерді Алаш қайраткерлерінің баршасының бойынан табуға болады. Қазақ елінің пайдасына қызмет етер деген үмітпен Әлихан – Кадет партиясына, Ахмет пен Мұхтар Коммунист партиясына мүше болды, бұл үміт үзілген соң, үшеуі де ол партиялар қатарынан өз еріктерімен шығып кеткен. Олар мансапқа сатылу, билік алдында құлшылық ету, дүниеге, байлыққа ұмтылу дегенді мүлде білмеген. Біреудің ала жібін аттау жоқ. Ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға жиналған жылу малды есепсіз шашты, ағайындарына берді деген жаламен жауапқа тартылып Қызылордада көп алдына шыққан Жүсіпбек Аймауытов сүттен ақ, судан таза екенін оп-оңай дәлелдеп берген.
Халыққа аты мәшһүр, ұлтқа «Оян!» деп ұран тастаған ұлы Міржақып еліне қаламымен еңбек етемін деп, Думаның депутаттығынан бас тартқан ғой. Жөн-жосығын ешкім білмейтін, қарақан басы болмаса әлеуметке жасаған тырнақтай еңбегі жоқ, сайлау десе атын борбайлап шаба жөнелетін қазіргі далбаңбайлар осыдан үлгі алса етті.
Тарих қадірін білген ағалар: Әлихан, Ахмет, Міржақып, Халел, Мұхамеджан – алдымен Абылайды, Шоқанды, Абайды, Махамбетті, Кенесарыны таныды. Бір-бірінің орнын ерекше ұқты. Әлиханды серке деп мойындады. Сұлтанмахмұт, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтар сөзі бір жерден шықты. Мұндай рухани табысу, бағалау, емірене сүю Ахмет – Міржақып, Ахмет – Мұхтар, Мағжан – Жүсіпбек, Әлихан – Ахмет араларындағы бауырластық сыйластық құрметтен көрініп тұр. Олар басқа ұлт өкілдерімен де мұраттастық негізде құшақ жайыса білген Щербина – Ә.Бөкейханов, Потанин – А.Байтұрсынов, Брюсов – М.Жұмабаев.
Алаш қайраткерлерін ақтау үшін құрылған арнаулы комиссия 1988 орасан зор құжаттарды, деректерді, сот хаттамаларын, айыптау актілерін, көркем шығармаларды, зерттеу еңбектерін, газет-журнал материалдарын, түрлі арыз-шағымдарды, әртүрлі қорытындыларды түгел қарап, зердеден өткізіп, ақырында ұлтымыздың алып тұлғаларын өзіне қайтарды. Бұл іске белгілі ғалымдар, жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысты.
Сол шешімнен кейін тез арада газет-журналдар, баспалар алпыс жылдан астам темір құлыптың аржағында жатқан асыл дүниелерді жариялай бастады. Зерттеушілерге мүмкіндік туды. Кітаптар шықты. Диссертациялар жазылды. Алаш арыстарының еңбектері орта мектептерде, жоғары оқу орындарында оқытылатын болды. Алаш зерттеуші ғалымдардың үлкен шоғыры қалыптасты десек, заңгерлер С.Зиманов, М.Құлмұхамед, Ө.Озғанбаев, С.Өзбекұлы, философтар Ж.Әбділдин, Ә.Нысанбаев,Ғ.Есім, тарихшылар М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев, Е.Сыдықов, Х.Әбжанов, әдебиетшілер Қ.Мұхаметқанов, Ш.Сәтбаева, Р.Нұрғали, Ж.Әбдіғазиев, Ш.Елеукенов, М.Базарбаев, А.Еспембетов, Т.Жұртбай, Р.Тұрысбек, Д.Қамзабекұлы, Ө.Әбдиманов, тілшілер Т.Қордабаев, Р.Сыздықова, Ш.Құрманбайұлы, баспагерлер Ғ.Әнес, Д.Әшімханов, Е.Тілешов, Т.Шаңбай еңбектері толық дәлел бола алады. Бұған Алматыда, Астанада, Семейде ашылған, жұмыс істеп жатқан Алаштану орталықтарын қосыңыз. Арнаулы журнал шыға бастады. Семейде «Алаш» энциклопедиясы дайындалып жатыр.
Алаш қозғалысының әлеуметтік істердегі салған арнасы азат Қазақстан мұраттарымен сабақтас болса, рухани, шығармашылық мұраттары көркем шығармашылығымызбен кіндіктес.
Қазақ әдебиетінің жан-жақты дамып, барлық жанрларда қарыштап өскен, ұлттың рухани сұранысына жауап берген бай-бағылан дәуірін тудырған ХХ ғасыр қаламгерлері, олардың ғұмыры, тағдыры, шығармалары туралы бүгінге дейін айтылып келген пікір, талдау, зерттеу енді жаңа тұрғыда толығып, соны пайым, жинақтау тұжырыммен қоюлана түспек.
Жасыратыны жоқ, кеңес өкіметі құлап, компартия билігі құрығанға дейінгі жетпіс жыл бойы әдебиет, өнер, гуманитарлық ғалымдар марксизм-ленинизмнің аузына қарады. Бейнелі өнер, ишарамен сөйлейтін әдебиет тұп-тура саясат шапанын кие алмайды, бірақ әдебиеттану, сын саласында зорлықпен енгізілген қисындар көп болатын. Сондықтан да ХХ ғасыр әдебиетін жаңаша пайымдау, оның кезең-кезеңіндегі стильдік-жанрлық ізденістеріне, бейне, көркемдік қазынасына баға беру, талантты қаламгерлер шығармаларының эстетикалық байлығын анықтау, бір сөзбен бос топырақтан кенді аршып алу – жеңіл-желпі шаруа емес, бұл – көп қажыр-қайрат жұмсауды талап ететін ұзақ шиыр.
Қазақ халқының ұлттық рухының тамырына балта шабу үшін коммунистер ең алдымен осы қозғалыстың бастау көзінде тұрған Алаш көсемдерін, олардың ізбасар шәкірттерін бір қырып тастады да артынан большевизмді жақтаған, кеңес өкіметін мадақтаған коммунист зиялылардың өзін де сыпырып әкетіп, көзін жойды. Аман-есен қалған оқығандарды үнемі үркітіп-қорқытып отырды, анда-санда науқан жариялап, солардың ішінен де біреулерді жұлып алып, түрмеге тығып отырды.
Кеңес үкіметі, партиялық органдар қаншалықты қаталдық жасап, қырағылық көрсеттім дегенмен, алаш идеялары, ұлттық азаттық рухы, тәуелсіздік сарындары, әсіресе әдебиетте, өнерде, ғылымда жойылып кеткен жоқ.
Партия қаулы-қарарларымен ой нысанасын, тақырып жүйесін, бейне бағытын, әдіс тәсілін белгілеп берген кеңес дәуірі әдебиетінің алғашқы өкілдерінің бәрі де Алаш ұранды әдебиет шығармаларымен ауызданған, жазу-сызудың әліпбиін солардан үйренген.
Тарихшылар, әдебиетшілер еңбектерінде, оқулықтарда, түрлі құжаттарда, көркем шығармаларда, кинофильмдерде күні кешеге дейін парития, үкімет тарапынан қадағаланып, жоспарлы түрде бағытталып отырған арнаулы саясаттың нәтижесінде Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алашорда өкіметі туралы тарихи шындық бұрмаланып, қып-қызыл өтірік айтылып келді. Ең бастысы, Алаш қайраткерлері қазақ ұлтының қас дұшпаны болып көрсетіліп, олардың шығармаларына тыйым салынды.
Әділіне келгенде, Алаш қозғалысына қатысқан азаматтардың басым көпшілігі ұлт мүддесіне арналған күнделікті аршынды іс, қарымды әрекеттермен айналыса жүріп, қуғын-сүргін азабына қарамастан, әдебиет, публицистика, ғылым, аударма салаларында орасан бай мұра қалдырды.
Кейін қолдарынан билік кетіп, халыққа қызмет етудің бір-ақ жолы – оқу-ағарту саласы ғана қалған аз уақыт тыныс шақта ұлт тілінде ғылымның барлық жүйесі бойынша оқулықтар жасауға кірісті. Алаш ұранды әдебиетті жасаған қаламгерлердің жеке басына, шығармаларына тән ортақ, сапалы белгілер олардың тағдырын, мұрасын біртұтас құбылыс ретінде қарауға мүмкіндік береді.
Қоғамдық белсенді әрекетке, негізінен ХХ ғасыр басында шыққан бұл толқын 1905 жылғы алғашқы орыс революциясы, 1917 жылғы ақпан, қазан революциялары, өкімет басына большевиктердің келіп, кеңес өкіметінің орнауы секілді аспан жарылып, жер сілкінгендей ғаламат жарылыстар тұсында қайрат көрсетті. Осы ұлы ағыстардың баршасы олардың жеке өміріне, қоғамдық, шығармашылық тағдырына ықпал жасап, терең із тастады.
Табиғатынан дарынды жаратылған бұл буын өкілдері қазақы тал б есікте тербетіліп, исламның иманды бұлағынан нәр алып, мұсылманша хат танып, одан кейін жәдитше, орысша оқып, орта, жоғары дәрежелі білім алған: Орынбор, Омбы, Семей, Алматы, Ташкент, Уфа, Қазан, Мәскеу, Петербор секілді шаһарлар тәрбиесін көрген, өз заманының көзі ашық зиялылары. Бұлар мұғалімдік, инженерлік, заңгерлік, экономистік, дәрігерлік секілді сан алуан мамандық иелері. Түркі, славянды былай қойғанда, араб-парсы, ағылшын, неміс, француз секілді жеті жұрттың тілін меңгерген. Күрес жолына шыққан кезде бұл ерлердің бес қаруы сай еді. Сол замандағы кез келген озық елдің зиялыларынан асып түспесе, кем соқпайтын, әр түрлі ғылым негіздерін меңгерген, сегіз қырлы, бір сырлы тұлғалар еді. Алаш қозғалысына қатысып, Алаш партиясын құрысып, Алашорда өкіметін жасаған қайраткерлер ішінен қазақ әдебиетінің алтын діңгек, сом тұлғалары шықты. Отаршылдықпен шайқас, артта қалушылыққа қарсылық, надандықты мансұқ ету, азат, тәуелсіз демократиялық, дербес мемлекет құруды биік нысана ету, белгілі бір тап мүддесі емес, жалпы ұлт мақсаты үшін күресу, өркениетті нысана тұту – бұл ағымда болған ұлылы-кішілі азаматтардың баршасының дүниетанымына ортақ, етене қасиет сапалар еді.
Бұл идеялар қазақ әдебиетінде бұрынна бар үлгілермен қоса жанрлық формалар арқылы жүзеге асырылып, роман, драма, публицистиканың соны түрлері туды. Әлеи әдебиетінің классикалық шығармалары аударылды. Сөйтіп, әсіресе Абай сабақтарын нысана тұтқан, бұрынғы озық дәстүрлерді жалғастырған жаңа сапалы Алаш ұранды әдебиет тарихымыздағы ерекше кезең болып табылады.
Кеңес өкіметі, компартия тап тартысы, саясат шаруашылық саласында ғана емес, ғылым, білім, идеологияның да тізгінін қатал тартып ұстап отырды. Дәлірек айтқанда, марксизм-ленинизм ілімін темір заңға айналдырды, бұра тартқандардың басын шапты, тілін кесті. Орасан зор мақсатты іске асыру үшін арнаулы ұйымдар құрылды (Пролетар жазушылардың ассоциациясы, Жазушылар Одағы), партия, қауіпсіздік комитеттерінде өнер қызметін бақылап, бағыттап, тексеріп, жазалап отыратын арнаулы бөлімдер болды. Бұлар жазушы, әнші-күйші, суретші, композитор, сәулетшілердің жазған-сызған, істеген-жасағанын ғана емес, жүрген-тұрғаны, ішкен-жегені, ымдаған-сөйлегеніне дейін түгел аңдып, жіпке тізіп, біліп отырды. Тап тартысы, орыс үстемдігі, коммунистік мұратқа көлеңке түсіретін сәл нәрсенің өзі қырқылып, өшіріліп, жойылды. Бұл үшін жоғарыдан қаулы-қарарлар түсірілді, оларды талқылайтын, жан беріп, жан алатын жиналыстар өтті, «күнәһарларға» тас боран жасалды. Кеңестік идеология санасына әбден сіңген, соған ұйыған, Алланы ұмытқан, мұсылмандықтан безген, обал-сауапты, рахым-қайырды білмейтін қаныпезерлер әулеті қалыптасып, олар ел тарихын мансұқтап, отаршылар алдында бас шұлғып, ұлттық игіліктерден безіп шығып, санаткерлер төбесіне әзірейіл қамшысын үйірді.
Бірнеше репрессия, қызыл қырғыннан кейін ұлы қайраткер, қаламгерлерінен айырылып, есеңгіреп қалған, тұла бойын түрме, азап, ажал қорқынышы билеген жазушылар біріне-бірі сенбеді, аяғын аңдып басты, шошынды. Сөйтіп табиғи дарын еңсесі түсіп, қор болып, партия не айт десе соны айтты. Көр-жерді, бір күндік науқанды әуезе етті. Тырнақтай қабілеті жоқ әлдекімдер таудай талант иелеріне уағыз айтты, не жақсы, не жаманды үйретті, арыстанның басына албасты шықты.
Уақыт өтті. Заман өзгерді. Кешегі бай, кедей, завод, фабрика, колхоз, совхоз, 8 март, 23 февраль, 1 май, Халықтар достығы, Октябрь революциясы, Ленин, коммунист, азамат соғысы, колхоздастыру, индустрияландыру, Отан соғысы, шаруашылықты қалпына келтіру, тың шабуылы, космосты игеру секілді тақырып қуалап, саяси тапсырыспен өнер заңдарын мансұқ етіп, соцреализм талаптарына жауап ретінде жазылған дәмсіз, нәрсіз, өтірік шығармалар бүгінде жер жастанды.
Бірақ саптаяққа ас құйып, басынан қарауыл қарап, қаһарлы қылыштан қан тамып отырған қат-қабат қайшылықты заманда зорлық-зомбылық көріп, боздақтары қуғын-сүргінге ұшырап, мерт болғанмен, тірілер тірлігін жасады, қазақтың ұлы сөзі – қазақтың әдебиеті өлген жоқ.
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті әлемдік көркемдік тәжірибені меңгерген дарынды қаламгерлер жасаған, барлық жанрларда дамыған, сұлулық жүйесі қалыптасқан, биік эстетикалық деңгейге көтерілген маманданған өнер екенін тамаша туындыларымен әйгілеп берді. Алаш ұранды әдебиет мұраттары ілгері дамып, жай көзге оп-оңай шалына бермейтін, өнердің ғажайып ұлттық игілік, асыл арна, биік нысаналары көгала толқын іспетті ағыстар талантты қаламгерлер шығармаларында өрістен өріске көтеріліп, жаңа арналар тауып, буы бұрқырап жатты. Саясаттан қашу, тоталитаризм құрығынан құтылу үшін қаламгерлер шыншыл сөз өткізудің сан алуан тәсілін тапты: бүгінгі тақырыптардан кетіп, тарих қойнауына сүңгіді; астарлы, емеурін ой айту амалдарын меңгерді; сөз өнерінің табиғатына жат сарындардан безді. Көкейкесті сырларды бейнелі, суретті, ишара сырлы сөзбен айта білген үздік шығармалар халық махаббатына бөленді, ұлттың рухани игілігіне айналды; еліміздің тұрмыс-салтын, тарихын, мінез-құлқын өзге жұрттарға таныстырды.
Алаш тарихын 1917 жылдан бастау шындыққа келмейді деп білеміз. Тұтастай алғанда қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының нақты әрекеттері, әдебиеті мен музыкасындағы сары,н-мотивтер, данагөйлерінің ой тағылымындағы сан ғасырлық рухани қуат- 1905 жылы жанартаудай атылды. Бұл әйгілі Қарқаралы құзырхатында (петициясында) көрініс берді. Қазақ елі орыс патшалығына қарағаннан кейінгі әлеуметтік – саяси жағдайға толық баға берілген. Жер-суға, экономикаға, мемелекеттік құрылысқа, мәдениетке, дінге, мектепке қатысты талаптар нақты айтылған. Осы көкейкесті ойлар 1913 жылдан шыға бастаған «Қазақ» газетінің негізгі арнасын құрады, 1917 жылы құрылған Алаш партиясы бағдарламасының жұмыс жүйесіне айналды.
Алаш қайраткерлері шоқ жұлдыз іспетті қазақ елінің барлық өлкелерінде туған аса дарынды, жан-жақты таланттар. Олар партиялық ұйымдастыру істерінде, құрылтайлар өткізуде, бағдарлама жасауда, көркем әдебиетте, публицистикада, ғылымда, педагогикада, дипломатияда қатар, тең еңбек ете білді. Партияға мүше болған, ұлт үшін жандарын қиған мыңдаған қатардағы қаракөз тағы бар.
Алаш мүшелерін түгелдей қырып тастағанмен, олардың идеялары қазақ халқының санасында, жау жүрек перзенттерінің іс әрекетінде жалғасып жатты. Бұл ретте Алаштың бас шығармасын тудырған МұхтарӘуезов, коммунист бола жүріп алаш идеяларын іске асырған Смағұл Садуақасов, Ілияс Омаров, Бауыржан Момышұлы, Ілияс Есенберлин, Ермұхан Бекмаханов, Бейсенбай Кенжебаев, Жұмабек Тәшенов, Өзбекәлі Жәнібеков ерліктері ұмытылмақ емес.
БІРІНШІ ТАРАУ
СӨЗІ ЖОҒАЛҒАН ЖҰРТТЫҢ ӨЗІ ДЕ ЖОҒАЛАДЫ
ҚАЗ ЕДІК ҚАТАР ҰШЫП ҚАҢҚЫЛДАҒАН
Кезінде репрессияға ұшырап, мерт болған боздақтар қайта тірілді, сөнген жанып, жоғалған табылды. Алыптар қайта оралды.
Тұтас буынның төл басы, кешегі Абай, Ыбырай, Шоқан салған ағартушылық, демократтық бағытты ілгері жалғастырушы ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, түрколог, дарынды ақын-аудармашы Ахмет Байтұрсынов қалыптасқан дәстүрлі құжаттар бойынша айтқанда, қазіргі Қостанай облысы, Торғай атырабындағы, Сартүбек деген жерде ел арасында беделді, қайратты кісі Шошақ ұлы Байтұрсын шаңырағында 1873 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген.
Ахметтің “Өмірбаянында” көрсетуінше; мешін жылы, 1872 жылы туған, № 5 ауыл, Тосын болысы Торғай уезі. Қалың қазақ ортасы, қаймағы бұзылмаған сахара тұрмысы табиғатынан дарынды туған баланың сезім дүниесін, ой әлемін тербеп толқытады. Әділетсіз өмірдің улы зары бала жүрегін он үшінде жаралайды. Әкесі Байтұрсын мен оның інісі Ақтас қорлық, зорлыққа шыдамай, 1885 жылы 12 қазанда ояз начальнигі Яковлевтің басын жарып жібереді. Мұның арты – дүние-мүлікті тартып алу, түрме, абақты, Сібірге 15 жылға жер аударылу.
Табиғатынан аса дарынды туған талапты бала Ахмет 1882-84 жылдары әуелі көзі қарақты адамдардан өз үйінде хат танып, артынан жақын жердегі ауыл мектебінен сауат ашады да, 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі класты орысша-қазақша училищеде, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдік мектепте оқып білім алады. 1895 жылдың 1 маусымынан бастап мұғалім болады: Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атырабында бала оқытады, өмір, тіршілік күресіне араласады, әділет үшін күреседі, жуандарға, байларға қарсылық білдіреді, патшаның отаршылдық саясатын айыптайды. Ауылдық, облыстық, кейін екі класты мектептерде ұстаз бола жүріп, 1901 жылдан бастап қолы бос кездерде өзі ізденіп, сан алуан кітаптар оқиды, әдебиетпен айналысады, оқу құралдарын жинайды. Ел ішінде жас оқыған, еркін мінезді батыл ойшылдың бедел-атағы өсе бастайды. Полиция тыңшыларының жаласымен күйе жағылып, губернатор Тройницкий жарлығы бойынша Қарқаралы екі класты училищесінің меңгерушісі Ахмет 1909 жылы 1 шілде күні Семей абақтысына алынып, сотсыз, үкімсіз, нақақтан нақақ 8 ай бойы азап-қорлық көріп, торығады, қиналып ширайды, күреске белді бекем буады. Бостандық аңсаған, күреске шақырған өлеңдер жазады. Ақыры Қазақстанда тұру құқынан айырылғандықтан, 1910 жылы 21 ақпанда түрмеден шығып, наурыз айында Орынбор қаласына келеді. Бұдан кейін Ахмет Байтұрсынов өміріндегі ең күрделі, қызықты, қажырлы кезеңдер басталып кетеді. 1913-1918 жылдар арасында “Қазақ” газетінде редактор болып, орасан зор әлеуметтік-тарихи қызмет атқарады, халық өмірінің сан-алуан көкейкесті мәселелерін көтереді, елді прогреске, өнер-білімге үндейді.
Алаш қозғалысы тұсында (1918-1919 жылдың басы) Ахмет Байтұрсынов жаңа өткел, соны өріс іздейді. Ұлт азаттығы жолындағы күрес басшыларының бірі болады. Азапты толғаныс, күрес эволюциясынан өтіп барып, 1919 жылдың наурыз айында бұрынғы ұлт интеллигенциясының кейбір өкілдерін өзімен бірге алып, қазақ халқының мүддесі үшін қызмет етеді деген үмітпен Кеңес өкіметі жағына өтеді – Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери революциялық Комитеттің мүшесі ретінде оның жұмысына белсене араласады. Республика халық ағарту комиссары, Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің мүшесі, Коммунистік партия мүшесі (1920-1926 жылдар), Қазақстан Академиялық Орталығының жетекшісі, Ташкент, Алматы жоғары оқу орындарында профессор болады, сөйтіп жаңа заман үшін күреске кіреді.
Арман ақталмайды. Кеңес өкіметі патшаның отаршылық саясатын жалғастырады. Алаш зиялылары қуғынға түседі.
Адамшылық нормалар бұзылып, большевизм қылышынан қан тамған кезеңде Ахмет Байтұрсынов әуелі 1929 жылы бір ұсталып, абақтыға қамалып, лагерь тепкісіне түсіп, ұзақ азап көріп, 1936 жылы қайтып келгенмен, 1937 жылы тағы репрессияға ұшырап, 1938 жылы атылды. Ұлы жүректің ауыр тағдыры осындай, ал толық өмірбаянын жазу үшін көптеген архив деректері, замандас естеліктері, тарихи материалдарға сүйену қажет. Қазіргі қолда бар дүниелердің ішінде оның өзі орысша жазған “Жизнеописание” (1929, 8 наурыз), “Биография” (1929, 21 тамыз) деген материалдар айрықша бағалы. Бұлар Алматы университеті архивінде сақталған.
Ахмет Байтұрсыновтың ғалымдық, ақындық, публицистік, қайраткерлік істері өз заманында аса жоғары бағаланған. Қазақ ортасы, түркі әлемі ғана емес, орыс ғалымдары берген тарихи тұжырымдардың орны ерекше.
Кезінде Ахмет Байтұрсынов, оның ғылыми еңбектері туралы орыс ғалымдары проф. А.Смайлович (Литература турецких народов, “Литература Востока”, вып. І. ІІ., 1919), Е.Поливанов (О Киргизско-казахской орфографии. “Бюллетень СГУ”, вып. 7, Ташкент, 1924) бағалы пікірлер айтқан болатын.
Ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткерінің өмірі, шығармашылығы, әлеуметтік қызметіне байланысты маңызды еңбектер, негізінен, оның туғанына елу жыл толу мерейтойы тұсында жарияланды. “Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу Қоғамы еңбектерінде” (Орынбор, 1922) орыс тілінде екі мақала басылды. М.Дулатовтың “Ахмет Байтұрсынұлы (биографиялық очерк)” (15-25 беттер) мақаласындағы тарихи фактілер, деректер күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ. Ақиқатқа жүгінгенде, бұдан кейінгі уақыттарда А.Байтұрсынов өмірбаяны туралы жазған авторлардың бәрі де осы еңбектің материалдарын пайдаланғанын көреміз. Мақалада тұңғыш рет ақын, ғалым, публицист, қоғам қайраткерінің туған уақыты, кіндік қаны тамған жері, ол ортаның басты сипаттары, білім алған ошақтары, қызмет еткен орындары, әлеуметтік қызметтері, саяси-қоғамдық көзқарастарының өзгеруі, сан алуан эволюциясы жан-жақты ашылып берілген. Ал екінші мақалада А.Байтұрсыновтың ғылыми еңбектерін, әсіресе тіл саласында ендірген жаңалықтарын саралауға арналған.
Москвада 1929 жылы “Коммунистік академия” баспасынан шыққан “Әдебиет энциклопедиясының” 1-томында (305-306-беттер) А.Байтұрсынов: “Аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогі... Ол – қазақ тілі емлесінің реформаторы, грамматиканың және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы” деп бағаланып, негізгі өмірбаяны беріледі, қоғамдық-әлеуметтік қызметі айтылады.
Өз уақытының аласапыран құбылыстарын бағалау, болашақ алыс өрістерді көруге келгенде жас Мұхтар Әуезов даналығына таң қалмасқа болмайды. Алмағайып ағыстарға малтығып, қалың тұманда адаспай, Ахмет Байтұрсыновтың тарихтағы орнына қатысты дәл бүгінгі күнмен үндес, орайлас пікір-тұжырымды жігіт-желең, 25-26-лардағы балғын ойшыл қалай тауып айтты екен деп таң қаласың: “Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны, “Қырық мысал”, “Маса” еңбегі, “Қазақ” газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істелген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты біз ұмытқанда да тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкім дауласпайды”. (“Ақжол”, 1923, 4 ақпан).
Ахмет Байтұрсыновтың тарихтағы орнын, оның әлеуметтік-қоғамдық істерін, дүниетанымдағы ерекшеліктерін өз кезінде дұрыс көрсетіп, әділін айтқан адамның бірі – Сәкен Сейфуллин. Ол “Еңбекші қазақ” газетіне (1923 жыл, 30 қаңтар) “Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды” деген арнаулы мақала жазып, онда былай дейді: “А.Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан өз заманында патша арам қулықты атарман-шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губернатор, соттарға күшін сатып, тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызметтерін қылды”. “Қырық мысал”, “Маса” кітаптарын, “Қазақ” газетіне редакторлық еткен еңбектерін, Алаш кезеңін, артынан Компартияға кіргенін түгел шолып айта келіп, мынандай түйін түйеді: “Қалай болса да жазушы аз ғана, әдебиеті нашар қазақ жырларына оқу һәм тіл құралдарымен қылған қызметі таудай... Елуге келген Ақаңды шын көңілден құттықтап, өмірінің ұзақ болуын тілеймін”.
Түркістан республикасы Орталық атқару комитеті мен Түркістан Орталық партия комитетінің газеті “Ақжол” 1923 жылғы 4 ақпанында шыққан 270-санында:
“Қазақтың дыбысына, сөзіне арнап әліппе мен әріп, тіл һәм оқу құралдарын шығарып, қазақтың жалпақ тілін талайға үйреткен Ақаң еді. Ұлт қамы дегенді көксеген адам болмай, қазақ құлшылыққа кез болғанда бостандыққа жол көрсеткен Ақаң еді”, - деп жазылған.
Бұдан кейінгі уақыттарда, әділет принциптері бұзылып, адамшылықты таптаған зұлмат жылдар, нәубет, селебе, қанқырғын – репрессиялар басталған кезде, көп нәрсе мүлде бұрмаланды, “байтал түгіл бас қайғы” дейтін күндер туған. Ол шақта Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерін талдап, тарихтағы орнын көрсетпек түгіл, атын атаудың өзі – қылмыс, азамат басын жұтатын, абақтыға апарар жолға айналды.
Бірақ сонда да ескі газет-журналдарды, архивтерді ақтарған, көне кітаптарды оқыған сұңғыла жандар алдынан тұтас тау сілеміндей болып Ахмет Байтұрсынов мұрасы шығар еді; көзі – қарақты, қайрат-жігерінен, азаматтығынан айырылмаған аға буынның кейбір есті өкілдері, кейде оңашада, алды-артына бір қарап қойып: “Ақаң былай деген ғой” деп суырыла жөнелер еді. Профессор Бейсенбай Кенжебаев сынды жуас, момын көрінгенмен, іштей берік, қазақ әдебиеттану ғылымында тарихи мектепті негіздеген батыр ойлы ғалым өз шәкірттерінің біріне: “Мынау Ақаң жазған “Әдебиет танытқыш”, әдебиет теориясы. Мен 40 жыл сақтадым. Сенің диссертацияңа байғазы болсын. Қалған уақытта сен сақта. Бірақ байқа. Уақыты жетпей айқайласаң, таяқ жейсің. Аруақтың киесі ұрып, кесепаты тиюі мүмкін. Шарапаты тиетін уақыт келер. Ол күнді мен көрмеспін. Сендер көресіңдер. Мықты жерге тығып қой”, деген. Жас, өр кеуде, тұяғына тас тимеген шәкірт өмірде талай теперіш көріп, таяқ жеген, дана ұстаз тілін алды дейсіз бе. Ақаң кітабы, ондағы пікір-байлам, ой-тұжырым, жаңалық – табыс туралы айтып та, жазып та жіберген; жұрт білмей ме, көрмей ме, көрсетпей ме, - білген, көрген, көрсеткен. Сонда тұмсығы тасқа тиген шәкіртіне ұстазы айтқан сөз: “Ескерттім ғой, - болмадың. Енді оқасы жоқ. Шыда! Мұндайда еңбек етсең ғана еңсең көтеріледі”.
Қазақстанда Байтұрсынов есімін ауызға алуға да, жазуға да тыйым салынған уақыттарда түркологтар тарапынан оқта-текте ол туралы бірен-саран пікірлер айтылып қалып жүрді. Әсіресе академик А.Н.Кононов еңбегі қалың көпшілікті елең еткізді. Аты шартарапқа мәлім, беделді тілші ғалымның редакциясымен және алғы сөзімен Москвада 1974 жылы шыққан “Отандық түркологтардың библиографиялық сөздігі” кітабында Ахмет Байтұрсыновтың туған жылы, өскен ортасы, ата-бабасы, білім алған мектептері, қызмет еткен орындары, әлеуметтік-қоғамдық қызметі, басты еңбектері нақты айтылып, ол “араб алфавиті негізінде жетілдірілген қазақ әліппесінің авторы, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, сол сияқты әдебит теориясы мен мәдениет тарихы оқулықтарын жазды” (115-бет) деп тарихи тұрғыдан әділ көрсетілді. Кейбір қазақтың “қырағы” оқымыстылары бұл пікірлермен келіспей өз ұлтшылымызды өзіміз әшкерелейміз” деген пікір айтты (1997).
Қазақстан азаттық алғанға дейінгі Ахмет Байтұрсынов туралы жазылған пікірлердің сілемі осындай. Күрделі тұлғаның өмірі, ғылыми, әдеби мұрасы жайлы тілшілер - Ә.Қайдаров, Т.Қордабаев, Р.Сыздықова, С.Кеңесбаев, әдебиетшілер – Қ.Мұқамедқанов, Р.Нұрғалиев, тарихшылар – К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев, С.Өзбеков, жас ғалымдар – А.Мектепов, Ғ.Әнесов, Б.Байғалиев т.б. еңбектері шыға бастады. Бір томдық шығармалары, үлкен көлемді “Ақ жол” (құраст. Р.Нұрғали), “Тіл тағылымы” (құраст.Р.Сыздықова) кітаптары басылды.
Енді Ахмет Байтұрсынов мұрасының негізгі арналарына тоқталайық. Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсұнады. Бұрынғы ескі-ертегі, химия үлгілері емес, енді жаңа өлеңдік форма мысал арқылы, көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы – жан-жануар өмірінен алынған шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен Иван Андреевич Крылов (1768-1844) туындыларын аударып, “Қырық мысал” деген атпен 1909 жылы Петербургта бастырып шығарды.
Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан, қазақ тұрмысына ет-жақын суреттер ұласа келіп, бұл өлеңдерді халықтың төл дүниесіндей етіп жіберді.
Жүк алды шаян, шортан, аққу бір күн,
Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін,
Тартады аққу көкке, шаян кейін
Жұлқиды суға қарай шортан шіркін.
Аудармада мін жоқ, мүдірмей, тұтықпай, есіліп-төгіліп тұр. Ендігі кезең оқырманына қатысты жаңа ой, соны пікір, толғаулы сөзді ақын өз жанынан қосады.
Жігіттер мұнан ғибрат алмай болмас.
Әуелі бірлік керек болса жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас, -
деп елді тұтастық, ынтымақ жалауының астына шақырады.
Әр түрлі аңдар, әр түрлі адамдар кейпінен хабар беріп, ишара тұжырым жасалады. Кісілердің мінезі, өмір ағысы, тағдыр сабағы, заман қабағына қатысты көптеген жәйттерді, әсіресе патша отаршыларының зорлық-зомбылығы, жуандардың, байлардың тепкісі, елдің азып-тозуына байланысты сарындарды Ахмет Байтұрсынов жұмбақтап, тұспалдап жеткізеді, кейде ашық, дәл айтылатын ойлар да бар:
Қасқырдың зорлық болды еткен ісі.
Ойлаймын оны мақтар шықпас кісі
Нашарды талай адам талап жеп жүр
Бөріден артық дейміз оның ісін.
Алуан-алуан ойға жетелейтін “Қайырымды түлкі”, “Ала қойлар”, “Үлес”, “Қартайған арыстан”, “Өгіз бен бақа”, “Қайыршы мен қыдыр”, “Ат пен есек” мысалдарында әлеуметтік-қоғамдық жағдайларды мегзейтін оқиғалар, адамдар психологиясымен сарындас әуездер, тағылымды, ғибратты тұжырымдар мол орын алған. Аудармашы негізгі түпнұсқа тексіне орайластырып, көркем ойға ой, суретке сурет қосып, пікірді ұштап, жаңа сарын - әуез қосып отырады. “Қартайған арыстан” мысалына:
Бақ қонса, сыйлар алаш ағайын да,
Келе алмас жаман батып маңайыңа.
Басыңның бақыт құсы ұшқан күні
Құл-құтан басынады, малайың да, -
деген жалғасты түйін жасайды. Бірнеше кісі тіл таба алмай, берекесі кетіп, өртке шалдығып, үлестен құр қалады. Осы “Үлес” өлеңінің түйінінде ақын өз позициясын ашық көрсетіп:
Ойласақ оқиға емес болмайтұғын,
Ел қайда өзін жаудан қорғайтұғын.
Қазіргі пайдасына бәрі жетік,
Адам өз алдын қарап болжайтұғын.
Аңдыған бірін-бірі жаудан жаман
Байқасақ ел белгісі оңбайтұғын.
Бұл белгі табылып жүр біздің жұрттан
Таласып бір-бірінің жүзін жыртқан.
Алданып арқадағы дау шарына
Кәтерден кәпері жоқ, келер сырттан, -
деп терең маңызы бар әлеуметтік ой толғайды.
Арнайы зерттеген ғалымдардың көрсеткен деректеріне жүгінсек, Иван Андреевич Крылов Эзоп (біздің дәуірімізге дейін 6 ғасырда өмір сүрген рим мысалшысы) мысалдарының сюжетін пайдаланғанын көреміз. Шығармаларының соңғы бір басылымында Крылов 33 туындысының аударма екенін анық айтады.
Мысал жанрының қазақ әдебиетіне бойлап ену құбылысы әлемдік көркемдік дәстүрлердің типологиялық ұқсастығын көрсетеді. “Дала уалаяты” газетінде 1894 жылы 14 тамызда И.Крыловтың “Инелік пен құмырсқа” (аударған А.Құрманбаев) мысалының жариялануы – қазақ әдебиеті үшін жаңа бір арнаның басы еді.
Крыловтан Абай – 14, Спандияр Көбеев – 37, Бекет Өтетілеуов – 12 мысал аударған. Бір мысалдың бірнеше рет аударылғаны да бар. Мәселен: “Аққу, шортан һәм шаян”, “Ат пен есек”, “Қасқыр мен тырна”, “Шал мен ажал (өлім)”, “Айна мен маймыл”, “Маймыл мен көзілдірік” мысалдарын Ахмет Байтұрсынов та, Спандияр Көбеев те аударған. “Ала қойлар”, “Есек пен қамыс (шілік)”, “Бақа мен өгіз” мысалдарының Абай нұсқасы да, Ахмет нұсқасы да бар.
Абай аудармалары Крылов түпнұсқасымен көбіне-көп дәлме-дәл келеді, Спандияр Көбеев 8 мысалды қарасөзбен баяндаған. Ал Ахмет Байтұрсынов аудармаларында сюжет сақталғанмен, еркіндік басым, қазақ тұрмысына жаңа идеялар, заман тынысын танытатын жаңа ойлар айтылады. Түп негізі Федрдан алынған Крыловтың он жолдық “Шымшық пен көгершін” мысалы Ахмет Байтұрсынов аудармасында отыз екі жолдан тұратын жаңа шығарма. “Өгіз бен бақа” орысшада – 17, қазақшада – 36 жол, “Қасқыр мен тырна” орысшада – 19, қазақшада – 76 жол, “Арыстан, киік һәм түлкі” орысшада – 35, қазақшада – 56 жол, “Қасқыр мен қозы” орысшада – 37, қазақшада – 68 жол, “Ағаш” орысшада – 31, қазақшада – 56 жол. Бұл фактілер қазақ ақыны дәстүрлі оқиға, қалыпты бейнелерді ала отырып, ойға ой, суретке сурет қосып, жаңа, ұлттық төл туынды жасағанын көрсетеді. Бұрын емеурін, ишара, мегзеу, астар, мысалмен берілген ойлар “Маса” (Орынбор, 1911) кітабында ашық, анық, дәлді, нақты айтылады. Мұнда Ахметттің өз басынан кешкен қиын-қыстау күндер, ауыр жолдар, қуғын-сүргін, жетімдік-жоқтық, бірталай өлеңдерге арқау болады; ел тағдыры, халық қамы, бостандық арманы – басты сарын.
Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп,
Бітпейтін жүрегімде бар бір жарам.
Алданып жегеніме оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі қарам, -
деген жолдардың нақты өмірлік материалы әкесі Байтұрсынның 15 жылға Сібірге айдалып, қуғын көруі, бала жүректің тілім-тілім жаралануы. Ал, “Жиған-терген” өлеңіндегі
Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып,
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып, -
деген сөздерді патша цензурасы кезінде жібермей тастаған. Ақын ашынып сөйлейді, тартыстар, қайшылықтарды көрсетеді.
Бұл бір сөз қасірет айтып хатқа жазған,
Қалмаған түк қасиет қазақ азған.
Байға мал, оқығанға шен мақсат боп,
Ойлайтын жұрттың қамын адам азған.
Күрес идеясы, келешек қамы үшін арпалысу, ел болу мақсаты бар тілектен жоғары қойылады:
Мен бұқтым, жаттым,
Сен бұқтың жаттың,
Кім істемек қызмет?
Ауызбен айтып,
Істерде қайтып,
Жоламасақ не міндет?
Тек жүрсе тоқ жүрмекті
Қиын деме білмекті.
Қазір әлем поэзиясындағы ділмар сөз – афоризм боп кеткен түрік ақыны Назым Хикметтің:
Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап
Аспан қалай ашылмақ, -
деген жолдарының Ахмет Байтұрсынов өлеңімен әуендестігі кісіні таң қалдырады.
“Маса” кітабына енген өлеңдерде жеке бастың мұң-шері, тұрмыс-салт суреті емес, негізінен әлеуметтік, қоғамдық ойлар, азаматтық идеялар айтылады. Өзін-өзі күйттеген, байлық үшін, мансап үшін ар абыройын сатқан “жақсылығы өз басынан артылмаған”, “бос белбеу, босаң туған боз бала”, “бір тойғанын ар қылмаған шалдар”, “қайырсыз кеще сараң байлар”, “мәз болып құр түймеге жарқылдаған оқығандар” сыналады. “Туысыма”, “Досыма хат”, “Қазақ қалпы”, “Қазақ салты”, “Көк есектерге”, “Жұртыма”, “Қарқаралы қаласына” өлеңдерінде ұлы Абай сатирасын еске түсіретін сарындар, ойлар, образдар бар. “Анама хат”, “Жауға түскен жан сөзі” – қорлық-зорлыққа мойымаған, бостандық, еркіндік жолында бәріне көнген қайратты ерлер тұлғасын мүсіндеген жырлар. “Масада” Пушкиннен аударылған “Қыздыр дейсің мәжілісті, жан дейсің”, “Ат”, “Данышпан Аликтің ажалы”, “Балықшы мен балық”, “Алтын әтеш”, Крыловтан аударылған “Сорлы болған мұжық”, “Қаздар” шығармалары да берілген.
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп қапқаны, -
деген жолдарда өз уақытының сыры айтылса:
Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бір күншіл, менікі ертеңгі үшін, -
деген уақытта ақын болашақпен сырласқандай, өлместігіне сенеді.
Екі жинақ – “Қырық мысал”, “Маса” – қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен, өрнектермен байытты; Абайдық ақындық дәстүрі ілгері жалғасты, заман талабына сай жігерлі поэзия туды, бұдан кейін талантты ақындардың жаңа буыны тарам-тарам жүлгелерді тереңдетіп, жалғастырып әкететін болады.
Әр түрлі оқиғаларға, халықаралық жағдайға, заң, құқытану, жер мәселесіне отарлауға, ғылым-білімге, педагогикаға арналған “Тағы да народный сот хақында” (1911), “Қазақ һәм ІҮ Дума” (1912), “Земство” (1913), “Жер жалдау жайынан” (1913), “Көшпелі һәм отырықшы норма” (1913), “Уақ қарыз” (1913), “Бұ заманның соғысы” (1914), “Жәрдем комитеті” (1915), “Закон жобасының баяндамасы” (1914, осы мақала үшін Ахмет Байтұрсынов штраф-айып төлеген), “Қазақ халқын билеу туралы 1868 жылы шыққан уақытша положение” (1914), “Губернатор өзгертілуі” (1914), “Соғысушы патшалар” (1914), “Қазақ жерін алу турасындағы низам” (1913), “Қазаққа ашық хат” (1916), “Бастауыш мектеп” (1914), “Қазақ арасында оқу жұмыстарын қалай жүргізу керек” (1923), “Партия һәм кеңес құрылысындағы рушылдық әсері” (1926) сияқты көптеген мақалалар публицист Ахмет Байтұрсыновтың көзқарасы эволюциясын, тарихи білігін, ойшылдық деңгейін, журналистік қарымын көрсетіп, рухани даму кезеңдерімізден мол хабар береді.
Ал ғалымның тілші, әдебиетші ретінде жазған еңбектері бірнеше том боларлық мол дүние, бұлардың ішінде 1913 жылы жазылған “Қазақтың бас ақыны” еңбегі – оқшау, дара тұр.
Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысымыздағы орны, көркемдік-эстетикалық сипаттар дұрыс көрсетіліп, терең талданып, алғаш рет қазақ оқырманының алдына тартылды. Өмірдің сан алуан көкейкесті мәселелерін арқау етіп жазған Ахмет Байтұрсынов мақалалары алдымен “Айқап” журналында, 1913-1918 жылдар арасында өзі редакторлық еткен “Қазақ” газетінде, кейін кеңес баспасөзінде жарияланған.
Мақалалар саны көп, олар мерзімді басылым бетінде шашылып жатыр, бұларды жинап, сұрыптап, ой елегінен өткізіп, жүйелеп бастырып шығару арқылы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-тарихи зердеміздің қазір ойсырап, үңірейіп тұрған беттерін толтыратын боламыз. Қазіргі қолда бар материалдардың негізіне сүйенгенде қаламгер – оқу-ағарту, оқулықтар жасау, әліппе, емле, грамматика, жер иегері, кәсіп істеу, халықаралық қатынастар, тарих, құқықтану, заң, философия, қоғамдық күрестер, мәдениет, әдебиет, эстетика проблемаларын тереңнен қозғап, өз кезіндегі қоғамдық-әлеуметтік ойға мұрындық, ұйытқы болған пікірлер айтып, тұжырымдар жасаған. 1917-19 жылдар арасында әр қиянды шиырлаған кездерін автордың өзі де мойындаған. Ал, революциядан бұрын жазған еңбектердің басым көпшілігінің негізгі идеясы ағартушылық, демократтық, прогрестік биік нысана, олар біздің азаматтық, рухани дамуымыздағы маңызды, мәнді кезеңдер шындығын ашады, бірқыдыру ойлар, пікірлер дәл қазіргі уақытқа қызмет ететінін көруге болады.
Автордың “Қазақ өкпесі” мақаласында (“Айқап”, 1911, № 2) тарихи мәселелерге объективті, ғылыми тұрғыдан қарайтындығы көрінеді, қазақ хандығы неліктен құлады, өз алдына дербес мемлекет болып тұра алмаудың себебі, Ресейге қосылудың негізгі жайдайлары деген проблемалардың жауабы айтылады. “Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесепаты”, дей келіп, ел мен елді, ұлт пен ұлтты теңгеретін ғылым, өнер екенін айтып, оқуға, ағартушылыққа ден қояды.
Бұл бағытта жазылған, бірі-бірімен сабақтас мақалалар өте көп. “Оқу жайы” (“Қазақ”, 1913, № 11) мақаласында өз кезіндегі мектептер ісін тиянақтай отырып, сол тұстағы Қостанай уезіндегі сауаттылық мәселелерін қозғайды, әрбір жүз кісіден 6 еркек қазақша, әрбір мың кісіден 6 еркек орысша, әл әрбір үш жүз кісіден 1 әйел қазақша, төрт мың кісіден 1 әйел орысша хат таныды деген дерек келтіреді. “Қазақша оқу әлі бір белгілі тәртіпке келіп жеткен жоқ, кемшілігі есепсіз көп. Қазақша оқу кітаптары жаңа ғана көрініп келеді. Тәртіппен оқытарлық мұғалімдер аз, оқу программасы жоқ, белгілі оқу жолы жоқ, салған мектептер жоқ, мұғалімдерге арналған айлық жоқ, оқытудың қазақша оқуды аймаққа бірдей жеткілікті ететін жасалған өрнек жоқ, оқыту ғылымын үйрететін даримұғалимун (педучилище) жоқ” деп күйзеледі. Мұның үстіне автор қазақша, орысша, екі тілде білім алу жүйесін ерекше қолдап, “жалпақ жұрттың қолы орысша оқуға түгел жетсін, оқымаған жан қалмасын” деп дәл қазіргі күндегі тәуелсіздік шарттары алға міндет етіп қойып отырған терең білім беру принциптерімен үндес тұжырым жасайды.
Осыған жалғас ойларды “Қазақша оқу жайынан” (1913) мақаласында дамыта, нақтылай түсіп, автор былай деп жазады: “Бала оқытуын жақсы білейін деген адам әуелі балаларға үйрететін нәрселерін өзі жақсы білерге керек, екінші баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. Оны білуге баланың туғаннан бастап, өсіп жеткенше тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын білерге керек. Баланың ісіне, түсіне қарап, ішкі хәлінен хабар аларлық болу керек”.
Ғалым бұрын айтқан пікірін тағы да келтіріп, үдетіп беру машығынан таймай: “орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, керек болғанда қазақша оқығанның үстіне керек. Қазақша оқи, жаза білген соң, шама келсе, орысша білу қажет” деп тағы пысықтай түседі. Мұғалім мәдениеті, білім, оқыту әдіс жолдары талданады. Адам тәрбиелеудің жан-жақтылық тәсілдері, келісті кісі қалыптастырып шығару мәселелеріне арналған ойлардың тоғысқан бір тұсы – “Тәні саудың жаны сау” (1922) мақаласы. Ахмет Байтұрсынов “Лениннің елу жасы” (“Ұшқын” газеті, 1920, 11 мамыр, № 22) мақаласында В.И.Лениннің өмір жолын, Қазан төңкерісін жасаудағы қызметін, марксизмді ілгері апарудағы әрекеттерін тұжырымдап көрсетіп берген. Бұл –қазақ баспасөзіндегі В.И.Ленин туралы ғылыми пікір айтқан алғашқы еңбектердің бірі.
Ахмет Байтұрсыновтың қазақша әліппе жасауы, араб жазуына кіргізген реформасы, қазақ тіл білімінің негізгі терминдерін жұртымыздың образды ойлау мүмкіндігімен сабақтастырып өз топырағымыздан тауып, оларға тұңғыш анықтама бергені, дыбыс жүйесін (грамматика) қалыптастырып шығарған ұлы еңбегі өз кезінде де айтылған болатын. “Ахметтің октябрь төңкерісіне шейін қазақ халқын ояту ретінде көп еңбегі сіңді. Қазақ мектебі, қазақ тілі сықылды орындарда оның еңбегі мол... Әр тілдің айдауында жүрген қазақ балаларына қазақ тілімен кітап жазған, қазақ тілінің негізін жасап, қазақ мектебінің іргесін қалаған алғашқы адам – Ахмет. Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес. Бұны пролетариат та бағалайды”, - деп жазды Сәбит Мұқанов. Ғаббас Тоқжанов пікірі де осымен сабақтас. “Бір кезде сары маса боп ызыңдап оятқан Ахметті қазақ еңбекшілері де қадірлей біледі, сөзін оқып сүйсінеді”.
1929 жылы 5 мамырда Ахмет Байтұрсыновтың өз қолымен жасап берген “Газет және журналдарда жарияланғаннан басқа ғылыми, ғылыми-методикалық еңбектердің тізімі” деген құжат ҚазПИ архивінде сақталған. Мұнда: 1. “Тіл – құрал”, 1-бөлім. Фонетика, 2. “Тіл - құрал”, 2-бөлім. Морфология, 33. “Тіл - құрал”, 3-бөлім. Синтаксис, 4. “Әдебиет танытқыш”, 5. “Баяншы”, методикалық жазбалар, 6. “Тіл - жұмсар”, 2-бөлім. Практикалық грамматика, 8. “Оқу құрал”, балалар әліппесі, 9. Әліппе, 10. “Сауат ашқыш”, ересектер әліппесі, 11. “Әліппе астар”, әліппеге методикалық нұсқау, 12. “Қырық мысал” – Крылов мысалдары аудармасының жинағы, 13. “Маса”, төлтума және аударма өлеңдер жинағы, 14. “Оқу құрал”, хрестоматия (нұсқалық), (Шонановпен бірлесіп жазылған) – еңбектері көрсетілген. Бұл ерекше мәні бар материалдар деп білеміз. Кезінде М.Әуезов ауызға алған, қазір кейбір зерттеушілер айтып жүрген “Мәдениет тарихы” деген дүние көрсетілмеген, яғни өкінішке орай, ондай жұмыс жарық көрмесе керек.
Өз қолымен жазған “Өмірбаянында” (1929, 8 наурыз) Ахмет Байтұрсынов былай дейді: “Орынборға келгеннен кейін, біріншіден, қазақ тілін фонетикалық, морфологиялық және синтаксистік тұрғыдан зерттеумен; екіншіден, қазақ алфавитін (шрифтін емес), орфографиясын жеңілдету және реттеу үшін реформа жасаумен; үшіншіден, қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен; ақыры, ең соңында, төртіншіден, проза (іс-қағаз, публицистика, ғылыми жазба тіл) тілін кітаби тіл арнасынан стилистикалық өңдеу, қазақ сөздерінен термин жасау арқылы халықтың жады тілінің арнасына көшіру істерімен айналыса бастадым. Бұлар өзім жасаған оқулықтар және өзім редакциялаған “Қазақ” газеті арқылы іске асты”.
Бұл жолдарда ғалымның өмір бойы жасаған істері тиянақты, жүйелі түрде айтылған.
Ахмет Байтұрсыновтың тіл білімі саласындағы еңбектері саралау, жүйелеу, оларға тарихи тұрғыдан баға беру тілші ғалымдардың еншісіндегі – зор жауапкершілігі бар іс, көп жылғы көзжұмбайдан, қиянаттан арылатын тұс келді. Шолу түрінде көз жүгіртіп, ат үсті қарағанның өзінде толып жатқан соны шындық алдыңнан шығады. Бірер мысалға жүгінелік.
“Тіл құрал. Дыбыс жүйесі мен түрлері. 1 тіл танытқыш құрал”. Қазақ – қырғыз білімпаздарының 1-інші тобының қаулысы бойынша өзгертіліп 5-інші басылуы (Қызыл-Орда, 1925).
Сөз басы былай басталады:
“Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниедегі адамдар тілінен айрылып, сөйлеуден қалса, қандай қиындық күйге түсер еді, осы күнгі адамдар жазудан айрылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айрылғаннан жеңіл болмас еді. Біздің заманымыз жазу заманы – жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман...”.
Бұдан кейін жазуға үйрету, хат таныту мәселелері сөз болады. Қазақ мектептеріндегі оқыту жайлы, олардың қиындықтарын таратып айта келіп, автор өзінің оқыту әдістерін ұсынады. Жалпы ғылыми мәні бар пікірлерді де айтып отырады. Мына тұжырымға көңіл бөліп, ой жүгіртіп көріңіз:
“Дүниедегі жұрттардың тілі негізінде үшке бөлінеді: 1) түбіршек тіл, 2) жалғамалы тіл, 3) қопармалы тіл. Түбіршек тіл түпкі қалыбынан өзгерілмей жұмсалады, мәселен: қытай, жапон тілдері. Жалғамалы тіл сөздің аяғына жалғау қосылып өзгерілетін тіл, мәселен: түрік, финн тілдері. Қопармалы тіл сөз түбірімен қопарылып, өзгертілетін тіл, мәселен: орыс тілі, араб тілі” (11-б.).
Кісі таңқалады, дәл бүгінгі оқулықтардың бәрінде жазылған сөз секілді әсер етеді.
Ал “Біз де тіліміз бүлінбей сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз. Қазақтың бастауыш мектебінде басқа білімдермен қатар тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін де үйрету керек” деген пікірлер ешқашан өз маңызын жоймақ емес.
“Тіл құралы” оқулығы “Сөз басы” (1-3-б.), “Тіл мүшелері”, “Сөйлеу мен сөйлем”, “Сөйлем мен сөз”, “Сөз бен буындар”, “Буын мен дыбыс” (3-10-б.). “Қазақ тіліндегі дыбыстар, олардың таңбалары” (11-14-б.), “Сөз тұлғалары” (15-16-б.), “Сөз жазуының жалпы ережелері” (17-18-б.), “Жұрнақтар” (19-20-б.), (19 түрі көрсетіледі), “Атауыш сөздер” (27-33-б.), (Зат есім, Сын есім, Сан есім, Есімдік, Етістік), “Шылау сөздер” (34-37-б.), Үстеу, Демеу, Жалғаулық Одағай сөз, Қорыту” (38-б.), “Тасымал” (39-б.) бөлімдерінен тұрады. Әрбір ұғымға анықтама берілген, мысалдар келтірілген, “Сынау” деген айдармен түрлі жаттығу тапсырмалар ұсынылады. Берілетін анықтамалар өте ұғынықты, мәселен, зат есімге арналған тұжырымға назар аударайық.
“Сөздердің кейбіреуі нәрсенің өзін айтады, мәселен, жер, тау, тас, су, ағаш, шөп, жапырақ, күн, ай, жұлдық, бұлт, қар, жаңбыр, жел, бу, сағым, кісі, мал, аң, құс, бақа, шаян, шыбын, шіркей, құрт, құмырсқа, қала, ай, төсек орын, аяқ-табақ, киім, қазан-ошақ, арба, шана, жеміс, бақан, сойыл, құрық, таяқ, табақ, асық, топай, доп, қобыз, домбыра, сыбызғы, ақша, киіз, қадақ, мылтық, найза, қылыш, қанжар, оқ. Осындай нәрсенің өзін айтатын сөздерді зат есім дейміз. Зат есім туралы “кім?”, “не?” деп сұраймыз. “Кім?” деп адам туралы сұраймыз. “Не?” деп басқа заттар туралы сұраймыз” (27-бет).
Осындай тілдік ұғымдарға берілген анықтамалардың дәлдігі, ғылыми тереңдігі түрлі категорияларды сұрыптаған, жіктеген кезде, оларға қазақша термин, атау берген кездерде тіпті айқын көрінеді. Қазіргі қазақ тілі ғылымының түп қазық ойлары тіпті әріде жатқанын оларды бірінші болып Ахмет Байтұрсынов тұжырымдағанын көреміз.
Тағы оқып көрейік: “Сөйтіп сөз тұлғасына қарай беске бөлінеді: 1) түбір сөз, 2) туынды сөз (туғын сөз), 3) қос сөз, 4) қосалқы сөз, 5) қосымшалар. Сөздер мағынасына қарай тоғыз топқа бөлінеді: 1) Зат есім, 2) Сын есім, 3) Сан есім, 4) Есімдік, 5) Етістік, 6) үстеу (үстеуіш), 7) демеу (демеуіш), 8) жалғау (жалғауыш), 9) одағай (еліктеуіш, лептеуіш)” (38-б.).
Алғашқы бесеуін “есімдеуіш, атау сөздер”, ал соңғы төртеуін “шылау сөздер” деп және топтайды. Қысқасы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсыновтың мақалаларын, баяндамаларын, оқулықтарын, негізгі еңбектерін тұтас жинап бастырып, оларды бағалау – азаматтық, ғалымдық борыштарымыздың бірі, қайткен күнде тарихи шындыққа қиянат жасамау, әділетті орнатуға азаттық, еркіндік дәуірі мүмкіндік беріп отыр.
Әдебиетші ақын Ахмет Байтұрсыновтың өнерпаздар мұрасының маңызды саласы ол жинап, реттеп, өңдеп бастырған – фольклор материалдары. Мұның бірі – 1923 жылы Москвада Күншығыс баспасында шыққан “Ер Сайын” жыры. Кітап Шоқанның досы, әйгілі орыс ғалымы Григорий Николаевич Потанинге тарту ретінде шығарылған. Ахмет Байтұрсынов жазған арнау өлең:
Атақты Сібір ұлы қарт Потанин!
Ер сүйсе, сендей сүйсін ел Отанын.
Қазақсың, қалмақсың деп алалау жоқ,
Отанның тең көресің барша жанын.
Қазаққа Потаниннің аты ардақты
біліп отыр қанша шалын, -
деп басталады да былай аяқталады:
Біз едік қадыры жоқ ұл әкеге,
Көп жатқан мешел болып көлеңкеде,
Әл бітіп, жаңа ғана аяқ басып,
Іліндік біз де жетіп мерекеге.
Тойына шашу алып шаттанамыз,
Білдіріп жүрек лебін Грекеңе.
Бұл Ахмет Байтұрсыновтың Григорий Потанин 80 жасқа толғанда, 1915 жылы жазылған, кезінде жарық көре алмай қалған өлең екен.
“Ер Сайын” жырының соңында Радлов нұсқасының тараулары да берілген, кітап аяғында Г.Н.Потаниннің өмірбаяны бар.
Ахмет Байтұрсынов жинап, реттеп, сұрыптап бастырған екінші фольклорлық мұра – 1926 жылы Москвада жарияланған – 23 жоқтау. Әдеби тілдің қалай жасалатынын айта келіп; “Әдеби тіліне негіз етіп аузындағы тіл алынбаса, ол әдебиет адасып кетпек, енді ғана өсе бастаған қазақ әдебиетін алғанда мұны естен шығармау керек... Тіл тақырыпты Ленин сияқты көсемдердің айтқан сөздерін, үгіттерін оқыған не естіген кісі жолымыздың тура екендігін байқаса керек”, -дейді. Жинақ Шәңгерейдің “Сыршы” деген өлеңінің:
Құйрық атып құлия,
Түлкідей қашқан жымия.
Қараңдыүзіп барасың,
Бізден қайран дүние...
Дәурен өтіп, жас жетіп,
Замандас құрбы адамдар
Азайып келіп о бітті.
Көрген түстей бәрі де
Көзімнен болды зым-зия, -
деген жолдарымен басталады. Қазақ тарихының 400 жылдық мерзімін қамтитын 23 жоқтау, трагедиялық жырлар берілген. Бұлардың ішінде Бапай батыр, Қаз дауысты Қазыбек би бірнеше тарихи тұлғалар бар, түсініктемелерде дәлді деректер бар.
Ахмет Байтұрсыновтың ғалым-теоретик, эстетик-сыншы тұлғасын айқындап беретін күрделі, толымды, жаңашыл туындысы Ташкентте 1926 жылы “Әдебиет танытқыш” (“Теория словестности”) деген атпен басылған. Араға екі-үш жыл салып, авторы ұсталып кеткен соң, бұл еңбек көпшілік арасына мол тарап үлгермеді. Бірақ қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған.
Ғалым әдебиеттің барлық жанрларына, көркемдік құралдарына қатысты европалық орыс әдебиеттануындағы ұғым, термин, категорияларға шып-шырғасын шығармай түгелдей қазақша балама табады. Баспасөзде, кітаптарда, оқулықтарда, радио-теледидарда қазір кең де еркін қолданылатын сөз дұрыстығы, тіл тазалығы, тіл анықтығы, тіл дәлдігі, көрнектілігі, оның тараулары, көрнектеу, мегзеу, теңеу, ауыстыру, бейнелеу, алмастыру, кейіптеу, әсірелеу, арнау (сұрай арнау, жарлай арнау, зарлай арнау), қайталақтау, шендестіру, дамыту, үдету, түйдектеу, бүкпелеу, кескіндеу сияқты ұғымдарды тұңғыш ретенгізіп, осы сөздерді термин дәрежесіне көтерген, дәл анықтап берген – Ахмет Байтұрсынов екенін айту – тарихи әділет. Басқа әдебиетшілер саны пайдаланды, дамытты (Қ.Жұмалиев, Е.Исмайылов, З.Ахметов, З.Қабдолов т.б.).
Бұл – бұл ма, өлең айшықтары, шумақ түрлері, тармақ толғаулары, бунақ, буындар, ағындар, тармақ кезеңдері, ұйқастар – осы тектес өлеңтану категориялары да “Әдебиет танытқышта” жасалды. Қазақ әдебиетінің өзіне тән жанрлық формаларын топтап, жіктеп берудегі ғалым даналығына таң қаласың. Эпосты - әуезе, лириканы – толғау, драманы – айтыс деп бір қайтарып алып, сала-салаға жіктеп әкетеді; шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме, тарихи әңгіме, саясат шешен сөз, билік шешен сөз, қошемет шешен сөз, білімір шешен сөз, уағыз, көсем сөз (публицистика). Ауыз әдебиеті түрлері былай жіктеледі: ертегі, аңыз-әңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, бас қатырғыш – бұлар бір топ. Батырлар жыры, тарихи жыр, айтыс өлең, үгіт өлең, толғау, терме – бұлар екінші топ. Мысал, ділмар сөз (афоризм), тақпақ, мақал, мәтел – бұлар үшінші топ. Той бастар, жар-жар, неке қияр, беташар, жоқтау, жарапазан, бата – бұлар төртінші топ. Жын шақыру, құрт шақыру, дерт көшіру, бесік жыр – бұлар бесінші топ. Сан алуан фольклорлық шығармаларды топтап, саралауға мүмкіндік беретін сауықтама, зауықтама, сарындама, салттама, ғұрыптама, қалыптама деген терминдер қазіргі ұғымымызға өзі сұранып тұр.
Қазақ әдебиетін дәуірлерге бөлуде де толып жатқан жаңалық бар. Хисса, хикаят, насихат, мінажат, мақтау, даттау, шығармаларды діндар дәуір әдебиетіне жатқызса, сындар дәуір әдебиетіне ұлы әңгіме (роман), ұзақ әңгіме (повесть), әңгіме кірмек. Лирика түрлерін саф толғау, марқайыс толғау, налыс (мұңайыс) толғау, намыс-таныс толғау, сұқтаныс толғау, (даттау, қаралау, наз) деп жіктеу, мазақ, мысқыл, қулық, сықақ, әзіл деп саралау, тартыс түрлерін әлектеніс, әуреленіс, азаптаныс деп таратып әкету таң қалдырады.
Қысқасы, “Әдебиет танытқыш” кітабындағы бірқыдыру термин, ұғым, категория әдеби тілімізге, ғылыми оралымға кезінде кіргенін айта отырып, бұл еңбекте эстетикалық ойлау жүйемізді әлі де байыта түсетін тамаша қазына, ересен тапқырлықтар бар екенін көрсетуіміз қажет. Сонымен Ахмет Байтұрсынов қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым екендігін мойындамау шындық алдындағы қиянат болар еді.
Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-ғылыми мұрасының ішіндегі ең көлемді және айрықша тиянақталған тұжырымды еңбегі – “Әдебиет танытқыш”.
Шолу ретінде, ат үсті айтылғанмен, бұл еңбек дәлді зерттеліп, әділ бағасын әлі алған жоқ.
Бірден айту керек, “Әдебиет танытқыш” – Ахмет Байтұрсыновтың эстетикалық-философиялық танымын, әдебиетшілік көзқарасын, сыншылық келбетін толық танытатын жүйелі зерттеу, қазақ филологиясының ерекше зор, айтылған ойларының тереңдігі мен дәлдігі арқасында болашақта да қызмет ететін, ешқашан маңызын жоймайтын қымбат, асыл еңбек. Ұлттық әдебиеттану ғылымы қазір қолданып жүрген негізгі терминдер, категориялар, ұғымдардың қазақша өте дәл, ықшам, оңтайлы баламаларының басым көпшілігі тұңғыш рет осы зерттеуде жасалғанын ашып айтатын уақыт жетті. Бұл ретте, Ахмет Байтұрсынов – тіл терминдерін жасауда қандай кемеңгер, данышпан болса, әдебиеттану, өнертану, фольклортану терминдерін жасауда да сондай кемеңгер, данышпан.
Бұл еңбекте Ахмет Байтұрсынов фольклорлық, әдеби текстерді талдаудың, жанрлық түрлерге ат қойып, анықтама берудің тамаша шебері, әдеби дамудың болашағын көрсете алатын асқан сыншы, өмір, қоғам, адам табиғаты жөнінде терең пікір толғайтын ұлы ойшыл екендігін көрсетті. Ерекше қуанарлық нәрсе жазылғанына 70 жыл өткен еңбектің дәл бүгін көкейкесті, актуалды болып отырғандығында. Оның қай бетін ашып оқысаң да, көкейге қона кетеді. Ахмет Байтұрсынов “Әдебиет танытқыш” еңбегінде зерттеу объектісі етіп, қазақ ауыз әдебиетін, қазақ жазба әдебиетін, оның сан алуан үлгілерін алған. Автор қандай ғылыми еңбектерге сүйенгені туралы мәлімет, дерек келтірмейді. Ондай қайнар көздері қақында әр түрлі болжал айтуға болады. Ең алдымен ғалымның әдебиет теориясы, сыны, тарихы, текстологиясы, жанрлары жөнінде дүниежүзілік әсемдік ойдың негізгі тұжырым, идеяларымен терең таныстығы айқын аңғарылады. Қоғамдық, тарихи-эстетикалық, философиялық білім мығымдығы үнемі сезіліп отырады.
Өнер тарауларын сәулет (архитектура), сымбат (скульптура), кескін (живопись), әуез (музыка), сөз (әдебиет) өнері деп даралап, әрқайсысына дәлді анықтама беруінен, сөз жоқ, неміс ғалымы Лессингтің әйгілі “Лаокон” трактатымен таныстықты байқауға болар еді. Сол сияқты әдебиет тектерін таратқанда, ішкі ғалам (субъективті әлем), тиіс ғалам, түйіс ғалам (объективті әлем) ұғымдарын пайдалану ескідегі Аристотель, кейінгі Гегель, бергідегі Белинский, Веселовский концепцияларын еске түсіреді. Ал ауыз әдебиетін жалпылай топтау тәсілдерінен орыстың дәстүрлі фольклоршыларының сабағы аңғарылады. Бір ерекше жәйт, А.Байтұрсынов ұзақ-ұзақ цитата алып, өзгелерден бәтуа іздеп, басқаның пікіріне жығылы салатын әдеттен мүлде аулақ. Дәлірек айтқанда, “Әдебиет танытқышта” пәленшекең айтты деген бірде-бір пікір, тұжырымға сілтеме жоқ. Ғалым өзі қорытқан, өзі шындығына жеткен, ақиқат деп санаған ойларын ортаға салады. Мысал келтіре отырып, оқырманның көзін жеткізіп ұқтырып алған соң, пікір, тұжырым жасайды.
Таңқаларлық нәрсе, Ахмет Байтұрсынов төңкерістер, революциялар дәуірінде өмір сүрсе де, әдебиет мәселелеріне күнделікті науқандық жәйттерді, түрлі құжаттарды, қаулы-қарарды, партиялық талаптарды, қызыл танау саясатты, солақай социологияны араластырмайды, негізінен ғылыми өлшем, талғам арқылы, жеке бөлшектерге, бұтақтарға, тармақтарға назар аударады, қазіргі терминологиямен айтқанда, структуралық поэтика тұрғысынан талдаулар жасап, қорытындылар шығарады. Үнемі дәлдік, факт, дерек бірінші қатарға шығады.
Өнер туралы жалпылай мәлімдеп, көркем сөз өнерінің таралауларын жеке-жеке ерекшелеп көрсетіп сөз өнері, шығарма сөздің ақылға, қиялға, көңілге беретін әсерін анықтап алып, ұғыну, тану, ойлау, ұқсату, бейнелеу, суреттеу, түю, талғаудың айырмасын анықтап, тақырып, жоспар, түр дегендерді түсіндіріп, мазмұн алуандығын әуездеу, әліптеу, пайымдау деп үшке бөледі. Бұларды түсіндіру үшін Абай, Мағжан өлеңдері, М.Әуезовтің “Еңлік-Кебек” трагедиясы, “Жәнібек батыр” аңыз әңгімесі мысалған алынған.
“Әдебиет танытқыштың” бірінші бөлімі “Сөз өнерінің ғылым” деп аталып, бірнеше шағын бөлімшелерге, баптарға бөлініп, олардың әрқайсысында нақты мәселе қаралады.
Ең алдымен тіл, сөз өнері, шығарма дегеніміз не деген сұрауларға, ғылыми дәлді, ықшам, толық анықтама беріледі. Автор сөз өнері ғылымын: 1) шығарманың тілінің ғылымы; 2) шығарманың түрінің ғылымы деп екіге бөліп қарайды. Тіл өңі жағынан тіл я лұғат қисыны деп, мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі деп екіге бөледі.
Автор сөз өнерін үй қалау өнерімен өте қисынды салыстыра көрсетеді де, сөз талғау орайында шығарма тілі екі түрлі болатындығын айтады, олар – біріншісі – ақын тілі, екіншісі әншейін тіл. Сөз дұрыс болу үшін түрлі жалғау, жұрнақ, жалғаулықты жақсы білу, өз орнында тұтыну, дұрыс есептеп, көптеп, ымыраластыру, сөйлемдерді дұрыс орналастыру, құрмаластыру, орналастыру шарттары алға қойылады. Тіл тазалығына анықтама беріліп, ол үшін орыстың жақсы жазушылары қойған талаптар үлгі етіліп алынды. Олар:
Ескірген сөздерге жоламау;
Жаңадан шыққан сөздерден қашу;
Өз тілінде бар сөздің орнына басқа жұрттан сөз алудан қашу;
Жергілікті сөздерге, яғни бір жерде айтылып, бір жерде айтылмайтын сөздерге жоламау.
Ахмет Байтұрсынов “Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп, мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткеніні білмей, айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек”, - деген ұлы талабын өзі нақты іске асырды.
Тіл көрнекілігіне (қазіргіше – образдылығына, бейнелілігіне) жету үшін түрлі әдістер қолданылатынын айта келіп, зерттеуші ол әдістерді айқындау (эпитет), аусытыру (метафора), теңеу (екі түрлі), бейнелеу, ауысу, кейіптеу, әсірелеу, меңзеу, арнау (сұрай арнау, жарлай арнау, зарлай арнау), қайталақтау, еспелеу (анафора, эпифора), шендестіру, түйістіру (антитеза), дамыту (градация), түйдектеу, бүкпелеу, кекесіндеу деп тарам-тарамға бөліп қарайды, әрқайсысына анықтама береді, нақты мысал келтіреді. Бұлар күні кешеге дейін әдебиеттану еңбектерінде, оқулықтарда, тропа, фигура түрлері деп басқа тілде алынып келген, ал Байтұрсыновша айтқанда, көріктеу әдістеріне жататын төл ұғымдарымыз. Мұның үстіне себепті оралым, ұқсатпалы оралым, қайшы оралым, шартты оралым, жалғасыңқы оралым, серіппелі оралым, айырықты оралым, қорытпалы оралым секілді өрнекті сөйлемдердің үлгілері беріледі. “Әдебиет танытқыштың” ерекше бір ғылыми құндылығы – қазақ өлеңінің құрылысы, оның буын, бунақ, тармашқ, шумақ, ырғақ, толқын, ағым, жік, кезең, орын, жорғақ, ұйқас, айшық заңдылықтарын ашуы болды. А.Байтұрсынов қазақ өлеңінің негізгі структуралық өлшемдерін барлық деңгейде схема, өрнек арқылы көрсетіп берді. Кейінгі өлең зерттеушілер сол ізді басып отырды десек, ешкімнің егініне түсіп, обалына қалған болмаспыз, ақиқаттың өзі солай.
“Әдебиет танытқышта” қойылған күрделі мәселенің бірі – қара сөз бен дарынды сөз жүйесінің, ғылым мен әдебиеттің айырмасы. А.Байтұрсынов қазақта бұрын бола қоймаған терминдердің баламасын тауып, не өз жанынан жаңадан сөз жасай отырып, өте күрделі ғылыми, философиялық, эстетикалық көзқарастарды айтады, қиын проблемаларды ұғынықты түсіндіріп береді.
Ұлы зерттеуші қазақ сөздің табиғатын жан-жақты талдай отырып, субъективті дүние (түйіс ғалам), объективті дүние (тиіс ғалам), шындық, ақиқат, жарастық келістік, жағымды, жағымсыз, тәртіп, үйлестіру, көрік, көңіл, зейін, қиял, ес, іс, сап даналық, салт даналық ұғымдарын қолдана келіп, жүйеленген білімнің ғылым аталатынын анықтайды. Пән (ғылым) шығармасының асылын пайымдама деп көрсетеді. Пайымдылық сипаттаудың бес түрін ажыратады, екі түрлі әдісін ұсынады: жалқылау (анализ), жалпылау (синтез). Пайымдама түрлері: 1) пән (ғылым); 2) сын; 3) шешен сөз; 4) көсем сөз.
Қара сөзбен әңгімелеудің шежіре (Шәкәрімнің шежіресі мысалға алынады), заманхат (Абай қара сөзі мысалға алынады), жаддерек (мемуар), өмірбаян, мінездеме, тарих, тарихи әңгіме секілді түрлері ажыратылады.
Әдебиет сыны мен ғылым сынының ерекшеліктері көрсетіледі. Әсіресе, әдеби сын алдында өмір мен шығарма, шындық пен қиял, көркемдік пен шеберлік, қаһарман мен уақыт, мінез бен әрекетке байланысты нақты сұлулардың жауабын іздеу міндеттері қойылады, тысқы сын, ішкі сын деген ұғымдар қолданылады.
Шешендік сөздердің нандыру, сендіру, ұйыту, иман келтіру, қанға, жанға әсер етіп, адамның ойын да, бойын да балқытып, арбап, билеп, жүйесін босатып, арқасын қоздырып, намысын келтіріп, жадылап алатын сипаттарын көрсетіп, оларды саясат шешен сөз, уағыз шешен сөз деп жіктейді. Бұл сөз әлі күнге жете алмай келе жатқан саралау. Шағын да ықшам түрде публицистиканың қоғамдағы орны, қызметі, міндеті көрсетіліп, оған көсем сөз деген ат берілген.
Ғалым жер жүзі жұрттарының тілдеріндегі шығармалардың бір-біріне ұқсас болып келу себептерін тұрмыс-салт, өмір-тіршілік ұқсастығынан туатындығын кеңінен дәлелдейді. Адамзаттың балалық шағындағы табиғат құбылыстарын кереметке жору, жоққа илану, дәупері, жезтырнақ, жалмауыз секілділерден қорқып, құдай, пері-періштеге, аруаққа сену салдарынан тудырған шығармаларына баға береді. Жазу-сызу жоқ дәуірде туған жырлардың ауыздан-ауызға, заманнан-заманға көшуі, батырлар жырының бір адамның сөз болудан шығып, мың адамдікі, жұрттыкі, ұлттыкі болу себептері айтылады, “Қобыланды батыр”, “Алпамыс батыр” сияқты жырлар мысалға алынады. Ертегі секілді ескі сөздердің әркім өзгертіп, өң беріп, құбылтуына орай жалпылық сипат алатынын түсіндіреді, олардың неге халық шығармасы, халық әдебиеті есептелетінін анықтап береді. Осы тұста Ахмет Байтұрсынов былай дейді: “Ауыз шығарманы (анайы әдебиетті) ауыз сөз деп қана атап, жазба шығарманы (сыпайы әдебиетті) ғана танушылар бар. Бірақ қалай да асыл сөздің бәрі де тілдегі әдебиет есебінде жүріледі” (“Ақжол”, 412-бет).
Бұл жерде, біріншіден, автор фольклорды әдебиет деп танымайтын ғалымдардың барлығын көрсетіп отыр. Яғни сондай еңбектерді оқыған, білген. Екіншіден, олармен келіспей отыр. Кейін тұтас концепцияға айналатын қазақ әдебиетіндегі ауызша сақталған әдебиет туралы тұжырымның бастауында Ахмет Байтұрсынов тұр деген сөз.
Осындай ғылыми байлам жасап алғаннан кейін барып, ауыз әдебиетін жұмсалатын орнына қарай екі салаға бөледі, олар: сауықтама, сарындама. Қазіргі әдебиеттану, фольклортану көбінесе әдебиеттің танымдық-информациялық мәніне, қоғамдық-әлеуметтік орнына, үгіттік-насихаттық рөліне ерекше мән беріп, өнердің сауық үшін, ойын үшін атқаратын қызметін мүлде көрсетпей келді. Мұндай идеялардың барлығының өзі сыналады. Ал, Ахмет Байтұрсынов болса, ауыз әдебиетінің мағыналық өнегелі жақын жақсылық пен жамандық, достық пен қастық, арамдық пен адалдық, батырлық пен қорқақтық, ептілік пен шорқақтық орайында тәлім-тәрбие берудегі орнын атай отырып, ертегілердің тіл жағынан керектігін, баланың рухын, қиялын тәрбиелеп, сөйлеуге үйрететінін, бұрынғы салт-санадан дерек беретіндігін ажыратып, сауықтама сөздерді ермек үшін сөйленетін бір тобын ермектеме деп те атайды да, оларды былай бөледі: ертегі, ертегісымақ, аңыз әңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, басқатырғыш, әрқайсысына анықтама беріліп, нақты мысал келтіріледі.
Өтірік өлең:
Бақа қызын беріпті көбелекке,
Жүріпті қара шыбын жеңгелікке.
Құмырсқаның бір туын ұстап сойып,
Той қылып, ат шаптырды төңірекке.
Ақ тышқанға күмістен таға қылдым,
Көртышқанның терісін жаға қылдым.
Көбелектің терісін жыртпай сойып,
Он бес қарыс жиындық саба қылдым.
Жұмбақ:
Дүниеде бір айдаһар, білесіз бе?
Жаны жоқ қимылдауға денесінде.
Ішінде сүйектері бақша-бақша,
Жарқылдар жалғыз көзі төбесінде.
Сауықтама сөздердің екінші тармағы ретінде көңіл көтеру үшін сөйленетін сөздер зауықтама (зауық сөзі) деп алынады, олар: ертегі жыр (батырлар), тарихи жыр, айтыс өлең, үгіт өлең, толғау, түрлі терме сөздер.
“Ертегі жыр деп бұрынғы өткен батырлар турасында шығарған өлеңдерді, әңгімелерді айтады”, - деп алып, автор олардың шығу себептеріне тоқталады. Шын жағы мен қиял жағының арақатынасына байланысты пікірлер айтады.
Батырлар әңгімесінің құны қандай деген мәселеге келсек, мұнда айту тиіс: “бұрынғы жаугершілік заманда халық тән есебінде болғанда батырлан жан есебінде болған. Сондықтан батырлар турасындағы әңгіме – халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме, халықтың батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да сондай болған. Ертек жырдағы батырлар сипатына қарасақ, ол жырлар халықтың рухы нағыз көтерілген шағында шыққандығын байқаймыз. Жеке мақсат жағымен азаматтары есептеспей, ұлы мақсат, ұлы мұратпен болып, жұрт үшін, көп үшін құрбан нәрсесі болмағанын көреміз. Әке-шеше, жұрт қамының жолында бір тиынға баламағанын байқаймыз”, - деп, алаштың ардагер азаматтарының басындағы ел дерлік, халық – қаһармандық, бедел – борыш қақындағы тебіреністі, көкейкесті ойларын әдебиетпен байланыстыра өрбіткен Ахмет Байтұрсынов Қобыланды бейнесін талдау үстінде осы толғамдарды нақтыландыра түседі, тағы да соны, терең байлам жасап, былай қайырады: “Елде жоқ рух ақын сөзінде де болмайды, елде бар рухты ақын ықтимал дәріптеп, күшейтіп, көптіріп, көркейтіп айтады. Бірақ жұртта жоқ рухты ақын өзінен шығарып айта алмайды. Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды. Халықтың батырлары кетіп, басқаға бағынып, рухы сөнген уақыттағы қазақ ақындарының сөзі әлі айтылғанды сипаттайды. Байларды, мырзаларды, төрелерді, бастықтарды кейі жақсы көріну мақсатымен, кейі нәрсе алу мақсатымен мақтап, ақындықты қайыршылыққа, жәрәукелікке айналдырған ақындарымыз аз ба?”
Батырлар жырының азайып бара жатқанын автор қазақ арасында сауықтың кемігенімен сабақтастырып, олардың бірте-бірте өлең түрінен айырылып, ертекке айналатынын, рухы, көркі жоғалып, құр сүлдесі қалатынын ескертіп, сондықтан жыршылар жоғалмай тұрғанда батырлар жырын жазып алуды ел ішіндегі азаматтардың халық алдындағы борышы деп көрсетеді. “Қара қыпшақ Қобыланды батыр”, “Нәрікұлы Шора”, “Алпамыс батыр”, “Ер Тарғын”, “Ер Сайын”, “Едіге”, “Қамбар” қазақ арасында көп айтылатын жырлар ретінде көрсетіледі. “Тарихи жыр” деп тарихта бар, мағлұм оқиғалар турасында өлеңмен шығарған сөздері айтылады” деп анықтама беріледі де, мысалға “Орақ-Мамай”, “Абылай”, “Кенесары-Наурызбай”, “Ерназар”, “Бекет” жырлары алынады. Айтыс өлеңдердің ерекшелігін екі палуанның күрескенімен, екі батырдың жекпе-жек ұрысқанымен салыстыра түсіндіреді, тақырып ретінде жұрттың, ұлттың, рудың, елдің кемшілік-олқылығы, осал-оңтай жерлері алынатындығы, жазу жайылған сайын айтыстың азаятыны аңғартылады. “Кеншімбай мен Ақсұлу”, “Жанақ пен бала”, “Есентай мен Балық”, “Жарылқасын мен Айқын” айтыстарының жалпы сипаты көрсетіледі.
Толғау, терме – қазіргі әдебиеттануда бар терминдер, ал үгіт өлең, үміт өлең – Ахмет Байтұрсынов әдебиет материалы негізінде дәл де айқын тұжырымдаған ұғымдар.
Сарындама сөздерді салт сөзі, ғұрып сөзі, қалып сөзі деп үшке жіктеп, әрі қарай тағы да таратады.
Салт сөзі: мысал, ділмар сөзі (афоризм), тақпақ, мақал-мәтел, ғұрып сөзі: тойбастар, жар-жар, беташар, неке қияр, жоқтау, жарапазан, бата; қалып сөзі: жын шақыру, құрт шақыру, дерт көшіру, бесік жыры болып бөлінеді. Әрқайсысының анықтамасы және нақты мысалы бар.
Ахмет Байтұрсынов жаңа әдебиеттің пайда болуы туралы пікірлерін дамыта келіп, әдеби байланыс, әдеби ықпал орайында дәлді, нақты тұжырымдар жасайды. Мұсылман дінінің күшімен енген араб, парсы әдебиеттері әсерінен туған мазмұн, уақиға ауысуы, шығарманың жаңа түрлерінің пайда болуы, бұрынғы үлгілердің соны тақырыпқа қызмет етуі тұжырымды дәлелденеді.
Ал қазақ жерінің отарлануынан кейінгі орыс әсері, Еуропа ықпалы өмірдің барлық саласынан көрінгенін, әсіресе көркем әдебиеттегі өзгерістердің туғанын А.Байтұрсынов жаңа бағыттар, жаңа жанрлық үлгілерді талдау арқылы айқындап береді.
“Әдебиет танытқыштың” үлкен бір тарауы жазба әдебиет мәселелеріне арналған. Ахмет Байтұрсынов негізінен “жазу әдебиет” деген терминді қолданады, кейде “жазба әдебиет” деп айтады. Жазудың қазаққа дін арқылы келгенін кеңінен ұқтыра отырып, осы істегі қожалардың, ноғай молдалардың дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлең арқылы тарату әрекеттерін көрсетеді, олардың ақын болмағандықтан, әңгіменің қисынымен қызықтырып, тамұқ азабымен қорқытып, жұмақ рахатымен үміттендіргенін ескертеді. Қожа, молдалар ішінен Шортанбай, Ақмолда секілді ірі ақындарды көрсетеді.
Діншілдер қолынан шыққан әдебиеттің дінге қызмет етсе де, тілге қызмет қылмағаны, дін бесігіне бөленген әдебиеттің өсе алмағаны, мешел болып, аяғын баса алмағаны анық. Бұдан соң орыс қол астына қарағаннан кейінгі қазақты мұсылман дінінен христиан дініне аударып жіберу оңай деген ниетпен кіріскен орыс үкіметінің саясаты, қазақ балалары үшін мектептер ашу, орыс әрпімен кітаптар басу, орыс әдебиеті арқылы Еуропа жұрттарының әдебиеттерімен танысу мәселелері сөз болады. Әдеби даму, әдеби бағыт, әдеби құбылыс туралы ойларын қорыта келіп А.Байтұрсынов былай дейді: “Сөйтіп, жазба әдебиеттің өзі екі дәуірге бөлінеді: діндар дәуір, ділмар дәуір. Діндар – діншіл деген мағынада, ділмар – тілшіл деген мағынадағы сөздері. Діндар дәуірде араб, парсы, ділмар дәуірде орыс әдебиетінен үлгі алып, соларға еліктегендікті, мұндай тағылым барша жұртта барлығын, түп үлгі грек әдебиеті екені, орыстың Еуропадан үйренгені ұғындырылады.
Діндар дәуір әдебиетіндегі қисса, хикаят, мысал, насихат (үгіт), мінажат, мақтау, даттау, айтыс, толғау, терме секілді үлгілері талданады. Олардың мұсылман дінін қастерлеу, шариғат бұйрықтарын орнына келтіру, зекет, ғұшыр, підия, пітір беру туралы насихаттары сөз болады.
“Зарқұм”, “Сал-сал”, “Сейфұл-Мәлік” секілді қиссалар аталып, Жүсіпбек Шайхы Ісламұлының “Мұса мен Қарынбай” қиссасы, Шортанбай, Әбубәкір, Молда-Мұса шығармалары талданады.
Жазба әдебиеттің бір кезеңін діндар дәуір, екінші кезеңін әуелде, ділмар дәуір, артынан сындар дәуір деп алған, Ахмет Байтұрсынов жаңа әдеби дамуға қатысты келелі эстетикалық-теориялық ой-тұжырымдар, пікір-байламдар түйеді. Сындар дәуір ұғымына автор бір жағынан сын арқылы шыққан, екінші жағынан мағынасы терең, мінсіз, толғаулы, классикалық әдебиет деген сипаттарды сыйдырады. Асыл сөз жасаудағы білімнің, үлгінің қызметін ашады да мынадай қорытынды жасайды: “Қазақ ақындарының өздерінің де, сөздерінің де міндері, кемшіліктері, жаман әдеттері өнерпаз Европа жұртының сындар әдебиетін көргеннен кейін байқалып көзге түскен. Сонан кейін ғана Еуропа әдебиетінен тұқым алып, қазақ әдебиетінің сүйегін асылдандырып, тұлғасын түзетушілер шыға бастаған”.
Қазақ әдебиетінің дамуына, әсіресе, әсері күшті болған Абай шығармалары екенін, сындар дәуірдің басы Абайдан басталатынын кесіп-пішіп тиянақтайды. Абайдың сөзге талғау кіргізгені, әдебиеттің басты-басты сипаттарын анықтағаны “Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы” өлеңін мысалға келтіру арқылы көрсетеді. Ахмет Байтұрсынов жаңа әдебиет тудыруда талғамның, өнегенің, үлгінің, ықпалдың, әсердің рөлін айта келіп: “Қазақтың сындар әдебиеті Еуропа үлгісімен келе жатыр. Және сол бетімен баратындығы да байқалады. Еуропа әдебиетіндегі сөз түрлері бізде әлі түгенделіп жеткен жоқ. Бірақ қазір болмағанмен, ілгеріде болуға ықтимал”, - деген көрегендік тұжырым жасайды.
Жазба әдебиеттің сындар дәуірінің дарынды сөздерін автор үш топқа бөліп қарайды, олар: 1. Әуезе. 2. Толғау. 3. Айтыс-тартыс. Бұлар қазіргі әдебиеттану тұрғысынан айтқанда – эпос, лирика, драма. Әуезенің түрлері былай бөлінеді: 1) Ертегі жыр; 2) Тарихи жыр; 3) Әуезе жыр; 4) Ұлы әңгіме (роман); 5) Ұзақ сөз; 6) Ұзақ әңгіме; 7) Көңілді сөз; 8) Мысал; 9) Ұсақ әңгімелер.
Бұлардың ішінен зерттеуші “Ұлы әңгіме, яғни роман деп тұрмыс сарынын түптеп, терең қарап әңгімелеп, түгел түрде суреттеп көрсететін шығармаларды айтамыз” деген анықтама жасайды да, жанрдың негізгі белгілерін тұтас түгелдеп береді.
Роман тақырыбы, уақиға және уақыт, ұлы істер мен кіші істер, шиеленістер, тартыстар, амал-әрекеттер, мінездің іштен туатындығы, оның өзгеруіндегі үй-іші, мектеп, төңіректің ықпалы деген мәселелерді айта келіп, ақырында автор негізгі ойын кейіп (тип), кейіпкер (герой) проблемасына орайластырып, ақырында: “Ұлы әңгімеге жан беретін адамның ісі болғандықтан, мінезіне кейіп беретін тәрбие болғандықтан, тұрмысқа сарын беретін ұлы, кіші адамдардың ірі-ұсақ істері болғандықтан, ол істері біріне-бірі ұласып, біріне-бірі оралып, байланысып жатқандықтан, осының бәрін суреттеп шығару оңай емес”, - деген роман жанрының табиғатын ашатын терең ой қорытады. Қазақта әлі ұлы әңгіме жоқ деп келіп, Міржақыптың “Бақытсыз Жамалын” өресі мен өрісі шағын болғандықтан ұзақ әңгімеге жатқызады. Ұсақ әңгіме ретінде Мұхтардың “Оқыған азамат”, Ысмағұлдың “Қалайша кооперация ашылды”, “Автономия”, Міржақыптың “Қызыл қашар”, Бейімбеттің “Айт күні” шығармалыр мысалға келтіріледі. Әуезе жыр үлгілері қатарында Мұхаметжанның “Топжарған”, Шәкәрімнің “Жолсыз жаза”, “Қалқаман - Мамыр”, Мағжанның “Батыр Баян” (кітапта “Батыр Баян” деп жаңсақ берілген), ал аңыз ретінде Мағжанның “Қорқыт”, “Орман патшасы”, Пушкиннің “Данышпан Аликтің ажалы”, Абайдың “Ескендір” туындылары берілген.
Ахмет Байтұрсынов лириканы – толғау деп алып, осы әдеби тектің қыр-сырын ерекше тиянақты талдап, орасан терең пікірлер тұжырымдап, сұлулық, көркемдік, әсемдік, шеберлік табиғатына қатысты ойларын бажайлай жеткізеді. Ықшамдап, жинақтап айтқанда Ахмет Байтұрсынов лирикаға (толғауға) мынадай шарттар қояды:
1. ІШКІ ШАРТЫ: а) Толғау жалпы сырлы болуы керек. Ақын толғауы да өз көңілінің күйін айтады. Бірақ ол күй өзгеге түсінікті болуы тиіс. Күйі түсінікті болмаса, өзгеге әсер ете алмайды.
ә) Толғау шын сырлы болуы тиіс. Өтірік жай сөзге де жараспайды. Толғау сияқты сырлы шығармаға өтірік жараспақ түгіл, бүлдіреді. Сондықтан күйлі толғау көңілде шын болған күйден шығу керек. Бұрынғы қазақ ақындарының мақтау, құттықтау өлеңдерінің көбі қадірсіз болып кетуі шын көңілден шын толғау болып шықпағандықтан.
б) Толғау таза болуы тиіс – нас, былғаныш, нәжіс әдемі нәрседен шықса, көңілге қандай әсер етеді? Толғау сөзге былғаныш сөз, былғаныш пікір қатысса, о да сондай әсер етеді.
в) Толғау көңілдің тереңдігі күйінен хабар беруі тиіс. Көңілдің бер жағынан шыққан сөздердің әсері оқушының көңілінде терең із қалдыра алмайды.
2. ТЫСҚЫ ШАРТЫ: а) Толғау сөзі көңіл күйінің бейне билеуі сияқты болуы тиіс. Күй де, би де біріне-бірі үйлесіп келгенде, сұлу болып шығады. Күй мен бидің үйлесуі.
ә) Толғау қысқа болуы тиіс. Көңіл күйінің көбі-ақ бір қалыпта ұзақ тұрмайды. Көңіл күйінен шығатын толғау көңіл табиғатына қарай ұзын болмасқа тиіс, ұзын болмайды да. Нағыз толғаулардың көбі-ақ 4-5 ауыз өлеңнен аспайды.
б) Толғау әуезді сөзбен айтылуы тиіс. Адамның көңілінің күйін жақсы білдіретін – күй мен ән. Әннен соңғы көңілге көбірек әсер беретін - әуезді сөз, әуезді күшін көбейтетін өлең түрде айтылуы тиіс. Көбінесе солай айтылады да. Толғаудың құны қанша деген мәселеге келсек, толғау сөз өнерінің барып тұрған жері деп саналады. Толғаудағы көңіл күйлерінің бәрі өмір жүзінде адам біткеннің бәрінің басында бола бермейді. Көңілдің түрлі күйін әдемілеп айтып, сөзін келтіруге үлкен ақындық керек, толғау жақсы болса, оқығандар өз басында болмаған күйлерді толғау күшімен болған күйдей басынан кешіріп өтпек. Бұл өзгелердің көңіл күйін де дұрыс танып, дұрыс білуге үйретпек. Толғау көңілдің көркем сырларын өрнекті сөздермен айтып білдіріп, адамның көрік сезімін күшейтеді. Әдемі толғаудан алатын адамның көрік ләззаты басқа сөздердің бәрінен де артық болады” (“Ақжол”, 452-453 беттер).
Кейінгі қазақ әдебиетшілері орыс тіліндегі еңбектердің ізімен саяси лирика, махаббат лирикасы деп қана шектеліп келсе, Ахмет Байтұрсынов ұлттық өнердің өз табиғатынан шығарып, лириканың сап толғау, марқайыс толғау, налыс толғау, намыс толғау, сұқтаныс толғау, ойламалдау, сөгіс толғау, күліс толғау секілді түрлеріне анықтама береді, мысалға “Интернационал”, Абайдың “Адамның кейбір кездері”, Сәкеннің “Жолдастар” өлеңдері, “Маса”, “Оян, қазақ” кітаптарындағы кейбір өлеңдер алынған.
Толғау түрлері адамның көңіл күйі, пайым пікірі, қиял құсы, ұнамды, ұнамсыз көзқарасы, ренжу, мұңаю, ықыласы қайту, намысы қозу, қаны қызу, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық туралы ойлануына, ғаламның ұлылығына, табиғаттың сырына, қоғамның мән-мағынасына үңілуіне қатысты жіктелген.
Ахмет Байтұрсынов драманы қазақша “Айтыс-тартыс” деп алып, оған мынадай өте діл жанрлық анықтама береді: “Айтыс-тартыста ақынның айтқан әңгімесін естиміз, уақиғаның өзін, уақиғада болған адамдардың өздерін көреміз. Уақиға көз алдымызда болып, адамдардың тіршілік жүзінде айтысып-тартысып өмір шеккенін көреміз. Тіршілік майданында адамдардың ақылы жеткенше амалдап, қайратына қарай қару қылып алысқаны, арбағаны, қуанғаны, жылағаны, ойнағаны, күлгені, сүйінгені, күйінгені, жауласқаны, дауласқаны, бітіскені, жарасқаны өмір жүзіндегідей көрініп, көз алдыңнан өтеді”.
Бұл сөздер жазылған кезде қазақ драматургиясында М.Әуезовтің, Ж.Аймауытовтың, Б.Майлиннің, С.Сейфуллиннің, Ж.Шаниннің алғашқы пьесалары ғана жазылған еді. Шынына келгенде, Ахмет Байтұрсынов әлемдік драма өнерінің биік тұғырлары Шекспир, Мольер, Гете, Островский, Чехов үлгілерін оқып, яки сахнадан көріп барып пікір айтып отырғандай.
Осы бөлімде ғалым эпос, лирика, драма тектерінің бір-бірінен айырмасы, ұқсастығы деген мәселелерді ұғындыру үшін ішкі ғалам (субъективный мир), сыртқы ғалам (объективный мир) деген ұғымдарды пайдаланады.
Драманың (айтыс-тартыстың) табиғатын ашу үшін зерттеуші мұрат жолына жұмсалған ғамал, мақсатты қайраттан туған ғамал, керме, кедергі, ұстасудың байланыс, шиеленіс, шешіліс тәрізді үш кезеңі деген сөздерді қолданады.
Байтұрсынов саралауы бойынша драма былай бөлінеді: 1) мерт, яки әлектегі тартыс (трагедия); 2) сергелдең, яки азапты тартыс (драма); 3) арамтер, яки әурешілік (комедия). Екінші жерде ықшамдап: 1) әлектеніс; 2) азаптаныс; 3) әуреленіс деп те бөледі. Осы түрлердің әрқайсысындағы тартыс табиғаты, кейіпкерлердің сипаты жеке-жеке, дәлді де нақты әліптеледі.
“Әдебиет танытқыштың” айрықша бір ерекшелігі – көркем текстерді берудегі дәлдік, талғампаздық. Бұл зерттеуде мысал үшін ең көп алынатын Абай мен Мағжан шығармалары. Кейде олардың тұтас туындысы берілсе, көбіне қажетті үзінді келтіріледі. Ыбырай Алтынсарин, Байтоқ, Нұржан Наушабайұлы, Шернияз, Мәделі Қожа, Бұдабай, Сәкен Сейфуллин, Орынбай, Досқожа, Әбубәкір, Алтыбас Ақмола, Молда Мұса, Шортанбай сияқты исі қазаққа белгілі ақындармен қоса, Сүгір, Қубала, Жарылғасын, Айқын, Сейдахмет, Жақып, Жорабай секілді өлеңшілерден де мысал алады. Батырлар жырынан, әсіресе, “Қобыланды”, “Ер Тарғын”, “Ер Сайынға” жиі жүгінеді, өз өлеңдерінен үзінді алғанда “Маса” жинағын көрсетеді, өз есімін атамайды. Мұнымен қатар, әсіресе ауыз әдебиеті үлгілерін тарата, жіліктеп талдайтын тұстарда көптеген авторы белгісіз шығармалардан үзінді беріледі. Бұлардың мазмұны терең көркемдігі күштілігін айту керек. Олардың бірталайы осы “Әдебиет танытқышта” ғана жарияланған ерекше қымбат, бағалы нұсқалар. Мәселен, бұл ретте ділмар сөз, тақпақ, жоқтау, бата, жын шақыру, құрт шақыру, дерт көшіру өлеңдерінің мысалын айту керек. Автор кейде тексті кімнен алғанын “Ыбырайұлы Шорман жинағынан”, “Жиенғали жинағынан” деп нақты көрсетіп отырады.
Зерттеу барысында ғалам басқа елдер әдебиетін де ескерееді: “Орыстың асқан ақыны Пушкин жазған өлеңдерінің кейбіреуін 13 рет түзеткен. Орыстың асқан ойшысы, сөз өнерпазы Лев Толстой шығарған сөздерін баспаға беріп қойғаннан кейін де талай түзетіп, талай өзгертеді екен. Бұл ойындағы, қиялындағы, көңіліндегі нәрсені тілмен айтып жеткізу қиын екендігін көрсетеді”, - дейді “Сөз өнері” тарауында. Бұдан басқа Эзоп, Федр, Лафонтен, Крылов есімдері айтылады, жапон, француз, поляк әдебиеттеріндегі өлең құрылысы сөз болады. Абылай, Шоқан, Ақан сері, Торайғыров, Ядринцев, Потанин есімдері кездеседі.
“Әдебиет танытқыш” алғаш 1926 жылы шықты, 1989 жылы “Жазушы” баспасы, 1991 жылы “Жалын” баспасы шығарды. Соңғы басылымда бұрынғы жариялануда кеткен бірталай селкеуліктер жөнделді, олар – кейбір шатасқан сөздердің, баспа кінәсінен кеткен қателіктердің бұрмаланған текстердің түзетілуі. “Әдебиет танытқыштың” қазір Алматыда сақталған кітаптарының соңғы беттері жыртылғандықтан, еңбектің тексті түгел берілмей отыр. Зейін салған кісі аңғарса керек, А.Байтұрсынов былай дейді: “Ұстасу шығармалар қайраткердің түріне қарай үшке бөлінеді: 1) әлектеніс; 2) азаптаныс; 3) әуреленіс”. Осылардың біріншісі - әлектеніс пен үшіншісі әуреленіс талданады, ал екіншісі – азаптаныс жоқ. Сондықтан сақталған кітап бойынша болашақта “Әдебиет танытқыштың” толық текстін табу міндеті тұр. Тағы бір мәселе әр түрлі жанрлық формаларды талдап болғаннан кейін А.Байтұрсынов әр жерде бұларды нұсқалықтың пәленше номерлерінен қара деп ескертеді. Ендеше “Әдебиет танытқыш” оқулық, оның хрестоматиясы - нұсқалығы да болған ғой. Қазіргі дерек бойынша ол жарияланбаған секілді. Әлде қолжазба күйінде архивтің бірінде жатыр ма? “Мәдениет тарихы” деген еңбек бітіргені белгілі – ол да жоқ. Қайда? Қысқасы, Ахмет Байтұрсыновтың ұлы еңбегі “Әдебиет танытқыш” төңірегінде әлі де көп зерттеу жүргізу керек.
“Әдебиет танытқышта” Ахмет Байтұрсынов әдебиеттанудың әлемдік терминологиялық стандарт деңгейіне көтеріліп, шет сөзді араластырмай, қонымды, ықшамды, бір-бірімен сабақтас, ұйқас, ұялас ұғымдардың тұтас ұлттық қазақы жүйесін жасап берді. Олардың басым көпшілігі автор репрессияға ұшырап, кітаптың тыйым салынғанына қарамастан әдеби тілге кіріп кетті. Интернационализм дегенді желеу етіп, шет тілді зорлап ендіру науқаны тұсында әдебиеттанудың да шұбарланғаны анық. Әрине қазір роман, лирика, драманы ұзақ әңгіме, толғау, айтыс-тартыс деп өзгерту мүмкін болмас, бірақ А.Байтұрсынов жасаған бірталай терминдер, сөздер қолдануға сұранып тұр.
1913 жылы “Қазақтың” тұңғыш саны шыққанда газет редакторы Ахмет Байтұрсынов былай деп жазған:
“... Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз. Бұл мәселеде біздің халымыз оңды емес. Осы күні орыс школы мен татар мектептерінде оқып шыққандар қазақ тілін елеусіз қылып, хат жазса өзге тілде жазып, қазақ тілінен алыстап барады. Бұл, әрине, жаман әдет. Егер тілге осы көзбен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, біздің ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол уақытта тілмен де, сол тілге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгі қоштасқанымыз деп білу керек. Егер оны істегіміз келмесе, осы бастан тіл, әдебиет жұмысын қолға алып, өркендететін уақытымыз жетті”.
Ахмет Байтұрсыновтың ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, тартқан қорлық, көрген азабы, болашаққа сенген үміт-арманы – баршасы осы ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтқысыз қызмет етуге арналған.
Достарыңызбен бөлісу: |