Толғауы тоқсан қызыл тіл. Зерттеулер. Алматы: «Үш Қиян», 2009. 304 бет


Бықылдап, көлде қиқу – шағала, қаз



бет3/3
Дата04.11.2016
өлшемі8,8 Mb.
#218
1   2   3

Бықылдап, көлде қиқу – шағала, қаз


Былқылдап малға толар қырдың қойны,

Сылқылдап әзілдесер, күлер сылқ-сылқ.

Он бір буынды тармақтың әдеттегі өлеңдегідей соңғы бунақтары емес, бастапқы сөздері ұйқастан, бұрын қазақ поэзиясында сирек кездескен жаңа форма. Тіршіліктің оянуын, табиғаттағы жаңғыртуды, жан-жануар, құстың, адамдардың әрекет-қимылы арқылы бейнелейтін бұл өлеңдегі көркемдік принцип – ақынның табиғат лирикасына түгелдей тән, оның жалпылық, жинақтаушылық сипаты.

Шашыранды туындылар емес, ақын табиғат пен адам байланысының диалектикасын көрсететін шығармалар шоғырын, өлеңдер циклін дүниге әкелді. Бұлардың ішінде балалар талғамын ескеріп жазылған, ырғақты, сөздері ойнақы, жаттауға оңай, тақпақ үлгісіндегі «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Күз» (1923) өлеңдерінде жыл мезгілдері мен табиғаттағы өзгерістер еңбек әрекеттерімен сабақтас бейнеледі.

Осы тәсіл қазақ үшін ең бір қаһарлы маусымды бейнелейтін «Қыс» (1922) өлеңінде де қолданылады.

Қыс, қар, мұз, қырау, қылау – жерді көміп,

Бұлт бүркеп, тұман төніп, баса шөгіп,

Жер-көкті аяз бүріп, қызыл жалап,

Бұрқ-сарқ боран құсып, шашып, төгіп…

Ойда омбы, дөңде қағыл қырдың қары,

Жылымақ, мұздақ болса – қырғын-дағы.

Қатындар қалтырасып судан қайтқан

Қарғанып қыдырғанға қырдың шалы, -

деп басталған шығармада бірте-бірте тұрмыс қарекеттері, шаруаның көңілсіз күйі, әлеуметтік теңсіздік айтылады.

Жаз, күз, қыстың графикалық кескінін сызғандай етіп берген, терең әлеуметтік мағынаны пейзаждық лирикаға сыйдырған, әрқайсысы 8 тармақты 3 шумақтан тұратын, қазақ өлеңінің құрылысына формалық жаңалық енгізген «Мезгіл суреттері» (1923) туындысы былай басталады:

Жерің анау,

Жасыл жолақ кілемдей.

Желің мынау,

Жігіт айтқан өлеңдей.

Көлің анау,

Той ғып жатқан ауылдай.

Күнің мынау

Елжіреген енеңдей.

Осы өлшеммен отырып, ақын күздегі жерді шала илеген теріге, желді дарымшының деміне, көлді насыбайлы түкірікке, күнді ауылнайдың мөріне, қыстағы жерді кебінге, желді ел күңіренген өлімге, көлді көк пияла темірге, күнді тұманға теңейді. Сөйтіп, ескі қазақ аулының қайғылы, панасыз, қорғансыз, сүреңсіз бір суретін жасайды.

Табиғат лирикасындағы ақын ізденістері сан алуан. Философиялық сипаттағы, қоршаған ортаның сесті көріністерін, табиғаттың ерекше құбылыстарын адам басындағы жағдайлармен, қоғамдық істермен сарындастыра, астастыра, символикалық сипат бере бейнелейтін «Желді күн» (1924), «Бұлақ бойында» (1924), «Көлге» (1924), «Ауылдың алды» (1926) сияқты туындылары бар.

Пейзаж суретін жасау үшін ақын өлең музыкасына, сөз сылдырына, дыбыс сыңғырына, тектес, туыстас ұғымдарға, бояу жарасымына, кірккен, жымдасқан басқы, ішкі, аяққы ұйқастарға, тіл мөлдірлігіне ерекше көңіл бөледі. Ассонанс, аллитерация, консонанс, троптың сан алуан формасын қолданады.

Жайлауым желді қарағай,

Жайлауында елі жарасқан.

Жанымда жайлау жағалай

Жанса, қалай жақ ашпан.

(«Желді қарағай»).

Ауылдың алды айдын көл,

Айдын көлде шағала.

Айдын көлді жағала,

Айнала қонған қалың ел.

(«Ауылдың алды»).

Сөз суреті бірінші өлеңде жасыл бояумен салынса, екіншіде ақ бояу басым.

Ілияспен пейзаж лирикасының ішіндегі еуропалық үлгілерге ұқсамайтын, ұлттық бояуы айрықша қанық, қазақ тілінің бейнелеу қуатының керемет қуатын көрсеткен, ерекше бітімді, стильдік-көркемдік тұрғыдан бірегей туындысы – «Жетісу суреттері» (1925). «Жалпы сын», «Тау суреті», «Жетісуда су суреті», «Жетісу жәндігі», «Жер түгі» деп аталатын тараулардан тұратын бұл шығарма асқан шебердің қолынан шыққан, құлпырып жанаған мың сан майлы бояумен салынған картиналар сериясынан тұратын кескін өнерінің кемел полотносындай әсер етеді. Қазақ халқының мыңдаған жылдар мекен еткен алтын ұя, құт мекені – Жетісудың ақбас асқар, ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмдарын мадақтаған ақын аттарының өзі бейне боп сөйлеп тұрған биік тұғыр, көкке шаншылған шың, қатпар-қатпар жартастар тұрпатын келісті суреттеп береді. Тарбағатай, Алтай, Жоңғар, Алатау сілеміндегі белгілі-белгілі таулардан сөз суретін түспеген бірде-бірі қалмайды. Тау кескінінен ақын бірде адам мінезін көрсе, бірде тұрмыс суретін аңғартады. Кейде сұсты, қаһарлы, кейде күлкілі, сәулелі бейнелер туады. Дәл эпитет, оқыс теңеу, келісті метафора көз тұндырады. Әйгілі Қарқара жайлауының суреті:

Қарқара қалың қазақ көбесіндей

Албанның албырт – ерке енесіндей.

Қарағай қапталдағы, жыныс арша.

Қыдырлы малдың құтты келесіндей.

Текестің көкке өрлеген тік қиясы.

Сымпиып сол маңайдың төресіндей.

Мыңжылқы мыжырая жантайысқан

Өзгесі жүгініскен төрешідей.


Былшықтай, Бесжырғалаң, Түптің түрі


Қатықтың жаланбаған тегешіндей.

Қарқара жарасымды жазық жайлау

Үй – күлше, құрттың жайған өресіндей.

Ақын Ыстықкөл, Балқашкөлді, Шу, Іле, Шелек, Көксу өзендерін, тау-тасты, қиын жынысты өзен-көлді мекен ететін сілеусін, ілбіс, аю, бұғы, бұлан, қасқыр, шиебөрі, қарсақ, сусар, бұлған, жанат, тау теке, арқар, құлжа, қарақұйрық, марал секілді аңдарды, тасқара, балта жұтар, ақбас құмай, бүркіт, лашын, тұйғын, қырғи, құрмықи, ителгі, тұнжыр, тынар, тұрымтай, бидайық, тығанақ, үкі, құладын, бұлбұл секілді құстарды, шымшық, шөже, тоқылдақ секілді торғайларды өлеңге қосады. Ал мұндай айтылатын ағаш, шөп атаулыдан тұтас ботаникалық бауды толтыруға болатындай, олар: қарағай, тал, долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша, қызыл қайың, ақсасық, барша, шынар, шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен, үйеңкі, шырғай, тораңғы, сарыағаш, қойқарақат, жиде, тобылғы, түйеқұйрық, бауырқұрт, қараған, шеңгел, шілік; сарыкүйік, тауқонақ, шәйшөп, маңқа, құлынембес, сүттіген, еңлік, мейіз, киізкиік, ақшалғын, көкемарал, бетеге, раң, жапырақ теңге, балдырған, у қорғасын, шүлкеуір, шырыш, шытыр, мықтамыр, жуа, рауғаш, жаушыпырақ, балауса, сорғыш, селдір ермен, бақ-бақ, сыбызғы, жалбыз, құлмақ, қарақияқ, шоқайна, меңдуана, сора, шақпақ, қурай, шырмауық, кендір, қылша, жыланқияқ, қоға, жуа, сарымсақ, қымыздық, қызсаумалдық, қалақай, құстаңдай т.б.

Бұлардың өсіп-өнетін жер ыңғайы, қасиеті бейнелі түрде өлеңге қосылған. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Мен Ілиясты бұрын да білуші ем, өлеңдерін оқып жүретінмін. Бірақ оның шын мағынасында дарынды ақын екенін мойындағаным сол «Жетісу суреттер» өлеңін оқығаннан кейін», - дейді.

Ілиястың асқан ақындық шеберлігін көрсететін, ағаштан түйін түйгендей бес саусағынан өнері тамған халық ұсталарының зергерлігін еске түсіретін, ел тұрмысында мың жылдар бойы қолданылған әр түрлі заттардың сөзбен құйып шығарғандай сипатын беретін өлеңдер шоғыры поэзиямыздың төрінде оқшау, дара тұр.

Жеңгенің монологы түрінде жазылған «Сабын» (1925) өлеңінің дыбыстық үйлесімінде әдемі гармония бар:

Сақардың еді сексеуіл,

Сабыным сағызша оралшы.

Сабыннан ырым етуші ек,

Оңалсаң ісім, оңалшы.

Салт жырларының әуезімен басталған туынды әрекет-қимыл динамикасын бере отырып, надандық, ескілік, қараңғылықты мансұқ еткен халықтың тазалыққа, еркіндікке, сұлулыққа бой ұрған мұраттарына ойысады.

Ауру-ылас, кір-қолаң

Ауыртып еді мазаны ап.


Арылта жуып, сабындап


Алайын бәрін тазалап, –

Деген жолдарда дүниені жаңғыртып жатқан заманның лебі еседі.

Тағы да жеңгенің монологы формасында келетін «Ұршық» (1927) өлеңінде ақындық келісті тапқырлық бар, еңбекшіл әйелдің қуақы мінезі көрінеді:

Оймышты ұшқат, ырғай сап

Ұршығым, сені қолға алам.

Ұршығым – ұшқыр, нар тайлақ,

Жез бұйдалы – желмаям.

Желмаям, желші, нартайлақ,

Тартына берме тайтаңдап,

Тартына берсең тайтаңдап,

Тақымдап қоям қайта айдап.

Бас-аяғы он алты-ақ тармақтан тұратын «Саптыяқ» (1925) өлеңі ұлы суретші қолынан шыққан, Эрмитажға қоюға болатындай құдды реалистік натюрморт. Алдымен саптыаяқтың сырт кескіні сызылады, түсін беретін бояу жағылады:

Қарынсау, қара тегештей,

Қара қоңыр саптыаяқ.

Дөңгелек қарын, кемештеу,

Ақжем ерней, ақ қабақ.

Бұдан кейін – саптыаяқтың тұрмыста қолданылуы, өмірдегі қажеттілігі бейнелі сурет арқылы көзге елестетіледі:

Шығыршығы шыңғырлап,

Айнымайды қарбыздан.

Тау суындай сылдырлап,

Құйылса қымыз құндыздан.

Бауырдай қатық балбырап,

Қоймалжың қою құйып құрт.

Жұмып көзді жұтқамын


Мөлтілдетіп малып мұрт.

Ең соңында ақын қарапайым ғана заттың, бір-ақ адам өмірінде көп жұмсалып, ескерткішке айналып кеткен саптыаяқты бірнеше метафора арқылы реликвия, символға айналдырады:

Қабаққа біткен қайыңның

Беріші еді, безі еді.

Өтіндей-ақ аюдың

Әкемнен қалған көз еді.

Су диірмен, қақпан, домбыра, экскаватор, элеватор, трактор – бұлар туралы өлеңдерде келісті кескін, бейнелі сурет бар.

Сонымен, Ілияс Жансүгіров қазақ поэзиясында жеке затты, тұрмыс-салт құралдарын, машина түрлерін кескіндей отырып, әлеуметтік-эстетикалық ойлар түйетін шығармалар жазудың тамаша жолын көрсетті.

Алдымен өз аулын, одан кейін Жетісуды, кейін бүкіл Қазақстанды жырға қосқан аршынды қаламгер Ілияс поэзиясының тақырыптары тарамдалып, шығармаларды суреттелетін жерлердің географиясы кеңейген шақта жазылған туындыларының құрылысында, бейне жүйесінде, идеялық ойында жаңа сапалық өзгерістер бар. Ең алдымен ақынның Москва, Россияны жырға арқау етіп, бұл бағытта бірнеше мазмұнды формасымен ерекшеленетін шығармалар бергенін айту керек. 1926 жылы жазылған «Заводта» өлеңінде ақын Москвадағы «Орақ-балға» деген шойын-темір қорытатын заводтағы еңбек әрекеттерін көрсеткенде дәстүрлі, тіпті фольклорлық көркемдік құралдарды қолданады, машиналар жұмысын ұршыққа, пештегі оттарды арыстанға, жолбарысқа, оқ жыланға теңейді, түбінде Қазақстанда да осылай өндірістер болады деген түйін жасайды.

Табиғат суретін жіті көріп, жер бедерін жақсы танитын, әр түрлі істерге көзі қанық – кешегі ауыл перзенті Ілияс индустрия, урбанизация тақырыбында онша көсіліп кете алмаса да орыс халқының мекен-жайын, кәсіп-істерін, өзен-тоғайын, шаруашылық жағдайын суреттеген «Ресей жері» (1927) өлеңінде құлашын кеңге сермеп майда мақпал торқадай қара топырақты, қыздың қолаң шашындай томсарған тоғайды, кілегей күрең тортадай, бұлты бар орыс жерінің әсем жаратылысын айтады; қаршадай баласына дейін қайрат қылып жүрген еңбекші елді мадақтайды; осының бәрін отарбадан көріп, танып, бағалаған лирикалық кейіпкердің интернационалдық бауырмалдық, туысқандық сезімі бар. «Мавзолей» (1929) өлеңінде ақын 4 буынды тармақты өлең формасын қолдану арқылы мавзолейге бет түзеген әр түрлі ұлттар өкілінің ынтымағы, толқыған сәтті, қала тіршілігі ырғағын көрсетуді мақсат еткен:

Ауған шалма, Американ қалпақ,

Арап башмақ, Бұйра негр,

Өзбек шапан, Самоед тон,

Қазақ тұмақ, Ағылшын тон,

Неміс кепкі, Үнді желек,

Қытай аяқ, Еңбекші жұрт,

Жылжып, ілбіп, Езілген тап

Келеді таяп. Мавзолейге

Өтпек қарап. Етпек тауап!

Барлық әлем

Бұл жерде бүтіннің орнына – бөлшек, яғни троптың бір түрі – синекдоха шебер қолданылған.

Халықтар ынтымағын жырлауға арналған «Мәскеу - Қазақстан» (1930) дген ұзақ толғау өлең «Аттаныс», «Жол», «Ежелгі дала», «Жау жорық», «Саят», «Октябрь одағы», «Қимыл», «Келген кім?», «Шеф Мәскеу», «Біздің орда», «Қош келдің», «Көмегің» деген бөлімдерден тұрады. Тарихи кезеңдерге шолу жасап, әр түрлі тартысты кезеңдерді еске түсіріп, патшаның отаршылық саясатын, қанаушылық езгіні айыптайды.

Пушкин, Лермонтов, Мицкевич шабытына от берген кешегі қанды кекті, қайсар, қанжар асынған, қара көз құмырамен су таситын Кавказ емес, Ілияс назары Бакудың желінінен мұнайды күрп-күрп сауған, шипа суы дертке дауа, бүгінгі Кавказда.

Ілияс поэзиясының бір қырын оның халықаралық тақырыпқа жазған өлеңдерінің иедялық-көркемдік нысанасынан да көруге болады. «Саясат қошқарлары» (1922) өлеңінде Франция, Германия, Америка, Жапония, Түркия сияқты елдердің бір-бірімен итше таласқан алауыздығы сатиралық түрде айтылады. Париж коммуналары трагедиялық опатқа ұшырағанмен, олардың ісі жалғасып отырғанын, қаһармандар ұмытылмайтынын, пролетариат арманы түбі орындалатынын жырлаған «Коммуна» (1925) өлеңінде кейін халықаралық тақырыпқа арнаған шығарма – «Гималай» («Жиһангер жайлаған шығыс», 1929).

7-8 буынды, қара өлең, кезекті ұйқастар араласып отыратын он тармақты, он екі шумақтан тұратын өлең «Сұрау» және «Жауап» деген екі бөлімнен құралған.

Бірінші шумақта:

Ашалап басын қар көміп,

Аспанның төсін арда еміп,

Анасындай алтын күн

Сел жіберіп бір жуып,

Жел жіберіп бір желпіп,

Ауық-ауық құшақтап,

Әлсін-әлсін нұр сеуіп,

Есейген асқар Гималай, -

Деп табиғаттың ғажап жаратылысы – алып таудың жалпы суреті жасалады да, соңғы жолдарда контрастық мағынадағы риторикалық сұрау қойылады:

Сол күннен нұр ала алмай.

Басы - ұнар, бауыры тар…

Гималай асқар неге олай?

Әт түрлі кейіптегі, қаһарлы да сесті таудың динамикалық пішінін бейнелей келіп, ақын енді оны жанды қалпына түсіріп, «көзі соқыр, көңілі тас» - дедй. Жазықта аттай жарысқан, иығында жіптей күрмелеп жатқан сылдыр-сылдыр сөйлесетін өзендері бар Гималай адам кейіптес, оның қабағы – күз, мұрны – мұз. Терегі көкке өрлеп, тағысы таста ойнаған құт мекен, байлық ордасының халі мүшкіл. Бұрқақ астында қалған асқардың қиналған, күңіренген үні шығады, үстінен зіл-зала басқандай. Он тармақты шумақтың алғашқы жеті жолындағы ойға, суретке соңғы үш тармақта қарама-қарсы мағына беріліп, соңғы жолда үнемі «Гималай асқар неге олай?» деген сұрақтың қойылып отыруы өлең композициясын бір желіге бағындырып, оның құрылысына тұтастық, келісті ырғақ береді.

Символдық әдіспен жазылған саяси өлеңнің реалистік қуаты, нақты әлеуметтік шындықты көрсететін күші «Жауап» бөлімінде айқындала түседі. Бірінші шумақта қазақтың таза ұлттық ұғымдарын беретін кіндік, түндік, туырлық, үзік сөздерін көркем метафора ретінде қолдана отыры, қорқау күшіген жемтігіне жармасқан құлан кейпіндегі сорлы, сор маңдай, жүрегі жара, көзі – көл Гималай суреті жасалады. Осыдан кейін барып, ақын аллегориялық сипаттама орнына анық, айқын әлемуеттік талдауға ойысады:

Жерін жайлап, у қылған,

Ерін қанап, құл қылған.

Елін талап, еңбегін

Жалмап, теуіп жүн қылған;

Құлдық жанын құм қылған.

Құлдық қанын қылғыған,

Бар бір әзіл жыландай…-

Сол жыланнан жылжымай,

Қабағы жабық, жаны арық

Гималай сорлы, сор маңдай.

Оқырман көз алдына ғасырлар бойы империалистік елдердің табанына түсіп тапталған, байлық-дәулеті тоналған, еркіндік-бостандығынан айрылған Шығыс елдерінің отарлық трагедиялық қалпы елестейді. Бұл қапас тығырық, қанды азапты тозақтан құтылудың жолы саяси күрес, әлеуметтік тартыс деген идеяны ақын өрістете келіп, шығарманы былай аяқтайды:

Гималайда қуат бар,

Қозғалды оны құрауға.

Гималайда ұлы от бар,

Таянып ұр тұтауға.

Гималайда улы оқ бар

Құл атады құдайға,

Болса болар болғандай…

Көксеп күн мен көкорай,

Дейтіндерге неге олай?

Айтар сонда Гималай?

Сөйтіп, Ілияс Жансүгіров табиғат жайлы туындыларында дәстүрлі түрде қолданатын тау, мұз, бұлт, сел, тұман, қар, өзен, жел, мұнар, қарағай, құс, тас тәрізді ұғымдарды Шығыс халықтарының ишарат бейнесі – Гималай тұлғасын сомдау Шығыс елдерінің болашақ дамуына зор үміт, сеніммен қараған саяси лириканың үздік үлгісін тудырды.

Қазақ әдебиеті тарихында кең құлашты, терең мағыналы эпикалық поэмалар тудырған талантты ақындар қатарында Ілияс Жансүгіров есімі ерекше аталады. Бұл салада ақын көптеген әдеби барлау, көркемдік тәжірибе жасай жүріп, әлеуметтік маңызды тақырыптарға арналған бірнеше салмақты туынды берді.

Қазақстан өміріндегі ерекше саяси-әлеуметтік науқан – ірі байлардың мал-мүлкін кәмпескелеп, өздерін жер аудару науқаны 1928 жылы болды. Бұл мәселеге арналған қазақ әдебиетінде көптеген үгіттік-насихаттық мәні бар өлеңдер, очерктер, деректі әңгімелер, дастан-жырлар жазылды. Осылардың ішінде идеялық-көркемдік ерекшелігімен Ілияс Жансүгіровтің "Кәмпеске" (1928 ж.) поэмасы дараланып тұр. Бұл шағын туындыда автор Мұқан байдың кәмпескеленген сәттегі көңіл-күйін, психологиялық күйзелісін суреттейді. Комиссия келіп, малы алынып, дүние-мүлкі ортаға түсіп, төрт құлақты бейітке апарып көмген жерінен жамбы, тай тұяқ алтындарынан айырылған, ақ ордасының ойраны шыққан жуанның қайғысында шек жоқ. Ақын ауыз әдебиетіндегі жоқтау өлеңнің формасын сәтімен пайдаланады. Мұқанның бәйбішесі Ұлжан дүние-жиһазын кедей-кепшікке алдырып, су төгілмес боз жорғасын кедейлер мініп, шарасы шайқалып, сабасы тілінеді, бәйтерегі құлаған соң зар илеп, запыран құсады. Соры қайнап, сорпасы төгіледі. Содан кейін көкайыл бәйбіше аруаққа, ата қонысқа, туған топыраққа лағынет айтады.

Ақын уақыты өткен, заманы біткен таптың өз үкімін өзіне шығартады. Мұқан мен Ұлжан жапа-жалғыз жер ауып, поезд ішінде есеңгіреп кетіп бара жатыр. Поездың өзі бұларға адам жұтатын айдаһар болып көрінеді. Ақынның коллективтендіру тақырыбына арналған екінші бір шығармасы "Мәйек" (1929 ж.) деп аталады.

Туынды лирикалық кейіпкердің алыста қалада жүріп, қырды сағынып, далаға шығуынан басталады. Қуаң шөлге гүл өнген, түтіні бұлықсыған, Түрксіб орнаған, еңбек дабылы кернеген дала суреті көз алдына келеді. Араға он үш салып, өз ауылына келгенде ақын көп өзгерісті көреді. Бұдан кейінгі әңгіме еңбекте шынығып өскен ел азаматы Қалабай аузымен айтылады. Тағдыры тас, тар заманда жүдеп-жадап, тозып, тентіреген ауылдың баласы Түрксіб жолы салынғаннан кейін елге қайта қосылып, ес жинай бастайды.

Бір ауылдың өзгерістерін, жаңару, қайта құрылу тарихын баян етіп, тебірене толғап отырған Қалабай әлеуметтік тартыстан, тап күресінен хабардар, саяси сауаты бар шаруа. Оралға жер аударылған жуандар, кедейлердің ішіне кірмек болған бай тұқымы Бейсембектің сырын жария етеді. Кедей-кепшік, әр рудан құралған жоқ-жітік ішінде жесір қатын Шәлипан мен жетім бала Қалқаман да бар, олар бас біріктіріп, "Мәйек" атты колхоз құрастырады. Ұжым болып жұмылып егін егу, оны ору, жинау, машина, тракторды пайдалану, бір жерден орталық салу – осының бәрі жаңа заман белгілері, өсіп-өркендеу кепілі ретінде баян етіледі. Шығарманы коллективтендіру жолына түскен қазақ шаруасының монологы, толғау сыры деп бағалауға болады.

Қазақстандағы коллективтендіру тұсында кеткен сұмдықтарды жасырмай айтатын шығармалар қатарына Ілиястың "Жаңа туған" (1933 ж.) поэмасын жатқызуға болады. "Жыршыдан" деп аталатын кіріспеде қазақ даласындағы өзгерістер, шаруалардың ұжымдық еңбекке жұмылуы айтылады.

Әуелі жеті үйдің басын қосып артель, артынан "Талап" колхозы болғандығы баяндалады. Әбжан есімді жігіттің еске түсіруі арқылы колхоз құруда кездескен қиындықтар, асыра сілтеу, қылмысты әрекеттер, ақыры жұртты ашықтыруға дейін апарған авантюристік қылықтар көрсетіледі. Борсықбай секілділердің "Сиырыңды сойып ал, сорпасына тойып ал" деген уағыздарының ақыры неге соққанын ақын жасырмайды. Ал Жылысбай секілді белсенділер: "Бір мен үшін ел құрбан болса-дағы қайғырман, Қалсаң аман сөгістен" деген принципке түскен. Малдан айырылған шаруалардың еріксіз сорлы болып, боранда, жол бойында аштан өлуін ақын трагедиялық суреттер арқылы, әсіресе Әли бейнесі арқылы береді.

Басшылық өзгеріп, елге көмек берілген соң, жұрттың қайта көтерілуі, колхоз дамуы еңбек көріністерін, қырмандағы қимылды суреттеумен беріледі. Колхоз тойы, бәйге алғандарға жеке-жеке мінездеме шығарманың оптимистік идеясын көтеріп тұр.

Азамат соғысы кезеңінің бір эпизодына арналған "Кеңес" атты шағын поэмада дұшпанмен күрес үстінде өлген Есім деген жігіттің әйелі Нұрайша жалғыз ұлды тәрбиелеп өсіреді. Сол ұл үлкен кеңеске кеп отыр. Өзінің аты да – Кеңес, жұмыс істейтін колхозының аты да – "Кеңес". Сөйтіп, ақын "Кеңес" сөзіне символдық мән береді.

Сонымен, Ілияс Жансүгіровтің совет дәуіріне, оның ішінде коллективтендіру кезеңіне арналған поэмаларының сюжеті өз дәуірінің нақты оқиғаларынан алынған; бұлардың басты кейіпкерлері – не өмірі өтіп бара жатқан таптың өкілдері, не жаңа тұрмыс жасаушы шаруалар, колхозшылар, шығармаларының көлемі шағын, формалары әр түрлі, ақын алты тармақты шумақты ("Кәмпеске"), тоғыз тармақты шумақты ("Мәйек"), он екі тармақты шумақты ("Жаңа туған") егіз ұйқасты, шалыс ұйқасты, аралас ұйқасты қолданған. Бұл циклдағы туындыларда публицистикалық ой, үгіт-насихат сарыны, актуальды саяси идеяларды ашық айту әуездері аса мол.

Қазақ поэзиясының тарихында ерекше орын алатын көркем туындының бірі – Ілияс Жансүгіровтің "Дала" (1930 ж.) поэмасы. Ақын шығармасын терең идеялық, символдық, ишарат мағына беретін өте салмақты, философиялық тереңдігі бар сөзбен атаған. Алтай мен Атырау, Сібір мен Самарқан арасын ғасырлар бойы жайлаған қазақ халқы аспанмен тілдескен зеңгір таулардың сай-саласын, көк толқынды телегей-теңіз жағасын, шетсіз-шексіз құм қойнын тұрақ еткенмен, оның негізгі мекені, сүйген топырағы – Дала, Ұлы Дала болды. Сондықтан да ақыннын:

Жүрегім, жырым, сенікі,

Кеңесті далам, Кең далам.

Тудым, өстім, есейдім,

Ен далам – анам, мен – балаң, –

деп тебірене толқуында зор шындық жатыр. Ал:

Бұрынғы өткен күніңді

Берейін жырлап

елге, анам.

Көргеніңді бүгінгі

Жаз, жаз, қалам,

тер, қалам, -

деген жолдарда автор алға қойған шығармашылық мақсатын, туындының эстетикалық нысанасын оқырман алдына жайып салады. Ақын көркемдік, идеялық мұратын толғау түрінде, төкпе жыр үлгісінде, сөздерді еселей қолданып, градацияға ерекше мән беретін дәстүрлі әдісін "Арнау" деп аталатын поэма прологында сәтімен қолданған.

Шығарманың негізгі тарауларынан ақынның өмірлік, тарихи материалды сәтімен беру үшін іздеп тапқан өзіндік жаңа көркем форманы айнымай, дәл ұстанып отыратынын көреміз.

Дәстүрлі аңызды, не ұзақ сонар оқиғаны ұзақ баяндап беретін хикаялық сюжет құру сорабынан автор бойын аулақ салып, қазақ поэзиясында, оның ішінде поэма жанрында бұрын қолданылмаған соны өлең кестесін алған. Рас, Абай қолданған 8 тармақты шумақты дамыта пайдаланған.

Көпті көрген бір кәрі, а (7)

Талай-талай заманнан ә (7)

Тепкі көрген қыр шалы б (7)

Дөңде отырды осы кез. в (7)

Кейде айқайлап, қиқулап, г (7)

Кейде күлкі, кейде зар, ғ (7)

Жатты әйтеуір, қыр шулап г (7)

Құлақ қоя, жұмды көз. в (7)

Поэма бастан-аяқ осындай әр тармағы 7 буыннан, әр шумағы 8 тармақтан тұратын а-ә-б-в-г-ғ-г-в түріндегі ұйқасты үнемі сақтап отыратын өлең өлшемімен жазылған. Шығарманың 23 тарауының әрқайсысына жеке-жеке ат берілген. Ең қысқа тарау ("Таңда") 4 шумақтан, ал ұзақ тарау ("Той бастау") 29 шумақтан тұрады, негізгі тараулардың көлемдері бір-бірімен шамалас.

Шығарманың барлық тараулары дөң басында отырған кәрі шалдың құлағына жеткен сарын, күй, не оның көзіне елестеген сурет, бейне ретінде басталады, "Әлде жылау Әлде ән? Бұл не дыбыс? Не сарын" деген тіркес көп жерде қайталанады; немесе "Қалды тыңдай шал мұны", "Деді қария баяғы", "Сергіді шал, селт етті", "Елжіреп шал тыңдады" деген жолдармен тараулар аяқталып отырады. Мұндай қайталау шығарма композициясына өзіндік ырғақ, ықшамдылық элементін ендіріп, жеке бөлімдер арасын жымдастырып тұр.

Ақын ұлттық поэзияда бұрын болмаған көркемдік тәжірибе жасайды, расында қазақ халқының екі ғасырлық өміріндегі негізгі кезеңдерді түгел қамтыған шығарма бұрын жазылған жоқ. "Дала" поэмасы 1730-1930 жылдар арасын, яғни 200 жыл уақытты түгел шолып көрсетпек болған туынды. Бұл бір адамның, бір топырақтың, бір рудың, тіпті бір жүздің әңгімесі емес, бүкіл қазақ халқының тағдыры туралы, даланың шежіресі жөніндегі шығарма. Соншалықты ұзақ уақыт аралығында орасан зор кеңістікті ала отырып, ақын ең алдымен ықшамдылық, мейлінше тұжырымды болу талаптарын, көркемдік келісім, лаконизм заңдылықтарын ескерген. Талант күшін, дарын қуатын бейнелі сурет, нақты картина арқылы көркем ой айтуға жұмсаған.

Шартты түрде алғанда, поэманың алты тарауының объектісі – революциядан бұрынғы қазақ өмірінің көріністері. Олар: "Ақтабан", "Құл көгені", "Құрбандық", "Сандал", "Толқын", "Бостандық".

Бұлардың баршасының ортақ сипаты деп трагизмді, қаралы қанды оқиғаларды, негізгі тартыстардың апатпен, кісі өлімімен тынуын айтар едік. Тарихта "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" деп аталған, Қытай боғдыхандарының айтақтауымен, қапылыста қазақ еліне тап беріп, миллиондаған адамды қынадай қырып салған 1723 жылғы қанды оқиға – ұлттық тарихымыздың ең бір қаралы беттері. Бұл арнада кезінде әр түрлі фольклорлық туындылар жасалды, бүгінде бірнеше тарихи романдар жазылды. Жазба әдебиетте ол тақырыпты алғаш қозғағандардың бірі – Ілияс көзге жас келтірер эпизодтарды суреттейді. Қан-құйлы дұшпан әке-шеше, туған-туыс қашып кетіп, бір үйде қамалып қалған өрімдей өңкей 60 жас баланы тілерсегін тіліп, боршалап, керегеге іліп кеткен қанішерлік жауыздықты көрсетеді. Бақа, жылан қақтап, қайың сауып, ши шайнап, соны көрек еткен, ұлардай шулаған, елден ел айырылып, зар еңіреген азалы күндердің қаралы суреті жасалады.

Екінші бір трагедиялық сурет – бәйгеге бастары тігілген 3 қыз, 1 кемпір, 2 шал, 4 бала тағдыры. Аттары – қазақ, заттары –құл. Жетім-жесір сорлылар күңіреніп, жыласып, қанжығаға байланып кете барады.

Ақын бір тарауда Сыр мен Шуда, екіншісінде Алатауда, үшіншісінде Еділде өткен оқиғаны алады. "Құрбандық" деген тарауды трагедиялық баллада десе де болғандай. Еділ жағасындағы бір жорықта хан қолына батыр жігіт пен сұлу қыз түседі. Жігіт зынданға тасталады. Ал сорлы қызды хан өзіне шен-шекпен, жол-жора әкелген князьға "сыйға" тартады. Зорлық пен қорлыққа шыдамаған, ары күйген сұлу Еділге кетіп өледі. Бұл тұста Абайдың "Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында" деген өлеңінің сарыны, әлеуметтік идеясы да жоқ емес.

Ақын тартысты, қайшылықты мәселелерден қашқақтамай, ең көкейкесті, халық басынан өткен ауыр күндердің көрінісін алға тартады. Отарлау саясатының қанды іздерін, елден, жерден айырылып, босуды, күңіренген дала қасіретін "Сандал" деген тараудан көруге болады. Көкөрім, өңшең көгенкөз, солдатқа көнбейміз деп бекерге қырылған, атамекенді тастап, қырғи тиген торғайша бытырап, Ауғанстан, Қытайға тентіреген 1916 жылдың картинасы ("Толқын" тарауы) әр түрлі нақты бейнелермен беріледі. Бала бермейміз, соғысқа бармаймыз деп күңіренген елдің ашуы бар. Әбден күйініп, қанына қарайғандықтан болысқа пышақ салып өлтіру – Қазақстанның әр жерінде болған саяси мәнді оқиға. Ақын бұл құбылысты дәл басып, дұрыс бейнелеген. Кейін Сәбит Мұқановтың "Ботагөз" романында ашынған елдің болысты өлтіру әрекеті кедей-кепшік, жарлы-жақыбайдың таптық сана-сезімінің оянуын көрсететін фактор ретінде бейнеленетін болады.

Поэмада халық басынан өткен ауыр кезеңді көркем баяндау, нақты бір сюжетті өрбіту, уақыт тынысын беретіндей диалог, монолог, полилог үлгілерін, әр түрлі әлеуметтік топтың аузынан айтылатын сөздерді пайдалану сияқты түрлі көркемдік тәсілдер кеңінен қолданылады. Жер мен көкті дүңкілдетіп жеткен тосын хабар – патшаның тақтан түсуін, сол шақтағы жалпы әлеуметтік жағдайды, саяси тартыстарды көрсететін "Бостандық" тарауында түрлі комитеттердің, партиялардың құрылуы, "Хұрият, Құрылтай" деп шапқылаған бай, саудагер, муфти, қазы, қазірет, мырза, көпес, төрелердің әңкі-тәңкі болуы, газет-журналдардың ашылуы, көпірме жиналыстар секілді көп жағдайды ақын диалог формасымен бере білген.

Тұтас алғанда, революциядан бұрынғы өмірдің қорғансыз, панасыз, сорлы жақтарын реалистікпен көрсету үстінде ақын үмітті оптимизмді, елдің болашақ күндеріне деген сенімін жоғалтпай отырады. Толарсақтан қан кешіп, өліп-тіріліп жүрген көшпелі елдің ерлік рухы, бостандық, еркіндік жолындағы қайсар қуаты сөнбейді, әділет, азаттық деп соққан жүрек лүпілі естіліп тұрады.

Жат жұрттың шапқыншылығы, отаршылдық тепкі, таптық езгі меңдеткен халықтың бас көтеріп, есін жиып, ел болуын, ұлттық сана-сезімге жетуін, әлеуметтік теңдік алуын ақын революцияның тарихи сабақтарымен байланыстырып алады. Саяси, тарихи фактілерді сурет арқылы, көркем бейнемен көрсетудің жолдарын қарастырған.

Поэманың 16-тарауында революциядан кейінгі Қазақстанның маңызды саяси оқиғалары, мемлекеттік, қоғамдық зор мәселелер ақындық бейнелеудің нысанына сұрыпталып алынған. Жеке бастың мұң-шері, ұсақ-түйек әңгіме, жаттанды хикаяға орын жоқ, халықтық принциптерді бірінші қатарға қоятын ақынның позициясын көреміз.

Ақын кейбір тарауларда нақты, тарихи, болған оқиғаларды болмысымен, бейнелі штрихпен көрсетіп береді. "Октябрь дабысы" тарауында тарихи сәт көрсетіледі. "Аласапыран" тарауынан Қазақстанда болған таптық шайқастардың анық іздерін, шындық көріністерін табамыз. Ақынның Кадет, "Қоқан ханы" деп отырғандары – "Алаш" партиясының белгілі лидерлері.

Азамат соғысының қат-қабат оқиғаларының ішінен ақын жауыз жендетке, бейбіт елге қарсы оқ атып, қылыш суырған, панасыз ауылдарды тоз-тоз еткен қанды көз атаманға еріксіз телініп, ар-ұжданы күйген, масқараланып қорланған қазақтың сорлы қызының асылып өлу тарихын көркем материал ретінде әдейі сұрыптап, таңдап алған. Осындай трагедиялық бір эпизодтан ел басына түскен ауыртпалықтың зіл батпан салмағын сезінесің.

Ақынның ұлтаралық қарым-қатынастарды бейнелегенде, қазақ-орыс халықтарының тарихи жақындасуын, интернационалдық туыстықты көрсеткенде қайшылықтарды бүркеп, көмескілендірмей, диалектикалық бірлікте суреттеуі поэманың шыншылдық сипатын арттыра түседі. Қанды генерал Калпаковскийге Ұзынағашта қойылған белгіні құлату оқиғасы, бай мен кулактың айдап салып, араға от жағуымен жағаласа жұлысқан мұжық пен қазақ арасындағы шекісу – мұндай қысқа сюжеттердің астарында тарихи-идеологиялық мағына бар, ақын соны көркемдік тұрғыдан таратып айтады, оқырманға сан түрлі ой тастайды.

Қандай трагедиялық жағдайды суреттесе де, автор оптимистік идеяны, оқиғаның даму келешегінен туатын гуманистік, адамгершілік тұжырымды естен шығармайды. Әр түрлі оқиғалардың, қилы замандардың, әлеуметтік тартыстардың, адам тағдырларының соңғы сарапшысы, бағалаушысы болып көрінетін, тарих бейнесінде алынған Шал тұлғасы поэмадағы ең бірінші аталуға тиіс жағымды қаһарман. Объективті тұрғыдан алғанда, Шалды ақынның авторлық идеалының, жазушылық мұратының символы деп те қарауға болады. Таратып айтқан кезде поэманың жағымды кейіпкерлері деп аттары аталмаған халық өкілдерін, батырларды, аянышты тағдырлары бар қыздарды, 16-жыл ерлерін, революция сарбаздарын, Азамат соғысы жауынгерлерін, шаруаларды айту дұрыс.

Қазан революциясынан кейін қазақ аулында болған өзгерістерді ақын алдымен таптық тартыстар арқылы көрсетеді. Әлеуметтік санасы оянып, қоғамдық істерге тартылған шаруа бойындағы жаңа жігер, қалың қайрат ерекше шабытпен жырланады.

Поэманың ұзына бойында үйірім-үйірім сюжетті, үзік-үзік оқиғаны көктей тартып отыратын стиль шығарманың соңында, әсіресе "Алло! Алло", "Баяндама" тарауларында өзгереді. Қазақстанның тұтас мемлекет болып, еркіндік алып, ұлттық, отарлық езгі атаулыдан құтылып, мешеулік, сауатсыздық, жоқшылық қамытын лақтырып, дамып өрлеудің, өсіп өркендеудің айдынына шыққан шағы кең тынысты ақынның жалынды толғауымен жырланады. Сарыарқа, Нұра, Торғай, Есіл, Балқаш, Әму, Сыр, Қарқаралы, Баян, Көкшетау, Сібір, Түркістан, Лепсі, Самарқан, Шу, Іле, Жетісу, Алатау, Ембі, Екібастұз, Қоңырат, Қарсақпай, Семей… - осы секілді өзен-сулар, жер аттарын, кен орындарын тізбектегенде республиканың кеңдігі мен байлығын, дарқандығы мен молдығын көрсеткісі келеді.

Ең соңғы "Той бастау" тарауын поэманың симфониялық сипаттағы финалы десе, қате емес. "Қимылда, тіл, қимылда", "Жорғала, тіл, жорғала", "Өрмеле, тіл, өрмеле", "Тақылда, тіл, тақылда", "Саңқылда, үнім, саңқылда", "Қамшыла, тіл, қамшыла" деп қайталанып отыратын градацияға, түйдектеуге, төкпелеуге құрылған әрбір шумақ айтыс ақынының Қазақстан тойына шашқан інжу-маржаны, лағыл-гауһары секілді. Алатау, Атырау, Сыр, Ертіс – бұл төрт топоним (жер аты) ақын поэтикасында Қазақстанның батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін көрсететін бейнелі символ ретінде алынады. Соңғы тарауда стиль де өзгерген, басқы, ішкі, аяққы ұйқастарға құрылған өлең тармақтары нөсер жаңбырдай құйылады.

Қазақ халқы өмірінің екі жүз жылдық панорамасын бейнелеген эпикалық "Дала" поэмасы әдебиетіміздің үздік шығармаларының қатарына жатады.

Ілияс Жансүгіровтің Москвада журналистика институтында (1925-1928) оқып, қоғам дамуы заңдылықтарын, әлем әдебиеті, өнер тарихын тереңдеп білуі оның эстетикалық көзқарастарына орасан зор ықпал етіп, жазушылық тағдырына бетбұрыс жасады. Өмір құбылыстарын екшеп, әр түрлі тақырыптарға барғанда ақын интуиция, көңіл-күй әсерлерімен ғана емес, ең алдымен саналы түрдегі дүниетаным тұрғысынан келетін болды.

Осы шығармашылық эволюцияның, жаңа қаламгерлік сапаның, кемелденген шеберліктің бір үлгісі – 1929 жылы жазылған "Күй" поэмасы. Бес тараудан тұратын шығарманың басынан аяғына дейін біртұтас тартылған оқиға жүйесі жоқ. Сюжетті әрекет пен лирикалық толғаныс қатар келіп отырады. Бірінші тарауда "Жар қабақ, сида, арсақай, сар шұбар" қобызшы шал Молықбайдың "еңкейіп екінтідей күні кетсе де", "екі көзі іріңдеп, аузынан тісін аршып, қолы дірілдеп" отырса да, аңыратып, күңіретіп, дүрілдетіп күй тартатын шебер өнерпаздық дарыны жырланады. "Ақ көбек", "Көк көбек", "Боз інген", "Дүлділі Ер Әлінің", "Қорамжан", "Онсан мен Орманбеттің айрылғаны", "Ноғай-қазақ жыласқан" – осындай қазақ халқының басынан өткен небір тарихи кезеңдерді бейнелейтін музыкалық шығармалар қобыз тілінде сөйлейді.

Лирикалық кейіпкер – ақын заманында алтынмен аптап, күміспен күптеген, қазір көнерген, қоңыр қобыздың шанағынан төгілген дыбыстардан біресе ғашықтардың "жарым да сен, жаным да сен!" – деп үздіккен үнін, біресе Балқаштың ұйқы-тұйқы толқынын, біресе жау тиіп, айқай-ұйқай шығып, жылқысы үріккен ауылды көргендей болады. Көп қайғылы, мұңды, күңіренген күйдің бірі – "Бозінген". Екінші тарауда Молықбай қобызшы күй аңызын таратып айтады. Малын Арқаға оттатып, асқар тауларды жайлап, құмды күзеп, қыстауын Амударияға салған Бағылан байдың тіршілігінде ертегілік сипат бар. Келесіндегі бір бозтайлақ барлық малының құтындай көрініп, соның қайымағанын қайғы көрген бай балгерге бал аштырып, бақсы ойнатып, құмалақшы шақырады. Ақыры Бозінген боталағанмен, ұры қолына түседі. Ботасы бір жаққа, енесі бір жаққа кетеді. Шерлі қобыз осы күйді зар еңіретіп тартқанда, адамның сай-сүйегін сырқыратады. Лирикалық кейіпкер Бозінген зарын жылаған елдің, күңіренген даланың қайғысы ретінде қабылдайды. Жүрегіне у төгілгендей болады. Шығатын жол тұйықталып, тығырыққа қамалған адамның қиналыс-азабы бар. Ескі заманның жанды жүдеткен, жабырқау, жүрекке пышақ салғандай қаралы күйінің құшағындағы лирикалық кейіпкер – ақын революциядан кейінгі өзгерістерді "Қыс кетіп нөсер жауды, қызыл ту қызғалдақтай жайнады" деген секілді символдық суреттермен, ишарат бейнелер арқылы береді.

Поэманың соңғы, бесінші тарауындағы лирикалық кейіпкер атынан айтылатын жәйттар өмірде Ілияс Жансүгіров өзі басынан кешкен жағдайлармен, ақын өмірбаянындағы нақты оқиғалармен, оның шығармашылық эволюциясымен сарындас. Өз үйірінен бөлініп, көне күйдің күйігіне шыдамай, шындық іздеп жолға шыққан, құла құм мен боз даланы қалдырып, үлгілі қалаға келген ақын бейнесінде типтік, жинақтаушылық сипат бар. Енді ол азалы, қаралы күйлерді жүрегі жаншылып тыңдай беретін, кешегі Молықбай шал алдындағы сары ауыз балапан емес, жігерлі азамат.

Сөйтіп лирикалық кейіпкерлердің ой-санасындағы, өміріндегі құбылыстар күйге, өнерге деген көзқарасындағы өзгерістер арқылы көрінеді. Өнер тек қайғы, қасіретті, мұңды айтып, адам жанын жаралап, жүрегіне от тастайтын сиқырлы күй емес, өмірге жетелейтін қайрат-жігердің киелі қайнары деген идеяны "Күй" поэмасының өзекті сарыны, лейтмотиві деп білу керек.

Бұл эстетикалық бұлақ "Күйші" поэмасында терең көркемдік арнаға айналды. І. Жансүгіровтің еркіндік пен құлдық, махаббат пен зұлымдық, өмір мен өлім, пәни тіршілік пен мәңгілік өнер арасындағы күрес тақырыбына таңдап алып, терең мазмұнды, көркем идеялы, жұп-жұмыр "Күйші" (1934) поэмасын тудыруы ақын өміріндегі шұғылалы сәттердің бірі, дарқан өнерпаздың бауыры жазылып, еркін көсіліп, заулай шырқаған тұсы, шашасына шаң жұқпаған кез.

Он жеті тараудан тұратын кең көлемді шығарманың өлең формасында қысылып-қымтырылу, жеңіл-желпі жаңалық іздеу деген атымен жоқ, бастан-аяқ а-а-б-а түрінде келетін, қара өлең ұйқасына құрылған байырғы, халық құлағына әбден сіңісті, ұзақ жолға көнбіс қазақы жылқы іспеттес, 11 буынды, төрт тармақты шумақты пайдаланған.

Поэма салған жерден буырқанған теңіз толқынындай өз құшағына тартып ала жөнеледі. Өлең нөсері сорғалап төгіліп тұр. Арқадан көшіп, Алатауға беттеген хан Кененің ордасынан бір-ақ шығамыз. Қазақтың арыстаны атанған Абылайдың ұрпағын сыйлаған қалың жұрт ханның келуін улап-шулап қарсы алып, той қылып, ерулікке бие сойып, ат сыйлап, белдеуге атан байлап жатыр. Осындай күнде той, күнде жиынмен масайрап, мәз болған хан ордасына Сары үйсін руынан шыққан бір жігіт келеді. Жалғыз шешесі бар. Кедей. Ерулікке берер малы, сыйлар дүниесі жоқ. Оның ешкім атын да айтпайды.

Күйші дейді. Оның малы, дәулеті, байлығы – күйі, тіпті азан айтып қойған ныспасы да ұмытылып, Күйші атанған. Сол Күйші хан ордасына бай мен бек, би мен датқа, шешен мен майталман әкелмеген қуаныш, рақат, ләззат сыйлап отыр. Тоқсан тоғыз зарлы күй, ащы күй, тәтті күйді лақылдатып, төгіп-шашып, біресе жүрек жарып, біресе көңіл шымшып отыр. "Асанқайғы", "Терісқақпай", "Сарыөзен", "Бозінген", "Қаражорға", "Қорамсақ" күйлерінің мың сан әуезі, алыс сарындары тіріліп, көз алдына Алатау, Алтай, Арқа, Қыр, Сыр төсінде өткен ескі оқиғалар келеді. Қоңырау күйлер, дабыл күйлер, бота күйлер тартылады. Сондай сиқырлы дыбыстар әсерінен тау-тас, күн, бұлт, түгел маужырап, тыңдаған жұрт тырп етпей, рақатқа батады.

Осындай естіген жанды тылсымдай баурайтын киелі өнер иесі Күйшіге хан Кененің қарындасы Қарашаш көзі түсіп, көңілі кеткен соң, басы бүтін сұрап алады. Көзінен жасы сорғалап, еркінен айрылған бақытсыз Күйші зарлап кете барады. Құлағында хан Кененің "Сатса да, сойса-дағы өз еркіңде" деп, Қарашашқа айтқан сөзі.

Кешегі еркіндік, бостандық жоқ, енді Күйші ханша Қарашаш қолында, рас, су тасып, отын жақпайды, жау қумайды, бар істейтіні – күй тарту.

Жымың қағып, сылқ-сылқ күлген жолбарыс, қылышынан қан тамған хан Кененің жарлығы екі болмайды. Өңі ме? Түсі ме? Не жазығы бар? Неге бұлай зорлық жасайды? Күйшінің жанын күйдіріп, жүрегін тілгілеген бұл сұрақтарға жауап жоқ. Үйін қашан көреді? Жалғыз шеше не болмақ? "Оны күй біледі!" деді ғой Қарашаш. Күн артынан күн, ай артынан ай өтіп жатыр. Күйші Қарашаш қолында.

Поэманың негізгі арқауы Қарашаш пен Күйші арасындағы терең психологиялық тартысқа, адам сезімдерінің алапат шарпысуына құрылған. Әуел бетте азаттықтан айрылып, құл болдым деп азапқа түскен Күйші бірте-бірте бұл халге де үйренеді. Алдымен іші-сырты зер кестелі, жібек, жанат, алтын, күміске толы Қарашаш отауындағы жиһаз оның көзінің жауын алып, бұрын айдаһар санаған Ханша енді "қара қас, қалың қабақ, ордадағы сырықтай, бойы сымдай, балға ашытқан қымыздай" болып көрінеді. Біресе ақ қоян, біресе кер марал, біресе түлкі болып елестеген, сұлу енді Күйшінің есін тандырып, көкірегіне ғашықтық отын жағады. Бұрынғы ескі сарынды күйлер тоқталып, кенет сұрапыл жаңа тасқын жөнеледі. Ақын өнер психологиясын, өмірге музыкалық шығарма әкелген шабытты сәтті былай бейнелейді:

Жіберді бір мезетте қағып-қағып,

Тасқындап тыңнан бір күй қосылды ағып,

Байырғы тоқсан күйдің бірі де жоқ,

Жаңа күй, жаңа жолмен кетті лағып.

Ал Күйшінің шабытты шақтағы портреті қимыл-әрекет арқылы динамикалық қозғалыс үстінде, жанды қалпында беріледі:

Саусақтар ойнап, орғып, қаздаң қағып,

Суырып ішек тілін, мұңын шағып.

Жүйріктің шын күйі келгенінде

Шығаннан шыға шашпай тұрсын нағып.

Асқақтап, кейде күйді көкке өрлетіп,

Алыстап, шырқап, сілтеп, әрі кетіп,

Қайырып, қалықтатып, қайта оралтып,

Бірден-бір, ақырын-ақырын төмендетіп.

Ызғытып, көкке өрлетіп, баяулатып,

Соқтырып кейде боран, дауылдатып;

Көңілдің асқарынан тұманды айдап,

Артынан нөсерлетіп, жауындатып…

Күй ырғағын, музыка әуенін дәл бейнелейтін, үсті-үстінен түйдектеле, тасқындай төгілетін үдеме сөз тіркестері, градация арқылы ақын оқырманға ғажап әсер етеді. Төреден шыққан сұлу қызға әбден көңілі кеткен Күйші басындағы сезім толқындарын, психологиялық сан алуан тебіреністерді, ұшқыр қиялды бейнелейтін көріністерде фантастикалық шалқу бар.

Сондай сәттерде домбырашы жігіт түлкі алатын құмай тазы, аққуға түскен тұйғын, құс кебін киген періге де айналып, сұқсырдай сұлу қызды Алатаудың үстінен алып ұшып, жерінен жеті дария аман өтіп, алтын тауға апарып, құшып та жатады.

Жел болып жаралса, бетінен сүймек, су болып жаралса шомылдырмақ, от болып жаралса жылындырмақ, қымыз болып жаратылса, оймақтай аузынан жұтылмақ, тіпті алтын, күміс болып жаратылса қолына салар білезік болмақ.

Ғашықтық отынан осылайша күйіп-жанып, шексіз қиялға берілген Күйші ақыры қызыл-жасыл арман, елес бұлтының арасынан жерге түседі. Қарашаш – төре, бұл – Сарыүйсін. Екеуінің арасында теңсіздік, таптық айырма жатыр.

Күй құдіреті Қарашаштың бойын билеп, ішіне от тастап, есінен тандырып, ақыры осы Күйшіге тисем бе екен деген ойға әкеледі. Жоқ! Бұл бір сиқырлы, тылсым дыбыстар қинаған сәттегі, жынданып ауырғандай халдегі осалдық. Әйтпесе хан тұқымынан шыққан асау сұлу қайдағы бір тексіз қараға барып, сүйегіне таңба салдырар ма?

Ғашықтық оты жүректерін күйдіріп, жандарын қайда қоярларын білмей, рухани арпалысқа түскен Қарашаш – Күйші арасындағы психологиялық, ішкі тартыс желісін кенеттен болған оқиға бұзады.

Исі Дулатқа аты әйгілі Әлімқұл датқаның ұлы Сапақ та өзінше сері, сылқым, құрық бермес асау. Сол ерің қара түнді жамылып келіп, Қарашашты оятам деп, пәлеге қалады.

Сезім тұтқынына түскен есіл Күйші өңі қайсы, түсі қайсы, шыны қайсы, қиялы қайсы – ажыратудан қалған. Қарашаштың төсегінің қасына барған өзім екен деп, енді басымды алдаспанмен бір-ақ шауып алар деп зәре-құты қалмайды.

Ақын қарадан шыққан жігіт Сапақ бізді басынды деп хан Кененің әскерін аяғынан тік тұрғызған Қарашаш әрекеттерін ел басына түскен зобалаң, жұртқа келген үлкен кесапат ретінде суреттейді. Бозбаланың болымсыз бір қылығына бола, күллі елді қынадай қырып тастағалы отырған ханшаға Кене қой демейді, бөлтірікке бөрі ырық береді, арыстан тісі ақсиып, сырттан барлап отырады. Сең үстінде ұйлыққан қойдай қорыққан ел бір жақта, сірі садақ, алдаспан, алмас қылыш асынып, зеңбірек сүйреткен қалың қол екінші жақта. Ақыры амалы құрыған, қалың жұртты босқа қырғызғанша, жалғыз құрбандықпен пәлекеттен құтылмақ болған Үйсін, Дулат Сапақтың бет-аузын аластап, күйелеп, майлап, мойнына масқаралап құрым байлап, тыр жалаңаш шешіндіріп, жаяу айдап Қарашаш алдына алып келеді. Қазір жалғыз ұлының басын кесіп алғанда, көк құлап, жер жарылып кететіндей болып, көзінен сора-сора ағып Әлімқұл тұр. Сонда көңілі тынған, бұдан былай ел-жұрт қорқып, бағынып жүрсін деп ойлаған Қарашаш "Қайтейін қылышымды қандап соған. Көбіңе қидым", - деп Сапақты өлтірмейді.

Осы оқиғаны бастан-аяқ көзімен көрген Күйшінің ішкі әлемінде орасан зор өзгеріс, жаңа, жігерлі серпін пайда болды. Жүрегі суып, қаны қараяды. Тәтті, мұңлы, сырлы күйлер тыйылып, қанды, жаралы, өлімді күйлер тартылады. Аңнан аң қоймай, қомағайлықпен көзіне түскенді қыра берген Арша мерген ақыры жалғыз ұлын атып алып, қанға бөгіп жатыр. Бұдан кейін тағы да қанды күйлер сорғалайды: "Атылған аққу", "Күйген", "Суға кеткен". Бұрын махаббат әлдиімен Қарашаш жүрегін тербететін сезімді күйлер бір жаққа мүлде көшіп кеткендей, оның есесіне түйе болып боздаған, бебеулеп, безілдеп, мұңданып, жамыраған сарындар қаптады. Кеше Күйші көзін байлаған, сұлу санаған Қарашаш шөп желке, шолақ бұрым, қотыр-қотыр албасты секілденіп көрінеді, біресе сұр мегежінге, біресе жиырылған кесірткіге айналып кетеді.

Күйші көңілінде Қарашашқа деген сезім атаулы түгел өшіп, енді өшпенділік, қарсылық, жек көру дауылы көтерілген. Ысқырған домбыра от шашып, кекті, кіжінген, зілді, ашулы, қаһарлы дыбыстар ханшаны үй-орманымен қосып өртеп, күлін көкке ұшырып жіберердей.

Күй әсерімен, музыкалық әуеннің сарынымен ақын Күйші – Қарашаш арасындағы тартысты махаббат пен зұлымдық шайқасының сұрапылы ретінде бейнелейді. Поэмада ондаған күйлердің әлеуметтік мәні, тарихи негіздері, эстетикалық нысанасы ашылады, олардағы мазмұн, суреттер айқындалады. Әділетсіздікті, азаттыққа апаратын зор қайрат-өнер деген идеяны ақын тамаша суреттер, поэтикалық көркем бейнелер арқылы терең толғап, кемел суреттеп жеткізіп берген.

Қысқасы, "Күйші" - өлімді, зұлымдықты жеңген өнер құдіреті туралы симфониялық сарыны, романдық қуаты бар, кең тынысты, асқақ әуенді күрделі шығарма.

Ілияс Жансүгіровтің жазушылық кемелденуінің сапалы бір белгісі қазақ халқының өмірін, өткен оқиғаларды бейнелегенде даму, өзгеріс процестеріне тарихи тұрғыдан қарап, әлеуметтік-қоғамдық проблемаларды жеке адамдардың тағдыры, нақты, реалистік көркем тұлғалар арқылы бейнелеуінен көрінеді. Осындай туындының бірі "Күйші" поэмасының оқиғасына автор араласпай, сюжеттің табиғи ағысына жол берсе, "Құлагер" (1936) поэмасының көркемдік құрылысында құнарлы өзгешіліктер, тынбай ізденген өрен жүйрік суреткер тапқан тамаша жаңалықтар, эстетикалық игіліктер бар.

Көптеген шығармаларында өзінің әлеуметтік-қоғамдық позициясын, көркемдік-сұлулық идеалдарын ашық жариялап, оқырманмен емін-еркін сырласуды дәстүрге айналдырған ақын "Құлагер" поэмасының "Толғау" деп аталатын беташар тарауында тағы да ағынан жарылады. Қаламгердің қоғамдағы орнын терең түсінген Ілияс оны әлеуметтің тілі, көңілі, өткір ойы, сезгір сезімі, шешені, даңғылы, кәрі құлақ сұңғыласы деп біледі.

Халқымның қуанышты бұлбұлымын,

Жұртымның жүйрігінің дүлдүлімін.

Көтеріп көптің көңілін күнде шауып,

Жүлде алар жұма сайын туды күнім, -

деп шалқуға тамаша шығармалар беріп, оқырман шөлін қандырған, қазақ әдебиетін барлық жанрда байытқан құдіретті тума таланттың хақы бар еді.

Қашаннан тарихы терең халықтың өткен замандағы көрген қорлық-зорлықтарын айтудағы мақсат бүгінгі ұрпақтың кегін қозғау екенін ақын эстетикалық нысана етіп ұстайды. Елдің ескісінен сөз тартуға қарсы болған шолақ ойлы, ақылы келте, сортаң сыншыларға деген сесті қарсылық бар.

Осыған жалғас ойлар "Туған жер" тарауында кең толғанып, мол таратылады. Лирикалық кейіпкер тебіренісін ақын Ілиястың өз сыры, өз монологы деп қарау керек: тауда туып, таста өскен, мұз төсеніп, қар кешкен, Аршалыда қозы жайып, бұлттың қасында ойнаған тау баласы расында да бұдан бұрын талай рет Гималай, Кавказ, Хантәңірі, Жөңке, Алтай, Алай сынды асқар тауларды, аспан-көкпен таласқан, құж-құж шыңдарды жырлаған болатын. Жырламаған ғажап бір тау бар екен. Ол – Көкшетау. Ақын салған сурет мынадай:

Көк орман, көркем тоғай маужыраған,

Сұлудың көзіндей көл жаудыраған.

Малта тас, маржан ақық, меруерт тас

Төгіліп көл жиекке саудыраған.

Көк кілем балаусасы балбыраған,

Көк жібек жапырағы жалбыраған.

Ақ қанат аспандағы сонда жауып,

Бал бұлақ таудан, тастан орғылаған..,

Оқжетпес оқшырайып өрлеп кеткен,

Кеудесін керіп көкке сермеп кеткен,

Қия құз, жақпар сарай, бура тастар

Тәртіппен көлді айнала сәндеп шөккен.

Бұл Сәкен ақынның Көкшетауынан басқа, Ілияс ақынның Көкшетауы. Екі суретшінің картинасы екі бөлек. Екеуінде де жан бар, тірі, бояулар буырқанып тұр. Сәкеннің поэмасында тау-тас аңызы, халық мифологиясы, Абылай заманының шындығы, өз дәуір көрсетілсе, Ілияс шығармасы ХІХ ғасырда болған нақты оқиғаларды бейнелейді.

Мәтіндік тұрғыдан салыстырып көрген кезде:

Жақсының жақсылығын жан айтады,

Сондықтан "Құлагерді" бәрі айтады.

Егіліп әндеріне, сөзін тыңдап,

Еріңді ел қиялы дардайтады.

Қазақта Құлагерді көп айтады,

"Серінің серігі еді" деп айтады.

Ат сыры иесіне мәлім деп жұрт

Тегінде мал көрмесе неге айтады, -

деген жолдардан Сәкен Сейфуллин жасаған стильдік әсерді, ұстаздық өнегені көру қиынға соқпайды. Момақан тау, шипа көл, бетегеден киіз төсегендей тыныш алаң, қыз қайың, жігіт қарағай арасында қу бас ілінген ағаштың көлеңкесінде бір қара шал отыр.

Ілияс поэмасының қаһарманы Ақан өмірінің трагедиялық беттері ақындық баяндауда кеңінен ашылады. Автор өз кейіпкерлеріне деген ілтипатын жасырмай "Тұсында сері болсын, пері болсын, Ұнайды өмірімен Ақан маған" деп ашық айтады. Тентіреп, тау-таста жүру себебінің әлеуметтік-қоғамдық сырын ашады. Ысқырған жылан өмір жанын шағып, жау қанжары жүрегін жаралаған, ащы тіл, асау мінез, өр талант иесі сұм заманда, кері кеткен дәуірде жалғыздық құрбаны азабын тартады. Ерге – тұсау, зорға – думан болған зар кезеңнің құрбаны ақын, сері, әнші дарынын жерге тыққан қара күш, қаңқу сөз, қызыл көз қызғаныш қана емес, ең басты дерт патша өкіметінің ата қоныс, туған жерін тартып алып, тентіретіп жіберуі еді. Елдің шерін зарлы өлең, ащы әнге қосқан Ақынның табынар тәңірісі – табиғат, көздің шарасындай мөлдіреп жатқан Бурабай көлі, аспанға шапшыған Оқжетпестің бауыры. Сұлулыққа ғашық сері мөлдір көлге шомылып, орманға ұйықтап, өлең айтып, күй тартып, кір өмірдің тікен тұрмыс, улы өсегінен аулақ жүреді. Бір кезде төренің қасына еріп, жүйрік ат, сонар саят қызығын көрген, саңлақ мініп, сұлу сүйген Ақан мәнсіз, пәтуасыз дырдудан жалығады. Әсіресе Ақмарқа сұлуға үйлене алмай, аһ ұрып қалған соң, көп ортасынан мүлде жырылып, тағы болып, аулақтанып кеткен. Ақанның бұл көңіл-күйін ақын былай суреттейді:

Жатталып Ақмарқаның аузында аты,

Телміріп таста отырып жазған хаты,

Жары да, жолдасы да тек біреу-ақ, -

Онысы астындағы – жалғыз аты.

Ақан сері мен Батыраш бұрыннан бірін-бірі білетін адамдар ретінде суреттеледі. Өр көңіл, жуан кеуде, аусар Батыраш сұлу әйел, жүйрік ат, бақ-дәулет өзімде ғана болсын деп үйренген ішмерез. Үркеппе, томырық мінезі ешкімге мойымаған. Арқаға даңқы шыққан Құлагерге қызығып, Ақанға кісі арқылы сөз салып, құда, тамыр, көңілдес болам деп, алтын жамбы, жесір әйел, үйірлі жылқыға жүйрігін берсін деп сәлем жолдайды. Бұл сұрауға илікпеген Ақанға кек сақтап, ішіне қаны қатқан Батыраш ерегіспен баптаған, сұлы жегізіп, сүт беріп, мәпелеп, белдеуге байлаған жүйрік – Көктұйғын.

Асқа келген соң ерегіс тіпті күшейеді. Атты жақсы танитын Батырашқа Көктұйғынның ажалы Құлагер болып көрінеді, жүйрігінің алдына басқа жылқы түсіп кететінін сезгенде, оның ішінде қызғаныш оты лаулап, өкпе-бауыры өртеніп, шегі үзілгендей болып, ұйқы көрмей алас ұрады. Сүйегі алқа-салқа, мінезі селт етпес, екі көзі оттай жанып тұрған Құлагерді көмбеде тағы бір көрген Батыраш түтігіп, қап-қара болып кетеді. Ата намысы қысып, бойын арам ой билеп, кек қайнап, ыза кернеп, жауығып, іштей түйіліп, қастандық қадамға бекінеді.

Ақан мен Батыраштың бетпе-бет кездесу сәті екеуінің от шарпыған, қылыштай өткір диалогтары арқылы беріледі. Бұларды ерегістіріп, бір-біріне айдап салған, біресе Құлагерді, біресе Көктұйғынды мақтап, жамандап, әр қилы сөз айтқан әлдекімдер тобыр мінезін танытады. Жүйріктің, ақын, серінің сырын біліп жатқан қасиет, бағалар оларда жоқ. "Бас бәйге Батыраштың сыбағасы, ол жүлдені шаппай алады" деген түртпек, қаңқу сөздерден күйіп кеткен, намысы өртенген Ақан сері "Осы жолы Көкшолақты бөктіремін" деп салады. Бір адамнан бұл сөзді естіген Батыраш бұлқан-талқан болып ашу қысып, Ақан жатқан отауға тепсініп жетеді. Өзін Алтайдың ақиығына балаған, байлығын, дәулетін бұлдаған Батыраш Ақанның кедейлігін, жалғыздығын бетіне басып, төренің атын ерттеп өскен байғұс ел Қарауыл едің деп кемсітеді, сүйегін сындырады. Ашудан жарылған тәкаппар ақын, өткір шешен байлығына мас болған әңгүдік, әкірең қаққан, көк сақалдың ит терісін басына қаптайды: "Құлагер Көктұйғынның басы-көзін су ғып озбаса, атым сенікі" деп серт байлайды. Өңі күйіп, тұтқыштай қап-қара боп кеткен Батыраш тым-тырыс үн қатпай, жерге кіргендей күйге түседі. Жат ортада жалғыз жүрген Ақан дәл осы сәтте Құлагерге тағдырдың не дайындап тұрғанын ойына қайдан алсын, "Аулым қонған Сырымбет саласына" деп шырқап ән сала береді.

Қазақтың ескі дәстүрі бойынша өлген адамның ұрпақтары, әсіресе бай, дәулетті тұқым арада жыл өткен соң, қайғы ұмытылып, жан жарасы жазылғаннан кейін, аруақты еске түсіруді сылтау етіп, алыс-жақын, сан атырап елге, көптеген руларға, шамасы келсе үш жүзге, күллі қазақ баласына түгел жар салып, хабарлап ас беретін болған. Ұлы дүбірге жан-жақтан жиналған адамдар үшін көк майса, мөлдір судың жағасына үйлер тігіліп, арнайы күтіледі. Ат жарыс, палуан күресі, ақындар айтысы болады. Сөйтіп, өлген адамның атағы жайылады, келген тойға, қуанышқа айналдыруда үлкен философиялық-адамгершілік мағына, терең оптимистік идея бар.

Кең далаға әйгілі болған осындай астың бірі Арқада Ерейменді мекен еткен, малы көп, малайы мол, бірнеше әйел алған, үрім-бұтағы қаулап өсіп бай болған, жасы тоқсан төртке келіп өлген керей Сағынайға берілген. Ол шамамен 1850-1860 жылдар арасында өтеді. Осы асқа Құлагерге мініп, Ақан да келеді. Ілияс Жансүгіров поэманың "Ас" тарауында қазақ өмірінің, тұрмыс-салтының тамаша білгірі екенін көрсеткен. Қанық бояулы, жанды бейнелі картиналар жасайды, этнографияны, экзотиканы көрсеткен сырттай тамашалаушы емес, әлеуметтік-қоғамдық теңсіздіктерді ашқан реалистік құдіретті қаламның қолтаңбасы жатыр. Ақын қысқа тұжырып, ықшам қайырып, шағын штрих, кішкентай деталь арқылы әр түрлі адам бейнелерін, тұрмыс суреттерін жасайды. Қазақ сөзінің өрнекті табиғатының терең шыңырауына бойлайсың. Шартараптан тойға келген халықтың көптігі былай көрсетіледі:

Қараөткел келіп жатыр, Қарқаралы,

Кереку, Баян, Семей, Торғай – бәрі.

Жетісу осында кеп құйып жатыр,

Арқаға аунап шөкті Қаратауы…

Арқаға аударылып ас дегенде

Лақылдап Балқаш, Арал теңіздері, -

деген жолдардан көз алдыңызға әрі нақты, әрі қиял жетпестей фантастикалық суреттер келеді.

Қыл сақал, тер сасыған, қолпаң киімді саба-саба қымыз ішіп, тау-тау ет жеген жуандар кескінін ақын даралап, әрқайсысының әлеуметтік сипатын ашады. Ащы сатира, улы ирония, кекті күлкі бар. Мына картинаға назар салыңыз:

"Шорманның Оқасы!" деп шапты анталап,

Бір үйді қырғыз алды – Шабдан манап;

Оязы Қараөткелдің Измайлов

Бір үйде ләйліп отыр ішіп арақ.

Осыдан кейін ақын асқа келгендерді шолып көрсетіп, адам бейнелерінің тұтас галереясын жасайды.

Бір үйде бауырсақтай бәйбішелер отырса, бір үйде шымырлаған қобыз үні естіледі. Бір үйде ыңыранған домбыра даусы естілсе, бір үйде құранмен жем түсірген молда ысқырынады, бір үйде өлмеңдеген кәрі ақын мен сары масадай шағатын бала ақын айтысып отырады. Ит басына іркіт төгіліп жатқан осы дырдудың көлеңкелі жақтары тағы бар:


Ет асып, пышақ қайрап, малды қырған,

Кедейге сонда ырза емес бай антұрған.

Жалғыз-ақ бұл жиында малшылар жоқ,

Аңсаған ас етіне қойшы қырдан, -

деп ақын есе, теңдік, әділет, шындық бұл жерде де жоқ екенін көрсетеді.

Европалық әдебиеттерде сан алуан шығармалар арналған Моцарт пен Сальерри тайталасы, дәлірек айтқанда, талант пен дарынсыз адам арасындағы күрес тақырыбына қазақ поэзиясында алғаш терең бойлаған Абайдың:

Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап?

Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап,

Қыран шықса қияға, жібереді

Олар да екі құсын екі жақтап,

немесе,

Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,



Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып, -

деген философиялық сарындарының әуездерін, осы атақ пен қызғаныш, тұлпар мен жабы арасындағы күрестің әр түрлі көрінісін "Құлагер" поэмасынан да табуға болады. Балуан күреске талтаңдатып, ноқтасын сыпырып әкеп, ортаға бірінші шығарған түкті қараны бейнелегенде ақын оны жолбарысқа, бұқаға, бураға теңейді. Бір-екі айдан бері Сағынай аулында жатқан, түрлі айла-тәсіл білетін, циркте де күрескен бұл кеңкөк төс, кең жауырын, үңгір қараның қарсысына шығатын палуан табылмай тұрғанда, бітік көз, үрпек сары дембелше жігіт шешіне бастайды. Осы Баянауылдан келген малшы жігіт Жақыпты бейнелегенде ақын сексеуіл, шегіртке, оқ жылан, шортан, көк бөрі деген метафораларды қолданады.

Сонымен күрес басталып кетеді. Бірі – құж қара, екіншісі – үрпек сары. Бірі – қара қабан, екіншісі – сары мысық. Бір-біріне бас салып шайнасқан екі айғыр. Өкіре сүзіскен екі бұқа. Жейдедей жыртылған жалаңаш ет. Допша қарғып, мысықша ырғыған сары. Сарыны дөңгелекше айналдырып, сереңдетіп, лақша тартып, бөрікше лақтырып, ұршықша үйірген өңкиген өгіз қара. Екеуі өлерменге жеткен кезде халық оларды айырып жібереді.

Ақын жан беріп, жан алған ғаламат динамикалы арпалысты өмір мен өлім тайталасы ретінде суреттейді. "Біздің қара жықты!" деп Наймандар шуласа, "Бәйге біздікі!" деп Арғындар дес бермейді.

Даңғой, әңгі, жынды қара "Дәл жықпай даулы бәйге алмаймын" деп шіреніп тұрып, тағы күреске шақырады. Шегір сары неге шегінсін. Айқас тағы басталды. Тұйғын сары іштен шалып жүнді қараны қайыстырып бұрағанда, жіліншігін күл-күл етіп сындырып жібереді. Сарыға тиген түйе бастатқан тоғыз бәйгені әркім үлестіріп әкетіп жатыр. Өлі-тірі болары белгісіз, енді ешкімге керексіз қара палуан жақын жоқ, жан ашыр жоқ, жайына қалды.

Ет жеп, қымыз ішіп елірген топтың аз сәттік көз рақаты үшін құрбан болған даңғой қара тағдырына жаның ашиды. Дүлей қара күшті, мақтаншақ паң кеудені, айла-тәсіл, қулыққа үйренген цирк алпауытын, намысы үшін күйген, ел абыройына бола өлімге бара алатын еркін сахараның шегедей шымыр ұлы жеңді.

Сахара өміріндегі ерекше серуен, халықтың серпінді күшінің думанындай қызықты бір рақаты – ат шабыс дәстүрін Ілияс ерекше тәптіштеп, дәлі деталь, нақты сурет арқылы, қимыл-қозғалыс үстінде, жанды, тірі қалпында кең тыныс, зор шабытпен жеріне жеткізе, оқырманның айызын қандыра бейнелейді. Бұл орайда автор ғасырлар бойы қалыптасқан, фольклорлық көркемдік тәсілдерді, тұрақты теңеу, метафора, эпитет жүйелерін қымсынбай, еркін, мол қолданады. Әлеуметке хабар беріп ұран салған хабаршының:

"Көмбе қайда?" – десеңіз, Жоламаттың қасында,

Көзді салып көрсеңіз: Жыландының жолында,

Өркеш-өркеш көрінген, Көкжайдақтың шенінде,

Орғылап су төгілген. Бозойнақтың белінде,

Балдырғаны білектей, Қайыңдының дөңінде,

Бүлдіргені көнектей Қарақусақ көлінде,

Балаусасы жібектей, Сонда бәйге төбеге,

Ерейменнің тауында, Жиыласыз көмбеге! –

Егіз қызыл бауырында,

деген өлеңінен дәлді жер жағдайын көреміз, көз алдымызға нақты сурет келеді. ал бәйгеге қосылған 1300 аттың ішінен қазақ даласына атағы жайылған жиырма желаяқ, мыңнан озған тұлпарға сипаттама беріледі. Олардың аттарының өзінде тамаша бейне, жүйріктің нақты қасиетін айтқан сыншылық дәлдік бар. Олар: серке санды Көкшетаудың Құлагері, Алтайдың серпінді Көктұйғыны, Меруерт жалдас Шудың Ақсұры, Сырдың Қызқарасы, Ұлытаудың Құбайы, Қаратаудың Құмайы, қыпшақтың Елікқұбақаны, Есілдің Қасқабұласы, Аралдың Алаүйрегі, Жарылқаптың Жирені, Балқаштың бейпіл Бөртесі, Семейдің Сұр серкесі, Тобықтының Тұйғыны, Жауғашардың Жамбыл торысы, Алатаудың Аққанаткері. Бәйгеге 30 боз, 20 жирен, 40 қара, 90 торы, 70 көк, 200 кер, саны белгісіз алақұла аттар қосылды.

Осылардың ішінде қазақ қиялындағы ең жақсы ат болып суреттелетін Құлагер белгілі ат сыншысы Күреңбайдың көзімен беріледі. Екінің бірі, көлденең көк атты тұлпар сырын қайдан білсін, Құлагерді салпы ерін, сала сүйек, салбыр тірсек, қату бас, қаншыр мойын, ит өндіршек, бөлшек-бөлшек, кедір-бұдыр көк еті, олақ өлшеп алғандай ойқы-шойқы бітімі әлдекімдерге өрескел көрінеді, мақтаған жануарлары осы ма деп Ақанды күлкі қылады. Құлагердің алдынан аң құтылмас, артынан жылқы жетпес өрен жүйріктігін бірден танып, оның себебін соқырға таяқ ұстатқандай айтып беретін – Күреңбай.


Тәует бас, қамыс құлақ, қуарған жақ,

Құлан жал, бұлан мойын, қой жұтқыншақ.

Қоян жон, жазық жая, жауырынды,

Құс топшы, қос шынтағы қалқыңқырақ.

Сіңірлі, жер соғарлы, аяғы тік,

Түлкі төс, тазы тізе, ит жіліншік.

Шашақты, шақпақ етті, аласа ұршық,

Құндыздық қалай біткен құйрыққа дөп, -

деп алдымен Құлагердің сырт пішіні көрсетіледі; ақын эпитет, теңеу жасағанда құлан, бұлан, қой, қоян, құс, түлкі, тазы, ит тәрізді табиғат төсінде еркін тіршілік ететін жан-жануар қасиеттерін, солардың мүше бітімін алады. Жүйріктің бұдан кейін басқа қасиеттері айтыла бастайды.

Қоқанның жібегіндей жеңіл құйрық,

Не қою, не болмаса емес сұйық!

Бұтының арасынан ел көшкендей,

Жамбастың басы делдек, қуыс қолтық.

Шүйделі, шоқтығы өргек, шідерлігі,

Серке сан, желмаядай тілерсегі.

Тау желін тартса жұтқан залыс танау

Тынысты, кеңде жатыр кеңірдегі.

Жүрсе де жаздай құры болмайды тоқ,

Кез жарым кесер баста кесім ет жоқ.

Қақпан бел, қалбағайлы, үңгір сағақ

Шапса жел, мінсе жайсаң, тұрса селсоқ.

Қанында шығысың мен батысың жоқ,

Ағылшын арғымақтың шатысы жоқ.

Қашаннан қазағымның қолтумасы,

Араптың дүлдүлінің қатысы жоқ.

Бұл шабыс үстіндегі, қозғалыстағы ат емес, статика қалпындағы, кермеде байлаулы тұрған, әлі қиқу көрмеген жүйріктің кескіні. Қазақтың көшпелі өмірінің эстетикасы тудырған тұлпардың суреті. Ұлы Абайдың «Аттың сыны» өлеңінде жүріске берік, ұзақ сапарда иесін жолда қалдырмас, «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» берік аттың бейнесін жасаса, Ілияс халық фольклоры, классик ақын дәстүріне сүйене отырып, ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы күйетін, ұзақ жерге шабатын, күші алдында, жылқы малына жеткізбейтін өрен жүйрікті сипаттап берді.

Түрлі әлеуметтік топ көз алдыңа келеді. Әр елдің байларын, қызыл көз, саба құрсақ, кебеже қарын семіздерін өгізге, бұқаға, қошқарға теңеуде сатиралық тұлға жасау тәсілдері жатыр. Көлдей асқа шегірткедей қаптаған сансыз обыр аузын ашады.

Осындай ет пен майды ішке тыққыштаған, қазы-қартаға түйе кекірік атып, қымыз құсып жатқан жуандардың әрекетіне Ақан сері өнері қарама-қарсы, контраста алынған. Көлеңкелі ақ отауға түскен әнші қалың жұрттың көңілін тауып, тәтті, мұңды, ерке, сағынышты әндерді майда, нәзік сызылтады. «Үш тоты», «Ақ саусақ», «Ақмарқа», «Сырымбет», «Көкшетау», «Ахау арман», «Жайдарман», «Ақшашақ», «Кербез керім», «Жайма қоңыр», «Кер қашаған», «Ой, ерке», «Мейлің-мейлің» әндерін Ақан сері аққудай даусымен, биязы ырғақпен тербетіп салғанда, естіген жұрттың буыны босап, жүрегі елжірейді, жастық сезімі өрекпіп, кәрінің көзіне жас келеді. Әсемдік, сұлулық, ләззәт дүниесі, мәңгілік маххабат, өлмес ғашықтық жыры теңіз толқынындай рақат құшағына алады.

Елге, жұртқа, халқына, оның бүгінгі ұрпағына ғана емес, болашақ буын, келер нәсілдеріне өлмес байлық, әсем әуезді, сиқыр сырлы әндер сыйлаған ғаламат өнер иесі, ақын-композитор, әнші, сері Ақан бағана өштесіп кекте кеткен кекті Батыраштың не сұмдық, қандай қастандық дайындап жатқанын сезбейді. Қара дүлей, томырық күш, зұлым жауызбен ерегісіп, трагедиялық қателікке ұрынған сері жағдайын Ілияс оқырманға шымшымдай сездіріп отырады.

Кішкентайынан Ақан қолында өскен жетім бала Құлагерге талай шауып, сан рет бәйге алып әбден кәнігі болған, бұл жолы да Сері айтқан ақылдан ауытқымай, тізгінді тежеп, қамшы салмай, жел жақтан, шаң қаптырмай отырады.

Шаңы – бұлт, екпіні – жел, аттар – қаңбақ,

Балалар ұран салып, безді зарлап.

Шапқан ат, салған ұран – күңіренді Арқа,

У да шу, ұлан-азар болды жан-жақ.

Күңірентті ойды, қырды өңшең күлік,

Арқаны дүбірлетті дүбір қылып,

Көшіріп жерді, көкті келеді аттар

Керілген кер даланы бүліндіріп, -

деп ақын мың сан аттың шабысын көз алдыңызға әкеледі. Мың үш жүз жүйріктің алдына төрт саңлақ шығады; судан кеуіп, түтігіп, жерошақ, құдыққа түсіп талай ат құлап жатыр, Қусақкөлге ойысқан төртеу енді Көкөзекке түсе береді. Үздік-создық көрінген аттың бірі – қылаң, бірі – баран; кенет көлденеңнен бір ат қылт еткендей болады; сол-ақ екен баран ат мүлде көрінбей қалып, қылаң заулап жөнеледі. Бұл – Көктұйғын, Батыраштың Көктұйғыны. Керешіден еркін өтіп, қарақшыға қайқайып жетіп барады. Екінші – Айтпақтың Күреңі. Үшінші Шорманның Бурылы. Құлагер жоқ!…

Ақын поэманың «Жалғыз қазық» тарауында құстай ұшып, бұлдырықтай безіп, Көктұйғынмен құйрық тістесіп келе жатқан Құлагердің бала тізгінді жіберсе-ақ өзге аттарды артқа тастап оза жөнелейін деп келе жатқан сәтте, Көкөзектегі қылтада мерт болғанын қаны сорғалаған трагедиялық картина етіп көрсетеді:

Ақ мылтық – ұшқыр боз ат бар астында,

Жау тұрды жасырынып жар астында.

Жол үсті тасқа біткен қарағанның

Әлгі тұр атты күтіп дәл астында.

Мінгені – боз, кигені қара үстінде

Құлагер тізгіндеген бала үстінде.

Мылтықтың аузына ұшқан құстай

Ағызып жетті жаудың дәл үстіне.

Екі көзі қанталап, бойын ыза кернеген жендет жанаса беріп, заулап келе жатқан Құлагерді шекеден айбалтамен сақ еткізіп ұрып жібереді. Бұдан кейінгі қайғылы халді ақын аллегориялық, символикалық сипатпен береді.

Аспанда күн күйігіп, күйді қатты,

Өкіріп жел мен жер де жылап жатты.

Ереймен бұлақтары көлге жылап,

Серіге көл күрсініп, көңіл айтты.

Қайғылы ақын, қанатынан айрылған Ақан сері адамды жоқтағандай, Құлагердің ажалына арнап аяқ астынан суырып салып трагедиялық ән шығарады. Ілияс бұл жерде Ақан серінің әйгілі шығармасының өз тексін шебер де орынды пайдаланады.

Құлагар өлімін Батыраштан көрген қалың жұрт әуелде толқындай көтеріліп, селдей қаптап, құныкерді таптап жіберердей болады; бірақ дәлді айғақ, ұстап берер дерек табылмай, Алтай жағы мойындамайды, қайта сыбағалы бәйгемді бермедіңдер деп, көкайыл Батыраш жер тепкілеп, Керейлердің өзіне пәле салып, тіпті «Қарауылдың бір жылқысын тартып сойдым, неғыласыңдар, керек болса, еліңді шабам» деп қорқытады. Ырың-жырың көпшілік басы бірікпей бытырап, әркім өз бетіне тарап кетеді. Айдалада Құлагердің басын құшақтап зарлап, жылап, көзінен қанды жасы ағып Ақан сері отыр.

Қорлық, таба, жала қыспағында өмір сүргеннен гөрі ашық майдан, жекпе-жекте мерт болуды артық көрген Пушкин, Лермонтовтар поэмада тегін айтылмаған, олардың Ақан серімен рухани бауырластығы, трагедиялық тағдырластығы көрсетіледі. Шығарма прологы мен финалы ұқсас. Әсем үні бір күнде аспанға өрлеген Ақан сері енді кісі танымастай, тірі өлік. Оны осы халге жеткізген сұм заман, әділетсіз ортаның тепкісі. Мойынға түскен зіл батпан азаптың біреуі – Құлагердің мерт болуы еді.

Құлагер – Ақан серінің сұлулық, әсемдік идеалы еді, Құлагерді өлтіру ақын, әншінің көркемдік мұратын өлтіру болатын. Дарынсыздың талантты жерге тығуын, қызғаныштың даңқты таптауын, жарықты қара түнектің жұтуын трагедиялық қуатпен бейнелеген Ілияс Жансүгіров поэмасының оптимистік рухы қайғыдан туғанмен өр, мәңгі жасайтын, халық жүрегіне ұялаған, қанды қол жендетке қарғыс таңба басқан, қазақ қиялының ғажайып аты, өрен тұлпарға ескерткіш орнатқан «Құлагер» әнінің туып, таралуына сабақтас жатыр.

Қазақ тілінің лексикалық байлығын терең игеру, сатиралық күлкілі жәйттерді көре білу, адам мінездерін ашатын реалистік диалогтарға икемділік секілді ерекшеліктер Ілиястың прозалық шығармаларының, әсіресе оның «Жол аузында», «Құқ» кітаптарына енген әңгіме, фельетондарының басты қасиеттері. Қазақ аулындағы әлеуметтік-таптық өзгерістерді, жаңа психологияны, өндіріс, мәдениет, техникаға бой ұрған адамдарды бейнелеу талабындағы әңгімелер, нақты-нақты деректерге сүйеніп жазылған репортаж, очерктер тәжірибесі арқылы өскен қаламгер халық өмірінің кең панорамасын жасауды мақсат еткен қалың оқиғалы, қою тартысты, көп кейіпкерлі «Жолдастар» романын тудырды. Шаһар тіршілігі, қала тынысы, он алтыншы жылғы аласапырандағы қазақ жігіттерінің қасіретті азабы, жұмысшылар ортасы, кемешілер әрекеті, оқыс, шырғалаң, қызықты сюжеттерді ала отырып, жазушы бостандық, теңдік, азаттық үшін күрескен халық өкілдерінің сан алуан образдарын жасау арқылы өмір шындығын айтпақ болған. Сатан, Мәмбет, Мардан секілді жігіттер тағдыр талқысына түсіп, қорлық көріп, тапталса да мойымайды, қайралған қанжар іспеттес қайта жарқырап күреске түседі, әуелі барымта, ұрлықпен жуандардан өш алса, кейін әлеуметтік жағдайды, таптық тартысты түсініп, саяси айқасқа шығатын деңгейге көтеріледі. Әрине романдағы көптеген персонаждарды тұлға дәрежесіне көтерілді деп айту қиын. Қазақтың ауызекі әңгіме айту дәстүріндегі шеберлікті еркін игерген Ілияс жеке бөлімдердің байланысы, композициялық тұтастық, типтендіру принциптеріне келгенде европалық үлгілерді терең меңгермегендігін, проза саласындағы, әсіресе роман жазуда тәжірибесіздігін аңғартып қояды. Табиғат суреттері, адам портреттері, мінез қалыптарын ашуда жазушы реалистік биікке көтерілді. Юморлық, сатиралық кейіптеулерде көркемдік қуат бар. Жазушының суреткерлік қуаты барымта, жұт сценаларын, билер дауы, молдалар айтысын, жұмысшылар ортасын бейнелеуден жақсы көрінеді. Бір мысал.

«Жан-жақты қап-қара түтін басты. Түтін астындағы қараған, тобылғы, боркөздердің бадалы патырлап жанып, аспанға лаулады. Күн шілдесі жаздай қақтап, шақпақтың қуындай тұтанғалы тұрған қуқыл бетеге аз ғана желдің лебімен отты жан-жаққа әлдеқашан алып кетіпті. Қаулаған өрт, заулаған от көптен жауын тамбаған қу далаға ойнақты салып берді. Қарағандар бытырлап, тобылғылар шытырлап, шөптер от шалғысына шабылып, жылан-шаян шырылдап, бақа қоңыз құрылдап, тау-тасты өрт алды».

Стихиялы күш, тілсіз жау қаптаған өртті жазушы осылайша динамикалық қалыпта, жаны бар, ертегінің жалмауызы, аяу білмес қаһарлы дүлей ретінде бейнелейді.

Романның деректі негізін, өмірлік материалын Ілияс зерттеп, жинақтап, іріктеп алған, қаламгерлік қиялмен өзгерткен, сұрыптаған, дегенмен Мұқаметқали Тәтімов, Көлбай Төгісов секілді тарихи адамдардың тағдырымен Мәмбет, Сүбай бейнелерінің ұқсастығын көру қиынға соқпайды.

«Жолдастар» – қазақ әдебиетіндегі әлеуметтік-психологиялық роман жазу барысындағы алғашқы сәтті тәжірибелердің бірі, өмірлік мазмұны терең, эстетикалық әсері күшті сапалы шығарма.

Өзінің күйлі, сыршыл, адуын шығармаларымен халқының көп ғасырлық өмірін, азаттық жолындағы күресін реалистік қуат, зор шеберлікпен бейнелеп, артына өлмейтін әдеби мұра қалдырған қанатты қаламгер Ілияс Жансүгіров қазақ жұртының құлай сүйген ең сүйікті перзенттерінің бірі, оның өр тұлғасы қайсар ақындықтың символы іспеттес.

Қазақтың ХХ ғасырдағы жаңа поэзиясы сан алуан ғылыми-теориялық, әдеби-сын, философиялық-эстетикалық зерттеу еңбектерге объекті бола білетін күрделі де қызықты проблема. Бұл мәселенің таратып әкететін жүйе-жүйе, сала-сала тармақтары мол. Алып ақындар әкелген соны тақырыптар, өмір реалдары, жаңа бейнелер, символдар, идеялар, сарындар, мотивтер бар.



ҮШ БАҒАНА

І

Қазақ әдебиетінде барлық жанрда бірдей ең көп жазған жазушы – Сәбит Мұқанов десек қателеспейміз. Оның қаламынан өлең, поэма да, әңгіме, хикаят, роман, пьеса, зерттеу де туды. Жазушы шығармаларынан тұтас кітапхана жасауға болар еді. Кей жазушылар тез жазып, тез таусылады. Сәбит таланты – құнарлы да бай талант. Оқырман оның ұзақ қаламгерлік жолының сәтті кезеңдерінің бәріне куә. Оның талантын дарқан дала табиғатымен салыстыруға болады. Сәбит – тынысы, өрісі кең қаламгер. Қазақ әдебиетінің тарихына ол ең алдымен жаңа заманның жыршысы ретінде енді.



Қара бұқараның қалың ортасынан қайнап шыққан ұлт мақтаныштарын еске алғанда, ең алдыңғылардың қатарында Сәбит тұрады. Ол – қоғам қайраткері, зерттеуші, ғалым, академик. Жазушылық жолын бағалаудағы маңызды кілт – оның өмірбаяны, туған-өскен ортасы. Сәбит Қызылжар жерінде туған. Бұл жер – "қызыл қайыңдар" өлкесі. Бұл өлкеде әдемі көлдер бар. Бұл өлке – қыста түтек боран, жазда салқын самал болатын қазақтың махаббатпен атайтын Сарыарқасы. Көп қыздың ішіндегі жалғыз Сәбит жасынан жетім қалады. Э. Хемингуэйдің "Жазушы болу үшін бақытсыз балалықты бастан кешіру керек" деген сөзі бар. Бұл ,әрине, асыра айтылған, бірақ шындығы бар сөз.

Сәбит қаршадайынан өмір азабын көреді. Жетімдік, жоқшылық тақсыретін тартты. Сөйтсе де, талантты баланың тауы шағылған емес. Ауыл молдасынан хат таныған. Табиғи аса талантты, ұғымталдығының арқасында хисса-хикаяларды жаттап өскен. Бұл оның кейінгі шығармаларына өзек болды, терең әсер етті, олардың мазмұны мен формасына ықпал жасады.

С. Мұқанов тағдырына бетбұрыс жасаған – қазан төңкерісі. Ол Көкшетау ревкомында, ЧОН-да істеді. Аласапыран заман оны тез марқайтты. Сәбит саяси жағынан тез толысты. Кейін Орынборда рабфакта оқиды. 20 – 30 жылдары газеттерде істеген. ЛГУ-де оқыды. Москвадағы Қызыл профессура институтын бітірді. Көп жылдар басшылық қызметте болды. Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат, Қазақстан КП Орталық Комитетіне мүше болып сайланды. Жазушылар одағының төрағасы. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алды.

Бірен-саран, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов секілді қаламгерлер болмаса, қазақ жазушыларының алғашқы буыны қадамдарын өлең жазудан бастаған. Сәбит алдымен айтыстардан нәр алған. 20-жылдардағы өлеңдері форма жағынан халық әдебиетіне жақын еді. Жақсы ерекшелік – мазмұн жаңалығы болатын. Әлеуметтік тартыстардың ауыр кезеңінде тура жолды дәл таба білгендер аз еді. Сәбитті қоғамдық әрекетке революциялық қызмет алып келді. Алғашқы өлеңдердің пафосы – жаңа заман рухын мадақтау, бостандықты жырлау, үгіт-насихат. Оның тырнақ алды туындыларының бірі – "Совет өкіметі және қазақ әйелдері" деп аталады. 1919 жылы жазылған "Бостандық" өлеңіндегі автор идеясы айқын. Мұнда ашық публицистік, саяси ой бар. Сәбит лирикасының биігі – "Майға сәлем" өлеңі. Бұл өлең форма жаңалығын ала келді. Өлеңде мазмұн жаңалығы да бар. Сәбит Май ұғымын жандандырады. Май - әділет пен тазалықтың символы іспетті. "Сөз- Советтік Армия" өлеңі үздік туындылар қатарына жатпақ, өзіндік ырғағы бар, терең мазмұнды туынды. Мұнда автор көптеген соны бояулар тапқан. Сөз өнерінің мәнін ашады. Өлеңде жаңа теңеу, жаңа бояулар мол. 40-жылдардан соң С. Мұқанов арнау, төрттаған секілді шағын формадағы ұсақ өлеңдер жазды.

С. Мұқанов 20-жылдары көптеген поэмалар тудырды, олар: "Жайлау үстінде", "Құрдас", "Альбом", "Наурыз гүлі", "Пионер", "Жетім қыз", "Балбөпе", "Ленин", "Батрақ", "Октябрь өткелдері", "Құланың құны", "Ақ аю"; "Сұлушаш". Бұларды тақырып жағынан екіге бөлуге болады:


  1. аңызға, фольклорға сүйеніп жазылған поэмалар;

  2. нақты өмірлік материалдар негізінде жазылған поэмалар.

Бұлардың бәрі бір көркемдік-идеялық деңгейде емес. Кейбір дастандарды ізденіс жолындағы тәжірибелер деп қараған дұрыс."Ленин","Батрақ","Октябрь өткелдері" поэмалары идеялары, тақырыптары бейнелері жағынан қызық туындылар."Октябрь өткелдері" поэмасындағы Теміртастың прототипін Сәбит жақсы білген,араласқан, белгілі революционер Угар Жәнібеков.

Бұл поэманың идеялық-көркемдік тағдырын айта отырып, созалаңдық, схематизм секілді кемшіліктерін де көрсету дұрыс."Сұлушаштың" жанры туралы екі түрлі пікір бар. Бір зерттеушілер поэма десе, Т. Нұртазин роман деп атайды. Негізінен, жанрды ондағы оқиғалардың көлеміне қарай айыруға болады. Егер осы тұжырымға ден қойсақ,"Сұлушашты" роман деген пікірдің жаны бар. Алғашқы қазақ романдарының бірі делініп жүрген "Қамар сұлу"- жартылай өлең, жартылай қара сөзбен жазылған шағын шығарма ғана. Ол роман жанрының европалық қатаң талабына толық жауап бере алмайды. Ал "Сұлушаш"- бұл тұрғыдан оқшау, кесек туынды. Сәбиттің өмірдегі мол тәжірибесі, үлкен таланты осындай сом шығарма жасауға мүмкіндік туғызды. "Сұлушашта" бұрынғы халық әдебиеті дәстүрі мен реалистік шығарма жазу принциптері ұштасқан.

Шығармадан автордың таптық позициясын айқын көреміз. "Сұлушашта" мазмұн, форма жаңалығы бар. Бұл тек қана қызық оқиғаларды хронологиялық сабақтастықта айтып берген ежелгі дастан емес. Бұл - ескі аңызды пайдалана отырып жазылған жаңашыл шығарма. "Сұлушаш"- қазақ әдебиетінің көркемдік деңгейін көтерген, әдеби дамуға ықпал жасаған кезеңдік туынды. Бұл ретте ол "Еңлік – Кебек" секілді трагедиялармен сарындас. Қазақ поэзиясының биік тұғырлары "Батыр Баян", "Құлагер", "Көкшетау" поэмаларымен "Сұлушаш" қашанда қатар тұрмақ. "Сұлушашта" бөлек-салақ, көлденең оқиға, артық сөз, жасанды ситуация кездеспейді. Сәбит талантына сюжет құру шеберлігі тән екенін көреміз. Детектив элементтері ұшырасады. Мысалы: Сұлушашқа жолбарыс шабуы, Алтайдың өзін-өзі өлтіруі т.б. Бұл шығарманың өмірлік материалы, жазылу тарихы, көркемдік–идеялық ерекшеліктері, поэтикасы өте қызық. "Сұлушаш"– Сәбит талантының айқын ашылып, жарқырап тұрған сәтті шағында жазылған құдіретті шығарма.

Сәбит прозасының барлық жанрлық формаларында сәтті, кезеңдік туындылар берді. Прозада Сәбит қалам тартпаған тақырып кемде-кем. Оның прозасында сан алуан стильдік-көркемдік ізденістер бар. Шығармаларын шартты түрде бірнеше жүйеге бөліп қарауға болар еді.

Деректі (документті), мемуарлық, қызық оқиғалы, шытырман сюжетті, психологиялық, әлеуметтік, тарихи, өмірбаяндық проза. С.Мұқановтың прозадағы дәстүрін, барлау тәжірибелерін прозашылардың бірнеше буыны пайдаланғанын жасырмау керек. Проза көркемдік- эстетикалық сана өскен кезде замана талабына байланысты туады. Көп уақытқа дейін қазақ әдебиетіндегі басты жанр – поэзия болатын. Қазақ прозасының балаң кезінде оған арна болған дәстүрдің бірі - әңгімешілдік. Бұл дәстүр әсіресе Сәбит Мұқанов прозасында кең тармақтанып көрінді. Рас, С. Мұқанов орыс, Европа әдебиетін жақсы білді. Оның жүрдек қаламы әлемдік реалистік әдебиеттен нәр алып отырды.

Сәбиттің тырнақ алды романы "Адасқандар" 1929 жылы тұңғыш рет кітап болып шықты. Т. Әлімқұлов пен Т. Нұртазиндер мұны қазақтың тұңғыш романы деп қарайды. "Адасқандар" жай қиялдан тумаған. Негізгі оқиғалар, кейіпкерлер өмірде болған. Жай көзге бір очерктік материалдан Сәбит көлемді роман тудырды. 1935жылы "Сын бая" деген атпен орысшаға аударылды. Шығарма дөрекі социологиялық сынға ұшырады. Соның кеселінен 15-20 жыл бойы оқушы қолына түспей кетті. Бірақ, шын жақсыны, асыл туындыны халық іздейді.

Романды биік талаптар тұрғысынан автор кейін қайта түзетті. Романның әлеуметтік мәні күшейген. Осы арқылы ескі заман күйреп, жаңа заман орнап жатқан өлара шақтағы ауыл өмірін, жастар, махаббат тағдырын баяндайтын "Мөлдір махаббат" романы туды.

Автор Торғай даласын мол суреттейді. Сөйтіп, шығарма қазақ әдебиетіндегі кесек романға айналды. С. Мұқанов "Теміртас" (1935), "Есіл" (1939) романдарын жазған. Бұларда сан алуан өмір шындығы, реалистік суреттер бар. Бірақ олар асығыс жазылған, әр түрлі көркемдік-идеялық олқылықтары бар шығармалар еді. Автор оларды өңдеп, шыңдап, көп томдығына ендіруді арман ететін, бірақ ол мақсат орындалмады.

Проза жанрындағы Сәбит Мұқанов ізденістерінің ең сәтті үлгісі – "Жұмбақ жалау". Кейінірек "Ботагөз" аталған бұл романнан С. Мұқанов талантының ең сапалы, қасиетті ерекшеліктерін көреміз. Революция алдындағы және революция тұсындағы қазақ өмірін автор реалистік тұрғыда бере білген. Дүниетанымы толысқан, шеберлігі жетілген жазушы талантының күш-қуаты, деңгейі, тереңдігі түгел көрінді. Сан тарау тамырлы соқтығыстарды, күрестер ықпалымен талай белдерде кездескен айқастарды шашыратпай, бір романға сыйғызған. Бұл роман туралы зерттеу еңбектер көп. Барлығы да "Ботагөз" жайлы ортақ тұжырымға келеді. "Ботагөз" – қазақ аулын революцияға алып келген әлеуметтік, психологиялық, экономикалық факторларды адам тағдырлары арқылы бейнелеген шыншыл шығарма. Бұл – күрескерлер бейнесін жасаған шығарма. Ботагөз, Асқар, Амантайларды алсақ, олар ұйқыдағы қараңғы адамдар емес, әрекет иесі – күрескерлер.

Қазақ прозасындағы реализм принциптері романда айқын көрінді. Қазақ прозасының әлемдік аренаға шыға бастауы "Ботагөзбен" де сабақтас. Кейінгі озық шығармаларға "Ботагөз" жол ашқан. Сәбиттің ең сұлу, ең көркем, ең бақытты тағдыры бар шығармасы осы "Ботагөз". Одан толысқан стильдің ізі көрінеді. "Ботагөз" романы реализм жеңісінің айғағы болды.

Жазушының көлемді, терең шығармаларының бірі – "Өмір мектебі" мемуарлық романының (30-жылдары "Менің мектептерім") кейбір тараулары "Әдебиет майданы" журналында шыға бастады. Хронологиялық жағынан бұл туынды Қазақстанның жарты ғасырлық өмірін қамтиды. Бұл циклдағы шығармаларда өмірлік материалдар айрықша мол. "Өмір мектебі" трилогиясын М. Горькийдің "Менің университеттеріммен" бір контексте зерттеуге болады. Қиялдан гөрі шындықтың, сүлдеден гөрі деректің бәсі артқан заманда Сәбит романдары тәрбиелік мәні күшті шығармалар болып табылады. "Тар жол, тайғақ кешумен" төркіндестігі де бар. Тарихи тұлғаларды бағалауда автор тарапынан кеткен қателіктерді де көрсету кере. Мемуарлық, деректі романдары арқылы С. Мұқанов қазақ әдебиетін жанрлық жағынан байытты. Сәбиттің өмірді кең бейнелейтін көлемді шығармасының бірі – "Сырдария". Қызықты оқиғалар, тосын кейіпкерлер бар. Кей жері созылыңқы болып кетеді, сенімсіз ситуациялар да кездеседі. Көп жылдар бойы С. Мұқанов Шоқан өмірін зерттеді, монография, пьеса-дилогия, роман жазды.

"Аққан жұлдыз" – Шоқан Уәлиханов туралы романдар циклының алғашқы томдары. Екі кітабы жарық көрді. Бұл роман - кең жоспарлы, мол мақсатты шығарма. Көп зерттеу нәтижесінде С. Мұқанов аса бағалы жаңа деректер тапқан. Ол өзінің алдындағы зерттеушілердің күрделі маңызды еңбектеріне сүйенді. Сәбит роман жазу мақсатымен Шоқан болған жерлермен арнайы жүріп өткен. Сәбиттің ерекше қарастырған материалдарының бірі – халықтың шежірелері, аңыз-ертегілер. Романның негізгі кемшілігі – шығарманың көркемдік нәріне енбей қалған фактілердің көптігі. Автордың осы олқылығын әдеби сын дұрыс атап көрсетті. Алғашқы екі кітапты әлеуметтік-психологиялық роман деп атауға сыя қоймайды. Шығарма көп жерде өмірбаяндық болып кеткен. Созылыңқы, артық детальдар жиі ұшырасады. Шығармада, әсіресе, Шоқанның туып-өскен ортасы, Сібір т. б. өлкелер ұзақ сылбыр суреттеледі.

Қазақ сахнасында үнемі қойылып жүрген С. Мұқановтың 3 пьесасы бар. Олар: "Ш. Уәлиханов", "С. Сейфуллин", "Қашқар қызы". Сәбит драматургияға 30-жылдары келген. Сол кезде Әуезовпен бірге "Ақан – Зайра" пьесасын, соғыс кезінде "Алтын астық" атты операға либретто жазды. Бұларда автор тартысты және кейіпкерлер тілін ескермеген. Оның ең көрнекті шығармасы - "Ш. Уәлиханов". Мұнда автор өзінің алдындағылардың тәжірибелерін пайдаланған. Тарихи тұлғаны қара бастың күйбеңімен емес, қоғамдық күрес үстінде суреттеу дәстүрі басым. Бұл – автордың табысы. 1954 жылы жазушылар съезінде М. Әуезов бұл трагедияны: "жалған романтизмге, натурализмге соқпайды. Ағартушы Шоқан бейнесі пьесада жақсы сомдалған. С. Мұқанов бір драманың бойына сыймайтын кең аумақты материалдарды қамтуға тырысқан", деді.

Пьеса негізінде сәтті спектакль туды. Шоқан ролін Нұрмұқан Жантөрин тамаша ойнады. Сәтті бейне жасаған екінші бір актер – Шымкент театрының артисі Қасымхан Шанин.

С. Мұқановтың келесі бір көрнекті пьесасы - "С. Сейфуллин". Замандастары Сәбит үнемі Сәкенмен жолдас, сырлас болды дейді. Сәкенді ең көп білетін Сәбиттің ол туралы шығарма жазуы заңды еді. Пьеса сюжеті "Тар жол, тайғақ кешумен" сарындас. Тұтас детальдар сәйкес келеді. Бұл Сәкен жайлы жазылар болашақ шығармалардың беташары десе де болады. Сәкен туралы басқа да авторлардың пьесалары бар. Олар: Қ.Сатыбалдиннің "Жер бетіндегі ұзақ жол", Ә. Әбішевтің "Сәлем, Сәкен аға", А. Сатаевтың "Азап вагонында" туындылары. С. Мұқанов "Тар жол, тайғақ кешуден" үзінділер де алады. Бұл да бір көркемдік тәсіл.

Жалпы алғанда "С. Сейфуллин" табыспен өтетін сәтті спектакльдерге негіз болды. Режиссерлер спектакльге Сәкеннің өз өлеңдерінен үзінділер енгізген. Бұл пьесаға салтанатты мақам береді. Пьесада сахналық эффект басым. Әнуар Молдабековтің Сәкені – көрермендердің көңілінен шыққан сәтті бейне. Сәбит драматургиясының табысы оның тарихи-ғұмырнамалық шығармаларында жатыр деуге болады.

С.Мұқанов–қазақ әдебиеттану ғылымына, фольклористикаға, этнографияға көп үлес қосқан ғалым. Сәбит әдеби процеске де белсене жиі араласты, рецензия, мақала, шолу жазды. Үлкен зерттеулер, күрделі монографиялар берді. Олар әдебиетші, сыншы, ғалымдардың бірнеше буынына әсер етті. Қазақ қаламгерлері туралы көптеген пікірлер айтты. Сәбит қазақ әдеби сынындағы естелік, мемуар, портрет жазудың шебері, әр жылдары шыққан монографиялық еңбектеріндегі ой-пікірлер кейінгі зерттеулерге мұрындық болды. Оның ХVІІ, ХІХ, ХХ ғ. Қазақ әдебиеті тарихы туралы әлі құнын жоймаған, іргелі зерттеулері бар. Сәбит-жалығуды білмейтін қаламгер еді. Талант деңгейлері әр түрлі жазушылар туралы да Сәбит жазған мақалалар аз емес. "Мың бір түнді" аударумен әдебиетте аты қалған Қ. Әбдіқадыров жайында мақала, ақын Ә.Тәжібаев, жазушы Ғабит туралы эсселер берді. Сәбит Мұқанов - мол арна, кең салалы өнер иесі. Өзі айтқандай "партияның өрге тартар өгізі" Сәбит Мұқанов – қазақ әдебиетіндегі піл сауырлы жазушы.
ІІ
Әлеуметтік күреске, қоғамдық қызметке, көркем өнерге ХХ ғасырдың басында келген, заман қуатымен түлеген, қазақ мәдениетінің бүкіл саласында халқын мол олжаға кенелткен ғажайып талантты буынның өкілі – Ғабит. Әдебиет тарихында Ғабит есімі Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбиттермен қатар аталады. Бұлар - өнеріміздегі жаңа арналардың көш бастаушылары. Әрине үлкен жазушы, кемел суреткер болу – бақыт, ал көш басылық одан да зор абырой. Қазақ жаңа әдебиетінің ірге тасын қалау миссиясы осы алыптарға бұйырды. Ғабит шығармашылығы – қазақ өнерінің сұлу бір арнасы. Ғабит әні – таза үнді, шырқау үн. Ғабит арнасы –мөлдір, тұнық арна. Ғабит шығармалары ұзақ баптап, жалқұйрығын сүзіп барып бәйгеге қосқан жүйріктерді еске түсіреді. Оның шығармаларындағы осы сұлулықтар жеке басына да тән қасиеттер. Ғабит Мүсірепов қазақ әдебиетіне мәдениет, көркемдік, тереңдік әкелді, оның шығармалары ұлттық және интернационалдық сипаттардың терең тұтастығының үлгісіндей.

Ғ. Мүсіреповтың балалық шағы Қазақстанның солтүстік өлкесінде өткен. Ауыл молдасы, Орынбордағы рабфак, Омбыдағы ауыл шаруашылық академиясы – осыларда оқып білім алған. Шортандыдағы орман шаруашылығы техникумында сабақ берген. Ғабит – қаламгерлікке кемелденіп, пісіп келгендердің бірі. Ол қоғамдық қызметтерге белсене араласады. Баспада істеді, газет-журналдарда редактор болды. Белгілі қоғам қайраткері ретінде ерекше танылды. Қалам қызметімен ғана отырған кездері де болды.

Ұзақ жылдар Қазақстан Жазушылар Одағын басқарды. Социалистік Еңбек Ері, Қазақ ССР, СССР Жоғарғы Советтерінің депутаты, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ ССР халық жазушысы, мұның бәрі – жазушыға көрсетілген құрмет, абырой, даңқ.

Ғабит шығармалары әдеби сында көп талқының өзегі болды. Жазушы туындыларын ғылыми зерттеу 50-жылдары басталды. Алғашқы жеке еңбек – Т. Ахтановтың "Ғ.Мүсірепов" атты очеркі. Автор Ғ. Мүсірепов шығармаларын идеялық-көркемдік тұрғыдан жақсы зерттеп, шеберлік сырларын ашып, әлемдік классикамен байланысты тамырларын салыстыра қарастырады. Мүсірепов қаламгерлігі бірнеше диссертациялық еңбектердің объектісіне айналды

Н. Ғабдуллиннің кандидаттық диссертациясында Мүсірепов драматургиясы зерттелді. Бұл - Ғабит өнерпаздығын зерттеуге арналған тұңғыш ғылыми еңбектердің бірі еді. Қ. Құттыбаев, М. Бекбергенов, Ж. Молдағалиев, С. Әшімханова т.б. диссертация жазды. Ғ. Мүсіреповті зерттеудің жинақталған көрінісін Хасен Әдібаевтың "Талант, талғам, тағдыр" кітабынан байқауға болады. Әсіресе, текске тереңдеп бару арқылы жазушы шеберлігі, стильдік өрнектер ашылған.

Ғабит тіліне шешендік, мақал-мәтелдердегідей ықшамдылық тән. Ол –аткөпір көп жазудан қашқан қаламгер. Бұл авторды жалқау деген сөз емес. Классикалық шығармаларды нысана етіп ұстау алғашқы кезден бастап-ақ тізгін тартып отыруға үйреткен. Тырнақ алды туындылары әңгіме, хикаят үлгісінде жазылып, олар қазақ прозасына жаңа леп әкеп қосты. Ол сарын, ол арна –ащы шындықты күлдіре айту, Мүсірепов палитрасындағы ерекше жарқын бояу –күлкі, ескіні де, жаңаны да, жақсыны да, жаманды да, өмірді де, өлімді де күлкі арқылы беру. Ғабит әрқашан сөздің шайырын іздейді. Оның жазу машығы қара тасқа жан бітіретін мүсіншіні еске түсіреді. Әңгімелерінде ишарат, астарлы ой, қалжың, юмор, сатира, символ, емеурін, философиялық мегзеу мол. Олар әлем әдебиетіндегі үздік үлгілермен үзеңгілес деген тұжырымда әбестік жоқ.

Автор қазақ прозасына ерекше ырғақ енгізді. Бояуы қанық сурет жасады. Мәселен, "Кездеспей кеткен бір бейне" хикаятын европалық әдебиеттердегі ықшам туындылармен салыстыруға болады. Бұл – ақындық шабыттан туған шығарма. Сол секілді "Қыран туралы жыр", "Өмір жорығы" әңгімелерінде автордың көкейкесті сырлары айтылған. Бұлар – натуралистік шығарма емес, адамдық туралы шығарма. Ғ. Мүсірепов әңгімелері – қазақ прозасындағы асыл мен жасықты ажыратып, жаңа көркемдік игіліктер жасап, әдебиет көкжиегін кеңейтті.

Ғ. Мүсірепов деректі прозада да мәнді шығармалар берді. Жапония сапары жайлы әңгімелер циклін жазды. Мұнда арқа, тас тәрізді шартты нәрселер сөйлейді. Естелік әңгімелерінде Мұхтар Әуезов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов бейнелері бар. Ал "Кездеспей кеткен бір бейнедегі" басты кейіпкер Еркебұлан – Сәкен Сейфуллиннің тұлғасы. Көлемі шағын шығарма. Кейбір бөлімдері "Тар жол, тайғақ кешумен" сарындас. Автор бұған өз жанынан тың бояулар қосқан. Поэмада Сәкен өмірінің бірер эпизоды ғана алынған. Автор Сәкеннің өлімін домбыра шегінің үзілуі арқылы берген. Ғ. Мүсірепов – қазақ прозасына қымбат шығармалар қосқан жазушы.

Драматургиядағы шығармалары сан жағынан көп емес. Бәрі де сахнада қойылған. Қазақ әдебиетінің інжу-маржаны – "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" мен "Ақан сері – Ақтоқты". Бұлар қазақ драматургиясының шоқтығы биік шығармалары. Ғабит шебер драматург. Ол нағыз көркем пьеса тудырды. Өйткені іргелі талант драматургияға үлкен дайындықпен келді. Бұл әсіресе тілге, стильге байланысты дайындық. Сахнадағы сөздің әсері күшті екенінде дау жоқ. Әуел бастан сөзге шебер Ғабит драматургияда өнеріне өнер қосты. "Қыз Жібек" секілді музыкалық драманың либреттосында, эпосты сахнаға лайықтау деңгейінде көрінген автор 1939 жылы "Қозы Көрпеш – Баян сұлуды" жазып, тез шырқап өсіп, классикалық шығарма тудырды. Жырды алғаш рет Ж. Шанин пьесаға айналдырған. Ол 1926 жылы Қызылордада қойылған. Бұл инсценировка деңгейіндегі дүние болатын. Ғабит жырдан қажет идея, ой алғанымен, сөзбе-сөз ешнәрсені көшірмеген. Махабатты жырлаған, зұлымдыққа қарғыс айтқан бұл трагедия әлем әдебиетіндегі айтулы туындылармен сарындас шықты. Қазақ драматургиясында ақ өлең үлгісімен соны формалар тудырды. Шумақтағы тармақ саны әр түрлі болғанмен, ырғақ тудыратын элемент – буын санындағы біркелкілік үнемі сақталады. Нағыз трагедия жанрына лайықты күшті тартыс, қат-қабат күрделі тұлғалары бар тамаша шығарма "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" ұлттық сахнаның көркіне айналды, репертуардан берік орын алды.

Ғ. Мүсіреповтің драматургиядағы екінші асылы – "Ақан сері – Ақтоқты" трагедиясы. Бұл да ақ өлеңмен жазылған. Автор жалаң факт жетегінде кетпей, Ақан сері өмірінің бір ғана ситуациясын бейнелейді. Мұнда нағыз трагедиялық жағдайлар тудырған трагедиялық тұлғалар бар. Бос сөз, босаң сюжет жоқ. Бұл – күрескер ақын рухын терең суреттеген тамаша трагедия. Сахнадағы Ақан бейнесін қазақ актерлерінің бірнеше буыны жасады. Әсіресе Шәкен Айманов, Шахан Мусин, Досқан Жолжақсынов өнерлерін дара атау дұрыс. Ғабит – тұңғыш қазақ кинодраматургтарының бірі.

"Қазақ солдаты" – ұлттық әдебиетіміздегі әскери тақырыпқа көш басы болған шығарма.

"Оянған өлке", "Жат қолында" романдары көп толғанудан туған. Бұл – кең тынысты дилогия. Кейіпкері де көп, проблемасы да көп. Ол – қазақ әдебиетіне жаңа бояу ала келген туынды. Кезінде өндіріс тақырыбын реалистікпен бейнелеген мұндай шығарма бүкіл Орта Азия әдебиетінде жоқ болатын. Мұнда өндірістік қарым-қатынастағы адамдар тағдыры молынан суреттелді. Тұлғаларының сенімділігі жағынан "Оянған өлке" – еңсесі биік туынды. Шығарма кейіпкерлері Жұман, Игіліктер сомдап соғылған. Дала тарландары қулығына найза бойламайды. Ғабит кейіпкерін көбіне іс-қимыл арқылы, әрекет үстінде көрсетеді, өзі көрінбейді. Көп нәрсені кейінге қалдырып отырады. Романға көп сындар айтылды, онда біраз кемшіліктер көрсетілді.

Үлкен қаламгерлік ерлік жасап, жасы ұлғайған шағында жазушы "Жат қолында" романын бітіріп кетті.

Ғ.Мүсірепов мұрасының бір саласы көркемдік-эстетикалық ойлар. Ол профессионал сыншы да, көп әдебиетшінің бірі де емес, Ғабит әдеби процесті терең саралаған профессионал жазушы. Оның бұл саладағы еңбектері "Суреткер парызы" кітабында топталып берілді. Әдеби проблемалар жөнінде айтқан қомақты ойлары да бар. Ғ.Мүсірепов – сыншы. Б. Майлин, М. Әуезов, С. Мұқанов, Б. Бұлқышев, М. Шолохов, А. Тоқмағанбетов туралы эстетикалық білікті тұжырымдар жасады. Ол В. Шекспир, А. Островский пьесаларын аударды. Даусыз тұжырым: Ғ. Мүсірепов – қазақ әдебиетінің классигі.


ІІІ
Қазақ әдебиетіндегі аға буыннан шыққан прозаның төрт тұлпарының бірі – Ғабиден Мұстафин. Әркім әдебиетке әр түрлі жолмен келеді. Бірден үздік шығармалар берген қаламгерлер сирек. Рас, тіпті ерте көрінетін, жастай танылатын айрықша таланттар бар. Орыс әдебиетіндегі М. Горькийдің өмір жолы көптеген өнімді ойларға жетелейді. Ол жігіт шағында Кавказ, Донды жаяу аралаған. Орыстың стильге қатаң қарайтын жазушыларының пір тұтары – Паустовский де кезінде көп мамандықтың дәмін татып барып, ақыры жазушылықпен тоқтады. Ғабиден Мұстафин де осылар секілді әдебиетке өмірдің ащы-тұщысын көріп барып келген қаламгер. Табиғатынан талантты, сезімтал, алғыр Ғабиден үшін тіршілік талқысы талант қайрағындай болды. Қазақ әдебиетін байытқан үлкен романшы Ғабиден Мұстафин талантының бір ерекшелігі – құнарлы топырақпен, өмір сабақтарымен тығыз байланыстылығында.

Ғ. Мұстафиннің әкесі Мұстафа қажы көшелі кісі болған. Ғабиден жасында Спасскідегі 4 кластық орысша-қазақша мектепте оқыды. Одан өзге арнаулы мектеп көрмеген. 23 жасына дейінгі өмірі ауылда өтеді. Бұдан кейін Қызылордаға барып қағаз көшіруші болып істейді. Тұңғыш әңгімелері "Ер Шойын" жинағына енген. Көп ұзамай Қарағандыға қайтып келіп, 3 жылдай кен орнында істейді. Кейінірек облыстық "Қарағанды пролетариаты" газетінде, одан кейін Новосибирскіде шығатын "Қызыл ту" газетінде еңбек еткен. 1939 жылы Алматыға көшіп келіп, алғашқы романын жазуға кіріседі. Бұл кез оның замандастары Сәбит пен Ғабиттердің үздік жазушы ретінде атағы шыққан кезі. Ал Ғабиден бар болғаны "Ер Шойын" жинағының ғана авторы. Аз-кем қаламгерлік тәжірибемен роман жазуға кірісу қаламгерлік батылдық еді. Тырнақ алды "Өмір не өлім" романының бірқыдыру көркемдік-идеялық кемшіліктері болатын. Автордың даңқын шығарған негізгі шығармалары – "Шығанақ", "Миллионер", "Қарағанды", "Дауылдан кейін", "Көз көрген" романдары, "Ой әуендері" кітабы.

Ғ. Мұстафиннің прозашы ретінде қалыптасқанын көрсететін "Шығанақ" дерекке негізделген, нанымды бейнелер жасаған шынайы реалистік шығарма. Автор Ш. Берсиевтің аулына барып, сөйлесіп, материал жинады. Басқа бір қоңыртөбел қаламгер бұл материал негізінде асса, очерктер циклін жазған болар еді. Бұл орайда Мұстафин өзінің қажырлы қаламын танытты. Ізденіс үстіндегі жазушыға нақты деректер, өмір материалдары көп әсер етеді. Өмірді көп көрген, ауылда туған, қала тұрмысын, жұмысшы ортасын жақсы білетін Ғабиден сәтті тақырыбын тапты.

Екінші жағынан, ол 40-жылдары қазақ әдебиетіне еңбек адамының, қатардағы колхозшының бейнесін әкелді. Қазақ прозасы үшін жаңа жанр – роман формасында Ғ. Мұстафин үйірім-үйірім оқиға аяқталып отыратын, сюжетті шығарма тудырды. Бұл жағынан Сәкеннің "Тар жол, тайғақ кешуінен" алған сабақтарын көреміз. Реалистік шындығы мол "Шығанақ" орысшаға аударылып, Одақ оқушыларына кең танылды.

"Миллионер" романы 1948 жылы жарияланды. Бұл – тақырыбы, тіпті ат қоюы жағынан да қазақ прозасында бұрын болмаған тың туынды. Шығарма аты оқырманға оқыс әсер етеді. Ықшамдылығы жағынан Тургеневтің романдарын еске түсіргендей. Көп сөзділік, бөлек-салақ көлденең оқиға жоқ. Негізінен шығармада өмірлік маңызды проблемалар көтерілді. Мұндағы кейіпкерлер Бейімбеттің колхозшыларына ұқсамайды. Миллионерде драматизм басым. Кейіпкерлер шешен, өткір тілді, қысқа, нақты сөйлейді. "Абайдағы" ұзақ-сонар мақамды толғаулар мұнда жоқ. "Миллионерде" кейбір схематизм, стандарт салқыны кездесіп отырады.

Автордың "Қарағанды" романында өндірістік орта суреттеліп, шахтерлер бейнесі жасалған. Бұл роман "Өмір не өлім" негізінде қайтадан жазылды. Реалистік кейіпкерлер жүйесі бар. Мұнда өмір көріністерінің кең панорамасы бейнеленіп, қазақ жұмысшы табының қалыптасуы көрсетіледі. Идеясы жоғары, көркемдік дәрежесі биік деңгейдегі бұл роман әдебиетімізді байыта түсті.

Қазан төңкерісі және қазақ аулы деген проблеманы көркемдік тәсілмен терең бейнелеген "Дауылдан кейін" романы - Ғ. Мұстафиннің ең шоқтығы биік шығармасы. Осы роман арқылы қаламгер өзінің қанық стилін, талант қуатын толық ашып таныта білді. Қазақ әдебиетінде бұрын тиіп-қашып суреттелген өмір құбылыстары шығармада терең әрі көркем бейнеленді. Романда байыптылық, реалистік салмақ бар. Таптық жіктеліс, ауыл өміріндегі қайшылықтар, қазақ шаңырағындағы өзгерістер бар. "Дауылдан кейін" романында тек қана бір әлеуметтік, кезеңдік проблема ғана емес, өмір мен өлім тартысы, адамдар тағдыры, сезім шырғалаңдары суреттеледі. Шығармада автор өзі көрген жақсы білетін орта, бастан кешкен, жүректі сыздатар оқиғалар бейнеленеді. Нақты атырап – Орталық Қазақстан көріністері, табиғат суреттері. Кейбір сыншылар бұл романда басты қаҺарман жоқ, кейбір өмір фактілері бұрмаланған деген сияқты пікірлер айтты. Шындығында, кез келген шығармадан басты қаҺарман іздеу дұрыс емес және бұл қиялға орын берілетін көркем роман. "Дауылдан кейін" – полифониялық, кең тынысты, алуан сарынды роман. Өз заманының рухын беретін сенімді кейіпкерлер бар.

"Көз көрген" – ұзақ жылдар жемісі. Көркем мемуарлық шығарма. Стилі, композициясы жағынан да өзіндік ерекшелігі бар. Жеке тарау – жеке әңгіме. Мұндағы басты қаҺарман Сарбала автордың өзін еске түсіреді. Ол - әдеби кейіпкер. Романда жазушы хронологияға ұрынбайды. Сюжет кейіпкер Сарбаланың ойы арқылы өрбіп беріледі. Мұнда ХХ ғасыр басындағы қазақ аулының тынысы кең суреттелген Өмірлік материал мен көркемдік материал арасындағы автордың кейбір ауытқуларына сыншылар назар аударды.

Ғ. Мұстафин профессионал сыншы не маманданған әдебиетші-ғалым болған емес, бірақ жазушы ретінде көркем шығармаға, әдеби процеске, әлеуметтік мәселелерге әр кезде пікір білдіріп отырды. Мақала, рецензия, пікір жазды, баяндама, шолу жасады. Осы еңбектердің басын қосып "Ой әуендері" деген кітап шығарды. Оған Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді. Өмірде таза, адал жүрген, қыл-қыбырмен өнерін былғамаған өр ойлы, нәзік сезімді азамат жазушы, қара қылды қақ жарған Ғабиден Мұстафин көзі тірісінде халық махаббатына бөленді. Оның үздік туындылары елімен ұзақ бірге жасамақ.

ҮШІНШІ ТАРАУ

ҚАЗАҚПЕН ҚАЗАҚ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕССІН
БАТЫР ДА, АҚЫН ДА - ХАЛЫҚТАН

«Құрметті, «Өркен!» Жуырда бір жолдасымыз екеуміз ұзақ әңгімелесіп, ортақ пікірге келе алмадық. Оның ойынша, мысалы, өлең жазатын шопан – интеллигент… Меніңше, интелиигент атын жамылып, өмірге тұтынушылық, тоғышар көзқараспен қарайтындар көп.

Қазір оқу орнын бітіріп, диплом алғандардың бәрін интеллигент санау сіңіп бара жатқан сияқты. Осы дұрыс па? Интеллигент дегеннің кім болғаны сонда?

Б.Төкеев,

Алматы темір жол транспорты инженерлері институтының студенті».

Редакцияға осы мазмұндас хаттар жиі келіп жатады. Жаңару, бетбұрыс идеяларын жанына жақын тұтып, қайта құрудың шынайы сарбаздары болып ауылдарына, өндіріс ошақтарына оралатын жастарды мұндай мәнді мәселенің толғандыруы заңды құбылыс. Оқушы хатын арқау ете отырып, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ совет энциклопедиясының бас редакторы Рымғали Нұрғалиұлы Нұрғалиевті әңгімеге шақырдық. Сіздердің тілшілеріңіздің де оған қойған бірінші сұрағы осы болды.

Р.Нұрғалиев: – “Интеллигент” деген латын сөзінің қазақша мағынасы зиялы, ақылды, білгір деген ұғымды білдірсе керек. Еске түсіре кетейік, бұл сөзді тұңғыш рет ХІХ ғасырдың 60-жылдарында П.Д.Боборыкин деген орыс жазушысы қолданған. Қазір дүниенің қай түкпірінде болмасын өмір сүретін аздаған сауаты бар кез келген адамға түсінікті бұл сөздің мағынасы тереңдеп, салмағы ауырлап барады. Әрине, интеллигент термині туғанға дейін оқығандар, зиялылар болмады деген ой тумайды ғой. Орта ғасырларда интеллигенция ретінде ой еңбегімен арнайы айналысатын қолы бос, мүмкіндігі мол адамдар танылды. Бертін келе әр таптың қабілетті, дарынды өкілдері интеллигенция қатарын толықтыра бастады. Мысалы, әйгілі Леонардо да Винчи бар болғаны қағаз куәландырушының баласы еді. У.Шекспир, Аль-Фараби, Б.Спиноза, Рембрандт, В.Белинский т.б. ұлы адамдар қоңторғай, қоңыр төбел шаңырақтан шыққан. Бүгінде интеллигент деп күрделі, шығармашылық ой еңбегімен шұғылданатын, мәдениетті дамытатын, тарататын адамдарды айтамыз, оларға ғалымдар, инженерлер, юристер, өнер мен әдебиет қайраткерлері – бір сөзбен, интеллектуалды қызметпен айналысатын адамдар жатады.

Тілші: – Бұрын интеллигенцияның рөліне жете мән берілмей келгені белгілі. Мұның мәдени-эконмикалық салада кенжелеп қалуымызға өзіндік әсері де болды. Енді, міне іргелі ел болудың амалын қарастырып жатқан қазіргі шақта интеллигенция алдына қойылар міндеттер де ауқымды болса керек.

Р.Нұрғалиев: – Қайта құру интеллигенцияның алдына ұлан-ғайыр жаңа, абыройлы міндеттер жүктеп отыр. Меніңше, олар бұл асулардан сүрінбей өту керек. Заман талабы осы.

Халқымыз тоқырау құрсауын бұзып тастап, қоғамның саяси жүйесін жетілдіру, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету ісіне белсене кірісіп кетті. Жақында ғана болып өткен КСРО халық депутаттарының сайлауы интеллигенцияның әлеуметтік-саяси белсенділігін тағы да айқын дәлелдеп берді. Тіпті осы жаңаша сайлау туралы заң жобасын дайындауға заң, философия т.б. қоғамдық ғылым өкілдері белсене қатысқанын атап өткен жөн. Егер тоқырау жылдарында кеңес ғалымдарының есімі көбінесе ғылыми жұртшылыққа ғана белгілі болса, бүгінде академиктер А.Сахаров, Р.Сагдеев, Л.Абалкин жазған материалдарды газет-журнал жиі жариялайтын болды. Қайта құру әдебиет пен өнер қайраткерлеріне зор серпіліс, сілкініс әкелді. Сталиндік жеке басқа табыну кезінде қабылданған негізсіз қаулылар күшін жойып, Б.Пастернак, В.Гроссман, М.Булгаков, А.Ахматова, М.Зощенко, Ю.Домбровский сынды қаламгерлердің шығармалары басылды. Тоқырау жылдары шет елдерге кетуге мәжбүр болған жазушылардың жан сыры айтыла басталды. Шәкәрім ақсақалымыз бас болып, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алыптары – А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытовтар ортамызға оралды. Осындай өзгерістердің бәрінде интеллигенцияның сүбелі үлесі бар деп білемін.

Болашаққа көз жіберетін болсақ, алдағы міндеттеріміз бұдан да зор. Қазақстан интеллигенциясы қайта құру, жарияллық мүмкіндігін толық пайдалану үшін бел шешіп, білек сыбанып күресу керек. Аймақтық, шаруашылық есеп, республиканың шын мәніндегі тәуелсіздігін қалпына келтіру, ұлттық және ұлтаралық проблемалар, мемлекеттік тіл, сталиндік қырғын кезінде жазықсыз жапа шеккендерді ақтау т.б. проблемалар республика халқының белсене ат салысуы негізінде алдағы уақытта өз шешімін табады деген үміттеміз.

Тілші: – Қазақ интеллигенттері арасында ел қамын, жер қамын бір сәт естен шығармаған абзал ағаларымыз аз болмаған. Бірақ бүгінгі жастардың солардың бәрін бірдей біле бермейтіні өкінішті.

Р.Нұрғалиев: – Қазақ интеллигенттерінің тарихында бір өзі бір елге тұтқа боларлық біртуар азаматтар аз емес. Өзінің ерекше таланты, тәрбиесі, тектілігімен орыс зиялыларын таң-тамаша қалдырған Шоқан, бүкіл ғұмырын, күш-жігерін оқу-ағарту ісіне арнаған Ыбырай, дала данышпаны Абайды интеллигент, зиялы, ақылман демегенде кім дейміз? Жиырмасыншы ғасыр басында халқымыздың ортасынан Ахмет Байтұрсынов сияқты жаңа типтегі интеллигенция өкілдері өсіп шықты. Ахаңның сырбаз мінезі, сабырлы кейпі, тектілік мәнері, ойлы сөзі, киім киісі, жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауына дейін оның білімпаздық болмыс-бітімін аңғартса керек. Революционер-ақын Сәкен Сейфуллин, алғашқы қазақ профессорлары С.Асфендияров, Қ.Жұбанов, Ә.Ермековті қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдері ретінде атауға болады.

Бүгінгі қазақ интеллигенциясы өсіп-өркендеген, кемеліне келіп толысқан, сан жағынан да сапа жағынан да жетілген үлкен әлеуметтік топ. Олардың ішінде қай жағынан болмасын мақтан етуге тұрарлық азаматтар аз емес. Бір табан болса да маған жақындау ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдеріне ғана тоқталмақпын.

Бұрын жұртшылықтың өзінің өршіл рухтағы мінезді жырларымен тамсандырған қазақтың өр ақыны Олжас Сүлейменов қайта құру кезінде жігерлі қайраткерлігімен көзге түсті. Ол мұрындық болған “Семей – Невада” қозғалысы КСРО-ның сыртқы саясаттағы негізгі бағыты – жаңаша ойлаудың жемісі деп білемін. Осы қозғалыс ұйытқыларының бірі – дәрігер, академик Сайым Балмұқановтың есімін де ерекше атап өткен жөн. Республиканың көрнекті қоғамтанушы ғалымы, академик Салық Зиманов, қазақ тілінің жанашыр-жоқшысы, академик Әбдуәли Қайдаровты қазақ ғылыми интеллигенциясының бүгінгі алдыңғы шепте жүрген өкілдері деп білеміз. Ал, кезінде ауыр күндерде мойындарына қандай ауыртпалық түссе де, геолог-академик Қаныш Сәтбаев, әдебиетші-профессор Бейсенбай Кенжебаев, тарихшы-профессор Ермұқан Бекмаханов халық мүддесі, ел қамы үшін тырнақтай да опасыздық жасамаған болатын. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов сталиндік репрессия кезінің өзінде зор қайрат, мол жігер, ерекше шыдам көрсетіп, “Абай жолы” эпопеясын жазып шықты. Өзінің тарихи миссиясын терең сезінді, алған бетінен қайтқан жоқ.

Тілші: – Бүгінде барша жұртшылықты қатты алаңдатып отырған әлеуметтік, экономикалық, экологиялық проблемалардың қайсысы сізді көбірек толғандырады?

Р.Нұрғалиев: – Бұл мәселелер бірімен бірі сабақтас, өзектес, өзара тығыз байланысты проблемалар. Оларды бірнеше топқа жіктеуге болады. Біріншісі – саяси жүйені жетілдіру, олардың жұмысын демократияландыру мен теориялық негізде жетілдірудің орасан зор маңызға ие екендігі өзінен-өзі түсінікті болса керек. Екінші проблема – экономикалық дамуды жеделдету. Қазақстан сияқты бай өлке үшін республикалық шаруашылық есепке көшу, өндірілген шикізатты өңдейтін саланы дамыту, шет елдермен республика территориясындағы қорғаныс мақсатындағы кәсіпорындары тұрмысқа қажет заттар шығаруға көшірудің орасан зор маңызы бар, үшінші – әлеуметтік саладағы проблемалар да жеткілікті. Республика халқының өсу қарқыны одақтық дәрежеден жоғары болғанымен, егделердің ерте мерт болуы, дүниеге келген жас сәбилердің шетінеу пайызы жан түршіктіреді. Денсаулық сақтау ісін дамыту, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, пенсияның мөлшерін ұлғайту, соғыс ардагерлеріне қамқорлық – көкейкесті әлеуметтік проблема. Төртінші – экологиялық ауыр жағдай кімді де болмасын самарқау қалдырмаса керек. Қазір Қазақстанда ядролық жарылысты сынауға тыйым салуды мақсат еткен “Семей – Невада” қозғалысы, Арал мен Балқашты қорғау жөніндегі қоғамдық комитет жұмысы күннен күнге қанат жайып келеді. Бұл екі қозғалыстың басшылары О.Сүлейменов пен М.Шахановтың КСРО халық депутаты болып сайлануы, олардың шын мәніндегі бүкілхалықтық қолдау тауып отырғандығын көрсетсе керек. Бұдан басқа да түйінді мәселелер жоқ емес. Әлі де болса ақталуын күтіп жатқан, кезінде жазықсыз мерт болған қайраткер азаматтарымыз бар. Жақында ту көтерген “Әділет” қоғамы бұл іске білек сыбана кіріседі деп білеміз. Қазір талай жылдар бойы сірескен сірі мұздың көбісі сөгілді, сең бұзылды. Ендеше, жариялылық арқасында алдағы уақытта да ақиқаттың, шындықтың мерейі үстем бола бермек.

Тілші: – Шындық дегеннен шығады, қоғамдық өмірде интеллигенция мен еңбекші бұқара өкілдерін бір-біріне қарсы қоюға бағытталған әрекеттер бой көрсетіп қалады. Бұл да интеллигенцияға деген бұрынғы теріс пікірдің бір мысалы емес пе?

Р.Нұрғалиев: – Интеллигенция халықтың, ең алдымен, еңбекші бұқараның мүддесін көздейді. Интеллигенцияның өсіп-өну базасы – халық. Батыр да, ақын да, бағлан да, дана да халықтан өсіп шығады. Қазіргі қазақ интеллигенциясының көбі өмір жолын еңбек дүкенінен бастаған. Демек, интеллигенцияның қатарын толықтыратын негізгі әлеуметтік қайнар көзі – жұмысшы, шаруалар. Ендеше, олардың мүддесі де, мақсаты да ортақ. Өкінішке қарай, кейінгі кезде интеллигенция мен жұмысшы арасында араздық отын тұтандыру, сына қағу әрекетіне барған сілімтіктер де шықты. Мұндай жат пиғылды адамдарды бетбұрыстың қарсыластары ретінде бағалау керек. Ақын О.Сүлейменов пен жұмысшы табының өкілі Қ.Шопанаевтың бір округтен сайлауға түскен кезінде осы орайда өз пайдаларын іздеген сұғанақтар әртүрлі айла-шарғыға, бопсаға барды. Бірақ Олжас сынды ержүрек ақынның азаматтық ірілік көрсетіп келесі турдағы сайлауда кандидатурасын өз еркімен алып тастауы сұмырайлар көмейіне құм құйды.

Тілші: – Бүгінгі студент – ертеңгі маман… Олардың нағыз интеллигент болып қалыптасуы үшін бойларына қандай қасиеттерді дарытқаны жөн?

Р.Нұрғалиев: – Бүгінгі студенттің бәрі бірдей ертең интеллигент болып кетеді деп айта алмаймын. Керісінше, қазіргі жұмысшының ертең интеллигент қатарына қосылуы әбден мүмкін. Сондықтан бүгінгі студент ертең жақсы маман, білікті азамат болуы үшін оқу керек, іздену керек. Өзінің азаматтық, қайраткерлік батыл позициясымен елге танылған жұмысшылар аз ба? Ал, азамат болу үшін ең алдымен, арыңды таза сақта. Жариялылық заманында ойыңды орғытпай, күмілжітпей, батыл да ашық айтуға дағдылан. Өз ісіңнің дұрыс екеніне көз жеткізсең – алған бетіңнен қайтпа. Жастыққа ыстық қайрат, жалын-жігер тән. Ендеше, сен жаңалықтың, жақсылықтың алдында жүруің керек. Бүгінгі күнмен емес, ертеңгі күнмен өмір сүргенің жөн. Жалпы қазіргі жастар құрғақ насихат, жалған уағыз айтқанды ұнатпайды, дербестік, еркіндікті қалайды. Ендеше, халқыңа жүрек әмірімен қызмет жаса дегім келеді. Ол үшін ең алдымен терең білім, биік парасат, үлкен азаматтық керек.

Тілші: – Рымғали аға! Мәнді де мазмұнды әңгімеңіз үшін көп рақмет.



Әңгімелескен Шолпан Ұғыбаева.

Өркен, 3 маусым, 1989 жыл.

СЫНШЫ СЫРЫ

Қазақ энциклопедиясының бас редакторы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор рымғали Нұрғалиев 50 жасқа толып отыр. Редакцияның тапсырмасы бойынша әдебиетші, филология ғылымдарының кандидаты Болатжан Абылқасымов мерейтой иесіне жолығып, әңгімелескен еді. Төменде осы сұхбатты жариялап отырмыз.

– Реке, халқымыздың “көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра” дейтін аталы сөзі бар ғой. Сақа жігіт жасына жаңа жетсеңіз де шыққан биік, алған асуларыңыз аз емес. Әдеби, ғылыми жұртшылық сізді жақсы біледі, десе де қалың оқырман қауымды қызықтыратын сауалдар да болуға керек. Осы ретте өзіңізге қояр бірінші сұрағымыз: ғылыми творчестволық алғашқы қадамыңыз қалай басталды?

– Қазақ мемлекеттік университетінің көп көрген көзінің бірі, екінші курс студенті едік. ХХ ғасыр басындағы әдебиттен профессор Бейсенбай Кенжебаев лекция оқыды. Ағыл-тегіл шешендік, импровизация жоқ, орасан мол факті, деректермен қызықтырады. Архив материалдары шаш етектен. Кейде қабылдау қиындап кеткен кездері де болады. Тұғжиып кітап оқып отырып ұсталып қалған мені шақырып алып: “Шырағым, мә, мына кітаптарды оқып сол туралы ойларыңды қағазға түсіріп әкеле қойшы”, – деді. Сабыр Шариповтің 2 томдағы екен. Оқыдым. Жаздым. Профессор Бейсенбай Кенжебаев жазғаныма көптеген ескертпе айтып, қайтадан істетті. Каникул кезінде ауылға жібермей, өзі ертіп апарып архивке отырғызды. Сөйтіп профессор мен студент бірлесіп жазған “Сабыр Шарипов. Өмірі мен творчествосы” деген кітапша 1961 жылы университет баспасынан жарық көрді. Ғылымға деген қадам осылай басталған. Кездейсоқтық әсері дейсіз бе, заңдылық әсері дейсіз бе, ол арасын тап басып айта алмаймын.

– Сіз жиырмадан астам қазақша, орысша шыққан кітаптардың авторы екенсіз. Олардың басым көпшілігі зерттеу, сын еңбектері. Өндірте жазу – қалам қуатының айқын белгісі. Ал сол еңбектеріңіздің бір де бірінің кітап дүкендерінде сарғайып, жатып қалғанын көргеніміз жоқ. Оқырман сүйіспеншілігіне бөленудің кейбір құпия сырларына тоқтала кетсеңіз.

– Әрине, жазылған еңбектің өз оқырманын тапқаны қай авторға да сүйініш. “Құпия сырлар” жоқ. Негізінен әдебиеттану, сын кітаптарының тиражы аз. Тез тарап кетуінің бір себебі сұранысқа жауап болса екіншіден, сапаға да қатысты шаруа болар. Қазір “Арқау” деген ортақ атпен қайта басылып жатқан “Айдын”, “Телағыс”, “Қайнар” (“Қазақ революциялық поэзиясы”) әдеби-сын трилогиясы шығар деп ойлаймын.

– Тақырыпты қалай таңдайсыз? Материал жинау мен жұмысты жазуға кететін уақытты қалай екшейсіз?

– Ұзақ жылдар қазір “ақтаңдақтар” деп аталатын кезеңнің әдебиетін, Мұхтар Әуезов шығармашылығын драматургия, теория, поэтика мәселелерін зерттедім. Материал жинауға, сұрыптауға, саралауға уақыт көп кетеді. Жинау мен жазу қатар жүретін кезі бар.

– Қалай, қашан, қайтіп жазасыз?

– Ертеректе күн демей, түн демей төпеп жазсақ, кейін жүйеге, тәртіпке, дағдыға үйрендік. Жазуға түске дейінгі уақыт, оқуға, материал жинауға түсетін кейінгі, кешкі сағаттар қолайлы деп білемін. Университетте педагог болып жүргенде бұл шартты сақтауға мүмкіндік бар еді, соңғы 4-5 жылда бәрі өзгерді. Энциклопедия жұмысы ауыр. Көп уақыт қолжазба, әртүрлі ғылым салаларына байланысты материалдарды оқуға, редакциялауға кетеді. Кейде бір мәселені, тіпті бір фактіні анықтауға қыруар уақыт жұмсайсың. Қазір көптеген методологиялық проблемалар, тарихи көзқарастар, ғылыми принциптер жаңғырды. Жаңаша ойлау, қайта құру принциптері бел алды. Репрессия құрбандары, ақтаңдақтар ақиқаты, реабилитация шапағаты – бұлардың бәрін энциклопедиялық басылымдарда көрсетіп беру оңай шаруа емес: авторлармен жұмыс істеуді, ұйымдастыруды талап етеді.

– Ғылым жолын бастаған кезде қандай қасиеттер қажет?

– Табандылық. Еңбекшілдік. Әрине, табиғи қабілет, икемділік. Білікті ұстаз қолына түсу: өрісті арна табу және қажет.

– Имандылық, адамгершілік қасиеттердің творчестволық процесте алатын орны қандай? Ұлтжандылықтың ше?

– Иманын сатып, адамгершіліктен безіп, ұлт мақсатын жер етіп, жалған ғалым атанғаннан қолға күрек алып, жер қазып кеткен артық шығар.

– Қазақ әдебиеттану ғалымындағы дәстүр жалғастығы туралы айтсаңыз.

– Кезінде Ахмет Байтұрсынов қазақ әдебиеттануының тамаша дәстүрін бастаған. Сол керемет үлгі зорлықпен бұзылып, көп жылдар евроцентризм арнасына түсіп кетіп, термин, категориялардың ұлттық баламасын іздемей, дайын нәрсені көшіре салып келгенімізді несіне жасырамыз? Ұлттық өнердің сипатын табиғи қалпында саралап таныстыратын білікті өріске аңсарымыз ауып тұрады.

– Ғылыми кадрларды даярлаудың өнімді жолы қайсы?

– Алматы, Мәскеу, Ленинградтың іргелі ғылыми орталықтарынан тәлім алған жастардан ерекше жеміс күту керек. Ендігі қазақ жас білімпаздары үшін батыс, шығыс тілдерін білу парыз болып қалады ғой.

– Әртүрлі атақ, дәреже, лауазымдардың ғылымға үлес қосуға қандай пайдасы бар?

– Қалжыңға сүйеп айтсақ, атақ-лауазым батырдың басындағы дулығасы, кеудесіндегі сауытты іспетті. Кез-келген біреу топыраққа аунатып кете алмайды. Жаңа іске, шаруаға мұрындық болуға жарамаса, атақ-лауазым дегеніңіз салмағымен адамды езіп тастайтын шойын қалпақ шығар. Оның өзі бір дерт. Өйтіп азап арқалап жүргеннен гөрі сыбай-сылтаң күйдің өзі артық.

– Әдебиеттану ғылымының бүгінгі күнгі көкейкесті мәселелері қандай деп білесіз?

– Кезінде жіберілген орасан зор қателіктерді жөндеудің кезеңі қайта құру заманында дөп келіп тұр. Ұшан-теңіз эпосымыз, фольклордың сан-алуан жанрлары, ерте дәуір, орта ғасыр, жаңа заман әдебиеті терең әрі жан-жақты зерттелуі керек. Ақталып, ортамызға қайта оралған алыптар Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек өз зерттеушілерін күтіп тұр. Әлемдік әдебиеттің биік тұлғасы Қожа Ахмет Яссауиді зерттеуіміз, жариялауымыз керек.

– Республикамыздың болашақ саяси экономикалық дамуы туралы не айтасыз?

– Экономикалық, саяси, рухани дербестік идеясын әрбір азамат қолдап қана қоймай, осы ұлы мұрат үшін күресуі керек.

– Халқымыздың тарихын, мәдениетін толық танып білуде Қазақ совет энциклопедиясы қандай жұмыстар жүргізбек?

– Осы күндері ҚСЭ коллективті 4 томдық қазақ, орыс тілдерінде “Қазақ КСР. Қысқаша энциклопедиясын” шығарып бітті. Алда “Абай”, “Шәкірт” (4 томдық), “Қазақ әдебиеті мен өнері” (4 томдық), “Қазақстан табиғаты” (4 томдық), “Қазақ тілі”, “Қазақстан тарихы мен мәдениетінің шежіресі” (көп томдық), “Шопан”, “Денсаулық”, “Философия энциклопедиясы”, “Зерде кітабы” (көп томдық) т.б. басылымдарды жарыққа шығаруға күш жұмсап жатыр. Мақсат үлкен, міндет ауыр.

– Энциклопедия неге аз тиражбен шығарылады?

– Күні бұрын жазылып, кітап алуға үйренбегенімізден шығар. Шынында да алғашқы энциклопедиялық басылымдар мардымсыз тиражбен тарады. қазір жағдай өзгере бастады. Халық іздеп оқитын, зәру кітаптардың бірі – “Шаңырақ. Үй-тұрмыс энциклопедиясы” 115 мың тиражбен басылды. Алдағы еңбектерімізде осы межені ұстанып отырмыз. Қалың қауымның, көзі ашық зерделі жұртшылықтың ынта-ықыласы керек. Дүние-дәулеттен бұрын кітап жинауға мойын бұрсақ, жаңа, жақсы дәстүрге жол салар едік.

- Елдің қамын өмірінің нысанасы еткен аяулы азаматтар 20-30-50 жылдары түгелге жуық атылып, айдалып кеткені, жазықсыз жапа шеккені бүгіндері ешкімге құпия емес. Осындай зұлмат кезең, аласапыран мезгіл қайталап соқпас үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Бұл өте ауыр сұрақ. Халқымыздың әлеуметтік, экономикалық, демографиялық болашағын кескен, мың жылдар бойы иемденген ата жұрт, баба менкенімізге, оның қойнындағы құт-қазына, байлық-дәулетке иелігіміздің өзіне күдік келтіретін жағдайға әкелген репрессиялар, ашаршылықтар, қудалаулар трагедиясы әлі жазылған жоқ. Біреу шыбынның аяғын жазықсыз сындырса айып төлеуі сұралатын заманда, миллиондаған құрбандыққа ескерткіштер орнатпауымыз, аза күнін белгілемеуіміз – ұлттық, патриоттық сана-сезіміміздің әлі де толық шыңдалып болмағанын көрсететін жәйттер. қанды қырғын қайтып соқпас үшін бірінші қатарда адам баласының игіліктері, ар-иман шарттары, демократия, гуманизм принциптері тұруы керек. Фашизм,экстремизм, шовинизм, нәсілшілдік өртінен сақтасын деңіз.

– Сіз кандидаттықты да, докторлықты да ерте қорғаған ғалым деп есептелесіз. Осы жолда кездескен қиыншылықтар болды ма?

– Менің кандидаттық диссертациям алпысыншы жылдардың ортасында жазылып, қорғалды. Бұл Н.С.Хрущев жылымығының кезеңі болатын. Жеке адамға табыну айыпталған, Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды қаламгерлер мұрасы ақталған, З.Шашкин, Ө.Тұрманжанов, С.Талжанов, М.Қаратаев, Х.Есенжанов қатарластар лагерлерден, айдаудан қайтып оралған шақ. Азды-көпті кеңшілік туды. Мұхтар Әуезов өнерінің алғашқы кезеңіне, драматургиясына арналған зерттеуде “Еңлік-Кебек”, “Қарагөз”, “Қилы заман”, “Хан Кене” туралы бір жағынан уақыт кеңшілігін пайдаланып, екінші жағынан жастық қызуымен жаңа пікір айтқанымыз рас еді. Еңбек “Трагедия табиғаты” деген атпен жеке монография болып басылып шыққаннан кейін (1967) “Халық жауы Шәкәрім шығармаларын мадақтаған” деген айыппен А.Қарасартов деген әртүрлі үлкен жерлерге үстімізден арыз түсірді. Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллин, профессор Темірғали Нұртазин арнайы мақала жазып, еңбегімізді де, өзімізді де сақтап қалды.

Қазақ драматургиясының поэтикасына арналған докторлық диссертация 1973 жылы қорғалды, қат-қабат қиындықтар болды. Бұл мен үшін азап, сергелдеңге түскен жылдар. Үміт үзілгендей, әділет өлгендей, торыққандай кезеңдер. Сонда ұстазым Бейсенбай Кенжебаев: “Көтер басты. Бу белді. Жұмыс істе!” – деді. Профессорлар грузин Георгий Ломидзе, өзбек Иззат Сұлтанов, башқұрт Ғилемдар Рамазанов, орыс Евгений Челышев қолұшын берді.

– Соңғы жазып бітірген еңбектеріңізді айтыңыз?

– Көп жылдардан бері айналдырған “Ай қанатты арғымақ” романы аяқталды. “Алыптар қайтып оралғанда” зерттеу кітабын, “Полигон новеллалары” циклін жазып жүрмін.

– Сұхбат соңында сізді мерейтойларыңызбен құттықтай отырып, тағы да тың табыстар тілейміз.



Алматы ақшамы,

31 мамыр 1990 жыл.

ҚАЗАҚ ЭНЦИКЛОПЕДИЯСЫ: ЖЕМІСТІ 25 ЖЫЛ

Өзге жұртқа, жалпақ әлемге өз танымымен, өзінің салт-дәстүрімен, тарихымен, өнерімен, ғылымымен т.б. оқшау сипаттарымен танылу – тәуелсіздікке ұмтылған әрбір ұлттың үлкен мұраты. Сол оқшау сипаттарды жинап-теріп, өз ұлтының өкілдері де, өзге жұрттың оқырмандары да жүйелі түрде түсіне алатындай қалыпқа салып, тасқа қашағандай бедерлеп, том-том кітапқа айналдыру – өскен өркениеттің нышаны. Міне, осындай шежіре кітап – қазақтың төл энциклопедиясының жарық көруі Қазақстан Республикасы тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі. Биыл алғаш шаңырақ көтергеніне 25 жыл толып отырған Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы қиын да күрделі қалыптасу кезеңін бастан кеше отырып, оқырман қауымға 3 млн. 600 мың дана таралыммен 55 энциклопедиялық басылым ұсыныпты. Төменде біз осы жұмыстарға басшылық жасап отырған белгілі ғалым, Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясының бас редакторы, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымының докторы, профессор Рымғали Нұрғалиевпен жүргізген сұхбатты жариялап отырмыз.

Ұлттық энциклопдиясы жасалған халық – өскен-өркендеген халық. Төл энциклопедиямыздың дүниеге келуі – біздің де өркениетті елдер қатарына қосылғанымыздың көрсеткіші. Мәселен, жазба мәдениетінің тамыры ықылым замандарға кететін қытай халқының энциклопедиясын жасау ісі бізден кейін – 1972 жылы ғана қолға алыныпты. Қазақ энциклопедиясының бұрынғы одақтас республикалардың көпшілігінен бұрын жасалынып бітуінің өзі халқымыздың мәртебесін көтеретін дерек. Жалпы ұлттық ортадағы кітапқа деген көзқарас және кітап шығару ісінің өркендеуі – сол ұлттың мәдени кемелденуінің айнасы іспеттес.

Әдетте, алдымен сауат ашатын әліппе, әртүрлі оқулықтар, онан соң көркем әдебиет, басқа да кітаптар шығады. Ал энциклопедия – кітап атаулының мейлінше күрделі түрі, былайша айтқанда, “кітаптардың кітабы”. Адамзат қоғамы неғұрлым ілгері басып, дамыған сайын, ғылыми білімдер соғұрлым көбейіп, жаңа мағлұматтар, ұғымдар мен терминдер пайда болады, бұлар туралы саналуан кітаптар шығады. Келе-келе адамның осы жаңа деректер тасқынына ие болуы, игеруі қиындай түседі, хабаршы құралдардың қайсысында не барын біле алмай дал болады. Осы себепті оларды бір жерге жинақтау, басқа кітаптар жайында анықтама беретін бір кітап жасау, яғни адамзат ойында қорытылған барлық білімдердің жинағы – энциклопедия шығару қажеттігі туады.

Энциклопедия сипатты еңбектер ең алғаш қытай халқының жазбаларында (б.з.б. 12-10 ғ.) пайда болған Б.з.б. 2-мыңжылдықтың 2-ширегінде Мысырда сөздік жасалғаны белгілі. Ежелгі Грецияда Демокрит пен Аристотель еңбектерінің энциклопедиялық сипаты болды. Ежелгі Римде шыққан алғашқы энциклопедияның бірі – Марк Теренций Варроның “Ғылымдар” атты шығармасы. Әбу Насыр Әл-Фарабидің араб тілінде жазылған “Ғылымдар тізбесі”, Ибн Синаның “Білім кітабы” трактаты, Махмуд Қашқаридің “Диуани лұғат ат-түрк” кітабы т.б. алғашқы энциклопедиялық еңбектердің үлгісі іспетті. 18 ғасырдың аса көрнекті философы Д.Дидро шығарған француз энциклопедиясының бүкіл әлемдік өркениетке ықпалы зор болды. 1768-71 ж. шотланд баспаханашысы У.Смелли 3 томдық “Британия энциклопедиясын” шығарды. 19-20 ғасырларда Еуропа елдерінің бәрінде дерлік энциклопедия жасалды. 19 ғасырда “Жаңа Америка энциклопедиясы” басылды. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың бас кезінде жұртшылыққа кең таралған энциклопедиялық сипаттағы еңбектердің ішінен Ф.Павленковтың “Энциклопедиялық сөздігі”, ағайынды Гранат бастырған энциклопедиялық көздік үлкен орын алды.

Осы қысқа қайырылған шолудан көріп отырғанымыздай, энциклопедиялық сипаттағы еңбектерді алғашқыда жеке адамдар – өз заманындағы сан-салалы ғылым мен білімнің білгірлері жасаған екен. Мұндай дәстүр ұшқыны қазір де кездеседі. Мәселен, мен жақында Түркияға барған сапарымда кейбір энциклопедиялардың жеке адамдар – белгілі ғалымдар авторлығымен шығып жатқанын көріп қызықтым. Алайда, әлемдік тәжірибеде күрделі энциклопедиялық басылымдар, әсіресе, ғылымның барлық саласын түгел қамтитын әмбебап энциклопедиялар ұжымдық күш-жігер жұмсау нәтижесінде дүниеге келеді. Қазіргі ғылым мен білім ауқымының кеңдігі сондай, мұның бәрін бір адамның терең білуі мүмкін емес. Сондықтан ғылымның әр саласынан маманданған адамдардан энциклопедияшылар ұжымы жасақталады, олар өздері маманданған ғылым мен кәсіп салаларындағы белгілі ғалымдардың, білікті мамандардың ақыл-кеңесіне сүйене отырып, болашақ энциклопедиялық басылымның құрылымын анықтайды, енгізілетін мақалалардың сөзтізбесін жасап, жазылу үлгісін белгілейді, әрбір мақаланы жазатын маман автормен хабарласып, олардан келіп түскен материалдарды бір үлгіге келтіреді, қажетті суреттер, карталар, кестелер дайын болған соң, басылым өндіріске әзірленеді т.б. Мұның бәрін тәпіштеп айтып отырған себебім – оқырмандарға энциклопедиялардың қаншалықты қиын еңбекпен дүниеге келетінін аңғарту. Біздің кітаптарымызда артық бір сөз, тіпті бір үтір болмауы қажет. Мұнда анықталмаған дерек, ғылыми болжам секілді еркіндікке жол бермейді. Энциклопедиядағы мақалалардың газеттегі немесе журналдағы, ғылыми жинақтардағы мақалалардан ерекшелігі де осында. қазір өзіңіз де байқап жүрген шығарсыз, мерзімді баспасөзде жарияланып жатқан бірқатар мақалалардың авторлары өз ойларын Қазақ энциклопедиясының томдарына сілтеме жасай отырып тиянақтайды. Бұл – бүкіл өркениетті елдерде қалыптасқан дәстүр. Кез келген ғылыми таласта энциклопедиядағы дерек немесе тұжырым ақиқаттың кепілі ретінде қабылданады. Әрине, бұдан энциклопедиялық басылымдарда ешқандай қателік болмайды деген ой тумауы керек. Барлық баспа өнімдері секілді энциклопедия да өзі жарияланған кезеңдегі ғылыми ой мен қоғамдық пікірдің деңгейін бейнелейді. Біздің халқымыздың тұңғыш әмбебап энциклопедиясына баға бергенде де осы тұрғыдан келу қажет. Онда көптеген ұғымдар, әсіресе, тарих пен философияға, қоғамдық ғылымдар мен дүниетанымға қатысты мәселелер сол кезеңнің рухында жазылған, халқымыздың ардагер азаматтарының есімдері тұңғыш төл энциклопедиямызға енбей қалған т.б. Алайда, өзі жарияланған кезеңдегі ғылыми ұғымдар мен тарихымызға байланысты деректерді жүйелеп шыққан, қазақ тілінің ғылыми тілге айналуына елеулі үлес қосқан тұңғыш энциклопедиямыздың мәні мен маңызын ескермеуге болмайды.

Жұртшылық арасында “энциклопедия болған оқиғаларды тізіп шығатын шежіре емес пе” деген біржақтылау түсінік бар. Энциклопедия тек шежіре ғана емес, бұл – таным құралы. Өскелең ұрпаққа, әр саланың мамандарына қажетті ұғымдар мен деректерді жүйелеп беріп, ғылымның алға дамуына негіз қалайды, қозғау салады. Қай елде болмасын, энциклопедиялық басылымдардың жарық көруіне мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, қамқорлық көрсетілетіні сондықтан.

– Осыдан жиырма бес жыл бұрын қолға алынып, он жылдың о жақ, бұ жағында жасалынып біткен тұңғыш ұлттық энциклопедиямыздың мән-маңызы туралы жақсы айтып өттіңіз. Бірақ, менің ойымша, халқымыз мәдениетінің тарихындағы осынау бір өзгеше оқиға – тұңғыш төл энциклопедиямыздың дүниеге келуі сол кездегі көп науқанның тасасында елеусіз қалған сияқты. Осының себебі неде? Насихаттау жетіспеді ме, әлде халқымыз бұл шаруаның қадір-қасиетін түсіне алмай қалды ма?

– Неге? Кезінде зиялы қауым тұңғыш әмбебап энциклопедиямыздың қолға алынуын, жасалынып біту қуанышын үлкен оқиға ретінде бағалады. Мерзімді баспасөз бетінде де жақсы-жақсы лебіздер айтылды. Жалпы тарихтағы елеулі оқиғалар өз тұсында дараланбай, уақыт өте келе тұлғаланып, оның қадір-қасиеті кейінірек бағаланып жатады емес пе?

– “Еште болса, кеш жақсы” деген, Реке. Бұл жұмыс қалай басталып, қалай атқарылып еді? Тұңғыш ұлттық энциклопедиямыздың жасалу тарихын білу бәрімізге де парыз шығар.

– Қай елде болсын энциклопедия сол ұлттың қоғамдық және рухани даму дәрежесінің биіктеген шағында ғана жасалып отырған. Қазақ елінің саяси-экономикалық және мәдени өркендеу деңгейі 60-шы жылдардың аяғында тұңғыш қазақ энциклопедиясының жарық көруіне біршама қолайлы жағдай тудырған еді.

Қазақстан үкіметінің “Қазақ совет энциклопедиясын шығару туралы” қаулысында (1967 жылғы қыркүйек) осынау үлкен де күрделі басылым алдына: көне заманнан бүгінге дейінгі қазақ халқының өткен тарихы жолын бейнелеу, Қазақ Республикасының экономика, ғылым мен мәдениет саласындағы жетістіктерін, оның басқа халықтармен байланысын, достық одағын, туысқандық ынтымағын көрсету, дүниежүзілік өркениетке қатысы бар аса маңызды ұғымдарды жете баяндау, сөйтіп, еңбекшілердің қалың көпшілігіне арналған жүйелі анықтамалық құрал жасап беру міндетін қойған болатын. Қазақтың тұңғыш әмбебап көп томдық энциклопедиясын әзірлеп, басып шығару үшін Қазақстан Ғылым академиясының жанынан 1968 жылы 1 қаңтарда Қазақ совет энциклопедиясының Бас редакциясы құрылды, оған ғылыми-зерттеу мекемесінің дәрежесі беріліп, тікелей Қазақстан Ғылым академиясының төралқасына бағындырылды. Сөйтіп, бұл маңызды құжат Қазақстанда энциклопедиялық кітап шығарудың негізін салып берді.

Қазақтың әмбебап көп томдық энциклопедиясын жасауға республикамыздың ғалымдары, халық шаруашылығының мамандары әдебиет, мәдениет, өнер, қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу мекемелерінің, баспасөздің, мұражайлар мен архивтердің қызметкерлері, жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары тартылды. Қазақтың тұңғыш энциклопедиясының Бас редакторлығына академик М.Қ.Қаратаев тағайындалып, халқымызға танымал ғалымдар мен мамандардан құралған Бас редакция жасақталды.

Негізгі күш Қазақстан Ғылым академиясы, оның ғылыми-зерттеу институттары мен басқа да ғылыми мекемелері болды, жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары да аса маңызды роль атқарды. Бас редакция жанынан ғылым салалары бойынша 29 ғылыми-салалық алқалар мен ғылыми кеңесшілер тобы құрылды. Бұлардың құрамында 313 ғалым мен маман: олардың ішінде 27 академик пен корреспондент-мүше, 84 ғылым докторы, 189 ғылым кандидаты болды.

Энциклопедияның әр томын әзірлеуге орта есеппен 850-1200 автор қатысты. Бұлардың басым көпшілігі – ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары, белгілі мамандар, өндіріс жанашырлары, әдебиет пен өнер қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері еді. Энциклопедия мақалаларының авторлары негізінен тиісті ғылыми мекемелер мен оқу орындарының ұсынуы бойынша, Бас редакцияның және ғылыми салалық редакция алқасының мақүлдауымен іріктеп алынды.

Көп томдық Қазақ энциклопедиясын әзірлеу барысында 47 тақырыптық сөзтізбе жасалды. Бұлардың әрқайсысы жеке кітапша күйінде басылды да, мемлекеттік және ғылыми мекемелерге, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарына, шығармашылық одақтарға, кітапханалар мен мұражайларға, архивтерге, ірі кәсіпорындарға, жеке ғалымдар мен мамандарға жіберілді. Осылайша, кең түрде пікір алысу, талдап-талқылау нәтижесінде 60-ден аса мекеме, ұйымдар мен жеке кісілерден 8 мыңға тарта ұсыныс түскен еді. Түскен пікірлер мен ұсыныстар салалық редакцияларда қаралып, ғылыми кеңесшілердің қолынан өтті, алқаларда екшеледі. Осындай қыруар еңбек нәтижесінде әмбебап энциклопедияға 50 мың мақала енгізу жоспарланды.

Алдын ала әзірліктің барысында ҚЭ бас редакциясы авторлар мен редакторлар үшін бірнеше жадынамалар, мақала схемалары мен басқа да көмекші құралдар бастырып таратты, 1-томға енетін барлық мақаланың жобасы ротапринт әдісімен 12 кітапша етіп басылды да, Қазақстан Ғылым академиясы институттарының, басқа да ғылыми мекемелердің, жоғары оқу орындарының, министрліктер мен ведомстволардың, баспа, газет, журнал редакциялары қызметкерлерінің, жеке ғалымдар мен мамандардың қарап, пікір айтуына таратылды. Мұның бәрі мақалалардың сапасын арттыруға, ҚЭ бас редакциясының ұжымы, ғылыми салалық редакциялар ұсынған бағыт пен бағдардың қаншалықты дұрыс екенін айқындауға, кемшіліктердің алдын алуға мүмкіндік берді.

Әмбебап энциклопедиясының 1-томы 1972 жылдың басында жарық көрді. Жыл сайын екі томнан шығып отырған бұл басылымның соңғы 12-томын оқырман қауым 1978 жылы қолға алды. Бұған жалғас “Қазақ Советтік Социалистік республикасы” атты энциклопедиялық анықтамалық (қазақ және орыс тілдерінде), бір томдық “Алфавиттік пән-есім көрсеткіші” шықты. Сөйтіп, 1982 жылы он бес томды тұңғыш әмбебап энциклопедияны басып шығару жұмысы ойдағыдай аяқталды.

Қазақ энциклопедиясының аяғынан қаз тұруына ірі ғалымдар мен білікті мамандар атсалысты. Өшуге таянған тарих беттерін ақтарып, небір деректерді қайта тірілтті.

Қазақ топырағында жаңадан қолға алынған тың істің елдігіміз үшін орасан зор маңызы бар екенін терең түйсінген, энциклопедияның жұмысы жүруі үшін басқа шаруаларды ысырып қоя тұрып ақыл-кеңесімен де, қаламымен де көмек көрсеткен С.Мұқанов пен Ә.Марғұланды, Ғ.Мүсірепов пен А.Сызғановты, Ә.Бектұров пен С.Бәйішевті, М.Меңдіқұлов пен Т.Бәсеновті, Б.Бірімжанов пен У.Ахметсафинді т.б. ардақты ағалар есімдерін тұңғыш энциклопедиямыздың іргетасын қалаушылар ретінде де халқымыз жадында сақтайды ғой деп ойлаймын.

– Реке, қазір Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясының атын естіген қайсібір ағайындардың “ау, Қазақ энциклопедиясы баяғыда жасалып бітпеп пе еді, бұлар енді немен айналысып отыр, әлде сол кітаптарды қайтадан шығармақ па?” деген дүдамал сұрағын да естіп жүрміз. Шынымен-ақ, он бес томдық әмбебап энциклопедиямыздан кейін жасалынып біткен дүниелер, бүгінгі жасап жатқан шаруаларыңыз туралы айтып өтсеңіз.

– Ең алдымен, өмір бар жерде, даму бар жерде энциклопедия жасау ісінің де тұйықталып қалмайтынын атап айтқым келеді. Әсіресе, ақпарат тасқынының астында қалып, қоғамдағы, ғылым мен өнердегі жаңалықтарды қадағалап отырудың өзі қиынға айналған біздің заманымызда барша жаңа ұғымдарды шұғыл түрде талдап және жүйелеп, оқырмандарға жеткізетін энциклопедиялық басылымдардың маңызы арта түседі. Өркениетті елдерде мұндай жұмыс өндірістік жолға қойылған. Ал бізде – ғылыми салалық энциклопедиялар, балалар энциклопедиялары, көпшілік қолды энциклопедиялық басылымдар әлі жасалынып бітпеген. Біздің жас тәуелсіз мемлекетімізде атқарылар шаруа әлі көп.

Он бес томдық әмбебап энциклопедиядан кейін шығарған басылымдарымыздың ең сүбелісі ретінде төрт томдық “Қазақ КСР” қысқаша энциклопедиясын атауға болады. Қысқаша энциклопедияның алғашқы томы саяси және ғылыми әдебиетте “тоқырау” деп ат қойылып, айдар тағылған кезеңнің шырқау шыңы саналатын 1984 жылы жарық көрді. Бүгінгі заманның биігінен саралайтын болсақ, КОКП тарихы мен Қазақстан Компартиясының тарихына, Қазақ КСР тарихы мен этнографиясы және әскери іске, қоғамдық және мемлекеттік құрылыс пен құқыққа, дін тарихы мен атеизмге, бұқаралық информация құралдарына арналған бұл том белгілі дәрежеде сол заманның талаптарына жауап бергені анық. Әрине, бүгінде қалың жұртшылыққа әйгілі болған, бұрын жазуды қойып, айтуға тыйым салынған деректер, кейін ашық жазыла бастаған “ақтаңдақтар” тарихқа арналған томнан көрініс таба алмады. Бұл басылымның 2-томы ірі өзгеріс, саяси бетбұрыс кезеңінде даярланды, осыған орай кітап жаңа редакциядан өтті.

Қысқаша энциклопедия томнан томға көшкен сайын толығып, уақыт талабына сәйкес кемелдене бастады. Негізінен Қазақстан ғылымы мен ғылыми мекемелеріне арналған 3-том республика ғылыми жұртшылығының жоғары бағасына ие болды. Ал бұл басылымның 4-томының жарық көруі республикамыздағы аса маңызды тарихи оқиғалармен тұспа-тұс келді. Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, А.Аймауытов, М.Дулатов сияқты қазақ халқының кемеңгер ұлдары ақталып, республикамызда солақай сын мен тұрпайы социология өрістеген кезде қабылданған қаулылар күшін жойды. Міне, осының бәрі Қазақстан әдебиеті мен өнеріне арналған соңғы томнан түгелдей көрініс тапты. Бұған қосымша төртінші томның соңында түрлі себептермен алдағы томдарда берілмеген Ә.Бөкейханов, С.Сәдуақасов, Ж.Ақбаев, М.Тынышбаев, С.Қожанов сияқты қазақтың қайраткер ұлдарының өмірбаяндары, “Қуғын-сүргін”, “Саяси ақтау” т.б. мақалалар берілді. Қазақ елінің өткен тарихы мен қазіргі тыныс-тіршілігіне, шаруашылығы мен ғылымына, өнері мен табиғатына қатысты жаңа деректерді бір жүйеге түсіріп берген бұл қысқаша энциклопедиямыз, жоғарыда айтылған олқылықтарына қарамастан, бүгінгі замандастарымыз үшін таптырмайтын анықтамалыққа айналады-ау деп ойлаймын. Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясы шығарған бұлардан басқа да үлкен-кішілі басылымдар тізімін санап шығу міндетті емес шығар, бірақ басты-бастыларын атап өтейін. Осыдан біраз жыл бұрын біз Қазақстанның әрбір облысына арналған жеке-жеке энциклопедиялар шығаруды қолға алғанбыз. Бұл серияның алғашқы кітаптары – “Алматы” және “Қарағанды. Қарағанды облысы” энциклопедиялары жарық көрді. Әсіресе, Қарағанды көмір кенінің ашылғанына 150 жыл толар қарсаңында жарық көрген соңғы басылым көпшілік көңілінен шықты. Ал “Алматы” энциклопедиясын біз жаңа деректермен толықтырып, жақында қайта басып шығарамыз. Осы басылымдар сериясын ары қарай жалғастырып, республикамыздың он тоғыз облысына арналған жеке-жеке энциклопедия шығару жоспарымызда бар еді. Тіпті, кейбіреулерін жасап та қойғанбыз. Бірақ оларды шығаруға кезінде қаржы табылмады. Ал кейін, облыстық әкімшіліктердің көңілі бізбен байланыс орнатқаннан гөрі өздерін ағалап-жағалап жүрген жекеменшік баспаларға ауып кетті.

Бұдан басқа елеулі еңбектердің арасынан Шоқан Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағын басып шығарғанымызды атап айтар едім. Бұл кітаптарды қазір күндіз шам алып іздесеңіз де таппайсыз. Мемлекеттік деңгейге көтерілген қазақ тілінің аясын кеңейту мақсатымен “Қазақша-орысша-қазақша сөздік”, сондай-ақ “Орысша-қазақша тілашар” басып шығардық. Бұлардың алғашқы екеуінің әрқайсысы жүз мың данамен басылса, тілашар 250 мың данамен (1-басылымы – 100000; 2-басылымы – 150000) жарық көрді. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына орай жарық көрген басылымдардың ішінен “Қысқаша қазақша-орысша сөздік” пен “Ағылшынша-орысша-қазақша тілашарды” атауға болады. Бұл екі басылым да оқырмандардың сұранымын дер кезінде қанағаттандырған қазіргі күнге дейін сұраныстан түспеген пайдалы тіл құралына айналды. “Қысқаша қазақша-орысша сөздік” 150 мың, ал “Ағылшынша орысша-қазақша тілашар” 200 мың данамен таралуы осының айғағы.

Бас редакция өзін-өзі қаржыландыруға көшкен кезден бастап көпшіліктің жоғары сұранымына ие басылымдарды шығарумен де айналысып келеді. Соның бірі – “Әлемде талай қызық бар” басылымы. Алғашында қазақ тілінде жарық көрген бұл кітап, кейін оқырмандар сұранысына орай “Энциклопедия чудес” деген атпен орыс тілінде де бірнеше рет басылып шықты. Оқырмандардың ерекше ықылас-пейіліне ие болған ҚЭ басылымдарының бірі – “Шаңырақ” үй-тұрмыс энциклопедиясы, жалпы тиражы 345 мың данамен басылған бұл кітап оқырман қауымның бүгінгі күнге дейін сұранысын тудырып отыр. Амал не, қазіргідей қағаз қымбат заманда, әрі аумағы үлкен кітаптардың бәрі машинамен емес, қолмен түптелетін болғандықтан шығара алмай келеміз. Бір сүйсінетінің, әйтеуір, Қытай қазақтарын араласаң да, Түркиядағы бауырлар үйіне барсаң да, алдыңнан “Шаңырақ” шығады, он екі томдық энциклопедия Пекинде басылып жатыр.

Қазақ энциклопедиясының назардан қағыс қалдырмай, мақсатты жұмыс жүргізіліп келе жатқан тағы бір бағыты – балалар энциклопедиясын жасау. Өсіп келе жатқан ұрпақ тәрбиесі – қай елдің де саясатының басты назарында болуға тиіс. Осыдан біраз жыл бұрын үш томдық “Ол кім? Бұл не?” деген энциклопедия шығарғанымыз жұртшылықтың есінде болар. Кезінде қырық мың данамен басылған бұл басылымды да оқырмандар бірден жақсы қабылдады. Жетпей қалғандары қиылып хат жазып, мекемемізді әлі күнге дейін мазалайды. Қайтадан басып шығаруға сол баяғы қағаз бен қаржы жағы қинайды. Алайда оқырмандар тілегін ескере отырып, жағдайымызға қарай үш томды бір томға ықшамдап, бастауыш сынып оқушыларына арналған бұл энциклопедияны жақында “Ұлан” деген атпен қайта жарияламақпыз. Ал енді әлі мектеп есігін ашпаған, бірақ өзін қоршаған әлемді танып білуге талпынған бүлдіршіндер бар емес пе? Соларға арналған “Негеш” аталатын энциклопедиямыздың дайын болғанына да үш жыл өтті. Оны басатын қағазыңыздың бір тоннасы 150 мың сом. Жоғарғы сынып оқушыларына арналған “Шәкірт” энциклопедиясы, “Математика” энциклопедиясы, “Өнер” энциклопедиясы… қайсыбірін айтайын, балалар үшін дайын дүние көп, тек солардың кітапқа айналуына жәрдемдесетін демеуші жоқ. Мысалға, қазір Бас редакция қоржынында жатқан “Қысқаша политехникалық энциклопедия” мен “Философиялық сөздікті” халқымыз үшін қажет емес деп кім айтады? Кімге көрсетсең де, “о, бұлардың жақсы екен, қазақ тіліндегі ғылыми ұғымдар мен атауларды жүйелеп шығыпсыңдар” дейді. Ал өндіріске жіберіп қарасаң, қып-қызыл шығынға белшеңнен батасың. Осындай себеппен дайын болған басылымдарымыздың көпшілігі – “Айқап”, он томдық “Қазақстанның тарихы және мәдени ескерткіштері шежіресінің” бірінші томы, үш томдық “Қазақ әдебиеті мен өнері” энциклопедиясы, “Қазақ тілі” энциклопедиясы, “Жанұя” энциклопедиясы тоқтап тұр. Өзін-өзі ақтар деген үмітпен “Ислам”, “Халық емшілігі”, этнографиялық “Ақ отау” энциклопедияларын жасап, өндіріске жіберу қамындамыз. Қазіргі негізгі күш-жігер қазақтың ұлы ақыны, 150 жылдық мерейтойын бүкіл әлем жұртшылығы атап өткелі отырған Абай Құнанбаевқа арналған бір томдық “Абай” энциклопедиясын жасап бітіруге жұмылдырылып отыр. Бұл – жеке адамға арналған алғашқы энциклопедия, кітапты жасауға белгілі абайтанушы ғалымдар тартылған. Мұнда ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты барлық деректер мен ұғымдар жүйеленіп беріледі.

– Бүгінгі таңда кітап басу, газет пен журнал туралы, жалпы мәдениет жайында қозғалған әңгіменің бәрі қағаз бен қаржыға келіп тіреледі екен. Сіз ғалым ретінде, жазушы ретінде, қазақ мәдениетінің бүгінгі таңдағы беделді өкілдерінің бірі ретінде біздің қазіргі – нарықтық қатынастарға көшіп жатқан кездегі тұрмыс-тіршілігімізді қалай бағалар едіңіз, тәуелсіз мемлекетіміздің мәдениет саласындағы саясатына қалай қарайсыз?

– Нарықтық қатынастарды емес, қазақ мәдениетін қайыршы кейпіне түсіріп, “қарабаздардың” ішіне итере салған саясатты жарамсыз деп бағалаймын. Білікті әдебиетшінің, сазгердің, актердің, суретшінің т.б. бір айлық жалақысы алыпсатардың күндік табысының ширегіне жетпейтін заманда халқың үшін көз майыңды тауысып, жүйкеңді жұқартып еңбек ет деп кімге ақыл айтарсың. Отаншылдық, ұлтжандылық сияқты қасиетті сезім рухымен күн кешкен азаматтарымыз өзін де, отбасын да қайыршылыққа душар етіп жатса, әлгі сезімдерден қандай қадір-қасиет қалады.

Маған кейде бір ой келеді: біздің әдебиетіміздің тарихында “Диуани лұғат ат-түрк”, “Кодекс куманикус”, “Хисас ул-Әнбия” сияқты қадау-қадау кітаптар бар емес пе? Солар әр дәуірде өркендеген мәдениеттің кейінгі жылдар табы өшіре алмаған алып шыңдары сияқты. Демек, осынау ұлы далада мәдениеттің даму дәуірі құлдырау заманымен, ақ жолақ үзіктермен кезектесіп отырған. Біз қазір мәдениетіміздің сондай бір құлдырау, үзілер кезеңіне қайта оралып отырғандаймыз. Өкініштісі сол – мұндай заман мәдениеттің басына сыртқы жаулардың шапқыншылығы салдарынан емес, талай жыл аңсап күткен тәуелсіздігін алған жас мемлекетіміздің дәрменсіздігі салдарынан түскелі отырғаны.

Кітап – өскен мәдениеттің көрсеткіші дедік. Өркениетті елдерде біздің басылымдар сияқты бір кітаптың дүкендегі бағасы 30 доллар. Ал соны қазіргі орыс ақшасының құнына шақсаңыз жиырма бір мың сом болады екен. Осыншама ақшаға айына он мың сомның о жақ бұ жағында орташа жалақы алатын қалың көпшілік бір кітап сатып алар ма еді? Әрине, алғысы келсе де, ала алмайды. Осындай жағдайда қаламгерлерге халқының орташа жалақысы үш мың доллар болатын Американы үлгі етіп, неге солар сияқты жұмыс істемейсіңдер деу қисынсыздық. Сірә, біздің алыстағы айға қол созғаннан гөрі, өз қатарластарымызға қарап бой түзегеніміз дұрыс болар еді. Миллиард оқырманы бар Қытай энциклопедиясын жасау ісі түгелдей мемлекет қамқорлығына алынған, ал мемлекетіміздің бізге берген көмегі қағаз сатып алуға да жетпейді.

– Мен Сізден тәуелсіз еліміздің жаңа энциклопедиясын жасауға қашан кірісесіздер деп сұрағалы отыр едім. Мына әңгімеден соң, оған батылым барар емес…

– Неге? “Үмітсіз – шайтан” деген. Заман осылай тұра берер дейсіз бе? Түзелер. Тек оны тәуелсіз еліміздің жаңа энциклопедиясы деп емес, қазақтың төл энциклопедиясының толықтырылған, жөнделген жаңа басылымы деп атаған орынды болар. Осынау үлкен шаруаға дайындығымыз да жоқ емес. Қандай қиын күндерді басымыздан кешіп жатсақ та, энциклопедия жүйесінің негізгі қаңқасын – салалық ғылыми редакцияларды сақтап қалып отырмыз. Қазір шым-шытырық араласып кеткен ғылыми ұғымдарды, атауларды, жаңа деректерді қалыпқа салып, қайта жүйелеп шығу қажеттігі ертең-ақ алдымыздан шықпай ма?

– Осы арада тағы бір сұрақтың реті келіп тұр. Алғаш “Тіл туралы заң” қабылданар кезде осы заңды дайындаушылар қатарында өзіңіз де болдыңыз. Айтысып-таласып жүріп ана тілімізге мемлекеттік мәртебе алып бердіңіздер. Ана тіліміздің осы мәртебесі күні кеше Ата заңымызға қашап жазылды. Қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік тіл деңгейіне көтеру үшін атқарылар ендігі шаруалардың бағдары қалай болмақ?

– Ендігі шаруа – ең ауыр шаруа. Өзге жұртты өз сенімімізге иландыратын шешендік, артық-ауыс айтылған әңгімелер жүйкеге шық-шық тиіп жатса да қызуқандылыққа бой алдырмайтын төзімділік қажет болған уақыт өтті. Енді сөз додасын, той-томалақты азайтып, нақтылы іс атқаратын кезең туды. Қазақ тілін сауда-саттықтың тілінен бастап, ғарыш кешенінде халықаралық мәмілелерге қолданылатын тілге айналдыру үшін барлық сала бойынша ұғымдар мен атаулардың ана тіліміздегі баламасын жасап, бір жүйеге түсіруіміз керек. Ол үшін де, әрине қаржы қажет. Содан соң, бұл іске үкімет біреуге жақсылық істеп отырғандай емес, өзінің төл шаруасындай қарап, қолға алуы қажет.

Қазақ тілінің терминологиясын жасаумен қазір кім айналысып жүр? Көбінесе, қоғамдық ұйымдар, қоғамдық негізде құрылған бірлестіктер немесе жеке адамдар. Жеке адамдардың отаншылдық сезіміне сүйеніп қана мұндай күрделі істі атқарып шығуға болмайды. Министрліктерде, әртүрлі мекемелерде аудармашылар жұмыс істейтінін білеміз, олар өз салалары бойынша әртүрлі сөздіктер де жасап алыпты. Соларды оқып көріңізші. Әркім өз білгенінше әр жаққа тартқан. Тіпті қазіргі мектептерге, арнаулы және жоғары оқу орындарына арналып шығып жатқан оқу құралдары мен оқулықтарда да ұғымға, атауларға қатысты сәйкессіздіктер көп. Бұлай кете берсек, біз “мүйіз сұрап, құлақтан айырылыптының” кебін киеміз. Біздің жастарымыздың ана тілінде оқып алған білімі бұрынғы орысша алған білім деңгейінен төмен жатса, солай болмағанда қайтеді. “Ұзын сөздің қысқасы”, бұл айтылған мәселелердің қай-қайсысы да – енді-енді құрылып жатқан Тіл комитетіне ауыр жүк артар алдағы күннің еншісіне тиесілі шаруалар.

– Халқымыз жиырма бес жылды жігіттік пен кемелдіктің межесі деп есептеген ғой. Өзіңіз басқарып отырған Қазақ энциклопедиясы ұжымы да осы межеден – қалыптасу кезеңінен өткен секілді. Осындай өліара кезде оқырмандарға айтар тілегіңіз.

– Оқырман да, сіз де, біз де – бір кеменің үстіндегі жандармыз. Ең алдымен, қайта орнаған Қазақ елінің туы биік болсын. қандай тар заманнан да өткен халықтың бүгінгідей уақытша қиындықты қайыспай көтеріп шығатынына сенемін. Энциклопедия – әр халықтың Ғылым академиясы, Ұлттық университеті сияқты елдігін танытатын ғылыми ордасы. Уақытша қиындыққа шыдамай негізі бар, іргетасы қаланған осы орданы құлатып алсақ, қайта көтеру қиын болады. Халқымыз барда, еліміз барда Қазақ энциклопедиясы да болатынына сенеміз. Лайым, құдай бізді сенім мен үміттен айырмасын.

– Айтқаныңыз келсін. Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Тілеухан Жұмаханұлы.

Егемен Қазақстан”, 4 мамыр, 1993 жыл.



ҚАЗАҚҚА ЭНЦИКЛОПЕДИЯ КЕРЕК ПЕ?

– Реке, ғалым, сыншы, жазушы, қоғам қайраткері ретінде Сіздің өміріңізге өкпеңіз аз шығар… Абай, Шәкәрім, Мұхтар топырағында туып, ат жалын тартып ержетіпсіз. 26 жаста ғылым кандидаты, 33 жаста ғылым докторы атандыңыз, қазір Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан энциклопедиясының Бас редакторы Рымғали Нұрғалиұлы Нұрғалиевсіз. Адам ретінде енді арманыңыз бар ма?

– Арман таусылса, адамның да таусылғаны. Менің орындалмай жатқан бір арманым бар. Өзің көріп тұрсың, міне, қора-қопа том-том қалың қағазға белшемнен батып отырмын. Энциклопедияға келгелі бір байқағаным, ұлттың бас кітабын әзірлеу емес, соны басып шығарып, оқушыға ұсыну шаршатады екен. Мынау сөре-сөре үш папкі болашақ “Абай” энциклопедиясының қолжазбасы… Бүкіл түркі жұрты әзірге жеке адамға арнап бүйтіп энциклопедия шығара қоймаған. Абайдың өз басы, оның ортасы, сол кездегі қазақ өмірінің басты белгілері, салт-санасы, ғұрып тұрмысына дейін түбегейлі хатқа түсірген қыруар еңбек бұл. Ал анау жатқан “Қазақстан мәдениеті мен тарихи ескерткіштерінің шежіресі” деп аталынатын көп томды энциклопедиямыздың Оңтүстік Қазақстанға арналған алғашқы томы. Ахмет Яссауи, Арыстан бап дейсің бе, Отырар дейсің бе, Қазақстанның тарихы, мәдени ескерткіштері сықа толы кен қоржыны, інжу-маржан, қазынасы осы кітаптың ішінде. Республиканың өзге де топырағы, құнарлы аймақтары осы кезекпен келешекте де шыға береді. Әттең, осы том бұл күнде түстікке келіп жатқан туристер мен тәу етушілердің, ең алдымен, есін жаңа-жаңа жиып, оң-солын бағамдап жатқан қалың бұқараның қолына тисе қане! Оның орнына менің кабинетімде тұтқын болып, құлыпсыз қамалып жатыр. Ең қиыны, кезінде тікұшақпен әуеден түсірілген құны алтынға парапар түрлі-түсті слайдтар өшіп барады. Себеп біреу-ақ, қаржы жоқ! 1986 жылы шаруашылық есеп деген шудың әлегімен энциклопедия өзін-өзі қаржыландыруға шығып қалған. Басқа-басқа, ұлттың бүкіл түйсігі мен білімін, тұрмысы мен өткен-кеткенін жинақтап, бас-аяғын түгендеп, тасқа басып беретін энциклопедияны бүйтіп қара суға қамағанды кім көрген? Бұл бірде-бір өркениетті мемлекеттің жасамаған, жасауға батылы бармаған шаруасы. Осының кесірінен біз қазір қол жайып, қайыр сұрауға шақ қалдық. Сенбесең, міне, республиканың премьер-министрі С.Терещенкоға жазған №113 хатымызды оқып көр. Жаңа ғана қол қояйын деп отыр ем. Әлгі томды шығаруға алты-ақ миллион сом керек екен, соны сұрап жыланамыз, қайтеміз. Түстік жаққа қолқа салып көріп ек, “Жылу жинау көбейіп кетті” – деп тондарын теріс киді. Рубасыларының шашпа-төкпе асын беруге келгенде алдымызға жан салмаймыз, ақшаны аямаймыз. Ой-санамыздың қай дәрежеде екені осыдан-ақ белгілі. Қаржыдан қақтығып Қайым Мұхаметханов, Мекемтас Мырзахметов секілді мүйізі қарағайдай абайтанушыларды жұмыстан шығардық, онсыз да аз штатты қысқарттық. Шетелді былай қойғанда, мына тұрған Қазан, Мәскеу, Санкт-Петербург архивтеріне адам жіберейік десек, командировкаға ақша жоқ. Бұдан кім ұтты, кім ұтылды?

– Ашынып-ақ отыр екенсіз, Реке. Шынында да мынау басқа жұрт естімейтін, естуге тиіс емес ұят жағдай екен. Осы жақында ғана Алматының бір тұрғыны төрт бөлмелі пәтерін 9 миллион сомға сатып, Ресейге көшіп кеткенін естіп едік. Осыдан соң: “Арманыңыз бар ма?” деп сұрақ қойғанымызға бір ұялып отырмыз. Дегенмен тірі адам тірлігін істейді. Сол тарапта не істер едіңіз.

– Сегіз томдық “Қазақ ССР Қысқаша энциклопедиясының” (қазақша, орысша) кезінде оқушы қолына тигенін өзің білесің. Кемшілік, жетістігіне оқушы қауым төреші. Өз басым, ондағы ең үлкен олжамыз –қуғын-сүргінге кезінде жазықсыз ұшырып кеткен зиялы азаматтарымыздың жарық бейнелерін энциклопедия бетіне түсіргеніміз – деп есептеймін. “Шаңырақ” атты тұрмыстық хал-ахуалға арналған том қолдан-қолға тимей тарап кетті. Өткен жылы Түркияға барып ек, соның Кония уәлаятының Селім деген ауылында тұратын қазақ азаматының төрінен “Шаңырақты” көріп қатты қуандым. “Қазақ энциклопедиясының” үш томы, “Ғажайып құбылыстардың” үш томы Бежинде “Ұлттар” баспасында араб әрпінде жарық көрді. Орысша-қазақша, қазақша-орысша, ағылшынша жарыққа шыққан қалта сөздіктер өз алдына. Қазір “Қазақ тілі”, “Отбасы” балаларға арнап “Ұлан” энциклопедияларын, сондай-ақ пәлсафалық, политехникалық сөздіктерді әзірлеп жатырмыз. Қысқасы, кезінде арман секілді тәуелсіздікке қолы жеткен жұртымыздың қолына, қайталап айтамын, ұлтымыздың Бас кітабы болып табылатын томдарды түйенің ботасын күткеніндей көпке созып алмай, дер кезінде қолына тигізіп отыру, 70 жыл бойы қордаланып қалған ой-түсініктерді тазартуға шама-шарқымыз келгенше септігімізді тигізу ғой. Бізде одан өзге қандай арман бар дейсің.

– Энциклопедия жайлы әңгіменің басын біраз шиырып тастаған секілдіміз. Сөйтсе де, Сізге қойған алғашқы сұрақтарға қайтып оралсақ қайтеді?

– Ғылым жолы соқтықпалы, соқпақты екенін әркім біле берсе де, оның тауқыметін сол жолға түскен адамның өзі ғана біледі. 27 жаста кандидат, 33 жаста доктор болыпсыз деп отырсың, оның бәрі рас, бірақ осы жаста көзге ерте ілігіп, сапқа тұрғаным көп адамның көзіне тікенектей қадалғаны тағы рас. 1966-жылы “Қазақ әдебиеті” газетінде жарияланған “Қилы заман” қандай туынды?” деген мақаламнан бастап, үстімнен арыз жаңбырша жауды. Мұхаңның көп жыл бойы көмбеде беті жабулы жатқан шығармасына шырылдап ара түскен сол мақала көп жерде талқыланып, ақыры “Қазақ әдебиетінен” Нығмет Ғабдуллин бас редакторлықтан, Зейнолла Серікқалиев бөлім меңгерушілігінен, ал мен Қазақстан Жазушылар одағындағы қызметімнен босатылдым. Құйрыққа байланған сол шала кейін де көп жыл бойы бықсып, көз ашытып жүрді. Басқаны былай қойғанда, “Трагедия табиғаты” кітабымда Шәкәрімнің “Еңлік-Кебек” поэмасын ауызға алғаным үшін әйгілі қанқұйлы жендет Қарасартов Алматыға әдейі келіп, менің өзімді де, кітабымды да сотқа бермек болды. Одан аман алып қалған қадірлі Бейсекең, профессор Бейсенбай Кенжебаев, ғылым тарапында менің рухани әкемдей болып кеткен Бейсекең Павлодар облыстық газетінде бас редактор болып қызмет атқарып жүрген кезде Қарасартов қол астында істеген екен, соны алға тартып, Қарасартовқа костюм жауып, жолына ақша беріп, бетін зордың күшімен әрең қайтарды ғой. Үш әріптің үйге келіп, кітаптарымды ақтарып, тексергені де шындық. Жастықтың ластығы ма, сонда да қоймай, Ахмет Байтұрсыновтың “Әдеби танытқышын”, Мағжан Жұмабаевтың 1923-жылы Ташкентте шыққан кітабын, Жүсіпбек Аймауытовтың “Өнер таңдау”, “Жан жүйесін” қолтықтап, лекцияға ала барушы ем. Ол жылдары бұл кітаптар үшін бас кететін. Мені осы үшін де қамап қоюға болатын еді. Әйтеуір, құдай сақтады. Осындай пәле-жаланың кесірінен докторлығымды екі рет қорғауыма тура келді. 20 жыл бойы партияға алмай, бір орында шегендеп, тапжылтпай ұстады. Тек жариялылық, демократия заманынан соң ғана еңбегім ақталғандай болып, ауыздық босап, тұмылдырық алынып, жоғарыда өзің айтқан лауреаттықтар, ғылыми атақтар пешенеме жазылды. Ең бастысы, бес алып бастаған зиялыларды ақтайтын үкіметтік комиссияларға мүше болып, ақтандақтарды жоюға қолқабыс еттім. Бұған және қосып айтатыным: сол бір қиын-қыстау жылдары жаһанда жалғыз тентіреп алған жоқпын, менің ұстаз ағаларым болып табылатын Бейсекең, Бейсенбай Кенжебаев бас болып М.Қаратаев, Е.Ысмайлов, М.Ғабдуллин, Т.Нұртазиндер шама-шарықтары келгенше қолдап-қолпаштап, керек десе, мен үшін қолдарын жанып тұрған отқа тықты.

– Қоғамдық қызметіңіз ғалымдық жолыңыздан бұра тартып, таразының тең басы бұзылған жоқ па, Рым аға?

– Ел іргесі бекіп, қазақтың ой, дүние танымының шырағы қайта маздай бастаған мына заман қара басыңның қамын ғана күйттеп, үстел құшақтап, қалам сықырлатып отыратын уақыт емес. Қазақпын дейтін әр азамат қазір ат үстінде. Түн қатып, түс қашып, бетімізді дұрысқа түзеп, сара жолға тебінгіге тер қатып, бір түссек, ғалымдық қайда қашар дейсің.

Сұхбатты жүргізген Марат ҚАБАНБАЕВ.

Парасат, 1993, № 2, 12-13 беттер.

КІТАПТАРДЫҢ КІТАБЫ

Біз қазақ кейде өзімізді өркениеттіліктен тым алшақ қап соған қарай ұмытылып-талпынуға әлі де болса бірқатар факторлар жетіспей тұрған сияқты олқылықтан арыла алмайтын халді басымыздан кеше беретініміз бар. Түнеукүні бір пікірталастың барысында: “Осы қазақ біз түптің-түбінде көсегеміз көгеретін-ақ халықпыз. Өзімізге өйткені көңіліміз бір толып қоймайды ғой” – деген еді біреу. Біз тіпті қалаларымызды, әсем астанамыз Алматыны, театрлар мен көрмелерді, баспалар мен кітапханаларды, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттардың, ең ақыры Ұлттық Ғылым академиямызды көрнеу елемей, қоңылтақси беретіндікті сүйеккесіңді ұлттық ескі серігімізге айналдырып алған жоқпыз ба екен деп те ойлайсың кей уақытта. Тек қана кемшілік біткенді теріп-тізіп, өз мініңді өзің қазып, қопара берген сайын дүние орнына келетіндей көріне ме екен әлде. “Бізде мынандай бар, мынандай бар” деп арасында марқайып, көңіл желпінтіп қойған да теріс емес шығар, бәлкім. Ұзын сөздің қысқасы, жақында Қазақ энциклопедиясының құрылып, жұмыс істей бастағанына жиырма бес жыл толғанын естіп, ондағы ахуалмен арнайы барып танысқанда тап жаңағыдай ой жетегіне еріп едік. Бұл мекеменің басында отырған адамнан бір кезде дәріс ап, дүние құбылыстарына ғылыми көзбен қарап, ой қорытуға баулыған өзіміздің Рекең, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рымғали Нұрғалиевпен болған әңгіме барысында ұлтжанды азаматтар қазақ халқын өркениеттілікке қарай апарудың парасатытық һәм рухани алғы-шарттарын бұдан көп бұрын ойластырып қойғанына көзіміз нақ жете түсіп, ризашылық сезімге бөленіп қайтқан жайымыз бар еді. Хош, сонымен әңгімеге кезек берейік.

– Сөзіміздің пісімілләсында әуелі энциклопедияның жалпы табиғатына сипаттама жасап, осынау әмбебаптық еңбектің бүкіл әлемдік тарихына бірсыпыра тоқталып өтсеңіз.

– Өркениеттілік санатқа ілігудің белгілеріне лайық көрсеткіштің бірі – энциклопедия. Кітаптардың кітабы саналатын энциклопедия әр халықтың тілі мен тарихын, ғылымын, әуен-сазы, сәулет өнері, әдебиеті, салт-санасын танытатын бірегей еңбек. Мұндай күрделі еңбектердің дүниеге келуінде ұлттың қоғамдық және рухани даму деңгейінің көрсеткіш бағанасының биіктеуіне байланысты жүзеге асатын бір заңдылық бар. Бұл тұрғыдан еңбектердің тарихы тым көне дәуірлерден басталады. Алғаш қытай жазбаларында (б.з.б. ХІІ-Х ғ.) пайда болған. Біздің заманымыздан бұрынғы екі мың жылдықтың екінші ширегінде Мысырда сөздік жасалған. Ежелгі Грецияда Демокрит пен Аристотель еңбектерінің энциклопедиялық сипаты болды. Әбу насыр әл-Фарабидің араб тілінде жазылған “Ғылымдар тізбегі”, Ибн Синаның “Білім кітабы” трактаты, Махмұд Қашғаридің “Диуани лұғат – ат түрк” сықылды кітаптар энциклопедиялық еңбектің бастапқы үлгісі іспетті. Әйтсе де энциклопедия шығару ісінің толысып, кемелдене бастаған тұсы он сегізінші ғасыр. Атақты философ Дидро шығарған француз энциклопедиясының өркениетті ықпалдастыққа тигізген әсері аса зор. Он тоғызыншы ғасырдың аяғы мен жиырмасыншы ғасырдың басында энциклопедиялық еңбектерді шығару жаппай өріс алған кезде Ф.Павленковтың “Энциклопедиялық сөздігі”. Ағайынды Гранат бастырған осы тақылеттес сөздіктерінің маңызы айрықша. 1925 жылы қазіргі “Ресей энциклопедиясы” (Бұрынғы “Совет энциклопедиясы”) баспасының негізі қаланып еді.

– Қазақ энциклопедиясының қаз тұрып, алғаш қадам жасай бастаған кездері істің басы-қасында білікті мамандар, білімді адамдар отырған екен. Дегенмен де осындай күрделі еңбектерді басып шығарудың алғашқы тәжірибесіне көп жайлар ескерілмей ұмыт қалуы да мүмкін-ау.

– Ұлттық Ғылым академиямыздың жанынан 1968 жылы 1 қаңтарда Қазақ Совет энциклопедиясының Бас редакциясы құрылып, оған ғылыми-зерттеу мекемесінің мәртебесі берілді. Осынау жауапкершілігі зор ұлан ғайыр ауқымды іске республикамыздың ғалымдары, халық шаруашылығының мамандары, әдебиет, мәдениет, өнер, қоғам қайраткерлері, ғылыми-зерттеу институттарының, баспасөздің, мұражайлар мен архивтердің қызметкерлері жоғары оқу орындарының оқытушылары тартылды. Тұңғыш энциклопедиямыздың басшылығына академик М.Қаратаев тағайындалып, оның Бас редакциясы танымал мамандардан, ғалымдардан жасақталды. Атап айтқанда, жазушылардан С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, Ә.Шәріпов, ғалымдардан М.Ғабдуллин, С.Бәйішев, Ә.Кеңесбаев, С.Зиманов, О.Жәутіков, Ә.Марғұлан, А.Қонаев, А.Нүсіпбеков, С.Балмұқанов, өнер қайраткерлерінен Е.Рахмадиев, С.Мәмбеев, Қ.Телжанов және басқа көптеген қадірменді азаматтарымыз атсалысқан болатын. Мұндай еңбекті басып шығарудың алғашқы тәжірибесіндегі көп жайлардың ескерілмей қалуының әр түрлі себептерін сөздің ретіне қарай айта жатармыз. Қазақ энциклопедиясының әр томын әзірлеуге орта есеппен 850-1200 автор қатысты. Мұндайлық көпшілік әдетте зауыт-фабрикаларда, ірі кәсіпорындарда ғана еңбек ететіні белгілі. Жиырма бес жылдың ішінде осынау әмбебап еңбектің әр томын шығаруға жұмсалатын қыруар күш, ақыл-ой, зерде мен зейін, ұйымдастырушылық-бағыттаушылық шаралардың орасан салмағы тұтастай редакция ұжымының мойнына түсетіні де аян. Ендеше қазақ энциклопедиясының кезінде бас редакторлары болған М.Қаратаев, М.Қозыбаев сынды көрнекті ғалымдардың, кезінде жауапты хатш болған белгілі әдебиетші-ғалым Р.Бердібаевтың, бөлім меңгерген Қазақстан халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың редакциямызда әр жылдары қызмет істеген танымал жазушылар Д.Исабеков, М.Сқақбаев, Қ.Сегізбаев, Қ.Құрманғалиев, музыка зерттеушісі Жиенбек Рсалдин, белгілі әдебиетшілер Н.Төреқұлов, Б.Майтанов, А.Мусинов, А.Егеубаев. журналистер Б.Қожабеков, Н.Шәкеев, Қ.Әбілханов, М.Құлмұхаметов, К.Есмағамбетов, Ж.Ертілесов, Б.Мергенова, С.Әсіпов, сол сияқты өмірден ерте кеткен Әбен Сатыбалдиев пен Қажығұмар Қуандықовтардың есімдерін бүгінгі таңда ерекше құрметпен атап қойған ләзім. Қазақ энциклопедиясының бас редакциясы қалыптасу кезеңдерінің әрқилы қиын сәттерін тез арада артқа тастап, ширек ғасыр уақыттың ішінде есейіп байсал тартқандықты танытып, 3 миллион 600 мың дана таралыммен 55 энциклопедиялық басылымды жұртшылыққа ұсынып үлгірді.

– Осы әмбебап көп томдықтар біртіндеп жарық көре бастаған кезде мерзімді баспасөз беттерінен айтылған пікірлердің арасынан әр түрлі сын-ескертпелер де кездесіп отырған шығар?

– 1972 жылы тұңғыш энциклопедиямыздың бірінші томы жарық көруіне орай республикамыздағы қазақ-орыс тілдерінде шығатын басылымдадың барлығы дерлік жар сала жария еткен мақалаларға көп орын берді. Қалай болған күнде энциклопедия томдары қолға тие бастаған кезде зиялы қауымның көптеген өкілдері қоңсылас түркі халықтарын былай қойғанда, ежелгі дәстүрі бар армян, грузин елдерін де артқа тастап, сол кездегі бүкіл Кеңес Одағы республикаларының ішінде тап осындай бірегей еңбек украин мен белорусьтан кейін тек бізде дүниеге келгені – рухани жан әлемімізге эйфориялық көңіл-күй сыйлағаны да мәлім. Мұның өзі бүкіл өркениетті қауымдастыққа қосылуға мұрындық болатын парасаттық мүмкіншілігімізді паш еткен тұтас бір кезеңнің қорытындысының тәуір жемісі еді. Әйтседе “Жұлдыз” журналының 1986 жылғы 11 санында Қайым Мұхаметқановтың “Келелі іске кемелдік жарасады” деген мақаласында он екі томдық энциклопедиядағы кейбір кемшіліктер, дәл емес жәйіттер атап көрсетілген еді. Жиырма бес жылдың ішінде өз энциклопедиясын жасаған қазақ халқы жоғын түгендеп, барын қастерлеп-қадірлейтін жаңаша салт-санаға бет бұра бастады. Демек бүгінгі таңның қаталдау өлшем безбенімен қарағанда, әрине, халқымыздың тағдырына қатысты біраз ақиқаттарға ылғи да жағымсыз рең беріліп, тек қара бояумен сипаттауға оңай тұратындық ыңғай анық сезіледі. Анығын айтқанда Алашорда қозғалысы мен Алашорда үкіметінің тарихын баяндауда туп-тура сондай әдіс қолданылған. Қазақ қауымы зиялыларының демократиялық мұрат-мақсаттарына, көздеген дербестіктеріне жала жабылып, коммунистік сыңарезу көзқарастардың үстемдігі арқылы біржақты баға берілген. Әйтпесе егжей-тегжейлі талдап, мән-жайды шынайылықпен көрсете алатын мақала берілуі жөн емес пе еді. Міне мұның бәрінің есесін кейіннен қайтардық. Бірақ кезіндегі бақылау қысымшылығына партиялық өктемдіктің өрескелдіктеріне тұсалып қалуға мәжбүр болдық.

– Коммунистік тәртіптердің заманында мұқым ұлттық баспасөз партиялық бақылауға алынып отырғаны белгілі.

– Бұл жағынан Қазақ совет энциклопедиясы қатты зардап шеккен жайы бар. Оның алдын-ала жасаған бүкіл іс-жоспары, кітапқа баратын материалдар мен оған енетін адамдарға дейін Орталық Комитеттің қатаң қадағалауында тұратын. Солардың мұқият сұрыптауынан өтіп барып бекітілетін. Мәселен, мен қол қойған “Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедиясының» төрт томы түгел идеология хатшысының тікелей қадағалауында болды. Кімді алып, кімді қосу тек соның еркіндігі шаруа еді.

– Энциклопедияға кіру үшін сонда қандай өлшемдер қойылды?

– Ол өлшемдердің талғамдық өресі, өз перзенттерін бағалап, қадіріне жетудің кісілікті нұқалары көп бола қойған жоқ десем, қателеспейтін шығармын. Партия өз құрылым жүйесіндегі әр түрлі дәрежедегі шенеуліктерді енгізуді ұмытпады. Тіпті жазушылар мен өнер қайраткерлерінің дарыны, халыққа танымалдығы, ізденістеріндегі елеулі табыстары әсте ескерілмейтін. Ұлы Отан соғысына қатысқандары үшін ғана бірталай кездейсоқ адамдардың кіріп кеткен жағдайы да кездесті. Тұрпайы социологияның кесірінен айрықша қолтаңбаларымен көрінген орта буынның бірқатар өкілдері еленбей қалды. Оның есесін қайтарып, кейін төрт томдыққа енгізудің сәті келгенімен, мұндай бақылаудың барынан мүлде хабарсыз жұрт бұған басылымның басында отырған адам кінәлі деп біледі.



– Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған тыныш заманның өзінде энциклопедия партиялық назардың, қатаң бақылауында болса, әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін қадағалау тіпті асқынып кеткен шығар?

– Энциклопедия ұлтшылдықтың ұясына баланып, оған интернационализмның рухын молынан енгізу үшін орыс адамдары жұмысқа зорлықпен алынып, осы тілде қажетсіз басылымдар шығарыла бастады. Сол кезде кез келген ұжымды ұстап тұратын үштік – партия, кәсіподақ, комсомол өкілінің біреуі қазақ та, қалған екеуін міндетті түрде басқа ұлттан болуын ашықтан-ашық талап еткен өктемдікке дейін ұласты. Кей тұстарда тіпті энциклопедия мақалалары әуелі орыс тілінде дайындалып, сонан кейін барып қазақ тіліне аударылатын. Сыртқы күштердің зорлығымен энциклопедия стиліне жатпайтын партия қаулылары тықпаланып, құлаш-құлаш цитаттар келтіріп отыру міндеттелінді. Оның үстіне энциклопедияға енбей қалған өкпесі қара қазандай кейбір ағайындарымыз да тырнақ астынан кір іздеп, сонау Мәскеудегі Орталық Комитетке, Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетіне Қазақ энциклопедиясында ұлттық идеялар бас көтеріп, хандар мен сұлтандар жаппай насихатталып жатыр деген арыздарды қаптатып түсіріп, жоғары жақтан тексерушілердің топырлап келуіне себепкер болды. Мұның өзі жүйкеге тиіп, жұмыс істетпейін ахуал орнатты. Тіпті Мәскеуден келген екі бірдей полковник өздеріне арнайы бөлме босаттырып алып, бізбен бірге сағат тоғыздан алтыға дейін отырып, жеке авторлардың мақалаларын түгін қалдырмай тексеруден өткізді. Қазір ойлап қарап тұрсам, сол екі полковник қолжазбалардан Желтоқсан оқиғасы кезінде таратылған үндеулердің қолтаңбасын іздестірген екен. Міне, осындайдың салдарынан ұжым өз еркіндігінен айырылып қалды. Халқымыздың тағдырына қатысты жазылған орасан материалдар дайындалған еңбектер жоспарға енгізілмей кейінге шегерілетінді шығарды. Сол уақыттан біразырақ бұрын қазақ-орыс тілдерінде шыққан “Алматы” энциклопедиясы дүкендерден қоймалардан жинап алынып, көзбе-көз өртетіп жіберілді. Ал «қазақ ұлтшылдығы» туралы қабылданған аты шулы қаулыда Қазақ энциклопедиясының атына қатты сын айтылып, үлкен айып тағылды. Осыны қапы жібермей пайланғысы келген күштер Қазақ совет энциклопедиясын біржолата көзін құртып, жойып жіберетін әрекетке дейін барды. Тура сол жылы Қазақстан қалалары мен облыстарына арналған серия бойынша шыққан “Қарағанды. Қарағанды облысы” энциклопедиясы әуелі тұтастай орыс тілінде дайындалып, бір-екі жыл өткен соң ғана барып қазақ тіліне аударылғанын еске алудың өзі өте ауыр. Орталықтың осынау үстемдігінің жүгенсіздігінен кейде қайран қалып ойлаған сайын сондайлық басынуға мұрындық болған өз ағайындарымыздың “битке өкпелеп тонын отқа тастаған” сыңайлы қылықтарына таңғалмасқа шараң жоқ. Міне, сол кезде қазақ мәдениеті қазан төңкерісінен кейін басталды деген империялық экспансия қайтадан бас көтерді, мұсылман дүниесіне жаулықпен қарайтын пиғылдар пайда болды, ең ақыры ұлы көршіміз қытай халқын жамандау етек ала бастады. Жамандық атаулы егіздеп-сегіздеп келетін әдеті емес пе, келер жылдың жазында Қазақ энциклопедияның архиві айдың, күннің аманында, тапа-тал түсте өртеніп кетті. Сөйтіп көптеген суреттерден, құнды материалдардан жазатайым айырылып қалдық. Қазақ ұлтының мүддесіне қарсы күштер қасақана өрт салды деп білем.

– Көп томдық әмбебап энциклопедиялық еңбекті шығарудың қалыптасқан халықаралық жүйесінде біздікінен айтарлықтай айырмашылықтар бар шығар?

– Энциклопедия жалпы ауыс-түйісі көп еңбек. Барлық елде ежелден қалыптасқан бір ізді жүйе бойынша жұмыс істейтін дәстүр бар. Орыс, ағылшын, жапон, француз материалдары бір-бірін жатырқамастан кірігіп кете береді. Сондықтан да өгейсіген кірпияздықпен қарау жарамайтын нәрсе. Керек десеңіз Түркия өзге елдер энциклопедиясын өз тілдеріне аударып алып, ұлттық кәдесіне жаратып жатыр. Түрік жұртшылығының бұл орайдағы зиялылық ісінің өнегесі баршылық. Тек түрік сұлтандарына арналып шығарылған энциклопедия барын айтсақ та жеткілікті. Тегінде энциклопедия ұлттың сана көрсеткішін анықтайтын жиынтық мәні бар аса үлкен сала. Күні кешеге дейін бір мемлекет құрамында болып келген Белоруссияда энциклопедия туралы кандидатық диссертация қорғалуы мұндай қомақты істің ғылыми объектіге лайықтылығын көрсететін құбылыс. Бір миллионға жетер-жетпес адамы бар шап-шағын эстон халқы кезінде энциклопедиясын жүз мың данамен шығарып таратқан тағлымы да ойлантпай қоймайды. Ал біздің тұңғыш энциклопедиялық еңбектеріміз – қырық мың дана болып шығып, жер-жерлерге тіпті күштеп жөнелтуге дейін барған жағдай кезедсті. Есесіне біздің бұл еңбегімізге дүние жүзілік мәдени жұртшылық айрықша мән беріп, көптомды энциклопедиямызды әлемнің қырықтан астам елі сатып алды. Қытайдың Ұлттар баспасы қазір оның алты томын араб қарпімен басып шығарды. Қытай сияқты орасан көп ұлтты үлкен елде алты томдық энциклопедиясы бар қазақтан басқа халық жоқ қазір. Жерлерінде соғыс жүріп жатқанына қарамай, армян, азербайжан, грузиндер энциклопедияларын шығаруға жанталаса кіріскендерінде рухани мәселенің маңыздылығын шын мәнінде түсінгендік жатыр. Ал бізде экономикалық мәселені шешіп алуға деген құлшыныстың басымдығынан рухани шаралардың маңыздылығы екінші кезекке қарай еріксіз ысырылып кетті. Ал шындап келгенде біздің де атқаратын шаруаларымыз шаш-етектен. Өйткені бұрынғыдай орталыққа жалтақтап, солардың ауыз әуеніне төңкерілетін заман келмеске кетті бұйырса. Тарихи тұрғыдан да, ғылыми негізінен де, әлеуметтік жағынан да әділеттікті орнықтыратын және қазақ ұлтының бүкіл өмір тынысын тұтас қамтитындай энциклопедия шығаруға қажеттілік қайтадан туып отыр. Қоғамдық құрылыс бүтіндей өзгеріп, ұзақ жылдар бойына пір тұтып келінген идеология тәрк етілген соң қазақ мемлекетінің тарихы, мәдениеті мен өнері, тұрмысы мен салты, экономикасы, демографиялық ерекшеліктері, медицинасы, спорты сықылды сан қилы салалары толық көрініс табатын ғылыми негіздегі ізденістердің ауқымдылығы қажет. Демек осы уақытқа дейін жасалған ұлан ғайыр еңбектерді екшеп, сұрыптайтын жұмыстардың үлкен кезегі тұр.

– Біздің рухани дүниеміз құдды, сынақ алағы болған сияқты екен ғой қарасақ. Осының алдында жаңағы сіз айтқандай қатаң бақылау, партиялық өктемдік тұрса, мінеки енді көп нарықтың қатты қыспағына тап болыппыз. Барлық жердегі қиындықтар сіздерді де айналып өтпеген шығар? Сөйте тұра бүгінгі таңда не шығарып, не дайындап жатырсыздар?

– Алдын-ала дайындап қойған көп дүниелер басылмай кезегін күтіп жатыр. Мәселен “Қазақстанның тарихы және мәдениет ескерткіштер шежіресі” атты аса қомақты еңбектің түрлі-түсті слйдылары ескіріп, өшіп бара жатқаны өкіндіреді. Қандай жағдай болса да құр қол қарап отырған біз жоқ. Бір томдық “Абай” энциклопедиясы – жеке адамға арналып шығарылатын тұңғыш айтулы еңбек болғалы тұр. 1915 жылға дейін шығып, “Айқап” журналы, «Қазақ» газеттерінде басылған дүниелерді өз қалпында қайта жарияламақпыз. Жеке-жеке том болмақ. «Ислам энциклопедиясы” Мәскеуде Шығыс әдебиетінің Бас редакциясы дайындап шығарған осы аттас энциклопедиялық анықтамалықтан алынып, оған Халифа Алтайдың Стамбулда жарық көрген “Ғылымхал”, Шәкәрім Құдайбердиевтің “Шариғат туралы” трактаты, Ыбырай Алтынсариннің “Мұсылманшылықтың тұтқасы” қосымша ретінде беріліп отыр. Сонымен қатар “Қазақ тілі”, “Қазақ әдебиеті мен өнері”, “Өнер”, “Математика”, “Отбасы”, “Ақотау”, “Шәкірт”, “Ұлан” және басқа көптеген әмбебап энциклопедиялық еңбектері кітап қойылды. Біраз уақыт сабыр етсек бұл дүниелер де қолға тиіп, ой көкжиегін кеңейте түсуге бір септігін тигізер деген ниеттеміз.

Өмірді ұстап тұрған тұрақты да қасиетті ұғымдардың көбін тәрік етіп, рет-кезектегіден гөрі сонау алыс қияндағы орындалмайтын, мақсат, мұраттарға өне бойы үндеп, соған ғана ұмытлдырып келген коммунистік идеологияның қатаң тәртібі де келмеске кетті. Бір-екі жылғы еркіндік тіршіліктің арқасында қазақ қауымының көз жеткізе түскен нақты шындықтарының бірі – өмір талабына жақындап, ұлттық құнарлықпен қайта табысу. Ал ұлттық құнардың қайнар көзі - ендеше ұлттық энциклопедия. Демек әмбебап еңбектер баспалардың қорғасынды тозаңдарында көп бөгеліп қалмай шетінен жарық көре беретін күнге жақындата түскей.



Әңгімелескен Ж.ШАШТАЙҰЛЫ,

Жас Алаш, 21 желтоқсан 1993 жыл.

ҒЫЛЫМ ОТАУЫ

Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасы мықты қалануына экономикалық байлықпен қоса рухани байлықтың да (ғылымның, әдебиеттің, өнердің т.б.) қосар үлесі сүбелі. Өркениетті елдер мұны жадынан шығармаған, ұмытпаған. Баса назар аударған. Бұл ретте ұлттық ой-сананың, салт-дәстүрдің, мәдениет пен тарихтың құнды шежіресі – төл энциклопедиясын шығаруға әр халықта ынталы болары сөзсіз. Осы бір абыройлы міндет-парызды өтеу жолында 25 жыл бұрын шаңырақ көтерген Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы қыруар жұмыс тындырды. Біз осы орайда белгілі ғалым, Қазақ энциклопедиясының бас редакторы, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Рымғали Нұрғалиевпен әңгімелескен едік.

– Реке, қазақтың ұлттық әмбебап энциклопедиясының 15 томы және басқа да энциклопедиялық туындылар (барлығы 55 том екен) оқырмандарымыздың игілігіне айналғаны шынында да зор ғанибет. Ұлттық ғылымдарымыздың үлкен жетістігі деп бағаланатын болар. Өзіңіз басқарып отырған Бас редакцияның бұрған дейінгі атқарған қызметіне, тындырған шаруасына, ұжымдық еңбектің нәтижелеріне ширек ғасырлық белесте тұрып, ой көзімен үңілсеңіз.

– Жөн. Жалпы энциклопедия жасау, оны жүйелеп шығару – ұлттық сананың жетілген, өскен тұсында жүзеге асады. Қазақ энциклопедиясының да алпысыншы жылдардың аяғы, жетпісінші жылдардың басында қолға алынуы тегіннен-тегін емес. Бұл кезең тоталитарлық жүйе қаншалықты дәуірлеп тұрғанымен, Қазақстандағы ұлттық ақыл-ой, сана-сезімнің шамырқанған, буырқанған тұсы болатын. Басқа одақтас республикалар сияқты Қазақстан да ұлттық әмбебап энциклопедиясын жасау ісін қолға алды. Бұған сол кездегі республика үкіметі тарапынан да көп көңіл бөлінді. Қаржы аударылды. Жаңа ұжым құрылды. Игілікті іске жол ашылды. Әдебиет пен өнердің мәдениет пен ғылымның көрнекті өкілдері ел мүддесі үшін орындалатын күрделі жұмыстың күрмеуін шешуге өз үлестерін қосты. Қазақстан тұңғыш көп томдық әмбебап энциклопедиясын әзірлеп, басып шығару үшін Қазақстан Ғылым академиясының жанынан 1968 жылы қаңтарда Қазақ совет энциклопедиясының Бас редакциясы құрылған еді. Сөйтіп республикада энциклопедиялық кітап шығаруға негіз қаланды. Бас редакцияның құрамындағы ғылыми-салалық 11 редакцияда 130 адам болды. 29 ғылыми-салалық алқалар мен ғылыми-кеңесшілер тобында 313 маман-ғалымдар қызмет атқарды. Қазақ энциклопедиясының әр томын әзірлеуге орта есеппен 850-1200 автор қатысыпты. Осыдан-ақ энциклопедияшылардың еңбегі теңіз түбінен маржан теретіндердің бейнетіндей ауыр жұмыс екенін аңғаруға болатын шығар.

Қазақтың тұңғыш әмбебап көп томдық энциклопедиясын әзірлейтін Бас редакцияның бас редакторы болып академик М.Қаратаев бектіліп, белгілі білгір ғалымар мен мамандар бас қосты. Ұлттық Ғылым академиясының барлық ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындарының оқытушы-ғалымдары да бұл жұмыстан шетқақпай қалған жоқ. Ұжымдық еңбектің нәтижесінде әмбебап энциклопедияның бірінші томы 1972 жылы жарық көрсе, соңғы он екінші томы 1978 жылы оқырмандар қолына тиді. Содан соң бұған қосымша орыс және қазақ тілдерінде энциклопедиялық анықтамалық сөздік және бір томдық “Алфавиттік пән-есім көрсеткіші” шықты. Сонымен он бес томдық тұңғыш Қазақ энциклопедиясын шығару ісі онжылдық ішшінде толық жүзеге асты. Ал мұндай энциклопедияны бұрынғы одақтас республикалар ішінде бізден бұрын Ресей мен Украина ғана шығарған еді.

Бұдан кейін төрт томдық “Қазақ ССР” қысқаша энциклопедиясы да қазақ және орыс тілдерінде жеке-жеке жарық көрді. Барлығы 8 том үш томдық балалар энциклопедиясы “Ол кім? Бұл не?”, “Қазақша-орысша сөздік”, “Қысқаша орысша-қазақша сөздік”, “Орысша-қазақша тілашар”, “Шаңырақ” т.б. ғылыми еңбектер жарық көрді. Бұл жиырма бес жылда Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы үлкен жолға шықты, тәжірибе жинақталды.

– Қазақстан ғылымының тарихында бұрын түрен түспеген энциклопедия жасау ісіне белсене атсалысқан ғалымдар мен мамандар көп болғанын айттыңыз. Солардың көшбасындағы көрнекті өкілдерінің қатарында кімдер болған еді?

– Қазақ энциклопедияшыларының сол тұстағы қыруар ізденістері, тарих қатпарларында қалып қойған, өшуге айналған сан алуан деректерді тірілту жанкешті еңбек еді.

Ғылымның, мәдениеттің әр саласының мамандары үлкен біліктілікпен қатыспаса қысқа мерзімде ойға алған күрделі де көлемді жұмысты тындыру қиын еді. Бұл ретте елдігіміздің айғағындай, дәлеліндей осы маңызды шежіре үшін жеке шығармашылық шаруаларын былай ысырып қойып, қажет жерінде ақыл-кеңесімен де, қалам қарымымен де көмек берген зиялы қайым өкілдері – асыл ағалардың еңбектері елеулі. Бұлардың қатарында көрнекті жазушылар С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, ғалымдар Ә.Марғұлан, О.Жәутіков, А.Сызғанов, Б.Бірімжанов, А.Нүсіпбеков, актерлер Ш.Айманов, Е.Өмірзақов, суретшілер Қ.Тельжанов, С.Мәмбеев, композитор Л.Хамиди т.б. болғаны қандай ғанибет. Қазіргідей ғылым мен техниканың өркендеп, дамыған шағында энциклопедия жасау қаншалықты ғұлама болса да бір адамның қолынан келетін шаруа емес. Бұған озық ақыл-ойдың тоғысуы, сан салалы ғылым арналарының барын қосып, қажетті жетістіктерін ашып көрсету қажет болды. Алғашқы қазақ энциклопедияшылары сол міндет биігінен табылды деп айтуымызға әбден болады.

– Энциклопедияның басқа да баспа өнімдерінен өзіндік ерекшелігін, әзірлеу барысындағы айырмашылық жөнінде де айта кетсеңіз.

– Әлемдік тәжірибенің көз жеткізгендей, энциклопедияға бір күндік, науқандық басылым деп қарауға болмайды. Көпсөзділікті, жеңіл шолуды, атүсті байламға бой алдыруды көтермейді. Әр жерден цитат алу, дәлелденбеген, тексерілмеген фактілерді орынсыз тықпалауға жол жоқ. Біреулерді орынсыз мақтауды немесе орынсыз даттауды көтермейтін басылым. Әуелі британ, неміс, француз энциклопедияларына назар аударсаңыз, осындай талап қойылған.

Қысқа, дәл тұжырымдар арқылы мол мағлұмат, айқын ақпарат жеткізілуі керек. Қазақ айтатын “Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін” табу керек оқырман энциклопедиядан.

– Реке, осы орайда, тіл ұшында тұрған бір сауалды қойғым келеді. “Қазақ совет энциклопедиясы” деп аталатын көп томдық еңбектің коммунистік идеология ықпалына қатты шарпылғаны, компартияның мүддесіне көбірек қызмет ететіні қазір айқын байқалады ғой. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

– Рас, тұңғыш төл энциклопедиямызды тоқырау деп аталатын кезеңнің мұзы сіресіп жатқан кезде, қызыл саясаттың қылышы қылпып тұрған тұста жасауға тура келді. Әр нәрсеге тек кеңестік көзқараспен баға берудің салқыны қатты тигенін, ұлттық тарихымызға, салт-дәстүр, наным-сенімімізге қатысты ақтаңдақтардың мол екенін жасырмаймыз. Әсіресе, ХХ ғасырдағы қазақ ұлттық ояну дәуірінің басы болған, ұлттық дамуының негізгі нысанасын белгілеген – Алаш қозғалысы, Алаш ұлттық партиясы, Алашорда өкіметі жөнінде, оның ірі қайраткерлері туралы дұрыс баға берілмеді. Жала жабылды, күйе жағылды. Жаңсақ тұжырымдар жасалды. Тіпті, оларды тарихымыздан мүлде сызып тастауға жақын қалдық. Компартияның сойылын соғып, жүйесін, тұйық шеңберді қалыптастырғанын көптеген ғылыми мақалалардан да байқауға болады. Тәуелсіз мемлекет, еркін ел болып, бүкіл тарихымызды қайта жазып жатқан тұста энциклопедия томдарына да көптеген түзетулер, толықтыруалар кіргізуге, сөйтіп қайта басып шығаруға тура келеді. Қазіргі өтпелі кезең, өлара шақ қиындықтарын артқа тастап, қосымызды түзегеннен кейін бұл шаруа да жедел қолға алынғаны жөн деп ойлаймын. Іргесінде, өз ішінде соғыс өрті тұтанып, шырқы бұзылып жатқан Грузия, Армения, Әзірбайжан сяқты елдердің өзі кеңес дәуірінде шығарған энциклопедияларын қайта басып шығарудың қамында көрінеді. Бұдан бұрын Президентіміздің қабылдауында болғанымда бұл мәселеге қатысты ойдарымды айтқанмын. Өркениетті елдерде энциклопедия томдары Библия, Құран сияқты қастерленеді. Әр шаңырақтың төрінде тұратын кітап деп танылған. Біз болашақ ұрпаққа азаттық энциклопедиямызды қалдыруымыз керек. Дамудың жаңа жолына түскен жас мемлекетіміздің ұлттық шежіресі қамқорлыққа алынады деп ойлаймын.

– Ал Қазақ энциклопедиясының басына бұлт үйірілген кездер болды ма?

– Осы орайда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейінгі СОКП Орталық Комитетінің “Қазақ ұлтшылығы” жөніндегі әйгілі қаулысын айтуға болады. Бұл ұлттық намысымызға тиген, аққа қара күйе жаққан құжат болғаны өз алдына, оның ызғары ұлттық мекемелеріміздің шаңырағын шайқалта жаздады емес пе? Әсіресе, осы кезде кейбір әпербақан шенеуніктер ұлтшылдықтың ұясын іздеп әуре-сарсаңға түсті. Сонда Қазақ энциклопедиясына көз аларта қарап, саусағын шошайтқандар да табылады. “Ұлтшылдыққа” тәрбиелеп отырған энциклопедия томдарын жыртып, өртеп жіберудің аз-ақ алдында қалдық. Құдай сақтап, бір нәубеттен аман-есен шықтық, әйтеуір.

– Нарық қыспағын Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы қалай сезінуде?

– Әрине, басқа да ғылыми мекемелер, баспалар сияқты біздің ұжым да көптеген қиындықтармен бетпе-бет келді. 1986 жылға дейін энциклопедия да үкімет тарапынан бюджет арқылы қаржыланатын мекеме болса, одан кейін өзін-өзі қаржыландыру, шаруашылық есеп дейтін заман ағымына, нарық талабына сай арнаға көшті. Бірақ шыққан кітаптарымыз, бағасын қанша жоғары қойсақ та, өзін-өзі ақтамайтын болды. Тіпті, түгел өтіп кеткен күннің өзінде пайда әкелудің орнына тек зиян шектірді. Сондықтан бәрібір мемлекет көмегіне мұқтаждықты сезінудеміз. Мәселен, “Қазақстан тарихы және мәдениет ескерткіштері шежіресі” дейтін көлемі 60 баспа табақ кітап дайын тұр. Бұл қазақ даласындағы құнды тарихы және мәдени ескерткіштерге жан-жақты сипаттама беретін 10 томдық бірегей басылымның алғашқы томы. Беташар том халқымызды материалдық және рухани мәдениетінің ежелгі орталықтарының бірі ретінде төрткүл дүниеге таныма болған аймақ – Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында орналасқан археологиялық, тарихи, сәулет және монументальды өнер тарихына қатысты ескерткіштерге арналған. Ежелгі жылнамаларда “ақ өзен үстіндегі қала” деп сипатталатын Испиджап (Сайрам), моңғол басқыншыларына жарты жыл бойы алдырмай, қарсылық көрсеткен қаһарман тұрғындар қаласы Отырар, қазақтың үш жүзінің хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары жоңғар басқыншыларына тойтарыс беруге пәтуаласқан қасиетті төбе Ордабасы шоқысы, атақты әмірші Ақсақ Темірдің жарлығы бойынша бой көтерген киелі ғибадатхана Қожа Ахмет Иасауи кесенесі, т.б. – көптеген жәдігерліктеріміз жөнінде құнды мәліметтер жинақталған. Керек пе? Керек!

Осыны өз күшімізбен шығара алмай отырмыз. Араға жылдар сала бастаған соң, түсірілгеніне біраз уақыт болған құнды слайды-суреттердің бояуы оңып барады.

Айта берсек, дайын тұрған еңбектеріміз көп. Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған “Негеш”, сондай-ақ “Ислам”, “Шәкірт”, “Ұлан”, “Қазақ тілі”, “Қазақ әдебиеті мен өнері”, “Өнер”, “Математика” энциклопедияларының қай-қайсысы да қыз жасауына қосып беретіндей құнды дүниелер боларына ешкім де күмән келтірмейді.

– “Қазақ энциклопедиясы” көрші Қытай елінде қайта басылып шығады екен дейтін сөз рас па?

– “Қазақ энциклопедиясын” Пекиндегі “Ұлттар” баспасы қайта басып шығарғалы жатыр. Бұл қытай, моңғол, қазақ, ұйғыр, корей, т.б. тілдерде шығаратын үлкен баспа. Солар “Қазақ энциклопедиясының” қазір алты томын басып шығарды.

Осы арада айта кеткен жөн шығар, таяуда Қытай Халық республикасы энциклопедиясының бас редакторы бізде қонақта болып қайтты. Біз де оларға барып келдік. Біз олармен бірлесіп қабырғаға ілетін 1994 жылдың күнтізбесін шығарғалы жатырмыз. Қазақ, орыс, ағылшын, қытай – төрт тілде шығатын күнтізбе. Бұл шығармашылық байланыстарымыздың бір ғана мысалы. Әрине, көне қытай елінде энциклопедиялық еңбектер көп болған. Бірақ еуропалық үлгідегі ғылыми энциклопедияны шығаруды қытайлықтардың қолға алғанына он-он бес жыл болыпты. Соған қарамастан олар 74 томдық энциклопедияларын шығарып үлгерді. Жеке баспалары бар. Пекиннің орталығында үлкен көп қабатты үйлері бар. Мыңдаған адам қызмет істейді. Бізді олармен салыстыруға келмес. Миллиардтан астам халқы бар мемлекеттің энциклопедияшыларға қамқорлығы кісі қызығарлықтай.

– Ұлы ақын, ойшыл, дана Абайдың туғанына 150 жыл толуын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтетін болып, қазақ елінің мәртебесі тағы да аса түсуде. 1995 жылға дейін “Абай” энциклопедиясын шығаруды жоспарлаған едіңіздер. Бұл энциклопедияның сыр-сипаты қалай? Дайын ба? Қашан шығады? Биыл ақпан айында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті өзінің көшпелі мәжілісін Семейде өткізді ғой. Сол мәжілісте халықаралық бизнес саласында жұмыс жүргізетін бір фирманың директоры “Абай” энциклопедиясына жұмсалатын қаржыны төлеуге әзір екендігін мәлімдеп, жар салған еді. Көмек болды ма?

– Жеке адамға арналған тұңғыш энциклопедиямыз – бір тодық “Абай” энциклопедиясы болмақ. Онда данышпан ақын, ойшыл, композитордың бай мұрасын талдауға мол орын беріледі. Оның әдеби мұрадарына, аудармалары мен қара сөздеріне жеке-жеке мақалалар арналған. Кітапта Абайдың дүниеге көзқарасы, эстетикасы мен поэтикасы, қоғамдық-саяси ой-пікірлері мен көркемдік әдісі туралы зерттеулер де жүйеленеді. “Абай және өнер”, “Абай және музыка”, “Абай және театр” сияқты бірқатар шолу мақалалар енгізіліп, ақынның әдеби мұраларының қайнарынан тұщынған суретшілер, сазгерлер, режиссерер мен актерлер, әдебиет пен өнер қайраткерлері туралы деректер бар. Энциклопедияда Абайдың өмірі мен шығармашылығына, оның отбасына, туыстары мен жақындарына, ізбасарлары мен шәкірттеріне қатысты мол мағлұматтар жинақталған. Оны түзуге Қазақстанның көрнекті ғалымдары, әдебиет зерттеушілері, тарихшылары, этнографтар мен өнер танушылары қатысты. Бұл кітап басуға дайын. Республика Үкіметі бөліп отырған арнайы қаржымен шығармақпыз. Ал кейбір фирмалар мен бизнесмендердің уәдесі құрғақ сөз болып қалды. Олардың қаржылай көмек алған жоқпыз.

– Фашизмге қарсы соғыстағы жеңістің 50 жылдығы қарсаңында энциклопедия Зерде кітабын шығармақшы деп естіген едік. Бұл шаруа аяқсыз қалмай ма?

– Сұрағың орынды. Кешегі 1941-1945 жылдардағы алапат соғыста талай боздақтар майдан даласында қалды. Олардың ерліктерін әспеттеп, есімдерін жадымыздан шығармау – перзенттік парызымыз. Энциклопедия ұжымының соңғы кездегі шұғылданып жатқан бір үлкен жұмысы осы. Қазір Қызылорда, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар облыстарынан дайындалған кітаптар өндірісіне жіберуге әзір. Алдағы уақытта басқа облыстары да қамтылады. Зерде кітабы да көп томды. Жалпы атын «Боздақтар» деп атамақпыз. Бұған Баспасөз, Қорғаныс министрліктері де көп көңіл бөліп отыр.

– Реке, шетелдерге сапарлап шығып жүрсіз ғой. Жалпы, энциклопедиялық кітаптарға деген сұраным жоғары ма, төмен бе? Болашаққа үмітпен қарайсыз ба?

– Өркениетті, дамыған елдердің бәрінде де энциклопедиялық, анықтамалық кітаптарға сұраным өте жоғары. Ең өтімді товар – осылар. Рас, мұндай кітаптарды дайындауға көп күш жұмсалады. Бағасы да удай болады. Бірақ керек. “Керек тастың ауырлығы жоқ” деп туристердің өзі түрлі энциклопедиялық әдебиеттерді арқалап жүреді. Қазақ энциклопедияшыларының да еңбегі жанатын күн туады. Болашаққа үмітпен ғана емес, сеніммен қараймын.

Әңгімелескен Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,

Халық кеңесі, 23 желтоқсан, 1993 жыл.

ХАЛЫҚ ҚОЛЫНДАҒЫ ҚАЗЫНА

Энциклопедия “Кітаптардың кітабы” аталып жүрген күрделі басылым. Ол халқымыздың қолына қай кезде, қалай тиді? Шаңырақ көтергелі оның Бас редакциясы не тындырды, бүгінгі күнге қандай табыстармен жетті? “Қазақ энциклопедиясының” Бас редакторы Рымғали Нұрғалиевпен арада болған әңгімеміз осы төңіректе өрбіген еді.

– Энциклопедиялық кітаптар шығару – аса күрделі де қиын шаруа. Мұндай басылымдар қайсыбір елде болмасын білім-ғылымы, тіл-тарихы, әдебиетпен өнері, салт-дәстүрі дегендей, барлық қоғамдық және рухани жағынан дамуының барынша биіктеген кезеңдерінде дүниеге келген. Жинақталған, сараланған білім қорының жасалуы түрлі мақсат-міндеттерді көздейді. Ал ондай мақсат-міндеттердің тууына әрбір кезеңдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайлар да әсер етеді. Сонау көне заманнан бүгінгі таңға дейінгі халқымыздың жүріп өткен тарихи жолын, республикамыздың әлеуметтік-экономикалық хал-жайын, ғылым-біліміміздің деңгейін, жалпы барлық сипатымызды жинақтап, бір жүйеге келтіру, сөйтіп қалың көпшіліктің барлық сауал-сұрақтарына жауап берер үлкен анықтамалық жасау міндетінің тұрғанын біліп, 1967 жылдың қыркүйегінде Қазақстан үкіметі “Қазақ энциклопедиясын шығару туралы” қаулы қабылдаған болатын. Осыған орай 1968 жылдың 1 қаңтарында Қазақ совет энциклопедиясының Бас редакциясы құрылды.

– Әмбебап энциклопедия шығару – ұжымдық еңбектің нәтижесі. Оқырман қолына тарап кеткен 12 томдық энциклопедияның алғашқы томы қалай әзірленді?

– Жалпы алғанда, Қазақ энциклопедиясының әрбір томын дайындауға орта есеппен 850-1200 автор қатысты. Оның басым көпшілігі – ғылым докторлары мен кандидаттары, белгілі мамандар мен әдебиет, өнер қайраткерлері. Олар өздері еңбек ететін ұжымдардың ұсынуы бойынша Бас редакция мен салалық редакция алқасының келісімімен іріктеп алынды. Ал энциклопедияны әзірлеу барысында 47 тақырыптық сөзтізбесі жасалып, әрқайсысы жеке кітапша ретінде басылды да, түрлі тиісті мекемелерге, оқу орындарына, жекелеген мамандар мен ғалымдардың талқысына ұсынылды. Осындай жолмен түскен 8 мыңға жуық ұсыныс-пікірлер елеп-екшеленіп, ғылыми кеңесшілер қолынан өтті. Жұмыс барысын бұлайша ұйымдастыру бағыт-бағдардың дұрыс екендігін білуге, түрлі кемшіліктерден арылуға жағдай тудырды. Міне, осындай жолмен әмбебап энциклопедияның 1-томы 1972 жылдың басында, ал соңғы томы 1978 жылы жарық көрді.

– Аталмыш әмбебап энциклопедияда аталмай қалған атаулар, енбей қалған есімдер, орын таппаған оқиғалар аз емес. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер заманы жаңа жұмыстар талап ететін сияқты.

– 12 томдық энциклопедияның жасалуы барысында ондай жағдайлардың орын алғаны рас. Оған ешкімді кінәлай алмаймыз. Тірліктегі барлық оқиғалар мен іс-әрекеті алақанында ұстап отыруға тырысқан сол кездегі саясаттың салқыны “Қазақ совет энциклопедиясы” Бас редакциясының да адымын аштырмады. Ол кез цензураның да тым дәуірлеп тұрған шағы болатын. Әмбебап энциклопедияға кірген барлық оқиғалар мен есімдер Орталық Комитеттің қатаң бақылауында болды. Қазақ және орыс тілдерінде қатар жарық көрген “Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедиясында» ғана репрессиялық қуғын-сүргін, алапат аштық төңірегінде там-тұмдап сыр шерте алдық. Бүгінгі таңның биігінен қарағанда, әрине, ол жеткіліксіз. Оқырман қауымның жаңа талап-сұраныстарын қанағаттандыра аларлық жаңа әмбебап энциклопедия қажет. Алайда қоғамымызда орын алып отырған барлық ауыртпалықтар, қаржы, қағаз тапшылығы “Қазақ энциклопедиясының” да басына түсіп отыр. Соның салдарынан бірқатар энциклопедиялық басылымдар кейінге қалдырылды. Мәселен, “Абай”, “Айқап”, “Қазақстанның тарихы мен мәдениет ескерткіштер шежіресі”, “Ислам” энциклопедиясы, “Боздақтар” “Ақ отау”, “Шәкірт”, “Халық емшілігі” сияқты басқа да дайын тұрған еңбектер бар. Мұндай энциклопедиялық басылымдардың жарық көруіне үкімет тарапынан арнайы көңіл бөлініп отырмаса, жұмысымыздың алға жылжуы қиын-ақ. Қазіргі іскер бизнесмендеріміз бен коммерсанттарымыз да халықтық жұмысқа қол ұшын беріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

– “Қазақ энциклопедиясының” Бас редакциясы өзінің жиырма бес жылының ішінде мақтанышпен айтарлықтай қандай еңбектер басып шығарды?

– Жаңа айтып өткен 12 томдық әмбебап энциклопедия мен 4 томдық “Қазақ ССР” Қысқаша энциклопедиядан» өзге де жарық көрген басылымдар аз емес. Шоқан Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағы, “Ол кім? Бұл ненің?” үш томдығы, “Алматы” және “Қарағанды. Қарағанды облысы” энциклопедиялық анықтамалықтары, “Алфавитті пән – есім көрсеткіші”, түрліше сөздіктер, “Әлемде талай қызық бар” кітабы, “Шаңырақ”. Үй-тұрмыс энциклопедиясы» және басқа үлкенді-кішілі еңбектер оқырман қолына тиді. Олар жайында кезінде мерзімді баспасөз беттерінде жақсы ой-пікірлер айтылған болатын.

– Аталған басылымдардың дүниеге келуіне және қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстар барысына әдебиет өкілдерінің кімдер араласты?

– Ұлттық мәдениетіміздің биік деңгейін көрсетер күрделі басылымдарды әзірлеуге қатынасқан ақын-жазушылар, зерттеушілер, сыншылар жетерлік. “Қазақ совет энциклопедиясы” Бас редакциясының алғашқы Бас редакторы Мұхаметжан Қаратаев, Әбен Сатыбалдиев, Әзілхан Нұршайықов, Рахманқұл Бердібаев, Дулат Исабеков, Кәрібай Ахметбеков, Бақытжан Майтанов, Кәдірбек Сегізбаев, Қуанышбай Құрманғалиев сияқты көптеген қаламгерлеріміз татымды жұмыс атқарды, көпшілігі қазір де көмектесіп келеді.

– Халқымыздың мәдени өсу деңгейін энциклопедиялық еңбектері арқылы сырт елдерге таныта алдық па?

– Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген төрт томдық “Қаз ССР. Қысқаша энциклопедиясының» бұл орайдағы табысы аз емес. Бұл еңбек еліміздің тыныс-тіршілігін алыс және таяу шетелдерге таныстырған анықтамалық болды. Негізі, біздің энциклопедиялық басылымдарымыз әлемнің қырықтан астам еліне тарады. Ал Қытай Халық Республикасының “Ұлттар” баспасы 12 томдық әмбебап энциклопедиямызды басып шығара бастады.

– Әңгімеңізге рахмет. Ел мен жер тарихын, өміріміздің шежіресін жинақтап, көрсетудегі еңбектеріңізге тілек тілейміз.



Әңгімелескен Әнаурбек ИСЛАМХАНҰЛЫ,

Қазақ әдебиеті, 24 желтоқсан, 1993 жыл.

ЖУРНАЛИСТ ДЕГЕН ХАЛЫҚ БАР

Журналистер төл мерекесіне орай біз республика баспасөзінде есімі кеңінен танымал азаматтардың қысқаша жедел сұхбат ұйымдастырған едік. Көңіліміз қалаған бас редактор да сұрақтарымызға жауап беруге келісім берді. Әрине, қандай да бір ұзақ пікірлесуді, әңгімелесуді газет көлемінің көтере алатындығы белгілі. Бірақ бүгінгідей жеделдігі желден жүйрік зымыран заманда қысқа әңгімені қолай көрдік. Біздің бұл жолы сұрақтарымызға Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясының бас редакторы, белгілі ғалым, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Рымғали Нұрғалиев жауап береді.

1. Ұжым басшысы өз қол астында еңбек ететіндердің тұрмыс –ахуалдарын бір адамдай жетік білуі керек емес пе? Осы орайдағы алғашқы сұрақ: бүгінгі журналистеріміздің өмір-тіршілігі қандай деңгейде деп ойлайсыз?

2. Қазақ журналистері республикамызда қоғамдық өмірдің шынайы бейнесін оқырмандарына көрсете алып жүр ме?

3. Жалпы халықтың журналистерге деген көзқарастарын әлі дұрыс қалпында деп есептейсіз бе?

4. Мерекелік тілегіңіз.

Рымғали Нұрғалиев, Қазақ энциклопедиясы Бас редакторы:

1. Бұл сұрақ арқылы, сірә, қаламгерлердің тұрмыс-жағдайын айтып отырған боларсыз. Журналистер бұрыннан да бай болып аста төк ғұмыр кешіп, шекелерінің қызғаны шамалы. Жылдар бойы пәтер кезегінде тұрып, кісі есігінде жүрген бірнеше буын өкілдерін білемін. Жазғандары басылып, ел көріп, жер көріп, азды-көпті қаламақы алып, кітап шығарып – осылардың буына піскен күндер өткен. Енді журналистердің еңбекақысы жан бағуға да жарамайды, қаламақы түкке де тұрмайды, құны миллиондардың үстіне шығып кеткен пәтер дегеніңіз құр қиял секілді болып қалды. Осыдан барып қабілетті жастарды айтпағанда, орта, егде жастағылардың өзі ретін тауып, әр түрлі кеңсе қызметтеріне, шағын кәсіпорындарға, саудаға кетіп жатқандары жасырын сыр емес. Ашып айтар болсақ, “байтал түгіл бас қайғы” дейтін күндер туды.

2. Қоғамдық өміріміздің өзі дәл қазіргі таңда толқып тұр ғой. “Түске дейін – мүйіз, түстен кейін – киіз”. Сондықтан нақты шынайы бейнесі жоқ нәрсені журналистер қалай көрсете алады?

3. Журналист әлеуметті толқытып жүрген мәселелерді биік сапада саралап, бағалап бере алғанда ғана оның мерейі өспек. Ендеше, әр түрлі кезеңдерге жұртшылық көзқарасының өзгеріп тұруы да заңды болмақ деп есептеймін.

4. Қазақ журналистерінің тұрмыс қалпы, мамандық құралдары, ой-өрісі, шеберлік ауқымы, мәдениетті, өсіп-өркендеген елдердегі қаламдастарының деңгейіне көтерілуін нәсіп етсін дер едім.

Сұхбатты ұйымдастырған Кәдірбек Құныпияұлы,

Өркеннің” тілшісі, 8 мамыр, 1993 жыл.



ЕСКІ ДЕ ЖАҢА ҮНДІ ЕЛІ

Қазақстан мен Үндістан арасында әдеби, мәдени және ғылыми қарым-қатынастарлы жақсарта түсу мақсатында осыдан бірер жыл бұрын өзара келісім жасалғаны белгілі. Өткен жылы осы клісім негізінде Үнді елінен келген қонақтар біздің елмен танысып қайтқан. Енді, міне, желтоқсан айының 14-23 күндері қазақстандық бір топ өкілдер Үнді еліне барып қайтты. Біздің тілшіміз осыған орай белгілі ғалым, Қазақ энциклопедиясының бас редакторы Рымғали Нұрғалиевқа жолығып, бұл сапардың мән-маңызы хақында әңгімелеп беруді өтінген еді.

– Жазушы Әлібек Асқаров жетекшілік еткен біздің құрамда, атын атап, түсін түстеп айтсақ, “Жалын” баспасының директоры, жазушы Бексұлтан Нұржекеев, Шығысқазақстандық қаламгер Борис Щербаков болды. Сондай-ақ Орталық Азияны зерттеу мәселелері жөніндегі Делиде өткен ғылыми конференцияға қатысып қайтқан республикамыздың Ұлттық академиясының вице-президенті Жабайхан Әбділдин мен Жекен Қалиевтер де мәжілістерге қатысты.

Ал енді сапарымыздың мән-жайына келер болсақ, бізді шақырған да, қонақжайлықпен қарсы алған да – Үндістанның ұлттық әдебиет академиясы. Осы академияның тікелей басшылығымен ұлы Абайдың әлемдік тойы аясында тұңғыш рет хинди тілінде ақын шығармаларының бір томдығы жарық көрген екен. Реті келгенде айта кетейік, Үнді елінің тең жартысы (600 миллион) осы хинди тілінде сөйлейді. Бұл бір томдыққа ұлы ақынның өлең-поэмалары мен қарасөздері толыққа жақын қамтылғанын ескерсек, үнділік достардың бұл мәселеге қаншалықты үлкен мән бергенін пайымдау қиын емес. Негізгі жүк аудармашылар – Хэмчандра мен Варьям Сингхқа түсіпті. Қазір бұл кітап үнділік оқырмандар қолында. Біз келісімен үнді әдебиетшілері мен ғалымдары Абай мерекесі аясында үлкен ғылыми конференция өткізді. Онда белгілі ғалымдар: Абхай Морье “Абай шығармаларының негізгі идеялары”, Ансир Руми “Абайдың адамгершілік мұраттары”, Шанкар Басу “Абай – қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы”, Девендра Чауве “Абай поэмаларының философиялық негіздері”, Варьям Сингх “Абай – өз уақытының қатал сыншысы”, Д.Бакая “Абай және Мұхтар Әуезов”, Жабайхан Әбділдин “Абайдың философиясы” және мен “Абай мұрасының негізгі арналары” деген тақырыптарда баяндама жасап, Абай мен оның шығармашылығы жайындағы ой-пікірлерді ортаға салдық.

Конференция және басқа да былайғы кездесу-жүздесулер барысында байқағанымыз, үнділік достар Абай шығармаларын тек аударып қана қоймай, оның терең де құпиялы жақтарына барынша назар аударып, өз тұжырым-түйіндері мен байыпты көзқарастарын байқатып отырды. Бұл жәй, әсіресе, осы бір аз күн ішінде бізбен бірге жүріп, бірге болған зиялы қауым арасынан анық көрінді. Олар Шығыстың рухани дүниесі, мұсылмандық әдебиеті мен философиясындағы сан-алуан сарындардың қазақтың данышпан ақынының шығармадларымен соншалықты әуендес, үндес екендігіне қызыға көңіл бөлді. Ал профессор Д.Бакая 1959 жылдың қыркүйек айында Алматыда болған кезінде әлемге әйгілі қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов “Абай” романын өзіне сыйлағанын тілге тиек етіп, ұлы қаламгермен бірге болған сәтті, қазақ халқының қонақжайлық қасиеттерін конференцияға қатысушыларға тебірене әңгімелеп берді.

“Ұлыдан ұлағат, жақсыдан шарапат”, дейтініміз осы да, данышпан Абайдың бүгінгі мұрагері есебінде талай елдерді аралап, талай жерлерде болып жатырмыз. Әрине, мүмкіндігінше ел көргенге, жер танығанға не жетсін. Көргеніңді, алған әсеріңді көңілге буып-түйіп қана қоймай, оны көпшілікке айтып, сыр ашқың келеді. Мәселен, аталмыш конференция ағылшын, хинди және орыс тілдерінде қатар жүргізіліп отырды. Әрине, біз де бұл басқосуға құр қол барғанымыз жоқ. Ұлы ақынның 150 жылдық мерекесіне орай биыл жарық көрген “Абай” энциклопедиясын, ақынның орысша, қазақша жаңадан жарық көрген басылымдарын, басқа да қосымша әдебиеттерді ала барғанбыз. Міне, осылардың бәрін Қазақстан делегациясы атынан жетекшіміз Әлібек Асқаров үнділік достарға сый-сияпат ретінде табыс етті. Ал сөзіміздің бас жағында айтып өткен Абай шығармаларының хинди тіліндегі бір томдық аудармасының алғашқы – сүйінші данасының тұсаукесер рәсімі де айтарлықтай дәрежеде әсерлі өтті. Жалтылы көз жәуін алатын аса қымбат матамен оралып, беліне белбеу байланған бұл кітаптың тұсаукесер сәті, шынында да, бізге жақсы әсер қалдырды. Шын мәніндегі достық аясында өткен кездесулерде Қазақстанның Үндістандағы елшісі Рашид Ыбыраев екі ел арасындағы саяси-әлеуметтік, әдеби-мәдени байланыстардың бұдан былай да дами беретініне тоқталды.

Әдеби-мәдени байланыстар демекші, расын айтсақ, бұрынғы кездегі ішін-ара, оқта-текте ғана болып отырған қайсыбір қарым-қатынасты тілге тиек етпесек, бұл салада енді ғана бізге әлем есігі ашылып келеді емес пе? Өмірдің қай тармағында болмасын қашаннан өз үрдіс-дәстүрі бар, әлемге аты әйгілі Үндістанға енді ғана табанымыз тиіп отыр екен. Онда да, әруағыңнан айналайын, ұлы ақын атамыздың арқасында. Әйтпесе сонау Бабыр заманынан бері қарай аңыз бен ертегіге айналып, санатымызға сән қосып, санамызға сіңіп кеткен осы бір ел, шындап келгенде, бізге аса алыс та емес қой?! Кезінде, әлгіндей үздік-создық сапарлар нәтижесінде Мұхтар Әуезовтің “Үнді очерктері”, Тахауй Ахтановтың “Үнді дәптері”, Сафуан Шәймерденовтің аудармалары (Рабиндранат Тагор) дүниеге келді. Әнуар Әлімжанов пен Аманжол Шамкенов Неру атындағы халықаралық сыйлықты алды. “Бабырнаманың” да аударма кітабы қазір қолымызда. Ал үнділік достардың бізді – қазақ жұртын, оның әдебиеті мен өнерін танып-білуі ендің-енді ғана басталып келеді. Бұл орайда ұлы Абай тағы бір әлем есігін бізге айрықша ашып берді.

Үндістан – аңыз бен ертегі елі дедік. Шынында да, солай. Ал бірауық, қалт еткен бір мезгілде сол ертегінің ішіне еніп, аңызбен оңаша тілдескенге не жетсін?! Үнділік достар келген қонақтарды шаршата да, демалдыра да біледі екен. 12 миллионнан астам халқы бар бір Делидің өзі сіздің көңіл күйіңізді бірнеше күн бойы аулауға жарап жатыр. Әлімсақтан бергі архитектуралық ансамбльдер, сәулет өнерінің ең озық та қайталанбас үлгісімен салынған үйлер, мұражайлар, мешіттер, храмдар - бәрі-бәрі де менмұндалап тұрғанымен, бір көргенге ішкі сырын бүгіп қалады. Иә, олармен тілдесуге, сырласуға уақыт, білік керек. Делиден шеттеу Ағрадағы әйгілі Тәж Маһалдың бір өзі ғана неге тұрады?! Ол туралы аңыз да, ақиқат та жетерлік. Ақ мәрмәр, асыл тастан қаланып, өлмес өнерімен өрнектелген ақ жұмыртқадай осынау сән-салтанат Сарайы – мәңгі махаббат куәсіндей жанарыңды жаулап, жаныңды дуалап ерекше, бөлекше әсерге бөлейді. Кезінде мұны 200 мыңдай құрылысшы салған екен. Айдындағы аққудай осы бір әсем ғимарат өмірге келісімен әлгі құрылысшылардың қолдары кесіліп тасталған. Өнердің қатал да қайрымсыз заңы осылай – екінші Тәж Маһал қайталанбауы керек!

Көрген, сезгеннің бәрін дерлік жіпке тізе беру шарт емес. Дегенмен, ерекше әсерге бөлеген, есте қалған, назар аударған тұстарды да айтпай кетуге болмайды. Бұлар жайында реті келсе, алдағы кезде тағы бір оралармыз. Менің бір байқағаным, үнді жұрты да мына біз секілді кішіпейіл, қарапайым, қанағатшыл, сабырлы, төзімді ел екен. Осыдан ба екен, бізге – қазақ халқына деген ілтипаты мен ықыласы ерекше.

Тағы бір айта кететін жәй, сөз болған конференция материалдары алдағы күндері ағылшынша, орысша, қазақша жарық көретін болады. Абай рухы кеңістікті шарлап, Абай мерекесі әлемдік дәрежеде әлі де өз жалғасын табады. Оның ең бір мағыналы, мазмұнды мезгілін біз көне де жаңа Үнді елінен көрдік.



Сұхбаттасқан И.Сапарбай.

4 қаңтар, 1996 жыл.

ҰСТАЗҒА ҚОЙЫЛҒАН 12 СҰРАҚ

Мен сауалдарымды жұптап, дайындап әкелдім. Келісіміміз солай болды. Филология ғылымының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Рымғали Нұрғалиев оған өз қолымен жауап жазды. Журналистикада ондай тәжірибе, ондай үрдіс те бар.

Сонымен, ғалым, жазушы, журналист ағамыздың айтқан пікірлерінің мұртын бұзбай оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

1. – Аға, студент кездеріңізден естелік болар жайттарды еске түсірсеңіз…

– Студенттік күндер – адам өмірінің ең бір жарқын кезі. Білімге, мәдениетке, жаңалыққа ұмтылған жылдар. Сондықтан ол күндердің әр бір сәті әсте ұмытылмақ емес. Қайсы бірін айтып тауысасың, жазыла қалса, тұтас кітап боларлық оқиғалары бар.

2. – Енді өзіңізге білім мен ғылымға жөн сілтеген, әсер етіп, ықпалын тигізген ұстаздарыңыз жайлы әңгімелеп берсеңіз.

– Адам ұстазын ұмыта ма? Бірінші сыныпта әліппе үйреткен тұңғыш ұстазым марқұм Шәмшия Жүзбаева, кейін сабақ берген Нағима Құмарова, Роллан Мусин, Роман Григорьевич Грилборцер, Кәрім Аханбаев, Ерғали Дайрабаев, Мүткен Ошыбаев, Қашура Елеусізова, Құдайберген Базарбеков сияқты мұғалімдердің түр-түсі, мінез-қалпы көз алдымда, дауыстары құлағымда. Университетте ұлы Әуезовтің алдында отырдық, қазақ филологиясының аталары Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев, Темірғали Нұртазин, Есмағамбет Ысмайыловтардан лекция тыңдадық. Гербстман, Мадзигон шетел әдебиетін, Қанафиева, Жовтис орыс әдебиетін, Бекхожин, Амандосов, Қожақеев журналистиканы оқытты. Қолымнан жетектеп үйіне апарып, дәм-тұзын беріп, баласындай еркелетіп, ғылымға баулыған, екінші курста оқып жүрген кезімде ғылыми зерттеу жаздырып, сол кітапшаны өзі тең автор болып жариялатқан профессор Бейсенбай Кенжебаевтың ғылымдағы, өмірдегі – рухани әкем екенін мақтанышпен айтамын.

3. – Өнерде, ғылымда қылаң беріп қалатын жайттар болады. Мәселен, біреудің еңбегін біреудің пайдалануы…

– Өзім ешкімнің ала жібін аттаған адам емеспін, Біреу мені тонап, көшіріп алып жатыр деп те айта алмаймын.

– 4. – Талантқа көзқарасыңыз?

– Бір сөзді білесің ғой: – “Талант қалтаңдағы ақша секілді. Бар болса – бар, жоқ болса – жоқ” – осыған қосылам.

5. – Шәкәрім қажы “Өлең – ар түзейтін ғылым” деген, ал Пушкин, “Поэзия ардан да жоғары”, – депті. Осыған алып-қосарыңыз бар ма?

– Дәл де жақсы айтылған. Шәкәрім қажыны айтам. Пушкин сөзін ойлану керек.

6. – Қазіргі қазақ қоғамында жастардың көпшілігіне азып бара жатқан ұрпақ деп кінә артып жатады. Олардың осындай болуына не түрткі болып отыр? Аға ұрпақ өкілдері тарапынан олардың проблемаларын шешуге көмек, қолдау қажет пе, қажет болса, қандай жолмен көрсетілуі керек деп ойлайсыз?

– Қай заманда да алдыңғы толқын кейінгілерге осқырына қараған. Кішілер туралы үлкендері сөзі: “Бұзылған, азған, тозған”. Қазір де осылай деп жүр. Бүгінгі жас буын марқайғанда олар да осылай дейтін болады. Бұдан шошитын ештеңе жоқ. Әр буын өз проблемасын өзі шешеді. Барлық уақытта, барлық елде солай болған. “Өзіңе сен, жас ойшыл!”

7. – Өз салаңыз – Әуезов тағлымы тақырыбына біраз сыр шертіп, әңгіме қозғаңыз.

– Былтыр “Әуезов және Алаш” деген кітабым шықты. Осы сұрақтың жауабын сол кітаптан алуға болады.

8. – Таяуда қажылық сапардан оралдыңыз. Қажылыққа жол азабын көріп, мехнатын шегіп, өз қаражат, мүмкіндігіңмен бару керек дейді. Қазіргідей қажылыққа бару үрдісі қажылықтың қадір-қасиетін төмендетіп жібермес пе екен?

– Алла бұйырды, сәті түсті, дәм жазды. Сол зияратқа бара қояйын деп қаражат жинағаным жоқ, ешкімнің есігін қағып, алдына да барғаным жоқ. Бес уақыт намаз оқып, сәждеге жығылып, сопы болып кетпесем де, тұңғыш рет қазақ тілінде мұсылман дінінің тарихын, негізгі ұғымдарын, басты шарттарын ғылыми тұрғыда баяндап берген “Ислам энциклопедиясын” шығарған еңбегімнің бодауы Сауд Арабиясы королінің Қазақстаннан арнайы шақырған екі жүз адамының бірі болуыма шапағаты тиді ме екен деп іштей есеп жасадым. Ал дінге мойынсұну, қажалыққа бару-бармау әркімнің өз ұжданының ісі. Сондықтан бұл төңіректе теледидардан, газеттен қызыл тілді сүйрендетіп, ғайбат айту – күнә болмақ. Бойды тартқан дұрыс.

9. – Өзіңіз “Лениншіл жаста” істеген кезіңіз бен қазіргі қазақ журналистикасының ара салмағы қалай болуы керек, нені алып, нені қосу керек деп ойлайсыз?

– Жағымпаз журналистика, жалпақ шешей журналистика өлуі керек. Жауынгер журналистика, жүректі журналистика өрге шықсын, ой айтылсын, сын айтылсын.

10. – Халықаралық терминдерді аудару оларға балама табу ісі жөнінде қандай пікірдесіз?

– Бояушы, бояушы дегенге сақал бояудың қажеті жоқ. Мәдениетті, дамыған елдер үлгісімен жүрсе, дұрыс болмақ. Термин жасаудың әбден қалыптасқан ғылыми жолдары бар, сол ізбен жүріп отырсақ, қателеспейміз.

11. – Қазақ энциклопедиясында неше жыл істедіңіз, ол жерден неге кеттіңіз? Ол жылдарыңызға өкінбейсіз бе?

– “Қазақ энциклопедиясында» Бас редактор болып 11 жыл істедім. Мен Семей полигонының кіндігі – Дегеленде тудым. 1949 жылғы атом бомбасының тұңғыш сынағын 20 шақырым жерден көріп тұрдық. “Гитлер капут! Мы победили!” – деп айғайладық. 1954 жылғы сутегі бомбасын сынағанды да көзбен көрдік, ішінде болдық. Содан 1957-жылы Алматыға оқуға кеткенше, радиацияның қанша дозасын алғанымызды бір Алланың өзі ғана білетін шығар. Сол зардап па, 1990 жылы қатты ауырып, жар жағасына бір барып қайттым. Кейінгі кезде көз ауырады, диагнозы – полигон кеселі. Алты томдық жаңа ұлттық Алаш энциклопедиясын шығаруды жоспарлап, сөздігін дайындап Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы нұсқауымен оған қаржы бөлінген кезде, мен денсаулығыма байланысты өз өтінішіммен редакторлықтан босатуды сұрадым. Министр А.Сәрсенбаевтың мақтау-марапатын алып, университетке ұстаздық-шығармашылық жұмысқа ауыстым. Бас редактор әрі мақалалар авторы болып алпыстан астам энциклопедиялық басылым шығардым. Оның ішінде “Абай”, “Ислам”, “Боздақтар”, “Шаңырақ”, “Негеш”, “Қазақ ССР”, “Алматы”, “Қарағанды” секілді күрделі еңбектер «Философиялық сөздік», «Ислам» түрлі сөздіктер, Ә.Бөкейханов, М.Әуезов шығармалары т.б. бар. Энциклопедияда жұмыс істей жүріп, Мемлекеттік сыйлық алдым, Ұлттық академияға корреспондент-мүше болып сайландым. Кітаптарым шықты. Ел көрдім, жер көрдім. Неге өкінем? Өкінбеймін. Қайта энциклопедияда өткен жылдарым өмірімнің бір мағыналы, сапалы жылдары деп тәуба етемін.

12. – Өзіңіз оқыған, бұл күнде шәкірттер оқытып, еңбек етіп жатқан қара шаңырақ – Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің 50 жасқа толғалы отырған “Қазақ университеті” газетіне қандай тілек айтар едіңіз?

– Тоғызыншы сұраққа берген жауабым – жаауап.

Әңгімелескен Бейбіт Төлегенұлы,

«Өркен», 1998.

БІР ҮЗІК СЫР

Рымғали Нұрғали – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер. Көрнекті сыншы, жазушы, энциклопедияшы, педагог. Біздің тілшіміздің берген оқыс сұрақтарына оның айтқан оқыс жауаптарын назарларыңызға ұсынып отырмыз.



ОТБАСЫ

– Адамның болашақ тағдырына қандай отбасында туып, тәрбиеленіп өскендігі әсер етеді ғой. Әке-шешеңіз кім еді, аға-іні, бауырларыңыз туралы айтыңызшы.

– Әкем Нұрғали Байзолдаұлы (паспорт бойынша Файзуллин) шындығында 1897 жылы Қарқаралы уезінің Дегелең болысында туса керек. Екі нөліне қызығып документімді 1900 жылы туған деп өзгертіп алғанмын деп күліп отыратын. Ұзақ өмір сүрді, тоқсанның жуан ішіне кіріп, 1991 жылы тамызда дүние салды. Семейдегі бес кластық қалалық училищені бітірген; 1916 жылы тыл жұмыстарына алынған; алғашқы кеңестік болыстардың бірі; Қарқаралы ауданындағы алғашқы совхоз директоры; 1937 жылы халық жауы деп айыпталып, сотталып, 1939 жылы М.И.Калининнің араласуы бойынша босатылған; Абыралы, Шар аудандарының атқару комитеттерінің төрағасы; Егіндібұлақ, Шұбартау аудандарында жауапты қызметтерде істеген. Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезовтермен Семейде бір мезгілде оқыған, әр кезде Әлиханды, Ахметті, Міржақыпты көрген, дастархандас болған, сөздерін тыңдаған, Қажымұқан, ауылдастары Сапарғали Бегалин, Жүсіпбек Елебековтермен дос болған, көзі қарақты адам еді. Менің қазақ тарихына, Алаш азаматтарына деген көзқарасым ең алдымен өз әкемнің ықпалымен қалыптасты.

Шешем Нұрғайша – ел арасында көп құрметіне бөленген сұңғыла адам, ғұлама молла Әшімбектің қызы еді. Отыз үш жасында, 1950 жылы баладан қайтыс болды. Өте діндар адам еді; өле-өлгенше мені қойнына алып жататын. Ол кісіден естіген шариғат әңгімелері әлі күнге есімде. Менің балалық күндерім әкем Нұрғалидың шешесі Рабиға әжем мен Байзолданың інісі Шоқымет атамның бәйбішесі Күлшім шешемнің әлдиімен өтті. Рабиға әжем алдымен қолын сабындап жуып, одан кейін домбырасын қолға алатын күйші кісі еді. Күлшім әжемнің ертегісі таусылмайды. Алтау едік, ағам Тұрсынғали алпысқа жетпей, інілерім Жеңіс пен Айғали қырықтың о жақ, бұ жағында полигон құрбан болды. Әсия, Нәсима деген қарындастарым бар.



Мықты мектепте оқыдық

– Қандай мектепте оқыдыңыз? Сабақ берген мұғалімдер есіңізде қалды ма? Кластастарыңыздан белгілі азаматтар шықты ма?

– Әкемнің қызмет бабына орай әртүрлі мектептерде оқуыма тура келді. Бірінші класқа Семей облысының Шар стансасындағы қазақ мектебіне бардым. Әуелі орыс мектебіне апарған. Абыралы ауданынан көшіп келгенбіз. Бір ауыз орысша сөз білмеймін. Басқа балалар да, мұғалімдер де мені мылқау екен деп ойлапты. Үш күн үндемей отырып, төртінші күні бармай қойдым. Қазақ мектебінде Шәмшия Жүзбаева деген Семей педагогика техникумын бітіріп келген жас қыз алғашқы ұстазым болды. Ғұмыры қысқа екен, марқұм дүниемен ерте қоштасты. 5-7 кластарды Абыралы ауданы, Қайнар орта мектебінде оқыдым. Кейін Семей финанс техникумының директоры болған Роллан Мусин, “Білім және еңбек” журналында редактор болған Талап Сұлтанбеков секілді талантты педагогтардан оқыдық. 1954 жылы жетінші класты үздік бітіріп, Семей геология-барлау техникумына түсіп, бірер ай оқығаннан кейін Абыралы ауданының жерінде полигон ашылып, ел жан-жаққа тарап, біздің үй Шұбартау ауданына көшетін болғандықтан, әкем мені техникумнан шығарып алды. Сөйтіп 1955 жылдың қаңтар айынан бастап, Баршатас орта мектебінде оқыдым. Әдебиетті қазір Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде педагогика профессоры болып істейтін Ерғали Дайрабаев, химияны бүгін жоғары оқу орындарында қолданылып жүрген “Жалпы химия” оқулығының авторы, марқұм Кәрім Аханбаев, физиканы кейін Алматы жоғары оқу орындарында доцент болған Мүткен Ошыбаев оқытты. Математиканы Кәрімберген Құдышев, тарихты дарынды педагог Қашура Елеусізова берді. Олар бізді жоғары оқу орнының алғашқы курстарының программа, оқулықтарымен оқытқан екен, кейін білдік. Ол кездегі Баршатас мектебінің деңгейі өте жоғары еді. Кімдер шықты? Жазушылар Мұхтар Мағауин, Төлек Тілеуханов, Несіпбек Айтов, тарих ғылымының докторы Жанұзақ Қасымбаев, биология ғылымының докторы Блок Шәйкенов, мемлекет қайраткерлері Сиязбек Мұқашев, Нина Бөлепова, математик Әбен Аязбаев, мал маманы Теңдік Сламғажин, философ Өкен Тәттібеков, дәрігер Төлеу Мұқашев – сол мектептің түлектері. Тың көтеру деген науқанның дүрілдеп тұрған кезінде 1957 жылы мектеп бітірдік. Алтын медальға ұсынылған М.Мағауин екеуміздің құжаттарымыз Семейден күміс медаль болып келді. Мен “ск” деген суффиксті дұрыс тасымалдамаппын.

Төлек Тілеуханов екеуміз дақапыртқа елігіп, ел экономикасын көтеретін мамандық аламыз, өмір көреміз, содан кейін жазушы боламыз деп Қазақ ауылшаруашылық институтына түстік. Екі-үш-ақ айға шыдадық. Көңілде – әдебиет. КазГУ-ге қарай береміз. Сөйтіп екеумізде СХИ-ды тастадық. Мұхтар Мағауин бірден филология факультетіне түскен болатын. Әбіш Кекілбаев, Оразбек Сәрсенбаев, Сонарбай Таңқаев, бәрі бірге оқыды. Келесі жазда 1958 жылы олардың қатарына мен де қосылдым.



Буын сипаты

–60-жылдар буыны деген ұғым қалыптасты ғой. Сізде сол толқынның өкілісіз. Осы ұрпақтың бойындағы ерекшеліктерді айтып беріңізші.

–Елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басында Қазақстанның әлеуметтік, мәдени, әдеби өміріне аяқ басқан буынның баршасына ортақ сипаттар бар екені рас. Ең алдымен бұлардың балалық шағы соғыс жылдарының азапты күндерімен, қиыншылықпен, жоқшылықпен бірге өткен. Бұлар – әкелері майданда шейіт кеткен жетім ұрпақ . Оларды өсірген – жесір ана, өлмелі кемпір, қаусаған шал. Қиындық қазанында қайнап шыныққандықтан олардың өмірге деген құштарлығы, табандылығы орасан зор болды.

Қазақстанның төрт бұрышынан арман қуып аттанған жастар Алматыдан рухани байлық, мол сұлулық, зор білім тапты. Болашақ қалам иелері әдебиетті Мұхтар Әуезовтен, тілді Смет Кеңесбаевтан, тарихты Мұсатай Ақынжановтан, шетел әдебиетін Михаил Мадзигон, Александр Жовтистен оқып білді. Күндіз аудитория, кітапхана, кешке драма, опера театрлары, филармония, консерватория залдары, сурет көрмесі – білім берді, талғам қалыптастырды. Ол кездің зерек студенттері кітапханалардың сирек, ерекше рұқсатпен кіретін қорларынан бастарын бәйгеге тіге жүріп тиым салынған кітаптарды оқыды. Ахмет, Әлихан, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбектермен танысты; Булгаков, Кафкаларды біліп алды; Одақтың бас әдеби журналы “Новый мирдің” санын жібермей танысты. Жаңа американ, неміс, француз, жапон әдебиетін жас қазақ әдебиетшілері жақсы білді. Мұның үстіне олар әлем музыкасы, сурет өнері, сәулет өнері үлгілерін терең ұқты; Бах, Бетховен, Моцарт, Чайковский, Штраус, Энрико Карузо, Марио Ланц, Федор Шаляпин пластинкалары тыңдалмайтын кеш болмайтын. Рембранд, Репин, Суриков қана емес, Клод Моне, Ренато Гутузо, Пикассо суреттері қызықталатын.

Империялардың пайда болуы, отаршылдық тамырлары, азаттық идеялары бұл төңіректердегі том-том кітаптар ақтарылды. Жазушылар Одағы секцияларында, баспаларда, газет-журнал редакцияларында жаңа шығарма, кітап талқыланып жатады. Күнде әдеби кеш, әдеби мәжіліс, мерей той. Басылған еңбекті, шыққан шығарманы атау, жуу рәсімі бар. Сөз сөйленеді, пікір айтылады, ой толғанады. Осылардың бәрі қосылып келіп, алпысыншы жылдардың әдеби атмосферасын жасаған болатын. Ең бастысы алланың бұйрығымен талантты, дарынды қалың шоғыр қуат-жігерін еліне, оның өнеріне қызмет етуге арнаған еді.

–Сонда да кімдер етене жақын жүрдіңіздер?

–1966 жылы жазда Әділ Шәріпов Жазушылар одағының бірінші хатшысы болып келді. Ылғи жастарды жұмысқа алды. Одақ аппаратында, “Қазақ әдебиеті” газетінде, “Жұлдыз” журналында, “Жазушы” баспасында Сайын Мұратбеков, Жұмекен Нәжімеденов, Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Ақан Нұрманов, Мұхтар Мағауин, Рамазан Тоқтаров, Мағзұм Сүндетов, Қабдеш Жұмәділов, Сәкен Жүнісов, Қоғабай Сәрсекеев және мен бір мезгілде істедік. Киностудиядан Әкім Тарази, Әбіш Кекілбаев, Қалихан Ысқақов, Асқар Сүлейменов келеді. Әрбір бас қосу – әдеби мәжіліс, айтыс, талас. Одақта, көшеде, ресторанда, үйде, далада жалғасқан ұзақ әңгіме, күндер мен түндер, айлар мен жылдар.

Аспирантураға неге қабылдамады?

–Кезінде сіз университетті үздік бітіріп, аспирантураға қалдырылғанмен, орныңызға басқа біреу әділетсіздікпен алынды деген сөз бар. Сол әңгіменің рас-өтірігін айтып бере аласыз ба?

–Университеттің 5 курсында оқып жүргенде, 1962 жылдың 1 қазанында курстасым Мәткерім Әкімжанов, досым Болат Бодаубаев екеуімізді “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетінің редакторы Әбсаттар Бөлдекбаев іздеп, шақырып жатқанын айтты. Бардық. Баспасөзде жарияланған бірен-саран дүниелеріммен таныс екен. Ұнатыпты. Қолма-қол жұмысқа алды. Диплом алатын кез таянғанда профессор Бейсенбай Кенжебаев “бізде журналист болғанбыз. Бұл шет-шегі жоқ, ауыр жұмыс. Жазу-сызуға төселіп қалдың. Енді газетті қой. Ректормен келістім. Аспирантурадан бір орын беріледі. Ғылыми Кеңестің шешімімен сені қалдырамыз”– деді. Күнде жазасың, күнде басыласың, күнде гонарар аласың – газетті қимаймын. Үш жыл бос уақыт, не оқисың, не жазасың өз еркінде – аспирантураның барлық емтиханын ойдағыдай тапсырдым. Шешім айтылатын сәтте ректор Асқар Закарин: “Бір орынға он адам документ беріп, емтихан өткізді. Ең жоғары балды университетті бітіріп отырған, Ғылыми Кеңестің шешімімен аспирантураға қалдырылған, студент кезінде жазған ғылыми еңбегі жеке кітапша болып басылған Р.Нұрғалиев алып отыр. Ол әлі еңбек тәжірибесінен өтпеген жас маман. Ал екінші бір талапкер Жезқазған шахтасында көп жыл кенші болған жұмысшы әрі ақын Әбулақап Райымбеков. Ол кісі өз жағдайын айтып Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне арыз түсірген. Сол документке идеология хатшысы Н.Жанділдин жұмысшы ақынды аспирантураға алу керек деп қол қойған. Орталық Комитет нұсқауы біз үшін заң. Сөйтіп Әбулақап Райымбеков аспирантураға қабылданады”,– деп қарап тұр. Шешім солай болды. Бейсекең онда-мұнда жүгірді. Қосымша орын сұрады. Бәрі бір түк шыққан жоқ. Мойныма су кетіп қайтадан “Лениншіл жасқа” бардым, өзім сұранып Солтүстік облыстар (ол кезде тың өлкесі дейтін) бойынша тілші болып, Целиноградқа кеттім. Ол бір тамаша күндер болды. Сарыарқаны армансыз шарладым. Ел көрдім. Жер көрдім. Жаздым. Бір жарым жылдай уақыттан кейін Алматыға қайтып келдім. Аспирант болдым.

Екі рет қорғалған диссертация

– Сіз докторлық диссертацияны екі рет қорғады, үстінен көп арыз түсті, қуғын көрді дейді. Сол тарихты ортаға салуға бола ма?

– Неге болмасын. Айтайын. 1973 жылы мамыр айында Қазақ университеті филология факультетінің Ғылыми Кеңесінде “Қазақ драматургиясының поэтикасы” тақырыбында докторлық диссертация қорғадым. Жасым 32-де. Ол кез үшін бұл үлкен сенсация. Қазір екінің бірі отызда докторлық қорғап жатыр. Кеңестен бөгеліссіз өттім. Бір аптадан кейін университеттің Үлкен Ғылыми Кеңесіне бардық. Бұл жерде диссертацияның қалай қорғалғандығы, өткендігі баяндалады. Содан кейін дауыс беріледі. Маған келгенде, пәле басталды. Әуелі таяуда ғана доктор дипломын алған бір әдебиетші сөйледі. Жұмыс аяқталмаған, саяз, құранды, шикі деп соқты. Жаңалығы жоқ, сапасы төмен, әрі саяси қателері бар, сондықтан доктор дәрежесін беруге болмайды деді. Бұдан кейін профессор математик, профессор тарихшы сөйледі. Үш профессор филолог мінбеге шықты. Көп шу болды. Дауласты. Жұмысты Кеңестің күзгі мәжілісіне қалдырды. 1973 жылдың желтоқсан айында Университеттің Үлкен Кеңес жұмысымды мақұлдап, Мәскеуге Жоғары Аттестациялық Комиссияға жіберді.

Үстімнен неше түрлі жала жапқан, қаралаған арыздар ұйымдастырылды. Қол қоймай жіберілген домалақ арыздар өз алдына, Ә.Тәжібаев, Ә.Шәріпов, Р.Рүстембековалардың қолдарын өтірік сырттарынан қойып жіберген арыздар да болды. Бір қызылкөз пәле Өзбекстаннан бірнеше хат түсірді. Диссертация көптеген сараптан өтіп, енді бекиін деп тұрғанда “алашордашыл, ұлтшыл авторларды мақтаған” деген мықты арыз барды. Сол арыз ақыры алғашқы докторлық диссертацияны өлтірді.

Екінші рет 1983 жылы қорғап, сол жылы диплом алдым. Ауыр күндерде орыс академигі В.Челышев, грузин академигі Г.Ломидзе, өзбек академигі И.Сұлтанов, башқұрт профессоры Ғ.Рамазанов қолдады. Бір қазақ профессор: “Әлі жассың, қиыншылықты көргенің дұрыс”,– деді, екінші қазақ профессор: “Алашордада атаңның басы бар ма еді? Сотталмағаныңа рахмет айт”,– деді. Бір жазушы: “Ғылымды қайтесің? Проза жазып кетсеңші”,– деді.

Ленин сілтемесінің әлегі

–Сіздердің кездеріңізде кітап шығару оңай болмағанын білеміз. Сонда да нақты көрген бір қиыншылығыңызды айта аласыз ба? Әлде ондай оқиға болған жоқ па? Тұңғыш кітабыңыз қалай басылды, қашан басылды?

–Алғашқы кітапшам 1961 жылы профессор Бейсенбай Кенжебаевпен телеавторлықта жарияланды. Өзіме тиісті бөлімін жазғаным болмаса, қалай басылды, қалай шықты білмеймін. Күзде каникулдан келгенде доцент Темірбек Қожакеев “Әй, профессормен кітапша шығаратын мықты, сабақтан неге кешігесің?” дегенде бір-ақ білдім.

Кандидаттық диссертация материалдары болып табылатын “Трагедия табиғаты” (1968), Жұмат Шанин және театр мәселелеріне арналған “Талант тағдыры” (1969) кітаптарым шыққанда қиындық көрдім деп айта алмаймын. Әрине баспа талаптары, лито екшеулері орындалды. “Қилы заман”, “Хан Кене”, “Әдебиет танытқыш” туралы жұмбақтап жазбақ болған беттер алынып тасталды. “Трагедия табиғаты” шығып кеткеннен кейін барып, Шәкәрімнің жендеті Қарасартов деген Қарағандыдан арнайы келіп үстімнен арыз түсіргені, бірталай әуре-сарсаңға салғаны бір бөлек әңгіме.

Докторлық диссертация ретінде жазылған “Күретамыр” деген монография “Жазушы баспасының 1972 жылғы тақырыптық жоспарына кірді де, ең соңғы саты да менің еңбегім тізімнен өшіріліп, жоспар тізімінен өшіріліп, орныма Н. фамилиялы басқа бір жазушының кітабы қосылды. Әр жерге барып, айтып көрдім. Нәтиже болмады. Еңбегім 1973 жылдың жоспарына қосылып, қолыма кітаптың сүйінішті данасы тиіп, қуанып отырғанда, “Жазушы” баспасына шақырған суық үнді телефон шалынды. Директор сіз-біз деп сөйлейтін, бұрын Орталық партия комитетінде ұзақ жылдар істеген, сыртқа сыпайы адам, бас редактор тарс-тұрстау, бұрын шекара әскерлерінің офицері болған қатқылдау кісі. Екеуінің де түсі өзгеріп кеткен. Мұздай. Менің кітабымда бірде-бір партиялық құжатқа сілтеме жоқ екен. Редактордың тікелей нұсқауымен қосылған, Лениннен алынған цитатаның өзінен қате кетіпті, көсем сөзі бұрмаланған. Сондықтан кітаптың терілген барлық тиражы жыртылады. Бұл сөздерді естігенде зәре қалған жоқ. Қате қалай кетті екен? Асығып жүріп, өзім аудара салдым ба? Мүмкін емес. Тексеру керек.

Жарты сағат рұқсат сұрап, кітапханаға жүгірейін, Ленинді іздейін, сөздерді тексерейін. Партия тарихы институты бекіткен текст екен. Өкпемді қолыма ұстап баспаға жетсем, директор мен бас редактор менің кітабымды жойып жіберуге бұйрық дайындап жатыр екен. Ленин томын алдарына тастай салдым. Кітаптың аман қалғанына қуанудың орнына бұрынғыдан бетер шошып кетті. Өлген адам тіріліп кетсе, мұндай шошымас. Кейін ойлаймын: екеуі де сауатты, көшелі кісілер қатарында, сондай күйге неге түсті екен? Анда-санда жоғары жақтың алдында өздерінің адал, берілген екендігін дәлелдеу үшін кейбір кітаптарды, авторларды құрбандыққа шалып, қан шығарып отыру қажет болған уақыттың мінезі шығар.

Айтпақшы, сол оқиғадан кейін жеті жыл бойы “Жазушы” баспасының есігін ашудан қалдым. Басқа баспалардан кітап шығардық.

–Бір кезде академик Мұқамеджан Қаратаев басқарған Қазақ энциклопедиясының басына қалай келдіңіз? Кімдер қолдады? Дінмұхамед Қонаевпен қатысыңыз болды ма? Араласып сөйлесіп көрдіңіз бе? Қонаев не деді?

–Мені қырық жасқа дейін партияға алмады. Ұлтшыл, алашордашыл деген сөзді парткомға сыбырлап кететіндер бар, содан кейін өткізбейді. Партия мүшесі болмағандықтан қызмет берілмейді. Докторлық диплом алғаннан соң академик Өмірбек Жолдасбековтің тікелей қолдауымен, екінші жағынан зорлауымен деуге де болады, Қазақ университеті филология факультетінің деканы болып істеп жүргенде Орталық партия комитетіне шақырды. Бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары Көрік Дүйсеев жасы елуге жетпеген менен басқа қоғамдық ғылымдар сарасында ғылым докторы жоқ екендігін, ал Мәскеу бұл қызметке сондай адамның керектігін нұсқағанын айтты. Сөйтіп Димекеңнің, Дінмұхамед Қонаевтың алдынан бір-ақ шығарды. Бұл 1986 жылдың сәуір айы еді. Алды кең адам екен. Менімен жарты сағат сөйлесті. Аты-жөнімдегі ғалиларға қарады ма, әуелі “оралдықсың ба?” деп сұрады. Әке-шешем, арғы тегім, туыстарыма байланысты көп нәрселерді анықтады. Қазақтың алғашқы инженерлерінің бірі Жармақ Төленовпен ауылдас, аталас екенімді естігенде, әжептәуір қуанып қалды. Жармақ аға кезінде репрессияға ұшыраған, ұзақ жылдар түрме азабын көрген кісі болатын. Кезінде Мәскеуде Қадыржанов, Қонаевтармен қатар оқыған екен. Түрмеден қайтқан соң Жармақ ағаға Димекең көп жақсылық істепті: қызметке орналастырған, пәтер бергізген. Қайтыс болғанда басына ескерткіш орнаттырыпты. Қоштасарда Димекең “Сен менің жақсы досымның інісі екенсің. Ағаңа тартсаң жаман болмассың, Энциклопедияның Бас редакторлығы үлкен де ауыр, жауапты да қиын жұмыс. Жолың болсын. Қажетті кезінде келіп тұр. Көмекшіге тапсырып қоям”,– деді. Мен 1986 жылғы сәуірдің жиырма төртінде Қазақ энциклопедиясының Бас редакторы болып тағайындалдым. Одан кейін Димекең алдын көргем жоқ. Ол кісі жыл аяғында, желтоқсанда қызметтен кетті ғой.

Үмітсіз сайтан

–Заман өзгерді. Жап-жас жігіттер мен сұлу қыздар Сейфуллин, Сайын көшелерінің бойында тұр. Біреулер “Мерседес” мініп жүр, біреулер қайыршы. Профессордың еңбекақысы көше сыпырушы еңбекақысынан төмен. Осындай елде өмір сүріп жатқаныңызға намыстанбайсыз ба? Өзгеріс бола ма?

–Империя құлады. Бір қазаннан ас үлестіретін заман өтті. Әркім өз қотырын өзі қаситын болды. Көз көріп, құлақ естімеген өзгеріс келді. Біреу гүрілдеп байып барады, біреу құрдымға кетіп барады. Кім кінәлі? Не істеу керек? Мен бұл сұрауларға жауап бере алмаймын. Бірақ…

Егін өсірмей, мал бақпай, өнім өндірмей, аяқ астынан бай болып шыға келгендерге күдікпен қарау заңды нәрсе. Кеше ғана ел қатарлы қызмет еткен, жалақы алған, табыс тапқан қоңыртөбел бүгін темекі сатып, арақ саудалап қана миллионер болды дегенге бала да сенбейді. Дәл қазір біз көріп жүрген көптеген малтабарлардың (бизнесмен емес) үлкен байлығы – үлкен ұрлық. Оның аржағында үлкен пара, бұрынғы мемлекет мүлкін талап алу, мол несиені сіңіріп кету, сыбайласқан жемқорлық сияқты қылмыстар барлығын түсіну үшін экономист, сот, прокурор болудың қажеті жоқ.

Біз көреміз бе, көрмейміз бе, ол алланың қолындағы іс, бірақ, заман жақсарады, дүние оңалады, дәулет келеді, бақ қонады деген сенімсіз өмір сүруге болмайды, өйткені үмітсіз шайтан.

Қазақша білу

–Соңғы сұрақ. Отыздан астам кітап шығарыпсыз. Сол еңбектеріңізді балаларыңыз қазақша оқи ала ма? Дәл айтқанда, ұрпағыңыз қазақша сөйлей ме, жоқ па?

–Мен жетпісінші жылдары қазіргі Қаз дауысты Қазыбек көшесіне Ә. деген генералмен көрші тұрдым. Сол кісі айтты: “Балаларыңның келешегін неге ойламайсың? Қазақша оқытпа, ертең түкке де жарамайды”,– деді. Қазақ генералының түсінігі сондай болған заман да өтті. Құдайға шүкір, төрт баламның төртеуі де Алматыдағы №12 қазақ орта мектебін бітірді. Немерелерімнің тілі де қазақша шыққан.

Тегінде қазақтан қазақша білесің бе деп сұрауды оны қорлау деп түсіну керек.



Сұхбаттасқан Талаптан Ахметжан,

Алматы, Парасат, 18 сәуір 2000, № 17.

СӨЗ БИЛЕЙДІ ХАЛЫҚТЫ

- Рымғали аға, сол кездегі оқу орнымыздың атын иемденген Сергей Миронович Киров «Көркем әдебиет оқымаған адамның миы кеуіп қалады» деген екен. Басымыздың суы кеппеген бала болсақ та, миымызды кептірмес үшін елу студент ентелеп сіз дәріс оқығанда аузыңызға қарап отырдық. «Қол бастаудан да сөз бастау қиын» ғой. Ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов сөз сөйлегенде әуелі кішкене кібіртіктеп, кейінірек кеңінен көсіледі дегенді еститінбіз. Сіз де сөйттіңіз. Қолтығыңыз кейіндеу сөгілді. Сіз сөзді кібіртіктеп бастағанда Мұхаңа еліктедіңіз бе, әлде шынымен солай болды ма? Сол сәттер есіңізде ме?

- Неге ұмытайын, бәрі де көз алдымда. Таратып айтса, тарих көп. Университетті бітіргенде ғылыми кеңес шешімімен аспирантураға қалдырылдым. Іштей сенімдімін. Емтихандар біткен соң жай-жапсарын білейін деп барсам, ұстазым, профессор Бейсенбай Кенжебаев күйіп-пісіп отыр екен. Орталық Партия Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Нұрымбек Жанділдин «Аспирантураға жұмысшы қабылдансын!» деп тікелей тапсырма беріпті. Сөйтіп, «Әбулақапщина» деген атпен мәлім өлеңші аспирантураға өтті де кетті. Соңғы курста оқып жүріп «Лениншіл жас» газетіне істеген ем. Маңдайыма тас тисе де, «Қайтқан малда қайыр бар» деп бұрынғы редакцияға қайта бардым. Редактор Шерхан Мұртаза «Әуелден ғылым қуып кетіп ең ғой, неменеге қайтып келдің?» деп мұртын тікірейтті. Түсіндірдім. Түсінді. «Қандай жұмыс қалайсың?» деді. «Алматыдан кеткім келеді!» дедім. Сөйтіп, мен газеттің Арқадағы (ол кезде Тың өлкесі дейтін) меншікті тілшісі болып шықтым. Ол дәуір қазақтың қаны сорғалаған азапты жылдары еді. Бәрін жаныштаған отаршылықты көрдім. Жүздеген қазақ мектептерінің жабылғанын көрдім. Ер-азаматты қорлағанын көрдім. Жер-судың аты өзгертіліп, тау –тастың зар еңірегенін көрдім. Тың өлкесін аралаған Хрущевтің Қонаевпен жүре сөйлесіп, шекесінен қарағанын көрдім. Іш қазандай қайнады. Күресуге дәрмен жоқ. Ұзаққа шыдамадым. Келер жазда ұстазым Бейсекең шақырып, аспирантураға түстім. Одан кейін Жазушылар одағының сын секциясында жұмыс істеп жүргенімде Бейсекең тағы шақырды. «Кел!» деді. Қазіргі академик Зейнолла Қабдолов ғылыми еңбек жазу үшін екі жылдық докторантураға кетті де, орны босады. Майлы жер ме, жайлы жер ме, білмеймін, әйтеуір сол вакансияға жүгіргендер, тіпті көп болды. Бірақ бір нәрсеге ниеті кетсе ешкімге дес бермей табандап жатып алатын Бейсекең басқаны өткізбей, ректорАсқар Закаринге арнайы барып, барлық беделін салып, қоймай жүріп мені қабылдаттырды. Сөйтіп, доценттің міндеттін атқарушы оқутушы боп шыға келдім.

Сендер менің тұңғыш шәкірттерімсіңдер. Әлі есте. Күн түспейтін көлеңкелі, қара қоңыр астыңғы қабаттағы ұзын аудиторияда тұңғыш рет дәріс оқыдым. Курстастарың Бақытжан Майтанов, Күләш Ахметова, марқұм Марат Қабанбай қазақ әдебиетіне олжа салған қаламгерлер болып шықты. Сендер сарауыз балапан болсаңдар, мен жиырма жетідегі жігітпін. Шәкіртім, қазіргі профессор Намазалы Омашұлы: «Лекцияға ылғи да көзіңіз қызарып келетін» деп еске алады. Оның себебі, аудиторияға шығу үшін түні бойы дайындаласың. Қағазға қарап оқитын ұстаздардан көңіл қалғасын, шамамыз жеткенше еркін сөйлеуге дағдыландық. Сенің есіңде сол күндер қалған екен. Дәріс оқудың өзіндік әдіс-тәсілі, методологиясы бар. Жұртты ерту үшін, әуелі жұрттың соңына еру керек. Оның бір тәсілі – кібіртіктесең де табиғи, таза сөйлеу.

- Содан бері сөз өнерінің сөмкесін көтеріп келе жатырсыз, Реке. Сөз өнері деген не? Ахмет Байтұрсынұлының пайымына жүгінсек, «Бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яғни қиялымызды, яки көңіліміздің түйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады». Одан бері ықылым заман өтті, әдебиет теориясы дамып, жаңа сатыға көтерілген жоқ па? Бүгінгі күн тұрғысынан Ахаңның пікіріне алып-қосарыңыз бар ма?

- Жақсы! Ұзақ жылдар бойы қазақтың тіл ғылымына да, әдебиет іліміне де Ахаңның ашқан жаңалықтары, істеген істері айтылмай, жасырылып келді. Ерен еңбектерін пайдалана отырып, оған сілтеме жасамадық. Оны ізбасарлары мен шәкірттерінің опасыздығынан, яғни әдеби-ғылыми ұрлық деп күстаналауға болмас. Саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарап отырып. идеология, өкімет о кісілердің атын да айтқызбады, еңбектерін де ұмыттыруға тырысты. Ал, енді Ахаңның 1926 жылы Тәшкенде шыққан «Әдебиет танытқыш» кітабы бүкіл Түркі әлемінде биік ғылыми деңгейге көтерілген терең еңбек. Тіпті, ХХ ғасырда ерекше дамыған орыстың филология ғылымының талаптарынан қарағанда да осал дүние емес, өрелі, өркешті пікірлер, мол тұжырымдар бар. Қабілетті қарындасымыз, әдебиетші Айгүл Ысмақова өз кітабында Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріндегі тұжырымдар мен орыстың барлық зиялы қауымы ден қоятын ұлы оқымыстысы Михаил Бахиннің пікірлерінде сабақтастық бар екенін дәлелдеп берді. Сондықтан әдебиет танудың негізгі ұғымдары, өнердің салалары атаулары, нысанасы, қызметіне байланысты Ахаң айтқан пікірлер әлі күнге дейін күшінде. Маңызды. Мағыналы. Тіпті «Әдебиет танытқышта» тұңғыш рет Ахаң кіргізген терминологияны біз әлі толық пайдаланып, қолданған жоқпыз. Ахмет еңбектерінде басқа жұрттың шұбар терминдері мен категориялары мүлде кездеспейді. Барлық ұғымға, сол тұстағы қазақ әдебиетінің бар фактісіне атау таба білген және оның бәрі бірімен-бірі байланысты, ұялас. Оларды кезінде Қажым да пайдаланды, Есмағамбет те пайдаланды. Кейінгі Зәки, Зейноллалар да қолданды. Қазақ тілі мен әдебиеті саласындағы негізгі ұғымдарды, басты атауларды жасап берген Ахмет Байтұрсынұлының данышпандығына таң қаласың.

- Жазушы-драматург Дулат Исабеков теледидардан берген бір сұхбатында бүгінгі әдебиеттегі мәселесін тілге тиек етті. Шынында да, нарық жүгін көтерген біздің бизнесмендер тип пе? Қысқа күндегі қырық қылмыс тип пе? Қазіргі заманның қаһармандары кім? Сіздің бұл мәселедегі ойыңыз қалай?

-Әдебиет, негізгінен, өз дәуіріндегі жағдаятты бейнелеп, суреттейтін сөз өнері. Мысалы, Бейімбет Майлиннің естен кетпес пішімді кейіпкерлері кім? Ауылдағы әйел, сол әйелдің күндесі, шал –шауқан, колхоздастыру. Ол дәурен өтті. Ауыл өзгерді. Бірақ Бейімбет шығармаларындағы кейіпкерлер біздің санамызда өмір сүреді. Бүгінгі уақытта коммерсант, болмаса, баукеспе ұры, шенеуніктер ертең өмір сахнасынан кетеді. Бірақ олар сөз құдіретімен қағазға түсіп, көркем шығарманың кейіпкеріне айналса, сол типтер де жасайтын болады. Солар арқылы кейінгі ұрпақ өткен заманның тыныс-тіршілігін аңғарады. Ендеше, кейіпкердің үлкен-кішісі, тақырыптың ірісі мен ұсағы деген пайымды байқап-байқап айтпасақ, бас шайқап қалуымыз мүмкін.

- Ұлттық қаһарманды қалай түсінесіз?

-Ертеде, 86-ның оқиғасынан кейін, Мәскеудің Жоғарғы Кеңесінде экологияның мәселесін көтеремін деп мінбеге шыққан Мұхтар Шаханов әлемге Желтоқсан көтерілісін жариялап жіберді. Сонда мен «Бүгінен бастап Шахановтың қойының кезегіне барам!» деп әзілдедім. Кейде адам бір-ақ қылықпен, бір-ақ әрекетпен ұлттық қаһарман атанып, қалған өмірінде құбатөбел өмір сүруі мүмкін. Буыржан Момышұлы Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетті, ұлттық қаһарман болды. 45 жасында демалысқа шықты. Содан көз жұмғанға дейінгі тіршілігі халқына еркелеу болды. Баукең күнде ерлік жасап, күнде жауға шапқан жоқ. Халқы, ұлты соғыс кезінде жасаған ерлігі үшін Бауыржан Момышұлын ұлт қаһарманы деп қабылдады. Немесе қазір ұмытып бара жатырмыз, Совет Одағының жағдайында Батыр атанған Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшып тағы батыр болды. Ол күнде көкке ұшпайды, күнде Батыр атағын алмайды. Ұлт қаһарманы! Бірақ сондай азаматтарды қастерлеуіміз, құрметтеуіміз аз ба деп ойлаймын.

- Драманы, оның ішінде трагедияны тереңдеп зерттеген ғылымсыз, Тұңғыш режисеріміз Жұмат Шаниннің шырқау биікке көтеріп, арнайы монография жаздыңыз. Жоқтаушысы жоқ өнер иесін қайта тірілттіңіз – азаматтық, жаңашырлық.

Ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуезов драматургиясы төңірегіндегі ойларыңыз кім-кімді де ойлантпай қоймайды.

Драматургияның түрені мен театр сынының соқасын сүйретіп, осы саланың «қара өгізі» атанған ғалымсыз. Қазір бұл жаққа бұрылып та қарамайсыз. Неге жеріп кеттіңіз?

- Қазіргі сахналық шығамаларға көңіл толмаса, көп сөз шығындап қайтем. Көңілді көншітпейтін жаман нәрсені «Жаман, жаман!» дей бергеннен жақсара ма? Өмірдің белгілі бір кезеңдерінде жасыңа, тәжірибеңе лайық айналысатын шаруаны күйттейсің. Драматургиялың соңғы туындыларына пікір білдірмеуімнің негізгі себебі сол.

- Кеңес өкіметі кезінде «Ананы айтпа, мына мәселені қозғама!» деп «Цензурадай» қызылкөз қыдиып, желкемізден қарап тұрды. Қалам ұстағанның бәрі байдың байлаулы итіндей социалистік реализмнің айтағында жүргені рас. Осы орайда Сергей Михалковтың мысалын келтіре кетейін. «Тордың ішіне тоты құсты неге қамап қойдыңдар?» деп сұраса, «Мысық жеп қоймасын деп қамадық» дейді. Михалков айтады: «Әй, өмір-ай, –дейді, –тоты құсты босатып, тордың ішіне мысықты неге қамалдыңдар осы?»

Шүкір, қазір «әй!» дейтін әже , «қой!» дейтін қожа жоқ. Не десең де ерікіңде. Тордан құтылған тоты құстарымыз саябақтың ішінде сайрап жүр. Егемен елміз. Тәуелсіздік жылдарындағы драматургтарымыз бұлбұлдай сайрап, неге тоты құстай түрленбейді?

- Бұл сұраққа жауабымды тек драматургиямен шектелмей, толық әдебиетке қатыстырып қозғайын. «Кеңес өкіметінің жағдайында әдебиеттің берген көркем туындылары мол болды да, ал мына еркін заманда ерекше шығармалар неге жоқ?» деген сұрақтар әр жерде әрегідік қойылады. Ол заманды қанша қатал десек те, белгілі бір шығарманы бастыру үшін, жариялау үшін толып жатқан сүзгіден өту қажет еді. Ал, қазір керісінше. Ақшасы бар адам шимай-шатпағын компьютерге тергізіп, бір аптаның ішінде кітап қып шығарып, тарата беруіне болады. Осының салқыны драматургияға да тигесін, драматургтеріміз тұмау тигендей «түшкіріп» жүргені рас. Бұрынғы дәуірде драматургияға арнайы дайындықпен, оның заңдылықтарын білетін, сол жанрға қабілеті бар адамдар баратын. Мәселен, Мәскеуде арнаулы театртану білімін алған Қалтай Мұхаметжанов басқа жанрға аттап баспай тек осы саламен айналысты. Соның өзінде Қал-ағаңның сахналық шығармалары оннан аспайды. Ал, қазір ше? Бүгін Абай туралы, ертең Иисус Христос туралы, бүрсүгіні тағы басқа Пайғамбарлар туралы пьеса жазып, әр конкурсқа қатыса беретін «әмбебап» драматургтер шықты. Сахнаның тілін меңгермеген, бейне жасаудың, характер жасаудың әдістерін білмейтін драматургтер көсегемізді көтерте ме?

- «Өнер дегеніміз – образды ойлау» болса, сомдалып соғылған образ бар ма?

- Әй, осыны қоя тұрайық. Жоқ қой, жоқ.

- Классикалық пьесаларды бүгінгі дәуірге бейімдеп қоюға қалай қарайсыз?

- Режиссура да үлке-е-ен өнер ғой. Өнер болғасын дамиды, өнер болғасын мектептері, толып жатқан ағымдары бар. Отызыншы жылдары қазақ сахнасында қойылған пьесалардың режисерлары Орталықтан, Мәскеуден келген орыс, жебірей ұлтының өкілдері болды. Олар кейде біздің тұрмыс-салтымызды білмегендіктен, ұлттық психологиямызды түсінбегендіктен космополиттік рухтағы спектакльдер жасады. Ал, алпысыншы жылдардан бастап театрларымызға қазақ режиссерлары табан тіреді. Әзірбайжан Мәмбетов, Маман Байсеркенов, Бәйтен Омаров, Жақып Омаровтай режиссерларымыз – олжа. Кейінгі Болат Атабаев, Жанат Хаджиевтар жаңа үлгідегі өнерпаздар. Сондықтан пьесаны сол қалпында қою, актерларды еркіне жібермеу секілді кемшіліктер жойылды. Музыканы, декорацияны пайдалана отырып, қызықты ойындар көрсететін талантты режиссерлардың жаңа тобы шықты.

- Терезе сынса – орнына бүтін әйнек саламыз. Машинамыздың доңғалағы тесілсе – жамаймыз. Үйіміздің сарты тозса – сылаймыз, әктейміз. Яғни сынған, бүлінген нәрсеге ғана жөндеу жүргіземіз. Біздің классикалық пьесаларымыз бүтін дүние. Бүтін нәрсеге күрделі жөндеу жүргізіле ме? Ал, біздің сол Сіз жақсы көрген жаңа толқын режиссерларыңыз пьесалардың өңін өзгертіп, басын аяғына, аяғын басына шығарып «эксперимент», «ремонт» жасауы бүтін нәрсені бүлдіру емес пе? Бұл не, тапқырлық па, әлде жаңа шешім бе? Мысалы, Әуезовті қидалайды, Чеховты бұйралайды.

- Мұның өзі қазіргі режиссурадағы ізденістің бір түрі. Өз жанынан мәтіндік сөзді қоспаса автордың сценарийін пайдалана отырып композициялық құбылтуларға, сюжеттік ығыстыруларға барған қойылымды неге қабылдамасқа?

- Қазақ театрының қазіргі бет-бейнесін шығыстікі деп тануға бола ма?

- Шығыс театры ертеден ерекше дамыған. Мың жылдық дәстүрі бар театр – Жапон театры, оны «Театр Кабуке» дейді. Мұндағы әрбір қимылдың, әрбір ымның, әрбір көзқарастың астары қалың. Оны бір түсінсе жастайынан көрген, поэтикасын білетін көрермен түсінеді. Өзімізге ойысайық, «Еңлік-Кебек» секілді спектакліміздің ең үздік қойылымын жасаған Моисей Исаакович Гольдблат. Ал, оған кеңесші болған, тең режиссер, данышпан актеріміз Қалыбек Қуанышбаев еді. Билердің сахнаға шығуы, жүрісі, отырысы, малдас құруы, сөйлегендегі бет-пішінінің құбылуы, қимыл өзгерістері, бас изеуі, қолын шошайтуы - бәрі-бәрі бұрынғы қазақ тұрмысына лайық табиғи, сенімді түрде жасалған. Ал, қазіргі спектакльдерді көрсеңіз – баяғы би емес, қап сүйретіп жүрген ханбазардағы тапыр-тұпыр дарақы жігіттер секілді. Олардың айқайы тамақтарын жыртып сөйлеуі ерең-серең қимылы түгелдей жасанды. Қазақтың сол замандағы билік жүргізу мәдениетін білмейміз, дәуір этикетіне сәйкес келмейді, түптің-түбінде біз «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Арқалық батыр», «Еңлік-Кебек» секілді пьесаларды қайта қойған жағдайда «реставрация» жасап, өз қалпына келтіруіміз керек. Сондай-ақ, екінші жүйедегі Еуропалық театрлармен, Шығыс театрларымен, қазіргі модернистік, авангардтық театрларымен емшектес, бағыттас спектакльдер де қатар жүргені дұрыс.

- Әлгінде әртістердің сөйлеу мәнері жөніндегі ойларыңызға қайта оралсақ деймін, Реке. Қазір кейбір спектакльден шаршап шығасың. Кілең бір сарынды, жасанды дауыстардан жалығасың. Рольдегі батыры болсын, ақыны болсын мұңданып, жынданып, тістеніп, зығырданды қайнап, кіжініп, төбе шашын жұлып, төбелесіп жүргендей айғайлайды. Бұл не айғай? Таланты жетпегендіктен айғайлай ма?

- Қазақ театрын жасаған ұлы дарындар ұлттың әуенін, сөйлеу мәнерін, мінезін әйгіледі.

Мәселен, тез қимылдың, оқыс оқиғаның кейіпкерлерін Елубай Өмірзақов жасады. Қолы қатты, тарпаң бидің үлгісі Серке Қожамқұлов. Ал, дана билердің, ұлы ақынның тұлғасын сомдаған Қалыбек Қуанышбаев шыңына ешкім шыға алған жоқ. Бұл – үлкен арна. Қазіргі қазақ сахнасындағы актерлардың бір ұтылған жағдайы – сол мектептердің тәжрибелерін ұмытып, ұстай алмай қалды. Жеңіл-желпіні малданып, айдалаға сандалып кетті. Мәселен, Қаллеки жасаған дананың үні, толғаныс ырғағы Шәкен Аймановқа, одан Нұрмұхан Жантөринге көшті. Сол әуенді Досқан Жолжақсынов ұстап қалды. Бұрынғы біздің ұлттық театрларымыздың алғашқы бесігін тербеткен актерларда тамақ жырту, айғайлау, жер тепкілеу, екі иығын жұлып жеп тепсіну, селкілдеу деген секілді қояншық әрекет атымен жоқ болатын. Тіпті, қатардағы дарындыларға жататын Қапан Бадыров, Камал Қармысовтың мәдениетін жалғастыра алмай отырмыз. Сондықтан бүгінгі қазақ театры қазақ тілінің мектебі болам десе, қазақтың таза табиғи үнін, әуенін естіртем десе, сол ұлы ұстаздардың аздап болса да сақталып, тасқа жазылған, таспаға жазылған, кинода, пластинкада қалған дауыстарын тыңдап, содан сабақ алғаны ләзім.

- Бәзбіреулер «Театр – тәрбие орны емес» дейді. Келісесіз бе?

- «Әдебиет - әдебиет үшін, өнер - өнер үшін» деген де тұжырым бар. Кейде өзіне назар аударту үшін пікірді тұздап, улап жеткізетін де әдіс болады. Әлгі өзің келтіріп отырған дүдәмал пайымды белгілі, талантты режиссер, Неміс, Еуропа театрының жай-жапсарын жақсы білетін Болат Атабаев бірер рет теледидардан айтып қалды. Оны сол қалпында қабылдамау керек. Ерке режиссердің жұрт назарын әдейі бұрып, қисық сөйлегені шығар, сірә? Өмірде де, өнерде де ондай мысал көп. Француз жазушысы Натали Саррот «Мағына басталған жерде, әдебиет өледі» деп дау-дамай туғызу үшін әдейі қысастықпен айтқан.

- Әлемде қазір «Жаһандану» деген ағым пайда болды. Түсінсек те, түсінбесек те «Жаһандану, жаһандану!» дейміз. Жалпы, жаһандану деген не өзі?

- Сөздің күші ғажайып. Кейде бір сөз бір халықты жындандырып жіберуі мүмкін. Мәселен, Германиядағы фашизм, бұрынғы Совет Одағындағы – коммунизм, сонау жиырмасыншы жылдардағы тап тартысы деген сөз, кешегі қайта құру деген сөз – осыған дәлел. Кейде бір сөз тұтас халықты бір күн, бір ай емес, жылдар бойы билейді. Сол секілді қазіргі замандағы халықтарға ерекше ықпал ететін сөздер бар. Мысалы, терроризм, жаһандану, мұсылман фундаментализмі, өз пайдасымен отаршылдық, империялық пиғылын жүзеге асыру үшін, әлсізді таптау үшін кейде бір сөз арқылы, танкімен, ұщақпен, ракетамен жаулап ала алмағанды іске асырады. Айталық, Буш бастаған Америка демократия деген сөзді желеулетіп тып-тыныш жатқан Иракты тапа-тал түсте бомбаның астына алды. Халқын қырды. Немесе кешегі «Совет Одағының қауіпсіздігі» деген бір сөзбенен Ауғанстанға басып кіріп, он жыл бойы соғыс жүргіздік. Миллиондаған бейбіт халық қырылды. Мыңдаған әскерден айырылдық.

Жаһандану бүгін ғана пайда болған ұғым емес. Адамзаттың мәдениеті, өркениеті дамыған күннен бастап жаһандану жүріп жатыр. Ұлы Жібек жолы – жаһандану, Американың ашылуы – жаһандану, Қытай ойлап тапқан компастың, қағаздың тарауы- жаһандану, түркілер жасаған арба, ат ертоқымының үзеңгісі – ол да жаһандану.

Қазіргі замандағы үлкен алпауыттар, империялық пиғылды көксеген елдер үшін жаһандану деген сөз – азды бұғаулап жұтып алу, күші кемді бағындыру. Жаһандануда ұлт жоқ. Ұлттық тіл, ұлттық мәдениет жоқ. Өз ана тілінде сөйлемейтін Парламент дегенің де жаһандану кесепатынан туған. Діндерді сыйлау деген атымен жоқ. Егер жаһандану тек христиан немесе ағылшын, саксон елдерінен басталатын болса, басқаларды миссионерлік жолменен христиан дініне кіргізу – жаһандану. Кейбір мәліметтер бойынша 400 мыңнан астам қазақ басқа дінге кіріпті. Бұдан бір ұлттың ертең іштей іруі, дін-дін бойынша бөлінуі деген кесепат туады. Соны жасап отырған адамдар мұны жаһандану деп түсіндіреді. Жаһанданудың экономиканы дамытуда, ауыс-күйісте, мемлекеттердің бір деңгейге көтерілуіне, технологияларды жетілдіруде прогрессивтік ролі болғанымен, ұлттық сананы, ұлттық рухты, ұлттық мәдениетті жоюдағы зиянын санап біту – қиын.

- Бүгінгі білім жүйесіндегі реформалар мен жаңалықтарға кішкене кідірсеңіз.

- Есебінен жаңылып қалдым, әйтеуір реформа көп. Біреуі аяқталмай жатып, екіншісі басталады. Бастаған реформасын аяғына дейін жеткізіп, тиянақтап бітіруге тиіс лауазым иелері басқа қызметке ауысып кетеді. Немесе сол лауазымға лайық емес, әйтпесе сол саланы білмейтін адамдар білім, ғылымның тізгінін ұялмай ұстайды да, аз уақыттың ішінде «Маңғыт, аузыңа саңғыт!» - деп ол да тайып тұрады.

Қазақстан - әлемдік қозғалыс арқауындағы ел. Сондықтан мектеп, жоғары оқу орындары реформасын қолға алуға қарсылық білдіру –ол ескілік көлеңкесінде қалу. Бірақ іске асырудың көзін тауып, ретімен, бабымен жасалса пайда әкелетін шығар.

Ал, баяғы Голощекиннің ақ қар, көк мұзда айтақырға әкеп киіз үйден «қала» салғанындай, бар нәрсені жойып, реформа жасайтын болсақ, кешегі ауылды құлатып алғанымыз секілді апатқа апаруы ықтимал.

Кезінде ділдә шашып, алтын төгіп, доллар шығарып «Болашақ» деген бағдарламамен ығай мен сығайдың балаларын қаптатып шетелде оқыттық. Көбі қазақша бір ауыз сөз білмейтін мәңгүрт еді. Содан қазір біздің ғылымымызға, экономикамызға, мәдениетімізге қандай пайда? Соншама шығын шығарып кадр дайындауда қателіктер болды ма? Қарымы қайтты ма? Бұл сұрақтардың жауабы жоқ. Неге? Жұмысына сай адам болады да, адамына сай жұмыс болады. Бәрі де кадрге байланысты. Түптеп келгенде адамның тілді білген, білмегенінде емес, мәселені маманның дарыны, қабілеті, іскерлігі шешеді. Бір кездегі Мәскеу, жалпы, Совет Одағындағы жоғары оқу орнын бітірген мыңдаған мамандар бола тұра, Теміртауда еңбек жолын бастап, жоғары оқу орнын сонда бітірген адам Қазақстанның Президенті ретінде ұзақ жылдар ел басқарып отыр емес пе? Сондықтан «Шетелдің Пәленшеке оқу орнын бітірген екен, пәле-е-ен тіл біледі» деген марапат сөз маманға берілген сыпаттама емес. Маман деген еңбекте, әрекетте, күресте өзін-өзі танытуы тиіс. Қазір «Реформа жасаймыз. Ғылым кандидаты, ғылым докторының орнына философия докторы болады» деген ойлар айтылып жатыр. Ғылым, білім мәселесі «философия докторы» өмірге енгеннен кейін шешіле қалмайды. Он екі жылдыққа көшіргеннен мектептердің сапасы артып кетпейді. Жоғары оқу орындарына «кредиттік жүйе» енгізе салысымен мамандардың сапасы жақсармайды.

- Баяғыда Гагаринді дәріптеген Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын, Жер енді!» поэмасы тез танылды, тез тарады. Кеңес Одағындағы баспасөздің бәрі тез жариялап үлгерді. Тез арада жеке кітап боп басылып та шықты. Дәл сол Олжас Сүлейменовтен кейінгі үрдісті Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» толғауы қайталады. Әуелі қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстан» газетінде жарқ ете қалды. Астанадағы «Күлтегін» баспасы іші-сыртын алтынмен аптап, күміспен күптеп, тез арада кітап қып шығарды. БҰл не, құбылыс па? Қоғамның ағымы ма?

Әл-Фараби өлең туралы трактатында ақындарды үш топқа бөлген. 1. Табиғи дарын. 2. Өлең өнерімен толық таныс. 3. Алдыңғы екі топқа еліктейтіндер.

Сыншы ретінде айтыңызшы, Несіпбек Айтұлы осы үш топтың қайсысына жататын ақын?

- Сөз жоқ, табиғи ақын, дарынды ақын. Студент кезінен білем. Алғаш балаларға арнап өлең жазып жүрді. Өзі қатарлас ақындармен деңгейлес отырды. Содан «Ескендір қорғаны», «Игорь жорығы туралы» ұлы поэмаларды аударғаннан кейін өз шығармаларында өзгеріс бола бастады. «Бас сүйектер» поэмасы, Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына арнаған ерекше балладасы есімізде қалды. Ал, енді Қазақстан кіндігінің Арқаға көшуі, ұлттың жаңаша ұю үрдісі, жастардың Астанаға шоғырлануы, жерімізге көз алартып отырған орыс – орманға деген жаңа саясатымыз, ұлттың тағдырына тікелей қатынасты түйткілдер ақындарды толқытады. Қазақ поэзиясында сюжетсіз толғау үлгісіндегі шығармалар бұрыннан да бар. Ұлы жыраулар толғаулары өз алдына, Сұлтанмахмұттың «Адасқан өмірі», Мұқағалидың «Реквиемі» сарындас Несіпбектің «Бәйтерек» дастаны жақсы белес. Толғанған, толғаған, өзекті ойларды өлеңмен өрнектеген, бүгінгі заманға қатысты тұжырымды ашық айтқан. Бұл поэманы бұрынғы кездегі Ленинді мадақтап, Троцкийді, Сталинді көтермелеп жалпылдаған шығармалар үлгісінде деп қарау - әбестік. Елдік сарындағы ізденістен туған жаңа туынды.

- Тіліңіз өткір. Ойыңызды бүкпейсіз. Мысалға алған нысанаңызды шымшып, шаншып, кей-кейде келекелеп, менсінбей тұрғандай сын айтасыз. Өмірде де осындайсыз ба?

- Ауылда өстім. Еркіндік болды. Орысты алғаш Алматыға келгенде көрдім. Көп мінезім – қазақы мінездер, көп ағайынды едік, Семей полигонының кесірінен екі ағам, екі інім мерт болып кетті. Қазір бір атадан жалғыз қалдым. Әкем 95 жасында дүниеден қайтты. Әке қызығын көріп, еркелеп өстік. Одан кейін ұстазым Бейсенбай Кенжебаев еркелетті. Мойнына мінгізді. Адам «Мен мынадай мінез көрсетейін!» деп сахнада ойнайтын актер емес. Негізінен, кісі табиғи қалпынан ауытқыса, онда жалғандық басталады. Оның ар жағы - өтірік, бояма.

- Қазақ әдебиеті тоғыз жолдың торабында тұр. Артында бір жол, алдында мың жол. «Мың жолдың ішінде өзен өрлегені де, шөлге улегені де, барса келері де, барса келмесі де бар». Бұл Франконың ілгері замандағы пікірі. Ал, қазір ше? Әдебиетіміздің «Барса келері қайсы, барса келмейтінін қайсы?».

- Әне бір жылы бір қарындасымыз газетке «Қазақ әдебиеті енді басталады» деп жазды. Сол мәселеден дау шықты. Ойды, пікірді ащы айтуға тырысқандағы мақсаты – қазақ әдебиетінде жаңа ізденістер болады деген ақ көңіл жанашырлығы ғой. Қаламгерлеріміздің дені фольклордың емшегін еміп, орыс әдебиетін жақсы біліп, табиғи талантының арқасында тұшымды дүниелер жазды. Ал, қазір ағылшын, қытай, неміс, жапон әдебиетінің түп нұсқасын оқитын жастарымыз бар. Соның бірі – Дүкен Мәсімхан. Ол қытайдың классикалық поэзиясын қазақ тіліне аударып жатыр. Мұндай мысалдар көп. Сондықтан «қазақ әдебиеті тоғыз жолдың торабына» енді шықты. Қай жолмен жүрмейік, негізі, халқының кіндігінен айырылып қалған әдебиет – жесір әдебиет екенін ұмытпау шарт.

- Ендеше, бәрі де суреткерлерімізге байланысты дейсіз ғой? Осы орайда Гете былай депті: «Кәдімгі бір күшікті тұрған күйінше суретке салсақ, жер жүзіндегі толып жатқан күшіктің санын көбейтіп, тағы да бір күшік қосқан болып табыласың. Онымен суреткер ақын ретінде танылмайсың». Қазіргі күшеншек ақындарымыздың поэзиясы күннен күнге күшіктеп» көбейіп жатқанын немен түсіндіреміз?

- Поэзиядағы өтірік тез көрінеді. Өңсіз әйел сұлу боп көрінгісі келсе – ыңғайсыз. Жасандылығы бірден ашылып қалады. Сол секілді ақын емес адамның ақынмын деп тырыштануы бекершілік. Поэзияда алдай алмайсың. Үлкен жанрларда, қара сөзбен жазылған қалың-қалың туындыларда, музыкамен демеп актерлер ойнайтын өнерлерде, бәлкім, көрермен, тыңдармандарды алдарқатуға болатын шығар. Ал, төрт-бес шумақ өлеңде немесе шағын поэмада өтірік ақынсып алдау мүмкін емес.

- Атақты-атақты ақын-жазушылардың бір шоғыры Астанада. Баяғыдай бас қосып, әжік-күжік әңгімелесіп шер тарқатып тұрасыздар ма?

- Ұзын саны жүз қаралы. Тісіне қарасаң жасы үлкені Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Әбіш Кекілбай, Фариза Оңғарсынова, Сейіт Кенжеахметұлы, Әнес Сарай, Қойшығара Салғара, Ақселеу Сейдімбек, Болат Бодаубай, Нұрғожа Ораз, Алтыншаш Жағанова, Сұлтан Оразалинов, Қайрат Жұмағалиев, Қонысбай Әбілден бастап, талантты жас ақын Жанат Әскербекқызына дейінгі аралықта бірқатар қаламгерлер шоғырланды. Жазушылардың өткен құрылтайында Астанадағы бөлімшенің төрағасы етіп, қарымды қаламгер Алдан Смайылды сайлағанбыз. Оның бармаған жері, қақпаған есігі жоқ шығар. Астанадағы Қазақстан Жазушылар одағының бөліміне кеңсе-баспана сұрады, жиналыс өткізетін зал мәселесімен өкіметке де шықты. Бірақ сүйінші сұрайтындай, қалпағымызды аспанға ататындай қуанышты хабар жоқ. Тақыр жерде отырмыз. Басымыз сирек қосылады.

- Ауыл ақсақалдары «Әкіммен сыйлассаң – есігіңе ат байланады, ақынмен сыйлассаң – басыңа бақ байланады, ал ұстазбен сыйлассаң – ат та, бақ та байланады» деп отыратын. Орыс әдебиетінің озықтары «Бәріміз Гогольдің шинелінен шықтық» десе, біздің біртуғандар «Шерағаңның шекпенінен шықтық» деп ұстаздарын ұлағат тұтады. Сіздер, Зейнолла Қабдолов, Жұмағали Ысмағұлов, Шериаздан Елеукенов, Мұхтар Мағауин секілді көркем әдебиеттің көшбасшылары Бейсекеңнің бешпетінен шықтыңыздар.

Биыл Беейсенбай Кенжебаевтың 100 жылдық мүшел тойы. Бір Бейсекең бәріңізді көтергенде... бәріңіз жабылып бір ұстаздың тойын қалай көтермекшісіздер?

- Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Бейсекеңе арналған ғылыми конференция өтті. Астанада да осындай ғылыми басқосу жоспарланып отыр.

Түркістандағы халықаралық Қазақ-Түрік университеті де қам жасап жатыр.

Бейсекеңе арналған естеліктер жинағын, ғылыми мақалалар кітабын, 4 томдық шығармаларын бастырамыз. Күзде той болады. Түркістанда музей ашылмақ. Алла жазса, бәрі болады.



Әңгімілескен Көпен Әмір-Бек,

Астана, 26.03.2004, «Қазақ әдебиеті».

АЙТЫП КЕЛГЕН АЖАЛДАН АЯУЛЫ ҰСТАЗЫМ

АРАШАЛАП ҚАЛҒАН

- Қызыл империя қылышының қылпылдап тұрған жылдарында шыққан бір кітаптарыңыздағы «Қилы заман», «Хан Кене», «Әдебиет танытқыш» туралы астарлап болса да айтпақ ойларыңыздың алынып тасталғанынан хабардар едік. Кімдер алғызып тастағанын білуге бола ма? Не айтпақ бодыңыз?

- Менің кандидаттық диссертациямның тақырыбы Мұхтар Әуезовтің трагедиялары болатын. «Абайдан» басқасы жиырмасыншы жылдары жазылған. Әдеби ортаны, әдеби үдерісті, әдеби дамуды тереңірек ұғу үшін сол кезде шыққан барлық туындыларды оқу керек. Бұл тұста ең маңызды, ең көркем еңбектерді Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар жазған. Бірте-бірте алаш қозғалысы, саяси құжаттар, әлеуметтік мәселелерге қатысты қалың да, қиын қатпарлардың ішіне кіріп кеттік. Ескі газеттер, журналдар, кітаптар әлеміне бойладық. Алматы, Қазан, Мәскеу, Ленинград кітапханалары мен архивтерінде отырдық. Сөйтіп, оқулықтарда, зерттеулерде, монографияларда сыпыра жамандалып, саяси айып тағылып, қарғыс астында қалып жүрген қайраткер қаламгерлердің өзгеше табиғатын, ұлттық рухын танып, олардың шығармаларының тереңдігі мен көркемдігіне көзіміз жетті.

Ол әсерлерді әуелде жақын-жуық, дос-жаранға сыздықтатып айтып жүрдік. Өзімізше бір әдеби топ болып шоқтанған Әкім Тарази, Рамазан Тоқтаров, Мұхтар Мағауин, Сайын Мұратбеков, Амантай Сатаевтар бас қосқанда қымсынбай сыр ашыстық. Келе-келе университет аудиторияларында лекция үстінде алаш ұранды әдебиет туралы ойларымызды ашық білдіріп жүрдік. Оларды алғаш тыңдағандар Сағат Әшімбаев, Алма Қыраубаева, Әділбек Тауасаров, Нұрлан Оразалин, Әшірбек Көпішев, Алдан Смайлов, Сайлаубек Жұмабектовтердің курсы болатын (1968 ж.). Мәскеудегі әдебиет институтында бірер жыл қазақ әдебиетінен лекция оқыған кезімізде (1982-83) алаш ұранды әдебиет туралы тұжырымды ойлар, пікірлер сол кездегі студенттер Ардақ Досжан, Айдар Жұмабаев, Алтынбек Сәрсенбаев, Дархан Мыңбаевтарға да (соңғы екеуі МГУ-ден келіп тыңдаған екен) бүкпесіз айтылыпты. Сол сөздеріміз үшін ешкім ұстап алып, қамап қоймаған соң құныға түстік пе екен, әлде жастық қызуы ма, болмаса өзгерейін деп келе жатқан заман ықпалы ма, әйтеуір қамаудағы кітаптар туралы пікірді баспасөзге жариялауға ұмтылдық. Ең алдымен, «Қилы заман» туралы мақала туды. Ол қалай басылды, бұл әрекетте Сапарғали Бегалин, Ғабит Мүсірепов, Ахмет Жұбанов, Нығмет Ғабдуллиндер қалай көмектесті, кімдер жазаланды – бұл туралы бұрын арнайы жазылған. Қайталамай-ақ қояйын. «Қилы заманға» байланысты сенсациядан кейін («Қазақ әдебиеті» 1967, 1 қыркүйек) біздің жазған-сызғандарымызға қарауыл күшейді. Өзімізше қулық ойлай бастадық. Кейбір ойларды астармен, ыммен, жұмбақпен жеткізуге тырыстық. Мәселен, «Қилы заман» романы деудің орнына он алтыншы жылғы көтеріліс туралы шығарма деп кетеміз. Яғни авторды айтпай, туындыны сөз қыламыз. Осындай өзімізше тапқан тәсілдермен Ахмет Байтұрсыновтың қазақ филологиясының негізгі терминдерін жасағанын айтып жібердік (Қараңыз: Өнер алды –қызыл тіл. Алматы, 1973). Аты мен заты айқын көрініп тұрса, алаш ұранды әдебиет өкілдері туралы жағымды пікірді үлкен бастықтарды, лито қызметкерлерін былай қойғанда, қатардағы редакторлардың өздері жібермейді. Жіберсе – құриды, басы кетеді, жұмыстан шығарылады, қуғындалады. Сондықтан Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейінгі дәуірде отаршылдыққа қарсы пікірді, алаш азаматтарын мадақтаған ойды, ұлттық рухты көтерген тұжырымды баспасөзде өткізбес үшін тұтас жүйе, қалың шеп, берік қамал жұмыс істеді.

- Шәкәрімді атқан делінетін кәдімгі Қарасартов ат арытып Алматыға барып, үстіңізден арыз түсіріп, біраз әуреге салыпты. Сондағы көксегені һәм көздегені не екен?

- 1967 жылдың аяғында «Жазушы» баспасынан «Трагедия табиғаты» деген кітабым шықты. Үлкен ағалар Мәлік Ғабдуллин, Темірғали Нұртазин еңбегімді мақұлдап, баспасөзде пікір білдірді. Сондай күндердің бірінде Орталық партия комитетіне шақырылдым. Аң-таңмын. Бірнеше рет ұмтылғаныммен, партияға алмаған. Себебін іштей білемін. Мен қатарлас жігіттер, тіпті Қытайдан келген азаматтар да коммунист болған. Жалпы, ол кезде коммунист болмасаң, екінші қатардағы кісісің. Тәуір қызмет бермейді, өспейсің, жазғаның басылмайды.

Мені ОК-ның қызметкері Әбілжәмін Жұмабаев қарсы алды. Қасында отырған төртпақ, түсі суық, жер ортадан асқан қара кісі. «Трагедия табиғаты» кітабында Мұхтар Әуезовтің алашордашыл, ұлтшылдық сарындағы шығармалары мадақталған. Бұл аз болғандай, бандит, совет үкіметіне қару алып, қарсы шыққан жау – Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» дастаны да дәріптелген. Бұл кітапты өртеп, оны жазған мына боқмұрынды соттау керек!» дегенде зәрем ұшып кетті. Мынау маған арнап келген тажал екен деп ойладым. Әртүрлі сылтау айтпақ болып едім, екеуі де сөзімді шыбын шаққан құрлы көрген жоқ. Салым суға кетіп, сол күні кешке ұстазым Бейсенбай Кенжебаевқа болған оқиғаны айтайын деп барсам, бағанағы төртпақ, түсі суық, жер ортадан асқан қара кісі сол үйде отыр. Төртпақ қара да аң-таң, мен де аң-таң. Сыр бермей отырған Бейсекең ғана.

Жиырмасыншы жылдардың аяғында Бейсенбай Кенжебаев Павлодардың газетінде бас редактор болып тұрғанда қауіпсіздік комитетіне кадр керек болып, бір жас жігітті ұсынып жібереді. Сол жігіт мына отырған төртпақ қара, демалысқа шыққан чекист – Абзал Қарасартов екен. Бейсекең екеуі көп ырғасты. Мен туралы ырғасты. Біреуі қайтсе мені жерге тықпақ, біреуі қайтсе мені құтқармақ. Ақыры Бейсекең Қарасартовтың аузын алғандай болды. Қайтар жолының ақшасын берді, үстіне менің ат-шапан айыбым деп костюм-шалбар кигізді, сөйтіп, мені, менің кітабымды аяулы ұстазым айтып келген өлімнен құтқарып қалған. Тағы да бір қырағылығын көрсетпек болған кәрі чекист басына ақ құйғынға малданып, жазған арызын қайтып алды.

- Алдыңғы аға буын өкілдеріне өкпелеген, көңіліңіз қалған сәттер болды ма? Университетті үздік бітіріп, аспирантураға қабылданып тұрғаныңызда Орталық комитеттің нұсқауымен орныңызға «жұмысшы табынан» шыққан ақын Ә.Райымбековты алып, сізді еңбек тәжірибесі жоқ, жас маман деп ысырып тастағанда ше? 1973 жылы 33 жасыңызда қорғаған докторлық диссертацияңызды арызбен «атқылап» «өлтіргенде» ше? Тағы да сол жылы күн көсем сөзі (В.И.Ленин) бұрмаланған деген жаламен «Күретамыр» атты монографияңыз («Жазушы» баспасы) екі жыл әурелегені аздай-ақ, «жөргегінде» жыртыла жаздағанда ше?

- Өкпелеген, көңіл қалған деген жұмсақ, сыпайы айтылған сөздер ғой. Сұрауыңа орай таратып айтайын. Бір естелік кітапта мені аспирантураға алдырмаған С.Имашев деп қате жазылып кеткен. 1963 жылы Орталық комитеттің хатшысы Н.Жанділдин болатын. Ол жай жарлық емес, саяси шешім, ежелден профессор Б.Кенжебаевтың әдеби бағытын қолдамайтын белгілі философ, әрі идеология басшысының саналы қадамы, шәкіртімен қосып, ұстазын ұруы – жас шіліктің тамырына балта шабуы болатын. Содан тілші болып Арқаға кеттім. Бір жарым жылдай уақыттан соң қайтып келіп аспирантураға түстім. Кандидаттық диссертация кезіндегі қиындықтар өз алдына, қуырдақтың көкесі докторлық диссертация жазып біткенде тосып тұр екен. Обалы кәне, Бейсенбай Кенжебаев, Мұхаметжан Қаратаев, Кәкен Аханов секілді ағалар қолдады. Қырғыз М.Борбұғұлов, татар Х.Османов, башқұрт Ғ.Рамазанов, орыс В.Челышев, өзбек И.Сұлтанов, грузин Г.Ломидзе достық қолдарын созды. Бір қазақ профессоры университет кеңесінде ашық қарсы шықты, жұмысымнан «саяси» қате тапты; екінші қазақ профессоры еңбегім Бакуге талқыға кеткенде «Әлі жас. Біраз ұстап қайтарыңдар. Қиындық көрсін» деді. Үшінші қазақ доценті өзі жасырынып тұрып, белгілі қазақ ғалымдарының өтірік қолын қойып, арыз ұйымдастырды. Ташкентте тұратын бір шала сауаты бар қуаяқ қазақ «оқымыстысы» өзбектердің атынан пәле жауып, қағаз жіберді. Мәскеуге де керегі осы. Қазақтар бірінің етін бірі жеп жатса, неге ара түссін!

Тағдыр кейін сол адамдарды түрлі жағдайда маған кіріптар етіп, алдыма әкеп жықты. Кек қусам, қанға қан десем, менің де қолымнан жаманшылық келетін еді.

- Көптен бері әдебиетіміздің мойнына уайымшылдық (пессимистік) мініп алды. Оқи қалсаңыз қазақ рухының ірілігі, намысының нарлығы, Тәңіріге аян тектілігі, Бек бекзадалығы... бәрі-бәрі жалған сияқты. Көзінің жасы құрғамаған жасық жұрт тәріздіміз. Осындай орынсыз сары уайымды қалай түсінуге болады?

- Қазақ әдебиетіндегі ең басты сарын – елдік, азаттық идеясы екендігі анық. Мұны көне түркі жазба ескерткіштері, орта ғасыр жәдірегерліктері, жыраулар поэзиясы, ХІХ ғасыр мұрасы, алаш ұранды әдебиет, кеңес дәуірінің үздік шығармалары айқын көрсетеді. Отаршылдыққа қарсылық Бұқар, Мұрат, Махамбет, Шортанбай, Дулат, Абай, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтар («Қилы заман», «Хан Кене»), Ілияс («Көшпенділер», «Алтын Орда») туындыларында ашық айтылса, бірталай қаламгер кейбір ойларын кеңес дәуірінде астармен жеткізуге тырысты. Ал соңғы он жылдың әдеби құбылысы әлі бағасын алған жоқ. Көркемдік тұрғысынан қарағанда, Мемлекеттік сыйлық алғанына көп бола қоймаған марқұм Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», Оразбек Сәрсенбайдың «Шеңбер», Баққожа Мұқайдың «Өмірзая» романдары қызықты шығармалар, ал Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романын қабылдауда әдеби сын екіге жарылды: жазушы Бекділдә Алдамжаров даттайды, сыншы Шериаздан Елеукенов мақтайды.

Тоқсаныншы жылдан кейін Жазушылар Одағы өзінің бұрынғы қоғамдық беделінен, ұйымдастырушылық қызметінен айырылды. Өкімет тарапынан бұл мекемеге қаржы бөлінбейтін болды. Кейбір себептермен ұры-қарылардың жемсауына түсіп кеткен қаламгерлер үйін, шығармашылық үйін соттасып жүріп қайтарып алу үшін Одақ басшылығы әуре-сарсаңға түсті, арам тер болды, көп қиналды. Сөйтіп жүргенде шығармашылық мәселелер сыртта қалды: әдеби еңбектер талқыланбайды, арнаулы мәжілістер өтпейді, пленумдар болмайды. Газет-журналдар бүгін әдебиет туралы нақты ештеңе жазбайды. Жеке кітаптарға рецензия берілмейді, суретті аннотация-жарнама сынның басты жанры болып кетті. Мемлекеттік баспалар жабылды. Бұрынғы тосқауыл, іріктеу, сұрыптау жойылған соң қолына қалам алған көген көздің бәрі кітап шығаруға лап берді. Ақша төлесең болды, кез келген баспа қалаған көлемде, қалаған безендірумен, қалаған таралыммен, қалаған мерзім ішінде не жазасың – руыңның шежіресі ме, ауылыңеың тарихы ма, мерейтойыңа келген әсіре мақтау құттықтаулар ма, ұятсыз ауыздан шыққан боғауыз сөздер ме, әртүрлі тақырыптағы дилетант жазбалары ма, ащы ішекше шұбатылған пайымдама, эссе, оқулық, роман, поэма, зерттеу, шежіре, шығармалар жинағы... десең де қолыңнан қақпайды. Көлемі жағынан алғанда аудан, облыстық орталықтарында, екі астанада, тіпті Ресейде тасқа басылып шығып жатқан қазақ кітаптарының мөлшері Кеңес дәуіріндегіден артық болмаса, кем емес. Сол лай тасқынның ішінен биік рухты таза әдебиетті, шын ғибратты таза ғылымды ажыратып алу керек. Сонда біз ешқашан уайымшылдыққа салынбаймыз.

- «Кішінің жолын кеспе, көмусіз қаласың» немесе «Адамшылықтың алды – артқыға жол бермек» (Шәкәрім) деген халық қағидаларының қазіргі біздің қоғамда пәлендей маңызы бар ма?

- Бір-екі мысалмен жауап берейін. Жиырмасыншы жылдардың басында Мәскеуде Күншығыс университетінде Мағжан сабақ берген. Көп студенттің ішінде, әсіресе Бейсенбай Кенжебаевқа ықыласы түсіпті. Бауырына тартып, сырласып, ақыл-кеңес айтқан, ұлттық рухта баулыған, түркі тарихын оқытқан, Абай туралы мақаланың негізгі ойларын ұсынған (Бейсенбай Кенжебаевтың атымен «Еңбекші қазақта» басылды). Мағжан аузына түкірген сол Бейсенбай өле-өлгенше, небір қиын-қыстау заманда ұлттық мүддеге опасыздық жасаған жоқ. Қазақ әдебиетінің көп ғасырлық тарихын зерттеу мектебінің негізін салды, елдік идеясын берік ұстанған шәкірттерінің тұтас-шоғырын өсіріп шығарды.

Мұхтар Әуезов қандай көреген десеңізші: інілері Қуандық Шаңғытбаевты алғашқы өлеңінен, Қалтай Мұхаметжановты «Бөлтірік бөрік астында» комедиясынан, Шыңғыс Айтматовты «Жәмила» хикаятынан танып, қолдап, пікір жазды. Меніңше, қол ұшын берген деген осы, бағалау, тану, қолдау. Қанаттандыру.

- Жас зиялылардың өсіп-толысуына не жетпейді? Оларға Батыс пен Шығыстың қайсысынан молырақ сусындаған дұрыс?

- Батыс, Шығыс деп бөлетін ештеңе жоқ, әлем өркениеті адамзатқа ортақ. Сондықтан қазақтың жас буыны барлық бұлақтан қанып ішсе өрісі кең, айдыны терең, шығар тауы биік болмақ.

- Жастардың ішінен жарқ етіп көзіңізге түскендер бар ма? Кейінгі буын өкілдерінен кімдерге сенім артасыз?

- Шахматшы – Дәрмен Сәдуақасов, бокста марқұм Бекзат Саттарханов - әлемдік деңгейдегі құбылыстар. Ал әдебиет, ғылым туралы дәл қазір мұндай есімдерді атай алмаймын.

- Демалыс сәттерін даңғырлақ дискотекамен, атыс-шабыс, тағысын тағы көбік кинолармен, түнгі клубтармен өткізетін даңғаза жастарды өзіміз тәрбиелеп жатқандаймыз. Опера, балет тамашалау, театрға бару, кітап оқу, ұлттық өнермен сусындау олар үшін – күлкі.

- Әрбір ұрпақтың қалыптасу кезеңінде бастан кешіретін балалық ауруы болады. Елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басында қуық шалбар киген, батыс билерін билеген, пластинка тыңдаған жастарды «Стильяга» деп есекке теріс мінгізген дәурен өткен. Комсомол жиналыстарына салып, сөгіс беріп, қудалағанды көргенбіз. Өзіміз соның бел ортасында жүрдік. Уақыт озды, ол сәндер кетті. Сондықтан қазіргі жас буынның кейбір әуестігін, дискотекаға баруын ақырзаман көріп, айықпас трагедия деп қарауға болмайды. Бүгінгі жас маңдайына тас тиген соң ойланады, алды-артына қарайды, үйленеді, басына ноқта киеді, ес жияды. Тұрмыс арбасын сүйрей бастайды. Ар жағы белгілі тарих. Ендеше, бүкіл зиялы қауым жас романтиктердің серілігімен, аз күндік мейрам күндерімен күресуінің қандай қажеті бар? Жалпы, кейінгі ұрпақты жазғыру, соларды мәдениетсіз, имансыз санауды өз басым қолдамаймын.

Әңгімелескен Бесбоғда Алтай,

«Айқын» газеті, 28 мамыр, 2004 жыл

ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛ – АБЫРОЙЛЫ ЖОЛ

Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың және ғылым саласындағы Ш.Уәлиханов сыйлығының лауреаты, Жоғары мектептің үздік қызметкері, Қазақстан Республикасының ғылымға еңбек сіңірген қайраткері Рымғали Нұрғалимен жүздесіп әңгімелесудің сәті түсті. Еңбек жолы негізінен педагогикамен, жастарды тәрбиелеумен өтіп келе жатқан үлкен ғалым, жазушы ағамен негізінен ұстаз бен шәкірт, дәстүр жалғастығы деген тақырыпта әңгімелесуді жөн көрдік.

- Аға, келісіп алайықшы. Саясатқа соқпайтын тақырыпта әңгімелесуге бола ма?

- Әрине. Газет – саясат. Теледидар – саясат, радио – саясат. Тіпті көшеге дейін – саясат. Қабырғалар – саясат. Сурет. Уәде. Жарылқау. Сайлаудан өту үшін жасалып жатқан үгіт-насихат.

- Солар туралы сұрамай-ақ қойғаның дұрыс. Тіпті өтірік уәде жалықтырып барады.

- Онда былай болсын, аға. Шәкірт пен ұстаз туралы әңгімелесейікші. Жақсы ма?

- Сіз қай жерде, қай жылы мектепке бардыңыз? Алғашқы ұстаздарыңыздың аты-жөні есіңізде қалды ма? Әлде ұмыттыңыз ба? Еске түсіргіңіз де келмей ме?

- О, не дегенің шырағым. Таратып айтайын. 1947 жылы Семей облысы Шар стансасындағы Бүкілодақтық Ленин комсомолының 30 жылдығы атындағы мектептің бірінші класының партасына отырдым. Мұғаліміміз Шәмшия Жүзбаева, Семейдегі педагогикалық училищені сол жылы бітіріп келген екен. Жиырма жаста, талшыбықтай әдемі болатын. Бәрімізді қатты еркелететін. Кейде бізбен бірге ойнап кетуші еді. Өкпе ауруына шалдығып өмірден ерте қоштасты марқұм.

Биыл жазда Төлеу Көбдіков ақынның Аягөзде өткен тойына бара жатып жолда Шарға соқтым. Мектеп ғимараты әлі тұр екен. Бірақ қазір жеке меншік емхана болып кеткен. Ауладағы ағаштар арасында Оркенай, Ерік, Төлеубике, Қайша деген балалармен асыр салып ойнаған күндер көз алдыма тіріліп келе қалды.

- Сол мектепті бітірдіңіз бе?

- Жоқ. 1950 жылы анам Нұрғайша 33 жасында қайтыс болды. Бес бала жетім қалдық. «Аудандық атқару комитетінің төрағасы өлген әйелін мұсылмандық жолымен қойды. Жаназысын шығарды. Молдалар құран оқыды» деп қызыл көздер арыз беріп, әкей қызметінен босатылып, ата-мекеніміз Абыралы ауданына қыстың көзі қырауда, 1951 жылдың қаңтарында көштік. Сөйтіп Қайнар орта мектебінің 4 класына бардым.

1954 жылы тамыз айында сутегі бомбасы Дегелең тауының бауырында сыналды ғой. Аудан жерінің жартысынан артығы әскери полигонға кетті. Халық шулап, жылап, еңіреп жан-жаққа тарады. Біздің үй Шұбартау ауданына көшті. Мен мектепті 1957 жылы Баршатаста бітірдім.

- Кімдер сабақ берді? Олардың білім деңгейі қандай еді? Бірге бітіргендердің ішінде төбеге шыққаны бар ма?

- Мұғалімдеріміз бірі-бірінен өткен тамаша мамандар еді. Бәрінің жоғары білімі бар. Тарихшы Қашура Елеусізова апай сабақтары өте қызықты еді. Химик Кәрім Аханбаев мектеп оқулығы емес жоғары оқу орнына арналған «Жалпы химия» (авторы ұмытпасам, Глинка болуы керек) кітабын оқымасақ, бестік баға қоймайтын. Кейін ол кісі Алматыға келіп, Политехникалық институтта профессор болды, қазақ тілінде оқулықтар жазды. Әдебиетші Ерғали Дайрабаев сол кезде-ақ алаш қайраткерлері туралы ашық айта беретін. Кейін ол кісі Қазақ мемлекеттік университетінде кафедра басқарды, профессор болды. Физика маманы Мүткен Ошыбаев та кейін Алматыда доцент болды, көркем шығармалар жазды.

Осындай дарынды ұстаздардың арқасында Шұбартау ауданындағы Баршатас орта мектебінде сапалы білім берілді, қазір қазаққа аты мәшһүр жазушылар Мұхтар Мағауин, Төлек Тілеуханов, әйгілі профессор, ғалым Блок Шайкенов бірге бітірдік, төртеуіміз де медаль алдық. Талантты тарихшы Жанұзақ Қасымбаев сол мектепті бізден бір жыл кейін бітірді. Айтпақшы, кәсіподақ қайраткері Сиязбек Мұқашевпен де бірге оқыдық.

- Сіз қанша жыл ұстаз болдыңыз?

- Өзің есептей бер. Кандидаттық диссертацияны 1967 жылы қорғағаннан кейін, бір жылдан соң, Жазушылар Одағындағы сын секциясы кеңесшісі қызметінен ауысып, бұрын өзім студент, аспирант болған Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасына доцент міндетін атқарушы болып келдім. Доцент, докторант, декан, профессор, кафедра меңгерушісі – осы жолдарды өттік. Арасында 11 жыл Қазақ энциклопедиясының Бас редакторы болған кезде де профессорлық қызметті тоқтатқам жоқ. Өзің есептеп көр, сонда аспирант кездегі жұлып-қашты сабақ бергенімізді қоспағанның өзінде, табаны күректей 36 жыл ғұмырымыз университет қабырғасында педагогтық жұмыста өтті.

- Студент кезіңізде кімдерден дәріс алдыңыз? Қандай ұстаздардың сабағы есіңізде қалды?

- Қырқыншы-елуінші жылдарда ҚазГУ-де оқыған филолог студенттердің баршасының көз алдында Мұхтар Әуезов тұр. Аудиторияда салмақпен қозғалып, тебіреніп тұрып, ерекше сазды қоңыр әуенімен баурап, ғажайып терең лекцияларын зор шабытпен, керемет шешендікпен өткізер еді. Академик С.Кеңесбаев тіл білімінен көл-көсір білім беретін. Профессор А.Гербстман бірнеше тіл білетін, шетел әдебиетінен тамаша оқытушы еді. Академик М.Қаратаев, профессорлар М.Балақаев, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев, Қ.Бекхожин, К.Қанафиева, К.Аханов, Ы.Маманов, З.Қабдолов, Ж.Төленов, Б.Тұрсынбаев, М.Ақынжанов - әдебиетші, тілші, тарихшы, философтардың алдын көрдік.

- Профессор Бейсенбай Кенжебаевтан оқыған жоқсыз ба? Айтпай кеттіңіз ғой.

- Ол кісінің жөні тіпті де бөлек. Алғаш сабақ берген алпысыншы жылдан бастап сексен жетінші жылы көз жұмғанынша ұстаз ағамыз, рухани әкеміз болды. Кітапхана, мұрағаттарда жұмыс істеу, ғылыми зерттеудің қыры мен сыры, шығармашылық еңбектің тәртібі, адам ретіндегі жүріс-тұрыс – осының бәрінде Бейсекең берген тағлым, үлгі-өнеге орасан. Тоталитаризмнің қылышынан қан тамған қаһарлы жылдарда Бейсекең ұлтқа қызмет ету, мансап-дәулет үшін сатылмау, бойыңдағы барыңды үлкен мақсатқа арнау секілді алаш қайраткерлері мұрат тұтқан ұлы қасиеттерді өзі берік ұстанып, бойымызға сіңіре білді. Шәкірттеріне қиналмай, атақ алатын, жеңіл-желпі, оңай тақырыптарды бере салмай, әуелде өзі түрен салған, ұлттың азаматтық тарихымен, азаттық күресімен сабақтас мәселелерді зерттеуге баулыды. Бұлар түркі дәуірі, ескі заман әдебиеті, жыраулар поэзиясы, алаш кезеңі.

- Өз шәкірттеріңіз туралы не айтасыз? Қанша дәрежелі ғылым кадрларын дайындадыңыз?

- Жоғары оқу орнында ұстаздық еткелі 40 жылға таяп қалды. Жыл сайын алдыңнан жүздеген студент дәріс алады. Соның бәрі шәкіртің. Олар педагог, журналист, жазушы, баспагер болды. Мемлекет қызметінде жүргендері де аз емес. Бұлардың ішінде әкім, депутаттар да бар. Ал нақтырақ айтсақ, осы уақытқа дейін 6 ғылым докторын, 25 ғылым кандидатын дайындадым. Олар Алматы, Қарағанды, Түркістан, Атырау, Ақтау, Жезқазған, Арқалық, Қостанай, Көкшетау, Қызылжар, Астана университеттерінде оқытушы, факультет деканы, кафедра меңгерушісі, доцент, профессор.

- Сол шәкірттеріңіздің кейбіреуінің аты-жөнін айтуға бола ма?

- Сағат Әшімбаев, Алма Қыраубаева, Әділбек Тауасаров, Үміт Тоқмағамбетова, Ризабек Адуов сияқты талантты шәкірттерімнің ғұмыр жасы қысқа болды. Мұхтар Құл-Мұхаммед, Нұрлан Оразалин, Алдан Смайылов, Уәлихан Қалижан менен сабақ алғандарын әр кезде айтып жүреді. Ұстаз тұтады. Республикалық деңгейде көрінген мұндай қайраткер інілерді мақтан етем.

- Сізден Мәскеуде сабақ алдық деген адамдар да бар ғой.

- Ә, ол әңгіме былай. Сексенінші жылдары Мәскеудегі Әдебиет институтында қазақ тобы болды. Алдымен оларға қазақ әдебиетінің ескі дәуірінен Мұхтар Мағауин лекция оқыды. Жаңа дәуір әдебиетінен мен оқыдым. Қазіргі вице-министр Ардақ Досжан, журналист Айдар Жұмабаев, ғалым Әлібек Моллаев сол кездің шәкірттері. Мәскеу мемлекеттік университетінің студенттері Алтынбек Сәрсенбайұлы, Дархан Мыңбайұлы (қазір Оңтүстік Қазақстан облысында аудан әкімі) да сабаққа келіп қатысып жүрді.

Бұл сөздің төркіні осыдан шыққан шығар.

- Жақсы үй – жайыңызды, жайлы жұмыс орнын, дос-жаран, ағайын-туысқанды, ең бастысы жер бетіндегі жұмақ іспетті Алматыдан көшіп, Астанаға орын тебуіңізді қалай түсінуге болады.

- Он жеті жаста Алматыға мың сан бозбала, талапкердің бірі болып келдік. Студент, аспирант, докторант жолын өттік. Қызметке тұрдық. Үйлі-баранды, бала-шағалы, немерелі болдық. Қолға қалам ұстадық. Қызығы мен шыжығы қатар өрілген ғұмыр жолын кештік. Жас алпыстан асқанда басқа қалаға қоныс аудару оңай емес, әрине. Алматының әрбір ағашы, әрбір тасы, әрбір үйі, әрбір көшесі түгел сырласыңдай: сенің арманың, үмітің, қайғың, мұңың, қуанышың баршасының куәсі. Қанша адам тағдырласың, қызметтесің, көршің, тілеуқорың. Балаларың оқыған мектеп, жұмыс істеген ғимараттарың – бәрі көзге ыстық, жүрекке жақын. Көлікке мініп тартып кетсең, он бес минутта Алатау құшағынан шығасың: сарқырап аққан тау бұлағы, аспанға атылған жебедей қарағай, белі майысқан қайың...

Ел көшкен жаққа бақ та көшеді. Астана – азат қазақ елінің ендігі кіндігі, ұлтты ұйытар темірқазық. Қанша уақыт алаш қайраткерлері арман етіп, қол жеткізе алмаған мақсат орындалды. Біз секілді жер ортадан ауғандарды қойшы, ең бастысы ұлы даланың төсіндегі жаңа шаһарға Қазақстанның батысы мен шығысынан, оңтүстігі мен солтүстігінен, Ресей мен Моңғолиядан, Түркия мен Өзбекстаннан дейсіз бе, шартараптан әсіресе жаңа толқын, жас буын именбей көшіп келіп, бас қаланың түр-түсін, тіл-ділін қазақыландырып жіберді. Құрылысқа бар-көпшілік солар, кеңселерге кір-көпшілік солар, базарға бар-көпшілік солар, университетке бар-көпшілік солар.

- Астанада шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік бар ма? Мұнда келгелі не істедіңіз?

- Шүкір, Астана ауасы таза, күні ашық. Қыста көкшұнақ аяз, алай-түлей боран. Жазда, Мағжан айтқандай, жүйрік желі апталап соғып тұрады. Азды-көпті жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Астанаға келгелі «Драма өнері», «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры», «Сөз өнерінің эстетикасы», «Эпическая драматургия», «Алашордыңцы», «Дегелең дерті» деген еңбектерім жарияланды. Ұжымдық ғылыми зерттеулер «Көкейкесті әдебиеттану» (4 том), «Әдебиет теориясы», «Қазақтың жүз романы» басылымдарын ғылыми жетекшілік жасап, редакциялап, құрастырып шығардым. Алла рақым етсе, болашақ күндерде де жасамақ жұмыстар бар.

- Аға, дәстүрлі бір сұрақ. Неше балаңыз бар? Олар қандай мектеп бітірді? Қазақ тілі жойылып кетеді деп ойламайсыз ба?

- Құдайға тәуба, алты перзент көрдім: 3 ұл, 3 қыз. Рахман ұл кішкентай кезінде шетінеп кетті. Жетпісінші жылдардың басында – тұңғышымыз Ардақ мектепке баратын болды. Алматының қақ ортасында тұрамыз. Жалғыз қазақ мектебі орыс мектебінің босағасында отыр. Сол кезде ғалымдар Рахманқұл Бердібай, Шора Сарыбаев, Сайлау Байзақов, жазушылар Жайсаңбек Молдағалиев, Қайрат Жұмағалиев, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Төлек Тілеуханов, журналистер Нұрмақан Оразбеков, Қуанышбай Құрманғалиев, басқа да жігіттердің балалары бірінші класқа бармақ. Қазақ мектебі үшін күрестік, жүгірдік, айтыстық-тартыстық. Ақыры қазіргі тұрған қонысын № 12 қазақ орта мектебі алды ғой. Сол жылдары мектепке барғандардың өзі қазір жігіт ағасы - қырықта. Олар қазақ, орыс, ағылшын, түрік, араб дейсіз бе, жеті жұрттың тілін, мәдениетін, ғылымын игерген жан-жақты, жұртын сүйетін жүрегі бар азаматтар болып шықты. Бәрін айтпай-ақ қояйын, Қайрат Сарыбай – белгілі дипломат, Саясат Ыбырай – физика-математика ғылымдарының докторы. Төрт балам да қазақ рухының қасиетті ордасы № 12 мектепті бітірді, екеуі ғылым кандидаты, екеуі университет бітірген, кенжем Рабиға, алла жазса, Астананың қазақ мектебіне барады. 4 немерем бар. Үлкені Аркен – студент.

Дүние жүзіне тарыдай шашырап кеткен, өз мемлекеттері жоқ курдтар, сығандар тілдерін сақтап отырғанда, қазақ секілді ұлан-байтақ жері, орасан байлығы бар, тәуелсіз елдің тілі жойылып кетеді деп оның қаскөй дұшпандары ғана айтуы мүмкін.



  • Әрбір ата-ана өз үйінде өз ұрпағымен қазақша сөйлесе;

  • әрбір қазақ баласы алдымен ана тілін біліп, артынан басқа тілдерді үйренсе;

  • әрбір мекемеде іс-қағаздары қазақ тілінде жүргізілсе;

  • әрбір үйде радио, теледидар қазақша сөйлеп тұрса;

  • әрбір мемлекеттік шаралар қазақша іске асырылса.

Қазақ тілі қағаз жүзінде ғана емес, шын мағынасында Қазақ республикасының мемлекеттік тілі болады.

  • Әңгімелескеніңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген М.Келес,

«Қазақстан әйелдері» газеті, 2004, № 5.

ЗИЯЛЫЛАРДЫҢ ЗАМАНҒА ӨКПЕЛЕЙТІН

ЖӨНІ ЖОҚ

- Біздің рухани ұлттық құндылықтарымыз бүгінгі ұрпақ санасына ұрық себетіндей қызмет етіп жатпаған сияқты. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп, өткенді көбірек айтып, қазіргі нақты жағдай мен алдағы күндерге көз салар кезде аузымыз ашылмай қалады. Бұл жөнінде сіз қандай пікір білдірер едіңіз?

- Әр адамды ұлттық бағытта тәрбиелеу үшін алдымен орта керек. Қазіргі қазақтың аға буыны, орта буыны негізінен ауылда өсті. Көбі қазақи бесікте жатты, аналары бесік тербетіп отырып, олардың құлағына қазақтың әнін сіңірді. Ұлттық қадір-қасиеттің бастауы ана сүтімен жүрекке дарыды. Бала ес біле бастаған соң шаңыраққа қарады, жұлдызды аспанды көрді, ойнақ салған құлын мен тайды, қозы мен лақты танып өсті. Сондықтан қазақ ауылдарында ұлттық тәрбие табиғи негізде қанға сіңді. Тұсау кесу, тайға міну, бәсіре тай беру сияқты дәстүрлер ауылдағы қарадомалақтардың қалыптасқан тірлігі болды. Олар шілдехананы көрді, тойды көрді, тіпті, өлген кісіні жөнелту рәсімдерінің өзі бала санасына тәрбиелік мәнімен ұялады. Ол ұрпақ өмірде қызық пен қоса қайғының да бар екенін түйсініп ер жетті. Олар үшін аспан астындағы жұлдызды көк астындағы ашық театр – алтыбақан болды. Ән салу, ақсүйек ойнау, атқа шабу, көкпар тарту - осының бәрі қазақтың жаңа буын жас өскініне өзінің қазақ екенін ұқтырған орта. Кейін қалаға келіп, оқу іздеп, қала мәдениетін бойына сіңіргенімен олардың жүрегінде бала кезде көргендері мен түйгендері, ұлттық тәрбие үлгілері бәрібір сақталып қалды. Сондықтан да олар шын мағынасында ұлттық топырақтан өсіп-енген азаматтар.

Қазіргі жағдайға келер болсақ, қоғамның, экономикалық үрдістердің өзгерістерімен бірге қазақи ауылдардың іргесі шайқалды. Бұл ұлттық мәйектің ұйыған тірлігіне өзгеріс әкелді. Неше түрлі жалған реформаторлар бір жағынан жабайылықпен, екінші жағынан зорлықпен ауылдарды таратып жіберді. Тұтас облыстар мен аудандар жойылды, ауылдағы қазақы тірлік қазір жоқ. Бұрынғы дәстүрлер тек белгілі бір мерекелерде театрландырылған көрініс ретінде байқалғаны болмаса, пайдаланыла бермейді. Ауылдағы тойлардың ұлттық реңкі мен рәсімдері бұзылып, қазіргі түсініксіз дискотекалық сипатқа ауа бастады. Соңғы 10-15 жылда қалаға ағылып келе бастаған қазақ жастары не ауылдағы ұлттық тәрбие мектебінен өтпей, қазақи сипатта қалыптаспай, не қала тәрбиесіне түсінбей, көрмей дүбара күй кешіп отыр. Олардың жағалап жүрген жерлері базардың төңірегі, арба сүйреу, одан қала әртүрлі фирмалардағы тиын-тебен аз төленетін, ауыр, қосалқы жұмыстарға жегілу. Бастарында үй жоқ. Сондықтан жұмыстан босаған кездегі негізгі айналысатын шаруалары – жиналып арақ ішу, сенделіп бос жүру. Бұрынғы қазақ жастары қалаға келгенде алдымен театрлар мен мәдениет ошақтарын көріп, біліп, айналасы екі-үш жылдың ішінде қала балаларымен бірдей болып, тіпті, олардан озып ілгері кетуші еді. Қазіргі жастардың басым көпшілігінің бойында ұлттық тәрбие де, интернационалдық тәрбие де аздау, олар қайтсем ақша табамын, қайтсем осы тірлігімді үзіп алмаймын деп жанталасумен жүрген адамдар. Сондықтан бұл салада біздің ұлттық рухани күшімізді жинауымыз керек шығар. Екінші жағынан, бұл мәселеге мемлекет қамқор көзбен қарауы қажет. Дәл сайлаудың алдында көше-көшені аралап, алаң-алаңды қуып, концерттік бригадалар ұйымдастырған байлар мен байшыкештер жай күндерде де халыққа, елге осылай қызмет етсе, онда ұлттық тәрбиенің, мәдениеттің ақсап тұрған бір қабырғасы көтеріліп, жастарымыздың сана өрісі кеңейе түсер еді. Мен бұл жерде бір ғана бағытты айтып тұрмын. Әйтпесе, қолға алынуға тиісті рухани салалар жетіп артылады ғой. Ал, енді мына жастардың кітап оқуы, көркем шығарма тануы бұл да бір қиын шаруа. Өйткені, таңертеңнен кешке дейін басқа тілдерде жасалған, мағынасы саяз, алдамшы қызықпен еліктіріп отыратын кинолар, адамның сезімінен гөрі нәпсісіне әсер ететін әуендер жастарымызды ұлттық топырақтың нәрінен айырып, басқа жаққа тартып барады.

Дегенмен, тұтастай алып қарағанда, қазақтың ұлттық мәдениеті, ұлттық әдебиеті, қазақтың тілі мен ділі мүлде жойылып бара жатыр деген ұшқары пікірге қосылуға болмайды. Мұндай қате пікір біздің халқымызға жамандық ойлайтын адамдардың пиғылы. Бұлардың мәдениеті құрып барады, тілі жойылды, сондықтан басқа мәдениетке көшіп, жаһандану аясында тірлік етуі керек дейтіндер қазақтың қамын жеп жүрген жоқ, үлкен қателікке бастайтын арам ойдың иелері. Қазақ тезірек жойылсын, тезірек құрысын, бет әлпеті қазақи болғанымен ішкі жан дүниесі христиан ба, кришнаит па, будист пе, жәһуди ме, сондай бірдеңе болсын, мұсылмандықтан іргесін аулақ салсын дейтін көзқарастағылардың бізді жырымдап әкетуге бағытталған әрекеті. Жеріміздің астындағы қазба-байлықтарын шетелдік алпауыттар қалай талапайлап жатса, енді ұлтымызды да сондай бөлшектеуге негіз болатын реакциялық зұлым күштердің алыстан аңдыған ісі. Сондықтан рухани ұлттық құндылықтарымызды бағалай білуіміз керек.

- Осы орайда қазақтың зиялы қауым өкілдері абдырап қалғандай. Олардың қоғам алдындағы жауапкершіліктері тым бәсең тартып, жалпы елдің даму үрдісінен өздерін бөлек сезінетіндей ме, қалай? Қазіргі зиялы қауымның үні естілмейді.



- Зиялы қауымның рухы мүлде өшті деуге келмес. Дегенмен, бұрынғы Алаш қайраткерлері мен бүгінгі зиялы қауымды салыстырып көрелік. Мәселен, 86-шы жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде қазақ зиялыларының үнсіз қалғандығы аз айтылып жүрген жоқ. Түрмеге қамалып, итке таланып таяқ жеген қазақтың ұл-қыздарын қорғаудың орнына бір топ зиялы ағалары бұл не деген бейбастақтық, бұл не деген бұзақылық, қайдан шыққан басбұзарсыңдар деп, баспасөз бетінде хат жазып, қол қойды. Олардың кейбіреулері кейіннен бізді зорлап қол қойдырып еді, коммунистік партияның ызғарымен қойып едік деп ақталған болды. Бірақ ұлтын, халқын сүйетін ер-азамат кімнің ызғары болса да, шыдауы керек қой. Егер Алаш зиялылары Ахметтер, Әлихандар, Мағжандар, Жүсіпбектер тірі тұратын болса, солар үнсіз қалар ма еді? Болмаса, 1933 жылғы ашаршылықта ішінде Ғабит Мүсірепов бар бір топ қазақ зиялыларының үкіметке шындықты айтып хат жазғанын алайық. Біздің зиялы қауым осындай қадамға бара алар ма еді? Күні кеше ғана қазақтың жер мәселесі көтерілді. Жерді сатуға бола ма, болмай ма деген сауал ортаға тасталды. Әртүрлі көзбояушы, бір күндік пайдасын ғана ойлайтын экономистер, заңгерлер пәлен елде жер сатылады екен, түген елде жер сатылады екен деген идеяны тықпалады. Осыған орай Қазақстан Жазушылар Одағында үлкен үн көтерілді, жазушылар жер мәселесіне байланысты комиссия құрды. Жиналыста жерді сатуға қарсылық білдіріп сөз сөйледік, айттық. Бірақ одан нәтиже шыққан жоқ. Біз бұдан арғыға бара алған жоқпыз. Сонымен тоқтап қалдық. Парламентте қазақ депутаттары қазақ тілін білуі тиіс деген жақсы азамат Амангелді Айталының пікіріне қазақ депутаттардың жартысынан көбі қарсы шықты. Осы кезде біздің зиялы қауым баспасөзде, теледидарда пікірлер айтты, бірақ мұның бәрі бір арнаға тоғысып, бүкіл халықтың сесті, кекті ашуына айналған жоқ. Егер мұндай жағдай мына тұрған Өзбекстанда немесе Балтық елдерінде, Кавказда орын алса, олардың зиялылары үйде тыныш жатпас еді. Біздің қазіргі зиялы қауымның кеудесі басылыңқырап қалған. Оның басты себебі, көптеген әлеуметтік жағдайларға байланысты. Бұрын қатардағы ғылым докторының еңбек ақысы обком хатшысының, министрдің еңбекақысымен бірдей болатын. Қазір ғылым докторы, профессордың табатыны көше сыпырушының айлығына тең немесе кем. Профессор, оқытушы мамандардың еңбегі құнсызданды. Оны айтасыз, бұрынғы одақ құрамындағы елдер Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия өздерінің Ұлттық Ғылым Академияларын мемлекеттің қарамағында сақтап қалды. Қазақстанда бірнеше академик хат жазып, біз мемлекеттің қарамағынан шығайық, ана мемлекетте сондай екен, мына мемлекетте мұндай екен деп бастамашыл болды да, ақыры Ғылым Академиясы мемлекеттен кетіп қоғамдық негізге көшті. Бір кезде Одақтағы ең күшті Ғылым Академияларының бірі Сәтбаев, Әуезов, Жұбанов, Марғұлан сияқты ұлы адамдар негіздеген Академияның күйі кетті. Мемлекет тарапынан қамқорлықтың осылай нашарлауы, ғылыми еңбектің құнының жоғалуы, зиялылар рухының түсуі жалпы әлеуетті әлсіретті. Бұрын ғылыммен айналысатын адамдардың біреуі бірер жылда, енді біреулері он жылда соқталы еңбек жазып шықса, ақысын алатын. Еңбек ерекше бағаланды. Қазір ондай жоқ. Қоғамға пайдасы бар дүние жасаушы адамның еңбек өтеуі қайтпағаннан кейін оның еңсесі түспей ме? Мұндай кезде одан үлкен бір қайрат, жігер күту қиын. Дегенмен, заманға өкпелейтін жөніміз жоқ. Бағзы замандарда аш жүріп, жалаңаш жүріп, қиын жағдайларда ел үшін күрескен ерлер болды, сондай ерлік қазіргі қазақ зиялыларынан табылмады деп бір жағынан ренжуге де болады. Екінші жағынан бұлай кесіп айту өте қиын.

- Зиялылар дегенде елге есімі бұрыннан белгілі ағалар еске түседі. Ал, бүгінгі заманның жас зиялылары қайда?

- Жас зиялылар да бар ғой. Мәселен, маған анау физика-математика ғылымының докторы Асқар Жұмаділдаевтің айтып жүрген ойлары мен пікірлері ерлікке пара-пар көрінеді. Анық жасын білмеймін, олар да жігіт ағасы болған шығар. Кейде өзімізді өзіміз сыйламағандықтан, құрметтемегендіктен кездесетін келеңсіз жайттар бар. Иісі түркі халықтарының тұңғыш ғарышкері, одақ кезінде кемеге ұшақ қондырып Батыр атанған, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров күні кешеге дейін жұмыссыз жүріпті. Сол Тоқтар депутаттыққа түскен кезде Қызылорда облысында бір есерсоқ сен неге өз жеріңмен барып дауысқа түспейсің деген ғой. Ол жағдайға орай академик Мырзатай Серғалиев лайықты тойтарыс беріп, мақала жазды. Ал, енді ұлттық деңгейіміз, ұлтымызды сүю, халқымыздан шыққан азаматтарды бағалауымыздың өзі осынша құлдыраған кезде не айтуға болады?

- Тіл туралы бір жиналыста сіз қай елді кезіп жүрсе де, баласына ана тілін ана сүтімен дарытатын сыған әйелдері туралы әдемі мысал келтіріп едіңіз. Соларға қарағанда жеріміз бүтін, Отанымыз орнында, бірақ қазақ тілі неге көркеймейді?

- Қазақтың қаймағы бұзылмай тұтасып отырған кезінде тіл проблемасы болған жоқ. Бұл отаршылдықтың күшеюіне байланысты туған тауқымет. Патша заманында басталып, одақ кезінде сталиндік саясаттың қаһарына ұшыраған шешендерді, қалмақтарды, гагауздарды, ингуштарды, немістерді, гректерді, поляктарды Қазақстанға жер аударды. Ашаршылық кезеңдерінде қырылған халқымыз, тың игеру жылдарында жаппай қоныс аударып келгендер салдарынан тіпті азайып бытырай орналасты. Қазақтан басқалардан саны көбейді. Елді мекендер, жер-су аттары түгел орысшаланды, қазақ мектептері жабылды. Өкіметте орыс тілін насихаттап, көтеру саясаты өрістеді, орыс мектептері ашылды, түптің түбінде бір ғана кеңес халқы болады деген ұғым қалыптасты. Сондықтан тарыдай шашылған халқымыз бірте-бірте балаларын орыс мектептеріне бере бастады. Таза қазақи ауылдар саны азайды. Астана болған Алматыда 1970 жылға дейін бір-ақ қазақ мектебі болды. 50-60 жылдары Алматыға Қазақстанның жер-жерінен келген зиялы қауымның бәрі балаларын еріксіз орыс мектебіне берді. Қазіргі таңдағы айтылатын бір мәселе – біз тәуелсіздік берген біраз мүмкіндікті пайдалана алмай қалдық. 86 жылдан кейін орыстар қазақша білсін, қазақтар орысша білсін деген қозғалыс әжептәуір көтерілді. Жұрт балаларын қазақ сыныптарына бере бастады, орыстар да қазақша оқуға ден қойды. Аз уақыттан кейін мемлекеттік тіл жалғыз бола ма, қазақ тілі мен орыс тілі қатар қолданыла ма деген әңгіме шықты да, арты сиырқұйымшақтанып, іс қағаздары қазақша жүрмеді, мекемелер қазақша жұмыс істемеді, Парламент қазақша сөйлемеді. Сосын халық ойланып қалды, қазақ тілінің қажеті жоқ екен деп, балаларын қайтадан орыс мектебіне апарды. Сөйтіп, кері үрдіс басталды. Егер сол кезде барлық қазақ балаларын қазақ мектептеріне бергенде, 13 жыл ішінде қазақ тілінің проблемасы шешілер еді. Сондықтан бұл мәселені жүзеге асырудың бірден-бір жолы әркім өз шаңырағында қазақша сөйлеу керек. Балаларын қазақ балабақшаларына, қазақ мектептеріне беруі қажет. Қалған тілді бала өзі үйреніп алады. Біздегі ең үлкен қасірет тапқан анасы баласымен өз тілінде сөйлеспейді, қазақша әлдилемейді. Қазақ тілін білмейтін, қазақ дәстүр-мәдениетіне шекесінен қарайтын шоқыншық, мәңгүрттің ұрпағы қалай зорласаң да қазақ болуы қиын.

- Қазақтар әр нәрсеге еліктегіш қой...

- Еліктегіш. Бірақ, бұл қиындықтан туатын жағдай. Мәселен, Қытайға қазақтар қуғын-сүргін көріп, қиындық қашып көріп барды. Егер ол қытайша тіл білмесе, қытайдың тіс-тіс жазуын үйренбесе, күнін көре алмас еді. Түркияға Кашмир асып барған қазақтар да түрік тілін үйренді. Бірақ бұл ұқсас тілдер. Ұқсас тілдер бірін-бірін жұтып қояды. Ондағы қазақтардың аға буыны қазақша біледі, ал бүгінгі жастар түрікше сөйлеп кеткен. Ал енді Түркияға Ауғанстаннан барған қазақтардың тілі тап-таза. Өйткені, олар ауғандардың ортасында болды, ол жерде қазақ тілін не мүлде ұмыту керек, не сақтап қалу керек. Өзге тілдік топта қазақ тілі оқшауланып өмір сүрген. Еуропада, Норвегия, Франция, Германияда жүрген қазақтарды мен көрдім. Түркиядағы қазақтарға қарағанда олардың тілдері таза. Себебі, қазақ тілі өзге тілдік топта тұр. Өзбекстандағы Жоғары Шыршық, Бостандық аудандарындағы қазақтың тілі өзбектеніп кеткен. Орыс ортасындағы Омбы қазақтарының тілі таза. Яғни, басқа тілдік ортада қазақтар өзінің тілінің күші мен қуатын сақтап қалған. Моңғолиядағы қазақтардың жөні басқа. Баян-Өлгий мен Ұлан-Батырдың арасы екі мың шақырым шамасында. Теміржол жоқ, қатынас шамалы. Қобданың бойына біздің қазақтар сынын бұзбай қона қалған. Қазақтың салты мен дәстүрін, әдет-ғұрпын, үлкенді сыйлау, өзгеге кеудесін бастырмау сияқты қазақи қасиеттерді сол жердегі қандастарымыз жақсы сақтаған. Ең рухы жоғары осы Моңғолиядан келген ағайындарымыз деп айтуға болады.

- Шенеуніктер көзімен қарағанда біздің халықтың тірлігі жақсы. Бірақ, елдің пікірі қарама-қарсы ыңғайда. Сіз қалай ойлайсыз, ел-жұртымыздың ахуалы қаншалықты түзелді?

- Халықтың жағдайын білу үшін өзіміз тұратын Астана қаласын жай ғана аралап шықсаңыз болды. Бүкіл елдің тынысы осыдан көрінеді. Оған ешқандай ғылыми социологиялық зерттеудің қажеті жоқ. Бәрі алақандағыдай айқын. Шын мағынасындағы Астана аспанмен таласқан зәулім үйлер, жұтынып тұрған көшелер, хан сарайындай котедждер мен солардың алдына тізілген сан алуан шетелдік қымбат көліктер. Сол машиналарға мініп-түсіп жатқан алтынмен апталған қыз-келіншектер мен тістері жарқыраған еркектер, міне, бұл жаңа қала – Астана. Одан кейін бұрынғы облыс кезінде салынған, қабырғалары жарыла бастаған, есіктерінің алдына асфальт төселмеген сұрғылт үйлерді көресіз. Кеңестік кезеңнен қалған қарапайым автомобильдер мен жай ғана тіршілік кешіп, аса алаңдай қоймай, жайбарақат жүрген қоңыр төбе ел халықтың екінші бір тобы. Бұдан соң белуарынан жерге кіріп кеткен, төбесінде шатыры жоқ жатаған үйлер мен маңайлары батпақ, аулалары қоқысқа толы сұрықсыз баспаналарды, соларда тұрып жатқан қабақтары қату, сұрқай адамдарды кездестіресің. Қазақстанның бар байлығы құйылып, алып құрылыстар жүріп жатқан бас қалада осылай алпауыттар, орташалар және кедейлер тайға таңбас басқандай айқын байқалады. Базарға барсаңыз түп-түгел Қытайдан, Қырғызстаннан әкелінген тауарларды сатып отырған қазақтың қыз-келіншектері, арба сүйреткен қазақтың жігіттері. Күнкөріс қамымен бес-он теңге үшін таңертеңнен қара кешке дейін табанынан таусылып, сауда жасаған жұрт, қаладан сәл ұзап шығып ауылдарға таман барсаңыз, қирап қалған үйлер, марғау тірлік кешкен ел, мыңғырған малдан айырылып жетімсіреп қалған дала көзге түседі. Ал, әлгі бүкіл елдің тіршілігі жақсы деген сөз артық. Біздің алпауыт байлар АҚШ-тың немесе Еуропаның байларындай болғысы келеді, солар сияқты шетелдердегі курортты жерлерден дем алатын үй-жайларын салып алды. Соларға қарап енді бүкіл қазақ халқының жағдайы жақсарды деп қалай айтуға болады? Бір тілім нан мен қара шайға қарап қалған жұртты, үстіндегі бір киер киімді жылдар бойы ауыстыруға шамасы келмейтін қарапайым елді қайтеміз? Рас, Өзбекстанмен салыстырғанда жағдайымыз біршама тәуір, тыныштық орнап тұрғаны да, лаңкестіктен ада екеніміз де, халықтың бірлікте өмір сүріп жатқаны да ақиқат. Бірақ, осынша байлықпен елдің тіршілігін бұдан әлде-қайда арттыруға болатын еді ғой. Билік басында отырған азаматтар мен Парламент мәжілісіне жаңадан сайланған депутаттар алдымен осы жайға назар аударады деп үміттенеміз.

- Сіз көп жылдан бері жоғарғы оқу орындарында дәріс беріп келе жатқан ұстазсыз. Сол тұрғыдан келгенде, Қазақстандағы білім реформаларына деген көзқарасыңыз қандай?

- Бұл дүниедегі ең үлкен ежелгі империялардың бірі Ұлыбритания ғой. Барлық халықтарға тілін мойындатып, оны халықаралық қатынас тіліне айналдырған осы ағылшындар. Күні бүгінге дейін бұл ел сонау Шекспир заманындағы емлені пайдаланады. Соны өзгертуге болады ғой. Бірақ, олар өзгертпейді. Ал, ананы көрсе анаған, мынаны көрсе мынаған жүгіру деген бұл қоғамдық тәжірибеде, әлеуметтік мәселеде ойланып жасалмаса, түбі трагедияға апаратын қадам. Сондықтан біздің елдегі білім реформаларына таң қалмасқа болмайды. Айналып келгенде Қазақстан Ресей үшін, Англия үшін маман даярламайды, өзі үшін маман даярлайды. Ендеше, Қазақстанның мектебін бітіретін қабілеті күшті, қабілеті орташа, қабілеті әлсіз балалардың барлығына сен міндетті түрде ағылшын тілін біл, сен міндетті түрде орыс тілін жоғары дәрежеде меңгер деп айта аламыз ба? Талап қоя аламыз ба? Қоя алмаймыз. Сол себептен де еліміздің мектеп оқушылары ана тілін, ұлттық тілді алдымен игеріп, өзге тілді өз талабы бойынша содан кейін білсе де жетіп жатыр. Мына Германия соғыстың жарасын жазып, экономикасын көтерді, қазір әлемде экономикалық әлеуеті жағынан үшінші орында. Білім беру тегін. Біздің білім ісімен айналысатын мамандарымыз жыл сайын оқу ақысын көтеру мәселесін алға қояды. Ол ақы жоғарғы оқу орындарында сабақ беретін оқытушыларға беріледі деп, студенттер мен оқытушыларды алауыздыққа итермелейді. Негізі, сапалы білім беруді ойлау керек қой. Бұрын Қазақстанда елудей жоғарғы оқу орны болса, қазір мөлшермен екі жүзге жақындап қалған сияқты. Осынша оқу орны бізге қажет пе? Шамадан тыс заңгерлер мен экономистер керек пе? Бізде сол ертең жұмысқа тұруды қамтамасыз ете алмайтын басы артық құжаттарды берумен уақыт өткізу көп. Мәселен, осы Астанада ұлы құрылыс жүріп жатыр, болашақта да жалғаса береді. Оған бірден-бір керекті оқу орны – құрылыс институты немесе құрылыс академиясы дер едім. Ол жоқ. Оның есесіне, ана жерде де заңгер, мына жерде де экономист, халықаралық қатынастар мамандығына даярлайтын оқу орындары. Қазақстан бейне бір дүние жүзіне дипломатиялық кадрлар даярлап беретін ошақ секілді. Сыртқы Істер министрлігінің аппаратына көп болса бір мың адам керек шығар. Ал біз жылда жүздеп, екі жүздеп маман шығарып, жас буынды айдалаға сандалтып жатырмыз. Түркияда жетпіс миллион халық бар, жеке меншік орны жетеу ғана дейді. Бізде сапасы жоқ, кітапханасы жоқ, базасы жоқ, елден келген балалардың бес-он тиынын қағып алып, бизнес жасап байып отырған да топ шықты. Осыларға тыйым салу керек. Экономикада да, әлеуметтік салада да, мәдениетте де шынайы жанашырлық танытпайынша, заңды тәртіп болмайынша жөнге келу қиын. Бұл өмір көрсеткен тәжірибе. Соны ұмытпаған жөн.

- Енді бір сұрақ, сіз үлкен ғалым, әдебиет зерттеушісісіз ғой, қазір немен айналысып жүрсіз?

- Осы сауалға жауап бермей-ақ қояйын. Өйткені, бүйтіп жатырмын, сүйтіп жатырмын деу әдетімде жоқ.

Әңгімелескен Ғабдул-Ғазиз Есембаев,

«Нұр-Астана» газеті, 23 қыркүйек, 2004 ж.

АРМАН БІТПЕСІН

- Сіз өзіңізді үлкен ғалым ретінде мойындаттыңыз ғой. Ал енді мектеп қабырғасында жүргенде, жас кезіңізде өзіңіз кім боламын деп армандаушы едіңіз?

- Біз соғыстан бір жыл бұрын туған төлміз ғой. Соғыстан кейінгі кездерде біздің ауылға Американың машиналары келді. Алғаш колбаса дегенді, консерві дегенді сонда жеп көрдік. Сол кездерде мен шопыр болуды ойлаушы едім. Ауылдың бүкіл балалары шопыр болуды армандайтын. Одан кейін самолет шықты, қазір түркілер ұшақ деп жүрміз ғой, С.Сейфуллинде де ұшақ деп аталады, ол кезде аэроплан дейтін, сол самолетті көргенде, жапа‑тармағай, шамамызға қарамай, ұшқыш болуды армандадық. Кішкене ес жия бастаған кезде, 8-9-10 класс оқып жүргенде, мақсат арман деген анықтала бастады, әдебиет жағына қарай көңіл кетіңкіреді, сол арманды қуалап университеттің филология факультетіне келдік қой.



- Енді сол университетке филология факультетіне түсіп жатқан адам көп те, ғылым жолына түсіп жатқан адамдар аз ғой. Осы ғылым жолына түсуіңіздің алғышарттары болды ма, әлде біреу ықпал етті ме?

- Ғылым жолыма түсуіме профессор Бейсенбай Кенжебаевтың мені екінші курстан кейін жазда алып қалып, Сабыр шәріповтің өмірі мен шығармашылығын зерттеуге отырғызып қоюы себепші болды. Сол ақсақалдың ықпалымен ғылымға бой ұрдық.



- Профессор Б.Кенжебаев болмағанда, тағдыр жолыңыз басқаша болуы мүмкін бе еді?

- Әрине, бәрі Алланың қолында ғой. Енді қаншалықты дәрежеде жүйрік боларымды білмеймін. Бірақ журналистика, проза, әдебиеттану саласында біраз еңбектер, әрине жазатын едім. Архивті қарауға, халқымыздың ескі мәдениетіне көңіл бөлуге, бір тақырыпты, мәселені ұзақ та тыңғылықты зерттеуге үйреткен профессор Бейсенбай Кенжебаев. Сол кісінің бірден бір ықпалы деп есептеймін.



- Ғылым жолына түскен адамның бірден бір серігі, оның үңілетіні, білім алатын қоймасы кітап қой. Қазір ақпараттың ағыл‑тегіл молшылық кезі. Соңғы кездерде орыс тіліндегілерін алмағанда, қазақ тілінде шығып жатқандарының өзін таңдап оқымасаң, барлығын оқып шығу мүмкін емес қой. Осының ішінен ғылым жолына түскен адам немесе өзінің білімін жетілдіргісі келген адам кітапты қалай таңдауы керек?

- Сұрағың түсінікті. Бізге сабақ берген кезде Мұхтар Әуезов орыс студенттерінің кітап оқу тәсілін айтып отыратын. Әуезов лекцияларында Абайтану ғана емес, дүниежүзілік рухани мәдениеттегі, эстетикалық мәдениеттегі, адамзат тарихындағы ұлы‑ұлы авторлар: Ломброзье, Дидро, Гегель, Кант, Ницше, Фрейд есімдері, болмаса қазір‑қазір ғана айтыла бастаған Бердяев, Бакунин есімдері айтылып қалатын. Біздер сол Әуезовтің аузынан шыққан авторлардың еңбектерін іздеп жүріп оқитынбыз. Бізге жер аударылып келген, қуғындағы жебірей, әдебиетші профессор Александр Гербстман шетел әдебиетінен сабақ берген. Ол Европа мәдениетінің адамы бола тұра, қазақ студенттерін қомсынбайтын, ағыл‑тегіл дәріс оқып, мол білім беруші еді. Профессор Б.Кенжебаев қиын кезеңде, жабық кезеңде, аттарын айтуға болмайтын кезеңде бізге Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов шығармаларын оқуға құлағымызға оңашада сыбырлап қоятын. Мен сол 1958-1963 жылдар аралығында ерекше рұқсатпен ғана оқуға болатын А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың, Х.Досмұхамедовтің, Ә.Бөкейхановтың еңбектерін профессор Б.Кенжебаевтың ықпалымен, сол кісінің кеңесімен оқыдым деп айтсам, әділет болады. Әрине кітаптың барлығын оқу, барлығын түгесу мүмкін емес, бұл ретте ұстаздың, болмаса жолдастың, болмаса осы дәуірдегі әлеуметтік қозғалыстың рөлі күшті болмақ. Біз студент болған кездерде Сукарноның, Нерудің кітаптары студенттер ортасында кең таралды. Тіпті теріс философиялық үлгі деп есептелетін Шопенгауэр, Кант, Сартр, Кьер Кегор еңбектерін біз сол кезде оқыдық. Ол кітаптардың кейбіреуі қазір менде сақталған, көрсетуіме болады.



- Бұл сұрақты сәл ертерек қоюым керек пе еді? Жаңа өзіңіздің ұстаздарыңыз ретінде ұлы Мұқаңды, Б.Кенжебаевты, Нұртазинді айтып жатырсыз ғой. Енді сізді де ұстаз ретінде, ерекше ұстаз ретінде бағалайтын шәкірттеріңіз көп. Сіздің ұстаздық мектебіңіз деп айта берейік, осы аты аталған кісілердің, өзіңіздің ұстаздарыңыздың, қайсысының мектебіне жақын келеді?

- Енді бір мәселе соңына түбегейлі түсуден, шамасы жеткенше еңбек тындыруға, мақсатқа, идеалға, адалдық тұрғысынан мен өз басым да, әріптес достарым да, КазГУ‑дың қазақ әдебиеті кафедрасындағы бірқыдыру азаматтар да, бәріміз ұстазымыз Б.Кенжебаевтың шапанынан шыққан адамдармыз деп есептейміз. Өйткені Бейсекең шығармашылық ісінде, өмір тіршілігінде ұраннан, айқайдан, жалтырақтан бұрын, мүмкіндігінше, шамасы жеткенше, тереңірек қазуға, фактіге, материалға, дерекке үңіліп, мақсатқа адал болуды алдыңғы қатарға қоятын. Әрине ұлы Әуезов дүниежүзілік әдебиеттің классигі болды, қазақ қауымының ұстазы, бір жыл, екі жыл сабағын тыңдағанмен қоян‑қолтық араласып, ұстаздық емшегін жарып емдік деп айта алмаймыз. Ал орасан зор білімді, байтақ эрудицияның иесі Темірғали Нұртазин қиын өмір кешкен, қудаланған, азап көрген адам болғандықтан шығар салқын, суық еді, ол кісінің төңірегіне көп шәкірт үйіріле алмады. Бейсенбай Кенжебаевтың бойында жылылық, кеңдік адамға деген қамқорлық орасан мол еді.

- Ал енді адам бойындағы қандай қасиеттерді өзіңіз ұнатасыз, қандай қасиеттерді жаратпайсыз?

- Адам бойындағы өтірікті, екіжүзділікті, аярлықты жаратпаймын. Жігерсіздік, жалқаулық жаман қасиет. Елін, жерін, тілін сүйетін адамдарды жақсы көремін. Тіпті айналып келген кезде адамның таланты да емес, білімі де емес, еліне, жұртына, Отанына деген қызметі бойынша бағалау керек. Талант, білім дегенді жеке бастың қамына, ішкен‑жегенге, жауыздыққа, зұлымдыққа жұмсау ол да бір сор. Небір қабілетті, үлкен білімі, мансабы болған адамдар бар. Қазақ тарихындағы сондай кейбір адамдардың ісіне көз жүгіртсең, олардың туғанынан, тумағаны артық еді ғой деген ойға келесің. Табиғатынан әлсіз жаратылған, ата‑анасынан алып туғаны аздау кісі, аздау ғана айналымда шеңбер жасайды. Маңайы, ішкен‑жегені, қорда байлығы деген секілді. Ал аса қабілетті, білімді, қайратты болса, бірақ халқына қызмет етпей, мансапқа, шенге, шекпенге күш жұмсайтын мықты – жұт, кесапат.



- Қоғамда жүріп жатқан өзгерістерге, қайта құруға сіздің көзқарасыңыз қандай? Осының түбі бір жақсылыққа апаратынына сенесіз бе?

- Түбі жақсылыққа апару керек қой. Бұл адамзаттың бүкіл мақсаты, бүкіл арман‑тіршілік, барлық күрестің мақсаты – адамның тіршілігін жақсарту, адамның бойын жылыту, ой‑сезімін, жүрегін тербету. Қазір, менің ойымша, үлкен ағыстар жүріп жатыр: суық ағыстар, жылы ағыстар. Толып жатқан толқындар. Бір толқын бүгін пайда болып, ертең өліп жатыр. Тірі ағыстар келе жатыр. Біздің буынның өз уақыты өтіңкіреп кеткен секілді. Кей кезде біздің буын өзін‑өзі таппаған, толық мүмкіндігін пайдаланып, іске асырмаған буын секілді көрінеді. Жас, студент кезімізде көп дүниеге еркін қараған, басқаша қараған едік. Артынан біз тұсаулы буынға айналдық. Мағжан айтатындай, шынжыр біздің қолымыз бен аяғымызға емес, тілімізге түсті. Булықтық. Сол шідерге, қыспаққа шыдай алмай көптеген боздақ шетінеп кетті. Мәселен, Мұқағалиды, Жұмекенді, Төлеужанды, Евней Букетовты, Мұрат Айтхожинді, Мұрат Хамраевты тоқырау заманының құрбандары деп есептеймін. Өздерінің мол таланттарын толық іске жарата алмай кетті деп есептеймін. Тірі қалғандар, қазір қатарда жүрген азаматтардың көбі бар мүмкіндігімізді іске асыра алдық, ұлтқа қалтқысыз қызмет атқардық деп айта алмас. Адамда түптің түбінде уақыт көндірмейтін, уақыт сындырмайтын ешнәрсе жоқ. Қайта құру, өзгеріс, реформа, жаңғыру, даму – дүниежүзінің үміті, жаңаша ойлаудың бір ерекше бағыты. Бұрынғыдай топтық, таптық, партиялық идеалдар емес, адам баласының қасиеттері, гуманитарлық игіліктер, әлеуметтік игіліктер, эстетикалық игіліктер, экономикалық игіліктер бірінші қатарға шығып отыр. Ең алдыңғы қатарға адам шығып отыр. Адамдарды болатын немесе болмайтын ертегі, жұмақпен алдарқату емес, тіршілігінде қазір, бүгін осы жарық дүниеде көретін шапағаты, идеясы ой‑сананы билеп жатыр. Бұл бізде ғана емес, дүние жүзіндегі ең іргелі берекелі бір ағыс қой деймін.



- Қазақстан өзінің толық мәніндегі егемендігін, яғни суверинететін қашан алады деп ойлайсыз?

- Қазақстан халқы бір текті, мәселен Арменияда армяндар 98 %, Әзербайжанда әзірбайжандар 90%, Грузияда грузиндер саны басым, Эстония, Молдавия, Қырғызстан, Қазақстанда негізгі ұйытқы болған халықтар саны кемшін. Осыдан барып экономикалық мәселелер, демографиялық мәселелер, тіл мәселелері келіп шығады. Жеріміздің кеңдігі, қазба байлықтардың молдығы бізге табиғи тұрғыдан жақсы өмірге мүмкіндік бермек. Қазір мұнай сатып, кен сатып байып кеткен мемлекеттерді жақсы білеміз. Әрине, құр даурықпа мақтанмен, бос ұранмен, қағазда ғана қалатын қаулымен Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмайсың. Бұл салада орасан зор жұмыстар күтіп тұр. Отарсыздану саясаты қатал жүргізілу керек: басқаруда, білім беруде, мәдениет пен өнерде, күндлікті тіршілікте орынсыз, жосықсыз миграцияны тыю керек. Есіктен кірмей жатып, төр менікі дейтін пиғылды, қазақ халқына кемсіне қарайтын, тарихқа кемсіне қарайтын, егемендігімізге кемсіне қарайтын пиғылды тыю шарт. Бұдан кейін Қазақстан жерінен алынатын қазба байлықты игеретін жаңа зауыт, фабрикалар салуды, жаңа өндіріс орындары, ең алдымен, қазақ халқының келісімімен, бізге қаншалықты жақсылық бар, қаншалықты зиян бар деген мәселелерді бұдан былайғы дәуірлерде Аралдың трагедиясы секілді, Семейдің трагедиясы секілді, Сарыөзекте болған оқиғалар, Маңғыстаудағы, Еділ‑Жайық бойындағы келеңсіздіктер, келеңсіздіктер емес‑ау, масқара трагедиялар, ғасырдың трагедиялары енді қайталанбас үшін, Қазақстанның геосаяси тәуелсіздігі идеясы, экономикалық тәуелсіздік идеясы, әлеуметтік тәуелсіздік идеясы, демографиялық саясаттың өзектілігі бірінші қатарға шығу керек. Президент, іс басындағы азаматтар, депутаттар, жазушылар, журналистер ғана емес, күллі халық болып әрбір азамат ойланған жағдайда, бір санаға келген уақытта осы мәселе шешіледі ғой деп ойлаймын. Жалпы, қазір ұлтарақтай жердің құны батпан алтынмен есептеліп отырған кезде, мынадай ұлан‑ғайыр жеріміз барда, жеріміздің астында ұлан‑ғайыр байлық барда, барлық мүмкіндігін ашып болмаған, зор трагедия көрген, ХХ ғасырдың ең ауыр трагедиясын бастан өткерген, өз халқының жартысын аштан қырып алғаннан кейін қазіргі уақытта қайтадан тірілген, қайтадан өмірге келген феникс сияқты сілкініп оянған, өліп‑тірілген жарадар батыр секілді елестейді қазақ маған. Бірақ ұрлық‑қарлық, парақорлық күшейсе, ат төбеліндей азғантай топ байиды, қара халық таз кепені қайта киеді. Сол батырдың жарасы жазылып, ауруынан айығып, бойына қайтадан қуат бітіп, Қобыланды секілді түлеп дүние жүзі халықтары қатарында аршындап адымдайтын болса, сол халықтың өкілі болу, сол халықтың қолына қалам ұстаған жазушысы не ғалымы болудан асқан бақыт бар ма?! Және осы күнде жер басып жүрген қазақтардың саны он миллионнан аса бастаған кезде кейбіреулер айтып жүргендей сорлымыз, мүсәпірміз, болашағымыз жоқ дегенге мүлдем қосылмаймын. Өйткені саны жүз мыңға жетпейтін елдердің өзінің ертеңнен үміті бар. Ал енді он миллион деген, кім есептесе де, қалай есептесе де алып күш қой.



- Осындай үлкен ел болып қалыптасу үшін, жаңа өзіңіз айтқан, армандағандай ел болу үшін сол міндет жалпы халықтың өзіне түсе ме, жоқ сол халықтың серкелеріне, тұлғаларына түсе ме? Өйткені менің есімде, КСРО халықтарының І съезі туралы шетелдің бір газеті жазғанда «Орта Азия ұйықтап жатыр» деген болатын. Міржақып кезінде «Оян, қазақ!» деп айғай салды. Бізде негізінен көбіне зиялы қауымға, жеке тұлғаларға біздің халқымыздың тағдырында үлкен рөл атқаратын сияқты. Және осы жерде жеке тұлғалар мен халық арасындағы байланыс жөнінде дамыта айтсаңыз.

- Абайдан қалған бір сөз бар. Жалпы, Абайдан қалмаған сөз жоқ қой. Абай айтады: «Единица болмаса, не болады өңкей нөл!». Осыдан қарасаңыз, кеудесіне ұлттық сана түспеген, әлеуметтік сана түспеген, қара басы, ішкен‑жегенін ғана ойлайтын адам – ол халыққа тұтқа болады, тұлға болады деп ойлау қате. Қазіргі Кавказдағы, Балтық бойындағы әр түрлі қозғалыстар, солардың себебі‑сыры деген мәселелерді ойластыру керек. Сол елдерді соңғы екі‑үш жылда түгел аралап көрдім. Армения, Әзірбайжан, Грузия, Латвия, Литва, Эстонияда да болдым. Бұл елдердегі халықтың бірлесуі, бір ауыздан сөз сөйлеуі, бір жеңнен қол шығаруы – ұзақ жылдар күресінің, нақты әрекеттердің нәтижесі. Халықтың тығыз отыруына да байланысты. Қалада топтасу, жұмысшылардың мол болуы деген факторлардың ерекше күші бар. Ал қырға шықсаңыз, аралары 70-80 шақырым, бір‑бірінен шалғай, таза қазақтар ғана отырған елді мекенге барсаңыз, ол жерде біздің тілге зиян келіп жатқан жоқ. Өйткені өздері ғана отырғандықтан бәрі қазақша: қазақша сөйлеседі, қазақша оқиды, қазақша өмір сүреді, тұрмыс‑салт бәрі қазақша. Еңбек соңындағы ел‑жұрт бала‑шағасының, ұлдарының, қыздарының кәсіби мамандық алып, жан баққанын қалайтын ыңғайға, психологияға түскен реттер бар. Ал енді соңғы бір‑екі жылдағы біздің қазақ қоғамындағы өзгерістерге назар салсаңыз, А.Байтұрсыновтың, Шәкәрімнің, М.Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың қайтып келуі ұлттық санамызды ерекше өзгерістерге түсірді. Құлдық психологиядан, еңбектеген, тізерлеген психологиядан құтылу – мақсат. Депутаттарға қатысты әңгімеге келетін болсақ, бұрын олар тізімменен, нұсқауменен, иек қағуменен сайланды, өкімет отыр десе отырды, тұр десе тұрды, қол көтерді, бас шұлғыды. Кеше ғана сессияның күн тәртібіне, Қарағандыдан келген жігіт, шамасы шахтер болу керек, полигонды жабу туралы мәселені күн тәртібіне қою туралы дәлелді, қызу айтып өз сөзін өткізді ғой. Осы секілді қайраткер азаматтар әр жерден шығу керек. Ал, ең бастысы, ұлт өзін‑өзі сақтау үшін тілін сақтау керек, мәдениетін сақтау керек, дәстүрін сақтау керек, ата – бала – немере арасындағы жалғастықтар үзілмеу керек. Шеше – ене – келін арасындағы арналар, өзектер, тамырлар шабылмау керек. Біз осылардан айрылып қалдық. Өз баласымен, өз немересімен өз үйінде ана тілінде емес, мыңдаған жылдар қалыптасқан тілде емес, ресми тілде, жиналыстардың тілінде сөйлесетін отбасылар пайда болды. Сондықтан трагедияның себебін сырттан, басқа біреудің зорлығынан емес, өзіміздің қамсыздығымыздан, есікті жаппай отыруымыздан іздеуіміз керек.



- Сіз аты белгілі ғалымсыз, Қазақстанның ұлттық Ғылым академиясының корреспондент‑мүшесісіз, жазушысыз ел таныған, арманыңыз бар ма?

- Арманы біткен күні адам өлу керек шығар. Арман бітпесін.



Сұхбатты жүргізген Б.Құсанбек,

Қазақ телевизиясы,

1990 жыл.

ҚОЛТАҢБА

- Кеш жарық! Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі, Қазақстан республикасы ұлттық Ғылым академиясының академигі Рымғали Нұрғали. «Ұлт өз‑өзіне келу үшін не істеу керек» деген сұраққа жауабыңызға жүгінгелі отырмыз, аға.

- Бір өзендер, бұлақтар бар. Айғайлап шығады, таудан басталады. Содан кейін ақырында құмға сіңіп жоғалады. Бір кішкентай бұлақ болады, жылға қосылады, оған саға қосылады, өзенге, дарияға айналады, Ертіс секілді мұхитқа құяды. Сондықтан ең қорқатын нәрсе – жалғасы жоқ нәрсе, келешегі жоқ нәрсе. Қазақтың тіліне, мәдениетіне, дәстүріне, кісі сыйлау сыпаттарына, әкелікке, аталыққа, балалыққа, немерелікке немқұрайды қарайтын болсақ, шетелдің киімін киген секілді, шетелдің автокөлігін мінген секілді, соның барлығы интернационализм, соның барлығы бір қазанға құйылған нәрсе дейтін болсақ, онда адамның жүрегі қалай ауырмайды, тіршілігінің, өмірінің мағынасыздығы деген қорытынды шығады.



- Жоспарда жоқ сұрақ шықты. Сізді, менің пайымдауымша, таза ғалымдардың арасындағы бірі, бірегейі шығар деп ойлаймын (көпшік қойғандығым емес). Таза ғылымда жүргеніңізге (сізге енді қызметке баратын болсаңыз, дәл 60-70-80 жылдары ондай мүмкіндіктер мол болған шығар) бүгіндері өкінбейсіз бе? Таза ғалымдықтың пайдасы көп болды ма, әлде әттегенайлары көп болды ма?

- Мына сұрағың қызық екен. Кешегі Совет заманында өзінің қоғамдық‑әлеуметтік мансабын жаңа бастаған адам үшін баруға қиын, тіпті мүмкін емес үш мекеме болды: біреуі – Қазақстан Коммунистік партиясының орталық комитеті, екіншісі – Қазақ Республикасының Қауіпсіздік комитеті, үшіншісі – Ғылым академиясы. Бұларға бару үшін қабілетіңменен, икеміңменен көріну аз, ең алдымен, партия мүшесі болуың керек. Ол кезде қалтасында партбилеті жоқ адам тәуір қызмет істеген жоқ. Тіпті қатардағы баспаның бөлім бастығы болу үшін де Компартияның мүшелігі керек болатын. Әлгі жақтарға менің де кетіп қалуым мүмкін еді, бірақ мені сол коммунистік партияға мүше етіп алмады.



- Алмады ма?

- Ұзақ уақыт алмады. Менің ұстазым профессор Бейсенбай Кенжебаев болды‑дағы, алғашқы жазған‑сызғандарым ертерек шығыңқырап қалды. Одан кейін әлі ақтала қоймаған Алаш қайраткерлеріне байланысты кейбір пікірлерім басылып кетті, ана Бейсекеңді ұнатпайтын, Бейсекеңмен ұстасып жүрген үлкен адамдар сол кісіні мұқату үшін менен өшін ала бастады. Содан кейін бір рет, екі рет өте алмай қалғаннан соң, енді не істейсің, коммунист еместердің барлығы да қырылып жатқан жоқ, сол коммунист адам емес ретінде тіршілікке әрекет жасайсың, екінші жағынан жас кезінде адамның барлығы жігерлі, мақтаншақ, мен деп бастайды, сол мендігіңді қанша танауыңды көтеріп айтқанмен, ешкім мойындамайды, сондықтан мойындату үшін бір әрекеттер жасау керек. Сол ұмтылыс арқасында аспиарнтура бітірдік, одан кандидаттық диссертация қорғадық. Сол себептерден де, ес жия бастағаннан кейін, шынында да, бірқыдыру жұмыстардың баянсыздығына көзім жетті. Негізінен мен жұмыс істеген үш‑ақ жер ғой: Қазақтың ұлттық университеті, Қазақ ұлттық энциклопедиясы, Жазушылар одағы. Біреуінде қатардағы оқытушы, профессор, факультет деканы, екіншісінде бас редактор, үшіншісінде кеңесші.

- Студент кезіңізде «Лениншіл жастан» бастаған жоқсыз ба?

- Енді ол студент кездегі жартылай тәжірибе, жартылай жұмыс. Бірер жылдың шамасында.



- Білетінімді білдіріп жатқаным ғой.

- Онда да көңілдің ерекше қалған, жүректің шошыған тарихтары бар. Сол кездегі Солтүстіктің бес облысы Тың өлкесі деп аталды да, сонда тілші болдым. Кешегі ата‑баба зиратының трактормен құлатылғанын көрдім, Ақмола қаласындағы кеңседегі 99% қызметкерлердің Украинадан, Ресейден, Молдавиядан келген адамдар екендігін көрдім, көшеде бірде‑бір қазақ сөзін естімегенді көрдім, 700-800 мектептің жабылғанын көрдім, бүкіл Солтүстік атырапта екі‑ақ ауданның басшысы қазақ болды, облыстың басшысы мүлде жоқ. Сол төңіректің барлығының жат табанында қалғанын көріп шошыған жүрек. Содан бір жылға жетер‑жетпес уақытта Алматыға қайтып келіп, журналистиканы қойып, бүтіндей ғылымға қарай бет бұруымның себебі отаршылдықтан түңілу еді.



- Саяси элита я болмаса Қазақтың элитасы деген ұғым бар қазір. Осының критерийі не, лауазымда жүрген адамдар ма, сіз секілді таза ғалымдар ма?

- Бұл қызық құбылыс. ХХ ғасыр басында қазақтың рухани өмірінде жарылыс болған. Астрономдар жұлдыздар әлемі жарылыстан пайда болады дейді. Жаңа жүйелер, жаңа жұлдыздар жүйесі пайда болады. Және олар біреу, екеу болмайды. Бәрі ұялы, бәрі егіз, бәрі шоғырымен. Сол ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялылары дегеніміз – қазақтың жаңа өрлеу заманының, қазақ Ренессансының жемісі. Ондай зиялы, дарынды, талантты, ақ жүрек адамдардың шоғыры сол кездегі патшалық Россияның көлемінде айтқанда, сирек туған, сол кездегі қазақтың Арыстарымен Балтық бойы, Кавказ елдері де, Украина ешқайсысы таласа алмайды. Одан кейінгі замандардың трагедиясы екіге бөліну: бір жағы байлардың идеологиясы, екінші жағы кедейлердің идеологиясы, сонымен қазақтың өзінен шыққан дарынды адамдарына қазақтың өзі оқ ата бастады. Қырылып кетті, жойылып кетті. Содан масқара болғанда, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа дейін қазақтың үкіметін басқарған жоғары білімі бар адам болған жоқ. Оның ар жағындағы Санкт‑Петербург университетін бітірген Халел Досмұхамедов, Санкт‑Петербургтың Транспорт инженерлері институтын бітірген Мұхамеджан Тынышбаев, Мәскеудің Медицина академиясын бітірген Санжар Асфендияров, Санкт‑Петербургтың Орман академиясының экономика факультетін бітірген Әлихан Бөкейханов, заң факультетін бітірген Мұстафа Шоқай, заң факультетін бітірген Жаһанша Досмұхамедовтер секілді ғажайып дарынды, ешқандай байлық, мансап үшін жанын, рухын жалдамаған, сатпаған, ұлт үшін қасық қандары қалғанша қызмет еткен зиялылардың бақайына тұрмайтын, қолдарына су құя алмайтын әлдекімдер идеологияның арқасында «мен кедейдің баласы едім, мен таптан туған едім, мен бесігімде жатқанда, тап деп жылап жатқан едім» деген адамдар барлық салада билікке келді. Одан кейін екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі қырғын жаңа өскінді тағы түк қалдырмай сыпырып әкетті. Одан кейін біздің елімізге елу төртінші жылғы тың игеру деген кесапат келді. Сондықтан алпысыншы жылдардың екінші жартысына дейін қазақта парасат деңгейі жоғары қайраткерлер мүлдем зайып кетті. Ал туғаннан бастап пионер жасап, комсомол, партия мүшесі етіп тәрбиелеген, ылғи идеологиямен миын шіріткен қызметкерлер келді. Әкесінен де, шешесінен де, мұсылмандықтан да – бәрінен де шенін жақсы көретін, партияның бірдеңе деген қаулысының бірдеңе деген тармағы үшін жанын беретін миақылар пайда болды. Ал қазіргі заманғы зиялыға қоятын тағы бір ауыр сұрақ бар, енді дүние деген, мал деген, бизнес деген атпен келген ұрлық‑қарлық, Президентіміз өзі бастап, өзі қарсы күресіп, бірақ бәрібір басын шауып ала алмай отырған коррупция деген бәле шықты. Жеті басты жылан секілді, бір басын шауып алса, құйрық жағынан тағы бір басы шығады. Жыланның анты бар ғой: «Алтын басым аман болса, алты‑ақ күнде тірілем, жез құйрығым аман болса, жеті‑ақ күнде тірілем» деген. Коррупция деген пәле кеулеп, адалдықты, тазалықты, гуманизмді жеп қойды. Мұның басты себебі – бел ауырған жоқ, завод‑фабрика салынған жоқ, өнім өндірген жоқ, талапай заманда астына басып қалған жебірлер төрге озды, содан кейін санасына, миына коммунистік идеология әбден сіңген, қазақтық, елдік деген сөзді бір ұлтшыл пиғылдағы, мешел психологиядағы адамдар ғана айтатын сөз секілді көретін дүбаралар пайда болды, тіпті қазақ тілін керемет білетін, бірақ ұлттың емес, қарнының ғана қамын ойлайтындар шықты. Орыстың тілін, ағылшынның тілін жақсы білетін, қазақ үшін жанын беретін адамдар бар. Бүгін мен бір орталықта болдым. Алаш орталығы деп аталады. Қазір 30-40‑тан аса том шығарған. Қазақтың үлкен‑үлкен ру‑тайпаларының тарихын жазып жатыр. Мәселен, тамаға байланысты үш том. Найманға байланысты үш том. Адайға байланысты үш том деген секілді, үлкен‑үлкен кітаптар. Үкіметтен бір тиын ақша алып отырған жоқ. Қазақтың көне тамырларының барлығын дәлелдеп, кейінгі ұрпаққа қалдыру үшін еңбек етіп жатыр. Осы секілді жанкешті адамдарды, ешқандай депутат болмаса да, ешқандай әкім болмаса да қайраткер деп атар едім. Ал бірдеңе деген қызметте отырғаны үшін әлдекімді қайраткер деп атауға аузым бармайды. Жаңағы сұрағыңызға осылай деп қайырсақ.

- Осы әңгіменің ауанын бұзбас үшін, хабардың соңына қарай бір сұрақ дайындап отыр едім, соған ауысып кеткім келіп отыр. Соңғы кездері біз Абайға тиісетін бір ауруға шалдықтық. Абайдың атын көкпарға айналдыратын бір ауру пайда болды. Осыған кім тыйым салу керек? Үкімет, мемлекет, жоқ сіз секілді ғалымдар? Жаңағы өзіңіз айтып отырған бары бар, жоғы жоқ зиялы қауым, жастар ма? Жоқ бұл сұрақ қисынсыз ба?

- Жалғыз Абай емес, қазақтың көп қасиетті дүниелеріне шабуыл жасалып жатыр ғой. Біреулер оны білместіктен жасайды, шала білімділер. Екіншілер қасақана жасайды. Неге пәленшекеңнің атасынан сондай кісі шығу керек, неге менің атамнан сондай кісі шықпау керек деген секілді қарау ниетті, пасық пиғылдағы адамдардың әрекеті. Абайды айтасыз, таяуда бір газеттен әлем мойындаған, әлем тарихшылары, әлем дипломаттары, мемлекет қайраткерлері мойындаған, бірінші Президентіміз үлгі қылып айтып отыратын, қазақ эпосында орны бар, қазақтың ұлы ақындары жырлаған, шығармалар арналған Абылайға тіл тигізіп жазған мақаланы оқып, жағамды ұстадым. Тағы бір күмәнды кітапта айтылған Абылайдың қайда туғандығы туралы өсек сөз бар. Ол заманда перзентхана жоқ. Туа салысымен қағазға жазып қоймайды. Бүгін пәленше сағатта, пәленшекеңнің шаңырағының астында пәленше туды деп айтпайды. Қазақы дәстүрде, басқаны былай қойғанда, ағайынның бір‑бірінен асырап алған баланы кейін анау менің балам деп айтпайды ғой. Қазір бір сұмдық шықты, ол ананың баласы емес екен, мынаның баласы екен. Абылай хан туралы ғайбат сөз айту тіпті шариғатқа да, мұсылман діні түгіл басқа діндердің де талабына келмейтін сұмдық. Қазаннан қақпақ кетсе, не болады?



- Ит әуес болады.

- Солай.


- Сәкең, Мұқаңдарды айтпағанда, мен өзім көзім көрген Сәбең, Ғабең, Ғабиден ағалардың сіз секілді ортаға келуі бір оқиға болатын. Жастау болатынмын. Бірақ солай қабылдайтынмын. Қазір осы капиталистік қоғамда билік бишігін абайлап тартатын, я болмаса ықпайтын болса да тыңдайтын тұлғалардың жоқтығын немен түсіндіресіз? Жоқ деген сөзден қорықпаңыздар.

- Бағана мен бір пікір айттым ғой, саяси элита, зиялы қауым, ұлы таланттар біреу, екеу болып шықпайды. Шоғыр‑шоғыр болып шығады, толқын‑толқын болып туады деп. Абылайдың түсі бар емес пе! І.Есенберлиннің романында жақсы айтылған. Арыстан – жолбарыс – қасқыр – түлкі – құрт‑құмырсқа – бақа‑шаян. Қазіргі заман солай болып бара жатыр деп айтуға болмас, бірақ Баукеңнің ерліктері, Бауыржан Момышұлының айтатын сөздері қазір түсіңе де кірмейді. «Жұлдыз» журналын оқысаңыздар, Баукеңнің естеліктері шықты. Ешкімнен қаймықпайды. Әуезовке қандай сөздер айтқан, Мүсіреповке қандай сөздер айтқан, Мұқановқа қандай сөздер айтқан, Сәтпаевқа қандай сөздер айтқан. Солай деді деп аналар ренжімеген, айттым деп Бауыржан айылын жимаған. Мұның бәрі – ірілік. Үлкен адамдар мезгіл‑мезгілімен, буын‑буынымен туады ғой деп ойлаймын.



- Экономикалық дағдарыс деген секілді ұлы тұлғаларға деген де дағдарыс болады ғой.

- Рухани дағдарыс дейді ондайды.



- Шәкәрімге оқ атқан Қарасартовпен болған қақтығысыңыз сотқа дейін барды деген сөз рас па?

- Сотқа дейін бара қойған жоқ. былай еді. Жастау кезіңде батыр болып көрінгің келеді, мықты болып көрінгің келеді. Оқып көрсем, Әуезовтен бұрын Еңлік‑Кебек трагедиясын Шәкәрім жазған екен. «Жолсыз жаза» деп. Әуезов соның сюжетін, мәтінін толығымен пайдаланған. Өлеңді қара сөзге айналдырған. Осыны Шәкәрімнің атын жұмбақтап, айтпай жазып жібердім. Ғылыми жетекшім Бейсекең: «Әй, бала, мынауың пәле болады, алып таста» дегеніне қарағам жоқ, шығып кетті. Кітап болып басылып кетті. Марқұм Бейсекең ренжіді, пәлеге ұшырайсың деді. Айтқанындай дәл келді. Шәкәрімнің жендеті Абзал Қарасартов деген демалыстағы, бұрынғы ГПУ қызметкері Алматыға арызданып арнайы келген. Шақырады деген соң, бардым. Орталық комитетте мәдениетке, әдебиетке қатысты бөлімнің бастығы, сырты жұмсақ болғанмен, іші удай ащы, сіз‑біз деп отырып, мақтамен бауыздап тастайтын қызметкер бар еді, кейін үлкен бір баспаның директоры болды. Бастады: «Жоспарға кірем дейсіңдер, бар жағдай жасаймыз, мына кітабыңның ішінде бандит, Алашордашының шығармасын кіргізіпсің» деп түсін суытты. Қарасам, қасында төртпақ, шашы тікірейген, құба қалмақ секілді бір адам отыр. Кесіп алсаң, бір қырым май жоқ, тып‑тығыз. Күздегі қызыл құлжа болады мына біздің Арқа жақта Қарқаралы, Абыралы тауларында. Кәрі құлжа секілді. Бетіне қараудан қорықтым әлгінің. Ол да маған қарады да, орнынан түрегеп кетті. «Ойбай мынау үлкен кісі екен десем, бала екен ғой» деп. Ішім қорқа бастады. Орталық комитет қызметкері баспаға телефон соқты. Біліп отырмын кітапты турағалы жатқанын. Ол кезде кітапты турай береді, кісі өлтірген, адамдарды атып тастаған секілді. Кітаптарды да ата береді. Шыққаннан кейін бардым Бейсекеңе, осылай болды деп, біліп отыр екен. «Кешке қарай кел», ‑ деді. Кешке қарай барсам, бағанағы шашы тікірейген, күздегі қара құлжа секілді, құба қалмақ құсаған кісі үйде отыр. Сө‑ө‑өйтсе‑е‑ем, 1928 жылы Бейсенбай Кенжебаев Павлодардың облыстық газетінің редакторы болады. Жасырын қызмет істейтін, тыңшылықпен айналысатын мекеме бір жас пысық жігіт керек деп сұрайды. Содан бір жас пысық жігітті қызметке ұсынады ғой Бейсенбай Кенжебаев. Ол Абзал Қарасартов болып шығады. Үш жылдан кейін қызметтен өсіп, Шыңғыстау, 1945 жылға дейін Абай ауданы Шыңғыстау ауданы болған, Шыңғыстау ауданының қауіпсіздік комитеті емес, қауіпсіздік бөлімі ме немене? Соның бастығы болып келген. Әруағыңнан айналайын Бейсекең: «Сол кезде мен сені жібермесем, сен қазір полковник болмас едің, сен қазір мұншама пенсия алмас едің, сенің алдыңа жығылдым мен мына шәкіртім үшін» деп, ананың басына үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығаратын секілді Қарағандыға баратын жолына ақша берді, үстіне костюм‑шалбар кигізіп, менің әлгі кітабымды аман‑есен алып қалды.



Залдан (студиядағы жастардан) сұрақ: Рымғали аға, менің жігі бір екі сұрағым болып тұр сізге. Өзіңіз әл‑Фараби атындағы университетте, қазір Гумилев атындағы университетте дәріс беріп жүрсіз. Ұстаздық ету патшалық құрудан да қиын екендігі белгілі. Сол ұстаздық жолында өзіңіз берер бағаңыз да бар қазіргі студенттер мен бұрынғы студенттерге деп ойлаймын. Солардың арасында айырмашылық, сіздің көзқарасыңыз бойынша, қандай?

- Айырмашылық бар. Үлкен айырмашылық. Мәселен, біз ауылда тудық, ауылда өстік. Менің әкем аудандық атқару комитетінің төрағасы деген әжептәуір мансапты қызметте болды. Бірақ оныншы класты бітіргенге дейін үстіме костюм‑шалбар киіп көргенім жоқ, сағатым болған жоқ. Оныншы класты бітіріп келіп, Павлодар облысында жұмыс істеп, бес‑он тиын ақша тауып, алғашқы костюмді сонда кидім, алғашқы сағатты сонда тақтым. Ал қазіргі балалар бақшаға бармай жатып барлық жақсылықты көре бастайды. Ал енді көшеге шығып көрсеңіздер, оқытушылардың көлігінен студенттердің көлігі көп. Яғни халықтың тұрмыстық жағдайы көтерілді. Екіншіден, біздің кезімізде, тіпті алғашқы шәкірттерімді оқыта бастаған кезде, олардың хабар‑ошар алатын, қазіргі тілмен айтқанда, информация алатын көзі біреу‑ақ еді, ол ауылдың барлығында болды, бір қалқиған қара радио. Ертеден кешке дейін сайрап тұратын, өлең айтатын. Телевизордың өзі мына Алматы қаласына, ұмытпасам 1958 бе екен, сол жылы келді. Ауылда телевидение деген жоқ. сонда миы таза, қабілеті, дарыны бар баланың қарайтыны шалдың аузы, кемпірдің аузы, одан қалса, кітап. Ақпараттың барлығын кітаптан алды. Ал енді қазір бала бесіктен шықпай жатып әке‑шешесі телевизорды қосып қояды, ылғи мультфильм, ылғи видеоқатар, яғни бұлардың дүниені қабылдауы біздікі секілді кітап арқылы, сөз арқылы, өзінің қиялы арқылы қабылдау емес, дайын, шайнап берген дүниелерді қабылдайды. Бұрын батырлар жырын, ертегілерді ауыздың суы ағып тұрып тыңдайтын болса, ал қазіргі балаларға оқысаң да қызық емес. Өйткені қалада өскен баланың санасында Құлагер, Гүлбаршын, Құртқа, Кейқуат деген ұғымдар жоқ. Қазақы өмірді көрсететін мультфильм жоқ. Оны айтасыз, телевизор хабары елу де елу пайыз деген құр сөз, ол орындалмайды. Таңның атысы, күннің батысы бәрі өзге тілде. Ату, шабу, өлтіру. Қазіргі тіпті филология, журналистика факультетіне келіп жатқан жастардың мәтінді білуі, тексті білуі бұрынғы студенттерден кем. Бірақ басқа нәрселерді білуі, ана әлемтор дейсіз бе, әлгі қара темір пәленің ішінен алатын фактілері, ақпараттары орасан мол. Жаңа типтегі, жаңа қалыптағы білім алудың өзгеше үлгілері келіп жатыр.



Залдан (студиядағы жастардан) сұрақ: Сыншы болу оңай емес. Әдебиеттегі сыншылықтың салмағы қанша? Адам осы сыншылыққа қалай келеді?

- Баяғыда жиі айтылатын, орыстың Виссарион Белинский деген сыншысы болған: «Сыншы таланты сирек талант, сыншы таланты қатерлі талант» деген. Сол Белинский бар болғаны 37 жасында өлген. Добролюбов деген сыншысы бар болғаны 25 жасады. Қазақ сыншылары: Айқын Нұрқатов 35 жасында, Қалжан Нұрмаханов 37 жасында дүниеден өтті. Ар жағында Ғаббас Тоғжановтарды 37 жасында атып тастады ғой. Ол енді басқа әңгіме. Негізінен, сыншылық жастыққа тән, таза кезге тән, мінезге тән, туа бітті қабілетке тән және білімге тән нәрсе. Анау алпысыншы жылдардың басында қазақ әдебиетінде бірнеше жаңа есімдер шықты. Басы Ғабит Мүсірепов болып сол жаққа жалт қарады. Асқар Сүлейменов деген менің замандасым, құрдасым, қатарласым болды. Қазақтың ең шеткі ауылынан шыққан. Созақтан шыққан, орыс көрмеген Алматыға келгенге дейін. Алматыда бес жыл оқыған кезде орыстың тілін орыстан артық біліп алды. Анау Гурьевтің қазақтар Қанішкен дейді, Ганюшкиносынан Зейнолла Серікқалиев деген жігіт келді. Былай тұрғанда мінезі қыздай. Ал енді қаламмен жаза бастаған кезде кішкене Махамбет тіріліп келген секілді. Төлеген Тоқбергенов деген жігіт болды, Қаратаудан келді. Қазақ радиосында, тағы басқа жерлерде істеді. Дәл айтты. Таза айтты. Қатты айтты. Тарпа бас салды газеттер. Асқар прозаға, киносценарийге қарай ойысты. Зейнолла ғылымға, баспагерлікке ден қойды. Өйткені шыдау мүмкін емес. Сен бір сын мақала жазып, біреудің шығармасын көтеріп айтатын болсаң, оны ұнатпайтындардың барлығы сенің дұшпаның. Біреудің шығармасының олқы тұстарын көрсететін болса, оның жолдастары, ағайын‑жұрты саған қарсы өре түрегеледі. Сынды қабылдау үшін мәдениет, дәстүр керек. Даладағы қалың шіріген қауды көз алдыңызға келтіріңізші. Қалай тазартуға болады?! Кітап деген ат көпір шыға бастады. Қалтаңда ділдәң, көк ала қағазың болса, оның бір 400-500-ін берсең, компьютерші екі‑үш күнде қолжазбаңды жіптіктей қылып басып береді, одан кейін тағы да көк ала қағазды‑ділдәңнің бір уысын апарып берсең, баспахана бір аптада кітап шығарып береді. Редактор жоқ. тексеретін корректор жоқ, Мазмұнын қарайтын адам жоқ. Кітапты сатасың ба, жинап қоясың ба, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Қазір үйі кітапқа толып кеткен адамдарды білемін. Классикалық әдебиет, қазақ әдебиеті емес, өзінің шығармалары. Төрт томдық, бес томдық, бірдеңе деген рудың, бірдеңе деген «данышпанның» өмірбаяны, бірдеңе дегеннің бірдеңе деген енесі туралы кітап. Қазір тіріліп келсе Виссарион Белинский, Мұхамеджан Қаратаев тіріліп келсе де түк қыла алмайды. Сондықтан қабылдайтын эстетикалық, рухани орта болмай, сын дамымайды.



- Фольклор деген, ғылым деп айтайықшы, бар ғой. Сол фольклор, ауыз әдебиеті өзіңіз өте көп еңбек сіңірген, академик болып жүрген Ғылым академиясында біраз жиналған шығар, бар деп естиміз. Сол қаншалықты жиналып бітті деп ойлайсыз? Елдің арасында ескерілмей қалғандары әлі де болуы мүмкін бе? Ал жиналып болса, халыққа қаншалық жетті деп ойлайсыз?

- Жақсы сұрақ. Қазір қазақ фольклорының жүз томдығы шығып жатыр. Ғылым академиясының қазақ бөлімшесі 1939 жылы ашылған. Оның ар жағында арғы уақытты қозғайтын болсақ, 1924 жылы Алматы қаласында сондай бір орталықтың басында Ілияс Жансүгіров тұрған. Көп нәрсе жиналған. Бірталай дүние Ілияс ұсталып кеткен кезде оның жесірі Фатима Ғабитованың қолында қалған. Кейін балаларының қарны аша бастағанда, сол қолжазбаның бірталайын Академияға өткізгені үшін бес‑он тиын ақша алып, талғажау тамағын тауып жүрген ғой. 1946 жылы Қазақстан Ғылым академиясы ашылғаннан кейін қолжазба жинау жолға қойылды. Бірақ бір ескеретін нәрсе, қазақтың азаматын, малын түгел қырып жатқан кезде, бес қазақтың үшеуі аштан өліп жатқан кезде, сенің жерің, малың ғана емес, сөзің де кәмпескеге ұшырап, күл болып желге ұшты. Арабтың әрпімен жазылған кітап болса бітті, соның барлығы түгел өртелді. Сондықтан қазақтың фольклорының бізге жеткені тамтығы ғана. Арғы замандағы ориенталистер‑шығыстанушылардың топтағаны бар. Одан кейін екінші бір нәрсе, жалғыз Мәшһүр Жүсіп Көпеев деген бір шалдың жинаған дүниесінің өзі том-том болып шығып жатыр. Қазақтың әр ауылында ақылды, есті шалдар болды. Олар да көп нәрсені қағазға түсірген. Көбі жойылды, өртелді. Енді қазір жинауға бола ма десең, қазіргінің шалдары мына 70-ке келген біз. Біздің фольклорымыз: «Ленин туын қолға ұстап, Біз парадқа барамыз. Жасасын сегізінші март. Жасасын жиырма үшінші февраль». Бізде фольклор жоқ.



- Кітап дегеннен шығады. Сіздің Алаш азаматтарының я болмаса сол кездегі Коммунистік жүйенің тұсында жабық болған біздің ұлылардың кітаптарын сақтағаныңызды мен қызметте Астанада жүрген кезде, бір екеуміздің ортамызда болған әңгімеден шет‑жағасын естіген едім өзіңізден. Осы студияға жиналған жастар мен миллиондаған көрермендер соны білуге тиісті‑ау деп ойлаймын. Сол кітаптар жайлы айтасыз ба?

- Менің әкем репрессияға ұшыраған адам. Патша заманында Семейдегі бес кластық училищеде оқыған. Сол кезде Алаш азаматтарын көрген, тіпті біразымен дәмдес болған. Сондықтан Алашқа жақындық, ескі нәрселерге ерекше көңіл бөлу деген әкеден келген ықпал. Ол кісі ұзақ жасады. Тоқсанның бесеуіне келіп, беріде қайтыс болды. Үйде бірен‑саран сирек кітаптар болды, оның ішінде сақталғаны қазір менің қолымда. Мағжанның кітапбы, Әлиханның шежіресі. Ал менің қолымдағы Алаш қайраткерлерінің кітаптары, негізінен, ұстазым профессор Бейсенбай Кенжебаевтың дүниелері. Ол кісі жасы ұлғайып, ауру‑сырқау меңдеген кезде кітапханасындағы негізгі байлықтарды бізге таратып берді. Көне түркі дәуіріне байланыстысы Мырзатай Жолдасбековке, Орта ғасырларға байланыстысы Алма Қыраубаеваға, XV-XVIIІ ғасырға байланыстысы Мұхтар Мағауинге, Алаш азаматтарына байланыстысы маған тиді. Содан анау қиын заманда, желтоқсан оқиғасынан кейін бір күні үйге келсем, әйелім ойбайлап отыр, «біз құритын шығармыз» деп. Сөйтсем, үш харіптің адамдары үйді тінткен. Бірақ ана кітаптарды елеусіздей жеріне қойғанмын. Содан ертеңіне оларды алдым да, Алматының жанында Бірлік дейтін ауыл бар, сонда Қожахмет деген ақсақал тұрды. Профессор Құныпия Алпысбаевтың әкесі. Сол үйге апарып, Әтихан дейтін бәйбішесінің Қытайдан келген кебежесі бар еді, сол кебежеге жақсылап тұрып матамен орап тығып қойдық. Кейін қайтарып алдым. Қазір қолымда.



- Ал қазақтың мәдени коды өзгерді деп пікір айтушылар бар.

- Мәдени коды өзгерді дей ме?



- Иә. Бүгінгі заманның терминологиясы ғой. Әйтпесе өзіңіз айтып отырған әңгіменің ар жақ‑бер жағынан аспайды. Осыған қалай қарайсыз?

- Біз бір кездегі ауылдық шағын‑шағын мекендерде жасайтын жұрттан бірте‑бірте қалада тұратын, урбанизацияға ұшыраған халыққа айнала бастадық. Ол кезде ата – бала – немере бір шаңырақтың астында тұрды. Жаңа туған алғашқы немерелер өзінің әке‑шешесінен гөрі атасы мен апасына тән болды. Соның бауырында өсті. Еркін өсті. Ал қалада туып жатқан балалар қазір ата‑әже махаббатын көрмейді, құлағынан тартып таңғы жетіден тұрғызып алып, бақшаға сүйрей жөнелетін баланың келешекте жүрегі жылы бола ма, болмай ма оны құдай біледі. Қара жәшік‑телевизорларың ертеден кешке дейін өзге тілде қақсайды, шетелдің кісінің қанын ішетін, мойнын үзетін бәлелерін көрсетеді. Осылардың барлығы оның санасын бұзып жатыр. Бұл жалғыз қазақта емес, әлемде болып жатқан оқиға. Жаһандану қазіргі ғана емес, атам заманнан бар құбылыс. Техникалық дамудың ең биігіне жеткен Жапонияда бірде‑бір той әкесі мен шешесінің, қазақша айтқанда екі жақтағы құдалардың рұқсатынсыз өтпейді. Көне дәстүр мен урбанизация астасып кеткен. Басқа да дамыған елдерде ұлттық рух, ұлттық мәдениет, ұлттық дәстүр жойылған жоқ. Сондықтан қазақтың мәдени коды өзгерді деген құлаққа кірмейтін сөз.



- Арнайы шақыруымызды қабыл алып, біз үшін ұшан теңіз ойды ортаға салғаныңызға шын жүректен алғысымды айтайын.

- Үлкен рахмет.



- Қолтаңбаңызды қалдырсаңыз (қалам мен қағаз беріледі).

- Жақсы (студияға және студияға келген жастарға қолтаңба беру).



Сұхбатты жүргізген Н.Иманғалиұлы,

Қазақ телевизиясы,

2008 жыл.

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

ТОЛҒАУЫ ТОҚСАН ҚЫЗЫЛ ТІЛ

АЛАШТЫҢ БАС ШЫҒАРМАСЫ
Алаш қайраткерлері ішінде коммунистік террордан тірі қалған жалғыз қазақ Мұхтар Әуезов еді. Ол ұлы толқынның рухани аманатын көркем әдебиетте толық қалдырған бірден-бір қаламгер. Бұл идея ең алдымен оның басты шығармасы «Абай жолы» романында жүзеге асты.

Қазақ әдебиетінің тарихындағы дала тағдырын мұхит тектес тереңдікпен толғаған “Абай жолы” роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің көпке дейін, дәлірек айтқанда, қырықтың үстіне шыққанша, ұлы ақынның өмірі, туған-өскен ортасы туралы шығарма жазу жоспары болмағанын ескерткені бар. Абай өлеңдерін бастыру, ғұмырбаянын жасау, зерттеу еңбектер жариялауды романға барар жол деп санамаған екен. Сондықтан үлкен шығарма идеясы әбден піскен кезде, қажетті уақытты өткізіп алғанына бармақты шайнаған. Дегенмен, ескі жұртта әлі де көп естелік бар-ды. Абай заманының сан-салалы сырларын, дәуірдің қат-қабат тартыстарын, дәлді оқиғалар, аңыз-әңгімелерді даланың жезтаңдай, ескі көз, құйма құлақ адамдары кейде саф таза күйінде, кейде мың құбылтып жеткізген болатын. Абайдың мінезіне қанықтырған қасындағы жары - Әйгерім, ұлы – Тұрағұл, інісі – Шәкәрім, шәкірттері – Көкбай; Қатпа, Баймағамбеттер. Көп нәрсенің түбіне, түкпірлі табанына үңілу керек болған. Ел аузы Қамқа мен Қодар нәпсі үшін қылмысқа барған деседі. Абай үш әйел алған кісі: Ділда, Әйгерім, Еркежан. Дәрмен деген ақын болмаған. Жазушылық мақсатқа орай автор өмірлік дәлді деректерді қажет жерінде өзгерткен, керекті орайда жаңа кейіпкерлер, оқиғалар ойлап тапқан.

Романда қаламгердің бұрынғы шығармаларындағы әуен-сарындар жалғасып, тереңдеп, байып, жаңа сападағы көркем ойлар, кемел бейнелер туған, қазақ тілінің адам психологиясын, әлеуметтік қайшылықтарды ашып берудегі орасан зор байлығы көрініп, жанрдың ең жоғары талаптарына жауап беретін мол мүмкіндіктері ашылған. М.Әуезов тұрмысы, моральдық институттарының өмірлік материалдары негізінде қатал реализм, сұлулық, әсемдік талаптарына дөп келетін тарихи роман тудыру арқылы қазақ әдебиетінің деңгейін биік әлемдік дәрежеге көтеріп, жаңа эстетикалық игіліктер дарытып, қаламгерлік ерлік жасады.

Төрт томды эпопеялық көлемді роман қазақ қоғамының жарты ғасырлық әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық, ғұмырын мейлінше дәл, айқын, адал бейнелейді. Оқиғалар жыл маусымдарының төрт мезгіліне бірдей, тәуліктің әртүрлі сәттерінде, күн демей, түн демей, толассыз өтіп жатады. Аталар буыны Құнанбайлар өмірінің соңғы кезеңі, орта буын Абайлар өмірі түгелдей дерлік, жаңа буын Әзімбайлар өмірінің тал түсі, жас төл Рахымдар өмірінің басы – бірімен-бірі жалғас, үзілмейтін тіршілік көшінің керуені іспеттес, бірін-бірі қуалай жосыған дария толқындары секілді сабақтас, жалғас қалпында көрініс табады. Бұл бір мәңгілік толас таппас жақсылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат, әділет пен зұлымдық шайқасы ретінде бейнеленеді.

Романдағы негізгі соқталы оқиға, бас майдан өтетін орта – тобықты рулары мекендеген Шыңғыстау аймағы. Көршілес елдер Қаракесек, Уақ, Керей, Матай авторлық баяндау барысында, кейбір тартыс, дау-дамай кезінде ғана айтылып отырады. Шыңғыстаудың айналасы, іші-сырты, Хан, Орда, Машан, Доғалаң, Семейтау секілді әйгілі биіктер, Шаған, Ащысу, Қарауыл, Бақанас, Ертіс өзендері, белгілі күзеу, көктеу, жайлау, қыстаулар, толып жатқан адыр, шоқы, бел, асу, төбе, құдық, бастау-бұлақ, көл, ши, қорық, зират, қорым, шатқал, сай, аңғар, тоғай, үңгір, сүрлеу-соқпақ, жолдар алақанға салғандай ап-айқын көркем суретке айналған.

Жазушы бір рулы ел жайлаған ортаны бейнелеу арқылы қазақ тұрмысын, тұтас алғанда көшпелілер мәдениетін түгел көрсетіп беретін биік деңгейге көтеріледі. Көші-қонның бүге-шігесіне дейін анықтап, шаруашылық орайына байланысты, мал жаю талабына сәйкес жер отын тиімді пайдалану үшін шаруа қазақтар қолданған кәсіби әрекеттердің әлеуметтік тамырлары ашылады, теңсіздік, зорлық-зомбылық, тіршілік үшін күрес сарындары сабақтас жүреді, осы арнадағы адамдар тағдыры бар.

Бір рулы жайлағанмен, жалпы көлемі отырықшы шағын мемлекет сыйып кететін аймақтың негізгі қатынас-құралы – ат. Шығарма кейіпкерлерін көп ретте ат үстінен көреміз. Ат пен адам бір тұлға іспеттес. Жалғыз жолаушы сирек. Қатал далада топтасып жүрмесе болмайды. Көшпелі елдің перзенті көбіне ат үстінде. Аттың жасы, түсі, жүрісі, ер-тұрманы, мінез-машығы, аяңдау, желу, жорту, жорғалау, шабу – осының бәрін автор әр ситуацияға орай дөп басып, баяндап отырады.

Көшпелі өмірдің көбесі сөгіліп, қазақ елі патша өкіметінің отарлық табанына түскеннен кейін, бекіністер, қалалар салынып, ендігі биліктің түп қазығы сол шаһарларда қағылған. Сондықтан қырда басталған дау-шар, бітімсіз күрес, лап еткен өрт түптің түбінде ұлық кеңсесіне тұмсық тірейді. Соңғы шешім сол жерде. Сол себептен романдағы бірқыдыру оқиға Қарқаралы, Семей, Алматы қалаларында өтеді. Әсіресе, Абайдың бала кезінде оқыған, кейін білім қуған, әділет іздеген, достар тапқан күндерінің куәсі – Семей.

Жазушы негізінен өмірдің табиғи ағымын, уақыттың ілгері жылжу құбылысын көрсетеді. Абайдың он үш жасынан бастап дүние салғанына дейінгі қырық алты жылда оны қоршаған ортада өткен басты оқиғалар тізбекті сабақтастықта, бірінен-бірі туып, өрістеп, тарамданып, асқынып, шорт сынып, тағы бастау алып, шығындап, қатарласа дамып, лаулап барып өшіп, қайта жанып, құбылып, өзгеріп, осы арнада ондаған, жүздеген, мыңдаған адамдар тағдыры шешіліп жатады: жас шынар гүл шашады, кәрі бәйтерек құлайды.

Кейіпкерлердің қазіргі өміріне тікелей қатысы жоқ, бұрын өткен бірен-саран оқиғалар ғана еске түсіру арқылы белгілі болады.

Жарты ғасыр уақытты қамтитын кең тынысты, сан арналы ұлы шығарманың барлық тарау, бөлімдерінде көшпелі қазақ тұрмысына етене көрініс, сурет, тартыстармен астарлас жалпы адам баласына тән қайшылық күрес, қасиеттер мол қамтылып, кең көлемде терең де сенімді бейнеленген.

Роман бірінші бетінен бастап соңғы жолына дейін сұсты өмірдің қатал шындығына суарылған. Әдемі, таза шаһарда үлкен ұстаздардан білім алып жатқан он үш жасар шәкірттің оқуын еріксіз үзіп, қырдағы күрес майданына салмақшы әке әрекеті зорлық емей немене? Ауылға деген сағыныш тағы бар. Қодар-Қамқа трагедиясының үстінен шыққан соң, екі ұдай көңілдегі Абайдың мұрттай ұшуы тән жарасы ғана емес, жан жарасы болып бейнеленеді.

Жас жүректі отқа қарығандай болған осы қанды өлімнен кейін бала көңіл айнала қоршаған ортаға, үлкендер әрекетіне шошынған көзбен қарап, бірте-бірте суық та қатал шындықтарды сезіп қана қоймай, олардың әлеуметтік, философиялық астарлы мәндерін ұға бастайды.

Содан барып, әуелгі үнсіз қарсылық, ішкі наразылық ұлғая келіп, саналы күрес жолын қарай беттетеді. Абайдың азамат, қайраткер ретіндегі өсіп-толығуы ақындық дарынының түйін тастап, бүршік атып, гүл шашып, жапырақ жаюымен қатар – егіз отырады. Көне жыр, ескі әңгіме, аталы сөзді жадында тұтып, көңілге тоқып; Шығыс, Батыс әдебиеттері теңіздеріне құлаш ұрып барып, поэзияның ұлы айдынына шыққан Абай талантының небір тылсым сырларын, шығармашылық психологиясын терең бейнелеген Әуезов өнегесі - әлемдік прозадағы жаңа бір дәстүрлерге мұрындық болғанын, оны өз тәжірибелерінде пайдаланғанын көптеген қаламгерлер айтқан болатын.

Кейіпкерлерін бір жақсылық, бір жаманшылықта сынау - Әуезов поэтикасындағы ерекше шебер қолданылатын өнімді көркемдік тәсілдердің бірі екенін, әсіресе, Абай характерін сомдау принципінен көреміз. Қараңыз: жылы сөз айтып, маңдайдан бір иіскемейтін қатал әке, мейір-шафқат төгіп, елжіреп, еміркеніп отырған әже мен ана, жаттан бетер жауығып кеткен туған аға, қоң етін кесіп берсе, қыңқ етпейтін туған іні, ата дәстүрімен қосылып балаларына ана болып отырған құшағы суық әйелі. Бұл бір шаңырақ астындағы кереғар жәйттер. Ал енді бұдан сыртқа шығып көріңіз.

Кеше ғана тізе қосып, ел тізгінін қатар ұстаған Құнанбай мен Бөжей бүгін Ырғызбай мен Жігітекті соғыстырып, кісі өліміне дейін барып отыр. Бұл екі қошқардың басы бір қазанға сыймағаннан туған, бақастық, күншілдік кикілжің емес, алыс түкпірлі ниетті тіршіліктің қаны, өз нәсілі үшін қоныс кеңейту, жер алу мақсатынан шыққан арпалыс. Шындап келгенде, бұл ауыз бірліктің жоқтығынан өршитін таза қазақы рулық қақтығыс емес, жалпы адам баласының мәні бар, әулет пен әулетті, ұрпақ пен ұрпақты, халық пен халықты, ел мен елді, мемлекет пен мемлекетті соғыстыратын мәңгілік майдан. Сол үшін шекара күзетіледі, қару-жарақ жасалады, елшілік жүреді, ұйымдар құрылады.

Мұхтар Әуезовтің қаламынан туған ру басылары, билер, мансап ұстаған адамдар кескін-келбеттерімен, мінез қалыптарымен, сөйлеген сөздері мен арғы-бергі замандардағы небір іргелі елдердің басшыларынан патшалардан, корольдерден, хандардан, дипломаттардан асып түспесе, кем соқпайды. Аспан, зәулім, биіктік, шыңырау тереңдік. Іштерінде алтын ертоқымды арғымақ жатса да титтей сыр бермейтін беріктікке бір ауыз әділ сөзге тоқтайтын мәрттікті, қажет жерінде руымен у ішетін ынтымақты қосыңыз. Қас-қабақ, ым-жым, емеурін, жүріс-тұрыс, киім киіс, сөз саптау, билік-айту, ел басқару – мұның бәрінде мыңжылдық көшпелі мәдениет қалыптастырған тапжылмайтын, әбден орныққан берік салт-дәстүр бар. Дүниежүзінде болып жатқан ұлы әлеуметтік өзгерістер, отаршылық атты алапат қозғалыстар, Батыс пен Шығыстың мәңгілік шарпысуы, темір құрсанған болат тұяқ капитализмнің қанды шеңгелі сияқты ғаламат дүмпулер көшпелілер әлемін де іріте бастаған. Бұрынғы игілік, кәсіп амалдары, тіршілік қалпы, адамгершілік мұраттары енді басқа арнаға түсіп, өзгере бастаған. Жаңа өріс, соны нысана, өзгеше байлық тумақ. Мұны көшпелілердің ескі қауымы түсінбейді, келешекпен туыса табысатын жаңа төл енді келе жатыр.

Мұхтар Әуезов осындай планеталық мән-мағынаға ие, қауымдар, мәдениеттер ауысуы тұсындағы сан-алуан отбасылық, әулеттік, ру-тайпалық, халықтық қақтығыс, шайқас, тартыстар үстінде адамдық мінез қалыптарымен ашылатын ондаған әдебиетіне исі түркілік, шынайы қазақылық исі аңқыған әрі тың, әрі ғажап көркем қаһармандары бар тұтас сұлулық әлемін алып келді. Бұл жұлдызды аспанның қақ төрінде темірқазықтай болып, бойына халқының ғасырларда сұрыпталып екшелеген барлық асыл қасиеттерін жиған, әрі ақын, әрі дана, әрі қайраткер, әрі ойшыл Абай тұлғасы тұр.

Абай бейнесін жасауда ақын өмірінің белгілі оқиғалары кеңінен суреттеледі, оның шығармаларындағы әуез-сарындар, мотивтер, идеялар пайдаланады. Бірақ жеке өлеңдерге иллюстрация, жалаңаш еліктеу, қайта баяндап беру дегеніңіз атымен жоқ, Абай сөздері, диалогтағы, монологтағы лебіздер түп-түгел ақын лексикасын, синтаксисті ескере отырып, тыңнан жасалған, Мұхтар тудырған.

Ұлы ақын, ұлы күрескер шытырман, қат-қабат ғұмыры диалектикалық қайшылықта реалистік шыншылдықпен ашылады. Бір жағынан бұл қазақтың жаңа жазба әдебиетінің классигі, өмірдегі іздері халық санасында сайрап жатқан нақты, тарихи тұлға болса, екінші жағынан бұл ұлы жазушы қиялында балқып туған зор талант, мәні бар, мың сан қыры жарқыраған, образдық, символдық қуаты күшті, дүниежүзі өнеріндегі биік, көркем, ұмытылмас әдеби бейнелердің бірі. Адамдар рухының мың сан өзара шарпысуын кең көлемді, терең психологиялық талдау арқылы ашып берген күрделі романдағы ең үлкен сезім ағыстарының бірі – сан-салалы махаббаты алуан түрлі құлпырған көрік бояуымен, сәт кезеңдегі әуез-сарынымен, бұлқына жосыған күй-толқынымен бейнеленген, Көлденең көк аттыға елеусіз ғана көрінетін туған жердің тау-тасы, өзен-көлі, аймақ-даласы жазушының шабытты қаламында қайтадан жаратылғандай болып, құлпырып, жайнап, небір ғажап қалыпта көрінеді, қыс, көктем, жаз, күз – бәрі бар. Нөсерлетіп, жаңбыр жауады, ат құлағын көрсетпей боран соғады.

Абайдың аналарына (Зере, Ұлжан), бауырларына (Оспан, Шәке, Кәкітай), достарына (Ербол, Базаралы, Дәркембай), балаларына (Әбіш, Мағауия) деген ыстық ықылас, қымбат пейілін биік адамгершілік тұрғысынан өмірдің сан қилы кезеңіне лайық қалыпта суреттеген жазушының ерекше ден қойып, зор шабытпен, ақындық ғаламат қуатпен бейнелеген психологиялық сезімі – ғашықтық сырлар, махаббат әуездері. Бұл күй, бұл қалып ең алдымен Абай басына тән.

Табиғатынан ерекше сезімтал, рухы таза, бала күнінен халық әдебиетінен сусындап, жадында тұтып, шығыс поэзиясынан ғашық жырларын оқып, тәрбие алған жас бозбаланың сұлулыққа, пәктікке, әсемдікке құлауы – Тоғжанмен тұңғыш танысуымен дөп келеді. Бұл бір ақынға, асқақ тұлғаға жарасып келіскен романтикалық, ғажайып махаббат. Екі жағы да өртеніп, жанып, лаулап тұр. Сол күйлерді жазушы бірде Абай, бірде Тоғжан толғау, монологтары, тебіренісі, лебіздері арқылы жас ғұмырдың салтанат жыры етіп төгілтеді. Астарлар, тоғысулар, ұласулар Ләйлі-Мәжнүн, Қозы-Баян, Татьяна-Онегин болып жалғасады.

Түптеп келгенде, Тоғжан тазалығы, сұлулығы, пәктігі Абайдың әсемдік мұратының биік нысанасы секілденіп кетеді, ол қанша ұсынса қолы жетпес алып тұғыр мәңгі тарқамас ұлы сағыныш, орны толмас арман секілді. Бұл күйлердің жалғасы, жаңа замандағы соны көрінісі болып Әмір-Үмітей, Әбіш-Мағыш, Дәрмен-Мәкен махаббат хиқаялары, сол сапардағы трагедиялық халдер, романтикалық серпіндер ішкі толқынды әлемді жайып салған, биік адамгершілік тұғырлардан шырқалған қымбат, асыл, жалынды ән болып төгіліп, мол сарынды симфониядай бойыңды балқытып, жан-жүйеңді елжіретеді. Бұл арнада батыр, бағылан Базаралы мен нұржүзді, науша Нұрғаным ара-қатынасы, сыйластық, сүйіспеншілігі оқшау әсер етіп, естен кетпей, ойда қалып қояды. Шығармадағы диалектикалық қайшылық, тартыс, күрес сан-салалы, тарам-тарам, жүлге-жүлге. Әуелде зорлықпен оқудан қол үзген Абай темір ноқта кигендей болып, сүйгенінен айрылып, атастыру жөнімен үйленіп, опық жейді. Бірте-бірте өз әкесінің жуандығынан басталған әділетсіздік толқыны оны басқа жағаға, қорланғандар, қорғансыздар тобына қарай ығыстырады. Дұшпан жаттан да, жақынан да шығады. Бір әкенің екі баласы Абай бір қиырға, Тәкежан екінші қиырға тартады. Күндестік отын бықсытып жүрген Күнке, Мәніке, Қаражан, Ділдалар анау. Олардың жалғасы болып жауыздықтың жас жолбарысы Әзімбай өсіп келе жатыр.

Бір жағынан жамандық қауласа, екінші жағынан жақсылық көктей бастайды. Исі Ырғызбай дұшпаны есепті Дәркембай, Базарлы бірте-бірте жақындай түсіп, ақыры Абай қасынан табылады. Өз бауырында жаралған қанаттары қандай: Әбіш, Мғауия, Дәрмен, Көкбай өле-өлгенше-ақ, адал пейілімен, таза достығынан айнымаған Ерболды айтсаңшы.

Көшпелі мәдениетке тән этнографиялық, тұрмыс-салттық, сенім-нанымдық, хұқықтық, әскери-саяси, адамгершілік-моральдық көріністердің барлық белгілерін толық та кең, терең де дәл қамтыған шығармада ерекше ықшамдылық, лаконизм бар. Қазақ елінің ежелгі бәр дәстүрі, арғы замандарда басталған, тіпті шариғаттың өзі де мұртын бұза алмаған белгілі адамға ас беру, жылы өткенше өліктің артын күту, азалы үй тігіп, ат тұлдап, қаралы көш жүргізу, дауыс айтып, көрісу дәстүрі Бөжей өлімі тұсында кеңінен бейнеленеді. Екінші қайтара мұндай ситуацияға оралу жоқ.

Әншілік, серілік, аңшылық, саятшылық, құсбегілік өнерлерінің үлкен-үлкен бір-бір тарауларда арнайы түрде суреттелуінен осындай көркемдік шарттарын, қаламгерлік қатал позицияны аңғарамыз. Сол секілді мезгілді уақыты жеткен соң, өзіне тиесілі көркемдік-эстетикалық міндетін атқарғаннан кейін қосалқы персонаждар ұлы оқиға арнасынан түсіп қалып, олардың орнын жаңа, басқа мақсат үшін көрсетілетін кейіпкерлер басып, соны ситуация, тың әрекет бел ала бастайды.

Өмірдің небір тамаша нұрлы жақтары - әже мен ананың перзентке деген шексіз махаббаты (Зере, Ұлжан – Абай), аға мен іні арасындағы қаяусыз адалдық (Абай-Оспан) , өле-өлгенше сызат түспеген тамаша достық (Абай-Ербол), мәңгілік махаббат (Абай-Тоғжан), азамат басын сыйлап жасалған қарымтасыз жақсылық (Абай-Салтанат), ерегеспен кек алу (Тәкежан малын қуып әкету, Оразбай аулын шабу), жігіттіктің ләззаты түндері (Абай-Қуандық), серілік рахаты (салбурын аңшылық), ақындық шабыттың тәтті сәттері (өлең туған мезгілдер), биік әнмен қауышқан бақыт (Біржанның келуі, Әйгерімнің Татьяна әнін салуы), туған жердің ыстық құшағы (жайлау суреттері) секілді сан-алуан кез-кезеңдер романда айрықша бейнелі, кең тынысты, өрнекті, ырғақты бай тілмен, дәстүрлі прозаның реалистік әдістерімен, зор шабытпен суреттеледі.

Іштей өзін-өзі ғажап, екіұдай болып арпалысып, ой ұшығына жете алмай, қате қадам басып, бармақ шайнап, от басынан опық жеп, ортасына сыймай, шідер үзіп кетіп, басты тауға, тасқа соғып, ұрт қимылға барып, содан таяқ жеп, қылмысты атанып, жазықсыз жаза шегіп, көп уақыттан кейін туған жерге оралып, саналы әрекетке көшкен Базаралының іші-сыртын жазушы тамашалай отырып, іш тартуын жасырмай, ашық пейілмен жарқырата көрсетеді. Бұл тұлға жазушы қаламынан ертеректе туған ірі қимыл иелері Бақтығұл, Ұзақтардың рухани туысы, дәлірек айтса, әлем әдебиетіндегі күрескерлер қатарына еркін аттап барып, тең қосылған, үздік қаһарман.

Әуезовтің үлкен суреткерлік шеберлігінің терең ашылып көрінетін айқын тұсы – адам кескіндерін бейнелейтін шақ. Кейіпкер алғаш әрекет сахнасына шыққан бетте автор оның қолбетінің есте қаларлық сипат-белгілерін суреттеп береді. Адамның жалпы тұрпаты, бойы, дене бітімі, қимыл-қозғалысы, әсіресе, бас бітімі, бет пішіні, көзі, мұрны, ерні, тісі атамалап көрсетілмей, бір-бірімен байланыста, әрекет, қимыл үстінде, жанды – тірі қалыпта, сан алуан көңіл-күйімен толқыған, тебіренген, ренжіген, қуанған, жеккөрген сәтінде бой көрсетеді. Жазушының қырағы көзі әр түрлі нәсілді, сан алуан әулетті діл көріп, анық танып қапысыз танытады. Суретші қалам бір-біріне ұқсамайтын ондаған адамның реалистік портретін жасайды, олар тұтас көрмелерді толтыруға жетіп жатыр. Әуезов құдіретімен жаратылған әйелдер бейнелері бірінен-бірі өткендей сұлу, нұрлы, әсем: Тоғжан, Қуандық, Салтанат, Әйгерім, Үмітей, Керімбала, Нұрғаным, Мағыш, Мәкен. Атпал азаматтар, батыр жігіттер қандай: Базаралы, Балағыз, Оспан, Дәрмен, Әбіш, қыртысты билер, қат-қабат жуандар: Бөжей, Оразбай, Әзімбай.

Осынау қалың шоғырдың бір тұғырында – Құнанбай, бір тұғырында – Абай. Екеуінің де үй-ішінде, көпшілік ортасында, далада, шұрай топ алдында, отырған, жүрген, ат үстінде, ойға батқан, ашуға мінген шақтардағы, әр кездердегі шешім қабылдап, билік айтқандағы кескін-келбеті барша бояуымен көз алдыңызға келеді. Бірі – қаттылықтың, зорлық-зомбылықтың, екіншісі адамгершіліктің, әділет-мархаббатың бейнесіндей.

Жазушы кейіпкер келбетін сомдау үшін авторлық баяндау, персонаждың өткен күндерін еске түсіру, өзіндік сөздік сипаттама, басқалардың берген бағасы, психологиялық саралау, ой ағымы, диалог, монолог, полилог секілді көркем көркемдік құралдарды мейлінше еркін қолданады. Қаһарман оңаша күйде, екеуара, топ ортасында, мәжіліс үстінде, әрекет-күрес басында, қолма-қол шайқаста, бір қуаныш, бір қайғыда, барлық болмысымен толық ашылып, оқырман назарына түседі. Әрбір кейіпкердің мойнына жүктелген көркемдік мақсат, идеялық салмақ бар. Романның басынан аяғына дейін көрініп, характерлік даралығымен толық ашылатын ұлы қаһармандар бір төбе болса, жеке оқиғаларға, эпизодтарға ғана қатысатын кейіпкерлер де бар.

Өмір сахнасына бір буын келіп, өсіп, жетіліп, күресіп, шайқасып, жақсылы-жаманды тіршілік кешіп, мерзімді уақыт өткен соң, ажал тармағына ілінді. Көшті келесі ұрпақ жалғастырады. Тағы да қуаныш, тағы да қайғы. Тағы да талас, тағы да күрес. Сол мәңгілік майданның әлеуметтік психологиялық-философиялық роман беттеріне түскен ақиқаты, шындығы оқырманды эстетикалық ләззатқа бөлеп, сан тарау тебіреністе ойға жетелейді.

Әлемде алғашқы екі кітап “Абай”, үшінші кітап – “Абай аға”, кейін төрт кітап “Абай жолы” аталуында мегзеулік мән бар. Жеке тарау аттарының символдық мағынасын алғаш көрсеткен Ғабит Мүсірепов болатын. Шығарманы орыс тіліне аудару кезінде тарау аттарын өзгерту ұсынысына автордың мүлде келіспейіндей үлкен негіз бар еді.

Бір қарағанда, орасан зор көлемді болып көрінетін шығармаға жітірек назар салсаңыз, ықшамдылық, келісім, гармония заңдылықтарына ерекше мән берілгеніне көз жеткізесіз.

Бірінші кітапты жеті тарау (Қайтқанда, Қат-қабатта, Жолда, Шытырманда, Бел-белесте, Өрде, Қияда), екінші кітапта жеті тарау (Тайғақта, Жайлауда, Еңісте, Оқапта, Асуда, Тарауда, Биікте), бір эпилог, үшінші кітапта алты тарау (Абай аға, Кек жолында, Қарашығын, Өкініште, Қақтығыста, Қоршауда), төртінші кітапта алты тарау (Түн-түнекте, Құз-қияда, Қапада, Қастықта, Шайқаста, Жұтта), бір эпилог – эпопеяда барлығы жиырма тараушаға бөлінген. Олар және жеке көрініс, ситуациялардан тұрады.

Әрбір тараудың аты бөлімде өтетін басты оқиғаның, психологиялық қалпын дәл береді. Жинақтай келгенде, Абай өмірінің, жеке адам тағдырының бір шақтағы болмыс-бітімін анықтайтын оьраздық-символдық мәні күшті бейнелі сөз. Екі тарау аты, екі эпилогтан өзге жиырма төрт тарау аты түгелдей бір-бірімен ұйқасып, сабақтасып, жалғасып тұр. Нұрлы, бақытты, сәулелі сәттерден көрі, қайғылы, драмалы, трагедиялы күйлер көп. Мыңмен жалғыз алысқан данышпан, ақын ғұмырының мұңлы-зарлы шежіресі іспетті. Бірінші кітаптың соңында бейнеленетін шыңға шыққан жалғыз балғын шынар төртінші кітаптың аяғында зәулім болып өсіп барып, ақыры құлайды. Бұл символ. Айта берсе, романда мұндай жинақтаушылық мәнге ие болып кететін образ бейнелер көп, осы қатарда теңіз кейпіне айналатын дала, ондағы болашаққа тартқан кеме, тарих белестері іспеттес боп көрінетін таулар тізбегін де қосу керек.

Әлем әдебиеті қазынасына ерекше қымбат көркемдік-эстетикалық игілік болып қосылған “Абай жолы” эпопеясының шығармашылық тарихында, жазушының ұстаханалық баянында бірнеше оқшау белгілі қасиет-сапа бар.

Қаламгердің болашақ, роман қаһармандары, олардың ұрпақ-нәсілдері ортасында туып, алаңсыз сәбилік, бақытты балалық, бозбалалық, күдерін солар кешкен қат-қабат әлеуметтік-психологиялық, тұрмыстық-этнографиялық табиғи-экологиялық қоршауда, қаймағы бұзылмаған көшпелілер мәдениеті құшағында өткізуі бір олжа болса, екінші сәттілік Құнанбай - Әуез, Абай – Омархан әулеті өзара қыз беріп, қыз алысқан, нағашылы-жиендік орайда туысып, ортақ қуаныш, ортақ қайғы бөліскен, сүйек-шатысты, жүз жылдық күйеулік, мыңжылдық құдалық рәсімін берік ұстанған жақын, бауыр адамдар екендігінде жатыр. Кезінде М.Әуезовтің өзі ескерткендей, бір ру, бір бұтақ болып, біте қайнасып кеткен.

Мұның үстіне жазушы көптомдық шығарма тудыруға бел байлаған соң, өзі бейнелейтін дәуірдің басты кісілері, басты оқиғалары туралы тарихи құжаттарды, сол кезеңді көрген, білген адамдардың жадында қалған, ескі сөздерді арнайы теріп, жинап, екшеп пайдаланған.

Осыларға қоса әлемдік реалистік проза үлгілері, классикалық тарихи романдар тағылымы, қазақ қарасөзінің өз мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылып, терең зерттеліп, автордың эстетикалық мұраттарына бағындырылып, батыл шешіммен, соны шеберлікпен қаламгерлікпен нақты тәжірибеде ғажайып жемістерін берді. Сөйтіп, М.Әуезов өнер адамы мен халық тағдырын тұтас бірлікке көрсететін зор реалистік шығарма жазудың жаңа көркемдік мектебін ашты.

Негізінен, өмірде өткен адамдардың басында болған оқиғалардың жалпы сорабын сақтай отырып, жазушы көркемдік логика, эстетикалық мұратты, реалистік шығарма жасау талап-шарттарын бірінші орынға қойған. Өз атымен, өзінің тіршіліктері нақты, дәмді әрекеттерімен бейнеленген кейіпкерлердің өзін сомдауда жазушы қиялға, авторлық фантазияға мол орын береді. Тыңнан, ойдан шығарылған оқиғалар, ситуациялар, бейнелер толып жатыр. Бұл ретте Әуезов шеберлігі шомбал шұбар тасты ойып, қашап, жан бітіріп, көркем тұлға, жауһар туынды жасайтын тынымсыз еңбекқор мүсіншінің азапты да рахат әрекеттерін еске түсіреді.

Бір адамның, бір шаңырақтың, бір тайпаның, бір халықтың іштей жарылуы, осы іргеден туып, өрістейтін неше түрлі психологиялық хәлдер: түңілу мен үміт, қайратсыздық пен батырлық, надандық пен мәдениет, жақсылық пен жамандық, алауыздық пен бірлік дейсіз бе, әйтеуір қарама-қарсы полюстер, контраст бояулардың шарпысуын, ұстасулар, қақтығысулар кернеуін бейнелеудің хас шебері Мұхтар Әуезов түптеп келгенде, ең биік тұғыр - өмір мен өлімнің соңғы айқасының сан алуан түрлерін жан-жақты суреттейді.

Жазушы алғашқы шығармаларында-ақ өмір мен өлімді қатар-егіз алып, екеуін де тең күйде бейнеледі. Жиырмасыншы жылдардағы жас Әуезов әңгіме, повестерінің көбі адамдардың ерікті-еріксіз ажалдарымен, өліммен аяқталады. Бұл енді тарих сахнасынан кетіп бара жатқан кешегі көшпелі өркениеттің мерт болуы деген идеямен сабақтас көркем ой.

Осы сарынның тереңдеген тосқыны “Абай жолы” эпопеясының басынан аяғынан дейін ыңыранып ағып жатыр: Қодар мен Қамқаның зорлықпен жасалған қанды өлімі, намыстан күйіп кеткен Бөжейдің кекті өлімі, ауыр сырқаттан көктей қиылған Әбіштің аянышты өлімі, асарын асап, жасарын жасап, ұрпағын өсіріп болған Зеренің разы өлімі, қатігез, тас жүрек ру басыларының құрбандығына шалынған титтей Кәмшәттің ащы өлімі, кезінде қылышынан қан тамған Құнанбайдың шымылдық артындағы сопылық, мінажат өлімі, ең ақырында халқының ары мен ұяты, жаны мен сыры, өлеңі мен үні болған дана Абайдың трагедиялық өлімі бар.

Ұлы жазушының бас шығармасында бейнеленген негізгі тартыс-әділет пен зорлық, тұтастық пен алауыздық, білім мен надандық, махаббат пен ғадауат майданында түптің түбінде жарқын өмірдің, нұр сәуленің, береке-бірліктің жеңетінін мадақтаған, өзі құлай сүйіп, сол жолға барлық қайрат-жігерін, өр талантын, сапалы ғұмырын арнаған – қазақ халқының өрісті келешегі мәңгілік деген асқақ арманды үміттің оты маздап жанып тұр.
КҮЛКІ ҚҰДІРЕТІ

Қазақ театры тарихында Серке Қожамқұловтың алатын орны зор. Ол құдіретті күлкінің иесі еді. Біз оны бүгін ғана көріп, енді бағалап, жаңа танып жатқанымыз жоқ. Замандастары кезінде Серке жайды, оның актерлік өнері туралы, совет мәдениетінің айдынындағы орны хақында не деп еді? Бірнеше пікір:

Мұхтар Әуезов, 1927 жыл: «Қарашешеннің мінезін көрушіге өте айқын сұлу бояумен ұғымды қылып, түрлендіріп көрсеткен бірінші қатардағы еңбек Серкенікі сияқты. Бұл әншейіндегі қозғалысы жоқ, отырысы көп, салмағы ауыр, сылбыр, еріншек, кең қолтық балпаң қазақты сахнада жан бітіріп, тірілтіп, жылпың қылып жібере алады».

Ғаббас Тоғжанов, Ілияс Жансүгіров, 1933 жыл: «Серке – арамза, атқамінер, бір ұрты май, бір ұрты қан, қу құйрық ханның уәзірі, бидің тоқпағы, жуанның тарпаңы – осы сықылды кейіпкерлердің рольдерін ойнаса, жақсы шығады».

Шаяхмет Құсайынов, 1949 жыл: «Серәлі – халықтан шыққан өнерпаз. Оның өнер майданындағы қызметі мен өмір желісін шола қарасақ, халықтық сипатты шын бейнелеу жолында актердің туған халқының басынан өткізген тарихи оқиғаларға тікелей араласып, халықпен бірге өсіп, біте қайнағанын көреміз».

Ғабит Мүсірепов, 1982 жыл: «Сері-ағаң сахнаға шыға бергенде-ақ көрермен жұртшылық ду көтеріле алақан соға бастайды. Қуана соғады. Адамды қуанта алсаң, күлдіре алсаң, жігерлендіре алсаң, сүйіндіре алсаң – нағыз артист пен нағыз жазушының нағыз бақыт сезінер кезі осы. Сері-ағаңның соңғы елу жыл өмірі осыған қолы жеткен үзігі жоқ бақытты кезеңі».

Европа мен Азияның ортасын бөліп жатқан арқалық іспетті Орал тауларының оңтүстік сілемдерінен бастау алып шығатын сан-тарау тұма, бұлақ, қайнарлардың бірі батысқа қарай тартып, аяғын кеңге салып, кейін дария сулы ақ Жайық атанса, екінші бір жылға Шығысқа беттейді де, арнасын толтырып алып, Үй өзені болып кетеді. Сол ағысы баяу, кей тұстарда айдын көлдерге теңдес, терең қарасулары тұнжырап жататын, шоқ-шоқ ақ қайыңдары, төбе-төбе қызыл қарағайлары үйірлеген жылқыдай көз тартатын сыпайы өлкенің бір пұшпағын жұмысқа көнбіс, еңбекке икем жандар мекен еткен.

Ескі территориялық бөлініс бойынша бұл атырап Қостанай облысы, Шұбар болысына қараған. Әуелде Қарабалық, кейін Комсомол ауданы атанған жерлердің Қараадыр деген мекенінде бір атадан тараған, өсіп-өніп, көбейіп алпыс үйге жеткен Оңғар әулетіндегі Қожамқұл шаңырағында 1896 жылы жазға салым, мал төлдеп, кемпір-шал аққа, бала-шаға уызға жарыған, ерте туған қозылар жотада секіріп ойнай бастаған, құрт-құмырсқа тіріліп, қызыл-жасыл қанатты көбелек ұшып, аспанға бу көтерілген май айында бір перзент дүниеге келді. Ұл туды. Атын Серәлі қойды.

Бір күні алты-жеті жастағы қозы қуып жүрген Серәлі шешесі Айкүнге жылап келіп, «Балалар мені текесің, серкесің деп мазақтайды, енді мені Серке атамаңдар», - деп мұңын шағады. Сонда анасы: «Баламысың деген, кеше ғана Үйдің өзенінен қалың қой қамалып тұрғанда, ай мүйізді көк серке бастап жөнелді емес пе? Өзің көрдің, құлыным. Кейін топ алдында жүретін жігіттің Серкесі болсаң, арман бар ма?» - дегенін әйгілі актер естелік ретінде өз балаларына айтып отырады екен.

Революциядан бұрын Омбыдағы, Орынбордағы, Уфадағы, Қазандағы, Москвадағы, Петербордағы әртүрлі мектептерде білім алған қазақ интеллигенттерінің алғашқы өкілдерінің бір тобы таза орыс тілінде тәрбие көрсе, екінші тобы татар тілінде тағлым алды.

Хат танымаса да, білімге құштарлығы зор Серкенің «Уәзипа» медіресесіне түсуіне жездесі Жүсіп Темірбеков жәрдем етеді. 1905 жылғы революциядан кейін медіреселерде мұсылман догматтарымен қоса, әртүрлі пән негіздері де оқытылатын болған. Қазан қаласында 1907 жылы татардың «Саяр» атты тұңғыш тұрақты театр труппасы құрылған. Олар ел аралап жүріп, «Заңғар шал», «Ғалиябану» секілді әртүрлі тұрмыс-салт суреттері мен ән-би сахналары қатар жүретін қойылымдар көрсеткен. Бұлардың ең алдымен татар-башқұрт жастарына, олармен медіресе-мектептерде бірге оқитын қазақ жігіттеріне де әсері аз болмаған.

Троицкідегі «Уәзипа» медіресесінде арнаулы драмалық үйірме жұмыс істеп, әртүрлі сауық кештерін ұйымдастырады. «Құланның қасуына – мылтықтың басуы, іздегенге - сұраған» дегендей, Серке осы тамашаның бел ортасында. Тақпақ айтады. Шағын рольдер ойнайды.

Серке Қожамқұлов тағдырында, оның азаматтық позицияларының, таптық көзқарастарының қалыптасуына Әліби Жанкелдин сарбаздарының қатарында болған 1919 жылдың жасаған ықпалы орасан зор. Әлеуметтік мәселеге партиялық, таптық тұрғыдан баға беру, сөз бен істің бірлігі, ғайбат, өсек, күншілдіктен аулақ жүру, идеяға, социализм ісіне берілгендік, қажыр, қайрат, еңбек сүйгіштік, мақсат жолынан таймау – жас кезінен қалыптасқан бұл сенім сипаттарынан, мінез ерекшеліктерінен Серке Қожамқұлов өмір бойы бір елі де ажыраған жоқ.

Қазақтың советтік жастарының алғашқы буынының оқу іздеп мәдениетке талпынып, шарқ ұрған кезде ат басын тіреген алғашқы шаһарларының бірі – Орынбор. Жарыққа ұмтылған, талап, үміт жағасына қарай желкен көтерген иелер көкқауырсын осы қаладан тоят тапты. Білім дариясына шөлден бас қойды да, сусынын қандырар-қандырмастан қайтадан атқа мініп, жаңа өмір үшін күрес майданына аттанды. Сол толқынның ішінде Татар халық ағарту институтының студенті Серке де бар. Бір айтқан сөзді қолма-қол қағып алып, ертеңіне сол қалпында саңқылдатып, жайнатып айтып шығатын қазақтың бұл бозбаласы татар профессоры Фатих Каримовтың көзіне түседі. Білімпаз зиялы қабілетті жігітті орыс, татар театрлары ма өзі ертіп апарады, өнер тарихы туралы кітаптар оқытады.

Бұрын «Уәзипа» медіресесінде, Әліби Жанкелдиннің «Қызыл керуен» тобында ойын көрсетіп дағдылана бастаған Серке енді Бейімбет өлеңдерін жұрт алдында оқып ысылып, «Жебір болыс», «Бетім-ау, құдағи» секілді шағын скетч, күлдіргі ойындарда роль ойнай бастайды. Сондай кештердің бірінде оған Сәкен Сейфуллин тіл қатады:

- Өй, сенің атыңның өзі қызық екен. Серке дейсің, а? Көне грек театрын сен секілді серкелер, теке-бұқалар жасағанын білемісің? Қалжыңдаймын. Жалпы театр деген Европа елінде наным-сенім, аңыз-тарих, мифтен туған ғой. Қазақтың ұлт театрын осы сен секілді жігіттер жасайды, ертең-ақ. Сонда халқымыздың бар байлығы, ән мен жыры, тұрмыс-салты сахнаға шығады, - деген.

Арада бір-екі-ақ жыл өтті. Қазақстан Халық Комиссариатының арнайы шақыруымен 1925 жылы қазан айында Серке Қожамқұлов Қызылорда қаласынан бірақ шықты. Содан бастап, 1979 жылдың желтоқсанына дейін, қашан дүниеден көшкенше оның барлық тіршілік тынысы, қуаныш рахаты, күллі болмысы қазақтың тұңғыш ұлттық театрымен кіндіктес болды.

Алпыс жыл ғұмыры сахнада, көрерменнің көз алдында өткен хас шебердің творчестволық жолынан нендей ғибрат алуға болады, тағлым сабақтары қандай деген заңды сауалдардың жауабын тауып айту бір кісінің қолынан келе қоятын оп-оңай шаруа емес, бұл ең алдымен театр, өнер зерттеушілерінің алдында тұрған үлкен міндет, қала берді, қатарлас, үзеңгілес еңбек еткен актерлер әулеті шұғылданатын іс.

Өмір рахаты, тіршілік қызығына алданып, театрдан қол үзіп кеткен небір қабілетті адамдар болғанын қазақ қауымы жақсы біледі, әсіресе, үй-күйсіз, мардымсыз жалақымен, көшіп-қонып, ел аралап ойын көрсетіп жүрген алғашқы кезеңде арнаулы білімі бар, сауаты жоғары Серке сынды жігіттің қандай қызметке кетем десе де мүмкіндігі бар еді.

Ауыздарымен құс тістеп, қолдарымен жұлдыз қаққан, жүзіктің көзінен өткен таланттар шоғыры ортасына түскенде де Серке қысылып, қымтырылмады. Өз орнынан, өз биігінен табылды. Қазақтың халықтық өнеріндегі, тұрмыс-салт, күнделікті болмысындағы, фольклоры мен әдебиетіндегі тәжірибелер мен дәстүрлерді, рәсімдер мен жораларды қорыта отырып, ұлттық режиссураның алғашқы іргетасын қалаған зор дарын Жұмат, күміс көмей, жез таңдай, әншілік құдіреті Әміре, қарасөздің пайғамбары Қалыбек, телегей-теңіз ақындық иесі Иса, қанжардай жарқыраған қимыл-қозғалыстың пірі Елубай, ақындық, серіліктің, жастық-жалынның алдына жан салмас актері Құрманбек тобына күлкі құдайы боп Серке қосылды.

Кейде қазақ театры алғашқы кезде 20-30 жылдарда қара дүрсіл, натурализм, провинциализм шырмауындағы театр болды деген әбес, нигилистік пікірлер айтылып қалады. Рас, дәл бүгінгідей қойылым жинақылығы, ырғақ тұтастығы, декорация, музыкалық көркемдеу, ансамбльдік сипат, бір сөзбен, режиссерлік тұтас шешім жетпесе жетпеген шығар-ау, ал бірақ ұлттық характерлер даралығын көрсету, дәуір кескінін таныту, қазақ тілінің әуездік, мақамдық ырғақтық, дыбыстық табиғатын ашу, халықтық шыншылдыққа келгенде дау айту қиын шығар.

Кейбіреулер бірді-екілі, шикілі-пісілі қойылымның жетекшісі болса, режиссермін деп төсіп қағып, жұлқынып шыға келеді ғой. Ал Серке Қожамқұлов 1926 жылы 13 қаңтар күні жексенбіде, Қызылордадағы Маркс пен Энгельс көшелерінің қиылысында орналасқан кинотеатрда алғаш рет Қазақтың ұлттық театрының шымылдығы ашылған күні «Еңлік-Кебек» трагедиясының билер сценасын өзі әзірлеп қойғанын, режиссер болғандығын елеусіз факт ретінде ғана сөз арасында айтар еді. Ол ол ма, 20-30 жылдар арасында театр сахнасына бір басы 20 спектакль қойғанын да ешқашан көлденең тартқан емес.

Мұның себебі неде? Елеусіз жүріп іс тындырған адамның қарапайымдылығы ма? Әлде өз еңбегін өзі ескермеу ме? Қашанда Серке Қожамқұлов өзінің табиғи дарынының қадыр-қасиетін, күш-қуатын, мүмкіндік-болашағын терең ұғып, қастерлеп, бағалап, шыңдап, өрістете білген. Киелі өнер – актерлік талантының жолына барлық азаматтық қажыр-қайратын тұтас жұмсаған. Актерлік – оның ұзақ өмірінің жарқыраған Темірқазық жұлдызындай. Режиссерлік үшін арнаулы оқу, өнердің сан-саласынан жүйелі білім қажет бола бастаған, талап күшейген тұста, бұрынғы әрекеттерінен қиналыссыз тиылып, жас та талантты інілері Құрманбек, Қанабек, Шәкендерге жол берді. Әсіресе, Москвадан оқып білім алып, арнайы театр режиссері деген диплом алған Асқар Тоқпанов, Әзірбайжан Мәмбетовтер театрға келген кезде Серкенің бұрын режиссерлік еткенін біреу біліп, біреу білмейтін.

Өнер табиғатында бәйге жарыс, бәсеке сипаттары бары ешкімнен жасырын сыр емес. Көп алдына шығып, қауым талқысына түскен соң озған, алға шыққан жақсы. Сөреге жетсе, көмбе басында үкі тақса деп аңсайды. Кешегінің сал-серісі, ақын-шешені ат мініп, шапан кисе, бүгінгі өнерпаз да даңқ тұғырына көтерілгісі келеді.

Осының бәрін біле тұра Серке Қожамқұлов елу жасын, алпыс жасын атамаған. Той жаса, жиналыс өткіз, атақ бер деген талап-тілекпен ешбір есікті ашып, ешбір қызметкердің мазасын алмаған. Ол тұстар ақындардың, жазушылардың, актерлердің мүшел тойларын гуілдетіп өткізетін кез. Алғаш рет Серке Қожамқұловтың айтулы тойы – 70 жасы Құрманбек Жандарбековтың тікелей ұсынысымен, партия, совет, мәдениет ұйымдарының ықыласымен, қолдауымен өткізілген болатын.

Біреулер ат арылтып, тон тоздырып, өмір-бақи іздеп-сұрап таба алмайтын атақ-абырой, даңқ-мерей Серке Қожамқұловтың ұзақ жылғы еңбегінен кейін, зор таланттың халқына берген өнерпаздық жемісіне орай бірінен кейін бірі заңды түрде, тоғыз-тоғызымен, үйір-үйірімен келіп жатты: «Қазақ ССР-ның халық артисі, СССР және Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, КПСС ХХІІ съезінің делегаты, үш Ленин ордені, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендері, барлық өмірдің, тынымсыз әрекеттердің, өнердегі жемістердің қорытындысындай болып, 1976 жылы Семейде, Абай, Мұхтар аулында гастрольде жүргенде Серке Қожамқұловқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді деген қуанышты хабар жетті.

Әртүрлі пьесаларда ауыл адамдарының, қоңыр төбел қарабайырлардың, жарлы-жақыбай, кедей-кепшіктің бейнелерін ойнай жүріп әбден дағдыланған Серкенің жаттанды ізге түсіп, өзін-өзі қайталап кетпей, үнемі ізденіс, толғану, өсу, өрлеу үстінде екенін Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты» трагедиясындағы Қоңқай образын сомдап шығарып беруі тамаша дәлелдеген болатын.

Бұл образ актердың ұлттық репертуардағы ізденістерге классикалық драматургия сонары тәжірибесінен кейін қайта бір оралуы тұсындағы ғажап өнерпаздық олжасы еді.

Қорланғандар мен тапталғандар, пұшаймандар мен сорлылар – кешегі қазақ ауылындағы осы әлеуметтік топтың от басы, ошақ қасындағы отырыс-тұрысын, төрде көсілген төрелер маңындағы пұшайман жүз, қоңыр қабағын, қора-қопсы төңірегінде бала-шаға кемпір-шалға қожаңдап, жуандар алдында құрдай жорғалаған мінезін, жүрек сыры, ішкі әлемін бес саусақтай білетін актер әлеуметтік кескіні айқын, психологиялық құбылыстары сенімді халық өкілі – Қоңқайдың бір жағынан күлкі – деп ішек сілеңді қатыратын жарқын, ашық бояулы юморлық сипаты бар, екінші жағынан көзіне жас келтірер трагедиялық сарынды зор реалистік қуатқа толы калссикалық сахналық образын жасады.

Көптеген іргелі елдердің кейінгі ұрпағына алтынмен апталған, күміспен күптелген ғажайып сарайлар, мәрмәр тастан қашалып салынған керемет ғимараттар, отырықшылықтың құдіретінен туған тамаша қалалар жетсе, көшпелі жұрттардың дәулеті құмға сіңген судай жұтылып жоғалған. Мың жылдар бұрын хас шеберлердің қолынан шыққан мәдениет ошақтарын жүдетпей, қастерлеп, қадірлеп, аялап ұстап отырған орыс, Европа, Орта Азия халықтарының киелі дәстүрлерін көзбен көрген шақтарында, Москва, Ленинград, Самарқанд, Бұқараны аралаған кездерінде іштей түйген сырларын, халық тарихына деген өнерпаздық көзқарастарын, өз суреткерлік позициясын актер Серке Қожамқұлов бірнеше сахналық бейнені сомдау үстінде шығармашылық жаңашылдықпен іске асырды. Бұл сөз ең алдымен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясындағы Қарабай образына қатысты айтылуы керек.

Қазақтың етек-жеңі мол даласында сан ғасырлар отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе айдаған небір мыңғырған байлар өтті. Сол дәулеттен оның өз басы не рахат көрді, жұртына қандай шарапаты тиді, тарихта не белгі-із қалдырды деген драматургтың нысаналы ойына актер тарапынан жаңа әуез, жаңа идея, жаңа тұжырым қосылып, сараңдық, қаттылықтың ұлттық ерекшелігі ғана емес, адамбаласылық сипаты ашылды. Әлеуметтік мән, философиялық тереңдік жан-жақты реалистік актерлік ойын үстінде көрінді де, психологиялық сарап көрерменді дән риза етті. Содан кейін көп ұлтты театр қызықшылары бір ауыздан Серкенің Қарабайын, Бальзактың Гобсегімен, Мольердің Сараңымен салыстыра бастады, тіпті заңды түрде қатар қоятын да болды.

Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясының 1922, 1943, 1956 жылғы үш нұсқасынан текстерін салыстырып қарағанда өзгеріске түспеген, ең алғашқы қалпын сақтаған билер диалогтары, билік сценасы ғана екендігін көреміз. Қазақ өнерінің ғасырлар бойы қарыштап дамып, образдық-стильдік жүйесі, лексикалық байлығы, ырғақ-интонация қалыбы әбден кемеліне келген бір саласы – билер сөзі, шешендік. Синтез бен анализ, даралық пен жалпылық, фактілерді тізе отырып қорытынды шығару, дерексіз жәйттерден нақтылыққа көшу, шежіре, аңыз, тарихи мысал, аналогияны пайдалану, куәні келтіру, дәстүрге сүйену, беделді арқа тұту – осылар тектес сан алуан жалпы юриспруденция, риторикада бар тәсіл-амалдардың үстіне қазақ шешендері, қазақ билері қорқыту, шошыту, салмақ тастау, сескендіру, үміттендіру, дүдамал қалдыру, алаңдату, есін алу, емеурін білдіру, ишарат ету тақылеттес психологиялық әсердің мың-сан түрлерін ғажап шеберлікпен қолданған.

Билік айтарға келгенде қазақ дәугері қай мезгілде жетті, қасында кімдер бар, киген киімі, мінген аты, ер-тұрманы қандай түсте – мұның бәрінің өз мағынасы, өз салмағы бар.

«Еңлік-Кебек» трагедиясының алғашқы нұсқасы жазылар тұста азулы даугерлердің соңғы ұрпақтарының көзі тірі кезі, арғы замандағы ардақты аталар мен билердің жүріс-тұрысы, мінез қалыбы, сөз мақамының ұмытылмаған шағы: небір тоқсан толғау, көкейкесті сөздердің бір қылшығы да құрымай ел-жұрттың аузында жүрген мезгілі; сондықтан да халықтың даналық қазанынан жас Мұхтар өз керегін қарпып алған. Сом алтындай жарқыраған сөз жауһарларын кейін қырнап, жонудың қажеті де болмай қалған.

Трагедия авторы кешкен өнерпаздық хәлге ұқсас творчестволық процесс Еспембет би образын сахнаға шығарған Серке Қожамқұлов басынан да өткен. Өмірден өзі көрген, етене жақсы білетін орта өкілінің жүріс-тұрысын, қимыл-қозғалысын, іс-әрекетін зерттеумен актер арнайы айналысқан жоқ. Бұл оған айрықша таныс нәрсе. Күні кеше тергеуші боп істеген кезде қылмыскер мінез-құлқының сан алуан құбылысын көрген; адам тағдыры безбенге түсіп, екінің бірін таңдайтын, тіпті жаныңдай көретін жақынының өзін қылмысы бола, өлімге бұйыратын, қылыш жүзін табанмен басатын қатерлі сәттерді бастан кешкен. Айыпкер-айыптаушы арасындағы психологиялық тартыстардың сан алуанын жас жүрекпен сезіліп білген сот қызметкері болған Серке үшін Кебек – Еспембет арасындағы көп күйлер, әуез, сарындар айқын еді. Сөйте тұра актер қиналды. Ой азабына түсті. Тебіреніс тұңғиығына батты. Ақырында қазақ сахнасының қара тастан ойып алғандай скульптуралық бір мүсінін дүниеге келтірді.

Серке Қожамқұлов жасаған Еспембет тұлғасын күні бүгінге дейін әдебиетшілер, театр сыншылары қисық-қыңыр, бойлауық бидің бейнесі деп жүр. Осы дұрыс па? Актердің сол ролін сахнадан көрген адамдар әлі де бар. Бір сәт еске түсірейік. Қисық, қыңыр, бойлауық Еспембет. Солай ма? Солай ғана ма?

Найман биінің бойында бұл сипаттар бар. Адам ретіндегі ерекшеліктері. Сонда біз әлеуметтік психологияны неге ұмытамыз? Сахналық образға жан-жақты қараған кезде Еспембеттің ең алдымен әлеуметтік тип екенін, қоғамдық тұлға екенін көресің.

Қазақ ескілігіндегі кеселді түйіндер, зіл қара пәлекеттің шоғырындай, әлеуметтік қайшылықтардың көк шодыр безіндей көзге түсетін бұл адам – идеяның, позицияның, сенімнің құлы ретінде сомдалады. Серке бейнелеген Еспембет образының жалпылық, адамбасылық сипаттары ерекше. Реакция, фашизм, нәсілшілдік, империализм, қанаушылық, жер бетінен өшпей тұрғанда Еспембетшілдік те өлмек емес. Ұлы актер қара дүлей күш, тас жүрек, қаныпезерді сомдау арқылы сені шошыта, түршіктіре отырып, гуманизм, адамгершілік идеясын айтады. Махаббат, еркіндік үшін күреске шақырады. Елжіреген ет жүректі, толқыған сезімді қатыгездікке, өлімге, қиянатқа қарсы қояды. Серке сомдаған Еспембет образының осындай рухани сабағы, гуманистік тағлымы бар.

Қазақ театрының ұйытқысы болған алғашқы алып топ өкілдерінің тағдыры әртүрлі: Әміре, Жұмат, Иса табиғат берген өнерлерін түгел ашып беріп үлгермей ерте опат болды; Құрманбек, Қанабек, Күләш, Манарбек опера өнерінің негізін салды; Қалыбек, Елубайлар дегеніне жетіп көз жұмды. Алпыс жыл театрда еңбек еткен Серке Құжамқұлов қазақ актерлерінің барлық буынымен сахнада қатар ойнады. Бір кезде Жұматты – Мәт аға, Қалыбекті – Қалеки. Елубайды – Еллеки деп, кейін Бикенді- Бикман, Сабираны – Сапсұби, Шаханды – Шаханский, Тұңғышбайды – Тұңғышбаевский деп еркелете қалжыңдар еді.

1979 жылдың 25 желтоқсан күні Серке Қожамқұлов «Ана – Жер ана» қойылымында Ақсақал ролін ойнады. Ол оның 84 үстіндегі шағы еді. Алты күннен кейін 31 желтоқсанда таңға жақын қазақ күлкісінің құдіретті иесі – Серке Қожамқұлов көз жұмды.

КПСС-тің ХХҮІІ съезі совет өнерінің алдына биік мақсаттар, келелі міндеттер жүктеді. Ұлттық және интернационалдық сипаттардың телағыс дамуының айдынына көтерілген қазақ совет театрының социалистік реализм принциптерін берік ұстанып биікке өрлеуіне тағы бір кепілдік – ұлы актер Серке Қожамқұлов дәстүріне беріктігі. Оның ілгері өрістетуі деп білеміз.

Сахнада 200-ден астам, экранда 20-дан астам роль ойнаған, ұлттық, классикалық репертуарда бірдей жорға шыққан Серке өнерпаздығы – аса зор тағлымды өнерпаздық, реалист актердің тынымсыз жолы. Зор шеберлік мектебі.



1987.

ҒАБИТ АЙТҚАН ӘҢГІМЕЛЕР

СЕЙІЛГЕ ҚАЛАЙСЫҢ?

Адамдар түрлі жолдармен жақындасады. Бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша Жазушылар Одағы кезінде үйлерін кеңейткен үлкендердің пәтеріне жастарды кіргізіп жүрді. Сондай бір ретпен жетпісінші жылдардың басында Мұқан Төлебаев көшесіне мен де қоныс тептім. Қаланың дәл жүрегі, іргесінде парк, ырғап-жырғап, қол-аяғымызды көсілттік. Бір күні Ғабит Мүсіреповпен жолығып қалып, сәлем бердім. Салқын ғана алғандай болды. Екі рет, үш рет, төрт рет кездестім. Сол қалып. Тағы кездестім. Осы жолы ғана тоқта дегендей ишара жасады.

–Сен осы қайда істейсің? Академиктердің бірінен емессің бе? – деді.

–Аузыңызға май, Ғабе, академик болуға жазсын.

–Очень скромно, молодой человек, очень скромно. Где вы работаете?

–Университетте. қазір докторантурада жүрмін.

–Е, е қолың бос болған соң көшеде жүреді екенсің ғой.

–Қолбостықтан емес, Ғабе. Осы көшеде тұрғандықтан, дүкенге баратын, кітапханаға баратын, аялдамаға баратын жолдың бәрі осы жерден өтеді, – дедім.

–Солай де, молодой человек. Одақтағы соңғы бөлістерде бірдеңе тиген ғой, шамасы.

Қысқасы, он бір-он екі жылдай бір көшенің бойында тұрып, әуелі кездейсоқ жолығып қалып, бірер ауыз тіл қатысып, кейінірек ұзақ-ұзақ сейілде жүріп, әз ағаның аузынан сан алуан әңгіме естідік. Олардың кейбірі кезінде қағзаға түсті, кейбірі жадымызда қалды. Кейде телефон шалып:

–Молодой человек, сейілге қалайсың? – деген аға дауысы әлі құлақта тұр.

ВИСТ... ПАС… МИЗЕР…

–Кеше көрген кісің бүгін жоқ. Бүгін көрген кісің ертең жоқ. Жан-жағыңнан оқ жауып жатқан секілді. Баудай түсіріп, қырып жатыр. Жер-көктің бәрінен қан жауып тұрғандай. Газет атаулының бетінен өлім сорғалап тұр. Радиодан ажал төгіледі. Бәрінің айтатыны бір-ақ сөз: халық жауы, фашист, шпион, қыру, жою. Кеше ғана бүкіл ел болып, төбеге көтерген, ардақтап аспанға шығарған азаматтардың қол-аяғын шынжырлап, абақтыға тықты. Дүние-мүлкін қаттап, тартып алып, бала-шаға, үрім-бұтағын торғайдай тоздырып қаңғыртып жіберді, жер аударды, түрмеге салды.

Тыныштық кезде адамның үш ұйықтаса ойына келмейтін сұмдық жағдайдарды көрдік. Екі туып, бір қалған ағайындар бірінің көзін бірі шоқыды. Ұстазын соттатып жіберген шәкірт аға төсегінде масайрады. Жас жалмауыз ұлы ақынның түбіне жетіп, оның бала-шағасын ақ қар, көк мұзда далаға айдап шығып, қалған-құтқан қол жазбасын дәретхана қағазы орнына пайдаланды. Әр шөптің басын шалып жүрген бір дүмбілез ақын бар еді, кісінің көзіне тура қарамай, үнемі төменшіктеп жүретінінен-ақ сезіктенуші едім, сол мұндар қанды-қырғын науқан кезінде құтырып шыға келді, талайдың түбіне жетті, тіпті маған ауыз сала бастады. Сөйтіп қайтсем орға түсірсем деп, далбасалап, тіміскілеп жүріп, өзі айдалып кетті сорлы.

Сол мұндар көп азап шегіп, көп жылдар бойы ит қорлық көріп, азып-тозып қайтып келді. Азаматтығымды аяғаным жоқ, пәтер алуына, жазған-сызған дүниелерінің басылуына көмек бердім, бірақ әлі де өзін сұқаным, көргім келмейді, сөйлескім келмейді, қарсы кездессе бұрылып кетеді.

Өңің түгіл, түсіңде көрсең жүрегің жарылып кететін зұлымдықтарға дүние толып кеткендей болды. Бірақ адам итжанды деген рас. Тіліңді тістеп, көрсең де көрмегендей, естісең де естімегендей, білсең де білмегендей адам кейпінен басқа бір үндемес, сезбес, ұқпас мақұлық кейпіне ауысқандай болып, мәңгүрттеніп кетеді екен адам. Бір күн, бір ай, бір жыл емес, ұзақ уақыттар, тұтас замандарға созылғандай әбілет, албасты, жын басқандай болып, мелшиіп меңіреуге айналасың. Ешкімге сәлем бермейсің, сәлем алмайсың, сыр бөліспейсің, жұрт көзіне түсіп ешкіммен қыдырмайсың, топ ішіне кірмейсің. Мен білген азаптың бір түрі осы – үнсіздік қасіреті. Тұтас ұрпақтың буынына түскен жұлын құрт осы кесепаттан қиылды, көптеген көгенкөз ешкімге сенбейтін, не құдайға, не үкіметке пейілі жоқ, рухани сорлыға айналды.

Қанша оңашаланғанмен, ешкіммен араласпаймын дегенмен, жазушылар ортасы, ағайын-туыс, жекжат-қайынжұрт, сапар – еріксіз адамдармен қатынасқа түсіреді. Әсіресе, Абай атаң айтқандай, қазақтың өзге жұрттан тілі ұзын. Дастарқан басында ет жеп, шай ішіп, оп-оңай тұрып кету жоқ, бір күндік жұмысқа бергісіз ұзақ отырыс басталады. Уақ-түйек, өсек-аяң айтылады, әр түрлі сыбыс сөз болады, кісі сыртынан әңгіме қозғалады. Біреу мақталады, біреу датталады. Біреуді мүсіркейсің. Біреуді жек көресің. Ылғи аңдыған көз. Ылғи елеңдеген құлақ. Ертеңіне айтқаның түгіл айтпағаның қалаға, далаға тарайды. Кейде ет қызуымен, шыдай алмай, кейде әділет үшін күйіп кетіп, шындықты айтып тастайтын кездер болады. Әйтпесе жала, ғайбатпен күйіп кеткнедер туралы бірдеңе айттың дегенше, құрыдым дей бер. Өсек-аяң болып тараған сөздердің құйрығын ұстау оңай емес шығар, ал енді арнаулы мекемелер жасырын қызмет ететін, сол үшін ақы-пұл, атақ-абырой, шен-шекпен алатын, қасыңда жүретін, сенімен үнемі араласу мүмкіндігі бар пенделерден аяқты қалай тартасың? Жасырын, жымысқы қызметте бар-жоғын ол саған сездіре ме? Бұл өзі жақыннан жау іздеткен, өзіңе-өзің сенбеген күйге түсіретін ыбылыс зындан.

Қанша тырбанғанмен ол шұңқырдан шығу мүмкін емес. Еріксіз біреулермен араласасың. Еріксіз қонаққа барасың, барғаннан соң, өзің де шақырасың. Қалай аузын буған өгіздей болы үндемей отырасың? Мен шашымды алдыратын, кейде моншаға бірге баратын Исаак Абрамович дейтін жебірей бар еді, соған бір жолы қалжыңдап қонақта сөйлемей отырудың әдісі бар ма дедім. Бармау керек деді. Бұл жарамайтын әдіс. Тамақты тез ішіп, кетіп қалу керек деді. Бұл да жарамайтын әдіс. Ақыры тапты, жебірей емес пе? Карта ойнап үйрену керек болды. Ұзақ ойналатын переферанс деген бұрығы ақсүйектердің, қолы бос мырзалардың ойыны бар екен. Әлгі жебірей сол ойынды маған үйретсін. Бұрын қолыма карта ұстап көрмеген басым әңкі-тәңкі. Ақыры үйрендім. Қонаққа барсақ, карта суыра бастаймыз. Басқа сөз жоқ, ала қағаз, қарындаш, бес-он тиын ақша.

«Вист, пас, мизер» деп шұлғимыз да отырамыз. Сөз, өсек, әңгіме, дау-дамай – бәрі адыра қалады. Вист-пас, мизер. Өзім іштей менің соңыма салынған жансыз сенсің-ау деп қауіптенетін біреу бар еді, құдай ұрғанда,әлгі де преферансты үйреніп алып, төртінші қол ретінде домаланып отыра қалатын болды. Мұхтар болса ежелден ұстаздықпен, жазушылықпен қатар шұғылғанған кісі, оның үстіне әйелі орыс, көп қазақы қатынасқа түсе қойған жоқ, университетте лекциясы, академияда ғылымы бар – қолы да тимейді. Сәбит күндіз-түні бұрқыратып жазатын тынымсыз жазушы; мен болсам, ұзақ жылдар өкімет қызметін істемей, үйде отырдым, және шабыт, күй, жағдай келмесе, күнде жазуға жоқпын. Аңшылық, биллиард дегенмен әуес болдымның түкпі сыры серілік көңілден туса, карта деген уақыт жейтін кесепат заман дертінен, мезгіл азабынан жабысқан пәле деп біл. “Вист, пас, мизер”.



ЕЖОВ ПА, КАГАНОВИЧ ПЕ?

–Бұрынғы қазақтың қол бастаған батыры, сөз ұстаған биі қан майданда мерт болса болған шығар, ал абақты, түрме деген азапты орындары патша заманынан кейін басталған құқайлар ғой. Әріректе. Сейтек, бертінде Мәди темір тордың аржағында торықса, төңкеріске дейін Алаш басшылары Ахмет, Міржақыптар да ол жердің азабын тартып көрген. Сәкен шеккен қиянаттар белгілі. Жезмұрт, Сталинді айтам, бас-аяғы он шақты жылдың ішінде қазақ зиялыларын торғайдай тоздырып жіберді. Алдымен Алашордаға Ленин берген кешірімді естен шығарып, баспа, оқу орындарында, мәдениет мекемелерінде халық үшін шын беріліп еңбек етіп, оқулықтар жазып, көркем шығарма тудырып жүрген зор білімді, айрықша талантты қайраткерлерді көгенге тізгендей етіп, жиырмасыншы жылдарың аяғында түрмеге тықты, олар Солтүстік мұзды мұхит маңында қорлық көрді, Ақтеңіз – Балтық каналын қазу жұмыстарында мерт болды. Сол алғашқы қамаудан Жүсіпбек, Міржақып қайтпай қалды. Тірі келген Ахмет, Мағжан, Халел бірер жылдан соң отыз жетінің қақпанына қайта түсті. Әлихан, Әлімхан түгел кетті. Бұлардың ескі қоңырауы бар – ұлтшылдық қозғалыс көсемдері, Совет өкіметін қолдамаған деген желеу ұмытылмайды.

Ал енді қып-қызыл коммунист Сәкеннің жау, шпион екендігіне сеніп көр. Күні кеше қасында болған, бірге жүріп, тұрған Бейімбеттің дұшпандығына қандай дәлел бар? Ашынып, күйіп кеткен соң “Бейімбет жау болса, мен де жаумын” демей не дейсің?

Ол сөз әлі мойынға бұғалық түспеген кезде айтылған. Ондай әрекетке бармақ түгіл қарақан басыңды қалай аман алып қалу мұң боп кеткен. Қадап айтайын: Мүсірепов біреудің обалына қалды дегенді естідің бе? Естіген жоқсың. Қанша архив ақтарсаң да еш жерден мені күйдірердей бір жапырақ қағаз таппайсың. Әуелі қызметтен кетірді, одан кейін партиядан шығарды. Енді ұстап әкететін шығар деп, жылы киім, жол-жабдық, азық дайындатып қойдым. Үй-ішімен, ағайын-туыс, дос-жармен қоштасқандай райдамын. Ананы әкетіпті, мынаны әкетіпті, деген хабар дүңк-дүңк етеді. Ең жаман нәрсе – үрей. Одан да жаман нәрсе – тосу. Есік тырс ете түссе – саған келе жатқан әзірейілдей көрінеді. Ішіп-жеуден қаласың, ойын-күлкі жоқ, ұйқы болмайды. Қараптан қарап отырып берекең кетеді, дүниенің қиюы қашады, жынданып кете жаздайсың. Уақыт өтпейді, күн батпай қояды, түнде кірпігің ілінбейді. Белгісіздік зілбатпан болып салбырап, үстіңнен баса береді, баса береді. Қашанғы жаншыласың, күндердің бір күнінда далаға шығасың. Көшден көше аралап, сенделіп жүру басталады. Қарсы кездесіп қалған адамды танымайсың, біреулер сәлем береді, оны елемейсің. Артыңнан атыңды айтып., айқайлап, бірдеңелерді сұрай ма, күле ме, шақыра ма – оны бәрібір, естімейсің де, тоқтамайсың. Көбінесе ой дейтін ой да жоқ, көп елес, сағым ішінде жүресің. Ұсталып кеткендермен сөйлесесің бе, солардың шыңғырған дауысы құлағыңа келе ме, өзіңді желкелеп әкетіп бара жата ма… Сол көп жүріс, сенделіс, ақыры келіп есіңді жиғызады. Бірте-бірте жүйелі ойлар туғандай болады. Күні бойы сенделіп, ақыры әбден шаршап оралсам, біздің үйдің қақпасына ілінген екі болашақ депутаттың суреттері жартылай жыртылып салбырап тұр екен. Ежов па, Каганович пе, ұмыттым. Жүрегім зу ете қалды. Халықтың екі қалаулысының суретін жыртқан – Мүсірепов. Оның жаулығын осы әрекеті-ақ дәлелдейді. Ату жазасына бұйрылсын!. Біреу осылай деп айқайлап тұрған секілді. Жан-жағыма қардым, ешкім жоқ. Расында да менен көрсе қайтем? Жыртпағанымды қалай дәлелдеймін. Аулада Николай деген тентек бала бар еді, соны тауып алдым да, суретті көрсетіп:

–Сен бе жыртқан? – дедім.

–Жоқ!


–Ақша берсем, табасың ба жыртқан кісіні?

–Табам.


–Жоқ, таппай-ақ қой. Мә ақша. Енді жыртқызба.

–Бұл көп ақша ғой.

–Көп болса да ал. Тек жыртқызба.

–Құп болады, командир. Сайлау өткенше суреттер күзетіледі, – деп Николай ақшаны жып еткізіп қалтасына салып алды. Ол алдаған жоқ, екі болашақ депутаттар суреттерін күнде жаңалап, желімдеп, іліп тұрды.

Мен болсам, бірте-бірте үрейден, белгісіздіктен құтыла бастадым, оның артынан соғыс басталып кетті.

1992.

ЖАНКЕШТІ

ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіне тән айрықша құбылыстың бірі талантты жазушыларымыз алғашқы шығармаларымен-ақ тез танылып кетті: Мағжан, Жүсіпбек, Сәкен, Бейімбет, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Саттар, Әбділда, Мұқаметжан, Қасым отызға жетпей күллі қазаққа мәшһүр болды, Әбдіжәміл, Тахауй, Сафуан, Зейнолла қырыққа дейін,, Қалихан, Сайын отызында прозашы ретінде мойындалды.

Ілияс Есенберлиннің әдеби тағдыры бұралаң еді. Көптеген қазақ жазушылары филологиялық журналистік білім алып, баспасөзде және жеке шығармашылықта қатар қалам тартатын.

Әке-шешеден ерте айырылып, жетімдік тауқыметін кешіп, балалар үйінде тәрбиеленіп, тау-кен институтын бітіріп, инженер болған маман қатты жараланып, соғыстан ерте оралған. Орталық партия комитетінде, филармонияда, шахтада істеген. 1951-53 жылдары сотталып, түрмеге қамалған. Бір жазушы естелігінде Есенберлиннің сотталғанын кекесінмен, табалағандай сыңайда сөз етті. Жасырын ештеңе де жоқ, филармония директоры қызметінде жүргенде қаржыны орынсыз жұмсағаны үшін деген айыппен сотталған. Бұл - әрине сылтау. Сол кезде Қазақстанда тағы репрессия бас көтеріп: Е.Бекмаханов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұхаметханов, Б.Сүлейменов сотталған; М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Б.Кенжебаев жұмыстан шығарылып қудаланған. Есенберлиннің сотталуын да осы науқанның кесепаты деп түсіну керек. Түрмеден қайтып келген соң барар жер, басар тау таба алмай, қиналып, түңілген, бала-шағасының шәй-суына бес-он тиын таба алмай, жоқшылық көрген кездері де болған, кейін киностудияда, баспада, Жазушылар Одағында қызмет етті.

Поэзия саласындағы «Сұлтан», «Айша», «Адамгершілік туралы жыр», «Біржан сал трагедиясы», «Большевик туралы поэма» сияқты шығармалары әдебиетте жаңа сөз айта алған жоқ. Прозадағы «Өзен жағасында», «Толқиды Есіл», «Адам туралы ән» секілді ізденістерді де қатардағы шығармалардың бірі еді. Пьеса да, сценарий де жазған. Бәрібір көптің бірі болып қала берді. Жиналыс, пленум, құрылтайда біреу сыналса, Есенберлин сыналатын. Сөйтіп жүріп жер орта жасқа келген.

Елуден аса бере нағыз Есенберлин басталды. Роман артынан роман. Бірін-бірі қайталамайды. Жаңа сюжет, жаңа композиция, жаңа идея. Бәрі жаңа. Оқырман ықыласы көл-көсір. Бірақ жазушылар тарапынан мойындалу оңайға түскен жоқ. Алдымен Сәбиттен басқасы саусақпен санардай ғана күрделі шығарма жазып, классик атанған ағалары жандарына жақындатпады, бірді-екілі туындымен даңқтары шыққан құрдастары, соғысқа барып келген тағдырластары қолдау былай тұрсын, күндестікпен уланып, аяғынан шалып, зиян келтіріп, мүлде дұшпан болып кетті; тек кейінгі буын, өзінен бір мүшел, екі мүшел кішілерден жақсылық көрді, олар шығармаларға материал жинауға көмектесті, қолжазбаларын редакциялауға қатысты, талқылауларда қолдады, кітаптарын насихаттады, әділ бағасын берді.

Сырттай жұпыны, шашы ерте ағарған, жүріс-тұрысы сылбыр, мінбеге шықса, ел-жұртты аузына қарататын шешен де емес, мойылдай қап-қара екі көзі ерекше есте қалады. Өмірдің көп өткелегінде алла берген асыл қуат, зор рухты жоғалтпай, елудің белінде қайратына мінген Ілияс кезекті шығармасын жазу үстінде жан алып, жан берді. Оны жариялау үшін аянбай күресті. Өзіне дұшпандық жасағандарды да аяған жоқ, қажет болса, олардың жолына кесе көлденең жатып алды. Жақсылық істегендердің еңбегін еселеп қайтарды. Әсіресе жас қаламгерлерді демеді, үй алуға көмектесті, кітабын шығарды, қызметке орналастырды. Достыққа адалдығының мысалы ретінде Қапан Сатыбалдиннің 4 томдығын бастыруы, Әзілхан Нұршайықов романының орысша аудармасына көмектесуін айтуға болады. Ілияс адамдарды екі топқа бөліп қарайтын, олар – қазаққа қызмет ететіндер және қазаққа қызмет етпейтіндер. Бөлудің басқа түрін қабылдаған жоқ.

Сөйтіп, елуден асқан кезден бастап, он бес жылдай уақыт ішінде қауырт та өнімді еңбек еткен Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетінің тарихындағы талантты романдар шоғырының авторы болып қалды.

Өз қолында үлкен билік болған күндердің өзінде (Баспа директоры, Жазушылар Одағының екінші хатшысы) Ілияс романдарының бірде-біреуі айтыс-талқысыз, дау-дамайсыз, кедергі-бөгетсіз, тиым-тоқтаусыз шығып көрген емес. Сары тіс ағалары, үзеңгілес қатарластары, бота тірсек інілерінің жазылмаған кітаптарының жоспары мақталып, бүгін біткен қолжазба, ертең шығып жатқанда, мұның жаңа дүниесі ең алдымен Жазушылар Одағының әртүрлі пиғылдағы, сан алуан талғам иелерінің ортасына салынып, орынды-орынсыз пікір айтылып, әр тарт, бері тарт тәжікеден кейін қайтадан Баспасөз комитеті, Орталық партия комитеті, Қауіпсіздік комитеті дегендердің қысымына түсіп, одан Мәскеу шешімін күтіп, ақырында жасырын сарапшылар айтқан талаптарды орындап болғаннан кейін ғана басылуға мүмкіндік алатын. Алғашқы талқы, тартыс додасына қатыса алмай қалған коммунистік мұраттар мен кеңестік идеология талаптарына өздерін адал қызметші санайтын кейбір ғалымдар (олардың ішінде академиктер мен профессорлар бар), белгілі қаламгерлер (олардың ішінде лауреаттармен, халық жазушылары бар), Ілиястың жаңа романындағы ұлтшылдық, қазақ тарихын мадақтау, эротизм, тың игеруге қарсылық, алаш қозғалысын дәріптеу секілді жат идеялар бар екенін айтып, шығарманы бастырған мекемені айыптап, кітапқа тиым салып, жинап алып жойып жіберу қажет деген талап қойған кездер аз емес.

Мұндай айыптау мен қаралаудың ашық баспасөз бетіне шыққан күндері де бар.

Бір шығарма тұсында ғана емес, барлық жаңа шығармасын бастыру үшін жазушы көрген қиындық оларды орысшаға аудару, жариялау кезінде тағы қайталанатын. Адам көтеруі қиын мұндай рухани дерттен оқырман махаббаты ғана емдеуші еді. Әр нәрсенің шегі бар. Талант қайраты қожырамаған, бірнеше романдар циклін ойластырып қойған қаламгердің жүрегіне жетімдіктен, соғыстан, түрмеден, әр шығармасын жазу, бастырту, аударту кезіндегі қиындықтан түскен жан жарасы оны алпыс сегіз жасында дүниеден оқыстан алып кетті.

Халқымыздың рухани дәулетіне эстетикалық жаңа байлық, мол қазына қосып, елінің махаббатына бөленіп, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналып, туындылары тұғырға көтерілген қазақ әдебиетіндегі ардақты есімдердің бірі – Ілияс Есенберлин екендігі қазір көпшілікке аян шындық.

Халық өмірінің, ел тарихының құнарлы кенін қопарған тегеурінді дарынның биік нысананы мұрат тұтып, қажырлы еңбек, шабытты әрекет арқылы дүниеге келтірген аса бай көркемдік игілігі жұртшылықтың жүрегінен шықты.

"Алмас қылыш" романы – Ілияс Есенберлиннің әйгілі "Көшпенділер" тарихи трилогиясының бір бөлімі. ХІV-ХV ғасырдағы оқиғалар, әлеуметтік қақтығыстар, жаугершілік, қазақ хандығының құрылуы суреттеледі.

Бұл шығарманы тұңғыш рет 1971 жылы "Жазушы" баспасы басып шығарды. Халық өмірінің терең шындығын дәлді деректер, шежіре, аңыз, эпос материалдарына, белгілі қайраткерлер, батырлар, билер өміріне сүйене отырып, көркем бейнелер арқылы ашқан күрделі туындыны қалың оқырман жақсы қабылдады. Роман туралы баспасөзде көптеген пікірлер айтылды, ондаған рецензилар, мақалалар жазылды.

Екінші рет "Алмас қылыш" романы "Көшпенділер" трилогиясының бірінші кітабы ретінде "Жазушы" баспасынан 1976 жылы алпыс мың дана болып баслып шықты.

"Алмас қылыш" романы "Заговоренный меч" деген атпен Москваның "Молодая гвардия" баспасы жүз мың дана етіп, 1974 жылы жариялады. Аударған жазушы Морис Симашко, алғы сөзін жазған академик Әлкей Марғұлан.

Екінші рет "Алмас қылыш" романы "Кочевники" деген атпен "Советский писатель" баспасынан жүз мың дана болып 1978 жылы орыс тілінде жарияланған тарихи трилогияның бірінші кітабы ретінде "Алмас қылыш" романы Москвада үшінші рет басылды. Алғы сөзін жазушы Әнуар Әлімжанов, соңғы сөзін академик Әлкей Марғұлан жазған.

"Жанталас" романы – "Көшпенділер" тарихи трилогиясының екінші бөлімі. Негізінен ХVІІІ ғ. Қазақстандағы әлеуметтік-қоғамдық тартыстар, халық басынан өткен сан алуан оқиғалар бейнеленеді. Абылай хан, Бұқар жырау тектес тарихи қайраткерлер образы жасалған. Роман тұңғыш рет 1974 жылы "Жазушы" баспасынан шықты.

Роман орыс тілінде тұңғыш рет "Простор" журналының 1973 жылғы 7, 8, 10 сандарында "Отчаяние" деген атпен басылды. Аударған жазушы Морис Симашко. Москваның "Известия" баспасы "Дружба народов" кітапханасы сериясымен "Жанталас" романын 1974 жылы шығарды.

"Жанталас" романы тарихи трилогияның бір бөлімі ретінде "Кочевники" деген атпен басылған кітаптың құрамында 1978 жылы "Советский писатель", 1983 жылы "Художественная литература"баспасынан шықты.

"Алмас қылыш", "Жанталас" романдары "Көшпенділер" трилогиясының құрамында 1983 жылы Польшаның "Чительник" баспасынан поляк тілінде басылды. "Көшпенділер" трилогиясы Венгрияның «Европа»! баспасынан шықты.

"Қаһар романы" – "Көшпенділер" трилогиясының үшінші кітабы болғанмен, циклдің ішінде бірінші болып жазылған шығарма. Тұңғыш рет "Жазушы" баспасы 1969 жылы басып шығарды. Орыс тілінде алғаш "Простор" журналының 1970 жылғы бесінші, алтыншы сандарында "Хан Кене" деген атпен жарияланды. Аударған жазушы Морис Симашко. Москваның "Советский писатель" баспасы 1971 жылы "Хан Кене" деген атпен жариялады. "Көшпенділер" трилогиясының үшінші кітабы ретінде "Советский писатель" баспасынан 1978 жылы, "Художественная литература" баспасынан 1983 жылы шықты.

"Көшпенділер" трилогиясының құрамында 1983 жылы Польшаның "Шительник" баспасынан поляк тілінде шықты. Венгрияның "Европа" баспасы 1986 жылы шығарды.

"Қаһар" романы туралы жазылған қазақ әдебиетшілері Ә. Марғұлан, Ә. Әлімжанов, Р. Бердібаев, Х. Әбдібаев, М. Қаратаев, Ш. Елеукенов, орыс сыншылары Н. Ровенский, П. Косенко белгілі әдебиетшілер Г. Ломидзе, В. Оскоцкий т.б. мақалаларында бұл шығарма тарихи романтиканың үздік табысы, реализм әдебиетінің шоқтығы биік туындысы ретінде бағаланады. Расында "Қаһар" романы әдебиет тарихында құбылыс болған, қалың оқырмандардың махаббатына бөленген, ел тағдырын шыншылдықпен бейнелеген халықтық көркем шығарма.

Көптеген архив материалдарын, әр түрлі деректерді, ғылыми зерттеулерді, жинақтап, көркемдік тұрғыдан екшеген трилогияның "Алтын Орда" аталуы тегін емес. Шығармадағы оқиғалар ертіс, Еділ бойларында, қазақ даласында, Орта Азияда, Қырым мен Кавказда, Русь жерлерінде өтеді. Жазушы қырғын соғыстардың, опатты өлімдердің негізгі әлеуметтік-таптық себептерін ашады; тарихи тұлғалардың, хандардың, билердің, батырлардың сенімді тұлғаларын жасайды, елмен ел, халықпен халық арасындағы достық тамырларын бейнелейді; азаттық, еркіндік үшін болған күресті суреттейді.

Романның бірінші кітабы алғаш рет 1979 жылы "Жұлдыз" журналының 8-9 сандарында басылды. 1982 жылы "Жазушы" баспасынан жеке кітап болып шықты. Ұлан-асыр кең территорияда білектің күші, найзаның ұшы, қылыштың жүзімен құрылған зор империя – Алтын Орданың қоғамдық-әлеуметтік құрылысы, этникалық-елдік тұрмыс-тіршілігі, сан алуан күрестер,билік үшін шайқастар суреттелген. Әр түрлі тарихи жағдайларды, өмірде болған тұлғаларды бейнелегенде жазушы реализм принциптерін берік ұстанып, диалектикалық қайшылықтарды ашады; өмірлік материал мен қаламгерлік қиял, шындық пен фантазия тізгінін тең ұстайды.

Алтын Орда мемлекетінің негізгі қайшылықтары, оның құлау себептері, халық тағдыры мен жеке адам тағдырысан-сан оқиға, сала-сала сюжет арқылы ашылады. Трилогияда аңыздар, мысалдар, тәмсілдер (притча), эпос сарындары кең де шебер қолданылған. Романның екінші кітабы алғаш "Жұлдыз" журналының 1983 жылғы 4-5, 7-8, ал үшінші кітабы "Жұлдыз" журналының 1983 жылғы 4-5 сандарында жарияланды. Екі кітап бірге қосылып тұңғыш рет 1983 жылы "Жазушы" баспасында шықты.

"Алтын Орда" тарихи трилогиясымен орыс оқырмандарын алғаш толық таныстырған "Простор" журналы ("Простор", 1982, 8; 1983, 2,3; 1984, 1, 2, 3).

1985 жылы Москвадағы "Советский писатель" баспасы "Алтын Орда" трилогиясын В. Мироглов аудармасымен басып шығарды.

Бес поэма, төрт пьеса, үш киносценарий, он алты роман жазған қаламгердің берекелі таланты қазақ халқы өмірінің ғасырлар панорамасын көрсетіп берді. Көп ғасырлық тарих, ұлтық интеллигенцияның қалыптасу кезеңіндегі трагедиялар, колхоздастыру дәуірінің шындығы, Ұлы Отан соғысына қазақтардың қатысы, тың игеру жылдарының хикаясы, Маңғыстау майданы, геологтар, мүсіншілер, артистер, жазушылар тағдыры – Ілияс Есенберлиннің романдар сериясындағы өзекті тақырыптар осылар. Қазақ әдебитінде бір тақырыпқа арналған шығармалар шоғырын, үйірлі туындылар жасау дәстүрін қалыптастырған Мұхтар Әуезов сабақтарын терең игеріп, жемісті арнаны кеңейткен, өз тарапынан жаңа үлгілер тудырған қаламгердің тарихи прозадағы күрделі көркемдік-эстетикалық олжаларын айрықша бағалау шарт.

Ұлттық тарихымыздың терең қойнауларында қалған көп оқиғалардың елесі, өзгерген, бұрмаланған деректер, әр түрлі тілдерде жазылған, сан алуан қолға түспейтін сирек кітаптарда, архив қазыналарында, оқылуы қиын қолжазбаларда, әр жердежүйесіз шашылып жатқан материалдарды тауып, оқып, қорытып шығу үшін кеткен уақыт, жұмсалған қайрат, жасалған еңбектің өзі бір адамның ұзақ ғұмырына жетіп артылар шаруа.

Жазушының алты романнан тұратын "Көшпенділер" және "Алтын Орда" трилогиялары – қазақ халқының жеті жүз жылдық өмірін тарихилық принцип тұрғысынан шындықпен, көркем, сенімді әрі терең бейнелеген қазақ әдебиетінің көрнекті шығармаларының қатарына жатады.

Оқиғалық жағынан біріне-бірі жалғас, сабақтас, идеялық-көркемдік нысанасы әуездес, сарындас, құрылым-түзіліс кескіні ұялас болып келетін бұл романдар циклының тұтастығын айта отрып, олардың қазақ әдебиетіне енгізген эстетикалық жаңалықтарын көрсету қажет. Ең алдымен, осы екі трилогиядан қоғамға, тарихи дамуға, әлеуметтік жағдайға деген жазушының әлеуметтік, партиялық, халықтық айқын көзқарасын, ғылыми объективті позициясын көреміз. Бұл шығармаларда уақыт пен кеңістік мейлінше мол әрі орасан кең ауқымда бейнеленеді: бір атырап, бір тайпа, бір жүз тіршілігі емес, қазақ халқының тағдыры көптеген басқа елдермен қарым-қатынас контексінде, дүниежүзілік дамудың арнасымен терең сабақтастықта алынады. Құжаттар мен тарихи деректерді сұрыптауда озық әдебиеттер дәстүрін негізге ала отыратын жазушы ежелгі аңыздарды ауызекі әңгімелерді, халықтық мифологияны көркем шығармада пайдалану барысында көп жаңалықтар, соны өрістер ашты. Сөйтіп, тарихи романның жаңа бір ұлттық, жанрлық – роман-шежіре үлгісін тудырды деп айтуға әбден болады.

Халқымыздың басынан кешкен қилы жол, тайғақ кешу, тас босаға, тар өткелдердің трагедиялық оқиғалары, ел қамын жеген, ойшыл даналар, жұртын сүйген, жүректі батырлар образдары, әр дәуірде әлеуметтік күрес сахнасына шыққан хандардың, айыркөмей, жезтаңдай билердің, қилы-қилы таптар өкілдерінің бейнелері, халықтық бірлік, елдік ұйытқы, отансүгіштік, патриотизм сарындары – осылардың бәрі жанды түрде тұтаса келіп, Ілияс Есенберлин тарихи романдарының идеялық-эстетикалық сапасын, поэтикалық-жанрлық қасиеттерін құрап, олардың әдебиетіміздің төріндегі орнын белгілесе керек.

Кезінде Мұхтар Әуезов қазақ интеллигенциясының алғашқы буынының Қазан төңкерісіне келу жолын көрсететін роман жоспарлаған, бірақ оны жазбай, "Өскен өркенге" отырған. Бел ортасында жүрген өмірдің қаһарлы жүзін қайта көру, бастан кешкен күлер ауыртпалығын қайта тарту шошытты ма, кім білсін, ұрпақ үшін шертер сырларын ұлы жазушы о дүниеге алып кетті.

Дәл осы объектіге Ілияс Есенберлин барар деп ешкім ойламаған: "Қатерлі өткел" романы туды. Одан кейін "Ғашықтар" жазылды. Қазақ әдебиетінде оқиға болған, суреткер белсенділігінің, жазушы батылдығының куәсі, халықтық принципті берік ұстанып жазған "Қаһар" романы Ілияс Есенберлин есімін оқырман махаббатына бөлеп, әдеби сын назарын оның шығармашылығына күрт аударды.

Қазан төңкерісі және қазақ интеллигенциясы деген проблема аракідік сөз етілгенмен, үлкен шығарманың өзегі болған емес-ті. Белгілі жәйттерді қайта айтатын нәрсе емес, қиын психологиялық шығармаларды, санадағы эволюцияны, ауыр трагедияны, тарихи оптимизмді бейнелейтін туынды қажет. Суреткерлік позиция, авторлық мұрат айқын болмаса, қаңғыртып жіберетін, соқыр сүрлеуге түсіретін қиын объектінің Ілияс Есенберлин оңтайлы бір қырынан келген.

Әлеуметтік әр түрлі топтарды қамтитын көп салалы, тоқсан тоғыз тараулы роман емес, кейіпкерлері аз, тартысы жинақы, өткір идеялы шығарма жасау мақсаты алға қойылған.

Басқа адасса бір сәрі, шіріген жұмыртқа – садақа деп лақтырып жүре береді тарих, ал халықтың ары, жаны – суреткер адасса – трагедия. Қоғам дамуының жаңа тенденцияларымен, жаңа сарындармен бауырласа алмаған жазушы қашанда қайғылы халге ұшырамақ. "Қатерлі өткел" романының алғашқы беттерінде үш ақынмен танысамыз. Үш ақын – үш әлем.

Романист Ақан өмірін суреттеуге көп орын бермеген. "Терезе алдында тұрған аққұба, ашық жүзді, қошқар тұмсықты, үлкен қоңыр, қой көзді, кең кеуделі, ұзын бойлы адамның жасы отыз бестер шамасында" деген штрихтың өзінде ызғар, сыз бар. Ол қандай іс тындырған, өткенінде не жатыр – бұл жағы бимәлім: Ал жүрегінің түбінен құмығып шыққан, көзінен қанды жасын ағызған сыр-зарына бақсақ, екіұдай, қайғыға бөккен жанды көресің. Ол қазақ халқының қуанышты, шат-шадыман, еркін күндері өткен, келешекте құрып кету, жер бетінен жойылу тосып тұр деп есептейді. Ұлттар достығы деген көптің азды, күштінің әлсізді алдап түсіруі үшін ойлап шығарылған жалған ұран деп санайды. Ақын сенімінде әр түрлі жұрттардың басын біріктірген одақ әсте ұзақ ғұмыр сүре алмаса керек. Екінің бірі – не азшылық жұтылады, не империя қаусайды.

Саналы күрес жолына енді ғана түскен жас ақын Бүркіттің шеттігіне жеткізе, бар ниетпен беріле айтқан ұстазының осынау сөздеріне қарсы қояр дерегі, бөгеу болар дәлелі жоқ. Әлеуметтік орта дайындамаса, кез келген адам революция мәнін бірден түсініп, күрескерлер санына қосылып кете алмасы хақ.

Тірлік тартысын аяқтаған, тұз-дәмі таусылған Ақан ақынның балконнан құлап өлуі кездейсоқ нәрсе, үрей салдары емес. Бұл финалды жазушы оқырманға оқыс әсер ету үшін, сюжетті ширықтыру мақсатымен алмағаны да түсінікті.

"Қатерлі өткел" романы арқылы Ілияс Есенберлин ұлттық интеллигенция басынан өткізген шытырман күйлерді, ауыр сапар, қиын жолды бейнелеп берді. Бұл шығарма бүгінгі қазақ әдебиетінің туған халқымыз жайлы небір ауыр шындықтарды тарихи дәлдікпен, көркем кестемен суреттей алатын марқайған мінезін танытады.

Неғұрлым түр ықшамдылығына ұмтылу көркемдік талаптарынан туған шарт екндігіне Ілияс Есенберлиннің "Ғашықтар" романын оқу үстінде тағы да көз жеткізуге болады. Негізгі, арналы тартысқа қатыспайтын қосалқы персонаждарды есептегеннің өзінде кейіпкер саны он шақты адам. Материалды шағындап алу арқылы жазушы әрекет сферасын әдейі тарылтқан. Кең аумаққа шашылып, жайылғаннан гөрі, тар шеңберде терең бойлауды мақсұт тұтқан.

"Ғашықтар" романының аты көп көп сырдың кілті секілді. Расында да, бұл ғашықтық туралы, ғашықтар жайлы роман. Оқиғаның, әрекеттің жазушы тарапынан емес, негізгі қаһарман – Жантас атынан баяндалуы шығармаға қолайлы стильдік рең, өзгеше әуез берген.

Жас көңіл – аңқылдақ, сезгіш. Жас көңіл бетке жылтырап, тілге бал жағып мақтап алып, бұрыла беріп, жұдырық түйетін пәлені білмейді. Жақыннан жау іздеп, көлеңкеден қорқып, аузындағысын әлдекім тартып әкетердей сескенгіш кейіппен екі қарап, бір шоқитын сауысқан мінез әзір бітпеген бойына. Ешкіні апа, текені жезде деп жүріп шыққан төбесіне басқалар қызығатындай сыңай танытты деп шошып, беталды қуыстанып, адал жандардың іргесін қаза бастайтын сұмдықпен былғанбас жас көңіл. Табиғаттың асыл сыйы -– қабілет ұшқынын өлтіріп алмай, мезгілімен мәпелеп, тәрбиелеп өсіре бастаған жас өнерпаздың өнер жолындағы алғашқы қадамы көп рақат, көп азапқа толы – тамаша өмір-ау.

Күлсе, ағынан жарылатын, қуанса, төбесі көкке жеткенше мәз болатын жастық мінезі дарақылық емес, дарқандық. Бақай есеп, жебір құрт жыбырлақтан аулақ, қиял ауылында күніне сан рет көкпар тартқан заман ғой ол.

Осындай бір көкірегі толық, ойлы жігіт – Жантас аз уақыт ішінде бастан кешкен күйлерін сыр етіп шертеді. Не көрді, не ұқты, не сезді, не түйді -–бәрін қалтықсыз көңілмен алдыңа жаяды. Жәй әуесқой емес, Жантас - өмірлік мақсатын өнерде ғана деп білетін мүсінші. Ленинград институтын бітірген. Оның көп қылығынан, білім дәрежесі, интеллект шамасы, эрудициясынан қазақтың бүгіггі жасының мінез қырларын сипаттайтын қасиеттер аңғарылып тұрады.

Қарындасы Базаргүлдің ұзатылу тойы үстінде Жантас көп жәйттен хабар береді. Айналасына үнемі бақылағыш көзбен қарайтын мүсінші еш нәрсені қалт жібермейді. Тез, шұғыл, оғаш кетседе, бәріне бағасы даяр. Мамандық машығынан шығып жатқан, шындыққа үнемі апара алмайтын соқпақтарға да түсіп кетеді. Сырт кескіннен, сүйек бітімнен ылғи мағына іздеп, ішкі сарайды сонымен астастыруға болмайтындығын өзі де білсе керек.

Салған жерден "Ғашықтар" романы оқыс ситуациямен оқырман ықыласын баурап алады. Сұлу қыздың соңынан жиырма бестегі жігіт еріп жүре берсе, несі ерсі? Бұл өмірде кездеспейтін яки моральға қисық келетін қылық па? Арғы тарихқа бақсақ, Татьяна Онегинге хат жазған, Еңлік Кебекті оятқан. Бүгін, көп дәстүр өзгерген заманда, қыз үйіне келіп, жігіт қонып қалса қайтеді екен? Сенімсіз қолдан жасалған оқиға деп ешкім де жазушыны кінәлай алмайды.

Гәп мұндай жағдайдың құр оқиға, құр фабула күйінде алынуында емес, ситуацияға лайық, сенімді психологиялық сәттердің бейнеленуінде, осыдан туатын адам мінезіндегі құбылыстарды, кейінгі өзгерістерді аңғартуда.

Пішін арқылы, дене бітімінің ерекшеліктерімен әсемдік сырларын танытатын мүсінші Жантас Ұлбосын сұлулығына бірден ынтық болған. Нәпсі тілегі емес, жас жүрек тебіренісінен ұшқындаған сезім. Бұған тез тұтанып, лап еткен суреткер шабыты қосылған. Ұлбосынның жалаңаш денесінен Жантас үлкен шығармашылық ойға әр, құштар боп жүрген идеясына өрнек табады.

Ерекше жағдайды басынан кешкен, ләззаты түнде рақат тапқан жастардың ойға қалуы, сезімді саралауы артынан. Ауыр, аянышты тағдыры бар Ұлбосын өмірі мынау.

Әлпештеген ұяда ерке, тентек өскен қыз рухани жетілуден бұрын, сезім қызықтарын ертерек тартқан. Ойлы, салмақты мінез қалыбы емес, әсіреқызыл әуесқой көзбен дүниеге енді аяқ басқан шағында оның лүп-лүп соққан жүрегі тізгінді қатқыл ұстаған екінің бірінің билігінде кете барғаны анық. Ләззат рақаты неғұрлым тәтті болса, өкініш зары удай ащы. Жса профессор, атақты хирург, жасырын жалғасулар, ыстық кештер – мұның егжей-тегжейін жазушы тәптіштеп жатпайды. Емеуріннен, сөз ұшығынан көп сыр белгілі. Жалын сезімнен бітсе де, дүниеге келуі қылмыс саналған іштегі бала Ұлбосын қайғысына айналған. Жазымыш-ай, біреулер өмір бақи перзент көруге зар, біреулер бойындағыдан қайтсе де құтылмақ!

Жантас құшағындағы Ұлбосын сырын оп-оңай біліп алған жоқ. Мыстаудағы бірінші маман, профессор, хирург Шерубай Ұлбосынның алғашқы қуанышы, зор қайғысының себепшісі екен-ау. Алматыдағы атақ-даңқты, мәртебелі-мансапты тәрк етіп, Ұлбосын соңынан қиыр шеттегі жас қала – Мыстауға тартып кеткен. Әуелде неге қосылмаған?Әуелде жас қызды неге аямаған?Әуелде сезімін тежесе нетті? Көш белден асқан соң, атқа мінгені қалай?

Алуан сұрақ тудырған түйін шешімі шығармаға деген оқырман пейілін арттырады. Кей кітаптарды оқи бастағанда, батпаққа түскендей кездерің болады. Бірер бетінен соң жалығып, қоясың. Психологизм жоқ, әсем өрнек жоқ, ой толғам жоқ. Фотоаппаратпен түсіргендей, әр нәрседен жасалған монтаж, суреткер тенденциясы, белгілі концепция жоқтығынан әсер ете алмайды.

Тегінде оқырман кейіпкермен бәсекелес отырмақ. "Сен кімсің?", "Мен кіммін?" деген тәжіке бар екі ортада. Шығарманың эстетикалық ықпалы, әлеуметтік қуаты оқырманның интеллектуалдық өресімен функциялық байланыста көрінеді. Қазақ әдебиетіндегі үздік тип – Абай бейнесінің ерекшелігі ол қашанда сенен биік. Сені тазартатындай, кеудеңе нұр құятындай бір сиқыры бар. Қасына тұра қалсаң, әлсіздігіңді, қораштығыңды сезініп, қысыласың. Абайға баруың - әсемдікке баруың, даналыққа баруың. Ал көрбілте нәрсені көңірсітіп отырған жаннан қашпағанда, қайтесің.

"Ғашықтар" романындағы Жантас – кейінгі төлдің дүниеге көзқарасы, махаббатқа, сұлулыққа қарым-қатынасын білдіре алатын жігіт. Онымен сырласу іш пыстырмайды. Өнер жарысына көзді жұмып, белді буып күмп берген ақкөз емес, қабілет, білім тізгінін қатар ұстаған мүсінші шығармашылық мақсатын жасырмайды. Өмірге шығарма қалай келеді, әуелгі ниет, іздену азаптары, шабыт рақаты – осылардың куәсі болғандаймыз.

Жазушы жас мүсіншінің суреткерлік талпыныстары мен сезім бұрқақтарын екі бөліп алмай, қатар өрбіткен. Бірін-бірі байытқан, табыса келіп, үлкен арнаға айналған, қатар аққан қос бұлақ. Жантас, Ұлбосын арасында ыстық сүйісті түндер ғана емес, ауыр психологиялық күйлер бар. Аз уақыт лаулап жанған сексеуіл отындай сезім. Жантасқа көп сыр ашқан, әйел рухын түсіндірген сәттер Ұлбосын үшін соңғы серпіліс, ақырғы ән секілді.

Екінші қырда – профессор, хирург Шерубай тұр. Бір басына жеткілікті қайғысы бар. Әйелі мен баласы машина қақтығысында опат болады. Ал анау кезде, әйелін, баласын тастап Ұлбосынға үйленге күші жетпеген. Қызметіне, мансабына зиян тиер деп, жұрт көзіде құным түсер деп қорыққан, аяншақ жүрек махаббатты, рақатты, боранды тірліктен тыныш, тоқ, бұйығы тірлікті артық санап, тынған шығар. Бұл орайдағы шырғалаңдарға жазушы тоқтамайды. Егер тиянақтаса, мұның өзі үлкен бір роман, еркек трагедиясы ғой. Тебіренген жүрек сезім дариясын толқытса, тау толқындар пендені қайда лақтырмайды? Мұндай шақта сенің мансабың, байлығың, жасың – бірде-бірі сөз емес. Шерубай Ұлбосын соңынан Мыстауға келген. Тіршіліктің ендігі мәні бір кезде өзі бақытсыз еткен Ұлбосынға қосылу секілді, бірақ оған қарайтын қыз жоқ.

Жағдайды Жантас бұрынғыдан да асқындырып жіберген. Дәрігерге қаралып қайтқан Ұлбосын сұмдық байламға бекініп келгенін ешкім де сезбейді. Бейдауа, жазылмас дерт – ракқа шалдыққанын анық білген соң, түбі азаппен бұралып өлерін ұққан сорлы қыз сұмдық жолды таңдайды. Маңайындағыларды да, өзін де қинағысы келмей, дәрі ішіп өледі.

Трагедиялық финалға, қайғылы халге қан жылаған қос жүрек бар. Бірі – Жантас, екіншісі – Шерубай.

Сырт көз, басқа жандар жап-жас сұлудың өмірден бұлай кетуін айыптауы мүмкін. Жазушы тоқ етер бір ауыз жауап беру жағында емес. Ол Ұлбосынды осындай халге жеткізген, масқара қадамға итеріп әкелген жағдайларды айыптап, жел сезімге толы, басы қатты жүрекке ие бол деген адамгершілік идея айтады.

Классикалық әдебиетте суреткер тағдырына ерекше әсер етер, рухани тірлігінде бедерлі із қалдырар қасиетті күш бейнесінде әйел образын алу - өнімді, көп тармақты дәстүр.. Эмиль Золяның "Творчество", Ромен Ролланның "Жан Кристоф", Джек Лондонның "Мартин Иден" романдарында, Эрнест Хемингуэйдің "Килиманджаро қары" әңгімесінде осы сарынның сан алуан ырғақ тапқан әуезі бар.

Мүсінші Жантас әлі үлкен тартыстардың қиын додасына түспесе де, махаббат, сүйіспеншілік жолында көп тебіреніп, осы арнадан жанына мол нәр алып, рухани марқайып, кемелдене бастаған. Өнердегі әсемдікті табу, тану, бағалау мен өмірдегі ізденістер астасып кеткен.

"Алтын құс" романында І. Есенберлин бұрынғы шығармаларында форманы пайдаланған: сюжет ой ағымымен берілген.

Бұл орайда бірнеше жайтті ескеру қажет. Жазушы өз суқаны сүймейтін, әшкере етпек персонаждың атынан әңгіме шертуі мүмкін. Жағымды ыңғайда алынған кейіпкер аузымен айтылған оқиғаның өзін автордың субъективті қара басындағы күйлерімен, оның жеке тірлігіндегі халдерімен шатастыру әбестік болар еді.

Бір әрекетте екінші әрекет туып, оқиға желісі тізбектеліп отыратын сюжет қазақ әдебиетінде талай шығарма тудырған. Ал, қазіргі прозада кең таралып, бел ала бастаған арна - сюжетті ой ағым арқылы өрбіту біздің топырағымызда әлі сіңісіп кетпеген тәсіл.

Кейіпкер өміріндегі ұсақ-түйекті, майда-шүйдені жіпке тізе бермей, іріктеп, сұрыптап алуға мүмкіндік туады. Үйірім оқиғалар арасында себептік байланыстың қатаң талаптарын, кейде ескермеуге болады. Бұл композицияның қалыптасқан, канонға айналған схемаларын бұзуға, материалды қажетке қарай пайдалануға еркіндік бермек. Қазіргі мен өткенді аралас бейнелеу, эпизодтардың біршама аяқталған даралық сипаты шығарманың тұтастық шеңберін әлсіретеді.

Осындай форма мүмкіндіктері мен кемшіліктері "Алтын құс" романынан қатар көрінеді.

Задында жас ұлғайған сайын адам екі түрлі күйге түсуі ықтимал. Біреулер көргенінен, татқанынан ой-түйіп, байлам жасап, кемелденіп, байып, марқайып, рухани кәселетке ие болса, біреулер тұрмыс соққысынан ашынып, арып-тозып, тоналып, тірі өлікке айналмақ. Біріншілер – құт, екіншілер – сор. Біріншілер өзі құлаған жерде опық жеп, бармақ шайнаған тұста басқалар аман қалса дейді, екіншілер өзі жүдеген кезеңде басқалар аштан бұралса, өзі сүрінген асуда екіншілер омақасса екен дейді. Біріншілер үміті – болашақ, кейінгі ұрпақ, екіншілері қамы - өз пешенесі; бүгінгі дүние ғана. Екі пиғыл, екі мораль.

Елуді еңсерген атақты кенші ауруханада жатыр. Кешу айтысқандай, қауыммен сырласқандай халі бар. Созылып келген ажал тырнағынан амал қалып, өмір жүзіне қайта қарау, өз ішіне үңілу, өткен-кеткенді еске алу – төсекте шалқасынан тырп етпей, апталап сарылған адамға бұл да – бір ғанибет. Еріккеннен яки мылжыңдықтан шығатын езбе сөз болады. Өлі мен тірі арасында жатқан кенші сырында бұлардың көлеңкесі де жоқ.

Қазақ романының психологиялық шытырмандар тереңіне түптеп бойламағандығынан шығар, сүйіспеншілік бейнеленгенде көбіне жастар арасындағы қызу-жалынды сезім суреттеледі. Мұнда да белгілі күйлер, романтикалық әуендегі ырғақтар бар. Тіршіліктің темір қақпанына түскен шақтағы махаббат, жас шамалары алшақ жандар арасындағы жұмбақ, бір шаңырақта тұрып, басқа құшақтан ләззат табу секілді құбылыстар жазушылар сарабына сирек ілінеді.

Алғаш оқи бастағанда "Алтын құс" романының бірінші көрінісінен тіксініп қаласың. Қазақ прозасындағы портрет жасауда көз, мұрын, шаш төңірегіндегі бояуларды ғана қамтитын дағды бұзылып, сұлу тән жалаңаштана бастайды. Натуралистік детальдар-ау деген күдік кішкенеден кейін сейіліп, көңіл орнығады.

Оқыс жағдай оқырман ықыласын бірден тартып алған. Бірақ, жазушы барлық түйінді қолма-қол шешіп тастамақ емес. Кенші қиялы өткенді кезіп, саналы өмірі басталған сонау отызыншы жылдары аяғындағы Мысқазған қаласына бізді де алып келеді. Сабыр Шәкіровтың Атбасардан екендігі, кәрі әке-шешесі, шахтада кен қопарушы боп істейтінгі аян болады. Мұның бәрі өз аузымен сөз арасында айтылған.

Ай астында оңаша кездескен екі жас Сабыр, Ақбаянның ләззатты сәті ұзаққа созылмай үзіледі. Көрсеқызар қыз көңілі сұлу, сұсты, үлкен мансабы бар жігітке бірден ауғанын жасыра алмайды. Сабыр қызғаныш, намыстан өртенсе де, қылар қайраны, жасар амалы жоқ. Соғыс басталып, көп боздақтың бірі болып, қызыл вагон ішінде кете барады. Ақбаян қоштасуға келмеген. еТін жас тілген, жүрегінен қан аққан Сабыр майданға кірген бойда дұшпанды оп-оңай қырып-жойып жібермейді.

Құр сықақтаумен, карикатурамен адам характері көрінбейді. Дұшпан ортасын өмір шындығынан алшақ сипатта бейнелеу, ішкі дүниеге үңілу орнына, жадағай жәйттерді адақтап кету көркемдік шарттарына нұқсан келтіріп, шығарманы жайдақ үгітшілік, жалаң ділмар-су өзегіне түсіріп жібереді. Осы қауіпті ескерген "Алтын құстың" авторы тұтқын солдат пен бай әйел арасындағы қарым-қатынасты суреттеу үстінде достық-дұшпандық, патриоттық-фашизм шарпысуын көрсетпек болған.

Ұзын сонар оқиғалар ой ағымы арқылы берілген. Жүрек ауруының салдарынан төсекке құлаған егде кенші – Сабыр өзі басынан кешкен, бел ортасында болған хикаяларға қайта үңіліп байлам жасайды. Сонда үнемі бір бүйрегінде алтын жамбыдай боп жатқан асыл бар, ол – Ақбаян. Шығармадағы әр түрлі жүлгелер басын қосып, тұтастырып тұрған – Сабырдың ойынан кетпейтін арман.

Жүзіктің көзінен өткендей хас сұлу Сабыр жүрегінен өшпейді. Қияметтің қыл көпірінен өтіп, тозақ отынан тірі қайтқан Сабыр Қарағанды ауруханасында Ақбаянның өзімен емес, хатымен кездеседі. Жылуы, сезімі аз, суық хат.

Әңгімелердің көбін Сабыр кенші өзімен-өзі күбірлеп, сырласқандай болып шертсе, біразын ауруханадағы күтуші дәрәгер Бәтимаға айтады. Сондықтан ситуациялар бірде Сабырдың өз пайымдауында, бірде Бәтиманың сезім-күйіне орайлас қалыпта келеді.

Еңбек торы, әйгілі кенші, кемеліне келген егде адам Сабырдың Ақбаянға деген сүйіспеншілік сезімінің ұзақ жылдар сөнбеуін жазушы сенімді бейнелейді.

Жазушы көп талқыдан өткен, ыстық-суықтың бәрін көрген, байсалды, байыпты адам хикаясын шерткен. Халқының кешегі тарихына, бүгінгі болмысына, ертеңгі келешегіне ет жүрегі өртенген, тілдің, мәдениеттің тағдырына азаматтық тұрғыдан қарайтын Сабыр Шәкіров жақсы сыйласыңа айналып кетеді. Үлкен азаматтық борышты ұмытқан, тәуір тұрмыс, тоқ тірлікке мәз болған, сөмке сүйреткен оқымысты санатындағыларды шеңеуге әбден хақы бар оның, Сабыр Шәкіровтың ауруханадан шығатынына, әлі де көп тірлік кешетініне сенімің кәміл. Мұндай адамдар ажал тырнағына оп-оңай түспеуі керек.

Бұрын "Айқас", "Алтын құс" шығармаларында геологтар, шахтерлер өмірін бейнелеген жазушы "Маңқыстау майданы" романында мұнайшылар тағдырын қолға алған. Жалпы Есенберлиннің тарихи туындылары болсын, бүгінгі өмірді көрсететін шығармалары болсын, бәріне тән ортақ қасиеттің бірі - әлеуметтік, социологиялық күрделі проблеманы қозғауы; тартыс кесектігі, осыдан келіп туатын мінездер даралығы; бұған қызықты , тартымды сюжет түзілісін қосу керек.

Бұл ерекшеліктер "Маңқыстау майданында" да бар. Қазіргі Қазақстанның техникалық интеллигенциясы, маман жұмысшы кадрлары, әлемдік мәні бар, мұнай ордасының ашылуы, игерілуі жөнінде көп сырлар шертіледі. Ағайынды Халел, Жәлел Бестібаевтар тағдыры арқылы үлкен өндірістің тынысы, ондағы әр түрлі адамдар, өзгенің еңбегі есесімен атаққа ие болып жүрген Ерден сабырлы, сырбаз Жандос бейнелері көрсетіледі.Заманында кәмпескеге ілінген, жер аударылған жандардың ұрпағы Алан-Алешка салған ылаң, Жәлелдің мерт болуы – бұл сюжеттерде детективтік сипат басым.

Автор Маңқыстау түбегінің өткен тарихын, зерттелу, игерілу мәселесін, табиғат жағдайын жақсы біледі. Бірақ көркемдік шарттары ұмытылып, таза информациялық материалдар орынсыз тықпалана бастаған кезде, тұтқырлық, қарадүрсіндік пайда болады: стиль, тазалығын сақтамағандықтан, кейбір фактілер шығармаға кірікпей, жамау-жасқау секілденіп, бөлектеніп тұр.

Шеберлікпен қолданса, көркемдікке қызмет етсе, деректердің, фактілердің айрықша мәнге ие болатындығын осы автордың өз шығармашылығынан, "Аманат" романынан аңғарасың. Шығарма арқауы – археолог ғалымдар өмірі. Орталық кейіпкер, көпті көрген, білімді, қажырлы, ойшыл ғалым Күнтуар Құдайбергенов монологтарында тарихи фактілер, ғылыми тұжырымдар жарасымды беріліп отырады. Жазушы оқиғаға, кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынасқа орынсыз араласпайды: сюжеттің табиғи дамуына ерік берген.

Ғылыми ізденістер психологиясы, зерттеудің зейнеті мен бейнеті жанды образдар арқылы суреттелген. Маңдайдан тер ағызған еңбек емес, қулық-сұмдық, айла-шарғы, пысықтық, екіжүзділік арқылы ғылыми атақ алып, әр түрлі мансапқа жеткен Ерғазы Аюпов, Пейілжан Сұрықбаев характерлерін ашуда жазушы сатиралық көркемдік тәсілдерді қолданған. Жастары алшақ, ғылымға әр кезде келген бұл екеуінің тіршілік тәсілі, өмір сүру айласы ұқсас: көп нәрсені айырбасқа, саудаға құрады. Әншейінде ауыз жаласып жүріп, академияға сайлау кезінде өзара атарға от таппай, қас-дұшпан боп шыға келеді қос сабаз. Тұтас алғанда, "Аманат" романы ғалымдар ортасының көп сырларын ашатын, мещандықты, эгоизмді, алаяқтықты сынайтын, бір күндік атақ, құбылмалы мансап үшін емес, зор халықтық тілектер, биік мақсаттар жолында талант-қайратын, білім-қуатын жұмсаған оқымысты бейнесін жасаған, шыншыл шығарма деп тұжырымдауға әбден болады.

Әдетте, жазушы Ілияс Есенберлин есімі аталғанда, ең алдымен, оның алты романнан тұратын тарихи шығармалар циклы еске түседі. Сол туындыларына қарап, қаламгер өнерпаздығына баға беріледі. Асылында, осы бір өнімді, берекелі талант иесі қазіргі өмір шындығын көрсетуге, қайшылықтармен күрес үстінде қалыптасқан, кейіпкерлердің тұлғасын бейнелеуге оннан астам роман арнаған екен. Бұл шығармалар топтап айтқан кезде мынадай тақырыптарды қамтиды: ұлт зиялыларының қиындыққа толы жолдары, инженерлер өмірінің қат-қабат тартысты шындығы, Ұлы Отан соғысының оқиғалары, тың игеру барысындағы республикамыздағы экономикалық, демографиялық өзгерістер әсерінен туған психологиялық жаңа құбылыстар, Маңқыстау байлығын ашу үстіндегі күрес, мемлекет қайраткерлерінің, ғалымдардың, өнер адамдарының тағдыры. Оқиға өтетін ортаны автор кейде Алматы, Тың өлкесі, Жезқазған, Маңқыстау деп дәл көрсетіп отырса, кейде мекен-жай, қала аттарына өзі ойдан шығарған, бірақ нақты географиялық ортаны еске түсіретін ат беретін кездері де бар.

Оқиғаның болған уақытын, өткен жерін дәлді көрсетіп жазған автордың соңғы шығармаларының бірі – "Махаббат мейрамы" романы.

Романда жетпісінші жылдардағы Алматы қаласы көрсетіледі; белгілі көшелер, алаңдар, бульварлар суреттеледі; көзге таныс шаһардың кескінін жазушы ықшам боялармен салады. Негізгі кейіпкерлері – алпыстан енді асқан белгілі ақын Асығат, оның әйелі Қырмызы, ұлы Еркебұлан. Урбанизацияның демографиялық әсері қазақ отбасынан да анық көріне бастағаны ешкімнен жасырын емес, қала жағдайында бір баланың, асса екі баланың бетіне қарап, барлық үміттерін соларға ғана артып отырған шаңырақтар аз ба? Жалғыз-жарым өскендіктен беттерінен қағылмаған, не ішем, не жеймін, не кием дегенді білмеген ерке-шолжаң, өзімшіл болып қалыптасқан мұндай ерке-тотайлар бейнесі әдебиетіміздің әр түрлі жанрларында (әсіресе драматургия) талай рет көрінген. Мұндай персонаждардың қалыптасқан пішіні бар: ана тілін шала-шарпы біледі, рухани байлықтан гөрі киім-кешек жағын көбірек құнттайды, белгілі мамандық кәсібі жоқ, әр шөптің басын бір шалған, не қызметтен, не үй-ішінен пәтуә таппай, әке-шеше мойнында отырған масыл. Жазушы І. Есенберлин мұндай схемамен кетіп қалмай, қала жағдайында жақсы білім алған, үйде үлгілі тәрбие көрген, ойлы, сезімді жас жігіттің бейнесін көз алдымызға алып келеді. Әкесінің белгілі ақын екендігін, үй-ішінде жалғыз бала болып өсіп, еш нәрседен тарлық көрмеуі, кейін Москваның сәулет өнері институтын бітіруі Еркебұланды теріс жолға түсіретін факторлар ретінде емес, қайта оның жан-жақты дамыған, қазіргі заман деңгейіндегі талаптарға толық жауап беретін зиялы, білімпаз, ізденгіш сәулетші қатарына көтерілуіне жәрдемші жағдайлар болғандығын жазушы анық ұқтырады.

Шығарманың барлық тартыс арналары, композициялық бөлімдерін тұтастырып ұстап тұрған орталық қаһарман, басты кейіпкер қала перзенті – Еркебұлан басындағы шырғалаң, оның тәрбиесіндегі, өскен ортасындағы кемшіліктерден емес, қайта рухани тазалық, дүниетанымындағы асқақ мұраттарды таптап басып кете алмаған адамгершілік пәктігінен туғанын көреміз.

Ардақты әке, ана жалғыз ұлдарын сұлулық, көркемдік үлгісімен тәрбиелеп, әділет, шындық, махаббат идеалдарына адал болу, сол жолда күресу керек деп үйреткен. Сондай ортада өсіп шыққан тәрбиелі, кітаби ұғымдағы Еркебұланның сұсты келбетті өмірдің ащы шындығымен бетпе-бет келгенде, тайғанақ тартып, таяқ жеуі заңды болатын.

Жазушы бұл романда өміде сирек кездесетін, әсіре детективтік сипаты бар оқиғалар жүйесін аса ширатып алған деуіміз керек. Тіпті кей тұстарда жасандылық элементтері де көрініп қалады. Асығат пен Қырмызының бауырларына қыз салуы, одан айырылып қалып, дұшпандары тастап кеткен сәбиді өсіруі, кейін бұлар ер жетіп, бір-біріне ғашық қыз бен жігіт – Жұлдыз бен Еркебұлан болып шығуы – оқырманды жетектеп отыратын, қызықты, шытырманды оқиғалар. Бұларға Қаражан секілді бұзықтың сергелдеңдері, төбелес сценалары, өлім сияқты көріністер қосылады.

Өзіне қарамай, ақынға шыққан Қырмызының баласын ұрлап әкетіп, оны мәңгі бақытсыз еттім деп ойлаған Қаражан Жұлдызға соңғы рет сотталып бара жатқанында Алматыда, туған әкең мен шешең бар деген жылдар бойы жасырып келген ішіндегі сырын айтып кеткен.

Махаббат қуанышында жүрген Еркебұлан сүйген қызы Жұлдызды үйіне әкелген сәттен бастап трагедиялық оқиғалар өрбиді. Асығат пен Қырмызының көп жағдайы Жұлдыз үшін Қаражан айтқан әке-шешесінің белгілерімен бірдей болып шығады, ендеше Еркебұлан – туған ағасы! Мұндай масқара жағдайға түсем деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген сезімді, ұятты қыз оқуын тастап, Алматыдан мүлде қашып, Сібірдің бір қаласына тартады. Жігітіне жалғыз ауыз сөз де айтпайды.

Бұдан кейін махаббат дертіне шалдыққан жас жігіттің азаптары басталады. Ұйқысыз түндер, шер тарқатам деп ішкен арақ-шарап, ақыры оны психатриялық емханаға түсіреді.

Романдағы сюжет еске түсіру арқылы, бірде ағымдағы оқиғаларды суреттеу арқылы, негізінен, Еркебұлан басындағы халдердің фонындағы жәйттерді көрсетеді.

Талант пен дарынсыздық тартысын жазушы Еркебұланмен қатар өскен, қатар оқыған, қатар қызмет істей бастаған екіші бір сәулетші Қайназар қылықтары арқылы ашады. Арамдық, қулық-сұмдық сабақтарын алыстан емес, өз әкесі Серәліден алып отыратын Қайназардың есіл-дерті мансап сатысымен жоғары өрлеу, бұл жолдағы кедергі атаулыны ол аямайды, кім болса, ол болсын, құрту керек. Сол кедергінің үлкені - сәулетшілік табиғи дарыны күшті, қиялы жүйрік Еркебұлан. Сондықтан мынадай екіталай уақытта, махаббат дертіне мең-зең болып жүрген Еркебұланды мүлде ішкізіп жіберуге бел буған.

Ата-анасының әбден азапты кейіптерін көрген Еркебұланның ішімдіктен күрт тиылуы сенімді бейнеленген. Енді есін жия бастағанда, бұзықтар ортасына түсіп, таяқ жеп жатқан Қайназарды арашалаймын деп жүріп, еріксіз төбелескен, қорғану үстінде, өзін өлтіруге ұмтылған қарулы тентекті мерт қылған Еркебұлан абақтыға қамалады. Бұл тұста Қайназар тағы опасыздық жасап, өзінің кім екенін анық ашып береді.

Роман Жұлдыздың анық кімнің баласы екенін біліп, Алматыға қайтуымен, Еркебұланның қорғаныс үстінде жасаған әрекеті үшін жазаланбай, ақталуымен, сөйтіп екі ғашықтың табысуымен аяқталады. Әділінде, шығармада махаббат мейрамы емес, шын махаббатқа келер жолдағы қиыншылықтарды жеңу, азаптар мен талқыларды өту суреттеледі. Алматы қаласының сәулетті, шаһардың болашақ өсу өрістері жөніндегі жазушының көкейіндегі ойлары, ізгілікті армандары сәулетшілер аузымен айтылатын диалог, монологтарда айқын ашылады. Сюжет құруда трагедиялық қателік, адасу принциптерін қолданып, көркемдік барлау жасаған жазушы ізденісі негізінен сәтті шыққанын айту керек.

Өнер интеллигенциясының тағдырына І. Есенберлин бірнеше роман арнады. "Қатерлі өткелде" заман зорлығына қарсы шыққан ақын трагедиясы көрсетіледі. "Ғашықтарда" өмірдегі және өнердегі сұлулықты бірдей құшқан суретші ізденістері бейнеленеді. Ал автордың көзі тірісінде "Жұлдыз" журналына, "Жазушы" баспасына қолжазбасын тапсырып, бірақ жарияланғанын көре алмай кеткен шығармасы – "Аққу құстар қуанышы" романы. Бұл шығарманың да негізгі тақырыптық объектісі өнер адамдарының ортасы, оның ішінде әншілер, композиторлар, актерлер әлемі.

Қазақ прозасында шын мағынасындағы қалалық романдар сирек, шығармаларымыздың басым көпшілігіндегі оқиғалар ауылда, шырқағанда аудан орталығында өтеді. І. Есенберлиннің бүгінгі тұрмысымыздағы бейнелейтін соңғы романдарының бір ерекшелігі бұлардағы әрекет қалада, дәлірек айтқанда, Алматыда өтеді. Соғыстан кейінгі Алматы көрінісі, қаланың сол тұстағы архитектуралық бітімі, табиғат жағдайлары романның алғашқы тарауларында дәл қалпында, нақты, сенімді суреттер арқылы беріледі. Романның оқиға жүйесінде деректі, белгілі өмірлік ситуациялар мен жағдайлар жатқанын көру қиынға соқпайды.

Тегінде Ілияс Есенберлин бір тақырыпқа шығарма жазар алдында арнаулы дайындық жасаған, объектіні жан-жақты зерттеп алып барып қалам тартқан қаламгер екендігін оның негізгі романдарының шығармашылық тарихы айқын байқатады.

Кезінде филармония директоры қызметінде болған, көптеген ән текстерін жазған, қызмет бабында артистермен, композиторлармен, әншілермен қоян-қолтық араласып, олардың өнерпаздық сырына қанған, тұрмыстағы қиындықтарын көзімен көрген автордың қыруар роман тудырып, ысылған шағында, өзі дәл де терең білетін адамдардың тіршілігіне шығарма арнауы заңды әрі орынды әрекет еді.

Романда кейіпкерлер саны онша көп емес, негізгі әрекетке қатынасатындар: композитор Ержан, әншілер – Алмагүл, Бірлән, Сырым, Ханшайым. Шығармада бірнеше сюжеттік буын қатар өріледі. Олар бірін-бірі толықтырып, кейде тереңдетіп отырады; әр түрлі сарын-әуездер, түптеп келгенде, негізгі ырғаққа бағынады. Негізгі кейіпкерлерді оқырманға алғаш таныстырғанда автор оларға психологиялық мінездеме береді. Орнымен, сәтімен қолданылған бұл жазушылық тәсіл романның композициясын ширата түскен. Басты кейіпкердің бірі – композитор Ержан Есентаев жақсы шығармаларымен танылып, енді атағы шыға бастаған тұста өмірдің жаңа сынына түседі. Нұрғазы, Ерғазы есімді егіз ұлын бағып, мұның тілеуін тілеп өмір сүріп отырған момын әйелі Жәмиладан суынған композитор жас сұлу, әнші Алмагүлге ғашық болады. Жазушы бұл ситуацияда қазақтың дәстүрін ұстанған, шаңырақтың есендігі, босағаның бүтіндігі үшін, бала-шағаның қамы жолында жастығын, жар қызығын, тіпті өзін түгелдей құрбандыққа беретін байсалды, шыдамды, көнтерлі аналардың бейнесін еске түсіретін, ашуды ақылға, сезімді сабырға жеңдірген қазіргі қазақ әйелінің ұстамды бейнесін жасайды. Ерінің басқа әйелмен курортқа кетіп бара жатқанын көре тұра, арадағы қызылкөздер түртпектеп, сөз жүргізгеніне, әр түрлі мекемелерге барып арыз айту жөнінде емеурін білдіргеніне қарамастан, былқ етпеген Жәмиланы сезімсіз, қытықсыз, намыссыз адам деп айтуға аузымыз бармайды. Естілігіне, мінез байлығына разы боласың. Адалынан беріліп, күйеуі жолында өзін құрбан еткен әйелдің опасыздық көрген кездегі трагедиялық жағдайы бейнеленеді. Тұңғиық көздері тұнжырап, қайғысын сыртқа білдірмей, егіз ұлды тәрбиелеп өсіруге қалған ғұмырын арнағандай ішкі серті бар.

Жас әнші, сұлу келіншек ғашық болып қосылған талантты композитор талай уақытқа дейін жарсыз қалған әйел, әкесіз қалған баланың панасыз халін, жетім күйін, жүдеген көңілін ойдан мүлде шығарып, ләззат рахатына бөленеді; осындай көтеріңкі көңілмен жүргенде, қуаныш, махаббат, жастық туралы әндердің бірінің артынан бірі туып жатуы заңды еді. Арада жылдар өтеді. Алмагүлден бала көрмеген Ержан Жәмиладан туған ұлдарын сағынады. Жастай тастап кеткен әкеге егіз ұл тез суынған, өкпе емес, ашу, ыза секілді қабақ танытады. Тек өзін, атақ-даңқын күйттеген тәкаппар әнші Алмагүл кемшіліктері бұрынғыдан да асқынған; өнерпаздық дағдарыста жүрген, жаны күйзелген композитор күйеуіне қол ұшын беріп, тығырықтан құтқарар, жан бұл емес. Талғамы шамалы топтың көңілінен шығатын желкілдеген, ырғақ билеген, эстрадалық аз күндік ғұмыры бар әндер айтып, қол шапалақтау естігеніне мәз. Әйелінің репертуарына ғана арналған жеңіл-желпі ән шығарудан аса алмай қалған композитор Ержан қиналады, жаңа өрістерді таба алмай азапқа түседі.

Мұндай қиналыстар екінші бір кейіпкер – опера әншісі Бірлән басында да бар. Бірақ оның тағдыры жылы ұя, сүйген жарын тастап, жаңа рахат таппақ болып адасқан Ержан тағдырынан күрделірек, дәлірек айтқанда, аянышты , қайғылы.

Жазушы Бірлән арқылы тұрмыстың небір соққылыларын көрсе де мойымаған, қандай қиын жағдай болса да, өнерді бірінші қатарға қойып, табиғат берген асыл сый – талант, қабілет, дарын атты қасиетті аяқ асты етпей, халық игілігіне жаратуға күш салған, қажырлы, табанды адамның, үлкен жүректі, зор сезімді әйелдің бейнесін жасау талабын іске асырған.

Бала күннен бірге өсіп, біте қайнаған, жастай қосылған алғашқы күйеуі қоңыр төбел адам болғанмен, келе-келе Бірләнді өнерге қимай әр түрлі спектакльдерде жұптасып ойнайтын еркек актерлерге дәлелсіз теліп, ақыры жан-дүниесін қызғаныштың қызыл оты өртеп, адамгершіліктен кетеді де, айқай-шу, дау-жанжал шығаруды бастаған, оның аяғы ұрыс-керіске, тіпті ұрып-соғуға, күнәсіз жәбірлеуге ұласқан. Осындай азапта жүрген Бірләннің сұлу жігіт, талантты әнші атағы енді көтеріле бастаған жас пері Сырыммен танысу, жақындасу, табысу сәттерін жазушы психологиялық тұрғыдан сенімді бейнелейді. Бұл қатынастар бойдақ Сырым үшін еш нәрсеге міндеттемейтін, өз жайлауын табу жолындағы бір қоналқы бекет секілді ғана, ал Бірлән үшін сынған ерді жамайтын, жаралы жүректі емдейтін, бұзылған ұяны бүтіндейтін – үйленуге апаратын жол секілді.

Автор дарындылық пен дарынсыздық шарпысуын, Моцарт пен Сальери сарынын: таланттың жүдеу, азу себептерін, өнердің көркею шарттарын нақты тағдырлар, жеке адамдардың бейнелері арқылы көрсетпек болған. Осы реттен келгенде, талай өнерпаздарды мезгілсіз құрқан, тіпті олардың түбіне жетер кесірдің бірі - ішімдікке салыну кесапатын жазушы Сырым кейпі арқылы ашады. Табиғат сұлу мүсін, әдемі көрік, әуезді әсем дауыс берген Сырым өз бойындағы талантын таза сақтап, күте білетін адам емес, әр түрлі нәрсеге еліктеген, басқалардың ықпалына оңай түсетін, жеңіл мінезді жігіт.Суйіспеншілік сезімге де жауапты қарамайды, әйелдермен қалай оңай танысып, табысса, солай оңай ажырасады. Ол үшін қайғырып та жатқан жоқ. Сабырлы, ақылды әнші қыз Ханшайым Сырымға күйеуге шыққан күннен бастап азапты дерт – ішкілікпен күреседі. Шығарманың бұл жәйттерді бейнелейтін тұстарында автордың этикалық, адамгершілік мұраттары айқын көрінеді; жарына шын берілген әйелдің қандай ауыр қорлыққа , мазаққа шыдайтыны суреттеледі, түбінде зілді сырқатты жылы жүрек, аялы алақан жеңетінін уағыздайды.

Тұрмыс соққысынан, отбасы талқысынан, ішкілік кесапатынан арылып, қайтадан түлеп, жаңғырып, өрлеп өскен үш өнерпаз – композитор Ержан, опера әншілері Бірлан мен Сырымның үлкен дарынының күшімен көрерменді тебіренткен "Арман" операсының тууын, дайындалуын, сахнада қойылуын жазушы шабытпен жазады. Өмірлік шындық пен көркемдік шындықтың қабысуы тиянақты бейнеленеді. Қазақ зиялылары, Алаш ардагерлерінің тағдыры, Дінмұхамед Қонаев және оның төңірегі туралы жазылған «Мұхиттан өткен қайық» романы қаламгердің көзі тірісінде басылмай, кейінгі жылдары ғана шықты.

1982 жылы қаңтар айының ішінде Мәскеу түбіндегі Малеевка деген жердегі Жазушылардың шығармашылық үйінде әдебиетші Сейіт Қасқабасов екеуміз бір жағынан демалып, шаңғы теуіп, екінші жағынан түртінектеп бірдеңе жазған болып жатыр едік. Бір күні асханада кешкі тамақ үстінде:

- Жаман қазақтар, халдарың қалай? – деп бір жүзі таныс адам біздің столға келді. Енді таныдық – башқұрттың әйгілі ақыны – Мұстай Кәрім. Қолма-қол жауап та айтылып қалды.

- Шүкір, жаман башқұрт аға, - дедім. Мұстай күліп жіберді.

- Менің жаман қазақ деуімнің себебі бар. Ал сен неге башқұртты жаман дейсің?

- Барымтаға қарымта жасағанымыз ғой.

- Ә, солай ма? Мен Мәскеуден өте қатты ренжіп қайттым, - деп түсін суыта бастады. – Сендерге айтпасам болмас, ішіме сиятын емес. Мен қазақтарды, Қазақстанды ерекше сүйемін. Түрік әлемінде кеңдікті, молдықты, бұрынғыны сақтап қалған алтын бесік деп қадірлеймін. Көптеген ақын достарым бар: Сырбай, Жұбан. Алматыда талай рет болдым. Хош. Осы күндерде мен қазақтардан бұрын күтпеген бір мінез көріп шошыдым. Лениндік сыйлықтар комитетінде мен мүшемін. Соның соңғы талқылауына грузин Нодар Думбадзе мен қазақ Ілияс Есенберлин романдары түсті. Екеуін де оқыдым. Нодардікі – бүгінгі заманды айтқан жұқалтаяң шығарма, Ілиястікі – мыңжылдық халық тарихын толғаған туынды. Нодарды жақтап Грузиядан бір вагон қолдау келді; Ілиясты қаралап Қазақстаннан бір вагон балағат келді. Ең соңында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеологиялық хатшысы қол қойған "Есенберлин шығармаларында халықтар достығына, советтік идеяға қарсы сарындар бар" деген хат бәрін құртты. Лениндік сыйлықты алып тұрған жерінен Ілияс Есенберлинді қазақтар жабылып құлатты. Бәрін бастап жүрген көзі тірі классиктерің кім екенін айтпай-ақ қояйын. Өздерің де білесіңдер. Менің осыған ішім күйіп кетті. Жігіттер, қазақ жаман дегенім сол үшін еді. Қайтып алдым ол сөзді. Бірақ айтыңдаршы, Ілияс қазаққа не қиянат жасап еді?

Башқұрт ақыны Мұстай Кәрімнің сол сәттегі жан ашуына медет боларлық сөз таба алмай, Сейіт екеуміз жерге қарадық.

Кейін дастарқан басында, сейілде жүргенде ауыр сұрақтың жауабын беруге тырысқан едік.

Ілияс Есенберлин - әдебиетке соғыстан кейін келген буынның өкілі. Оның алғашқы 15-20 жыл ішінде, шығармашылық сапардың бастапқы кезінде жазған поэмалары, сценарийлері, драмалары, прозалық туындылары орта қол дүниелер болатын. Ол қатарлас қаламгерлер бірді-екілі шығармамен санатқа кіріп, тіпті кейбіреулері атақ-даңққа ие болып, кеуде тұстан орын алса, жиналыстарда, пленумдарда, съездерде, баспасөзде біреу сыналса, Ілияс сыналатын, "кім жаман – Ілияс жаман", "кім халтурщик – Ілияс халтурщик" дегенді қатардағы қалам иесінен бастап, Орталық Комитеттің хатшысына дейін айтатын. Сөйтіп ешкім көзге ілмей жүрген, можантопай жазушының "Айқас" деген роман жазып, оған аяқ астынан Мемлекеттік сыйлық алуы әуелде кездейсоқтық көрінді. Жоқ, кездейсоқтық емес екен. Қазіргі заман және тарихи тақырыпты тең , қатар арнада терең бейнелеген романдар түйдегі туа бастады. Зәру, күрделі проблемаларды толғаған қазақ әдебиетінде бұрын көтерілмеген реалистік, қуатты шығармалар оқырмандар арасында Ілияс есімін кең жайып жіберді. Ал "Қаһар" секілді роман халық санасында патриоттық төңкеріс жасады. Жалған схоластикалық талаптар мен догматтық мақсаттардың шылауында кетіп, жеке сөз бен сөйлем сұлулығы үшін бар қабілетін тауысып, бір жазғанын мың жазатын әурешілікке түспей адам тағдыры мен халық тарихын биік нысана еткен Ілияс романдары ондаған тілдерге (орыс, ағылшын, испан, неміс, қытай, француз, араб т.б.) аударылып, өзге жұрттардың да ықылас-махаббатына бөленді.

Бұл жазушының өзін, тілектес достарын, ең бастысы, қалың оқырман қауымды қуантқанымен, кеше ғана қаламгер қауымның босағасында жүргендей автордың әдебиет төріне шығып кеткендей болғанын дырдай жазушылар көтере алмады. Жасыратын не бар, өзгелерді айтпағанда, аға жазушылардың өзі "Қаһар" сияқты қуатты шығарманы мойындамады, тіпті қарсы шықты. Бірақ күн санап Ілияс феномені жалғаса берді. Роман артынан – роман. Даңқ үстіне – даңқ. Өсек-аяң да ат-көпір: "Қайын атасы Хамза Жүсіпбековтен, алаш орда өкілдерінен қалған көп мұра бар екен, соны пайдаланатын көрінеді". "Әдеби негрлер – пәленшеке-түгеншеке жазып береді екен".

Осының бәрі - өтірік, бәрі – ғайбат, бәрі – жала!

Мен Ілияс Есенберлиннің он томдық шығармалар жинағын баспаға әзірлеу үстінде оның қаламгерлік лабораториясымен толық танысуға мүмкіндік алдым. Жазушы барлық шығармаларын өзі, қолымен жазып шыққан. Оны айтасыз, романдарының сөзбе-сөз (подстрочник) аудармасын түгелге жуық ерінбей-жалықпай, өзі жасаған. Олардың да қолжазбалары сақтаулы.

Ілияс Есенберлин бір көргенде сөзге шорқақ, момын, жуастау болғанмен мінезі берік, алған бетінен қайтпайтын, мақсат жолынан айнымайтын, ең бастысы ұлты үшін жанын шүберекке түйген, қалам қайратымен қазақ халқының бостандығы үшін арпалысқан, арыстан жүректі суреткер еді.

Мұстай Кәріммен қазір кездессем де, Ілияс Есенберлин туралы бұрын айтылған жауапты тағы қайталар едім деп ойлаймын.



СЫНДАРЛЫ СЫН, ОРАМДЫ ОЙ

І

- Елуге келіпті.

- Кім?

- Серік Қирабаев.



- Қойсаңшы.

- Сенбей тұрсың ба?

- Ойбай-ау, біз қырқыңды алқымдадық. Оған қайдағы елу?

- Рас, елу.

- Ей, білгіш, осыдан жиырма бес жыл бұрын мектепте оқулығын оқыдық емес пе?

- Иә, оқыдық. Қазіргілер де оқып жатыр.

- Ол кезде өзі жиырманың ішіндегі қылшылдаған жас жігіт екен-ау, ә?

ІІ

Революциядан бұрын алғашқы үлгілері көріне бастап, совет дәуірінде қалыптасқан қазақ әдебиеттану ғылымы елуінші жылдар ортасында жаңа белеске көтерілген болатын. Ерекше қажырмен еңбек еткен қазақ әдебиетшілері аға буынының өкілдері – Мұхаметжан Қаратаев, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсембай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Мәлік Ғабдуллин негізгі, күрделі еңбектерін осы тұста жазса, сол кездегі жастар Айқын Нұрқатов, Зәки Ахметов, Рахманқұл Бердібаев, Баламер Сахариев, Мүсілім Базарбаев, Әнуар Дербісәлин, Мырзабек Дүйсенов, Евгения Лизунова ғылымдағы алғашқы қадамдарын бастаған. Серік Қирабаев та осы кезде өнімді, жемісті, дарынды буын қатарында зерттеушілік сапарға жол тартты.

Елуінші жылдардың ортасында жарияланған «Ғабиден Мұстафин» атты биографиялық очерк жас автордың ғылымдағы тырнақ алдысы бола тұра, шалағай талапкердің шикілі-пісілі дүниесі емес, байсалды, білімді, ойлы әдебиетшінің үлкен жазушы шығармашылығындағы негізгі арналарды дәл ашып, бажайлап талдаған еңбегі еді. Прозамыздың даңқты шебері Ғабиден Мұстафин туралы күні бүгінге дейін жазылған көлемді еңбек – осы ғана. Шынын айтқанда, кемеліне келген ғалым қайта бір қарап, тереңдетіп, ұлғайтса, маңызды монография болайын деп тұрған дүние.

Қазақ мәдениетінің тарихында өшпес ізі бар, педагог-жазушы Спандияр Көбеевтің әдеби мұрасын ғылыми тұрғыдан толық зерттеп, тартымды кітап жазу арқылы Серік Қирабаев архив материалдарын қарауға, сирек фактілерді табуға ерінбейтін, жаңа қорытындылар жасауға мол мүмкіндігі бар қабілеттерін көрсетті.

Сөйтіп, атақты қаламгерлер туралы екі монографиялық очерк кітаптарын шығарып, ысылып, қалыптасып, әдеби-ғылыми қауымға жақсы танылған зерттеушінің жаңа, күрделі тақырыпқа қауырт бет бұруы толысып, шығармашылық жағынан шеберлене түскенін дәлелдейді. Қазақша екі рет, орысша екі рет (бірі – Алматыда, екіншісі - Москвада) қайта басылған «Сәкен Сейфуллин» атты елеулі монографиясы тұңғыш жарияланғанда Серік Қирабаев отыз бес жаста екен. Сәкеннің кітаптарын, газет, журнал беттеріндегі дүниелерін, Сәкен туралы жазылған материалдарды, проблемаға қатысты теориялық мәні бар ғылыми еңбектерді түгел оқып, сын көзімен ой елегінен өткізіп алып, он екі тарауға бөліп жазған монография көптеген әдеби құбылыстарға баға береді. Бірқыдыру мәдени, тарихи мәселелерді қайтадан, ғылыми объективті тұрғыдан түсіндіреді. Ғалым Сәкеннің шыққан ортасын, әлеуметтік қызметін, шығармашылық сапарын тиянақты көрсете отырып, екінші орайда жалпы әдеби процесті, қоғамдық көркемдік ойдың дамуын, қазақ әдебиетінде реализм принциптерінің орнығуын, жанрлық формалардың өзгеру жүйесін зерттейді.

СССР халықтары әдебиетіндегі Владимир Маяковский, Егише Чаренц, Хамза Хаким-заде Ниязи тәріздес ғажайып шығармашылығымен қатар, өнегелі революциялық өмірі бар Сәкен Сейфуллин туралы Серік Қирабаевтың еңбегі қазір жарияланған, жақсы бағаланған Есмағамбет Ысмайыловтың, Тұрсынбек Кәкішевтің белгілі кітаптарымен қатар әдебиет тануымыздың жаңа, әрі болашағы мол саласы, революция және әдебиет деген ұғымдармен өзектес – Сәкен танудың берік негізін қалады деуге толық хақымыз бар.

Тұңғыш әдеби-сын мақалалар жинағы «Өрлеу жолында» (1960) сыншы Қирабаев стилінің, шығармашылық бағытының негізгі ерекшеліктері көрінген. Сол тұста шыға бастаған басқа да қаламгерлердің осы тақылеттес еңбектерімен теориялық, методологиялық деңгейлестігінің үстіне, автор екі проблемаға айрықша мән берді. Бірінші – жалпылық, жинақтаушылық сипаттағы мақалалар, екінші – шығармашылық портрет үлгісіндегі материалдар. Алғашқы топтағы «Совет әдебиеті дүние жүзіндегі ең озық, идеялы, алдыңғы қатарлы әдебиет», «Әдеби сынның партиялық принциптілігі үшін» деген еңбектер кейін бір жүйеге айналса, Ж.Саин, М.Иманжанов, Х.Ерғалиев, Ә.Нұршайықов шығармашылығы туралы мақалалар екінші арнаны құрайды. Араға сегіз жыл салып шыққан «Октябрь және қазақ әдебиеті» атты екінші сын кітабында автор «Әдебиеттің есею жылдары», «Соғыс және әдебиет», «Қазақ поэззиясының елу жылдығы», «Уақыт және қаламгер», «Сыншы еңбегі» деген проблемалық зерттеулерімен қоса, Асқар Тоқмағамбетов, Ғали Орманоы, Жұбан Молдағалиев туралы монографиялық этюдтерін енгізген.

Сыншы талантының кемелденген шағында туған «Өнер өрісі» (1971) кітабында В.И.Ленин және әдебиет мәселелері, әдебиеттегі Ленин бейнесі, орыс-қазақ әдеби байланыстары зерттелді. Мектепте әдебиетті оқытудың методикалық проблемалары да жан-жақты қаралды.

Қазір қазақ сыншыларының аға, орта, жас буыны қажырлы еңбек етіп келеді. Академик-сыншы Мұқаметжан Қаратаевтың таңдамалы үш томдығының шығуы одақтық көлемде ауызға алынған құбылыстардың бірі болды. Әдебиетшілердің бүгінгі әдеби процеске, әдебиеттің теориялық мәселелеріне кең ауқымда бет бұруы – қазіргі тенденция. Сыншы С.Қирабаевтың соңғы еңбектері – осы алуандас бағыттың жақсы дәлелі.

Аты дәл табылып қойылған «Әдебиет және дәуір талабы» (1976) кітабына енген мақалалар, зерттеулер бұрын газет-журналдарда басылған, әдеби процеске азды-көпті ықпал еткен, актуальды мәні бар еңбектер. Әсіресе, бірінші бөлімдегі материалдар бүгінгі қазақ әдебиет тануының эстетикалық талғамын, философиялық салмағын, принциптілігін толық дәлелдей алады. Қазір шығып жатқан туындыларды, әсіресе, аты мәлім болып қалған қаламдастар шығармаларын биік талаптар тұрғысынан талдау үстінде, сыншы ілгерілеу кепілі – ізденіс екендігін нақты мысалдармен дәлелдейді.

Серік Қирабаев өзінің сын кітаптарында классиктер М.Шолохов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, І.Жансүгіров, Б.Майлин, қазіргі атақты жазушылар Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, белгілі қаламгерлер С.Бегалин, И.Байзақов, Қ.Аманжолов, сирек сөз етілетін Б.Бұлқышев, М.Дәулетбаев, С.Дайырбеков, С.Шәріпов, Н.Ахметбековтардың шығармашылық портретін жасаған.

Қазақ жазушыларының арғы-бергі уақыттардағы көптеген өкілі алған білімі, істеген қызметі жөнінен келгенде – педагог, Ыбырай Алтынсарин, С.Көбеев, Б.Өтетілеуов, С.Торайғыров өз алдына; С.Сейфуллин, М.Әуезов ұзақ жылдар жоғары оқу орындарында қызмет етті; Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев бүкіл қажырлы өмірлерін ұстаздық жолға арнады.

Қазір де бірқыдыру жазушы педагогика жұмысында жүр. Соның бірі – Серік Қирабаев. Оның ұстаздық, педагогтық еңбегіндегі орта мектепке, жоғары оқу орнына оқулық жазу жұмыстарын бір мағыналы сала десек, институтта лекция оқу, ғылыми жұмыстарға басшылық етулері – екінші арна.

Ұзақ жылдардан бері тұрақты оқулыққа айналған оныншы класқа арналған еңбек авторларының бірі Серік Қирабаев мектеп үшін тағы жақсы іс тындырды. Марқұм академик Қ.Жұмалиев авторлығымен шығып жүрген, енді жаңа талаптар деңгейінде жаңғырту керектігі байқала бастаған тоғызыншы класқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығын, негізгі материалдарды орынды пайдаланып, толықтырып, белгілі ғалымның авторлығын сақтай отырып, қайта жазып шықты.

Шәкірт ұстаз еңбегін осылай жалғастырса керек.

ІІІ

- Елуге келіпті.

- Кім?

- Серік Қирабаев.



- О кім?

- Филология ғылымының докторы, профессор, КазПИ-дің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, сыншы, СССР Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақ ССР-інің ғылымға еңбегі сіңген қайраткері.

- Тал түсте осынша келсе, сапары ұзақ жігіт екен, әрдайым жолы болып, айы оңынан тусын!

1977.

ҚАБЫРҒАЛЫ ҚАЛАМГЕР

Балалық, бозбалалық шағы соғыс кездерінің қылыштан қан тамған қаһарлы, жаралы жылдарымен дөп келген ұрпақ өкілдерінен шыққан қаламгерлердің баршасына ортақ қасиеттер бар: ең алдымен бұлардың қайсысын алсаң да, өмірдің қара қазанында қайнап піскен; тіршіліктің тас диірменінде әбден тартылған адамдар. Қаламнан өмірге келмеген, өмірден қаламға келген. Шығармаларындағы басты сипат, басты құнар - өмірдің лебі, тіршіліктің бояуы. Онда да оқығаннан тапқан дүниелер емес, өздері көрген, өздері бастан кешірген жайттар.

Мысал керек пе?

Прозашыны алыңыз: Бердібек Соқпақбаев. «Өлгендер қайтып келмейді». Драмашыны алыңыз – Қалтай Мұхаметжанов. «Көктөбедегі кездесу». Ақынды алыңыз – Қабдыкәрім Ыдырысов. «Әке жолы». Тағы да прозашы: Қалихан Ысқақов. «Қоңыр күз еді».

Қабдікәрім Ыдырысов - әкеден ерте айырылған, жесір ана қолына қарап қалған қоң торғай ауылдың жетім баласы. Ауыл кеңес хатшысы; газет қызметкері; баспа қызметкері; Жазушылар Одағының хатшысы; Кітап палатасының директоры; баспа директоры болды.

Қабдікәрім Ыдырысов ең алдымен - ақын, Қазақстанның белгілі ақыны. Лорка, Луконин, Гончарды қазақша сөйлеткен талантты аудармашы, публицист. Жиырмадан астам өлең кітаптарының авторы, көрнекті қаламгер. Оның туындыларындағы негізгі сарындар, басты нысаналар, өзіндік ерекшеліктер ақынның дара қаламгерлік тұлғасын көрсетеді.

Әр жастағы балаларға арналған ақын өлеңдерінен кішкентайлар психологиясын терең білетіндік байқалды: жаттауға лайық, айтуға жеңіл жырлармен қоса, Қ.Ыдырысов қаламынан қызықты, қысқа драмалық элементтері мол шығармалар туды: олардың көбі қазақ радиосының тұрақты репертуарына кірді; бала-бақшаларда өскен мыңдаған балалар жаттап айтты. Ауызекі сөйлеу тілінің екпініне жақындық, эпос кестелерін пайдалану, заман ырғағын дөп басу – осы сияқты белгілер ақынның балалар поэзиясындағы туындыларын ерекшелеп тұрады.

Азаматтық пафос, публицистикалық леп – Қ.Ыдырысов лирикасындағы басты сарын. Ақынның көптеген өлеңдерін түгел алып, тұтас шолып, жинақтап салмақтағанда, көзге түсетін ерекшелік автордың форма мәселесіндегі еркіндігі, түр ізденістеріне жиі баратындығы. Фольклордағы толғау үлгілері, әлем әдебиетіндегі еркін өлең кестелері ақынға ықпал жасағанын аңғару қиынға түспейді. Ыдырысовтың лирикасындағы ақындық ой түйдек төгіліп, шашыла құйылып, толғау стиліндегі ой ағымымен айтылады: «Мен Ленин десем», «Бақыт туралы әңгіме», «Партиямды жырлаймын», «Қартаймаңдар, қаһармандар» жырлары осы пікірдің айқын дәлелі.

Ақын заманымызда болып жатқан әлеуметтік оқиғалар, олардың жеке адам санасында жасаған өзгерістерін тез сезіп, сергек жырлап отырды.

Патриоттық рухта жазылған шығармалар қатарында туған жер, өскен орта, бүгінгі Қазақстан туралы «Кең далам», «Менің Қазақстаным», «Семей», «Керекулік достарға», «Алматы», «Сырдария», «Отырар оттары», «Көлсайға барғанда» сияқты өлеңдер поэтикалық қуатымен, идеялық нысанасымен өркештеніп тұрады.

Бір қонып кеткен үйдің иесіне өліп-өшіп, айналып-толғанып шығарма арнайтын, бес күн барып келген жері туралы бес ай жырлайтын өлеңшіліктен Қабдікәрім Ыдырысовтың бойын аулақ салатын кірпияздығы оқырманға ұнайтын. Балтық бойында туған «Латвия жігіттері», «Өлмейтін адам», «Сильвия вальсі» өлеңдерінде әдемі сыр, келісті, дәл табылған форма бар. Қазақ көзімен қарағанда көрінген латыш келбеті бар.

Қазақ поэзиясы көкжиегінің кеңеюін көрсететін белгілердің бірі – тақырыптық өріс. Бұрын шетелдерге барған ақындарымыз бірді-екілі өлең, цикл тудырып жүрсе, Қабдыкәрім Ыдырысов араб елдерін аралау сапарынан «Арабстан, армысың!» атты тұтас жүйелі кітап жазып қайтты. Бұл шығарманы оқығанда ежелгі шығыстың ғажап сырларын бөлісесің; араб поэзиясындағы екпін-ырғақ, сарын әуездердің ауыс-күйісін байқайсың, халықаралық аренаға шығып сөйлеген қазақ ақынының дауысын естисің.

Шығармашылық эволюция қызық процесс қой, күні бұрын болжап айту қиын. Толғау, тебіреніс үлгісіндегі көлемді өлеңдер жазып жүрген Қ.Ыдырысов «Адамның кейбір кездері» атты кітабында жаңа қырынан, жаңа олжамен көрінді. Поэзияға бүгінгі өміріміздегі тұрмыстық детальдар енді: телефон соғатын қыздар, балкондағы күшік, сіріңке. Бір шоғыр философиялық – сатиралық шығармалар туды. Аттарына назар аударыңыз: «Жүрек», «Бас», «Көз», «Қол», «Аяқ», «Тіл», «Бет». Сәтті өлеңнің ғұмыры ұзақ, ал сәтті ән тексінің ғұмыры одан да ұзақ деуіміз мақұл болмақ. Әуезбен қанаттанған, әнші шырқаған, халық жүрегіне жол тапқан «Баянауыл вальсі», «Қайдасыңдар, достарым?», «Құдалар жыры» - алысқа тартқан туындылар.

Балалар поэзиясында, лирикада татымды шығармалар берген Қабдыкәрім Ыдырысов қаламынан «Қайта оянған махаббат», «Жез леген» сияқты балладалар, «Оты күндерде», «Емен», «Әке жолы» секілді поэма-дастандар туды. Маңызды тақырыптарға арналған бұл шығармаларда жанр шарттары айрықша ескерілді; ықшамдылыққа, детальға, көркемдікке ерекше көңіл бөлінді.

Ақын шығармашылығын жарқыратып көрсеткен, таланттың кемелденгендігін танытқан күрделі туынды «Әке жолы» поэмасы болатын. Бұл дастанда тоталитаризм заманында, жеке адамға табынушылық кезіндегі кейбір трагедиялық оқиғалар суреттелді. Ешқандай жазығы жоқ, адал, таза азамат Ыбырай жала жабылып, ұсталып кетеді. Артында жап-жас әйелі, қаршадай жалғыз ұлы қалады. Негізінен осы фабула төңірегінен поэма сюжеті өріліп шыққан.

Дойбы ойнауға кеткен әкесі үйге қайтпай қояды. Бір күн жоқ, екі күн жоқ. Жоқ... Әке мүлде, оралмайды. Әкесін іздеп ширыққан ұлдың толғанысынан басталған поэма эпикалық арна мен лирикалық тебіреністің тығыз астасуына құрылған. Аз уақытта бәрі мәлім болады: енді Қимаштан қатар жүрген достары да қаша бастайды, кейбіреуі тіпті мазақ етеді. Бала жүрегін шымшылаған өсек-аяң қаулап барады. Автордың жақсы тапқан, шебер пайдаланған көркем деталі - әке мен бала бірге түскен суреттің ортасынан қақ бөлінуі. Бұл эпизодта бәрі сөйлеп тұр. Қара қылыш, қара жылан секілді сусылдаған қара қайшы сенің де жүрегіңді тіліп бара жатқандай. Әкесіне ара түсуді сұрап, пионер баланың Сталинге хат жазуы да ерсі емес, сенімді нәрсе. Осы оқиғадан соң ауыл белсендісі Жұман үлкен адамның мазасын неге аласың деп Қимаштың өзін қусыра бастайды. Жазған хаты Москва түгіл, облыс орталығына жетпегенін байғұс бала қайдан білсін. Сол содырлы Жұман басқа сұмдығы аз болғандай, ішіп келіп, түнделетіп есік қағады; шешесіне бірдеңе айтқысы келетін сияқты.

Шығармадағы көркемдік табыс – идеяның айқындығында, ақын элегиялық, пессимистік сарынға түсіп кетпей, трагедиялық әуенді, оптимистік рухы мол, реалистік поэма тудырған. Дастан сюжеті елімізде болып жатқан күрделі оқиғалармен тығыз байланысты алынған. Әуелде Қимаш үшін әкеден айрылу дүниенің тозағы болып көрінген, енді міне, ел басына ауыр күн туды – соғыс болып жатыр. Ақын соғыс кезіндегі елөмірінің сұсты суретін көз алдыңа әкеледі. Қимаштың заводқа кіруі де сенімді. Қиын кезде қол ұшын берген Құрбан аға бейнесі тартымды. Қимаштың әкесін іздеуі – қандастық, туыстық сезімі ретінде ғана емес, ұрпақтар байланысы, толқындар жалғастығы ретінде суреттеледі. Ұрпақтар жалғастығын зорлықпен үзуді автор ашына айыптайды. Көп құбылыстарға бала Қимаштың көзімен қарап, баға береміз. Сұрапыл соғыс бітіп, ер-азамат елге жеңіспен оралды. Біреу жарын, біреу әкесін, біреу ағасын тосып алып жатыр. Әлі де оралған әке жоқ, - Қимаш жылайды, әлі де оралған жар жоқ, - шеше жылайды.

Осындай буынды жерлерді дәл ұстаған ақын халыққа қарсы саясаттың рухани өмірімізге келтірген зиянын әшкереледі, жағдай қанша ауыр болғанымен түптің түбінде әділеттің жеңгенін көрсетті.

Қабдыкәрім Ыдырысов бүгінгі қабырғалы қаламгерлердің бірі еді. Ең алдымен ол – ақын еді. Сондықтан қауым Қабдыкәрім – ақынды қашанда жыр бәйгесінің алдыңғы легінен, қарауыл төбенің басынан көргісі келетін. Зор салмақ артуға толық қақысы бар еді. Аяқ астынан келген ажал қыршын өмірді қиып түсті.

1978.

ҚЫЗЫЛ КҮРЕҢ ДОМБЫРА

І

Жағадағы адамдар үрпиісіп, түгел шулап қоя берді.

- Қайда кеттің?

- Сөйтуге бола ма екен?

- Масқара емес пе?

- Ал енді не істейміз?

Мән-жайды түсінбей тұрғанымды біреуі сезсе керек:

- Ой, анау шалың жоқ. Суға түскенін көргенбіз. Батып кеткеннен сау ма өзі? Құтқарушыларға хабарлаймыз ба?

Осы кезде қуанған дауыс шықты.

- Ура, жүзіп келеді, Ақсақал жарады. Шаршаған адам емес қой мынау. Пәлі, ананы қара, әндетіп келеді. Қауіп ойлайтын түрі жоқ қой, бәтір-ау.

Ол судан шықты. Жұрт шулап, тағы ұрса бастады.

- Аяғыңыз тартып кетсе, өлдіңіз ғой.

- Сіздің жасыңызда суға осынша көп түсуге болмайды. Қара теңіз ойыншық емес, жұтып жіберсе, қайтесіз?

Ол күліп тұр. Осы сәтте Әбділда Тәжібаев құдды жойқын толқындардың төсін жарып, мұхиттан өтіп келген тарлан теңізші секілді еді.



ІІ

Үздік шығармалар беріп, әлемдік даңққа бөленген, көп салалы мол сырлы, алуан әуезді қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің алдыңғы қатарында ауызға алынып, құрмет етілетін қаламгерлердің бірі - Әбділда Тәжібаев. Ол поэзия, драматургия, әдебиеттану жанрларында ұзақ жылдар өнімді, сапалы еңбек еткен терең тамырлы, құнарлы талант. Әдебиетке жастай келіп, өнердің де, өмірдің де ыстық-суығын көріп, қиындықтарға төзген, ауыртпалықтарды жеңген қайратты адам. Жаңа қазақ әдебиетінің туу, даму кезеңдеріндегі сан алуан құбылыстарды, жеңістерді, жеңілістерді, биіктеулерді, эволюцияны, түлеу-жаңғыруды Әбліданың шығармашылығынан айқын көруге болады. Өнердегі тұңғыш қадамды Тайыр, Қажым, Есмағанбет, Жұмағали сынды арқалы дарындармен бір мезгілде аттаған Әбділданы қазіргі ұрпақ ескінің көзі, жақсының сарқыты, мықтылардың жалғасы деп біледі.

Сыр бойында, Қызылорда шаһарында туған, әкеден ерте айрылған Әбділда тағдырындағы ерекше адам – анасы Айманкүл. Араб, парсы тілдерінен хабардар, көзі ашық, шығыстың ежелгі мәдениеті дәстүрінде тәрбиеленген ақын Айманкүлдің қабілетті, дарынды ұлы Әбділданы жастайынан поэзияға, сұлулық, әсемдікке, өнерге баулуы - әдебиет тарихында сирек кездесетін қызықты құбылыстардың бірі. Абзалында ақыннан ақын, ғалымнан ғалым, қайраткерден қайраткер туа бермейді ғой.

Сөйтіп, Әбділда ана көкірегінен мейірім сүті мен поэзия сүтін қатар емген. Қызылордадағы интернат, Алматыдағы КазПИ, Москвадағы әдебиет институты – ақынды өсірген, білім берген шаңырақтар. Бұған Жазушылар одағының төрағасы, «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты деген әлеумет қызметтерін қосса, ақын тұлғасының азаматтық қырлары көрінеді.

Суреткер шығармашылығын жанрлық жағынан бірнеше сала, күрделі арналарға бөліп, жіктеп қарауға болар еді; олар: поэзия, драматургия, ғылыми-сын еңбектер, проза. Оның шығармашылығын жүйелі тексеру, ғылыми тұрғыдан зерттеу отызыншы жылдардың аяғында басталған. Алғашқы еңбек – Мұхтар Әуезовтің «Әбділда Тәжібаев» атты мақаласы. Отыздағы жігіттің тырнақ алды шығармаларына көңіл бөліп, зейін салған көреген оқымысты жас дарынның суреткерлік ерекшеліктерін айқындап көрсетіп берді. Расында да сол кездің өзінде сыршылдық, озық үлгілерден өнеге алу ақын туындыларының басты тенденциясы болатын.

Алғашқы өлеңдер заман туғызған, бұрын сахара өмірінде болмаған жаңа тілектерге, сарындарға, мақсаттарға арналған. Колхоздастыру, әлеуметтік тартыс, күні өткендерді сынау, өзгерістерді мадақтау дәуірге тән тақырыптар еді. Әбділда өлеңдерінде формалық ізденістер, жаңа барлаулар байқалады. Тақырып жөнінен, түр кестесінен Сәкен Сейфуллиннен қабылдаған қалыптар да көзге түседі. «Сорлайды екенбіз» (1929) атты өлеңнен үгіт-насихат сарыны есіп тұр. Бейімбет үлгісіне жақындық бар.

Әбділда шығармашылығында үлкен арна – жаңалық болып ата-мекенді – Сырдарияны жырлау сарыны туды. Ол бұл өзенді үлкен символға айналдырады. Рейнді жырлаған Гейнені, Днепрді жырлаған Шевченконы өзіне пір тұтады.

Сырда туған

Сырдың ұлы

Жаңа Гейне мен болам, -

деген жолдарда ақын рухының мақтанышы бар.

Соғыстың қаһарлы, жаралы жылдарында азаматтық лириканың соны үлгілері туды. Ақын шығармашылығында биік кезең, қазақ лирикасы үшін оқиға болған «Аралдар» атты әйгілі жинақ еді. Мұнда Әбділда поэзиясындағы ырғақтар, бояулар, әуездер жарқырап жаңғырып көрінді. Ой мен сезім, лирика мен философия тоғысты. Дәл осы жинақтың көптеген қазақ ақындарына, әсіресе жастар поэзиясына ерекше ықпал-әсері болғандығын мойындау керек.

Дәстүрлі қазақ өлеңіндегі ішкі ырғақтар, дыбыстық әуезділік, терме кестелерін байыта отырып, Европа лирикасының жақсы үлгілерін нысана ету, қас қағым сәттегі сезім мен мәңгілік шындықты астастыра жырлау, дәуірдің қырағы көзі, заманның лүпілді жүрегі бола білу – осы алуандас сапалар «Көне қоңырау», «Құрдастар» секілді бүгінгі поэзиямыздың қымбат, асыл шығармаларының алтын өзегі.

Ақын поэма жанрында өндіріп көп шығарма жазды: оларда халық өмірінің түрлі кезеңдері, сан алуан адам тағдырлары, алыс ғасырлар, революциялар, жаңа құрылыс, жаңа заман ырғақтары жырланады. Бұл шығармалардың тақырыптық географиясы әр алуан. Автор үнемі үлкен өнер талаптарын ескеріп, өзекті проблемалар көтерген. Форма сонылығына, жаңа түрлерге мән берген. Дәл ажыратып айтар болсақ, поэмалар ықшам, оларда тармақты оқиғалар сирек, негізінен бір арна, бір жүйе, бір фабула тиянақталады. Мұнан Европа әдебиетіндегі баллада үлгісінің ықпалын танисың. Лирикалық қаһарман толғаныстарына көп орын беріліп, олар ақын тебіреністерімен астасып жатады. Классикалық поэма мен ұлттық үлгі-толғаудың тоғысуынан туған жаңа эстетикалық игілік бар. Әсіресе халықтық аңызды сүйек етіп жазған поэмаларда фольклор айшықтары, оралымды өрнектер қайталанады, суреткерлік мақсатқа орай құбылып өзгереді:

Ердің аты өрмен тең,

Ездің аты жермен тең,

Еңіреп туған ер болса,

Ен жайлаулы елмен тең.

Бұл жерде анық фольклор поэтикасының үлгісі бар.

Халықтық поэзия дәстүріндегі поэмалар қатарында «Оркестр», «Күй атасы», «Абыл», «Мерген», «Толағай» аталуға тиіс. Тақырып таңдау, бояуды еркін қолдану, сөз арқылы күй ырғағын беру, образ сомдаудан Ілияс Жансүгіров дәстүрінің жанды жалғасуын, баюын көреміз. Оқиғалы поэмалар «Құлғара», «Батрақтарда» үгіттік идея айтылса, «Комсомол сөйлейді», «Қазақстан – алтын сандық», «Мен кешеден келдім бүгінге» поэмалары публицистикалық сипаттарымен дараланады. Бұларда шығарма арқауы – лирикалық кейіпкердің ойы, сезімі, толғанысы. Осылардың ішіндегі ең күрделісі философиялық үлгідегі «Портреттер» заманның көкей кесті сырлары, адамның қат-қабат тағдыры, уақыт алдындағы жауапкершілік жайындағы шығарма. Ақын ұрпақтар тұтастығын, буындар аманатын толғайды. Поэмадағы әкенің балаға беретін сағаты символдық мәнге ие, жинақтаушылық күші бар көркем деталь.

Драматургияда қырық жыл еңбек еткен Ә.Тәжібаевтың тұңғыш пьесасы – М.Әуезовпен бірігіп жазған, азамат соғысының аласапыран кезеңдерінен сыр шертетін, кезінде республикалық бәйге алған «Ақ қайың». Драматург эпос материалына сүйеніп, тарихи тұлғаларға арнап, замандастар жайын толғап, көптеген сахналық туындылар жасады. Ұзақ шығармашылық сапарда дүниеге келген пьесалардың ішінде «Жалғыз ағаш орман емес», «Майра», «Көңілдестер», «Қыз бен солдат», «Сағынамын күн сайын» пьесалары ұлттық репертуарда берік орнықты. Ақынның драматургияға әкелген олжасы, жаңалығы «Майрада» ерекше айқын көрінеді. Өнер адамдарын драмаға арқау ету - әдебиетіміздегі бай дәстүрлердің бірі. Тарихы анық емес, көп дүние қағаз бетіне түспеген елдің өткенін бейнелеу шығармашылық мақсаттарды былай қойғанда, толып жатқан қосалқы қиындықтар келтіреді. Үлкен адамдардың соңынан бөз бен бірге сөз де ерген. Абайды сабап, Біржанды байлап тастаған тентек топ әрекетін де түсіндіру керек. Осы арадан өмірлік материал мен көркемдік қиял диалектикасы, проблемасы туады. Драмадағы Майра әншілік, сұлулығымен бірге жаңа ой, жаңа идеяның адамы тұлғасында сомдалған.

Әдебиеттің бір жанрымен түбегейлі айналысып, көш-жөнекей басқа салаға соғып кетіп жүретін, ат үсті пікірлер айтатын қаламгерлер толып жатыр. Той мақала, рецензия, баяндама жазбаған ақын, прозашы, драмашы жоқ та шығар, ал шығармашылығы танылған шақта, кемеліне келіп, кер торысына мінген кезде әдебиет танудың, сынның ыстық-суығына шыдап, ауыртпалықты мойындап, білек сыбанып кірісетін жазушылар тіпті де аз.

Осы қатарда Әбділда Тәжібаевты бөліп, даралап айтқан жөн. Ол қазақ поэзиясының, драматургиясының көшелі суреткері болумен бірге, әдебиет тануда да төрден орын алады. Көптеген мақалалар, зерттеу еңбектер, естеліктерді былай қойғанда, «Өмір және поэзия», «Өмір және драматургия» (алғашқы аты «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы») монографиялары оның ойшыл ғалым, нәзік сыншы, кең құлашты әдебиетші екендігін тапжылтпай дәлелдеген, ұлттық өнердің екі бірдей күрделі жанрлары туралы жүйелі, іргелі пікірлер айтқан, эстетикалық-философиялық қуаты мол көлемді еңбектер.

ІІІ

Алматыдағы тыныш, тұйық орамдардың бірі – Интернационал көшесіндегі екі этажды үйде Әбділда Тәжібаев тұрады. Оның жазу бөлмесінде ерекше жиһаз, қымбат дүние жоқ: қолжазба, кітап, мүсін, сурет, телефон. Осы үйге әсіресе жас төл, жаңа толқын жиі келеді. Кеше Төлеужан, Мұқағали, Төлегендер келіпті, бүгін Мұхтарлар...

Маған осы үйдегі қызыл күрең, оймақтай сұлу домбыра ұнайды. Бейуақытта үй иесі өзгеден бөлектеніп, оқшау қалыпта тәтті мұңға беріліп, перне басар еді.

Ол осы сәтте ешкімге де ұқсамай, ең алдымен ақын Әбділда Тәжібаев болып отырар еді.



1979.

МІНЕЗДІ ЖЫЛДАР

Қалың қарлы, қатты қыстан кейінгі елжіреген кең-қолтық, жаймашуақ көктемнің буымен жан бітіп, жадырап, сай-сала, тау-тастан жөңкіле шапқылаған жазғытұрымғы мың сан бұлақтар іспетті болып, алпысыншы жылдардың басында Қазақстанның ауыл-аулынан небір өндірдей талапты жас Алматыға ағылған. Бәрінің де қойын дәптерінде - өлең. Әдеби кештер дуылдап өтіп жатады. Көк-қауырсын, балауса жырлар талқыға түседі. Университеттегі әдеби бірлестікте Мұхтар Әуезов өзінің кейінгі ұрпақпен сырласқан рухани, азаматтық өсиетін қалдырған әйгілі сөзін сөйлейді.

Дырдуы мол, шулы әдеби ортадан қалыс болған, шет жайлап, қашық жүрген, облыс орталықтарында оқыған жастардың ішінен шығып, кейін белгілі ақын-жазушы деңгейіне көтерілген жастар некен-саяқ. Гурьев пединститутын бітіріп, одан кейін мұғалім, журналист ретінде танылған, Алматыға жетпісінші жылдардың басында келген Фаризаның негізгі әдеби мектебі, ортасы өз бетімен оқу, өз бетімен іздену, талмай талаптану болды.

Фариза шығармашылық эволюциясын оның әр жылдары туған поэзиялық туындыларынан айқын көруге болады. Салған жерден көркем, үздік дүниелер берді десек, шындықты аттап, жалған сөйлер едік. Алғашқы балауса жырлар, шәкірттік ізденістер, түрлі еліктеулер ізі сайрап жатыр.

Бес қаруым бойдағы – батыл жырым,

Батылдықпен аралас жатыр мұңым.

Биліктіге жұғысар ебім де жоқ,

Немесе алыс-беріс жақындығым, -

деп басталатын сыр, наз келе-келе поэзияның әлеуметтік-эстетикалық, қоғамдық-көркемдік мұраттарын ашып көрсететін жырлар шоғырына арқау болады.

Зула, менің жыр-күймем, шабыт шегіп!

Жер бетіне ғұмырлы жарық беріп,

Жүректердің құрсауын ағыт келіп,

Зорлықтардың зардабын шеккендерге

Әділеттен сыбаға алып беріп, -

деген жігерлі жолдармен ақынның ішкі сыры, арман мақсаты, қаламгерлік мұраты секілді мына тармақтар сарындас, әуездес жатыр:

Мезгіл-бұршақ жаныңа салып таңба,

Қайратыңнан қайысып, налып қалма,

Сені іздейтін аға бар тарыққанда,

Інілер бар дем берер жабыққанға

Бір ақиқат – бәрібір жоғалмайсың

Жоғалмайтын жоқтаушы халық барда.

Азаматтық, қоғамдық, әлеуметтік көркем тұжырым жалаң публицистикалық шалқу, дидактикалық толғаумен әсте терең ашылмақ емес, қайткен күнде де поэтикалық бейне, тұлғалы образ, сөз суретінің құдіреті бірінші қатарда, дәлірек айтқанда, ақындық сезім, қаламгерлік идея өзара ажырамас диалектикалық тұтастықтағы шабыттан туса керек.

Мен даланың қызы едім,

Жазығында жатпайтын көз ілер қара.

Жазира менің жанымның өзі де дала,

Асқар көрмеген мен шіркін биік дегенді

Өлшеуші ем сонау аспанның өзімен ғана, -

деген шумақта қаламгердің шыққан, өскен ортасын дәл көрсететін поэтикалық деталь, әдемі образды сурет жатыр.

Сол лирикалық кейіпкер өмір көріп, тірлік талқысына түседі, күреседі, алысады, бірде жеңеді, бірде жеңіледі, тіпті кейде түңіліп:

Жалған достар ертең жоқ, бүгін бірге,

Көрмегендей сырт берер – сүріндің бе,

Ісі бітсе, ісі жоқ сеніменен –

Өлдің бе, тірілдің бе? –

деген ащы сыр айтады.

Кейіпкер тағы да ширығады. Оның басында мұң да, қайғы да бар:

Қазық – жұмыс, қазық – үйге байланып,

Жүрегім де майланып.

Бара жатыр менің жаным күн сайын

Қасаңдыққа айналып.

Бұл сөздерде шындық жоқ деп кім айтады?

Ақынның беріліп, шабытпен, аса құмарта, кең көсіліп жырлаған табысты тақырыбы махаббат, сүйіспеншілік. Қалыптасқан үлгідегі жырлар алғашқы сезімді, құмарту, елту, құлап жығылу сәттерін бейнелейді. Көбінесе қызыл-жасыл бояу, алабұртқан ағыстар басым жататын өлеңдерге ет үйренген. Ал енді бүгінгі адамның басындағы небір қиюы қашқан шақтар, біреу сүйіп, екіншісі сүймеген, біреу адал, екіншісі опасыз, мансапқор, дәулет-абыройға жетсе де, жүрегі жылу таппаған, сарыла тосып күтумен ғұмыр өткізген жандардың тартысты, драмалы көңіл-күйі, трагедиялық ситуациялар бейнеленеді. Сондайда кейде көзіңе жас үйірілтер мұңлы, кейде өзегіңді өртердей ащы, кейде селт еткізер жігерлі, сан алуан қиянатты жырлар алдыңнан шығады. Сезімін бүркемелеп, шымылдықтың ар жағында ұстаған «жіңішке» жолды қыздарымыздың бүгінгі сезім әлеміндегі байлық, рухани терең толғаныс, сұлулық, әсемдік, келісім мұраттары, адамгершілік нысана биіктігі көңіл тоғайтады. Өткінші тіршілікті қызықтап қалу, дырду рақаты емес, мәңгілік адалдық, тазалық рухы, сүйіспеншілік қадыры деген парасат, әуендері негізгі сарынға, басты әуезге айналады. Лирикалық әйел кейіпкер әлеуметтік іске көңлі толады, шаңырақ астынан опа табады, сөйтіп бақыт, рақат барлығына иланады:

Туса да қилы-қилы басыма күн,

Осында сан қуанып, тасығаным.

Әйтеуір бір рахат күтетіндей

Мен ылғи ошағыма асығамын, - деп тоқтайды.

Саяси-әлеуметтік тақырыптарды әуелде публицистикалық толғау үлгісі арқылы игерген ақын бірте-бірте философиялық, психологиялық монолог формаларына ауысты. Туған жер, Отан, нақты сурет, бейнелі тіл, көркем тәсілмен суреттейтін болды. Өлең шоғыры тұтас цикл, фрагменттер – осы алуандас поэтикалық формалар мүмкіндігі, жаңа өрістер кәдеге асты. Алғашқыда жыр өзегі Атырау өңірі, Маңқыстау түбегі ғана болса, бірте-бірте Қазақстан атырабы тұтас, түгел сөйлей бастады: Қостанай, Көкшетау, Арал, Жетісу.

Ақын поэзиясының интернационалдық рухын оның өз көзімен көрген, шет елдерге арналған татымды шығармалары көтере түсті.

Қазіргі замандас, әсіресе балықшылар, мұнайшылар, егіншілер, бір сөзбен айтқанда еңбек адамдарын, оның ішінде жастарды жырлаған «Үйім – менің Отаным», «Революция және мен» циклдері ақынның шығармашылық белесі болып табылады. Осы еңбегі үшін оған Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Әлеуметтік пафос, азаматтық мұраттың анықтығы, көркемдік сипаттар көзге түседі.

Жайнайды дала алыбым,

Жанары – жарқын, жаны – Күн!

Ызғары кетпес әлемге дала

Таратып жатыр бойынан

Жылуы менен жарығын! –

деген тапқыр жолдар бар.

Қазіргі адамның көңіл-күйі, сезім әлемі, ішкі дүниесі қат-қабат, шытырман да күрделі. Жүрек жылуы азайып, алыс-беріс, жүріс-тұрыс есепшотқа түскен кездерде жатсырау, суыну, тас бауырлық белең алмақ. Сағыныш, мұң молайып, көзге жас іркілетін, кешегі жастық, балалық аусар күндерді аңсайтын сәттерде оқығың келетін жырлар болады. Атаңа, әжеңе еркелеген кездер, жаздың жылы жаңбыры, қыстың алай-түлей бораны – осыларға ұқсас суреттер еске түседі. Тіпті қайғы-қасіреттің өзін ширақ жеткізетін тірі сөзді аңсайсың. Сондықтан да шығар, Фариза - талант жүрегінен толқып туған шынайы жырлармен ұшырасқанда таза бұлақтан су ішкендей боласың.

Бүгінгі поэзияның көркемдік құралдары, стильдік өрнектері, сөз байлығы, тіл кестесі адам жанының небір шетін де нәзік, қараңғы да үрейлі, қажырлы да қайсар рухын дәл, шебер суреттеп көрсетіп беруге мүмкіндік береді ғой. Өлең толқынының беткі қабатында жататын дидактикалық, публицистикалық, моральдық иірімдер көзге оңай шалынбақ; ал көңілге шоқ боп түсіп, ұзақ маздайтын, әр кезде жан жүйеңді қозғайтын бейнелі суретпен жасалған көркем-эстетикалық ой, сиқырлы, киелі сөз сирек.

Балалық шағының жапырағын сұрапыл соғыс өртеп кеткен, біреуі жесір әйел, екіншісі жетім шалдың бауырында өскен буынның өксігі әлі басылған жоқ. Бұл ұрпақтың алдыңғы толқыны өздері немере сүйе бастаса да, ұшқан ұя, туған топыраққа деген махаббат бір мысқал әлсіремейді:

Қырға кеткім келіп тұр бүгін менің,

Жүрек - әлсіз, жүйке – қыл, түрімде – мұң.

Қырға кеткім келіп тұр бүгін менің,

Бір емдесе емдейді жанымды тек

Саумал сүттің исі бар іңірлерім.

Сонда ғана дертіме дауа тауып.

Ашылардай сарайым – үнім, демім, -

деп толқыған монологтың күшейе барып:

Қырға барсам арылып мың күнәдан

Сағыныштың шықтарын іркіп алам –

Жермен бірге мәңгілік қалатындай

Қаным таза, тілім мен жұртым аман

Сарайымды ашшы бір, інілерім,

Тезек исі, жылқы исі бұрқыраған, -

деп аяқталуы өте заңды.

Тарихи, белгілі тұлғалар өмірін арқау етіп шығарма тудырудың қалыптасып қалған, тіпті сары жұртқа айналған бір үйреншікті тәсілі – ғұмырнама ізімен, оқиғаларды қуалай баяндай отырып, жөргемдей суреттеу, шола қамтумен нәрлі дүние жасау мүмкіндігі жойылғанын ескермей, тәуекел қайығына мініп, тартып кету қазіргі өнерпаз үшін соқыр сүрлеу екенін жақсы ұғынған ақын жаңа тәжірибе жасайды, әр түрлі ізденістерге барады, шарттылық құралдары, соны поэтикалық формалар мүмкіндігін пайдаланады. Бір ауыл, бір атырап қана білер-білмес есімдер емес, қазақ тарихындағы биік тұлғалар, дара тағдырлар бейнесін суреттеуде ұзын сонар дастан, сылбыр-созалаң поэма санатындағы көлем қуалаған, етек-жеңі жиылмай қалатын, ақындық қуаты аз кебеже қарын, көкжасық дүниелерге бой ұрып кетпей, шымыр формалы, өткір идеялы, сұсты ойлы, ықшам, лаконизм талаптарынан шыққан туындылар шоғырын ақынның берекелі олжалары деп білеміз. Бұл қатарда «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Ақан сері аңыздары», «Поэзия. Махамбет аудармашысымен әңгіме», «Тартады бозбаланы магнитім» секілді шығармаларды бөліп, даралап айтуымыз керек. Сара, Ақан сері, Махамбет, Майра бейнелері жаңа қырынан, тың ракурста көрінеді. Тарихи тұлғаның жарқ ете түскен бір сәті, сезім күйі, ой толғауы, шыншыл сипаты бар. Әсіресе бұрын әркім барып көрген қастерлі тақырып - Әлия мен Мәншүктің трагедиялық әрі ғажайып тағдырына арналған «Тыңдаңдар, тірі адамдар» сюжетсіз поэмасында еркін көркемдік форма, шарттылық тәсілімен қос боздақтың рухын сөйлету, қазіргі ұрпақпен тілдестіру арқылы жаңа эстетикалық игілік жасалған. Қазіргі қазақ поэзиясындағы идеялық-көркемдік ізденістердің өрісі ұлттық дәстүрлерді ғана шиырлап отырған жоқ, барлау барысында зерттей оқып, үйреніп сан-алуан интернационалдық мектептерден тәлім алған ақындарымыздың үдете өсірген үлгілері шабыт дүкенінен балқып шыққан мағыналы, құнарлы туындылары туған әдебиетімізді, сөз жоқ, байытып жатыр.

Жеті жұрттың тілін қыртысын айналдырып біліп алмағанмен, аударма негізінде қазақ қаламгерлері әлемдік поэзияның көне, классикалық нұсқаларымен, барлық дәуірдегі барлық елдердің ұлы ақындарының мұрасымен, бүгінгі әдебиеттердегі арналы ізденістер, озық табыстармен түгел танысты десек артық айтқандық емес, ұлттық және интернационалдық ағыстар тоғысуы идеялық, эстетикалық, структуралық сан алуан әуездер, бояулар, сөздер шұғыласын таратты.

Бұл ретте біздің өлең аудару мәдениетіміздің аса өрлеп өскенін рухани өміріміздегі маңызды бір құбылыс екенін атап айту дұрыс. Расында негізгі оқиға жүйесін сақтай отырып, көбінесе мазмұнды еркін өрбітетін шығыстың аңыздау – нәзира бағытынан бас тартып, дәлме-дәл, балама, реалистік аударма мектебінің негізін Гете, Байрон, Пушкин, Лермонтов, Крылов, Бунин шығармаларын қазақша сөйлету арқылы салып берген Абай үлгісі терең тамыр жайып отыр. Қатардағы қаражаяу өлеңшілерді айтпай-ақ қояйық, санатта бар жақсы ақындарымыздың бәрі де поэтикалық аударма мектебінен өтті, жасырмау керек, осы тұста еліктеу ағысына түсіп кеткен, әртүрлі көлеңке, әртүрлі сарындарды көшіре қайталап өз үнінен айрылып қалғандар да болды. Ал интернационалдық дәстүрлермен байып, толығып, ақындық нәрлі құнар, көркем игілік тауып, жарыса өсіп, өзін-өзі қамшылап, жаңаша түлеп, биіктей самғаудың үлгісі деп «Омар Һайяммен әңгіме» «Шекспир шындығы», «Вийонның азасы» «Нерудағы наразылық» секілді шығармаларды айтуға болады.

Кемел шақта адамның басқан ізге қайта бір көз тастауы, туған ошаққа оралуы болмақ. Сондай тұста ақын қаламынан «Киіз үй», «Оюлар», «Жаулықтар», «Жер ошақ» секілді жүрек тебірентерлік өлеңдер туған.

Далам – менің қазынам, жыр сандығым,

Жыр нәрімен жер балқып, бусанды құм.

Сортаң жердің тұзы бар тамырында

Ашқылтымдау сондықтан жусан жырым, -

деген жолдарда ағынан жарылған сезім мөлдіреп тұр емес пе?

Туған ауыл, ата-ана, өскен орта, арман-мақсат туралы бірқыдыру өлеңдердегі сарын-әуендер келе-келе Отан, халық, адамзат хақындағы жырлардың идеясына ұласады. Ұлттық дәстүр арнасындағы көркемдік кестелер, өлшем-өрнектер әлем поэзиясындағы бояу-сәулелермен, нақыш-өнермен, сан алуан жаңа эстетикалық сапамен байып, соны көркемдік игілік жасалғанын көреміз.

Жеке бастың мұң-шері, оңаша сыры ғана емес, күрескер замандастың, әлеумет қайраткерінің уақыт ауыртпалығын көтере алатын, өзі іс басында отырған азаматтың ойлары, сезімдері – жыр арқауы. Азаматтық-әлеуметтік мұраты айқын бүгінгі күннің жігерлі адамдары – ақынның сүйіп, беріліп, тебірене толғайтын кейіпкерлері.

Ақын өлеңдері орыс тіліне сәтті аударылды да, одақ оқырмандарына кеңінен таныла бастады. Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев сынды туған әдебиет ақсақалдары берген баға өз алдына, белгілі орыс жазушысы, ақын Сергей Баруздиннің «Фариза Оңғарсынова поэзиясы қазақ оқырмандарының жүрегін жаулап алды, өз тілінің шеңберінде қалып қоймай, біздің елімізден тыс жерлерге де мәлім болды. Қазір оның өлеңдері көп ұлтты поэтикалық байлығымыздың ажырамас бір бөлігі екеніне мен сенемін» деп жазуы тегін емес деп білеміз. («Дружба народов», 1986, 12).

Бүгінде әлеуметтік мағыналы өмір кешіп отырған қазақтың ақын қыздарының шығармаларынан тамаша антология құрастыруға болар еді. Сол арналы дәстүрдің бүгінгі жалғасы, сапалы да құнарлы көрінісі – халқына екі томдық таңдамалы шығармаларын ұсынып отырған Фариза Оңғарсынованың ер мінезді жырлары.

1987.

ТАЛАНТ ҚЫРЛАРЫ

І

Кезінде байыбына барған жоқпыз, қазір ойлап көрсек, елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басында Қазақ университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында республиканың ең білікті оқымысты-әдебиетшілері шоғырланған екен ғой: Мұхтар Әуезов, Мәлік Ғабдуллин, Есмағамбет Ысмайлов, Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин. Әрқайсысы бір-бір мектеп, бір-бір арна. Алдағы күндерде олар туралы, олардың өнерпаздық даралығы, ұстаздық шеберлігі, ғалымдық келбеті, азаматтық тұлғасы туралы жеке-жеке еңбек жазуларына еш күман жоқ. Сол шоғырдың жуан ортасында филология ғылымдарының докторы, профессор, белгілі жазушы, сыншы, аудармашы Темірғали Нұртазин тұр.



ІІ

Анкетадан алынған деректер: Қорған қаласында туған: орысша тоғыз клаас бітірген; алғашқы колхоз бастықтарының бірі; партия қызметкерлері; Ленинградтағы журналистика институтын тамамдаған; Қазақ драма театрының директоры; облыстық газет редакторы; репрессияға ұшыраған; Каз ПИ, Каз ГУ-де доцент, профессор.



ІІІ

Т.Нұртазиннің ғалымдық, зерттеушілік, өнерпаздық тағдырында Ленинград қаласының, ондағы филология мектебінің берген білім – дерегі, нұсқаулық негізі, шешуші ықпал-әсері әрқашанда аңғарылып тұрады. Жүріс-тұрысынан, тұрмыс-салтынан бастап, еңбек ету дағдысынан адамдармен қарым-қатынасындағы мәдениеттілігінен дәстүрлі орыс университеттерінің кәнігі профессорларының мінез үлгісі, қалып сипаты көрінеді.

Текстен, архивтен, кітаптан шыққан сопы-педант оқымысты емес, өмірдің суық сынағынан өткен, өзі шоқ басқан, талант қанаты отқа шарпылған, арқасына ер батқан адамның сөзіне еріксіз сенер едің. Әрқашан әдебиетті, өнерді өмірдің көрінісі деп қарау, әлемдік мәдениет тарихының мысалдарымен астастыра көрсету, мол деректерді сұрыптай, жинақтай отыра ғылыми қорытындылар шығару – Темірғали Нұртазинге тән ерекшеліктер болатын.

Қазақ өмірін, фольклорды, әдебиетті жан-жақты да жете білу, орыс тілін ерте меңгеру, арнаулы дайындықтың түбегейлілігі Темірғали Нұртазиннің өнерпаздық тағдырына, әсіресе оның аудармашылық өнеріне зор ықпал жасаған фактор. Тұңғыш ұлттық эпопея – «Абай жолы» романының алғашқы кітаптарын орыс тіліне аударуда ол Л.Соболев, А.Никольскаямен бірігіп тарихи іс бітірді. Жүктің ауыры Нұртазиннің мойына түсті. Әуезовтің майы сорғалаған, ұлттық бояуы қанық бейнелер жүйесін, этнографиялық, тұрмыс-салт көріністерін, төгіліп тұрған жанды суреттерді дәл жеткізу үшін қос тілді тең, қатар білу үстіне, өзің жазушы, өзің суреткер болуың қажет еді. Нұртазин осы биіктен табылды.



ІҮ

Әдебиетіміздің ең көрнекті өкілдерінің бірі – Сәбит Мұқанов шығармаларын зерттеу ісінде Нұртазин көп іс тындырды. 1951 жылы алғашқы монографиясы орыс тілінде жарияланды. Кітап орынсыз датталды. Сол зерттеу тереңдетіліп, өңдетіліп, 1958 жылы қазақ тілінде қайта басылды. Білікті ғалым бұл кітабында Мұқанов шығармаларын талдай отырып, қазақ әдебиетінің туу, қалыптасу және өрлеу дәуірлері жайлы терең пікірлер, соны ойлар айтты. Ғылыми дәлдік, фактілердің молдығы, эстетикалық талғампаздық – айтылмыш монографияның негізгі қасиеттері.

Көп талғам, шиырлы ізденістерден кейін туған қазақ әдебиетінің проблемалық қыруар мәселелерін қозғайтын «Жазушы және өмір» зерттеуі – іргелі еңбек.

Сыншы Нұртазин әдебиеттің көкейкесті мәселелеріне арнап көптеген еңбек берді. Қазақ әдебиетінің арғы-бергі өкілдері тануда орны айрықша. Зерттеушінің Шортанбай, Ыбырай Алтынсарин, Сұлтанмахмұт Торайғыров жайлы жазған мақалаларында терең ойлар бар. Мұхтар Әуезов, , Ғабиден Мұстафин Ғабит Мүсірепов туралы еңбектер соны қырымен, жаңа пайымдауларымен қымбат. Жамбыл Жабаев, Жұмағали Саин, Қалижан Бекхожин, Сырбай Мәуленовтар поэзияның төңірегінде ғалым айтқан толғамдар терең де дәлді. Әр кезеңде, әр белде туған зерттеулер, мақалалар «Шеберлік туралы ойлар» кітабында жинақталған.

Рас, Майлин шығармалары талай сын пікірлердің, ғылыми зерттеулердің нысаны болды. Жазушының мол мұрасы түгел алып, тұтастай қарастырған тұңғыш кітап Нұртазин монографиясы. Сыншы өзінен бұрынғы зерттеушілер еңбектеріне көз жұмып, өте шықпайды, Олардың қисынды, қисынсыз пікірлерін екшеп, жаңа байлам жасады. Бейімбеттің ғұмырына қатысты көптеген жаңа материалдар тауып, соны деректер жинаған. Шыққан орта, алған білім, көрген тәрбиенің жазушы талантын қалыптастыруда атқарар қызметі ерекше екені аян. Ғалымның Майлиннің жастық шағын, оқуға берілген кездерін шұқшия зерттеуі табысты болды.

Бұрын Майлиннің білім деңгейі, эрудиция мөлшері деген мәселелердің беті күңгірт еді. Уфадағы «Ғалия» медресесі қандай оқу орны, онда кімдер оқыды деген сұраулардың жауабы да мәз емес-ті.. Айтылмыш сонографияда көптеген мәселе шешілді. Зерттеуші Майлиннің түрлі жекебас құжаттары, еңбек кітапшасы арқылы оның қанша жыл оқығандығын айқындайды. Қазақша материалдармен бірге орыс, татар, башқұрт тілдеріндегі мәліметтерді кең пайдаланып, «Ғалия» медресесінің кезіндегі үздік оқу орны болғандығын дәлелдейді.



Ү

Ұзақ жылдар публицистика, проза саласында ізденіп «жаңа саты», «Ауыл тынысы», «Адам бекерге жасамайды», «Мұрат» кітаптарын берген Т.Нұртазиннің бұл саладағы ең үлкен арнаулы дүниесі – белгілі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов туралы жазған көлемді деректі романы. Автор көп уақыт Алматы, Бішкек, Ташкент, Мәскеу архивтерінде сарылып жүйеленбеген, әр жерде ашылып жатқан сан-салалы құжаттарды, тарихи деректі материалдарды қопара қарап, көз майын тауысты: том-том дүниелерді ақыл-ой таразысынан өткізе келе, тұтас қор жинады; ксерокопия, фотокопияны былай қойғанда, өз қолымен көшіріп шыққан қағаздар бір атанға жүк болардай. Бұлардың ішінде жалғыз Рысқұлов тағдыры емес, революция, азамат соғысы, коллективтендіру, Турксибқай байланысты, көптеген қоғам қайраткерлеріне қатысты қызықты, тарихи материалдар бар.

Бір адам емес, тұтас ұжым тындырар іс жасалған. Большевиктік террор, ғылым, өнер, әдебиетке қаншама кесір-кесепат келтіргенін қайта құру кезеңінде, бүгінгі күндері жарыққа шығып, жария болып жатқан фактілер, деректер тағы да айқара ашып берді.

Өмір жолында, тірлік күресінде Т.Нұртазин көрген қиындық, шеккен азап аз болған жоқ, талап тұлпарына енді қонып, қылшылдап тұрған шағында, жала жабылып, қуғынға түсті, абақтыға қамалды. Тіпті еркіндікке шығып, ағарған, пәле-жаладан құтылғаннан кейін де кесапат бұлты оның басынан оңай айыққан жоқ. Орасан күш жұмсап, көп уақыт жіберіп тындырған еңбегі Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романы аудармасының басылмай қалуын қиянат демей, не дейсің. Төрт том аударма қолжазба күйінде жатыр. «Жазушы» баспасына жетпісінші жылдардың басында апарып, заңды түрде тіркетіп қойған Тұрар Рысқұлов туралы жазылған деректі роман қолжазбасының жоғалып кету себебі неде? Бұл қылмысқа парапар іске кім жауап бермек. Егер жазушының үйінде сақталып қалған қолжазба негізінде роман мәтінін қалпына келтіргенімізде не болатын еді? Үлкен зерттеуші, белгілі жазушының ұзақ жылдар жасаған еңбегі әлдекімнің қоржынында кете барар ма еді, қайтер еді. Басқасын былай қойғанда, сол «бақытсыз» қолжазбаның тағдыры әлі шешілген жоқ. Кітап болып шыға ма, шықпай ма, оқырман қолына тие ме, тимей ме, - мұны «Жазушы» баспасы тезірек айтса, әділет болмақ.



ҮІ

Ұмытпасам, 1977 жылдың жазғытұрымғы аласапыран, көксоқта күндерінің бірінде Темірғали Нұртазиннің үйіне көңілін сұрай бардым. Ірі бітімді, етжеңді, зор адам арса-арса болып жүдеп қалыпты. Тек үлкен ойлы кезіндегі жарқыл мен ерніндегі көкесіңді күлкі ғана өзгермеген. Бейдауа дертпен ұзақ күресіп шаршағанмен, өмір-тіршілікке, адам-пендеге өшпенділіктің көлеңкесі де жоқ, сабырлы күйде қайран жарық дүниемен қимай қоштасып жатқан сыңай бар. Қалжың-күлкі араластыра отырып, айтқан әңгімелерін тұйықтаған, көзі жасаурап, дауысы дірілдеңкіреп барып, сыр секілді, бақылдасу, қоштасу сипатындағы сарынға ойысқан еді.

- Арман еткен, ойға алған, мақсат тұтқан шаруалардың оннан бірін де істей алмадық, шырағым. Сүйекке біткен жалқау керенаулығымыз, ұқсатымсыздығымыз бар, көлденеңнен келген кесепат репрессия, абақты, қуғын бар, әйтеуір жетер жергүе жетпедік. Ірі істерге жас кезде бару керегін ұқпаппыз. Тұрар тақырыбына кеш, тіпті кеш кірісіппін. Алпыстан асқаннан кейін архивтерді ақтару, кітапханада жүру, үйден алыстап, басқа шаһарларға бару оңай емес екен, содан асқазанды бүлдіріп алдым ғой. Шіркін, жас ғұмыр, қайратты күндер қайтып келсе, есіл уақытты уақ-түйекке, күйбең-тіршілікке жібермей көрер едім-ау. Қайтерсің, өтер өмір өтті – кетті. Мың ойланып, жүз толғанғанда, сенерің – жастар. Өзің жетпегенге солар жетсін, өзің істемегенді солар істесін деген арманмен өлгің келеді, - деп барып тоқтаған.

Содан бері он жылдан астам уақыт өтті. Әз ағаның соңғы сөздері әсте естен шықпайтын шығар-ау.



1987.

ДЕГЕЛЕҢГЕ БІТКЕН ШЫНАР

Сапарғалидың ата қонысы – Шоқан мадақтаған, қобыз тартып, ән салған, үлкен эпикалық дастандар тудырған, айтыс ақыны Жанақ жүйрік жырына қосқан Арқаның киелі мекендерінің бірі – Дегелең таулары. Арғы замандарды айтпағанда, бертінде, әсіресе, ХІХ ғасырдың аяғына қарай бұл атырап Семей мен Қарқаралының арасын жалғастыратын жандарал қара жолының бойында болғандықтан, қырдағы әрі шығыстық, әрі батыстық деуге келетін мәдени ошақтардың бірі еді. Шежірелік арнадан тартқанда, Сапарғалидың түп бабасы – Қаздауысты Қазыбектің бір Бошаннан өрбіген қандас туысы, өмір-бақи онымен үзеңгілес жүрген, ай, жұлдызға көз тігіп, болашақты айтатын атақты Жүгіней көріпкел. Ескі көз қариялардың аңызына қарағанда, жарықтықтың мәйіті де ағасы Қазыбектің мәйітімен қатар Түркістанда жатса керек. Сапарғалидың бабасы Бегалы кезінде Ташкентте, Бұқарда ұзақ жылдар оқып, шариғат жолымен қоса, Шығыс фәлсафасын, сан алуан ғылымдар жосығын терең үйренген ғұлама, діндер қари болғандықтан, елге оралған соң қыстауы Сарыобада медіресе салдырып, молда болып, бала оқытқан, сонымен күн кешкен. Сол буынның ішінен кейін Сүлеймен қажы /Мемлекет қайраткері Мұқаметқали Тәтімовтің аталары/, Алдаберген болыс /Шәкәрімнің нағашысы/, Ысқақ /Сапарғалидың әкесі/ секілді ислам негіздерін, Шығыс әдебиеті мен мәдениеті тағылымдарын жас төл, жаңа ұрпаққа сіңіре білген көзі қарақты адамдар шыққан. Дегелең бауырындағы кісілікті шаңырақтарда құран, шариғат, хадистермен бірге араб, парсы, шағатай, түрік, татар тілдеріндегі сан-алуан кітаптар оқылған. Бертінде бұған орыс әдебиеті қосылды. Қазақ сахарасында алғаш скрипка тартқан да – осы Дегелең ауылы. Ең бастысы, туыстық, құдандалық ретімен іргелес жатқан Шыңғыстаумен Дегелең мидай араласып, әбден бауырласып кеткен елдер екені өз алдына, бұл орталар данышпан Абай тағылымын тең, ортақ етіп өскені ақиқат.

Бағзы қазақ қауымындағы жақсы дәстүр бойынша, атасы Бегалы басқа немерелері секілді Сапарғалидың да бес жасында кәлимаға тілін келтіріп, арабша сауатып ашып, өзі оқытқан. Осы алты-жеті жылға созылған сабақ обал мен сауап, күнә мен қылмыс, махаббат пен ғадауат, жұмақ пен тозақ секілді мәңгілік сұрақтарға имандай ұйытып жауап беріп, Сапарғалидың мінез-құлқын, кісілік келбетін, жүріс-тұрысын исламның адамгершілік мұраттары негізінде қалыптастырып, кейін таулар құлап, дариялар арнасынан ауып, тұтас қауымдар күйреп жатса да, құбылып, өзгермейтін рухани әлемнің алтын өзегін жасап берген.

Жаңа заман, құбылған дүние ағысы Сапарғалидың басын тауға, тасқа соқты: Семейге келді, орыс мектебінде оқыды, белгілі қазақ зиялылары Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтардың аттарын айдап, кейін туған балаларындай болып кетті, үш жүз елу жігітке басшы болып он алтыншы жылы Петербург түбінен бір шықты, Мұстафа Шоқай басшылығымен Думадан арнайы шешім алдырып азаматтарды аурудан, өлімнен құтқарды; елге оралып, Дегелеңде болыс, Қарқаралыда сот, Алматыда Түрксіб басқармасында қызметкер, газетте журналист, Ғылым академиясында зерттеуші болып істеді, отыз жылдай зейнеткер болды. Бұл – Сапарғали Бегалин өмірінің көпке белгілі деректері.

Таяуда табылған құжат – Алаш қозғалысына жақындастығы, Мұстафа Шоқаймен араласқаны, Әлихан Бөкейхановтың туысы Смаханмен достығы, ең бастысы, ұлтшылдығы, совет құрылысына қарсылығы үшін қазақтың елім деп еңіреген, ұлт жолында сан етін кесіп беруге әзір ерлерінің басына қара күн туғанда Сапарғали Бегалинді де Сталиннің жендеттері 1929 жылы Семей түрмесіне тыққан.

Замандастары ұмытпаған шығар, тұғырдан түспеген кезін айтпағанда, сексеннің жуан ішіне кірген шақтың өзінде Сапарғали Бегалин көшеде, мекемеде, редакцияда, басқа да ресми жиналыста қатары, тіпті кейбір жас буын өкілдері секілді олпы-солпы жүруді, қалай болса, солай үстіне ілінгенді сүйрей беруді білмеді. Ол үнемі жыл маусымына сәйкес келетін әрі әдемі, әрі ықшам, өзіне құйып қойғандай, сәнді киінер еді. Бұл ретте басқада жоқ әрі өте қымбат моданы қуатын Ғабит секілді емес, тазалық, ұнамдылық, қолайлылық талабы бар. Жағасы жоқ жеңсізді жылдар бойы иығынан тастамайтын Ғабиден мінезінен де аулақ. Сапекеңнің көйлегінің жағасын кір шалмайды, шалбарының қыры түспейді, пиджагі мыжылмайды, туфлиінің өкшесі қисаймайды, мойнында – қашанда галстук, басында – көктем мен күзде шляпа, қыста – сусар бөрік, жасы тоқсанға қарай беттегенде ғана таяқ ұстады. Ол кісі үйде мыжырайған шарқай сүйретпей, жеңіл, жұмсақ туфли киеді; тізесі қаптанған ескі шалбар, жеңі қырқылған шапан, тыртиған спортшы формасына жолаған жоқ. Жазу столында ресми жиналыста отырғандай мұздай киініп алатын. Шашылған, бұрқыраған, аткөпір қағаз жоқ, кітаптар, қолжазбасы, қаламы, қарындашы, өшіргіші, көзілдірігі, бәкісі, қайшысы, гантелі – бәрі тап-тұйнақтай, әрқайсысы өз орнында.

Әрідегі үлкендермен қалай араласты, оны біз білмейміз, ал кейінгінің алыптары Мұхтар, Қалыбек, Сәбит, Кенен, Ғабит, Ғабиден, Әлкей, Жүсіпбек, Бауыржан, Бейсенбайлармен, тіпті бертінге дейін Қарағандыда тұрған Алаш көсемдерінің бірі Әлімхан Ермековпен Сапарғали Бегалин қандай қарым-қатынаста болғандығынан хабардармыз. Құлақпен естіп, көзбен көрген жәйттар, өзіміз ішінде болған оқиғалар бар.

Мұхтар Әуезов мұхит тектес дарын, телегей-теңіз білім иесі, атақ-даңқы жер жарған, әлемге мәшһүр жазушы, ғалым бола тұра Сапарғали Бегалинді өзінен екі-ақ жас үлкендігі үшін ғана зият тұтып, төрге шығарып, құрмет көрсетті дейсіз бе? Бір еркек кіндікке зар болып жүріп ақыры Фатимадай қасиетті анадан ұл көргенде /Мұрат Әуезовті айтып отырмыз/ оның атын өзгеге емес, дәл Сапарғалиға қойғызу себебі неде?

Астына ат мінгізіп, қолына ту ұстатып Абайдың 100 жылдық тойын төбеге шауып шығып, бастап беру рәсімін Мұхтар Әуезрв неге Сапарғали Бегалинге тапсырды екен? Мұхтардың апталап, айлап Шыңғыстауды аралағанда қасына ерткен сенімді серігі кім? Тағы да – Сапарғали. Сері де бар, бағылан да бар, ғұлама да бар – соның бәрінен Мұхтарға Сапарғалиды жақын еткен қай қасиеті?

Сәбит Мұқанов сүйсінгеннен Сапарғалиға өлең арнады. Бауыржан Момышұлы аға тұтты. Өзге ортада басқаны елей қоймайтын Ғабит пен Ғабиден қазақтың ауыз екі әңгімесінің үздік шебері Сапарғали отырған жерде байқап басып, көбіне салт, бұрынғы тұрмыс, ел арасындағы хикая, шежіре, аңыз, жүйрік ат, тұйғын құс туралы ағаның ұзақ-сонар сөзіне жалықпай құлақ қоятын. Сапағарли кейде мұртынан бір күліп қойып, тісі ақсиып қалып, ыңыранбай, қақалмай-шашалмай, жорға секілді тайпалып, ашық үн, әдемі әуезбен, қазақы әңгіменің майын тамызып отырар еді. Алып-қашпасы, дарақы-даңғыры, өтірігі жоқ, қарағай домбырадан төгілген күй іспеттес қоңыр сарын есер еді. Мүмкін, Мұхтар Әуезов те осы орайға құлаған шығар. Жиырманың ішінде бірінші дүниежүзілік соғыстың майданында болып, адам қанының судай аққанын көріп шошынған, отыздың ішінде жазықсыз елдің тападай тал түсте тоналып, зорлап жасалған тәркілеу кеселінен аштан бұралып қырылғанын көріп, не істерін білмей жүрегі қарайған, қырықтың ішінде ұлтының маңдайына біткен асылдарын атып-асып құртқан зұлымдықты көріп, дүниенің бәрінен түңілген, елудің ішінде туған Дегелеңі атом полигогына айналғанын көріп көзінен қанды жас аққан – Сапарғали Бегалин тіршіліктегі жалғыз медетті қалам қайратынан тапқан. Онда да тап тартысы, науқандық мәселелер емес, саясаттан аулақ, балалар әлемі, табиғат аясы – шығармаларының негізгі өзегіне айналған.

Саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған тар заманда, Мағжан айтпақшы, қызыл тілі кісендеулі жүріп, әр түрлі туынды берді.

Сапарғали Бегалин – қазақ жазушыларының бүгінгі буынының ішінде жасы сексенге келіп, халқының ортасында той тойлаған бірінші қаламгер еді. Бұл шежіре адамның өмірі қандай қызық болса, шығармалары да сондай қызық.

Сапарғали – әдебиетіміздің поэзия, проза жанрларында тартымды, толымды шығармалар берген көрнекті суреткер, көп жылдар шаршамай шапқан жүйрік.

«Қазақ бозбалаларына» деген тырнақалды өлеңі 1914 жылы “Айқап” журналында басылған. С.Бегалиннің қазіргі оқушы қолына тиген соңғы көлемді еңбегі – “Замана белестері” атты күрделі роман. Осы 65 жылдық ұзақ сапарда суреткер қаламынан жиырманың үстінде поэма, оннан астам повесть, жүздеген әңгіме, тоғыз шағын пьеса, бір роман, көптеген естеліктер, зерттеулер, мақалалар туды.

Сапарғалидың өлеңдерін зер салып, көңіл қойып оқыған адам оның сазды лирик, сыншыл ақын екеніне анық көз жеткізеді.

Ақынның “Жаз лебі”, “Көктем бұлты”, “Нөсер артынан”, “Сарыжайлау” секілді өлеңдері – сұлу бейнеленген пейзаж үлгілері. “Кавказ аңыздары”, “Бұқара – Самарқанд сапары” циклдарында тосын образ, әдемі деталь, есте қалар бейнелер мол. Абайға, Мұхтарға, Қалыбекке, Қасымға арналған өлеңдерге жүректің тереңінен шымырлап шыққан сыр, таза сезім жан бітірген.

Адамдар ерлігін, батырлығын мадақтайтын “Алтай аңызы” /Төлеген Тоқтаров туралы/, “Қанатты қазақ” /Нүркен Әбдіров туралы/ поэмалары – соғыс шындығын сәтті бейнелеген көркем шығармалар.

Ақын Сапарғали – әсіресе, поэма жанрында кең көсіліп, ұзаққа, алысқа сілтеген қаламгер. Бұл саладағы оның көп еңбегі сөз арасында, ат үсті айтылғанымен, терең талданып, өзіне лайық бағасын алмағандығын өкінішпен ескерте кетудің артығы жоқ деп білеміз. Халық аңызының ізімен жазылған әдемі поэма – “Абақ арманы”.

Абай, Ілияс құдіреттерімен жасалған тұлпарлар сапына тағы бір сәйгүлік қосылғандай әсер аласың.

Қазақтың кең даласындағы тау-тас, өзен-көл аттарына байланысты аңыз-әңгімелерде мол поэзия жатыр. Естігенімізбен ескермейтініміз, мән бермей, байыптамай жүргеніміз, асыл сөзді қадірлей алмай келгеніміз жасырын сыр емес қой. Әйтпесе ел аңызнан “Батыр Баяндай”, «Көкшетаудай» ғажап жыр тудырған дәстүр сайрап жатыр емес пе?

Дәлірек айтқанда, Сапарғали Бегалиннің өткен өмірге арнаған, дерегі, ізі бар материалға сүйеніп жазған дастандарының ішіндегі ең шоқтығы биігі – дау жоқ, тау атына қатысты аңыздан туған “Баян жүрек” поэмасы. Бұл шығармада дара бейнелер, эпикалық серпін, кең құлаш, қызықты оқиғалар бар. Қазақ жігіті Сайқым мен қалмақ қызы Баян арасындағы махаббат, екі елдің ерегістен ығыр болып, ер-азамат арқасында достықпен табысуы сәтті көрсетіледі. Шебер әсірелеу, әуелету жарасып тұр.

“Айдос”, “Ұр, тоқпақ” дастандарынан фольклордың жақсы әсері, өрнек-бедері, бояу нақышы байқалады.

Өмірден көп нәрсені көзімен көріп, бастан кешіріп келген талантты адам жазған туындыны оқығанда, тіршіліктің бұрын өзің аңғармаған, сезбеген жаңа қырларын танып, марқайғандай, кенелгендей боласың. Әсересе, қазақтың көшпелі, бұрынғы тұрмыс-әрекетін жіті білетін С.Бегалиннің әңгіме, повестерінде мал баққан адамның психологиясы, аңшылардың жан дүниесі сенімділікпен, реалистік шыншылдықпен бейнеленеді. Бұл жанрдағы шығармаларда ұлттық өміріміздің енді қайталанбайтын, тарих қойнауына кеткен, суреткер қаламы тірілткен есте қалар, жанды картиналары бар.

Қазір бір ауыздан балалар әдебиетінің үлгілі туындысы саналатын, кезінде одақтық сыйлық алған әйгілі Сәтжан повесіндегі қазға түскен ителгінің қимыл-қозғалысы, динамикасы, өмір мен өлім тайталасы бір оқыған адамның есінен кетер ме? «Көксегеннің көргендері» повесінде Алтай өңірінің сұлу табиғаты, өзгеше, дара сипаты жақсы берілген. Қақпанмен аң аулау, мылтық ату, мергендердің сан-алуан сырларына қанық болу бар мұнда.

Қазақ прозасындағы новелла, оқыс, қызық оқиғалы сәтті шығармаларды атағанда, С.Бегалиннің “Мұстафа қарттың әңгімесі”, “Тайатқан тауынан табылыпты”, “Алданған жолбарыс” хикаялары бел ортада тұрмақ. Әсіресе, ертерек уақыттарда Балқаштың аспан зәулім қамысын мекен еткен шұбар ала, аң перісі – жолбарыс аулаудың тәсілдерін, ер-азаматтың тапқырлығын, жүректілігін бейнелейтін әңгімелерді кім болса да қызықпай оқи алмаса керек.

Халқымыздың жылқы жайын білуі, жүйрік атқа махаббаты «Сұрапылда», «Керкиік», «Колхоз бәйгесі» әңгімелерінде әсерлі көрсетіледі.

Қазақ әдебиетінің проза жанрында С.Бегалин туындылары бір сала іспетті. Әсіресе, ол балалар әдебиетін дамытуға зор үлес қосып, “Бүгінгі Ыбырай”, “Қазақтың Маршагы” атануы тегіннен-тегін емес. Есімдері әлемге аян Том Сойер, Гаврош, Тимур секілді қызық мінезді, қайратты балалардың қатарына С.Бегалин өз кейіпкерлері Сәтжан, Көксеген, Уәш, Ердендерді қосты. Қазір олар орыс, татар, грузин, поляк, корей, бір сөзбен жетпіс жеті жұрттың балаларының сырлас досына, ет жақын бауырына айналды.

С.Бегалин прозасының объектісі – қақаған аяз, дүлей боран, шыжыған ыстық, небір аптапта дала төсін жайлаған кесек тұрпатты ірі мінезді жылқышылар, қойшылар, аңшылар. Бұлардың дені өмірдің өріне шыққан егделер мен саналы тірлікке енді қалам аттаған жасөспірім, жеткіншектер – ауыл адамдары.

Қаламгелердің жетпісті еңсеріп, сексенге аяқ басқанда Қазан революциясының алғашқы күндеріндегі қазақ ауылындағы, қаладағы әлеуметтік-психологиялық өзгерістерді көрсететін документті, деректі негізі бар “Замана белестері” атты мемуарлық роман жазып шығуын суреткерлік үлкен қайрат деп білеміз. Бұл шығарманың басты кейіпкерлері – белгілі революционер Мұқаметқали Тәтімов, қазақ әйелінен шыққан алғашқы оқымысты, көзі ашық жандардың бірі – Нәзипа Құлжанова, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, тағы басқа аты, есімі мәшһүр адамдар. С.Бегалиннің бұл романын типологиялық тұрғыда Сәкен Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешу”, Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі”, Ғабиден Мұстафиннің “Көз көрген” сияқты айтулы шығармаларымен заңды түрде қатар қоюға болады.

Республикамыздың атақты композиторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, Садық Кәрімбаев, Сыдық Мұхамежанов, Қапан Мусин, Еркеғали Рахмадиев Сапарғали Бегалиннің текстіне ән жазған.

Сапарғали Бегалин жиырмасыншы-қырқыншы жылдарда ел ішінде кеңес, сот, газет қызметтерінде жүріп, кейін Жазушылар одағында, Ғылым академиясында істеген кездерінде республиканың кең атырабын көп аралап, ескі көз, кәрі құлақ майталмандермен табақтас, дәмдес, сырлас болған. Осы сапарында ол естіп, іріктеп, екшеп қағазға түсірген дүниелер – мол қазына. Халық ақындары Иса, Шашубай, Төлеу, Доскей, Қуат шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың тұңғыш өмір-баянын жазған – Сапарғали Бегалин. Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра, Қажымұқан, Қалыбек тұлғасын кейінгі ұрпаққа танытуда мол еңбек сіңірген де – Сапарғали Бегалин. Ұлт ойындары жөнінде жинаған материалдары да қымбат.

Дегенмен, С.Бегалиннің зерттеуші, оқымысты, фольклорист ретінегі ең жемісті, ең бағалы туындысы – Жамбылдың ата тегі, өмірі деген іргелі зерттеуі деп білеміз. Жамбылдың көзі тірісінде өзінен, онымен өкшелес қарттардың аузынан жазылып алынған бұл еңбекте ұлы ақынның өскен ортасы, ата бабасы, алған тағылымы, мінез-құлық ерекшеліктері туралы аса қызық деректер бар. Мұның үстіне революциядан бұрынғы Жетісу атырабының аңыз-әңгімелері, жүйрік аты, қыран құсы, сал-серісі, ақын-жырауы, домбырашы-күйшісі жөніндегі фактілер де өте бағалы, дәл. С.Бегалиннің там-тұмдап жарық көрген зерттеуінің кейбір үзінділері кейбіреулер кейде сілтеме беріп, кейде сілтеме бермей пайдаланып та жүр. Осы маңызды әрі әдеби, әрі этнографиялық тарихи мәні зор жұмыст толық күйінде жариялау оқырманды қатты қуантар еді.

Халқымыздың асыл перзенті – Шоқан өмірі бүгінде көптеген көркем шығармаларға арқау болып отыр. Сәбит Мұқановтң, Сергей Марковтың, Сәуірбек Бақбергеновтің ұлы ғалым өмірін бейнелейтін роман, повестерінің қатарында Сапарғали Бегалиннің «Шоқан асулары» дилогиясы өзінің деректі негізімен, ықшамдылығымен, тартымды оқиғаларымен ерекшеленеді. Бұл кітап – тамаша адамдар өмірін фактілік негізден ауытқымай дәл бейнелейтін қазақ әдебиетіндегі сәтті туындылардың бірі.

Сексен жылдығын тойлауға елге барғанда радиациядан уланған бұлақтан су ішіп қойған Сапарғали Бегалин жазылмас дертке ұшырап, мерт болды. Жүзге жетер деп жүрген қайратты жан тоқсанға екі-үш жыл қалғанда дүние салды. Маңайына өлім сепкен аждаһа полигон кесепаты Сапарғали Бегалинді өлтіргенмен, оның шығармалары халқымен бірге жасамақ.

1995.

КЕҢ ТЫНЫСТЫ АҚЫН

Қазақ әдебиетіне Абай, Мұхтар сынды екі алтын діңгек, қос алыпты берген Шыңғыстау атырабының қарттары күні бүгінге дейін жеңіл әзіл, ерке мақтаннан құр емес:

–Бар десек те болмайды өзі. Енші беріп, машина мінгізіп жіберейік дейміз. Қалаға кетсе, шабыт құсын ұшырып алатындай көреді, білем. “Жүрекадырдан” шықпайды ғой бұл Шәкір ақының. Осында жатып-ақ кітап жаза береді.

Сол ақын Шәкір Әбенов 1900 жылы қазіргі Семей облысы, Абай ауданына қарасты Құндызды деген жерде туған. Арабша ерте хат таныған. Семейдегі приходская школада 3 жыл оқыған. “Борсықтар” деген өлеңі 1916 жылы “Айқап” журналында басылған.

Колхоз құру, ауылды советтендіру істеріне белсенді араласқан Шәкір Әбенов Ұлы Отан соғысына өзі сұранып барып, Брянскі майданынан жаралы болып елге оралады. Қайтадан колхозда, совхозда істейді, шығармашылық жұмыспен айналысады. Ақын қаламынан туған “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Кейпін батыр”, “Таң шебер – Жапал”, “Ортақ арал” поэмалары әр жылдары басылып шықты.

Ескі шежіре, халық әдебиетінің білгірі Шәкір Әбенов Жанақ, Түбек, Дулат, Байкөкше секілді ақындардың мұрасын тұңғыш рет қағазға түсіріп, бүгінгі ұрпаққа жеткізген. Музыка мамандары Шәкір Әбеновтің айтуымен көптеген ән мен күйлерді нотаға жазды. Ақын көп жылғы жемісті еңбегінің зейнетін көрді.

Шәкір Әбеновті қалың жұртшылыққа ақын ретінде танытқан күрделі шығарма – “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” поэмасы. Бұл туынды тұңғыш рет 1937 жылы жарияланған болатын.

Халық санасына әбден сіңген, небір жүйрік жыршылар, дүлдүл ақындар жырлаған ғашықтықтың ғажайып тарихына Шәкір Әбенов қаймықпай барып, тамаша поэма тудырды. Ол тұста Сәкен, Ілияс, Иса, Қасым, Тайыр сынды сұңқарлар, Жамбыл, Нұрпейіс, Нартай, Төлеу секілді не бір ақиықтардың көзі тірі кезі.

Ұлттқ әдебиетте орын тепкен қызық құбылысты көреміз. Поэмадағы қаһармандардың негізгілері – жырдың көптеген нұсқаларында кездесетін дәстүрлі кейіпкерлер. Сюжеттің жалпы ағысында ерекше бұра тартар, тыңнан салған арналар жоқ. Сөйте тұра, шығарманың ішкі түзілісі, көркемдік бітімі сонылығымен, дара құнарымен әсер етеді.

Шәкір Әбеновтің табиғи ақындық дарынын фольклор дәстүрі, жазба әдебиетінің үлгісі, классикалық мұралардың тәлімі ұштап, өрбітіп өсіргендігін көру қиын емес. Мұның үстіне өлең мәдениетіндегі Абай мектебінің сарынын ә дегеннен аңғаруға болады.

Тілдің лексикалық байлығы, сөз байламының кестесі, ұйқас ырғақ шеберлігі – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасының негізгі қасиеті. Оқиғаларды баяндауда эпостық дәстүрден гөрі, жазба әдебиеті сабақтарын ерекше ескеретіндікті көреміз. Қодар, Қарабай портреттерін жасау кезінде жарасымды әсірелеу қолданылады.

Қазақ дастанында Еңлік – Кебек, Қалқаман –Мамырдан кейін диалогты кең пайдалану дәстүрі қалыптаса бастады. Осы бегілерді Шәкір Әбенов поэмаларынан да табуға болады. Халық жырында келте, қысқа қайырылатын жәйттерді ақын тереңдетіп, байытып, әуезге әуез, сарынға сарын қосып, ұлғайтып, жаңа бояулармен құлпыртып, жаңғыртып жіберген, Қозының Баянды іздеп келе жатқандағы хикаялары, жолбарыс соғып алуы, қалмақ шалмен кездесуі, қойшылық әңгімелері, балуанға түсуі – тың дүниелер. Жалпы Шәкір Әбенов поэмасында фольклор мен жазба әдебиеті дәстүрінің жақсы тоғысуын көруге болады.

Ақындық таланты эпикалық жанрда жарқырап ашылған тарланның көптеген өлеңдерінде лирикалық, сатиралық, юморлық пафостың мол екендігін көреміз, эпиграмма, қағытпа, арнау өлеңдері бір төбе.

Ақындық дәстүрдің жалғастығын сөз еткенде Шәкір Әбенов поэзиясында Абай ықпалы әр түрлі деңгейде аңғарылатынын айту керек. Тақырыптық тұрғыдан Абай, Ақылбай, Мағауия, Әсет поэмаларындағы объектімен “Кейпін батыр” поэмасындағы өмірлік материал әуендес, сарындас. Шығарма арқауы – қылышынан қан тамған Ақсақ Темір заманындағы бір оқиға. Бас кейіпкер Кейпіннің шыққан тегі, ауыр тағдыры, тіршіліктегі шырғалаңдары романтикалық сюжетке лайық дүниелер. Кездейсоқ ұшырасып, оқыстан табысқан Гүлнармен арадағы сүйіспеншілік шебер бейнеленеді. Қазақ әдебиетіндегі өзге елдер тұрмысын бейнелейтін интернационалдық сипаты айқын шығармалардың ішінде «Кейпін батыр» поэмасы өз ерекшелігімен, айқын идеясымен, шеберлік кестесімен дараланып тұрмақ.

Кең тынысты, мол оқиғалы, көп кейіпкерлері “Таң шебер – Жапал” поэмасында да көркем сурет, ақындық олжалар бар.

Фольклорлық тарихи, шежіре-аңыз сюжеттеріне жазған ақын поэмаларының әлеуметтік тынысы кең, эстетикалық мақсаты айқын, тарихты көне күндерді жақсы білетін ақыныныңбиік көркемдікті нысана еткен қаламгердің қолтаңбасы көрініп тұрады.

Ақын Шәкір Әбенов соңғы кездескенімізде:

–Жаңа кітаптың атын “Шыңғыстау” қойдым. Кір жуып, кіндік кескен жерім. Бауырында сексен жыл ғұмыр кештім. Ылғи қарыздар адам секілді болам да тұрам, – деді.

Рас, ақын қашанда туған жеріне қарыздар.

1980.

ӨЛЕҢ ЖОЛЫ КЕСІЛМЕЙДІ

Ақын Төлеужан Исмайылов екеуіміз бір ауданда туған адамдар болғанымызбен, дәм-тұзымыз араласып көргеніміз жоқ, тіпті дәлірек айтқанда, қол ұстасып амандасып, шүйіркелесіп сөйлескен де кісілер емеспіз. Біздер ауылдан Алматыға келген кезде, ол атағы дүрілдеген ақын, ал біздер қолға қалам ұстауға жарай бастаған кезде, ол ауыр дертке ұшырап, азапқа түсіп кетті. Әйтеуір жүздесуге жазбапты. Осы азаматқа обал болды-ау деген бір өкініш іште жүретін. Бірақ оның әдеби мұрасын іздестіріп, жинап кітабын шығарайын деген ой менде болған емес.

Ядролық сынауларды тоқтату үшін басталған халықтық қозалыстың бітірген үлкен бір шаруасы 1955 жылы зорлықпен жойылып, тоз-тоз болып, ел-жұрты жан-жаққа шашырап, естеңдіктен айрылған, ата-қоныстары полигон табанында қалған, қазақтың ежелгі құт мекенінің бірі Абыралы ауданының қайтадан 1990 жылы қалпына келтірілуі еді. Уланған су, жаралы тау, дертті топырақ – соған қарамастан, елдің басы қайтадан құрылып, шаңырақ көтере бастады. Халық жоғалғанын іздеді. Арғы замандардағы ұлы бабалары Қаздауысты Қазыбек би, Жанақ ақын, Тәттімбет күйші, кешегі Әміре әнші, Сапарғали жазушы өнерпаздығының бір жалғасы – ақын Төлеужан Исмайылов екенін ұққан жерлестері оның әдеби мұрасын жарыққа шығару қажеттілігін айтып, ынта-пейіл көрсетіп, таршылық, жоқшылыққа қарамастан, кітап шығынын көтеруді өз мойындарына алып, “Жазушы» баспасына тілек білдіріп, бізге де қолқа салды. Сөйтіп ақынның артында не қалды деген сұраққа жауап іздей бастадық.

Ақынның әдеби мұрасы, архивы, қолжазбалары, дүние-мүліктері, кітаптары – бұларды іздестіре бастағанда, әуелде тартымды ешнәрсені қолға іліктіре алмай қиналуға тура келді. Ауыз екі сөз, алып-қашпа қауесет қана сақталған. Оның өзі жүйелі, нақты, дәл емес. Ұстарлық, сенерлік дерек жоқ. Анау айтты. Былай деген секілді, солай сияқты еді деген шығарып салма сөздер. Дегенмен Төлеужан абыройы, атақ-даңқы, әсіресе, қаламдастар, аға-дос арасында ұмытылмаған екен, оны білген, араласқан қаламгерлер сыр іріккен жоқ, ойларын қолма-қол айтып тастады, естеліктерін жазып берді.

Тахауи АХТАНОВ:

“Баспада бірге істедік. Мен – соғыс көрген офицер, ол – университетті енді бітірген қылшылдаған жігіт. Мен көрген ақындардың ішіндегі кесек талант Төлеужан Исмайылов еді. Табиғат берген дарыны өз алдына – мол эрудициясы, терең білімі бар еді. Жанып тұрған от секілді еді, лап етіп көрінді. Бәріміз жалт қарадық. Журналда редактор болып тұрғанымда өлеңдерін бастым, қолдадым. Көп көмектестім. Тапсырмамен талай өлең жаздырдым. Бірақ ауыр тағдырына араша тұрдым деп айта алмаймын. Қазір сөздерін ұмыттым, «Қойлар» деген ұлттық әділетсіздікке қарсы жазылған ғаламат өлеңі бар еді. Өзі жатқа оқитын. Өзгесін айтпағанда, сол бір шығармамен-ақ әдебиет тарихына кіруге қақысы бар деп айта алам. Көз тиді ме, тіл тиді ме, әйтеуір есіл ақын арманда кетті ғой, опат болды ғой”.

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ:

«Төлеужан бізден үш-төрт жас үлкен болғанымен, әдебиетке тіпті ерте келді. Бірдан өз дауысын танытты. Қуатты талант еді, берерін толық бере алмай кетті. Алыс ауылда туып өссе де орыс тілін керемет білетініне таң қалушы едік. Аударма жасаған кезімізде, білмейтін сөзімізді Төлеужаннан сұрап білуші едік. Төлеужан қазақшалаған Лермонтовтың “Мцыри” поэмасы – аудармадағы классика”.

Балғабек ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ: “Бір жолы Төлеужан редакцияға келіп, құдай екеуімізге сатирик бол деп өнер беріп еді, сен ұстап қалдың, мен ұстай алмай қалдым ғой деп мұңайғаны есімде”.

Төлеужан Исмайылов Семей облысы Абыралы ауданында 1932 жылы /кейбір деректер бойынша 1931 жылы/ туған. Әкесі Мұхаметжан колхозға бастық болған, ел ішінде сыйлы, көрнекті азамат, фашистермен шайқасқан ұрыс майданында қаза тапқан. Шешесі Қадиша күні кешеге дейін ұлы Серіктің қолында тұрған. Домбыра тартатын, әншілігі бар кісі. Бұл тұқымда үзілмей келе жатқан өнер бар, түбі ұлы Жанақтан бастау алатын ақындықтың көзі жатыр. Төлеужан талантының табиғатын сол арнадан іздеген дұрыс.

Бұрын жақсы үлгеретін балаларды аттата оқыту, бір жылда екі класс бітіру тәртібі де болған. Қайнар орта мектебін сондай жолмен 14-15 жасында аяқтаған зерек, қабілетті, ұшқыр шәкірт – Төлеужан бала күнінен кітапқа құмарлық дағдысын Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінде өзгермес мінезге, айнымас қасиетке айналдырып, ғылымның әр саласынан, әдебиеттен, эстетикадан, тарихтан көп білім алып, тез өсіп, ерте марқайған, қатарластарынан көш бойы озып кеткен. Мұның үстіне, ең бастысы, сүйегіне туа біткен ақындық таланты бар. Өкінішке орай, ол әдебиет үшін он шақты-ақ жыл еңбек етіп, тіршілігінің қалған он жылында ауыр дертпен, өкпе ауруымен арпалысты. Анасы Қадиша да, інісі Серік те,жары Раушан да, ағайын-туыстары да, дос-жарандары да – ешкім де оны қасірет тырнағынан құтқарып, арашалай алмады.

Ақын көзі тірісінде үш-ақ кітабы жарық көрген: «Әлдекімге бір шапалақ» /1958/, «Есіл» /1959/, «Америка трагедиясы» /1962/ – бәрі де отыз жасқа дейін жарияланған дүниелер. Одан кейінгі он жылда, Семей ауруханасында көз жұмған 1972 жылға дейін бірде-бір туындысы басылған жоқ. Азапты дертпен арпалысып, жанын қоярға жер таппай, басын тауға, тасқа соққан, астанаға да, облыс, аудан орталығына да симаған жаралы ақынның соңғы мекені – ауыл, шопан інісі Серіктің, анасы Қадишаның қасы. “Повесть бітіріп, роман бастап еді, көптеген поэзиялық шығармалары бар еді” деген сөздердің аяғында дерек, нақты материал, қолжазба жоқ. Тіпті ел аузында кезінде айтылып жүретін отаршылдыққа қарсы жазылған әйгілі “Қойлар” өлеңінің толық мәтінін таба алмай қойдық.

Әділін айтқанда, Төлеужан Исмайылов мұрасын жинастыруға көптеген азаматтар еңбек етті. 1984 жылы жазушы Медеу Сәрсекеев ақынның «Сырымды айтам» жинағын құрастырып шығарды. Бүркіт Ысқақов алғысөз жазды. Өз қолында сақталған бірен-саран материалды бізге берді. Әр түрлі газет-журнал беттерінде бұрын-соңды жарияланған өлеңдерді жинауға Дүйсен Қошқарбеков, Ғаббас Смағұлов, Мұрат Ерденбеков, Төлеуқадыр Нысанов мұрындық болды. Ақын өміріне қатысты жаңа деректер Қалихан Алтынбаев, Боранбай Мауқаев мақалаларында бар. Ақын тағдырының көп шындығы замандас, қаламдас аға-достары Әзілхан Нұршайықов, Жаппар Өмірбеков, Мұзаффар Әлімбаев, Ғафу Қайырбеков естеліктерінде ағынан жарылып, адал айтылған. Ақынның шығармашылық сапарын сатирадан бастауында талант мінезі, қабілет ерекшелігі бар. Өлеңші атаулы жапа-тармағай, жарыса-жабылып, мадақ, марапат жырларын ат-көпір төгіп жатқан кезде, уақытқа, заманға сес көрсеткендей, ащы кекесін, өткір сынға толы туындылар беру поэзиядағы жаңалық еді. Қазақ әдебиетінде терең арна тауып кете алмай жүрген салаға соны тақырып, тың мазмұн, өзгеше түр әкелген ақын шығармаларына қауым назары бірден ауды. Сталиндік тасқұрсау кезеңде әлеуметтік теңсіздіктерді, отарлық езгіні, адамды қорлауды ашып көрсететін шығармалар беру оңай әрекет емес еді.

Лирика жанрларында ақын азаматтық, әлеуметтік, саяси, философиялық ойларға меңзейтін тосын өлшемі, соны мазмұнды өлеңге ерекше ден қойды. Дәстүрлі қазақ жырына орыс, Европа поэзиясындағы өрнектерді, ырғақ, ұйқастың жаңа уәзіндерін енгізу талабына күш салды. Мадақ, терме сарындарына бой алдырмай, мәдениетті поэзияға лайық эстетикалық мұраттарға ерекше көңіл бөлді. Бір сәттік, бір күндік айғақтар емес, ұзақ, ғұмырлық, мәңгілік шындықтар, қайшылықтар туралы толғаныстарға барды. Социалистік, коммунистік идеалдарды бірден-бір ақиқат деп ұққандықтан, партияны, оның жеке қайраткерлерін, Ленинді мадақтап жазған өлеңдері де бар.

Мазмұндық, формалық тәжірибе ізденістерге орасан көп қайрат, жігер жұмсаған ақынның жаңа көркемдік құнарларының айқын көрінісі, зор суреткерлік шабыттан бір-ақ құйыла салған, алтын жүзік іспеттес жұп-жұмыр туындысы – әйгілі “Есіл» поэмасы. Қазақ әдебиетінде бұрын да сюжетсіз дастандардың талай тамаша үлгілері бар болса, Төлеужан сол дәстүрді дамыта отырып, мүлде соны, жаңашыл шығарма берді.

Ақындық мен планетарлық биікке көтеріліп, ғасырлар, мыңжылдықтарды көз алдынан өткізіп, жүрекжарды сырлар төгеді, толқынды ойлар тербейді, көркемдік уақыт пен кеңістікті игерудегі жаңа поэтикалық бағдарды аңғарамыз. Шабыт үстіндегі ақын ұшаққа мініп, ғарышқа самғап, жер шарын айналып, қазақ даласын шолып, арғы-бергі тағдырлар, тарихтар туралы толғанады. Есіл даласына сүйсіне тебіренеді, ғашық болған татар қызына мұңын шағады. “Бұлтқа маңдайын ұрғылаған болат құс”, “шала үйітілген жыр”, “жастықтың қоңыраулы күймесі”, “өлеңмен құрыш құраған”, “қанатын аққу боп қағатын ән-жыр”, “қыранның қанаты секілді теп-тегіс, Есілдің даласы көлбеген” – осы алуандас жаңа көркемдік жаңалықтар поэма бойында тұнып тұр. Ақын политрасы сан-алуан бояуға бай, көз қызықтырар неше түрлі сурет салады. “Есіл” – тебіреністі ойларға толы, мың сан әуез, сарынды, зор ақындық шабыттан жаратылған, көкейкесті күй іспеттес, қазақ әдебиетінде мәңгі жасайтын жауһар туынды. Ал «Дала министрі» (“Жылқышы”) поэмасында ақ қар, көк мұзда қайрат етіп жүрген жылқышы қыздың романтикалық тұлғасы сомдалған.

Төлеужанның эстетикалық талғамы оның әр кезде, әр тақырыпта жазған әдеби-сын мақалаларынан айқын көрініп жатыр. Елуінші жылдардың басында тағы да қуғын-сүргін күшейіп, зиялыларды, ғалымдарды, жазушыларды жазықсыз қаралап, ұлтшылдық деген кесапат жүйе, жала жабылып, қудалау асқынған, түрмеге тығу бел алған. Дәл осындай кезеңде сатира, сын жазу дегеніңіз қара басыңа пәле тілеп алумен пара-пар еді. Төлеужан әр түрлі рецензия, мақалаларында, негізінен, шығарманың көркемдік кестесіне, тіл-стиліне, мазмұн жаңалығына назар аударады. Дәлді байлам, тиянақты пікірлер бар. Әсіресе Тоқаш Бердияров, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев туралы кезінде тұжырымдалған ойлардың уақыт өткен соң көмескі тартпай, маңызын жоймай, дәл қазір айтылғандай естілуі Төлеужанның терең білімін, биік талғамын, зор сыншылдық қабілетін көрсетсе керек. Бір тұста Садықбек Адамбековтың тұңғыш кітабына пікір айтса, бір тұста Нұрлыбек Баймұратов ақындығына қорытынды баға береді, бір тұста Сейітжан Омаров шығармалары талданады, бір тұста жаңа кинофильмге пікір айтылады – мұның бәрінде эстетикалық көркемдік ойлардың жарқ-жұрқ еткен ұшқыны жатыр.

Ақынның әдеби мұрасының тамаша бір саласы – аударма. Үлкен, күрделі, еңбек – американ әдебиетінің классигі Теодор Драйзердің “Америка трагедиясы” романының екінші кітабы. Эпопеялық романның қазақша реалистік үлгіде көркем тілмен аударылуына ерекше көңіл бөлінген. Бұл еңбек қазақ аударма өнеріндегі әдеби тілімізді байыта түскен, проза да реалистік стилдің қалыптасуына ықпал жасаған шоқтығы биік туындылардың бірі.

Көптеген елдердің әр түрлі ақындарын қазақша шебер сөйлете білген Төлеужанның аудармашы ретіндегі құдіретін көрсететін екі күрделі еңбегі бар: бірі – А.С.Пушкиннің “Батыс славян жырлары” шоғыры, екіншісі – М.Ю.Лермонтовтың “Мцыри” поэмасы. Түпнұсқадағы аса қиын оралымдарға ана тілінде балама таба отырып, дәстүрлі бейнелі ойлау жүйесін күшейту, классикалық шығарманың стильдік-көркемдік кестесіне лайық бодаудан жаңылмай, жаңа, соны тіркестер, суреттер жарату, ырғақ, ұйқас, шумақ тыныстарының ерекше кеңдігі мен сонылығы арқылы биік поэзиялық деңгейге көтерілу – осы алуандас қасиеттерімен Төлеужан аудармалары ұлттық ақындық құнар, көркемдік игіліктер қатарына қосылады.

Қойын дәптерде қалған соңғы өлеңдерде туған елге сағынып жеткен ақын махаббатының көз жасы мөлдіреп тұр. Тербеле жөнелген қазақы жорға жырға қарық боласың да қаласың. Тебіренген, толқыған жүрек лүпілі анық естіліп тұр. Тарихқа шолу, саясат әуені, сатиралық кекесін сарындарынан тазарған бұлшық еті бұлт-бұлт еткен жүйрік жыр жосып кетеді. Туған жердің суреті, ата-баба рухы тіріліп қоя береді. Ақын осы өлең шоғырында өзінің трагедиялық тағдырын, ауыр дерт қиған қыршын ғұмырын жан-жүйені босатар әсермен, мұңлы да шерлі күймен шертіп береді.

Мен сені туған елге берем дедім,

Бір соның жас шағына сенем дедім.

Аузынан табыл іні, қарындастың

Мәңгілік жас рухым – өлеңдерім, –

деп болашақпен бір тілдесіп алған ақын:

Көзімнен жаңбыр жауғанын

Сездің бе, туған тауларым.

Баурыңа жетіп лауладым.

Қызарып күндей батқалы

Өзіңе келдім жатқалы, – деп соңғы сөзін айтып тынады.

Дегелең тауының ішінде 1949 жылы тамыз айында тұңғыш рет атом бомбасын жарғанда, Қазақ универистетінің үшінші курс студенті Төлеужан Исмайылов ауылда демалыста жатқан болатын. Әскери адамдар бұрын қымыздан басқа ащыны татып көрмеген жас жігітті зорлағандай етіп араққа ауыздандырды, “спирт жүрген жерде сәуле ауруы жүрмейді, алкоголь радиацияны айдап шығады” деген. Сол он жеті жаста өзегін күйдірген жынды су алғашқы он жылда жас қайратты жеңе алмай жүріп-жүріп, артынан күтімсіздіктен тапқан өкпе ауруына қосылып, оны әбден азапқа салып, талантын құртып, әдеби ортадан бездіріп, отбасынан айырып, дос-жараныан бездіріп, қаңғыртып, аздыртып, ақыры 1972 жылы көрге тығып тынған.

Қазақтың талантты ақыны Төлеужан Исмайылов атом сынағының, ядролық жарылыстың аянышты құрбаны екеніне қазір ғана көзіміз жетіп отыр. Бұрын ғайбаттаушылар: “Өзі кінәлі. Құдай берген сыйды бағаламады. Ұстай алмады. Ақыры қор болып өлді”, – дейтін. Көп көмбенің бетін ашқан ендігі шындық мынау: полигон қасіретіне шалдықпаймын, ұзақ жасаймын, өмірімді сақтап қалам, шабытпен жазылған мәңгілік жырлар тудырам деп қиялдап, шарап буынан медет таппақ болған, ем деп қолданғаны зәһарға айналғанын қайран ақын кеш, өте кеш сезді. Ол кезде қайтар жол кесіліп қалған. Бірақ нағыз өлеңнің жолын еш кесепат қия алмайды ғой.



1992.

КЕМЕЛ КЕЗЕҢ

Алпысыншы жылдардың басында кейін қазақ халқының тарихи тағдырына орасан зор ықпал ететін жаңа буын өкілдері саясатта (Нұрсұлтан Назарбаев), ғылымда (Мұрат Айтқожин), әдебиетте (Мұқағали Мақатаев, Олжас Сүлейменов), суретте (Салахиддин Айтбаев), музыкада (Шәмші Қалдаяқов) өздерінің алғашқы қадамдарын бастаған. Бұл толқын құлдық кіріптарлықпен жаншылмаған, өр де азат рух иелері болып, халқының ең жақсы қасиеттерін мұрат тұтып, Батыс пен Шығыстың үлгі дәстүрлерін игеріп, барлық салада жаңа арна, кең өріс ашты. Ұлы Мұхтар Әуезовтен қолдау тауып, бата алған, данышпан жазушыға “жыл келгендей жаңалық” сездіртіп, жүрегін қуанышқа кенелткен бұл ұрпақтың әлеуметтік майданда, әдебиетте, өнерде, ғылымда қайрат көрсетіп, ұлтының қан-қазынасына олжа салып, қанжыға майлағанына отыз-қырық жылдай уақыт болып қалыпты.

Тұсау кесер туындыларын алғашқы жылымық тұсындағы аз-кем еркін күндерде дүниеге әкелген буынның талантты өкілдері отаршылдықты жәннат деп мадақтаған сайқал идеологияның ең қиын-қыстау уақыттарының өзінде ұлттық мұратқа, өнер табиғатына, халық болашағына опасыздық жасаған жоқ. Ашық айту мүмкіндігі болмаған жерде зарлы шындық, ауыр трагедия, сорақы қиындықтарды бүгінгі күннің ақиқатын ескі тарих, емеурін оқиға, бүркеме ой арқылы айтып бере білді. Сондықтан да бұл буын өкілдерінің бетінде шіркеу жоқ, азат Қазақстанның жаңа төлінің көзіне олар именбей, емен-жарқын қарай алады. Осы бағлан, байсалды, батыр буынның кеуде тұсында Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты жазушы Қабдеш Жұмаділов тұр.

Елуінші жылдардың ортасынан бастап Қытайдан Қазақстанға мемлекеттер арасындағы келісім бойынша көшіп келген, шекара бұзып қашып келген мың-сан еңбек торы, сан алуан кәсіп иелері, бауырластарымыздың арасында көптеген көзі ашық оқығандар, ақын-жазушылар, әнші-күйшілер, әртістер, өнерпаздар, қызмет басында болған мансапты адамдар көп еді. Солардың бәрін түгел түстеп, санап шығу қиын шаруа, дегенмен бұл қатарда ақын-жазушылар Шарғын Алғазыұлы, Бұқара Тышқанбайұлы, Құрманбай Толыбайұлы, Ахмет Жүнісұлы, Елубек Байтоқұлы, әншілер Әмина Нұғыманқызы, Дәнеш Рақышұлы, әртістер Фарида Шәріпқызы, Абылай Түгелбайұлы, әлеумет қайраткерлері Балқаш Бапыұлы, Жағда Бабалықұлы айтылса, қате болмас.

Адам қаны су боп аққан соғыстар, кісі сүйегі ақсөңке боп қалған ашаршылықтар, отаршылдық тепкісі, таптық қудалау кесепаттарынан шекара асып кеткен қандастардың үлкен толқыны қайта көтеріліп, Қазақстанның шығыс аймақтарына қоныстану арқылы көп жаңалық ала келді. Ең алдымен республика арзанқолды жұмысшыға, малшы, қойшы, жылқышыға бір жарып қалды. Осы қандастарымыз арқылы халқымыздың жойыла бастаған тамаша ұлттық дәстүрлері, әдет-дағдылары, отбасы – ошақ-қасының рәсімдері, діни тағылымдар қайтып оралып, жаңдана дами бастады. Теңіз тектес тіл байлығы қайта оралды. Дәнеш Рақышұлының жалғыз өзі ғажайып бір ән мектебін алып келді.

Рас, Алатаудың, Алтайдың ар жағынан келген бауырлардан шыққан өнер адамдары азды-көпті атақ, мараптқа ие болғанымен, қалың қауым еңбегі ескерілген жоқ, олардың ішінен бірде-бір Еңбек Ері, депутат, үлкен орден алған адамды шығарған жоқпыз. Қанша лайықты еңбек етсе де, бағаланбады. Осы ұлы қауымның бір баласы, тасты тесіп шыққан қарағай мінездес – жазушы Қабдеш Жұмаділұлы.

Студенттер ауылшаруашылық жұмыстарынан қайтып, оқу енді басталған 1957 жылдың күз айларының бірінде, қазіргі Төле би мен Ахмет Байтұрсынұлы көшелерінің қиылысындағы сол кездегі Қазақ мемлекеттік универистетінің бас корпусында бір әдеби кеш болды. Ол тұста жастар арасында әдебиет, өнер мен театрға құштарлық орасан зор еді. Қаланың әр түрлі оқу орындарындағы студенттер бұл күні көп жиналды. Қытайдан келіп, осы универистетте оқып жатқан бір топ жігіт бар екен. Алдымен бір бұйрабас өлең оқыды. Әдемі сезім, биязы. Кейін таныстық – бұл қазіргі қазақтың белгілі ақыны Оразақын Асқар. Тағы бір бұйра бас хикаядан үзінді оқып тұрып алды. Тілі удай. Кейін таныстық – бұл марқұм талантты прозашы Төлеубек Жақыпбайұлы. Үшінші бұйрабас та өлең оқыды. Елге, ауылға деген сағыныш. Кейін таныстық – бұл қазіргі қазақтың атақты романшысы Қабдеш Жұмаділұлы.

Содан бірнеше жыл бойы екі бұйрабас Төлеубек пен Қабдеш көрінбей кетті. Жағдай былай екен: жігіттер жазда демалыс кезінде Қытайға, ауылдарына барған жерінен сендер совет тыңшысы екенсіңдер“ деген жаламен ұсталып, қуғын-сүргін азабын тартып, түрмеге қамалады, сотталады. Кеше ғана арнаулы жолдамамен әлем жастары фестиваліне қатыстырған, ерекше стипендия төлеп оқытқан кадрларын Пекин енді қол-аяғын бұғаулап шахтыдан еңбектеп көмір қазіп шығару жұмыстарына салады, “еңбекпен түзеу мектебінен” өткізеді.

Сол азаптан қашып шығып, шекараны бұзып өтіп Қазақстанға, атамекенге жеткен жігіттердің бірі – бүгінгі қазақтың қабырғалы жазушысы Қабдеш Жұмаділұлы. Қабдештің туған аулы Семейдің Мақаншысынан алыс емес, Тарғабатайдың арғы беті, халықтың ырыс-берекесін, дәстүр-салтын сақтаған, мың жылдар бойы қалың қазақ мекен еткен құтты жер. Ата-бабалары – Жұмаділ, Күдері, Смайылдар – ел ішінде беделді, сыйлы адамдар, мешіт салған діндарлар.

Ұлт рухы шайқалмаған қасиетті топырақта өсіп, көшпелі өмірдің барлық рахатын көрген сергек бала Шәуешек гимназиясында кешегі Алаш қозғалысының белгілі өкілі Тұрсын Мұстафин (1952 жыл атылған), Уфадағы Медресе Ғалияның түлегі Қисам Бадин сынды терең білімді, ұлтжанды, талантты ұстаздардан дәріс алып, балғын шынардай өсіп келе жатқан. “Шұғыла” журналы мектеп оқушысының алғашқы әңгімесін басқан.

Сөз жоқ, Қытайдағы қазақ әдебиеті – ұлтымыздың үлкен әдебиетінің терең бір арнасы. Бұған Моңғолияда жасалған қазыналарды қосу керек. Ал Пәкістан, Кашмир арқылы Түркия асып, одан Еуропаға өткен қандастарымыз жасаған әдеби шығармалар дегенде, әрине үлкен діндар, аудармашы, жазушы Халифа Алтай, белгілі тарихшы, ғалым – қазақ, түрік, ағылшын тілдерінде қатар жазатын қалмгер Хасен Оралтай, журналист Қызырбек Қайратолла туындылары еске түседі.

Қытайдағы қазақ прозасының алғашқы күрделі туындыларын марқұм, әрі ғұлама тарихшы, әрі ақын, әрі жазушы Нығмет Мыңжани, бүгінде жабылған жала кеселінен түрмеде отырған көп томдық “Қылмыс” романының авторы Қажығұмар Шабданұлы берсе, арғы беттегі бауырлар, дәлірек айтқанда Шыңжаң қазақтары туралы ең алғашқы роман Қабдеш қаламынан туды. Тарихи тақырыптарды өрбітетін, кейінгі жылдарда жазылған “Бөке батыр”, “Зуха батыр”, “Қайқая шапқан қарагер” сияқты жақсы романдарда “Соңғы көш” тәжірибесі, дәстүр-үлгісі көрініп-ақ тұрады.

Әуелі татымды өлең, байсалды мақала жазып, көріне бастаған Қабдештің алғашқы прозалық туындылары соны тақырыбымен, оқыс оқиғаларымен, шұрайлы тілімен оқырман жүрегін бірден баурап алды. Аз уақыт ішінде қазақ әдебиетіне толымды талант, қажырлы қаламгер келгеніне көпшіліктің көзі жетті. Тырнақалды “Қаздар қайтып барады” жинағындағы туған жерге деген махаббат, ата-бабасының мың жылғы жұрты сайрап жатқан топырақта отырса да, шекараның екі жағында қалған, екі ұлы империяға отар болған бір халықтың трагедиясы туралы қоңыр әуез, мұңлы ой, шерлі сарын Қабдештің күллі шығармашылық жолының құлақ күйіне айналды. Қазіргі замандағы Қазақстан шындығына арналған “Сайгүліктер”, “Саржайлау”, “Бір топ тораңғы”, “Бір қаланың тұрғындары”, “Қарауыл” хикаяттары, “Көкейкесті”, “Атамекен” романдарының өзінде жазушы малшылар, жылқышылар, студенттер, ғалымдар өмірін, бүгінгі ауылды, Алматыны бейнелей отырып, туған жердің қадірі, ел алдындағы парыз деген идеяларды түпқазық нысана етіп ұстайды. Қабдештің тарихи романдар шоғырындағы шаруалар, байлар, кедейлер, батырлар, билер, хандар, әр ұлттың өкілдері, түрлі тартыстар, соғыстар, тарихи оқиғалар – баршасы қазақ халқы азаттық үшін күрес жолында не істеді, қандай асулар асты деген ұлы бір сауалдың жауабын табу үшін бейнеленген сияқты көрінеді де тұрады.

Кешегі бір кезеңде Қытай мен біздің елдің арасы шиеленісіп, тіпті Даман аралында, Жалаңашкөлде қан төгіліп жатқанда, Шығыс Түркістан туралы роман жазып бастыру деген аса бір михнатты іс еді. Бұл қадамға қаймықпай бару үшін әдеби дарынмен қоса азаматтық жүрек қажет болатын. Шығыс Түркістанның жеке ел азаттығы үшін күрес жолын бейнелеген, қазақ – қытай, қазақ – орыс қарым-қатынастарына арналған “Соңғы көш” романының бірінші кітабын жазып біткеннен кейін Қабдештің азапты күндері басталды: Мәскеудегі небір төрешіктердің байлаулы пікірін тосып, жылдар бойы сарылып күтті. Бірінші кітап көп қиындықтан кейін жарияланды да, шыға салысымен оқырмандар махаббатына бөленді, ал екінші кітап қолжазбасы ұзақ жылдар баспа қоржынында сартап боп жатты. Қабдеш әр есікті қағып көрді, бірақ нәтиже шықпады. Бұдан жасыған қаламгер жоқ.

Тағы да жазу үстеліне отырған Қабдеш “алтын шыққан жерді белден қаз” деген аталар даналығын ұстанып, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Шығыс Түркістан тарихын көрсететін “Тағдыр” (Мемлекеттік сыйлық алды), ХVІІІ ғасырдағы Қазақстан тарихын бейнелейтін “Дарабоз” (екі том) романдарын жазып бітірді. Сөйтіп, әділін айтқанда, Қабдеш Жұмаділұлы данышпан Мұхтар Әуезов реалистік негізін салып, әсемдік биік көркемдік деңгейге көтерген, кейін Ілияс Есенберлин деректілік арқауын ширатқан қазақ тарихи романистикасының бүгінгі таңдағы ең беделді өкілінің бірі болып отыр. Бұл – оның Қазақстанның бергі бет, арғы бетіндегі досы да, дұшпаны да мойныдаған шындық.

Мәдениетіміздің жақсы бір белгісі баспагерлік өнер дәрежесіне көтерілді. Ұзақ жылдар “Жазушы” баспасында тамаша редакторлардың тұтас мектебі қалыптасты: Ғафу, Қадыр, Сағи, Жұмекең, Әнуарбек, Тұманбай – бәрі де редакторлар, Рамазан, Мағзұм, Жайсаңбек, Тұтқабай, Төлек және Қабдеш – бәрі де редакторлар. Әсіресе, Қабдештің бай, шұрайлы, терең тілінің шарапатын талай автор көрді.

Өз бетімен партия құрып, топ жинап, жиналыстарда көстеңдеп көрмеген Қабдеш соңғы жылдарда көкейкесті сырларын көбінесе толғау, саралау мақалаларымен шешіле, жеріне жеткізе айтып жүр. Елдің бүгінгі әлеуметтік жағдайы, әдебиет дағдарысы, ұлыстар арасы, тіл тағдыры – баршасына пікір білдірді. Жарасымды, салмақты, уытты сөздер.

1996.

БАЛА БЕДЕШ, АЗАМАТ БЕДЕЛБАЙ

Көптен көрмеген соң әр нәрсені сұрасып жатырмыз. Ұзақ жылдар Қазақ мемлекеттік университетінің баспаханасын басқарған Айымды ұстаздар қауымы жақсы біледі. Менің кейбір қалжың сөздерімді оғаш көрген біреуі:

–Апайды әр жерге апарып тастадыңыз ғой, – деп қалды.

–Шырағым-ау, бұл апаң біздің ауылда аспаннан түскен келін атанған. Марқұм Беделбай Көшербаев – менің балалықты бірге өткізген ауылдасым. Мына апаңның күйеуі. Бедеш Мәскеуде оқып жүргенде, бұл сұлу стюардесса болған. Екеуі ұшақ ішінде, аспанда танысқан. Артынан үйленді ғой.

Айым енді жадырады:

–Тірі болса досыңыз алпысқа келетін еді. Темекеңе, профессор Темірбек Қожакеевке бардым. Сылйас, дос ағасы еді. Серік Әбдірайымовқа бардым. Іні досы еді. Профессор Александр Кузнецовқа бардым. Бірін-бірі жақсы көретін. Бәрінің басын қосып, Бедешті еске алып, дастарқан жасағым келеді. Ұлы Ермек, қызы Айгүл де осыны қолдады. Кейінгілер білмейді ғой. Баспасөзде бір-екі ауыз болса да, сөз басылса жақсы болар еді, – деді.

Осы әңгімеден кейін қолыма қалам алдым.

Тайлан-патша заманында Жандарал жолы аталған Семей мен Қарқаралыны қосатын үлкен күретамырдың бойындағы елді мекеннің бірі еді. Маңайы түгел шабындық, қорық, қалың шиінен кісі көрінбейтін, ешқашан жұтты білмейтін құтты өлке болатын. Бурадай шөгіп жатқан Дегелең тауының сай-саласы қайың, шілік, терек, Әулие асудан бастау алып құлайтын Қарабұлақ, Ұзынбұлақтың сулары арналы өзенге бергісіз мол, берекелі. Бұл өңірдің маңайы ұйысқан қалың ел. Ашаршылық, соғыстан кейін қайтадан бас көтерген ауылдың бір кіндігі – Тайландағы көпшілік ат басын тірейтін жер – ұста Жақияның дүкені. Маңайдағы барлық шаруашылықтың темір-терсек, аспап-сайманы осында жөнделеді. Қырық жылғы іс-мәшинесі, самауыр іске қосылып, қайшы-пышақ қайралып, сынған кесеге дейін осында құрсалады. Ат тағаланады, доңғалақ қалпына келеді, арба жүргізіледі.

Дүкенде Жақияның балғасының дүрсілі бір тынбаса, үйде менің әкемнің апасы Шәбілдің қара шәйнегі мосыдан бір түспейді. Күндіз-түні келімді-кетімді кісі, оған қабақ шытатын Жақия да емес, Шәбіл де емес.

Бір көргенге болмаса ұста дүкеннің іші балаларды қызықтырмайды: шыңылдап ұрылып жатқан төс үстіндегі темірлер, әр түрлі аспаптар: балта, балға, ара, пышақ, бұранда, біз, қайрақ, қызарып жанған көмір шоғы, көңірсіген иіс, ыстық ауа, ұсталардың денелерінен тамшылаған тер – бәрі қосылып өзінше бір әлем жасайды.

Өзгелеріміз есік алдында арбаға, шөп мәшинелеріне мініп ойнағанды ұнатсақ, жалғыз Беделбай ғана дүкен ішіндегі темір-терсекті жағалай береді. Ұсталардың ананы әпер, – мынаны әпер дегеніне жаны қалмай жүгіреді. Қолы-басы, бет-аузы күйелеш-күйелеш болып, екі көзі ғана жылтырап шыға келеді. Сонда әншейінде көп сөйлемейтін Жақия ұста:

–Басқаларың кім болсаң ол болыңдар, онда шаруам жоқ. Далада қалмассыңдар. Мынау Көшербайдың күшігі Беделбайым – Бедешім, мен кісі танысам, қара дүкеннің киесін ұстап қалайын деп жүр-ау. Бұл ұлым мен секілді темірдің тілін білетін шебер болады, – деп оның басынан сипап батасын берер еді.

1954 жылы 10 тамызда Семей облысы Абыралы ауданының халқы түгелдей отырған орныдарынан Қарағанды атырабына бір аптаға көшіріліп, Дегелең тауының бауырындағы Балапан жазығында Совет елінің тұңғыш сутегі бомбасы жарылып, сынақтан өткізілді. Жан басына ақша үлестірілді, бөшке-бөшке арақ үйді-үйге бөлінді, әскери шатырлардан қала тұрғызылды. Бұрын өмірі дәмін татпаған консерва, колбаса, шоколад дегендерге бала-шаға қарық болды. Бомба жарылғанда аспанда жаңа күн жасалғандай, әсер қалды, алып саңырауқұлақ көкке көтерілді, жер тітіреп, ауа құбылып, көгалда сағым жөңкілді, жанып жатқан от шалқыды. Жан-жануар ақырзаман келгендей шошынып, кірерге тесік таппай қиналды. Әуелде жұртқа басу айтып, бас-көз болып жүрген әскерилердің өзі бомба жарылған кезде, зәрелері ұшып, құт-берекелері кетіп, бір-біріне жалтақ-жалтақ қарап, тілдерін шайнап, тістерін шықырлатып, бастары салбырап, өңдері бозарып, белгісіз күйге түсті.

Бұл кезде балаларды құдай жарылқағандай болған еді. Әскери мәшинелердің қорабына, кабинасына мініп алып, шала-шарпы орысшыларының арқасында солдаттармен әмпей-жәмпей. Солардың бел ортасындағы Беделбай жарылыс басталғанда үрейленіп кабинаға кіріп алған Томскіден келген шофер солдатқа:

–Ой, шірік! Неменеге қорқасың? Мұндай жарылыс біздің Дегелеңде осыдан бес жыл бұрын болған. Бұл саңырауқұлақты сонда көргеміз, – деген.

Көп жерлер әскерилердің атом бомбасын сынайтын арнаулы аумағына айналған соң, 1955 жылдың аяғына қарай Абыралы ауданын таратылып, халықты жан-жаққа бөліп-бөліп көшіре бастады: біреулер Абай, біреулер Жарма, біреулер Шұбартау, біреулер Қу, біреулер Қарқаралы аудандарына көшірілді. Сөйтіп айрандай ұйып отырған қалың ел бөлініп-бөлініп кетті.

Бұрынғы Дегелең тауының бауырын, Тайлан атырабын мекен еткен жұрт көршілес Абай ауданының басына, Абай, Бірлік шаруашылықтарына қоныс тепті. Біздер Шұбартау ауданына көштік. Орта мектепті Беделбай Қарауылда аяқтаса, мен Баршатаста бітірдім. Төрт-бес жыл бойы бір-бірімізді көрмеген едік. 1960 жылы жазда Семей әуежайында кездестік. Атымды атап біреу анадайдан айқайлап тұр. Беделбай екен. Құшақтаса кеттік.

–Иә, қайдан келесің? Алматыда мінгендер ішінде жоқ едің ғой, – дедім.

–Менің Мәскеудің полиграфия институтында оқитынымды естіген жоқсың ба? –Беделбайдың дауысында сәл мақтану бар секілді.

–Жер түбіндегі Мәскеуде нең бар? Полиграфияны қайткелі жүрсің? – дедім әдейі тиісе сөйлеп.

–Немене Бақтажар Мекішев ағамыздан басқа Абыралы баласы Мәскеуде оқымасын деген заң шығып па еді? Полиграфия – қағаз басатын темір-терсек. Оған баруыма баяғы ұста Жақия атамыздың аузыма түкіргені себепші болған шығар, – деп Беделбай басын кекжитіп күлді.

–Жақсы болды ғой. Кейін бірдеңе жаза қалсақ, өзгеге жалынбай саған барамыз, – дедім. Беделбай қолын ұсынып:

–Аман-есен бітіріп шықсам, бір баспахана билігі тиер, не жазсаң да бастырып тұруға уәде берем, – деді.

Арада екі-үш жыл өткеннен кейін Беделбаймен Алматыда кездестік. Айтқанындай, бір баспаханаға инженер-экономист болып жұмысқа тұрған екен. Бірнеше жыл істеді. Тағы да Мәскеуге барып, аспирантураға түскісі келетінін айтқанда, мен қалжыңдап:

–Әріп теретін темір-терсектің де ғылымы бар ма? Соған әуре болып қайтесің? Жалпақ табан жұмысшы болып жүре бермейсің бе, – дегенімде Беделбай:

–Сөз теретіндер ғылымы болғанда, техника ғылымы неге болмасын. Терушілердің жұмысын жеңілдету жолдарын көрсететін ұсыныстарым бар, соларды ғылыми түрде дәлелдеп, өндіріске өндіру әдістерін айқындап беретін еңбек жазғым келеді, – деп басалқы жауап берді.

Айтқанындай-ақ, Беделбай Мәскеу полиграфия институты аспирантурасында оқып, Қазақстандағы полиграфия саласынан бірінші ғылым кандидаты атанды. Баспа комитеті төрағасының орныбасары болып қызмет істей бастады. Бір күні кабинетіне барсам, мәз-мейрам күліп отыр. Бұрыннан да кішіктігі шамалы, енді мапсаптың желі бар, астам сөйлеп те қалады.

–Қатырдым бүгін коллегияда бастықтарымды, – деді сылқылдап.

–Не істедің?

–Төраға Елеукенов – журналист, орынбасар Скоробогатов – журналист, мен ғана маман полиграфияшы инженер-экономиспін, соңғы сөзді мен айтқаным дұрыс, – деп қатырдым оларды.

–Бір жолға сен қатырған екенсің, келсі жолы олар сені қатырады. Орынбасарының өзінен мықты болғанын көтеретін бастық көрген жоқпын.

–Қалжыңдап айттым ғой.

–Қалжың түбі – шын. Орныңды босатуға дайындала бер.

Содан көп уақыт өткен жоқ. Беделбай телефон соғады.

–Бірге отырып тамақ ішейік түсте.

–Қайда барамыз?

–Көк базарға кел.

–Басқа жер жоқ па?

–Сол маңайға қызметке ауыстым ғой.

–Не деп тұрсың?

–ЦК баспасына директордың орынбасары болып бардым.

–Зампред емес пе едің?

–Баяғы қалжың түбіме жетті білем, – деп Беделбай сылқ-сылқ күледі.

Газет-журналдар басылатын үлкен баспаның жұмысын Мәскеуде бірге оқыған екі дос – Әнуарбек Тілеулесов пен Беделбай Көшербаев жолға қойды. Екеуі арадан қыл өтпейтін тату. Біріне-бірі сенеді. Біріне-бірі еркелейді.

Беделбайдың елде туыстары, ағасы бар, соларды сағынып, қолы тиген кезде Семей, Шыңғыстау, Абыралы қайдасың деп тартып отырады. Бір күні:

–Саған бір сыр айтайыншы. Ел жаққа барып келсем болды, бір жұма бойы бойым көтертпейді. Басым ауырады, қысымым көтеріледі. Әсіресе, Дегелең жақтан аң қағып келгеннен кейін ауыра бастаймын. Сенде сондай жағдай жоқ па? – деді.

–Өйтіп қорықсаң барма. Әкеміз-шешеміз, бауырларымыз отырғанда, елге қатынамай қалай өмір сүреміз? Іргедегі қайын-жұртыңнан шықпа.

–Шынымды айтсам, сен де теріс секіреді екенсің, – деп ренжіп қалды.

1976 жылдың жазы болатын. Беделбай екеуіміз бала-шағамен Ыстықкөлге барып демаламыз деп уәделесіп қойған болатынбыз. Телефон соқты:

–Бір шаруа шығып қалды. Екі-үш күнге елге барып қайтсам. Сен жолазықты молдап дайындай бер. Фрунзе емес, Кеген айналып барайық. Табиғаты керемет, таулары ғажап деп Әнуарбек мақтап отыр. Не сәлем айтасың ағайынға? Жаңа “Москвичпен” кетем. Қасымда ұлым Ермектен басқа ешкім жоқ. Білем, білем. Қатты айдамаймын. Баяғы жүзден аспаймын, – деді. Ең соңғы тілдесуіміз осы болды. Ертеңіне таңға жақын суық хабар жетті. Машинасы өз-өзінен аударылып Беделбай опат болды.

Одан бері де жиырма үш жыл өтті. Кейде ойлаймын: жол жақсы, көлік жаңа, күн жарық, кедергі жоқ, мәшине өз-өзінен неге аударылды екен? Жүрек сыздады ма, қысым көтеріліп кетті ме, бас ауырды ма? Кеше ғана сау жүрген атпал азаматтың аяқ астынан мерт болуы қалай? Пәк күндерді Дегелең бауырында бірге өткізген бала Бедештің, еліне танылған Беделбайдың да ажалы полигон кесепатынан келді-ау деп ойлай берем.

1999.

ЖІГЕР

Жыл басында Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің деканы профессор Намазалы Омашевтің елу жасқа толған тойының дастарқанына жиналдық. Кешегі алдымызда отырып, дәріс тыңдаған студентіміз. Енді оның шәкірттерінің де аузына ата сақал біткен. Алды республикалық басылымдардың редакторлары, радио-тележурналистер.

Үзіліс кезінде көп адамдармен, көптен көрмеген ағайындармен қауқылдасып сөйлесіп жатырмыз. Маңайына жастар үйіріліп, ақар-шақар болып жатқан бір адам – профессор Әбілфайыз Ыдырысов. Ұзақ жылдар ауыр дертпен күресіп, мұндай жиындарға бара бермеуші еді. Қазір өңі жақсы, қимыл-қозғалысы айқын, күш-қуатын қайтадан жинап алған, қунақылық бар. Бір кезде шәкірттері ортаға алып гу-гу әңгіме соғып кетті. Ұстаздарының лекцияны қалай оқығаны, практикаға барғандары, тәжірибе газет шығарғандары, түрлі қалжың сөздері, емтихан алғандағы мінездері, қатал да қыршаңқы деканмен студенттер үшін сөзге келіскендері, жастар кештерінде жеңгеймен қосылып, Төлеген мен Жібек арияларын орындауы – қойшы, әйтеуір, сан алуан өткен күндердің есте қалған елестері тіріліп қоя берді. Ең соңында, ұстаздарының ақпанның аяғы, наурыздың басында жетпіске келетіндігі сөз болып, мақала жазам деушілер көбейіп, өзара таласа бастады. Тіпті басылымдар да белгіленді. “Біз қалыс қаламыз ба?” дегенімізде, жастар жағы: “Сіз бұл кісіні біздей білмейсіз ғой”, – деді.

Солай ма еді?

ІІ

Бірер жыл (1963-1964) менің “Лениншіл жас” газетінің солтүстік облыстар (ол кезде Тың өлкесі деп аталған) бойынша өз тілшісі болғаным бар. Ұшарымды жел, қонарымды сай білетін еркетотаймын, бүгін Көкшеде жүрсем, ертең Баянға тартып кетем. Ерік өзімде. Арқаның өзен-көл, тау-тасын түгел аралап көру бақытын сыйлаған тамаша жылдар еді.



Сондай сапардың бірінде, Қостанай қаласында қонақүйде жатқанмын. Есік қағылды. Мәссаған! “Қазақстан пионері” газетінің редакторы Әбілфайыз Ыдырысов келіп тұр. Сырттай білгеніммен, бұрын ешқандай аралас-құраласымыз болмаған кісі. Сыйлайтын азамат, белгілі журналист. Орталық Комитеттің арнаулы бір тапсырмасымен сапарға келген екен. Менің осында екенімді біреулерден естіген. Астында жақсы көлік бар, мүмкіндігім болса мені де ала кетпек. Торғай атырабын, елді, жерді көрсетпек. “Құланның қасуына – мылтықтың басуы” демекші, тілшіге керегінің өзі де осындай сапар, сол күні-ақ тарттық та кеттік.

Ағамыз ақкөңіл, әңгімешіл, бауырмал адам болып шықты. Ұзын жолда ата-тегі, балалығы туралы көп әңгіме айтты. Он екі жасында Қостанайға келуі, кейін Алматыда университет бітіруі, газетте істеуі – бәрі сөз болды. Осы сапарда Әбілфайыз Ыдырысов мені Торғайдың ұлы даласымен таныстырып, елді, жерді, адамдарды көрсетіп, көңіл қанжығасын майлап жіберіп еді.

ІІІ

Алпысыншы жылдардың ортасында Алматы зиялы қауымының бас қосатын бір жері – республикалық көпшілік кітапхана болатын. Студенттер, аспиранттар, кандидаттар, докторар, академиктер, өзге жұрт – бәрі үшін небәрі үш-ақ оқу залы бар. Кейді бір орын табу үшін сағаттап тосуға тура келеді. Кейбіреулер оқта-текте бас сұқса, күнде бұл жерден табылатындар да аз емес. Сондай ізденушінің бірі – Қазақ мемлекеттік университетінің оқытушысы Әбілфайыз Ыдырысов. Көбіне көп арнаулы бөлімде жүреді. Қарайтыны – жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы қазақ газеттері. Шаң басқан, сарғайған, тозған тігінділер. Құмырсқаның ізі секілденіп көрінетін, ширатылып жатқан араб әріптері.



Кейде ол газеттерді біз де қараймыз. Бірден ажыратып, жедел оқып кету қиын шаруа. Сонда күлеміз:

–Біздің басымызды осы батпаққа тығып қойған екі шал: Бекхожин мен Кенжебаевқа болсын обалымыз, – дейміз. – Қазіргі заман тақырыбын берсе, оп-оңай, қиналмай-ақ қорғап кететін едік.

Көп жыл еңбек етіп, қиын мезгілдегі баспасөз материалдарын сараптап шыққан Әбілфайыз Ыдырысов тарих ғылымдары бойынша диссертация қорғады.

ІV

Осы әңгімелердің басы қайырылғаннан кейін жас редакторлар:



–Ойбай-ау, ағай-ау, Әбекеңді, біздің ұстазымыздың өмірін жақсы біледі екенсіз ғой.

–Бізге мақала жазып берсеңізші.

–Еңбектерін де білетін боларсыз, – деп ортаға ала берді.

–Оларың рас, еңбектерін де бір кісідей білем.

V

Бастау көзін отызыншы жылдардан алатын қазақ журналистикасы, баспасөзі туралы Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Тұрарбеков, сатира жөнінде Темірбек Қожакеев, очерк жөнінде Төлеутай Ыдырысов, Шерияздан Елеукенов кітаптары басылды.



Осы қатарда елерлік еңбектер жазған Әбілфайыз Ыдырысов та бар. Ең алдымен, оның “Баспасөзді безендіру ісі” (1966) деп аталатын, кейін әрбір редакцияның күнделікті қолданатын құралына айналып кеткен оқулығын айту керек. Безендіру саясаты: қаріптер және олардың сипаттамасы, көркемдеу үлгілері, газет нөмірінің архитектурасы нақты сараланды. Бұған жалғас шыққан “Редактор мен корректорға көмекші құрал” (Ә.Бектемісовпен бірге) оқулығы бірнеше рет қайта басылды. Мұнда қолжазба, оған қойылатын талаптар, өндіріске даярлау, редакциялау, корректуралық жұмыстар: автор мен редактор қарым-қатынасы, корректорлық белгі-таңбалар, оларды қолдану тәсілдері жан-жақты көрсетілді.

Ал “Фототерім” (1994) оқулығында фототерімнің ерекшеліктері, бүгіні мен боашағы, текстерді фототерімге әзірлеу, басу, жариялау және олардың технологиясы көрсетіледі.

Қысқасы, баспасөзді безендіру, қолжазбаларды даярлау, кітап етіп шығару, полиграфия, терім технологиясына қатысты қазақ тіліндегі негізгі ұғымдарды қалыптастырып, алғашқы бағдарламалар, оқулықтар жазған профессор Әбілфайыз Ыдырысов екендігін ашып айту – әділет болмақ. Мұның үстіне автор “Офсеттік шағын мәшинелер және оларда жұмыс істеу”, “Полиграфия өндірісі” деп аталатын орыс тілінде шыққан монографияларды еркін, жатық тілмен сөйлетіп, қазақ баспагерлерінің күнделікті пайдаланатын кітаптарына айналдырып берді.

Желтоқсан оқиғасынан кейін университеттрде студенттерді, ұстаздарды қудалау, жазалау тарихы – әлі жазылмаған қаралы кітаптардың бірі. Сол тұстағы ауыр салмақты жаңа өркен жастық қайратпен көтеріп кетсе,аға ұрпақтың жүйкесі жұқарды, жүрекке сызат түсті. Профессор Сұлтан Досымбеков, академик Өмірбек Жолдасбеков тәңір бұйыртқан жастарын жасай алмай, Желтоқсан кезіндегі қудалау азаптарының құрбаны болғандығын ашып айту керек.



Университеттегі идеологиялық факультеттің бірі – журналистика бөлімінің төбесінен әңгіртаяқ ойнатып, шәкірттер мен оқытушылар арасынан “жау”, “ұлтшыл” іздеген тіміскілер, ең алдымен партия ұйымының хатшысы Әбілфайыз Ыдырысовты тоқпақтағаны рас. Күнде жиналыс, күнде сілкілеу, күнде айқас. Сол қаралы оқиғалардың кесапаты күндердің бір күнінде күтпеген жерден Әбілфайызды да жыққан. Жүйкеге түскен мың сан ауырлық инсульт жасаған.

Мұндай ауыр дерттен кейін кісі қатарына қосылу – екіталай шаруа.

Бірнеше жыл қаншеңгелді сырқатпен қайтпай айқасып, ақыры оның өлім демі тырнағынан құтылып, жазу орнына оралып, қаламгерлік қайратына мінген азаматтың қажырына риза боласың. Әсіресе, соңғы үш-төрт жылдың ішінде Әбілфайыз қаламы ерекше жемісті құнарлы, толымды екендігін көрсетті. Бірінің артынан бірі шығып жатқан кітаптар.

Мұхтар Әуезовтің туғанына жүз жыл толуына орай жазылған әр түрлі жанрлардағы еңбектердің үлкен бір міні – нақтылық, дәлдік, шындықтың орнын долбар, мадақ, көбік сөздің басып кетуі. Әуезов жоқ, Әуезов туралы ойдан шығарылған бірдеңелер бар; Әуезов жоқ, Әуезов табиғатына келмейтін жасанды бояулар бар; Әуезов жоқ, Әуезовтің күлгін, кісі танымайтын көлеңкесі бар, Әуезов жоқ, автордың өзі бар.

Ал, Әбілфайыздың “Әуезовке іңкәрлік” кітабында шындық сөйлеп тұр, болған нақты оқиғалар қаз-қалпында берілген. Ұлы ұстаздың алғашқы дәрісі, ұлы жазушының қудалануы – ұлы қаламгердің бір сөзінің жариялану тарихы, осындай он тарау, оң оқиға. Әуезовтың өз сөздері, өз кескіні. Ал Ыдырысов болса көлеңкеде, көп көрінбейді, көрінсе де елеусіз. Негізгі мақсат: ұлы қазақтың бейнесін ашу. Әділін айтқан дұрыс: Әбілфайыз Ыдырысов қазақ эссеистикасында “Әуезовке іңкәрлік” кітабы арқылы өз ізін қалдырды.

Әуезов туралы жақсы кітап жазып, оқырмандар ықыласына бөленген Әбілфайыз шығармашылық шабыт тапты. Соның айқын дәлелі – қолға енді тиген “Таңшолпаны”. Бұл өзі еркін, эссе стилінде жазылған шуақты, жарқын рухты кітап екен. Дәстүрлі әдебиеттану тілімен сөйлегенде, жігіт Алтай мен қыз Таңшолпанның махаббат хикаясы. Соғыстан кейінгі Алматы. Өрттен кейінгі ел өмірі. Таза сезімдер, таза көңілдер. Елуінші жылдар студенттерінің тұрмыс-салты. Сол кезең туралы жазылған С.Шәймерденов, З.Қабдолов, Ә.Нұршайықов романдарын қайталамайтын, жаңа бір сырлы дүние туғандығына қуану керек.

VІІ

Таяуда тағы кездестік. Профессор Әбілфайыз Ыдырысов жазу үстелінде отыр екен. Жақында ғана жарық көрген “Бағдарлама – өркениет өрісі”, “Сыр мен шындық” кітаптарының сүйінші даналарын көріп, дерт тауқыметіне мойымаған, жетпістің жотасына мол қазынамен көтерілген қажырлы қаламгердің толымды істеріне көңіліміз марқайды.



2000.


ҚОС ҚАСИЕТ


Алматыда 1958 жылы тұсауын кескен қазақ теледидары алғашқы кезде аяғын кібіртік басып, жаңалық хабарлар, деректі фильмдер, концерттер көрсетумен ғана шектеліп, кең шығармашылық өріске шығып, қанатын серпи сермеп кете алмады. Газет-журналға үңіліп, кітап оқып, радио тыңдауға үйренген көпшілік көгілдір айна алдында отыруға машықтанбаған болатын. Сөйтсе де бірте-бірте теледидар қазақ жұртының ынта-ықыласын үйіріп ала бастады. Мұның басты себебінің бірі журналистиканың жаңа саласы – телепублицистикаға жастардың талантты буыны келді. Дикторлар, жүргізушілер, коментаторлар, сценарийшілер, операторлар, режиссерлер жаңа толқыны жаңа өнердің негізін салды.

Түп негізі сөз өнеріне, қаламгерлікке ден қойғанмен, теледидардың толып жатқан ерекшеліктері, дара қасиеттері, өз талап, шарттары бар. Ең алдымен экранға шығатын маман адамның түр-түсі, кескін-келбеті келісті болса керек; пұшық, қыли, кем иек, қитар жүретін жер бұл емес; тұтықпа, кекеш, сақау, быдық маңайлай алмайды; дыбыстарды дәл, анық, қатесіз айту, әдеби тіл нормаларына сәйкес сөйлеу талап етіледі; сөз ағымын, тілдің табиғи ырғағын дәл сақтау керек. Бұлар дикторларға ғана емес, экран алдына шығатын барлық журналистерге қойылатын кәсіби қатаң талап. Оны аттап кете алмайсың. Қанын ішіне тартып, біреуге қарап, бүкшиіп, мойнын ішіне алып сүмірейіп, яки көзі алақтап, аспандап, шікірейіп, болмаса жерден жеті қоян тапқандай қылмыңдап, өз-өзінен жымиып, орынсыз ыржақтап, аяқ астынан күліп жіберуге жол жоқ. Шындап келгенде, тележурналист қарасаң көз тойғандай келісті, тыңдасаң адам ұйытарлықтай құнарлы сөз иесі.

Қазақ университеті филология факультетін 1964 жылы бітірген Сұлтан Оразалинов аспирантураға түссе, не газет-журнал, баспа редакцияларының біріне жұмысқа тұрса, оның кейінгі тағдыры қалай қалыптасқан болар еді деген жорамал жасамай-ақ қояйық; жас, көрікті, білімді, қабылетті жігіттің қызмет жолын жаңа аяқтанайын деген ұлттық теледидардан бастауы оның адамдық, қаламгерлік тағдырын анықтап берді.

Жұмыс қызық. Жас журналист бес жылғы алған білімін жұмсайтын нағыз керекті орынды тапты. Болашақ көрсетілімнің жобасын жасау керек. Сценарий үлгісінде жазылады. Диалог, монолог формаларын игеру қажет.

Жұмыс қиын. Хабар күнде жүреді. Сондықтан күнде текст жазылады. Хабар тек сөзден құралмайды. Жұртшылық алдына шығару үшін режиссермен, оператормен келісу керек. Ұжымдық оймен ұласқан тұтастыққа қол жеткізбесең – ұтылғаның. Мың сан адамның алдына шығып көр. Қылп еткеніңді біліп, көріп отырады. Айттың – сөз ұшып кетті. Қайтып түзей алмайсың.

Алпысыншы жылдардың ортасы мен сексенінші жылдардың басындағы қазақ теледидары көрермендері есінде жақсы сақталған суреттер бар.

Телеэкранға жайлап басып, орта бойлы, қара шашты, келісті жігіт шығып келе жатады. Бір күліп қойып, ашық, таза үнмен кезекті хабарын яки сұхбатын бастайды. Үлкен көзді, сұлу қыр мұрынды, ат жақты жас азамат сөйлеп отыр. Алдында қағаз жатуы мүмкін, бірақ ол оған анда-санда бір көз тастағаны болмаса, негізінен еркін кетеді. Хабар алдында оқыған-түйген, жиған-қорытқан, жүйелеген-топшылаған нәрселердің бәрін енді ұмытқан секілді, ой-пікірді дәл осы жерде, табан астынан шығарып айтып отырғандай әсер қалдырады. Қолма-қол шыққан тың ой, жаңа тұжырым, соны байлам секілді. Импровизациялық сипат бар. Ескі дәстүр, ақындық мектебінің жаңа бір құбылысы іспетті. Дәл қазір жасалып отырған көрініс.

Сөз толғауы да еркін. Дереу жауап. Дереу сұрақ. Дереу жетелеу. Көз алдыңызда шешендік мектебін көргендей боласыз. Алысқа тартып, шұбалтып кетпейді. Мезгілімен, дәл қажетті кезінде түйіп тастап, сәтімен сабақтайды. Келісті жігіт келісті сөзімен келісті көрініс жасап отыр.

Бұл бұл ма? Кейде экранда халыққа еңбегімен танылған жазушы Сәбит пе, Ғабит пе, Ғабиден бе, Сапарғали ма, Тахауй ма, Ілияс па, ғалым Әлкей ме, Мұхаметжан ба, Бейсенбай ма, Зәки ме, актер Серке ме, Елубай ма, Шәкен бе, режиссер Асқар ма – біреуі отырар еді. Қасында – Сұлтан.

Жас жігіт өнерін сонда көріңіз. Саспайды, абдырамайды. Алдымен қаламгердің шығармашылық жолын, өмір белестерін көрермен есіне бір түсіріп алып, іске кіріседі. Сұрақтан сұрақ туады. Ойдан ой туады. Қонақ тебіреніп сөйлейді. Оны тебірентететін Сұлтанның толғаулары. Сұлтан назары пәс емес, ол кібіртіктемейді, дербес те асқақ сипат бар. Тең сөйлеседі, кейде жаңа нысандарға бастайды; соны тұжырым, тың байлам айтады.

Сөйтіп, көрерменнің көз алдында тұлғаны қатыстыра отырып, оны сөйлетіп, әр түрлі жағдайда, ситуацияда көрсетіп, суреттерді, құжаттарды, естеліктерді пайдаланып, соның бәрін өзі қорытып, өзі тиянақтап, Сұлтан Оразалинов қазақ зиялыларының тұтас тобының теледидар бетінде шығармашылық кескінін сомдап алып қалды. Сөз жоқ, бұл үлкен еңбек.

Қырғыз Айтматов, құмық Құлиев, авар Ғамзатов, орыс Распутин, өзбек Ариповтармен жүргізген Сұлтан сұхбат-хабарлары қазақ телеөнерінің абыройын кең тарапқа жайған болатын. Ол жасаған әдеби-драмалық телехабарлар сериясы Мәскеуде, Тбилисиде, Кишиневте, Ташкентте, Бішкекте көрсетіліп, қазақ әдебиеті мен өнерін кең аудиторияда насихаттады.

Қазақ телевизиясы Сұлтан Оразалинов алғаш мұрындық боп ашқан “Сұхбат”, “Қымызхана”, “Сахна”, “Айтыс”, “Кездесу”, “Шұғыла” циклдары арқылы байыды, жаңа көркемдік-эстетикалық кеңістіктерге шықты.

Көптеген әдеби-драмалық хабарлар, сұхбаттар сериясын жасап, телепьесалар жазып, төселгеннен кейін Сұлтан студенттік кезде бастаған бір ізденісін-жазушы Ғабдол Слановтың өмірі мен шығармашылығын арқау еткен зерттеуін тереңдетіп, толықтырып, “Шындық және көркемдік шешім” деген монографияға ұластырды. Бұл кітапта қазақтың деректі прозасының дамуына, публицистикаға мол еңбек сіңірген қаламгердің шағын жанрдағы туындылары алғаш рет тұтас алынып, кеңінен сараланды. Зерттеуші кезінде қалың оқырманның ықыласына бөленген “Арман ағысы”, “Дөң асқан”, “Жанартау”, “Шалқар”, “Домбыра күйі-ақиық”, “Айқай тас” хикаят-романдарын талдау үстінде шығармалардың өмірлік материалы мен көркемдік шындық диалектикасын толымды түрде аша алатын дарынды әдебиетшілік қабылет-қарымын көрсетті. Шынын айтқанда, қазақ прозасының талантты өкілі Ғабдол Сланов мұрасын эстетикалық биік деңгейде саралап, танытқан бұл еңбек Сұлтанды байсалды сыншы ретінде әбден мойындатты.

Башқұрт А.Хакимовтың “Қос терек”, “Қилы заман”, орыс Н.Еременконың “Күткен таң” шығармаларын қазақшалау арқылы Сұлтан – телепублицист, теледраматург, сыншы атына аудармашы атағын тағы қосты.

Алғы сөзін, мәтінін Сұлтан дайындаған қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланған “Абай елі” альбом-шежіресі көптеген шетелдерге тарады.

Сөздік қоры аса бай, бейнелі, кестелі, орамды тіліміздің бірте-бірте өрісі тарылып, тынысы кеміп кеткендігінің көптеген себептері бар еді: отызыншы жылдардағы қолдан жасалған қырғын халық санын ойсырата кемітіп жіберді; алаш ұранды, большевик тілекті демей зиялы қауымды отап тастау; соғыста опат болған жарты миллион боздақ; көшіріп әкелген зауыт-фабриктердің орнығып қалуы; шешен, неміс, құрт, грек, молдаван, поляк секілді тұтас халықтарды жер аударып алып келу; тың игеру деген науқанды желеу етіп тағы да бөгде ұлыс өкілдерін қаптату; сөйтіп демографиялық әлуеті әбден әлсіреген қазақ халқының ең соңғы ұлттық тірегі іспетті – мектептерді, дәлірек айтқанда, әсіресе Сарыарқа аймағында мыңға жуық мектепті жауып жіберу, тілімізге тиген ауыр соққы болды. Оның үстіне өзгенің жылтырағына әуес, түбі кеңес халқы, тіпті дүние жүзі бір тілде сөйлейді деген коммунистік арандатушы саясатқа сенген жұрт, әсіресе қаладағы қазақтар от басы, ошақ қасында ана тілінен безініп, сәби бесігін өзге тілде тербетті. Шаһарларда қазақ тілі өлді, көше, кеңсе, іс-қағаз орысша сөйледі. Ғылым түгелімен орысшаға көшті.

Арал теңізінің сарқылғаны секілді кейіпке түсіп, республика астанасы Алматы қаласында қалған жалғыз қазақ мектебінің өзі орыс мектебімен бір шаңырақ астында өліп-талып әрең күн кешіп отырған кезде, қазір жастары алпыстан асқан, ол уақытта тұңғыштарын жетелеп, қазақ мектебінде оқытпақ болған зиялы қауым, алдарына марқұм Әбу Сәрсенбаевты ұстап, қалалық партия комитетінен көмек сұрай барғанда, фамилиясы қазақша, аты-жөні орысша хатшы көзі бақырайып, зәресі ұшып: “байқаңыздар, жігіттер, бұларың ұлтшылдық болып кетпесін!” деп сақтықпен ескерткені әлі көз алдымда.

Сол жетпісінші жылдар басында қазақ мектебіне барғандар қазір отыздың жуан ішінде; білімді, толымды азамат болды; үш тілді қатар – тең меңгерген; елші де, министр де, бизнесмен де, профессор да, сенатор да осы буыннан шығып жатыр. Болашақ президент те осы буыннан сайланатына сенімім кәміл.

Жетпісінші жылдардан кейін қазақ халқы қандай күйлер кешпеді: желтоқсан дауылы, бүкіл ұлтты тұқыртқан, жерге қаратқан күндер, тәуелсіздік алу; азат даму жолына түсу; халық еңбегімен жиналған байлықты қайта бөлу; бай мен кедейдің пайда болуы; түйені түгімен жұтатын алпауыттардың шығуы; қазақ ауылының басына төнген тажал зұлматындай қиыншылық; есеңгіреген экономиканың қайта жандана бастауы; астананың Ақмолаға көшуі - осылардың қатарында айтылатын үлкен бір құбылыс: қазақ тілінің заңды түрде мемлекеттік мәртебе алуы үшін, дамуы мен өрістеуі үшін, іс-қағаздардың, мекеменің, кеңселердің, көшелердің, жарнаманың, бір сөзбен тәуелсіз мемлекет атына заты сай болып, қуыршақ, декорация, өтірік кейіптен, шын мәніндегі азат сипат алу үшін күрес.

Осы майданның бел ортасында Тіл комитеті, Тіл департаменті, Ұлттар істері комитеті, Авторлық құқықтар комитеті деп аталған мекемелердің басшысы болған Сұлтан Оразалинов тұрды. Халықтың тарихи жадын өшіріп, коммунистік идеологияны орнықтыру үшін әдейі қойылған Ленин –/181/, Киров /71/, Калинин /53/, Октябрь /105/, Большевик /63/, Социализм /35/, тағы басқа толып жатқан Крупская, Дзержинский, Фабричная, Целинный, Московский, Россия деген секілді елді мекендердің өз атауларын қалпына келтіру үшін көптеген қарсылықты жеңу қажет болатын. Іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізуді айтып қана қоймай орындау міндеті де тұрды. Осындай ауқымды, саяси маңызды, елдік, тәуелсіздік мәртебесін нақты түрде іске асыратын екі жүз елудей тіл басқармаларын құру, олардың ісін нақты жолға қою – мол қажыр, қалың қайратты талап етер шаруа болса, соның бәрін қара нардай белі қайыспай көтеріскен ер-азаматтарымыздың бірі – Сұлтан Оразалинов екені көпшілік мойындаған ақиқат. Тіл саясаты жөніндегі нақты істерді, ғылыми теориялық ойларды тұжырымдайтын, әр түрлі мақала, сұхбат, пікірлердің басын қосқан екі тілде жазылған “Тіл тағдыры – ел тағдыры” кітабы шықты. Осындай қаламгерлік көзқарас тұрғысынан сұрыпталып дайындалған “Жүректің көзі ашылса” бір томдығы да жанрлық байлығымен, мағыналық тереңдігімен, деректі негізімен қалың оқырман көңілінен шығады деп ойлаймыз.

Кіндігінен тараған ұрпағы бұл күнде рулы ел болып кеткен, кезінде Мұхтар Әуезов шежіре сырына қанығып, дән ырза болып, шығармасына кейіпкер еткен дуалы ақсақал Оразалының немересі, ел ішінде жомарт жүрегімен танылған анамыз, қолынан талай дәм татып, талай еркелеген аяулы шешеміз Күләннің он баласының ішіндегі ең сүйіктісі, әрі Абай елінің тағлымын алған азаматтың ең бастысы туа бітті қасиеті болар, қырық жылдан астам бірге қатар, дос-жар ғұмыр кешіп келе жатып біреуге әлімжеттік жасап, топыраққа аунатқанын, кесесіп кектеніп, соңына от алып түскен, өзім деп өзеурегенін, мен істедім, мен бітірдім деп кеуде соғып шіренгенін көргеніміз жоқ, оның есесіне өз шаруасын қоя тұрып, басқаның жоғын жоқтап, сұрағанын алып беріп, шашбауын көтеріп, ағынан жарылып, досқа, туысқа, елге, жерге, халыққа қызмет етуден жалықпаған қайрат-қажыры разы етеді. Мұның атын сөз бен әрекеті, тілегі мен тындырымы, ниеті мен ісі ажырамайтын, ойы мен қимылы бір табандылық дейді; мұның атын ғайбат пен өсектің, күншілдік пен қызғаныштың, арамдық пен аярлықтың маңайын баспайтын адалдық дейді.

Құдайға шүкір, Сұлтан бір кісідей мансап тізгінін ұстады, теледидардың бас редакторы, Орталық комитеттің сектор меңгерушісі, баспа директоры, Комитет төрағасы – басы айналып, көзіне ет бітіп, мұрын көтеруге осылардың қай-қайсысы да жетіп жатыр. Қысқасы, бір кісі арман ететіндей мансап биігіне, ұрпақ өсіріп, тамыр жайған аталық биікке Сұлтанды алып шыққан қос қасиет, олардың аты – табандылық һәм адалдық.

2001.

МЕКТЕБІ БАР ҒАЛЫМ


Қазақ филологиясындағы белгілі, беделді, белді ғалым - Мырзатай Серғалиев. Ол ғылымға көлденеңнен қосылған көкатты емес, қазақтың ұлттық университетінде оқып жүріп, дарындылығымен ұстаздар назарына ілігіп, оқытушылыққа қалдырылған. Тіл пәндерімен қоса логикадан дәріс берген сирек мамандардың бірі. Жастай кандидаттық диссертация қорғап, ғылыми ортаға мәлім болған. Ал докторлықты 3 рет қорғаған жалғыз қазақ. Саяси айып кесірінен докторлықты 2 рет қорғаған тарихшы Ермұқан Бекмаханов, қызғаныш пәлесінен докторлықты 2 рет қорғаған тілші Аққал Хасенова бар. Ал Мырзатай Серғалиев 3 рет қорғады. Дарынсыздар, іші тарлар, пәлеқорлар, арыз-жаласынан жапа шекті. Бірақ мойыған жоқ. Денсаулық кетті, шаршады. Бәрібір жеңді. Доктор болды. Профессор толық болды. Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшелігіне сайланды. 30-дан астам ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарын тәрбиелеп, өзіндік бағыт, мектеп қалыптастырды. Декан болды. Екі бірдей университетте кафедра басқарды.

Тілшілікпен қоса әдебиетші-сыншы, эссеист-жазушы ретінде де танылды.

Проф. М.Серғалиевтің түркологияға ерекше үлес болып қосылған синонимияға қатысты күрделі еңбектерін, тіл білімінің өзге де салаларына арналған зерттеу, мақалаларын талдау-таразылау тілші-мамандардың міндеті. Біз тілші һәм әдебиетшінің стиль, стилистика, әдебиет, көркем шығарма орайындағы кейбір еңбегіне қатысты бір-екі ауыз сөз айтайық.

Ғалым-тілшінің өнімді еңбек берген бір саласы – синтаксис және стилистика. Бұл ретте оның синтаксистік деривация және синтаксистік синонимия, синтаксистік омонимия мен синтаксистік синонимияның арақатынасы, сұраулы сөйлем мен хабарлы сөйлем синонимдігі, пікір және сұраулы сөйлем, сөйлем мүшелері туралы жаңа мақалаларында айтылған пікірлер мен тұжырымдар сонылығымен, ғылыми дәлелді түйіндерімен ерекшеленеді.

Қазақ тіл білімінде ерекше орны бар Ахмет Байтұрсынов, Құдайберген Жұбанов, белгілі тілшілер М.Балақаев, С.Кеңесбаев, С.Жиенбаев, Н.Сауранбаев, А.Ысқақов, Т.Қордабаев, Р.Сыздықова зерттеулерінің маңызын ашып беруде М.Серғалиев мол еңбек сіңірді. Университетте қазақ тілін оқыту, қазіргі термин жасау, баспасөз, теледидар, радио тілі туралы ғалым пікірлері көпшілік көңілінен шығып отыр.

Тілші-ғалым ретінде М.Серғалиевтің ерекше ден қойып, тиянақты зерттеген бірқыдыру мәселенің ішіндегі ең өзекті сала – көркем әдебиет тілі, оның ішінде жеке жазушылардың тілі, тіл мәдениеті, стиль және стилистика. Әдебиет табиғатын, оның бейнелілік сипатын терең сезінетін сыншы Мырзатай тілші көзімен қарағанда басқа әдебиетшілер байқамаған тың құбылыстарды ашады. Дөп басып, дәл айтады. Ой-пікірлері, дәлел тұжырымдары көңілге қона кетеді. Бұл ретте зерттеушінің “Мұхтар Әуезов және көркем шығарма тілі”, “Көркем әдебиет тілі” деген зерттеулеріндегі құнарлы ойлар мен бағалы байламдардың жалпы филологиялық құндылығы мол. Тілші-ғалым нақты материалдар – Ғ.Мүсіреповтің “Ұлпан”, С.Шәймерденовтің “Мезгіл”, Т.Әлімқұловтың “Ақбозат”, Қ.Найманбаевтың “Көкем екеуміз” шығармаларының мәтінін ала отырып, теңеу, метафора, қайталау, көркем бөлшек, диалог табиғатын мінез, бейне жасау шарт-талаптарына орайластыра ашады, диалекті сөздерді орнымен қолданып, әдеби тілді байыту жолдарын көрсетеді.

Ерекше ойлар синонимдік қатарлар түзілісін айқындағанда жоталана түседі. Бұл пікірлерін ғалым Мұхтар Әуезов шығармаларынан алынған саналуан мысалдармен тиянақтап, ұғындырып береді. Ал сындағы шеберлік, публицистік пафос академик Мұхаметжан Қаратаев еңбектерін талдау кезінде айқындалады.

Тілші-ғалымның соңғы шыққан зерттеулерінің бірі – “Мұхтар Әуезов және көркем шығарма тілі” кітабы екі бөлімнен тұрады. Алғашқы “М.Әуезов тіл туралы” деген тарауда ұлы жазушының тіл туралы ойлары, нақты пікірлері жинақтала тұтас қаралады. Әуезовтің бейне жасау үшін, өмір құбылыстарын нақты, дәлді, сенімді беру мақсатымен сөзді қалай қолдану керектігі туралы теориялық талап-тілектері жіктеліп көрсетілген. Ал “М.Әуезовтің тілі туралы” деп аталатын екінші тарауда қаламгердің лексикалық байлығына ерекше мән беріліп, сөз қолданыстың нақты түрлері, теңеу, метафора жасау әдістері, синонимика, инверсия, сөйлем құрылымының әртектілігі, әдеби тілді дамытудың жаңа тәсілдері, түрлі түстерді берудегі амалдар, мақсатты қайталаулар, стилистикалық фигуралар, синтаксистік құрылымдар орайындағы жаңаша пайымдаулар бар.

Автордың әртүрлі көркем шығармаларға жазған нақты да дәлді рецензиялары мен кең де кемел ойлы әдеби мақалаларымен жақсы таныс оқырман қолына “Сөз сарасы” кітабын алғанда Мырзатай Серғалиевтің сыншылық дарынын әбден мойындады.

Қазіргі қазақ әдебиетінің әңгіме, хикаят, роман жанрларының даму бағдарын нақты шығармалар мәтінін тиянақты талдау арқылы көрсету – бұл кітаптың басты сипаты. Сыншы құбылыстарды реалистікпен бейнелеген шығармаларды зият тұтатынын ашық көрсетеді. Талдау нысанасы: Ә.Әбішев, Б.Соқпақбаев, Ғ.Малдыбаев, М.Шаханов туындылары, алғаш рет соны, тың пікірлер айтылады. Сол сияқты қазақ әдебиеттануы мен сынында сапалы еңбектер берген Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев, С.Талжанов, С.Қирабаев шығармашылығы қаламгерлік портрет үлгісінде сипатталады. Әрбір ғалым-сыншының өмір жолы мен ғылыми еңбектері қатар-тең әңгімеленеді.

Қысқа бір көрініс, ситуация, жағдай, езу тартқызар юмор, адамның жақсы мінездерін дәріптеу, үлкенге - құрмет, ініге – ізет – М.Серғалиевтің эссе үлгісінде жазылған “Өнеге” прозалық кітабының жақсы сапалары. Автордың өзі көлеңкеде тұрады, өзгені мадақтау, құрметтеу басым.

2003.

ҮШ ТОҒЫС

Кеңес дәуірінде еліміздің негізгі ғылыми, әдеби, мәдени күштері республиканың астанасы Алматы қаласында шоғырланып, құнарлы тамырдан сан-алуан бұтақтар өніп шығып, құлашын кеңге жайған болатын. Сол сияқты Әуелбек Қоңыратбаев Қызылордада, Қайым Мұхаметханов Семейде ұзақ жылдар ұстаздық пен ғалымдық еңбекті қатар алып жүріп, түркология, эпос, мәтінтану, Абай айналасындағы ақындарға арналған түбегейлі зерттеулер жасады, дарынды шәкірттердің бірнеше буынын тәрбиеледі. Бәрін тізіп жатпағанмен, екі ұстаздың алдын көріп, өнегесін үйренген жазушы Тынымбай Нұрмағамбетов, сыншы Бақыт Сарбалаев, сыншы-философ Ғарифолла Есім, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов еңбектері қазір Қазақстан көлеміне түгел мәшһүр екені анық.

Бұлар да бүгін жер ортасы жасқа келіп, жиған-тергендерін, жазған-сызғандарын, тындырған-аяқтағандарын көп талқысына салатын, талдау бағасы айтылатын тіршіліктің биік төбесінің басына шығып отыр.

Сол деңгейдегі педагог, ғалым, ұйымдастырушы, профессор Арап Еспенбетовтің өмір жолына көз тастағанда, үш үлкен мәртебелі саланы қатар алып жүрген мағыналы сапарына разы боласың.

Соғыс біткен жылы Семей облысының Абай ауданының орталығы Қарауылда дүниеге келген перзент үшін аты алты алаш қазақ түгілі әлемге мәшһүр болған ұлылар – Абай, Шәкәрім, Мұхтар топырағында туып-өсу, сол елдің азаматы болу – қаншалықты абырой мен мәртебе болса, екінші жағынан мойынға түсер салмағы да аз емес парыз еді.

Ол 1951-1961 жылдарда Абай ауданының Саржал орта мектебінде оқыды. Халел Ғаббасов, Шәймерден Тоқжігітов сынды заманының көзі ашық, көкірегі ояу дара тұлғалары туған Саржал ауылы жас жеткіншектің талабын ұштай түскені анық. Өйткені, білімге деген құлшынысы бірден байқалған Арап Сіләмұлы оқушы кезінен әр іске беріле араласып, көп ретте өз құрбыластарына үлгі болды.

Ауылдағы әдебиетке ебі бар жастардың басын қосатын үйірменің белсенді мүшесі Арап қазақтың төл әдебиетін оқумен шектелмей, орыс және шетел классиктерінің томдарын мектеп қабырғасында құшақтап жүретін.

Қаладан жырақта жатқан ауыл баласының өз бетімен ізденіп, кітап оқу арқылы көп нәрсені жетік біліп, жақсы теңгеріп кетуі кейінгі өмір жолына айтарлықтай септігін тигізді. Арап Сіләмұлы 1961-1965 жылдар аралығында Семей педагогикалық институтының тарих-филология факультетінде үздік оқыды. Оның әдебиетке, ғылымға деген талабы осы институтта байқалды. Мұхтар Әуезовтің шәкірті, әрі досы Қайым Мұхамедханұлын ұстаз тұтқан Арап ғылым жолына мықтап бет қойған-ды.

Он алты жасар студент институт іргесінде тағы бір қырынан танылды. Ол бозбаланың бойындағы жігерді жаныған спортқа деген ұмтылысы еді. Араптың беріле ойнағаны баскетбол мен аса көңіл қойғаны шахмат болатын. Тек институт көлемінде емес, осы спорт түрлерінен қала, республика деңгейіндегі жарыстарға қатысып, жүлдегер атанды.

1965-1966 жылдары әскерге барып қиын мектепте шыңдалды.

Жиырмадан жаңа асқан жасөспірім жігіт 1967 жылы Семей педагогикалық институтына оқытушы болып алынады. Жоғарғы мектепте дәріс оқу жас маманды ғылым жолына жетеледі. Алғашқы оқытушылық тәжірибе жинағаннан кейін Арап 1972-1975 жылдар арасында Қазақ мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантурасында оқыды. Ғылым жолына беттеген жас ізденуші ғылыми орта – Алматы қаласында Б.Кенжебаев сынды ұлы ғалымның тікелей шәкірті болды. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін зерттеудің мектебін жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен 1975 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғыров лирикасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Саналы өмір жолында ұстаздық пен ғалымдықты қатар ұстап, осы екі үлкен арнаны өз дәрежесінде алып жүре білген А.Еспенбетовтің алғашқы «Сөз - шеберлік жайында» деген мақаласы 1969 жылы жарық көрген.

Ғылым жолын Сұлтанмахмұт мұрасын тануға арнаған А.Еспенбетовтің «Сұлтанмахмұт Торайғыров» еңбегі (Алматы, 1973), Б.Кенжебаевпен бірге 1974 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғыров. Қазақ және орыс тілдеріндегі библиографиялық көрсеткіші (Алматы, 1974 «Қазақстан») жарық көрді.

С.Торайғыров мұрасы негізгі ғылыми-зерттеу нысанасы болғанымен, жас ғалым қазақ әдебиетінің тарихындағы сан-алуан өзекті деген мәселелерге қалам тартты. 70-жылдары шыққан «Замандастар туралы роман», «Бағалы зерттеу», «Қазақ әдебиетінің тарихының мәселелері», «Өнер алды – қызыл тіл», «Жылдар елесі», «Ревизор» (Театр сыны) сияқты мақалалар Араптың сыншылдық дарынын аңғартады.

Автор С.Торайғыров мұрасымен қатар, Абай, А.С.Пушкин, Ғ.Тоқай, С.Көбеев, Ш.Тоқжігітов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, Б.Күлеев, С.Дөнентаев, А.Мұхамедиярұлы, Ш.Құдайбердиев, М.Қалтайұлы, Т.Қасенұлы т.б. сынды әдебиет өкілдері шығармаларын зерттеу нысанына айналдырған.

Оның ғылыми танымымен қатар ұстаздық жолы да кеңейе түсті: 1978-1979 жылдары институтта аға оқытушы, 1979-1991 жылдары доцент, 1983-1991 жылдары аға ғылыми қызметкер.

80-жылдары А.Еспенбетовтің ғылыми сүрлеу-соқпағы саралана тереңдей түсті. Ол М.Қаратаев, Т.Абдрахманова, Қ.Мұхамедханов, Ш.Сәтбаева, Р.Нұрғали, М.Мағауин еңбектерін талдаған мақалалар жариялады.

А.Еспенбетов ғалымдықты ұстаздық жолмен өре қабыстыра білді. Педагогика, методика туралы «Оқу-тәрбие жұмысын жетілдіре берейік», «Студент тәрбиесі», «Басты мақсат-білім сапасы», «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті пәнін оқыту проблемалары» еңбектерінде айтылған ойлар бүгінде өз маңызын жойған жоқ.

Ғылым жолында қандай тақырыпқа бармасын Арап бәрібір Сұлтанмахмұт мұрасын тереңдете зерттеуді басты мақсат деп білді. С.Торайғыров мұрасының зерттелмей, ең бір күңгірт тартып жатқан тұстарына айрықша көңіл бөлді. «С.Торайғыров лирикасын зерттеудің кейбір мәселелері», «С.Торайғыров шығармаларының жариялану тарихынан», «Сөз төркінін іздесек», «С.Торайғыров поэзиясының текстологиясы жайлы ойлар», «Реалистік поэма сипаты» сияқты мақалалары сұлтанмахмұттанудың дамуына ықпалын тигізді. Ғалымның ақынның өмірі мен әдеби мұрасы турасындағы өзекті ой-пікірлерін жинақтап тұтастырған «Сұлтанмахмұт Торайғыров» монографиясы 1992 жылы жарық көрді. Алпысыншы жылдардың аяқ шенінен бастап зерттеген тақырыбын жылдар бойы кеңейте түсіп, 1993 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалық өмірбаяны» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

Сөйтіп, ұзақ жылдар бойы ғылыми айтыстан гөрі, саяси тәжікенің, біреуді кемітудің, тіпті жазалаудың (проф.Б.Кенжебаев Сұлтанмахмұт туралы зерттеулері үшін жұмыстан шығарылып, көп жылдар қудаланған) құралына айналған даулы мәселелерді жаңаша көзқараспен, биік теориялық деңгейде нақты методологиялық әдіспен шешіп, дәлді тұжырымдар жасаған, көп жылғы ізденістер қорытындыланды. Тағы ескеретін нәрсе А.Еспенбетовтің тікелей күш салуымен Сұлтанмахмұттың барлық шығармалары жіті көзбен қаралып, тұрақты мәтіндері айқындалып, шығармалар жинағы қайтадан басылды.

Ақын мұрасын зерттеп, тану, жариялау осымен тұйықталмайды. Ол С.Торайғыров шығармаларының соңғы екі томдығын құрастырушылардың бірі болды (1993). Сондай-ақ, ақынның «Таныстыру» (поэма), «Жаңа кітап» (мақала), «Айтыс» (поэма), «Жалаңаш баба», «Топырақ», «Жаңа кітап», «Алаш ұраны», «Тұтқындағы Байтұрсынның «Масасына». «Әлиханның Семейге келуі» сияқты шығармалары алғаш рет А.Еспенбетовтің жариялауымен жарыққа шықты.

Қазақ әдебиеті тарихы мәселелеріне тереңдеп ден қойған ғалым «Мақыш Қалтайұлының шығармалары», Шәймерден Тоқжігітовтің «Уақыт бедері», Б.Сыдықұлының «Сүйемін туғын тілді...» кітаптарын құрастырып, алғы сөзін жазды.

Ұстаздық пен ғалымдықты қатар алып жүрген А.Еспенбетов білікті басшы ретінде де танылды.

1977-78 жылдары Семей педагогикалық институты филология факультеті деканының орынбасары, 1978-1989 жылдары факультет деканы, 1993-1996 жылдары – қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі. Осы жылдары Шәкәрім атындағы Семей педагогикалық инстиутының оқу ісі жөніндегі проректоры, 1996-1998 жылдары Семей мемлекеттік университетінің гуманитарлық факультеттің деканы, ал 1998 жылдан бастап, Семей гуманитарлық институты, қазіргі М.О.Әуезов атындағы Семей университетінің ректоры.

Үздіксіз өрлеген өмір баспалдақтарынан А.Еспенбетовтің тек қана ұстаздық, білікті басшылық және ғалымдықты қатар ұстай білген қасиеттерін айрықша атамаса болмайды.

Қазақ әдебиеті кафедрасы Арап басқарған кезде әдебиетші мұғалімдер дайындайтын оқу орны ғана емес, Абай, Мұхтар, Шәкәрім туған өлең мен сөз қасиеті дарыған киелі Семей өңірінің әдебиетті насихаттайтын қасиетті ордасына айналды.

1991 жылы Қазақстанда алғаш рет Семей педагогикалық институтында қазақ филологиясы факультеті ашылып, оның деканы А.Еспенбетов болды. Ұлттық мүдде енді ауызға адына бастаған шақта тыңнан соқа салып, іске кірісу оңай дүние емес еді. Бүкіл ел назар тіккен жас шаңыраққа өмір ағысымен аға беру аздық ететінін сезген талапты басшы қазақ мектептерінде араб тілін оқытатын мамандарды дайындауды да қолға алды.

Өткен дәуірдегі тек әдебиетіміз ғана емес, тарихымыз, күллі жазу-сызуымыз араб тілімен байланысты болғандықтан, бұл игілікті іс-арғы тарихымыз бен әдебиетімізді тануға жасалған құнарлы қадам еді.

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік институтының оқу ісі жөніндегі проректоры болған шақта, ең алдымен, студенттер білімінің сапасына, оқытушылардың ғылыми біліктілігіне баса назар аударылды.

Нарықтық экономикалық қатнас орнап, 90-жылдардың орта шенінен білім беру жүйесінде мемлекеттік емес оқу орындары ашыла бастады. Тәжірибелі ұстаз, салмақты ғалым, әрі байсалды басшы ретінде Арап Еспенбетов қоғам өзгерістерін таразылай келіп, жаңа уақыт талабына сәйкес білім жүйесін ендіру жолдарын игере білді. 1998 жылы Семей гуманитарлық институты, бүгінде М.О.Әуезов атындағы Семей университеті аталатын Қазақстандағы алдыңғы қатарлы беделді мемлекеттік емес университетін басқарып, бес мыңға тарта маман дайындап шығарды.

Бүгінде А.Еспенбетовтің төл шәкірттері де ғылым жолына алғашқы қадамдарын жасады. Ғалымның жетекшілігімен Семей өңірінің ақындары, Абайдың ақындық мектебінің түлектері – Көкбай Жанатайұлы, Әріп Тәңірбергенұлы, ғасыр куәсі – Шәкір Әбенұлының, Төлеу Көбдіковтің өмірі мен әдеби мұралары, М.О.Әуезовтің Семей кезеңдері, Шәкәрім және Гете туралы кандидаттық диссертациялар қорғалды.

А.Еспенбетовтің редакторлығымен «Ақындық әлем», «Әріп ақын», «Шындықтан басқа жолға түсе алмаймын», «Т.Көбдіковтің әдеби мұрасы» сияқты қазақ әдебиеті тарихының өзекті мәселелеріне тың пайымдаулар жасаған монографиялар жарық көрді.

Бұл А.Еспенбетовтің ғылыми еңбектердің жарық көруіне мұрындық еткен игі істерінің бірі десек, ұстаз ретінде, білім ордасының білікті басшысы ретінде Семей университетінде өтіліп отырған студенттердің, оқуытушылардың университетаралық, қалааралық және халықаралық конференция материалдарының жалпы редакциясын басқарды.

Барлығын тізбектемей-ақ, соңғы шыққан «ХХІ ғасырдың әлеуметтік-экономикалық және мәдени кеңістіктегі қазіргі ғылым» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдарын айтса да жетер.

Алдымен туған өңірдегі танылмай келе жатқан тұлғаларға аса мән берген ғалымның жетекшілігімен Тайыр Жомартбайұлы, Уәйіс Шондыбайұлы, Әсет Найманбайұлы шығармашылығына қатысты тақырыптармен қоса, қазақ әдебиеті тарихындағы ақтаңдақ беттерден саналатын Мақыш Қалтайұлы, Бернияз Күлеев сияқты ақындар мұрасы зерттеліп жатыр. Арап Еспенбетов Қазақстандағы аймақтық әдебиеттануға ерекше ден қойған ғалымдарыдың алдыңғы тобында.

А.Еспенбетов – қоғамдық өмірге де белсене араласқан азамат қайраткер. Қалалық ономастика комиссиясының, Республикалық «Абай» журналының және облыстық «Үш анық» газеті редакциясының алқа мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы докторлық дәреже беру жөніндегі мамандандырылған кеңестің мүшесі.

Алаш зиялыларының бесігі болған киелі ортада туып, өсіп, жетілген, өзі оқып, кейін өзгені оқытқан Арап Еспенбетов бойынан әрқашан ағайынға – қамқорлық, ағаға – құрмет, ініге – ізет секілді үш тоғыс қасиеттің бірдей табылатынын ырза көңілмен айта кеткен жөн.



2005.

ҚАЗАҚ ТЕАТРЫНЫҢ НАР ҚОБЫЗЫ


Қалыбек.

Пері Қалыбек.

Қаллеки.

Қалыбек Қуанышбаев.

Осының бәрі бір адамның әр кездегі ныспысы. Қарқаралы атырабының қазақтары арғы замандағы асыл бабалары Қаз дауысты Қазыбектің (қазір қысқартып айтып жүргеніміздей Қазыбек би емес. Арыстан жүректі Ричард, Ұлы Петр, Қаһарлы Иван деген секілді Қаз дауысты Қазыбек) есімі кетіп қалады деп ескі нанымға сеніп, балаларына Қазыбек есімін қоймаса да, ол ортада Әшімбек, Төлеубек, Алшынбек, Үйсінбек, Жүсіпбектер толып жатыр. Сол дағдымен азан шақырып қойған аты Қалыбек деген бала ес білгеннен бастап, айтылған сөзді ғана емес, бір естіген дыбысты, бір көрген қимылды қағып алып, айнытпай салып беретін болған. Ол үшін ұшқан құс, жүгірген аң, отырған адам бәрі бір. Барлығын да сала берген. Қыз ба, ұл ма, жігіт пе, қалыңдық па, кемпір ме, шал ма, ит пе, қасқыр ма, ұлыған боран ба, соққан жел ме – бәрін де салады, бәрін де дәл келтіреді, бір өзі келтіреді.

Бұл әуелі ермек секілді үй-ішін, бала, бозбала ортасын күлдіруге жараса, кейін ауыл-аймақ, атырапқа әйгілі болып, әлдекімдерді күлкі қылып, мазақ ететін қаруға айналады. Бұл сүңгіге алдымен елге сүйкімсіз, халыққа қарабет, зорлықшыл, жуандар ілінеді.

Осындай өнері үшін “Пері Қалыбек” атанған жас жігіт ел арасындағы күлкі мектебін жасаған Шаншар қуларының дәстүрін жаңа арнаға бұрады. Қимыл-қозғалыспен, түр-түс кейпімен жексұрындарды айнытпай салып, көпшіліктің алдына осындай жаңа өнерімен танылады. Ол даңқы Қарқаралы, Семей, Омбы атырабына жайылады. Өзі де өмірдің талай тас босаға, тар кезеңінен өтеді. Қара жұмыс істейді, атшы болады, он алтыншы жылы тыл жұмысына алынып, қиырдағы Минскі маңынан бір-ақ шығады. Одан кейінгі дәуірлерде талай істерді бастан өткеріп барып, 1926 жылы қазақ театры ашылғанда өкіметтің арнаулы қаулысымен Қызылордаға келеді. Торғай жағынан Елубай, Серке, оңтүстіктен Құрманбек, Жетісудан Қанабек келген. Әміре мен Иса өзінің ескі достары.

Театрдың тұңғыш режиссері, құрдасы Жұмат Шанин Қалыбекті – Қаллеки, Елубайды-Еллеки атандырған. Еллеки аты көп сіңе қоймаған. Ал Қаллеки – Қалыбек Қуанышбаевтың сахнадағы төл атындай болып кеткен еді.

Табиғи туа бітті дарыны арқасында өмір сахнасынан театр сахнасына дайын келген Қаллеки тұңғыш театрдың діңгектерінің біріне айналды. Ол үздіксіз өсті, тез өсті. 1927 жылы жазған мақаласында Мұхтар Әуезов Қаллеки талантының зор екенін бірден көріп, оның болашағын болжап берді. Ғабит Мүсірепов сахнадағы Қаллекиді нағыз Абайдың өзі деп таныды. Зерттеушілер Ғ.Тоғжанов, І.Жансүгіров (отызыншы жылдар), О.Олидор, М.Майшекин (40-50 жылдар), Қ.Қуандықов, Б.Құндақбаев (60-70 жылдар), Т.Жұртбаев, Ә.Сығаев (80-90 жылдар) арнаулы еңбектер жазып, оның өнерпаздық жолын көрсетіп, ойнаған рольдерін талдады. Мүсінші Вучетич “Менің әкем егер тірі болса, Сіздей болсын деп тілер едім” деді.

Біз ұлы актердің өзіміз көрген екі сахналық бейнесіне ғана тоқталғымыз келеді. Көркемдік дәстүрдің даму, жалғасу қозғалысы өте күрделі. Бір автордан тікелей үйрену, сол жасаған үлгі қалыптарды, өрнектерді ашық қабылдау айқын көрініп тұрса, терең тамырлар арқылы алыстан жеткен сарындастықты тап басып айту қиынға соғуы мүмкін. Сан-алуан жолдармен байланысып, кешегінің сабағы бүгінге жалғасып жататынының бір мысалы ретінде. Мағжан-Қасым-Қуандық-Мұқағали арнасын алса да жеткілікті. “Дариға” деген жалғыз ауыз сөздің осы ақындар поэтикасындағы қызметі көп нәрсені аңғартса керек.

Қазақтың психологиялық, реалистік прозасы мен эпикалық, философиялық драматургиясындағы Мұхтар Әуезов ашқан көркемдік жүйелердің кейінгі жалғастығы деген мәселенің толық жауабы әлі айтылған жоқ. Бір-ақ мысал. “Қарагөз”, “Ақан сері - Ақтоқты” трагедиялары. Жазылу уақыттарында жиырма шақты жыл айырма бар. Екеуіндегі сал-серілер өмірі, кейіпкерлердің жалпы типажы, тартыс табиғаты, әрекеттер мен жағдайлар ұқсас. Ақан серінің ой-толғаныстары арқылы өмір, махаббат, адам сияқты мәңгілік құндылықтар туралы ой-толғаныстары берілетін трагедияның көркемдік деңгейі аса жоғары. Науан хазірет – қазақ әдебиетінде бұрын болмаған бейне. Рас, орыс отаршылығына қарсы бел шешіп күрескен, сол үшін қуғын көрген әйгілі дін қайраткері, тарихи Науан хазіретпен жазушы қиялынан туған жағымсыз кейіпкер Науан хазіретті ажыратып қарауымыз керек. Бұл шындықты тарихи Құнанбай мен кейіпкер Құнанбай туралы да айтуға болады.

Ғ.Мүсірепов пьесасында қаһармандар көп емес. Негізгі тартыс 7-8 адамның арасында өтеді десе де болар. Күрестің әбден ушыққан тұсы. Науан хазірет үкімімен, шариғат жолына сүйеніп, Жалмұқан Ақтоқтыны әбден масқаралап, қорлап, талақ етеді. Бұл алғашқы соққы. Одан да сорақысы артында жатыр. Ақтоқтыны мал қосақтағандай, итке жемтік тастағандай қылып, зорлықпен Балуанға береді. Бата беруші – Науан хазірет.

Балуан рөлінде – Қаллеки. Бір ауыз сөзі жоқ, бір-ақ жерде көрінетін үнсіз кейіпкер. Балуан – мылқау. Әйел жоқ, бала жоқ, тұлдыр жалғыз. Тағдыр қарғысын алғандай соқа басы. Оны басқалар алып күштің иесі, жартылай адам, жартылай мал деп қабылдайды. Өтіп жатқан қайғылы хәлді Балуан-Қаллеки көзімен көріп, жүрегімен сезініп, қан жылап, бір ысып, бір суып, өңі мың құбылып, бірдеңе айтқандай болып ыңыранып, дөңбекшіп, қобалжып отырады. Ойыңа келгенді істе, қорла, тапта, қолыңнан алар ешкім жоқ деген харам пиғылмен Ақтоқтыны аяғының астына тастай салғанда, Балуан-Қаллеки әуелде оқыстан абдырап, мән-жайға түсінбей барып, есін тез жиып алып, жүзі жылып, бойы балқып, аталық махаббат нұрымен жадырап, Ақтоқтыны алдына алып, бәле-жала, қасірет-қайғыдан тез арылтып, тазартып, ағартып жібергісі келгендей, емірене тебіреніп, өзінше бірдеңе айтқан болып, былдырлап, әлдилей бастайды.

Есіл аруды тозақтың отына тастадық, енді күл болып жанып кетеді, жалмауыздың аузына бердік, қабырғасын күтірлетіп шайнап тастайды деп масаттана бастаған қасқыр топ мына әрекетті көріп, бір сәт аң-таң. Қолма-қол естерін жиып алып, қайта құтырып Ақтоқты мен Мәрзияны ағашқа байлап өлтірмекке бет алғанда, Балуан-Қаллеки бомбыдай жарылады. Бойындағы барлық ашу-ызасы, кек-намысы, күш қайраты қайнап, тамыр атаулы білеуленіп көрініп, көзі шатынап, ерні дірілдеп, бір ағашты түп-тамырымен жұлып алып, аюдай ақырып, қиянатқа, зорлыққа қарсы, дұшпандарының зәре құтын ұшырып, алпамсадай денесімен жас жігітше дөңгеленіп, тұра ұмтылады. Осылайша әлем әдебиетінде бар ғажайып сарын - Эсмеральдо-Квазимодо сарыны қазақ топырағында сарабдал суреткер мен дара актер пайымдауында өзінің тамаша жалғасын, ұлттық топырақтағы үйлесімін тапты.

Қазақ сахна өнерінің табиғи дамуына отыз жетінің қырғыны орасан зор кесепат келтірді. Атылып кеткен боздақтар Жүсіпбек, Жұмат, Ілияс, Сәкен, Бейімбет шығармаларын айтпағанда, репертуардан “Еңлік-Кебек”, “Бәйбіше-тоқал”, “Қарагөз”, “Хан Кене”, “Айман-Шолпан”, “Түнгі сарын” алынып тасталды. Он бес-жиырма жылдай қазақ сахнасын тартыссыздық теориясына сүйеніп жазылған, жадағай, жұтаң пьесалар, орташа авторлардың ортаң қолды аударма туындылары басты. “Қозы-Көрпеш – Баян сұлу”, “Ақан сері - Ақтоқтының” да сахналық ғұмыры ұзаққа бармады.

1953 жылы Сталин өлді. Сол кездегі Совет Одағының барлық атырабында, өмірдің барлық саласында өзгеріс басталған. Сең бұзылған. Жылымық келген. Абақтылардан мыңдаған адам босатылды. Қамаудағы кітаптар жарыққа шықты.

Дәл осы кезде Мұхтар Әуезов өзінің тырнақалды трагедиясы “Еңлік-Кебектің” үшінші, соңғы нұсқасын жасап бітірді. Пьесаны академиялық драма театры сахнасына шығарды. Ресейдің халық артисі, Украина өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстанның халық артисі деген биік мәртебе, атақтары бар, ұлттық өнеріміздің дамуына, биік өреге көтерілуіне көп қызмет еткен дарынды өнерпаз жасы ұлғайғанда ата-бабаларының елі – Израильге көшкен болатын, кейін сонда дүние салса керек. Еврейдің сол әрекетін кешіре алмаған арнаулы мекемелер жарнамалардан, афишалардан, театр тарихына арналған еңбектерден Моисей Исаакович Гольдблат есімін күні кешеге дейін сыздырып отырды.

Шынын айту керек, біз көрген “Еңлік-Кебектің” көптеген қойылымдарының ішіндегі ең үздігі, классикалық нұсқасы - осы М.И.Гольдблат варианты. Тағы бір шындық бар. М.И.Гольдблат былай деп жазды: “Ол (Қалыбек Қуанышбаев) халықтың эпосын, тұрмыс салтын жақсы біледі, көркемдік талғамы да күшті. Ол кеңесші-режиссер ретінде спектакльді даярлауда елеулі үлес қосты”. Европа, орыс, украин театры тәжірибесін жақсы білетін, сахнаның үздік маманы, майталман режиссер мен халық этнографиясын, психологиясын, тілді, ділді бес саусақтай ажыратып, бақайшағына дейін тап басатын кәрі құлақ, ескі көз, әрі өзі ұлттық жаңа өнерді жасаушы дара тұлғаның шығармашылық ынтымағынан туған бұл қойылымның ерекше болып шығуының тағы бір үлкен себебі бар-ды.

Бірен-саран, кейін театр репертуарына берік еніп кете алмаған ортақол дүниелермен қазақ театрының шымылдығы ашылды дейтіндермен келісе алмаймыз. Әр түрлі пьесалардың бұрынырақ қойылғаны рас, бірақ ақиқатына келгенде, қазақ ұлттық театрының пердесін ашқан “Еңлік-Кебек” күні бүгінге дейін сахна төріндегі алтын жамбы. Сол шығарманы ойнаудан өздерінің өнерпаздық жолын 1926 жылы бастаған алып топ – Қалыбек, Елубай, Серке көп жылдар махаббатынан еріксіз айрылған жандай, шығармашылық күйзелісте жүрген еді. Колхоз, совхоз, шахта, майдан – сол төңіректегі қуыршақ адамдар, өтірік тартыс, жалған мадақ жалықтырған. Сөйтіп жүргенде, 1957 жылы “Еңлік-Кебек” сахнаға қайта шықты. Бұл қазақ театр өнері жаңа кезеңнің басталуы еді.

Театр труппасының басым көпшілігі табиғи қабілеттері бар, бірақ арнаулы білім алмаған адамдардан тұрса, енді әрі дарынды, әрі білімді жаңа толқын келді. Ыдырыс Ноғайбаев Есен батырдың эпикалық ғажайып бейнесін жасады. Кебекті сомдаған Нұрмұқан Жантөрин кейін тұтастай кино өнеріне беріліп, әр ұлттың миллиондаған көрермендерінің сүйіктісіне айналған ұлы актер болды. Дәл осы кезеңде театрға қазақ жаңа режиссурасының болашақ атасы Әзірбайжан Мәмбетов келді. Үш ұлы би – Нысан абыз, Кеңгірбай, Еспембет бейнелерін үш ұлы актер Қаллеки, Елубай, Серке ойнады.

Қазақ әдебиетіндегі көптеген драмалық, прозалық шығармаларда тарихи тұлғалардың, хандардың, батырлардың, шешендердің, билердің әр түрлі қырынан алынған, түрлі жағдайларда көрінетін сан-алуан бейнелер бар. Автор тарапынан олардың сырт келбеті, түр-түсі, киім-киісі, жүріс-тұрысы суреттеледі, ой-толғаулары, мінез қалпы, психологиялық тебіреністері беріледі. Бұл ретте Есенберлин, Сматаев, Кекілбаев, Мағауин, Жұмаділов романдарын, Ахтанов, Бекхожин драмаларын айтуға болады. Сөйтсе де Әуезов шыңы тіпті бөлек.

Характер ашудағы даралығы, лексикалық-синтаксистік байлығы, ырғақ-екпін табиғилығы, көркемдік кестесіндегі фольклоризм мен драматизмнің жымдаса бірігуі, әсіресе сахна өнері талаптарына дөп келетін қорғасындай ауырлық, алдаспандай өткірлік, мірдің оғындай дәлдік, аспандай биіктік, теңіздей тереңдік - әсіресе Әуезов драматургиясының тіліне тән құбылыс, жинақтап, түйіп айтқанда, бұл “Еңлік-Кебек” трагедиясының айрықша қасиет сапасы. Басқа суреткерлер әзір шыға алмаған көркемдіктің Хан тәңірі.

Қазақтың бұрынғы тұрмысын, мінез қалыбын, жүріс-тұрысын, сөз саптауын бүге-шігесіне дейін білетін, әр түрлі әлеуметтік топтар психологиясының ішек-қарынын ақтара алатын, театр негізін салған дарындар өздерінің табиғи қабілетіне, ықылас-ниетіне, ішкі зауық-шабытына, тіпті қимыл-қозғалыс, сөйлеу машық, үн өзгешеліктеріне орай әуел бастан-ақ оң жамбастарына келетін қаһармандарын “Еңлік-Кебектен” болсын, “Арқалық батырдан” болсын, “Қозы Көрпеш-Баянсұлудан” болсын таңдап тауып алып, сахналық өлмес бейнелер жасаған. Сол тұлғаның бірі – Нысан абыз – Қаллеки.

1957 жылы бұл бейнені сахнаға шығарғанда Қаллеки пайғамбар жасынан асқан, алпыс төртте. Өмірдің биігіне шыққан. Сол кездегі артист атаулының мыңнан бірінің басына қонбайтын атақ-абыройы, мерей-даңқы бар. Өнер жолында өткен елу жылдық тәжірибе бар. Тақпақ айтты, пьеса, әңгіме жазды. Ауылдың жылпос жігіті, орыс пен қазаққа жалтақтаған болыс, сырын бермес хан, қаһарымен дұшпанын айдынырған батыр, қарасөзді судай сапырған шешен, от пен оқтың ортасында жүрген генерал, дүйім атыраптың билігін қолға ұстаған дуан басы, халықтың данышпан ойшылы, ұлы ақыны – осы тектес сан-алуан, сан тағдырлы кейіпкерлерді сахнада мүсіндегенмен, өз жолына орай, жеткен биігіне лайық, еліне айтар өсиетіндей боларлық тұлғаны іштей аңсайтын. Коммунизмді мадақтайтын, күнделікті тіршіліктің ұсақ-түйек ұстасуын көрсететін қазіргі шығармаларда ойнауды сирете бастаған. Осындай күйде жүрген Қаллеки үшін “Еңлік-Кебектің” сахнаға қайта дайындалуы, тіпті кеңесші-режиссер ретінде кірісуі оны шабыттың биік деңгейіне көтеріп, қанатын қайта қомдатып, Нысан абыз арқылы қазақ театрындағы ұлы сахналық тұлға жасау мүмкіндігі туды.

Нысан абыз – Қаллеки – маңдайы жырта қарыс, жау қабақ, ер мұрынды, майлығы келіскен құйма құлақ, шықшытты келген атжақты. Екі иығына екі кісі мінгендей, кең кеуделі, жаурынды, атпал азамат қияпатындағы сақал-мұртына ақ кірген егде адам. Бірде мұң, бірде қайғы, бірде ой, бірде қайрат сәулесі толқыған көз жанарына қараңыз. Қобыз шалып, содан шыққан дыбыспен өзі арбалып, басқаны дуалап отырған бақсы да емес, басқадан жиғаны бар, өз қосқаны бар шұбыра төгілетін сөз тиегін, ағытып отырған жыршы, термеші де емес, ел мен ел, тайпа мен тайпа арасындағы жер дауы, жесір дауына билік айтып, содан пайда табатын би де емес, бір дүйім жұрттың, бір атыраптың екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстаған билік иесі де емес, Қаллеки сомдауындағы Нысан абыз ел қайғысымен қайғырып, ел шерімен тебіренген, ел болашағы үшін үміт-тілеген, дұға-батасын жас буынға арнаған, соған сенген, қыл бұрау түскен шақта шайқастан басын алып қашып, не жеке басының, не бір топтың мұңын мұңдап кетуден аулақ, халқы үшін қаймықпай отқа түсетін тұлға.

Қаллекидің бетқұбылыс (мимика) байлығы, пластикалық қабілеті, дауыс құнары, бейне жасаудағы авторлық мәтінде жоқ, өзі ойлап тапқан нәрселерді оқыстан, күтпеген жерден қолданып, көрерменді таңқалдыратын тамаша қасиеті Нысан абыздың әйгілі монологындағы “Бәріңнің де нәрің жоқ, елім қайтіп күн көрер?” деген сөздерді айтқан кезінде жарқ ете түседі. Осы тұста Қаллеки көзі қанталағандай қызара түсіп, қабағы қатуланып, жүзі сұрланып, танауы құсырылып, еңсесін биіктей көтеріп алып, залда отырған көрушіні салалы, балуан саусақтары дірілдеген оң қолымен қоралай өтіп, жас пен кәріні, бар мен бағыланды, еркек пен әйелді, студент пен хатшыны – баршасын қотанға қой айдап кіргізгендей, ишара жасап, бір жерге жинағандай болып барып: “Бәріңнің де нәрің жоқ, елім қайтіп күн көрер” деп күрсінгенде, әркім осы сөз өзіне айтылғандай, бір түрлі қысылып, кірерге тесік таба алмайтын қиын халге түсер еді.

Нысан абызды өздерінше сахналаған тамаша өнерпаздар Қапан Бадыров, Шақан Мусин, тіпті Нұрмұқан Жантөриннің өзі бұл детальды ұстап қала алған жоқ. Біреуі дәл осы жерде қобызға мұң шаққандай, біреуі ахылап, күрсінгендей күйге түсіп, біреуі сахнада теңселіп жүріп кеткен-ді.

Қаллеки “Еңлік-Кебек” трагедия-симфониясының нар қобызына айналды. Ол өлім жайлы ғана емес, өмір жайлы, елінің буын-буын ұрпағына кететін аманат, өсиет күйін шертті. Болашаққа сәлем жолдады. Мың жылдар бойы еңсесін тау биіктетіп, тазалығын көл шайқап, кеңдігін дала сыйлаған, ырғағын жел түзеткен ана тіліміздің қоңыр күңгір үнімен, бар дыбысы айқын, екпіні тұлпардың шабысындай ғажайып әуезбен толғаған. Өкінішке орай, сол әуен, сол ырғақ, сол екпін есіңе түскенде көзіңе жас келеді: сөздің басын айтып, аяғын жұтып қоятын, бір сөйлемнің ырғағын дұрыс айта алмайтын, быдық, кекеш, маңқа, сақаулар қазақ сөзін жерге таптап жатқандай көрінеді.

Қаллекидің сөз саптау, сөйлеу, толғау, дауыс ырғағының көп үлгісін кеше Шәкен Айманов, Нұрмұқан Жантөрин, бүгінгі көзі тірі өнерпаздардан Досқан Жолжақсынов қана ұстап қала алды.

Қазіргі қазақ театрында ұлы өнерпаз Қаллеки дәстүрі жарқырап қайта жанса, киелі өнеріміз тәуелсіздік жалауы астында алға басқан еліміздің шын мағынасындағы жан досы, рухани байлығы, сыр бөлісер, ақыл қосар асыл қайнарына айналар еді.



2004.

КЕҢДІК ПЕН ТЕРЕҢДІК


Қазақ халқының азаттық соғысының әйгілі қаһармандарының бірі – Олжабай батырдың жетінші ұрпағы Әлкей Хақанұлы Марғұлан - елімізге жүздеген тамаша талантты перзенттері берген қасиетті топырақта жаратылып, бала күнінде ертегі, аңыз, өлең, жыр, шешендік-ата сөздің шалқар теңізінде жүзіп өскен, ауылда мұсылманша хат танып, алаш зиялылары ықпалында болып, губерния орталығы Семей қаласында оқығаннан кейін, Ленинградта екі бірдей мамандық бойынша алған жан-жақты білімін тарих, археология, этнография, әдебиеттану, өнертану салаларында кеңінен қолданып биік парасат, орасан зор қабілет, ұзақ жылдар бойғы табанды ізденіс еңбектің арқасында жойқын ғылыми нәтижелерге жеткен кең құлашты, терең ойлы энциклопедист ғалым.

Оқымыстының барлық күш-қуатын ғұн, сақ, үйсін, қыпшақ, оғыз дәуірлерінің тарихына, көшпелілер мәдениетіне, археологиясына, көне аңыз, мифтерге, түркологияға, ескі қалалар құрылысына, архитектураға арнап, кеңес заманына қатысты мүлде қалам тартпауы орыс отаршылдығына, коммунистік тоталитаризмге іштей қарсылық, ата-бабаларының бір кезде жасаған ұлы мемлекетіне, олардың заттық-рухани салада тудырған ғажайып өркениетіне деген мауқы басылмаған мәңгілік махаббатынан туған қайсар да қастерлі құштарлық болатын. Компартияның қылышынан қан тамған қаһарлы заманда қоғамтанушылар, тарихшылар, философтар, экономистер, заңгерлер, қызыл танау саясат, шаш ал десе, бас алған науқанды, әдебиетші-жазушылар билік алдында бас шұлғып, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп, тарих, өмірді бояп көрсететін топан туындыларды, өтірік кітаптарды қойдай қоздатып жатқан алдамшы дәуірде бекерге былғанбай, есіл еңбекті айдалаға жібермей, ғасыр тұңғиығына саналы түрде сүңгіп кетіп, ұлт алдындағы азаматтық парызын адал абыроймен ақтап кеткен академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан аруағына ұрпақтары бас иеді.

Әлкей Марғұлан дарынының ерекше бір белгісі зерттеу нысанасына қатысты бұрын айтылған, жазылған мәліметтерді мейлінше толық қамту, олардың хронологиясын сақтай отырып, тарихи тұрғыдан бағалап, келіспейтін, даулы пікірлерге өз тұжырымын ұсыну.

Бұрынғы авторлардың аты-жөні, кей тұста олардың ғұмырнамалық деректері, қайда, кім болып істегені, еңбектің қашан, нендей басылымда жарияланғаны дәлді көрсетіледі. Кітап, журнал, газет беттеріндегі фактылар ғана емес, түрлі ресми қағаздар, қызмет бабындағы есептер, құжаттар, естеліктер, хаттар, суреттер, альбомдар, әртүрлі қолжазбалар, көптеген мәтіндер, нұсқалар, ауызша айтылған әңгімелер – осылардың барлығы алынған мың сан ақпараттың ешқайсысын ескерусіз, жерде тастамай, ілтипат, құрметпен көрсете отырып, жаңа ғылыми ойлар қорытылады.

Қазақ эпосының ғажайып туындысы – “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жырына байланысты орыс оқымыстыларының 150-200 жылдың ішінде жазылған еңбектерін Марғұлан тәптіштей баяндай отырып, фольклоршы, жинаушы, аудармашыларды даралай атап, әрқайсысының жұмысына лайықты баға берді. А.И.Левшин, Г.Н.Потанин, И.Белянцин, профессор Саблуков, Н.И.Пантусов, Г.К.Ганс, П.Золотов, Н.М.Карамзин, Е.С.Старков, Е.А.Александров, В.Федоров, С.Б.Броневский жазбалары, деректері, анықтамалары мен қоса Шоқан, Радлов, Жанақ, Мәшһүр Жүсіп, Шөже, Н.И.Ильминский нұсқалары, қолжазбалары сақталып жатқан кітапхана, архив қорларын нақты көрсетіп, жетпіс жеті темір қақпаның аржағында жатқан байлықтардың кілтін қолға ұстатады. Басқаны былай қойғанда, Марғұлан сөз арасында – ақ қызықты шындықтың бетін ашып кетеді. Әйгілі жырды кімдер толғағанын, алғаш қағазға қалай түскенін көрсету үстінде Бейбіт Дауылбаев (1834, 20 қыркүйек) секілді қазақ оқығандары еңбектері айтылып, олардың қысқаша өмірбаянына тоқталады. Қазір көп дау-дамайдың отына май құйып, қира-кезік қысыр әңгіме тудырған Сегіз серіге байланысты академик Марғұлан дәлді деректер айтады. Туған жылын 1808, өлген жылын 1854 деп, сүйегі ашамайлы Керей екені, қыстауы Маманай орманының іші, 12 жасында ауылдағы мектепке барғанын, Омбыдағы Азия мектебін 1828 жылы бітіргенін анықтайды. “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” жырын Ахмет Жантөринге тарту еткендігі, ол қолжазбаның В.В.Григорьевке ауысып, одан Н.И.Ильминскийдің қолына түскендігі, сол нұсқаның Қазанда 1878, 1879, 1890, 1894, 1896, 1905, 1909 жылдары жарияланғанын тәптіштейді.

Орыс зерттеушілері ғашықтық жырының оқиға жүйесіне, жалпы сипаттарына, Аягөз маңындағы ескерткішке назар салса, арғы-бері қазақ ғалымдары эпостың көркемдік мазмұнына, тұлғалар сипатына, әртүрлі нұсқалар арасындағы өзгешліктерге көңіл бөлсе, академик Ә.Марғұлан “Қозы Көрпеш – Баян сұлудың” көне варианттарынан ғұн, сақ, үйсін, қаңлы дәуірлеріндегі шындықтарды табады. Әсіресе жырдағы Ертіс, Ай, Таңсық, Аягөз, Жорға, Жауыр тауы, Шұбарайғыр, Мейізек, Темірші, Тоқырауын, Жамшы, Қазанғап, Қарқаралы, Баянауыл, Шідерті, Өлеңті, Есіл, Нұра, Домбыралы, Моншақты, Түмен, Балталы секілді жер-су, өзен-көл, тау-тас атаулары арқылы ескі замандағы, тіпті біздің дәуірімізден бұрынғы кездердегі көне түркі тайпаларының қыстауы, көктеуі, жайлауы, күзеуі, көшу жолдары қаншалықты ұзақ болғандығы туралы ой айтылады. Жетісудан басталып, Арқаны асып, тайга, мұз теңізіне дейін баратын ұлы сапар жолы көрсетіледі.

Екінші жағынан халық аңызында ғашықтарға арналған ескерткіш деп танылатын кесенеге байланысты зерттеушілердің көптеген мәлімет, жазба, фото, суреттерін саралай келіп, ғимараттың өзін зерттеп, Қазақстан, Түркменстан атырабында сақталған осы типтес құрылыстармен салыстырып, бітімін, үлгісін, жасалған материалдарын анықтап, олардың “дың”, “діңгек” аталатынын және бұлардың бәрі де исламға дейінгі дәуірде туған сәулет өнері туындысы екендігі дәлелденеді. Бұл - жырды орта ғасырларда, ноғайлы дәуірінде, тіпті бергі заманда туды дейтін әртүрлі болжамдардың қате екендігін көрсететін фактілердің бірі.

Алыс дәуірлердің өнердегі сәулесі эпоста, архитектурада ғана емес, ХҮІІІ ғасырда Алтай тауынан табылған алтыннан құйылған бейнеде (б.д.д. ІІІ ғасыр) көрініс тапқанын Ә.Марғұлан сенімді дәлелдейді, дәстүрлі сабақтастықты анықтау үшін “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жыры, алтын табақтағы “Шоқ терек” түбіндегі көрініс, Пазырық қорғанынан табылған қарқара алынып, олардың мазмұндық ұқсастығы, бір төркіндестігі ашылады.

Түркі халықтарының ұлы мұрасы “Қорқыт кітабының” ХҮІІІ ғасырда араб қарпымен қағазға түсірілген Дрезден (Германия), Ватикан (Италия) қолжазба нұсқалары басылып, басқа тілдерге аударылғаннан кейін фольклоршы, этнограф, филолог, дінтанушы көптеген ғалымдардың зерттеу нысанасына айналып, шығыстану ғылымының арналы да терең бір саласы – қорқыттану қалыптасты. Ол туралы қазақ ғалымдары Ш.Уәлиханов, М.Көпеев, М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаев, арнайы кандидаттық диссертация жазған Ш.Ибраев бұл орайда өз тұжырымдарын айтса, Әлкей Марғұлан Қорқыт тақырыбын жан-жақты қарастырып, көптеген проблемаларды терең зерттеп, ғылыми мәні зор еңбектер шоғырын тудырды.

Мәселенің қойылуы, зерттеудің тарихнамасы, қай еңбек қайда, қашан шықты, оларда көтерілген жәйттер, жаңа пікірлер, кемшіліктер – бұлардың баршасын Ә.Марғұлан өте тиянақты, жіпке тізгендей етіп, ешнәрсені қалдырмай көрсетіп отырады. Сол библиографиялық сілтемелердің өзінен кейінгі зерттеушілерге жаңа қайнар көздер, мәліметтер айқындалып, ізденіс бағыттарының соны тараптары ашылады.

Қорқыт тақырыбындағы зерттеушілер ішінен Истахри (Х ғ.), Рашидеддин, Абылғазы, Ә.Навои, Ш.Уәлиханов, В.В.Вельяминов-Зернов, В.В.Бартольд, А.А.Диваев, В.В.Радлов, Г.Н.Потанин, А.Н.Самойлович, А.Ю.Якубовский, Фуат Копрюлу, Мухарем Ерган, Батгоз, Ш.А.Джамшидов, А.Рахманов секілді шетел, орыс, түрік, азербайжан, түрікпен, қазақ ғалымдарының еңбектеріне сілтеме жасалады, фактілер ескеріледі, оларда айтылған кейбір пікірлер тереңдетіледі, жаңа тұжырымдар ұсынылады, соны байламдар жасалып, өрісті қорытындылар шығарылады.

Қазақ ғалымы Ә.Марғұлан қорқыттанудың жаңа нысандарын ашты, олар атап, жинақтап айтқанда мыналар:



  • Қорқыт туралы қазақтың қария сөздері;

  • Қазақ арасында Қорқыт аңызын дәстүр етіп сақтаушылар;

  • Қорқыт бұрынғы ғалымдар мекн ақындар есінде;

  • “Қорқыт кітабының” қазақ аңыздарындағы елесі;

  • Қазақ аңыздарындағы Қорқыттың болмысы және оның жүрген жерлері;

  • Қорқыттың өліммен күресі;

  • Қазақтың халық музкасындағы Қорқыт дәстүрі.

“Қорқыт кітабының” алғаш қағазға түсуі түркі тайпаларының Кавказға көшіп барғанынан кейін болғандығы әбден дәлелденген шындық. Бірақ осы ғажайып шығарманың әуелде Сыр бойында оғыз-қыпшақ рулары арасында туғандығын, көптеген сарын мотивтердің, қоңырат, үйсін, қаңлы, қарлық секілді ел, Байбөрі, Жүгінек, Алып Бамсы (Алпамыс), Домрул (Домбауыл), Барша (Гүлбаршын) сияқты адам, Арқу (Арқа), Алатағ (Алатау), Алты ағаш, Қазылық (Қарқаралы), Қаратау, Қараспан тәрізді жер аттарының қайталануын дәйек ете отырып, академик Ә.Марғұлан көне жырдың әуелгі жаратылған ортасын ғылыми тұрғыдан толық сенімді етіп дәлелдеп береді.

Бұл ойларды орнықтыру үшін “Қорқыт кітабымен” қазақ эпосының үлгілері, жырлар, ертегілер, аңыздар, “Оғыз нама”, Орхон ескерткіштерінің мәтіндері, түрікмен фольклорының материалдары түбегейлі салыстырылады, ортақ бейнелер, ортақ сарындар, ортақ сюжеттер жинақталып көрсетіледі. “Төбекөз”, “Жалғыз көзді дәу”, әулие үңгірлерге байланысты ондаған мысалдар, тәңірлік сенімнің нышандары келтіріледі.

Оғыз-қыпшақ тайпалары жасаған қала мәдениеті, исламға дейінгі сәулет өнерінің ерекшеліктері, “дың”, “үй тас” салу дәстүрі Қорқыт жырының алғаш Сыр бойында туғандығының бір үлкен дәлелі ретінде кеңінен сөз болып, ұзақ уақыт бойы сақталып келген Қорқыт мазарының тұңғыш рет 1862 жылы түсірілген фотосы “Түркістан альбомында” сақтаулы екен. Күмбез туралы А.Грен, В.Л.Мейер, П.И.Лерх, И.В.Аничков, И.А.Костанье, П.С.Спиридонов жазыпты.

Әубәкір Диваев Қорқыт мазарына екі рет (1896, 1898) барып, қазақ қариясы Оспан Қасымовтан жазып алған аңыздардың маңызы ерекше қымбат.

Қазақстандағы жер атаулары: Сыр, Қорқыт көл, Өгізтау, Баршын көл, Ұлытау, Кішітау, Ортау, Құтты қия, Қазығұрт, Борсық құмы, Талас, Шу, Маңғыстау, Жайық, Артық, Бозоқ, Жамшы, Көкше теңіз (Балқаш), Бекежелі, ел атаулары: ақ қойлы, қара қойлы, көктен, ошақты, адай, кете, кердерілердің Қорқытқа тікелей қатысы барлығы, мұның үстіне “Қорқыт кітабының” тілдік қорындағы көптеген сөздердің, мақал-мәтелдердің қазіргі қазақ тілінде өзгеріссіз қолданылатыны ондаған мысалдармен сенімді түрде ашылады.

Кейбір ғалымдардың Сыр бойында исламға дейінгі дәуірде оғыз-қыпшақ тайпалары ортасында туған әдеби-ғылыми құндылықтарды жан-жаққа тартып, бүгінгі әртүрлі халықтарға теліп, тек қазақтарға жолатпайтын астамшыл тұжырымның түбірінен қателігін академик Ә.Марғұлан көрсетіп беріп, асыл байлықтың түп арнасы қазіргі қазақтардың ата-бабалары екендігін тарихи, әдеби, ономастикалық, археологиялық қайнар көздер, кітаптар, қолжазбалар, ауызша жеткен миф-аңыздар, эпос шығармалары, тұрмыс-салт, діни наным-сенімдер нышандары, көптеген шынайы оқымыстылардың жазған-сызғандары, тарихи құжаттар арқылы жаңа пайымдама жасап, ұлтымыздың рухани тарихының көпғасырлық шежіресін, даму, қалыптасу жолын тиянақтайды.

Көлемі жөнінен дүниежүзілік фольклордағы ең үлкен шығарма, шалқып жатқан теңіз тектес мазмұны бар ұлы эпос – “Манасты” зерттеудегі Марғұлан ізденістері бірнеше арналы салалардан құралады. Ғалым әбден қалыптасқан ғылыми ұстанымы бойынша манастануға арналған барлық зерттеушілердің еңбектерін атап, олардың ішінде көптеген Батыс ғалымдары, орыс оқымыстылары, татар, башқұрт, қырғыз білімпаздарын көрсетеді.

Жомықшылардан мәтіндерді жазып алу, олардың сапалық деңгейі, жырдың алғаш шыққан уақытына байланысты пікірлерге көзқарасты топтап, жинақтап барып, өзінің толымды тұжырымдарын ұсынады. Марғұлан “Манас” жыры Алтын Орда дәуірінде, қалмақ шапқыншылығы кезінде туған деген байламдардың терістігін дәлелдеп көрсетеді. Ол уақыттар шындығы эпостың көне заманда туған нұсқасына кейінгі жомықшылар қосқан жапсырма, қосымшалар екендігін жақсы айқындаған.

Қазақстан тарихы, оның ескі қалалары, Шоқанның бес томдық академиялық шығармалар жинағын шығару мақсатымен толып жатқан архивтердің мың сан қойнауында шаң жұтып, бел ауыртып, көз талдырып, жылдар бойы талмай еңбек еткен Марғұлан қазақ, түркі фольклорына тығыз байланысы бар, қолжазбалар, кітаптардың бұрын ғылымға белгісіз болып келген құжаттардың жұмбақ аралдарын ашып, оларды ғылыми айналымға енгізіп, алғаш рет сол әдебиеттерді, әртүрлі әліпбимен түсірілген, көне жазуларды ажыратып оқып, оларға жинақтаушылық, мәтіндік сипаттамалар берді.

Осы бағыттағы үлкен олжаның бірі – ғылыми ортада жоғалып кетті, енді мүлде өлдіге саналған Шоқан қағазға түсірген “Манас” жырының вариантын Марғұланның тауып, кітап етіп бастырып, сол нұсқаға негіздеп сараптама талдау жазуы еді.

Алдымен Шоқанның фольклор жинау, жазып алу, бағалау ізденістерін, қырғызға бару сапарлары туралы кеңінен баяндап алып, “Манас” эпосын айтушылармен қашан, қалай кездескенін толық баяндайды. Ұлы жырдың тұңғыш қағазға түскен нұсқасының қағазы, оның сапасы, жазуды кім жазғаны, Шоқан қолымен түскен өзгерістер, белгілер, қазақша, орысша берілген түсініктемелер, салыстырулар, анықтамалар-осылардың баршасы кеңінен сарапталады. Тұтас текстологиялық анализ бар. Осыдан кейін “Манастың” Радлов және басқалар жазып алған, жомықшылардың бірнеше буыны айтқан нұсқаларындағы сюжеттерді, композицияны, бейнелер жүйесін, тарихи оқиғаларды, ономастикалық атауларды, наным-сенімдер, тұрмыс-салт көріністерін кеңінен салыстыру жасау арқылы Шоқан нұсқасының ең көне, ең таза формадағы вариант екендігі дәлелденеді.

Жырдағы ғұн-сақ-үйсін дәуірлеріндегі аңыздарды, мифтерді, дүниетанымды, көне қырғыз өмір салттарын, батырлықтың қалыптасуын, ас беру, ұлы көштер суретін, өмірмен қоштасу, аманат, өсиет айту, өлік жөнелту көріністерін академик Марғұлан ғылымда әбден мойындалған ұлы туындылар “Қорқыт кітабы”, “Оғызнама”, Орхон-Енисей ескерткіштері, қазақ фольклорындағы әуен, сарындармен, идея, ойлармен сабақтас қарап, олардағы егіз, ұқсас ағыстар, көркемдік жүйелерді ашып, төркіндес бейнелердің тұтас тобын ажыратып, түркілік фольклор, әдебиеттегі мыңжылдықтар бойы үзілмей, жалғасып отырған дәстүрлер сілемі бар деген өнімді, кұнарлы ой қорытады.

Тұтастай алғанда, әдебиеттану, фольклортануда деректер, мәтіндердің шалқар дариясына мол энциклопедиялық біліммен терең теориялық саралау жасап, кең арналы мектеп қалыптастырған академик Әлкей Марғұланның ғылыми тағылымының нысанасы биік, өресі кең, болашағы зор.
2004.

ЕНШІ

«Қазақта езуінен енші берген» деген бір жақсы сөз бар. Енші – отау болғанда ата-анаңнан алған мал-мүлік, дүние-пұл ғана емес, маңдайыңнан сипаған жылы алақан, бәйгеге түскенде қиқу салған демеу, тарыққанда аузыңа тамызылған бір жұтым су. Соны жасаған адамдарды көзің жұмылғанша ұмытпай, құрмет тұт, балам!



(Әке өсиетінен)

КҮТПЕГЕН ӘРЕКЕТ

- 1 -

Мүсілім Базарбаев М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына екінші қайтара директор болып қызметке тағайындалғанын естігенде, мың аса қуана қойған жоқпын. Кездескенде сұлу-сыпайы амандасқанымыз болмаса, арамызда қарым-қатынас аз. Бір мекемеде қызметтес болған емеспіз. Ол өз қатарының ішінде ерте атқа мінген, Мәскеуде қоғамдық ғылымдар академиясын бітіріп, сол жақта кандидаттық дәреже алған, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде істеген, Әдебиет және өнер институты директоры, одан кейін мәдениет министрі. Осындай мансаптарға тым ерте жеткен. Біз болсақ қатардағы көгенкөздің біріміз. Екінші жағынан, менің ұстазым Бейсенбай Кенжебаевты, ғылыми кеңесшім Мұқамеджан Қаратаевты ұнатпайтыны белгілі. Мұның үстіне мені қолдамайтын кейбіреулермен жақын аралстығы тағы бар.

Осыларды еске түсіріп, Мүсілім Базарбаевтың директор болып қайта келуіне іштей қарсылық жасағаным бар-ды. Бір күні сол ұнатпаған адамым мені қабылдауға шақырды.

Директордың кең, биік, қоңыр салқын кабинеті. Қаршығадай жып-жинақы Мүсілім отыр. Шашы аппақ күмістей болып кеткен екен. Өңі жылы. Амандық-саулықтан кейін неге шақырғанын айтты. Директор сейфін ашса, көп қағаздың, құжаттардың арасында менің докторлық диссертациямның қолжазбасы бар екен. Оқып шығыпты. Ұнатыпты. Содан соң сөз сырын айтты.

–Біз де қуғынды көргенбіз. Авторефератты таратып, ертең қорғағалы тұрғанымда Ғылыми Кеңес мүшелері өзгертіліп, маған қарсы адамдар қосылды. Егер қорғауға барғанымда масқара етіп, қор етіп, қара шарларын тастап құлатып жіберетін еді. Сондықтан өтініш жазып, өз еркіммен қорғаудан бас тарттым. Араға уақыт салып, Мәскеуге барып қорғадым ғой. Бәрібір артымнан арызды қарша боратты ғой ағайындар. Әйтеуір құдай сақтап жанымыз аман қалды, – деп күлді. Суық күлді.

Кішкенеден кейін сөзін қайта жалғап:

–Сенің жұмысыңның түбіне де арыз жеткенін білем. Жалпы арыз дегенің дыбысы етсілмейтін мылтық қой. Оның талай зардабын көрдік. Бірақ шыдамасқа болмайды. Қай иттің аузын жабасың, – деді.

Біраз үндемей отырдық. Мүсілім тағы сөз сабақтады.

–Бізге жаңа қолжазба тапсырғаныңа да екі жыл болыпты. Неге талқыланбаған? Кеңес қарамай ма? Бұлай созуға болмайды ғой.

Осы жерге келгенде мен басымды көтеріп алып, Мүсілімнің көзіне қарадым. Адал көздер екен.

–Оны осы академияның мықтыларынан сұрамайсыз ба? Мені болсын деп жүрген кісіні көргем жоқ. Бес жыл Алматы-Мәскеу арасында сандалдым. ВАК-қа әне шақыру, міне шақыру, әне бекідің, міне бекідің деген дақпырт, ақырында “ұлтшыл, алашордашыл әдебиетті мадақтаған, саяси қатесі бар” деген айыптаумен бекітпеу. Ол соққыдан оңалу оңай ма? Тағы үш кітап жаздым. Шығару қиындығы өз алдына. Жаңа диссертация қолжазбасының осында жатқанына екі жыл. Қорғамаған адам өлмес, қолжазбаны қайтарып беріңізші, – дедім.

Мүсілім күреңітіп кетті.

–Жоқ, олай болмайды. Келесі Ғылыми Кеңес талқысына салдырам, – деді.

Айтқан уәде бойынша М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми Кеңесінің мәжілісіне мен де келдім. Ол кезде институт қабырғасының бүтін кезі. Ақсақал, қарасақалдар түгел отыр. М.Қаратаев,Ә.Тәжібаев, Ә.Шәріпов, Е.Лизунова, Л.Әуезова, З.Ахметов, М.Дүйсенов, Б.Наурызбаев, Ә.Нарымбетов, М.Дүйсенов, Р.Бердібаев, О.Нұрмағамбетова, М.Атымов, Т.Әбдірахманова, М.Хасенов, Е.Ғабдиров, С.Сейітов, Б.Құндақбаев т.б. Бұл жолы институт директоры Мүсілім Базарбаев қатты кетті.

–Нұрғалиев деген менің екі туып, бір қалғаным емес, елдесім де, жерлесім де емес, қызметтес те болған емеспін. Қажет десеңіз оның ғыыми жетекшілері Кенжебаев, Қаратаевтармен көп нәрседе пікірлеріміз шалғай. Осы жігіт ұзақ жылдар неге зорлық көруге тиіс? Жақсы жазылған докторлық диссертациясын саяси айып тағып, арыз жазу арқылы құлатқан қазақтар, өзіміздің әдебиетшілер, оны Мәскеуден көрудің қажеті жоқ. Өткенге – салауат. Осы жігіт әрі қарай еңбектеніп, қазақша екі, орысша бір монография шығарған, жаңа еңбек жазған. Қолжазбасын бізге тапсырғанына тағы да екі жыл өткен. Неге қарамайсыңдар? Неге талқыламайсыңдар? Қырғыздан не өзбектен біреу келсе, ләббай тақсыр деп шыға келесіңдер, өз адамдарымызға неге дұрыс қарамайсыңдар? Ақсақалдарды айтпай-ақ қояйын, ал осы Нұрғалиевтен кейін қорғап, докторлық диплом алғандар, біздің еңбегіміз мұныкінен артық еді деп айта аласыңдар ма? Айта алмайсыңдар, – деген кезде отырғандар қандар ішіне тартып, сазарып отырып қалды.

–Талқылансын, – деді бірінші болып Мұқаметжан.

–Қарайық, – деді Әбділда.

–Қолдаймыз, – деді Әди.

–Надо обсуждать, – деді Евгения.

Сыртқа шығып бара жатқан Мырзабек Дүйсенов құлағыма сыбырлады:

–Мүсекеңнің тілін қалай тапқансың? Енді жолың болады, – деді.

Мырзабек біледі екен, айтқаны келді. Кешікпей талқылау болды, қорғадым. Үш айдан кейін докторлық диплом алдым.



- 2 -

Бірталай жылдар өтті. Мүсілім Базарбаев директорлықты тапсырып, бөлім меңгерушісі болды. Еңбегімнің аяғындағы кісенін шешіп, шынжырын түсірген ағалық, достық, азаматтық әрекетіне қатты разы болып, кейін араласа бастадық. Бір рет Гүлбаршын жеңгеміз бар, аға досы Әлжаппар Әбішев бар дастарханымнан дәм татты. Бірақ етене сырлас, көңілдес-жақын болып кеткен жоқпыз. Арамызда бір-бірімізге деген сабырлы құрмет қалыптасты. 1988 жылы әдеби-сын трилогиям Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда “Лениншіл жас” газетіне қолдау мақала жазды. Қолын қойып берген түпнұсқасы менде сақтаулы.

Бір кезде университетте алдымызда оқыған Ауған соғысына қатысқан, қиын тағдырлы жігіт Сұлтанхан Ақұлұлы Мүсілімнің бөлімінде істеді. Әдебиет және өнер институтының бағдарламалары және жоспарлы сапарларымен Қазақстан, Ресей архивтері, кітапханаларынан Әлихан Бөкейханның шығармаларын жинап әкеліп, сол тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Алаш серкесінің еңбектерін бастыру мүмкіндігін іздеп Сұлтанхан Қазақ энциклопедиясының бас редакторының есігін ашты.

Мен материалдарды сол уақыттағы Баспасөз Комитетінің төрағасы Алтынбек Сәрсенбаевқа оқып шығуға бердім. Әлиханның тарихи, экономикалық, әдеби, геосаясаттық еңбектерінің бүгінгі күнгі маңызын бірден түсінген жас басшы мәселені қолма қол шешіп, кітап шығаруға арнайы қаражат бөлдірді.

Әлихан Бөкейханның бұл таңдамалы еңбектерін іріктеу, дайындау, редакциялау үшін энциклопедиялық принциптерді қолдандық. Көптеген суреттер, схемалар, құжаттар, библиографиялық көрсеткіштер берілді. Кітаптың баспалық безендіруіне ерекше көңіл аударылды. Тараулар, бөлімдер композициясы ойластырылды.

Осы әрекеттердің үстінде жас әдебиетші Сұлтанхан мен доктор Базарбаев қатар жүрді. Екеуі бірігіп жазған кіріспе мақалаға менің атымды қосуды ұсынды. Әлихан Бөкейхан еңбектерімен толық танысқаннан кейін мен өз тарапымнан зерттеу жаздым. Оны оқып шыққан Мүсілім:

–Көп еңбек етіпсің. Сенің зерттеуіңді біздің мақалаға қосып жіберу обал болады. Біздікі – алғысөз, сенікі – соңғысөз. Мен ешқашан өзім жазбаған нәрсеге қол қойған адам емеспін, – деді.

- 3 -

1988 жылы Оқу министрлігі Қазақ әдебиетінің ІІ класқа арналған оқулығына конкурс жариялады. Хасен Әдібаев, Мүсілім Базарбаев, Зейнолла Қабдолов және мен бір топ болып жоспар жасап, ақылдаса отырып, бір-біріміздің қолжазбаларымызды оқып, еңбекті әдістемелік әрі стильдік ортақ жүйеге түсіріп, ұжымдық оқулық жасадық. Мүсілім ертеден оқулықтарға автор болған, төселген әдістемеші. Сондықтан ол кісіге “Жамбыл”, “Соғыс кезеңі мен онан кейінгі жылдардағы әдебиет”, “Сәбит Мұқанов” бөлімдерін жазу қиынға түскен жоқ.

Оқулықтың жаңа басылымы шығар алдында бас қосып, кейбір өзгерістер енгізіп, қосымша кіргізу әдетіміз бар еді. Қытаптың үшінші басылымын талқылап отырғанбыз. Бір кезде Мүсілім бәріміздің бетімізге қарап алды да, күлімсіреп барып сөз бастады:

–Кезінде мен Шәкәрім, Мағжан үшін таяқ жеген адаммын ғой. Солардың есесін қайтару үшін көбірек әрекет еткім келеді. Реке інім Мағжан туралы сенің жазғаның оқулыққа екі рет басылды. Мен ешқашан өтірік айтпайтынымды бәрің де білесіңдер. Менің жазғаным сенікінен артық болғандықтан емес, Мағжан туралы менің сөзім де оқушыларға жетсін. Сол тарауыңды маған қишы. Мағжан туралы мен жазған тарау келесі басылымға кірсінші, – деді.

Келістік.

Осы әңгімеден кейін Мүсілім Базарбаев көп ұзамай дүниеден өтті.



1997.

МЕНІҢ ПРОФЕССОРЫМ

Баспасөз министрлігінің мәселе шешетін ең жоғарғы органы – коллегия мәжілісі. Сол бас қосуға барлық баспа директорлары, бас редакторлары, баспахана директорлары, кейде жетекші мамандар шақырылады. Кітап шығару ісінің бүге-шігесін білетін, шаруашылық мәселелерін бақайшығына дейін шағатын кәнігі редакторлар, баспагерлер, инженерлер, экономистер көсіліп сөйлеп кеткенде, бір төбенің шаңын бір төбеге қосады. Дайындалған мәтіндердің сапасы, көркемдік, ғылыми деңгейі туралы сөздерді ұғып, біліп отырғаныңмен, өндірістік мәселелер, баспахана жағдайлары, қағаз, бояу, желім, қатырма, олардың түрлері айтылып жатқанда, кейде түсініп, кейде түсінбейсің. Баспагерлік мамандықтың арнаулы оқуларын бітірген, осы салада ұзақ жылдар істеген Маляр, Шостак, Римель, Белиловский дегендер сайрағанда, оларға ілесер бір-екі-ақ қазақ бар. Біреуі - Әнуарбек Тілеулесов, газет-журнал баспасының директоры, Мәскеуде баспагерлік институтын бітірген маман, екіншісі – «Қайнар» баспасының директоры Хайдолла Тілемісов, журналист. Екеуі де қарасаң көз тоятын нартүйедей жігіттер.

Осындай мәжілістерде саңырау кісіге ұқсап отырмау үшін мамандардың кеңесімен арнаулы әдебиеттерді алдырып қарауға тура келді. Баспахана техникасы, кітап шығару технологиясы, өндіріс экономикасы – мұның бәрі ұшы-қиыры жоқ мол дүние екен. Бірін біле бастасақ, екіншісі, үшіншісі шығады. Таусылмайды.

Негізінен мемлекет екі тізгін, бір шылбырды өзі ұстап, қажетті қаржыны пышақ үстінен бөліп беріп, нені, қашан, қанша шығаруды жоспарлап, қадағалап отырса да, баспалар ісіне нарық ызғарының лебі жете бастағандығы шаруашылық есеп, өнімнің өтуі, қызметкерлер санын ықшамдау сияқты талаптардан байқала бастаған кезеңнің сырын баспа директорлары ішінен алғаш ұққан адам – Хайдолла Тілемісов екінші қатардағы, аса сұранысы жоқ ауыл шаруашылығына арналған кітаптарды бастыру ісінің өзін дөңгелетіп әкетті. Қазақстан ғана емес, Одақтағы ең үздік баспалар қатарына шығарды. Табыс табудың көздерін ашты; еңбек ұйымдастырудың тиімді жолдарын көрсетті; қызметкерлерді ынталандырды. Ең жоғары еңбекақыны қайнарлықтар алды; сыйлық үстіне сыйлық; асханадан тегін тамақтану; Қапшағайда өз демалыс үйі бар.

Осы істердің сырын білмек оймен Хайдолла Тілемісовтің жұмыс орнына әдейі бардым. Кіреберіс жайнап тұр. Еденде кілем, есік-терезе, қабырға – бәрі жарқыраған. Хатшы қыздың құрал-саймандары, телефоны, столы – бәрі әдемі.

Көп тостырған жоқ, Хайдолла өзі есік ашып кіргізді. Кабинеті министр кабинетінен кем емес, тіпті артық десе де болады. Сапалы, сәнді мебель. Қымбат диван, кресло, кітап сөресі, оның ішінде өз баспасының өнімдері. Шәй іштік. Көп сөйлестік:

- Хайдеке, осының бәрін қайдан білесіз?

- Бүкіл тіршілігің осы іске байланысты болған соң, білуің керек.

- Басқа директорлар неге мұнша білмейді?

- Не деуге болады? Олар да білетін шығар. Дегенмен баспагерлік олардың бас шаруасы емес қой. Біреуі – жазушы, біреуі – аудармашы, біреуі – идеолог, біреуі – журналист. Менің көп жылғы өмірімнің мәні – баспагерлік. Шынын айтқанда баспасыз өмірімді елестете алмаймын.

Сол күннен бастап Хайдолланың құлағынан тыныштық кетті. Өз еркінен тыс біздің кеңесші, ақылманымызға айналғанын білмей қалды. Бір жолы:

- Баспа шығарған кітаптың бәрі пайда әкеле алмайды. Жақсы, сапалы, керекті кітаптың өзі көп таралмауы мүмкін. Кейде бір кітап он кітапты, тіпті жүз кітапты асырайды. Мәселен, жылда шығатын «Ауыл кеші көңілді» деген ән текстері кітабы – малтапқыш кітап, - деді.

Біз де ойландық. Көпшілікке жазылу арқылы тарайтын энциклопедиялық томдар пайда әкелмейді, кеткен шығынды өтесе шүкіршілік етесің. Дайындалып жатқан бір еңбектің аты келіспеді: «Үй шаруашылық энциклопедиясы». Кісіні тартпайды. Көп ізденістен кейін аты табылғандай болды: «Шаңырақ. Үй-тұрмыс энциклопедиясы». Әдемілеп безендірдік. Жақсы суреттер бердік. Осы кітаптың 100.000-дық тиражы қолма-қол тарады. Бірнеше рет басылды. Кітап Ресейге, Өзбекстанға, Қытайға, Түркияға сатылды. Энциклопедияның қаржысы көбейді: қызметкерлер жоғары жалақы, сыйлық алды.

Сол кезде бірінші болып қатты қуанған Хайдолла Тілемісов:

- Ұстаздан шәкірт озды деген осы. Сендер табыс жөнінен «Қайнардан» асып барасыңдар. Жарайсың, - деді.

- Менің профессорым үйреткен ақылдың арқасы ғой.

- Қайдағы профессор? Университетте сырттай оқып бітірген адамды профессор деп мақтағанды сенен көрдім.

- Профессор, нағыз баспа ісінің профессоры сіз емессіз бе? Мына көрші Қытайда ғылыми баспада 10 жыл істеген редакторға – доцент, 20 жыл істегенге – профессор атағын береді, оны білесіз бе?

- Мынауың жақсы дәстүр екен. Сонда анау Мұқан Мамажанов, анау Әбілмәжін Жұмабаев, мына мен шынымен профессор болғанымыз ба? – деп рахаттанып күлген болатын.

Әртүрлі іссапарларға да бірге шықтық. Әсіресе Мәскеу қаласында жылда өтетін Халықаралық кітап жәрмеңкесіне көп бардық. Әр баспа көрмеге жеке дайындалады; апаратын кітаптарын іріктейді, жарнамалар жасайды, келімді-кетімді қонақтарға дәм-тұз, арақ-шарап әзірлейді. Сол кезде ең салатанатты павельон, ішіп-жемі ең мол дастархан «Қайнар» баспасыныкі болушы еді. Қазақ кітаптарын басқа тілдерге аудартып бастыру, өзге тілдерден қазақша аудару келісімдері жасалады. Ескі таныстар, байырғы достар бас қосады. Әлемдік кітап шығарудың соңғы жаңалықтарымен танысасың. Осы кездесулерде Хайдолла Тілемісов кез келген елдің баспагерімен қай мәселе төңірегінде тең сөйлеседі.

Бейімбет Майлиннің туғанына 100 жыл толғанына орай Қостанайда өткен тойда Хайдолламен бірге болдық. Сол кездегі облыс әкімі Балташ Тұрсынбаевтың қонақтарды түгел арнаулы автобустарға тінгізгенін жаратпай Ғафу ақын:

- Жеңіл мәшине қүрып қалған ба? Мақтап жүрген батырың бәрімізді бір қораға қамады ғой, - дегенінде, Хайдолла:

- Сабыр ет. Бұл Қостанайдың жағдайы басқа екенін өзің де білесің ғой. Өзімізден өзгелер көп. Солар өрекпімесін деп ойлаған шығар, - деп басу айтты.

Бейімбет ауылына жеткенде таңқалмаған кісі қалған жоқ. Мыжырайған жер кепе, құлаған қораларды бір күнде итеріп, күреп тастап, тыңнан ақшаңқан ауыл көтерілген. Кірпіштен салынған үйлер кең аула, қора-жай. Жарықрап тұрған мектеппен медресені көргенде Хайдолла Ғафу ақынға:

- «Волга» мініп келіп, тау-тау ет жеп, шелек-шелек арақ ішіп, ұзақ-ұзақ сөз сөйлеп, түк белгі қалдырмай той өткізген қандай, автобусқа отырып келіп, мынадай шаһар тұрғызылғанын көрген қандай, - дегенде, есті ақын сөзге тоқтап:

- Бәрекелді. Әрбір тойдан осындай белгі қала берсе, құдай риза, біз риза, - деді.

Қостанайға қайтып келген бетте Хайдолла бірнеше адамды туыстарының үйіне қонаққа шақырды, ішінде мен де бармын. Кең дастархан, ақ пейіл, тамаша отырыс. Әсіресе Ғафу ақын ерекше көңілді отырды. Өзі сүйіп айтатын әндерді тартынбай-ақ салды. Оның ішінде Қасымның «Дариға, сол қызы» да бар. Домбыра Хайдоллаға ұсынылды.

Ол әуелі шертпе күй әуендерін тартыңқырап отырды да, артынан ән сала бастады. Бірі-бірінен өткен сұлу әндер, таныс сарындар төгілді. Хайдоллада мұндай биік дауыс, жақсы өнер бар деп тіпті де ойламаған екенмін, таңғалып отырмын. Біраздан кейін көпшілікке беймәлім терме, толғау үлгісіндегі әуездерді сорғалатты.

- Ойбай-ау, баспа директорының ішінде бір халық артисі өліп жатыр екен ғой, - дедім. Ғафу жалт қарады:

- Сен білмеуші ме едің? Бұл ағаң соғыстан кейінгі жылдарда Қостанай филормониясында әнші болған ғой. Сұлу қыз, сұлу келіншек бәрі соңында жүрген. Ал жүз жігітке қарамаған, паң сұлу қазіргі жеңгеңді Хайдолла осы ғажап әншілігімен жүгендеген, - деп қалды.



2003.

МИНИСТРДІҢ ШЕШІМІ

Телефондағы Әділ деген жігіт өзін жоғары білім министрі Тұрғанбек Катаевтың көмекшісі екендігін айтып, мені қабылдауға шақыратынын хабарлады.

Сақал-мұртты басып, барымды киіп, бақанымды таянып дегендей күйде уәделі уақытында жеттім.

Дәл айтылған уақытта кіргізді.

Министрді бұрын сыртынан көргеніммен, қол беріп амандасқан, бір-екі ауыз сөзбен тілдескен кісім емес. Ол кезде теледидардан лауазымды қызметкерлердің көрінуі сирек, жүрген-тұрғандарының бәрі есепте, сондықтан сауысқандай сақ, аяқтарын аңдып басады, екі елі ауызда – бір елі қақпақ; қазіргілер ғой жарнама десе ішкен астарын жерге қояды, ауыздарынан сөздері түсіп тұрса да, экранға жүгіреді, құлаш-құлаш сұхбат беруге әуес.

Министр орнынан тұрып келіп, кабинетінің орта тұсында қол беріп амандасып, ұзынша столдың басына барып, қасына мені жайғастырды.

Ол маған, мен оған сынай көз тастап, бір-бірімізді барлағандай болып өте сақ күйде отырмыз. Артық салмағы жоқ, қағылез, ширақ кісі сабырлы күйде сенімді сөйлеп, әңгімені алыстан орағытып бастап, үй-ішімді, әке-шешемді сұрап барып, өзіне жақын тарта бастады.

Қысқа, нақты жауап бере отырып, ішімнен «осы кісі мені неге арнайы шақырды? Неге әр шөптің басын бір шалады?» деп ойлаймын. Балаларымның қазақша оқитыны сөз болғанда, № 12 мектептің жалпы жағдайы, білім беру сапасы, түлектерінің болашағы туралы бірталай сөз айтылып, түбінде Алматыда осы тектес мектептерді көбейту – ұлт мүддесін шешетіндігі туралы ойларымыз тоғысып кетті. Осыдан кейінгі әңгімеде министр таяуда Нарынқол, Кеген жағын аралағанын, сонда 16-жылғы Албан көтерілісіне байланысты жерлерді көргенін, ел аузындағы аңыз сөздерді естігенін, содан кейін М.Әуезов «Қилы заманын» қайталап оқығанын, екеуі бірін-бірі толықтыра түсетінін айта келіп, бетіме қарады да:

- Сенің «Қазақ әдебиетінде» ертеректе шыққан мақалаңды оқып разы болғанмын, - деді.

Одан бері 15 жылдан астам уақыт өткен. Сол кездегі партия қызметкері түгіл, әдебиетшілер де ұмыта бастағандай болып, өздерін Әуезовтің бірден-бір ақтаушысы, бірден-бір шәкірті деп жариялап жүрген уақытта, жоғары білім министрінің мына сөзі мені таңқалдырды. Әуелі сенбегендей раймен бетіне жалт қарап, содан кейін барып:



  • Көп қиындықты сол мақала бастап берді ғой, - дедім.

  • Қандай қиындық?

  • Жазушылар Одағынан жұмыстан кеттім.

  • Ол қиындық емес қой.

  • Кандидаттық диссертация кейінгіге шегерілді.

  • Ол да қиындық емес.

  • Әрине қазір өзім де оларды қиындық санамаймын. Ал лапылдап тұрған жас кезде, ол – қиындық. Шауып келе жатқан ат үшін ол мәреге таянғанда тұяғына тиген оймақтай тас та қиындық.

  • Соңғы сөзіңе қосылуға болады, - деді министр қабағын түйіп.

Бір-екі рет телефон шылдырлады. Оны алған жоқ. Хатшы қыз шәй әкеліп кетті.

Әңгіме тағы жалғанды. Іштей ойлап отырмын: «Осы кісі маған не айтпақ? Әдебиеттен хабары мол екен. Әлде өткен өмірі жайлы естелік-мемуар үлігісіндегі бір нәрсе жазды ма екен? Бауыржан, Әди, Қасым, Тоқтағалы сияқты деректі шығарма тудырды ма? Соны қарап, тігісін жатқызып бер дер ме екен? Мені таңдау себебі не? Тоқ етерін бір-ақ айтпай ма?»

Сөз сорабы жоғары оқу орындарының басшылығы, көп жерде әлсіз адамдардың отырғандығы, бірталай кадрлардың егде тартып кеткеніне ойысқаннан соң «осы кісі мені біржаққа қызметке ұсынғалы отыр ма деп» қауіптенуім шынға айнала бастады.


  • Докторлығыңның жағдайы не болды? – деді.

Ол кезде мен үшін ең ауыр, ең жаман сұрақ осы. Жараның аузын қасығандай. Аяқпен шоқ басқандай.

  • Бекіді ме?

  • Бекіген жоқ.

  • Не себептен?

  • Орнымызды басады, тіпті алдымызға түсіп кетеді деп есептеген қызыл көз, қызғаншақ, арызқор ағалардан сұраңыз оны.

  • Кімдер олар?

  • Бір мүшел үлкен ағалар.

  • Екі мүшел үлкен ағаларың ше?

  • Олардың қамқорлығын, тілеулестігін өкшелерін басқан інілерінің жауыздығы жеңді.

Қаттырақ, ауырырақ айтып жібергенімді енді сездім, министрдің танауы қусырылып, өңі қуқыл тартып бара жатты.

- Сол екі мүшел ағаларыңның жақсылығын мен жалғастырайын, - деп шақырдым сені, інім, - дегенде аңтарылып қалдым. – Сені Семей педагогика институтына ректорлыққа ұсынғалы отырмын.

Түсімнің өзгеріп кеткенін аңғарып, қуанды деп ойлаған болу керек, сөзін тездетіп жалғастырып жатыр:

- Ректор деген үлкен мансап. Көңілің өседі.

Әлі жассың. Қайта қорғайсың. Дұшпандарыңның қышуы қанған болар, - деп сөз аяқталғандай райға ауысқанда, мен тулап кеттім.

- Бұл мүлде ретсіз ұсыныс. Мен бір күн не декан, не кафедра басқарған адам емеспін. Осы жасыма дейін білгенім кітап оқу, жазу, ұстаздық. Мансап десе түнде ұйқысынан шошып оянатын, талай өткір, пысық, ширақ, жақсы мамандар бар. Солардың ішінен іздеу керек ректорды. Менің қол-аяғымды байлап апарсаңыз да, ондай қызметке отырмаймын. Өйткені педагогтік, ғылыми, қызметтік тұрғыдан қақым жоқ. Ең бастысы құқым жоқ, дайындығым жоқ.

Министр кекесінмен күлді:

- Ондай қызметке қолқа салып, ағайынды жүгіртіп, айла-шарғы жасап, түлкідей бұлаңдап, бөденедей жорғалап, асты-үстіңе түсіп, өмір-бақи қызметіңде болам деп ант-су ішетіндер әрең жетіп жүргенде, сен Сібірге жер аударылатындай азар да безер болдың ғой. Ұсынысты қайтып алам, - деді.

Соншалықты еркелетіп тең сөйлесіп отырған үлкен ағаны ренжітіп алғандай күй кештім. Ол сәл ойланып отырды да:

- Пәтер жағдайың қалай? – деді.

Жауап бердім.

Тағы да аз-кем үнсіздіктен соң:

- Мен сенің пәтеріңді алам. Оның есесіне министрлік салып жатқан үйден төрт бөлмелі үй берем, - деді.

Бұл неғылған жерде жатқан батпанқұйрық деген сыңайда бетіне қарап едім, ол:

- Екі мүшел үлкен ағаларыңның тағы бір жақсылығын көр. Жаңа пәтерде жаңа игіліктер келсін, - деді де сөзді доғарды.

Министр Тұрғанбек Катаевпен болған осы әңгімеден кейін мен 1981 жылы төрт бөлмелі жаңа үй алдым. Расында іші құтты болды: бала-шағам өсті, кітаптарым шықты, доктор, профессор, декан, Қазақ энциклопедиясының Бас редакторы, Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі болдым. Мемлекеттік сыйлық алдым.



2004.

ТҮНГІ ҚОНАҚТАР

Үшеуміз. Үлкеніміз - Амантай Сатаев. Драматург – жазушы. Ұзын шашын шалқасынан қайырған, кісіге күлімсіреп қарайтын, екі иығына екі кісі мінгендей деп мақтайтын дәудің өзі, шойындай ауыр қолдарымен бір салып қалса, кез келген адамды шөке түсірер еді. Мінезі жұмсақ, ешкімге әлім жеттік жасамайды, ой қуатын да, бой қуатын да бүгіп қалып, кімді де болсын еркелетіп отырады. Адамды кемсітпейді, кекетпейді, қорламайды.

Ортаншымыз – Рамазан Тоқтаров. Романист – прозашы. Бұл да иықты, мойны жоқ десе де болады. Қап-қара шаштары бұйра-бұйра болып, кейде иығына дейін төгіліп жүреді. Аяқ астынан шар етіп күліп жібергенінде, тосын адам шошып та қалуы ықтимал. Әсіресе біреудің кемшілігін, білместігін көргенде үндемей қалу, кешіре салу деген жоқ. Не бетіне айтып салады, өзі жоқ болса, сыртынан сөз етуден де қашпайды. Олқылық атаулыға шегі қатқанша, санын шапалақтап, айқайлап тұрып күліп, өзінің де, өзгенің де айызын қандырады. Оған ілесіп, қалай мәз-мейрам болып отырғаныңды сезбей қаласың.

Алматыдағы опера және балет театрының қарсысындағы әйгілі қонақүйдің үшінші қабатындағы үйреншікті жерімізде ұзақ отырып қалталарымызды түгел қағып бітіріп, одан кейін таныс сатушыға қарызға батып, буфет жабылатын болған соң, бір-бірімізді қимай, олай-бұлай айналсоқтап жүріп, үйді-үйімізге де қайтпай, таусылмайтын әңгіменің қызығы да аяқталмай, бойдағы қызу да басылмай тұрған бір сәтте Амантай:

- Әй, шалдар, маған бір идея келді, - деді.

- Қандай идея? - дедік екеуміз бірдей.

- Айтқаныма көнсеңдер...

- Көнейік.

- Иә, көнейік.

- Ендеше мен сендерді бір жерге қонаққа апарам.

Қайда барамыз, оны сұрамайсыңдар. Уәде ме?

- Түн ортасында қайдағы қонақ?

- Келіншектердің біреуінің үйіне апарсаң, жақсы болар еді.

- Ал, кеттік.

Жүріп келеміз. Көлік тоқтайтын түрі жоқ. Оған төлейтін тиынымыз да жоқ. Күләш Байсейітова көшесімен төмен түсіп, консерваторияға таяғанда, солға бұрылып, тартып келеміз. Көп жүрген де жоқпыз. Кімнің үйі, қайда барамыз - әлі белгісіз. Сырттағы жұрт Актерлер үйі деп атайтын ғимаратқа келіп, жоғары қабатқа көтерілдік. Амантай қоңырауды шырылдатып тұрып басты. Бірталайға дейін жауап болмады. Тағы зарлатып басты. Ар жақтан жақтырмай келе жатқан адамның дыбысы білінді. Шаңқ ете түскен әйел дауысы естілді:

- Бұл кім екен? Кім? Кто там? Вам кого? Так поздно...

Кінәлі адамдай дауысын жұмсартқан Амантай:

- Бұл біз ғой, біз, жеңгей. Мен – Амантай Сатаев.

Ауыр есік сықырлап ашылып, аржағындағы әйел жүзіндегі әбігер мен үрейін тез басып, бойын оп-оңай жинап, өзгерген қалыппен:

- Қорқып қалдық қой. Осыншама кештетіп... Мезгілсіз уақытта... Тым болмаса телефон соға салмадыңдар ма? – дегенде ғана Шахмет Хұсайынов пен Бикен Римованың үйіне келгенімізді біліп, әрі қысылған, әрі ұялған кейіппен Амантайға жақтырмай қарадық. Ештеңеге сасатын түрі жоқ сары дәуіміз ыржиған болады.

Дәлізде туфлилерімізді тастап, сырт киімдерімізді шешіп үлгергенімізше, бөлмелердің шамдары жарқ-жұрқ етіп жана бастады. Үстіне жеңілдеу шапан, қолында таяғы бар Шахмет ағамыз аузын ашып, көзі күлімсіреп, бізге қарай аяқ басты. Түрі жүдеулеу екен.

- Оу, серілерім-ай, серілерім. Сен, Бикен, қызық екенсің. Маған отыз жыл қатын болғанда, сонша жыл актриса бола жүріп, әлі күнге дейін серілік табиғатын түсінбепсің-ау. Телефон соғу, күні бұрын хабар беру-ол анау Тәжібай баласы секілді шал-шауқандардың әрекеті емес пе? Сал-серілер қашан хабар беріп, ауыл-ауылға барушы еді? Оу, Бикен, баяғы серілерді айтпай-ақ қой, бүгінгі заманның серісі хабар беруші ме еді – деп өзі жазған көп пьесалардың бірінен монолог оқығандай мәз болған, қуанған күйде Шахаң бірімізден соң бірімізді құшақтап, шопылдатып бетімізден, тіпті шүршитіп ернімізден сүйіп, біздің келуімізді асыға, сағына күтіп отырғандай болды да қалды. Дереу залға қарай шақырды. Алғаш сәттегі қысылып-қымтырылған күйіміз, ұялғандай болған қалпымыз мынадай сөздерден кейін қолма-қол айығып, бойымыз жазылып, өзімізді еркін сезіне бастадық. Сонда да болса, Рамазан ұшқырлығына басып:

- Шаха, Бикен жеңгей, мезгілсіз уақытта келген берекесіз жүрісімізге кешірім сұраймыз. Тіпті мұнда келетінімізді білген жоқпыз. Мынау Амантай зорлап әкелді ғой болмай, - дей бастағанда, Шахаң саусағын шошайтып:

- Әй, Рамазан, мен сенің этикетке жүйрік екеніңді жақсы білем. Французша оқығаныңды әрқашан көрсетіп жүресің. Зейін Шашкин романын сынағанда да сол білімпаздығың қысты ғой, ә. Келгендеріңе қуанып қалдым. Кешірім-мешірім деген сөздерді қалтаңа салып қой, - деп сылқ-сылқ күлді, бір түйреп өтті.

Әуелде абдырап қалған Бикен жеңгей енді құстай ұшып, бәйек қағып, жүгіріп жүр. Стол үсті әпсәтте түрлі дәмге, арақ-шарапқа толып кетті. Есік ашқандағы халат емес, үстінде сыйлы қонақтарды қарсы алғанда, салтанатты кештерде киілетін тығыздау, қызыл қоңыр матадан тігілген келісті көйлек, аяғында шәркей емес, қасықтай қоңыр күрең туфли, құлақта – сырға, саусақта – сақина, білекте – білезік, қырықтың ішіндегі сүйікті бәйбіше жайнап тұрған қалпымен отағасына мейірлі жүзбен бұрылып:

- Ал... – деп көзін сүзіп қарай берді.

Шахаң төрде өзі отыр. Жеңілдеу шапанын тастап, үстіне торкөзді пиджак киіп алыпты. Люстра сәулесі түскен кең де қасқа маңдайы жарқырап көрінеді. Жас кезінде сұлулардың есін тандырған әдемі келбеті алпыстың жуан ішіне кіргенде де тектілік сипатын сақтап қалған. Паң, асқақ, сабырлы.

- Иә, Бикен, сен не ұғып отырсың қәзір? – деп әйеліне сұрақ тастап қарады.

- Не ұғайын, қонақтар келіп, соларды күтейін деп отырмын.

- Одан басқа?

- Амантай болмаса, мына екеуі бұрын есік ашпаған.

- Одан басқа?

- Еркелегендері жақсы.

- Одан басқа?

- Сіз де көңілденіп қалдыңыз.

- Бір драматург, бір актер болашақ пьесаның көрінісін дайындап жатқандайсыздар – деді Амантай. Сөз бөлгенді жақтырмаған Шахаң:

- Әй сен қоя тұр, - деді де әр қарай кетті.

- Шындыққа енді жақындайын дедің. Бір-ақ дәл ақиқатты айта алмадың. Ақиқат мынау – мен тірі екенмін. Мен әлі өлмеппін.

Мені де іздейтін, іздеген кезде күн-түн демейтін, қолайлы-қолайсыз демейтін жігіттер бар екен, қалған екен олар. Шәкен кеткеннен кейін бұл есікті бейсауат ешкім ашпаушы еді. Серілік өмір сол Шәкенмен бірге өлген шығар, мен де өлген шығармын деп ойлаушы едім. Мен өлмеппін әлі, бәйбіше. Мынау Алматыда, миллион тұрғыны бар алып шаһарда Шахметтің үйі бар деп, қыстың көзі қырауға, ұйқы басқан ыбылыс түн қараңғылығына қарамай, осында тартып бір кеткен серілерім-ай, менің. Шәкеннің көздері мені де тірілттіңдер, ой, ерлерім, серілерім. Қане, тартыңдар, серілік үшін, - деп, толғанып барып, біздерге алдыртып қойды.

Алғаш көрген кездегі Шахаңның қуқыл жүзіне қан жүгіріп, шын қуанған адамның шырайы анық көрінді. Шалқып сөйледі:

- Шекспир айтқандай, өмір деген итің анда-санда осылай бір серпіп тастап отырмасаң, түрме ғой. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп Мағжан да зарлаған. Сегіз сағат кеңсе қызметі, одан кейін бірдеңе жазам деп тесіліп тағы отырасың, бір күндік жұмыспен тепе-тең, бірін-бірі өтірік мақтайтын қазекемнің қонағы тағы бар, қу тіршілік қамы, қатын-бала шаруасы, тас қамал қала қыспағы – жынданып кетуге болады ғой. Көлденең көздер жазушылар, суретшілер, артистер ішіп кетеді, көп әйел алады дейді, біздің шын жағдайымызды білмегендіктен айтады ғой. Ел үшін, жер үшін толғанасың, басқа адамның қайғысы – сенің қайғың. Жазу-сызудың азабы, хатқа түсіру миһнаты - өлшеусіз. Сонда құтқарар жол – серілік. Сендер қырыққа келген жоқсыңдар. Нағыз жазатын, нағыз беретін кездерің осы. Сері Шахмет бір кезде шал болам, таяққа сүйеніп, көтерем өгіз құсап осылай отырам деп ойлады дейсің бе? Бәрі бір қалыпта, мәңгі жап-жасыл боп тұрады деп ойлаған.

- Шаха, інілеріңіз келіп, шабытты отырсың ғой. Қайдағы кәрілік сізге. Кеше Сапекеңді көрдім, сізден он жас үлкен, тіп-тік, шаштары қап-қара. Әлжаппар құрдасыңыз домаланып репетициядан шықпайды. Кейде Азиктің өзін тыңдамай, режиссер да болып кетеді.

Шахаң күліп жіберді:

- Әлжаппар пьесасын жазып алсын. Оған қайдағы режиссерлік. Сен де Тәжібайбаласы екеуің орынды-орынсыз мақтай бересің. Оданда режиссер болам десе, мына Амантайдың қолынан келіп қалар еді. Ұмытпасам, осы сенен басқа Мәскеудің архив институтын бітірген қазақ бар ма? – деді.

Жылы үйге кіріп, дәмді тамақ жеп, коньяк ішкен Амантайдың бетінің ұштары қызарып, өзі көңілденіп, алқам-салқам, кең пейілмен, езуінен күлкі жиылмай отырған:

- Кім білсін оны, - дей салды. Басқа біреу болса, кеудесін соғып «мен ғана» деп шыға келер еді. – Маған қайдағы режиссерлік, Шаха. Қазіргі жігіттер бәрі өзімізден басталады деп жүр ғой, - дегенде Шахаң:

- Оттапты оларың. Жұматты қайда тығып қояды екен? Өзі драматург, өзі музыкант, өзі режиссер. Нота сауатын білген алғашқы аз қазақтың бірі. Драма, опера театрларының негізін қалағанын дұшпаны жоққа шығара алмас. Қазақ фольклорын, тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын ерекше жақсы білгендігінің үстіне өз бетімен оқып, ізденіп театр, сахна мәдениетін игеріп алып, алғашқы өнерпаздарымыз – Қаллеки, Серке, Елубай, Құрманбек, Күләштарға ұстаз бола білді. Зобалаң заманның қара пышағына ілінбегенде, талай тамаша туындылар беретін еді. «Қыз Жібек», «Ер Тарғындарды» Брусиловский иемденіп жүр ғой. Рас, ол Ленинград консерваториясын бітірген, қабілетті музыкант, дарынды композитор. Ал, әрбір оқиғаға орай, кейіпкер мінезіне сәйкес халық әндерін оған тауып берген адамдар көп, солардың ішіндегі ең біріншісі – Жұмат Шанин, - деп барып маған қарады.

- Ойбай-ау, сен ол кісі туралы кітап жазғаныңды ұмытып, мен не айтып отырмын. Дүкен аралауға аяқ жүрмейді, өздерің бермейсіңдер. Ақын да, жазушы да, зерттеуші де Тәжібайбаласына кітаптарын сыйлайды да жатады. Әбекең көңілі түссе, көлкөсір мақтауды да аямайды ғой. Содан дәмететін шығарсыңдар. Сенің кітабыңды Тәжібайбаласынан оқыдым.

Кітабымды әрі қарай әңгіме етуді ыңғайсыз көріп, Шахаңның сөзін бөліп жібердім.

- Қазақ театры режиссурасын көп жылдар басқа ұлт өкілдері ұстады емес пе? Соколовский, Гольдблат, Мадиевский, - дегенімде Шахаң басын изеп:

- Иә, иә. Солай, солай, - деп барып:

- Әрине, тұңғыш режиссерлік жоғары білім алған Асқар Тоқпановтың еңбегі ерекше аталу керек. Мұхтардың, Қаллекидің тікелей көмегімен «Абай» трагедиясын сәтті сахналады. Одан кейін көп уақытын сахналық өнерден гөрі ақылгөйлікке жіберіп алды.

Бізге:

- Алыңдар, жеңдер, ішіңдер, - деп қана, көбіне күйеуінің жадырағанына қуанып, аса көп әңгімеге килікпей отырған Бикен жеңгей осы тұста бір тіл қатты.

- Шаха, сізбен дауласуға бола ма? Асқар ағам Алматы ғана емес, бірнеше облыстық театрларда істеді. Рас па? Табиғи қабылеті болғанмен, театр, сахна эстетикасы дегендерден бейхабар талайлардың көзін ашты. Қаншама мәдениетті актерларды дайындады. Бір шоғыр режиссер және бар, - деп біздерге жағалай көз тастап, бұл байламды қабылдадық па, қабылдамадық па, соны байқап болып, Бикен жеңгей әрі қарай кетті.

- Бұрынғы орыс, жебірей режиссерларын көрдік қой. Спектакль техникасын тамаша білгенмен, ұлттық рухтан мүлде мақұрым болатын. Құдайға тәуба, Әзірбайжанымыз сахна заңдарын білуде олардан асып түспесе, кем емес. Қазақтың баласы ғой, тілі де сынып келеді. Ал анау Бәйтен, Есмұқан, Жақыптар екі жағына бірдей жүйріктер, - деп тоқтады.

Алдымен разы болған Шахаң:

- Браво, Бикентай, браво, - деді.

Біз де бір ауыздан:

- Дұрыс айтасыз, - дедік.

Әңгіменің толастағандай сәтінде Рамазан алдымен шаңқ етіп күліп алып, содан кейін Шахаңа бағжиыңқырап қарап:

- Аға, мына сұраққа жауап беріңізші. Негізінен есеп-қисапты жақсы білетін мұрынды елдің өкілдері көп айналысатын жанрды қайдан тауып алдыңыз? Шахмат ойыны секілді бәрі есепте. Кейіпкер есепте, оқиға есепте, көлем есепте. Бір пьеса жазу оңай емес, сіз қаншасын жаздыңыз? Ғұмырыңызды осыған арнағанға өкінбейсіз бе? – деп салды.

- Қаламгердің тағдыры қызық қой. Ән мен күйдің, сал мен серінің ортасында туып өстік. Өзім де ән салдым, күй шерттім. Сері болдым. Сол өнерге театр жақын екен. Шындап келгенде алғашқы қазақ театры – фольклорлық театр ғой. Жиырма бесте жазылған «Шабуыл» пьесасынан кейін драматургия ағысы тартты да кетті ғой мені. «Орақ», «Шолпан», «Марабай», «Алдар көсе», «Есірткен ерке», «Біздің Ғаниды» жаздық. Олар сахнада қойылды. Үш жылдай Мәскеудің театр институтында оқыдым. Облыстық театрларда істедім. Алғашқы қазақ киноларының қатарындағы «Шабандоз қыз», «Біз осында тұрамыз», «Асау Ертіс жағасынданың» сценарийлерін мен жазғанымды білесіңдер ғой. Шамасы, жанрдың өзі сұлу әйел секілді ме дедім, қолына бір түссең жібермей қояды, - деп күлді Шахаң.

- Сонда роман Рамазан үшін, зерттеу Рымғали үшін сондай болғаны ғой, - деді Амантай.

- Мүмкін, - деді Шахаң бір жымиып. - Әйтпесе немене мен өлең жаза алмайды дейсің бе? Қасымдай болмағамен, басқа көп өлеңшіден кем түспес едім. Мұхтар мен Ғабитке жету қайда, қарасөзде өзгелермен жарысуға болар еді.

Драматургтың бақыты да, соры да сахнада. Өлең, қарасөз өз алдына жеке өмір сүре береді. Ал пьеса сахнаға қойылмаса, ол өлі дүние деу керек. Драматург мәтінін режиссер бір қидалайды, актер бір мыжғылайды, тиісті орындар тағы кескілейді, сөйтіп пьесаның қашан спектакльге, қойылымға айналғанша көрмейтін құқайы жоқ. Одан кейін Львов, Қуандықов, Құндақбаев секілді білгіштер тағы үкім айтады. Ал жастар қу болып алған. Кім туралы жазуды біледі. Әй, Рымғали, сен драматургия туралы жазған кітабыңды маған бердің бе? Берген жоқсың. Тәжібайбаласының үйінен «Трагедия табиғаты» деген еңбегіңді алып оқыдым. Әбділда, Әлжаппар, Шахмет түгіл, Ғабитке де пысқырып қарамайсың. Мұхтар, Мұхтар, Мұхтар... Дұрыс - Әуезов ұлы жазушы, ұлы драматург. Ал оның алды, қатарласы, жалғасы бар емес пе? Жақсысы қайсы, жаманы қайсы – ашып айт. Одан ешкім өліп кетпейді.

Сәл қысылып барып:

- Шаха, бәріңізді де жазып жатырмын, - дедім. Шахаң тіпті қатты кетті:

- Атақ алу үшін, диссертация үшін жазатындарыңды білем.

Рамазан тағы теріс атқыды:

- Қазіргі сыншылар, зерттеушілер тауықсоқыр ғой, көз алдындағы бүгінгіні көре алмайды. Қанша кітап жаздым. Бір ауыз жылы сөз естіп көргем жоқ.

Ушығып бара жатқан таласты Амантай сейілтіп жіберді:

- Шахаң екеуміз бақыттырақ екенбіз. Пьесамыз қойылса, залға адам толады. Жұрт қол шапалақтайды. Ал мына Рамазан кірпіш кітаптарын кім оқып, кім не деп жатқанын білмейді.

Шахаң қайта бір сергіп:

- Амантай, сен олай деме. Рамазанның көп қалам ұстағандардан алған тағылымы, тәрбиесі бөлектеу ғой.

Осы уақытқа дейінгі қазақ жазушыларының ішінде бұл француз классиктерін түп нұсқасынан оқитын бірден бір жазушы екені рас. Телегей-теңіз француз әдебиетіндегі тәжірибелерді бізге әкеп орайымен қолданса, көзін тапса, түптің түбінде бұл дудар бас прозамызға үлкен олжа салады деп сенем.

Амантай, сен жиырмадан аса берген бозбала кезіңде Құрманғазы туралы киносценарий жазып бәрімізді қуанттың. Сол шабысыңмен кете бергенде, талай белден асатын едің. Архивке көміліп қаза бересің, қаза бересің. Ол жағын Әлкей ағаңа түгелдей беріп қойсаңшы. Бізге архившы Амантай емес, драматург, сценарист Амантай керек, - дегенде жуан сары інісі бұл сөздерді мойындағандай болып, тіпті қызарып, сипалақтап қалды.

- Дұрыс, Шаха, дұрыс. Өзім де соны сезіп жүрмін. Бірақ тарих қойнауына кіре бастасаң, бір деректен бір дерек қызық, қымбат көрінеді.

- Тарих жазатын зерттеуші табыла жатар. Сахналық әдебиет жасайтын драматург керек бізге, - деп Шахаң бір тоқтады.

Ішке ел қонып, көңіліміз жайланған тұста Бикен жеңгей:

- Қалған әңгімені кабинетке барып айтыңыздар. – Бұйырса, ас та пісіп қалар, - деді.

- Бәйбіше дұрыс айтады. Ал тұралық. – Шахаң кабинетке бастап кірді. Стол үсті көп қағаз, қолжазба, кітап.

- Ал жайғасыңдар, - деді де, Шахаң тағы сөзін жалғады.

- Кейбір қаламгерлер тез жазып тастайды. Мәселен, Ғабит әйгілі пьесаларын бір айға жеткізбей бітірдім деп жүр ғой. Менікі басқаша. Алдымен баратын тақырып туралы ізденем. Көп топырақ қазам. Өзгелердің жазғанын, түрлі дерек көздерін қараймын. Амангелді, Ғани туралы жазарда архивтерде де отырдым. Үкілі Ыбырай үшін көп ел араладым. Қазір есіл-дертім Әл-Фарабида, шетелдерде, Түркияда, Арабияда көп материал бар дейді, олар қолға түспейді. Қолға түссе де, тіс батпайды. Ал қазақша, орысша, өзбекше дүниелерді түгел қарастырдым. Өзбекте Хайруллаев деген мықты ғалым бар екен. Көп нәрсе жазыпты. Ал Ақжан Машанов пен Ағын Қасымжанов одан да ілгері кеткен. Әл-Фарабидың өз еңбектерін оқыдым, зерттеулерді қарастырдым. Бірақ мұның бәрі өлі материал. Мен тарихи пьеса жазуым керек. Тартыс. Бейне. Идея. Осылар керек. Сахналық туынды жасауым қажет. Елдің тарихи санасын көтеретін пьеса берсем деймін.

Ақыры құдай айдап келіп қалдыңдар енді мен сендерге ұйқы да бермеймін, келіндерге де қайтармайын. Бикеннің көтерген қазаны оттан түскенше, пьеса тыңдайсыңдар, - деп Шахаң шынымен-ақ жаңа жазылып жатқан шығармасын өзінің қарлығыңқы дауысымен оқи бастады.

1972 жылы Кеңсайда Шахмет Хұсайыновтың денесін Жер-ана қойнына беріп тұрған қаралы күнде үш інісі Амантай, Рамазан және мен содан бір жыл бұрынғы қаңтардың таң атқанша ұйқысыз өткен түнін мұңайып еске алдық. Әз ағаның бой жазуы, біздермен бақұлдасуы сияқты сәт екен ғой.



2004.


ҰСТАЗДЫҚ ҒАЛЫМДЫҚПЕН ҰШТАСҚАНДА


Қазақтың аса көрнекті әдебиетші ғалымы, сыншы, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Кенжебаев 1904 жылдың қазан айында қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, Бөген өзені бойында дүниеге келген. Жастайынан шешесінен айрылып, әкесі жалшылықта жүрген жас өрен жоқшылықтың азабын көп тартқан. Жиырмасыншы жылдардың басында Ташкенттегі панасыз балалардың интернатына Ғани Мұратбаевтың қамқорлығы арқасында түскен. Ол туралы өзінің жазған «Байкенженің бала күндері» (Жұлдыз, 1966, №12) атты өміртарихын әңгімелеген шығармасында кеңінен баяндалған.

1922 жылдан бастап Ташкентте шығып тұрған «Жас қайрат» газетіне тілші болады. Москвадағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін (1925), М.Горький атындағы Әдебиет институтының 2 курсын бітірген Бейсенбай Кенжебаевты «Жас қайрат» газеті мен «Лениншіл жас» журналының редакторының орынбасарлығына тағайындайды. 1928 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне ауысады. 1929 жылы Павлодар округінде шыға бастаған «Кеңес туы» (кейінірек «Колхоз» деп аталған) газеттің тұңғыш редакторы. Алғаш Кереку өңірінде қажетті баспа жабдықтарын Қазан қаласынан алдырып, баспахана ұйымдастырған да осы Б.Кенжебаев. 1930 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің шақыруымен «Социалистік Қазақстан» редакциясына қызметке келген. Қазақ Радио Комитетінің алғаш рет ұйымдастырған «Радио газетінің» тұңғыш редакторы да Б.Кенжебаев. 1932 жылы жаңадан ұйымдастырылған «Оңтүстік Қазақстан» газетіне редакторлыққа жіберіледі. 1934 жылы қайтадан «Социалистік Қазақстан» газеті редакторының орынбасары болып тағайындалады.

СССР Жоғарғы Советі Ведомствосында (Москва, 1935-1941 ж) аудармашы, Қазақ Мемелекеттік Біріккен баспасында бас редактор (1941-1944ж).

1942 жылы Бейсенбай Кенжебаев Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдап, сонда оқытушы болып қалдырылады. 1944 жылдан бастап қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, 1945-1950 жылдары Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтында әдебиет секторын басқарған. 1946 жылы «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақындығы» тақырыбында кандидаттық, 1959 жылы «ХХ ғасыр басындағы қазақтың демократ жазушылары» кітабы бойынша докторлық диссертация қорғаған. Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі (1961-1975), профессоры (1975-1987) болды. Ол Қазақстан Республикасында ғалым-педагог кадрларын даярлауда да айтарлықтай еңбек етіп ондаған ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарын даярлады. Олардың ішінде академиктер З.Ахметов, Р.Бердібай, Р.Нұрғали, ғылым докторлары Х.Сүйіншәлиев, Т.Кәкішев, Н.Төреқұлов, Т.Қожакеев, М.Жолдасбеков, К.Сыздықов, С.Садырбаев, С.Ордалиев, Н.Келімбетов, А.Еспенбетов, А.Қыраубаева, Қ.Ергөбек, Ш.Ыбраев, филология ғылымдарының кандидаттары М.Мағауин, Қ.Сыдыиқов, К.Сейдаханов, Е.Өтебаев, З.Тұрарбеков, М.Қожықов, Қ.Қамбаров, М.Шындалиева т.б. бар.

Б.Кенжебаев шәкірт ғалымдарды тәрбиеледі, монографиялар, оқулықтар, оқу құралдарын жазды. «Қазақ совет әдебиетінің тарихынан конспект» (1947), «Қазақ баспасөзінің тарихынан» (1950), «Қазақ баспасөзі тарихынан мәліметтер» (1956), «Қазақ совет баспасөзінің тарихынан» (1962), «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» оқулығы (1966), Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, Қ.Сыдиықовтармен бірге құрастырған «Ертедегі қазақ әдебиетінің хрестоматиясы» (1967), «Қазақ өлеңдерінің құрылысы» (1955), С.Торайғыров, М.Сералин, С.Шарипов шығармашылығы, Біржан мен Сара айтысына арналған еңбектері басылды. «ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының демократ жазушылары» (1958), «Шындық және шеберлік» (1966), «Әдебиет белестері» (1986) секілді іргелі кітаптары жарияланды.

Б.Кенжебаев әдебиеттану ғылымына, баспасөз, оқу-ағарту саласына сіңірген еңбегі үшін 1964 жылы Ленин орденімен марапатталды.

Көзі тірісінде-ақ ғылыми жаңа мектеп қалыптастырған әдебиетші ретінде мойындалған ғалым, Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, жиырма жылдан астам кафедра басқарған ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын даярлаған ұстаз Бейсенбай Кенжебаевтың қазақ әдебиеті тарихындағы орны ерекше. Оның тырнақалды “Абай” атты көлемді әрі терең мақаласы “Еңбекші қазақ” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінің 1925 жылғы 28, 29 тамыз күндеріндегі сандарында жарияланды. Абайды қазақ халқының ұлы ақыны деп дәлелдеген жас қаламгердің өткір де сенімді, ықшам да жинақы сөз саптауы, салмақты да сарабдал ой-тұжырымдары сол тұстағы біраз әдебиетшілерден үлгі алған білімді, ойшыл сыншының алғашқы талпынысы жемісті арнадан, көзді бұлақтан нәр алғандығын көрсетті. Мақала Мағжан Жұмабаев әсерімен жазылған екен.

Осының алдында ғана небәрі төрт-бес жыл бұрын Ташкенттің жетім, панасыз, тентек балаларының тобында жүрген Бейсенбайды сол кездегі Түркістан комсомолының жарық жұлдызы Ғани Мұратбаев өзі тауып алып, жетектеп әкеп балалар үйіне енгізіп оқытып, артынан Мәскеудегі Күншығыс еңбекшілері коммунистік университетіне түсірген.

1922-1925 жылдары үлкен шаһарда терең саяси, тарихи, филологиялық жан-жақты білім алған жігерлі жас Қазақстанға оралғаннан кейін, жаңа қалыптаса бастаған баспасөзде бел шешіп, білек сыбанып, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов сынды алыптармен бір тұста, қоян-қолтық қызмет етті. Әдебиеттің сан алуан мәселелеріне М.Әуезов, І.Жансүгіров, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов шығармаларын талдауға арналған көптеген мақала, рецензия, шолу жазды. Г.Моппасан, Я.Гашек, К.Федин, Э.Хемингуэй, Лу синь, А.Сорокин әңгімелерінен, Ф.Гладков, Ф.Панферов, Б.Полевой, Е.Мальцевтардың роман-повестерін аударды. Қиын кездердің өзінде М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов туралы естелік жазып қалдырды.

Бейсенбай Кенжебаев өнерпаздығының ең жемісті кезеңдері, оның ғалымдық пен ұстаздықты ұштастырған шақтары Қазақ мемлекеттік университетінде және Қазақ ССР Ғылым академиясында істеген уақыттарынан, қырқыншы жылдардың ортасынан басталады. Іскер оқымысты университетте кафедра басқарса, академияда сектор меңгереді. Отыз жетінің қанды қылышынан Мәскеуде қызметте жүріп қалған Бейсенбай Кенжебаев қырқыншы жылдардың аяғы, елуінші жылдардың басында қатты қудаланды, жұмыстан шығарылды. Ол туралы неше түрлі жала жапқан мақалалар басылды. Саяси бұлт айығып, азды-кемді еркіндік туғаннан кейін ғалым-ұстаз өзінің басты еңбектерін жариялады.

Ғалымның күрделі, іргелі, ең көлемді еңбегі “Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары” (1958) монографиясында тұңғыш рет архивтердің бұрын белгісіз болып келген қорларынан, кітапханалардың сирек газет-журнал, кітаптарды сақтайтын бөлімдерінен, жеке адамдардың қолдарында жинақталған қазыналардан алынған орасан бай материалдар, қолжазбалар, әдеби-тарихи деректер, сан алуан шығармалар озық методология тұрғысынан екшеліп, әдебиеттанудың үздік жетістіктері, дәстүрлі үлгісі негізінде талданған болатын. Зерттеудің басты ұтымдылығы қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы қоғамдық жағдайы мен әдебиеті диалектикалық бірлікте, тарихи байланыста, ажырамас тұтастықта алынуында жатыр. Революциядан бұрын қазақша жазылған, жарияланған аса көп материалдарды зерттеуші әр жерден талмай іздеп тауып, көз майын тауысып, түгел оқып ой сарабынан өткізіп, қорытып, жүйелеп, оның ішінде, әсіресе, көркем әдебиетке қатыстыларын білгірлікпен саралап, арна-арнаға бөліп берді. Күні бүгінге дейін бұл кітап – баспасөз тарихына байланысты ең тиянақты, әдебиетші, журналистер ғана емес, тарихшылар, философтар, педагогтар, экономистер түгел жүгінетін беделді, абыройлы еңбек.

Демократиялық-ағартушылық бағыттағы ақын-жазушылардың дүниетанымындағы ортақтық, әдеби-тәсілдерінің ұқсастығы, шығармаларындағы идеяларының сарындастығы, көркемдік құралдардағы арналастық, жалпы сабақтастық, жалғастық проблемаларын ашу арқылы ғалым ең алдымен әдеби дамуды, әдеби қозғалысты нақты әрі жинақы, тарихи тұрғыдан көрсетіп шықты.

Демократтық бағыттағы көрнекті қаламгерлер – М.Сералин, С.Торайғыров, Ә.Тәңірбергенов, С.Дөнентаев, С.Көбеевтің өмірі, білім алған ортасы, шығармаларының жазылу тарихы, олардың басылуы, зерттелуі, идеялық-көркемдік ерекшеліктері – осылар секілді сан алуан мәселелерге зерттеуші көбінесе тыңнан, бірінші болып жауап берді, ғылыми, әдеби байламдар жасады. Ғалымның мұндай қорытынды ойларын, пікірлерін ХХ ғасыр басындағы әдебиетті зерттеген кейінгі әдебиетшілер өз еңбектеріне сүйеніш, тірек етті, ілгері жалғастырды, орынды пайдаланды.

Аз ғұмырында халқының рухани байлығына орасан зор эстетикалық игілік қосқан Сұлтанмахмұт Торайғыров мұрасын зерттеу, жариялау, бағалау, насихаттауда Бейсенбай Кенжебаев көп еңбек етіп, мол қажыр, қыруар қайрат жұмсап, ақын шығармаларының әдебиет тарихындағы қастерлі орнын айқындап берді. Ол кекті, мұңды, ойшыл ақын Сұлтанмахмұт мұрасын дәйекті түрде қорғап шықты; ақын туралы диссертация, кітап жазды; университетте арнаулы курс оқыды, жаңа өлеңдерін тапты; шығармалар жинағын бастырды. Сұлтанмахмұттанудың негізін салушы Бейсенбай Кенжебаев екенін қазірде әдебиетшілер қауымы түгел мойындайды. Осы монография негізіне жазылып, жаңа тараулармен толықтырылған “ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті” кітабы 1966 жылдан студент-филологтардың бірнеше буынының қолынан түспеген оқулыққа айналды; әлденеше рет қайта басылып, уақыт сынынан өтті. Профессор Б.Кенжебаевтың әр кезеңде, әр тұста әр түрлі басылымдардың бетінде, ғылыми кеңестерде, айтыс – диспуттарда ой-пікір, тезис-шолу, пікір ұсыныс, мақала, рецензия түрінде айтып келген тұжырымдары: қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу, оны қай уақыттан бастау керек, ежелгі әдебиет нұсқалары дегенде қандай шығармаларды білеміз дейтін пікірлері, ғылыми концепциясы, сарқынды, жинақы ойлары сәтті түрде тұтастырылып, “Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері” (“Ғылым” баспасы, Алматы, 1973) деген кітапта берілді. Бұл тұжырымға Бейсенбай Кенжебаев бірер жылда, яки аяқ астынан келген жоқ, ұзақ жылдар көне әдебиеттер үлгісін зерттеу арқылы, бауырлас халықтар тәжірибесіне сүйеніп, мың ойланып, жүз толғанып барып, халық тарихы мен әдебиет тарихы терең байланыста екендігіне әбден көзі жеткен соң ғана барған еді.

Алғаш 1941 жылы жарияланған “Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселелері туралы” атты еңбегінде жасаған Б.Кенжебаев саралауы өзінің ғылыми дәлдігін көрсетті. Көне ескерткіштер “Дивани луғат-ат түрік”, “Қиссасул әнбия”, “Кодекс Куманикус”, “Мұхаббатнама” секілді шығармалар туралы ғалым жеке-жеке арнаулы мақалалар жазып, олардың қазақ әдебиетіне қатысты арналарын терең ашып көрсетті, тарихи тамырластықты лингвистикалық-әдеби мысалдар арқылы дәлелдеді; бірқыдыру теориялық ойлар “Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу” деген мақалада айтылды.

Ғалымның негізгі концепциясы, басты тұжырымдары оның шәкірттері жазған еңбектерде дамытыла түсті, жаңа фактілер арқылы айқындалды, соны пікірлермен толықты. Бұл ретте қазақ әдебиетінің қалыптасу жолдарын зерттеген, көне түрік әдеби ескерткіштері мен қазақ әдебиет байланысын анықтаған, Алтын Орда дәуірі әдебиетін тексерген, ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэзиясын қарастырған еңбектер, диссертациялар “Ежелгі әдебиет нұсқалары” оқулық-хрестоматия (1967) тұтаса келіп, қазақ әдебиеттану ғылымында Бейсенбай Кенжебаев қалыптастырған нақты-тарихи зерттеу мектебінің орныққанын жаңа ғылыми бағыттың өріс алғандығын көрсетіп берді. Сол жылдардың бір көрінісіндей болып “Күлтегін ескерткішінің” көшірмесі 2001 жылы Астана қаласына келіп орнады.

Қалың оқырман қолына Бейсенбай Кенжебаевтың “Жылдар жемісі” (1984) атты кітабы тиді. Қазақтың ең қарт әдебиетшісі жаңа буын, жас ұрпақпен жүздесіп отырғандай. Халқының жан-жүйесі, абырой-намысы, мақтаныш мерейі, асыл сөзі, әдебиеті туралы сыр айтпақ, ой толғамақ, тебіренбек. Осы орайда Бауыржан Момышұлының “Қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге бар ғұмырын арнап келе жатқан ол – нағыз қаһарман” деген сөзі еске түседі. Ғалымдықты ұстаздықпен ұштастырып, бар ғұмырын туған әдебиетіне арнаған ағаға берілген орынды баға.
АТАМНЫҢ АТЫН – АУЫЛҒА, КӨКЕМНІҢ АТЫН – КӨШЕГЕ

ӘРЕКЕТІНЕ ТЫЙЫМ САЛАТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ

Қайнар кенті бұрынғы Абыралы ауданының орталығы болған, бұрынғы Семей облысы мен Қарағанды облыстарының шекарасындағы үлкен елді мекен. Аудан аты тау атынан алынған. Сексен жылда екі рет ашылып, екі рет жабылған. Бірі – полигон кесірінен, екіншісі – нарық қиындығынан.

Бұл атырап қалың қазақтың қасиетті ордасы, сөз қонған, ән-күй қонған, дәулет қонған, бақ біткен, нарқарағайдай атпал азаматтар туған өңір. Осы елдің жігіттері кезінде Кенесары басшылығымен отаршылдыққа қарсы күрессе, совет зорлығына келіспей әйгілі Абыралы көтерілісін жасады. 1928 жылы халқының саны ресми есеп бойынша 30 мыңға жеткен ел ашаршылықта ақсөңке болып қырылды, 1937-де көз ашық азаматтары түгел атылды, 1941-1945-те боздақтарынан айырылды, 1949-да тұңғыш атом сынағын көрсе, 1954-тен бастап сутегі бомбасының полигонына айналды. Жер бетіндегі Хиросима, Нагасаки секілді трагедиялық нүктелердің бірі болды.

Таяуда мен туған жерім, осы Қайнар кентінде болдым. Сөздіктерге сүйенгенде, Абыралы – қалмақ, моңғол тілдерінде Қамалды, Қамалтау деген мағынаға саяды екен. Расында да, Қайнар кентін батысында – Жақсы Абыралы, Сұлушоқы, шығысында – Жаман Абыралы, Жалаулы, Жосалы, солтүстікте – Жалғызтау, Таңбалытас, Оңтүстікте – Қалмақтас, Мейізек таулары қоршап тұр. Батыстан шығысқа қарай бірнеше бұлақ ағып өтеді. Қалыбай, Сүтбай, Молдаш қуыстары (сайлары) ішінде тал, терек, қайың, арша өседі, суы мол бұлақтар бар. Ауыл іргесіндегі Қобыланды тауы аңызға толы: Қобыланды батырдың үңгірі, Тайбурылдың тасты саз балшықтай илеген тұяғының ізі, Қобыландының тағы, мың қой сиятын үңгірі, Жалғызтаудың бауырындағы Таңбалытас сілемі көне заман адамдары ойып салған сурет галереясы секілді, бұл әлі зерттеушілер аяғы жетпеген, қағазға түспеген, ғылыми айналымға кірмеген байлық.

Хош, сол Қайнар кентінің жұрты бүгін гу-гу әңгіме айтып отыр. Ауылды жарып өтетін бас көше бұрын Қаздауысты Қазыбек есімімен аталса, енді оны Қабыкен Құсайынов атына өзгертпек екен. Анығын білейін деп ауыл басшыларын іздесем, олар жолаушылап кетіпті. Әркімнен сұрай бастадым.

Жас жігіт: Рас, ата. Құсайыновтар мектепке көмектесті, компьютер берді. Көшеге шам орнатып жатыр. Өздері көп екен, бай екен. Көшенің анау басына әкелеріне арнап ескерткіш қоймақ. Қазір іргетасын құйып жатыр. Ат шаптырып, той жасамақ.

Еңбек ардагері: Қабекеңді, оның әйелі Сақия апайды жақсы білеміз ғой. Бірақ қысылғанда аруағына сыйынып отыратын Қаздауысты Қазыбек бабамыздың көшесі емес, басқа көшені берсе де болады емес пе?

Мектеп мұғалімі: Сондай сөз шығып тұрғаны рас. Халықпен ақылдасқан ешкім жоқ. Қабыкен ағамен деңгейлес қызмет істеген, аудан көлеміне белгілі болған кісілер көп қой. Тіпті бүкіл Қазақстанға әйгілі перзенттеріміз қаншама? Сондықтан мен бұл әрекетті құптамаймын.

Зейнеттегі шофер: Мен Қабыкен аға совхоз партия ұйымының хатшысы кезінде сол кісінің жүргізушісі болдым. Мінезі сыпайы, жүрегі жылы кісі болатын. Қазір тіріліп келсе, балаларына тыйым салар еді. Абыралы ауданы үшін, Қазақстан үшін осы топырақта туған менен әлдеқайда зор еңбек еткен адамдар бар, сондықтан Қайнардың бас көшесінің атын соларға беру керек, тіпті Қаздауысты Қазыбек баба атын ауыстыру ұят болады дер еді.

Мен де ойланып қалдым. Қайнар кенті 1928 жылы салына бастаған. Осы жерді таңдаған, алғашқы қазығын қаққан, одан кейін ол елді ұзақ жыл басқарған азаматтардың есімі белгілі. Ол ауызекі сөз емес, қағазда, құжатта бар деректер. Осы жер бұрынғы Байтөре бидің атажұрты, мекені. Ешкімнің майын, жылқының қылын қосып құйған кесектен тұрғызылған төртқұлақты үлкен зираты бертінде күре жол түсетін болғандықтан бұзылып, басқа жерге көшірілді.

Тарихи жадыны ескерсек, Қайнардың бас көшесі Байтөре көшесі болса жарасып тұр. Тіпті полигонға қарсылық ұраны іспеттес Дегелең аты да лайық. Арғы тарихтағы Жанақ ақын, Олжашы батыр, қазақ әнін әлемге танытқан Әміре де ауызға түседі. Ұлттық ғылым академиясының 4 академигін, 100-ге жуық ғылым докторлары мен кандидаттарын, Қазақстан Үкіметінің 5 министрін, 5 облыс басшысын, елшілерді, 4 Еңбек Ерін, халық әртістерін, режиссерлерді, депутаттарды, сан саладағы мамандарды, 5 генералды, педагогтарды, дәрігерлерді, инженерлерді, Қазақстан Жазушылар одағының 10 мүшесін, Композиторлар одағының, Суретшілер одағының мүшелерін берген қасиетті, киелі, трагедиялы жер – Абыралы атырабының орталығы, жолаушы ат басын тірейтін кіндік кент – Қайнардың бас көшесіне көп қызметкердің бірі ретінде аудан көлемінде ғана қызмет еткен кісінің атын қою деген сөз Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың қазақ тілі басылым басшыларымен сұхбатында («Егемен Қазақстан», 2008, 31 мамыр) тоқталып айтқан, жер-жерде басшылыққа алынуға тиіс принципке қайшы әрекет болмақ.

2008.

ҚАЙНАРДА ҚАЗДАУЫСТЫ ҚАЗЫБЕК КӨШЕСІ БОЛҒАН БА?

Таяуда қалыңдығы жуан елі хат алдым. Ашып қарасам, туған елім-бұрынғы Семей облысы, Абыралы ауданы, Қайнар кентінен келген екен. Бір топ ауыл тұрғындары жазған. Орталықтағы Бас көше атының өзгертілуі туралы даулы әңгімені тағы қозғайды. Көп кісі қол қойған. Газет қиындылары, үй кітапшасы бар.

Кеше ауылдан тағы телефон соғылды. Сыйлы адам: «Елдің аманатын аяқсыз қалдырасың ба? Жауап берсеңші,» деді. Көкейімде Махамбеттің «Бір сынаған жаманды екінші рет сынама. Тіріде сыйласпаған ағайын құм құйылсын көзіңе, өлгенде бекер жылама!» деген сөздері тұрса да, қолға қалам алуға тура келді.

Біздің «Егемен Қазақстанда» (1 тамыз 2008ж) жарияланған «Атамның атын-ауылға, көкемнің атын-көшеге, әрекетіне тиым салатын уақыт жетті» деген мақаламыз және сондағы пікірлерді қостаған жазушы Б.Бодаубай мен профессор Х.Әбжанов мақалалары (13 тамыз2008ж) ауылда көп сөз болған екен. Ауыл әкімі Б.Әбдікәрімов «Семей таңы» газетінде (4 қыркүйек 2008ж) жарияланған «Жаңсақ айтпасақ екен...» деген мақаласында: «Қайнар ауылында күні бүгінге дейін Қазыбек би деген көше болмаған. Ол жөнінде мұрағат құжаттарында ешқандай дерек жоқ. Мен Абыралы ауданы құрылғаннан бері аудандық партия комитетінің, аудандық мәслихат хатшысы, міне, 11 жылдан бері ауыл әкімі болған кезімде ондай көшенің бар екенін естіген, көрген де емеспін... Мақалада құрметті академик ағамыз аты-жөнсіз, «Жас жігіт, еңбек ардагері, мектеп мұғалімі, зейнеткер, автокөлік жүргізушісі» деп қана ол адамдардың пікірлерін келтірген. Ал көшеге автор тарапынан Қазыбек би есімі қай уақытта, кім бергені жайында ешқандай анықтама жүргізілмеген. Газет арқылы осындай жалған мәлімет беруге бола ма?» деп шіренеді.

Шынында Қайнар кентінде Қаздауысты Қазыбек көшесі болды ма, болмады ма? Сол ауылда тұратын, көзі тірі адамдардың сөзіне құлақ салайық. Газет материалын оқиық. Құжатқа үңілейік.

1. Ұлы Отан соғысының ардагері Қ.Бұзаубаев, Б.Бөдесова, Әзия Абдрашева, ардагер аналар Оразбибі Имашева, еңбек ардагерлері Ержан Мусин, Қуат Балтабаев, Талғат Дүйсенбаев, Мәкен Сағындықова, Жарқын Жақыпбеков және Торғай Тезекбаева, Ержан Сағындық, Самат Оспанов, Роза Хасенова, Бауыржан Мусин, Мархабат Рахымбаева маған жолдаған хаттарында былай дейді: «Абыралы ауданы ашылған кезде көшеге Қаздауысты Қазыбек би атын бергенін, аталғанын тұрғындар жақсы біледі. Өнерлі жігіт Ерлан Әсембаев бірнеше жыл қатарынан осы көшеде наурыз тойын өткізді. Ол туралы «Семей таңы» газетінде жазылған. Көше аты неге, қалай өзгертілді. Бір жиналыс өткізіліпті дейді. Оны біз білмейміз. Қатысқан жоқпыз».

2. Ал «Семей таңы» газетінің 2005 жылғы 25 наурыз күнгі №12 (17739) санында басылған Қ.Қажыбекованың «Наурыз нақыштары» атты мақаласында Қайнар ауылында өткен мерекелік шаралар туралы былай деп жазады: «Жыл басы наурыз мерекесінде Қазыбек би көшесінің тұрғындары биыл жаңа леп, үлгілі бастама ала келді... Жиналған қауым «Қазыбек би» көрінісін тамашалады... Ежелден өнер десе ішкен асын жерге қоятын, есіктен кірген қонағын төрге шығарып сыйлайтын қонақжайлық салтын да Қазыбек би көшесі тұрғындары көрсетті... Бір үлкен істің басын қайырған Қазыбек би көшесіндегі жастар ендігі жерде қарттар күнінде осындай көңіл-күймен қарияларға құрмет танытып, мәдени шара өткізетіндіктерін жария етті».

Егер көше Қазыбек би атында болмаса, журналист ол атауды өтіріктен ойлап таппайды ғой.

3. Қайнар ауылының ежелгі тұрғыны Тезекбаева Торғай жіберген құжатта (ксерокопиямен көшірілген) былай деп жазылған: «Қайнар ауылы, Семей қаласы, Шығыс Қазақстан облысы Азаматтардың тіркеу кітабы № 1210820 Қазыбек би көшесі, №13 үйде тіркелген. Абыралы әділет бөлімі. Басталды 3.11. 2006 жыл».

Сонымен, заңды түрде берілген үй кітапшасында жазылған дерекке, газет мақаласындағы фактіге, бір топ тұрғынның хатындағы мәліметке сүйенсек, Қайнар кентінде Қаздауысты Қазыбек көшесі болғандығы дау тудырмайды. Ал түбір құжатты көрмедік, білмедік деп ант-су ішсе, мәжіліс шешімдерін, хаттамаларды жоғалтып жіберсе, бұған кінәлі тұрғындар емес, ең алдымен құжаттарды сақтауға тиіс мекеме, оның қызметкерлері болса керек.

Қазір бұрынғы Қаздауысты Қазыбек көшесінің аты өзгертіліп, кезінде аудандық комсомол комитетінің хатшысы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, совхоз партия ұйымының хатшысы, көп бала тәрбиелеп өсірген адамның есіміне беріліпті.

Бізді таң қалдырғаны ол да емес. Бізді таң қалдырғаны болған нәрсені болмады деп, Бас газетті, бір академик, бір профессор, бір республикаға еңбегі сіңген қайраткер жазушы - журналисті «Халыққа жалған мәлімет беруші етіп» көрсеткен ауыл әкімінің әрекеті ғана.



ЖЕТПІСТІҢ ЖЕТЕУІ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдығын бүкіл республика тойлады. Филология факультетін біз бітіргелі де бір адамның ғұмыры дерлік 46 жыл өтіпті. Тіл және әдебиет, журналистика деген екі мамандық, екі бөлім болғанмен, көп пән ортақ, бірге оқушы едік. Қазір ойлап отырсам, сол алпыс үшінші жылы бітіргендерден елімізге белгілі көп азамат шығыпты. Олардың ішінде ғылым докторлары Әлімхан Жүнісбеков (тілші), Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Байынқол Қалиев (тілші), ақын, профессор Өтеген Күмісбаев (шығыстанушы), профессор Лазар Керімов (педагог), Әміржан Шалтыков (саясаттанушы), Республикалық, Халықаралық, облыстық, аудандық газет редакторлары Болат Бодаубаев, Мәткәрім Әкімжанов, Нұриден Мұфтахов, Бақтыбай Далабаев (Орал), Идош Асқаров (Ақтөбе), Мәкен Өсербаева (Талдықорған), Қаһар О., Даян Қ. (Моңғолия), Маман Ементаев, Жұмабай Есекеев (Көкшетау), Байтұрсын Ілияс (Қостанай), Әміржан Қалиев, Әкімжан Оралбаев, Жақсылық Темірбеков, Әнуар Жапаров, ғылым кандидаттары Нарбай Ыбыраев, Назар Қанафин, Ләтипа Ахметова, белгілі кинорежиссер Серік Жармұхамедов. Баспа, мектеп директорлары мұғалімдер, өз алдына, ақын-жазушылар бір төбе: Өтежан Нұрғалиев, Мағираш Сарикова, Өтен Ахметов, Ерғали Ахметов, Құрманбай Толыбаев, Қабыш Жаркенов, Қарауылбек Қазиев, Әлдихан Қалдыбаев, Қоғабай Сәрсекеев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәрсенбек Жұмабеков, Жорабай Молдақұлов, бокстан Қазақстан чемпионы Айдарбек Жапсарбаев ...

Ұядан бірге ұшқан курстастар туралы мына қысқаша жазба сағыныштың бір тамшысы ғана.

Құрманбайдың реализмі

Қытайдан келген екі курстасымыздың екеуі де қасқа.

Құрманбайдың басы сопақ, шашы жұмсақ, ерте түскен, самай шаштары орнында, маңдайынан төбесіне дейін түбіт қасқа. Мінезі салмақты. Қандай қалжың айтсаң да көтереді, кісі көңілін қалдырмайды.

Қабыштың басы жалпақ, самай шаштары қатты, қап-қара, маңдайынан төбесіне дейін жарқыраған айна қасқа. Мінезі шырт етпе, басынан сөз асырмайды, кімді болса да жыландай шағып алатын шақар. Құрманбай мүшел жас, Қабыш он шақты жас үлкен болғанына қарамай құрдастай болып кеттік. Екеуі мені туған інілеріндей еркелетеді, достарындай сырласады, туыстарындай жақсы көреді. Екеуі де мен үшін қазына: Қытайдағы жағдай, Шығыс Түркістанның трагедиясы, халықтың әрлі-берлі көшу тарихы, ер-азаматтар, ақын-жазушылар, әнші-күйшілер, өзен-көлдер, тау-ормандар-баршасын майын тамызып әңгімелейді. Әсет өмірі, Шәкәрімнің ұлдары, алаш ардагері Райымжан Мәрсеков, Оспан батыр, Қалыбек Хәкім, Қажығұмар, Омарғазы жазушылар, Нариман аудармашы - бұл төңіректерде айлап айтылған сырлар бар еді.

Кейін Қабыш сырттай бөлімге оқуға ауысты, университет бітіргеннен кейін көп жылдар Шұбартау, Үржар, Талдықорған жағында қызмет етті. Бірнеше кітап, оның ішінде «Мұғалімдер» романын бастырды.

Ал Құрманбайммен 46 жыл бойы іргеміз де, көңіліміз де бөлінген жоқ.

Ол Алматыда Орталық стадион жанында, аэропорт жақта, микроауданда және орталықтағы соңғы үйінде тұрған кездерінде күн демей, түн демей қалаған уақытымызда барып, жеңгеміз Розаның шай-суын, ас-дәмін еркін ішіп-жеп, қаласақ қона кетіп, ойнап-қунап, әзілдеп, мәз-мейрам болып жүруші едік. Негізінен қалада тәрбиеленген, орыс мектебінде оқыған Роза Құрманбайдың қадірін білді, адал жар, аяулы ана болды; оған жағдай жасады, айтқанынан шыққан жоқ; үлкен ұлдарын Құрманбайдың апасының бауырына салып берді; ауырып қалған күндерінде Құрманбайды сәбидей күтті, Мира мен Нұратты үкілеп өсірді.

Құрманбай табиғатынан дарынды, аса еңбекқор адам еді. Оның бүкіл өмірі оқу-ізденумен, жазу-сызумен өтті. Біреудің алдына түсу, дүние жинау, байлық қуу, кісінің сыртынан ғайбат айту, әлдекіммен ұстасу, кектесу, өш алу дегендерден құлан таза болатын. Адалдық, тазалық, еркіндік, туған халқына махаббат – оның басты қасиеттері еді.

Қаламы қозғалмаған күні жоқ. Негізінен реализмді нысана еткен жазушының «Ай күледі», «Балбөбек», «Қайдасың, досым?», «Шынар», «Нар идірген», «Қаныш Сәтпаевтың балалық шағы», «Әсет», «Бабадан қалған бар байлық» сияқты көптеген кітаптары жарияланды. Өлең, дастан тудырды. Ертегі, әңгіме, хикаят, роман жазды. Тарихи-танымдық, этнографиялық, педагогикалық еңбектер берді. Аударма жасады. Әртүрлі кітаптар, күнтізбелер құрастырды. Бұлардың басын қосып шығарса, көп томдық шығармалар жинағы болмақ.

Құрманбаймен көп сапарда бірге болдық. Ол өте сергек адам еді. Ұзақ жолда бап талғамайтын қазанат секілді: үш-төрт сағат көз іліндірсе, қунап шыға келеді; асқа кірпияз емес, аздың өзін қанағат етеді; далаға, машина кабинасына қона салуға бар. Берекесіз көп сөйлеп, мазаны алмайды, татымды әңгімемен ауыл-аймақты разы етеді.

Менің «Ақбұзау» деп ат қойған «Жигули» машинаммен екі балам-ұлым Ардақ пен қызым Ләйла және Құрманбай бар, 1975 жылы шыжыған шілде айында Алматы – Жамбыл – Шымкент – Түркістандатып сапарға шықтық. Жамбылда Әлдихан Қалдыбаев, Шымкентте Қарауылбек Қазиев күтіп алды. Қызықты кештер, әңгіме-дүкен, тамаша табиғат құшағы, жастық күндер.

Одан Ташкент – Самарқан – Бұқара – Хиуа тарттық. Бензиннің тапшы болып тұрған кезі. Құрманбай ұйғырша ұйғырдан артық біледі, өзбекше де сөйлейді. Бірден райкомға тартамыз. Жазушылар Одағының мүшесі деген кішкентай қызыл куәлікті көрсетеді де, кітап жазу үшін саяхаттап жүрміз, жағдай жасаңдар дегенді өзбекшелеп мипаздап айтады. Әр қарай мәселе қолмақол шешіледі: жатар орын, ішер тамақ, құйылар бензин түгел дайын.

Әсіресе Самарқан облысының бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Рахимов деген азамат ерекше күтті, түбі Қашқарлық ұйғыр болса керек; Құрманбайдың Шығыс Түркістан туралы әңгімелеріне құрсан болып, бір апта алып қалып, Самарқантты, оның маңайын түгел аралатты, арнаулы демалыс үйін жатқызды, әрі қарай баратын жерімізге телефон соғып айрықша тапсырды. Сонша құрмет көріп жүрген Құрманбай екеуіміздің аяғымызда бақайларымыз ырсиып тұрған шарқай, үстімізде алабажақ жейде. Көңіл таза, сезім-ақ.

Келесі жылы жазда Құрманбай бар, әнші Жәнібек Кәрменов бар. Жолда Талдықорғанда Дәнеш Рақышевта қонақтап, Үржар, Алакөл, Аягөз-Семейлетіп тағы саяхатқа шықтық. Ғажайып бір ән сапары еді ол.

Ғалым, әнші Құныпия Алпысбаевпен Кеген-Нарынқол жағында болдық. Еске түсіріп отырсам, он мың шақырымнан астам жерді Құрманбаймен бір машина ішінде болып өткен екенбіз.

Құрманбай алды-артына бірдей мейірмен қарайтын, адамды кісілігіне қарай сыйлап құрметтейтін көшелі кісі еді. Тағдырлары ұқсас Зия Самади, Жағда Бабалықов, Қабдеш Жұмаділов, бірге қызметтес болған Мұзафар Әлімбаев, Әнуарбек Дүйсенбаев, балалары қатарлас Несіпбек Айтов, Тұрсын Жұртбаевтармен сырлас, дос, ниеттес болатын. Курстастары Құреке деп түгел төбесіне көтеруші еді, тіске басар табылмай қалған қызу шақтарда оның теңбіл-теңбіл, дөңгелек тамшылары мөлдіреген түбі қасқасын рахаттана жалап отыратындар да табылатын. Бала күнінен бірге өскен, Құлжа бойында жастық шақтың қызығына ортақтасқан асыл досы, Әсет мектебін қайта тірілткен, қазақтың қобыз үнді ғажайып әншісі, ішкі сарайы тап-таза, періште мінез Дәнеш екеуінің шығарда жаны ғана бөлек еді. Бұл ғұмыр бойына созылған, қас-қабақтан, түсінісетін, көрмесе сағынып тұратын, ешқашан сызат түспеген тамаша қазақы достық болатын.

Қазақстан Жазушыларының соңғы құрылтайында Құрманбай шаршаңқы, жүрісі сылбыр, өңі қуқыл, көңілі жабырқау көрінгенмен, «ал, кеттік» деген шақыруға қарсылық білдірмеді. Сол күні Алматының бір жылауық жаңбыры толассыз жаусын. Оған қараған біз жоқ. Астымызда сүліктей қатқан, есік пен төрдей, былғары орындықты, Германиядан күні кеше ғана келген Қоғабайдың су жаңа «Мерседесі».

Түнге қарай орталықтан бас сұғар жер таба алмай, аэропорт, вокзал, Тастақтарды сенделетін баяғы Алматы емес, таяқ тастасаң кафе, казино, ресторан, «кел, іш, же, ойна» деп шамдары жарқырап, шақырып тұр. Зыр етіп, Абай көшесіне түстік те, у-шу, ырду-дырду бір кафеге кіріп кеттік. Одан кейін екінші кафе. Одан кейін үшінші кафе. Әуелде үшеу едік. Кейін басқалар қосылды. Қызу әңгіме: кім мақталды, кім сыйланды, кім кімге дауыс берді. Қызыл кеңірдек. Құрманбайдың сабырлы қалпы. «Алаш» сыйлығын алып тұрған жерінен біреулердің қызғанышынан өтпей қалғаны айтылғанда да былқ еткен жоқ. Түні бойы қыдырдық.

Кафе, ресторан жалықтырған соң, менің үйіме, Қоғабайдың үйіне бардық. Атақ, даңқ, күндестік, опасыздық, өмір, өлім, әйел, нәсіл, достық, дұшпандық, кедейлік, байлық, қазақтың тағдыры – бәрі сөз болды. Құрманбай түн ауа көңілденді. Жас кезіндегідей қолын сермеп тастап, қызыл шеке боп айтысты, ешкімге есе теңдік бермей қойды. Таң ата үйіне келгенде әйелі Розаға:

- Сен, ұрыспа, мен бүгін ақырғы рет қатты іштім, достарыммен іштім,-деді. Дауысы дірілдеді, көзіне жас келді.

Содан кейін мен Құрманбайды көрген жоқпын.

Нұриденнің сатиралық фельетондары

Ол бізден үш-төрт жас үлкен болатын. Жасы ғана емес, түр-тұлғасы, жүріс-тұрысы ауылдан келген біздерге қарағанда өзгеше еді. Қапсағай, арық, бойы ұзын. Шықшыт сүйектері шығыңқы, мұрны үлкен, қоңқақ. Көзі алақандай, үлкен, кісіге сұық қарайды. Қайдан тауып алатынын білмейміз, өзгелерде жоқ киім киеді: басында сұр берет, үстінде қара сулық, қолында қара қолғап, көзінде қара көзілдірік. Сол кезде экранға шыға бастаған италия киноларының кейіпкері секілді. Полицейский ме, детектив пе?

Ауылшаруашылығы жұмысына бару үшін жолға шыққан бетімізде, жүк артатын, мал таситын вагондарға мінер-мінбестен бәрімізді билеп-төстеп кетті. Өзі би, өзі қожа, тізімдеп кезекші жасап, тазалық, тәртіп орнатып, бірден серкеміз болып алды. Совхозға жеткен соң бригадирге айналып, кетті, қанша астық тазартылды, қанша, машина артылды, барлық құжаттарды өзі толтырады, кімге қанша ақша тиесілі өзі шешеді. Адал. Ешкімнің ала жібін аттамайды. Алаламайды. Сөйтіп, астық жинауға барғанда, Нұриден Мұфтаховтың арқасында бірінші курсқа жаңа түскен біздер өмірі қолымызға ұстап көрмеген ақшаға қарық болдық, тіпті сол сомаға костюм-шалбар, етік, алғашқы сағат сатып алынды, одан артылғанын стипендияға қосып талғажау еттік.

Сөйтсек Нұриден университетке дейін Қарағандыда кенші болған, бірталай қиыншылық көрсе де мойымаған қайсар, тісқаққан жігіт екен.

Университеттің жалпы комсомол жиналысы өтіп, Арқаға астық жинауға қатысқан бірталай студенттерге сыйлық беріліп, марапат жасалған кезде, бірінші курс студенті, біздің топтағы Е.Қ. «Тыңды игергені үшін» медаліне ұсынылғандығы айтылғанда, өзгелер аса мән бермесе, Нұриден шоқ басып алғандай, тулап шыға келді, мінберге ұмтылды, «бұл дұрыс емес» деп орнынан түрегеліп айқайлап та жіберді: «мен бұл әділетсіздікті болдырмаймын» деп жұдырығын түйді.

Айтқаны рас екен, Нұриден әрекетті бастады. Е.Қ. қолайсыз бір жағдайға байланысты, алыстағы Маңғыстаудан жедел хабар келіп, ауылына жұмыс бітерден жиырма күндей бұрын қайтқан болатын. Нұриден сол құжатты алғызып, алдымен университет газетіне жазды. Еш қорытынды шыққан жоқ. Жастар газетіне жазды. Нәтиже болған жоқ. Мәскеуге, Жоғары кеңес төралқасына жазды. Ақыры шынында студенттердің жазғы ауылшаруашылық жұмысында толық істемесе де, жаңсақ жолмен медальға ұсынылып кеткен студентке Нұриден қоймай жүріп марапатты бергізбей тастады. Біреулер: «Шындыққа жетті. Азамат екен» десе, біреулер: «Сонша соңына түсіп, өз қалтасынан шыққандай. Қызыл көз пәле екен» деді.

Әдебиет тарихы курсы бойынша жаңа оқытушы - доцент Белгібай Шалабаев аудиторияға кіріп, орындыққа жайғасты. Үстінде бір түсті ақ матадан тігілген жеңі шолақ көйлек, шалбар, аяғында да ақ сандал. Шашы да аппақ. Бұрынғы галстүк тағатын, костюм киетін оқытушылардан бөлек. Сабақ оқытуы да басқаша екен. Ұзақ-сонар өз өмірбаянын шолып кетті. Сәкен, Сәбит, Мұхтар, Әлкен, Мұқаметжан Қаратаев, Хамза Есенжановтармен өзін үнемі қатарластыра айтып отырып, қазақ әдебиетшілерінің ішінде Шоқаннан кейін еңбектерін орыс тілінде жазатын екінші әдебиетші екеніне тоқталып, стол үстіне қойған, әр жерінен жібі шығып, өңі кетіп тозыңқырай бастаған жуан, қызыл күрең портфелін ашып, ішінен екі жұқалтаң кітап шығарды. «Қазақ әдебиетін әлемге таныту үшін мен мақсатты түрде орыс тілінде жазам. Сендерді де осы кітаптарыммен орысша оқытатын болам» деді. Содан кейін өз кітабы бойынша диктант жаздырды. Келесі лекцияға келгенде білдік, төрт-бес студенттен өзгеге екі қойылыпты. Оқытушымыз өз кітабын тақырып-тақырып бойынша бәрімізге бөліп берді. Сөйтіп біз өзімізді өзіміз оқыта бастадық. Негізінен кітаптан көшіріп аламыз да соны оқып береміз. Оқытушымыз анда-санда «Молодец» деп қойып, шалқайып отырады, қате айтқан сөздерді түзетеді, «Осылай әрі білім аласыңдар, әрі орысша үйренесіңдер» дейді. Ол да мәз, бізде мәз.

Бір күні кезек Нұриденге келді. Оның орысшасы бізден көш ілгері. Ешқандай қате жібермейді. Күмпілдетіп, саудыратып оқып жатыр. Оқытушы риза болып, басын изеп отырған. Кенет студенттің қолындағы қалың дәптерден кітаптан жыртылып алынған беттер сау етіп төгіліп, оның бір парағы оқытушы столына барып құласын. Оқытушының көзі бағжаң ете қалып, даусы шаңқ ете түсті: «Қолың барып, менің кітабымды қалай жыртқансың?» деді. «Көшіріп жатуға уақыт болмады, ағай. Мен сатып алдым ғой кітапты» дей бергенде, оқытушы орнынан атып тұрды. «Кітап жыртқан фашист, иттің баласы!» дегенде Нұриден өзін-өзі ұстай алмай, қалшылдап: «Мен комсомолмын. Иттің баласы емеспін. Әкем соғыста өлген. Тіліңізді тартыңыз!» У-шу болды да кетті. Улап-шулап деканатқа бардық. Улап-шулап ғылыми кеңеске бардық. Ақыры басқа оқытушы келді. Бәрімізді бастап жүрген – Нұриден

Университетті бітірген соң, жолдама бойынша жан-жаққа тарадық, Нұриден Алматыда қалу мүмкіндігі болса да, сұранып, өтініп жүріп, ақыры Атыраудың облыстық газетіне кетті. Бітіргенімізге бес жыл толғанда Алматыға жиналдық, біреу сақа тартқан, біреуге қарын біткен, біреу кішігірім бастық, біреу кітап шығарып, Жазушылар Одағына мүше болған, біреу диссертация жазып, кандидат дипломын алған, біреу әлі бойдақ, біреу үш-төрт баланың әкесі, бәрінде де өзгеріс бар, өзгермеген Нұриден ғана, сол сұр берет, қара көзілдірік, қара сулық, қара қолғап, мінезі де баяғыдай: «бес жылда үш адамды соттаттым, бес адамды партиядан шығарттым, он екі адамды жұмыстан қудырдым» деп қарап тұр. «Әділет үшін күрестім. Біреуді мақтап, өтірік очерк жазған жоқпын» деген.

Облыста фельетондармен атағы дүрілдеген Нұриденнің дабыры Алматыға да жетіп, Республиканың бас газетіне арнайы шақырылды. Бұрынғы бұрынғы ма, қылмыстардың бетін ашқан, жемқорлық ініне су құйған, зорлық, әділетсіздікті әшкерелеген материалдарды қарша боратты, жақтастары да, дұшпандыра да көбейді, оған қаймығып жатқан Нұриден жоқ, Қазақстанның қай бұрышына барса да не фельетон, не сын мақала жазып келеді, бетің бар, жүзің бар демейді, құзырлы мекемелерді де, үлкен мансап иелерін де найзалап жібереді, жалғыз өзі әрі милиция, әрі сот, әрі прокуратура секілді, дерек, факт, құжат табуда тұтас тексеру бригадасының қызметін атқарып кеткендей болады. Кейде олқы соқса, қателессе, оны мойындаудан қашпайды. Асанбай Асқаров туралы әуелде жалған деректерге сүйеніп материал, жазса, кейін сол қайраткерді ақтау әрекетінің басында жүрді, Журналист-адвокат қызметін абыроймен атқарды десе болғандай.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Нұриденнің мүмкіндігі тіпті молайды. Бірінші болып заң газетін шығарды. Әділет министрлігінде істеді. Келе-келе орыс тілінде еркін жазып кетті. Әлеуметтік толғақты ойларды қозғайтын қайраткерге айнала бастағанда, халқына Нұри Мұфтах атымен кеңінен танылған биік белесте, аяқ астынан жол апатынан қазаға ұшырады. Қазақ сатиралық журналистикасының үлкен бір сеңгірі Нұриден Мұфтахов екендігінде ешқандай күмән жоқ.

Қарауылбектің лирикалық прозасы

Біз бесінші курсқа келгенде, филология факультетінің орыс бөліміне Ж. есімді бір қазақ қызы оқуға түсті. Он алты жаста екен, Қызылорда қаласынан, екі тілде бірдей. Ұзын шашын бір бунақ етіп, арқасына тастай салған. Өзі екпінді. Үнемі жүгіріп жүрген секілді. Беті сопақша келген, көзі тостағандай, өңі аққұба. Күлген кезде тістері ақсиып тұрады, бір уыс ұсақ күмісті жарқ еткізіп шашып жібергендей әсер қалдырады. Аз күннен кейін белгілі болды, ауылшаруашылығы ма, политех па, солардың біреуінде оқитын жігіті бар екен. Үлкен қалың көзілдірік киген, еңгезердей дәу қара, қаудырлаған сулық киіп жүреді, онысы жерге сүйретіліп жатады. Виноградов көшесіндегі жатақханада тұрамыз. Есік алдындағы биік теректің жанынан көреміз, этаж арасындағы баспалдақ астынан көреміз, әлгі дәу қараның кең сулығының ішінде үнемі Ж. тұрады. Сүйісіп тұрады. Бәріміз қызғанамыз. Ең алдымен сұлулық десе, ішкен асын жерге қоятын Қарауылбек қызғанады. «Ойпырмай, құжбаннан не тапты екен?» деп басын шайқайды. Таңертең Ж. университетке қарай бұрымы арқасында бұлғандап, бір шекесінде ақ бантигі ағараңдап, жүгіре басып кетіп бара жатады. Аузымыздан суымыз ағып, жабыла соған қараймыз. Бәріміз ғашық болып қалғандаймыз. Екінші семестр басталғанда болса керек, Ж. ақ бантигін тастапты, жүріс-тұрысы бұрынғыдай емес, сабыр тартқан, өңіне мұң кіргендей. Бір күні Ж. жатақханадан көрінбей қалды. Салпаң сулықты құжқараға күйеуге шығып кетіпті. Алдымен Қарауылбектің қабағы қарс айрылды. Бәріміз асылымызды жоғалтқандай күйге түстік. Қарауылбек: «Кетуін кетті ғой. Белгі қалсын. Кәне, бәріміз «Ақ бантик» деген атпен бір-бір әңгіме жазайық» деді. Конкурстық комиссия құрдық. Оншақты әңгіменің ішінен ең үздігі деп Ерғали Ахметов пен Қарауылбек Қазиевтің әңгімелерін мойындадық. Ерғали әңгімесі «Жұлдыздың» жастарға арналған санында басылды. Әдеби қауым өнерге жаңа талант келді деп қуанды. Әлі күнге дейін себебін білмей қайран қаламын, Ерғали сол тамаша әңгімеден кейін мандытып көркем шығарма жазған жоқ, мұғалімдікпен, журналистикамен ұзақ жылдар айналысты, облыстық газет редакторының орынбасары болды.

Ал Қарауылбектің жазушылығы сол «Ақ бантиктен» қауырт басталып кетті. Алғашқы әңгімелер жинағы да «Ақ бантик» (1968) аталған еді. Көзі тірісінде «Иманжапырақ» (1975), «Үркер» (1971), «Кемпірқосақ» (1984), «Утренняя роса» (1983), кейін «Ақшуақ» (1988) деген атпен әңгіме, хикаяттар жинағы басылған. Қазқ әдебиетіндегі лирикалық прозаның талантты бір өкілі, тамаша стилист, жастықтың, махаббаттың романтикалық жыршысы екендігін көрсетіп кеткен дарынды досымыздың мінезі де қызық болатын.

Жолаушылап кетті ме, сапарда ма, Қарауылбекті телефонмен таба алмаған соң, барғаннан кейін кездесерміз деп, Шымкентке хабарсыз-ақ тартып отырдым. Орталықтағы қонақүйге жақсылап жайғасқаннан кейін, негізгі келген шаруамды тындырайын деп Әкіш Шаниннің үйіне бірден тартайын. Тоқпақтай ғана жылтыр қара шал айтқан сөздерімді селқос, мән бермей тыңдап алды да, дүрсе қоя берді: «Айтатындарың бәрі өтірік. Амантай Сатаев келген. Қанша материал бердім. Бар жазғаны – бір мақала. Бағыбек Құндақбаев келген. Қанша материал бердім. Бар жазғаны – бір мақала, кітап жазам дейсің. Мен сендерге сенбеймін. Қолда енді қалған дүниелерді ешкімге бермеймін. Кезі келер. Сонда иманы бар біреу Жұмат Шанин туралы жазар». Бүрісіп отырған жұдырықтай шалдың көзі өңменімнен өтіп, дауысы құлағымды жарып жібере жаздады. «Әуре болма, енді келмей-ақ қой» деді кетерімде орнынан да тұрмастан.

Қонақүйге қайтып, тамақ ішіп, демалғандай болып отырсам да, көңіл-күйім болмай, терезеге қарап тұрған кезімде, біреу келіп оң қолымен көзімді басып тұр. Біле қойдым – Қарауылбек, мұндай исі бар одеколонды бір сепсе, сол ғана себеді. «Қонақүйге түскенің не, масқара, сенің? Менің үйім жоқ деп естіп пе едің?» Аяқ-қолымды жерге тигізбей, қасындағы жігітіне заттарымды, қағаздарымды жинатып, чемоданға салдырды да, бөлмеден итергендей етіп шығарып, көшеде тұрған «Москвич» мәшинесіне мінгізіп алып, үйіне қарай тартты. Әйелі Зоя, шешесі Ермек, екі кішкентай баласы мені көптен күтіп отырғандай қуанысып, қаужаңдап әбігер болды да қалды. Қонақ келетіндей мол дастархан жасап, неше түрлі дәм, жемісті толтырып тастаған. Арақ-шарабы, қымыз-қымыраны, қазы-қартасы – бәрі жыртылып айрылғандай. Кірпіштен салынған, арнаулы жобамен жасалған, негізінен обком қызметкерлері тұратын үш бөлмелі, жайлы, кең қолайлы пәтер алуына облыстық атқару комитетінің төрағасы Жамалбек Шаймерденов көмектескенін, ол кісінің Зояның марқұм папасының досы болғандығын, Зояны өз қызындай көргенін Қарауылбек зор алғыспен, ырза көңілмен айтып отырды.

Әкіш шалдың қалай қарсы алғанын естігенде, Қарауылбек бұйра шашын сілкіп тастап, үлкен танауы қоңқайып, шек-сілесі қатып күлді. Ертеңіне базарға алып барды. Бір өзбектен мәнті жегізді. Сондай дәмді болар ма, осы күнге дейін дәмі аузымда. Жеңді білектей қос қазы, жылқының сан етінен, жаясынан алды. Қымыз-қымыран алды. Армян коньягын, орыс арағын, молдован шарабын алды. Соның бәрін машинасына салды да, Әкіш Шаниннің үйіне тартты. Келе салысымен «Мына еттерді қазанға салыңыз» деп жеңгесіне тапсырып болған соң, Әкіш ақсақалдың қасына келіп жайғасты. Бірін-бірі бұрыннан біледі екен. Әңгімелері жарасып тұр. Қария маған онша мән бермей, екеуі көп шүйіркелесті. Шай үстінде бірер рюмка тамақтан өткеннен кейін үшеуіміздің де маңдайымыз тершіп, сөзіміз жараса бастады. Жас қазы, жылқы етінің иісі танауға келе бастағанда Әкіш ақсақалдың әңгімесі тіпті түзелді. Қанша дегенмен Республиканың еңбек сіңірген артисі емес пе, шыққан ортасы, ата-бабасы, Баянауыл, Семей, Омбы атырабы туралы тарам-тарам тарихты таратып айтып, Жұмат Шанин өміріне келгенде тіпті көсіліп, біреулерден көрген қиянатты, өкімет жасаған репрессияны айтқанда өңі бұзылып, даусы өзгеріп, тұтас бір трагедиялық моноспектакль көрсеткендей болып отырды. Қарауылбектің те түсі бір сұрланып, бір қарайып, сан алуан күйге түсті, өзгеше құбылып отырды.

Менің кейін Жұмат Шанин туралы кітап, деректі фильм сценарийін жазуыма мол азық берген сол ұзақ отырыс арада қырық жылдан астам уақыт өтсе де әлі есімнен кетпейді.

Қарауылбек студент кезінен ерекше жомарт еді. Ауыл қоңторғай. Елден көп болса, бес-он тиын, бір дорба ет келеді. Бар талғажау – стипендия. Студенттер үшін стипендия алған күн – той. Басқалар дүкеннен тамақ сатып алып, асханаға барып, терлеп-тепшіп жатқанда, Қарауылбек бөлмесін бейтаныс жігіттер басып кетеді: ана институт, ана техникумнен келген. Келгендерге стипендиясын пышақ үстінен қарызға бөліп береді. Басқамыз ондай қадамға бара алмаймыз, қайтармаса ертең аштан өлетіндей қорқамыз. Әр жерден келген жігіттер Қарауылбекті алдамайды, уәделі уақыттарында қайтарады.

Кейін облыстық радио-телекомитетті басқарып, жазушы болып қаламақы тауып, «қолына қарға саңғыған» дегендей кезеңде Қарауылбектің жомарттығы тіпті үдеп кетті: Шымкентке жазушы барса, өз үйіне түсіреді, Алматыға сапарға шықса, вагон-ресторанда отырғандардың ақшасын төлейді, Қырымға шығармашылық үйіне барғанда, бір маусымға келгендерге банкет береді, басқа да Атымтай жомарттығы аңызға айналды. Кісі көңілін табуға, алыс-жақынның бәрін сыйлауға асығатын да жүретін. Ғұмырының қысқа болатынын сезді ме екен?

Қоғабайдың қаламгерлігі мен баспагерлігі

Курстас досымыз Қоғабай Сәрсекеев жетпістің желкесіне шыққан мерейтойына дастархан жаятынын айтып, сол қуанышқа қатысуға шақырып жазған хатын алғаннан кейін қазіргі ішіміздегі үлкеніміз, белгілі баспагер, атақты аудармашы Мәткәрім Әкімжанов, көрнекті публицист-жазушы Болат Бодаубаев және мен мерейтой иесіне сыйлық іздеп, Астана дүкендері мен базарларын олай аралап, былай аралап, көпке дейін лайықты ештеңе таба алмай дал болдық: өрнектелген, оюланған, алтын-күміс жіппен әдіптелген талай шапанды жаратпадық; самғап ұшып кетейін деп тұрған бүркіт ұнамады; жер тарпып кісінеген арғымақты алмадық. Елеусіздеу дүкеннің күңгірттеу бұрышында тістері ақсиып, тас арасынан енді шығып, жеміне атылайын деп, атылайын деп жиырыла ұмтыла бастаған қиғаш көз, шұп-шұбар барысты шалып қалған Мәткәрім: «Міне, табылды. Нағыз сувенир осы. Қоғашқа ұқсай ма, қалай» деп күліп жіберді де, бізден келісім сұрамастан, кассаға барып, ақшасын төлей бастады. Жол билетін алдық.

Тұңғыш атом бомбасы сыналғанына алпыс жыл толуына орай, полигон құрбандарына арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысу үшін Семейге барған күннің ертеңіне аяқ астынан қан қысымы қатты көтеріліп, ауруханадан бір-ақ шығып, Қоғабайдың тойына бара алмадым. Ұзақ күн сарылып төсекте жатқан адамның жолдасы уайым мен қайғы, мұң мен ой, өткен-күткен күндер елесі.

Дос қуанышын телефонмен құттықтауға ғана шама келді. Содан кейін жарты ғасырдан артық қатар, бірге сүрген өмір, соның әртүрлі мезеттері еске түсе бастаған.

Сүтке тойған қозыдай томпиған, қап-қара қайратты шашын қысқа қырықтырып, тікірейте тараған, бүйрек бет, орта бойлы, қалың қабақты, қағылез бала өзгемізден бөлекшелеу еді. Ауылдан енді келген біздердің үсті-басымыз алқам-салқам, олпы-солпы, жүріс-тұрысымыз бошалаң, ол тіпті жинақы, тап-тұйнақтай, үстіне кигені ескі-құсқы емес, бойына шап-шақ, дүкеннен бүгін сатып алғандай дүниелер, білегінде ешқайсымызда жоқ қымбат сағат. Байдың ұлы шығар деп ойлағанбыз. Кейін білдік, әкесі Сәтен соғыста өлген, жетім-жесір әйелдердің қолында өскен тесік-өкпе бала екен ғой. Асханада, той-томалақта, былайғы жүріс-тұрыста қолы ашық, оңды-солды шашып жүреді. Бұл ақшаны қайдан алады десек, ол бізге ұқсап түнге қарай бұрқыратып ұйқы соқпай, бір мекемеде әрі күзетші, әрі отжағушы болып істеп, сол жерде түнімен сабақ оқиды екен ғой. Бір атпалдай азаматтың еңбекақысын алған, оған стипендиясын қосыңыз. Баспасөзде жиі көрініп, қаламақы таба бастады. Жоғарғы курстардың бірінде болса керек, біздер де галстук байлауды үйреніп, венгрдің бе, поляктың ба сырт киімін, чехтың туфлиін киюге жарап қалғанбыз. Қоғабай бұл кезде тіпті ұзап кеткен.

Бір күні лекцияға жарқырап келді. Үстінде тіпті профессорлардың өзінде жоқ костюм-шалбар. Қай дүкеннен алғанын сұрасақ үндемейді, жымиып күле береді. Қандай материалдан тігілгенін білгіміз келгенде айтқанын түсінгеміз жоқ, каверкот деді ме, бостон деді ме, әйтеуір біз білмейтін бір мата. Тіпті қыр соңынан қалмай сұрақтың астында қалдырғаннан кейін шындыққа көзіміз жеткендей болдық: мұндай киім осы қалада классик Ғабит Мүсіреповте ғана бар екен, тапсырмамен екі-ақ данасы тігілген, шебері жебірей Мейэр.

Университет бітірген соң, дәм-тұз бұйырып, бір жылдан астам Арқа жақта республикалық жастар газетінің тілшісі болып жүргенде, бұрынғы Ақмолада үшінші курста облыстық басылымда Қоғабай тәжірибеден өткен кезде жатқан үйде мен де тұрдым. Төрт бөлмелі, қара қопсылы, жақсы салынған кең үй. Адресі Авдеев көшесі, 38. қазір Шоқан Уәлиханов көшесі, ол үй қазір де бар, бұзылған жоқ.

Алпыс төрттің жазғытұрымы еді. Пионер газетінің қызметкері Қоғабай сапарлап келе қалды. Үй иесі бойы ұзын, тарамыс денелі Саттар ағай базарда ет сатады, әйелі толық келген, алтын тістері жарқыраған салтанатты бәйбіше Әмина да сауда жасайды; екеуінің де арғы тегі бай-бағылан болғандығы үй-тұрмыстарынан, ішкен-жегендерінен, аралас-құраластарынан көрініп тұрады, қолдары ашық, жомарт. Қоғабай келгенде туған інілерін көргендей қуанып, бір қойды сойып тастады. Анау да олардың іші-бауырына кіріп, елпілдеп тұр.

Үйден шықпай, бір күн – бір түн әңгіме соқтық. Студент күндер, бірге оқығандар, ертең кім боламыз, қалай жүріп, қалай тұрамыз, алда не күтіп тұр, соның бәрін шалып, ақыры аяқ астынан Торғайға тарттық та кеттік. Мен тілшімін. Қайда барам, қайдан жазам, не жазам – бәрібір.

Қалай келіскенін білмеймін, Қостанайда бір облыстық мекеме басшысына кіріп, Қоғабай жеңіл машина сұрап алды. Торғайға дейін жер қашық, жол жаман, шаршап шалдығып, түн ортасында әрең жеттік. Тура өз ауылыма келгендей болсам да, білмегенсіп, ондайды көрмегендей, үй-үйдің арасында қабырға іспеттес қаланған қарайғанды көрсетіп: «Was ist das?» – дедім немісшелеп. Қоғабай ойланбастан «Was ist қи» деп салды.

Өзі атын айтатын Мәрзия деген шешесі, үлкен екі әжесі бар екен, мен кейін дұрыстап күтпеді деген дау шығарады деп, Қоғабай ескертіп қойды ма, қонақжайлық дәстүрге жығылды ма, білмеймін, түн ортасында қойға бата сұрап, бір малды жайратты да салды. Апталап араладық: шежіре, әңгіме тұнып тұрған аңыз секілді Торғайдың қаласы, адыр-адыр шағылдар, арқырап аққан өзендер, шалқыған көлдер, ол кезде әлі таусыла қоймаған, бастарында қолдан тоқыған торғайы түбіт тақиялы қариялар, кимешекті аналар мол еді. Барлығы да шежіре, барлығы да дана, барлығы да мейірман. Арғы заман, Алаш дәуірі, 16 жыл барлығы ұмытылмаған. Тау-тас, ескі көз, кәрі құлақ бәрі сөйлеп тұр. «Ақаң, Жақаңдарды көп сұрайды екен. Байқасын. Жаман бала емес сияқты. Көктей орылып кетпесін» деп маған жандары ашыған жарықтар-ай десейші. Қариялар әулие ғой, біледі екен, орылып кетпесек те, маңдайға жазғанын көрдік қой.

Ерте түртінген, тіпті мектепте жүріп, өлең, мақала, күнделік жазған Қоғабайдың алғашқы әңгімелер жинағы ерте шықты. Ол кезде Жазушылар Одағында кеңесші болып істейтін маған келіп көрімдік алғаны, астыдағы буфеке барып өзімізше жуғанымыз әлі есте. «Кілт» кітабында бала кезде көргендер, ауыл суреттері, алғашқы сүйіспеншілік әдемі суреттелген болатын. Одан кейін шыққан «Қараша қаздар» жинағында өскен, толыса бастаған байсалды прозашының қолтаңбасы көрінген.

Ұзақ жылдар баспасөзде басшылық қызметте болып, өзгелердің жазған-сызғанын түзетіп, өз қағаздарына қарауға мұршасы болмай шаршаңқыраған Қоғабай бір күні жұрттың бәрін таңқалдырып, республикалық газеттегі үлкен мансабын өз еркімен тастап, үйіне кетіп қалды. Ол кезде қазіргі Абылайхан көшесінде, Райымбек көшесінен төмен, вокзалға таяу жерде, шағындау үш бөлмелі үйде тұратын. Араласып тұрамыз, барып жүрем. Жазуды, өз жазуын сағынып қалған екен. Күн демей, түн демей столға отырды. Торғай даласында XIX ғасырдың сексенінші жылдарында басталған оқиғаларды көрсетуден басталатын тарихи роман жаза бастады. Бас кейіпкері халық батыры – әйгілі Амангелді.

Бір күні «Жазушы» баспасына барсам, проза редакциясының меңгерушісі Амантай Байтанаев, редакторлар Мағзұм Сүндетов, Рамазан Тоқтаров, Қабдеш Жұмаділов, Жайсаңбек Молдағалиев, Тұтқабай Иманбеков, «Жалынның» редакторы Қуанышбай Құрманғалиев бәрі әбігер, алдағы жылдың тақырыптық жоспарын жасап жатыр екен. Жоғары жақ революцияны айтатын, коммунист бейнесін көрсететін кесек туынды керек деген қатал нұсқау берген сияқты. Ондай қолжазба таба алмай, не істеуді білмей қиналып отырған үстерінен түстім. Басыма аяқ астынан бір ой келді де, Қоғабай Сәрсекеев болып баспа директорының атына тездетіп өтініш жаздым. Қазақ даласындағы 16 жылды, революцияны, Амангелді Имановты бейнелейтін «Қызыл жалау» атты роман жазып бітірдім. Сол қолжазбаны алдағы жылдың жоспарына енгізуді сұраймын дедім. Аннотациясы қоса тіркелді. Талай қолжазбалар жылдар бойы кезек күтіп, Баспасөз комитетінде ұсталып, немесе Жазушылар Одағында тоқталып, немесе Орталық партия комитетінде кері қайтарылып, ұзақ шырғалаңға түсіп, жазудан гөрі шығаруға көп күш кетсе, құдай оңғарып, саясаттың қышыған жерінен тиетін ат қойылған романның жоспарға енуі де, жариялануы да оңай әрі сәтті болды. Кітап Ғабит Мүсіреповтің қолдап жазған алғы сөзімен «Жалын» баспасынан шықты да, еңбектің бірден бағы жанды. Сәкен Жүнісов, қолдады. Оқырман жылы қабылдады.

Кейін, уақыт өзгеріп, өз қолы өз аузына еркін жеткен, не айтам десе мүмкіндігі туған кезеңде автор шығарманы қиындықсыз жариялау үшін саясатты бұлдаған «Қызыл жалауды» өзгертіп, «Ақырзаман» деген атпен қайта бастырып шығарды.

Газетте, баспада, кітап саудасында ұзақ жылдар істеп, аққаптал болған, баспаханадағы темір-терсек, қағаз, бояу исі бір күн мұрнына бармаса, ішкені ас болмай, ұйқысы келмейтін кәнігі баспагер Қоғабай бұрынғы құрылымдар қаусап, жаңа қатынастар орнай бастаған тоқсаныншы жылдар басында өзгемізге ұқсап, өкіметке жалтақтап, алақан жайып отырып қалмай, батыл бір қадамдарға басты, жиған-тергенін түгел салып жүріп, алқам-салқам, тоз-тозы шыққан, ешкім қарауды қойған, ескі бір баспахананы сатып алғанда, «шатасқан шығар» деп мұрнымызды шүйіргенбіз. Аз уақыттан кейін баспахана жүріп берді, түрлі жарнамалық, әр түрлі сусындардың этикеттері басылған өнімге сұраныс мол болды. Табыс көбейді. Кітап шығару бизнесі өрге басты. Кітап бастыру ісіндегі бизнестің көзін тапты. Кітап бастыру «Сақ» баспа корпорациясының президенті Қоғабай енді бізге шекесінен қарайды.

Жазған-сызғандарын жинақтап алдымен қалың екі том етіп шығарған автор, араға көп уақыт салмай «Төрттаған» деген жалпы атпен төрт томдық шығармалар жинағын бастырды. Таяуда мес кітап – «Қазақиясы» шықты. Мерейтойында тұсаукесер өтті.

Редактор Қоғабайдың үлкен олжасы, ерлікке парапар еңбегі – Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газетін өз қаржысына қайтадан шығара бастауы деп білу керек. Тұңғыш ұлттық газет идеяларын қайта жаңғырту, бүгінгі күндегі қазақ проблемасының шиеленістерін байсалды жазу өз алдына, қаламгер Алаш тақырыбына білек сыбана кірісіп, тарихи деректі, материалдары тың, бірнеше еңбек тудырды, олар академик Салық Зиманов сынды ақылмандардың жақсы ықыласына бөленді.

Жаймашуақ, жібек мінезді Қоғабайдың бір қитықса, иіле кетпейтіні де бар, газет тиражына ат салыспадыңдар, мақала жазбайсыңдар деп шалқайса керек, белгілі қайраткер-қаламгер Хасан Оралтай, ақын Есенбай Дүйсенбайұлы және мені «Қазақ» газетінің алқа мүшелігінен ескертпестен бір-ақ күнде шығарып тастады.

Жалпы Қоғабай кез-келген адамның тілін оп-оңай тауып кете береді. Студент кезінде әйгілі профессор Темірғали Нұртазинмен дәлізде қолтықтасып алып, әңгіме соғып жүргенін көріп таңқалсақ, кейін генерал Сағадат Нұрмағамбетов, батырлар Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Бошай Кітапбаев, ғалымдар Өмірзақ Сұлтанғазин, Манаш Қозыбаевтармен араласқаны әдеттегі жағдай секілді көрінетін. Жазушылардан басы Ғабит болып, жерлестері Қайнекей, Сырбай, Ғафуларды айтпағанда, Тахауи, Сәкен Жүнісов бастаған серілердің, кейінгі буын інілері Оралхан, Жарасқан, Кеңшіліктердің оның дастарханынан дәм татпағаны жоқ шығар.



Әлдиханның балалар әлемі

Басы үлкен, кең маңдайлы, толықша келген, мінезі сабырлы, біртоға қара жігіт салған жерден ұнаған. Үндемей отырып-отырып, кенет дар еткізіп, шелекпен төккендей қылып күліп жібергенде, разы болмай көр. Жамбыл облысы, Шу ауданынан екен. Студент атанып, ауылшаруашылық жұмыстарына, Арқаға астық жинауға барғанда күллі өнерін көрсетті, білмейтін шаруасы жоқ, бригадир қайда жұмсаса да, қарсылық жасамайды, бәрін тындырып келеді. Шаруашылық басшылары да, жолдастары да дән разы. Дала қосында, кешке қарай, алакеуім, апақ-сапақ кезде сабан толтырылған тақтай төсекте теріс қарап жатып бірдеңені күнде шимайлап жататын. Қыздарға, ауылға хат жазатын шығар деп ойлайтынбыз. Сол машығын Әлдихан Қалдыбаев университетке келгеннен кейін тіпті үдетіп жіберді. Не жазады, бізге белгісіз, әйтеуір күнде қолына қалам алады. Төртінші курста оқып жүргенбіз. Бұл кезде кімнің қандай қабілеті барлығы, жазу-сызуға икемі, білім деңгейі, мінез қалпы – бәрі белгілі дәрежеде айқындалып қалған еді.

Бір күні жатақханадағы бөлменің есігін тарс еткізіп ашып, дабырлай кірген Әлдиханның қуанышында шек жоқтай көрінген. «Балдырған» журналына барып, балаларға арналған бес-алты әңгімесін көрсеткен екен, редакцияларға олар ұнапты. Бердібек Соқпақбаев: «Сен, бала, жазушы боласың», – депті. Осыны айтқанда Әлдихан қуаныштан айқайлап жіберді, еденді аяғымен теуіп-теуіп қойып, дөңгеленіп билеп кетті.

Содан кейін жарты жыл өтті ме, өтпеді ме, Әлдихан бөлмеге тағы айқайлап кірді. «Байғазы, байғазы беріңдер» дейді. Бердібек Соқпақбаевтың тікелей көмегімен «Жазушы» баспасынан кітапшасы шыққан. Үлкен форматпен, әдемі безендіріліп басылған «Көк дөңгелек» атты кітапша. Ол кезде бір-екі ауыз өлеңі, елу жол хабары баспасөзде жарияланса, кеудесіне нан пісіп, есіріп шыға келетін, тіпті ішіп кететін студенттер үшін мына жаңалық айды аспанға шығарғандай болды. Алған қаламақысына достарын разы етіп, бір аптадай тойлағаны болмаса, өзгерген Әлдихан жоқ. Сол баяғы қалпы. Кешке қарай, төсекке теріс қарап жайғасып, бірдеңені шимайлайды да жатады.

Сөйтіп жүріп, 1963 жылы университет аяқтадық. Ол кезде жаңа бітіргендер жолдама қайда берілсе, міндетті түрде сол жерге жұмысқа барады. Әлдихан курстасы Жорабай Молдақұлов екеуі Қызылорда облысы, Арал ауданына орта мектепке мұғалім болып кете барды. Ол жерде ұзақ тұрақтай алмай, әскерге алынып, бұрын университетте арнаулы әскери кафедрада үш жыл офицерлік дайындықтан өткеніне қарамай, шала сауатты, дөрекі, орысшыл командирге қарсы сөз қайтарғаны үшін жазаланып, зорлық көріп, екі жыл бойы аспан айналып жерге түсетін аптапты, шыжыған сол кездегі Совет Одағының оңтүстік шекарасында, арқасынан тұзы шығып, боқмұрын бала-шағалар не көрсе соны көріп, солдат өмірінің қиындығын кешкен Әлдихан сол көргендерін қағазға айнытпай түсіріп, қазақ әдебиетіндегі тосын тақырыпта екі хикаят тудырды. Соғыс кезіндегі әскери өмір туралы әңгіме, хикаят, романдар бір төбе болғанмен, бейбіт кездегі солдаттар туралы шығарма жоқ болса, Әлдихан сол олқының орнын толтырды. Бұл екеуі де реалистік туындылар. Әскери орта, әртүрлі ұлт өкілдері, командирдің неше түрі, ақылдысы, дөрекісі, зорлық, әділетсіздік, тәртіп, қару-жарақ түрлері, киім киіс, жатын орын, сан алуан жаттығулар – осының бәрі университет бітірсе де қатардағы жауынгер болып жүрген дарынды қазақ жігітінің көзімен реалистік тұрғыда нақты бейнеленеді. Әдемі күлкі, юмор мен сатиралық сарын да мол.

Негізінен балалар әдебиетінің дарынды өкілі болып танылған Әлдихан Қалдыбаев шығармашылығының бір ерекшелігі – оқиға таңдай білу, мінезді кейіпкер табу. Алғашқы «Көк дөңгелек» әңгімесінің кейіпкері Серікбек жолдасы Мараттың дөңгелегін бопсалап, алдап тартып алып, соны басына киіп шығара алмай азапқа түседі ғой. Сол сияқты «Қос тентек», «Бауыржан деген бала бар», «Рахима» шығармаларынан ерекше мінездерді көреміз. Әдеттегідей жұмсақ бала, жақсы бала, тәртіпті бала емес, мінезді бала, қиқар бала, өжет бала, тентек бала. Қай туындысын алсаң да оқиға бар, әрекет бар, тартыс бар. Сол арқылы сенімді, қызықты бейне жасалады. Оның ішінде ауыл баласы да, қала баласы да жүр. Ескі өмір суреттері, бұрынғы мектеп, қазіргі шаһар тірлігі, жаңа мектеп, мінездерінде, жүріс-тұрыстарында айырма мол, әртүрлі толқын оқушылар, сан қырлы өмір суреттері.

Прозашы Қалдыбаев – театр сахнасына қойылған, көп жылдар көрерменді өзіне тартқан бірнеше пьеса жазған белгілі драматург. Пьесаларының ішіндегі биігі, бүкілодақтық байқауда бас жүлде алған «Шаншар атай» комедиясы. Өзге біреу ондай табысқа жетсе көзіне май бітіп, мақтаныштан жарылып кетер еді, ол оған аса мән бермей, бір бүлк етеді де қоя салады. Әлдиханның қаламдастар туралы ілтипаты да бөлекше. Әдеби тұсауын кескен балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев туралы арнайы зерттеу жасады, өзімен жерлес қаламгерлерден Бауыржан Момышұлынан тартып Кәрім Баялиевке дейінгі бірқыдыру жазушылар туралы ағынан жарылып, салмақты пікір айтып, «Көңіл көмбесі» деген тартымды кітап жазды.

Әлдиханның орнықтылығы қызмет бабынан да жақсы аңғарылса керек. Ол қырық жыл бойы табан аудармастан күш-қуатын Жамбыл облыстық газетіне жұмсап, әдеби қызметкерден бас редакторға дейінгі қызметтердің барлығын атқарды, күнделікті журналистиканың отымен кіріп, суымен шыға жүріп, табиғат берген, ананың сүтімен келген жазушылық дарынына опасыздық жасаған жоқ. Соның жақсы бір айғағы – соңғы жылдары жазған «Мен – апамның баласымын» деген роман. Қазір жартылай публицистика, жартылай мемуар, жартылай деректі, жартылай қиялдан туған, жанрлық талаптар сақталмайтын, формалық шекаралары шайылып кеткен, ешкі басты, қой аяқты дегендей дүмбілез шығармалар қаптаған заманда шын, таза проза үлгісімен сағынып көріскендей боласың.

Кітапты оқып шыққанда алпысыншы жылдардың басындағы Тараз атырабы, Шу бойы, Жамбыл колхозы, ондағы бір шаруа шаңырағы көз алдыма қайтадан тіріліп келгендей болды. Ауылымыз алыс біздер студент күндерде жазғы каникул кезінде болмаса, үйлерімізге басқа уақытта бара алмайтынбыз. Жақын маңайда тұратын достар шақырады. Соның бірі Әлдихан еді. Кешке пойызға отырсаң, таңертең Шуға жетесің, аржағында ауылы тиіп тұр. Барғаннан кейін білдік, Әлдихан әкесі Қалдыбайды – жезде, анасы Әміржанды – әпке, нағашы апасы Айшаны – ана дейді екен. Біздің ауылда да сондай талай балалар бар, оған таң қалған жоқпыз. Қалдыбай ақсақал алып денелі, тарамыс, ауыл арасында сирек кездесетін, өзгелерден төбесі асып тұратын, алақаны күректей, батыр бітімді кісі екен. Әлдихан мүлде тартпаған, етженді, тіпті толық, ботпиғандау, нағашыларына тартып кеткен сияқты. Қайта ағасы Шәкен әкесіне келеді. Өз рулары Дулат ішінде Шымыр, оның Күнту бұтағы. Бізге Күнту деген сөз қатты ұнап, Әлдиханға әдеби псевдоним етіп ал деп жармастық. Ол күлді де қойды. Жылдың қай уақытында барсақ та сол сүттей ұйыған қазақы шаңырақ бізді өз балаларынан артық күтпесе, кем күткен жоқ. Сол кезде көзбен көргендеріміз, құлақпен естігендеріміз, жүрекпен сезгендеріміз бір бүйірімізді жылытып, жақсы әсер, ұмытылмас сезім болып жата беруші еді. Әлдихан романын оқып шыққан соң сол тәтті мұң, тарқамас сағыныш қайтадан тіріліп шыға келді.

Аяғын сындырып алып, төсекке таңылған Әлден (Әлдихан десеңіз де болады) баланың еске түсірулері арқылы берілетін соғыстан кейінгі қазақ ауылының суреті, анықтап айтқанда, Жамбыл атырабы, Шу бойы, Кербұлақ өңірінің кескіні жеткіншектің адал, пәк, таза қабылдауы арқылы көрсетілетін ауыр, жүдеу болғанымен, риясыз, иманды қатынастарға құрылған әке-бала, шеше-бала, күйеу-ене, бала-табиғат, аға-қарындас, жас сүйіспеншілік ұшқыны, еңбек рахаты, ойын қызығы, жақсы ат, жүйрік тазы, балалық арман – осы алуандас сарындар ықшам, жинақы, мәдениетті проза талаптарына орай нақты адамдар бейнелері арқылы суретті күйде, бояулы қанық тілмен, реалистік қалыпта суреттелген. Ең қуаныштысы осыдан қырық-елу жыл бұрын шет жағасын өзің көріп, ішінде болған өмір суреттеріне, жан бітіп, қолын ұстап амандасқан, қатар отырып, дәм ішкен адамдар сөз құдыретімен қайтадан тіріліп келіп, қасыңда жүргендей, әсер қалдырады. Оқиға көбіне автор атынан бірінші жақтан баяндалады, көрсетілетін жағдай зерттеумен тапқан, архивтен, басқа кітаптардан алынған, естіген, сұрап білген жәйттер емес, өзі сезген, өзі көрген, өзіне бармақ шайнатқан, өзін сүйсіндірген құбылыстар, кейіпкерлері де бұрын қасында жүрген біліс-таныс адамдарды тіпті олардың аты-жөні де аса көп өзгеріске түспейді. Автор осы бағытты барлық шығармаларында берік ұстанып отырады.

Қысқасы, Әлдихан Қалдыбаев саналы ғұмырында қазақ балалар әдебиетін дамытуға көп үлес қосқан, соны мысал, ертегі, әңгіме, хикаят, романмен жанрлық түрлерді байытып, есте қалатындай жанды кейіпкерлер арқылы өмір құбылыстарын көркем бейнелеп берген, қарасөздің қабырғалы қайраткері, өзінің айрықша дарынын қалың оқырманға, әдеби қауымға әбден мойындатқан байсалды жазушы екендігін разылықпен айту әділет болмақ.

Есенбайдың сырлы өлеңдері

Әуелде бәрі ақынбыз деп кеуде соққан, жатақханада, аудиторияда, түрлі кештерде таласа тырмысып, жарыса жыр оқитын, бірер жылдан кейін әркім өз орнын таба бастады: біреу журналистикаға, біреу әдебиетке, біреу ғылымға бой ұрып, өлеңшілік адастырып кетті. Ақындықты ұстап қалған жалғыз Есенбай Дүйсенбайұлы ғана. Соған ғана енді өлең оқытамыз. Қыздарға барғанда өзіміз шығарған болып, соның жырларын заулатамыз. «Сенің көзің әдеміден әдемі, жанарыңда шайқалады сұлулықтың әлемі» деп талай сұлуды құлаттық. Курстағы әуелгі жетпіс өлеңшіден қалған жалғыз тұяқ Есенбайды біздің «Кішкентай Абай» деп төбемізге көтеруші едік.

Университет бітіргеннен кейін үй-іші жағдайына байланысты Ақтөбе жаққа кеткен ақын Есенбай мектепте, аудандық, облыстық газеттерде он бес жылдай қызмет істеп, Алматыға жетпісінші жылдардың аяғында оралып, тұрақты тұрып қалды. «Бозала таң, бозторғай», «Ақпейіл», «Біздің толқын», «Ақжелкенді ағыстар», «Ашық хат», «Таң торғайы», «Үш бұлақ», «Санамақ», «Менің жаңа астанам» сияқты поэзиялық кітаптарымен оқырманға кеңінен танылып, әртүрлі сыйлықтар алып, курстастары қойған «Кішкентай Абай» атағын әбден ақтады.

Таяуда жаңа кітабын беріп жіберіпті. «Ұланғайыр» деген атпен «Раритет» баспасынан шыққан жыр кітабы. Таңдамалы десе де болғандай. «Жыр жауһары» сериясымен жарық көрген.

Қазақ пен өлең егіз жаралған деушілердің сөзі рас сияқты. Солай да болар мүмкін. Өйткені сонау ауыз әдебиеті, жыраулар поэзиясынан бастап, бүгінгі жырға дейін небір сұлу да үйлесімді, ұйқасты да ойлы сөздер емін-еркін төгілген. Қазақтың бүкіл бітім-бомысы, дүниетанымы мен ой толғамы, салты мен дәстүрі, тұрмысы мен тіршілігі, ғұмыр кешкен кеңістігі, сайын даласы, ата қонысы сол өлеңінің бойына сыйып кеткен сияқты. Дәлірек айтқанда, қазақ поэзиясының бойынан қазақтың иісі аңқып тұрады. Сондай ұлттық табиғи бояуы қанық өлеңдердің авторы – Есенбай Дүйсенбайұлы дер едім. Ақын қалың оқырманнан, әдебиет сүйер қауымнан өзінің әділ бағасын алды.

Есенбай өлеңдерінен нағыз қарапайым қазақы болмысты аңғару қиын емес. Өзімізге таныс, көкірегімізге бұл күндері сағыныш боп орныққан кәдімгі ауыл бейнесі, дала келбеті ақын өлеңдерінің негізгі өзегі. «Бозала таң мен бозторғай» өлеңіндегі тұтас сурет осы ауыл, дала таңының көрінісін көз алдымызға әкеледі.

Домбыра-дала қуанған

Бозжорға дейтін күй төгіп,

Бойжеткен-орман, ну орман

Бозала суық бүркеніп.

Міне, қазақ даласының Есенбай кеңістігіндегі бітімі. Ақынның көркемдік танымындағы даланың домбыра эпитетімен кескінделуі соншалықты нанымды. Сол даланың бозжорға дейтін күй төгетінін тіпті шындық. Көкжиек-көл, боз атқа мініп, құйғыта шауып келе жатқан Қуаныш, бозала таңда оянған өмір – мұның бәрі де поэтикалық бітімі жарасымды өрнектер. Табиғаттағы өзгерістер, маусымдардың – қыс пен көктемнің, жаз бен күздің алма-кезек ауысуы сондай қарапайым, сондай тартымды жолдармен беріліп, еріксіз өзіне үйіреді. Ақынның сәуірі:

Қаз дауысты аспанның

Қанатынан суыл кеп,

Кеудесінде жас талдың

Жапырақтар уілдеп, -

немесе, келесі бір өлеңде:

Қарлы қыстың қойнында жаз жаралып,

Сәуірлерде сәулелі саздар ағып,

Табиғаттың келеді көктемдерін

Қаңқылдаған қанатты қаздар алып.

деген шумақтармен бейнеленсе, қыркүйектегі сурет, күздің суық лебі өткінші өмірмен қатарластырыла суреттеледі:

Қыркүйегің демде қарып барады,

Қыр астында шеңбер ағып барады.

Жастық шуын белдер алып барады,

Жапырақты желдер алып барады.

«Айналдырған алмай қоймас» деп келді...

Анау бір қарт дүниеден өтті енді.

Ару қызды алып қашты махаббат,

Аққу-қаздар алып ұшты көктемді.

Табиғаттағы әрбір сәтті қалт еткізбей қағып алатын ақынның қырағы түйсік көзі не шалынған суреттер тізбесі тіптен көп. Ары қарай оқып қарайық:

Желдің шөлін басады жаңбыр әні,

Махабат та таңды тек таңға ұрады.

Өмір деген құмарын бал аралар

Гүл ернінен от ішіп қандырады.

Болмаса:

Ақжақұт аспанынан аунаған нұр,

Сұрасам, берер ме екен тау маған жыр?

Айта алмай күдіктенем...

Үміт деген

Үлпілдек ақша бұлт па жаумаған бір?

Ақын табиғат-ананың бір сәт қайталанбас сұлулығын дәлдікпен көрсетеді. Әркім болжай алмайтындай мұндай дәлдік, алдымен, әсемдікті тани және түйсіне білетін ақынның сезімталдығын һәм шеберлігін қажет етеді. Есенбай көзі көріп, танымы қабылдаған суретті оқырманының сезіміне әсер ете отырып жеткізе біледі:

Кетті қайда жалтарып,

Қараңғылық дірілдеп?

Таңдайынан бал тамып,

Таң келеді сібірлеп.

Туған жер табиғатын ақынның бәрі де жырлады. Әрқайсысы өзінше жырлады. Сол ата қонысты жырлауда ақын ақиқат пен әсемдікті қатар өріп, нақты бейне жасайды, шындық болмысты шырайландырып, поэтикалық бояуын қанықтырады. Есенбай ақын жырлауындағы туған жер, дала болмысы табиғилығымен, қарапайым да әсерлі өрнегімен ерекшеленеді. Бұл сипат Есенбайдың адам өмірінің неше ықылымынан бергі, шешусіз сұрақтарына көңіл бұруынан, адамның ішкі болмысына, жан дүние сырларына үңілуінен, көзі шалған құбылыстарға символикалық астар бере отырып, тың ойды айтуымен танылады. Ақынның талантын таразылайтын басты өлшем – шынайылық десек, сол шындық таза қалпында ашылып, өлең болып төгіледі. Бозала таңды, бозторғайды қайталай жырға қосқан ақынның боз түсті әлемі өз алдына бір арна. Бозала таң, бозторғай ұя салған бозаң, бозбауыр аспан, боздала, Бозінген, Бозжусан, бозбала шақ – бұл поэтикалық қалып Есенбайдың ақындық өрісінің бітім-болмысы.

Бозбауыр аспан иіп бір,

Рахат жаңбыр құйып тұр.

Тобықтай ғана бозторғай

Тобылғыдан аласа,

Тораңғыдан биік тұр.

Толқын-толқын күйіне

Тоқсан тарау сыйып тұр.

Тылсым тартып дүние

Тыңдай берді ұйып қыр.

Тағы оқи берсек:

Өзіңсіз күндер оза ма,

Отырмын тағы ой толғай.

Таңымның аты – Бозала,

Торғайдың аты – Бозторғай.

Боз бояу тұр ғой көзге ұрып:

Даланың аты – Боздала,

Жігіттің аты – Бозжорға,

Баланың аты – Бозбала.

Шулардан шаршап тозғанда

Жайлауға барсам өзім мен:

Жорғаның аты – Бозжорға,

Күйдің де аты – Бозінген.

Әрі асып бұлттан ақыным,

Аспанда бір сәт көз жұмсаң,

Иіскеп отыратұғын

Дәрінің аты – Бозжусан.

«Бозала таң – бозжорғам», «боз дәурен» деп толғаған ақын «Төрт бояу» өлеңінде боз түсті таңға – тіршіліктің басталған шағына, өмірдің сәбилік кезеңіне тели отырып, бозбаланың ат мініп, ақ жолға бел буған шағын, қызыл іңір мен қараңғы түннің көркемдік ұғымындағы қалпын өмірмен байланыстыра жырлайды. Боз түстен басталып, ақ түске, сосын қызыл... қара түстерге ауысатын уақыт мезеттері мен адам өмірінің кезеңдері сәтті үйлесім тауып, қатар өрілген жырдың әсері тамаша. Бөбек дүниеге келген бозала таң, қызартып, қуырған қызыл іңір, көңіл суынған қараңғы түн... бұдан әрі үміт түнін жамылып үй сыртында бозарып, қыз күткен бозбала сырлы бір әлемге тартады. Сол бояуларды жырға қоса отырып ақын:

Көріп тұрып көктегі ала бұлтты,

Табиғаттан таптым бір даналықты:

Боз, ақ, қызыл һәм қара – төрт бояудан

Адамзаттың тағдыры жаралыпты, -

деп ой түйеді. «Жауа алмай кеткен бұлттар-ай», «Тамыз тамшылары», «Құмда», «Таңғы жол», «Есіктің алды», т.б. өлеңдер тізбегінде осындай сырлы да сазды суреттер көп-ақ.

Поэзия сұлулық пен ақиқат, шыншылдық пен кіршіксіздік, жақсылық пен парасат жарасымдылығын мұрат тұтқан біртұтас рух майданы десек, әр ақынның өзінің жүрегінде орын алған, санасының қалтарысына қатпарланған танымдық әлемі өлең өнеріне өз өрнегін қалдырады. Ақын жаны – тым нәзік, тым әсерленгіш. Әр ақын өз танымының биігінен дүниеге көз тігеді. Осы тұрғыдан келгенде Есенбай ақынның өзгеге ұқсамас ерекшелігі – поэзиясының ешқандай қолдан жасалған қоспасы,әр жерден құрап-жинап алған жалғандығы жоқ шынайылығы, табиғилығы дер едік.

Поэзиялық туындылар қарапайым тілмен айтқанда сезімдер мен түйсіктердің нақты көрінісін көрсететін, сан алуан ағымдар мен сәулелерден туып, өзінің түрлік-пішіндік ерекшелігімен айқындалатын туындылар екені белгілі. Өлеңінің мазмұны далалық бояуға қанық, суретке бай ақын ізденісінің бір қыры осы пішіндік тұрғыда да бай мазмұнды. Дәстүрлі тармақ, қалыптасқан ұйқас шарттарынан өзгеше өрілген мына бір өлеңінің Абай жазғандай, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндігі» айтпаса да анық:

Ай көрдім, жаңа туған арай көрдім!

«Жаңа айда жарылқай көр,

Ескі айда есіркей көр!» -

Ел сөзі еске түсіп қарай бердім.

Өлең техникасын қапысыз меңгеру екінің бірінің қолынан келе бермес. Жаңа түр іздеймін деп, мазмұнын, кейде ұйқасын ақсатып алатын өлеңшілер толып жатыр. Бұл жағынан келгенде Есенбай алдыра да, шалдыра да қоймайды. Қалыпты ұйқастан шығып, бірінші тармақ пен төртінші тармақты жай ұйқастыра салуға болар. Есенбай ұйқасының ішкі үйлесімінің өзі құлпырып тұр. Пішін жаңалығын іздегенде мазмұндық үйлесім желісін бұзбай, төрт аяғын тең басқан, су төгілмес жорғадай әсем жүрісті өлеңді тудырған ақынға риза боласың. Мына бір екі шумақтан ғана тұратын жапон хайкуларын еске түсіретін (бірақ олардан мүлде бөлек) әсем өлең соған айғақ:

Жаңағы талдырмаш таң,

Жаңбырлы аспан

Жалт етті

Жан сусынын қандырмастан.

Әндетпей күміс күн де,

Пүліш-бүлде

Қыр мүлгіп,

Қызыл іңір тұр үстімде.

Үш, яки бес жолдан тұратын хайку, танка сияқты жапон поэзиясының пішіндік түрлері өз бойына күллі суретті сыйдырады. Өздерінше айтқанда, әлемнің кішкентай моделі сияқты. Біз мұны текке айтып отырған жоқпыз. Ұлттық поэзиямыздың көркемдік мүмкіндігінің өрісі барынша кең екеніне сілтеп отырмыз. Жоғарыдағы төрттағанды өлеңде бір қарасаң, табиғаттың құбылмалы сәттік көрінісі, екінші жағынан таңнан басталып, түнмен тәмамдалар уақыт, яғни соған қарай икемделе бейнеленген өмір суреті бар.

Ақынның туған жеріне, қимас достарына, қиын тағдырлы әкесіне, аяулы анасына, апасына – баршасына арналған өлеңдері шынайы тебіреністен, шын сағыныштан туған жырлар. Олардың бояу әлемі мен әуен-сазын да ақын көкірегінің толғаныс-тебіренісі жасаған, шынайы, табиғи. Өмір мен соған еліткен көңілдің қас-қабағын бағып, тынысын қапы жібермеген аңғарғыштық, сезімталдық бар. Туған жерге деген ыстық сезім, риясыз көңілді қызыл сөзбен емес, жүрекпен жеткізген әсем бір өлеңі осы ойға мегзейді.

Жетісудің көктемі

Күнде нөсер, көк мекен,

Біздің ауыл шөптері

Шөлдеп тұрған жоқ па екен?

Осылайша туған Ақтөбесінің жазда жаңбырға зәру екендігін еске алған ақын перзент сол туған далаға деген сағынышын әдемі тілегімен ұштастырады. Алматыға арман қуып келген алаң көңіл бозбаланың көкірегіндегі таусылмас махаббат пен сағыныш еріксіз ауылын еске алдырады.

Ту көтерді жанарым,

Туып-өскен жақты аңсап,

Жаңбырына қаланың

«Жарқамысқа аттан» сап.

Жетісудың жаңбырлы шағын, көкорайлы келбетін көре тұрып, ауылындағы аптапты еске алғанда ақын жылы әзілді ұмытпайды.

Алматының гүлзары

Алатаулы дүр мекен.

Біздің ауыл қыздары

Күнге күйіп жүр ме екен?

Дала – халықтық болмыстың, ықылым заманнан еркіндік пен өрлікке құмар ұлттық рухтың символы болса, дала бауырындағы ауыл – оның қызу да қызықты тіршілікке толы және бір жанды, төл көрінісі. Ауыл - халық рухына бас иіп, соған тәу еткен, кіндігі осынау алтын қазыққа байлаулы қазақ баласының жүрек тереңінде сақтаған қазыналы алтын сандығы. Сол дала, сол ауыл ақынның поэтикалық кеңістігінде сағынышты сазды, кіршіксіз тазалықты, еркіндік пен асқақтықты бойына сіңірген тұрақты көркем болмысқа айналған. «Арғынбай тоғайы», «Сахнасы өмірдің», т.б. өлеңдерін осы сөзіміздің дәлелі етеміз. Ұлттық дәстүрді ардақтап, қазағын қадір тұтқан қай ақын да бір кездегі сән-салтанаты келіскен ауылдағы, дала өміріндегі табиғилыққа, қала өмірінен мүлде бөлек ерекшеліктерге салқын көзбен қарай алмаса керек. Ақын үшін табиғат, оның аясында емін-еркін шалқыған ауыл – ұлттық қанық бояулар қазынасы тәрізді. Жусан иісі, тау самалы, дала аптабы, жөңкіле көшкен бұлттар, қызыл іңір, арайлы таң, қысқы кеш, ұлыған боран, көшіп бара жатқан көктем, сәуірдің жаңбырлы аспаны... Мұның бәрі ақынға шабыт берер, жүрегін тербетіп, қимас сезімге толтырар суреттер.

Дарынды ақын Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің үздік аудармасын жасады. Тәжірибелі, талантты редактор қазір қазақтың жүз романын қайта қарап, баспадан шығарғалы жатыр.

Болаттың романтикасы

Артық-ауыс сөз жоқ, мінезі жұмсақ, қақ-соқта ісі болмайтын, қой аузынан шөп алмас момын санап жүрген курстас досымыз аяқ астынан айды аспанға бір-ақ секіртті. Ол кезде екі ауыз өлеңін, не жирыма-отыз жол хабар-ошарын газет бетіне бастырған жігіттің кеудесіне нан пісіп, Алматыға симай кететін шағы. Жуастан жуан танытып, бүкіл республика оқырманын таңырқатып, “Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы” деген мақаласымен “Лениншіл жастың” бетіне шыға келгенде, бәріміз таң қалдық. Екінші курс студенті көзі тірі классик Ғабиден Мұстафин, белгілі сыншы, жазушы Темірғали Нұртазин шығармаларында орынсыз қолданылған бөгде сөздерді тап басып ажыратып, олардың қазақша баламасын мөлдіретіп тізіп берген. Әділ айтты.

Арада көп уақыт өткен жоқ, сол “Лениншіл жас” өзінің 1959 жылғы 15 июльдегі санында былай деп жазды: “Лениншіл жас” газетінің редакциясы осы жылғы 9 июльдегі санында КазГУ-дің студенті Б.Бодаубаевтың “Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы” деген мақаласын жариялап елеулі қателік жіберді. Мұны Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бюросы атап көрсетті. Бүгін редакция өзінің мақаласын жариялап отыр”.

Сәбеңнің соққысы аз болғандай, журналдар, газеттер “жас ұлтшылды” жапа-тармағай мүйіздеп, есінен тандырды. Болат Шу бойында шөп шауып жүргенде, бұл жағдайды естіген ауылдың бас көтерер үлкендері: “Қарағым, мына газеттердің түрі жаман, сені ертең соттатып жіберуі мүмкін. Бұрынғы ағаларыңнан әулие емессің. Бір амалын ойлану керек. «Сәбит өзі де бала-шаға өсіріп отырған ақсақалды кісі емес пе, алдына барып жығылып, кешірім сұрасаң, аналарға қойыңдар деп айтар», деген кеңес береді де, Болат Алматыға келіп, Жазушылар одағының есігін аңдиды, ішіне кіруге қорқады, екі-үш күн далада жүреді, бірақ Сәбит Мұқановты кездестіре алмай салы суға кетіп, үйіне қайтып оралады.

Ал оқырман қауым қатты қуанған, әдебиет аспанында жаңа жұлдыз болып жанар деп үміттенген Болат Бодаубаев сол алғашқы аяусыз соққылардан соң әдеби сын жазуын пышақ кескендей тыйды да, көп жыл журналистикамен айналыса жүріп, көркем прозаға кештеп келді.

Бүгін жазушы Боат Бодаубаевты қалың оқырман жақсы біледі. Тұстас қаламдастары біз де жақсы білеміз. Білгендіктен де шығар, жазушы атынан журналист деген кәсіби мамандығын қоса тіркейміз. Ризашылықпен, сүйінішпен айтамыз. Өйткені, лиро-романтикалық сазда талай көркем әңгіме, повесть ұсынып танылған, талай-талай деректі көркем проза туындылары бар жазушының жан-дүние пернелерін басып, табиғи талантын ашқан факторлардың бірі де осы журналистикаға тән ерекшеліктері. Болат өмірбаяны мен шығармалары, байқап-байқап қарасақ, қатар өріліп отырған сияқты. Ол әдебиетке көлденеңнен емес, өмірдің тура өзінен келген жазушы. Романтика қуып барып, Рудныйда екі жыл жұмыс істеген. Оның басты-басты көркем туындыларында (“Желсіз түнде жарық ай”, “Май жаңбыры”) тазалық, сыршылдық, қаламгерлік көркемдік сипаттарымен бірге қазіргі өмірдің нақты моральдық-этикалық, адамдық-имандық мәселелерінің астасып жүретіні де сондықтан. Еңбек ардагерлері, өнер қайраткерлері туралы кезінде жарық көрген көркем очерктерін, шығармашылық портреттерін қалың оқырман жақсы біледі. Кезінде оның қаламынан туған тіл, әдебиет, мәдениет хақындағы проблемалық мақалалары да игілікті қызмет атқарған еді. Көркем әдебиетке жетпісінші жылдарда түбегейлі ойыса бастаған Болат Бодаубаевтың қаламгерлік көзқарасын, өзіндік дүниетаным қырларын әуел баста сол деректі прозасы мен мақала, эсселері танытқан. Қалың оқырман көңіліне олар берік ұялаған.

Көркем әңгіме, повестерінде автор сол бір сыршылдық желілерді, адам жан-дүниесінің сәулелі сұлулығына деген іңкәрлік сезімін жоғалтпай, қай шығармасының да өзекті әуен-ырғағындай айналып-соғып отырады. “Шақырады жол алға” повесіндегі Бақыт, “Желсіз түнде жарық айдағы” Батталхан, “Жаңбырдан кейіндегі” Аңсағандар әр шығарманың дара кейіпкерлері болғанымен, үндестіріп, белгілі бір арқау желіге байлап тұрған қасиет те сол ар алдындағы тазалық, сұлулыққа іңкірлік. Мінез-құлқы әрқилы жаңағы кейіпкерлердің өмірдегі мұрат бірлігі, адалдығы, арманшылдығы тіршіліктің сан-қатпарлы қалтарыстарындағы кісілік кейпі, адам баласына деген мейірімдері тұтас тұлғаны көзге елестетердей. Бұл жазушы туындыларының өзекжарды сазын түзеп, құлақкүйін келтіріп отырған көркемдік олжа, құнарының белгісі. Тақырып әрқилы (“Жаңбырдан кейін”, “Қайрақбай ата”, “Талғаттың атасы”, “Нағима”, “Торы биенің қымызы”, т.б. әңгімелері), ондағы сюжеттік бітім мен мінез-құлық көріністері де әрқалай, бірақ соның бәрін жинақтап, бір өзекті арнаға құйып тұрған суреткерлік мұрат-аңсардың айқындығы мен мөлдірлігі. Бұл жазушы қаламының лайықты қасиеті, толымды сипаты.

Шағын пікірде қаламдас, қатарлас құрбымыздың бүкіл шығармаларын түгендеп, түстеп жату мүмкін емес. Шарт та емес. Мақсат оның өзіміз байқаған көркемдік суреткерлік ерекшеліктеріне назар аудару. Әйтпесе, тізе берсе Б.Бодаубаевтың көркем шығармалары мен деректі туындыларында қозғалған, сөз болған проблемалар да, тақырып жүйесі де бір қыдыру. Көркемдік ізденіс самғаулары да әрқилы. Соның бәріне ортақ, түйіп айтатын бір белгі – нәзік, кей сәттерде ашық сыршылдықты реалистік прозаның талаптарымен ұштастыра келіп, өмірдің өз сурет, романтикасына барынша жақындай түсетіні.

Бүгінде белге шыққан журналист-жазушының әдебиет әлеміндегі үлес өрнегі тек мұнымен шектелмейді. Ол белгілі аудармашы, әдебиетті насихаттаушы. Композитор Еркеғали Рахмадиев туралы жаңа көлемді кітап бітірді.

Халқымыздың рухани қазынасының ата-тегі әдебиет мүддесі үшін де, қоғамдық қызметімен де жан сала араласып жүрген қаламдасымыздың шаңқай түсі алдағы ізденіс арналарының кеңдігін, алар асуларының еңселілігін меңзейді.



P.S. Бір факультетте бес жыл бірге оқып, бірге бітірген жетпіс түлектің мінезі, кейінгі тағдыры, жеткен биігі жетпіс бес түрлі ұзақ хикаят іспеттес. Мен соның жетеуін ғана сөз еттім.

ЖҰЛДЫЗДАР ӘЛЕМІ ШОҒЫРЫМЕН ЖАРАТЫЛАДЫ

Екеуміздің арамыз жарты-ақ жыл. Ол мектепті Маңғыстауда бітірсе, мен Шұбартауда бітірдім. 1957 жыл болатын. Жүрегінде оты бар бала атаулы Алматыға жетіп құлайды. Арман, мақсат бәрі Алматыда ғана іске асатын секілді. Медалистерді Совет Одағының кез-келген жоғары оқу орнына емтихансыз қабылдайды. Біз, Шұбартаудан келген үшеуміз де медалиспіз. Қайда, қай мамандыққа түсеміз – таңдасақ болды. Әуелден бір алған бетінен қайтпайтын Мұхтар Мағауин КазГУ-дың филология факультетіне барды. Әдебиетті сүйетінімізге, аздап бірдеңе-сірдеңе жазатынымызға қарамай, Төлен Тілеуханов екеуміз, кейін ауылға барып жұмыс істейміз, өмір көріп барып, жазушы боламыз деген есек дәмемен ауылшаруашылық институтына түстік.

Студенттік күндердің алғашқы айларында бәрі жақсы. Бірте-бірте көңіл суый бастады. Орыс тілінде оқытылатын физика, математика мектептегідей емес, бөтен, жат көрінді. Қол босай қалса, КазГУ-ге тартамыз. Басқа өмір. Жүрегіңе жақын әлем. Оқулары да қызық. Өзгені айтпағанда Әуезовтің өзі сабақ береді екен.

Сөйтіп ауылшаруашылық институтының бірінші курсын бітірер-бітірместен көңіл лоблып, КазГУ-ге күнде баратын болдым. Жазда қалың конкурстан өтіп, филология факультетінің студенті атандық. Медалистер де емтихан тапсыратын жаңа ереже шыққан. Ол кездегі КазГУ-ді Пушкин заманындағы Лицеймен салыстыруға болар еді. Алдымен Қазақстанның барлық атырабынан шыққан дарынды балалар жалғыз университетке түсу үшін жарысатын. Қай мамандыққа да кем дегенде бір орынға он-он бес талапкер таласады, бармақ басты, көз қысты жоқ, пара беру, жең ұшынан жалғасу кейін шыққан пәле.

Тірі Әуезовті көру ғана емес, дәрісін тыңдау, алдында отырып емтихан тапсыру орасан зор рухани мектеп болатын. Абақты азабын шегіп қазақ халқының бағы үшін, «бұрын жау болып едім, жаздым, жаңылдым, енді түзелем, советке қызмет етем» деп, сырт күштің дүмімен әйгілі, тәубаға келген хатын жазып, түрмеден босаған, отыз жетінің өртінен құдай сақтап, аман қалса да Лениндік сыйлық алғанша басынан құрық, жанынан сырық, төбесінен қиқу кетпеген Мұхтар Әуезов лекцияларында Алаш қайраткерлерін айта алған жоқ, кейде Мағжан өлеңдеріндегі кейбір сарындарды сынаған болғанмен, сұңғыла студенттер әйгілі академик-жазушының қас-қабағынан, дауыс ырғағынан басқа сарындарды сезіп, біліп қоятын.

Дантені – итальянша, Шекспирді – ағылшынша, Гетені – немісше, Гюгоны – французша жатқа оқитын тамаша лектор, Алматыға қудаланып келген жебірей профессор Александр Гербстман бір өзі бір театр дегендей ғажайып лектор еді, ол шахмат композициясы бойынша спорт шебері де болатын.

Қазір көпшілікке енді кеңінен тарай бастаған көне түрік, Ашина, Тоныкөк, Күлтегін, сақ, сармат, ғұн, Мөде тарихи атаулары мен ұғымдарын алғаш санаға сіңірген профессор, жазушы-драматург Мұсатай Ақынжанов.

Өздері оқулық авторлары, академиктер Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев тіл тұңғиына бойлатқан.

Әбішпен мені орта мектепті бірге бітірген кластасым Мұхтар Мағауин таныстырды. Өзгені мақтай қоймайтын ол курстасы туралы көп жағымды сөз айтты. Мектепте жүргенде жазғандары аудандық, облыстық, республикалық баспасөзге жарияланған. Тіпті бір жазушының үлкен әдеби ұрлығын да ашқан екен. Өлең жазады, олар да басылған. Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің мақтау грамотасын алған. Қысқасы, екеумізден мықты дегенді сездірді. Іштей сыншыл пікір оянды, «бізден қалай артық?» қызғаныш та жоқ емес.

Дәл бүгінгідей көз алдымда. Ашаң, арық, шашына тарақ батпайтын бұйра бас, торсық шекесінің оң жағында оймақтай қалы бар, ақылды, тұнжыр, ұялы жанар, қоңқақ мұрын, қоңыр өнді орта бойлы бала. Бірден тіл табысып кеттік. Менмендік, кісіні менсінбеушілік деген жоқ. Аузын ашса, сөзі төгіліп тұр. Байқап қалдым, бір күлсе жарылып, тіпті қатты күледі екен. Шын күлкі. Міне елу екі жыл болды, шашы ағарды, беті шалбарланды, салмағы ауырлады, қаламгер - қайраткер ретінде үлкен тұлға болып қалыптасты, бірақ қашан, қандай жағдайда, қандай биіктен көрсем де, күн еңкейседе сол студент Әбіш көз алдымда тұрады. Марқайған, тарлан тартқан, даналыққа жеткен шығар, бірақ өмір күресі, тірлік тартысы, заман ағымы ішкі сарайын, адамдық табиғатын, қалыбын бұзбаған.

Ақ қағазбен қара сия арасындағы майдандағы әрекеті, қаламгер ұстаханасы деген ұзақ, қызық, үлкен әңгіменің өзегі десек, адамдармен қарым - қатынасы жарты ғасыр өзгермеген, бүлінбеген, үнемі кеңдік пен тереңдікке сайған сабыр, байсал, ұстамдылық, басқаны бойымен басып күш көрсетуден іргесі мүлде бөлек, түсіну, ұғыну, титтей жылтырағанды көтере бағалау, әсіресе әлеуметтік істерде асықпау, саспау, әліптің артын бағып, жүз ойланып, мың толғанып барып, шешім шығару қасиеті тәуелсіздік кезеңінде үлкен лауазымды қызметтер атқарған уақытта өзінің де, елдің де көсегесін көгертті.

Барлық ой-пікірін дерекке, құжатқа, мәтінге, мұражай материалдарына құратын, қызыл-жасыл бояуы, шалқуы жоқ, асып-төгілмейтін, үнемі бір қалыптағы, тарихилықты, түркілік тұтастықты, қазақтың ұлттық мүдделерін негізгі нысана ететін, кешегі Ахмет, Әлихан, Нәзір, Халел, Міржақыптардың көзін көрген, Мәскеуде оқыған, Мағжанның сүйікті шәкірті Бейсенбай Кенжебаев бір мектеп болса, әлем әдебиетінің інжу-маржанын бес саусағындай білетін, Әуезовтің классикалық романын орыс тіліне аударушылардың бірі, Гетені түпнұсқадан оқитын, әдебиет құбылыстарын талдаудың, эстетикалық-көркемдік баға берудің сирек маманы, қазақша, орысша екі тілде бірдей кез-келген зиялы аудиторияны ұйытып тастайтын, ғажайып лектор, Ленинград түлегі, профессор Темірғали Нұртазин екінші мектеп еді.

КазГУ-дің сол кездегі Әдебиет бірлестігін Жазушылар Одағының бір секциясы, филиалы десе артық емес. «Шағала» деген атпен бірнеше қабырғаны алып тұратын әдеби газет шығардық. Көркем сурет училищесінің студенті Жеңіс Нұрғалиев безендіретін еді. Бұл газет бетіне басылу «Жұлдыз» немесе «Қазақ әдебитіне» жарияланудан оңай болмайтын. Қазір талантты режиссер, жазушы болып танылған Сатыбалды Нарымбетовтың «Тентек» әңгімесі сонда жарияланған. Өзге де авторлар белгілі қаламгерге айналды. Бас редактор Әбіш Кекілбаев еді.

Семинар, колловкиум, арнаулы курс, сынақ үстіндегі пікірталас, тартыс дискуссия өз алдына. Әдеби бірлестік отырысында небір қызыл шеке айтыс. Қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиеті сөз болады. Ломброзо, Руссо, Шопенгаур, Ницще, Кьеркегор, Кант, Бердяев, Сартр, Сент-бёв, Шагал, Шостакович туралы таласамыз. Нерудің «Индияны ашуын», Сукарноның «Саринасын», И.Буниннің «Қоңыр аллеяларын», жапон романдарын, Есенин өлеңдерін бірімізден-біріміз алып оқимыз. Өз өлеңшілері, өз әңгімешілері шығармаларын талдау үшін айлап кезекке тұрады, көпшілік назарына түсіп, саралауға берудің көркемдік талаптары бар, баспасөзде жариялануы қажет. Мұндай талқылауға келуге кәнігі жазушылардың өзі сескенеді. Өйткені бұл жерде есеп-қисап жоқ, жас максималистер ойдағысын жасырмайды, кез-келген шығармаға әлем әдебитінен анология іздейді, салыстырулар жасалады.

Әлі есімде, «Жұлдыз» журналында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жаңа романының алғашқы кітабы жарияланды. «Қан мен тердің» басы болатын. Оқыдық, дайындалдық, талқыладық. Мінезі ауыр, жөпшеңгіге сыр бермейтін салмақты жазушы алғашқыда осылар не айта қояр дегендей шекесінен қарап отырды. Бірте-бірте ауа-райы өзгерді. Шығарма концепсиясына, тіліне, композициясына, кейіпкерлерге қатысты дәлелді пікірлер айтылған кезде, қаламгер сасайын деді, тіпті маңдайынан тер шығып кеткен. Бас баяндамашы Әбіш Кекілбаев еді. Мәтіні кейін журналға басылды. Кеңейтілгеннен соң диплом жұмысы ретінде қорғалды. Жас сыншының кітабына бір тарау боп кірді. Қазақ әдебиетіне абырой әкелген трилогияның кейінгі кітаптарында сол студенттер айтқан сын пікірлер ескерілгендігін жазушы өзі де бірнеше рет мойындаған.

Жиырмасыншы жылдарда Смағұл Сәдуақасов қойған сұраққа берген жауабы болмаса, Әуезовтің лабораториясына қатысты дерек аз еді. Алдында отырып, сабағын тыңдап, бойымыз үйренгіндіктен болар, алдымен ұлы жазушыға үлкен анкета дайындадық, жастар поэзиясы туралы баяндама жасауға көндірдік. Әуезовтің әдеби өсиеті секілді, кейінгі ұрпаққа бата бергендей болған әйгілі «жыл келгендей жаңалық сеземіз» деген сөзі сонда айтылған. Бұл әдеби бірлестік жұмысының үлкен жеңісі еді. Ол тұста бірлестік басшысы Әбіш Кекілбаев еді.

ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында әдебиетке, өнерге, ғылымға әлеуметтік іске, зор екпінмен аяқ басқан жас буын қазақ руханиятына жаңа мазмұн, еркін рух, биік парасат алып келгендігі, әсіресе, көркем әдебиетте тың жарылыс болғандығы – бүгінде әбден мойындалған ақиқат.

Астрономдар дәлелдегендей, жұлдыз әлемдері шоғырымен жаратылатын көрінеді. Сондай құбылыс өнерде де бар. Бұл реттен Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық тағдырын, қаламгерлік даңқын, қайраткерлік қажырын өз қатарластарынан жырып алып, оқшау қарауға болмайды.

Әбіш – қазақ әдебиетін трагедиялық хикаят, аңыздық-тарихи монументальды романдар үлгілерімен байытқан зор талантты прозашы, аса өнімді публицист-сыншы, тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыруға көп қайрат жұмсаған мемлекет қайраткері, ешкімге көз алартпай, көкірек кермей, бетегеден биік, жусаннан аласа жүретін, басқаның титтей жақсылығын көтере айтуға бейім, жаны дархан, жүрегі жылы адам. Оны тұтас буынның серкесі десе артық емес.

ТАУДАН ТҮСКЕН АДАМ

Гүл алаңы. «Аққу» кафесі

- Иә. Мен іздедім. Уақытың бар ма? Онда қазір жолығайық. Комсомол мен Мирдың қиылысына жарты сағатта кел. – Арғы сөз естілмей кетті, автомат-телефон сақұр-сұқыр етті де, үзіліп қалды.

Ол кезде мен Фурманов пен Ташкент көшелерінің қиылысындағы екі бөлмелі үйде тұрам. Троллейбусқа міндім де айтқан жеріне әп-сәтте жетіп барсам, Бердібек Соқпақбаев күтіп тұр. Көкшіл, сарғыш жолақтары бар шолақ жең көйлек, жеңіл шалбар, қайыс шарқай киген жазушының тығыз қалың бұйра шашының самайына ғана түскен бірер тал ақ болмаса, өзге міні жоқ, қырықтың бел ортасындағы қылшылдаған қылыштай жігіт ағасы ойнақшыған жарау аттай, жүріс-тұрысы сергек, екпінді, батыл.

Анық сенбісің дегендей өткір көздерін қанжардай қадап, ай-шайға қаратпай, өзі сөйлеп, дөңгелетіп әкетіп барады.

- Мен кеңсе қызметінде қазір жоқ кісімін. Анда-мында не болып жатыр, соған қызықпаймын да, сондықтан көп нәрседен хабарсызбын! Машқар Гумеров деген балалар жазушысы бар, білесің бе? Өзі Башқұртстанда туған, молданың баласы, ұлты татар болғанымен қазақ ауылында өскен, қазақша жазады. Пейілі түзу адам. Жақсылық хабарды анда-санда сол айтып тұрады. Сол кеше телефон соқты. Сүйінші бер дейді. Мақталдың дейді. Жуасың дейді. Бір сөзін ұқсам бұйырмасын. Ақыры түсіндіріп, жеткізіп берді. Жыл қорытындысының жиналысы болған екен ғой. Ондай жиналыстарға кезінде мен де барғам. Шалқақтап Сәбит, ыңыранып Ғабит, ернін жымырып Ғабиден, айқайлап Тахауй, бақайының басына қарап Әбдіжәміл, одыраңдап Олжас келеді. Біздің жазған-сызғанымыздың мазмұнын айтып беруді ғылым санаған, кейбір сөмке сүйреткендерін жанына ертіп, екі қасының арасы қосылардай болып түйлігіп Мүсілім шығады. Осы жиналысқа қатыспаса бірдеңеден құр қалатындай жініккен, жазушылыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамдар қаптап кететін. Сұлу әйелдер, сыпа жігіттер, баспагерлер, журналистер, студенттер, пенсионерлер. Әрқайсысын өз орнына шегелеп тастаған, өзгермей, құлаш-құлаш тізімдері бар, соцреализмді мадақтайтын баяндамасын Мұқаметжан баппен, салмақпен оқыса, оның ізін баса шыққан інілері Серік, Зейнолла, Баламер, Рахманқұл, Тұрсынбек саясаттың түбін түсіреді. Бұрын сан рет естіген, талай құлақты жауыр қылған сөздер. Бірер сағат тыңдағаннан кейін, әбден мезі боп, шыға қашқың келеді. Сол уақта бір тентек шығып, өзінің мақталмағанына қарсылық білдіреді, бір тентек шығып, біреудің жағасынан алады. Бір тентектен кейін бір тентек. Шығарма талдау, әдебиетке баға беру жағы азайып, жағаға жармасу жағы кейде бел алып кететін осындай жиналыстардан алыс жүргенді мақұл көрдім.

Анау Машқар менің сол мінезімді білмейтіндей, келгенің де жақсы болатын еді, керемет мақталдың, жылдың ең үздік романы деп «Өлгендер қайтып келмейді» аталды. Жылда кітабы шығатын анау тақыр бас прозашы «Әй, бала, Байтанаев, Жұмақанов, Бақбергенов секілді ағаларыңның шығармаларына соншалықты шүйліктің, сонда шынымен «Өлгендерді» үздік туынды деп санайсың ба» деп баяндамашыны қылқындырғандай болғанды, жас жігіт те таймастың өзі екен: «Әділін айтқанда, «Өлгендер қайтып келмейді» бір жылдың емес, көп жылдың үздік туындысы, кезеңдік шығарма, қазақ прозасының мазмұндық-формалық жаңа үлгісі» деп сөзінен қайтпай, қайта бұрынғыдан бетер өршеленіп кетті дейді Машқар. Осының рас-өтірігін өз аузыңнан естиін, - деп Бердібек бағанадан айтып келе жатқан әңгімесін шорт үзіп бетіме қарағанда, Жазушылар Одағының алдындағы Гүл алаңына айналып жүргенбіз.

- Татар досыңыз әдеби жыл қорытындысында болған нәрселерді дұрыс жеткізген, - дедім бұрын жүздесіп, көп сөйлесіп көрмесем де, сырттай шығармалары арқылы ғана таныс талантты ағаның алдында бой сақтап. Бұл сөзге айызы қанбаған Бердібек қайтадан өзі сөйлеп кетті.

- Сендер, батыстың қазақтары деймін, бауырмал болатын, біріңнің сөзіңді бірің тастамайтын себептеріңді мен таптым. Алдымен жер жағдайына келейік, іргелеріңде қырық жылғы кегін кешпейтін құба қалмақ, төбесін ойып жатсаң қыңқ етпейтін түрікмен, басы асау башқұрт, ойындағысын іске асыру үшін орта жолдағының бәрін күйретіп отырып бір-екі ғасырда сонау Тынық мұхитты асып, Аляскаға дейін жеткен омырау орыстардың ортасында бірліктерің болмаса бір-ақ күнде түтіп жейтін еді ғой. Бұл тарихи жағы. Орыстың темір тұмылдырығы алдымен батыс қазақтарына келді, сол үшін басқару жүйелері жасалды, шенеунік ауруымен бірінші болып ауырдыңдар, ертерек оқыдыңдар. Бұл саяси жағы. Басқаны айтпағанда, төркіндері алыс, бірақ туыстықтары жоқ қатын-қалаштың өзі барған жерлерінде бір-бірімен апалы-сіңлідей ауыз жаласып жүреді. Жер шалғай, ағайындарың Алматыға екі күннің бірінде келе алмайды, қанша сағынсаң да елге жиі бара алмайсың. Сондықтан батыс қазақтары өзгемізге қарағанда шоқ жүреді, жиын жүреді, кішісі үлкенін тыңдайды, ұнатсын-ұнатпасын бір-бірімен тату. Бұл адамгершілік жағы, - деп қайырғанда, мен алдымен жазушы ағамның тапқырлығына разы болып, іштей ойланып барып тіл қаттым.

- Тауып айттыңыз. Бір-ақ қатеңіз бар.

- Қате? Қандай қате?

- Мен батыстың қазағы емеспін.

- Қой-ей, қалай батыстың қазағы емессің? Бас-аяғың түгел Ғали.

- Мұның мәнісі былай, Беке. Баяғы «Ақтабан-шұбырындыдан» кейін қазақ есін жиып, бұрынғы мекеніне Арқа, Тарбағатай, Алтайға қайтқан кезде Арғын, Найман, Кереймен қоса Алшын, Үйсіннің де кейбір ұрпақтары жаңа жерлерге бет бұрған. Біреу еліне өкпелеген. Біреу жаңа өріске қызыққан. Сондай шағын көш Жағалбайлы, Қаңлы әулеттері біздің ата-бабаларымызбен Қарқаралы, Дегелеңнен қоныс тепкен. Менің әкемнің шешесі - әжем Рабиға деген кісінің сүйегі Жағалбайлы. Бойы ұзын, тарамыс қара кемпір еді. Ел жұртты аузына қаратқан домбырашы. Тоқсан асып, біз ес білгенде қайтыс болды. Сол жарықтық өзі тапқан ұлдарына Нұрғали, Бекқали, Оразғали, Молдағали, Заманғали деп ат қойғаны аздай, қыздарына Шәбілғали, Аққали деп жер көкте жоқ, қыз балаға қоймайтын аттарды қойыпты. Немерелері де түгел Ғали: Тұрсынғали, Рымғали, Жеңісқали, Айғали. Менің аға інілерімнің тұсында ғана Ғалилардан құтылдың, - дей бергенімде, Бердібек ішек-сілесі қатып, айқайлап, мәз болып:

- Ойбай-ау, сенің әжең Колхозбек, Совхозбек, Моторбай, Фермахан, Коммуна, Сиез, Мэлстерден асырып жіберіпті ғой, - деп дауысы қатты шығып кеткенде, қасымыздан өтіп бара жатқан бейтаныс адамдар күлкімізге разы болып, қандай уайымсыз кісілер дегендей жалт-жалт қарап қалған.

- Мен сені батыстың жігіті деп ойлағам. Лайық болсам да, болмасам да, Тахауй жүрген жерінде мені мақтайды. Бір сөзіне сенсем де, бір сөзіне сенбеймін. Артықтау айтатын шығар досы болған соң деймін. Екінші жағынан қатар жүрген соң бағаламаймыз. Зор дарынды, мол білімді сұрапыл адам. Орысша кетсе, жебірейдің өзін жаңылдырады. Мінбеге шықса, шешендігі қандай. Проза секциясының бастығы сол ғой. Інісіне мені тапсырып, Тахауй мақтатты деп ойладым. Сонда сен өзің сеніп мақтадың ба? – деп Бердібек бетіме бажырайып тұр. Алғашқыдай емес өзіне, айтқан сөздеріне бойым үйреніңкіреп қалған.

- Шайнап бергенді ойланбастан қылғытып жұта салатын бала деп ойлағансыз ғой.

- Өй, сен түгіл талай бастық көмекшілері оннан, мұннан көшіріп, қиыстырып берген нәрселерді өз бастарынан шыққандай етіп, ойланған, толғанған болып мінбеге шығып, күнде оқып, газетті былай қойғанда, кітап етуді дағды қылып алды. Сөзге иелік, ойға иелік, пікірге иелік жойылып, көзге көрінбейтін, тасада тұрған біреулердің күшімен, дарынымен жасалған көсемдік пайда болды. Миллиондарды қырып тастаған, жердің тегершігін кері айналдырған анау Жезмұрт бар оқығаны діни семинария десек те, барлық сөзін өзі жазған. Қазір қоқиып, кресло мінгеннің дастархан басында айтылатын тосын, өлген кісіге жоқтауын, жиналыстағы баяндамасын дайындап беретін бір-бір құлаққа сыбырлайтын кеңесшісі, құлақкесті құлы бар, - деген Бердібектің басқа жерде айтыла бермейтін, оқыс байламдарын тежемек ниетпен сөзін бөлдім:

- Беке, менде оның екеуі де жоқ. Не айтсам да, не жазсам да мына шақша бастан шыққаны.

Тағы да әр шөптің басын бір шалып, Гүл алаңын көп айналдық. Жалпақ, үлкен орындықта төбедей болып жазушы Әлжаппар Әбішев қасындағы қазақта аса сирек кездесетін ерекше ұзын бойлы, қасқа бас, белгілі партия тарихшысы Әбді Тұрсынбаевқа зіркілдеп, қолын сермеп, бірдеңелерді өршелене дәлелдеп отыр. Олардың дауы қай дау екенін білетін кісідей Бердібек жұмсақ жымиып күледі, екі шалға, аса жақындамай, қиын замандардың кезінде Әлжекең айтыпты дейтін «Орденді жазушылар бөлек шығып сөйлесейік» деген ұрдажықтау бір әңгімені еске түсіреді.

Гүл алаңының ортасындағы граниттен қашалып биік тұғырға орнатылған шойыннан құйылған, аспан зәулім, оң қолын созып, болашақты мегзеп, шабыттанған Ленин ескерткішінің маңайы кептерлерге жем шашқан, улап-шулап жүгірген бүлдіршіндер мекені; одан әрірек, тыныштау орындықтарда бастары қалтылдаған зейнеттегі кемпір-шалдар, қаға берістеу көлеңкеде әрлі-берлі өткендерде пысқырып та қарамай, бірін-бірі тізелеріне отырғызып, қысылмай құшақтасып, еркін сүйісіп, мауыққан мысықтай көздері жұмылып кеткен ғашықтар. Ағаштары бойлап өскен, сан алуан гүлдері неше түрлі иіс шығарып құлпырған, жиек-жиегінде сылдырып су аққан бұл жер алаң емес, үлкен сквер, кішігірім бақ, қаланың дабыр-дұбыр у-шуынан қашып, салқын тыныштық іздеген кәрі-жасты көресің. Әсіресе жолдың арғы бетінде тұрған Жазушылар Одағында, сол ғимаратқа орналасқан газет-журналдарда, баспаларда істейтін қаламгерлер қолдары қалт етсе, біресе жалғыз, біресе топ-топ болып, әңгіме-дүкен құрып, осы маңда жүреді. Бұлардың да өздеріне тән секілді болып кеткен негізгі аймағы бар. Ол бақ шетіндегі қолдан жасалған хауызда екі аққу жүзіп жүретіндіктен «Аққу» аталған, буфетінде түрлі арақ-шарап, сыра, жеңіл-желпі тіске басар, кофе, шай сатылатын кафе. Сексеуілдің шоғына пісетін шашлыктың ет, сарымсақ, бұрыш, түтін исі шығып, алыстан мұрын қыдықтап, ауыздан су ағызып, өзіне тартатын сиқыры бар сияқты. Сыртқа қойылған жеңіл, таза столдарда шоқ-шоқ болып, гу-гу әңгіме соғып отыратын қаламдастар жиі бас қосатын қолайлы, арзан, ауыз жылытып, жүрек жалғайтын бұл нүктеде бәрі оңай, бәрі тез; сарғайтып күткізіп қоятын әрі қымбат ресторан да, ішімдікке тиым салып қойған асханада емес. Соған баратынымызды іштей біліп келем.

- Коньяк? Арақ? Шарап? Сыра? Қанша? – деді Бердібек құйрық қалтасынан көнетоздау, әр жері қажалған әмиянын суырып, ішінен ақша алуға бейімделіп.

- Өзіңіз? – дедім.

- Маған бәрібір ғой.

- Бүгін сабағым бар. Елу грамм коньяк алсаңыз жетеді.

Жуантық денелі, бет-аузы түгел күліп тұратын буфетші ағамызды таниды екен. Әп-сәтте айтқанымызды алдымызға әкеп қойды.

- Ағалық-інілік қатнасымыз ұзағынан сүйіндірсін, - осылай тілек айтқан Бердібек екеуміз бір-бір тал сосисканы енді аузымызға сала бергенде анадай кетіп бара жатқан екеу бізді көріп, алыстан сәлемдесіп, оқыс бұрылып, столымызға рұқсатсыз-ақ отыруға бет алды. Біреуі елуге келсе де, шашына ақ кірмеген, ет алып, май жимаған, қаншырдай қатқан ауыл тазысы секілді, шыжыған ыстықта қатқан қара костюм киіп, ақ көйлекке қызыл галстук таққан, жеп-жеңіл, ширақ, қағылез, белгілі ақын, көбіне ән мәтіндерін жазады. Екіншісінің бойы одан аласа, тор-тор, мыж-мыж қоңыр көйлегін жеңін шиыршықтап түріп алған, шалбарының тізесі шығып кеткен, беттерінің ұшы қызарыңқырап, көздері кілегейленіп, талайдан тарақ көрмеген шаштары жылбысқыланып тұр, әндерін елдің бәрі айтатын композитор десең, білмейтін адам сенбейтіндей.

Бізді көргендегі қуаныштары су сепкендей басылды, Бердібек қасымызға отырмаңдар дегендей ишара жасады да, әмияннан суырып көк түсті, шытырлаған үш сомдықты композитордың қолына ұстата салғанда екеуі де қайтадан жадырап, олжаларын жасыра алмай, суатқа құлаған шөліркеген жылқыларша аяқтарын шапшаң басып буфеттен бір-ақ шықты. Ұмытпасам, ол кезде әлгі ақшаға бір бөтелке арақ келсе керек.

Бердібек екеуіміздің танысып, ұзақ жылдар ағалы-інілі кісілердей сыйласып, аралас-құралас жақындасып кетуімізге дәнекер болған жетпіс жетінші жылғы Әдеби жыл қорытындысында жасалған баяндамадағы «Өлгендер қайтып келмейді» романы туралы мәтін «Қазақ әдебиетінде», «Лениншіл жаста», бір жинақта, менің кітабымда басылып шыққан сайын «Аққу» кафесіне барып, қайта-қайта жууға сылтау болды.



ҚАРЫЗ АЛУ ОПЕРАЦИЯСЫ

Ол тұста қазақ жазушыларына да машина біткен: үлкендер Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Әбділда, Мұқаметжан, Бейсенбай, Ғали жеке шопыр ұстаса, Тахауй, Сафуан, Әбдіжәміл, Серікің тізгіндері өз қолдарында; бұрын көлік алу оқиға секілденсе, енді Еділ бойында итальяндардың көмегімен завод салынып, мекемелерге тізіммен машина бөліне бастағандықтан Жазушылар Одағының мүмкіндігі молайды, тіпті жылына бөлінетін төрт-бес көліктің біреуі кім өтініш жазса, соған тиетін жағдай туған.

Сөйтіп біздің қатарластар көлік ала бастады. Бұрын ауылда трактор, жүк машинасына мінген тесік өкпе, қара табандар аса қиналмай жүріп кетті. Қырыққа таяғанда, аяқ-қолдың буын-буыны қатып қалған, икемсіз жігіттер қиналды, көпке дейін үйрене алмай әуреге түсті, қиқалақтады, анда-мында соқты, жол апатын жасады, тіпті астындағы көлікті тоқтата алмай үй қабырғасына соққандар, сасқанынан рульдің өзін сындырып, жұлып алған серілер күлкіге айналды.

Айдай алмай жап-жаңа машиналарды құртқан, бауырларына, қайын жұрттарына жарты бағасына, тіпті тегін бере салған. Жігіттер бір жолы осындай қыран-топан күлкі үстінде, шалағай шопырларды мазақтап отырып, Рамазан Тоқтаров екеуімізді әбден ерегістірді, қыза келе біреуі «сендер машина айдасаңдар мен мұрнымды кесіп берейін», екіншісі «бұлар машина мінсе, мен самолет мінем» деп соқты, бәс тігісті, бізді әбден мазақ қылып, ішек-сілелері қатып күліп, орнымыздан тұрмастай қылды. Мұндай мазаққа шыдамаған басымыз, аяқ астынан өршеленіп, олар сөз қарсылығына тоқтамаған соң, қолға қағаз алып, екеуіміз де Жазушылар Одағының басшылығына машина сұрап өтініш жаздық. Малту білмейтін адамды зорлап суға түсіріп жіберген тентек балалар секілді күйге түскен достар мәз. Ар жағы не болады, онда шаруалары жоқ.

Ол оқиға ұмытылып кеткендей біраз уақыт өткен. Жазушылар Одағынан телефон соғылды. Екінші хатшы екен. Бұрын жастар газетінде бірге істегенбіз. Мінезі белгілі. Дүңкілдеп тұр: «Өтініш жаздыңдар. Мәселені шештік. Ана дүкеннен күнде телефон. Келіпті көліктерің. Біздің басты қатырмай алмайсыңдар ма барып». Әрі қарай сөйлескен жоқ.

Мәссаған, безгелдек деген осы. Бас-аяғы үш-төрт ай өтті ме, өтпеді ме, білмеймін. Ташкент көшесіндегі арнаулы дүкенге жүгіре басып барсам, шынында, менің атыма машина келгелі бірталай уақыт болыпты. Рамазан сатып алып кеткен. Өз халіме өзім күлем 01 деп аталатын «Жигулидің» ең арзаны бес жарым мың теңге, оны-мұнысы, салығы, басқа шығынын қосқанда кемі алты мың керек. Үйдегі барды тиын-тебенге дейін қалдырмай жинағанда екі мыңнан артпайды. Бірер жүз сом да емес, мыңдаған соманы кім шығара қойсын. Осындайда ойланбастан қол-ұшын беретін сыйлас аға жазушы Нығмет Ғабдуллинге жағдайды айтқанда, «көлік деген өрісіңді кеңейтеді, еркін жүріп, бала-шағаңды тайраңдатып сыртқа шығарып тұрасың, дұрыс болған» деп алды да мың сом берді. Содан кейін жымиып тұрды да: Бұдан көп беруге қазір мүмкіндік жоқ. Ал саған секретімді айтайын. Мен кейде екі адамнан қарыз алам. Мезгілімен қайтарам. Сондықтан екеуі де сұрағанымды беріп тұрады. Кімдер дейсің ғой. Бірі – Сапекең, Сапарғали Бегалин, екіншісі – Бекең, Бердібек Соқпақбаев. Екеуі де кеңсе жұмысын істемейді, үйде. Бұлардан ақшасы көптер бар. Үлкендерден Ғабит, Әбділда, Ілияс, Әбдіжәміл, жастардан Қадыр, Тұманбай. Бірақ бұлардан ала алмайсың. Бердібекпен бірге оқығанбыз, доспыз, Сапекең әкемдей болса да, құрдастай қалжыңдасады. Бұл екеуі өте ұқыпты адамдар, тапқан-таянғандарын Тахауй Олжасқа ұқсап, оңды-солды шашып жүрмейді. Екеуі де көп тілдерге аударылған. Мол тиражбен жиі басылады. Бұларда қашанда ақша бар. Біреуінің кілті Мәкен шешеңде, екіншісінің кілті – Бибігүл жеңгеңде. Сол екеуінің тілін тапсаң, ертең-ақ машинаңа мінесің» деді.

Сапарғали Бегалин аталас туысымыз, Дегелеңдегі қыстауларымыз көршілес, әкеммен екеуі бірге өскен, абитуриент күнімде Басарыққа жақын жерде Турксибтен алған ағаш үйінде қонып, кейінгі пәтерлерінің бәріне барып, араласып-құраласып жүреміз. Ғабиден Мұстафин алпысыншы жылдары жүрегі ауырды да, сол кездегі сауда министрі Рымбек Ілияшев көмектесіп, сауда техникумының қасынан, бақ ішінен қолайлы жер берді де, үй салып алып, қалаға түспей, дүниеден өткенше сонда тұрды. Іргесіне екі жазушы көрші боп, оларда үй салды, біреуі – Сапарғали Бегалин, екіншісі – Мұқаметжан Қаратаев. Бұлардың көршілігі, сыйластығы, қалжыңы таратып айтса, ұзақ, қызық әңгіме.

Бір таксиді ұстай салып, тарттым. Жазда Сапекеңдер қалада емес, Сауда техникумында, Ғабиденнің қасынан салып алған үйлерінде тұрады. Кісі келгенге Сапекең де, шешеміз де қуанып қалады. Радио, телевизордан бәрін естіп, көріп отырса да, жаңалықтарды сұрайды, алыстағы Абыралы, Дегелең елінің хабарын білгісі келеді, өздеріне таныс біреудің аты айтылса елеңдеп, ол туралы бірдеңелерді айтып, қуанысып кетеді.

Хамит, Мәжит, Қасым секілді дарынды ұлдар өсірген Сапекеңнің қас-қабағына қарап, аялап бағып отырған Мәкен шешей өте сезімтал адам еді, ар жағындағыны, іштегі ойыңды айтпасаң да, біліп отыратын. Қолы ашық, дастарханы кең болатын.

Қайындары Сәбит, Ғабиденмен, әсіресе Сәйділ Талжанов, Қаукен Кенжетаевпен ерекше қалжыңдасып отырып, «қартайдыңыз, аяғыңызды әрең басасыз, Сапекеңе бір жас тоқал әпереміз» дегенде солай жасап жіберетіндей қорқып, Ғабит пен Раяға қайта-қайта қарап, төменшіктеп қалатын.

- Қаладағы үйде от ала келгендей асығушы едің, ішіңдегі бірдеңені айта алмай, алақтап ұзақ отырып қалдың ғой. Бүйімтайың бар секілді ғой, - дегеннен кейін жөнімді айтсам, Сапекең әуелі қалжыңдап, көлік алатындай байлық қайдан келді саған, жүргізе алсаң жақсы, машинаны сағат сайын жем беріп асырау керек, қайда қоясың, гараж бар ма деген сұрақтардың астында қалдырып, бірталай жерге апарып тастады, маған сеніп қарыз беретін түрі көрінбейді. Нығмет анық біледі екен, Мәкен шешей сөзімізді тыңдап бітті де, қап-қара дөңгелек көзін ақсақалына тура қадап, баланың бетінен қақпа, алсын, сұрағанын бер дегенді соттың кесіміндей етіп, нығыздап айтысымен Сапекең бағанағыдай емес жібіп, қаладағы Панфилов пен Калинин көшелерінің қиылысындағы Жинақ кассасына барамыз деп жинала бастады.

Бердібекті табу қиынға соқпайды: түстен кейін не Көктөбедегі өзі төбедегі үй дейтін дачасына кетеді, әйтпесе Гүл алаңы, Шоқан немесе Абай ескерткішінің маңайында жүреді. Қасында екі-үш өзінен жастары едәуір үлкен зейнеткер шалдарға күлкілі әңгіме айтып, мәз қылып келе жатқанында, Ленин көшесінде кезіктірдім. Қасындағылармен қоштасты да, көптен көріспегендіктен, сағына амандасып, бауырына тартып, мен бұрын Тахауйден шет жағасын естіп қалған, аспанда бұлт көтерілсе, шатырынан су өтіп кететінін сылтауратып, Бекең үйіне жүгіретін, бір көңілшек келіншек туралы әзіл әңгімені бұрынғыдан да құлпыртып, «бүгін аспан бұлттау болғандықтан сол жайнаң көз тағы көрпеме кіріп алама деп қорқып төбедегі үйіме бара алмай, қалада жүремін» деп қояды.

Нығметтен алдым, Сапекеңнен алдым, енді бір секірсем соңғы барьерден де қарғитындай батылдық бітіп, Бердібекке келген шаруамды бөгелмей жеткіздім. Берем, бермеймін деген жоқ. Машина туралы сөйлеп кетті. Алғаш алғаны «Москвич» екен. Әбден мініліп ыңыршағы айналған, ұрылған-соғылған, күтілмеген ескі машинаны жамап-жасқап, жылтыратып бояп, орындықтарын қайта тыстап, жарқыратып қойғанын қайдан білсін. Біресе мотор тарсылдайды, біресе тормоз кетеді, біресе екі өкпесіне тепкілесең де тартпайды, біресе о жері, біресе бұ жері істен шығады, қала ішінде тұрып қалып, әркімге итертесің, шалғай шығып, ауылға бармақ болсаң, жолда қалдырады. Бұрыннан әккішопыр Сафуанның мойнына түскен қамыт болады, жөндету үшін сүйреп апармайтын жері жоқ. Ол кезде өз шопырлығы да шамалы, екі інісінің бірін светофорға қарап отыратын көзілдірік, екіншісін алдынан, арттан, екі тараптан келе жатқан көлікті қарап отыратын көзілдірік етіп әуре қылатынын біліп інілері Сайын мен Әкім қасына отырудан қашады екен. Бұдан кейін:

- Осы біздің орыстардың қолынан қару-жарақ жасаудан басқа ештеңе келмейді. Өздері шығарған екен десем, оның өзінің көбі жезмұрт Сталиннің, көзілдірікті Берияның қаһарымен жан беріп, жан алған шпиондарымыздың ұрлап алып жіберген жобалары бойынша істеліпті ғой. Самолетіңнің де, танкіңнің де, ракетаңның да түп төркіні немістікі болып шықты. Тіпті Курчатов, Харитон, Сахаров жасады дейтін атом, сутегі бомбаларының иесі түбі Германиядан қашып барған жебірей, неміс яки американдық. «Жигули» деп ат қойып алып, бәріміз қазір зырылдатып мініп жүрген машинаны шығарған итальяндардан айналса етті. «Москвич» қайда, «Жигули» қайда, екеуінің арасы жер мен көктей. Біреуі есек арба, біреуі жел қайық – деп барып тоқтаған Бердібек көлік алу ниетімді қолдап, қарыз беруге келгенде әңгіменің ұзын сорабы мынаған сайды.

Өкіметтен ай сайын айлық алмаса да, қатын-баласын бір еркектей бағып отыр; қаламақының арқасы. Табушы өзі болғанмен, билік иесі әйелі – Бибігүл, оның рұқсатынсыз бір тиын ұсталмайды. Олай-былай болып кетуден құдай сақтасын, ертеңгіні ойлайды, қалада өскен әйелі орыстар секілді, тапқан-таянғанды үнемі жинайды, кассада ұстайды, өсімін алады, жазда баратын жер ауыл емес, Ыстықкөл, Кавказ, Қырым, Мәскеу, теңіз, балалар үнемі қастарында, олардың ертеңі, мамандық алып, үй болып кетуіне қаржы жиналады. Сондықтан біреуге қарыз беру – қайтымы жоқ бос шығын саналады. Бірақ тілін тапсаң, Бибігүл де жібімейтін қаратас емес жібиді. Ондай адамдар, сирек, мәселен досым Нығмет Ғабдуллин. Бибігүлдің кранын ашу үшін, Сафуанды не Тахауйді төмендете сөйлеп, Бердібектің артық-жерлерін айту керек. Сонда мәселе оп-оңай шешіледі екен.

Аптекадағы жұмысынан шаршап келіп отырса да жеңгеміз Бибігүл оң қабақпен қарсы алды. Төлеби (бұрынғы Комсомол) мен Желтоқсан (бұрынғы Мир) көшелерінің қиылысындағы үш бөлмелі үйлерінде бұрын қыс демей, жаз демей, күн демей, түн демей талай болғанмын. Романын соңғы жылдардың ең үздік шығармасы деген сөзімді дардай ғып жеткізген соң әйелі де разы болып қалған. Сол пейіл қанша жыл өтсе де суыған жоқ.

Бұл шаңырақ басқа қазақтардан өзгешелеу өмір сүреді, ол есіктен кіргеннен білініп тұр: дәлізде қалың, шаң жұтқан жол кілемше емес, қағуға жеңіл жөке ме, қамыс па, әйтеуір бір арзан дүниеден тоқылған шағын төсеніш, киім ілгіште бас киім, бой киім, аяқ киім орындары бөлек-бөлек; ұйқы бөлмеден төсек орын, киім салғыштан басқа зат көзге шалынбайды, кітаптары залда тұрады, жазу столы да осында, үшінші бөлмеде ұлдары - Әли мен Мұхтар, екі бұттық гир, он килограмдық гантель, бокс қолғабы бір бұрышта. Қалың-қалың паллас, кілем, қақырайған үлкен, ауыр мебель аз болғандықтан пәтер биік, кең, ауасы мол көрінеді. Терезелер қысы-жазы ашық.

Төгілген май, борсыған жуынды, қуырылған-шыжғырылғанның иісінен ада ас бөлмесі де жарқырап, адамды өзіне тәтті дәмі, ақ дастарханымен баурап, келген кісі негізінен сол жерден табылады. Бұл жаппай тазалықтың бір сыры әйелінің аптекарлығында болса, екінші сыры Бердібектің өзі де еш жерге шаң жұқтырмайтын, тап-тұйнақтай, темір тәртіптің адамы.

Дастархан қолма-қол әзір болды. Жұмысқа барарда Бердібекке, ұлдарына Бибігүл тамақ әзірлеп кетеді. Өздеріне ғана шағындап, екінші қайтара жылытып ішпейтіндей, тақ-тұқ дайындалған борщ көжелерге әртүрлі демдеуіш сала ма, сілекейіңді жұттырады; бір шелек судың астына от жағып бетіндегі көбігін де алмай пісіріп, сорпасына макарон ба, вермишель ме, жуан кесілген іңкәл ма (қамыр) сала салған бесбармақты бұл үй жемейді. Көбінесе тартылған еттен жасалған манты, котлет, пельмен, шөп салат, қарамық, күріш, бұршақ. Қалай-болса солай бей берекет турамай, дөңгелетіп-дөңгелетіп кесіп қып-қызыл етіп қуырған картопты жесең тоймайсың. Кішкентай тарелкада колбаса, сыр болады. Қысты күндері қазы-қарта, жылқы еті кесулі.

Бағана Бердібек үйреткен тактикаға түсе алмай, қай жағынан келерді білмей, мазасызданып отырғанда, телефон шар ете түсіп, трубканы алған Бибігүл күле қалжыңдасып, қазақша, орысшаны араластырып ұзақ сөйлескеннен кейін дастарханға қайтадан келіп, күйеуіне есеп бергендей болды.

- Сафуан досың. «Қожа» молдаванша деді ме, бір тілге аударылыпты, соны жуыңдар дейді. Орысшадан басқа ешбір тілге аударылуға жарамайтын сендердің кітаптарың емес, Бекеңді бәрі жақсы біледі дедім.

- Ой, біздің мақтаншақ бәйбіше. Бөс-бөс.

- Апай дұрыс айтады. Орыс, француз, украин, литван, латыш, чех тілдеріне тағы кім аударылып еді? Француздар Бекеңді Әуезов пен Мүсіреповпен қатар қойып, классик деп жазған. Канн сыйлығы анау. Басқа кім алды? Бұл кісі қарапайым болғандықтан үндемей жүре береді. Әлгіндей даңқ пен атақ Тахауй мен Сафуанға бітсе, төбемізді жарып жіберер еді, - дегенімде, Бердібек шаруаң оңай бітсін десең, айта түс, айта түс дегенді аңғартып, әйеліне байқатпай бір көзін қысып қойды.

- Ты правильно говоришь, - деп ұнатып қалған Бибігүл әңгімені өзі жалғап әкетті. – Бұл шынында өз бағасын өзі білмейді. Ана екі досын алдына салып, оларды көкке көтереді, ылғи мақтайды. Бердібектің шын қадірін білетін інілері Сайын, Әкім, Қалихан, сен. Қырымның Көктөбеліне, Мәскеуге барғанда орыс классиктері Сергей Михайлов, Лев Кассильден тартып Бекең десе өледі. Одақтас республикалардан келгендер мұның алдында құрша жорғалап жүреді. Қазақстанда ғана ескерілмейді.

- Неге олай дейсіз? Халықтың ең сүйіп оқитын, кітабы ең көп басылатын, оқушысы ең көп қаламгері ғой.

- Онда неге жақсы үй, орден, медаль, лауреаттық бермейді?

- Ол үшін өзі де жүгіру керек, онда-мұнда беру керек. Түске дейін үйде сіздің қасыңыздан шықпай, түстен кейін дачасына тартып тұратын жазушыны ұмытып кететін болар, - дегенімде Бердібек бір мырс ете түсіп, сөзге араласты.

- Сенде қызықсың. Бұл інің марапат үлестірмейді ғой. Жазушы құдыреті орденде де, лауреаттықта да емес деп қанша айтсам, құлағыңа кірмейді.

- Онда Тахауй неге лауреат болады? Сафуан неге орден алады?

- Олар бұйырған күні сіздерге де келеді.

Сол күн бүгін-ертең болатындай қуанған Бибігүл мұздатқышты ашып:

- Мынау бар екен ғой, - деп сыртында балық суреті бар кішкентай банкідегі қара уылдырық әкеп қойды. Шайды қайтадан демдеді.

Осы сәтте Бердібек «бас алға» дегендей ишара жасады. Түсіндім.

- Беке, «Жигули» қандай машина?

- Оны неге сұрадың? Сатып алайын деп пе едің?

- Одақтан рұқсат келді.

- Ойбай, онда кешіктірмей ал. «Волгаңды» білмеймін, «Москвичпен» салыстырғанда «Жигули» деген нағыз боз жорға, - дегенде Бибігүл қосылды.

- Бекең «Жигули» алғаннан кейін көзіміз ашылды. Соның алдында «Москвич» болған. Қанша шығындандық. Қанша жолда қалдық. Қанша азапқа түстік. Қазір рахат. Бір жағы Семей, бір жағы Нарынқол, бір жағы Ыстықкөл, балаларды салып аламыз да қорықпай кете береміз. Бекең дачасына күнде барады. «Жигули» берсе, ал!

Нысананы ататын кездің енді келгенін Бердібек аяғымды басып түсіндірді. Кеттім неде болса:

- Машина келіпті. Магазинде дайын тұр. Алайын десем екі мың сом жетпейді, - дедім.

Бердібек Бибігүлге, Бибігүл Бердібекке қарады, мен білмейтін бөтен бір тілде сөйлескендей болды, озары ұғысты-ау шамасы. Алғаш сөйлеген Бибігүл:

- Жақсы көретін бір інің емес пе, қиналғанда көмектеспегенде ағалығың қайда? Нығметтерге де бересің ғой, берейін. Айтқан кезімізде қайтарар, - деп күйеуін үгіттегендей күйге түссе, Бердібек көнбейтін кісідей қабағын түйіңкіреп еді, әйелі тағы сөйлеп кетті:

- Өсім беретін есептен емес. Күнделікті ұстайтын есепте үнемделіп қалған ақша бар. Содан алып бер. Кассаға қазір барсаңдаршы, - деп ыстық шайды қайтадан құя бастады.

Сол қарыз алу операциясын еске түсіріп, ағамыз екеуміз көпке дейін Бибігүлдің тазалығы мен аңқаулығын айтып жүрдік.



ҚОНАЕВТЫҢ ТУҒАН КҮНІНДЕ

Сағат он бірдің кезінде негізінен зейнеткерлер және мен секілді қолы бостау адамдар қыдыратын. Мұхтар Әуезов музей-үйінің алдындағы қыста қарға толып қалатын фонтанды енді айнала бергенімде, атымды атап айқайлаған жіңішкелеу таныс дауыс естілді, жалт қарасам – Бекең – Бердібек Соқпақбаев. Өз қатарластары секілді қабат-қабат қалың киіну, әйтпесе ұзын пальто, шұбатылған тон сүйрету дағдысында жоқ, серуенге лайық, адамды тоңдырмайтын да терлетпейтін бойына жақ шолақ куртка, кендір шалбар (джинсы), аяғында көбінесе крассовка, бас киімі де жеңіл, жылы, жүннен жасалған тоқыма. Тез, ширақ жүреді, танымайтын адам зейнеткер деп емес, бокс па, гимнастика ма тренері деп қабылдаса болатындай. Кейде қолында бұтақтан жона салған таяғы болады. Қашанғы дағдысымен қолғабын шешіп, ып-ыстық, жігерлі алақанымен қолымды қатты қысып амандасты да:

- Бір қызық оқиға болды, бала, мен саған соны түп-түгел айтып берейін, өзге әңгімеге содан кейін оралармыз, - деп бір күліп қойып, дәл қазір кіріспесе ұмытып қалатындай, асығыс сөйлей бастады.

- Осы көшенің бойы мен Комсомол көшесіне дейін бір барып, қайтадан айналып, Шевченкомен енді төмен түсе бергенімде, бір топ жігітке жолығайын. Өзіміздің жігіттер, жазушылар ішіндегі үлкені ыздиған Балғабек, одан кейін шіренген Сейдахмет, одан кейін томпиған Тұманбай. Бас-аяғыма ұнатпай бір қарап шыққан Балғабек:

- Әй, Беке, сенделбай жүріспен қанша туфли тоздырдың екен? – деп қалды.

- Қырық жыл бойы тырп етпей шалбардың артын тоздырып, бір босағаны күзетіп отырғанда саған шыққан мүйіз қайсы? Қаттырақ айтып жібердім бе, Балғабек басынан көп сөз асырмайтын, үлкен мансаптағы, ресми қызметтегі адам ғой, қайтарған жауабымды ұнатпай, түйіліңкіреп қалды, оны сезе қойған Сейдахмет сөзге араласып:

- Туфли де, шалбар да табылар, жақсы ағалар аман болыңдаршы осы, - деді екеуімізді бітістіргендей. Содан кейін маған қарап:

- Беке, бүгін қазақ үшін тамаша, айтулы, ғажап күн ғой, - деді. Мен әуелде бұл сөздің мағынасын түсінбей қалдым.

- Қандай күн еді, қаңтардың көп күнінің бірі емес пе?

- Бұл дүниеден мүлде аулақ жүретін қайран Бекем-ай, - деп сөзге Тұманбай араласты. – Бүгін Димекеңнің, Қонаевтың туған күні. Құттықтауға бара жатырмыз. Мен аңтарылып тұрып қалдым. Шынында ол датаның маңызын, тарихилығын білмейді екем. Сейдахмет мені қолтықтап, зорлап жетелегендей болып, өздеріне ілестіре бастады.

- Жүріңіз. Бірге барамыз. Құттықтаймыз. Ақсақал қуанып қалады – енді екінші қолтықтан Тұманбай алсын.

Үйіне барып, туған күнімен құттықтамақ түгіл, өмірімде ол кісіні екі қадам қашықтықтан жақын көрген адам емеспін. Аяқ астынан бүйткенім ешбір қисынға келмейді. Тіпті барған күнде, бейтаныс мынау қайдан жүр деп жақтырмаса, намыстан өлмеймін бе? Жоқ, баруым дұрыс емес деп қарсыласқаныма қарамай, аналар аяқ-қолымды жерге тигізбей, жұрттың бәрі сыртынан жақсы білетін Димекеңнің үйінен бір-ақ шығарды.

Күзет тұрады екен. Сақшы жігіт әсем жымиып, басын изеп, өткізіп жіберді.

Есік ашық тұр. Дәлізде Димекеңнің өзі қарсы алды. Үстінде сұрша, тығыз матадан тігілген, жағасыз жилет. Анау Ғабиден ағаң үнемі тастамай киіп жүреді ғой, соған ұқсайды. Тамағына дейін түймеленетін қызыл күрең көйлек, қыры сынбаған қара шалбар, түсі кетпеген, сынып, мыжыраймаған туфлиі аяғына құйып қойғандай жарасымды екен. Көңіл-күйі жайдары, жүріс-тұрысы ширақ. Сексенге кірді дейтіндей емес.

Мен әр өткен-бері өткен де, балкондарына, терезелеріне қарап, Димекең кем дегенде бірқабатты түгел өзі алып жататын шығар, ең азы он шақты бөлмесі бар болар деп ойлаған сырттай долбарым бекерге шықты. Төрт-ақ бөлме, ондай пәтер Тахауйде де бар. Тек залы ғана үлкен демесең.

Бізді кабинетіне қарай өткізді. Қабырғаның барлығында кітап сөресі. Көзім шалып отыр. Дүниенің барлық саласына арналған сан алуан еңбектерді талғаммен, білікпен жинаған. Менің кітапханаға көзімді тігіп, басқа сөзге онша мән бермей отырғанымды сезді білем, Димекең әңгімені жаңа арнаға бұрды.

- Бұрын жұмыс қол тидірмеді ғой. Қазір күндіз-түні сырласым да, мұңдасым да осы кітаптар. Қашан барасың, қанша аласың өз қолыңда. Бұл кітаптар бұлданбайды, ананы айттым, мынаны айттым деп, бәлсінбейді. Барлық сырын ішіне бүгіп, оқырманын күтіп тұра береді. Біздің байлық осы.

Бәріңнің де өз қолдарыңмен жазып берген кітаптарың бар. Мен ондай еңбектерді түгел жинап, сөреде сақтаймын. Кітап бермейтін сараң мынау Бердібек, - деген кезде мен іштей ойладым «Үйіңізге бірінші рет жігіттердің зорлығымен әрең келіп отырмын. Алдыңызға барып көргем жоқ. Сонда кітапты қалай берем» - деп. Бір-ақ жұмған ауызды ашпай, әдеп бағып отырмын.

Димекең креслодан тұрып, шеттеу сөренің шыны қақпағын сылдыратып ашты да, ішінен бір кітапты суырып алды:

- Мынау сенің кітабың, Бердібек. Француз тіліндегі «Менің атым Қожа» Парижге барғанда, Мұхтардың «Абай жолын» және сенің осы кітабыңды сыйлаған, - дегенде басым айналып, құлағым шыңылдап кеткендей болды. Жігіттер:

- Кәні, кәні? Көрейікші, - деп барып, аяғында:

- Ойбай, Беке, мынау керемет жаңалық қой, жуу керек, - десіп шулап кетті.

Кітап қолыма тигенде, қуаныштан қаным тасып, жүрегім дүпілдеп соғып, бетім қызара бастағанын сездім. Ол кезде Алматы түгіл, Мәскеу баспаларының жағдайы аса мәз емес, кітап көбіне қоңырқай, газет қағазына басылады, мұқаба қалың қағаздан, ұзаса картоннан, анда-санда көзі тірі классиктердің қолы маталы, тері мұқабаға әрең жетеді. Қолыма ұстап отырған дүниенің авторы өзім екеніне көзім сенсе де, көңілім сенбей, сәбиін еркелеткен ана іспеттес пейілде кітаптың аппақ сүттей қағазға басылған беттерін парақтап, мұқабасын сипалап, суретші келістіре салған. Алатау торабына, Қожа, Сұлтандар бейнелерін қарап отырыңқырап қалған күйімді аңғарған Димекең:

- Өй, Бердібек, жоғалтқан ботасын қайтадан тауып алған інгендей еміреніп отырсың ғой. Бұл кітапты бұрын көрмеп пе едің? - деді.

- Шыққанын естігем. Кітапты бірінші көруім. Басқа да аудармалар қолыма тимейді. Шетелден қаламақы да келмейді. Ол жаққа барып алатын Тахауй, Әбдіжәмілдер ғой.

- Мен біреудің берген сыйлығын екінші қайтара басқаға берген адам емеспін. Сен қанша қызыққанмен, бұл кітап өз орнына барып тұрсын, - деді үй иесі. Французша «Қожаны» сөредегі орнына қайтадан қойып.

Дастарханға жиналдық. Төрде, Димекеңнің қасында Бәйкен Әшімов отыр. Жетпістің жуан ішіне кірсе де, бұрынғы өкімет басқарған кезіндегісіндей көрінді. Қаққан қазықтай, артық-ауыс қимыл жоқ, қасындағыларға да көп тіл қатпайды, қаршығадай қадалып отыр. Қасында борықтай, толық бәйбішесі. Жирен шашты, көк көзді, сопақ бетті, ақсары еркек-әйелдер көзіме көбірек түсті. Қайын жұрты, нағашы жұртынан болар деп топшыладым. Бізбен келгендер бірыңғай кең, еркін отырмыз. Ұзын, жалпақ столға қойылған сан алуан, ішімдік, сусын, ыстық-суық тағам, балық, уылдырықтың түр-түрі, туралған қазы-қарта, көп-көп салат, шелпек, бауырсақ адамдарды шын пейілмен тосқан ақ ниетті көрсетіп тұр.

Түрлері Димекеңнен айнымайтын бес-алты әйелдің бір-екеуі тіпті қартаң, қалғандары да елуді еңсеріп қойған. Інісі академик Асқардың екі ұлы да бір ұядан шыққан тектік сипаттарынан айнымай қалған екен, бәрі де сопақ бастау, атжақты, шүңірек көз, ұзын бойлы.

Арнаулы тамада деген болған жоқ. Әркім еркін сөйлеп, тілек айтып отырды. Туған күн иесіне галстук па, көйлек пе, темекі тұтатқыш па, түнде қолға ұстап жүретін қолшам ба, сақал алғыш па, сол секілді кәкір-шүкір, болымсыз бірдеңелер ұсынылып жатты. Қалыптасқан дағды, бұрыннан келе жатқан дәстүр болса керек, сыйлаушы мынау олқы болды-ау деп қымсынбайды, алушы бұл ойыншық секілдіні қайтеміз деп қомсынбайды, екі жағы да мәз. Сыйлықты төгіп тастайтын шығар, аптап алтын, күптеп күміс, уыс-уыс ділда төгілер деп отырған ішкі арам ойым су сепкендей басылды.

Әңгіменің негізгі тізгіні Димекеңнің қолында, өткен-кеткенге байланысты көсіледі; қызмет бабындағы оқиғаларды айтады; мен үшін мүлде жұмбақ Сталин, Хрущев, Брежнев туралы айтылғанда аузымды ашып қалсам, Шаяхметов, Оңдасынов, Сатпаев, Әуезовтерге ойысқанда, Нарынқолға келгендей бәрі түсінікті көбіне әзіл-оспақ, күлкілі әңгімелер, анекдот: бүгінгі басшылар туралы бір ауыз сөз жоқ.

Димекеңнің анда-санда тұрып, жеке адамдардың қасына барып, иығына қолын салып, еркелеткендей етіп, жылы сөз айтатын мінезі бар екен.

Бір кезде жазушылар отырған жерге қарай жүрді. Мен ойлап отырмын: қызмет бабы жоғары Балғабекке, не атын күнде аузынан тастамайтын Сейдахметке, не жаңа ғана қатырып жазылған арнау өлеңін нәшіне келтіріп оқыған Тұманбайға тоқталатын шығар деп. Біреуі де болмады. Екі қолын екі иығыма салды. Алақандары ауыр әрі ыстық екен. Сөйлей бастады.

- Бүгінгі менің мынау туған күнге жайған дастарханымдағы ең үлкен адам – Бердібек. Тіпті анық шындықты айтсам, жазушы баласында қазақта Әуезовтен кейін осы үйді көрген ең үлкен жазушы – Бердібек...

Бала-бозбала кезімде Қасым Аманжоловтан, қазір Тахауй Ахтановтан, кейінгі інілерімнен естіген ауызша мақтау сөздердің көбін көңіл көтеру үшін айтыла салған көпшік деп қабылдап, артынан ұмытып кететін аңқау басым мына сөздерді естігенде, шошып кеттім. Басқа-басқа, айтып тұрған кеше көсеміміздей көрген – Қонаев. Қатты қысылып, орнымда отыра алмадым.

- Ойбай, Димеке, қойыңыз, - деппін сасқанымнан.

- Тұра тұрғын інім, мен әлі айтып біткем жоқ. Мен жаңа мұның французшаға аударылған «Қожасын» көрсеттім ғой. Сол бойынша түсірілген фильмі Канн фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алған. Білетіндер, менің кинооператор құрдасым Ескендір Тынышпаев айтады. Ол Оскарыңның, тіпті әдебиеттегі Нобеліңнен бірде бір кем емес деп.

Мына сөздерді естігенде, буын-буыным босап, тамыр-тамырым түгел иіп, көз алдымнан қызыл-жасыл сәулелер жүре бастағандай болып кетті.

- Мен осы классик жазушы Бердібек Соқпақбаев үшін көтеруді сұраймын, - деп оймақтай рюмкасын көтеріп қарап тұр.

Мен арақ, шарап, сыра атаулыны тастағалы қай заман. Оның бәрі ұмытылды. Кеше ғана сылқиып тойып алып, енді бас жазуға асыққан адамның өзіме жақсы белгілі күйіне түстім. Арақ па, коньяк па, виски ме, білмеймін алдымда тұрған бір рюмка ішімдікті, алды-артыма қарамай тарттым да жібердім. Басыма бірден шапты, маңдайдан тер бұрқ ете түсті.

Димекең сөзінен кейін назар маған ауды. Алдымен Бәйкен Әшімов сөз жалғады. Әйелі, балалары, немерелері түгел «Қожаны» оқыған. Одан кейін Балтағұлов, Жиенбаев, Аухадиев кетті. Олардың үйінде де «Қожа» бар екен. Киноны көрмеген кісі жоқ боп шықты.

Мақтау сөздер құтыртты ма, көптен ауызға алмай кеткен ішімдік желіктірді ме, сөйлегім кеп, сөйлегім кеп қопаңдап, ақыры шыдай алмай, қолымды ербеңдетіп орнымнан атып тұрдым. Менің бірдеңені бүлдіретінімді сезді білем, үш жазушы да жаратпай ала көзбен қарады, сол-ақ екен тіпті құтырып кеттім.

- Әрине бұлар менің сөйлегенімді ұнатпайды. Есептері түгел. Атақ десең атақ, мансап десең мансап, үй десең үй – бәрі осыларда, Димекең мен Байекеңнің дәуірі дүрілдеп тұрғанда, талай алдарына барған, сұрағандарын алған, - дегенім де біреу жақтырмай тыжырынып, біреу құптағандай күліп отырды.

- Сен неге бармадың, сен неге алмадың?

Мына сөз қотырдың аузын жұлып алғандай, қайтадан өрекбіп, ешкімнен рұқсат та сұрамай, тіпті айғайлап, шәңкілдей жөнелдім.

- Мен Қазақстан түгіл одан зорғыға да арызданғанмын кезінде. Әділет, шындық бар екен деп. Отыздың ішіндемін онда. Азия-Африка жазушыларының Дүниежүзілік конференциясының атына, Ташкентке жағдайымды айтып, үйсіз-күйсіз жүргенімді көрсетіп телеграмма салам деп өмір бойы пәлеге қалдым емес пе? КГБ-сы да, ЦК-сы да, Жазушылар Одағы да итті қуалағандай соңыма шоқ алып түсіп берсін. Бұрынғы бұрыш-бұрыштан пәтер жалдап, сылқита сыра ішіп жүрген күндеріме зар боп қалдым. Кітап басылуы да тоқталды. Атым тізімге қосылмайды. Айналайын орыстарым болмаса аштан өлетін едім. Әлгінде бәрің жабыла мақтап жатқан «Қожаны» қорғайтын қазақтан біреу табылмай, Мәскеуде жарияланғаннан кейін көзім аздап ашылды. Бірнеше қайтара басты, көп тілдерге аударды, қалтамды толтырып қаламақы берді, - деп шайқақтап тұрғанымда Димекең сөзімді бөлді:

- Әй, Бердібекжан, сен жазушысың, қазақтың «Жыламаған балаға емшек бермейді» деген сөзін жақсы білсең керек. Не кемістігің бар, үйің жоқ па, атағың жоқ па, құрметтен кендемісің? – деп мені сабырға шақырғандай жұмсақ жымиып бәтуаға шақырғандай болды.

Мен тағы бұзылып бара жаттым:

- Бір әйелім, үш балам, екі бөлмелі үйім, «Жигулиім», бұрын жазған кітаптардан басқа түгім де жоқ. Тіпті ең аяғы кәсіподақ берген мақтау қағаз да бұйырған жоқ.

Димекең тағы араласты:

- Менде қазір бір әйелде жоқ, шырағым. Тәуба, бір кісідей өмір сүріп жатырмыз.

- Сіз дүрілдеп тұрған шағыңызда қол ұшын берген жоқсыз, бүгін мені мақтап, жүрегімді жара жаздадыңыз. Түгел айтатынымыз өтірік. Барлығы өтірік. Кітап өтірік. Газет өтірік. Адамдар арасындағы қарым-қатынас өтірік. Өтірік, өтірік. Бәрінен жалығып кеттім.

- Өй, мына тентек не деп кетті? Бәйкен екеуміз ештеңені ала кеткен жоқсыз ғой. Қалды бәрі. Жарты мыңдай Жазушылар Одағы мүшелері бар екенсіңдер, маған келсеңдер де, Бәйкенге келсеңдер де сұрағандарыңды бердік, нәубез қалған кісі жоқ. Ал енді саған көмек жасай алмасақ, онымыз дұрыс болмаған. Ол қатені қазіргі бастықтар түзейтін шығар, - деп Димекең қайтадан қасыма келіп:

- Дүниенің бәрі өтірік емес інім. Дүниеде жақсылық пен жамандық, достық пен опасыздық, қайыр мен қатігездік, ұят пен арсыздық, кедейлік пен байлық, қамқорлық пен озбырлық қатар жүретіндігіне менің көзім әбден жетті. Адам ретінде соны ұға білу аз, көтере білу керек, бауырым, - деп арқамнан қаққанда, мен жылап жібердім. Сірә, мас болып қалған шығармын. Бұдан кейінгі нәрсенің бәрі сағым ішіне кіргендей бұлыңғыр: біреулер тілек айтты, Бибігүл ме, Ермек пе ән салғандай, қалай тарастық, қашан үйге қайттық, біреуі анық есімде жоқ.

Ертеңіне бас жазылып, қалпыма келгендей кезде, ана екеуіне қарағанда маған жақын жүретін інім Сейдахметке телефон соғып, жолығайық, далаға шық десем, қыңыратқып қалыпты, «бүлдірдіңіз, бүлдірдіңіз» дей береді. Бірақ ақыры көндірдім. Бағанадан саған айтқан әңгіменің ұмытып қалған кейбір жерлерін маған ұрса отырып, «былай дедіңіз ғой» деп, мойныма қойып берді. Сонымен, бала, мен Димекеңнің аузынан өмірімде естімеген мақтау сөзді естідім және ол кісі де өмірінде естіп көрмеген тентек сөзді естіді, - деп Бердібек сылқ-сылқ күлді.

- Әй, бала, - дейді Бердібек жүзі жадырап. – Мен таяуда бір ғажап жаңалық аштым.

- Қандай жаңалық?

- Қазақ жастарының тәрбиесін күрт жақсарту әдісі.

- Тұтас институттар, өкімет пен партияңыз, ата-аналар, мұғалімдер таба алмай отырғанды сіз тапқаныңызға қуаныштымын, - деймін мысқылдағандай.

- Өй, сен қалжыңға айналдырма. Менің тапқан жаңалығым – Абай.

- Ақын атамыз ба?

- Иә, ақын атамыз, данышпан атамыз Абай. Жасым жетпіске тақап қалды, бұл өмірде кемі мыңдаған кітап оқыған шығармын.

- Сіз газет, кітап оқымайсыз ғой.

- Ол өтіріктен әбден тойғандықтан шыққан кейінгі он-шақты жылдың қарсылығы ғой. Бұрын қолдан кітап түспеуші еді.

- Ал, ашқан жаңалығыңыз Абай болуы қалай?

- Барлық оқушыларды мектепте қамап қойып, күндіз-түні Абайды оқытып, жас қой, милары толық, әбден жаттап алғандай болғанда ғана кәмелеттік аттестат беру керек.

- Бұл жаңалығыңызды өндіріске енгізу оңайға соқпайды-ау шамасы.

Таудан түскен адам, ақ қар, көк мұз іспеттес, өзі де таза, шығармалары да таза, классикалық туындылар берген қаламгер ағамен пейіліміз, сөзіміз, қалжыңымыз жарасып, қол боста қыдырыстап, реті келгенде қаладағы, таудағы үйлерінде, кафе, ресторанда алла берген ырзықты бөліп жеп, мұң-қайғы бөлісіп, шер тарқатып, баз кешкен сол бір бұлаң күндер көзден бұл-бұл ұшқалы қашан.

МАЗМҰНЫ

Сабақтастық немесе кітаптың беташары.................................................3

Бірінші тарау. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады.......................10

Екінші тарау. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры ............................................132

Үшінші тарау. Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін................................204

Төртінші тарау. Толғауы тоқсан қызыл тіл...........................................290



11 “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы 1995 жылы шығарған 1 томдық таңдамалы жинақта берілген зерттеулердің негізінде ұлы қайраткердің аты-жөнін “Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан” деп алғаныды дұрыс көрдік.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет