Толғауы тоқсан қызыл тіл. Зерттеулер. Алматы: «Үш Қиян», 2009. 304 бет



бет2/3
Дата04.11.2016
өлшемі8,8 Mb.
#218
1   2   3

ҚАЗАҚТЫ АҚ ЖОЛҒА САЛАМЫЗ ДЕСЕК


ХХ ғасырдағы қазақтың әйгілі мемлекет қайраткері, тамаша ғалым, зерттеуші, публицист, әдебиетші, ұлт-азаттық қозғалысының серкесі Әлекең, Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханға (Бөкейханов)1 замандастары Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев зор құрметпен қарап, оған шығарма арнап, оның тарихи орнын діл бағалағанмен, кейінгі 50-60 жылда бұл қасиетті есімді қазақ санасынан жою үшін жасалмаған қиянат бар ма?

Бұлт сейілді. Аспан ашылды. Анық Әлихтану енді басталмақ. Алғашқы барлау қатарында Хасен Оралтай, М.Қойгелдиев, М.Базарбаев, С.Ақұлұлы еңбектерін айту керек. Ұлы қайраткердің кітаптары шықты (“Қазақстан” баспасы, 1994, “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы 1995) - өмірбаяны жазылды, қоғамдық-әлеуметтік қызметіне баға берілді.

Соңғы жылдарға дейін Әлихан Бөкейханның туған уақыты 1866, 1867, 1869 болып әр түрлі көрсетіліп жүрді, енді Омбы архивінен табылған дәлді құжаттар, басқа да материалдар негізінде қазақ халқының ұлы перзенті бұрынғы Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысы 7-ші ауылда дүниеге келгені толық анықталды. Бұл жерлер қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарайды. Ол - Әбілхайыр ханның басын алған, арғы тегі Шыңғысханнан тарайтын әйгілі сұлтан Барақтың ұрпағы. Әуелі молдадан тіл сындырып, артынан Қарқаралыдағы орысша бастауыш мектепте училищеде оқыған Әлихан артынан Омбы техникалық училищесін (1888), С-Петербург орман техникалық институты экономика факультетін (1894) бітіріп, өз заманының ең білімді, жоғары парасатты қайраткерлерінің қатарына қосылады.

Әр жылдары экономистік, оқытушылық, журналистік, ғылыми қызметтермен айналыса жүріп, қазақ халқының бостандығы үшін жасырын да ашық күреседі. Патша отаршылдығына қарсы қозғалыстарға қатысып, Қарқаралы қарсылық хатын (1905) жазысады, Россия конститутциялық-демократиялық (кадет) партиясының қазақ бөлімшесін құру мақсатымен Оралда, Семейде көптеген әрекеттер жасайды. Ұлттық “Қазақ” газетін шығарысады, І-мемлекеттік Думаға мүше болады. Мақсаты қазақ халқының мүддесіне сәйкес келмегендіктен, өз еркімен кадет партиясынан шығады.

Әлихан Бөкейханның тарихи ұлы ерлігінің бірі қазақ халқының ғасырлар бойғы күрес нысанасы өз мемлекеті туралы арман-тілегін демократиялық тұрғыдан тұжырымдап, ғылыми арнада негіздеп, дербестік принциптерін белгілеп берген “Алаш” партиясын құруы еді. Ол 1917 жылы желтоқсанда Алашорда өкіметінің төрағасы болып сайланды. Ә.Бөкейхан большевизмді, совет өкіметін қабылдаған жоқ, қарсы күресті. Алашорда мүшелеріне қағаз жүзінде кешірім берілгенмен, олардың бәрі де қудаланды. Патша заманында Семей, Павлодар түрмелерінде азап шеккен Ә.Бөкейхан кеңес өкіметі кезінде 1922, 1926 жылдары тұтқындалып, босатылды да, 1937 жылы Мәскеу түрмесіне қамалып, 27 қыркүйекте атылды.

Біз енді Әлихан Бөкейханның қолда бар шығармашылық мұрасын саралап, оның басты арналарына назар аударамыз.

Әлихан Бөкейханның артына қалдырған шығармашылық мұрасының үлкен саласы – орыс тілінде жазылған монографиялық, энциклопедиялық сипаттағы ғылыми еңбектері. Бұлардың өз кезінде ең елеулі баспаларда жариялануы авторға деген сол тұстағы ілтипат, құрметі ғана емес, туындыларының сапасын мойындауды көрсетсе керек. Ғалымның негізгі, басты еңбектері қазақ халқының тарихына, экономикасына, мәдениетіне, шаруашылық жүргізу тәсілдеріне, ру-тайпалар шежіресіне, тұрмыс-салтына, қазақ жерлерінің отарлану тағдырына арналған. Бұл еңбектерде мың сан деректер, цифрлар, кестелер, сілтемелер, жер-су, адам есімдері, әр түрлі қайнарлардан алынған үзінділер, қысқасы, ұшан-теңіз материал бар.

Осылардың арасында “Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және мәдени өркені” (“Исторические судьбы киргизского края и культурные его успехи” 1903) зерттеуінің маңызы айрықша зор. Мұнда қазақ жерінің мыңжылдық тарихы, өлкені ертелі-кеш мекендеген түрлі ру-тайпалардың, елдер мен ұлыстардың қалдырған заттық ескерткіштері, сәулет өнерінің белгілері жан-жақты сөз болады. Автор Геродоттан тартып, қытай, ұйғыр, деректеріне жүгініп, көптеген оқымыстылардың еңбектеріне сүйене отырып, қазақ жерін жайлаған, басып өткен халықтардың тарихи іздеріне шолу жасай келіп, көне ғұн, үйсін, арғын, найман, керей, алшын тағдырларын сөз етіп, монғол, қалмақ шапқыншылықтары дәуіріне ойысып, қазақ хандығының құрылуын баяндап, ақырында орыс отарлауының кезеңдерін тәптіштей түсіндіреді. Қазақ этнонимінің қалай шыққандығы жөніндегі аңызды келтіріп, “қырғыз” деген орыстар таңған, қате атау екенін дәлелді көрсетеді.

Би, батыр, хан, ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз ұғымдарына анықтама беріледі. Әбілхайыр, Қасым, Жәнібек, Керей, Барақ, Абылай, Кенесары хандардың дәуірі, олардың ел аралық әрекеттері сипатталады. Әсіресе кең сөз болатын мәселе – қазақ-қалмақ, қазақ-орыс, қазақ-қытай қарым-қатынастары. Аты шулы Ақтабан шұбырындының себептері, қазақтардың бір бөлігінің орыс қолтығына кіру жағдайлары кеңінен ұқтырылады. Бұл орайда Әлихан Бөкейхан тарихи оқиғаларды объективті түрде бағалайтын сарабдал оқымысты екендігін көрсетеді. Кейін сан-саққа жүгіртіліп, науқандық саясат ағымымен бірде олай, бірде былай бұлғақтатылған идеологиялық саудагершіліктің көлеңкесі де жоқ. Үлкен шайқастар, ірі оқиғалар қашан, қай жерде болғандығы дәл беріледі.

Орыстардың қазақ даласына қоныстануы екі жолмен болғандығын ғалым ерекше дәлелдейді. Біріншісі – қуғын-сүргін көргендердің, қашқындардың, діни қудалауға түскендердің келуі. Бұл, әрине, жіңішке, болымсыз жол. Екіншісі – патша өкіметі тарапынан қолдау тауып, жоспарлы түрде жүргізілген отарлау. Осы арнада жасалған қиянат, қорлық, зорлықтың боямасыз шындығы бар. Көшім – Ермак шайқасы, орыс әскерлерінің бірте-бірте Ертіс, Есіл, Жайық бойын басып алуы, олардың соңынан қарашекпендердің, мұжықтардың шұбыруы, қазақ халқының шұрайлы жерлерден зорлап ығыстырылып, ақыры құмға, шөлейтке шегінуі, қамал қалалардың салынуы, сөйтіп Қазақстанның отарлық бұғауына түсуі деректермен, цифрлармен, статистикалық мәліметтермен, ғылыми стильмен баяндалады. Бұл ретте патша өкіметі ресми түрде орыс отаршыларына қандай жағдай жасады, қазақтар қалай жерден айрылды, қарулы казактардың озбырлығы, генерал-губернатордың қарақшылық қимылдары дәлді көрсетіледі. Орыс қоныстанушыларына жер таңдасуға ерік берілген, салық төлеттірмеген, ақшалай көмек жасалған. Сөйтіп, бірте-бірте шұрайлы, қара топырақты өлкелер, орманды-тоғайлы атыраптар, өзенді-көлді аймақтар отаршылдардың табанына түскен. Мәселен, 1860-1875 жылдар арасында Көкшетау, Қызылжар уездерінде мұжықтардың 30 шаңырағы, 150 жаны болса, араға бір он жыл салғаннан кейін олар 2.140 шаңыраққа жетіп, жан саны 12.000 болған. Солтүстік Қазақстанды аз уақыттың ішінде отарлап, тартып басып алған орыстардың бірден қазақ мәдениетін өркендетіп жібермегенің, тіпті олардың өздерінің де жетісіп кетпегенін автор көптеген мәліметтермен айғақтайды. Сауатсыз әскер көр соқыр шенеулік, болар-болмыс оқу орындары.

Патша өкіметі қазақ балаларын оқытуда шоқындыруды, миссионерлікті мақсұт тұтқандығын ашып береді, алғашқы оқу орындары, олардағы оқушы саны туралы көптеген деректер бар.

Әлихан Бөкейхан еңбектері қазір Қазақстанның солтүстік территорияларына көз алартып, олар ежелден казактардың мұжықтардың жері еді дейтін Солженицын, Горбачев, Жириновский тағы басқа шовинистердің сандырағына бірден-бір берілетін тарихи жауап болып табылады. Өйткені қазақ ғалымы кешегі патша заманының өзінде, орыс тілінде жазылған еңбектері арқылы алғашқы орыс мұжығы қазақ жерін қалай басты, қалай қоныстанды, қалай зорлық жасады деген мәселелерді түгел тайға таңба басқандай, мәңгілік өшпейтіндей етіп статистикалық, экономикалық деректермен, цифрлармен, фактілермен көрсетіп берген.

Халқымыздың тарихы, әлеуметтік құрылымы отаршылдық зардаптарын шегуі, тұрмыс-салты, мәдениеті, саяси күресі, білім деңгейі туралы пікір-байламдарын Әлихан Бөкейхан “Қазақтар” (“Киргизы” 1910) деген орыс тілінде жазған зерттеуінде жалғастырып, тереңдете түседі. Мұнда түркі тектеске жатқанмен қазақ бір халық, қырғыз екінші халық екені тағы да айқын айтылады. Ең алдымен бұл еңбектің демографиялық, статистикалық сипаты басымдығын ескеру қажет. 1817 жылғы санақ нәтижесінде қазақтардың Ресейдегі халықтардың ішінде алтыншы орында тұрғанын, мөлшермен 4.696.600-ға жеткенін айтып, ол губерния халқының сандық арасалмағын кестемен көрсетеді. Басқаларын былай қойғанда, сол кездің өзі Семей губерниясында қазақтар 86,2 %, орыстар 7,5 %, өзгелер 6,3 %, Ақмола губерниясында қазақтар 62 %, басқа халықтар 48%, Торғай губерниясында қазақтар 76,5 %, орыстар 23 %, өзгелер 0,5 %, Орал губерниясында қазақтар 72,5 %, орыстар 25 %, өзгелер 25 %, Жетісу губерниясында қазақтар 77 %, орыстар 12 %, өзгелер 9,8 % болған. Бұларға Каспий сырты, Сырдария, Ферғана, Самарқан, Астрахан губернияларындағы жұртты қосып есептегенде, жалпы аталған 10 губерния халқының 51 %-і қазақ екен. Бұл бас аяғы 30-40 жыл ішінде жүргізілген аяусыз отаршылдықтың зардабы. Автор қазақ даласындағы шабындықтардың, қорықтардың, қара топырақты, құнарлы өлкелердің, өзенді, сулы арналардың мұжықтарға қалай тартып алып берілгендігін нақты статистикалық мәліметтермен дәлелдейді. Жалғыз бұл ғана емес, қазақ қауымының өзі дәулеті жөнінен бай және кедей болып жіктеліп кеткендігі әр шаңырақтағы мал басының санын көрсеткен кезде айқындалып шыға келеді.

Қазақтың бірте-бірте жартылай отырықшы, жартылай көшпелі шаруашылық түріне көшу жағдайын ғалым қыстау, ауылда жер ыңғайына орай қанша шаңырақ, қанша мал болатынымен көші-қонының жол ұзақтығымен, өкімет тарапынан бөлінген азды-көпті қаржы мөлшерімен сабақтастыра қарайды. Жер ауып келген, енді даланы емін-еркін отарлай бастаған, патша өкіметі, әскери күштер тарапынан ерекше қолдау тауып, көмек алып отырған орыс шаруаларының жағдайы күн санап жақсарып бара жатқандығы оларға берілген жеңілдіктерді, әр шаңыраққа тиген жер мөлшерін көрсетумен-ақ белгілі болады.

Ұлтымызға жасалған зорлықта шек жоқ: Мемлекеттік Думаның депутаты Марков деген біреу бет-аузы қисаймай, шімірікпестен бұлар Шыңғыс хан мен Ақсақ Темірдің ұрпағы, сондықтан Америкада қызыл терілерді қалай қырса, біз де қазақтарды солай жойып жіберуіміз керек деп айтуға дейін барған, тапа тал түсте мал айдап әкету, жазықсыз жандарды абақтыға жабу, ата-қонысты тартып алу, әбден әдетіне айналған озбыр отаршылар туралы: “орыстан досың болса, қойныңда болсын балтаң”, “орыс келді, қасқыр келді” деген сөздердің шыққанын Әлихан Бөкейхан жасырмай айтады.

Тіршілік тынысын тарылту, өз жерлері үшін өздерінен салық алу, әр шаруашылық өрісін кесу үстіне отаршылар жергілікті халықтың рухани тамырына балта шауып, сенім-нанымды өзгертіп, басқа дінге кіргізуі – шоқындыру мақсатымен сан алуан жасырын айла-шарғы, жымысқы әрекеттерге барғанының көптеген мысалы келтіріледі. Бұқарда 15 жыл оқып терең білім алған ғұлама Наурызбай, ел ішінде Науан қазірет аталған молланың Көкшетау еліндегі бедел-ықпалынан шошыған патша өкіметінің сойыл соғарлары жазықсыз азаматты елінен, жерінен айырып, күшпен тентіретіп қудалаған.

Бірен-саран жетімдер, қашқан-пысқандар, кембағал-кедейлер, сорлы-мүскіндер ішінен шоқынғандар табылғанмен, қалың қазақтың өз дінінен қопарыла кетуі болмаған ғой. Қайта мұсылмандыққа бойұсыну елдікті сақтап қалудың мықты құралына айналған, мәселен, 1905 жылы Омбыдан Меккеге бармақ үшін 500 қазақ паспорт алған. Кейбір мұсылмандық рәсімдердің жасырын істелуі, балаларға арабша хат таныту, ғибадат орындарын салудағы құпия – мұның бәрі де патша өкіметінің қудалауынан туған жәйттар екенін автор ашық жазады. Ислам дінін шектеп шоқындыруға бет бұрған саясатты әшкерелеген бір жасырын хаттың тарихы кеңінен баяндалады. Сол сияқты тарихи әдебиетте “Қарқаралы петициясы” деген атпен мәлім болған 14500 адам қол қойған құжатта қазақтардың Ресейге өз еркімен қосылғаны, тек сыртқы істер жөнінен бодан болғандығы, ішкі істерге қол сұқпау жөнінде шартқа қол қойылғаны, бабалардың қанымен суарылған жердің қазақтардың меншігі екеніне қарамастан, патша өкіметі шығарған заңдар бойынша олардың қазынаға қайта кеткені, мұжықтар жақсы жерлерге келіп, жергілікті ел қаңғырып қалғандығы айтылатынын көрсете келіп, Әлихан Бөкейхан өзі де осы пікірлерді қолдайтынын білдіреді.

Қазақ арасындағы бұрынғы билей жүйесін жойып, оның орнына патша өкіметінің заңдары жүре бастаған кезеңдегі сорақы әділетсіздік, парақорлық, надандық сыналады. Қазақша газет, кітап жоқтығы, тек татарша басылымдардың азды-көпті тарайтындығы айтылады. Қазақ ішінде сауаттылық деңгейін көрсететін, әр түрлі деректер бар. Әлихан Бөкейхан қазақша сауаттылар Ақтөбе уезінде 42,3 %, орысша сауаттылар 2,7 %, Қабанай уезінде қазақша сауаттылар 38 %, орысша сауаттылар 3,6 % деген қызықты сандарды көрсетеді. Бұл бір кезде ойдан шығарылған, қазақтарды қасақана кемсіту үшін айтылатын 2 % сауаттылық туралы өтіріктің ініне су құяды.

Енді-енді сауаттанып, білім алып, әлеумет ісіне араласа бастаған қазақ зиялыларының екі бағытқа ойыса бастағанын Әлихан Бөкейхан нақты ажыратып айтады. Олардың бірі – мұсылмандыққа деп қоятын түрікшілер, екіншісі – еуропалық дамуды жақтайтын батысшылар. Бірақ бұлар әлі толық ағым, анық партия болып қалыптаспағандығын ескертеді.

І-ІІ Мемлекеттік Думадағы қазақ депутаттары халық еркіндігі партиясының мұсылман қатарына ойысқанын айтса, 1909 жылғы 3 мамыр заңы бойынша бұрын жері тартылып алынған 4,5 миллион қазақ халқы енді сайлау құқынан да айырылғанын үлкен өкінішпен еске алады.

Арқадағы мың жылдар бойы сақталып келген тың жерлерді жауапсыздықпен жырту, жыртқыштықпен пайдалану түбінде оларды құнарсыздандырып, қара дауыл басатыны туралы айтқан Әлихан Бөкейханның көрегендігіне таңқалмасқа болмайды. Сол секілді қазақтар мал жайылатын жерлерінен айрылып, ақырында босқындыққа ұшырауы мүмкін деген ойлар да кейін шындыққа айналды.

Ғалымның терең экологиялық пікірлері, жерді пайдалану туралы нақты ойлары “Дала өлкесінің түкпірлеріндегі орыс қоныстары” (“Русские поселения в глубине Степного края”) 1908 жылғы еңбегінде орасан мол деректерді қорыту негізінде айтылады. Алдымен қазақтардың орыс отаршылары келмей тұрған замандарда жер жағдайын ерекше жақсы біліп, әсіресе Нұра, Есіл секілді ылғалы мол жерлерде суармалы егіншілікпен айналысқанын көптеген құжаттар келтіре отырып дәлелдейді. Мал өсіруде қоршаған орта мүмкіндіктерін толығымен қажетке жарата алған көшпелілер шаруашылығы артта қалған кәсіп емес, қайта ең қолайлы жол екендігі жөнінде проф. Вернер тұжырымына Әлихан Бөкейхан да қол қояды.

Қазақтардың ең жақсы, шұрайлы жерлерді тартып алып, қоныстандырылған орыс шаруалары егіншіліктен тұрақты өнім ала алмай отырғанын кімнен көреді деген сұрақтың жауабын ғалым ылғалдың аздығы, топырақ құнарынан іздеу керектігін ұғындырады. Қазақтардың еңбекке қырсыздығы, жерді ұқсата алмайтындығы жөніндегі Марков, Крюков секілділер шығарған жаланың күлін шығарған жаланың күлін көкке ұшырады. Әлихан Бөкейхан осы еңбегінде өзінің дала жағдайын ғажап терең білетін топырақтанушы, ботаник, агроном, экономист, эколог екенін көрсетіп берді. Таза статистикалық мәліметтер бере отырып, ғалым отаршылдықтың жергілікті халыққа әкелген жойылмайтындай ғасырлық зардаптарын, болашақта келетін кесепаттарын терең ашып берді. Ат қоныстан айрылу, дәстүрлі шаруашылық кәсіптен қол үзу, тұрмыс-салт қалпының бұзылуы қандай трагедиялар тудыратынын Әлихан Бөкейхан сол заманда-ақ көре білген. Олар және құр сәуегейлік емес, нақты шаруашылық қатынастарды зерттеуден туған ғылыми қорытындылар.

Отаршылдықтың қаны сорғалаған зұлымдықтары “Ақмола облысындағы қоныс аударып келгендердің жерлері” (“Переселенческие наделы в Акмолинской области”), “Қазақтар Дала генерал-губернаторының мәжілісінде” (“Киргизы на совещании степного генерал-губернатора”) мақалаларында мұжықтарға қазақ жерлерін қалай тартып алып беру фактілерін дәлді көрсетумен дәлелденеді.

Әлихан Бөкейханның ғылыми мұрасының ішіндегі ерекше маңызды еңбектің бірі – “Дала өлкесіндегі қой шаруашылығы” (“Овцеводство в Степном крае”) кітабы 1904 жылы Том қаласында басылған қазақ халқының ғасырлар бойғы ата кәсібі болған қой шаруашылығы туралы терең біліммен, махаббатпен жазылған тұтас энциклопедиялық зерттеу. Әуелі 1816-1901 жылдар арасында Ф.А.Шербина экспедициясы жүргізген есептеулер негізінде Семей, Ақмола, Торғай облыстары 12 уезіндегі қой, ешкі, санының статистикалық есептері беріледі. Бір-ақ мысал, сол кезде Қарқаралы уезінде 584. 180 қой, 57. 241 ешкі болған. Бір шаруашылыққа 30,7 қой, 3,0 ешкі, 1 кісіге 5.59 қой, 0,55 ешкіден келген. Қазақ даласының солтүстігінен оңтүстігіне қарай қой, ешкі санының көбейе түсетіні табиғатқа байланысты жағдай.

Фриз, Романов, Волош, Вересковая қойларын салыстыра келіп, қазақ қойы тұрқы жөнінен ең ірілер қатарына жататыны дәлелденеді. Қазақ қойының салпықұйрық, таңқықұйрық, қара, ақ, боз, қоңыр түрлері айтылады. Жасына қарай қойды қошқар, қозылы қой, ту қой, қозы, сек, тұсақ, бойдық, еркек қой, ешкіні – теке, лақты ешкі, ту ешкі, лақ, серкеш, туша, серке деп бөледі.

Қой, ешкі отарының өсімі, малдың көбеюіне арнайы тоқтала келіп, қошқар таңдау, күйек салу, күйек айында жасалатын әрекеттерді айтып барып, қозылардың бағым-күтіміне көңіл бөліп, қой ешкіні сауудың әдісі көрсетіледі. Бұдан кейін қошқарды күйекке түсірерде тұз жалату, қоржынмен қозы тасу, оларды күркеде сақтау, көгендеу, ен салу, уыз, қағанақ, сүт пісіру, үріптеу, идіру, арқанмен қой қосақтау, қозы табыстыру, айран ұйыту, қорықтық, қатық, сүзбе, іркіт, құрт, ірімшік, сарысу, қаймақ жасау, қой тоғыту, жабағы, күзем қырқу, жүн сабау, киіз тебу, киіз басу, күпі шекпен тігу, ши, тулақ, бұршақ көген, желі, бау сырмақ істеу сияқты жұмыстарды тұрмыс-салт қалпына лайықты табиғи күйінде ықшам да түсінікті баяндалады.

Қазақ қойы 2 пұтқа дейін ет, 1 пұтқа дейін май береді екен. Ал 25 бойдақ қойдың күзем жүнінен - өрелі киіз шығып, одан үлкен сырмақ жасалған. Ең етті малдар қатарында бесатан, тама, бағаналы қойлары.

Қойдан он екі жілік шығатыны, жамбас, асықты жілік, ортан жілік, жауырын, кәрі жілік, әрқайсысы кімге лайық екендігі, қара кесек ет, піскен ет, сүр, қуырдақ, палау тағамдарының жасалуы, күздік, соғымға қандай малдар сойылатыны көрсетіледі.

Елтірі, ішік, тымақ, бөрік, сеңсек, шалбар, қырықпа тон, күрте, жарғақ, текемет, баспақ, мес, шақша, шонтай, қамшы сабы, қарын, шүмек сияқты киім-кешек, тұрмыс заттары қандай теріден, сүйектен, жүннен жасалатынына жауап аламыз, ірі қара асығы – топай, қой асығы – асық, сайғақ асығы – шөкей, арқар асығы – құлжа, алшы, шік, тәйке, бүк, оңқа не екеніне дейін тәптішдейді.

Әлихан Бөкейхан қой, ешкіге қатысты шаруашылық, тұрмыс-салт орайындағы бірден-бір нәрсені назардан тыс қалдырмайды. Топалаң, құл, сарып, құтырған, тентек, бәдік, қотыр, тышқақ, құрт, түйнек, ішкепкен, емшек іскен, ақболды, жебір, арамза, күйдіргі, кебенек секілді аурулардың қалай болатыны, қасқыр тартқаннан түсетін жаралар, дәстүрлі әдістермен емдеу жолдары бар. Автор бұл орайда “Мал соя білмеген адам емес”, “жаяу қойшы жатқан қойшы”, “өгізді қойшы - өлген қойшы”, “түйелі қойшы – тұрған қойшы”, “атты қойшы – ашуы қатты қойшы” деген секілді ел аузындағы сөздерді келтіреді. Қасқыр аулау әдістері қатарына сойыл, айбалта, мылтық, қақпан қолдану, күшеламен улау жатады.

Кітаптың бір бөлімі қойды қыста және жазда бағып-қағуға арналған. Дала аймақтарының солтүстік атыраптарындағы малшылар қазан айынан мамыр айына дейін кесектен, ағаштан жасалған үйлерде қыстаса, оңтүстікте жыл бойы киіз үйлерде жүре береді.

Әлихан Бөкейхан қазақ даласындағы қыстауларды, қой отарларын жан-жақты статистикалық тұрғыдан зерттеп, көптеген нақты мәліметтер бере отырып, бір қыстауда оңтүстік жағдайында 1, 2, 3 шаруашылық, ал солтүстікте, Есіл, Нұра, Ертіс бойларында 80 шаруашылыққа дейін қыстайтынын, бір отарда мөлшермен 150-300 бастың о жақ, бұ жағында мал болатынын дәлелдеп көрсетеді. Негізінен табиғи жағдайда бір отарда 200 шамалы бастың болуы қолайлы екен. Оның 6,9 % - 21,9 % ешкінің үлесіне келіпті.

Қысқы мекенжай – қыстаудың ерекшелігін түгендеп айтып, қай бөлікте мал жаю әдістерін түсіндіреді. Күнгей, теріскей, қарабауыр, ащы, қорық, ақ тебін, ала тебінге мал қай мезгілдерде жайылады, оның қандай шарттары бар, тышқан қорық, кең, ықтырма, күрек аштық, ашық қора, қар қату, қаданың мәні – арық қойға, тоқтыға қосымша шөп беру, боран-шашын, жұт, көктем кезіндегі мал күтімі – осылардың бәрі тегіс анықталады. Тағы бір сала талдау – қотан, оның мөлшері, қозы бағу, қой сауу, қорықтық жасау, жайлау, күзеу ерекшеліктері, көш жолы 500-1000 шақырым созылатыны туралы. Енсіз ұзын төртбұрыш үлгісіндегі тастан қаланған қой қоралардың арқалық, діңгек, сырғауыл арқылы жабылып, үстіне қамыс, тобылғы, ши, тал, күл тасталып жасалуы, олардың жел өткізіп тұруы малдарға өте қолайлы екені көрсетіледі. Негізінен бір қой қора 100 шамалы малға салынады, одан шыққан қи бір шаңырақтың қыстай жағуына артығымен жетіп, отағасы ханға сәлем бермейді. Қыстың күнінде ықтырмада шыдап шығатын бесатан, тама, бағаналы қойлары қатал табиғи сұрыптаудан өткен.

Есіктері солтүстік шығысқа қараған киіз үйлер таға секілді дөңгелене қоршаған түнгі ауылдың қарамалы, оған қой-ешкі, көгенде бұршақталған қозы-лағы бар, шеккен түйелері қосылған көрінісін – қотанды Әлихан Бөкейхан амфитеатрға ұқсатады.

Сөйткен ортаның шаруақоры – қойшы қысқы алты айлық еңбегі үшін, күйектен-күйекке төккен маңдай тері, табан ақысы үшін алты қой, алты киім алады, олар – көйлек – дамбал, тері шалбар, шидем, шапан, етік, тымақ.

Қазақ тұрмысындағы қойдың экономикалық маңызын ғалым әр түрлі қырынан келіп, сан алуан зерттеулер жасап барып шығарады. Бір қойды бағып өсіруге кететін шығын, саулықтың беретін төлі, еті, жүні, сүті, неше қой басқа малға бодау, бозардағы қойдың сатылу бағасы, бір жылда сойылатын қой, қазақтың жалпы малының ішіндегі қой үлесі – осы алуандас сұраулардың бәріне жауап бар. Кестелер, схемалар, мәліметтер, сілтемелер, проценттерді саралай келіп, Әлихан Бөкейхан орташа қазақ шаңырағында 5,75 жан бар екенін, дәулет деңгейіне орай 8 топқа бөлгенде, ең кедейдің әр жанына 0,86, ең байында 34.75 мал бар екенін анықтайды. Жалпы алғанда қазақ шаруалары мұжықтарға қарағанда бір жылда етті 6 есе көп, нанды 2 есе кем жейтінін де ескертеді.

Басқа түйе, жылқы, сиыр секілді малдарды есептемегеннің өзінде қойдың өзі ғана қазақ халқына керекті мөлшерде ет, жүн, сүт, тері беріп, отын, киім, үй боларлық қажеттерін түгел өтейтіні ғылыми түрде дәлелденген. Қой малының қазақ өлкесінің әр түрлі атыраптарында таралу, өсірілу мөлшері, табиғи жағдайға икемделуі туралы ойларын қорыта келіп, Әлихан Бөкейхан қой шаруашылығы кейбір жалған отаршыл оқымыстылар айтып жүргендей, жабайы, дөрекі, пайдасыз кәсіп емес, сан ұрпақтың мың жылдықтар бойы жасаған тәжірибелері негізінде сұрыпталған, қоршаған орта жағдайына әбден бейімделген, табиғатпен адам әрекеті арасындағы бірлік-ынтымақты сақтап қалған, тұрақты өнім алуға болатын шаруашылық жүргізудің қалыптасқан тамаша жүйесі екенін дәлелдеп берді.

Әлихан Бөкейханның біз көктей шолып, негізгі арналарын ғана сөз еткен басылып шыққанына 90 жыл өтсе де өзінің актуалды мәнін әлі жоймаған, ұлтымыздың ата кәсібі қой шаруашылығын жүргізудегі ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесін тұжырымдаған тұрмыс-салтқа, этнографияға, тарихқа, мінез-психологияға, экономикаға, тілге қатысты мың сан дерек, фактілерді қорытқан ғылыми еңбегі – дәл қазірдің өзінде қой ұстау үшін, қой өнімдерін алу үшін практикалық сабақтар бере алатын, әрбір шопанның, мал маманының, экономистің қолында жүретін, өлмейтін кітап.

Әлихан Бөкейханның ғылыми ізденістерінің сан алуан бағыттарының ішінде тарихи құжаттарды жариялауы бір маңызды сала: ол: “Из бумаг султана Большой Киргизской орды Сюка Аблайханова”, “Из переписки хана Средней киргизской орды Букея и его потомков”, “Из переписки Киргизских ханов, султанов и проч.” Секілді құжат бастырды.

Ғылыми экспедицияларға шығу нәтижесінде жазылған еңбектердің ішінде Қарқаралы, Павлодар уездеріне арналған зерттеулер, тарихи очерк бөлімі қазақ руларының төркінін ескі аңыз-әңгімелерді қамтитын қызық, бағалы материалдармен ерекшеленеді. Дегелең, Абыралы, Алтыбай, Қызылтау болыстары жайлы очерктерде жер ыңғайы, табиғат жағдайы, әрбір рудың қыстауы, көктеуі, жайлауы, күзеуі, төрт түлік малының саны, күтім-бағымы, шабындығы, түрлі кәсіп иелері, етікшілер, ұсталар, зергерлер, балташылар, тасқалаушылар, егіншілер туралы қысқа да нақты мәліметтер берілген.

Әлихан Бөкейхан қаламынан туған географиялық, этнографиялық зерттеудің бірі – “Адай уезінің қазақтары” (“Казаки Адаевского уезда”) деп аталады. Уездің территориясы, жер бедері, топырағы, ылғалы, өсімдігі айтылған соң, халқының құрамына тоқталып, 27 болыстың екеуіндегі Байұлына жататын Таз, Ысық, үш болыстағы Шөмішті – Табыннан өзге 22 болысты түгел қоныстанған Абайдың бұтақтары қай жерді қыстап, жайлайтыны анық көрсетіледі.

Көшпелі – малшы адай аулының құрамы, көші-қон сипаты, мал саны, қоныс ерекшеліктері, құдық, шыңырау қазу тәсілі, оларды пайдалану жолдары, топ будым, күрек-белдеме байлап жүру салты, жолым үй жасау, шұбат ашыту, тары егу кәсіптері жөнінде көзбен көріп, бақылаудан кейін алынған өте бағалы этнографиялық деректер саралауға түседі. Демографияға ерекше мән берген Әлихан Бөкейхан Қарқаралы және Адай уездерін мекендеген рулардың шежіресін схемаға түсіріп, алғаш рет дәлді генеологиялық карта жасады.

Кенесары Қасымов өмірінің соңғы күндеріне арналған Әлихан Бөкейхан еңбегінің маңыздылығы (“Материалы к истории султана Кенесары Касымова”, Ташкент, 1923) ондағы деректердің қанды оқиғаның ішінде өзі болған, жасы 95-ке келген кәрі қырғыз Қалиғұл Әлібеков аузынан жазылып алынуында жатыр.

Әлихан Бөкейхан әр түрлі экспедициялар, ғылыми топтар ішінде жүріп, түрлі бақылауды, сұрауды, есептеуді саралау негізінде көптеген қайнарлар материалдарына сүйеніп алынған тарихи экономикалық, статистикалық, шаруашылық деректерін қорыту барысында орыс тілінде жазылып, патша өкіметінің басылымдарында шыққан еңбектерінде қазақтың байырғы ата мекені, меншікті жерлері, олардың бірте-бірте отарланып, сан алуан айла-шарғымен, қорлық-зорлық арқылы, алдамшы заң баптарымен мұжықтарға, көпестерге, алпауыттарға, шенеуніктерге тартып әперілуін салмақты дәлелдермен байыпты да орнықты көрсетіп берген болатын.

Ал қазақ, орыс тілдерінде жазылған, мерзімді баспасөздер, әсіресе “Қазақ” газетінде жарияланған мақалалардың идея-рухы, ой-толғамы, пікір-байламы, стиль – ырғағы мүлде бөлек, бұларда автор негізінен өткен уақыттар емес, өз заманындағы көкейкесті мәселелерді талдап, әр түрлі ағымдарға баға берді, өзі тоқтаған тұжырымды ортаға салады.

Қазақ халқының кешегі өткен дәуірлердегі хандары, билері, батырлары, барша азаматы туған жердің қарыс-сүйемі үшін қасық қаны қалғанша шапқыншы жаумен алысып жан алып, жан берсе, сол асыл тұяқтың алтын ұрпағы Әлихан Бөкейхан бүкіл қайратын, ақылын, білімін, мінезін, талантын жұмсап, соңғы демі біткенше ұстанған алтын қазық, биік нысана – ата мекеннің арыстанның аузында, түлкінің тісінде кетпеуі, жерден айрылу дегеннің елдіктен, жұрттықтан ыдырап қайыршыланып, азып-тозып біту екенін түсіндіру еді.

Қазақ жері, оның географиялық шегі, егіншілікке жарамдысы, мал шаруашылығына лайықтысы, орыс отаршылары қашан қалай, қаншасын алды, бұл зорлық қандай жолдармен жүргізілді, мұжық үлесі, кабинет жерлері, келімсектерді көшірудегі жеңілдіктер, кешегі өз жері үшін енді алым төлейтін қазақтар, Ертіс, Жайық, Есіл, Алтай, Жетісу, Түркістандағы даулы жерлер – осы сұраулардың бәріне жауап беретін, ащы мәселелердің бетін ашатын тізбекті ұялас мақалалар шоғыры бар. Олар бірін-бірі толықтыра келіп, Әлихан Бөкейханның қазақ халқының Ресей табанына түскеннен кейінгі тағдыры туралы көзқарасын анықтап беретін еңбектердің тұтас жүйесін құрайды.

ХХ ғасыр басындағы басқа қазақ қаламгерлеріне қарағанда Әлихан Бөкейханның бір ерекшелігі – оның арнаулы еуропалық жан-жақты білімі бар, эрудициясы мол, мәселені ерекше кең қоя алады, дүниежүзілік тарихтан мысал алуға жүйрік, ұлттық мәселені Ресей империясы көлеміндегі жағдайлармен сабақтастыра қарайды, кез-келген озбыр патша әкімімен, қызылкөз отаршыл генерал-губернатормен, нәсілшіл профессорлармен, шовинсит депутатпен, шариғатқа шұлғыған дін иелерімен, кеудемсоқ кейбір қазақ оқығандарымен терезесі тең сөйлесе алады. Мәселен, бұл пікірдің әділіне автордың “Үшінші Дума һәм қазақ”, “Дума һәм қазақ”, “Төртінші Дума һәм қазақ” (“Қазақ” газеті, 1913, № 9,10,19,23,25) деген мақалалар дәлел бола алады. Бірінші, Екінші Думаға қазақтан депутат сайланса да, бас аяғы 175 күн өмір сүрген бұл орындарда қазақ халқының мәселесі қаралып үлгерген жоқ. Ал үшінші Думада қазақ депутатсыз қалды. Үшінші Думада халқымызды қалай қорлап, сыртынан тон пішіп, қаны сорғалаған әділетсіз шешім жасаған нәсілшіл, отаршыл депутаттардың бет пердесін сыпырады. Бұрын Жетісу, Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстары қазақтарының жері қалай тартылып алынса, енді Түркістанда соның кебін кигендігін іші удай ашып отырып, баяндайды. Қазаққа бүйрегі бұрғандар қатарында өздері де таяқ жеп отырған Сібір, бурят, якут, Қазан өкілдері бар.

Жер мәселесіне келгенде Әлихан Бөкейхан ең шұрайлы пұшпақтарға ие болып қалған орыс мұжығымен қазақ көшпелі шаруасын теңестіріп, 15 десятинадан үлес беру туралы әділетсіз заң шығарып отырған патша өкіметімен де, Дума мүшелерімен де, осыған малданған қазақ зиялыларымен де келіспейді. Шөл, тақыр, қуаңнан тиетін үлеске не егін шықпайды, не мал бағып болмайды, мұның ақыры башқұрт ағайындарға ұқсап, жерді сатып, не жалға беріп, ақыр соңында далада қаңғырып қалу екенін “Ашық хат” (“Қазақ” газеті, 1913, № 24), “Кабинет жеріндегі қазақтар” (“Қазақ” газеті, 1913, № 10), “Жауап хат” (“Қазақ” газеті, 1913, № 28,29,36), “Екі жол” (“Қазақ” газеті, № 100, 101) сияқты мақалаларында соқырға таяқ ұстатқандай етіп дәлелдеп береді. Қазақ жерінің тарылғанын, ендігі өмір таласы ақылда, ұсталықта, өнерде, кәсіпте екенін нұсқайды. Тамақ, ұйқы, жалқаулықты күйттеген елін еңбекке, бірлікке, тіршілік жарысына бел буып, білек сыбанып кірісу жолдарын нұсқайды.

Осы орайда Әлихан Бөкейхан қазақ елінің ішкі өмірі, мінез-құлқы, ел билеу дәстүрі, сайлау жүйесі, заман талабына орай жасалмақ өзгерістерге қатысты көптеген еңбектер жазып, оларды ауылдағы үлкен аға, кіші ініге, оқыған, мұсылманша хат білетін ескі көздерге, орысша білім алған жас буынға арнаған.

Қазақ-орыс қарым-қатынастарына, тарихқа, заң жүйесіне, Думаға, жер мәселесіне арналған мақалаларда әр түрлі ғылыми еңбектерге сілтеме, түрлі кітаптардан, қайнарлардан үзінді, цифрлар, деректер келтіріліп, ғалымдардың, шенеуніктердің, депутаттардың аты-жөні көрсетілсе, қазақтың ішкі өмірін саралайтын еңбектердің жазылу сарыны да, құрылым қалыбы да, сөз байламы да басқашарақ. Бұларда кейде ащы кекесін, кейде ашу-ыза, кейде байсалды ой толғау, кейде үгіт-насихат, кейде кеңес-емеурін, кейде айтыс-тартыс аралас жүреді, билердің дауға кесік айту дәстүрі, Абай қарасөздерінің тағылымы аңғарылады. “Бас қосу турасында” (“Қазақ” газеті, 1913, № 21) мақаласында қазақ халқының дәстүрлі салтындағы үлкен жиынға әр рудың сөзін ұстап баратын адамның, ақсақалдың, бидің қазіргі дәуірдегі көпшілік атынан сайланып, қызмет ететін депутатпен орайлас екендігін салыстырып көрсетеді. Ендігі уақытта, орысқа қараған заманда қазақтар бас қосып, іс жасау үшін өз ішіндегі алауыздықты, әрі тарт, бері тарт берекесіздікті құрту керек деген ой айтады. Байдың, мықтының, атқамінерлердің шабындыққа, егін жайға, жаз қонысқа, қыс тебінге, жасайтын зорлықтарын айғақтап, мұжық арасындағы жерді пайдаланудағы бір ауыздылық, әділеттілік қазақ шаруаларына үлгі ретінде тартылады. Орыс заңына біржолата бас ию, ескі шариғат шарттарын орындау – осы секілді екінің біріне жығылған үзілді-кесілді таңдаудың дәл қазіргі күндегі қазақ тұрмысына келмейтіндігін автор “Тағы да би һәм билік” (“Қазақ” газеті, 1914, 11-50) мақаласында айта келіп, заманға лайық, екі бағыттың да тиімді рәсімдерін алған жолды жөн көреді.

Көшпелі қазақ халқының әлеуметтік психологиясын терең талдап, әр түрлі топтардың мінез ерекшеліктерін көрсетіп беретін “Сайлау” (“Қазақ” газеті, 1913, № 12, 14, 15, 17) деп аталатын мақалалар шоғырына арнайы назар аударсақ, Әлихан Бөкейхан қаламының сатиралық, шыншылдық сипатын көреміз. Автор ұғымында “Қазақ сайлауы жұртқа келген бір жұт: сайлау жылы мал бағусыз, егін салусыз, пішен шабусыз, малшыдан басқа үйде отырып шаруасын қараған адам болмас. Болыс, би, елу басы, старшын болмақ, дұшпанынан кек алмақ, момын бұқара халыққа алым-шығынды аударып тастап бай болмақ” мансапқордың кескінін көз алдыңызға келтіреді.

Еуропадағы, Ресейдегі сайлаудың ерекшеліктері, олардағы заңдылық, әділет жолы, әр түрлі партиялардың күресі мен қазақ ішіндегі параға, малға сатылған, арамдықпен өтетін шар тастаудың айырмасы ап-айқын. Сайланған адам әділет, бірлік, адалдық жолында күрессе ғана шын мақсат орындалмақ. Автор ескі дәстүрлерді, тұрмыс-салтты, өмір қабағын жақсы білетін егде, көшелі кісілердің орнына, азды-көпті орысша тіл сындырған, патша өкіметіне беріліп кеткен сатымсақ жандардың би, болыс, старшын сайлануын сынайды, бұдан елге келері тек зиян деп біледі. Халыққа қадірсіз, сөзін адам тыңдамайтын, қарақан басын ғана күйіттейтін бұралқылар қашанда елдің соры.

Дәлді цифрларды көрсете отырып, ел ішінде алым-салықтың жөнсіз көп алынатынын, оны жұрт үстінен көн көретін парақор, жемқор жуандар қалай жұтып кететінін ұқтыра келе, автор адамның, малдың дәл санын беру халық өмірі үшін қаншалықты маңызды, қажетті екенін ұқтырады.

“Алымды момын кедейге аударып, бай болатын мырзалар көзі соқыр емес, көңілі соқырына салып жүр ғой. Жұрттың момынын тонап алып болған байлықта қанша береке бар екен?... Аз адам атқа міндім деп қасқыр болып жұртқа шапса, бұл жұртта береке болар ма?” деп жазып отырған Әлихан Бөкейхан қазақ ауылындағы әлеуметтік жіктелісті, бай мен кедей арасындағы өткел бермес шыңырауды нұсқап тұр емес пе? Сайлау кезіндегі адам мен адалдық, берекесіздік пен бірлік, адасу мен тап басу, еңкейген – кәрі, еңбектеген – бала тағдырына, қара бұқара тыныс тіршілігіне қандай кесепат пен шарапат тигізетіні туралы жұртын сүйген жүректің толғаулы ойлары, толымды тұжырымдары айызыңды қандырады. Әлсіздің көз жасы төгіліп, береке-бірлік кетіп, әке баладан, аға ініден айрылған, жерінен жырылып, байлығы тоналған, жылаған қазақтың қалт-құлт күйіне Әлиханның қабырғасы қайысады. Сөйтсе де ол жасымай, өткен заманға салауат айтып, жаңа заман үшін “халық пайдасын қуған аға-іні болсаң, ескі тонды сілкіп-сілкіп суға сал!” деп ұран тастап, тіршілік жарысына шақырады.

Қазақ қауымының өз ішіндегі жерге иелену, отырықшы болу, егіншілікпен айналысу, бала оқыту, мұсылмандықты сақтау, еуропалық дәстүрге бет бұру, билікке халық қамын жейтін білікті адамдар сайлау, ауызбірлікті сақтау, ұрлықты тию, алым-салық төлеуді бір ізге түсіру, мал-жанның дұрыс санағын жүргізу, мектеп ашу, медіресе салу, газет шығару сияқты көкейкесті мәселелерді саралаған мақалалармен қоса Әлихан Бөкейхан қаламынан халықаралық жағдайда, басқа мемлекеттер өміріне, дүниежүзілік соғысқа, Ресейдегі ерекше маңызды саяси-әлеуметтік қозғалыстарға, партияларға, жиындарға, құрылтайларға, бас қосуларға, съездерге арналған еңбектер де туды.

Орыс тіліндегі баспасөз материалдарына сүйене отырып, автор бірінші дүниежүзілік соғыс қалай басталды, ұрыстар қай жерде, қалай жүріп жатыр, қанша әскер, қанша қару жарақ бар, қай ел қандай мақсат көздеп отыр, кім кіммен одақтас, бұл бірлесудің түпкі мақсаты не – осы алуандас сұраулардың бәріне жауап беруге ұмтылады.

Сербия, Болгария, Қаратау (Черногория), Грек болып түрікке жабылу, мұның шапқыншылық сипаты, бір жағында Ресей, Англия, Франция екінші жағында Германия, Италия, Австрия болып шабысудың дүниежүзілік соғыс өртіне айналуы “Керек сөз” (“Қазақ” газеті, 1913, № 23), “Балқан соғысы” (“Қазақ” газеті, 1913, № 26), “Тағы соғыс” (“Қазақ” газеті, 1914, № 71) мақалаларында жан-жақты жазылады.

Дүние жүзіндегі халықтар кескілесіп, екі жыл бойында адам қаны су боп аққан шақта, әбден әлсіреген Ресей өкіметі қол астындағы қазақ еліне шарт бойынша берген уәдесінен тайып, жігіттерді әскерге алуға бұйрық шығарды. Бұрын солдатқа лау, алмау мәселесі тек талқы, сөз жүзінде ғана болса, енді қыл арқан мойынға түсті. Осы тар жол, тайғақ кешу тұста Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов “Қазақ” газетінің 1916 жылғы № 191 санында “Алаштың азаматына” деген атпен өз ойларын туған халқына ашық айтты, ештеңені жасырып бүгіп қалған жоқ.

Жағдайды безбендеп көріп, әскерге баруды, тыл жұмысын істеуді мақұлдады. Өйтпеген күнде қырға солдат шығып, мал мен басқа бықпырттай тиіп, елдің іргесін бұзып, жазықсыз балашаға, ел-азаматты қырып жоятынын, күні бұрын көре білді. Кейін он жылдан соң, 1916 жылғы дүрбелеңге арналған “1916-1926” деген мақаласында Әлихан Бөкейхан патша жарлығын мойындамай, солдатқа бармай, елде ереуілге шыққан қазақ, қырғыз, өзбекті отаршыл қанішерлер қынадай қырғанын нақты цифрлармен көрсетіп берді.

Алаштың бетке шығар азаматтары қиын-қыстау кезеңде сөз қуып, қысыр әңгіме сауып, ақыл-кеңес беріп, құрғақ өсиетпен отырып қалған жоқ, соғыс жүріп жатқан шепке, күнбатыс майданға аттанып, ондағы жігіттердің жағдайын, тұрмыс-халін, ішіп-жеуін, денсаулығын, жатқан-тұрған жерлерін түгел көріп, ол жәйлы түйгендерін бірнеше мақала, баяндама, ұсыныс, жеделхат ретінде газетке, үкімет атына жолдап, қазақтың өз ішінен шыққан дәрігер, аудармашыларды қандастарына көмек ету үшін жәрдем жиюға, майданға баруға шақырып жазған басы Әлихан, қостаушылары Міржақып, Мырзағазы, Тел, Мұса, Хасен сөздері ұлттық газеті бетінен түспеді. (“Қазақ” газеті, 1917, № 215, 216, 219, 220, 221, 222, 234). Әскерде жүрген жігіттерді темекі тарту, арақ ішу, нәпсіқұмарлық секілді дерттерден жирендіру, тамақты күтіп ішу, тазалықты сақтау, ауырып қалмау, жатқан жерлерін жылы ұстау, киімдерін жамау, қолдарында бар тиын-тебендерін бекерге шашпау, бір-бірлеріне көмек беру, шариғат жолынан айнымау, өлім-жітімді мұсылманшылықпен жөнелту, аман-есен елге қайтудан күдер үзбеу, өкімет тарапынан берілуге тиіс жәрдемдерді талап ету, орнымен пайдалану – осы секілді жәйттердің бәрі тәптіштеліп, жүйе-жүйесімен қағазға түскен. Жігіттерге ауызша айту, қазақша шығатын газетке мақала ретінде жазылу үстіне, ресми қағаз, құжат болып тиісті әскери, әкімшілік орындарына заңды ретінде жолданған. Сөйтіп, Әлихан бастаған алаш азаматтары қандастарымен қуансақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырдамыз деген уәделерін орындаған.

Ақпан төңкерісінен кейін патша құлап, ескі өкімет жойылған соң, бостандық, теңдік, туысқандық ұраны көтерілген шақта Әлихан Бөкейхан саяси, әлеуметтік қайраткерлікті бұрынғыдан үдете түсіп, қолма-қол әрекеттерге, нақты іске көшіп, жердің сатылуын қолдаған, ұлт автономиясын мойындамаған, діннің үкіметтен бөлінуін құптамаған кадет партиясынан шығып, Алаш партиясын ашуға кіріседі. Бұл кезде туған мақалаларында автор қысылып-қымтырылу, емеуірінімен жұмбақтап айту, перделеп, ишарамен ұқтыру дегенді қойып, ойындағы пікірді түгел ашық айтады. Астаң-кесең, ойпыл-тойпыл мезгіл мінезіне орай түйеден түскендей өткір сөз бар.

Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқаевпен бірлесіп Петроградтан 1917 жылдың 20 наурызы күні жазған “Алаш ұлына” (“Қазақ” газеті, 1917, № 225) мақаласында “Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді, Күні кеше құл едік, енді бұл күн теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет өзгеге қазған көрі өзіне шағын көр болып, қайтпас сапарға кетті” деп, Ақпан төңкерісіне төбесі жеткенше қуанған Әлихан Бөкейхан күрескерлердің неше буынының сотталып-айдалып, өліп-өшіп жүріп қол жеткізген бұл жеңісінің маңызын, тарихи сабақтарын ашып, енді қазақ елінде нақты істерге кіріседі.

Бұл кездегі Әлихан Бөкейханның ұлттық автономия, есетеңдік, азаттық үшін көрсеткен қайрат-жігерін, жетекшілік, көсемдік қызметін басқа да тарихи құжаттармен қоса, оның өзі жазған “Жер комитеті”, “Сайлау хұқы”, “Комитет сайлау”, “Қазақ халқына”, “Іштегі орысты ала кетеміз бе деген үміт” (“Қазақ” газеті, 1917, № 251) деп жазған Әлихан Бөкейханның көрегендігіне таң қалмасқа болмайды. Ел тағдыры тарих безбеніне түскен сол ауыр кезеңде кімнің қай белде жүргенін айғақтап беретін деректерді “Қазақ депутаттары”, “Екінші жалпы қазақ съезі”, “Жұрт төреші” (“Қазақ” газеті, 1917, №235, 25, 253) мақалаларынан табасың. Қазақтан өзге орыс, неміс, монғол, түрік, армян, жапон, қытай, кавказ халықтарының тарихына, этноргафиясына, тұрмыс салтына, саяси жағдайына, қазіргі халіне арнап Әлихан Бөкейхан жазған еңбектер бір қыдыру. Мұз құрсанған Сібірдің бір пұшағында жатқан аз санды, түркі тілдес жұртқа бағышталған “Хақас”, “Темір қазық” журналы, 1922, № 2-3 мақаласында қандас бауырға іш тарту сезіліп тұр. Ал “Монғол халі”, “Монғол”, “Монғол конституциясы”, “Хутухта хаты” (“Қазақ” газеті, 1919, № 13, 20, 29, 1914, № 59) еңбектері тұтас серия, шоғырлы цикл құрайды. Оқырман көне монғол тарихынан, Шыңғысхан, Бату, Үгедей, Толы, Құлағу, Құбылай замандарындағы шабуылдардан, монғол-орыс, монғол – Еуропа, монғол – Қытай қарым-қатынастарынан хабардар болып, қазіргі дәуірде қытай кітаптарлығына түскен Жапониямен жең ұшынан жалғасуға қол созған елдің жағдайымен танысады, айналып келгенде, күшті мемлекеттердің әлсіздерге батырған тізесін, жасаған қасқырлығын көреді, таласып-тартынбай бәйге алмайтынға көз жеткізеді.

Ғасыр басында Түркияға жасалған зорлықтар, болашақта істелмек қастаңдықтар, елдің жерін бөлшектеп, бытыратып талап алып кету, Стамбулды жаулап алу жоспарлары “Трубецкой лекциясы”, “Стамбул һәм қылилар” (“Қазақ” газеті, 1915, № 96, 117) мақалаларынан аян болады.

Жан-жақты деректерге, әр түрлі мәліметтерге негізделген еңбектердің ғылыми деңгейі биік, ойлары салмақты. Ал кейбір нақты бір мәселеге арналған мақалалардың сатиралық бағыты, сыншыл рухы басым. Мөлшерден тыс дамып өсіп кеткен, ел есебінен ішіп-жеп, босқа отырған арамтамақ шенеуніктердің (“Қажетсіз генерал губернаторлық”) жер-жебіріне жетеді.

Қазақтың барлық жоқ-жітігін, ауыр тұрмысын анда-санда бір берілетін асқа кететін шығынмен байланыстырған Нұржанұлы деген қазақтың болжамдары үш қайнаса шындыққа сорпасы қосылмас сандырақ екендігі “Аңқау елге арамза молда” (“Дала уалаяты” газеті, 1900, № 7-8) мақаласында соқырға таяқ ұстатқандай дәлелденеді. Әр түрлі тақырыптарға арналған ғылыми, проблемалық, полемикалық сөзталас мақалалармен қоса, Әлихан Бөкейхан түрлі құрылтайларға, съездерге барып, сол жиналыстардың қайда, қашан, қалай өткендігі туралы, онда кімдердің не жөнінде сөйлегендерін, қандай тұжырымдар жасалғанын кеңінен баяндайтын шолу, есеп, саралау стилінде жазылған еңбектер берді. Мәселен, “Дума циклі”, “Мұсылман съезі”, “Торғай облысының мұжық-қазағының съезі”, “Жалпы Сібір съезі”, “Екінші жалпы қазақ съезі”, “Сырдария қазағының съезі” (“Қазақ” газеті, 1914, № 69, 70, 72, 85-96, 92) деген мақалаларда әлеуметтік-саяси жағдай жан-жақты айтылып, әрбір сөйлеген шешен сөзіне баға беріліп, кейбір қайраткерлерге мінездеме жасалып, кемшілік-қателіктер сыналады; өз пікірі ұсынылады, жер, сот, дін мәселелеріндегі, қоғамдық құрылысты, таңдау жолындағы, әлеуметтік бағдарды болжаудағы арысы Ресей, берісі қазақ ішіндегі тартыстар, әр түрлі ағымдар күресі айтылып, сан-алуан шындықтар ашылады. Столыпин, Ленин, Керенский, Николай патша, қазақ зиялылары Бақытжан Қаратаев, Сералы Лапин, Жиһанша Досмухамедов, Мұстафа Шоқаев, Мұқаметжан Тынышбаев, Әліби Жангелдин қызметкері туралы Әлихан Бөкейхан жазбаларынан мүлде жаңа, бұрын мәлім болмаған деректер, өзгеше баға, тұжырымдарды табамыз.

Қазақтың данышпан ақыны Абай туралы баспа жүзін көрген алғашқы ең толымды, терең, ғылыми еңбек Әлихан Бөкейханның “Абай (Ибрагим Құнанбаев)”, (“Семипалатинские областные ведомости”, 1906, № 250-252) деген орыс тілінде жазған мақаласы.

Шындығына келгенде, Абай мен Әлиханның жас айырмасы екі-ақ мүшел, екеуі де бір атыраптың, Семей губерниясы. Қарқаралы уезінің адамдары, сондықтан бұлардың көзі тірісінде ұшырасуы, сұхбаттасуы әбден ықтимал, бірақ ондай сөзді Әлихан жазбайды. Абайдың ұлы Тұрағұлмен, ағаларының балалары Шәкәрім, Кәкітайлармен қалай танысты, қалай достасты, қалай хат жазысты – бұлар туралы анық деректер келтіреді. Қалай дегенде, Әлиханның Абайды, оның айналасын, шығармаларын өте терең білгендігін айтылмыш мақаладан анық көреміз.

Бұл өзі, көлемді болмағанмен, деректерге, мәліметтерге, тұжырымдарға, ой-пікірге аса бай еңбек. Тобықты руының Түркістаннан Шыңғыстауға келуі, Абайдың туысы, ата-тегі, әкесі Құнанбайдан тартып, бабалары Өскенбай, Ырғызбай, нағашылары Қаракесек, Бошаннан шыққан Бертіс би, Шаншардың әйгілі қулары Қонтай, Тонтайлар түгел аталып, тіпті Қонтайдың, “жазыла-жазыла қожа-молдалардан да ұят болды – енді өлмесе болмас” деген сөзіне дейін келтіріледі. Абайдың Семейдегі Ахмет Риза медресесінде 4 жыл, орысша 3 ай оқумен мектептік білімінің шектеліп, қалған уақытта өз бетімен ізденіп араб, парсы, тілдерін үйреніп, ислам, шығыс байлығын игеріп, орыс тілі арқылы, Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Тургенев, Достоевский, Белинский, Салтыков – Щедрин, Крылов, Толстой, Добролюбов, Писарев, Чернышевский шығармаларын оқып, терең аударып, Спенсердің “Тәжірибелер”, Льюистің “Позитивті философия”, Дрепердің “Европаның ақыл-ой дамуы” кітаптарын зерттеп, еуропалық биік мәдениет деңгейіне көтерілгенін көрсетеді. Абай ізденістеріне ықпал еткен, әр түрлі кітаптар оқуына жөн сілтеген Грос, Михаэлис секілді саяси қуғындағы адамдар есімі айтылады.

Абайдың қоғамдық қызметі, ескілікпен күресі, ел арасындағы даңқы, бірте-бірте ақындыққа мүлде ден қоюы, шығармаларындағы басты сарындар, Пушкинның “Евгений Онегин”, Лермонтовтың “Ой”, “Қанжар”, “Желкен”, “Дұға”, Крыловтың мысалдары секілді туындыларын қазақшаға аударуы, оларға музыка шығаруы, қазақ әншілерінің бұларды орындауы – осылар түгел сөз болған.

Балаларына білім беруді мақсұт еткен Абайдың ұлы Әбдірахманды Петербургта оқытуы, ол азаматтың қыршын кетуі, Мағауияның өлімі, тіршіліктің көп күресінің қажытып, ақыры данышпан ақынның опат болуын айта келіп, Әлихан Бөкейхан Абай шығармалары Еуропаның ең атақты ақындарына абырой даңқ әперер еді деген байлам жасайды.

Әлихан Бөкейханның ғылыми, көсемсөз, әдеби мұрасының ішінде жеке кітаптарға арналып жазылған, бірқыдыру мақала, рецензиялар бар. Алғашқы еңбектің бірінде Шәкәрім Құдайбердіұлының “Түрік, қырғыз, қазақ һәм ханлар шежіресі” (“Қазақ” газеті, 1913, № 12) кітабы сөз болады. Шежіре неше бет, бағасы қанша, қашан басылды, бұрын мұндай еңбектің шықпағандығы, тарихи мәнділігі айтылады да, кейбір нақты мәселелер сараланады. Әсіресе керей руының тарихы, олардың бір кезде христиан дінінде болғандығы, кіреш таңбаны зиратқа, малға басу себептері көрсетіледі. Шәкәрім деректеріне қоса Әлихан “Адамзат тарихы” кітабынан, Н.Н.Пантусов зерттеулерінен, географиялық қоғам жазбаларынан қосымша дәйектер келтіреді. Қырғыздардың мөлшермен 1200 жыл шамасында Сібірден Алатауға қоныс аудару себептеріне назар аударылады. Абақан, Аша, Қырғыз, Гом, Енесай секілді топонимдерге мән беріледі. Алаш ұраны – қалмақтар Ахмет ханды Алашы деп атағаннан шықты деген Шәкәрім болжамына орай Әлихан тарихи ұқсату тәсілін қолданып, неміс сөзін орыстар қалай шығарғанын айта келіп, бұл мәселені терең зерттеуді, Найман, Тама елдері жайлайтын Ұлытаудағы, Қаракеңгір бойындағы Алаша, Жошы хандар бейіттеріне қатысты ескі әңгімелерді, көне заманда туған көшпелілер өмірінен хабар беретін өлеңнен, Кеңгірбай биге Қараменде бидің айтқан сәлемі деген толғаудан берілген үзінділер арқылы да Әлихан өз пікірлерін дәлелдей түседі. Автор ғылыми дәлдіктен ауытқымайды. Шәкәрім сөздерін қай беттен алғанын нақты көрсетеді. Және бір сын мақаласын Әлихан тағы да Шәкәрім туындысына арнаған. (“Қазақ” газеті, 1915, № 121). Бұл жолы 1912 жылы басылған “Қалқаман - Мамыр” дастаны талданады. Әуелі Шәкәрімнің шежіре жазғандығын, Абайдың ағасы Құдайбердінің баласы екендігін, Абайдың көзі тірісінде көлеңкеде жүргенін, Иван Гусев деген орыс жазушысының “Шәкәрімнің білімі қазақта жоқ екен” деген сөздерін келтіріп, “Мұсылманшылық”, “Қазақ айнасы”, “Жолсыз жаза” кітаптарын шығарғанын айтып алып, содан кейін “Қалқаман - Мамырға” ойысады.

Әлиханның көркем шығармаға қояр талабы ұлы жазушылар Абай, Пушкин, Лермонтов, Шекспир, Толстой биіктеріне орайлас, тарихи шындықты дәл берген туындылар қатарында “Патша Борис Годунов”, “Көпес Калашников туралы жыр” айтылып, Шәкәрім дастаны сол өлшеммен қарауға талап жасайды, “Белинский сөзге ақын емес, ойға ақын еді” деп те ескертеді. Қазақ ақыны да жұрттың салтын, мінезін, іс қылығын терең көрсетсін деген шарт айтылады. Осы биік тұрғысынан Шәкәрім поэмасы талқыға түседі. “Дүниеде адам баласы айналып өтпес екі-ақ көпір бар: бірі - өлім, бірі - махаббат” деп келіп,, Әлихан осы ретте поэманың мықтылығы мен олқылығы қай тұстарда деген сауалдарға жауап береді. Қалқаман, Мамыр, Көкенай мінез-әрекеттеріндегі сенімді-сенімсіз жәйттерді көрсетеді. Әдеби шарттылық емес, өмір шындығы, заман мінезі дұрыс көрсетілген кезде туған өлеңдерді сыншы дәл тауып, дұрыс көрсетіп отырған. Қазақтың тұрмыс-салт заңы, шариғат талаптары, махаббат бұйрығы – осылардың поэмадағы көрінісі деген сауалдарға Әлихан толымды жауап береді. Негізінен шығарманы жоғары бағалай отырып, ақауларды да тап басып айтады. Ең соңында оқырман жайына ауысып, кітаптың таралуына мән беріп, “Қобыландыны” елдің талап әкеткенін ескертіп, Ахметтің “Масасы” секілді жаңа емлемен басу жақсы екендігін көрсетеді.

Әлихан қаламынан шыққан ең көлемді әдеби, ғылыми, фольклорлық еңбек – “Қара қыпшақ Қобыланды” деп аталады (“Қазақ” газеті, 1915, № 126-129). Бұл – шағын 8 бап, бөлімшеден тұратын бас-аяғы дөп-дөңгелек, ықшам ғана монографиялық очерк, әйгілі халық жыры туралы жұп-жұмыр зерттеу, бірінші бөлімшеде “Қара қыпшақ Қобыланды” жырының мазмұны қысқаша ғана баяндалады. Тоқсандағы Тоқтарбай мен алпыстағы Аналықтың бір перзентке зар болып, әулиеге ат қойып, қорасанға қой айтып, құдайдан бала сұрап, әулиеге түнеп, түсінде аян бергенін, тоғыз ай он күннен соң алпыстағы Аналықтың бір ұл, бір қыз тапқаны, олардың аттары Қобыланды, Қарлығаш қойылғандығы баяндалады. Қобыландының қызылбас еліне жорығы, Көклан кемпірмен кездесуі, жүз құлаш биіктен теңге атып түсіріп, Құртқа қызға үйленуі, қалмақ Қазанды шабуы, Көбіктімен шайқасын, қолға түсуі, құтылуы, Алшағырмен қақтығыс, ақырғы жеңісі, мұратқа жетуін сыншы қысқа ғана баяндап береді.

Зерттеуде ерекше мән берілген мәселе – жырдағы Қобыландының өмірде болған, болмағандығы, мұндағы айтылған жәйттердің, баян етілген оқиғалардың тарихи деректермен сәйкестігі және сәйкес еместігі.

Сол үшін автор Шәкәрім, Шоқан, белгілі башқұрт ғалымы Ахмет Заки еңбектеріне сілтеме береді. Ғалым тарихи шолу жасап, мойындалған дәлді фактілерді келтіре отырып, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы нәсілінен шыққан Тоқтамыс хан заманындағы Едіге, Ақсақ Темір соғыстарын айта келіп, сол дәуірдегі Қобыланды батыр әрекеті ХІҮ ғасыр ортасына лайық екенін көрсетеді. Арғын биі Дайырқожаның әділдігі үшін Ақжол аталуы, Әбілхайыр ханның қазысы болуы, оның күндестікпен өлтірілуі, осы орайда туған тарихи жырға, Шәкәрім мәліметтеріне сүйеніп, Қобыланды Қызылбас та емес, қалмақ та емес, қазақтың өз ішінде күрескен деген пікір түйеді. Бұл ХҮ ғасыр. Жырда айталытн Қазан хан да Жошы нәсілінен. Ол шамасы 1300 жылдары өмір кешкен. Тағы бір Қазанхан 1332 жылы таққа отырыпты. Қарақыпшақ Қобыланды осы 1347 жылы опат болған. Қазан ханмен соғысуы мүмкін деген тұжырым жасалады. Зерттеуші жырда айтылатын Алшағырдың түр-тұқиянына зер салып, Өзбек хан, Орақ батыр, ағайынды қырғыз батырлары Абантай, Тайлақ дәуірлеріне де көңіл бөледі. Шоқан жазып алған “Манас” жырының “Көкенай асы” бөліміндегі Көкенай мен Көбікті хан арасынан байланыс іздейді. Расында да Көкенайдың мінгені шатырдай боз ат, Көкенай ханның қызының аты да Қарлығаш.

Осындай сан алуан деректерді келтіре отырып, Әлихан Бөкейхан “Қарақыпшақ Қобыланды” жыры бір оқиғаның көрінісі, бір белгілі адамның ғұмырбаяны емес, ақын қиялы екшеп, өзгертіп, көптеген қоспалармен жаңғыртып жасаған көркем шығарма деген байлам жасайды. Жырды халықтың тұрмыс-салтын, тіршілік болмысын көрсететін рухани мәдениет ескерткіші ретінде бағалап тануды ұсынады.

Ең алдымен ғалым “Қарақыпшақ Қобыланды” жырына кейінгі дәуірлер әсерінен қосылған жамауларды өте дәл, нақты көрсетіп, кей тұста “Сал-сал”, “Жарқұм” қиссаларына ұқсап кеткендігін үлкен кемшілік, халық мұрасының қадірін түсіру деп санайды. Қобыландының аударыспақ ойнап, көкпар тарту орнына, теңге алып ойнауын, Тайбурыл атқа жемге қызыл дәрі қосып жегізуін, Қобыландының ашытып бал ішуін зерттеуші кейіннен қосылған берідегі ақындардың қолтаңбасы екендігін ажыратып, сол сияқты солдат, сухарь, медаль, шай, алтыатар, сағат секілді сөздерде Қобыланды заманының шындығын бере алмайтынын дұрыс көрсетеді. Автор “Қобыландыға” заманына ұқсамайтын жырларды, қазақ жұртының мәдениет тарихына ешбір пайдасы жоқ өлеңдерді әлгі “Сал-сал”, “Зарқұмдағы” құл және надан ақындар қосқан” деп ашынады. Жырдағы қазақтың ескі наным-сенімін, тұрмыс-салтын шындықпен көрсететін суреттерді Әлихан Бөкейхан дәл тауып, жіті көрсетіп, ерекше мадақтап отырады. Қобыландының Қазанханның қаласын алуы, Тайбурылдың шабысы “шын қазақ ақынының сөзі-ау” деп қошемет етіледі. Абай сынына жанасатын өлеңдер мынау деп жырдың 30-ға тарта үзіндісі бет-бет бойынша көрсетіледі. Қосақ арасында жүрген, дәмсіз өлеңдер үлгісі ретіндегі 13 мысал және бар. Болашақта бастырушылар ескеруі қажет 36 беттегі сөздерге назар аударылады.

Зерттеуші жырдан үзінді келтіре отырып, Қобыланды, Тайбурылдың қандай екендігін көз алдыңызға әкеледі. Өкінішке орай, кітапқа арнап салынған суреттердің орыс кітаптарынан жауапсыз көшіріле салғанын, Тайбурылдың сымдай созылған қазан ат болмай, жүк тартатын, жал-құйрығы құшақ жетпес айғырға, тайқазан қақпақ жауырынды, ұзын бойлы, нұр жүзді Қобыландының мұрны пұштиған бақалшыға айналғанын мысқылдап отырып жеткізеді, кітап безендіруде кеткен қателіктерді сынайды.

Жырдағы жер-су аттарын ерінбей тізе отырып, зерттеуші болашақта кітапты қайта басқанда, бұларды және адам аттарын әліпби ретімен кітап соңында беруді ұсынады. Шоқан кітабының солай шыққанын еске салады. Кітап басуды тек пайда іздеу, “Зарқұм”, “Сал-салдарды” басуды автор бақалшылық жолы, маклатура, ал Шоқан кітабы секілді еңбектерді басуды асыл әдебиет басу, литература жолы деп бағалайды.

Әлихан Бөкейхан “Қарақыпшақ Қобыланды” зерттеуінде жырдың негізгі сюжетін баяндады, туынды қай дәуірді бейнелейтінін қарастырып, жорамалдың бірнеше вариантын ұсынды, кейінгі жыршылар қосқан жасанды өзгерістерді көрсетіп берді, текстологиялық тәсілдерді қолданды, эпостың халық өмірін танудағы қызметін айқындайды, сілтеме беру, үзінді келтіру үлгісін көрсетті, кітап безендіру, бастыру мәдениетінде қатысты пікірлер айтты, қысқасы, бұл еңбек – қазақ сыны, әдебиеттануы, фольклортануының бастау көзіндегі ең алғашқы бағалы, ғылыми ізденістің бірі. Әлихан Бөкейханның фольклоршы ретіндегі ой-тұжырымдары “Қазақ жыры “Қобыландыдағы” әйел бейнесі” деген орысша жазылған еңбегінде жалғаса түседі. Мұнда қазақ фольклоры үлгілерінің мазмұны бай, формасы сан алуан екенін көрсетіп, өлеңші, жыршы дегендер кім екенін анықтап, ас-тойда домбыра арқылы айтылатын жырлардың ерекшеліктерін танытады. Қалыпты тіршілікте руға, жүзге бөлінетін қазақтар ел басына күн туғанда, тұлпар мініп, ту ұстап, “Алаш” деп ұран салып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратыны ауыз әдебиеті шығармаларының басты сарыны екені дәлелденеді. Ескі наным, сенімдер мен мұсылмандық мұраттардың “Қобыланды батыр” жырындағы Аналық, Құртқа, Қарлығаш тағдырларындағы, мінез-қалпындағы, іс-әрекеттеріндегі көріністерін зерттеуші білгірлікпен талдап, халық санасынан бір сенім жүйесінің бірте-бірте өшіп, екінші арнаны, басқа діннің орнығуын пайымдайды. Мұндай тұрғыдан батырлар жырын талдау қазақ фольклорында жатқан көптеген рухани байлықтарымызды аша түсетініне көз жеткізуге болады. Ислам тарихынан, грек эпосынан мысалдар келтіру, Мұхаммедтің қызы Фатима мен күйеу баласы Әли, Баба түкті шашты Әзиз туралы аңыздарды пайдалануда жыр мазмұнын қысқа қайырып отырып, тұлғаларға мінездеме беруде Әлихан Бөкейхан үлкен әдебиетші, сыншы, текстің терең білгірі екендігін танытады.

Әлихан Бөкейханның шығармашылық мұрасының ішінде жеке адамдарға арналған шағын ғұмырнамалық кескіндеме, портрет деп атауға болатын бір шоғыр материалдар бар. Олар орысша, қазақша екі тілде жазылған. Бұлардың ішіндегі сүбелісі – Абай Құнанбаевқа арналған әйгілі мақала.

Естелік әңгіме, әліптеме, очерк сипатында жазылған бір дүние “Кәкітай” деп аталады (“Қазақ” газеті, 1915, № 105). Абайдың інісі Ысқақтың баласы, ұлы ақынның тұңғыш кітабын шығарған Кәкітай қайтыс болды деп Семейден хабар алған соң, бір жағы қайғырып, бір жағы еске алып отырып толғанудан шыққан туынды. Естелікте Құнанбай немерелері Кәкітай, Тұрағұл, Шәкәрім туралы, олардың Әлиханмен танысуы, достасуы, қиын кездерде бір-біріне қол ұшын беруі туралы жылы, айы, күні айтылған дәлді деректер бар. Мемлекеттік Думаға қазақ ішінен кімдер ұсынылды, сайлау қалай өтті, осы орайдағы Кәкітай, Шәкәрім әрекеттерін автор анық көрсетеді. Шарға түскен Темірғали, Хасен, Омарбек, Көлбай, түспей қалған Жақып жағдайларынан хабар аламыз. Әлиханмен хат жазысып, ақылдасып, ең бастысы жұрт қамын жеп, Құнанбай тұқымының Қарауыл бойындағы жерлерден қалай айырылғанын көреміз. Әлиханның Семей абақтысынан шығып, Қарқаралыға аттанып бара жатып, соңғы рет Кәкітаймен қоштасу сәті жүрек тебірентеді. Алаш азаматтарының қалтқысыз достығына қайран қаласың. Сол секілді Кәкітайдың 1913 жылы 13 мамыр күні жазған хатынан келтірілген: “Өзің көргендегіден көңіл басқарған жоқ, ғұмыр нұры кетті, басқа үміт қыларлық нәрсе көргенім жоқ. Барарлық жер жоқ. Мұңдасар кісі де кем қалды. Тірі болған соң ғұмыр сүріп жүрміз. Біреуге тигізер пайда қолдан келмеген соң, ең болмаса ешкімге залал тигізбесек деп, сақтанғаннан басқа жұмыс жоқ” деген сөздері күні бітіп бара жатқан адамның халінен сыр берсек керек.

ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары ерекше құрметтеген орыс адамдарының бірі, әйгілі шығыс зерттеуші ғалым, бір кезде Шоқанмен кадет корпусында қатар оқып, дос болған, кейін оның кітабын шығаруға күш салған, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастырған оқымысты Григорий Николаевич Потанин еді. Ол туралы Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов арнау өлең шығарса, Әлихан Бөкейхан “Григорий Николаевич Потанин” деген ортақ атпен екі мақала жазды. Алғашқы мақалада (“Қазақ” газеті, 1913, № 15) Потаниннің ескі аңыздарды жинау мақсатымен Қарқаралы уезіне баратын сапары туралы айтады. “Тәңір” сөзінің шығу төркініне, олардың монғол, қазақ тілдеріндегі түпкі мағыналарына назар аударады. Потанин жазбасындағы үш ақ киіз үй, ақбоз ат және Шыңғыс ханның жерленуі туралы аңыз бен қазақтың Ақбозат, жетіқарақшы ертегісін салыстыра отырып, аңыз, сарын ортақтастығы туралы пікір түйеді. Потаниннің өмірінен қысқа ғана мәлімет бере келіп, “қазақты туғанындай жылы көреді. Бишарасың деп қазаққа қорған болады. Өз ғұмырында қылған жұмысы, жүріп тұрған мінезі анық әулиенің ісіндей” деп тұжырымдады.

Екінші мақалада Г.Н.Потаниннің туған жері, балалық, жігіттік шағы, білім алу кезеңдері, патша өкіметі тарапынан әуелі өлім жазасына кесіліп, артынан Финляндияда кісендеулі жүріп жер қазуы толық баяндалады. Ғылыми еңбектері, әсіресе “Орта ғасырлық Европа эпосындағы Шығыс сарындары” кітабы ерекше жоғары бағаланады. Інжіл, Таурат, Құран, Шумер жазбалары, еврей, Ассирия, Вавилон мәдениеті жөніндегі Әлихан білімінің тереңдігін көреміз. Потаниннің қызық мінездерін, мәселен, өлім жазасына бұйырылған түні басқалардай жылап-сықтамай, неміс тілі кітабын оқуы, Томға оқуға келген қыздарға өз жанынан ақша беруін қызықты етіп жазады, “Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, “Қозы Көрпеш – Баянды” шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Европа сонда білер еді” деген Потаниннің көріпкелдігін бүгінгі күн дәлелдеп отырғандай.

Орыстың қазақ елі туралы әділ пікір айтқан ғалымдарына деген Әлихан Бөкейхан ықыласы ерекше болған. Олардың еңбектерін кітаптарында, зерттеулерінде, сөз арасында айтып, сілтеме берумен қоса, бірнеше жеке мақала да арнаған. Қысқа ғана “Петр Петрович Семенов” мақаласында (“Қазақ” газеті, 1914, № 54) кейін фамилиясына Тян-шанский сөзі жалғанған ғалымның Карл Риттердің “Азия” кітабын Г.Н.Потанинмен бірлесіп аудару үстінде Алтай, Тарбағатай, Жетісу, Іле, Алатау, Ыстықкөл, Хантәңірі туралы жаңа материалдар қосқанын ерекше мадақтайды. Бұл ғалымның Шоқан мен Потанин тағдырына жасаған әсері де сөз болады.

Қазақ халқына ерекше ілтипатпен қарап, қайыр жасаған Николай Лукич Скалозубов деген оқымысты агроном Екінші және үшінші Думаға депутат болған әлеумет қайраткері болғандығын Әлихан Бөкейханның екі мақаласынан (“Қазақ” газеті, 1915, № 109, № 111) алғаш рет біліп отырмыз. Лев Толстойдың досы болған осы Скалозубов Думада қазақ жері үшін қазақтың өз дептутатындай жанталасып күрескен екен, ол – ол ма Ахмет Байтұрсыновтың өлеңін айтқаны үшін сотталып, жер аударылған қарқаралылық азаматтар Хасен, Ыбырай, Смахан, Бодаубек, Ахмет, Сүлеймендерді өкімет басшысы Столыпинге дейін барып жүріп елдеріне қайтартқан екен. Сол азаматтың дүние салғанын “Речь” газетінен оқып, естіп, Әлихан өзі де мақала жазған.

Әлиханның портреттік жазбаларының тақырып аясы кең. “И.М.Мечников” мақаласы (“Қазақ” газеті, 1915, № 126) орыстың атақты ғалымының туғанына 70 жыл толуына орай жазылған. Мұнда ғылыми мәліметтер зор. Француз Пастердің ғылымда ашқан жаңалығы, оған Мечниковтың қосқан өзіндік үлесі талдана сөз болады. Оба ауруының таралу себебі, адамның көп жасауының ішкен-жеген тамағымен байланысы айтылады. “Вандер Билдт” (“Қазақ” газеті, 1915, № 131) мақаласында кеме суға бара жатқанда көпшілік үшін өзін құрбан еткен бір жас американдықтың ерлігі мадақталады. Немістің жұмысшы партиясының өкілі, әйгілі шешен Бебель опат болғанда жазылған материалды (“Қазақ” газеті, 1913, № 26) қысқы қайырылған қазанама – некролог деуге келеді.

Орыс тілінде жазылған “Константин Антонович Вернер” мақаласы некролог стилінде басталады да ауыл шаруашылығының әйгілі ғалымының өмірімен, ғылыми еңбектерімен жан-жақты таныстырады. Әсіресе профессор К.А.Вернердің қазақ топырағына, қазақ малшыларының еңбегіне қатысты айтқан ойларына, Сібірде жасаған істеріне, әлеуметтік әрекеттеріне кеңінен тоқталады. Бірінші мемлекеттік Думаның мүшесі В.П.Обнинский опат болғанда, Әлиханның қалам тартуы марқұмның кадет партиясының атышулы шешені, “Бостандық уақыты тарихы” деген 4 томдық кітаптың авторы болғандығы үшін ғана емес, ең бастысы орыстан өзге халықтарға бүйрегі бұрғандығына іш тартқандық, ел атынан айтылған алғыс.

Әбубәкір Диваев жинап бастырған “Батыр Бекет” жырына арналған шағын рецензияда шығармадағы негізгі оқиғалардың Кіші жүздегі Алтын, Жаппас ішінде өтетіні, Бекеттің тарихи болған адам екендігі, ол ұсталып Сібірге айдалғанда артынан әйелінің бауырын декабристердің ханымдары Княгина Волконская, Трубецкая әрекеттерімен теңдес іс деп қарайды. “Мырза Едіге” жырына арналған қысқа мақалада Ақсақ Темір, Тоқтамыс, Едіге заманы сөз етіледі, шығарманың көркемдігі, мектеп балалары оқуға лайықтылығы айтылады. “Ер Тарғын” туралы да тарихи, әдеби пікірлер бар. Қазақтың атақты, дәулетті, сыйлы кісілерінің бірі Есенғұл қажының арнайы хат жазып, шырға тастауымен игілікті бір істің қалай басталғанын “Роман бәйгесі” мақаласынан көреміз. Өнерге, ғылымға, әдебиетке жанашырлық, өз қалтасынан пұл беріп, жақсы істерге мұрындық болғандар ретінде Альфред Нобель, Уваров үлгілерін мысалға алады. Қысқаша жазылған, жазылмақ романдарға төрелік айтып, бәйге беру үшін Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Бақытжан, Мұқамеджаннан қазылар алқасын құруды ұсынады.

Бұған жалғас, сабақтас еңбек “Роман не нәрсе?” (“Қазақ” газеті, 1914, № 48) мақаласында романның алғаш қай елде туғанын, бұл жанрлық форманың ерекшеліктерін, өрістеп дамыған көздерін, атақты романшылар қатарында Англияда Вальтер Скот, Чарлз Диккенс, Уильям Теккерей, Ресейде Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Толстой екендігін айтып кетеді. Толстойдың “Соғыс һәм татулық” (Ә.Бөкейхан осылай аударған) романына өте дәл, қысқаша сипаттама береді. Алғашқы қазақ романы Міржақыптың “Бақытсыз Жамалын” атап, шығарманың мазмұнын шолып, негізгі кейіпкерлер әлеміне тоқталады. Автор роман жанрын әлеуметтік мәселелермен, адамдар мінезімен, тәрбиелік, эстетикалық мұраттармен сабақтас қарайды.

Ерекше бір серпінмен, көркем тілмен, шешен жазылған мақала – “Ән, өлең һәм оның құралы” (“Қазақ” газеті, 1914, № 6-7). Мұнда Әлихан Бөкейханның әнге, өлеңге, күйге деген көзқарасы, сұлулық туралы толғамдары жатыр. Тебірене, шешіле, төгіле сөйлейді. Шалқып отырады. Енді бір орайда әлемге әйгілі есімдер Гете, Шопенгауэр, Бетховен, Мартин Лютер айтады деп, олардың пікірлерін келтіре келіп, ақырында Абайдың “Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы” деп басталатын өлеңімен тұжырады.

Жүсіпбек Аймауытовтың “Қартқожа” романын Әлихан Бөкейхан қысқа талдап, шығарманың көркемдік әлеуметтік мәнін ашады, стильдік – жанрлық ерекшеліктеріне (“Еңбекші қазақ” газеті, 4.11. І 1926) мән береді. Мұндай кенеулі шағын рецензия қатарына Мағжан аударған Вс.Ивановтың төрт әңгімесіне, Жүсіпбектің “Психология” кітабына арналған материалдарды да жатқызуға болады.

Әлихан Бөкейханның ғылыми, зерттеу публицистикалық шығармалары өз кезіндегі ең үздік әлем ғалымдары, қаламгерлері тудырған еңбектердің биік өресімен деңгейлес. Жазушылар А.Н.Радищев, Н.И.Новиков, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, М.И.Салтыков-Щедрин, Достоевский, Толстой, Шекспир, Гете, Герцен, Тургенев, Короленко, ғалымдар Белинский, Дарвин, Уэлс, Спенсер, Плано Карпини, Пастер, Мечников, әскер басылары Шыңғысхан, Ақсақ Темір, Наполеон, Абылайхан, пайғамбарлар Ғайса, Мұхамед есімдері, мемлекеттер Америка, Англия, Германия, Жапония, Франция, Түркия, қалалар Петроград, Мәскеу, Лондон, Париж, Берлин, Стамбул, Минск, Самара, Уфа, Қазан, Орынбор аттары мақалаларда жиі кездесіп отырады. Қазақ, орыс, француз мақал-мәтелдерін, әйгілі адамдардың сөздерін жиі қолданады. Бүкіл саналы өмірін халқына, халқының азаттығына арнаған Әлихан Бөкейхан барлық қажыр-қайратын, білім, дарын-талантын патша өкіметі кезіндегі қыспақ-қанау, отаршылдық-зорлық кезінде қалам күшімен жазылған еңбектерінде қалың қазақтың өз ішіндегі алауыздық: жалқаулық, өтірік, ұрлық, шаруаға қырсыздық тақылеттес кесепаттарды мінеп сынай отырып, ел тағдыры үшін ең басты нәрсе, негізгі байлық, тіршілік көзі – жерге иелену екенін терең сезініп, осы бағытта жұмыс жасайды, ғылыми зерттеулер, мақалалар жазды. Ал Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде іргесі шайқалып, 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін патша өкіметі құлаған соң, енді қазақтың өз тізгінін өзі ұстайтын ел болу мүмкіндігі туғанын ұғынып, ендігі ізденістер, күрестер арнасын өзгертіп, топ болып, тұтас күш болып, ұйымдасып қимылдау мақсатында анық бағдарламасы бар ұлттық партия құру, қас-дұшпаннан қорғану үшін милиция, әскер жасақтау, ақырында ұлттық мемлекет құру арманын орындайды. Осындай жағдайларға байланысты Әлихан Бөкейханның әлеуметтік-қоғамдық, саяси-рухани көзқарасында болып өткен қат-қабат эволюцияны көруге болады.

Әлихан Бөкейхан талантының сан алуан қырлары оның тәжірибеге, планеталарға арналған ғылыми мақалаларынан, өз басынан өткен жағдайларды талдаған естеліктерінен, достарына жазған жүрекжарды хаттарынан, Эзоп, Мопассан, Толстой, Чехов, Короленко шығармаларын аударуынан көрініп жатады.

Бүгін таңда Бөкейхан еңбектері түгел жиналып біткен жоқ. Олар Мәскеуде, Петербургта, Самарада, Омбыда, Семейде, басқа да қалаларда шыққан мерзімді баспасөз беттерінде, түрлі архив қойнауларында жатыр. Бұларды тұтас жинап бастыру бір іс болса, Әлиханның тарих, этнография, статистика, экономика, саясат, әдебиет туралы еңбектерін түбегейлі зерттеу, диссертациялар, монографиялар жазу екінші іс екені хақ.



МЕН БІТКЕН ОЙПАҢ ЖЕРГЕ АЛАСА АҒАШ
Ұлтына “Оян, қазақ!” деп ұран салған қайраткер, жаңа жанрларды бастап берген жазушы, ақын Міржақып Дулатов қазіргі Торғай облысының Қызбел атырабында 1885 жылдың 25 қарашасында дүниеге келген.

Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық идеялары тамыр жая бастаған құнарлы топырақтың перзенті Міржақып әуелде молдадан тіл сындырып, артынан Торғайдағы екі жылдық орыс-қазақ мектебінде бес жыл (1897-1902) оқып білім алады. Бұдан кейінгінің бәрі өз түртінектеуі, өз талпынысымен тапқан олжа, байлық, даналық. Ерте жетім қалған, екі жаста шешеден, он екі жаста әкеден айрылған Міржақыптың бүкіл өмірі жоқшылықпен, азаппен, зорлықпен, әділетсіздікпен жан аямай, қажымай, талмай күресудің керемет бір үлгісі іспеттес.

Ауыл мектептерінде мұғалімдікпен өткен алты-жеті жыл ішінде оң мен солын танып, өмір күресі, тірлік тартысына түсіп, ұлт қамы үшін ширығып, соны сүрлеу іздеген Міржақып алдындағы ақыл-ой ағалары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсыновтарды тауып, олармен пікірлес, ниеттес, мұраттас боп шығады. Осы алаш азаттығы үшін бағышталған ерен достық олардың бүкіл тіршілігінің өзегіне айналды.

Міржақып 1904 жылы Омбы, 1905 жылы Қарқаралы, 1906 жылы Орал, Петербор барып, төңкерісшіл ағымдарға араласып, патша отаршылдығына ашық қарсы шығып, жер мәселесін көтеріп, мұсылмандықты қудалауға тыйым салуды талап еткен ағартушы-демократиялық бағыттағы қазақтың ұлттық озық оқығандарының алдыңғы легінің маңдай алдында көрінді. Ол өз заманындағы көзі қарақты қазақ баласына қолынан келген қамқорлығын, достық-махаббатын аямаған. Алдыңғы қатарлы татар, орыс зиялыларымен де араласқан. Бұл қатарда Г.Н.Потанин, Ә.Диваев, проф. А.Крымский, акад. В.А.Гордлевскийлер де бар.

Өлең жинағы, роман кітабы басылып, жазушылық даңқы шыққан Міржақып Дулатовтың “Қазақ” (1913-1918) газетінде Ахмет Байтұрсыновпен тізе қосып тең редактор болып, еңбек еткен жылдары – ұлтының сол дәуірдегі қоғамдық-әлеуметтік проблемаларын жан-жақты көтеріп, оларға дұрыс жауап берген көкейкесті публицистика тудырған, қазақтың еркін журналистикасының негізін салған, оның жанрлық формаларын жасаған, баспасөз мәдениетін, тілін қалыптастырған ең жемісті, ең бақытты жылдар.

Ұлттық ояну, Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алаш өкіметі, Алаш әскері (1905-1920) – бұлардың бәріне де Міржақып Дулатов бел буып, білек сыбанып қатысқан, оның әр түрлі ұйымдарына сайланған, ұран жазған, күнделікті шаруаларын іске асырған, баспасөз бетінде насихаттаған, қажет десеңіз, керек болса, қолына қару алып та күрескен – осылардың іздері сақталған көптеген тарихи құжаттар, анық деректер толып жатыр. Ол бұл жолда адастым, сандалдым демеген, имандай ұйыған берік сеніммен әрекет еткен.

Кеңес дәуірінде басқа да бұрынғы алаш басшылары секілді Міржақыпқа да үлкен іс тапсырылған жоқ, қайта қудаланып, 1922 жылы Кеңес түрмесіне қамалып барып шығады, ол Орынборда педагогтық қызметте, Семейде сот мекемесінде, Ташкентте, Қызылордада газетте елеусіз, қатардағы қызметтерде болды да (1920-1928), 1928 жылы ұсталып, содан абақты тауқыметтерін көре-көре, ақыры 1935 жылы 5-қазанда Ақтеңіз-Балтық каналының бойындағы Сосновец лагерінде опат болды. Арада 58 жыл өткен соң ақын сүйегі туған жеріне алып келініп, ақ жуып, арулап қойылды.

Міржақптың даңқын қазақ арасы ғана емес, Ресейдегі түрік әлеміне тұтас жайған “Оян, қазақ” 1909 жылы Уфада шығып, 1911 жылы Орынборда екінші рет басылды. Бұл – қазақ әдебиетінің тарихындағы ең көп қудаланған шығарманың бірі. Кітаптың бірінші, екінші басылымдарын патша өкіметі жинатып алдырып, авторды 1911 жылы маусым айында Семей түрмесіне қамап, 19 ай бойы абақтыда ұстаған. Архивтерден осы істердің қалай қозғалғаны, ақын соңына тыңшылардың қалай түскені туралы көптеген материалдар табылып жатыр.

“Терме” (1913), “Азамат” (1915) жинақтары жарық көрді. Прозадағы атышулы шығармасы “Бақытсыз Жамал” романы 1910 жылы Қазанда басылды. Мұның үстіне көптеген оқулықтар, аудармалар, қазақ кітаптарының көрсеткішін қоссаңыз, қысыл-таяң ауыр заманда, үнемі қудалауда жүріп Міржақыптың қаншама көп іс тындырғанын көресіз. Ұзақ жылғы үзілістен кейін 1991 жылы Алматыда Міржақыптың поэзия, проза, драматургия, публицистикалық шығармаларының басын қосқан біртомдық шығармалары жарияланды. Артынан көп томдығы басылды.

Өзінің көркем шығармаларымен, мақалаларымен, қоғамдық істерімен жас күнінен бастап туған елінің махаббатына бөленген Міржақып Дулатов алаштың өзі тұрғылас азаматтары секілді Қазан төңкерісінен кейін аз уақыт қана бостандықта әрекет етіп, артынан жазықсыз қараланып, кете барды. Олардың еңбектері жойылып, аттарын атауға тыйым салынды.

Сонда да Міржақып өмірі, мұрасы туралы Кеңес елінде бір ауыз жылы сөз айтылмай тұрғанда Түркияда басылған белгілі күрескер, жазушы, публицист Хасен Оралтайдың “Алаш” кітабында оңды, жағымды баға берілуін зерттеушінің көрегендігі деп бағалау керек. Қазақстан бостандық алғаннан кейінгі міржақыптануда ақынның қызы Гүлнар Дулатова, арнаулы диссертация қорғаған Марат Әпсәметов, ғалым Жұмағали Ысмағұлов өз үлестерін қосты.

Міржақып Дулатовтың толық деректерге сүйеніп жазылған ғылыми ғұмырбаяны әлі жазылған жоқ. Бұл – болашақта істелетін абыройлы шарулардың бірі. Ал көп қырлы қаламгердің әдеби мұрасы, қоғамдық көзқарасы, дүниетанымы, эстетикалық нысанасы туралы кейбір тұжырымдарды оның нақты шығармаларын арнайы талдау үстінде айтуға болады.

“Оян, қазақ” кітабына енген өлеңдердің атына назар аударайық: “Қазақ халқының бұрынғы һәм бүгінгі хәлі”, “Қазақ халқының бұрынғы мағижаты”, “Өнермен хасыл болған нәрселер”, “Сайлаулар хақында”, “Қазақ жерлері”, “Мешіт-медресе хақында”, “Қазақ халқына діни бір уағыз”, “Өнерін халық пайдасына жұмсап жүрген оқығандарымызға”, “Жастарға”, “Терме”, “Таршылық халіміз хақында аз мінажат”, “Мүдфрие”, “З.Әфендіге жазған мәктүбым”, “Жесір даулары хақында”, “Жігіттер”, “Насихат ғұмумия”, “Сөз ақыры”. Негізінен, “қазақ”, “жер”, “өнер”, “дін”, “насихат” деген сөздерге ерекше салмақ берілгенін аңғару қиын емес. Кітаптың алғашқы жолдарын оқып көріңіз:

-Міржақып, неге отырсың қалам тартпай,

Бәйге алмас болғанмен жүйрік шаппай.

Шаманды қадари хәл көрсетсеңші,

Байғұс-ау, оянсаңшы қарап жатпай.

Осындағы “оян” сөзі автордың биік идеялық мақсаты, басты рухани нысанасы.

Бір шоғыр өлеңде ақын туған халқының өз алдына ел болып, өзін-өзі билеген тұсын мақтана жырлай келіп, көшпелі жұрттың басындағы көшпелі бақты көрсетеді, қазақ-қалмақ, қазақ-орыс қарым-қатынастары тарихын шола өтіп, Ресейге бодан болғаннан кейінгі кіріптарлық, қорлық тіршіліктің аянышты суреттерін бейнелейді:

Аяқ асты болып қазақ қалды ғой,

Күн әншейін рухы қалып, жан кетіп.

Шаһбазалар басшы болған милләтке

Аяғына қан түсті ғой мән кетіп...

Шұрайлы жерлерден, атақоныстан айырылған, жалпы қазақ халқының басына түскен тұтас ауырпалықты ақын қайғылы хәл-азалы сарын етіп көрсетеді. Ал қазақтың өз ішіндегі кесепаттар, билікке таласып, мал шашып, дай-дай болып, жұлқыса-тартысу, надандыққа белшесінен батқан, оқу-білімнен құралақан ескілік бай мен кедей арасындағы ойсыраған айырма, аянышты тағдыр – осының баршасына ақын өзінің айқын көзқарасын білдіріп, жаңалыққа, ғылымға, адамгершілікке үндейді, алаш деп ұран салып, оян деп шырылдайды, философиялық-публицистикалық ойлар айтады.

Жас ақынның назары ең алдымен халқының өткен тарихына, қазіргі жағдайына қадалған. Ол жеке адамды, жеке ойды, жеке сезімді, жеке оқығанды бөліп алмайды, тұтас қарайды, шолып айтады, жалпылай сөйлейді, өз халқымен өзге халықтарды салыстыра отырып, артта қалған, мешеу ауыл үшін күйіне зар төгеді. Қараңғыда қамалған елі үшін сергек, жігерлі, салмақты ұран тастайды. “Оян, қазақ!” кітабының әлеуметтік-қоғамдық мәнін айқындаған айрықша салмағы өз заманының жаралы шындықтарының бетін ашып, келешек көш жолдарын іздеген бағдарламалық сипаттағы толғау жырларының азаматтық, ұлттық берік рухында жатыр.

Шабақтап, жанды азапқа салатын ең үлкен жара – қазақ жерінің тағдыры, бұл – азамат үшін айрылмас дерт, тарқамас шер.

-Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер,

Мұжыққа, қош аман бол, барасың да.

Қасиетті бабамыздың зираты

Қалдың ғой көшесінің арасында.

Моншаға зираттың тасын алып,

Ағашын отқа, мұжық, жағасың да.

Таба алмай бір барғанда еш белгісін,

Көзден жас көлдей болып ағасыз да.

Шалқар көл, аққан бұлақ, жайлы қоныс,

Орман-тоғай кетті ғой, ағашың да.

Ойласам мұның бәрін қияли боп

Қападан ішім оттай жанасың да... –

деп ақтарылған ақын даланың отарлану, табанға түсу, кіріптар болу трагедиясын терең тебіреніспен көрсете білген, ашық, айқын, дәл айтқан. Тіпті өз дәуірі ғана емес, келешекте ел басына түсетін қанды ноқта, темір кісенді көрегендікпен болжай білген. Бұл ретте Асанқайғы, Бұқар, Шортанбай, Дулат, Мұрат, Нармамбет поэзиясындағы қазақ елінің еркіндігінен айырылу кесепатынан қан жылаған, шермен зарлана айтылған өксікті толғаулармен сабақтас сарын айқын есіп тұр.

Жеке бастың, әлеуметтік топтың, белгілі таптың мүддесі емес, ақынды толғандырар мәселе – халық тағдыры, елдің қайғысы мен мұңы, айналып келгенде, “тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – бір арнаға саяды. Ол – ел мұңы, ел шері, ел зары, ел кегі.

Ұйқыда жатыр қазақ көзін ашпай,

Кеттік қой отқа күйіп, өрттен қашпай.

Әр халық алға кетіп жатсадағы,

Біздің жұрт шегінеді қадам баспай...

Күн көреміз қайда барып, алашым?

Білгіштердің хәл мүшкілін қарасын.

Сүйегі жоқ тіске жұмсақ болған соң,

Әркім жейді біздің қазақ баласын.

Аз емеспіз, алты миллион халықпыз,

Әлхамдуллила надандыққа қарықпыз.

Жайымыз жоқ онан басқа мақтанар,

Сахарада дикарь болып қалыппыз...

Өзді-өзіміз дұшпан болып жүргенде,

Жарар еді басқаға жем болмасақ...

Бірлік жоқ, алты ауызды халықпыз ғой,

Қатардан сол себепті қалыппыз ғой.

Ғылым мен маһрифатты керек қылмай,

Надандық шәрбатына қаныппыз ғой.

Міржақыптың жиырма екі жасында жазылған “Таршылық хәліміз хақында аз мінажат” (1907) өлеңіндегі осынау қамырықты ойлар тұманы күні бүгінге дейін арылмағанын қайтерсіз.

Халқының басындағы ауыр қасіретті айқын көріп, дәл басып айта білген ақын енді содан айықтыру жолдарын іздейді. Сол дәуірде бел алған қыру-жою, қан төгісті мадақтаған төңкеріс, революция идеясы емес, адам баласылық игіліктерді, дін, иман жолын әспеттеп, білімге, адамгершілікке, оқуға, мәдениетке үндеу – жас ойшыл таңдаған арна.

Ақын өзі ұстанған әсемдік мұраттарға лайық жағымды тұлға мінездемесін жан-жақты сомдайды. Жеке өлеңдерде айтылып отыратын ғақлия ойлар тұтас келіп, “Насихат ғұмумия” толғауында бір арнаға саяды. Бұл өзі 17 бөлімнен, 556 тармақтан тұратын үлкен дүние. Жеке өлең емес, бір идеяның астына біріктірілген өлеңдер циклі, шоғыры десе, дұрыс болмақ.

Шығармада ақын аты-жөнін, асыл затын, тайпасын, шыққан жерін, кітаптың 25 жаста жазылғанын айтады, халқымен, замандасымен, елінің сөз ұғарлық азаматымен түгел сырласады. Қара өлең формасында жазылған туынды еркін есіліп, төгіліп отырады. Ақын қысылмай-қымтырылмай сөйлейді.

Ең алғашқы сөздер елдің тұтастығына, азаттығына арналған:

Ішінде темір тордың шынжырлаулы,

Жатқанын көрмеймісің қайран халқың?

Көп қуып, қорқақ едік, батыр қылды,

Біздерге енді не бар аянатын?

Біз онша сатып алған құл емеспіз,

Әркімді төбемізге шығаратын.

Болады әбігер заман деген осы,

Байқасаң Алаш ұлы азаматым.

Ел жағдайы осындай болып тұрғанда, өнер таппай бекер сандалған жастар, қайыр, иман, жақсылықты ойламаған байлар, қызыл көрсе құзғындай шүйген молдалар мен билер де сыналады. Ақыры ақынның мұрат тұтары – қара жерге қайық салар өнер тапқан жігіттер. Ондай азамат ең алдымен тал жібектей мінезді, түскен кемесіне тайсалмай мінетін жігерлі, газет-журнал оқитындай сауатты болуы шарт. Мұсылманша дін ғылымын, орысша сауат ашу және қажет. Пайда, саламаттық, байлық, азаматтық – бәрі де айналып келгенде халық махаббаты жолына жұмсалсын деген ой айтылады.

Алғашқы өлеңдерінің тіл – стиль ерекшелігі туралы Міржақып ағынан жарылып, былай дейді:

“... Мен өзім медреседе оқымасам да, 1904 жылдан бастап ноғай әдебиетін үйренуге әуестендім. Сол жылдан бастап “Тәржіман” газетасы, онан кейін шыға бастаған өзге ноғай газеталарын һәм кітаптарын алып оқитын болдым. Сөздіктен қарап, кісіден сұрап, ноғай тілі, ноғай әдебиетімен таныстым. Бұлар маған сіңді” (“Тіл құралы” – “Қазақ”, 1915, № 93). Ол кезде қазақтар татарды ноғай деген, сондықтан бұл жердегі ноғай әдебиеті дегенді татар әдебиеті деп түсінуіміз керек.

Расында қазақша баламасы бола тұра, “чунки”, “һаммет”, “һәмма”, “рисәлә”, “жәһід”, “Хоуса”, “фітнә”, “гәпләскен”, “мағариф”, “фәһім”, “тәһрис”, “нәмүнә”, “мүәбәф”, “инсаният”, “иттифақ”, “мушфик”, “жаһаллік”, “фаһим”, “һиммәт”, “машауарат”, “фасиық”, “мүбтәлә”, “мәсіләктәс”, “мұталиға” тәріздес сөздерді жиі қолдану автордың татар әдеби тілінің ықпалына түсіп, араб-парсы, лексикасымен әуестенуін көрсетеді. Кейде орыс сөздерін, тұтас сөйлемдерді қолданып жіберу де бар.

Кітаптың “Сөз ақыры” деген соңғы өлеңінен Міржақыптың әдеби мектебін, құрмет тұтатын ақын-жазушыларын көреміз, олар: орыс әдебиетінен – Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Крылов, Тургенев, Толстой; қазақ әдебиетінен – Абай Құнанбаев, Ахмет Байтұрсынов, Әубәкір, Ақмолла, Нұржан, Шөже, Орынбай, Мәшһүр Жүсіп.

Ақынның “Азамат” (1903), “Терме” (1915) жинақтарында, одан кейінгі жазған өлеңдерінде көптеген өзгеріс пайда болады; ең алдымен сөз сұлулығына, тіл тазалығына ерекше мән беріліп, тура, ашық айтылатын дидактикалық, үгіттік, насихаттық ойлар азайып, оның есесіне поэтикалық образға, ішкі қисынға, астарға; емеурінге, ишаратқа айрықша көңіл бөлінеді. Тақырып ауқымы кеңеюмен бірге, өлең формалары құлпырып, ұйқас-ырғақ тынысы арта түседі. Бұрын жас ақын тарихқа, қазіргі заманға, халыққа жалпылай сөйлеп, шола тартып, кеңес айтып, үлгі тастап, ұран сала сөйлесе, ол әлі тәжірибе алмаған, өмірді негізінен кітап арқылы таныған талапкер зиялының романтикалық табиғатынан да шығып жатқан әрекет еді. Енді қауіп-қатерді өз басынан өткізіп, түрме азабын көріп, қуғын-сүргінге түскен соң, оң мен солын анық танып, дос кім, дұшпан кім – жақсылық пен жамандық не – анық ажыратып алғаннан кейін, ақын өз жүрегіне үңіледі, өз басындағы рухани құбылыстарды жырға қосады. Сөйтіп, бірде жарлы, шерлі, қайғылы, бірде жігерлі, ұранды, қайратты өлеңдер тудырады. Тұтас алғанда Міржақып поэзиясында сарыуайымшыл, пессимистік әуез емес, ерлікке, әрекетке күреске шақыратын сарындар басым.

Ақын бір алуан арнау өлеңдерінде Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан, Григорий Потаниннің поэтикалық бейнесін жасауға ұмтылады, олардың халыққа еткен еңбегін, тарихтағы орынын көрсетеді.

Қазақ әдебиетіндегі түрме суретін беретін шығармалар қатарында Міржақыптың “Қапастағы ұрының мінажаты”, “Абақтыда айт күні” өлеңдері өзінің реалистік дәлдігімен ерекшеленеді.

Тұспалмен, әзіл-қалжыңмен жазылған “”Сұлу қызға”, “Балдызға” (үш өлең), “Алаш” партиясына қосылған ақынға”, “Міржақыптың қайтарған жауабы”, “Жұмбақ”, “Қара құс һәм адам” өлеңдері ақын талантының юморлық, сатиралық қырларын көрсетеді.

Міржақыптың терең жан күйзелісін, рухани бұлқынысын, ақындық қуатын көрсететін бір топ философиялық-лирикалық өлеңдері бар. Біз оларды бір тұтас шоғыр, тұтас цикл, аяқталған топтама деп қараймыз. Осы туындылардан елім, халқым, қазағым, алашым деп, бостандық, еркіндік, азаттық деп аһ ұрған азаматтық жүрек лүпілін сеземіз. Ақын қайғырған жерде қайғырамыз, жылаған жерде жылаймыз, сілкінген жерде сілкінеміз.

Кең қоныс, атамекен кеткен жоқ па?

Орнына хахол сұмырай жеткен жоқ па?

Мал болса бар сенгенің, о да азайып,

Заманы көші-қонның өткен жоқ па?

(“Жұт”, 1913).

Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,

Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.

Қалғанша жарты жаңқам мен сенікі –

Пайдалан шаруаңа жараса, алаш

(“Шағым”, 1913).

Ғазиз басым құтыла алмай жаладан,

Жаудың қолы босамай тұр жағадан.

Жүректі жаншып, жанға түскен ауыр тас,

Ашу тастап, тамырды қуып тараған.

(“Мұң”, 1913).

Көздеген оқ, сермеген қылыш болса да,

Тәуекел деп қасқайып көзді жұмарын.

Кім үшін тусам сол үшін өлу борышым,

Міндет қылып қосқаны маған құдайдың.

(“Сырым”, 1913).

Көп құлағы мақтаменен тығулы,

Қасқыр қуып үріккен қойдай ығулы.

Құбыжық бар десе, қорыққан баладай

Су жүрек боп сорлы қазақ бұғулы.

(“Қажыған көңіл”, 1913)

Сүйіскен, сөз беріскен замандастан,

Қаншасы хал біліскен, амандасқан?

Сырт берген, ол сілтеген, көбі ұмытқан,

Мен мүскін бұларды ойлап қиял басқан.

(“Қиял”, 1913).

Елең етер намысқа қызып жігіт аз,

Бұл не ғажап – жұрт керең боп қалған ба?

Мен не болсам. Болайын, саған садақа,

Сүйікті жұртым, қақпанға түсіп алданба.

(“Мұң”, 1913).

Жеті өлеңнен алынған бір-бір шумақ мысалдың өзінен-ақ бұлардағы ортақ ой, ортақ сезім, ортақ көңіл күйі анық есіп тұр. Ақын жүрегіндегі басты қайғы – елдің тағдыры, қазақ болашағы, отаршылдық кесепатына жұтылып, тозып бара жатқан даланың пұшайман, қалт-құлт тірлігі. Қайраткер азамат бостандық, азаттық үшін өзін құрбандыққа шалуға даяр, соңғы демі қалғанша еркіндік жолында күресуге бар, осы сапарға бірге ерген адамдар ғана оның ет жақыны, ішкен-жегенге мәз, бір күндік мансап, байлыққа құл болғандарды кісі қатарлы көрмейді, олармен ат құйрығын кесіскен.

Қазақ халқының бір кездегі дана билері, ақылман хандары, жаужүрек батырлары билеп, төстеп Есіл, Нұра, Ертіс, Еділ, Жайық, Сыр бойларын, Орал, Сарыарқа, Алтай, Хан тәңірі баурайын емін-еркін жайлаған күндерін еске салып, көңілі еңіреп жылаған ақынның “Сағыну”, “Жас қазақтар”, “Елім-ай”, “Зарзаман”, “Алашқа”, “Жаңа тілек” өлеңдері – поэзиядағы азаматтық сарындарды биік сатыға көтерген жаңа сападағы ұранды, дауылпаз толғаулар.

Ем таба алмай дертіңе мен ертеден,

Сол бір қайғың өзегімді өртеген.

Тырп етпейсің бас көтеріп көрпеден,

Еңсең түсті мұнша неге, елім-ай?

(“Елім-ай”, 1914)

Өз қамыңды ойлан өзің ел болсаң,

Ел боламын, тең боламын дер болсаң.

Көктен теңдік келмес өзің кем болсаң,

Мен-зең болмай, талпын, оян, алашым.

(“Жаңа тілек”, 1917)

Бұл өлеңдерде ақын а-а-а-б үлгісімен келетін жаңа ұйқас қисынын қолданған. “Алашқа” өлеңінде 8 шумақ бойы өзгермей есіліп отыратын қайталама ұйқас арқылы ерекше ырғақты туынды жасаған.

Осындай жұп-жұмыр, екпінді, толқынды туынды “Қайда едің” (1917) деп аталады. Бұл шығармасында ақын әлеуметтік күрес, қоғамдық өмірдің ерекше бір құбылысын дәл аңғарып, терең пайымдап, шебер кестелеп, кекесінді, ызалы, мысқылды ойын тура жарып айтып тастаған. Нағыз қиын-қыстау, тар кезеңде бұғып қалып, найзағай шатырлап, жер сілкініп, топан су ақтарылып кеткеннен кейін, бас көтеріп, өзгелердің істегенін өзім істедім деп көрсететін, жау кеткен соң батыр атанғысы келетін әр дәуірде, әр ортада, әр елде кездесетін құбылма жандардың бейнесін жасаған.

Ақын осы ерекше характерді дәл тауып, ашына отырып, уытты сөзбен түйрейді.

Кешегі қара күндерде,

Жұлдызсыз, айсыз түндерде,

Жол таба алмай сенделіп,

Адасып алаш жүргенде,

Бұл күнгі көп көсемдер,

Сұраймын, сонда қайда едің? –

деп басталатын 6 тармақты 7 шумақтан тұратын өлең тұтастай бір деммен, бір тыныспен құйыла салғандай. Аяқ астынан пайда болған, халық қан жылаған, қасіретті, дағдарысты, аштан қырылған, қанаты сынған, жау алған, өлімге бас байланған уақыттарда көзге түспеген, бүгін шыға келген шешендер, данышпандар, қамқорлық, жомарттар, жанашырларды ақын кешегі қанды күндерде қайда едің деп, қамшымен көзге ұрғандай ащы сауал тастайды да, бұрынғы нағыз жомарттың сараң, нағыз көсемнің жалтақ, нағыз шешеннің мешеу, бұрынғы мәңгүрттердің бәрі білгіш, бәрі ер атанғанын келеке етіп, ащы мысқылмен түйрейді. Бұл өлеңді оқығанда, 1986 жылғы Желтоқсан уақиғасында алаң түгіл, Алматыдан қашып кеткен, қажет болса, университетті жаптырамыз деп студенттерді қорқытқан, есік-терезесін бекітіп, үйінде тығылып отырған кейбіреулердің, енді аяқ астынан әділет үшін күйген ер болғысы келетін жалған, екіжүзді, опасыз сиқы, көз алдыңа тұра қалады. Бұл өлеңді оқығанда кейбіреулердің халық ұлдарын қаралаған тарих алдындағы қиянатты істерін оп-оңай ұмыта қалып, бұлт сейілген соң, кезінде пәлен жерде сөйлеп, шындықты мен айттым деп көлгірсуін көргенде, күнде өзгергіш қулардың, арамдығына найза бойламайтын сайқалдардың жәдігөйлігінен зәрең ұшып, жағаңды ұстайсың.

Міржақыптың ақындық ізденістерінде әзіл-қалжың өлеңдер, табиғат лирикасы үлгілері, тәмсіл, мысал нұсқалары да бар. Орыс тілін жетік білген, қос тілде қатар жазған қаламгер А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов өлеңдерін, Н.И.Анов пьесасын, көптеген ғылыми, тарихи еңбектерді қазақшаға дәл де шебер аудару арқылы, әдеби тіліміздің орнығып, қалыптасуына көп үлес қосқан.

Ұйқас қисыны а-а-б-а-а-б түріндегі Абай үлгісімен келетін 216 тармақтан, 5 бөлімшеден тұратын “Бүркіт кегі” балладасы ықшам да көркем, романтикалық, серпінді туынды. Мұнда да ақын өзінің азаттық, еркіндік, адалдық идеяларын дамыта, тереңдете түседі. Символдық, ишарат ойларға меңзейді. Қыр тағысын Есет баулып, мәпелеп, бабын тауып қайырып, түлкіге салып, қызығын көреді. Осыған қызыққан Баймырза төре құсты сұрап ала алмаған соң, иесі Есетті қанжармен өлтіреді. Әрине, тау тағысының иесі үшін төрені өлтіріп, кеудесін сөгіп, жүрегін суырып алуы – көркемдік қиялдан туған асқақ сурет. Ақынның зорлыққа келіспес, әділет жолында, намыс отына өртеніп кетер өрлік рухы атойлап тұр.

Қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет роман деген жанрлық анықтама қойылып, жарияланған прозалық көлемді туынды – “Бақытсыз Жамал”.

Кітап басында ескертпе ретінде берілген:

Қазақтан шыққан талапкер.

Бұл кітапты қарап көр.

Таратуға халыққа оқып,

Боларсыздар себепкер, -

деген жолдардың жалғасы 14 шумақтан тұратын “Сөз басында” таратылып айтылады. Салған жерден автор қазақ халқының құрылымы, тұрмыс-салты, мінез ерекшеліктері, кемшілік, олқылықтары туралы толғана келіп, роман жазудағы өз мақсатын баяндайды.

Міржақып – төмендердің аласасы,

Сезімнің бар ма, жоқ па тамашасы.

Жылтырап тесік моншақ жерде қалмас,

Қазақша бір роман жаза салшы, -

деген авторлық әзіл халық арасына кең тарап кеткен.

Шығармаға арқау болған оқиғалар ХХ ғасыр басында қазақтың кез келген атырабында, кез келген ауылында, кез келген шаңырағында өтуге мүмкін, әркімге таныс, түсінікті, ортақ, етене сипаттары бар, жалпылық мәнді жәйттер. Автор өз тұсындағы әлеуметтік-қоғамдық өмірдің маңызды арналарын адам тағдыры, нақты әрекет, тартыс арқылы көрсетуді мақсат етіп, ой, идеяны ашық публицистикалық түрде емес, бейнелер, образдар арқылы, көркемдік тәсілдермен береді. Бір сөзбен айтқанда, жазушы таза прозалық шығарма, жанр шарттарын толық қанағаттандыратын туынды жасау талабын ерекше ескерген.

Абайдың қарасөздері, Ыбырайдың шағын новеллалары “Дала уалаяты”, “Айқап” беттерінде жарияланған бірен-саран әңгіме үлгілері қазақ топырағында кең көлемді проза дәстүрлерін жасай алмағанын ескерсек, Міржақып – жаңа жанрдың төлбасы.

“Бақытсыз Жамал” романы туралы алғаш пікір айтқан Ахмет Байтұрсынов:

“Қазақта бұрын роман жоқ еді. Біздің арамызда қазақша бірінші роман жазып шығарған Міржақып Дулатов болды. Оның “Бақытсыз Жамал” деген романы 1910 жылы басылып жарыққа шықты”, - деді.

Негізгі сюжет желісі басты кейіпкер Жамал тағдырымен сабақтас өрбіп отырады. Шығарма оның туғанынан өлгеніне дейінгі аралықтағы негізгі белестерін қамтиды. Әкесі Сәрсенбайдың мойнына бұршақ салып, құдайдан жалбарынып сұрап алған баласы. Шешесі Шолпан әкесінің бір перзентке зар болып жүріп үйленген екінші әйелі. Қиын-қыстау кезеңде қызы үшін шырылдап отқа түсетін осы байғұс ана.

Заман өзгерістері қазақ ауылына да жаңалық әкелген. Соның бірі қолға молда ұстап, балаларға хат таныту, кітап оқыту. Осындай әрекетке кіріскен адамның бірі – Сәрсенбай. Алақанға салып еркелетіп, тіпті ұл балаша киіндіріп қойған Жамал молдадан бес-ақ ай оқыса да, тез сауаттанып, қара тану үстіне, қисса-жырларды заулатып оқып, ауыл-аймақты аузына қаратады. “Сал-сал”, “Қыз Жібек”, “Зарқұм”, “Қисса уақиға Кербала”, “Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны”, “Ноғай мен қазақтың айтысқаны”, “Ақсұлу”, “Айман-Шолпан”, “Бозжігіт”, “Шәкір-Шәкірат”, Ақмолда, Нұржан, Әбубәкір өлеңдері – бұларды оқу, жаттап алу, жұрт алдында айтып беру арқылы Жамал өзінше бір әдемі, сұлулық, көркемдік мектебінен өтеді. Ата-ана, ауыл-аймақ, дәстүрлі салт-сана әсеріне қоса, кітаби тәрбие жаңа буынның өкілі болып жетіле бастайды. Өзі де жанынан өлең шығаратын дарынды бойжеткен болып көзге түседі, зеректігімен, ақыл-көркімен, шешендігімен ауызға ілінеді.

Сөйткен Жамалдың мойнына қыл тұзақтай болып, әкесі Сәрсенбаймен Байжан арасындағы құдалық келісімі оралсын. Бұрынғы жақсы күндер көрген түстей ғайып болды. Қайғылы, азалы, мұңлы шақ. Сорлы анасы Шолпаннан өзге қол ұшын берер ешкім жоқ. Биік арманы ес ақылын билеп алған әкесі Сәрсенбайды тоқтатар күш жоқ сияқты. Сөйтіп, жұтып, запыран құсып, дерттеніп:

Мен қайран атам малға сатқанына,

Бір тазды жалпақ елден тапқанына.

Аты өшіп, тумай кеткір Жұман деген

Мал беріп мені өзімсіп жатқанына, -

деп көздің жасын көлдетіп жүргенінде, бір тойда жас, оқыған, сыпайы, сұлу жігіт Ғалимен танысады.

Бұл көріністе жазушы өлең текстерін еркін пайдаланады. Дәстүрлі үлгідегі қыз бен жігіт айтысының формасын қолдана отырып, жастың сырын ақтарады. Әуелі сөз алған Ғали алыстан орағыта отырып, өзінің шетте өскенін айта келіп, көпшілік өтінген соң, ұзақ толғауға ойысады.

Жақсы қыз баға жетпес бір гауһар тас,

Он алты, он жетіге жеткенде жас.

Жанаттың пісіп тұрған алмасындай,

Қол жетсе, қандай жігіт ләззат алмас, -

деп бастап қазақы ұғымдардағы сұлу қыздың портретін жасауға тізілген меруерттей отыз тіс, нұрлы жүз, жайнаған көз, қиылған қас, кәмшат бөрік, алтын шолпы, шәрбат, ғашықтық, ақ білек, ақ тамақ, тоты құс тәріздес сөз, ұғымдарды еркін қолданады.

Келесі кезекті алған Жамал:

Сөйле, тілім, шешіліп осындайда,

Құрбылармен бір жерге қосылғанда.

Отырмассың үнемі төрде бүйтіп,

Еріксіз-ақ қоярсың тосылғанда, -

деп бірден өз жағдайынан хабар беруден бастап, қолға түскен сандуғаштай торға түсетін, малға сатылып, теңіне бара алмай, күң болатын қыз тағдырын тебірене жыр етеді.

Осылай бір-бірімен той үстінде өлең арқылы танысқан екі жас ғашық боп, тез тіл табысып, араға көп уақыт салмай, алма-кезек хат жазысып:

Бір сенсің ғашық отын сөндіретін,

Кім бізді ықтиярсыз көндіретін.

Өлсек шұқыр бір болсын, шықсақ төбе,

Айырмалық болса да өлтіретін.

Бір алла жалғыз өзі болсын айғақ,

Тұралық уағданы бекем байлап,

Сен үшін бір басымды еттім құрбан,

Шынжырлап жіберсе де Сібірге айдап, -

деген Жамал сөздері келіскен тұжырымдай болады.

Сөйтіп, Жүніс, Нұрмаш екі досы көмек етіп, Ғали Жамалды алып қашып, қаладағы саудалас, ниеттес досы татар байы Фатихолланың үйін паналайды. Азды күнгі рахат, бақыт, ләззат дәмін татқан екі жастың қызықты ғұмыры ұзаққа созылмайды. Байжанның қоқан-лоққы, тепкі дүмпуі бұлардың жатқан ұясын шайқар болған соң, жылжып Ғалидың нағашыларын жағалайды. Аяқ астынан ауырған Ғали он үш күн төсек тартып, кенеттен дүние салды. Әрине, бұл кейіпкер күрес үстінде, әділет үшін, махаббат үшін шайқаста жауларының қолынан мерт болғанда, көркемдік шешім салмақтырақ шығатын еді.

Жамалдың жалғыз қалуы, еріксіз Байжан босағасына барып, Жұманнан зорлық көруі, қайғылы махаббат уын ішуі – оны боранды түнде адасып өлуге заңды түрде алып барған себептер ретінде сенімді суреттеледі:

Тоты құс едім бақшада,

Қарақұсқа жем еттің.

Хан қызындай басымды,

Бір жаманға тең еттің.

Ботасыз нардай боздатып,

Мінеки, мені еңіреттің.

Қаһарыңды жіберіп,

Тең құрбымнан кем еттің.

Мұндай зарлы қылғандай,

Мен бейшара не еттім?

Жыладым зарлап, Ғали жоқ,

Ісіне көндім құдіреттің.

Шығармада әр түрлі әлеуметтік ортаның өкілдері, түрлі мінездер қалыбы төбе көрсетеді. Әрине, көлемі шағын туындыда дара характерлер, сом тұлғалар жасау мүмкіндігі де аз. Дегенмен, әдебиетіміздегі алғашқы күрделі прозалық үлгіде бірталай көркемдік ізденістер, тұлғалар жасауға ұмтылу талабы барлығын көрсету дұрыс болмақ.

Алдында 100 жылқы, 200-300 қойы бар дөңгелек дәулет иесі Жамалдың әкесі – Сәрсенбай туысында жыртқыш, озбыр емес, негізі жұмсақ, момын адам, Жамалды бетінен қақпай өсіруі, тіпті еркек балаша киіндіріп тәрбиелеуі, Уфадан келген Ғазиз мұғалімнен жаңа жолмен оқытуы айналасына кеңдігі – оны жақсы жағынан сипаттайды.

Байлықтың буы Сәрсенбайдың басын айналдырып және қыздырманың тіліне еріп, шарға түсіп, билікке таласады, көп шығын рәсуа болады, 300 теңгесі босқа кетеді; бәрібір сайланбай қалады. Осыдан опық жеп, намысы күйген, жұрт көзінде жерленгендей күйге түскен Сәрсенбай қайтсе де, есе қайтармақ, қанша байлық шашса да, бәрібәр тағы шарға түспек. Осы сапарда өзіне тілектес іздейді, осы сапарда қандай құрбандыққа да бармақ. Сөйтіп, бұрын момын, жуас, қақсоқпен шаруасы жоқ қоңыртөбелі жан енді билік үшін, дәреже үшін неге болса да белін буды. Басқа, жаңа әрекетке.

Жазушы Сәрсенбай санасындағы жаңа өзгерісті сенімді көрсетеді. Өзіне жақтас іздеген мансапқордың тапқаны болыстың құдасы – сөзінен де, ісінен де, жолынан да, қолынан да келетін, артына ерткен тобы бар – Байжан, соның қолдауымен билікке жетуді іш есеп қылады. Сондықтан Байжанның өзі таз, өзі ақылсыз Жұман деген баласына Жамалға құда түсуіне қарсы болмайды. Бәйбіше мақұлдайды, туған шеше Шолпан наразы. Бірақ Сәрсенбайдың келіскені – келіскен.

Автор Сәрсенбайды қалыңмалға қызыққан, дүниеге бола баласын бергелі отырған дүниеқоңыз етіп көрсетпейді. Мансап үшін иманын сататын, жанын беретін, іштен шыққан баласына дейін айырбасқа түсіретін жаңа дәуірге лайық қаһарманның болашақ кескінін аңғарамыз. Бұл ғана емес, Сәрсенбай басына іс түскенде, бұғып қалатын су жүрек, қорқақ. Жамалды алып қашқаны мәлім болғанда, не істердің амалын таба алмай құдасы Байжанға бірінші хабар беруші өзі. Қатал әрекеттермен көрінетін елеулі бейне – Байжан. Әуелде Сәрсенбайды жаңа байыған, елге беделі жоқ деп кемсітіп, намыс жібермейтін, дұшпан белін сындыратын мықты деп басқа біреуді билікке өткізу үшін күрескен Байжан тез құбылып, артынан Сәрсенбаймен құда болып, батасына қырық жеті мал, екі жүз теңге, ақша беріп, туыстасып шыға келді.

Болашақ келіні Жамалдың Ғалимен қашып кеткені белгілі болған соң, Байжан қаһарына мінеді. Алдымен Ғали ауылынан, артынан Сәрсенбай ауылынан барымтамен жылқы алдырады. Ол аздай, құдасының ауылына бір болыс елдегі көрнекті кісілерді, болыс, билерді топтап жиын аштырады. Шаш етектен шығын өз алдына, қылмыс жасағандай Сәрсенбай қыңқ ете алмайды, бас күнәһар өзі секілді.

Байжан көп алдында ұқтыра, төндіре, сендіре сөйлейді, өз басындағы жағдай ертең-ақ әркімге келетіндей етіп көрсетеді: “Міне, жұрт бұл секілді тентекке тізгін беріп жібере берсе, жұрттың қойнындағы қатынын да әкетер, мұндай болмасқа тыйым салып, біреудің ақ баталы жесірін қайтарып әперу керек. Біреуге болған қиянат ертең екінші кісінің басына келмей ме, мұнымен халық арасы бұзылып, жұрттықтан шықпаймыз ба?” – деп ұйытып алып, малға бітпейтінін айтып, барымтадан түскенді үлестіріп, намыс үшін ақырына дейін күреспекке бел байлайды.

Бұл кейін қазақ романдарында терең реалистік қуатпен бейнеленетін Құнанбай, Игілік типтестердің мінез қалыбы ғой.

Алдымен билік иелерін дәлелді, сенімді, жүйелі, дәстүрлі сөздермен иландырған Байжан енді Жамал мен Жұманның некесі қиылған деген өтірік қағаз жасатып алып, сол үшін 400 теңге пара беріп, Ғалиды біреудің заңды әйелін алып қашушы, қылмыскер ретінде көрсетіп, қанқұйлы әрекетке бел буып, білек сыбанып кірісіп кетеді. Түптің түбіндегі мақсаты Жамалды келін етіп ұстау да емес, кек қайтару, табанға салу, ел-жұрттың алдында масқара етіп қорлау, тепкіге шыдамаса, күндікке шірісін деген аямастық пен қаталдық бар. Сол мақсат үшін ақша төгіп, топ жиын, қасқырша құтырынып алған Байжанды бетінен қайтарар күш бұл атыраптан табылмайтын секілді.

Жазушының реалистік шығарма жасау талабы пейзаж көріністерінен де анық байқалады:

“Май жұлдызы, таң қысқа, ай жарық, дүние тып-тыныш, жел жоқ. Ауа жақсы, жаңа қонған жұрт, көкорай шалғын, жапырақ гүлдердің исі аңқып, біздің жастарды көріп тұрған жалғыз алла, екінші аспандағы Ай мен Жұлдыз еді. Жан-жануар күндізден шаршаған секілді тынығып, жылқы жусап, қара мал күйсеп, анда-санда қой үріккенде ұйқысы сақ төбеттің маңқылдап үргені, кемпір-шалдың айтақтаған дауысы ғана естілуші еді”.

Жамал мен Ғалидың, уәде байласып, ғашықтық рахатына бөленетін сәттері осындай табиғат аясында өтеді. Ал сорлы, бақытсыз Жамалдың дұшпан торынан қашып шыққан соңғы сапары қалың қарлы қыстағы дүние көрінбейтін боран суретімен астаса, қатар өріліп беріледі.

Рас, шығармада кең бейнеленген кескін суреттері, портреттік мінездемелер мол болмағанмен, бірен-саран кездеседі. Үш мысал:

1. “Жоғарыда айтып өткен Байжанның он жеті жастарға келген Жұман дейтін бір таз һәм ақылсыз баласы бар еді. Сол елде екі-үш Жұман есімді жігіттер болғанға, бірін – “сары Жұман”, бірін – Байжанның баласын – тапал Жұман” деуші еді”.

2. “Жамал он бес жасқа келді. Сұлулық, ақыл, салтанат үшеуі бір-біріне муафиқ келіп, Жамал сол елдің қызының алды болды. Бұл айтылмыш артықшылығының үстіне Жамал сөзге бек ұста болып, өз ойынан шығарылып өлең де жазатын болды”.

3. “Бұл жігіт орта бойлы, қияпатты, бетінде азырақ қорасан дағы бар, жаңа мұрт шығып келе жатқан, сөйлеген сөзі сыпайы, әдепті, киімі ноғайшалау Ғали есімді бір азамат еді”.

“Бақытсыз Жамал” стилінде таза реалистік проза тіліне лайық салмақты, орнықтылық бар. Жазушы ұйқасты, ырғақты, өлеңдетіп отыратын өрнектен бойын мүлде аулақ салған. Тіпті кейінгі дәуірлердегі туындылардың өзінде кездесе беретін әсірелікке, сөйлемдегі сөздердің табиғи орын ауыстырып жасайтын инверсияға да бармайды. Лексикалық тұрғыдан таза қазақ тілінің байлығы еркін қолданылған, Міржақыптың поэзиялық шығармаларда жиі кездесетін араб, парсы, татар сөздері “Бақытсыз Жамалда” өте сирек, жоққа тән, оның есесіне (съезд, минут, фальш, план, учитель, расход, выборной тәрізді) кейбір орыс сөздерін өз қалпында алып жібереді. Жамал мен Ғали арасындағы ғашықтық сырларды көрсету үшін алынған өлең текстері айтыс үлгісінде, хат формасында берілген.

Шығарма сюжеті Сәрсенбайдың балаға зар болуы, Шолпанға үйленуі, одан Жамалдың тууы, Жамалдың молдадан оқып тәрбиеленуі, әдемі бойжетуі, Сәрсенбайдың билік үшін көмектеседі деген іш есеппен Байжанмен құда болуы, бұған Шолпанның қарсылығы, Ғали мен Шолпанның танысуы, Ғали мен Жамалдың танысуы, ғашық болуы, өзара тіл табысып, қашып кетуі, Байжанның келінінің кетіп қалуына орай жасаған аярлық дүние салуы, Жамалдың еріксіз Байжан босағасына келуі, Жұманнан көрген қорлық-зорлық, ақыры боранда адасып өлуімен аяқталған оқиғалардың бір-бірімен байланысқан, желісі үзілмейтін тізбегінен құралған. Композициялық тұрғыдан келгенде, лирикалық шегініс, қатар өрбіген желілер, қосымша эпизодтар жоқ, кей тұстарда автор оқырманға тікелей тіл қатып отырады. Бірер мысал:

1. “Оқушылар. Хикаямыздағы оқиғалар жоғарыда айтылмыш Сәрсенбайдың үй ішіндегі кісілерден басталғаны себепті, анық аңлатпақ үшін Сәрсенбайдың кім екендігін һәм нендей кісі екендігін жазамын”.

2. “Шолпан кісі көзіне түспей үйіне барып жата тұрсын, біз мезгілсіз аттанған жолаушыларымызды жолға салып жіберелік”.

3. “Енді оқушыларға елде болып жатқан уақиғалар мен мағлұм болсын”.

Авторлық баяндауда жазушы белгілі ортаның суретін, тұрмыс-салтты, адамдар мінезін сипаттай отырып, ретті жерлерде диалог мүмкіндіктерін кеңінен қолданады. Кей тұстарда тұтас толғауға ұласатын монологтар да бар. Адамдардың жүріс-тұрыс ерекшеліктерін, сөйлеу мақамын даралауға мән берілген. Сөйтіп, өз мезгілінің күрделі әлеуметтік-қоғамдық мәселесін көтерген, махаббат бостандығын жыр еткен, жанрлық тұрғыдан қазақ әдебиеті үшін жаңалық болған “Бақытсыз Жамал” прозалық туындысы жиырма бес жастағы Міржақып Дулатов ұлттық рухани тарихында терең із қалдырды, бірінші романшы атанды.

Өмір құбылыстарын жан-жақты қамту, сан алуан қақтығыстар үстінде көрінген күрделі бейнелерді жасау, көркемдік құралдар байлығы деп аталатын талаптарға жауап беретін іргелі қазақ романдарының эстетикалық ізденістер басы – “Бақытсыз Жамал да” көп уақыт салмай Міржақып туындысымен тақырыбы, нысанасы, әуезі сарындас Сәлім Көшімовтің “Мұңлы Мәриямы”, Тайыр Жомартбаевтың “Қыз көрелігі” (1912), Спандияр Көбеевтің “Қалың малы” (1914), Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Қамар сұлу” (1914) тәріздес прозалық шығармалар дүниеге келді.

Қазақ әдебиетінде баспа жүзін көрген алғашқы пьесалардың қатарында 1922 жылы Орынборда басылып шыққан Міржақып Дулатовтың “Балқия” драмасы да айтылуға тиіс. Бұл шығарманың нақты қай жылы жазылғаны туралы дерек белгісіз.

Пьесада көтерілетін әлеуметтік-қоғамдық мәселе жазушының бұрынғы поэзиялық, прозалық, публицистикалық шығармаларындағы арналарды одан әрі жалғастырып, драмалық жанр шарттарына орай лайықталып алынған материалдарды алдымызға тартады.

Авторлық ремарка ең алдымен кейіпкерлерді қысқаша мінездеп, олардың жас мөлшерін, бір-бірімен туыстық, кәсіби қатысын дәл көрсетеді. Мысалы: “Жарасбай – дәулетті адам. Жасы 68-де. Балқия – Жарасбайдың қызы. Ақылды, ашық ойлы. Жасы 19-да. Қасым – осы ауылдағы жәдит мұғалімі. Пікірлі, халықшыл жігіт. Жасы 25-те. Болыс – бай, жебір, зорлықшыл адам. Жасы 53-те. Тілмаш – болыспен жемтіктес, сұм жігіт. Жасы 31-де, - деп 18 персонаждың бәріне түсінік берілген.

Шығарманың сахнаға лайықталғаны, әсіресе оқиға ететін ортаны, ондағы декорациялық заттарды дәлді көрсетуден жақсы байқалады.

Пьесадағы оқиғалардың негізгі өтетін орындары Жарасбайдың үйі, болыстың кеңсесі, Қасымның қаладағы үйінің бөлмесі – осылардың бәрі авторлық ремаркада, негізгі заттары дәлді беріледі. Назар аударыңыз: “Жарасбайдың үйі бір бөлме. Есігі біреу, терезесі екеу, төрде жүк жиылған, текемет, кілем, көрпе жайылған, есіктен кіргенде оң жақта қазақы кіреует, тұсында ұсталған кілем. Алдында құрылған шымылдық, жиюлы кіреует алдында жерде сырмақ, оның үстінде қаптап төсеген көрпе. Жүктің бір шеті мен кіреуеттің арасында жерде тағы бір төсек. Оның үстінде қызылды-жасылды әйел киімдері ілулі. Бұл төсектің аяқ жағында кішкене сандықша. Сол жағында самауырын, ақ құман, поднос, шыны аяқтар, бұлардың тұсында жіпке асулы орамал, дастархан, жайнамаз. Перде көтерілген кезде үйде жалғыз Балқия көрінеді.”.

Бұл жерде драматург сахналық қойылымның дайын декорациясын қолдан қойғандай етіп беріп отыр.

Алғашқы көріністердегі әрекеттер осы ортада, Жарасбай үйінде өтеді. Бірден пьесаның түпқазық бейнесі Балқиямен танысамыз. Бұл бұрынғы ескі ауылдың хат танымайтын, оң мен солын білмейтін, әке-шешенің айтқанынан шықпайтын, ескі салт-сана шырмауындағы көрбала қыз емес, жаңа дәуірдің толқынында қалыптасқан, дүниеге өз тұжырымы бар, көзі ашық, әр нәрсеге пікір айта алатын, тіпті ежелгі тұрмыс-салт ережелеріне, шариғат билігіне, құдалық рәсімдеріне қарсылық жасай алатындай қайраты бар.

“Бақытсыз Жамал” романындағы негізгі кейіпкердің бірі Жамалдың сүйген жары – Ғали әрекет үстінде көріне алмайды, оның сөйлеген сөздері, жасаған істері көмескі, нағыз күресетін тұста, аяқ астынан ауырып, өліп қалуы да көңілге қонбайды. Осы олқылықтың орнын жазушы “Балқия” пьесасындағы мұғалім Қасымның бейнесі арқылы толтырды десек, дұрыс болмақ.

Пьесадағы тартыс жүйесінің бел ортасында Қасым тұр. Ол салған жерден еркін ойлы, жаңаша көзқарастағы жігіт екенін танытады. Басқа ауыл адамдары секілді дәулет иесі Жарасбайдың алдында бүгежектемей, ойындағы нәрселерді бетің бар, жүзің бар демей, ашық айтып тастайды. Әсіресе, кедей Нұрмақтың кешегі сайлау лаңынан бүгін заңсыз салық азабын жегіп отырған ауыр күйіне жаны ашып, бұл зорлықтың түпкі есебі неде екеніне сорлы шаруаның көзін жеткізеді.

Драматург қазақ ауылындағы әлеуметтік теңсіздікті, бай мен кедей, жуан мен жіңішке болып бөлінуді анық, дәл көрсетеді. Ескі салтты мүлде қолдамайды, қалың үшін қыз сатуды айыптайды. Бұл ретте Жарасбай жырынды, кеудемсоқ, әпербақан күйінде танылса, Нұрмақ мал – дүние үшін қыз жылатуға бармайтын иманды, арлы, намысты, ер кедей қалпында есте қалады.

Қасым мінезінің ашылуы, әсіресе, екінші перденің үшінші көрінісінде айрықша байқалады. Алдында Қасым-Жарасбай-Нұрмақ диалогтарында айқындала бастаған ерекшеліктер енді көзқарас, дүниетаным сипаттары болып танылады. Обал, сауап, пітір, зекет қақында дүмше молда түсініктеріне батыл қарсы шыққан Қасым шариғат, әділет жолын сілтейді. Ел дәулетінен жиналған қаржының құмға сіңген судай кім – көрінгеннің қалтасында, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуін айыптайды. Халық мұқтажына орай іс жасамай, патша отаршылары қасақана қазақ тілін жою, ұлт мектептерін тұншықтыру үшін жасап отырған қастандықтарды ашынып айтады. Бұл төңіректегі Қасым толғаулары Міржақып өлеңдері мен мақалаларындағы ой-сарындармен сабақтасып жатыр.

Төртінші пердеде Қасымның “Қазақ” газетін оқуы, Балқияға білім беруге талпынуы, сахнада пьеса қоюға әрекеттенуі, саяси қашқынға қаржы жинауы, озық пікірлі Құлтас, Ахметжан қатарлас достарымен қарым-қатынасы, ақыры Жарасбай, тілмаш, молдалардың жапқан жаласымен ұсталып кетуі – жаңа сипатты күрескер бейнесін айқындайтын белгілер.

Қазақ қауымының сан-алуан әлеуметтік, қоғамдық тіршілігі, тұрмыс-салт, шаруашылық жағдайы, мінез машықтары, арман мүдделері, отарлық езгінің кесепаты туралы толғамдарын әдеби шығармаларында түрлі бейнелер, көркемдік тәсілдер арқылы, кейде астармен, жұмбақпен, ишарамен білдірген Міржақып Дулатов журналистика, публицистика формаларымен өз заманы, күнделікті көкейкесті мәселелер, тарих сабақтары жөніндегі ойларын қолма-қол ашық, айқын етіп айтып беріп отырды. Бұл тарапта туған мақалалардың негізгі тақырыптары Қазақстанның отарлануы, шаруашылық, жер мәселесі, 1916 жыл оқиғасы, тарихи тұлғалар - әдебиет, театр, баспасөз, оқулық жасау, халықаралық жағдай, ұлттық мінез сипаттары секілді толып жатқан салаларды қамтиды.

Тіршіліктің шешуші тұтқасы, адам баласы байлығының кіндігі – жер мәселесін Әлихан Бөкейхановтан бастап алаштың көзі қарақты қайраткерлері ерекше көңіл бөліп, көптеген еңбектер, зерттеулер, мақалалар жазған. Бұлардың бел ортасында Міржақып Дулатов тұр. “Біздің мақсатымыз” (“Серке”, 1907) мақаласында қазақ халқының Ресейге тәуелділігі, отарлық тепкідегі ел екендігі, атадан мұра боп келе жатқан әдет-ғұрыптың, тұрмыс-салттың, мұсылман дінінің қудалануы, орыстандыру, шоқындыру әрекеттерінің өршуі, шұрайлы жерлердің тартып алынып, олардың байлар, дворяндар, помещиктер, генералдар меншігіне айналуы, бұларға қарсылық жасағандардың қуғын-сүргінге түсіп, абақтыға қамалып, түрмелерде отырғаны ашық айтылады. Патша өкіметінің отаршылдық саясатын қаймықпай айыптаған осы мақала үшін “Серке” газеті тәркіленді.

Кең өрістер қиылып, көші-қон мүмкіндіктері тұсалып, отаршылық қырсығынан тіршіліктің бірден-бірі көзі – малды еркін жаю мүмкіндігінен айрылған, сөйтіп аштан қырылу шегіне жеткен туған елінің азапты халіне ширығып, шаруашылық жүргізудегі ескі тәсілдерге қарсылық рухында орыс тілінде жазылып, латынша ат қойылған “Апат төнгелі тұр” (“Сибирские вопросы”, 1910) мақаласында патша өкіметінің шет аймақтарға бөлінген азды-көпті қаржысының шаруаға бір тиыны да бұйырмай, шенеуніктер жемсауында кете баратыны өз әрекеті әлсіз, сырт көмектен құр-алақан қалған елуге төніп келе жатқан жұт деген айдаһар туралы аттан салған дауыс бар.

Мәселені айқын қойып, соған дәл жауап іздеген мақаланың бірі – “Жер мәселесі” (“Айқап”, 1911) деп аталады. Мұнда Ресейден қарабұлттай қаптап көшіп келіп жатқан мұжықтардың отарлауы салдарынан қазақ қоныстарының тарылуы, ежелгі елдің тау-тасқа, құмшелге ығысу тағдыры ашына сөз болады. Енді жер кестіріп алып, қала болып тірлік ету керек пе, әлде бұрынғыдай көшпелі өмір салтымен қала ма – осы екі ұдай пікірдің екі жағының да тиімді, пайдасы, керекті жақтарын талқылай келіп, Клеменц, Винер секілді ғалымдардың тұжырымдарына да сүйеніп, Міржақып: “Қазақ мал баққан халық. Қазіргі бағып отырған малына лайық жер қалдырмай тастауын ақылға сыйдыруға болмайды. Халықтың ғұмыры 20-30 жыл емес, дүние тұрғанша тұруда үміт бар. Соның үшін түбін ойлағанда, қазіргі тұрмыстың неше ғасырдан бері бекіп қалған негізін бұзбасқа керек”, - деген ой түйеді. Сұңғыла қаламгер кейін зорлықпен жасалатын колхоздастыру кесірінен болатын ашаршылықты да, миллиондаған басқа жұрт өкілдерін алып келіп, тың жерлерді парықсыздықпен жыртып, табиғи ортаны жауыздықпен бұзып, қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерінен, тілінен, тұрмыс-салтынан айырылуына алып келетін кесепатты жағдайларды күні-бұрын болжап білгеніне таң қалмасқа лажың жоқ.

Бұрын патша өкіметіне алым-салық төлегенмен, әскерге жігіт беріп көрмеген қазақ елі үшін 1916 жылғы маусым жарлығы шаңыраққа түскен найзағайдай әсер етті. Жұрт не істерін білмей дал болған осындай тұста қазақ оқығандарының Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов бастаған тобы қатал өмірдің қаһарлы талабынан қаймықпай, халыққа арнап, “Алаш азаматына” (“Қазақ”, 1916) деген мақала жазып, болып жатқан дүниежүзілік соғыстағы Ресей, қазақ не істесе дұрыс болмақ деген сауалдарға азаматтық парыз тұрғысынан жауап берді.

Авторлардың патша өкіметіне емешегі бұрып тұрған жоқ, еріксіздік, мәжбүрлік жағдайдан туған таңдау негізінде ауылда отырып, босқа қырылғанша, қара жұмысқа барып, аман қалуды мәслихат етеді. Осы шешімге келген күнде ел ішіндегі басшы адамдар бай, кедейге, жақсы, жаманға, топ, руға бөлінбей, параға, малға сатылмай, солдатқа жөнелтілетіндердің тізімін жасауды, кейбір ретте жеңілдік сұрауды ұсынады. М.Дулатовпен бірге А.Байтұрсынов, М.Тұңғаншин, С.Қадырбаев қол қойған “Торғай һәм Ырғыз уезінің халқына” (“Қазақ”, 1916) деп аталатын ашық хатта тыл жұмыстарына жігіт бермегендігі үшін Түркістанда, Жетісуда жазаланған, бекерге опат болып, қырылып қалған, тау-тасқа, сай-салаға, шетелге қашып, қуғын-сүргінге түскендердің тағдырын баяндай келіп, қан төгілгенін, жұрттың берекесі кететінін ескертіп: “Бұл хатты жазушы біздер, өз балаларың, өз тумаларың. Жанымыз ашиды, қабырғамыз қайысады. Біздің ата-ана, туған-туысқандарымыз іштеріңде. Бізді қазақ баласы қанына тартады, жаны ашиды десеңдер, тіл алыңдар: қан төкпеңдер, қарсылық қылмаңдар. Алынатын жастар басын қорғаймын деп, үйдегі кемпір-шал, қатын-баланың обалына қалмасын. Бізді орысша оқып, орыс арасында жүр, біздің пайдамызды айтпас деп, ойлайтындардың бізді құдай мен аруаққа тапсырыңдар”, - деп жандары шырқырап, имандай сырларын айтқан. Рас, алаш азаматтары өз мақалаларында 1916 жылдың қиын-қыстау заманында қазақ ауылына қару алып, орыс патшалығына қарсы шық деп үгіттеген жоқ. Олар үкімет басына большевиктер бастаған революционерлер келетінін де күні бұрын болжай алмады.

Халық мақсаты үшін күрес тәсілдерінің бірі байлау жолымен болған өкімет орындарында өкіл ұстау деп білген Міржақып Дулатов “Үшінші июнь законы һәм қазақ” (“Қазақ”, 1914) мақаласында 3-ші және 4-ші мемлекеттік Думаларда қазақ халқының депутат болдырмай тастау себептерін ашып береді. “Ашық хат” деген мақаласында: “Бір кісі бар іске жарайтын болса да, аз болмас. Халыққа қызмет етемін деген кісіге бәрі бір: депутат бол, газет шығар, бала оқыт. Өзгеміздің бәрі сай болып, жалғыз депутатқа қарап тұрған іс жоқ. Халқың надан болса, мың депутатың болсын пайда тағы жоқ. Депутаттықты таңсық көріп, атағына қызығып, яки бәсеке үшін баратын кісі болмасқа тиіс” деген дәл бүгінгі Қазақстандағы жағдайды күні бұрын болжап білгендей, қызықты да құнарлы ой толғайды.

Міржақыптың Абайға арналған алғашқы қысқа ғана мақаласы татардың “Уақыт” газетінде 1908 жылы жарияланған. Ақынның ой-өрісі, білім деңгейі, туған жері, шыққан ортасы айтылып, әдеби мұрасына жалпылама баға беріліп, оның орыс әдебиетімен, әсіресе Лермонтовпен үндестігі ескертілді.

1914 жылы “Қазақ” газетінде басылған “Абай” мақаласы ақынның опат болғанына он жыл толуына орай арналып жазылған. Мұнда әдебиеттің, оның көрнекті өкілдерінің халық тарихында алатын орны айрықша бағаланады. Абайдың қадырын білмеу, оны елеп-ескермеу ұлттың үлкен кемшілігі ретінде аталады, әдебиет елдің жаны деп көрсетіледі.

Абайдың ғұмыр жолын қысқаша баяндап, тұңғыш кітабының шығу тарихы, оған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан және ақын балалары мен інілерінің қатысуы, Семейде Нәзипа Құлжанова өткізген әдеби кеш туралы сөз болады.

Ең құнарлы ой – Абай қазақтың жаңа әдебиетінің басы, негізін салушы деген тұжырым, алғашқы жарық жұлдыз деген балама. Орыстың бірінші жазушысы Ломоносов деп санап, Абайдың өз халқының тарихындағы орны онымен қатарлас деген салыстырма жасайды. Абай шығармаларын жариялау, насихаттау, оның есімін мәңгі есте қалдыру үшін мұражайлар салдыру керектігін толғана сөз етеді.

Абайдың қазақ халқы тарихындағы мәртебелі орнын басқа елдер әдебиетімен сабақтастықта алып қарап, дәл тауып, дұрыс бағалап берген Міржақып келешек заманда ұлы ақынның атақ-абыройы, мерей-даңқы өсіп, жаңа буынмен емірене табысатын ерекше әулиелікпен көре білген. Дөрекі социологиялық, таптық, атеистік көзқараспен келген кезде зерттеушілер абайтануда толып жатқан, солақайлыққа, сан алуан қателікке ұрынғаны белгілі. Ал Кәкітай Ысқақов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов ұлы ақын шығармаларын тануда ұлттық, халықтық, эстетикалық таза талғаммен ешқашан мәнін жоймайтын бағалы байламдар жасай алды. Абай шығармаларындағы сарын-әуезді, ой-пікірді, идея-нысананы алаш азаматтары терең сезіп, тебірене насихаттай білген.

Қазақ тарихының заңғар тұлғасына арналған “Хан Абылай” (“Айқап”, 1912) мақаласы негізінен аңыз әңгімелерге, фольклорға, Бұқар жырау, Арыстан, Жанақ, Орынбай ақындар жырларына сүйеніп жазылған. Алдымен Абылайдың шыққан тегі, бабалары, Бұқара, Ташкент, Түркістан жағындағы бұлдырлау ғұмыры, Төле би, атығай Дәулеткелді байдың жылқысын бағатын шағы, қалмақпен бір соғыста “Абылайлап” шауып, атаққа ие боп, хан сайлануы көркем тілмен баян етіледі. Қызықты дерек – Абылайдың әйгілі жолбарыс, аю, қасқыр, түлкі, қоян туралы өзіне, ұрпақтарына қатысты түсі және оның жоруының берілуі. Ханның соңғы әрекеттері Самарқант, Ташкент жорығы, опат табуы тарихи нақты жағдайлардан алшақ емес. Абылай заманының исі қазаққа мәлім болған атақты адамдары қатарында Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаздауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Көкжарлы Көкжал Барақ, Шанышқылы Бердіқожа айтылады. Ханның отыз ұлы болғандығы көрсетіліп, даңқты Кенесары мен ер Наурызбай мадақталып, генерал атағын алған нәсілдері Ғұбайдолла Шыңғысханов, Сұлтанғазы Уәлихановтардың білім дәрежелері бола тұра, жұртын өрге сүйремегенін өкінішпен ескертеді. Мақалада Абылайдың батырлығы, ел аралық қатынастағы даналығы, қазақ-орыс, қазақ-қытай саясатындағы көрегендігі, әлеумет қайраткерлігі айтылмағанмен, қысқаша ғұмырбаяны оқырман назарына тартылған.

Шоқан Уәлиханов туралы жазылған қазақ тіліндегі ең алғашқы түбегейлі, жан-жақты мақала Міржақып қаламынан туып, 1914 жылы “Қазақ” газетінде жарияланды. Автор 1904 жылы Санкт-Петербургта Н.Н.Веселовский редакциясымен шыққан үлкен бір томдықта басылған материалдарды арқау ете отырып, ұлы ғалым, ағартушының ең алдымен ата тегі, шеше тегімен таныстырады, қазақ дәстүрі бойынша екі жағын да рулық жүйемен таратып, ол аталардан шыққан белгілі адамдарды айтады. Шоқанның білім алған, тәрбиеленіп өсіп, биік әлемдік деңгейге көтерілген рухани-мәдени, ғылыми-тарихи кіндік қаласы – Омбы, ондағы кадет корпусы, тәлім берген ұстаздар, Достоевский, Дуров, Потанинмен дос-жарлық – осының бәрі дерекпен дәлелденіп, құжатпен айғақталып толық айтылады. Жас дарынның оқу бітіргеннен кейінгі тағдыры, Қашғар сапары, Петербургке баруы, қырға қайтып оралып, Черняев экспедициясында болуы, ақыры Тезек төре ауылында көз жұмуы түгелдей баяндалады. Бұл ықшам ғұмырнамалық сипаттама – кейін тұтас ғылым саласына айналатын шоқантанудағы тырнақалды байсалды, салмақты еңбек.

Бұл мақаладан Шоқан кімдерді оқыды, қандай ғалым, жазушылардан үлгі алды, ориенталистикаға қалай келді, декабристер қозғалысына қатысы болды ма, өз заманындағы қандай ірі қайраткерлермен дәм-тұздас, тағдырлас еді деген сауалдарға жауап табамыз. Басқаларды айтпағанда, Шоқанның Семенов-Тян-Шанский, Достоевский, Тургенев, Пушкин, Лермонтовтарға қатысы деген мәселе көтеріледі. Орыс армиясының офицері бола тұрып, өзінің қалтқысыз қызметімен, ғылыми зерттеу еңбектерімен, әдебиетші, фольклоршы, тарихшы, этнограф, суретші, саяхатшы ретінде туған халқының рухани-азаматтық тарихында терең-терең арналардың бастаушысы болған, қазақ-орыс, қазақ-қырғыз, қазақ-ұйғыр жұрттарының арақатынастары үшін алтын көпір салған елші іспетті Шоқанның атына айтылған кейбір жала-ғайбатты Міржақып жоққа шығарып, ұлы азаматтық ұлт керуеніндегі қасиетті тұғырын қапысыз танытып береді.

Алаштың екі алып азаматы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов ауылдас, аталас, ең бастысы бұлардың ұлы күрес жолындағы рухани туыстығы – қазақ тарихындағы қымбат та қастерлі беттерді бірі. Міржақып шындап келгенде – Ахметтанудың негізін салушы. Оның орыс тілінде 1922 жылы жазылған “Ахмет Байтурсынович Байтурсынов” деген биографиялық очеркі – осы тұжырымға толық дәлел бола алады. Бұл еңбекте тұңғыш рет Ахмет Байтұрсыновтың туған жылы өскен жері, ата-бабасы, оқыған мектептері, істеген қызмет орындары, қазақ халқына жасаған тарихи еңбегі дәл, айқын көрсетіліп, толық, дұрыс бағаланған.

Ахметтің ақындық, публицистік, ғалымдық, қоғамдық қызметтеріндегі эволюциялық жол талдап берілген. Әкесі Байтұрсынның орыс әкімшілігінің зорлығына көнбеуі, Ахметтің жастай жетім қалуы, жоқшылық тепкісін көруі, арнаулы мектептенден білім алуы, Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы атыраптарында мұғалімдік қызмет етуі, патша өкіметі тарапынан қудаланып, Семей түрмесіне түсуі, Орынборға жер аударылуы бір арна сөз болса, “Маса”, “Қырық мысал” кітаптарының мазмұны, идеялық нысанасы және талданады. “Қазақ” газетін ұйымдастырып шығаруы, қудалануы туралы дәлді деректер беріледі. Ахметтің Алаш қозғалысына қатысуы, Кеңес өкіметі кезіндегі қызметі деген мәселелерге де анық, бұлтақсыз жауап берілген.

Көптеген әсіре қызыл, шолақ белсенділер, таптық схоластика тұрғысынан байбалам салып, қайдағы пәлені ойлап шығарып, қара күйе жағып, улап-шулап жатқан кезде, Міржақып Дулатов тарихи фактілерді тырнақтай да бұрмаламастан алаштың ардақтысы – Ахмет Байтұрсыновтың шығармашылық, қайраткерлік реалистік портретін жасап берді. Бұрынғы кеңес елінде, шет мемлекеттерде Ахмет Байтұрсынов туралы жазылған кейінгі еңбектердің авторлары бірқыдыру нақты деректерді осы Міржақып Дулатов очеркінен алғанын көреміз.

Шағын ғана “Ғабдолла Тоқаев” мақаласы (“Қазақ”, 1913) татардың жиырма алты жасында мерт болған ұлы ақынының қазасына орай жазылған. Қысқа ғұмырда ұлттың бас ақыны деңгейіне көтерілген дарынның жетімшілік, тауқыметке бой бермей, поэзияның биік шыңына көтерілу жолы айтылып, оның есімі татар халқы үшін қазақ арасындағы Абаймен теңдес деген тұжырым жасалады.

Тағы бір қазанама – қазақтың университет бітірген, тұңғыш заң мамандарының қатарынан құрметті орын алған, алаш қозғалысына белсене қатысқан, кейін Кеңес мекемелерінде қызмет еткен әйгілі азамат – Ахмет Бірімжановқа арналған, аяулы қайраткердің өмір жолы, артында қалған үрім-бұтағы іш тарта баяндалған. Алаштың көзге түскен жігіті – семинария бітірген, бала оқытқан, абақтыда отырған, күрескер Отыншы Әлжанов қырық жасында қаза тапқанда, Міржақып қайғыра отырып, “Тағы құрбан” деген мақала жазды.

Қазақ даласында Семей облысы, Тұзқалада казак шаңырағында туып, Омбыдағы кадет корпусында Шоқанмен бірге оқыған, ол туралы естеліктер жазған досы, әйгілі ғалым, саяхатшы, қазақ фольклорын жинап зерттеуші Григорий Николаевич Потанин ерекше құрметке бөленген. Оның сексен жасқа толған мүшелтойына арнап Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов өлең жазып, бүкіл Сібір халықтарына ортақ тарихи еңбек жасаған қарт оқымыстыны мадақ еткен. Мұның үстіне Міржақып “Григорий Николаевич Потанин” (“Қазақ”, 1915) мақаласында атақты ғалымның тарихи орнын көрсетті, өмір жолын, жазған ғылыми еңбектерін тұтас шолып айтып береді. Әсіресе, белгілі ғұламаның қазақ еліне, мәдениетіне, әдебиетіне сіңірген еңбегі жоғары бағаланады.

Кеңес дәуірінде жазылған – “Нариманұлы Нариман” (“Қызыл Қазақстан”, 1925) мақаласында әзірбайжан халқының перзенті, Кавказ бойында үлкен әрекеттер жасап, кезінде күллі Ресейге атағы шыққан белгілі революционердің туған, өскен ортасын, білім алған ордаларын, қызмет қылған жерлерін түгелдей айтып, негізгі қоғамдық істерін көрсетіп, басты әдеби-ғылыми туындыларын көктей шола отырып, аса ірі қайраткердің шығармашылық кескінін жасап береді.

Қазақ халқының тарихи тұлғаларына арналған ғұмырнамалық мақалаларының үстіне Міржақып Дулатов таза тарихи мәселелерге арналған туындылар да берді. Олардың ішінде екі еңбекті бөліп айту керек.

Жолсапар әсері ретінде оқырманмен сырласу үлгісінде басталатын “Хазірет Сұлтан” (“Қазан”, 1913) мақаласында қазақ халқының тарихына, қазақ-өзбек мемлекеттерінің байланысына, Ташкент, Түркістан иелігіне, Ақсақ Темір, Сығай хан, Есім хан, Тұрсын хан, Бүке хан, Қайып хан, Ғұмар хан, Жәдігер хан әрекетіне қатысты көптеген деректер келтіріліп, сан алуан мәліметтер беріледі. Ең бастысы Ахмет Яассауи кім екендігі; зират-мешіттің салынуы, құрылыс ерекшеліктері, күмбез бөлмелердің өлшемдері, түрлі заттардың сипаттамасы, қандай әйгілі адамдардың жерленгені жан-жақты айтыла келіп, орыс әскерлері зеңбірекпен атқаннан кейінгі кешене тағдыры, жөндейміз деген желеумен елден қаржы жинап алып, оны өздері сіңіріп кеткен жырындылардың ұрлық-қарлық әрекеттері әшкереленеді. Күтімсіздіктен қасиетті, киелі мешіт орнында үйіліп бір оба томпайып қалуы мүмкін деген Міржақыптың ащы ойы күні бүгінге дейін сейілген жоқ қой.

Айрықша мәні бар “Қазақ, қырғыздың аты, тегі туралы” (1923) деп аталатын зерттеуде Міржақып Дулатов біздің халқымыз жөнінде жазған Г.Ф.Миллер, П.С.Паллас, И.Г.Георгий, Н.П.Рычков, Ф.Б.Фишер, Г.Ю.Клсопарт, К.Риттер еңбектерін атап өтіп, әсіресе қазақ туралы үш томдық кітап жазған А.И.Левшинді жоғары бағалайды. Бұған қоса Шоқан Уәлиханов, Чулочников, В.В.Григорьев, В.В.Вельяминов – Зернов, Э.Мейр, Красовский, В.В.Радлов, Л.Ибрагимов, Н.И.Веселовский, Сенковский пікірлерін ескеріп отырады. Г.Вамбери, Фирдоуси, Әбілғазы Бахадур хан, Шәкәрім, орыс шежіресі, Әлихан Бөкейхан еңбектеріндегі деректер дәйектемеге алынады. Қазақ шежіресіндегі мәліметтерге мән беріледі. Қазақ, қырғыз халықтарының атын дұрыс ұғыну, қашаннан бері жұрт болғанын тану, үш жүзге бөліну және алаш атанудың себептері деген мәселелерге қатысты жалпылама, жинақтау, шолу түрінде, ғылыми еңбектерде тиянақталған ойлардың қорытынды тұжырымдары ұсынылады. Бұл еңбек Міржақыптың, қазақ, түрік, монғол, орыс, Еуропа, Азия тарихына байланысты көптеген зерттеулерді оқып, ой-елегінен өткізіп, халқының бұрынғысына қатысты өзі арнаулы пікір қалыптастырған, жүйелі көзқарасы болған тиянақты ғалым екендігін айғақтайды.

Әрі ұстазы, әрі рухани әріптесі, әрі күрескер досы Ахмет Байтұрсыновпен бірлесіп “Қазақты” шығарған, кейін кеңес газеттерінде де істеген Міржақып Дулатов – қазақ баспа ісінің, баспасөзінің тарихына қатысты тұңғыш пікір айтқан қаламгерлердің бірі. “Қазақ баспаханасы” (1917) мақаласында “Қазақ” газетінің қалай шыққаны, баспахана жағдайы, патша өкіметі тарапынан қалай қудаланғаны сөз болады. Іштен шыққан шұбар жылан іспетті сұмдардың, арызқорлардың, пәлеқорлардың, пәлелердің жапқан жаласымен Ахмет Байтұрсыновты, Әлихан Бөкейханды, Міржақып Дулатовты күйдірмек болған. Сол арыздардың текстері берілген. Осылардың кеселінен Ахметтің абақтыға қамалуы, сан рет айып төленуі, газеттің жабылып қала жаздауы айтылады. Осындай жалақорлықты, бұзақы мінездерді әшкерелейтін “Досмайыл хажыға ашық хат” (“Қазақ”, 1914) мақаласында (Ахмет Байтұрсыновпен бірлесіп жазылған) да сорақы деректер, бұлтартпас дәлелдер бар. Ішіне шынтақ айналмас қызғанышымен өртенген Досмайыл деген біреудің неше түрлі пәле-жала жауып, өтірік ғайбатпен алаштың ұлы азаматына күйе жақпақ, тіпті оларды патша өкіметімен шағыстырып, түрмеде шірітпек болған қанқұйлы әрекеттері әшкереленеді. Сондай қаскөй қылықтар кейінгі төңкеріс, қанқырғын, отыз жетінші жылдары ұлттық бетке шығар қаймағын сыпырып әкеткені еске түскенде, кесепат тамыры қай заманда түйін салғанын біліп, жағаңды ұстайсың. Қоғамның іштей шіруі, халықтың дай-дай болып бөлініп, бір топтың екінші топқа қасқырша шабуы, өтірік арызбен айдатып, соттату дертінің ушығуы “Дау құмар” (“Қазақ”, 1915) мақаласында Ақмола, Семей, Орал, Торғай, Ақтөбе атыраптарынан алынған көптеген сот материалдары арқылы көрсетіледі де, “қазақты жау мен жұттан құдай сақтар-ау, бірақ бұл мінезін қоймаса, тегінде, түбіне дау жетер” деген кекесінді ой айтылады.

Қазақ мінезіндегі солақайлық пен надандық кеселі Шу бойынан Омбыға гимназияға түсуге келген 11 жасар Дінмұхамед Әділов деген баланың тағдырына тигізген кесепаты “Балаларға жұққаны” (“Қазақ”, 1913) мақаласында өкінішпен баяндалып, автордың өзі жасаған қамқорлық көрсетіледі. Бір қыз басына азаттық алып бергені жайлы сөз ететін “Сол қыздың атын ұмыттым” (“Еңбекші қазақ”, 1924) деп аталатын туындыны көркем очерк, әйтпесе деректі қысқа әңгіме десе де қате емес. “Айқапта” басылған Шәкәрім хажы сұрауына жауап ретінде жазылған “Адамға тіршілік не үшін керек?” (“Айқап”, 1913) мақаласында ішкен-жегеніне ғана мәз болғандарды хайуандармен қатар қойып, қиянат, зорлықты, рушылдықты мансұқ етіп, жақсылық, адалдық, ұлт жолына қызмет етуді мұрат деп ұсынады, мансап үшін арын-жанын сатқандарды Абайдың “Мәз болады болысың” өлеңінен мысал келтіре отырып, мінеп-шенейді.

Мерзімді баспасөздің қоғамда алатын орны, мәдениетті елдерде оның “алтыншы мемлекет” аталатыны, халыққа хабар-ошар, білім берудегі қызметі “Баспасөз үлесі” (“Еңбекші қазақ”, 1923) мақаласында көрсетіле келіп, қазақ тілінде шыққан, жабылып қалған, шығып жатқан 42 газет-журналдық аты аталады. Баспасөзді өрістету, журналистиканы дамыту үшін қандай шаралар жасау керектігінің нақты тілектерін ортаға салады.

Мектеп, медресе, оқу орындарына арналған мақалалардан Міржақыптың ағартушылық-демократтық көзқарастары, ілгерішіл дүние танымы, ұлттық дамуды көксеген арман-мүддесі айқын көрінеді “Қирағат” кітабына алғы сөз ретінде жазылған “Мұғалімдерге” (1914) мақаласының үлкен әдістемелік, методикалық мәні бар. Мұнда мұсылманша, орысша білім алған мұғалімдердің айналып келгенде шәкірттерді қазақша оқытуда қандай тәсіл-амал қолдану керектігін бажайлап сөз етеді. Баяндап оқытудың жай-жапсарларын нақты текстен мысал келтіре отырып түсіндіреді. Жазушы қаламынан туған дүниенің сезінуге, естуге, көруге байланысын аша келіп, оқушы балаларға ұлт рухын сіңіруді негізгі мұрат деп табады. Оқытудағы мақсат тек білім сіңіру ғана емес, жақсы тәрбие беру, ұлт ұлын өсіру екендігі айрықша тәптіштелетін жәйт.

Бұрынғы қазақ арасындағы білім беру тарихына қатысты “Торғайдағы мұсылманша оқу” (“Қазақ”, 1915) мақаласынан көптеген дерек табамыз. Миссионер Ильминскийдің шәкірті Алекторовтың медресе аштың деп Байту молда мен Бейіс хазіретті қудалағанына қарамастан, мұсылманша оқудың Торғай атырабына үзілмегендігін көреміз. Жаңаша оқыту талаптарын қоя отырып, кейбір молдалардың келеңсіз мінездері, шәкірттерді арқалатып қойып сабайтын әрекеттері сыналады.

Сахараға білім сәулесін шашқан қасиетті шаңырақтың бәрі – Уфадағы Медресе Ғалияның онжылдығына арнап жазылған мақалада осы оқу орнын ашқан Зияддин хазіреттің тарихи еңбегі ерекше аталып, қазақ шәкірттерін өсіріп, тәрбиелеудегі бауырлық қамқорлығы көрсетіледі де, енді осы ошақ қаражат жоқтығынан зардап шеккен кезде, қазақ баласы да қол ұшын берсін деген тілек айтылады.

Міржақып Дулатов қаламынан туған еңбектер ішінде сын жанрының рецензия, полемика формаларына толық жауап беретін бірнеше мақала бар. 1914 жылы “Айқап” журналы Алматы уезінің начальнигі Лиханов жазған “Манап” атты драманы қазақша аударып басқан. Міржақып осы драмаға жеке мақала арнаған. Қаламгер өмірді егжей-тегжейлі білу үстіне, көргені мен сезгенін көзге елестетердей бейнелеу үшін талантты болуы шарт екендігі тиянақты айтылып, пьесаның мазмұны нақты талданады. Қазақ тұрмысында мүлде жоқ, жасанды жәйттердің өтірігі соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіледі. Ұзақ атты кісінің қасқырға қой жегіздің деп қойшыны бауыздауы, зорлығына көнбеген қызды өлтіруі, опасыздық жасадың деп, екі әйелін өлтіруі, жазықсыз жас баланың қанын төгуі, өлер алдында малға күнәсын сатып алмақ болуы, немересіне атастырған қызға өзінің ниет етуі, шалға бермекші болғанына қарсы шыққан өз қызын жарып өлтіруі – осы сияқты толып жатқан ойдан шығарылған, қазақтарға жаладай жабылған жәйттерді сынайды.

Аудармадағы қателіктер, теріс кеткен жерлер, қазақ ұғымына мүлде келмейтін сөздер, тіркестер, сөйлемдер тексті салыстыру арқылы көрсетілген. Осындай шала, халық тұрмысын мүлде бұрмалап көрсеткен құнарсыз шығарманы аударып басуға дәл осы сарындас қарсылық ойларды “Манап” драмасы туралы” деген мақаласында Сәкен Сейфуллин де айтқан.

“Надандық құрбаны” (1916) мақаласында автор театр, драма, проза, университет, студент, артист терминдерін қолдана отырып, өз кезіндегі қазақ жазба әдебиетіне сын пікірлер айтады, кемшілік-олқылықтарды көрсетеді, бірталай әдеби түрлердің әлі туа қоймағанына өкініш білдіріп, ең мол сала - өлеңнің өзінің сапасыздығына күйінеді, “бізде оқыған көп, ғалым хатшы. Хатшы көп, жазушы жоқ. Бізде өнер, ғылым, әдебиет кенже қалып отырған себебі де осы”, - деп ширығады. Осыдан кейін барып, Көлбай Тоғысовтың “Надандық құрбаны” пьесасын талдайды. Мұнда да бірінші қояр талабы – шығармада айтылған, көрсетілген оқиғалардың өмір шындығына, қазақ болмысына, тұрмыс-салтқа сәйкестігі. Бірнеше кісіні сөйлестірумен, біреуді үйден шығарып, біреуді үйге кіргізумен, біреуді ауыртып, біреуді өлтірумен драма болмайды деген жанрға қойылатын үлкен талапқа жауап бере алмаған шығарманың көптеген сорақы, жалғандықтарын автор жіпке тізгендей етіп көрсетіп береді. Кей тұста тіпті күлкіге айналдырады. Өлі туған тұңғыш театр кітабын әдеби кештерде сахнаға шығаруға болмайтынын дәлелдейді.

Міржақыптың қазақ тұрмысына арналған алғашқы екі пьесаны талдаған мақалаларында өмірлік шындыққа сәйкестік талаптары көркемдік, әдеби шарттармен егіз, қатар қойылады. Ұлт атына, ұлт намысына тиетін бұрмалауды көрген тұста сыншы ешкімді де аямайды, керек жерінде улы найзаны шаншып та алады.

“Қазақ әдебиет кеші” мақаласын (“Қазақ”, 1915) алғашқы қазақ сахналық қойылымына жазылған рецензия, тұңғыш спектакльге айтылған толымды пікір деуге болады. Кештің сегіз жарымда басталғанын, қазақ әдебиеті турасында Райымжан Мәрсековтің баяндма жасағанын, одан кейін Нұрғали Құлжановтың сөйлегенін айта келіп, Біржан мен Сара айтысының сахнаға қалай қойылғаны сөз етіледі. Перде ашылғаннан кейінгі көріністер, тұрған заттар, ойнаушылардың киімі, Сара болған Тұрар Қозыбағаркеліні, Біржан болған Жүсіпбек Аймауытұлы өнерлері, олардың әнді қалай салғаны, дауыс ерекшеліктері, көпшіліктің ықылас-пейілі баяндалады. Кештің екінші бөлімінде айтылған әндер нақты көрсетіліп, әншілер Жүсіпбек, Қали, Қайықбай, Әлмағамбеттердің дара сипаттары анықталады. Үшінші бөлімде Жанақ пен баланың айтысының, төртінші бөлімде қару-жарақты батырлардың, Қазақстанның түрлі атырабының киімін киген келіншектердің көрінісі сөз болады. Кешке кім қанша салым салды, қанша ақша түсті, Қаражан бай, Жақия қажының игілікті істері – осылар түгел айтылып, бәрінің басын құраған Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтар қызметі мадақ етіледі.

“Жазу тәртібі” (“Айқап”, 1912) мақаласында Ахмет Байтұрсыновтың қазақша жаңа жазу жүйесінің ерекшеліктеріне тоқталып, қалай жазылса, солай оқуды құптап, кейбір басқа пікірлермен айтысқа түседі. Түркілік ұғымын бір емлені ұстанудан емес, ұлт, әрекет, іс ортақтығынан танитынын ескертеді. Ахмет ұсынған жазуға өзі қосар талаптарды да айтады.

Қазақ оқырмандарына халықаралық, жасанды ортақ тілэсперанто туралы тұңғыш мәлімет берген де Міржақып (“Айқап”, 1913 № 9).

Ұлттық тіл білімінің тырнақалдысы – Ахмет Байтұрсыновтың “Тіл құралы” кітабына арналған мақаласында Міржақып Дулатов қазақ тілінің байлығын, тазалығын айта келіп, осы тілдің бірте-бірте шұбарлану себептерін ашады, соған қайтсе тосқауыл қою жолдарын қарастырады. Өзінің шығармашылық жолынан мысал келтіріп, Абай кітабы, “Қырық мысалды” оқығаннан кейінгі бастан кешірген қаламгерлік өзгерістерді ортаға салады. Әдеби тілді қалыптастырудағы “Қазақ” газетінің тарихи қызметін көрсетіп береді. “Тіл құралдың” өзге еңбектерден артықшылығы қазақ тілінің табиғи қасиетін сақтағаннан деп тұжырым жасайды.

Кеңес дәуірінде жазылған “Қазақ тілін жүргізетін комиссияның құлағына алтын сырға” (1925) шағын мақаласында түсіну мүмкін емес балдыр-батпақ текстің өзін беру арқылы дүмше төрелерді мақтамен бауыздайды. “Қазақ тілінің мұңы” (1925) мақаласында қазақ тілінің былғануы, мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілмеуі, іс-қағаздарында қолданылмауы қызықты әдіс арқылы тілдің өз шағынуы ретінде келісті жазылған.

Шынына келгенде, Міржақып Дулатов ұстазы Ахмет Байтұрсыновпен тізе қосып отырып, қазақтың қоғамдық-көркемдік санасының жаңа бір терең арнасы – журналистиканың көптеген жанрлық формаларын қалыптастырды. Міржақып публицистикасы өзінің көп тақырыптылығымен, ғылыми тереңдігімен, логикалық жүйелілігімен, стильдік ықшамдылығымен, саяси науқандық, сектанттық, топтық мақсаттардан іргесі бөлек, халық, ел мүддесін бірінші орынға қоятын азаматтық шыншылдығымен ерекшеленеді. Ашық хат, фельетон, бөгде біреу жазған арыз, материалдардың өзін сөйлету, айтыс, полемика, тарихи құжаттарды пайдалану, қажет орайда кірме сөздерді, неологизмдерді қолдану, қазақша, орысша бірдей жазу, репортаж, очерк, проблемалық шолу, ғұмырнамалық мақала – Міржақып мұрасында осындай үлгілердің бәрі де бар.

Әдебиеттің барлық жанрында бірдей қалам тартқан қаламгер, қоғамдық-әлеуметтік іске жанын салып араласқан қайраткер Міржақып Дулатовтың өмірлік мақсатының биік нысанасы, тапжылмас темірқазығы – біркүндік даңқ, өтпелі дәулет, баянсыз шен емес, туған халқының бостандығы: өзін-өзі билеуі, отарлық езгіден құтылуы, ол қуғын-сүргін көріп, түрмелер азабын тартып жүрген азапты күндердің өзінде де, ақтық демі біткенше бұл жолдан тайған жоқ. Қазақ жұртының бүгінгі, болашақ буындарын алаш деп ұран салып, келешек үшін арыстанша алысқан Міржақып Дулатовпен бауырындай етіп табыстыратын, айналып келгенде, осы мәңгілік жасайтын асыл қасиеттер.

СҮЙ, ЖАН СӘУЛЕМ, ТАҒЫ ДА СҮЙ, ТАҒЫ ДА


Халқымыздың отжалынды, зор таланттарының бірі, аспан құлап, жер сілкінгендей аума-төкпе заманда өмір сүрген, ауыр тағдырды басынан кешкен, ақыры сталиндік репрессия кезінде мерт болған есіл боздақ ұлы ақын Мағжан Жұмабаев қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы жеріндегі Сасықкөл мекенінде іргелі, әйгілі шаңырақта 1893 жылы 15 мамыр күні дүниеге келген. Өз әкесі Бекен, бабалары Жұмабай қажы, Шоқай, Өтеген, Өтеміс – бәрі де исі Арғын ішінде даңқы шыққан белгілі, көшелі кісілер. Мағжан өзімен емшектес Мүсілім, Қаһарман, Мұқаметжан, Сәлімжан, Қалижан, Сабыржан, Күландам, Гүлбарам бауыр-қарындастарымен құлын-тайдай тебісіп, анасы Гүлсімнің бауырында ауыл баласының қызықты, романтикаға толы тәтті, қимас шағын бастан кешірген. Кәрім, Мұқаметжан молдалар, Данияр қажы, Ахитден мұғалім – бұлар болашақ ақынның тілін сындырып хат танытқан, арабша, парсыша, түрікше, орысша оқытқан алғашқы ұстаздары. Алдымен Қызылжарда медреседе Хасен молдадан дәріс алған Мағжан, Уфа қаласына барып медресе Ғалияда татар халқының ұлы жазушысы Ғалыман Ибрагимовтан оқыды. Алғашқы әдеби тәжірибе басталып көкқауырсын жырлар тудырды.

Жаңа заман рухы бойын билеген, тырнақалды “Шолпан” (1912, Қазан) кітабы шыққан, асау жүрек, жас сұңқар орысша білім алуға ерекше талаптанып, 1913 жылы Омбы қаласына келіп, осында мұғалім болып жүрген Міржақып Дулатовтан сабақ алып, дайындалып, семинарияға түседі де, оны 1916 жылы бітіріп шығады.

Бұдан кейін ел өміріндегі ұлы оқиғалар жас азамат, өршіл ақынды өзінің ұмар-жұмар, аласапыран көгала толқынына тартып әкетеді. Үш революция дүмпуі, Алаш қозғалысы, өткелектер, дүниетанымдағы сілкіністер, қоғамдық-әлеуметтік тартыстардың поэзиядағы көріністері, жеке бастағы шырғалаңдар – осылардың баршасын көре жүріп, Мағжан да 1919 жылдың көктемінен бастап, кеңес өкіметіне сеніп, әлеумет ісіне бел шешіп, білек сыбанып кіріседі. Қызылжардағы “Бостандық туы” газетінде редактор болады (1919), Ташкентте Қазақ-қырғыз институтында сабақ береді (1922), Москвада Күншығыс баспасында аудармашы болады, В.Брюсов атындағы көркем әдебиет институтында оқиды (1928), Бурабайда техникумда, Қызылжарда партия кеңес мектебінде сабақ береді. 1929 жылы жазықсыз жала жабылып, түрмеге қамалып, одан Карелияға жер аударылады, М.Горький және оның әйелі Е.Пешкованың араласуымен 1936 жылы босап келгенімен, қайта ушыққан репрессия тырнағына ілініп, жазықсыздан жазықсыз есіл ақын 1938 жылы 19 наурызда атылған. Өзі ғана емес, ағалары Мүсілім, Қаһарман, інісі Мұқаметжан да репрессия отына шалынды. Әкесі Бекен 1934 жылы, анасы Гүлсім 1943 жылы қуғында өлді.

Мағжаннан қалған әдеби шығармашылық мұраның көлемі, салалары сақталуына қатысты сөзді нақты айтуға мүмкіндік бар. Талантты ақынның алғашқы өлеңдері Уфадағы, Омбыдағы қабырға газеттерінде, қолжазба журналдарда, өз кезіндегі мерзімді баспасөз бетінде жарияланып жүріп, көзге түседі, елеп-ескеріледі де, жұртшылық назарын аударады. 1912 жылы Қазанда “Шолпан” өлеңдер жинағы шыққанда, Мағжан он сегіз-он тоғыздардағы уылжып тұрған қыршын жас. Абай кітабының басылғанына үш-ақ жыл өткенін ескерсек, жас ақынның даңқы қазақ сахарасы аспанында қалай көтерілгенін ұғу қиынға соқпас. Бұдан кейінгі кезеңде дүниеге келген қазақ газет-журналдарының бетінде Мағжан шығармалары 1929 жылы жаламен күйіп, абақтыға түскенге дейін үздіксіз жарияланып тұрды. Негізінен ақын өлеңдері екі-ақ рет жинақталып, топталып оқырман қолына тиді. Бірінші рет 1922 жылы Бернияз Күлеев Қазанда бастырып, екінші рет осы кітап толықтырылып Сұлтанбек Қожанов алғы сөзімен 1923 жылы Ташкентте шықты. “Педагогика”, “Сауатты бол” (араб, латын әріптерімен бірнеше рет басылған) кітаптары, аудармалары басылды. Қысқасы, Мағжан Жұмабаевтың қаламгерлік сапары бас-аяғы жиырма жылға жетпей, тым ерте үзілді, он жылдай өмірі абақтыда, лагерьде, қуғын-сүргінде, азап-қорлықта өтіп, ақыры 1938 жылы ажал оғы құлатты.

Көзі тірі ақын атағы жалғыз Қазақстан емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұрстанға түгел жайылып, сол тұстағы татар Ғалымжан Ибрагимов, өзбек Фитрат, Шолпан, қырғыз Қасым Тыныстанов, башқұрт Сайфи Құдаш Мағжан ақындығының дария ағысты, терең тұңғиығына назар аударса, қазақ топырағында сан алуан, кереғар пікірлер айтылды. Ахмет Байтұрсынов “Әдебиет танытқыш” (1926) кітабында қазақ өлеңі табиғатын, құрылысын түсіндіру үшін Мағжан шығармаларынан көптеген мысалдар алады. Жүсіпбек Аймауытовтың “Мағжанның ақындығы туралы” деген зерттеу еңбегі – поэзия танудағы ғажайып эстетикалық биіктеріміздің бірі. Мұхтар Әуезов Мағжанды Абаймен қатар атап, сөзі болашаққа жететін ең үздік, заманынан озған жүйрік ақын санайды. Ғаббас Тоғжанов “Мағжанның ақындығы, Жүсіпбектің сыны”, Сәбит Мұқанов “ХХ ғ. басындағы қазақ әдебиеті” еңбектерінде Мағжан поэзиясының тереңіне бойламайды. Деректі социологиялық өлшемдермен кетіп қалып, кей тұстарда дәлелсіз саяси уақыт орын алып келгенін жасыруға болмайды.

Мағжанның көзі тірісінде барлық көркем шығармалары жинақталып, тұтас топталып басылып көрген емес. Бұл шаруа енді қолға алына басталды. Ақынның ең көлемді кітабы, канонды нұсқа деп қарауға болатын еңбегі – 1923 жылы Ташкентте “Мағжан өлеңдері” деген атпен шыққан жинақ. Мұның сыртында “Шолпан” журналында жарияланған “Батыр Баян”, “Ақжол” газетінде басылған “Қорқыт”, “Ертек” поэмалары, “Еңбекші қазақ” жарық көрген “Тоқсанның тобы”, әр түрлі басылымда шыққан өлеңдері, мақалалары бар. Жұрт қолында жүрген, қолжазбасы сақталған басқа туындылар бар ма, жоқ па, әсіресе он жылға жуық қорлық-зорлық табанында шіріп, өткелектен өтіп, соры қайнап, сорпасы төгіліп, ырысы кетіп, ыңыршағы айналған кезде жазған туындыларынан не қалып, не қойды, дәл бүгін бұл сұрақтарға тап басып жауап беру қиын. Кім қасиеттеп сақтай алды дейсіз, қан жылаған жүректен асыл сөз туа қалған күннің өзінде жоғалып, құрып біткен шығар.

Хош, сонымен қалың оқырман, қазіргі ұрпақ, болашақ буын үшін ақынның отыз жасында Ташкентте жарық көрген кітабының тарихи маңызы зор. Ақын поэзиясы, оның табиғаты, басты ерекшеліктері туралы пікір-байлам, ой тұжырымды біз осы жинаққа сүйеніп айтамыз.

Мағжан бала күннен халық фольклорын, ауыз әдебиетін, елдің дарынды сөзін бойына сіңіріп өсумен қатар, қаршадай күнінен арабша, орысша хат танып, артынан арнаулы оқу оырндарын аяқтап, сүйегіне біткен сұңғыла, зерек, қиялшыл қасиеттеріне орай, Шығыс пен Батыстың поэзиясын терең біліп, көңілге тоқып, жүрекке ұялатып, бойына сіңіру арқасында таза талғам, биік парасат, үздік көркемдік нысаналрға тіпті ерте жеткен. Ақын таланты қыл-қыбыр, жүн-жұрқа, шаң-тозаңды дарытпай, шын, мөлдір қасиетін сақтап, табиғат ұста соққан қалпында қалған.

Бала-бозбала, оқушы-шәкірт қолынан шыққан, әр нәрсенің басын шалған, шөпті де, шөңгені де өлең еткен әрекеттен ада, әлемдік классикалық үлгідегі мәдениетті ақынның қаламгерлік жолы басталған. Алғашқы күннен тартып Мағжан қарасөзбен айтуға болатын, мақаламен көмкеретін жәйттерге өлең арнамайды; үгіт-насихат сарынынан, ғақлия-дидактика мақамынан, терме-қисса арнасынан бойын мүлде аулақ салады; аз күндік ұранға ілесе жазылған қошамет, мадақ жыр, біреуді марапттаған қолпаш өлең атымен жоқ. Тоқ етерін айтқанда, қазақ поэзиясының аспанына көтерілген жаңа жұлдыз – Мағжан салған жерден ақындықты көз жасы, жүрек қанынан сорғалайтын – асыл сөз, дарынды сөз, қасиетті өнер, шарапатты өнер деп біліп, бұл сапарды туған жерге, отанға, халыққа қызмет етудегі киелі жол санайды.

Жетсе егер қорқынышты қара түнім,

Басса дерт, әлім құрып, шықпай үнім.

Көңіл ашып, кеудеме жан кіргізер

Өлең менің – Шолпаным, айым, күнім, -

деп толғауы тегін емес.

Ақын 1923 жылғы жинақты жеке тарауларға, бөлімдерге айдарлап, тақырыптап, атап бөліп-бөліп бермегенмен, кітап композициясы, өлеңдердің бірінен кейін бірінің берілуі ерекше ойластырылғанын аңғару қиынға соқпайды.

Топтама “Көкшетау” өлеңімен басталады да, бұдан кейін “Жиіленді қара орман”, “Қысқы жолда”, “Жазғы жолда”, “Орман патшасы” (Гете - Жуковскийден), “Жазғы таң”, “Толқын”, “Күннің батуы” (Генрих Гейнеден), “Сарғайып келген егін толқынданса” (Лермонтовтан), “Жаз келді”, “Сыйлық”, “Жазғытұры”, “Жазғытұрым”, “Жазғы түнде”, “Жел”, “Толған ай” өлеңдері берілген. Бәрі де табиғатпен сырласудан туған толғанысты жырлар, көзіңді арбап, жүрегіңді тебірентетін мұңлы пейзаж, ғажайып суретші қолынан шыққан картина секілді, тізіп, шолып, термелеп айтқан, жер бедерін баяндай көрсеткен тұрмыс-салт көрінісі, маусым кескіні емес, әр түрлі сезім-түйсік арқылы қабылданған психологиялық астарлы сырлары бар реалистік пейзаж үлгілеріне қоса, кей тұста фантастикалық сурет, пері, періште, тәңір де араласып кетеді. Әлем поэзиясы классиктері шығармалары қалай, менің туындым қалай дегендей, ақын әр түрлі үлгілерді қатар жарастырып беріп отырады.

Ақынның суреткерлік құдіретін көрсететін сиқырлы өлеңдердің бірі “Толқын” мынадай жолдармен аяқталады:

Ерке бала былдырлап,

Сылдыр,сылдыр, сылдырлап,

Толқынды толқын қуады.

Күміс кәусәр суымен,

Суының алтын буымен

Жарының бетін жуады.

Мөлдіретіп көз жасын,

Жасымен жуып жартасын,

Сүйіп сылқ-сылқ күледі.

Жылағаны – күлгені,

Күлгені – оның өлгені,

Жылай, күле өледі.

Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,

Бірінің сырын бірі ұрлап,

Толқынды толқын қуады.

Жарына бал береді.

Береді де, өледі,

Өледі толқын – тынады.

Толқын біресе бала болса, біресе ғашықтарға айналады, ең соңында өледі. Қандай қозғалыс, қандай әрекет жатыр?! Астарлы ой, мегзеу идея, емеурін сарын қандай десеңізші?!

Ақын шыққан аса биік эстетикалық тұғырдың бірі – пейзаж лирикасы. Халық әдебиетінен, Абай дәстүріндегі жыл маусымдарына қатысты әлеуметтік терең сарындардан алынған үлгілерді дамыта келе, Мағжан табиғат көріністерін бейнелеуде әлем поэзиясындағы классикалық тәжірибелерге ден қоя отырып, жаңа көркемдік игіліктер жасады. Бұл топтағы жырларда кескін өнері тәсілдері, сәуле мен көлеңкені ойнату, уақыт пен кеңістік диалектикасын көрсету, панорама, плэнер, әр түрлі ракурс, этюд, түрлі астастырулар принциптерін пайдаланғанын байқауға болады.

1923 жылы кітаптағы пейзаж лирикасын ойлана зерттегенде, әрбір өлеңнің берілу тәртібінде зор мағына бар екенін аңғарасың. Алдымен жазғы не қысқы сахараның аумақты, мол көрінісі алдыңыздан шығады: кең дала, асқар тау, саумал бұлақ, ақ қайың. Бірте-бірте ақын жалпы суреттен жеке бейнеге, нақты детальға, дәлді образға көшеді. Мұның үстіне ашық, жарқын, сәулелі бояулар азайып, қара, қорқынышты, үрейлі таңбалар молаяды, дауыл соғады, нөсер төгеді, боран ұлиды. Ақырында – аштан бұралған, үсіп өлген, түтекте адасқан, ажал жұтқан пенде. Әуелде кісіге дос, жақын, етене табиғат бірте-бірте тасбауыр тартады, өлімге пейіл береді. Қуаныштан, рахаттан, ләззаттан басталған пәк дүние соңы – апат, қырғын, зобалаң, нәубет, селебе.

Осындай күрделі, қат-қабат көзқарас, өмір болмыс, табиғат – ортаны екі ұдай болып жарылған, ақыры құрдыммен аяқталған қанқырғын трагедиялық сипатта көру – үлкен ақынның көркемдік танымындағы тұтас суреткерлік жүйе екенін ашып айту керек.

Жинақтағы ғашықтық жырлар “Р. альбомында” деген өлеңнен басталады. Альбомға жазу формасы да еуропалық үлгі. Бұдан кейін “Көңілде қайғы қалдырмас”, “Жұлдызды – жүзік, айды – алқа қып берейін”, “Көңіліңді ашар”, “Сәуле”, “Гүлсім ханымға”, “Гүлсімге”, “Бұлбұл”, “Құр қалыппын”, “Хор сипатты қарындас”, “Жан жарымды бір сүйейін түсімде”, “Күміс нұрлы ай”, “Сен сұлу”, “Шолпан”, “Екі бетің сұлу қыз” (Гейне - Фет), “Сүй, жан сәулем”, “Төгілген шашы”, “Біраз Фетше”, “Н.-ға”, “Ес кірген соң”, “Сүйгенім анық”, “Жас сұлуға”, “К. -ға”, “Айырылдым” сенен жан сәулем (Гете), “Махаббат не?”, “Р.-ға”, “Сүйгеніме”, “Зар”, “З.-ға”, “Айырылғанда”, “Тірілдім” өлеңдері берілген, бәрі де төгіліп тұрған махаббат лирикасы. Мағжанның Мағжан атын шығарған, халық аузында жатталып кеткен әйгілі өлеңдер. Бұл шығармаларда сан алуан психологиялық күйлер мол, адам жанының неше түрлі тылсым сырлары, ләззатты минуттар, азапты түндер, қоштасулар, тосулар, жыртылып айрылу, қайта табысу сәттері, қуаныштың жасы, қайғының қаны, жүрек толқыны – үлкен ақын осының бәрін алдыңызға жайып салды. Оқыған сайын тереңіне тарта берер, әлем поэзиясының ең озық, үздік үлгілерімен қатар тұрар жырлар:

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да,

Жылы тәтті у тарады қаныма.

Бұл ләзаттың бір минутын бермеймін

Патша тағы, бүкіл дүние малына.

Мағжан поэзиясының мәңгі өлмес. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар алтын көпір, асыл қазына, інжу-маржаны – махаббат, сүйіспеншілік, ғашықтық стихиясының сан алуан тылсым, жұмбақ күйлерін шерткен, терең ақындық шабыттан толқып туған, адам жүрегінің мың сан дірілін шеберлікпен бейнелеген, ішкі мазмұны мен түр кестесі жымдаса ұласқан, ықшам, жинақы, жұп-жұмыр жауһар дүниелері.

Қалың мал кеселі, әйел теңсіздігі деген дәстүрлі тақырыптың қазақ әдебиетінде таптаурын болған көркемдік шешіміне Мағжан бірді-екілі шығармаларында ғана ден қояды да, бұл орайда жаңадан тың жол салып, негізінен, еуропалық, орыс лирикасындағы бай эстетикалық тәжірибелер, ізденістер арнасына түскен.

Қанатты ақын лирикасындағы қыз, әйел қай жағынан алғанда да жігіт, еркекпен тең, иықтас, деңгейлес. Көп ретте әйел адамгершілік, ізгілік, махаббат сезімдері тұрғысынан суреткер үшін дүниедегі ең қасиетті, ең ардақты, ең құрметті адам; торыққан, қиналған, тапталған көздерінде медет сұрап, сыр бөлісіп, қайырым тілеп әйелге тіл қатады, ақтық дем таусылып, ажал тырнағына ілінер сәтте айтылар сөз сүйген жар, туған анаға арналады.

Ғашықтық сезімнің сан алуан толқындары: ұнату, құлай сүю, бір көргеннен құлап түсу, ұзақ уақыт сүйіспеншілік зарын кешу, ләззат рахатына бату, ажырасу азабын тарту, айрылып күйзелу, тіл таба алмай торығу, бір кездесуге құмарту, жалт еткен ықылас, түңіле безіну, махаббат жолында жан қию, ерлі-зайыпты қоңыр тірлік, батаға адалдық, неке су ішісу, жастықтың әр кезеңі, қызықшылық, серілік, ұйқысыз түндер, тоқырау, тәубаға келу, от-басы, ошақ қасына қарап қалу – осы алуандас сезімдер, күйлер, мұң-қайғылар Мағжан өлеңдерінде жеке адамдардың тұтас тағдыры, көзден – жас, жүректен қан, тілден – у ағызған сырлар болып төгіледі. Жадағай тақпақ, ақылгөй ділмарлық көлеңкесі түспеген мұндай саф таза толғаулар қаныңды қыздырып, аруағыңды көтеріп, сай-сүйегіңді сырқыратып, буын-буыныңа түседі, ішіңе от тастайды, мас болғандай, елтігендей күй кешесің, сиқырлы, киелі поэзия бейне бір бақсы сарынымен жадылағандай көкала толқын бауырына тартылып бара жатқаныңды сезбей қаласың.

Еріксіздік азабы, түрме тауқыметіне арналған шығармалар шоғыры “Сағындым” өлеңінен басталады да “Жел”, “Тілегім”, “Жауға түскен жанға”, “Тұтқын” (Лермонтов) “Әбу Фарастан”, “Күн шығады да батады”. (М.Горький) “Айға” туындыларымен қосылып, тұтас цикл құрайды.

Абақтыда айды, күнді жаңылдым,

Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.

Қарашығым, құлыным деп зарлаған

Алыстағы сорлы анамды сағындым...

Алтын күнді, қара жерді сағындым,

Жан жолдасым жүйрік желді сағындым.

Асау таудай еркелетіп өсірген

Ағайынды, туған елді сағындым...

Қазағымды, қалың елді сағындым,

Сарыарқамды, сайран жерді сағындым.

Балдай бұлақ, мөлдір күміс көбікті

Арқадағы айдын көлді сағындым, -

деген жолдарды жазған Мағжан өзінің қайғылы тағдырын күні бұрын сәуегейлікпен болжаған секілді. Ол “Оқжетпестің қиясында” өлеңінде:

Бұлтты айдап, сылдыратып сумен ойнап,

Ерке жел тасты құшып, сылқ-сылқ күлді.

Аллалап ну қарағай шулай-шулай,

Төменде тулай-тулай толқын өлді, -

деген керемет образ жасайды.

Философиялық трагедиялық жырлар, шерлі, мұңды толғаулар “Жан сөзі” өлеңінен кейін берілген. Олар: “Ой”, “Ауыру”, “Жұлдыздарға”, “Сағат”, “Ж-ға”, “Ф-ға”, “Шылым”, “Александр Блок”, “Н. альбомына”, “Алдамшы өмір”, “Күзді күні”, “Мені өлім, әлдиле”, “Сарғайдым”, “Ғазизаға”, “Қайғылы сұлуға”, “Домбыра”, “Зарлы сұлу”, “Жәмила”, “Шын сорлы”, “Жас келін”, “Алданған сұлу”, “Тілегім”, “Әйел”, “Түн еді”, “Жарыма”, “Қарындасқа”, “Орамал”, “Батқан күн, атқан таңның жыры”, “Сүйемін”. Әсіресе, “Жан сөзінде” ақынның қайғы-қасіретке толы өмірі, келешек ұрпақпен ашық тілдескен, іштей ақтарыла төгілген бір сәті бар; бұл қазақ поэзиясында кейін Қасымның “Өзім туралы”, Мұқағалидың “Жан азасы”. “Реквием” шығармаларына ұласатын терең трагедиялық арна, ұлы сарын.

Қарайып жапан түзде жалғыз тұрған

Молама көз қырын да салмас па екен.

Дариға, сол күндерде күнім қараң,

Қазақ елім, бір ауыз сөзім саған.

Болғайсың, сыншы болсаң, әділ сыншы,

Кінәні жүрекке қой, қойма маған, -

деген сөздер дәл бүгін де естіліп тұрғандай.

Ел басына түскен зор нәубет, қанды кесепат, ұлы селебе – он алтыншы жыл оқиғасына арналған шығармалар көркемдік сипатымен, терең идеясымен, шебер кескінімен дараланып оқшау тұр. Келіншектің толғау – монологы сипатында жазылған жыр бастан-аяқ бір шабыттан туған, көңіл-күйдің қағазға түсе салған суреті.

Қайғы батты жаныма,

Уға толды жас жүрек.

Орамалды жарыма

Бітірем қашан кестелеп.

Күз сарғайтты қайыңды,

Мен де бірге сарғайдым.

Қара бұлт жауып айымды,

Жылаймын, күйем, зарлаймын, -

Деп басталатын өлеңде ақынның поэтикалық лексикасында жиі қолданылатын, көп тұстарда тұтас образ, символға айналып кететін сөздер бар. Олар: қайғы, жан, у, жас, жүрек, күз, қайың, сарғаю, қара бұлт, ай, жылау, күю, зарлау. Кейін қазақ поэзиясында “орамал” сөзі солдат сағынышының символына айналады. Мағжан бастап берген сарынды көптеген ақындар қайта жырлайды, әсіресе, Ұлы Отан соғысы туралы жазылған өлеңдерде бұл әуез көп қайталанды.

Ақынның күрделі өмір құбылыстарын, тарихи кезеңдерді бейнелейтін, реалистік сипаттармен қоса, символдық, мистикалық, фантастикалық сарындарға бой алдыратын аса күрделі өлеңдері “Тәңірі”, “Жаралы жан”, “Оқжетпестің қиясында”, “Қойлыбайдың қобызы”, “Күз” бір сала болса, “Бесік жыры”, “Туған жер”, “Туған жерім – Сасық көл”, “Анама”, “Жазды күні қалада”, “Айда атыңды, Сәрсембай” шығармалары екінші арнаны құрайды. Ал ежелгі этностар тұтастығын, исі түркі бірлігін жырлайтын “Өткен күз”, “Тез барам”, “Жер жүзіне”, “Орал”, “Орал тауы”, “Жер жүзін топан басса екен”, “Алыстағы бауырыма”, “Түркістан”, “Күн шығыс”, “От”, “Пайғамбар” өлеңдерінің ырғақ, сөз жүйесіндегі құйылып тұрған ғажайып көркемдікті көрсете отырып, кей тұста ұшырасып қалатын дүниетаным қайшылықтарын айтпай кетуге болмайды. Сол сияқты “Батыр Баян”, “Қорқыт”, “Ертек” секілді шығармалар үстірт-атүсті қарауды көтермейді, олардағы тарихи-эстетикалық қонцепцияларды, образдар жүйесін, идеялық-философиялық сарындарды терең зерттеп, көп толғанып барып, пайымдау керек.

Қазақ лирикасында үлкен көркемдік жаңалық ашып, соны әсемдік арналарды негіздеп, әсіресе, Еуропа, орыс әдебиетіндегі ізденістерді, бағыттарды ұлттық топыраққа батыл да еркін ендірген Мағжан эпикалық жанрда поэманың ықшам формаларын қалыптастырды. Бір қарағанда, тақырыптық тұрғыдан алғанда, алып-жұлып, әкетіп бара жатқан ерекшелік көрінбейтін секілді: “Қойлыбайдың қобызы”, “Қорқыт”, “Түркістан”, “Оқжетпестің қиясында”, “Батыр Баян” – аңыз, тарихи белгілі оқиғаларға, “Жүсіпхан”, “Өтірік ертек” – шығыстық сюжет, мысал, тұспалға құрылған. Ішкі мазмұн тұрғысынан келгенде бұл шығармалардың бәрінде де халықтық аңыз, тарихи дерек үлкен көркемдік идея тұрғысынан қайта құйылып, ежелгі әңгіме, миф сарындары өзге құбылып, жаңа сипаттағы эстетикалық игіліктер жасалды.

Мағжан фольклорды игеруде соны жол, жаңа бағыт ашты, қайта жырлау, нәзира, сарындау емес, түп-түгел тосын, биік, асқақ көркемдік жүйелер жасады.

Ең бастысы ақын ықшамдық, сұлулық, философиялық талаптарды, бейнелілік, суреттілік шарттарын бірінші қатарға шығарды: “Қойлыбайдың қобызында” фантастикалық күйлер, бәйгеге қобыз қосу көрінісі ғажап шебер бейнеленеді; “Қорқытта” өмір мен өлім арпалысы, мәңгілік үшін күрес, өнердің өлместікке апарар киелі қасиеті жыр етіледі; “Жүсіпханда” тұлға мен тобыр, мансап пен ұждан диалектикасы, “Өтірік ертекте” мысал, тұспал әдісімен берілген әлеуметтік тартыстар сыры бар; “Оқжетпестің қиясында”, “Түркістан” туындылары азаттық идеясын, түркі бірлігін жырлайтын шығармалар.

Фольклорда, тіпті жазба әдебиеттің өзінде қазақ ұғымындағы дәстүрлі батырдың айқын, анық кескіні белгілі: ел қорғау жолында жанын береді, жолбарыс жүрек, дүдәмал, шәктену, күдіктену жоқ, бір қимылдың, бір әрекеттің, бір ерліктің адамы. Жаңа заманда, үлкен эстетикалық әдеби мектептерден сабақ алып, өз бағытын тапқан зор талантты, ғаламат шабытты, биік мәдениетті қаламгер аңыздан, фольклордан негізгі оқиға сорабын, сюжет арнасын аған алып отырып, мүлде тың тартыс, орасан қақтығыс, қайшылықтар тоғысына құрылған жаңа сипаттағы, ең бастысы реалистік трагедиялық поэма шарттарына, жанрдың классикалық заңдылықтарына жауап беретін, қазақ поэзиясындағы аса көркем, терең, ғажайып шығарма “Батыр Баянды” тудырған.

Патша заманында отыршылық тепкі, ұлттық езгіні көрген, адамгершілік нормалар бұзылып, кеңестік қанқұйлы қуғын-сүргін бұлты басына төнген Мағжан жүрегін қайғының қара толқыны басып шерлі, мұңлы жырлар төгілді. Әділетсіздікке, зорлық-зомбылыққа деген қарсылық, тақымына қыл бұрау түскен періште – шындықтың шырқырауы – ақынның жәдігөйлік, жағымпаздық, келісімпаздық дертіне шылдықпаған жігерлі, қайратты ұят-иманды намысты толғауларындағы сарындар “Батыр Баян” поэмасында бір арнаға құйып, бұрқырай тасқындады. Таразының екі басы тең емес әрине, бір жағада – сұм дүниенің зілзаласы, екінші жағада ботадай еңіреген ақын жүрек. Қолы ғана емес, жаны, рухы, қызыл тілі кісендеулі, шандулы, шырмаулы, тордағы жыршы жүрегінен – қан, көзінен – жас ағыза отырып, зарлайды, жылайды, сонда да тапталып, жаншылып қалмай, бас көтереді, қарсылық білдіреді, атой салады. Зорлық-зомбылық, әділетсіздік әбілеттей басқанмен, бәрібір шындықты, ақынның асыл сөзін, келешекке деген үмітін үзе алмайды, түптеп келгенде, ақын мәңгілікке, өлместікке, бостандыққа, еркіндікке сенеді, сол рухты сезім, кісілікті ой алдында оқырманын имандай ұйытады.

Ақын оқырманға жан сырын ашып салады, ағыл-тегіл көз жасын ағызады, жүрек тереңінде жатқан құпиясын ақтарады. Қоғамдық мұрат, әлеуметтік идеалды халқының өткен күндерінен, азаттық үшін күрескен ерлерінің тағыдырынан табады. Бұл ретте тарихи тұлғаларды әбден образға, көркем бейнеге айналдырады. Сондықтан ақын шығармаларындағы кейбір тұлғалар туралы ойлар, ақындық толғамдар тарихи деректермен, ғылыми пікірлермен, тіпті бүгінгі историографиялық концепциялармен дәл келмей жатуы мүмкін. Поэма сюжеті екі арада дамиды. Бірі – Абылай хан, оның айналасындағы белгілі батырлар, олардың қалмақ шапқыншылығына қарсы бүкіл халықтық күреске қатысы, Шоқан Уәлиханов жазатын әйгілі оқиға. Бұл бағыт ақындық шолу қалпында, суретті жөргем түрінде беріледі. Екінші арна, әділіне келгенде, шығарманың күре тамыры – батыр Баянның қалмақ елін шауып, Бөбек қызды қолға түсіруі, оған ғашық болу хикаяты айтылады. Сорға қарай, Бөбек қыз батыр Баянның інісі ер Ноянмен көңіл қосады, екі жас ғашық болып табысып жарасады да, қайын жұрт батасын алмақ ниетпен қалмақ еліне тартады. Бір жағынан қызғаныш сезімі өртеген, екінші жағынан туған інісі тұтқын қыз соңынан кеткені үшін намыстан күйген батыр Баян басындағы психологиялық күйзелісті, қат-қабат хәлдерді ақын өз басындағы шындықтармен, заман мен ақын, тарих пен ақын, ел намыс және махаббат, туыс сезімі және қызғаныш тәріздес шытырман әуездермен астастыра, құлпырта, толқыта, тербете бейнелеген. Трагедиялық ситуация, Шекспирлік жағдайлар, Дантелік қарым-құлаш, Достоевский екпіні еске түседі. Қан-қазаны, зор күйзелісті көрсеткен “Батыр Баян” түптеп келгенде, рухани сеніммен, келешекке көз тіккен үмітті серпінмен аяқталады.

Қазақ фольклорында, ауыз әдебиетінде: ақын-жыраулар поэзиясында өмір мен өлімнің беттесуі, тіршілік пен ажал айтысы терең арна тартқан сарын емес, мұның үстіне мұсылмандық шарттары бұ дүниеден гөрі о дүниені мәңгілік, қасиетті орын етіп көрсететіндіктен ХІХ ғасырда шыққан жазба әдебиеті өкілдері де өлім тақырыбына терең бара алған жоқ. Абайдың рух мәңгілігі, болашақ ұрпақпен сырласу хақында терең тебіреніспен жазған өлеңдері, Кемпірбай, Әсеттердің тіршілікпен қоштасуы секілді үздік туындылар бір төбе.

Мағжан поэзиясындағы көкжал толқын, көгала ағыстың бірі - өмір мен өлім, тіршілік пен ажал шайқасы, екеуінің бетпе-бет келуі. Данте, Гете сарындары, Байрон, Пушкин, Лермонтов әуездері, Блок, Фет, Мережковский ырғақтары түйісіп, тоғысып келіп, қазақ ақынының қайғысына қайғы қосып, жүрегін тербеп, жаңа, соны, бой түршігердей күйлер тудырған. Періште, тәңір, пайғамбар, құдай, көк аспан, жер, ай, жолбарыс, арыстан, толқын, жел, теңіз, өзен, алдаспан, алмас қылыш, тұлпар, жүрек – осы секілді көптеген сөздер, ұғымдар Мағжан поэзиясында үнемі қайталанып келеді, олардың жинақтаушылық, эстетикалық, образдық символдық, көркемдік орасан зор мәні бар. Өз ортасынан үзіліп, үздік шығып, арада көп мезгіл өтіп, көп дүние өзгергеннен кейін жаңа қауыммен емірене табысқан өнер иелері әр халықта, әр топырақта, әр ғасырда бар болса, Мағжан поэзиясының бірқыдыру сыры осы арнадан табылса керек.

Ақынның күнделікті, мезгілдік, науқандық, тіпті анығын айтқанда таптық күрестер талабына орайлас елгезек, үгіттік, насихаттық шығармалар жазудан бойын мүлде аулақ салуы таң қалдырады; тақырып таңдау, өлең объектісіне келгенде ерекше талғампаздық, өзін-өзі саналы түрде шектеуді көреміз, әлем поэзиясындағы ұлы шайырлар үнемі жыр еткен мәңгілік тақырыптар, мәңгілік образдар, мәңгілік сарындар, түркі тұтастығы, тарихи сана, ұлт тағдыры қазақ ақынының жанын мазалайды: жарыса бейнелеу, бой теңестіру үстінде туған әуендес туындылар өз алдына, аршынды дарын асқақ шабытпен еркін көсілген кейбір тұстарда адам таңғаларлық ғашықтық, сүйіспеншілік, ізгілік, мұңлы қайғы, текті қасыретті толғаған сом алтындай саф дүниелерді төгіп-төгіп тастайды. Үш революция, аласапыран дәуір, саяси төңкерістер, қоғамдық-әлеуметтік өзгертулер, санадағы сілкіністер, тұтас рухани құрлықтар жоқ болып, жаңа әлемдер пайда болып жатқан, күнделікті іс-әрекет, талап-тілек, уақыт сұранысы өнер атаулыны өзіне қызметші етіп алған, публицистикалық, саяси ұрандар, ұғым-категориялар, байлам-тұжырымдар әдебиеттің барлық саласына ентелеп кірген уақыттардың өзінде Мағжан поэзияның зеңгір көкпен, тәңір пайғамбармен мәңгілікпен тілдескен заңғар шыңындай болып, таза ақындықты сақтады, бір тақырыптың, бір кезеңнің бір халықтың, тіпті бір таптың жыршысы болып кетпей, уақыттар желі құлата алмайтын алтын діңгек, әлемдік, планетарлық әуез-сарындармен тамырлас өлмес туындылар берген ұлттық ақын, ғажайып суреткер болып қала берді. Мағжан Жұмабаевтың азаттық, еркіндік заманында оралып келуінің бір сыры оның әсемдік әлеміндегі жаңаша эстетикалық, философиялық көркемдік ойлау жүйесінің ерекшелігінде жатыр. Қазіргі қазақ оқырмандары дүние жүзі әдебиетінің сан алуан, қайнар бұлақ, өзен, дария, теңіз-мұхиттарынан сусындаған, толып жатқан көркемдік-эстетикалық ізденістер төркінін айыра білетін, өлімді жеңетін, мәңгілік мұраттар үшін қызмет ететін асыл поэзияның қадіріне жеткен оқырман, Мағжан шығармаларымен емірене табысатынына сеніміміз кәміл.

Алпыс жылдан астам Мағжан шығармаларына ресми түрде тыйым салынып, оның еңбектері жұрт қолынан жиналып алынды, өртелді; ондай кітаптарды сақтаған адамдар басын қатерге тікті, үлкен кітапханалар қоймасындағы темір тор ішіндегі құлыпты сандықтарды ашқызып, арнайы тізімге ілініп, жүрегінде түгі барлар ғана оқыр еді. Қанша қиямет күндер туғанымен, бір керемет нәрсе, Мағжан өлеңдері, поэмалары ел арасына фольклор шығармалары секілді тез тарап, халық жүрегінде, жұрттың ой-санасында, елдің ақыл-зердесінде қалып қойған еді, - оны жоюға сталиндік қан қырғын репрессияның күші жетпеді. Біреуден-біреу естіп, қолма-қол жаттап алып таратты; халық өлеңдерінің әуенімен шырқалды. Бертін келе қолдан көшірілген, машинкаға басылған нұсқалар тарап жүрді. Сондықтан Мағжанмен қатар жасасқан аға буын, оның алдын көріп-сабақ алған шәкірттерін былай қойғанда, кейінгі ұрпақ қаламгерлері де ақын мұрасынан хабардар еді.

Орыс әдебиетінде қысталаң, қиын кезеңде Сергей Есенин шығармалары жұртшылық арасына қалай тараса, Мағжан Жұмабаев туындылары да біздің ортамызда сондай хал кешті десек, өтірік емес. Әсіресе, жеке адамға табынушылық ресми түрде айыпталып Сәкен, Ілияс, Бейімбет, басқа да ғазиз жандар ақталып, қатарға қосылған тұста, Мағжанды тірілту күресі басталған.

Бұл орайда Қазақ мемлекеттік университетінің профессорлары Бейсембай Кенжебаев, Хайролла Махмудов, Темірғали Нұртазиннің әлеуметтік пікір қозғау мен шындыққа жету әрекеттері, Мағжан шығармаларын орыс тіліне аударып, бастыру арқылы ақиқатты дәлелдемек болған Ілияс Омаров, Иван Шухов, Ахмет Жұбанов, Тахауи Ахтанов, Александр Жовтис қимылдары нәтиже беру орнына, олардың бастарына пәле боп жабысты. Осы орайда арнаулы орындарға, үлкен мансапты қызметкерлерге хат жолдап, тарихи фактілер, әдеби текст күшімен Мағжанды қатарға қоспаққа күрескен башқұрт ақыны Сайфи Құдаш өзі қуғынға ұшырады. Мұны айтасыз, қылмысы жоқтығы айтылып, заңды түрде 1960 жылы ақталғаны туралы шешім шықса да, оны елеген, ескерген кісі жоқ, әлдекімдердің “азаматтық ағарту” “саяси ағарту”, деген желеулері тағы да отыз жыл үлкен ақынның жолында қара жылан болып оратылып жатып алды.

Мағжанның халқына қайта оралуы тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі кезеңінің шапағатымен дөп келіп отыр. Қазір Мағжан шығармалары орта мектеп, жоғары оқу орындары бағдарламарына енді, оның есімі мектептерге, көшелерге берілді. Арнаулы диссертациялар, зерттеулер жазылып жатыр. Үш томдық шығармалар жинағы шықты. Сөйтіп, ұлы ақын сағынған халқымен қайта қауышты.

ОЙ, КЕР ЗАМАН, КЕР ЗАМАН


Жан-жақты өнер иесі, сегіз қырлы, бір сырлы дарын, романшы, драмашы, ақын, аудармашы, зерттеуші Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы (кей деректе 1890) қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қызылтау атырабында туған. Әкесі Аймауыт кедей болғанмен, арғы аталары Дәндебай, Қуандар текті, дәулет, абырой біткен, ел арасындағы білікті кісілер. Жас күнінен Жүсіпбек бірге туған бауырлары Ахмет, Жақыпбектер секілді арабша хат тану, оқу үстіне, ағаш шеберлігі, темір ұсталығы өнерлерін қатар үйренеді. Он бес-он алты жасында өзі ұмтылып, үй ішінің рұқсатынсыз Павлодарға қашып барып, орысша-қазақша екі класты мектепке кіреді, бір жағынан бала оқытып, қаражат таба жүріп, оқуын 1914 жылы бітіреді де, Семейдегі оқытушылар семинариясына түседі, оны 1918 жылы аяқтаған. 1918-1919 жылдар аралығында Алаш идеясын қолдаған жас оқыған кеңес өкіметі жағына шығады. 1920 жылы РКП (б) қатарына өту, Қазақстан кеңестерінің құрылтайына делегат, Халық ағарту комиссариатының коллегия мүшесі болу, “Қазақ тілі” газетін редакциялау, “Ақ жол” газетінде істеу, Шымкенттегі педагогика техникумының директорлығы – мұның бәрі Жүсіпбек Аймауытовтың азамат болып қалыптасу жолындағы күрес іздерін, өмір белестерін көрсетеді. 1929 жылы басталған зобалаң кезінде қармаққа ілінген Жүсіпбек Аймауытов 1931 жылы атылған.

Астаң-кестең ауыр, бірақ ерекше қуатты да қызық, әлеуметтік төңкерістер, ұлы революциялар заманында өмір сүрген Жүсіпбек Аймауытов ерте қиылған, қысқа ғұмырында артына аса бай, бағалы әдеби, ғылыми мұра қалдырып үлгерді.

Ол В.Шекспир, В.Гюго, Г.Мопассан, А.С.Пушкин, Н.В.Гоголь, Л.Н.Толстой шығармаларын, “Интернационалды”, ғылыми еңбектерді аударды; педагогика, психология, методика туралы кітаптар берді; ұлы ақын Мағжан поэзиясы туралы терең де тамаша зерттеу жасады: әдебиет, эстетика, сын саласына араласты; әр жанрда публицистикалық мақалалар жазды; “Қартқожа”, “Күнікейдің жазығы” повестері, “Ақбілек” романы, сан алуан пьесалары – күрделі таланттың қазақ әдебиеті тарихындағы өлмейтін орнын анықтап тұр.

Қазақ әдебиетіндегі ең алғашқы реалистік проза талаптарына, жанрдың Еуропалық шарттарына жауап беретін толыққанды, көркем, күрделі шығармалардың бірі – автор ұзақ әңгіме, орысша аннотацияда роман деп көрсеткен “Қартқожа” 1926 жылы Қызылордада басылып шықты. Бұл қазіргі өлшеммен алғанда аса ұзақ шығарма емес, 7-8 баспа табақ көлеміндегі шымыр, ықшам, тығыз жазылған дүние. “Бақытсыз Жамал”, “Қамар сұлу”, “Қалың мал”, “Қыз көрелік” қатарлас туындылардағыдай бірде қара сөз, бірде өлең сөз аралас жүретін дүбара стиль жоқ, бастан-аяқ салиқалы, сабырлы, ұстамды проза үлгісі сақталған.

Оқып көрейік: “Сол кезде қожадан талай бала оқиды. Сол балалардың ішінде босаға жақта, астында бір жапырақ тай тері, мұрнын қос-қос тартып, қожасының ақсабауына қарай түсіп, шиге шанышқан бір жапырақ қағазына үңіліп, құнысып бір бала отыратын еді. Жасы 10-11 шамасы болар ма екен, қалай, екі жеңі де сауыс, бетінің бір жағы да сатпақ, көзінің былшығы да жөнді тазармайды. Сол баланың қақ-соқпен ісі жоқ, момақан, аңқау, көзі бақырайып, аузын ашып, мұрны қоңқиып отырғаны. Жасында болпиған, сүйкімді бір бала болады ғой, тап сол бала осы еді. Құдай оңдап аты да түріне сай бола кетер ме? Қартқожа”.

Автор қоршаған ортаны, өмір тіршілік тынысын, барлық әрекетті осы басты кейіпкерінің ой-түйсігі, сана-саңлауы, талғау-байламы арқылы бейнелейді. Кедей-кепшік, жалқы-жарым ортадан шыққан бала ес білгеннен мазақ, қорлық, тепкі көріп өседі. Табиғатынан жуас, момын Қартқожа әлсіз, шыдамды, мойынсұну басым, жоқшылық тауқыметі шыр жұқтырмай, инеліктей қатырып тастағанмен, жарыққа тырбанады, хат танысам, оқысам, білсем деп ұмтылады. Қайта-қайта талабы кесіліп, қанаты қырқылады. Әсіресе малдан шұрай кетіп, мәйек алмай, түйеге – қом, атқа – үйрек, қойға – шайыр, сиырға - әуке бітпей сорлап, жұт қаптаған кезде, ең алдымен сорлайтын кедей байғұс қой, сол шоқпар Қартқожа шаңырағына тиеді: шырылдаған аш балапандай ауыз ашқан бала-шаға үшін бір уыс дән табу қамымен азапқа түсіп жүріп, қалың қар, ащы аязда оғы тиеді. Өңкей өз қолы өз аузына жетпеген сары үрпек, сары қарын зарлап қалды. Жазушы аштық суретін психологиялық тұрғыдан дәл бейнелейді, бұл ретте Кнут Гамсуннің әйгілі “Аштық” романы ойға оралады. Ел басына келген нәубет, зобалаң, селебе тұсында да жуан – жіңішкені, бай – кедейді, қожа, молда – момынды қарға аунатып, домалатып жем қылып жатыр.

Бір ескеретін нәрсе, бұл романда жазушының әлеуметтік көзқарасы айқын, қазақ ауылындағы таптық күрес дәл ажыратылып, айқын дараланып, нақты адам тағдырлары, жан-тірі тұлғалар арқылы бейнеленеді. Болыс, би, молдалар портретін, мінезін, сөйлеу ерекшеліктерін жазушы реалистік дәлдікпен, сенімді бояулармен түсіреді. Көбінесе басқа кейіпкерлер Қартқожа көзімен, Қартқожа қабылдауында беріледі. Барлық оқиға Қартқожа сезімі, ойы, талғамы арқылы сүзгіден өтіп отырады. Әкеден айырылып жетім қалған, үй-ішінің ауыртпалығын ағасы Тұңғышбай екеуі көтере бастаған тұста Қартқожа қазақ даласына келген зор кесепат он алтыншы жыл зобалаңына ұшырайды.

Ру тартысында ит жығыс күресі болмаса, кейінгі алпыс-жетпіс жылда аса үлкен қырғынға ұшырап, соғыс-сүргін көрмеген, мал бағып, жай жатып, кеш тұрып, кең сахарада толықсып көшіп жүрген жалпақ жұрт үшін он тоғыз бен отыз бір арасындағы ер-азаматын солдатқа беру қол-аяқты байлап, зынданға тастағандай, айтып келген ажал, ақыр заман көрінгені рас. Осы тұстағы әділетсіздік, опасыздық, мал, дүние, пара беріп кісі салып жіберу, тізім төңірегіндегі таластар, болыс кітапшасын өртеумен бәрін тындырдым санаған көрбалалық, халық наразылығы ушыға келіп, асқынып барып, байларға, отаршылдыққа қарсы көтеріліске ұласу, жасақ құру, қарулы патша әскерімен шайқаста қан-жоса болып қырылу, содан кейін еріксіз тұсалып, көгенге тізілгендей күйге түсіп, майданға жөнелтілу – осылардың баршасын жазушы үйірім-үйірім оқиғалар, бір-бірімен сабақтас әрекеттер арқылы көрсетеді. Көпшілік сценаларында диалог, монолог, полилог үлгілерімен қоса, тұрмыс-салт суреттері, күрес, ән салу сценалары шебер бейнеленеді. Әсіресе әрі батыр, әрі әнші Дәрмен тағдыры, Дәрмен-Бәтіш махаббат хикаясы үлкен жазушылық шабытпен жазылған. Дәрмен тағдырынан атақты Мәди өмірінің кейбір сарындарын аңғаруға болады.

Аласапыран, ақ қар, көк мұзда Қартқожа үлкен әрекет, зор қимылмен көріне алмайды, ол қосақ арасында жүрсе де, оң мен солын танып, көзі ашылып марқая бастайды. Бұл эволюция, әсіресе, солдатқа алынып, Рига түбінде тыл жұмыстарына жегілген кезде өрістей түседі. Андрей атты орыс дос табады. Әділін айтқанда, соғыс сценалары келте, шолақ қайырылған, майдан өмірін көрсететін бір-екі эпизод бар. Ақпан төңкерісі, жігіттердің Мәскеу, Омбылатып елге қайту тарихы шолу түрінде, атүстілеу бейнелейтінін жасырмау қажет. Романның бірінші, екінші бөлімдерінде тиянақтылық, тәптіштей суреттеу, дәлдік, оқиғалардың дөңгеленіп аяқталып отыруы разы етсе, үшінші бөлімде әліптеме (очерк) сарындары, әр нәрсенің басын шалу, асығыстық бар екенін көрсеткен дұрыс. Қартқожа басынан көп оқиғалар өтеді: зорлап жеңгесіне үйлендіру бір қайғы болса, Баян, Семей, Омбы барып, оқуға түсу әрекеттері көп қиындық, азап шектіреді. Алаш қозғалысы тұсындағы сан алуан оқиғалардың ішінде Қартқожа бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кете алмайды. Қазан төңкерісінен кейінгі дәуірдегі Қартқожа әрекеттерінде де лоқ етіп түсіп кету, көз жұмбай, нар тәуекел мінездер жоқ. Жазушы табиғатынан бұйығы, ұстамды, сабырлы, жоқ-жітік, кедей-кепшіктен шыққан адамның бірте-бірте оянып, жарыққа ұмтылып, зор қиындықпен білім алып, әлеумет күресіне тартылып, ақырын-ақырын өзгере жүріп, жаңа заман күрсекерлерінің қатарына қосылуын психологиялық тұрғыдан сенімді бейнелеуін “Қартқожа” романының ең басты кемелді олжасы деп білеміз. Мұның үстіне суреткерлік тұрғыда кейіпкерлерді мінездеу, даралау, айқындау үстінде сан алуан көркемдік тәсілдер сәтімен қамтылған.

Жұт болар алдындағы дала қысы былай суреттеледі:

“Ұдайымен алай-түлей ақ түнек боран ашылса, саршұнақ аяз қысты. Жерде сіреу бар. Жылымық болса, жаңбыр жауды. Жер көк сең: малдың аяғын қызыл жоса қылып қиып тастады; күн құлақтанып, шаңытқан ақ пердеге жасырынып, жаңа түскен келіндей, ақ дидарын көрсетеді. Қас қараяр, қараймастан күн батыстан шатынаған, шақшиған, жалғыз көзі жаналғыштан жаман жарық жұлдыз шығады; күннен-күнге шарықтап көкке өрлейді. Жел қасарып, темірқазықтан таймай ызғырады да тұрады”.

Сағынып жеткен Қартқожа туған жеріне қарап келеді: “Шөгіп жатқан түйедей, ортасы кезеттеніп, денесін қошқыл қара түк басып, қыр арқасы тарақтай ирек-ирек болып, шудасы желкілдеп тұрған, мынау өзіміздің Баян тауы. Жарықтық, қандай салауатты. Қандай айбатты. Міне, Ашынның бойы. Әне, Берлікөл, Бұламбай, Қарасор, ана көрінген Мойылды, ой шіркіндердің көзі жаудырап самалдай болып жарасып тұрғаны-ай!”.

1916 жылы көтеріліске шыққан жігіттердің бір тобы: “Бәрі қарулы, көбінің қолында сойыл, не шоқпар, келдек, кейбірінде бақан-ау деймін, біреулері тымағының екі құлағын ішіне жымырып, бауырын байлап, алыпты; біреулер басын орамалмен тартып қойыпты; кейбір жігіт күресетін кісіше жеңін беліне байлап, оң қолын сыбанып алыпты, бәрінің де пішіні құнтиыңқы, тақымдары қысыңқы, жаңа жөнелген жауды түсіретін кісіше бәрі де қутың-қутың етеді”.

Таза көркем проза тәсілдерінің үстіне кейде жазушы оқырманға тікелей тіл қатады, сырласады, кейде публицистикалық құралдарды да пайдаланады. Шығармада тарихи белгілі адамдар, оның ішінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың да көрінетін тұстары бар. Романның өмірлік материалы нақты, дәлді ортаны қамтиды: басты әрекеттер Баян ауыл төңірегінде, Семей, Омбы қалаларында өтеді.

Бас кейіпкер – Қартқожа өмірде болған адам, педагогтық, ұстаздық еткен екен. 1937 жылы қанқырғында мерт болған Қартқожадан қалған ұрпақ – қазір Төлеш Қартқожаұлы Тоғанбаев техника ғылымының кандидаты, Қазақ ауыл шаруашылығы интситутының доценті.

Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған ең көлемді прозалық шығарма – “Ақбілек” романы былай басталады: “Өскеменнің аржағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, күз күзеткен Күршім бар. Алтай, Күршім не заманнан қалың найман мекені. Сол Алтаймен, сол Күршімнің қысқы қыспақ, жазы самал. Күн жылт етсе, төрт түлік мал қарағайлы қарт Алтайдың, Алтай сынды анасының көкірегін аймаласып, тырандасып, мәйек басып, мамырласып жатқаны”.

Қазақ әдебиетінде реалистік роман принциптерін алғаш меңгерген қаламгерлердің бірі – Жүсіпбек прозадағы ырғақ, стиль, композиция, көркемдік құралдарға ерекше көңіл бөлді, әсіресе халық тілінің сан алуан байлығын еркін қолдана отырып, Еуропа, орыс әдебиетіндегі бейне жасау, мінездерді даралау, сезім бұрқағын, ой толғауларды көрсету дәстүрлерін еркін пайдаланды. Жазушының талант мүмкіндіктері, әсіресе “Ақбілек” романында айқын көрінеді.

Қаламгер әлеуметтік тартыстар, тарихи оқиғалар, тап күрестерінің ерекше шиеленісіп тоғысқан, ел мойнына салмақ түсіп, жеке адамдар тағдырының ширыққан буынын дәл басады: бұрын айтылған, сарыжұртқа айналған тақырып емес, соны, мүлде тың, тіпті сирек оқиғаларды романға арқау еткен.

Оқырман бірден шытырман әркеттер үстінен түседі: алыстағы Алтай таулары, ақ қашып, қызыл қуып, аласапыран күрестер жүріп жатқан Азамат соғысының сұрапылы қазақ ауылдарында да жеткен, өрт шалмаған шаңырақ жоқ. Марқакөл жағасында, Терең шатты мекендеген момын шаруа Мамырбай ауылын банда шауып, әйелін өлтіріп, бойжетіп, оң жақта отырған қызы Ақбілекті солдаттар алып қашып кетеді. Сұмдық осыдан кейін басталады. Бірауыз орысша тіл білмейтін соры қайнаған жас қыздың азап-қорлыққа толы, өлім мен өмір, өң мен түс арасында былғанышты, жиіркенішті күндері басталады. Бұрын етегін жел көтермеген, еркек бетіне тіктеп қарамаған ақ періште, енді табиғаттан алған асыл қазынасын рәсуа етіп, еріксізден еріксіз, ұяттан күйіп, ар-иманы өртеніп, қайдағы бір қашқын, банда, тіпті атын да білмейтін ақ әскерінің офицері – қара мұртқа ермек болады.

Қысталаң жағдай, шекаралық ситуация, өлім мен өмірдің тайталасқан бір сәтіндегі адам психологиясына жазушы терең бойлап, жан-жақты күй шертеді. Он екіде бір гүлі ашылмаған бойжеткен қыздың шеккен қорлығы, тапталған сезімі, жер болған намысы, былғанған ары – осының бәрі реалистік дәлдікпен, бейнелі, суретті, сенімді көрсетіледі. Оқырман бауыры езіліп, жүрегі тілініп, Ақбілекпен бірге жылайды. Тұтқынға түскен сорлы қыздың не тілін, не дінін білмейтін, өмірінде бұрын көрмеген, жүріс-тұрысы, киім-киісі, тамақ ішісі бөлек, әдет-ғұрып, салт-санасы басқа – қарамұрт орыс офицеріне еріксіз қатын болу хикаясы айқын психологиялық саралаумен берілген.

Өмір тепкісіне қарсы тұрар күш жоқ, көп иттің мазағына айналмай, қарамұрт қармауында қалғанының өзінен жынданып кете жаздап, қорлық күйігінен өліп қалардай күйге жеткен Ақбілектің енді кіре бастаған ес-санасы бірте-бірте маңайында не болып, не қойып жатқанын аңғарып, әр нәрсені сезіп, ой түйе бастайды.

Осындай екі ұдай, естен танғандай күйдегі Ақбілек санасы алдымен қарамұрт офицердің өзіне жасаған қорлығына ғана емес, мүсіркеуін, еркелетуін сезінді; мұның үстіне тау-таста ақпен ақ болып, қашып-пысып, елден-жұрттан безіп, түн қатып, бел шешпей ұйықтап, ылғи ат үстінде күн кешіп келе жатқан түсі суық, сыры белгісіз, мақсаты тұманды топтың да аужайын аңғарады.

Екінші жағынан жазушы қарамұрт офицердің өз аузымен өмір тарихын айтқызады, мұндай халге қалай түсті, ата-бабасы, шыққан тегі кім, кеңес өкіметіне неге қарсы күреседі, қырдың енді қылтиып шыққан қызғалдағын жұлып алып, табанға басқанына қиналмай ма, ары-ұяты қайда – мұндай сауалдардың баршасына психологиялық тұрғыдан нанымды жауаптар берілген. Екі халық өкілі, бәрі жазықсыз, оң жақта солқылдап отырған бойжеткен, екіншісі Кеңес өкіметіне қарсы қару көтеріп, атысып-шабысып, ақыры басқа айла қалмаған соң, Қытай асып бара жатқан офицер – бұларды бір көрпенің астында тоғыстырған қатал уақыт бұйрығы, зорлық, қиянат шоқпары; қарамұрт әрекеті әлі келгенше тіршіліктің жылы-жұмсақ, дәмді-тәттісінен бір қарпып қалу, сорлы қыз қасқыр тартқан құлындай боп зар еңіреп ол отыр.

Арттан қуып жеткен қызыл әскерлер дүмпуімен безе қашқан ақтар өз бастарын қайда тығарын білмей, жан-жаққа бытырай зытып жөнелген кезде, Ақбілек бандылардың ескі жұртында керексіз бір заттай болып қалып қояды. Бұдан кейін сорлы жанның қоршаған орта, тау-таспен зареңіреп сыңсуы, балалық, асыл қасиеттерінен айрылғанын жоқтап, терең қайғы шыңырауына батуын зор шеберлікпен бейнелейді.

Қасқырға жем болып қала жаздап, арып-ашып, ажал тырнағынан әрең дегенде құтылып шығып, өліп-талып туған ауылына жеткен Ақбілекті бұрынғыдан да сорақы азап, мазақ, қорлық күтіп тұрған. Банды қолындағы зұлымдық зұлымдық па, нағыз тозақ енді басталған, өрттей қулаған өсек-аяң тірі адам бетіне қаратпай, жандырып-күйдіріп барады. Бұрын ғашық болған, сөз салып жүрген Бекболаттың өзі де тоят алған соң, сұмдық оқиғаның мәнісіне көзі жеткеннен кейін, түк көрмегендей болып, теріс айналып кете барады.

Мамырбайдың төсек жаңғыртуы, Өрік тоқалдың қатігез мінездері, Ұрқия жеңгенің адамгершілігі, қарамұрт офицерден біткен жазықсыз сәби – Ескендірдің өмірге келуі – мұның бәрі сала-сала реалистік оқиғалар болып берілген.

Алдымен есіркеп, мүсіркеу, аяу, артынан қорлық, мазақ, табалау атаулының тозақ отына өртенген Ақбілек бәрібір тірі қалады: заман ағысы, өмір толқыны бірте-бірте ескі жараны емдеп, тіршіліктің жаңа жапырақтары қылтиып – көгеріп өсе бастайды. Ағасы Төлегеннің соңынан іздеп барып оқуға түседі, Семей, Омбы қалаларын көреді, қырық шырақты әйел емес пе, келер күндерден үміт күтіп әрекет жасайды.

Романда кейіпкер, оқиға көп емес, ықшамдылық, жинақылық, әсіресе драматизм принциптері ерекше ескерілген. Бір кәрекетке қатысып, үзіліп қалатын кейіпкерлердің өзін жазушы даралап, есте қалатындай етіп сомдап соғып береді. Кескін, сөз мақамы, қимыл-қозғалыс – бәрі образ жасауға аса қажет көркемдік құралдар, персонаждардың өзін-өзі сипаттауы Жүсіпбек Аймауытов жиі қолданатын әдеби тәсілдердің бірі. Оқиық: “Мен таңқы мұрын, бадырақ көз, шұнақ құлақтау, жарқабақтау, кірпі шаш, қарыс маңдай, қара сұр жігітпін. Жасым отыз бесте. Әкем Тойбағар, өзім Мұқаш болғалы аузым асқа, ауым атқа жарыған емес”. Кедейден шыққан осы Мұқаш тап тартысының мәнін, табиғатын анық түсініп болған кісі емес, қолынан келсін-келмесін мансапқа ұмтылады, біреуге өшіксе, аянбай жауласады, сорлы қыз Ақбілекті қасқырлардың аузына тастап жіберген себебі – Мамырбаймен ескі араздығы.

Екінші бір қу мүйіз, пәлеқор – Жылтыр деген көксоққан, естімейтін өсегі, білмейтін пәлесі жоқ. Кейін, ашаршылық, репрессия тұстарында осындай тас жүректер мыңдаған жазықсыз боздақтарды қан қақсатып, қынадай қыратын болады. Жазушы сорақы әлеуметтік құбылысты күн ілгері танып, нақты образдар арқылы таңбалап берген.

Негізгі сюжет желісі Ақбілек тағдырын қуалап отырғанмен, автор ретті тұстарда уақыт сарынын таныту үшін әр түрлі ортаның өкілдерін көрсетіп кетеді. Ақбала, Балташ, Доға, Жорғабек, Төлеген бұлардың бас қосқан кезі, сол тұстағы мінез-құлық ерекшеліктері, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы әлеуметтік ой ағымы, зиялылар ортасындағы сан алуан дағды-салт – бұлардың баршасын жеріне жеткізбей шолу, көркем түрінде ат үсті бейнелегенмен, ықшам, дәлді суреттер, мағынасы терең монолог, диалогтар, көп көмбені ашатын кең толғаулар көп сырдан хабардар етеді.

Романның алғашқы үш бөлімі тиянақты, шебер көмкерілген, үзіліп қалатын, аяғына жетпеген ситуация сирек, негізінен, Ақбілек басындағы психологиялық күйлер реалистік қуатпен сенімді, дәлді беріледі де, төртінші, соңғы бөлімде публицистикалық, очерктік сипат бел алған. Ақбілек – Кәмила арасындағы ұзақ сыр, оқудағы жәйттер, зиялылар хикаясы, Балташ – Ақбілек арнасы – бәрі де жалпылама көрсетіледі. Стильдегі көтеріңкі леп, оқырманға тікелей тіл қату романның көркемдік қуатына салқынын тигізген. Жас ғұмырында ақ жүрегіне балта тиген Ақбілек сынды әйелдің Балташ қатарлас азамат, өмірлік жар тауып, азаптан туған перзенті – Ескендірін қайта сүйіп жазушы басқа өмірдің бір белгісі, мезгіл мінезінің сипаты деген көркем ой тастайды.

Қаламгердің проза жанрында шебер, ықшам, көркем жазылған шығармаларының бірі – “Күнікейдің жазығы” повесі. Төңкерістен бұрынғы қазақ ауылының тұрмыс-салт суреттері, көш рәсімінің ерекшеліктері, қыз-бозбала, жігіт-желеңнің сауық кештері, алтыбақан, ақсүйек ойындары, той қызықтары, құда қарсы алу, күту, бәйге қызығы – ерекше махаббатпен, зор суреткерлік шабытпен, көркем, кестелі тілмен өрнектеле бейнеленген. Баянауыл атырабының Айдабол, Күлік, Ақбура, Тұлпар, Қозған, Қақсал секілді әйгілі руларының Шідерті, Өлеңті өзендерінің бойларына қарай қаздай қалқып көшу салтанаты, үлкендер мінезі, балалар ойыны, жастар қылығы: ер-азамат әрекеті көз алдыңыздан тірі, жанды сурет болып өтіп жатады.

Қараша үйде күн кешкен қойшының қызы, табиғат сұлу жаратқан Күнікей кедейшілікті санамай нұрлы тіршілік рахатына батады. Шешесі Шекер бай қызынан кем қалдырмаймын деп арнап, кебіс тіккізбек. Бойдақ етікші Тұяқты күйеу бала етіп алу дәмесі де жоқ емес. Ордабай байдың қызы Шәмшіні ұзату хикаясының аясында жазушы жастық, серілік күндер, рахат, тәтті түндер, сахарадағы еркіндік хақында көп сырлар шертеді. Шешесі бермекші Тұяқ та емес, артына түскен бай баласы Қасым да емес, Күнікей батыр, палуан Байменмен жұлдызды аспан астында табысады. Бұл повесті қазақтың көшпелі ауылының бұрынғы тіршілігін, қаз-қалпында бейнелеген асыл реалистік туынды деп бағалау керек.

Жүсіпбек Аймауытов әдеби мұраларының негізгі, салмақты саласының бірі – драматургия. Көптеген пьесалар жазумен қоса, оның кезінде өз шығармаларын, үзеңгілес қаламдастар туындыларын сахнаға қойған алғашқы режиссер қатарында болғаны тарихи шындық. Автордың негізгі туындылары алдымен Семей өңіріндегі сауық кештерінде тұңғыш труппалардың күшімен ойналып, кейін Қызылордада ұлт театрының сахнасына шыққан. Төңкеріс алдындағы тұрмыс-салт, 1916 жыл оқиғасының шырғалаңдары, әйел теңдігі үшін күрес, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы тартыс, болыстар, тілмаштар, оқығандар, шаруалар – осы алуандас түрлі әлеуметтік топтар арасындағы толып жатқан өзгеріс, құбылыс, эволюцияны жан-жақты көрсетіп берген Жүсіпбек Аймауытов драматургиясы өзінің құнарлы тіл өрнегімен, айқын, дара мінездері бар кейіпкерлерімен, биік халықтық нысана идеясымен ерекшеленеді.

Поэзия, проза, публицистика, сын, зерттеу салаларында тең-қатар қалам тартқан, олардың әрқайсысында тамаша туындылар берген автордың драматургиядағы жолы да ерте басталған. 1926 жылы Москвада басылып шыққан “Қанапия-Шәрбану” пьесасына берілген ескертпеде: “Бұл драма 1917 жылы жазылған еді, Семейде және басқа қалаларда бірлі-жарымды ойналғаннан кейін жазған дәптерім жоғалып кетіп еді. Биыл кітапты қолыма түсіріп түзетіп жаздым. Ескі жазбасы қолында бар кісілерден ол күйінде ойналмауын тілеймін, - деп көрсетуінен бірталай сыр аңғарсақ керек. Ең алдымен, Жүсіпбек Көлбай Тоғысов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов қатарлас алғашқы қазақ драматургтерінің бірі, екіншіден, оның туындылары әуелде қолжазба күйінде тарап, сахнада қойылған.

Халық өмірінің терең шындығы, ауылдағы бай мен кедей арасының жыртылып айрылуы, әйгілі 1916 жылдың зарлы оқиғасы “Қанапия-Шәрбану” драмасында тап басып, дәл көрсетіледі. Қазақ даласында жиі кездескен, әр жерде қайталанған оқиға алынады. Момын қара шаруа иесі Шатай мен оның әйелі Ұмсынай жалғыз ұлдары Ынтықбайды солдатқа кетсе, өлімге баратындай көріп, қолдағы малын түгел шығындап, қарызданып-қауғаланып әлекке түскенмен, баласын құтқара алмайды. Қайта қыздары Шәрбану Сазамбай бай мен оның көкайыл бәйбішесі Қалипаның қорлығына түседі. Тұрмыс-салттың, ескілікті тіршіліктің сенімді суреттері көз алдыңа келеді. Қай кейіпкерді алсаң да, өз бойына шақ лайықты киім киген. Жүріс-тұрыс, қылық-әрекет бәрі сенімді мөлшерде. Артық-кемі жоқ, қалыпты өмір ағысы. Шәрбанудың сүйген жары Қанапияның солдаттан келуі, оның дуана кейпіне еніп, Шәрбануды алып қашуы, ақыры милиция алдында әділетке жету көріністерінде, пьесаның: “Жасасын бостандық! Жасасын әйел теңдігі! Жасасын бұқара өкіметі!” деген сөздермен аяқталуында сол заман талабына лайық үгіт-насихат әуендері, жаңа идеяларға ден қою, публицистикалық бояулар да бар.

Қорлықтан құтылу, тапталғандардың бас көтеру, ұйқыдан ояну, мәңгүрттіктен сілкініп тұру сарындарын жазушы көптеген шығармаларына арқау етіп алып, кейіпкерлерін сатылап өсіріп отырады. “Рабиға” пьесасында да (1926, Москвада басылған) осы күйікті мәселе көтеріледі. Жас алшақтығы өз алдына, ең бастысы рухани кереғарлық адамдар басын бір шаңырақ астына біріктіре алмайды деген ой айтылады. Байділда қойшыны мазасыз жұмыс есейту орнына, есеңгіретіп, жабайыландырып жіберген, оның ұғымында алдындағы жыбырлаған малы да, жаны да, әйелі де бір секілді, ұра ма, соға ма, не істейді - өз еркінде. Автор қойшы деп жалған патетикаға бармайды, сүйіспеншілік жоқ жерде теңдік жоқ, теңдік болмаса, ерлі-зайыпты тату-тәтті өмір жоқ деп біледі. Сондықтан жас Рабиғаның шідер үзіп кетуіне сенесің.

Комедиялық, трагедиялық элементтер бар болғанмен, негізінен Жүсіпбек пьесалары таза драма шарттарына орайлас келеді: тақырып таңдау, кейіпкер сомдау, тартыс-күрестердің өрістеу сипаттары тұрғысынан қарағанда да бір шығарма екінші шығарманы толықтырып жатқандай әсер қалдырады; кейіпкерлер санының ықшам болуы, түрлі мінездердің айқындығы, сахналық талаптардың берік сақталуы, оқиғалардың шашау шықпай шымыр қозғалуы, тіл бояудың қанықтығы – осы тәріздес сапалы қасиеттер бар.

Ескі қазақ ауылының қат-қабат, қос қыртыс тұрмысынан алынған “Мансапқорлар” драмасының негізгі тартысына қатысатын адамдар көп емес: Қасқырбай болыс, оның әйелі Күләнда, болыстың туысқан інісі, тілмаш Мүсілім. Өзгелер – молда, қажы, ауылнай шабармандар қосақ арасында жүр. Бас-аяғы сегіз-ақ кейіпкер. Сахналық әрекет ширақ, салған жерден кеселді түйіннің үстінен түсеміз. Негізгі тартыс бірден ашық көрінеді. Қасқырбай қордалы байлықпен мансапқа жеткен, көп кебеже қарынның бірі емес, тепсе темір үзетін, көзді бақырайтып отырып зорлық жасайтын, тапа тал түсте, түйені түгімен, биені бүгімен жұтатын жалмауыз, қадалған жерден қан алады; дұшпанын түрегелтіп тұрып бауыздайтын жендеттің өзі. Сорына қарай бір шикі өкпеге зар, ол аздай жас әйелі Күләнда көзіне шөп салып жүр. Інісі Мүсілім, бармақ басты, көз қыстымен топ жинап, болыстықтан дәмелі. Автор классикалық драматургиядағы тартыс өршіту тәсілдерін жақсы білетіндігін аңғартады; бұл ретте әсіресе Шекспирдің “Гамлет” трагедиясындағы кейбір ситуациялардың сарыны еске түседі. Қасқырбайдың жақын інісі, әрі тілмашы боп істеп жүрген, жас оқыған Мүсілім ғашық отына күйген сипатқа еніп, жеңгесі Күләнданың басын айналдырып, түбі саған үйленем деп сендіріп, оны алдап-сулап жүріп, ақыры күйеуі болыс Қасқырбайға у бергізеді. Болыс болу үшін топ жинау, сайлаушылар аузын алуға берілетін пара, жуанның кедейге жасайтын зорлығы – осы алуандас ұстасулар қатар жүріп отырады. Ағасын өлтіріп, жеңгесін күнәһар етіп, елді алдап, оязға пара беріп ақыры мансапқа – болыстыққа қолы жеткен жас оқыған, тілмаш Мүсілім жаңа жауыздықтың, енді бел алмақ зұлымдықтың кескінін танытады.

Уақыттың көкейкесті әлеуметтік қайшылықтарын Жүсіпбек айқын көріп, әр жанрдағы шығармаларында жан-жақты бейнелеп беріп отырады. Ол көп мәселелерді қалың қауым алдына тайсалмай ашық жайып салады. 1925 жылы Ташкентте басылып шыққан “Ел қорғаны” драмасында жазушы позициясы, оның саяси көзқарасы “Оқыған” деген атпен берілген кейіпкердің аузымен айтылатын толғау сөздерде анық көрінеді. “Қызылдар – төңкерісшіл партия. Бұлар жұмысшыларды қолдайды. Біз сияқты кемдікте, қорлықта жүрген ұлттарға теңдік береді. Бұлар өздеріндей қара бұқараның, қара шаруаның, әсіресе кедейдің қамқоры. Бұлар алдымен жарлыны, жалшыны жарылқамақ, елді соларға билетпек” деген ойлар айтқан Оқығанның тағы бір диалогына назар аударайық.

“Оқыған: - Біз де қазаққа автономия алу жолындамыз. Бірақ біздің көздегеніміз байлардың автономиясы емес, елді кедейге билететін автономия алмақпыз. Алаш-орданың басындағы бұрын патшаға қызмет қылған төрелер, ақсүйектер, ескі оқығандар болатын. Олар саясат, білмеді, төңкерістің бағытын жете болжай алмады, олар адасты. Адасқандығын кейбіреулер жеңе білді, енді бізге қосылып жатқандары да бар. Ахмет Байтұрсыновты естулеріңіз бар шығар?

Ақсақалдар: - (Басын көтеріп) Бар. О кісі қайда?

Оқыған: - О кісі қазақтың автономиясын алуға Мәскеу барды.

Ақсақалдар: - Ой, жарықтық-ай.

Оқыған: - О кісі қазаққа пайдалы өкімет осы, большевик өкіметі деп, кеңес жұмысына араласты”. Пьеса осындай тарихи шындықты айтады.

Азамат соғысы кезіндегі елдің сергелдеңге түсуі, бандылардың, ақтардың жасаған қылмысты зорлығы, намыс оянып, саяси көзқарас туып, жігерленген көпшілік психологиясындағы өзгерістерді драматург “Ел қорғаны” пьесасында Оқыған, Ораз, Әбіш, Комиссар бейнелері арқылы көрсетіп берді. Қазақстан Ғылым академиясы кітапханасының сирек қолжазбалар бөліміндегі Мәшһүр Жүсіп Көпеев қорынан жазушы Зейтін Ақышев тапқан материалдар ішінде Жүсіпбек Аймауытов 1927-1929 жылдар арасында жазған хаттар бар екен. Соның бірінде: “Былтыр ойын кітабын жазуға бәйге жарияланғанда мен “Шернияз” деген кітап жазып қосып едім. Соған бірінші бәйге беріліпті. Мен оны алғам жоқ, екінші бәйге алған Мұхтар Әуезовтің “Қарагөзіне” беріңдер дедім, өйткені ол шетте оқып жүрген шәкірт, ақша менен гөрі оған керек қой” деп жазыпты. Бұл фактіні бұрын әр түрлі адамдар ауызша айтса, енді нақты дерек табылып отыр.

Әділіне келгенде, Жүсіпбектің ең үздік пьесасы - өлеңмен, ішінара ақ өлеңмен жазылған, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арналған, 1926 жылы Семейде басылып шыққан, кейін театр сахнасында қойылған әйгілі “Шернияз” драмасы. Бұл шығармада негізінен алғашқы ұлттық интеллигенция өкілдерінің екі ұдай жолға түсуі, екі қиырға тартуы, екі түрлі сенім-наным қақтығысы бейнеленеді. Шернияз үшін туған жер қасиетті де қадырлы, аманат-борыш, қарыз-парызды өтеу жолында күреспек керек, осы орайда үй болмақ, қызмет қылмақ, бойдағы бар күш-қайрат, білім-талант түгелдей ел қамына жегілсін деген арманда.

Базарбай да оқыған, елге барғандағы мақсат ағайын-туыс, ауылдас-руластар шоқпарын соғу, пара алу, баю; үйлену – үй болу, кереге жайып, шаңырақ көтеру емес, серілік-салдық құру, әр шырынды бір сорып тастау – дағдылы әдеті, ар-ұят, достық-жолдастық есеп емес, реті келіп жатса жақын-жуықты қарақтаудан тайынбайды. Шернияздың сүйіп қосылған алғашқы әйелі, оқымаған, қыр қызы Раушан да тазалық, адамдық болғанмен, таным-талғам жетіспейді, осыдан барып аралары суып, ақыры ажырасып тынады. Гимназия бітірген Жәмила – қала қызығына түскен, ойын-сауық, ләззат рахаты өмір деп білген жеңіл жүрісті әйел; Шерниязға жанып-күйіп қосылса да, арада уақыт өткен соң, жар төсегін місе тұтып қанағаттанбай, күйеуінің көзіне шөп салады.

“Ой, кер заман, кер заман,

Талан-тараж, қан жылау.

Қабақ қату, қансырау,

Азаматы жабылу,

Малы күнде сабылу.

Ұлып жатыр Ұлы жүз,

Қырғын тауып аштықтан.

Ел еңіреп егілу.

Кіші жүзі тұншығып,

Елін әскер жеміру.

Орта жүзі ойсырап,

Сұм Колчактан езілу.

Сорлатам деп қазақты,

Қазақтың бар көзқарақты

Азаматын қырам деп

Атаман Дутов желпінді”, -

деп тебірентіп, толғанып, ой азабын шеккен Шернияз әлеуметтік істе де, үй ішінде де опасыздық көріп, басын тауға-тасқа соғып, аласұрып, шығар жол таба алмай тұрған шақта төңкеріс дабылы қағылады. Өмір күресі, тірлік тартысы, рухани ұстасуда шыңдалған Шернияз сынды азамат, сөз жоқ, енді революция толқынына қосылмақ.

Мектепте сабақ оқыту жүйесінің қазақ тілінде жазылған ең алғашқы құралдарының бірі – Жүсіпбек Аймауытовтың “Комплекспен оқыту жолдары” (1929) кітабы. “Мәдениет үдеген сайын бала оқыту жолдары да түрден түрге құбылуда, бұрынғы “Әбжәт”, “Әптиек” бұл күнде әкесіне сәлем айтты. Ол түгілі кітап бетіне қарап, “мынадан мынаған” дейтін жол да барса келмеске кетті”, - деп жазған автор өзінің педагогикалық техникумда, жазғы дайындық курсы тәжірибесі, орыс тіліндегі әдебиеттер негізінде сабақ берудің сан алуан, әдістерін ұсынады.

Мектеп балаға дене тәрбиесін, әлеумет тәрбиесін, ақыл тәрбиесін беру керектігін анықтап алған соң, программа мәні, комплексті оқыту қажеттігі, жұмыс жоспарлары, сабақ кестесі секілді проблемаларды таратып, тәптіштеп, тиянақтап көрсетіп береді.

Озық педагогика, методика негіздеріне сүйене отырып, оқуды күнделікті өмірмен, қоршаған ортамен байланысына қатысты нақты тақырыптас, өз бетімен жұмыс істеу, мазмұндау, тапсырмалары беріледі. Мына тақырыптарға назар салыңыз: “күзгі жиын терін, күзгі жаратылыс, қала мен ауылдың айырбасы, қора-қопсыны оңдау, мәдени өсімдік жиын-теріні, ауыл, ауылдың әлеумет ұйымдары, ауылдағы қолөнері мен кәсіп, үй хайуандары, малды жұттан сақтау, егін жабдығын қамдау, егінге үкімет жәрдемі, күннің жаратылысқа әсері, бау-бақша жұмысы, малдың түрлі аурулары, арық шабу, қыстайғы оқудың тиянағы, жазғы жұмыстың планы”, - бәрі де ауыл баласы жақсы білетін етене құбылыстармен сабақтас алынған, тұрмыс психологиясы, салт ерекшеліктері әбден ескерілген.

Өз кезеңіндегі жағдайларға орайлас бір мұғалімнің көп класты оқыту жолдары, комплексті есеп түрлері, сұраулар берудің орны, күнделікті жұмыс жоспарын жасаудың әдістері, сабақ кестесін жасау таблицалары берілген. Тұтастай алғанда “Комплекспен оқыту жолдары” кітабы өз кезеңі үшін аса пайдалы, қажетті методикалық құрал болған, онда айтылған мәнді, салмақты ойлар бүгінде өз маңызын жойған жоқ.

ХХ ғасыр басында әдебиет майданына келген қазақ ақын-жазушыларының үлкен шоғыры ел мақсаты, халық қамы үшін жастарға арнап, әсіресе ағартушылық-педагогтық салада ерекше жұмыла еңбек етіп, түрлі ғылым салаларына арналған мектеп оқулықтарын, нұсқаулықтар, алғашқы зерттеулерді жазды. Тумысынан поэзия үшін жаратылған Мағжан Жұмабаев “Педагогика” кітабын шығарса, сан-қырлы талант Жүсіпбек Аймауытов психология, методика, эстетика саласында үш еңбек берді. Ахмет Байтұрсынов мектеп оқушыларына арнап тұтас кітапхана тудырды.

Әдеби сын мақалалар, публицистикалық еңбектер, аудармаларын былай қойғанда, Жүсіпбек Аймауытов таза ғылым саласына, оның ішінде педагогика, психологияға арналған күрделі, маңызды, терең еңбектер берген көшелі ғалым, білікті зерттеуші. Бұл ретте, әсіресе “Психология” кітабын ерекше бөліп айту керек. Он екі бөлімнен тұратын, оқу құралы үлгісінде жазылған бұл зерттеу – қазақ тіліндегі осы бағыттағы алғашқы жемісті ізденістердің, олжалы табыстардың қатарына жатпақ.

Ғалым дін тарихына, философия тарихына терең бойлай отырып, көптеген мысалдар, деректер келтіріп, сан алуан оқымыстылар туындыларына сүйеніп, кейде келісіп, кейде келіспей, негізінен, озық ойлы қағидаларға сүйеніп, психология ғылымының пәнін, зерттеу объектісін анықтайды, жан, дене, сана, ой, ақыл, сезім, қиял, түйсік, қайрат, серпіліс, ынта, қабілет, т.б. ұғымдардың мәнін ашады. Адамның дене мүшелері, олардың физиологиялық қызметі, жүйке жүйесі, ми-жұлын әрекеті жан-жақты, нақты тәжірибеден алынған мысалдар арқылы көрсетіледі.

Психологияның сан алуан түрлерін айта келіп, дәлді зерттеу үшін бақылаудың, анкетаның, сұраудың, математикалық тәсілдердің атқаратын қызметі ашылады. Шіміркеніс, серпіліс, рефлекция ұғымдары академик И.П.Павлов іліміне орайлас талданады. Адам мінезін анықтауда ым, жүз құбылысы, көз әлпеті, бет әлпеті, қол, саусақ қимылы ерекше ескеріледі. Ой мен сөз, ұғым мен тіл, тұжырым, пайымдау түрлері, еркіндік, кездейсоқтық, түс көру, гипноз, жадылау – осы алуандас күрделі психологиялық, философиялық проблемаларға ғылым жетістіктері тұрғысынан тиянақты жауаптар беріледі. Географиялық орта, тұлғаның әлеуметтік қалпы, таптар, ұлттар психологиясы, фольклордың, мәдениеттің адамдар санасына әсері деген мәселелер көтеріледі. Платон, Аристотель, Христос, Мұхамед, Кант, Лонок, Джеймс, Ньютон, Абай, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Павлов, Руссо Арнольд, Нильсон – осы секілді тарихи тұлғалар, пайғамбарлар, ғалымдар, зерттеушілер пікірлері үнемі ескеріліп отырады.

Екінші ғылыми еңбек “Психология (жан жүйесі) мен өнер таңдау” (1926) аталады. Мұнда ең алдымен адам қабілетінің табиғаты зерттеледі. Автор “Ол (адам) туыла белгілі бір өнерге бейім болып келеді, басқаша айтқанда, әр адамда бір нәрсеге талап, ыңғайлы қабілет зеректігі болады, мәселен біреу әскерлікке, не жазушылыққа, болмаса дәрігерлікке. Яки саудаға, біреу даулы сөзге ыңғайланып жаралады”, - деген ойын көптеген мысалдармен, деректермен, тұжырымдармен дәлелдеп береді. Барлық мамандықтың қажеттігін айта келіп, табиғи икемділік, қабілетке, оның биологиялық табиғи негізіне ерекше көңіл бөледі.

Зерттеуші адам мінездерін бірнеше түрге бөледі. Олар: 1) күйгелек (нервный), 2) аяныш жанды (сентиментальный), 3) ыстық қанды (сангвиник), 4) салқын қанды (флегматик), 5) қызбалы (холерик), 6) құмартпалы (страстный), 7) ұйтқымалы, 8) сарыуайымшылық (апатичный). Бұлардың әрқайсысының психологиялық ерекшеліктерін көрсетіп, қандай қызметке бейім болатынын анықтайды.

Адам қабілеттерін айқындау үшін, кәсіптік бағдар беру мақсатымен Англия, Германия, Шотландия, Американың әйгілі университеттерінде жасалған тәжірибелер, түрлі бақылау әдістері, анкета, сұрау мүмкіндіктері көрсетіледі. Қабілеттің айқындалып ашылуына отбасы, мектеп, қоршаған әлеуметтік орта ықпалы орасан. Бұл орайда ғалым айқын дүниетаным тұрғысынан тұжырым жасайды. Ғалым негізгі ойларын тұжырымдай келіп: “Алтын кездік қап түбінде жатпайды” деген мақал бар. Ол рас, алтын кездік озат талант, көптің бәрі талант емес. Өмірде озат адам сирек, әлеумет өзі ақтарып тауып алмаса, талай күміс, талай құрыш кездік қап түбінде жатып қалуы анық”, - деп, адам тәрбиелеуде, маман шығаруда табиғат сыйын мойындай отырып, жетекші қызметті қоғамдық факторлар атқаратынына ден қояды.

Азаттықтың нұрлы шапағаты арқасында қазақ халқының рухани қазынасы репрессия жылдарында мұзға батқан алып кемелер - Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердиев сынды зор талант иелерінің аса көркем, терең идеялы, күрделі шығармалары қайта оралды. Оларды жан-жақты зерттеу, жариялау, насихаттау, бір сөзбен, түлеу заманына орай кәдеге жарату – азаматтық парызымыздың бірі.

ЕЙ, ХАЛАЙЫҚ, БАРЫМ ЕҢ СЕН

Әлемдік мәдениетке қазақ халқы қандай көркемдік игіліктер қосты дегенде, ауызға алынар есімнің бірі - Әуезов. Ол - әлемдік құбылыс. Әуезов ғасырлар бойы жиналып келген қазақ топырағындағы асыл құнарлардың жарқырап қайта көрінуінің үлгісі. Ауыз әдебиетіндегі сарындар, мотив, идея, тіл өрнектері, бояулар Әуезов дүкенінде қайта жаңғырды. Қазақтың реалистік әдебиетіндегі халықтық арнадан, ұлы Абай айдынынан нәр алған М.Әуезов қазақ әдебиетіне реалистік дәстүрлердің тереңдеп сіңгенін танытты.

Мұхтар Әуезов ауыл мектебі, медреседе ғана емес, Семей семинариясында, Орта Азия, Ленинград университеттерінде оқып білім алды. Әуезов әлемі – Шығыстың ежелгі өнері мен Батыстың алдыңғы қатарлы мәдениетінің тоғысуынан туған дүниежүзілік мәні бар құбылыс. М.Әуезов өнері – қазақ халқының қайта түлеу заманында туған өнер. Бұл – бүгінгі ұлттық өнердің көркеюінің тамаша айғағы. Әуезовті терең зерттеп, жан-жақты ұғып білу қажет. Н.Погодин М.Әуезовті Шолоховпен, Абаймен, ал Ш.Айтматов Пушкинмен теңдес санайды.

М.Әуезов 1897 жылы дүниеге келген. Қай атырапта туса да, ол жазушы болар еді. Абай топырағы оның қаламына айрықша әсер еткен фактор. Семейде Ресейден жер аударылғандар мол болды. Орыстың «аурулы ары» атанған Достоевский де осында тұрды. Қабілетті жас Мұхтар сөз өнері дәстүріне бай ортада өскен. Ол жақта ұзатылған қызға жасау ретінде Абай өлеңдерін көшіріп беретін дәстүр болған. Мұхтар атасы Әуездің қолында өсті. Әуез – Шығыс әдебиетінен хабардар көзі ашық адам. Атасы Әуез бен әжесі Дінасыл Мұхтарды «Қоңыр» деп атаған. Кейін Мұхтар мұны бүркеншік ат етті. Абай мен Мұхтардың балалық шақтары ұқсас. Мұхтар 9 жасында тұңғыш рет аулынан сапарға аттанады. Бұл – тұманды болашақ сапары еді. Семейдегі орыс мектебіне оқуға кіреді. Қаладағы 5 кластық училищені бітірген соң семинарияға түсіп оқиды. Мұхтардың студенттік өмірі – қарама-қарсы контраста өткен. Ол тарихи фактілерді қазақ өміріндегі жағдайлармен іштей салыстырып отырған. Мұхтар азамат ретінде де, қаламгер ретінде де тез ер жеткен. Алғашқы әңгімесі «Қорғансыздың күнінен» үлкен талант, терең мәдениет үлгісін көреміз. Мұның бірнеше себебі бар еді:

1) Ол – ғасырлар бойы жиналған қазақ халқының әдеби-мәдени қазыналарын жете игерді.

2) Халқына сөзімен, жазуымен қызмет етуді өмірлік мақсат етті.

3) Әлеуметтік аренаға революция заманында шықты.

4) Әлем әдебиеті, орыс әдебиеті классикасынан сабақ алды.

Уақыт толқыны көптеген байлықтардың көзін ашты. Сол асыл қазынаның бірі – Мұхтар Әуезов. Алаш жастарының құрылтайына қатысты; Губревком қызметкері, 1922-23 ж. КазЦИК-тің президиум мүшесі. Кейін қызметтен өз еркімен босап, оқуға кетеді. Алғашқыда САГУ-де тыңдаушы, кейін ЛГУ-ге ауысады. Славян бөлімінде оқиды. Ол Ленинградта оқып білім алған тұңғыш қазақ студенттерінің бірі еді. Т.Нұртазин, А.Жұбанов, Ә.Марғұландар кейін ұлттық мәдениет пен ғылымның тұлғалары болды. САГУ аспирантурасында М.Әуезов фольклор, әдебиет тарихына байланысты зерттеулер жүргізеді. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының толық мүшесі, университет профессоры, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар комитетінің мүшесі. Әуезов шығармалары қамтыған географиялық аймақ өте көлемді. Онда қазақтың қаласы, даласы, солтүстігі, оңтүстігі, батысы, шығысы – түгел. М.Әуезов Америка, Индия, Жапонияда болды. Мұхтар қазақтың киіз үйінен шығып, ХХ ғ. цивилизация биігіне көтерілді. Ол қазақтың психологиясын, әдет-ғұрпын, салт-санасы, күллі өмірін Ресейге, Англияға, Францияға, әлемнің төрт бұрышына таныстырды.

Мұхтар Әуезов – шығармалары ұлттық шеңберден шығандап көтеріліп, әлемдік мәдениеттің қымбат қазынасына толымды қор болып қосылған ұлы суреткер. Сондықтан бүгінгі таңда туған жекелеген байсалды еңбектерге қарамастан, оның мұрасы әлі ұзақ уақыт жан-жақты, сан алуан, әр бағыттағы зерттеулердің объектісі болуы қажет. Табысына таңдай қағып, тапшысына бас шайқау - әдебиеттанудың марқайған кезіне жараспайтын мінез. Қазақ әсемдік ойы тарихында ерекше құбылыс – М.Әуезов туындылары идеялық-көркемдік, бейнелік, жанрлық ретпен де, ізденіс өрістері, қаламгерлік эволюция тұрғысынан да ақтара қарап, саралауды талап етеді.

Қазірде Әуезовтің ауызға көп алынбай, айтылмай, аса зерттелмей жүрген бірталай еңбегі бар. Ол – жігіт Мұхтардың қаламгерлік жолындағы алғашқы публицистік шығармалары. Жаңа жаза бастаған талапкердің апыл-тапыл басқан жаттығу қадамы күйінде қалып қоймай, бұл туындылардың елеулі маңызға ие болу себептерін ашу керек.

Бармақтайынан өлең-жырды жаттап өскен, қазақ қырындағы аса бір мәдениетті орта – ұлы Абай ауылынан шыққан, туысынан айрықша дарынды Әуезовке бір жағынан өзі туған топырақтың дәстүрі әсер етсе, екінші жағынан орыс мектебінде алған тиянақты білім қуат берді.

Қырық батпан қиыншылық астына түсіп, кенеуі кетіп, жетім баладай жүдеген пұшайман дала тірлігінің қоңторғай халі жас ойшыл, балғын азаматты қилы қиянға сүйреп, оның жүрегін тітіркентіп, сезімін шабақтап, ойын бөліп, санасын сан саққа жүгіртеді. Болашақ дария тебіреністі, қайратты ойдан хабар бергендей жас таланттың алғашқы сапары байлау мен пікірді ашық, жарып айтуды талап ететін публицистикадан басталады. Ол қалың қараңғылық, көзсіз надандық буған өмірден аз да болса жарқын сәуле, үмітті саңлау іздейді.

Ең алғаш баспасөзде жарияланған көлемді еңбегінің бірі – «Адамдық негізі – әйел» (1917) деген мақаласынан жиырмадағы бала жігіт Мұхтардың ой-өрісінің кеңдігі, білім дәрежесінің молдығы, қалыптаса бастаған азаматтық парасатының шамасы жақсы аңғарылады. Мақала арқауы - өмірдің жеке бір ғана фактысы емес, қиын-қыртыс түйін – әйел бостандығы тақырыбы. Автор құбылыстың сыртқы жадағай көріністерін жеңіл қарпымайды, проблеманың түп тамырын қазып, тарихи параллельдер жүргізуге ұмтылады. Оқи бастайық:

«Адамның ғұмыр кешірмек кәсібінің терең түбіріне қарасақ, хайуанша күндік қоректі таспен атып, ағашпен ұрып аң аулап жеп немесе жеміс теріп жеп, қарны тойса, аңша бір жерге жата кетіп жүрген. Ер жағы басқаға қарамай жүргенде, балаларын баулып, асырап, үйлік ұйымның басын құрған - әйел».

Бұл жолдардан тарихтың жай-жапсарын дұрыс түсінгендік байқалады. Осыдан әрі Мұхтар байыпты пікірлерін бажайлап, негізгі жоталы ойын жүйелейді.

Тіршілік талғажауын итшілеп жүріп тапқан сорлылықтан, қолы мың есе ұзарып, қуаты орасан артқан заманға дейінгі сан ықылым дәуірде өшпей, құрымай қалған бір кеселдің аты – жамандық. Талай қыршынның қанын өзендей сапырып, қырықпышақ болып соғысушы елдер әділетті неге ойламайды? Ағайынды екеуді жауша алыстырып қойған пәле қайдан? Тас қабырғадай меңіреу тығырықтан шығар жол бар ма?

Осы алуандас қабырғалы, мазасыз, ауыл сауалдардың сарқынды жауабын сарыла іздейді жас қаламгер. Сонда тапқан биі, жүгінген қазысы – жалпы гуманизм, адамшылық. Қоршаған орта әсері жайлы автор: «Әуелі адам баласының келешектегі адамшылығына ірге болатын істі сол адамның шыққан ортасы бір сурет жасап беріп, соған өзі киген тонын кигізеді. Сонан кейінгі сол адамның өмір жолында көретін жақсы-жаман үлгісінің бәрі жамау я бояу болады», - дейді. Осы пікірді ұлғайта келіп, түйінді байлау жасайды.

Әуезовтің публицистік алғырлығы әйел теңсіздігін жалғыз қалың мал қырсығынан іздемеуден көрініп отыр. Ол бала тәрбиесіндегі ананың, отбасының орнын айтып, бұған әйел правосыздығының жасар қырсығын ашады, жас талант көзі көріп жиренген әділетсіздікке қарсы ашына үкім айтады. Ол жаңа заманның саналы буынының аузынан шыққан ереуілге шақырған ұрандай естіледі. «Өмірде әділет, мархабат, махаббат деген нәрсенің атын естімеген ананың жүректегі уәжі мен от басынан, ғайбат өсектен аспаған анадан ақ жүрек, адал ниетті, қамқор тууы мүмкін бе?» - деп тебіренген жолдардан терең сезім, биік адамшылық аңғарылады.

Өзі көрбала, үйкүшік, сорлы ана баласына қандай тірбие бермек?

- Мегзер биігі – көрші-қолаңнан артыл деу болса, ұсынар мұраты – тоқты-торымды көбейту жолы. Қызғаншақтық, өзімшілдік, мақтаншақтық, пайдакүнемдік, сұмырайлық мінездің бала бойына қаршадайынан сіңірілуі оның әуелгі тәрбиешісі, бірінші ұстазы – анасының шолақ қарымдылығынан, үлгісіздігінен, мәдениетсіздігінен деген ой айтады Әуезов.

Осылайша бұлтартпас дәлелді алға ұстап, жүйелі ретпен отырып, жас публицист революция алдындағы қазақ өміріндегі ең сияқсыз мәселенің ергесін қозғайды. Прогресшіл, ағартушылық арнада байлам жасайды. Мақаласын: «Әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды, ал қазақ мешел болып қалам демесең, тағылымды бесігіңнен түзе! Оны түзеймін десең, оның халін түзе», - деген ілгерішіл пікірмен аяқтаған Әуезовтің әйел мәселесі туралы концепциясы сол кездегі қазақ демократ ақын-жазушылары А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, М.Серәлин, С.Көбеевтердің мегзеген биігімен ыңғайлас келеді.

Бұл мақалада Абай поэзиясының, әсіресе Абай қара сөздері әсерінің іздері сайрап жатыр. Жас қаламгер бірде Абайдың белгілі афоризмін қайталайды, екіншіде Абайдың «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» деген даналығын мысалға келтіре отырып сөз сабақтайды. Абай әсері тұтас тіркестерден, жүйе-жүйе дидактикалық сарыннан байқалады. М.Әуезовтің «Адамдық негізі - әйел» мақаласы қазақ публицистикасының көрнекті туындысының бірі болып табылады.

Шығармашылық сапардың алғашқы кезеңінде М.Әуезов қаламынан туған мақалаларды түгел қамтып, топтай сөйлегенде, оларда қозғалатын негізгі мәселелерді, мынадай салаларға жіктер едік: әйел теңдігі жайы, оқу-ағарту, мәдениет ісі, интеллигенция туралы, ғылым негіздері, саясат, халықаралық тақырып, газет жөнінде, әдебиет мәселесі. Бұлай саралағанда осы мәселенің бәріне жас публицист түп-түгел тиянақты, орнықты жауап берді деуден аулақпыз. Көптеген мақалалардан Әуезовтің таланты, білімі, прогресшілдігі көрінсе, кейбір еңбектерден жас ойшылдың күрделі әлеуметтік құбылыстарды терең барлап, жіті ұғына алмағанын байқаймыз.

Саналы өмір табалдырығын аттап, қоғамдық іске енді араласа бастаған шақта кімде болсын көп тебіреністі, толқымалы іздену, барлау дәуірін бастан кешіреді. Жеке адам және халық, жеке адам және тарих, жеке адам және дәуір деген аса шытырман сұраулар әсіресе суреткерді ойлантуы заңды.

«Оқудағы құрбыларыма» (1917) атты мақаласында Мұхтар өз тетелестеріне осындай сауал тастайды. Оқыған жастар халық үшін қандай қызмет жасауы керек? Бүгін шәкіртіне не істесе рауа? Қазақ интеллигенті ұмтылар кемер, барар жайлау қайсы? Бұл ретте Мұхтар пікірлері кешегі Абай айтқан моральмен үндес жатады. Семинарист жігіт оқығандардың халық ағартудағы прогресті ролін көрсетумен шектелмейді. Әуезов интеллигенттер бойындағы кемшіліктерді сынап, оқығандарды ауыз бірлікке шақырады, адалдық, табандылық, білімділік сияқты қасиеттерді үлгі етеді. Мақаланың идеясы: «Жігіттер! Ендігі уақыт жазғытұрғы күн шуақтай жанға жайлы емес пе? Осы рақымды күннің қызуына жылып, біз де аз ғана білімімізді, аз ғана қайратымыздың кішкене қызметін адамшылықтың жолына слып, ақтыққа жұмылайық!» - деген жолдарда айқындала түседі.

Семей қаласында 1918-1919 жылдары шыққан «Абай» журналында Мұхтар Әуезовтің бірқыдыру мақалалары басылды.

Журналдың тұңғыш санында жарияланған «Ғылым» атты мақаласында Әуезов адам баласының ұзақ сапар тарихынан көптеген мысалдар келтіріп, ғылымның қалай пайда болғанын сөз етеді. Тәжірибеден, өмірлік қажеттіліктен туғанын нанымды дәлелдейді. Рухани тірлік үшін ғылым атқарар қызметті айрықша дәріптеп: «Шын ғылым жолына түсінсе, шын көздеген мақсатты адамдық, ақтық болар еді», - дейді. Бұл мақала лейтмотиві де ағартушылық, адамшылық. Білімнің жетістіктерін сынай келіп, публицист мақаласын: «мұншаны тапқан көркем ақыл, көсем ғылым осы араға келіп тоқтап қалмай, адамшылықтың иманжүзді жарық күнінің астына апарып, бар адам баласын бұрынғы қаскүнемдік, қанішер, жауыздығын тастатып, бір сүйіспеншілік, бір туысқандық жүрекпен табыстырса керек деп білемін» - деген интернационалдық ойлармен тамамдайды.

Әлеуметтік күрес аренасына ХХ ғасыр басында келген қазақ интеллигенттері алдында тұрған көкейкесті проблемалар көп болатын: азиялық артта қалған, мешеу елдің ендігі беттер бағыты, кенже мәдениетті өрлету жолдары, халық ағарту жайы, шаруашылық жөні, бұдан басқа да көп түйін аз мерзім ішінде шешуді талап етті. Үлкен талант иесі Мұхтарға қоғамның күнбе-күнгі тілектеріне орай, журналистикамен айналысуды бұйырған да сол өмір талабы, сол уақыт қажеттілігі.

Мұның анық дәлелін «Қайсысын қолданамыз» (1917), «Ғылым тілі» (1918), «Оқу ісі» (1917) мақалаларынан көруге болады. Үшеуіне де арқау болған түбірлі әңгіме біреу – қазақ тілінде оқулықтар шығару. «Қайсысын қолданамыз?» мақаласы педагогиканың жанды тармағы – оқулықтар жасау мәселесін сол уақыттың өзінде өте дұрыс көтерген құнды еңбек. «Қазаққа келсек, мектепке арналған ретті бір кітап жоқ», - деп күйзелген автор кедергінің түп төркіні – терминдердің жөнге түспеуінде, мектептердегі бірізділіктің жоқтығында деп біледі. Бір нұсқалы оқу құралдарын жасау керек дейді Әуезов. Бұл ойлар «Ғылым тілі» мақаласында таратылып, толықтырылып, тереңдей түседі, термин мәселесі айрықша сөз болып, автор өз байламын ұсынады. Мәдениетті елдер тарихына көз жүгіртіп, олардағы ғылыми терминдердің қандай жолдармен, қандай принципте жасалғанын шолып, айтып шығады, Қазақстанды өзгеше томаға-тұйық жағдайда алып қарамайды. Ресейдегі ескі шіркеулік-славяндық стильдің, Жапониядағы қытайлық стильдің сол елдер мәдениеті үшін зиянды болғанын дұрыс ескертіп, Әуезов мынадай байламға келеді. «Пантюркизм қазақ мәдениетінің жолын өрлетіп, жұрттықтың бойын өсірмейді». Мұхтар Әуезов бұл жерде әсіре түрікшілдікке қарсы шығып отыр. Қазақ мәдениеті европалық ізде дамуының келешегін болжаған Шоқан Уәлиханов пікірімен іштей қабысу бар. Әуезов терминдер жасауда ең алдымен ана тілінің байырғы мүмкіндіктерін сарқа пайдалануды, қажет болғанда ғана басқа тілдерден жаңа сөздер, жаңа ұғымдар алуды жақтайды, бірақ қазақ тілін орынсыз шұбарлауға қарсы.

«Жә, түріктің өз бетімен тапқан мәдениеті жоқ болса, өзі де Европаның дастарқанының шетінен орын алып отырса, біздің не істеуіміз керек? Ол уақытта мәдениеттің кіндігі болған жерге тура тартпай, өзіміздің қалпымыздағы түрікті өткел қылқанымыз оқу ісін түзу жөнге салғанымыз ба, салмағанымыз ба» - деген Әуезовтің пікірі сол кездегі шығысшылардың шымбайына тиді. Олар Әуезов байламына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп, былай деп жазды: «Мұхтар мұғалімнің пантюркизм керексіз деп көрсеткен дәлелдерін толық таппаймыз, дұрыс еместігі өзінен-өзі көрініп тұр».

Мұхтардың бұл кездегі ғылыми-мәдени саладағы ізденістері әр қиырда, әр салада. «Философия жайынан» (1918) мақаласында автор философияның басқа ғылымдарға қатысын, олардың қатарында алатын орнын, зерттейтін объектісін дұрыс түсіндіреді. Шәкірттік мінез, білімге құштарлықтан туған философияға таңдай қаға табыну да бар.

«Адамның өмірін көкірегіндегі ақылды идеясы билейді. Ол идеяны философия билейді. Философия мен дін бастас ғылым», - осы тәрізді байламдар Мұхтар көзқарасының идеализммен ұштасып жатқанын айқындайды. Ертедегі Аристотель, орта ғасырдағы Бэкон, Декарт, бертіндегі Кант сияқты философтардың атын ауызға алып отырғанымен, автор олардың дүниетанымындағы айырмашылықтарды жіктеп көрсетпейді. Философиялық ойдың шырқау биігі Кант еңбектері дейді.

Әлеуметтік-қоғамдық проблемаларға арнап жазылған «Мәдениетке қай кәсіп жуық?» (1918), «Мәдениет және ұлт» (1918), «Земство һәм кооператив қауымдары» (1918) мақалалары бар. Негізінен экономиканы сөз ететін «Мәдеиетке қай кәсіп жуық!» мақаласында әртүрлі халықтардың белгілі бір шаруашылықпен айналысуына географиялық орта жасайтын ықпал дүние жүзіндегі көптеген елдер тарихынан алынған ұтымды мысалдармен сенімді дәлелденеді. Ғылымға, мәдеиниетке ең жуық кәсіп – егіншілік деген пікірді публицист ерекше қуаттайды.

ХХ ғасыр басында қазақ демократтары ұстанған прогресті бағыт, ағартушылық, ілгерішіл пікірлер айтылып қоршаған ортаның адам тұрпатына, психологиясына жасайтын әсері материалистік тұрғыдан дұрыс түсіндіріледі.

Жан-Жак Руссоның «Цивилизация адамды бұзады» дейтін қате байламына Мұхтар Әуезов «Мәдениет һәм ұлт» мақаласында қарсы шығады, ондай концепцияның зияндылығын, жалғандығын дәлелдейді. Астрономия, биология, зоология, механика ғылымдарынан алған мысалдарына қарағанда, жас Әуезов эрудициясы екендігі байқалады.

Семинарист Әуезовтің дүниетанымын, қоғамдық көзқарасын айқындауға аса қажет мынадай жоларды да осы мақаладан оқимыз: «Адамшылықтың жолы деп бір адамды бір адамға дос қылудан асып, бір ұлтты бір ұлтқа, барлық дүние жүзіндегі ұлттарды бір адамшылық жалауының астына кіргізем деген де мақсат шықты. Ол мақсаттарды көздер отырған – социализм ғылымы».

Социализмнің негізгі принциптерін дәл басып айта алмағанмен, автор: «Түбінде адам баласы бір туысқандыққа келеді деген пікір дұрыс емес деп таласуға болмайды», - деп бұл ғылымға сенім артқандай болады. Бірақ ол пікірін тиянақты дәйектемейді. Бірінші дүниежүзілік соғыста жаға жыртысып, адам қанын көл-дария ағызып жатқан елдерді мысалға алып: «осы себептерден әрбір ұлт мәдениетінен ұлттық қанын сақтауды ғана иман қылатын күйге келді», - деген байлам жасайды.

Ағартушылық бағытта, педагогикалық жүйеде сапалы ойлар айта алған Әуезов қазақ қоғамындағы әлеуметтік қайшылықтарды анық көре алмады, жалпы теңсіздік, жалпы бақытсыздық қыр тіршілігіне хас нәрсе деп ұқты. Дала өміріне түскен сан қилы жарықшақтың себебін тап баса алмай, оны бас бірікпеушілікте, партияшылықта деп түсінген автор өзінше қамаудан шығар жол іздейді. «Ескеру керек» мақаласында былай деп жазады: «Жуан ауыл – қырдағы бұзық мінездің ұясы. Ел ішіне күшті, әділ үкімет орнатып, нашар мен жуанды теңестіріп, жуан зорлықшылды не қылса да елден айырып, әлсіретуге тырысу керек».

Бұл байламдардың реформашылдық екені көрініп тұр. Мұхтардың тапқаны: бірінші – қара қылды қақ жаратын оқыған, білімді, әділ болыс, екінші – жұрттың тиын-тебенін жемейтін – тұтынушылар дүкендері, үшінші - өнімді еңбекке жұмылу. «Земство һәм кооператив қауымдары» мақаласында кооперативтің пайдалы, тиімді жақтарын тәптіштеп сөз қылады. Тұрмысымды түзейін десең, дүниенің ебін біл, саудагерге алданба, өзара бірлескен серіктік құр дейді. Мұның бәрі де қоғамдық құбылыстардың заңдылықтарын іздеуден туған байламдар еді.

Мұхтардың сол кездегі педагогикалық ойларының қорытындысы – «Оқу ісі» мақаласы. Мұнда мектеп мұқтажын сынай сөз ету бар. Түпкі олқылық мұғлімдер кадрларын даярлаудың сапасында жатқаны айтылады. Қазақ мектептерінің кінәратты қиыншылықтары – ортақ бағдарлама, ортақ оқулық жоқтығы, орыс тілінен аудару, шәкірттерді семинарияға жіберу, мұғалімдерді қызметке тұрақтандыру мәселелерінің шешіду жолдары қарастырылды. Халықты жаппай сауаттандырып, ел арасында кітапханалар ашып, театрлар ұйымдастырайық деген ұсыныстар Мұхтардың ағартушылық-демократиялық көзқарасын сипаттайды.

Қазан төңкерісі қазақ халқының өмірлік, ең түбегейлі проблемаларын қозғап, шабан дамып келген қоғамдық ойды аз уақыт ішінде күрт көтеріп, шырқау биікке шығарды. Революция тұтқан жалынды идеялар Қазақстанның бұрыш-бұрышында түгел лаулады. Әр саланы шиырлап ізденісте жүрген жас Мұхтар жаңа заманмен емірене табысты.

Семинарияның соңғы класының оқушысы Мұхтар Әуезов әуелде Алаш қозғалысын қолдады, артынан Кеңес өкіметі жағына шықты. Қажырлы ойын, қайрат-жігерін салып, қиналып, толғанып барлап жүрген өткелдер бетін бүркеген тұман бір-ақ күнде айығып, халық көші беттер қасқа жол жарқырап ашылып кеткен жоқ. Большевиктер идеясына сеніп, басқа да алаш қайраткерлері сияқты Мұхтар Әуезов 1919 жылдың желтоқсанында Коммунист партиясының қатарына еніп, жаңа өмір үшін күрес жолына түседі. Кеңес өкіметі шығарып тұрған газеттерге белсене араласа бастайды, идеялық-саналық жағынан марқаяды.

М.Әуезов 1919-1920 жылдары Семей губерниялық революциялық комитетінің қазақ саяси бөлімін меңгерді. 1921 жылы губерниялық атқару комитетінің төралқа мүшесі болды және оның заң бөлімін басқарды, сол жылы губерниялық атқару комитетінің төрағасы болды. Әуезов 1921 жылдың қараша айынан 1922 жылдың желтоқсан айына дейін Орынбор қаласында КазЦИК-тың төралқа мүшесі қызметін атқарады.

Совет өкіметі, коммунистік партия бірте-бірте бұрынғы алаш зиялыларын істен шеттетіп, қудалады. Ақыры оларды құртып тынды. Осындай қуғын көрген қайраткердің бірі – М.Әуезов 1922-23 жылдың қысында Ташкентте оқып, одан кейін Ленинград университетіне ауысады. Әуезовтің қайраткерлік жолындағы еңбегін көрсететін тарихи документтер ретінде губревком органы «Қазақ елі» газетінде басылған «Уәкілдер келді» (1921), «Төңкеріс комитеті сайланды» (1921) деген материалдарды атауға болады.

Түрлі мекемелерде қоғамдық қызмет атқарып, ірі орындарда болу Әуезовті шыңдап, ой-өрісін, дүниетанымын байытты. Оның шығармаларының әлеуметтік саналық өткірлігі күшейеді. Семей губревкомының органы «Қазақ тілі» газетінде жарияланған «Қазақ оқығандарына ашық хат» (1920) мақаласының принципті маңызы бар. Өйткені бұл мақала Әуезовтің жаңа биіктерге көтерілгендігін аңғартатын еңбек.

Мұхтар: «Россияның ішіндегі көбігі аспанға атып, жүз толғанып, жұлқынып жатқан революция толқыны дүние жүзіндегі еңбекшілерді құлданған патшалықтардың бәрінің жүз жылдан тұрған құлдық қорғандарын іргесімен теңселтіп, жапсарын ашып» жүгін үлкейтіп тұрғаны әркімге мәлім. Кең жалғаннан пана таба алмай, сол қорғанның (құлдық қорғанының – Р.Н.) түбіне тығылған ақсүйектер, жуандар қалтырап отырып, соның астында жан беретіні де мәлім», - деп жазады. Мұндай революциялық байламдардың Мұхтар мақалаларының өзегін құруы – оның көзқарасындағы ерекше сапалы эволюцияның айғағы.

Оқығандарды Әуезов халық үшін аянбай қызмет атқаруға шақырады. «Қазіргі заман қазақтың басына келіп тұрған әрі ең қиын, әрі ең пайдалы, жайлы заман», - деген пікірді интеллигенцияның көкірегіне құяды. Қарақан бастың тыныштық қамын ойлап, әлеуметтік істерден тысқары қалудан безіндіреді. «Жалпы жарлық» (1921), «Бүгінгі зор міндет» (1920) мақалаларында күнделікті, маңызды шаралар түсіндіріледі. Сауатсыздықты жоюдың мемлекеттік маңызы айтылады.

Әуезов Орынбордан Семей губревкомына берген телеграммасында былай дейді: «Әуелгі жұмыстар: бар кәсіпші орындағы қазақ жұмысшыларын ұйымдастыру, жер туралы шыққан декреттерді іске асыру һәм қазақ кедейлерін милицияға кіргізу». Жаңа заман енді орнап жатқан шақтағы қауырт қимылдар, батыл қадамдар. Әуезовтің сол кездегі қоғамдық қызметі.

Мұхтар Әуезовтің 1917-1922 жылдар аралығындағы қаламгерлік қызметін бағалағанда оның «Шолпан» журналында басылған әдебиет мәселелері жайындағы еңбектеріне тоқталу керек. «Қазақ қалам қайраткерлеріне ашық хат» (1922) мақаласында баспасөздің адам санасын тәрбиелеудегі ролі көрсетіліп, редакциялардың нуқандық шараларды ғана күйттемей, әдеби шығармаларды жариялауға көңіл бөлу қажеттігі баса айтылады. «Қазақ әдебиетінің Қазіргі дәуірі» (1922) әдеби-сын очеркінде М.Әуезов әдебиеттің қоғам өмірінде атқаратын қызметін көрсетеді, қазақ әдебиетінің тарихына шолу жасап, бірталай мәселелерге дұрыс баға беріп, болашақта не істеу керектігі жөнінде өз ойларын ортаға салады. «Біз ескі әдебиетімізді сүйеміз. Сүйеміз дегеніміз дәлелсіз емес. Құрметтейміз! Құрметіміз орынсыз емес», - деп, ол қазақ эпостары «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қобыланды», «Ер Тарғындардың» көркемдік қуатының зор екенін, бұларда халық өмірінің белгілі дәуірі реалистікпен бейнеленгендігін дөп басып айтады: батырлар жырының ерекшеліктерін пайымдайды. Қарабай, Қодар сияқты бейнелерді типтік дәрежеге көтерілген тұлғалар деп танып, оларды еуропалық елдер әдебиеттеріндегі бейнелермен салыстыра талайды.

Айтыстарды қазақ поэзиясының аса қымбат бір саласы деп тапқан және жазба әдебиетке оңай қосылып кетер нұсқа екендігін айқындаған Әуезов пікірінің әділдігі әдебиетіміздің даму жолында шындыққа асып отыр.

Абай есімі, Абайға байланысты әңгімелер, Абай поэзиясы Мұхтардың бала күнінен қанық болып өскен дүниесі, өзіне ет жақын стихия. Орыс, еуропа елдері әдебиетін мол оқып, тұшына түсінуден қалыптасқан биік эстетикалық талғам Мұхтарды адастырмайды. Абай – қазақтың жаңа әдеби тілін жасаған, поэзия мәдениетін асқар шыңға көтерген реалист ақын, міне, Әуезов байлауы осындай. Өмір мен өнер арасындағы қат-қабат байланыстың заңдылықтарын ескермегендіктен, Мұхтар С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» пьесасының революция тақырыбын қозғайтын қазақ әдебиетіндегі тұңғыш шығарма бола тұра, көркемдік кемшіліктері барлығын көрсетеді.

Очерк: «Қазақ әдебиеті қазіргі өмірдің бетіндегі қаймағын жалап жүр. Бұрынғы әдебиеттің ішіне тазша бала мен жалшы сақау қатын да кірген болса, бүгінгі әдебиетке қалпақ киген оқығаннан бастап, қой жайып жүрген қойшыға шейін кіруге тиіс», - деген үлкен талап қоюмен тамамдалады. Мұхтардың бұл очеркі - әдебиеттану ғылымымыздың тарихындағы алғашқы профессионалды, сапалы, еңбектердің бірі.

Әлеуметтік күрестер дауылы қашан да жаңғыртушы, өрлетуші күш. Ол мимырт жылдар сапарын оп-оңай аттап, ұлы идеялар тудырады, ұлы істер тындырады, халық мұхиты тұңғиығынан таланттар маржанын жарыққа шығарады. Аз уақытта, аз күнде жас Әуезовті ерекше марқайтып, қазақ тіршілігінің сан қилы шие түйініне қалам серметкен де сол игілікті қуаттың әсері.

Мұхтар Әуезовтің таланты публицистикадан ерекше байқалады. Ол әлеуметтік өмірдің күрделі проблемаларына бой ұрып, прогресшіл көш басшы ойлар айта алады. Дүниетанымының ғылыми негізде қалыптасып бітпеуі оны кейде тығырыққа да ұрындырады. Саяси мектептен өту, ел мақсаты үшін күресу, әртүрлі мекемелерде істеу Әуезовтің ой-сана жағынан толысып, білім эрудициясының айрықша байып, кейін әлемге даңқы жайылған жазушы болуына ерекше ықпал жасаған шешуші факторлардың бірі еді.

Алғашқы мақаласы «Адамдық негізі - әйелді» жиырма жасында жазған Мұхтар «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» очеркіне дейін негізінен өсу үстінде көрінеді. Бұл эволюцияны ойдың тереңдеуінен, пікірдің өткірленуінен, білімнің молаюынан, стильдің айқындалуынан байқаймыз. Мақалаларда айтылған жайлардың бірталайы кейін көркем шығармаларға азық болады, жаңаша пайымдау табады, өзгереді, публицистикадағы көп тақырыптылық, проблемалық, тереңдік Мұхтардың – зерттеулеріне, әңгімелеріне, пьесларына, повестеріне, романдарына ауысады.

Қысқасы, қаламгерлік сапардың алғашқы кезеңіндегі айтылмыш туындылар – Мұхтар Әуезовтің аса күрделі жолының беташары.

Сонымен М.Әуезов күнделікті мәселелерге араласу, солар туралы мақала жазу арқылы саяси-әлеуметтік жағынан тез ер жеткен. Баспасөз талаптары оны жинақылыққа үйретті. Автордың сөйлем құрау машығы, күрделі оралымдарға үйірлігі шамамен 22-23 жасында қалыптасты. Бұдан кейін оның стилінің ажарлануы, айқындалуы, тазалануы басталады.

* * *

М.Әуезов драматургия саласында көп еңбек еткен. Мұның бірнеше себептері бар. Халық әдебиетінде, фольклорда форма жағынан драматургияға жақын нұсқалар көп еді. Батырлар жырында толғаулар мол. Салт өлеңдері, беташар, сыңсу, жар-жар, жоқтау түрі, мазмұны жағынан драмалық шығармалармен ағайындас. ХХ ғасырға дейін қазақтың халық әдебиетінде драматургияға өзек болатын мол қазына жиналды. Осы байлықты игерген қаламгер – М.Әуезов. Ол халық әдебиетінен нәр алды. Әрине, қазақтың көшпелі өмірі, қаланың болмауы драматургияның дамуына кедергі жасады. Қазақ тұрмысындағы сауық түрлері, қыз ұзату салтанаты, алтыбақан ойындары тұңғыш драмаға енгізілді.



Тоғыз жасынан қалада өсіп орыс театрларында болу, Еуропа драматургиясымен танысу М.Әуезов реалистік драматургияға алып келді. Ол осы озық дәстүрді қазақ топырағында тұңғыш қолданды, Шекспир, Гоголь, Погодиндердің шығармаларын аудару Мұхтар үшін үйрену мектебі болды.

М.Әуезов көп уақыт театрда істеген. Осы тәжірибе оған сахна сырын жете үйретті. Әуезов қаламынан 30-дан аса драмалық шығарма туды. Жеке пьесалардың варианттарын қоссақ, 50-ден асады. Бұларды тақырыптық материалдарына қарап шартты түрде бірнеше салаларға бөлуге болады:

а) аңызды, эпосты тарихи оқиғаны арқау еткен шығармалары: «Еңлік – Кебек », «Қобыланды», «Айман - Шолпан» , «Бекет», «Хан - Кене».

ә) тарихи–революциялық тақырыпқа жазылғандары: «Октябрь үшін», «Түңгі сарын», «Ақ қайын».

б) советтік өмір кезеңдерін бейнелейтін шығармалар: «Тартыс», «Тас түлек», «Алма бағында», «Шекарада», «Алуа».

в) Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналғандар: «Намыс гвардиясы», «Қынаптан қылыш», «Асыл нәсілдер».

г) фантастикалық пьесалар: «Дос – Бедел дос», «50 жыл өткен соң».

ғ) ақындар өмірі туралы: «Абай», «Ақан-Зайра», «Қаракөз».

д) сценарийлер: «Райхан», «Абай әндері», «Қалқаман - Мамыр».

М.Әуезов драматургиядағы жанрлық формалардың бәрін қамтыған. Онда трагедия да, комедия да, драма да бар. М.Әуезов кейбір шығармаларын бірігіп жазған. Олар Л.Соболев («Абай»), С.Мұқанов («Ақан -Зайра»), Ғ.Мүсірепов («Қынаптан қылыш»), Ә.Тәжібаев («Ақ қайың»), Ә.Әбішев («Намыс гвардиясы»), «Октябрь үшін» (1933) пьесасының материалдары – Жетісу қазақтарының революцияға келуі. Кейіпкерлері Д.Фурманов, Ж.Бәрібаев. Кітаптың мұқабасында «Мұны жазуға Қ.Байсейітов, Бековтар қатысты» деген сөздер бар. М.Әуезовті әдебиетке «Еңлік – Кебек» алып келді. Шығарма өзегі – эпостық материал. Әлемдік әдебиеттегі мұндай тәжірибеден туған. Шекспирдің 2-3-ақ шығармасы автордың өзі тапқан тың сюжетке жазылған. Фольклор, аңызды пайдалана отырып, шығарма тудыру дәстүрі қазақ драматургиясында да көрінеді. Драманың жанрлық формасын игеру әуелде оңайға соққан жоқ. 1892 ж. «Дала уәләятында» «Қазақтардың есінен кетпей жүрген бір сөз» деген әңгіме басылды. Бұл «Еңлік – Кебек» туралы кейінгі шығармаларда айтылатын кейіпкерлер, негізгі оқиғалар, жер аттары бар 1990 ж. бұл әңгіме екінші рет басылады. Адам аттары өзгерген. Осыдан кейін екі поэма-дастан жазылды.Бұлар Әуезовке дейінгі нұсқалар.

М.Әуезовтің «Еңлік - Кебегі» 1922 ж. Орынборда басылды. Кейіпкерлері сахна тілімен сөйлейді. Автор өзінен бұрынғы мотивтерден алыс кеткен. Билер сахнасы – көркемдік тамаша қайта жазды. Бірнеше көрініс қысқарды. Абыз тұлғасы күшейтілген. Сөйтіп, шығарманың басты идеясы – лейтмотиві Абызға ауысты. Оның монологында Асанқайғы сарындары бар. Соңғы актідегі Абыз монологі – қазақ ақ өлеңінің озық үлгісі. Ғашықтық мотивтері тереңдеген. Жапал бейнесі қосылған. Соңғы рет «Еңлік – Кебек» 1956 жылы қайта қаралды. Мұнда билер сахнасы күшейтілген. Шығарма Абыз толғауларынан басталып, осы жырау толғауларымен аяқталады. Соңғы сөз автрдың өз сөзі, өз аманатындай естілді. Пьесада «ел»сөзі үнемі қайталанып отырады. Тұтас алғанда бұл трагедия көп сарынды симфония тәрізді. Пьеса қазақтың ауыр өмірін көрсетеді. Заманды сынайды. Пьесаны Ж.Шанин Қызылордада, кейін Алматыда театр сахнасында қойған.

Аса терең, мәнді шығарманың бірі – «Түңгі сарын». Бұл – қазақ драматургиясында реализмнің орныққанын көрсеткен туынды. Мұнда көркемдік шешім ақындық идеалмен тығыз байланысты. Таптық тартыс шығармада жай схема түрінде емес, адам тағдырлары арқылы бейнеленеді. «Түңгі сарын» – қазақ драматургиясында жағымды кейіпкерлер проблеасын шешкен туынды. «Октябрь үшін», «Тартыс пьесаларында М.Әуезов реалистік драма жасаудың түрлі-түрлі құралдарын пайдаланған. «Түңгі сарын» – драматургиядағы классикалық бірі. Оның туу тарихы М.Әуезовтің эволюциясын көрсетеді. Мұхтар 1929 ж., 1916 ж. ұлт-азаматтық көтерілісі жайлы «Қилы заман» повесін жазады. Шығарма 1972 ж. А.Н.Пантелеев орысшаға аударған. Алғы сөзді Ш.Айтматов жазды.

«Түңгі сарын» – өзіне арқауболған мотивтері жағынан шоқтығы биік шығарма. Оны тақырыбы жағынан Сәкеннің «Қызыл сұңқарларымен» салыстыруға болады. «Түңгі сарын» – күрескер бейнесін жасаған туынды. Әуезов реализм бір күнде келген жоқ. Жаңа әдеби әдіс-қоғамдық дамумен, халықтық дамумен, халықтық рухани деңгейімен сабақтас. Қазір зерттеушілер мұны әр түрлі түсінеді. Б.Кенжебаев, Т.Кәкішевтер 20-жылдары қазақ әдебиетінде сыншыл реализм принциптері басым болды деген пікір айтады. М.Қаратаев, З.Кедрина, Г.Ломидзелердің айтуынша, Сәкен, Мұхтарлар сол кезде–ақ реализмді меңгерген.

Ол кезде театр, сахна өнерін өрістету көкейкесті проблема еді. Бұл – халық кәмелетінің көрінісі. Осы ояну кезеңінде рухани өрлеудің белгісіндей болып тұңғыш театр дүниеге келді. «Қаракөз» 1926 жылы бірінші сыйлық алды. Ол кезде М.Әуезов ЛГУ-дің студенті болатын. 30-жылдардағы белгілі әдебиет сыншысы Ғ.Тоғжанов трагедияда ескі көшпелі өмірді мадақтау бар дейді. Ж.Орманбаевтың да бір мақаласында осындай пікірі айтылғанды. М.Әуезов бұл пьесаға кейін қайта оралып, жаңа нұсқа жасады. 30-жылдары М.Әуезов реализмді меңгеруде көп еңбек етті. Әсіресе драматургиядан көптеген ізденістерге барды. 1918 ж. Әуезов тұңғыш рет Абай жайлы мақала жазып, Абай заманы туралы білген, естігендерін қағазға түсірген. Л.Соболевпен бірлесіп жазған «Абай» пьесасы кейінгі эпопея тақырыбына барлауы еді. Онда Абай өмірінің соңғы кезеңдері қамтылған

30-жылдардың аяғында М.Әуезов білімі жөнінен, рухани толысуы жағынан шыңға көтерілді. Ол Абай тақырыбына осындай шақта келеді. Автор Абайға лайық сөз өрнектерін тапқан. Бұл трагедия қоғамдық мәні бар күрделі жағдайларды көрсетеді. Шығармада тартыс, әрекет бірлігі мықты. Пьесада қақтығыс көп. Осы пьесаның негізгінде кейін опера либреттосы, киносценарий жазылды. Трагедияны тұңғыш сахнаға қойған – Асқар Тоқпанов. Абай рөлін Қ.Қуанышбаев ойнады. Драма формасын М.Әуезов фантастикалық пьеса да жазған. Ол – «Дос – Бедел дос». Пьесада «бір адам әр түрлі формацияда өмір сүрсе қандай болар еді» - деген сұрауға жауап іздейді.

«Абайдың» 1-кітабы басылғанда, М.Әуезов қырықтың ішінде еді. Ал тұңғыш әңгімесін 24 жасында жариялады. Яғни, 20 жыл бойы прозаның шағын формаларымен айналысқан. Қазақ әдебиетінде алғаш реалистік проза жазған – Аймауытов, Майлин, Әуезов. «Қорғансыздың күні» сыншыл реализммен өзектес. Әуезовке дейін прозамызда адам психологиясының автор идеялымен сабақтас пейзаж жоқ еді. «Қорғансыздың күні» баяндалу әдісі жөнінен еуропалық әдебиет үлгісінде жазылған.

Оқиға автор атынан баяндалады. Реалистік портреттер бар. Адам сезімін дәл басатын диологтар мол. Монолог үлгілері жасалған. Әңгіме соны сюжетке құрылған. Еуропалық талаптарға жауап бере алады. Бұл қай жағынан да реолистік шығарма. Тілі айшықты, автор тұрғысы айқын. Бұдан Әуезов шығармашылығының қуаты ашылады.

Мұндағы сарындар соңғы шығармаларда да көрініс береді. Ақан мен Қалтай зорлығы – Қодар мен Қамқаның өлтіріп, Қаракөзді жындандыратын зорлық. Бұдан кейін көп әңгіме жазды. «Батырма», «Жауыздық» таптық қайшылықтарды көрсетсе, «Үйлену» т.б. махаббатты сөз етеді. Бәрінде жеке бас мүддесі мен қоғамдық идея қатар жүреді. Пейзаж ерекше эстетикалық қызмет атқарады. Бәріне де адам тағдыры арқау болған. Көбінде адам өлімі бар. Бұл-тар заманның символдық бейнесі. Шығармаларда драматизм мол. Әуезов озық үлгілер тудырып, қазақ прозасына көп еңбек етті. Әуезов прозасынан Мопассан, Достоевский сабақтарын көреміз.

Кезінде дау туғызған шығарма – «Көксерек». Ол – автор талантының айқын аймағы. Көп ізденістердің жемісі. Мотив көшіруден аулақ. Ұсақ шығарма емес. Оны әлем әдебиетіндегі үздік классикалық шығармалармен салыстыруға болады. Байқап қарасақ, бұл әңгіме сюжеті Канада жазушысы Сетон-Томсеннің «Виннипег қасқырына» ұқсас. Әуезовтың «Көксерегі»- тұтас философиялық шығарма. Бұдан зор шеберлікті көреміз. Кезінде әңгімеде теріс сарындар басым деген пікірлер де айтылды. Ол–эстетикалық қате тұжырымнан туған жаңсақ ой еді. Біле білсек, кемпірдің қасқырды басқа тебуі – жай тебу емес. Бұл – шығарманың ширыққан, шешім тапқан тұсы. М.Әуезовтың 20-30 жылдардағы ізденістері «Қараш – қараш оқиғасында» тиянақталған. Ғазизаның, «Барымтадағы» өлген кісінің, жетімнің құнын қуған ешкім жоқ. Бәрінде зорлықшыл бар да, күрескер жоқ. Оларда оқырман кек қайтарады. «Қараш-қараш оқиғасы» ойдан алынбаған. Бұл жағынан М.Әуезов оқшау жазушы. Ол жер, кейіпкер атын өзгертпейді.

1988 жылдың көктемі еді. Қазақстан жұртшылығы сөздеріне ден қоятын бір топ ғалым, жазушы, әлеумет қайраткері ерекше мәжіліске шақырылды. Академияның қоғамдық ғылымдар жөніндегі вице-президенті, белгілі философ бұл жиналудың мәнісі не екенін сыпайылап, жұмсақтап отырып түсіндіріп берді: саяси көзқарастар өзгеріп жатыр, соған орай идеологиялық жағдайлар да басқаша болады, тарихи оқиғаларды, кейбір тұлғаларды, әсіресе, Алаш қозғалысына байланысты бұрынғы тұжырымдарға жаңаша қарау керек.

Дәл осы тұста бір тарихшы ғалым орнынан атып тұрып: “Менің қалтамда партбилетім біреу-ақ. Сондықтан большевиктерге қарсы күрескен Алашорданы ағарту керек дейтін жиналысқа қатысудан бас тартам”,– деп, алды-артына қарамай, кабинеттен шығып жүре берді. Сол-ақ екен, у-шу көбейді, басқалар да партбилеттерінің бір-бірден екенін айтты. Ресей, Грузия, Украина, Балтық елдері бұрын буржуазиялық ұлтшыл аталып келген, көбі эмиграцияда болған көрнекті тұлғаларын әлдеқашан ағартып алғандарын мысалға келтірді, қазақ тарихына байланысты көп нәрселерді қайта қарау керектігін дәлелдеді.

Көп уақыт өткен жоқ. Арнайы құрылған комиссия тарихи құжаттармен, архив материалдарымен, сот істерімен, кезінде жарияланған шығармалармен таныса келіп Ахмет, Мағжан, Жүсіпбектерді ағарту керектігі туралы ұсыныс жасап, үкіметтің арнаулы қаулысымен олардың бәрі де ұзақ жылдар бойы жабылып келген жаладан, жағылып келген күйеден, жасалып келген қиянаттан арылды. Артынан Шәкәрім, Әлихан, Міржақып та жарыққа шықты.

Сөйтіп, мұз құрсау күйреп, кезінде қасақана өлім теңізіне батырылған азаттық, тәуелсіздік, ұлттық рухымыздың жалауын көтерген алып кемелеріміз бірінен кейін бірі қасқайып, айдынға жүзіп шыға келді.

Күрт өзгеріс туды. Ең алдымен газеттер, журналдар Алаш азаматтарының шығармаларын жапа-тармағай, бірімен-бірі жарысып жеделдете жариялай бастады. Олардың өмірімен, әдеби, ғылыми мұрасымен таныстырған алғашқы, мақалалар шықты. Бұдан кейінгі істер баспаларда жалғасты: таңдамалы, бір том, көп томдықтар жарық көрді. Ахмет, Әлихан, Мағжан, Міржақып туралы алғашқы, тұңғыш монографиялар шықты. Олардың есімдері көшелерге, мектептерге, жоғары оқу орындарына, зерттеу орталықтарына беріле бастады. Айтулы тойлар өткізіліп, арнап астар берілді. Тарихи ақиқат осылай орнына келейін деді.

Қазақ халқының ұлттық рухының тамырына балта шабу үшін коммунистер ең алдымен осы қозғалыстың бастау көзінде тұрған Алаш көсемдерін, олардың ізбасар шәкірттерін бір қырып тастады да, артынан большевизмді жақтаған, совет өкіметін мадақтаған коммунист зиялылардың өзін де сыпырып әкетіп, көзін жойды. Аман-есен қалған оқығандарды үнемі үркітіп-қорқытып отырды, анда-санда науқан жариялап, олардың ішінен де біреулерді жұлып алып, түрмеге тығып отырды.

Совет үкіметі, партиялық органдар қаншалықты қаталдық жасап, қырағылық көрсеттім дегенмен, Алаш идеялары, ұлттың азаттық рухы, тәуелсіздік сарындары, әсіресе, әдебиетте, өнерде, ғылымда жойылып кеткен жоқ.

Партия қаулы-қарарларымен ой нысанасын, тақырып жүйесін, бейне бағытын, әдіс тәсілін белгілеп берген совет дәуірі әдебиетінің алғашқы өкілдерінің бәрі де Алаш ұранды әдебиет шығармаларымен ауызданған, жазу-сызудың әліпбиін солардан үйренген. Желісі үзілмеген жеке адамдар арасындағы ұстаздық-шәкірттік, ағалық-інілік, туыстық-бауырлық қарым-қатынастар қаншама: Мағжан мен Сәкеннің Омбы семинариясында қатар оқуы, Жүсіпбек пен Мұхтардың “Абай” журналында бірге істеуі, Смағұлдың Әлімханға күйеу бала болуы, Ахметтің Смет Кеңесбаевты, Жүсіпбектің Мәулен Балақаевты, Мағжанның Бейсенбай Кенжебаевты оқытуы – Алаш қозғалысы рухын кейінгі ұрпақпен жалғастырған мың сан тамырлар. Мұның үстіне мәдениет министрі Ілияс Омаровтың Мағжанды ағартуға күш салуын, Ахмет Жұбановтың жүрген жерлерінде Мағжан өлеңдерін жатқа айтып отырғанын, Әди Шәріпов Ахметтің “Әдебиет танытқыш”, Бауыржан Момышұлы Ахметтің “Маса”, “40 мысал”, Бейсенбай Кенжебаев Жүсіпбектің “Психология”, Ахметтің “Әдебиет танытқыш”, Құрманбай Толыбаев Міржақыптың “Оян, қазақ!”, “Бақытсыз Жамал” кітаптарын сақтап келгендігін, оларды жасырын түрде кейінгі буынның оқығандығын қоссаңыз, ұлы арнаның үзілмегеніне әбден көзіңіз жетеді.

Тарихшылар, әдебиетшілер еңбектерінде, оқулықтарда, көркем шығармаларда, кинофильмдерде күні кешеге дейін партия, үкімет тарапынан қадағаланып, жоспарлы түрде бағытталып отырған арнаулы саясаттың нәтижесінде Алаш қозғалысы, “Алаш” партиясы, Алашорда өкіметі туралы тарихи шындық бұрмаланып, қып-қызыл өтірік айтылып келді. Ең бастысы, Алаш қайраткерлері қазақ ұлтының қас дұшпаны болып көрсетіліп, олардың шығармаларына тыйым салынды.

Әділіне келгенде, Алаш партиясы қозғалысына қатысқан азаматтардың басым көпшілігі ұлт мүддесіне арналған күнделікті аршынды іс, қарымды әрекеттермен айналыса жүріп, қуғын-сүргін азабына қарамастан, әдебиет, публицистика, ғылым, аударма салаларында орасан бай мұра қалдырды.

Кейін қолдарынан билік кетіп, халыққа қызмет етудің бір-ақ жолы – оқу-ағарту саласы ғана қалған аз уақыт тыныс шақта ұлт тілінде ғылымның барлық жүйесі бойынша оқулықтар жасауға кірісті. Алаш ұранды әдебиетті жасаған қаламгерлердің жеке басына, шығармаларына тән ортақ, сапалы белгілер олардың тағдырын, мұрасын бір тұтас құбылыс ретінде қарауға мүмкіндік береді.

Қоғамдық белсенді әрекетке, негізінен, ХХ ғасыр басында шыққан бұл толқын 1905 жылғы алғашқы орыс революциясы, 1917 жылғы ақпан, қазан революциялары, өкімет басына большевиктердің келіп, совет өкіметінің орнауы секілді аспан жарылып, жер сілкінгендей әлеуметтік ғаламат жарылыстар тұсында қайрат көрсетті. Осы ұлы ағыстардың баршасы олардың жеке өміріне, қоғамдық, шығармашылық тағдырына ықпал жасап, терең із тастады.

Табиғатынан дарынды жаратылған бұл буын өкілдері қазақы тал бесікте тербетіліп, исламның иманды бұлағынан нәр алып, мұсылманша хат танып, одан кейін жәдидше, орысша оқып, орта, жоғары дәрежелі білім алған, Орынбор, Омбы, Семей, Алматы, Ташкент, Уфа, Қазан, Мәскеу, Петербор секілді шаһарлар тәрбиесін көрген, өз заманының көзі ашық зиялылары. Бұлар мұғалімдік, инженерлік, заңгерлік, экономистік, дәрігерлік секілді сан-алуан мамандық иелері. Түркі, славянды былай қойғанда, араб-парсы, ағылшын, неміс, француз секілді жеті жұрттың тілін меңгерген.

Ауыл мұғалімдерінен бастап бұлар істемеген қоғамдық-әлеуметтік жұмыс жоқ десе де болады: газет-журнал шығару, адам емдеу, сот болу, теміржол салу, жер өлшеу, Ресей Думасына мүше болу, ұлттық “Алашорда” өкіметін жасау. Алаш қайраткерлері – табиғатынан асыл туған, айрықша дарынды жандар. Олар сол сөнбес отты нәрсіз іске, аз күндік мақсатқа, өткінші атақ-даңқ алуға, қайырсыз байлық-дәулет табуға емес, ұлтқа қызмет ету деп аталатын мәңгілік арманға жұмсаған. Күрес жолына шыққан кезде бұл ерлердің бес қаруы сай еді. Сол замандағы кез келген озық елдің зиялыларынан асып түспесе, кем соқпайтын әр түрлі ғылым негіздерін меңгерген, сегіз қырлы бір сырлы тұлғалар еді. Алаш қозғалысына қатысып, “Алаш” партиясын құрысып, Алашорда үкіметін жасаған қайраткерлер ішінен қазақ әдебиетінің алтын діңгек, сом тұғырлары шықты. Отаршылдықпен шайқас, артта қалушылыққа қарсылық, надандықты мансұқ ету, азат, тәуелсіз, демократиялық, дербес мемлекет құруды биік нысана ету, белгілі бір тап мүддесі емес, жалпы ұлт мақсаты үшін күресу, өркениетті нысана тұту – бұл Алаш ұранының астына жиылған ұлылы-кішілі азаматтардың баршасының дүниетанымына ортақ, етене қасиет, сапалар еді.

Бұл идеялар қазақ әдебиетінде бұрыннан бар үлгілермен қоса жаңа жанрлық формалар арқылы жүзеге асырылып, роман, драма, сын, публицистиканың соны түрлері туды. Әлем әдебиетінің классикалық шығармалары аударылды. Сөйтіп, әсіресе Абай сабақтарын нысана тұтқан, бұрынғы озық дәстүрлерді жалғастырған жаңа сапалы Алаш ұранды әдебиет рухани тарихымыздағы ерекше кезең болып табылады. Бұл толқын өкілдерін түгелдей қырып тастағанмен, олардың шығармаларындағы рух, идея, нысана кейінгі әдебиетте жалғасын тапты.

Түгелдей большевиктер ықпалында болған, совет саясатына әбден сенген, теңдік ұранды көтерген Сәкен, Ілиястардың өзі басты шығармаларында (“Аққудың айрылуы”, “Көкшетау”, “Күй”, “Күйші”, “Құлагер”) Алаш ұранды әдебиетпен тақырыптас қана емес, идеялық тұрғыдан сарындас, әуендес. Мұхтар Әуезов Абай заманының психологиялық портретін жасау арқылы халқымыздың күллі әлемге танытты. Ілияс Есенберлиннің романдар шоғыры – әдебиеттегі ұлттық рух көрінісінің тамаша бір белгісі.

Таяу күндердің бірінде теледидардың түймесін басып қалсам, тарихшы ғалым сөйлеп отыр екен:

–Алаш қозғалысы, “Алаш” партиясы, Алашорда өкіметі – біздің тарихымыздағы ең құрметті, қасиетті кезеңдердің бірі. Қазіргі егемен Қазақстан - Алаш ардагерлері арманының іске асуы. Тәуелсіздіктің алты жылдығын атап отырмыз…

Енді аңғардым, бұл сонау 1988 жылы “қалтамда партбилетім біреу-ақ” деп залдан шыға жөнелетін тарихшы ғалым екен. Түлкі боп қашқан заманды тазы болып шалып отыр ма, уақыт желіне орай құбылғаны ма? Не болғанда да тәуба дедім, осындай өзгерістерді көргеніме тәуба. Тәуба!

Алаш ұранды әдебиеттің серкелері Ахметтің, Әлиханның, Міржақыптың тікелей шәкірті, жалғасы Мұхтар Әуезов, негізінен қазақ прозасы мен драматургиясын әлемдік биікке көтерген ұлы суреткер. Сонымен қатар ол әдебиеттану, фольклор, тарих, философия, эстетика саласында да аса бай мұра қалдырған энциклопедиялық қуаты бар тамаша ғалым еді. Әлемге танылған “Абай жолы” эпопеясына дейін отыздағы жас Мұхтар қаламынан туған, Алаш ұранды әдебиеттің азаттық идеясын тағы да бір аспанға көтерген үш туынды бар, олар: “Әдебиет тарихы” (арғы дәуірлер), “Хан Кене” (ХІХ ғасыр), “Қилы заман” (1916 жыл).

Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында әділет әбден бұзылып, билікті қолға мықтап алған Сталин және оның төңірегіндегілер, олардың жер-жердегі сойылсоғарлары ұлттық мәдениетті қудалап, көрнекті қайраткерлерді абақтыға жаба бастады. Ахмет, Мағжан, Шәкәрім, Жүсіпбек, Міржақып, Мұхтар… – бәрі де қамалды, түрмеге, лагерьге жөнелтілді, кейбіреуі сол айдаһар аузынан қайтпай қалды.

Осы тұста көптеген кітаптар да “тұтқындалып”, ұзақ жылдар бойы абақтыға қамалды. Сол еңбектің бірі – Әуезовтың “Әдебиет тарихы” (1928). Автор сыйлықтан сыйлық алып, дүниежүзілік даңққа ие болса да, бұл еңбегі көзі тірісінде қайтадан басылған жоқ. Тіпті, аталмай да келді.

Сөз жоқ, “Әдебиет тарихы” жазылғаннан кейінгі көптеген жылдар ішінде, ең алдымен Мұхтар Әуезовтің өзінің эстетикалық көзқарастары сан алуан өзгерістерге түсті, дамыды, кемелденді, жаңа концепциялар, бағыттар пайда болды, толып жатқан зерттеулер, монографиялар, диссертациялар жазылды. Бұл саладағы табыстарды, жемістерді мүлде мансұқ ету барып тұрған солақайлық, нигилизм болар еді. Сөйтсе де, идеологиядағы солақайлық, тұрпайы догматизм кесірінен әдебиет тарихын теріс түсіндірген, ірі тұлғалардың өзін қаралап көрсеткен, тіпті мүлде ауызға алмай қойған кездердің кесірі әлі де жойылып біткен жоқ.

Ал, “Әдебиет тарихында” мезгілінде объективті ғылыми тұрғыдан айтылған терең тұжырымдар қатарына қазақ елінің отарлануы, өз тәуелсіздігінен айрылуы, осыдан туған кесепаттардың әдебиеттегі көріністері туралы байлам-пайымдауларды жатқызу керек.

Әдебиет тарихын дәуірлеу мәселелеріне келгенде, автордың исламға дейінгі және исламнан кейінгі әдебиет деп ұзақ тарихты екі орасан үлкен кезеңге бөліп қарауында ғылыми негіз жатыр. Бұл, әсіресе, фольклорға ерекше дөп келеді. Мұндай идеяны ең алдымен Ахмет Байтұрсынов айтқанын да естен шығармау қажет. Мұның үстіне Ахмет Байтұрсынов “Әдебиет танытқышта” жеке шығармаларды тиянақты талдау мақсатын алдына қоймаған ғой, негізгі нысана – қазақ әдебиеті үлгілерінің басты-басты жанрлық формаларын ұғындыру болған.

Әрине, жіті қараған кісі Ахмет Байтұрсыновтың “Әдебиет танытқыш” (Ташкент, 1926) кітабындағы жанрлық жіктеулердің, термин, категориялардың, анықтамалардың дәлдігін, тереңдігін, өнердің ұлттық ерекшеліктерін тап басып айтудағы даналықты бірден көрер еді.

Ал, сол ұлы ұстазынан кейін, Семей семинариясында, Ленинград университетінде оқып алған арнаулы біліммен, орыс, Еуропа әдебиеттері тарихы туралы үлкен ғалымдардың алдынан дәріс тыңдап жинаған тәжірибе, өз ізденістері қосылып, биік кемелдікке көтерілген зор талант иесі, жас, қажырлы Мұхтар Әуезовтің “Әдебиет тарихы” деген еңбек жазуында шығармашылық заңдылық бар еді.

Бұрын “Абай”, “Таң”, “Шолпан”, “Сана” журналдарының беттерінде фольклор нұсқаларын, ел ақындарының шығармаларын, шешендік сөздерін жариялаған, Абай туралы, қазақ әдебиетінің арғы-бергі тарихы хақында, даму бағдарлары жөнінде мақалалар, зерттеулер тудырған жас ғалым 20-жылдардың ортасында жүйелі, тұтас монографиялық еңбек беретін биік ғылыми, ойшылдық дәрежеге көтерілген болатын.

Сол тұстағы баспасөзде жарияланған бірқыдыру әдеби-сын мақалаларда эстетикалық талғам төмен, саяси ұран, солақай дақпырттан аспайды.

Әділін айтқанда, М.Әуезов еңбегінде классикалық әдебиеттанудың орнықты, ғылыми жүйесі, үлкен мәдениет, ой тереңдігі, стиль сұлулығы сайрап жатыр. Өнерді өмірдің образды, суретті бейнесі, жанды, тірі көрінісі деп қарау, жалпы адам балалық көркемдік игіліктерді бірінші қатарға шығару, ұлттық сұлулық категориялары, терминдер әлемдік әдебиеттің биік-биік тұғырларымен салыстырыла, шендестіріле алынады.

Кітапта ерекше ықтиятпен талданған мәселе – “Зар заман” дәуірінің әдебиеті. Шортанбай өлеңінен алынған ойларды пайдалана отырып, Мұхтар Әуезов қазақтың әдебиетіндегі ең ұлы сарын – елдік, тәуелсіздік, азаттық, бостандық ұранының көркемсөздегі көріністерін нақты шығармаларды айқын саралап талдау арқылы көрсетіп береді.

Өкінішке қарай, 50-60 жыл бойы әдебиетіміздегі отаршылдыққа, басқаға басы-байлы құл болуға қарсылыққа құрылған жігерлі, ер, қайсар ағыс туралы айтуға тыйым салынып келді. Тіпті, тәуелсіздіктен айрылуды мадақтаған том-том шығармалар пайда болып, солар дәріптеліп, қолпашталып жатты.

Ал, М.Әуезовтің “Әдебиет тарихында” Асан Қайғыдан басталып. Бұқар арқылы өрлеп, Махамбет, Мұраттар тұсында дамып, Шортанбай кезінде шығандап шырқаған азаттық рухы зор поэзияның әлеуметтік, саяси, ұлттық, эстетикалық арна-негіздері, мағына-мәністері тамаша ашылып берілген. Мұның үстіне тарихи жырлардағы өмірлік материал туралы тұжырымдарды қосыңыз. Исатай–Махамбет, Сырым Датов, Кенесары–Наурызбай қозғалыстарының түп мәнісін, негізгі өзегін Мұхтар Әуезов бір қазыққа байлайды, ол – отаршылыққа қарсылық, табаңға түсіп, мәңгүрт болмаймын деп шапшу, құрылған зеңбірек, оқтаулы мылтыққа қарсы тұру, бір сөзбен, азаттық, тәуелсіздік ұраны.

Халқымыздың ежелден арман еткен, күрескен, ғасырлар бойы ұмтылған нысанасы – бостандық, еркіндік идеясы бүгінгі тәуелсіздік мақсұттарымен астасып жатқанына көзіңіз жетеді.

Кітапта “Қобыланды”, “Ер Тарғын”, “Қозы Көрпеш–Баян сұлу” жырлары ұлттық табиғаты, тарихи-өмірлік негіздері тұрғысынан да, көркемдік-эстетикалық, жанрлық-образдық аспектіден де терең талданады. Осы эпостық шығармалар туралы кейін жазылған көптеген еңбектерде айтылмаған ойлардың өзін Әуезов зерттеуінен табуға болады.

Кезінде зиянды, жаулық идеясы бар шығармалар қатарына іліккен туындылар кітапханалардан жиналып алынып, жойылған, өртелген ғой, ондай кітаптарды сақтаған адам жауапқа тартылған, тіпті түрмеге қамалып, атылып кеткендер де аз емес. М.Әуезовтің “Әдебиет тарихы” түгелге жуық жойылып жіберілген, тіпті автордың өзінде жалғыз данасы қалмаған. Халық жазушысы Әлжаппар Әбішев айтқан бір сырдың жалпы аңғары мынадай.

Аумалы-төкпелі қиын белестерде аман қалудың өзі үлкен олжаға айналған шақтарда, кісі көлеңкесінен қорқатын екіұдай уақыттарда үлкен ағалардың арасында күрең қабақ, қырбай, араздық қана емес, шатынап сынардай, жауласуға айналып кететіндей сәттер болғанын жасыруға келмейді. Сондай ауыр тұстардың бірінде абзал ойға кеткен жақсы аралары суысып, ажырап бара жатқан екі ағаны оңаша ғана шақырып, татуластыруға ниет етеді. Екі алып көп ырғасады, біріне-бірі алдырмай, бейне жекпе-жекке шыққан батырлардай шайқасады. Әсіресе, Мұхтар айтқан дәлел, дәйек, уәж салмақ баса береді. Әбден кетісердей, мүлде жауығардай боп ширығып алған кезде, Ғабит: “Мен егер ел болмасам, мына кітапты, сенің ішіңнен шыққан перзентіңнің жалғыз данасын ширек ғасыр бойы сақтап жүрер ме едім” деп ортаға кітапты тастай салғанда, Мұхтар бас салып: “Пәлі, мынау не дейді-ау, рас айтады. “Әдебиет тарихы” өлді санаған бір перзентім, ел әдебиетіне деген алғашқы жастық махаббаттан туған перзентім еді. Бір данасын таба алмай ширек ғасыр дал болғаным рас. Кештім, кешірдім бәрін. Сендім, саған, енді сендім, Ғабит” деп төс қағыстырып, татуласып тарасқан екен.

Көркемдік қасиеттеріне келгенде, “Хан Кене” пьесасының көп сарындылық, полифониялық сипатын ерекше атап айту керек. Халық өмірінің ең бір күрделі, қиын, қанды кезеңіне арналған трагедиялық үлкен шығарма үшін бас-аяғы жиырма екі кейіпкердің ғана алынуы туындының мейлінше ықшамдылығын көрсетеді. Прологы бар, бес пердеден, ұзын саны қырық жеті көріністен тұратын бұл пьеса драмалық жанрдың композицияға, характерге, психологиялық талдауға қоятын ең қатал шарт-талаптарына жауап береді. Мінездер қақтығысы, тағдырлар шарпысуы Шекспирлік биік деңгейде.

Босқа жүрген бірде-бір персонаж жоқ. Тіпті, аты-жөні түстелмеген кейіпкерлердің аузымен авторлық идея, халық пікірі білінеді, өтіп жатқан оқиғаға тың көзбен баға беріледі. Мұны уақыт кесімі, мезгіл үні десе де болғандай, ұлы шығарма – “Кенесары–Наурызбай” дастанын тудырған Нысанбай жырау бір қаһарман ретінде берілген, Кенені хан көтергендегі Шеген бидің сөзі халық даналығының айнымас белгісіндей, Ағыбай, Жоламан, Бұқарбай, Ержан батырлар көз алдыңда қалып қояды.

Трагедияда Кенесарының хан сайлануы салтанатын былай қойғанда, негізінен, ұлт-азаттық қозғалысының соңғы кезеңі, оқиғаның оңтүстік өлкеде өрбуі бейнеленеді. Сондықтан орыс әскерлерімен арадағы шайқас, қазақ ішіндегі соғыстар, Қоқанмен қақтығыс оқиғалары жоқ. Мұның бәрі бір драмалық шығармаға сыймайды да. Оның есесіне қазақ-қырғыз қатынастары ешбір бүркемесіз, барлық ащы шындығымен айқара ашылады. Қазақ ру басыларын еркіндік, азаттық, тәуелсіздік жалауының астына топтай алмаған Кенесарының қырғыз манаптарына да бұл ойын өткізуі қиын. Патша өкіметінен жасырын көмек алған, әрі қоқандықтармен ауыз жаласқан, Дулат басшыларымен жең ұшынан жалғасқан Орман, Жаңқараш, Жантайлармен бейбіт мәмілеге келмеген соң, күшпен тізе бүктірмек болған Кенесары–Наурызбай қосындарының кейбір шектен асқан зорлығы қырғыздың қара қауымын да шапқа түртіп, өшпенділік отына май құйған. Қырғыз елшілері Жаманқара, Кәрібоз осы шындықтарды хан Кенеге бетің бар, жүзің бар демей, көзге қамшы соққандай етіп, қасқайып тұрып айтады. Әке, ағаларының дұшпан қолынан мерт болғанын табалай сөйлейді. Өліспей беріспей айбат көрсетіп, аспанға шапшиды. Сондай ерегес сөз үстінде Наурызбай елші Жаманқараны өлтіріп жібереді.

Драматург бүйрегі қазақ, қырғыздың ешқайсысына бұрмайды: тарихи қанды оқиғаны, хан Кененің соңғы сәттерін зор трагедиялық қуатпен реалистік тұрғыда көрсетіп береді.

Шығармадағы барлық кейіпкерлердің іс-әрекеті, мінез-құлқы, түптің түбінде, хан Кенеге бір соқпай кетпейді. Трагедиядағы сан-сала әуез-сарынның идея – ойдың түп қазығы – Кенесары. Ақ киізге салып, хан көтерген соң, сөз тиген тұс – бір көсілетін кез секілді еді. Қай заманда, қай елде таққа отырар алдында, енді отырып алғаннан кейін қой үстіне бозторғай жұмыртқалатам деп, кеңінен көсіліп көл-көсір уәде бермеуші ме еді? Мансап иесінің ол сөзі жоқ. Хан Кене қысылған кезде киіз туырлықты қазақ баласы етегінен ұстаған атасы Абылайдың барын салып, сенімін ақтағанын бір айтып өтіп, кеудесінде шыбын жаны тұрғанда сол жолды ұстайтынын жария етеді. Бар болғаны осы. Өзге көп сөз жоқ.

Кенесарының мінез қырлары сан алуан әрекет арқылы өз ортасында, дұшпандармен арпалыста, бейбіт күнде, майданда, хан ордасында, соғыс үстінде біртіндеп, сатылап барып, кеңінен ашылады. Ол бірде арғы-бергіні түгел шолып, түптеп ойлайтын дана, бірде кеселді түйінді асқындырмай қолма-қол шауып тастайтын оташы, бірде дұшпанын өзіне қарату үшін мал-жан, дүние-мүлік сауға-олжаны төгіп жіберетін жомарт, айлакер, бірде түпкі мақсатына жету үшін жауласқанның басын алмай тынбайтын қатыгез, жол-жора, дәстүр-заңға келгенде, жақын-жуық, алыс-ағайын деп бөлмейтін, қара қылды қақ жаратын әділ, бұл сипаттар хан тағына отырғанда, үстінен патша ұлығына арыз жазған Мұса опасыздығын кешіргенде, шабуылдан түскен олжаны Дулат еліне таратқанда, қырғыз елшісі Жаманқараны Наурызбай өлтіріп жібергенде, немере қарындасы Қарашашпен жақындығын сезген соң, інісін жазалауда, қоршаудан қашып шығу мүмкіндігін пайдаланбаған сәтте – осы секілді сан алуан жағдайда, алмағайып ситуацияларда көрініс береді. Сөйтіп отқа салып балқытып, мұзға салып суырған алмас қылыштай қаһарманның бір басында қырық кісінің айласы бар елбасының сан қырлы бейнесі драмалық тәсілдер арқылы сомдалып шығады. Кенесары қашанда ықшам, шебер, қысқа сөйлейді. Өзінің елі үшін күресіп, елі үшін шәйіт боп өтерін толғайтын, кейінгі ұрпаққа айтатын аманаты іспеттес әйгілі сырлы, мұңғы монологының өзі дөп-дөңгелек.

Пьесада бірнеше өрім қатар жүріп, қоғамдық-әлеуметтік арна, жеке бастың бақ-талайы алмасып жатады. Шығармада әйел кейіпкер екеу-ақ: бірі Кененің немере ағасы Ержанның қызы – Қарашаш, екіншісі – Кененің апасы – Бопай. Тарихи деректерден, ауызша әңгімелерден, жыр-дастандардан халық арасына есімі ерекше жайылған – осы Бопай. Еркектерден асқан батырлығымен, кей тұста айырықша қаталдығымен даңқы шыққан.

Сол ел санасында сұлбасы белгілі жанның мінез қалпын бейнелеуде Әуезов дәстүрлі арнадан көп ауытқымағанын көреміз. Күйеуі өліп, жесір қалған басы бос әйел Бопайдың уақыт өткен соң, қаралы желекті шешуге хақы бар. Бірақ төре тектеспен болмаса, қарамен жақындасуға тыйым.

Ерлігі мен өрлігі бір басынан артып жығылатын Бопай ескі заңмен көне жоралғыны ұстанып отырса, Бопай болар ма еді, қарадан шыққан Бұғыбай батырмен көңілдестігін, тіпті уақыты жеткенде оған қосақ болудан тайынбайтынын жасырмайды да. Тіпті, көзінің ағы мен қарасындай көретін батыр інісі Науанның өзімен Бұғыбай үшін қайта-қайта шарпысып, отқа түскендей болады.

Түптеп келгенде, хан Кене бастаған күрес жолында жанын шүберекке түйген Бопайдың, өзге емес, қолбасы Бұғыбайды таңдауында сезіммен қоса, түкпірлей ойлаған алыс мақсат жатыр, құшағына алса, батыр төренің намысын жыртпай қайда барады.

Хан Кене тобы қамауда қалып, әскер ыдырап, опасыздық көбейіп, сарбаздар қаша бастаған алмағайып кезде, Бұғыбай іздеп келіп, Бопайды өзімен бірге алып қашпақ болатын көрініс – пьесадағы шебер жасалған, ғажап көркем тұс. Екіұдай сезім, екіұдай хәл: қалың өлім ішінен сытылып шығып, құтылып кетіп бас қосып, шаңырақ көтерейін дейді батыр, ұлы арман, зор күрес мұраттарын тәрк етіп, ақ жолдан тайғанда, қай жұмақтың төрінен озбақпын деп ойлайды әйел. Сонда өзіне жар санаған, хан Кененің үзеңгілес серігі есептеген Бұғыбайы көп қорқақтың бірі болғаны ма? Ол – ол ма, ақ береннің тасқа соғылғанына сүйіну орнына, табалап, кектіп, мазақтап барады әне. Ғашық сезімі таусылып, кектене шамырқанған Бопайдың опасыз Бұғыбайды өз қолымен атып тастауы – намысты ашудан туған кесек трагедиялық әрекет. Грек, Шекспир трагедияларына лайық қимыл.

Үлкен шебердің сомдап құйған драмалық характерінің бірі – Наурызбай. Жас батырдың фольклордағы, тарихи деректердегі сипаттамасын Әуезов терең зерттеп біліп, өз шығармасында ұлғайта келіп, естен кетпестей сахналық бейне жасаған. Бұл сөзі, ісі, әрекеті, сезім түйсігі, ой байламы бір-ақ арманға, бір-ақ жолға – қазақ елінің еркіндігі үшін күреске арналған хас батыр. Осы сапарда ту ұстаушы – хан Кене, сондықтан хан Кене досы – мұның досы, хан Кене дұшпаны – мұның дұшпаны. Басқа жол жоқ. Былқ-сылқты білмейді. Өзгелер, кейбір мысық табан батырлар, жорға билер жақтастыққа кісі тартудың пара жегізу, олжа сыйлау, шен тағу, қолтығына алып, демеп жіберу, құдандаласу, жер бөліп беру, елші алмасу, ескі дауды ұмыту, баталасып мәмілеге келу, уәжге тоқтау іспеттес атам заманнан келе жатқан дала дипломатиясының мыңжылдық түлкі тәсілдерін қолданса, батыр Наурызбай ұстанатын қасқыр құдірет біреу-ақ: алдаспан, көк найза, ақберен. Берсе қолынан, бермесе жолынан дейді. Билік орнықтырудың бірден-бір құралы күш көрсету, тізе бүктіру деп біледі. Мұның аржағы зорлық, қаталдық, қатігездік, көз жасы, қан, өлім. Ақылға тізгін бермей, ашуға шырақ жаққан батырдың сондай қаһары тұтас тайпалы елді бүлдіріп, хан Кененің тобына қосу орнына, оларды дұшпан туының астына жинаған кездері аз емес.

Сол мінездің жария болған сипаты Наурызбай мен бас қолбасы Бұғыбай арасындағы бірте-бірте шиеленісіп, ақыры мүлде ушығып барып, екі батырдың қол жұмсауға дейін баратын әрекеттерінен көрінеді. Төре әулетін адам баласының ең асыл нәсілі санайтын Наурызбай қарадан шыққан батыр Бұғыбайдың апасы Бопаймен көңілдес болуын сүйекке түскен таңба деп, намыстан өртеніп, кектене ширығып, қалшылдап кетеді. Өзгелер бөгет жасап, араша түспесе, Бұғыбайды өлтіріп жіберуі мүмкін еді.

Мұсылмандық шариғаты тыйым салса да, Наурызбай немере қарындасы, бірақ шешелері бөлек Қарашашпен көңіл қосады. Ұстараның жүзінде жүргендей, өлім мен өмір шайқасындағы бір сәттік рахат, қуанышы осы ғана.

Кенесарыны қазақ ру басыларының бірі қолдаса, бірі қарсы шықты. Қарсылық әр деңгейде болғаны белгілі: жігіт қоспау, мал бермеу, соғысу, іріткі салу, патшаға сатылу, дұшпанды қолдап кету, уәде айтып, артынан опасыздық жасау. Осы алуандас сан түрлі әрекеттерді драматург жанр мүмкіндіктеріне орай пьесаның өн бойында түгел көрсетіп отырады.

Қасым ханның асы беріліп, оның артынан Кенесары хан сайланған бүкілхалықтық салтанат үстінде қыз-жігіттер айтысып, шешендер тілін безеп, батырлар жамбы атып, мәре-сәре боп жатқан қуанышты бір сәтте Жантөре, Шотай, Балғожа бөлектеніп, жырылып шығып, пыш-пыш өсек өрбітіп қарсылық, ғайбат айтады.

Бұлардың ішіндегі кеуделісі Жантөре қазақ халқының бірлігіне, елдігіне сенбейді, жұртты ішкен-жегеніне мәз тобыр, жайдақ су санайды. Сондай ел сайлаған Кененің хандығында да мағына жоқ деп біледі. Қайта патшадан шен алып, әскер жиып келіп, өзі билік құруды мақсат етеді. Қасындағы екі би көбіне мұның шылауында, қостаушысы, көлеңкесі іспеттес.

Ру басыларының мұндай қарабастарының қамын жеген опасыз тұрпатының бір үлгісі кеше хан Кенені таққа отырғызғанда қолдаушы болған, бүгін оның үстінен Омбы ұлығына ақтабан сойылдың табанына тығып, жирен атты жансыздан шағым жіберген – Мұса би.

Драматург хан Кененің Арқада, Жетісуда дұшпандары болған би, төрелерді бөліп-жармай, олардың мінез-құлық қалпының дүние таным нысанасының, тіршілік мақсатының бір арнада екендігін дәл де айқын көрсетеді.

Дулат елінің басшылары ретінде көрінетін Рүстем, Сыпатай, Байұзақ үшеуі үш түрлі мінездің адамдары. Әуелі хан Кене қозғалысына қосылғандай боп келген бұлардың нағыз тас босаға, тар кезеңде шын сырлары ашылады, Рүстем төре хан Кене мен Наурызбайдың бар билікті өз қолдарына алып, бәрін өздері шешкендерінен іш тартады. Ертең қазақ, қырғыз басын қосып, бұдан да үлкен лауазымға жетсе, мүлде тізгін бермей кетеді-ау деп қорқады. Хан Кене әулие болса, Арқадағы рулар неге тұтас мұның соңынан ермеген? Алатауға неге ауған? Сыпатай да өз билігінен айрылып қалудан қорқады. Көршілес, құдандалас қырғызды хан Кене үшін неге шабам деп күдіктенеді. Оның үстіне бас қолбасы Бұғыбайдың өзі жеңістен күдер үзіп отырғанда, Наурызбай шекесінен қарап, менсінбей жүргенде, қанына қарайып, әбден өшігіп алған қырғыз манаптары бұларға мал берем, олжа берем, туыстықпен бітісем деп тұрғанда, оққа қарсы шауып, не көрініпті? Бұлардың ішінде Кенесарының қазақ, қырғыздың басын қосып, тұтас ел қылам деген түкпірлі ойы Байұзаққа ұнағанмен, жол айрығына келіп, мойынға шылбыр түсердей сәтте, ол да сырт айнала береді. Сөйтіп 12 мың сарбазы бар Дулат қосыны Кенесарыны жау қоршауына тастап, соғыс майданынан түн жамылып сытылып шығады. Жеке бастарының қамын, ру-тайпа көсемдігін тұтас ел болу идеясынан жоғары қойған опасыздар кеселінен трагедиялық қателік жасалып, аз сарбазбен тұйықта қалған есілер мерт болады.

Осындай ұлы трагедиялық шығарма “Хан Кене” пьесасы жиырмасыншы жылдардың аяғында жазылып, көп қиындықпен 1934 жылы сахнаға шыққанмен, қолма-қол тыйым салынды да, 1981 жылы әрең қайта басылды. Бұл сахналық классикалық туынды өз режиссерін күтіп жатыр. Ол қашан келеді?

Алаш басшылары Әлихан, Ахмет, Міржақыптар 1916 жылғы июнь жарлығынан кейін ел солдатқа жігіт бермей бас көтерсе, патша өкіметінің қарулы әскері бейбіт елді босқа қырып тастайды, сондықтан босқа арандамау керек деп, “Қазақ” газеті арқылы қалың жұртқа жар салған болатын. Бұл сөз бір елге жетті, бір елге жетпеді. Бұл сөзді бір ел тыңдады, бір ел тыңдаған жоқ. Қара жұмысқа алынғандардың артынан Әлихан, Міржақыптар бастатқан азаматтар ере барып, оларға қолма-қол көмек берген.

Кезінде осы тыл жұмысына алынған жігіттердің өмірін Жүсіпбек Аймауытов “Қартқожа ” повесіне арқау етті. Ал солдатқа кісі бермей, бұлқынып, көтеріліске шығып, патша өкіметінің қарулы қаһарына ұшырап, оққа ұшып, абақтыға қамалып, асылып-атылған, содан кейін мал-жаны, дүние-мүлкі талауға түсіп, мүлде жойылып кету қауіпі төнген соң, ата-мекенін тастап, Қытайға ауып көшкен бірқауым елдің тағдырын Алаш ұранды әдебиеттің екінші бір талантты жас өкілі Мұхтар Әуезов “Қилы заман” повесінде зор реалистік күшпен бейнелеп берді.

Бұл шығармаға негіз болған өмірлік материалдарды жазушының Ілияс Жансүгіров, Ораз Жандосовтардың көмегімен қалай жинағандығы туралы деректер көпшілікке аян. Тұңғыш басылғаннан кейін, зиянды шығарма деген жаламен тыйым салынып, қырық жыл өткен соң ғана зор қиындықпен қайтадан жарияланған бұл туындының ұлттық рухымызды, азаттық үшін күресімізді, тәуелсіздік жолындағы азапты жолымызды бейнелеудегі орны ерекше екендігін тиянақтап айту дұрыс болмақ.

Жазушы көтерілістің басты, негізгі себебі ашық, анық түрткісі патша өкіметінің қаны сорғалаған отаршылдық саясаты екендігін көптеген кейіпкерлерінің іс-қимылы, сөйлеген сөздері арқылы әртүрлі орайда жан-жақты бейнелейді. Бұл ретте 25 июнь жарлығы ең соңғы шеп, төзімнің бітуі, лаулағалы тұрған қауға түскен шақпақ от.

Ұзақ, Жәмеңке, Тұрлығожа, Әубәкірлер ауыздарымен ел келесінде, ұлықтар алдында айтылған кекті, шерлі сөз атаулының құяр аңғары біреу: патша қазақ халқын алдады, шұрайлы жерін, мол суын тартып алып, қарашекпендерді орналастырды, мөлшерден тыс заңсыз салық салды, ең соңында қол астындағы қазақты өзгелермен тең санамай, кем тұтып, қорлап, жігіттерінің қолына қару бермей, көздеріне көк шыбын үймелетіп, атамекенінен ажыратып алып кетіп, қайдағы бір ит өлген шет өлкеде, жер қаздырып, қара жұмысқа салмақшы. Тападай тал түсте он тоғыз бен отыз екі арасындағы өңкей боздақты ажал жолына көгендеп бергенше, туған жерде алысып, жұлысып, бұлқынып, тіпті болмағанда жер ауып көшуге бекінеді.

Осы орайларын олар жасырып, бүкпей, бұқпантайлап, жұмбақтамай, ең алдымен өз ру орманының алдында тебірене, толқып отырып айтса, қаскөй дұшпан, патша өкіметінің атар оқ, шабар қылыштары – ұлықтармен бетпе-бет келгенде боданмын, отармын, құлмын деп кішіреймей, тік тұрып, иықтас деңгейде қасқайып қарап, тең сөйлеседі, тіпті кеткен есені даулайды, салмақ салады, тұрысатын жерінде айт дегенге барады, сөзден – іске көшіп, ұрт қимылға басып, атқа қонып, қару алады.

Бұл биік рух көтеріліс басталмай тұрып көрінеді де, абақты ішіндегі тергеу кездерінде Жәмеңке, Ұзақ мінездерінен терең танылады. Әр буын өкілдері, аттары белгілі, белгісіз азаматтардың азаттық, еркіндікке бұлқына ұмтылуын жазушы зор шабытпен құлшына суреттейді.

Алғашқы әңгімелерінде-ақ табиғат суреттерін бейнелеуге ерекше ден қойған Әуезов бұл шығармасының тұсында нағыз пейзаждық картина жасайтын биік өнерлі қаламгер екендігін көрсетеді. Сүлесоқ қалыпта санамалап айтылған тау, тас, өзен, бұлақтың өлі сүлдесі емес, қимыл-қозғалыстағы жанды табиғаттың мың – сан бояуы жарқыраған, тіршіліктің ыстық та суық лебі бетке ұрып тұрған, бірде асқақ, тәкаппар, бірде нәзік, сұлу табиғат көріністері сол ортадағы, әртүрлі психологиялық күй кешіп жатқан адамның қабылдауы арқылы жүрек сүзгісінен өткізіліп беріледі. Бұлар бірде Үш Мерке, Дөңгелек саз, Үшқара, Сырт, Лабас, Асы, Ақбейіт, Айттөбе, Тұз, Кеген, Көктөбе, Көкбұлақ секілді Албан елінің жайлау, мекендерінің жалпы сурет-панорамасын көрсетсе, бірде нақты жердің суын, қарағайын, тауын, күнін, бұлтын дәл қалпында көз алдыңызға алып келеді.

Жазушының ұлы таулар, ұлы жайлауларға деген ыстық махаббатының лебі жалын атады. Оның қырағы көзі сәуле мен көлеңкенің ауысуын дәл байқап, сан алуан құбылған бояулар кемпір қосағын көлденең тартады, тауға қарай беттей жөнелген сарбаз қарағайлар, аспанда қалтылдап шырылдаған күйкентай, шашырай жайылған қой, мөңіреген бұзау, кісінеген айғыр, беласқан көп аттылар, ізденісіп, өршелене үріп өштескен иттер, ең бастысы мәңгілік кескіні іспеттес алып тұғырлар алдыңнан шыға келеді. Су жолдары ирелеңдеген жыландай бетін ажымдаған, суық түсті таулар, жасыл дүние көркін бойына жинаған алып астау секілді өлкелер бар.

Сондай қымбатыңды обып-жұта бастаған, жер-суыңды тартып алып қала орнатқан, енді ер-азаматыңды қан-қырғынға айдап салмақ боп отырған қас дұшпанға қарсы шыққан ел бұлқынысының сан алуан толқынын Әуезов ғажайып көркем тілмен бейнелеп береді.

Аума-төкпе, аласапыран уақыттағы қалың көпшіліктің ой әуенін, сезім-түйсік толқындарын, мінез құбылыстарын жазушы бір жағынан авторлық баяндау, арқылы еркін, көсіле суреттесе, екінші жағынан атын атап, түсін түстеп беретін кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы бейнелейді, үшінші жағынан кімдер айтқаны белгісіз, бірақ әртүрлі байлам, мінез, көзқарасты білдіретін көп дауысты лебіздерді жиі қолданады.

Екеуара, үшеуара қауымдасу, көпүнді талқы дейсіз бе, бәрінде қорғасын құйғандай салмақ бар, адам мінезін ашып беретін айқын сөздік сипаттамаға ерекше көңіл бөлінген. Бұған тұлғаның негізгі тұрпатын анықтайтын дара сөз, толғау іспеттес монологтарды қоспақ керек.

Шығармада қазақ ауылының әлеуметтік құрамының бағасы елдік, азаттық, тәуелсіздік жолында кім қандай қайрат көрсетті деген тұрғыда көркемдік саралау арқылы беріледі.

Бір Саурық батырдың екі баласы екі қиырда жүр. Кеше бітіспей жауласқан елдің жігіті бір қырғызға ата-ана батасын алмай, рұқсатсыз кеткені үшін қыз Бөкейді дарға асқан қатігез, мыңжылқы айдаған шіріген бай Тұңғатар өз балаларын ұлыққа пара беріп алып қалмақ, көптен бөлініп, бас сауғалайды. Қапыда сүйікті қызынан айрылған, сол қайғының күйігі қаражыландай жанын улап жатқан Ұзақ батыр ел басына күн туғанда қиыннан жол тауып, көш бастайды.

Бықсық, қорда дүниенің құлы Рақымбай болыс ұлықтың алдында құрдай жорғаласа, екінші болыс Әубәкір ел намысын, иманын сақтап атқа мінген, күрескен, арпалысқан жігіттердің бел ортасында. Оспан, Жебірбаев тілмаштардың қашанғы сатылғаны сатылған. Исі Албан – бірлігінен жырылған Алжандар да жүр.

Сонымен, Әуезов кейіпкерлерін кімнің баласы, қай таптың өкілі, қай рудың перзенті деп топтастырмай, ұлттық тұтастық жалауының астынан табылғандар және содан үзіліп кеткендер деп шоғырландырған.

Жазушының бейнелеп отырған өмір құбылыстарына деген ықылас-пейілі, сезім-түйсігін, авторлық көзқарасы, қаламгерлік тұғыры кейіпкерлер тұлғасын сомдау үстінде үнемі айқын-ашық көрініп отырады. Тұтастай алғанда, реалистік прозаның негізгі принциптерін қатаң сақтап, биік көркемдік нысанына мегзей отырып жазылған шығарманың басты байлығы – сан алуан ерекшеліктері бар, бірін-бірі қайталамайтын, ұлттық бояуы қанық мінездер, тұлғалар шоғыры. Солардың ішінде халық қысылып, тығырыққа тірелгенде, сөзіне ден қойып, байлауына тоқтайтын, елдің тағдырын шешетін, билік айтатын, негізінен, екі кісі: бірі – Жәмеңке би, екіншісі – Ұзақ батыр.

Жәрмеңке жасы жетпіс бестен асқан, өмірдің ащы-тұщысын түгел көрген, дәстүр-салтты бес саусағындай білетін, ел жорасының майталманы, көмейі бүлкілдеген шешен, азаттық жолында жанын беретін, қазақ елінің тәуелсіздігі үшін ғасырлар бойы күрескен ескі билердің соңғы тұяқтарының бірі, оған керегі дүние, байлық, мансап емес, ел тұтастығы, ел бірлігі, ел азаттығы, халық күресінің шамшырағы, алтын діңгегі іспеттес, осыны ұққан патша ұлықтары асыл қарияны Қарақол түрмесінде улап өлтіреді. Жәмеңке – Мұхтар Әуезов қаламынан туған билер тұлғасы галереясының бел ортасынан орын алатын тамаша тұлға.

Шұғыл әрекеттің, батыл қимылдың, тұжырымды, қысқа сөздің иесі Ұзақ батыр бейнесі дәл, нақты, қанық бояулар арқылы жасалған. Ағасы Тұңғатармен арасы, жігіттерді көтеріліске бастауы, тергеу үстіндегі мінезі, түрме бұзғандағы қимылдары айқын суреттелген.

Шығарманың сюжет желісінде Алатаудың жұмыр тасындай тұтастық бар, оқиға үнемі үзілмей жалғасып отырады. Он бір тараушадағы әрекеттер бірінен бірі туындайды. Алғашқы көріністердегі патша өкіметінің екі басты самұрық бейнеленген ақ жалауынан бастап, соңғы тараушадағы лаулап жанған жәрмеңкеде символдық ой, мегзеу нысаны бар. Бұлар бірден көрініп тұрған анық өрнек болса, сойыл, найза, шоқпар, шиті мылтық ұстаған аттылы көшпелілердің, жәрмеңке ішінде, қалаларда бекінген мылтық, зеңбірекпен мұздай қаруланған, соғыс ісін меңгерген, тұрақты әскермен шайқасуында орасан зор философиялық, әлеуметтік азаматтық мағына бар. Бұл тапталғандардың, қорланғандардың, қуғындалғандардың бас көтеруі, момындардың бұлқынысы. Түптің түбінде жеңбей қоймайтын осынау асыл идеяны Мұхтар Әуезов сұлу тіл, көркем бейнелер, адам тағдырлары арқылы кітап бетіне түсіріп, ұрпақ жадында мәңгілікке байлап қалдырған.

Қазіргі зерттеулердің нәтижесінде анықталып отырғанындай, Мұхтар Әуезов мұрасы елу томнан асып жығылатын телегей теіз байлық, оның ішінде мыңсан саз, сарын, ой толқындары тербеліп жатыр. Солардың ішіндегі ең үлкен ағыс – азаттық, тәуелсіздік, дербестік идеясын арқау еткен қазақ халқының арғы дәуірлердегі, ХІХ ғасырдағы, ХХ ғасыр басындағы арпалысты күрес жолына арналған отыз жасқа дейін тудырған бір зерттеу, бір пьеса, бір хикаятымен-ақ Мұхтар Әуезов бүгінгі еркін Қазақстанды жасаушылардың бірі болып отыр.



ЕКІНШІ ТАРАУ

ТІЛ ТАҒДЫРЫ – ҰЛТ ТАҒДЫРЫ

ҒАШЫҒЫМ МЕНІҢ – БОСТАНДЫҚ

«Желісі үзілмей келген жиырма жылдық ақын жолы жеңіл жол емес.

Күш-қуат, ой-сезім, істегі нәр атаулының барлығын қуаныш пен күйініш, қиналу мен тебірену араларында, жалындай жанып ортаға салған жылдар. Бұл жолға барлық жас қуаты, өмірлік бейнеті, жүрек қаны сарп етілген. Осы күйді әсіресе Сәкен басынан мол кешті»

(Мұхтар Әуезов)

ХХ ғасырдағы қазақ жаңа әдебиетінің негізін салушылардың бірі, Қазақстанның қоғамдық тарихында көрнекті орын алатын қайраткер Сәкен Сейфуллин аз ғана ғұмырында найзағайдай жарқырап өтті. Жаңашыл жазушы қаламынан туған шығармалар халық өмірінің көкейкесті, өзекті тақырыптарын аша көрсетті, жанды бейне, көркем тұлғалар арқылы терең идеялар айтып, эстетикалық игіліктер жасады.

Ұлттық әдебиетке жаңа мазмұн, жаңа түр, жаңа идея әкелген жазушы туындылары халқымыздың қымбат рухани қазыналарының қатарына жатады.

Сәкен Сейфуллин 1894 жылы бұрынғы Ақмола облысы, Ақмола уезі, Нілді болысының бірінші ауылында (қазіргі Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданы) туған. Сарыарқаның сағымды даласы, мөлдір сулары толқыған Есен өзендерінің бойы, алыстан көз тартатын Аба, Ор тауларының бауыры – болашақ ақынның балалық шағы өткен, жаз жайлау рақатын көріп, алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнаған, қыстың боранды ұзақ түндерінде қиял-ғажайып, ерлік оқиғаларға толы батырлар жырын естіп, мың түрлі сырмен адам жүрегін елжіретер ән мен күй тыңдаған, айт пен тойдың қызығын көріп, айтыс пен бәйгені қызықтаған, алтын бесік ыстық ұясы.



Табиғатынан дарынды жаратылған, мөлдір қара көз, толқынды шаш, қыр мұрын, қайратты ұлдарын Сейфолла мен Жамал азан айтып қойған Сәдуақас есімінің орнына, ата-анасының Мұқаметқанапияны – Шоқан, Ибраһимді – Абай дегені секілді, ерекелетіп «Сәкен» деп атап кеткен.

Қажырлы, сөзге шешен, домбырашы, саятшы, аңшы Сейфолланың көп істері, әрекет-қимылы, мінез-қалыбы болашақ ақынның өр, қайсар, әділ болып өсуіне әсер етеді. Еркелікті білмейтін, орынсыз күлкіге, жылауға жоқ, тұрымтайдай бала шешесі Жамалдың ертегілерін тыңдаудан жалықпайды. Ауыл молдасынан тілін сындырып, арабша хат танып, қисса-хикаяны өзі оқи алатын деңгейге жеткен Сәкенді сол кездегі өзге көрбілте қазақтар секілді «Осы жетеді. Мал бақ. Үй ішін қара» деп, от басы, ошақ қасында ұстап қалмай, «Орысша тіл үйрен, орысша оқу үйрен» деп Нілді заводына жібереді. Тоғыз жасында ауылдан кетіп, рудникке келген Сәкен бір орыстың сиырын күтіп, пешке тас көмір жағып, су әкеп, әр түрлі жұмыстар атқара жүріп, әуелі сол үйдің кемпірінен орысша тіл үйреніп, екі жыл завод мектебінде (школа) оқиды. Кеше ата-ана алақанына салған бақытты бала, бүгін кісі есігінде. Кеше кеш жатып, кеш оянған, ұйқыдағы жайбарақат ауылда болса, бүгін түтіні аспанға шапшыған завод, балғаларды дүрсілдете соғып, көк темірді сағызша илеген ұсталар, есе, теңдік, бостандықты талап етіп ереуілге шыққан жұмысшылардың арасында. Қазағы, орысы, ағылшыны бар интернационалдық ортада. Жеті қат жер астындағы шыңырауға түсіп, көздері ғана жылтырап, шаршап-шалдығып шахтадан шығып келе жатқан кеншілер, сан алуан машиналарды жүргізіп, тас қопарып жатқан жұмысшылар, жатақ үйлер, ауыр тұрмыс, тартысты өмір суреттері алғыр, зерек, есті бала жүрегіне ыза, намыс, кек болып байланады. Кейін олар ақынның көптеген шығармаларына арқау болады. Сәкеннің жан-жақты білім алуы, азаматтық-әлеуметтік көзқарасының қалыптасуы, шығармашылық қадамының басталуы оның 1908-1913 жылдары Ақмоладағы (қазіргі Астана) приходская школада, қалалық училищеде, 1913-1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыған жылдарымен тығыз байланысты. Тырнақ алды қадамын Нілді заводында қалжың өлең жазудан бастаған жас дарын қазақ фольклорын, Абай шығармаларын, орыс, Европа әдебиеттері классикасын игеруге талаптанады: «Айқап» журналына хат-хабар, сын мақала, бірнеше өлең бастырады. 1914 жылы жиырма жастағы семинарист Сәкен Сейфуллиннің «Өткен күндер» атты өлеңдер жинағы Қазан қаласында басылып шығады. Өзі секілді семинария бітірген сол тұстағы қазақтың жас оқығандары сияқты Сәкен де еңбек жолын Сілеті-Бұғылы деген жерде ауыл мұғалімі болудан бастайды. Қазақ даласының астаң-кестеңін шығарған 1916 жыл оқиғалары, әсіресе әлемді дүр сілкіндірген 1917 жылдың алапат толқыны Сәкен өмірінде, оның азаматтық, ақындық тағдырында ерекше орын алады. Шәкірт оқытып, қазақ тұрмысынан әр түрлі өлеңдер жазып жүрген, тіпті әлі балалық мінезден арылмаған жас ақын Ақпан революциясы болып, патша құлағаннан кейін Ақмолаға келеді. Тап тартысының бітімсіз күресі аз уақыт ішінде романтик жыршыны ширатып, тіпті оның шығарма жазуға қолын да тигізбей, әлеумет қайраткері, революционер, саяси күрескер етіп шығарады. Қазақ комитетінің төрағасы, Совдеп президиумының мүшесі, Халық ағарту комиссары, «Тіршілік» газетінің шығарушысы – 1918 жылы маусым айында ақ казактар мен чехословактардың контрреволюциялық көтерілісі Ақмолада совет өкіметін құлатқанға дейін Сәкен Сейфуллин осындай қызметтер атқарып, қазақ әйелдеріне теңдік беру, дін басыларын ауыздықтау, бұрынғы дәулет-байлық, әкімшілік-билік иелерін тізгіндеу, кедей-кепшік, жұмысшы-жалшыға құқық беру, әлеуметтік іске тарту секілді сан алуан саяси шараларды жүзеге асырады. 1917 жылы жазған «Бақыт жолына» драмасы 1918 жылы Ақмола жастарының күшімен сахнаға қойылады. Революционер өмірін бейнелейтін «Қызыл сұңқарлар» драмасы 1920 жылы дүниеге келген. Басқа да революционерлермен бірге Сәкен қол-аяғы шынжырланып, Колчак түрмесіне отырады, аш-жалаңаш, қорлық-зорлық көріп Анненковтың азап вагонының тауқыметін тартады. Тоғыз айға созылған бұл тамұқ тақсыретінен ержүрек ақын 1919 жылғы наурыз айында Омбы тұтқын лагерінен қашып шығып құтылады. Тордан босанған жаралы жолбарыс контрреволюционерлердің қудалауынан қашып, мыңдаған шақырым жаяу-жалпы, арып-ашып жүріп, ақыры Түркістан өтіп, Әулиеата (қазіргі Тараз) атырабында совет өкіметін орнату жұмыстарына белсене қатысады. Бұл революциялық күндердің шежіресі - «Тар жол, тайғақ кешу» (1927 ж.).

Ақ бандылар, контрреволюция күштері жермен-жексен болған соң, 1920 жылы Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы құрылғанда, революционер, 1918 жылдан Коммунистік партияның мүшесі Сәкен Сейфуллин Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің президиум мүшесі, Жер-су комиссиясының төрағасы, ал ІІІ Советтер съезінде 1922 жылдың қазанында Қазақстан Комиссарлар Советінің төрағасы болып сайланады. Бүкілодақтық Атқару Комитетінің (ВЦИК) мүшесі ретінде ССРО көлемінде шешілетін күрделі, саяси, әлеуметтік, шаруашылық мәселелерді талқылауға қатысады, 1922-1925 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болған С.Сейфуллин қазақ баспасөзінің өрістеуіне күш салды. 1925-1937 жылдар арасында Жазушылар Одағында, Партия тарихы институтында басшылық қызметтерде бола жүріп, жоғары оқу орындарында ұстаздық етті. Ер жүрек революционер, кең құлашты қоғам қайраткері, адал, шыншыл азамат Сәкен Сейфуллин даңқы алысқа тарады.

Революциялық күрестің от-жалынында шыңдалып, әлеуметтік-қоғамдық қызметтің мыс қазанынан балқып шығып, батырлық-ерлігі аңызға айналған Сәкен қарбалас, аласапыран күндер тынышталып, бейбіт өмір арнасына түскен шақта негізгі өмірлік мұраты қаламгерлік екенін әбден ұғынды. Барлық қайрат-күшті, талант-дарын, жігерді көркем сөзбен туған халқына қызмет етуге жұмсайды. Оның дарынды қаламы жаратқан «Асау тұлпар» (1922), «Домбыра» (1924), «Экспресс» (1926), «Тұрмыс толқынында» (1928), «Көкшетау» (1929), «Альбатрос» (1933), «Қызыл ат» (1934), «Социалстан» (1935) өлең, поэма кітаптары, «Тар жол, тайғақ кешу» (1927), «Жер қазғандар» (1928), «Айша» (1922), «Жемістер» (1935) прозалық шығармалары, «Бақыт жолына» (1917), «Қызыл сұңқарлар» (1920) драмалары, «Қазақ әдебиеті» (1932), «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1933) зерттеу еңбектері көркем, танымдық-тәрбиелік мәні жоғары, ұлттық эстетикалық дамуымызды жаңа сапалық биікке көтерген, кейінгі өрістеу-өркендеулерге ықпал жасаған туындылар.

Композитор ретінде Сәкен Сейфуллин қазақ музыкасының дамуына өзінің тамаша әндерімен үлес қосты.

1936 жылы қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Сәкен Сейфуллиннің әдеби қызметінің 20 жылдығы тойланып, әлеуметтік шығармашылық ерекше қызметі ескеріліп, оған Еңбек Қызыл Ту ордені берілді. Бір жарым жылда дүние шыр айналды. Советтік террор басталды. Сәкен Сейфуллин 1938 жылғы 28 ақпанда атылды.

Тұңғыш «Өткен күндер» өлеңдер жинағы Қазандағы «Мақтубат кәримия» баспасынан басылып шыққанда – Сәкен Сейфуллин жиырма жаста.

Кітапқа енген өлеңдердің әлеуметтік-қоғамдық мазмұны, көркемдік-эстетикалық ерекшелігі, поэтикалық-ақындық қуаты жас қаламгердің табиғи үздік талантын, азаматтық позициясын, философиялық дүниетанымын анық көрсетіп берді. Бұл тұста баспадан кітап болып шығып жатқан қазақ жазушыларының шығармалары некен-саяқ, ұлы ақын Абай туындыларының басылғанына не бары бес-ақ жыл өткен.

Сәкен жинағындағы өлеңдер идеялық тұрғыдан алғанда ағартушылық, демократтық бағытта, сыншыл реализм әдісінің арнасында жазылғандығын көреміз. Жас ақын қазақ өміріндегі, халық тұрмысындағы маңызды әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, оған көркемдік, эстетикалық талдау жасайды.

Патша отаршылығы, қазақ елінің қараңғылықтан көзі ашылмағандығы, қазақ байларының надандығы мен топастығы, өздері бірікпей, жан-жаққа тартқан ел басшыларының берекесіздігі – осы тектес саяси-әлеуметтік тақырыптарды қозғау, кедейлік, жоқтық зардаптары, білімге үндеу, оларға халық мұраттары тұрғысынан жауап іздеу жас ақынның азаматтық ой-өрісін көрсетеді. Бұл идеялар «Мұра», «Түс», «Кім басшы-аға халыққа», «Қазақ сабағы», «Надан бай», «Жетімге», «Інішегіме» өлеңдерінің бәріне тән.

Оқу-білім қуып жастай қалаға кеткен жасөспірімнің елге деген сағынышы, туған жерге махаббаты, ауыл көріністері, ел тұрмысын, этнографиялық жәйіттерді бейнелейтін «Жайлауға көшу», «Жайлауда қымыз ішу», «Айт күні» өлеңдерінен жақсы көрінеді. Бұл туындыларда есте қалар қанық бояумен салынған табиғи суреттер, бірте-бірте жойылып бара жатқан қазақтың кешегі өмірінің белгілері - өткен күндер картиналары бар.

Ұшқын атқан алғашқы ғашықтық, махаббаттың нұрлы сәулесін жырлауға да жас ақын қаламы бейім, бұл ретте Абай ықпалы бар.

Әлеуметтік айқын позиция, халықтық идея, бейнелі тіл орамы, мәдениетті өлең кестесі бар «Өткен күндер» жинағы қазақ әдебиетіне тегеуірінді талант келгендігінің айғағы болды.

1922 жылы Орынборда басылып шыққан «Асау тұлпар» жинағы – қазақ поэзиясында жаңа мұраттар, жаңа игіліктерді жырлаған туынды болды.

«Далада» аталатын ақ өлеңмен жазылған арнауында ақын:

Сендерге, қарындастар,

Сендерге, інілер,

Сендерге арналды бұл әндер.

Дүниенің құлдық шынжырын қиратып,

Әділдік, теңдік іздеген,

Тұрмыстың таршылық зынданын бұзып,

Еркіндік, кеңдік іздеген,

Көкіректері жанып, бақыт іздеген, жастар,

Сендерге арналды бұл әндер,-
деп жинақтың негізгі идеясын, эстетикалық мұратын пафосты, ұранды сөздермен ашып береді. Негізінен «Асау тұлпар» жинағындағы өлеңдерді үш жүйеге бөліп қарауға болады. Бірінші – революцияға дейінгі кезде жазылған махаббат, ғашықтық жырлары, табиғат, пейзаж лирикасы, түрлі аудармалар, әдеби пародия. Ақын өлеңдердің қашан, қай жерде жазылғанын дәл көрсетіп отырған. Еркіндік, бостандықты аңсау, табиғат құбылыстарынан философиялық мағына іздеу, таза сүйіспеншілік рақат-ләззатын мадақтау - «Жазғы түнде», «Көңіл», «Сәулем», «Өткен күн», «Далада» секілді өлеңдердің басты көркемдік нәрі.

1917 жылы 9 наурызда жазылған «Асығып тез аттандық» өлеңі – ақын шығармашылығындағы жаңа күрт бетбұрыс, революцияны жырлаудың басы. Россияда болып жатқан таптық шайқастар табиғатын, патша құлап, еңбекші тапқа бостандық келгенін терең ұғынған ақын әлеуметтік мәселелерді қара күн, зеңгір тау, таң, тұлпар, қызыл шоқ үкі, көк, қызыл шашақ оқа тәрізді символды бейнелер арқылы романтикалық әуенде көтеріңкі пафоспен жырлай келіп:

Күнге жайып құлашты,

Шақырып бері шаттандық.

Қуантуға ел-жұртты

Асығып тез аттандық, -

деп тұжырды.

Ал «Кел, жігіттер» өлеңінде (1917) автор позициясы тіпті айқын, енді ол символды сурет, романтикалық толғау арқылы емес, қазақ жастарына ашық революциялық ұран тастайды:

Залымдық пен

Әділдіктің

Алысқанын айтайық

Бай мен кедей

Жер жүзінде

Шабысқанын айтайық,-

дейді.

Сөз жоқ, бұл – қазақ әдебиетіндегі революциялық жыр.



Терең мазмұнды, асқақ идеялы «Тұлпарым», «Сағындым», «Қамауда», «Адасқандарға», «Шаһит болған достарыма», «Түрмеден қашып шыққанда» өлеңдері қаһарлы күндердің сұсты келбетін, өмірлік терең шындықтарды ашады, ауыр күрестерде шынығып шыққан революционер тұлғаларын жасайды. Бұл шығармалар революционер Сәкен Сейфуллиннің қысталаң кездегі өмір хроникасы іспеттес; «Тар жол, тайғақ кешу» романында айтылатын оқиғалармен сарындастық, үндестік сезіліп отырады. Ақын өз басынан өткерген жәйіттерді жалпы халықтық тарихи маңызы бар көркем шығарма дәрежесіне көтеріп, бір-бірімен сабақтас, ұялас, шоғыр туынды – революциялық жырлар циклын тудырған. Осылардың ішінде гауһардай жарқырап тұрған, бүкіл қазақ даласын күңірентіп, үстем таптың зәре-құтын алып, еңбекшілерді күреске шақырған бір кездегі француз революционерлерінің әуенімен айтылатын туынды – «Жас қазақ марсельезасы» (1918).

Анненковтың азап вагонынан өлдім-талдым дегенде әрең қашып құтылып, басқа атпен жасырынып жүрген кезінде Сәкен қаламынан туған «Біздің жақта» (1919), «Бабаларыма» (1919), «Тау ішінде» (1919), «Шөлде» (1919), «Қашқынның ауылы» (1919) өлеңдерінде пессимизм, өкініш, түңілу сарындары, күрестен қашу мотивтері жоқ, қайта туған жерді, кең даланы, сұлу қыз, батыр жігітті, еркіндік, бостандықты мадақтау пафосы толқын атып тұр.

Үшінші топтағы «Біз» (1921), «Қызыл ерлер» (1921), «Жолдастар», «Кімде-кімнің тасқын судай қайраты» (1922) деген өлеңдерінде ақын Қазан революциясының жеңісін, оның дүниежүзілік маңызын, тарихи сабақтарын жырлайды. Ақын тақырыбы кеңейіп, идеялар сараланып, бояу-кесте байи түскен «Қара айғыр» (1921), «Жұмыскерлерге» (1921), «Біздің тұрмыс – экспресс» (1922) өлеңдерінде жаңа заман кескінінің көрсеткіші ретінде ақын поэтикасында орасан зор орын алатын поезд, самолет, экспресс, жұмысшы, домбыра секілді бейне-символдар жиі қолданылады.

«Домбыра» жинағында (1924) ақын таланты бұрынғыдан терең ашылып, сан алуан тақырыптағы көркем туындылар берді. Табиғат құбылыстарын, туған ел көрінісін бейнелей отырып, символдық сурет жасау, ишарат ой айту сипаттарымен ерекшеленетін «Алтай» (1925), «Жазғы далада» (1923), «Лезде-ақ артта қалады» (1923) өлеңдерінде асқақ пафос, жалынды рухпен қоса, кей тұста тәтті мұң төгіліп, тебіреністі сыр шертіледі.

Ақынның революционерлер, жұмысшылар, бір сөзбен айтқанда жаңа сана адамын сұлу мүсінді, қайратты, сыптай, жаны таза, биік мұрат жолындағы күрескер етіп көрсететін «Біздің Сәуле» (1922), «Жас қазақ» (1923), «Сәрсен» (1923), «Біздің ұлан» (1923), «Жеткіншегім, тартынба» (1923) өлеңдерінің идеялық мазмұны ұқсас, көркемдігі деңгейлес.

Әсіресе «Бұлшық ет» өлеңінде дүниедегі шын сұлу – барлық әрекет, қозғалыстың, динамиканың, даму атаулының тұтқасы, тас қопарып, жер үңгіп, шыңырау қазып, байлық шығарған, темірден жол салып, жер қыртысын сыдырған адам қолын ардақтай келіп, ақын бұлшық етті айғырдың тоқпақ жалына, бөкеннің серке санына, қайыңның қырған безіне, шортанның жұмыр беліне теңей келіп:

Ширатылып түйілген,

Болаттай күшпен иілген,

Бұлшық етті білек пен

Балтырдан күшті дене жоқ,-

деп аяқтайды. Бұл – адам баласының таза сұлулығын, күш-қайратын бейнелі сурет арқылы әсем сомдап, шалқыта мадақтаған келісті де ықшам, көркем де шебер жыр, қазақ лирикасының інжу-маржаны, классикалық туынды.

Тағы бір көңіл аударарлық жаңалық «Аспанға ұш» (1923), «Самұрық» (1923), «Автомобиль» (1923), «Жел қайықта» (1924), «Қызыл жұлдыз» (1924) секілді өлеңдерде революциялық өзгерістер дәуірінің, өсіп өрлеудің, дамудың бейнесі ретінде самолет, автомобильді, күрестердің символы, эмблемасы сипатында – қызыл жұлдызды жырлайды, осы тақырыптардан әлеуметтік-қоғамдық мазмұн тудырады.

Сәкен лирикасы үлгісінің бірі – 1926 жылы Қызылордада басылып шыққан «Экспресс» жинағы.
Шын сүюді сенен көріп,

Сенен ғана білгемін.

Күлсең мен де саған еріп,

Қуанғаннан күлгемін,-


деп анасы Жамалға арнаған тарту өлеңнен бастап, кітаптағы бірталай шығарма туған жерге махаббат, оның кең даласын («Қара жер», «Күзді күнгі дала»), айдын шалқарын («Міне, көл»), шулаған тоғайын («Орман»), елге деген құштарлығын жырлауға арналған. Әсіресе хат үлгісінде жазылған «Балаға хат», «Анаға жауап» өлеңдерінде аналық-балалық махаббаттың, сағыныш-мұңның, өкпе-наздың жүрек қылын шертер, көзге тәтті жас үйірілтіп, ет-бауырыңды елжіретер нәзік лирикалық сезім жеті-сегіз буынды, шалыс ұйқаспен келетін Абай жасаған өлең формасымен аса сәтті бейнеленеді.

Сәкен ақынның жарқ еткен гауһардай лирикалық туындысы, еркін поэтикалық шабыттан сау етіп құйыла салған шығармасы «Сыр сандық» өлеңі досқа жазылған хат формасында берілген. Сезім мен сыр, ой мен бейне жымдаса қабысып кеткен бұл шығарманың ішкі ырғағы, тармақтың басқы, ортаңғы, аяққы ұйқастары, бунақ, әуезі гармония заңдылығымен есіле төгіліп, жібек торғындай судырап тұр. Адалдық пен арамдық, талант пен күншілдік, мансап пен ұждан, достық пен қастандық туралы тебірене толғанған ақын мұзбалақ, зеңгір тау, сыр сандық, сым перне, алтын сарай бейнелері арқылы көркемдік мұрат, әсемдік идеяларын оқырман қауымға айқара ашып салады.

Әлеуметтік лирика саласындағы кең тынысты туынды – «Советстан» (1925) - қазақ поэзиясына соны ырғақ, композициялық айтулы өлшем әкелген туынды. Лирикалық қаһарманның экспресте келе жатып ойланған, толқыған көңіл-күйіне, тебіренген жүрек сырына құрылған лирикалық философиялық поэманың композициясын оның әр түрлі көлемдегі, жеке-жеке ат қойылған тоғыз тараушасы жинақтап, ширатып ұстап тұр.

Лирикалық қаһарман – революция түлегі, жеңген тап – жұмысшылар өкілі, сондықтан да ол Совет өкіметі орнаған сегіз жылдың биігінен, шырқау тұрғыда тұрып, жырлап алға басып бара жатқан дәуір атынан сөйлейді. Тартыс, күреске толы заман туралы ақындық жүрекпен тебірене толқиды, ескілікті мансұқ етіп жерлейді, теңдікті, бостандықты, еркін еңбекті мадақтайды. Бір ауыл, бір атырап, тіпті жалғыз Қазақстан емес, лирикалық қаһарман бүкіл Совет Одағының атынан сөйлеп, тарих, жер, ел, табиғат туралы, Разин, Пугачев хақында, Кавказ бен Алтай, Еділ мен Жайық, байтақ Россия жайлы жыр шалқытады. Экспресс ырғағын, заман дамуын сабақтас, әуендес алған, аллегориялық, символдық бейнелер жасауға ұмтылған ақын ізденістері кейін «Альбатрос» поэмасында дамытылып, сараланып, тереңдей түсті.

Қазақ поэзиясында революционерлер, жұмысшылар тұлғасын тұңғыш рет жасаған ақын ретінде даңқы жайылған қаламгер Сәкен шаруалар, кедейлер бейнесін көрсетуге, олардың санасындағы психологиялық өзгерістерді суреттеуге де көптеген шығармалар арнады.

Өзі әңгіме-жыр деп атап, 1926 жылы жеке бастырып шығарған «Ұйым және еңбек шарты – жалшылар қорғаны» аталған шығармасында Бүйенбай байдың әділетсіздіктерін, жалшы Сәрсеннің көрген қорлықтарын фольклорлық дәстүрдегі терме әуенін пайдалана отырып,, еркін формада әңгімелей баяндайды. Жалшы қауымның адасып, қателесіп жүргенін, қайткенде еңбегі жанатынын үгіттік-насихаттық ыңғайда түсіндіріп береді.

«Тұрмыс толқынында» (1928) жинағындағы «Ауыл байғұс мінеки» (1926), «Қарлы аязда», «Ызғырық аязда Жұмат үйінде», «Келіншек ойы» (1926) өлеңдерін шаруалар өмірінің әр түрлі психологиялық күйлерін бейнелейтін бір тақырыптағы шоғыр шығарма, цикл деп қарау керек. Кедей шаруа Жұматтың өмірі, тағдыры қарлы боранды, сұсты табиғат құбылыстарымен астастыра алынады. Есе теңдікке қолы жеткен бүгінгі шаруаның әрекет-қимылы «Жазғы егіске» (1931), «Колхозда», «Егіс жайда» (1931) өлеңдерінде жаңа ырғақпен, публицистикалық шалқумен суреттеледі. Бұл туындыларда нақты жер-су аттары, кісі есімдері дәл беріледі, репортаж, очерк сарындары жоқ емес. Кейбір өлеңдерде ақын өлім мен өмір, фәни тіршілік пен мәңгілік диалектикасына бағышталған сырларды толғаудан да қашпайды. Осы сарындағы туындылар қатарына «Отарба терезесінен» (1927), «Тұрмыс толқынында»(1927) өлеңдерін жатқызуға болады. Керуен, қара жер, шілде, күз, қыс, тамшы, ағын, толқын, дария, теңіз, қайық ұғымдарына ақын символдық, аллегориялық, поэтикалық жаңа мағына береді, ишарат арқылы құнарлы философиялық көркем ойлар айтады, адам өмірінің түрлі кезеңдерін бейнелейді, өмірдің қымбаттылығын, тіршіліктің тәттілігін жырлайды.

Сәкен лирикасының тұғыр кейпкерлерінің бірі әр мамандықтағы жұмысшылар болды. Ақын толымды бейне жасау үшін өндіріс ырғағын, кәсіп ерекшеліктерін де ұмытқан жоқ, тіпті көзге елестер сурет тудыру мақсатында қимыл-әрекетті, машиналар қозғалысын беретін ырғақ, өлшем, ұйқас, дыбыс қайталауға дейін барды. «Баспахана» (1927), «Тізушілер» (1927), «Тоқу фабригінде» (1929), «Сылаушылар жыры» (1929), «Қалаушылар жыры» (1930) деген өлеңдер бұл реттен бір поэтикалық жүйе құрайды.

Қазақ әдебиетінің төл топырағында мәуелі жеміс берген революционер ақынның поэтикасында интернационалдық дәстүрлер, әсіресе орыс поэзиясының сабақтары, өзімен бір дәуірде өмір сүрген ақындар тәжірибесі, идеялық, мазмұндық, көркемдік-эстетикалық жалғастық үнемі көрініп отырады. Бұл әсер, ықпал, эпигонство емес, терең шығармашылық тамырластық табиғатына лайық дәстүр мен жаңашылдық диалектикасы, ұлттық және интернационалдық көркемдік тәсілдердің бірлігі, әдебиет дамуындағы жарасымды тұтастық.

Сәкен Сейфуллин поэтикасында символ дәрежесіне көтерілген бірнеше тұрақты бейне бар, олар асау тұлпар, қызыл сұңқар, аққу, домбыра, экспресс, альбатрос, сыр сандық, толқын. Осылардың ішінде сұлулық, тазалық идеалы ретінде алынатын бейне – аққу. Бұл бейне «Көкшетау» поэмасында, «Жемістер» хикаятында кең суреттеледі. Әсіресе «Аққудың айырылуы» поэмасында (1925) ақын аллегориялық тәсілмен терең көркем ой айта білген, мәңгілік махаббатты жырлаған. Бас-аяғы жұп-жұмыр ықшам, келісті туындының ширақ сюжеті, жымдасқан композициясына назар аудару керек. Алдымен Арқадағы құмы маржан, суы күміс, айнала көк кестелі шайы шымылдық, жасыл құрақты айна көлдің суреті беріледі. Лирикалық кейіпкер анда-санда, саясатсыз тұрмыс тіршілігіне еніп, демалысқа осында келер еді. Қызғыш, тауқұдырет, шағала, сұқсыр, қасқалдақ, үйрек секілді көлді мекендеген құстар қанша сәнді болғанымен, бұл мекеннің толымды суретін бере алмайды. Аққудың келуімен көлде жаңаша, әсем тіршілік пайда болады. Қос аққудың махаббат мейрамы басталады. Ақын бұл құбылысты көз алдыңызға дәл келтірердей жанды, тірі, динамикалы картина жасайды. Сұлулық, гармония, табиғаттың тамаша жаратылысы - айдын көл, оның бетіндегі шашақты толқындар, суда қалқи жүзе жүріп, сүйіспеншілік ләззатымен балқыған қос аққу – мұның бәрін әсерлі суретпен дәл бейнелейді.

Қамыс арасында тығылып тұрып, сұрша мерген бір аққуды атып алады. Сөйтіп тағдыр-минут қас-қағымда табиғаттың ғажап жаратқан асылы – сұлулық символын мерт қылады. Жалғыз қалған екінші аққудың қиналысын ақын кең толғап, ақыры оның өзін-өзі аспаннан тастап жіберуін үлкен трагедиялық күшпен суреттейді. Бірінсіз бірі тірлік ете алмайтын аққу құстардың табиғатта бар қасиетін ақын үлкен символдық идея, махаббат идеалы, сүйіспеншілік мұраты ретінде асқақтата бейнелейді.

Сәкен Сейфуллин өз шығармашылығында азаматтық позицияны бірінші қатарға қойған, халықтық талаптарды ерекше ескерген, өнердің әлеуметтік, тәрбиелік мәнін аса қатты құнттаған, шығармалары арқылы өмірге қолма-қол ықпал жасауды ойлаған жазушы. Оның барлық жанрдағы туындыларының басты ерекшелігі өз заманының, уақыттың көкейкесті, актуальдық мәселелерін көтеріп, соларға көркемдік-идеялық саралау жасауында жатыр.

Кезінде көп дау-дамай тудырған «Қызыл ат» поэмасында (1933-1934) ақын өзі бұрыннан да («Көкшетау», «Лашын әңгімесі») жиі әрі сәтімен қолданған, аллегориялық әдіспен Қазақстандағы коллективтендіру кезінде болған үлкен қателіктерді, солардың кесапатынан туған трагедиялық қиындықтарды, ащы шындықтарды жасырмай айтады. Ақын мен Қызыл аттың айтысы формасында жазылған бұл туындыны қазақ поэзиясындағы ең уытты әлеуметтік сатира деуге болады; қазақ даласында аштық кеселінен миллиондаған адам қырылғандығын ақын жасырмай айтады. «Қызыл ат» поэмасында Сәкен Сейфуллин советтік өмірдің трагедиялық қайшылықтарын ашық, дәл бейнелеуде әр түрлі көркемдік формаларды, шарттылық тәсілдерді пайдаланды.

Қазақтың ұлы даласының дәл кеудесінде жаратылыстың ғажап үзігі, сүмбіл қарағай, айна көл, зеңгір таудың басын бір жерге қосып, алып бүркіттей болып томпиып жатқан Көкшетау атырабы сұлулық, әсемдіктің ғаламат символындай, халық ұғымындағы көркемдік идеалы сияқты. Әсіресе, қазақ өнерінің алтын кезеңі ХІХ ғасырда ақындар, композиторлар бұл өлкенің сұлулығын жырға, әнге бөлеп, қалың жұртшылық, жалпақ елдің санасына әдемі эстетикалық сурет етіп сіңіріп жіберді.

Сұлулық атаулыға ғашық жүрекпен құлаған, ұшқыр қиял, мөлдір сезім, өткір ойдың ақыны Сәкен Сейфуллин Көкшетау табиғатынан өзінің әсемдік мұраттарын, сұлулық идеалдарын тапқан еді. А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой Кавказ атырабын шығармаларына қалай арқау етсе, С.Сейфуллин де Көкшетау табиғатынан, тарихынан, бүгінгі тынысынан, болашағынан шабыт, өнеріне өріс тапты. Осы өлкенің қанаты талмас, дарынды, өршіл жыршысы болды. Кейін қазақ поэзиясында туған өлкені, атамекенді жырлау ағымы өрістеп, өрлеп өсті, өнімді әдеби дәстүрге айналды.

Сәкен Көкшетаудың табиғат сұлулықтарына сырттай тамсанып, құр қызықтаушы емес. Бұл атыраптың ой-қырын, өзен-көлін, орман-тоғайын, тау-тасын түгел аралап, әбден терең біліп алғаннан кейін, ескі көз, кәрі құлақты тыңдап, бұрынғы хикая, ежелгі шежіреге толық қанған, өлкенің тарихына байланысты жазылған шығармаларды, тарихи еңбектерді, аңыздарды зерттей құнттаған. Атақты әнші-ақындардың, шебер күйшілердің өнерін тамашалаған. Елдің бүгінгі өмірімен жете танысқан.

Халықтық сюжетті, бұрыннан бар белгілі сарындарды, фольклорлық идеяларды жаңа заман тілегіне қарай суреткерлікпен өзгерте пайдалану реализм поэтикасына жат емес. Осы диалектикалық құбылысты терең ұғынған Сәкен ақын, бір жағынан, халықтық эстетика нормаларын сақтай отырып, екінші жағынан, өмірлік, тарихи материалдарды екшеп, сұрыптап, қорыта отырып, жаңа көркемдік игіліктер жасады. Мазмұны түр талаптарына, өскелең поэзия шарттарына жауап беретін, формасы жөнінен де жаңашыл шығарма – полифониялық, көп әуезді, мол сарынды, күрделі құрылысты поэма тудырды.

Қазақ әдебиетіндегі бұрынғы дәстүрлі дастандар, тіпті поэма деп аталған шығармалардың ортақ сипаттарын анықтап көрсетіп беру қиынға түспейді. Олардың көпшілігінде не аңыздан, не шығыс әдебиетінен алынған белгілі сюжет баяндалады. Бір оқиғадан кейін екінші оқиға туып отырады.

Сәкен поэмасындағы көптеген ерекшеліктер мен жаңалық сипаттарды ең алдымен шығарма композициясына байланысты айтуға болады. «Көкшетау» – бір ырғақпен, ұзын-сонар баяндауға құрылған шығарма емес, ол әр түрлі көлемдегі, әрқайсысына жеке-жеке ат берілген негізгі 4 бөлімнен («Көкшетау», «Қалмақ қызы», «Әнші ақындар», «Қазіргі Көкшетауда»), 47 тараудан тұрады.

Ең алдымен поэмадан ақынның өзі көрінеді, автор өзіндік позициясын, оқиғаларға көзқарасын жасырмайды. Поэманы Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сабыр Шәріпов, Елжас Бекенов, Мәжит Дәулетбаев, Өтебай Тұрманжанов, Қалмақан Әбдіқадыров т.б. – барлығы 17 «еңбекші елдің ұлдары, ақын, жазушы, әншілеріне» арнап, «Ойым мен жүрегімнің күй мен жыры, Ұлдары еңбекші тап – бәріңе ортақ» деуде ерекше мән бар.

Поэманың тоғыз шумақтан тұратын, он бір буынды қара өлең ұйқасымен жазылған прологы (кіріспесі) эстетикалық тұрғыдан көркем, идеялық, мағыналық жағынан шыншыл да терең.

Арқаның кербез сұлу Көкшетауы,

Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын,

Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,

Жүреді біліп кетіп есен-сауын,-

деп басталатын алғашқы төрт тармақ өлеңде поэтикалық бейне бар. Жансыз нәрсеге жан бітіре сөйлеу, хас сұлудың шомылғанын, үлкен кісіге сәлем бере келуді ишаратпен айту – осыларды астарлай білдіру, статикалық бір қалыптағы өлі сурет емес, динамика, қозғалыс арқылы жанды бейне жасау – тамаша шеберліктің үлгісі. Ақын Көкшетаудың көкке бойлаған қарағайын, көкжелекті аппақ қайыңын, басынан мұнар кетпес көкпеңбек шыңын, шыңға қонған көк қаршығаны, алтын кесе – сексен көлін, дертке дауа, жұпар иісті ауасын жырлай келіп, сілекей ағызатын, өткеннің суретті шежіресін шертетін сиқырлы ертегіге ауысады:

Талай сыр ертегіні ел айтады,

Ызыңдап таудан соққан жел айтады,

Сырласып сыбырласқан жапырақтар,

Күндіз-түн күңіренген көл айтады.

Толғанып, төмен қарап шал айтады,

Тамсанып, таңырқанып бала айтады.

Тау-тасты тұнжыраған куә қылып,

От басы, қатын-қалаш – бәрі айтады.

Бұл шумақтардың әуезділігі «айтады-айтады» деп қайталанатын редиф ұйқастардың үстіне «то-та» деп еселеніп отыратын ішкі ұйқас, аллитерацияға байланысты. Мұның үстіне Сәкен өзі шығарған музыкалық әуенмен домбыраға қосып айтқан кезде поэма прологына рух беріп, естіген адамның жан-жүйесін билеп, ой-санасын тербеп, жүрегін елжіретеді.

Ақын «Бой жазу» деген тараушада ақындық өнер, шығармашылық психологиясына байланысты толғанады. «Көкшетауды» 1925 жылы жаза бастап, алғашқы 4 тарауы біткен соң, 3 жылдай қолға алмай кетеді. Ақындық шабыттың әр кезеңін түлкіге, сұлуға, мәстекке, тұлпарға теңейді, оқырманға адалынан жарылып, сыр шертеді. «Заман ағымы» тарауында дүниенің өткіншілігі, буындар жалғастығы, болашақ келбеті туралы философиялық-лирикалық ойлар айтады. Өмірді көшке, керуенге, сағымға, ағымға, экспреске теңеу – Сәкен поэтикасына етене қасиеттер.

Қызықты оқиғаны, сәтті сюжетті термелей баяндау дәстүрі қазақ дастандарынан бұрыннан табылатын. Ал оқиғаларға қолма-қол баға беру, тікелей оқырманмен сырласу, өмір ағымы, заман қабағы, мезгіл мінезі туралы толғану, философиялық-лирикалық түйіндер жасау – «Көкшетау» поэмасында Сәкен Сейфуллин әкелген өнерпаздық батыл қадамдар, эстетикалық игіліктер, көркемдік жаңалықтар еді.

Тау-таста, өзен-көлде, ағыш-жапырақта жан бар деп есептеу, оларды киелі санау, әулие, қасиетті көріп, табыну, зиярат ету – тіпті ескі замандардағы әдет-ғұрыптың қалдығы, мифтік түсініктердің белгісі. Сондай көне тарихтың ескерткіштері де Көкшетауда жақсы сақталған. Батырдың, бураның тасқа айналуына сену – тым ескі замандағы, тіпті дін атаулы пайда болмай тұрған алыс ғасырлардағы, адам санасы әлі жетілмеген, табиғат құбылыстарын пір тұтқан дәуірлердегі ой-сананың көрінісі. Ақын Сәкен мифология туралы диалектикалық тұжырымдарды біле тұра, жер-су, тау-тас аттары жөніндегі қазақ халқының ежелгі аңыздарын поэзиялық шығармаға арқау ету үшін екшеп, сұрыптап, өзінің жазушылық мұратына сәйкес өзгертіп, жаңғыртып алған.

Ақын «Жеке батыр» атанған таудың аңызын үш шумақ өлеңмен қысқа қайырады. Ақ қағазға қара қарындашпен сызып салғандай сурет: биік жоталы, таудай басына дулыға киген, сақалы төсін жапқан, қыр мұрынды, жасы қырыққа таяу келген батыр шалқасынан көлбеп жатыр.

Тасқа айналған Бура, көлдің Бурабай аталуы, сөз жоқ, тым ескіден келе жатқан көне мифологиялық аңыз болуға тиіс. Таптық күрестер, әлеуметтік тартыстар дәуірінің ақыны Сәкен Бура оқиғасының мезгілін өзгертіп, Абылай дәуіріне әкеледі, көлдің, жердің, таудың, киелі иесі, жазықсыз жануарды атып, қылмыс жасаған, табиғат киесінің кесіріне ұшыраған Қасым төре деп баяндалады. «Оқ жетпес», «Жұмбақ тас» атауларының шығуына байланысты да ақын мезгіл жөнінен ақындық мақсатына, қаламгерлік идеалына орай өзгерістер жасаған. Әйтпесе сол атыраптарда жүздеген жылдар бойы өмір сүрген қазақ халқы ХҮШ ғасырға дейін ол жерлерге ат қоймады деп айтуға болмайды.

Поэманың ең негізгі бөлімі қазақ-қалмақ қарым-қатынасының бір оқиғасына арналған. Қазақ эпосында, әдеби шығармаларда үнемі зорлық көрсетуші қалмақтар болса, Сәкен поэмасында керісінше. Бейбіт жатқан қалмақ ауылдарын Абылай хан қолы шабады. Сәкен Сейфуллин шабуыл сценаларын бейнелегенде авторлық позициясын айқын көрсетеді, ақын соғысқа қарсылық ойларын айтады, қатыгездікті әшкерелейді.

Әрине, қазақ ханы Абылай әлеуметтік-қоғамдық орасан әрекеттер жасаған, сан алуан қасиеттерді бойына жиған, өте күрделі, тарихи тұлға. Ақын Сәкен хан Абылайды таптық тұрғыда сипаттайды. Оның көлеңкелі сипаттарын көрсетеді.

Ұрыста қолға түскен қалмақ қызының портретін ақын былай кескіндейді:

Сол қыздың он жетіге келген жасы

Оралған аш беліне қолаң шашы.

Қап-қара қарлығаштың қанатындай

Иілген ақ маңдайда екі қасы.

Аш белі көк шыбықтай солқылдайды,

Қолаң шаш бейне жібек толқындайды.

Батырлар сол сұлуға салыстырған –

Жалғыз-ақ аспандағы Күн мен Айды…

Сұңқардың баласындай қолға түскен,

Құланның құлынындай торға түскен.

Тұтқын қыз жауларына жаутаңдайды,

Киіктің лағындай қолға түскен.

Қолаң шаш, қарлығаштың қанаты, көк шыбық, Күн мен Ай, сұңқардың баласы, құланның құлыны, киіктің лағы – бұлардың бәрі де қазақтың ежелгі поэзиясындағы, фольклордағы дәстүрлі бейнелер, ақын осыларды жүйелі кеңіткен, еркін пайдаланған.

Поэмада тұтқын қыз бен Абылай хан бір-біріне қарама-қарсы контрастда алынған. «Абылай түрегелді даусын кернеп», «Ойқастап қызға Абылай жақын келді», «Абылай ат үстінде күпілдейді», «Абылай ат үстінде қарқылдайды», «Түксиіп Абылай да тұрды тұйық», «Абылай кешірім деп қарқылдады», «Алшитып кәмшат бөркін тұрды Абылай», «Тамағын қоразданып қырды Абылай», «Абылай төмен қарап тұрды тұйық» - әр тұста, әр түрлі психологиялық ситуацияларда айтылатын осы сөздерден-ақ автордың Абылайға деген позициясын анық көреміз.

Өмір тұзағы мойнына тасталып, енді бір батырдың тақымында кеткелі тұрған тұтқын қызды ақын іш тартып суреттейді:

Ашаң жүз ақ шабақтап атқан таңдай,

Аш белі көк шыбықша майысқандай.

Үзілген қызғалдақтай өңі солғын,

Қабырғаң көрсең аяп қайысқандай.

Секілді қолға түскен бала киік,

Мергеннің әлсіреткен оғы тиіп.

Күйік пен қасіретін жасыра алмай,

Кеп тұрды хан алдында басын иіп.

Бұл жолдарда сорлы қыздың пұшайман халі, қысылтаяң сәттегі психологиялық күйі астастыру, параллелизм тәсілімен, ишарат арқылы сенімді беріледі.

Қазақ батырларының жүрегін жандырып, көздерінің жауын алып тұрған қалмақ қызы Абылайдың «Біреуін батырлардың таңдау қылар» деген сөзіне орынды дау айтып, ерлердің өнерін сынамаққа үш шарт қояды: бірінші – шың басындағы жаулықты атып түсіру; екінші – төрт жігітті арқалап жартасқа жүгіріп шығу; үшінші – жұмбақ тәсілімен ишарат арқылы сыр білдіру.

Оқырман ықыласын, тыңдаушы назарын ерекше тартатын шытырман сюжетті ақын шеберлікпен өріп, көркем кестелеп бере білген.

Сайланып шыққан он жігіттің оқ қайрағанын, астарындағы аттарының ойқастап пысқырғанын, жолбарыстай ышқынып садақ тартқандарын, тасқа тиіп жарқылдаған жебені, сыннан өтпей, дағдарған батырлардың мінезін, шыңның «Оқ жетпес» аталуын ақын көркем тілмен, келісті суреттеп баяндайды. Көк құрыш балтыр, білектерін жалаңаштап, жүректері дүрсіл қағып қырық жігіт төрт кісіден арқалап қалмақ қызы тұрған тасқа қарай лап қояды. Кейбіреулері тайлақша тайраңдап, кейбіреулері солқылдақ темірдей қайысып, улап-шулап, жамырап, ақыры сегіз батыр ғана тас басына қатар шығады, тең түседі, бір-бірінен күші артылмайды. Қалмақ қызы көлге төнген жартасқа шығып тұрып соңғы шарт – жұмбақ өлең етіп, бірнеше тараудан тұратын ұзақ, қызықты хикая шертеді. Мұның алдында тамаша, реалистік пейзажды: шыңды құз, тау, бұлт, орман, айна көл, айдынында ақшашақ ақ көбіктің басын үзіп сызылта қалқыған қос аққу, аспаннан нұрын төккен алтын күн – осылардың әдемі бейнелі тірі күйінде жазылған жанды тұтас суретін көреміз.

Жұмбақ жырдың тиегін ағытқан қалмақ қызының тұлғасын айқындау үшін ақын оның көңіл-күйін көлбеңдеп, ширатылып, құлашын сермеген, бүктетіліп, бауырын жазған жүйрікше, әңгімені әнмен ырғап, толғап шерткен сыңқылдаған аққу құсқа теңейді.

Жыр қылмақ біреу бастан өткергенін,

Жыр қылмақ біреу азды-көп көргенін

Я, тақсыр,

таза тыңдап,

төрелік бер,

Жырлайын бастан-аяқ кептер кебін,-

деп басталатын хикаяның кілті, астар, ишараты алғашқы шумақтарда-ақ жатыр. Жан-жануарға, тау-тасқа жан бітіре баяндау, оларды адамға тән қасиеттерге ие ету, осы арқылы емеуірінді, символды көркем ой айту – қазақтың халықтық әдебиетінде, фольклорында ертеден бар, әбден қалыптасқан дәстүрлердің бірі. Ақын Сәкен осы арнаны тереңдете, ұлғайта, жаңғырта пайдаланған. Қалмақ қызы баян ететін жәйіттерді баяндайды. Қысқа ғана, адам тапқырлығын, ой оралымын, қиял күшін тез анықтайтын шағын өлең емес, жұмбақ тәсілімен жазылған, сюжет үдей түсіп отыратын, драматизмі күшті, трагедиялық баллада.

Оқиғада жай қызықтылық элементі емес, трагедиялық ситуация, трагедиялық сипат бар. Төрт балапанына қаңғырып жемтік іздеп жүрген кептердің халі қандай мүшкіл. Айнала қалың жау, көп дұшпан. Ысқырып, көк жарып, лақтырылған темір қалақтай болып, жарқ-жұрқ етіп, ұяға садақтай атылған қарақұстың мойнын көк қанат Лашын қиып түседі. Ақын Кептер мен Лашынды тілдестіргенде реалистік диалог формасын пайдаланады. Қарақұс тырнағынан аман қалғандары үшін балапанның үлкені өскен соң балауыз төсінен тоят жегізбекке серт етеді.

Уақыт өтеді. Қанаттары өсіп, төрт балапан құс болады. Лашынға берілген сертті орындау шарт. Хикая енді осы уәдені орындау сапарында кездескен қиындықтарды баяндайды. Сұлу құсқа көзі түсіп, оны сырттай бағып, құмартып жүрген Сұңқар Кептердің аузымен айтылған зарлы сырды ұғады, Лашынның ерлігін сүйсініп, Кептерге уәдесін орындап оралуға мұмкіндік береді. Бұдан кейін қара түнде жем аңдып, жол тосып жүрген үш Жапалақ Кептердің егілген көз жасын көріп, іштері елжіреп, аяныш кіріп, егер қылмыс жасаса, мойындарына өле-өлгенше шешілмейтін лағнет қамытын кигісі келмей, сорлы құсқа жандары ашып, Лашын мекеніне жеткізіп салады. Лашын өзінің алдындағы Сұңқардың жомарттығын, үш Жапалақтың достығын естіген соң, оларға жан-тәнімен ырза болып, Кептердің өзі келгенін уәдеге татыр деп біліп, ризалық айтып, оған тимей, азаттық береді.

Осынша тар босаға, тар өткелдерден аман-есен құтылып, енді Сұңқарға берілмек үшін белден асып, зулап ұшып келе жатқан Кептер орман ішін зарлатып, лаң ғып, дүниені бүлдіріп, қан жоса етіп бүлік салып, ордалы ұяларды талқандап жүрген жалмауыз Бүркіттің шеңгеліне келіп түседі. «Тау, Бүркіт, Сұңқар, Лашын, үш Жапалақ – Айтыңыз, қайсысының ерлігі артық?» – деп хикаясын аяқтаған қыз жұмбағын Абылай да, оның қалың қолы да шешіп бере алмайды.

Бір қызықты сюжет осылайша аяқталып, екінші оқиға басталады. Ол осы уақытқа дейін күшін де, мергендігін де, ақылдылығы мен ақындығын да көрсетпеген батыр Адақ.

Арғын елінің бір тармағы Қуандықтан шыққан, жасынан кедейліктен кемдік көрген Адақ батырдың ақын скульптуралық портретін жасайды:

Қар сұр, ұзын бойлы, емес талпақ,

Денесі көк құрыштай, өркеш-шалқақ,

Қыр мұрын, қарагер көз, қара мұртты,

Қақпақтай қобы жауырын – топшы жалпақ.

Солқылдақ көк құрыштай, біткен тіп-тік,

Жараған аш бөрідей белі жіптік,

Ыңғайлы, сұлу сида, сұңғақ дене,

Жараған бәйге кердей ықшам, сыптық.

Біленген шиыр дене, бейне шойын,

Жұп-жұмыр сом боп біткен жігер мойын.

Денесі бұлшық етті, терткен күшті,

Бәйге атша ширатады тұла бойын.

Бұл мінездемеден Сәкен Сейфуллиннің ер жігітке қояр талаптарын, сұлулық идеалдарын көргендей боламыз, көз алдымызға бейнебір мифологиялық грек құдайлары секілді, мәрмардан қашап жасағандай ғажап мүсінді батыр келеді. Бұдан кейін ақын Адақтың ата тегін, шыққан жерін, Абылайға еруін, есімінің неге Адақ аталғанын, мінез ерекшеліктерін түгел таратып баяндайды.

Қалмақ қызының басына тағы қауіп төнген тұста әрекетке Адақ араласады. Қыз қойған шарттарды орындай бастайды – алдымен аққу балапанын алып ұшқан бүркітті, одан кейін Оқжетпес басындағы орамал байланған қаданы атып түсіреді. «Жер тарпып, ауыздығын қаршылдатқан кермедегі тұлпар», «әуеннін дыңылдатып сымын қозғап, әндетіп, көкке боздап жөнелген оқ» - осы секілді бейнелі тіркестер арқылы психологиялық жағынан дәл, көркемдік бояуы қанық сценалар жасалған. Басына «Оқжетпестің» оқ жеткізген Адақ мергендігіне Абылайдың, қалың қолдың, қалмақ қызының қалай қарағанын ақын сезім күйлері арқылы, даралап бейнелеп береді.

Адақ ақын қыз жұмбағын былайша шешеді: тұтқын қыз өз басының тағдырын, бала күннен көрген азапты өмірін баяндаған. Ауылын жау шапқанда ата-анасын Лашын тектес бір батыр құтқарған. Байласқан серт бойынша осы ерге қыз бойжеткен соң бір-ақ түндік әйел болмақ. Күйеуге шығар алдында осы сырды оған айтады. Күйеуі ерік береді. Өздерін, ата-анасын құтқарған ерді іздеп қыз жолға шығады. Жолда ұрыларға тап болады. Олар да ерік береді. Іздеп барған ер қыздың уәдеге беріктігіне разы болып, босатады, арын қорламайды. Осылайша қуанып, күйеуіне аман-есен, бұзылмай-жарылмай оралып келе жатқан қыздың торға түскенін Адақ шебер, көркем жырмен баяндап береді. Сөйтіп, қалмақ қызының Кептер, Лашын, Сұңқар, Жапалақ, Бүркіт деп отырған жұмбақ-жайлары түгел түсінікті болады. Абылай қойған, қыз құптаған шарт бойынша қалмақ сұлуы – Адақ ерге тимек. Жылы жүректі батыр тұтқындағы қызға азаттық береді, өз тұлпары Керкөжекті мінгізіп еліне қайтарады.

Сөйтіп, ақын зор гуманистік ой айтады, махаббат күші, ғашықтық қуат, сүйген жарға деген құштарлық әділетсіздікті, қатыгездікті жеңеді деген поэтикалық идея салтанат құрады.

Еліне қарай, сүйген жарын іздеп, заулап бара жатқан бостандық алған қалмақ қызының зымырауын бейнелеу арқылы ақын еркіндікті құрметтеу, бостандықты мадақтау мұратын асқақтата жырлаған.

«Оқжетпес», «Бурабай», «Жұмбақтас», «Кенесары үңгірінің» сипаттарын, табиғи сұлулығын айта келіп, «Әнші ақындар» бөлімінде Көкшетау атырабынан шыққан әйгілі ақындар, әншілер, серілер, палуандардың портрет галереясын жасайды. Олар жеке-жеке аяқталған, көркем портрет, тарихи жыр, батырлық баллада секілді. Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Қажымұқан, Біржан сал, Ақан сері – бұлардың әрқайсысының өнердегі, өмірдегі ерекшеліктерін, романтикалық, кей тұстағы трагедиялық тағдырларын ақын дәл детальдар, метафора, сюжет арқылы даралап, суретпен бейнелеп берген.

Қазіргі Көкшетаудағы әлеуметтік-қоғамдық өзгерістерді, ел тұрмысына енген радио, автомобиль, паровозды, курорт, пионер лагері, кооператив секілді ұйымдардың мәнін ақын публицистикалық стильде ашады. Көкшетаудың болашағы туралы толғанады. Бұл бөлімдер поэмаға бекер қосылған, басы артық көріністер емес, заңды, қажетті жырлар.

Жанрлық формасы жағынан «Көкшетау» күрделі композициялы, сан алуан бейнелер галереясы жасалған,бірнеше сюжет желісі бар, әр түрлі көркемдік деңгейлердегі стильдік жүйелердің басын біріктірген полифониялық, көп әуезді, мол сарынды поэма. Бейнелеп айтқанда, бұл шығарманың архитектоникасын әр түрлі формадағы ғажап сұлу тастар текшеленіп жиналған Көкше тауларына ұқсастыруға болар еді.

Сәкен Сейфуллиннің 1932 жылы жазылып, 1933 жылы басылып шыққан «Альбатрос» поэмасы кезеңнің көкейтесті тақырыбы – революция, азамат соғысы, Ленин тұлғасын сомдауға арналған актуальды, заман талабына үн қатқан, зәру талапқа ақындық жауап ретінде туған шығарма болатын.

Ескі дүниенің астан-кестеңін шығарған, капитализмді күйретіп, социализмнің өрістеуіне мүмкіндік берген революцияның, Азамат соғысының сесті рухына, ширақ екпініне сәйкес келетін, қаһарлы дәуір шындығын бере алатын мазмұнды форманы ақын көп ізденіп барып, ақыры сәтімен тапқан.

Поэма бастан-аяқ а-б-в-б-в-в-в-б ретімен ұйқасқан, әр тармағы 4-7-4-7-4-4-4-4-7 буын санын қайталап отыратын, 9 тармақты шумақпен жазылған. Бұл бұрын қазақ поэзиясында кездеспеген, Сәкен ақын тыңнан жасаған, өлеңнің ішкі ырғағын күшейткен, қысқа тіркеске, әсіресе жеке сөзге ерекше идеялық мағына, бейнелі салмақ беруге мүмкіндік жасаған өлеңдік өлшем, поэтикалық жаңа форма. Поэма әр түрлі көлемдегі (1.Сәйгүлігім. 2.Ленин туының астында. 3. Жау шебінде. 4. Екі күш. 5. Жау шебінде. 6. Біздің шепте, жерде. 7. Жау. 8. Біздің шепте. 9. Жауды қудық. 10. Лениншілдік. 11. Мен. 12.Теңізде. 13. Біздің құрал. 14. Жау флоты. 15. Мен. 16. Майданнан майданға. 17. Жасқанған ба ол. 18. Ленин планы. 19. Ленин кетті. 20. Ленин жолы. 21. Альбатрос) 21 тараушаға бөлініп, олардың әрқайсысына ат қойылған, ең қысқа тарауша – 2 шумақтан, ең ұзақ тарауша – 12 шумақтан құралған. Негізінен фольклорлық материалға, аңыз-хикая сюжеттеріне сүйенетін қазақ дастандарының дәстүрінен Сәкен бойын мүлде аулақ салып, жаңа көркем ой талаптарына жауап беретін соны формадағы, жаңа мазмұнды революциялық рухтағы шығарма тудырды.

Алғашқы «Сәйгүлігім» аталған тараушадан-ақ поэманың негізгі ерекшеліктері көріне бастайды. Лирикалық қаһарман салған жерден оқырманға ағынан жарылып тіл қатады, елін, жаңа құрылысты мадақтайды, сөз орамдары, тіркестер, неологизмдер жаңа дәуірдің символы ретінде асқақ естіледі; екпін, такт, үйлесімді құнттау, сөздерді еселеп қолданып, аллитерация, ассонанс, градацияға ерекше мән беру шығарманың ішкі ырғағын күшейтіп, гармониялық тұтастық береді. 11 және 15 тараушаларда қаһарман атынан айтылатын сырлар революционер Сәкен Сейфуллин өзі басынан өткізген, әсіресе «Қызыл сұңқар», «Тар жол, тайғақ кешу» шығармаларында баяндалған оқиғалармен үндес. Өмірлік шырғалаңдардың кейбір ұшқындары ақын басында болған талас-тартыстың алыс сарыны құлаққа жеткендей. Ишарат, астармен ой тастайды. Күрестерде шыныққан, асыл мұрат үшін талмай алысқан қажырлы азамат көз алдыңа келеді.

Ақын поэманың негізгі өзегі етіп, революция, азамат соғысы шындығын ала отырып, ең алдымен В.И.Ленин тұлғасын сомдайды, оның тарихи миссиясын жұмысшы табы мен Коммунистік партия істерімен сабақтастыра алып, поэтикалық құралдармен көсем бейнесін жасайды.

Патша өкіметі құлатылғанмен, таптық күрестің бір күнде оп-оңай тоқтай қалмағанын ақын поэтикалық картиналар, бейнелер арқылы әрі ықшам, әрі көркем етіп, жеке сценалар арқылы жинақтап кескіндейді. Саяси ұғымдар, публицистикалық түйіндер лирикалық кейіпкердің ішкі сезімі арқылы, поэзия тілімен бейнеленеді. Таптық шайқастардың көрінісін тарихи сбақтастық ізімен жалпы панорама түрінде, кейде нақты бір сцена, жеке деталь арқылы беру поэманың көркемдік қуатын, полифониялық, көп әуезділік сипатын, көркемдігін аңғартады.

Жұмыскер тап

Алып жаудың ордасын.

Қан майданда

Талқан қылып мордасын.

Жайқап туды,

Лектеп нуды,

Жауды қуды.

Көкке ұшырып,

Күлін – арам қордасын.

(4. «Екі күш»)

Ақын бұл жерде «тұмсық» деген мағына беретін орыстың «морда» сөзін сәтімен қолдану арқылы шумақтың бейнелік салмағын күшейтіп отыр. Неологизмдерді осындай мақсатта жұмсау Абай поэзиясында басталған дәстүр болса, оны Сәкен жаңа заман талабына, өміршең эстетика шарттарына орай өрістете білді. Осы тұста поэмада көркемдік мақсат үшін әдейі қару-жарақ аттары, «дредноут, крейсер, канонерка, миноносец, флот, адмирал, глиссер, фланг, штаб» сияқты теңізшілік терминдері, граф, лорд, пан, паша, пастор, поп, индустрия тектес терминдерді ақын кеңінен әрі еркін пайдалану арқылы қазақ поэзиясының ұғымдық, категориялық таным көкжиегін кеңейткенін айту дұрыс. Асылбеков, Әйтиев, Жангелдин, Тәтімов, Досов, Ярмухамедов сияқты қазақ революционерлері мадақталса, Антанта сойылын соғып, революция арқасына қанжар салмақ болған Юденич, Дутов, Колчак секілділер сыналады.

Жер үстінде, аспанда, суда өткен, жан беріп, жан алған, жаңа заман үшін болған күрестің шындығын ақын бейнелі сценалар арқылы, қысқа лирикалық сюжет, детальды пайдалана отырып, поэтикалық қиялдың күшімен көрсетеді.

Поэмада Ленин есімі 47 рет айтылады. Ақын оны бірде Бас қолбасшы, бірде Бас көсем, бірде Тап көсемі, бірде Бас командарм деп атайды. Лениннің тұғырда тұруы, қолын алға сермеуі, сөйлеуі секілді нақты алынған штрихтар, дәлді қимылдар бар.

Кезінде көптеген ақындар Ленин бейнесін жасау жолында ертегілік арнаға, фольклорлық қалыпқа түсіп кетсе, С.Сейфуллин көсем әрекеттерін революция, азамат соғысы жылдарындағы нақты істермен, өмірлік материалдармен байланыстыра отырып, сенімді тарихи тұлға жасауға күш салды.

Күрескерлерді ақын теңіздің дауылдан, толқыннан қайтпайтын өршіл, тәкаппар құсы – Альбатросқа теңейді. Туған елінің сол қайсар құс Альбатрос іспетті найзағайша жарқылдап, дұшпанға жай түсірер қайратты болуын тілек етеді.

Сәкен Сейфуллин «Жұбату» секілді қысқа лирикалық әңгіме, «Бандыны қуған Хамит» сияқты оқыс оқиғалы новеллалармен бірге көлемді прозалық туындылар берді. Қазақ прозасының алғашқы тартымды үлгілерінің бірі – «Жер қазғандар» (1928) хикаяты жұмысшылар ортасын бейнелейтін маңыздылығының үстіне, көркемдік-эстетикалық сапасымен де ерекшеленеді.

Шығармада Көкшетау қаласының түбінде темір жол салып жатқан жұмыскерлердің өмірі, оның ішінде бір қостағы ерлі-зайыптының және төрт бойдақ жігіттің бейнесі суреттеледі.

Жазушы жанды тұлға жасау үшін көркемдік тәсілдерді сұрыптап қолданған. Хикаятта бастан-аяқ созылған, жібі үзілмей отыратын бір оқиға, бір сюжет жоқ. Автор бір қостың ішінен ас ішіп, бірігіп жұмыс істеп, бірге ұйықтап жүрген алты адамның жан сырын, қарабайыр ғана тіршілігін мінездеу, суреттеу арқылы дәлелді көрсеткен. Тіршіліктің көп ауыртпалығын бастан кешірген бес жұмысшының тағдыры да, түр-түсі де, мінез-қылығы да бес түрлі. Қараңыз: Бірінші – Хасен деген жігіт:

«Хасен ұзынша бойлы, шүңірек үлкен сұр көзді, қыр мұрынды, ат жақты, қапсағай, ашаң сіңір денелі, көселеу сұр жігіт… Жолдастарына қадірлі, өйткені жолдасына қоң етін ойып бергендей, өтірікке жоқ, бір сөзді жігіт, сөйлегенде даусы дөнен қошқардың маңырағанына ұқсайды. Күшті сіңірлі денесі сойған қасқыр тәрізді. Қол-аяқтарының, барлық денесінің көк еттері шор болып байланғандай. Безбеннің темір кеңірдегіндей».

Екінші – Қалкен деген жігіт:

«Бұл да ұзынша бойлы, көсе, сида арық, ат жақты, жасықтау қара көзді, қыр мұрынды тарамыс қара жігіт. Жасы 35-36 шамасында. Аяқ-қолы сыйдиған. Көп ештемені онша парық қылмайтын жуас жігіт. Бірақ азырақ мысқылшыл, көсе болса да, өңі ескі. Жұмсақ мінезді. Ашудың не екенін білмейді. Ашаң, сида денесі май жаққандай, жып-жылтыр қара. Арықтаған дөненше қара нар тәрізді».

Үшінші – Сатай деген жігіт:

«Аласа бойлы, дембелше, мықырлау, аяқ-қолдары,саусақтары да қысқа, тырбиған. Дөңгелек бет, бір жақ көзінің ағы бар, қара сұр жігіт. Жауырыны бүкірлеу, төңкерілген астау тәрізді… Қимылдары шапшаң. Жұмыссыз бір күн де қарап жүре алмайды. Жұмысқа өте мықты. Сөйлегенде жылдам дабырлап сөйлейді. Бір сөзді қайта-қайта айтады. Ақкөңіл. Бірақ күйгелек. Ашуланғанда тіпті сөйлей алмайды. Булығып, күрмеліп сөзін айта алмай қалады. Қулыққа, арамдыққа олақ».

Төртінші - Әзімхан деген жігіт:

«Жасы 35-36 шамасында, бойдақ. Орта бойлы, жауырынды, кеуделі, төсті жігіт. Беті сопақтау, жуан шоң мойын, дөңгелек қара көз, қырша мұрынды, қара торы жігіт. Дене бітімі нып-нығыз, тұп-тұтас, шойындай. Қалың қара сақалын түзей, иегіне шоқша ғана сақалшық қойған. Қою қара мұрт. Қалжың, әзілдің гүлі. Ашуланғанда бет-ауызының түктері едірейіп, қау тәрізденіп кетеді… Әзімханның қимылдары салмақты, жүріс-тұрысы марғау, сылбыр, түйенің жампозы, шудалы жайбасар қара атан тәрізді. Көбінесе бет-аузы аңқау кісінің бет-аузындай. Бірақ ешнәрсені аңдаусыз жібермейді. Жұрттың көбі елемейді, бұл ішінен жіпке тізіп отырады».

Бесінші – Бұзаубақ деген жігіт:

«Бұзаубақтың жасы 40-тан асқан, қара торы, орталау бойлы адам. Арық, қалақша жауырынды, шоқша қара сақалды, тырбиған қара мұртты кісі, ұрты суалғандау, бетін әжім басқан. Жасынан көрген ауыр бейнеттің барлық денесіне, бетіне, маңдайына, мойнына салған қатпар-қатпар, айғыз-айғыз таңбалары шимай-шатпақ ажым. Айқыш-ұйқыш арықпен суарып салған егіннің ескі аңыздары тәрізді. Денесі жапырайған, жүк басты болған жапырық өркеш, ақ қаптал, өмірінде шыр бітпеген оқпақ қоңыр түйе тәрізді».

Бұл портреттерді қазақ прозасындағы өте дәл, реалистік шебер үлгілердің қатарына жатқызуға болады. Жазушы бір-біріне ұқсамайтын етіп бес жұмысшының психологиялық, динамикалық сырын, мінез қалыбын айқын ашқан. Жұмысшылар өмірін, қазақ пролетариатының тағдырын көрсету үшін автор кейіпкерлердің өз ауыздарымен айтылатын әңгімелерді шебер пайдаланды. Бұл ұзақ монолог үлгісінде берілетін эпизодтарда ауыз екі сөйлеу тілінің айшықтары, интонация, ырғақ ерекшеліктері сақталады. Әсіресе Әзімхан аузымен айтылатын әңгімелерде қазақ пролетариатының қияметтің қыл көпірінен өткендей азапты тіршілігі дәл тұрмыстық, өмірлік суреттер арқылы көрсетіледі. Жазушы көп еркектің ортасындағы жалғыз әйел – сұлу Гүләйім бейнесін психологиялық сенімділіпен жасайды. Әзімхан-Гүләйім арасындағы сезім күйлерінде романтикалық пафос, тәтті мұң бар. Жүрегі жылы Әзімхан оспадар қимылға бармайды, Гүләйімді қанша сүйгенмен, Бұзаубақтың көзіне шөп сала алмайды.

Автордың жазушылық шеберлігі кейіпкерлер көзімен берілген пейзаждық суреттерден де көрінеді. Автор әсіресе төсінде сағым ойнаған кең даланың, батып бара жатқан күннің түрлі-түсті бояуларын, жұлдызды аспан кескінін динамикалық қозғалыс үстінде, тірі, жанды қалпында береді. Тегінде С.Сейфуллин – қазақ прозасында психологиялық, реалистік пейзаждың тамаша үлгілерін жасаған жазушы.

1922 жылы жазылып, 1935 жылы екінші рет өңделген «Айша» хикаяты – Сәкен Сейфуллиннің проза саласындағы кемел шығармаларының бірі. Жазушы 1917 жылы жазылған «Жұбату» қысқа әңгімесінде әйел азаттығы тақырыбын көтеріп, авторлық ойын, азаматтық позициясын публицистикалық серпінмен білдіреді, лирикалық сезім шалқып төгіледі.

Ал «Айша» хикаяты да әйел теңдігі мәселесі, қазақ әдебиеті үшін дәстүрлі тақырыпқа арналған. Соған қарамастан С.Сейфуллин мазмұны қызықты, сюжеті тартымды, идеясы салмақты, жаңашыл шығарма тудыра білді.

Оқиға 1916 жылы, Ақмола қаласынан 300-400, Нілді заводынан 60-70 шақырымдай жердегі ауылда өткенін автор дәл көрсетеді. Кәдір деген кісі Шәкір атты әйелі өлген қара шұбар, қисық қара сақалы бар жігітке Айша есімді кіші қызын бермек. Қалың малға отыз қаралы мал алмақ. Күшіген сияқты үңірейген, сақалы күректей қара шұбарға сұлу, жас Айша: «Қатын бола алмаймын. Егерде мұндай адамға мені малға сататын болса, мен тәңір алдында көз жасымды кешпеймін. Және өле-өлгенше менің әке-шешем, туған-туысқаным жоқ деп білем!» дейді.

Әке-шеше, ағайын-туыс бәрі де ата салтын бұза алмай, қанша қимағанмен, Айшаны ақыры жөнелтеді.

Бұл – ХХ ғасыр басындағы қазақтың демократиялық әдебиетіне де, алғашқы кезеңдегі жаңа әдебиетке де тән, көп шығармаларда қайталанған дәстүрлі сюжет. Сәкен Сейфуллин осы дағдылы, әбден белгілі өмірлік ситуацияны ала отырып, құрылысы соны, көркемдігі жоғары, сұлу сырлы шығарма жазып шықты.

Көшпелі қазақ ауылының кейбір тұрмыстық көріністерін дәл бейнелей келе, автор қыз ұзату алдындағы ауыл әбігерін ықшам баяндайды да, Айшаның ойы арқылы, бірнеше елес суреттермен бақытсыз қыздар тағдырын береді, сөйтіп, көркемдік шарттылық тәсілдерін пайдаланады.

Еріксіз ұзатылып бара жатқан, соры қайнаған Айшаны құтқару үшін туған ағасы Әбіл мен оның жолдасы Әлкей аттанады. Екеуі де жылқышы. Бұлар түн жамылып жүріп, тығылып барып, бір қалт еткенде, белгі береді де, Айша құлдық тырнағынан шығады. Сол-ақ екен, арттарынан қуғын түседі. Хикаятта қашу-қуу көріністеріне, ат үстіндегі шайқас сценаларына көп орын берілмеген. Жазушы ер жігіттердің қимыл-қозғалысын, епті әрекеттерін, шайқас-тәсілдерін тамаша суреттейді. Әсіресе Айшаны құтқаруға аттанған екі жігітке автор іш тартады. Оқып көрелік:

«Астындағы мейіздей қатқан жарау ақ сұр ат аяқтарын ор киікше басады. Екі құлағын қоянша қайшылайды. Әрбір болмашы дыбысқа, әрбір қылт еткен қараға екі көзі жалт-жұлт етіп, селтеңдеп қарайды. Ақсұр аттың үстінде қара балшықтан құйып жасағандай, нығыз отырған орта бойлы, жауырынды, білінер-білінбес тықыр түк мұрты ғана бар, дөңгелек жалпақ бет, қара жігіт. Аяғында үлкен ескі саптама етік, үстінде ескі қара бешбенттің сыртынан киген түйе жүн шекпен. Белін бостау буған. Басында ескілеу кішкентай ақ елтірі тымақ, қолында ұзын, жуан сапты қамшы, сол жақ қарында қайыс бүлдіргілі ұзын, жуан ақтабан сойылы бар».

Бұл – Айшаның ағасы Әбіл жылқышының портреті. Жазушы ат үстіндегі батыр жігіттің кескінін, қимыл-қозғалысын, киімін – баршасын тұтас қалпында көз алдымызға алып келеді. Тегінде С.Сейфуллин адам портретінің дара ерекшеліктерін айқындап, киімдеріне шейін тәптіштеп, дәл, нақты беруге шебер қаламгер.

Тізе қосып алған екі сойылды жылқышының қаһар төккен қарулы қуғыншылардан Айшаны құтқарып жіберіп, найзалы дұшпанмен қалай шайқасқанын жазушы реалистік дәлдікпен, психологиялық сенімді түрде қызықты бейнелейді. Жан беріп, жан алғандай жекпе-жек сценаларын, өмір мен өлім бетпе-бет келген сәттерді көреміз. Қара түнді жамылып, бір-біріне тап берген салт атты – жүрек жұтқан қаһармандар көз алдыңа келеді.

Әбіл мен Әлкей жол нұсқап, қашырып жіберген соң, жеке-дара шауып жөнелген Айшаның басындағы тебіреністер, әсіресе оны көп қасқыр қамаған кездегі сезім күйлері, ой толқулары сенімді бейнеленеді. Ақырында, қуғыншылар ұстап алса, еріксіз торға түсем-ау деген қорқынышты бастан кешіре отырып, шаршап-шалдықса да қиындыққа қарсы күресе білген қайратты Айша Нілді заводын, ондағы ағасы Сапарғалиды табады. Көп ұлтты жұмысшылар ортасы енді оны ешкімге қорлыққа бермек емес. Авторлық идея осындай ишаратпен айтылады. Хикаятта портреттер, әсіресе дала көріністері, түн суреттері бай да бейнелі тіл арқылы шебер бейнеленеді.

1935 жылы жазылған «Жемістер» хикаятының оқиғасы он бес жыл мерзімді қамтиды. Ақмоланың оңтүстік жағындағы Нұра өзенінің бойындағы Аққулы көлін мекендеген Танбай бай ауылындағы 1919 жылғы іс-әрекеттерді суреттеуден басталатын шығармада есте қаларлық өмір суреттері, тұрмыс картиналары бар. Әсіресе, Азамат соғысы тұсындағы қазақ ауылдарының мойындарына түскен ауыртпалықтарды жазушы реалистікпен бейнелейді. Ақтардың бейбіт жатқан, етек-жеңін жинай алмай, өзін-өзі қарауға шамасы келмей отырған панасыз кедейлерге, кемпір-шалға, қыз-келіншекке көрсеткен зорлықтарын суреттейтін беттерді оқығанда адамның зығырданы қайнайды. Жабысқақ Мияш, салпы ауыз Әбділда секілді кімнің тарысы бұрын піссе, соның тауығы болған жағымпаз сорлыларды жазушы әжуа қылады.

Ар-намысын бай балаларына да, ақтарға да таптатпау үшін күресе білген Ғайни сынды қайратты қызды көреміз. Оның сүйген жары құралайды көзге атқан аңшы, қаптаған қалың жаудан сескенбейтін ер жігіт Нияздың оң мен солын толық ажыратып, әлеуметтік санасы оянғанша, көп қиындық көріп, талай шырғалаңды бастан өткізуіне тура келеді. Жазушы Нияз, Боранбек секілді қыр жігіттерінің түнгі жортуылдарын өте қызықты суреттейді. Ақ бандылар мен қызыл әскерлер шайқастарына да көп орын берілген.

Хикаяттың соңғы тараулары Нияз басындағы өзгерістерді хроника түрінде, асығыстау баяндап кетеді. Оның Қарсақпайда жұмыс істеуі, Москвада оқуы, инженер болып оралуы, ұлы Өзеркінмен табысуы – революция жемісі, жаңа заманның нәтижесі деген идея айтылады.

Жазушы қаламынан шыққан кейбір туындылар әр түрлі себептердің салдарынан толық аяқталмаған, кейбір тараулары жоғалған, өкінішке орай, Сәкен шығармаларының жоспарлары, алғашқы нұсқаларының қолжазбалары бүгінгі ұрпаққа жеткен жоқ, жойылып кеткен. Оның толық аяқталмаған «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда» хикаяттарында көптеген көркемдік игіліктер, өмірдің нақты картиналары, есте қалар адам бейнелері, сан алуан идеялар бар. Мәселен, «Сол жылдарда» хикаятында бұрынғы қазақ ауылындағы сан алуан салт-сана, тұрмыс ерекшеліктері әдемі суреттеледі. Құрдастар қалжыңы, той, дәм беру, айтыс, аужар айту, палуандар күресі, ат шабыс – осының баршасын жазушы аса ықшам, көркем бейнелейді: диалог, монолог, полилогтардан тірі адамдардың даусын естиміз, түрлі мінездерді жазушы бір-біріне ұқсатпай, дара ерекшелеп бере білген. Табиғат суреттері де есте қаларлықтай: «Желі сыртында жайылып жүрген бірен-саран биелерден басқа далада қыбырлап жүрген жан жоқ. Жалғыз-ақ ауылдың күншығыс жағында, ойда, өзен жақтағы сортаңда сағыммен бұлдырап төрт-бес түйе жүр. Сағыммен бұлдыраған түйелер көкте, аспанда жүзіп арбиып бұлдыраған көлеңкелер сияқты. Немесе алыстан көтеріліп, қалқыған теңізде жүзіп жүрген кемелер сияқты».

Қазақ әдебиетінің көркем, мағынасы терең, әлеуметтік мазмұны бай, жанрлық формасы күрделі, ұзақ жасай беретін сирек туындыларының қатарында Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы да аталады. Алғашқы тараулары 1922 жылдан бастап «Қызыл Қазақстан» журналында жарияланған бұл шығарма тұңғыш рет 1927 жылы жеке кітап болып басылды. 1936 жылы роман екінші рет баспаға әзірленгенде, автор елеулі редакция жасаған. Бұл редакция туралы Т.Кәкішев пен К.Ахметова арнайы кітап жазды. Осы нұсқа кейін бірнеше рет қайта басылды. Роман орыс тіліне аударылды. Жазушы шығармаға арнап жазған «Беташар» деген алғы сөзде: «Мақсұт 1916-17-18-19 жылдардағы тарихи қозғалыстың, ұлы өзгерістің (революцияның) Қазақстандағы өзім көрген, өзім білген оқиғаларынан баспа жүзінде әйтеуір із қалдыру болды» дейді.

Шынында да автор осы алға қойған жазушылық міндетін идеялық-көркемдік тұрғыдан түгел орындап шыққанын көреміз.

Романның «Тар жол, тайғақ кешу» деген аты авторлық идеяны ашуда бейнелік, символдық рөл атқарса, жеке тарауларға берілген аттарда саяси, көркемдік дәлдік бар, уақыт пен кеңістік ерекшеліктері нақты беріледі, жер-су атаулары өз қалпында.

Шығарма Омбы семинариясын бітіріп, 1916 жылы Ақмола уезіне келіп, Бұғылы еліндегі ауылдық мектепке мұғалім болып тағайындалған жас ақын Сәкен Сейфуллиннің оқу басталғанға дейін жалпы Россияда өтіп жатқан санақ жұмысына қалай араласқанын баяндаудан басталады.

Романдағы барлық негізгі сюжетті ақынның өзі бастан кешкен, не өз көзімен көрген, не естіген оқиғалар жүйесі құрайтындықтан, шығарманың өмірбаяндық, тіпті мемуарлық сипаты бар. Мұның үстіне Қазақстан өміріндегі аса маңызды әлеуметтік-қоғамдық істер, күрделі тартыстар, тап күресі, дәлірек айтқанда, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, революция жылдары шындығы нақты әлеуметтік дәлдік, объективті тұрғыдан гөрі, белгілі позициямен көрсетілгендіктен, бұл туындыда саяси роман қасиеттері мол. Әр түрлі партиялар программаларын, түрлі қоғам қайраткерлері дүниетанымын, мақсат-міндеттерін, заман шындығын дәл беру үшін жазушы тарихи деректерді, газет-журнал материалдарын өзгеріссіз қалпында, цитата түрінде алып отырады. Ондай көркемдік тәсілдер шығармаға публицистика, журналистика элементтерін ендірген. Осындай жәйіттер «Тар жол, тайғақ кешуді» тарихи-мемуарлық роман деуден гөрі, құжатты-саяси роман қатарына қосуға көбірек негіз береді.

Шартты түрде мағыналық жағынан шығарманы төрт бөлімге жіктеп талдауға болады. Романның «Революцияның алдыңғы жылдары» деп аталған алғашқы үлкен бөлімі «Шұбырада», «Әупілдек», «Тұлып», «Дауыл алдында» секілді жеке-жеке новеллалық сипаты бар, әрқайсысы аяқталған сюжетті әңгімеден тұрады. Жас автор ең алдымен қазақ ауылындағы таптық, әлеуметтік теңсіздікті айқын ажыратып көрсетеді, екіншіден, есте қаларлық адам тағдырлары (Әупілдек көлімен қоштасқан бақытсыз қыз), көз алдыңызға келетін сомдап соғылған дара тұлғалар (паң Нұрмағамбет), Сарыарқаның реалистік қуатпен салынған тамаша пейзаждары бар. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының кейбір көріністерін жазушы Арқадағы өзі көрген, басы-қасында болған оқиғалар арқылы бейнелейді, аса ұшыққан әлеуметтік мәселелрді жасырмайды.

Сәкен Сейфуллин революцияның алғашқы жылдарының шындығын, совет өкіметі үшін күрес күндерінің шежіресін, негізінен, Солтүстік Қазақстанда, әсіресе бұрынғы Ақмола губерниясында болған оқиғаларды, нақты, тарихи адамдардың іс-әрекетін бейнелеу арқылы көрсетеді. Бұл баяндаудың басты сюжеттік арнасын революционер-ақынның өзі бастан кешірген, ішінде болған оқиғалар, тартыстар құрайды. Естіген жайттар, оқыған нәрселер, баспасөзден алынған материалдар өзгеріссіз қалпында көркем баяндаудың ішінде үзінді түрінде, дәлел ретінде, тарихи айғақ, құжатты тиянақтама болып, әр жерде беріліп отырады. Әр түрлі партиялардың программалары, олардың мүшелерінің тізімі, түрлі жиналыстардың хаттамалары, сан алуан ресми қағаздар, қаулылар, тарихи деректер, цифрлар – бұлардың баршасын автор, әсіресе революция кезіндегі аласапыран, қиын заман, дәуір шындығын тарихи тұрғыдан дәл, объективті түрде көрсету үшін саналы түрде пайдаланған. «Алаш» партиясының қалай құрылғанын, оның әр түрлі атыраптардағы әрекеттерін, негізгі басшыларын Сәкен Сейфуллин тәптіштеп айтудан тайсалмайды. Жеке қайраткерлерге, оқиғаларға саяси баға береді. Ол байламдар «Алаш» қозғалысына байланысты қазіргі көзқарасқа қайшы екендігін көрсету керек.

Романның үшінші бөлімінде чехословактар лаңы, Ақмолада Совет өкіметінің құлауы, содан кейінгі қанды оқиғалардың көп картиналары беріледі.

Көркемдік-эстетикалық тұрғыдан алғанда, «Тар жол, тайғақ кешудің» ең құнарлы беттері осы тұста, шығарманы нағыз психологиялық роман дегізерлік ерекше әсерлі суреттер бар. Автор бұл бөлімде көлденең оқиға, қосымша эпизодқа орын бермейді, басты назар, негізгі объект – Колчак әкімшілігі түрмеге салған әр түрлі ұлттан шыққан, сан алуан мамандық иелерінің революция жолында бастарын құрбан етуге дайын қаһармандардың трагедиялық жағдайдағы тағдырлары.

Совдеп мүшелерінің қапылыста қолға түсуі, осы тұстағы сан алуан адам мінездері, түрмедегі азапты күндер мен түндер, үрей мен қорқыныш – жүйелі әңгіме арқауы. Автор тұтқындардың көңіл-күйлерін, түйсік-сезімдерді психологиялық саралаумен, аса шебер жазушыға тән көркемдікпен, дәлдікпен, сурет, бейне арқылы көрсетеді. Өмір мен өлім бетпе-бет келген сәттерді жазушы әр қырынан суреттейді:

«Қала – қараңғы, тұманның ішінде. Қала тынысын тоқтатып, өліп қалған мақұлық тәрізді».

«Айдаушылар мен айдалып келе жатқандар бірінен-бірі көздерін алмай, аңдысып келе жатқан тәрізді. Пышақтарын төсеп, аңдысып, бірінің көзі тайып кетсе, бірі қара пышақты салып жіберейін деп келе жатқан тәрізді. Әркім қалың, ауыр, есалаң ойға батып, қара тұманның ішінде келе жатқан тәрізді».

«Жүріп келеміз. Міне, айнала түпсіз тұңғиықтың жалғыз өткел аузында, қанжарын қайрап тұрған өлімге таяндық. Өмір де, тіршілік те әшейін бір түс тәрізді. Өлім де түс тәрізді. Дүниеде болдың, енді жоқ болдың. Жоқ болмайтын жан жоқ… Біреу ерте, біреу кеш…».

«Өлімді күн сайын күтіп отырдық. Революцияның дұшпандары күннен-күнге абжыланша уын шашып, ысқыра берді. Қажы, молда, би, болыстар тыныстарын кеңітіп, жайланып демдерін алды.

Темір торлы тас сандықтың ішінде шынжырланып байлаулы қызыл сұңқарлар жатты. Қастың айызы қанды. Достың жүрегін жалын шалды».

Жазушы түрме қапасында, қуғын-сергелдеңде қанша азап пен қинауды бастарына кешкенмен, революционерлердің асқақ рух, бостандық, азаттық жолындағы құштарлық сезімін, асыл мұраттарға деген сенімді жоғалтпағанын көркем суреттермен береді. Әсіресе ақын көзімен бейнелейтін ырдуан ағаш арбаға тезек тиеп, өгіз айдап бара жатқан жаяу қазақ, балапандарын ерткен қаз, түрме терезесі алдынан өтетін есімі белгісіз көк өрім қыз естен кетпес бейне болып қалып қояды. «Уа, шіркін, бостандық. Сенің қадіріңді қапастағы тұтқыннан басқа кім біледі? Ана қазақтай өгізге жеккен ырдуанмен тезек тасып жүрсе де, шіркін, бостандық артық екенсің!.. Мынау, ана құшағын, төсін ашқан кең даладан келеді-ау! Шіркін, бостандық. Шіркін, кеңшілік-ай!» деп тебіренген ақын жүрегінің лүпілі естіледі.

Ақмола совдепіне мүше болған революционерлер 1918 жылдың маусымынан 1919 жылдың қаңтарына дейін түрмеде отырады. Жеті ай. Жеті ай азап пен қорлық, қамау мен зорлық көреді. Екі ай бойы қол-аяқтан шынжыр темір түскен жоқ. Осыдан кейін барып Ақмоладан Қызылжарға дейін қызыл шұнақ аязда 500 шақырым жаяу-жалпы айдайды. 18 күн бойы қарлы, мұзды, аязды жолдың азабын тартып келіп, вагонға қамалады. Бұл жауыз, қанішер, бейбіт елдің дұшпаны атаман Анненковтың азап вагоны болатын.

Азап, тозақ вагонында отырғандар: Катченко, Шафран, Авдеев, Кондратьева, Монин, Павлов, Абдолла Асылбеков, Сәкен Сейфуллин, Бәкен Серікбаев, Жұмабай Нуркин… әр ұлттың өкілі, бостандық үшін жандарын шүберекке түйген есіл ерлер. Аштық пен ұрып-соғу қосылып, талай қыршын үзіліп жатыр – Дризге, Монин, Мартынов, Пьянковский өлді. Ақ қар, көк мұзда азап вагоны – Омбы-Ново-Николаевск (қазіргі Новосибирск)- Семей барып, ақыры қайтадан Омбыға келіп, тұтқындарды лагерьге түсіреді.

Азап вагонындағы қиындықтардан, аштықтан, шөлдеп, суықтан бұратылып, әбден тері тарамысына жетсе де, адамгершілік кейіптен арылмаған ерлердің кісілігін, бір-біріне деген бауырмалдығын, интернационалдық достықтың күшін жазушы көзге жас келтірердей оқиғалар арқылы суреттейді. Еркін өмір, бостандық қасиеті туралы ақын тебіреністері ой ағымы арқылы, ішкі монолог түрінде беріледі. «Жүрек ақырындап, тәтті қимылдап соғады. Көкіректегі байлаулы арыстан ақырындап шынжырын қозғайды» деген жолдарда ақындық сурет бар.

Омбы лагеріндегі жағдайды суреттейтін беттерді Ф.Достаевскийдің «Өлі үйден жазған хаттарымен» сарындас деуге болады. Лагердің жалпы тіршілігі, тұтқын сорлылардың халі, өлім мен өмір тайталасқан сәт, әр түрлі мінездер – бұлардың баршасын Сәкен реалистік дәлдікпен, трагедиялық қуатпен бейнелейді. Лагерден қашып шығар сәтті былай көрсетеді: «Қар тасушылар келді. Жүрек соқты. Көкіректегі шынжырлы арыстан жұлқынды».

Романның төртінші жүйе әңгімесі Сәкеннің Омбы лагерінен қашып шыққаннан кейінгі шырғалаңдарын қамтиды. Бұларды бір-бірімен сюжеттік тұрғыдан байланысып жатқан оқыс оқиғалардың тізбегі десе де болғандай. Дүйсенбі деген бүркеншік атты жамылып, Омбыдан Шет қаласына барып, одан Баянауылдатып, өз аулына жеткенше 844 шақырым жаяу жүрген жолда ақынның өткір көзі талай нәрселерді көріп, шалғыр құлағы неше алуан әңгімені естіп, өзі де бастан көп хикмет өткеріп, қабат-қабат ой толғайды. Революция кезіндегі Қазақстанның әлеуметтік-саяси, тұрмыстық-этнографиялық панорамасы жасалады. Жазушы қосалқы эпизодтар арқылы революционерлер Мұқаметқали Тәтімов, Сабыр Шәріпов бастарынан кешкен нақты оқиғаларды көркем новелла тұрғысына жеткізіп береді. Кейбір тарауларда ел өмірінің дәл суреттері, Ашай мерген, Шоқай болыс тұлғалары, ән-күй аңыздары («Ықылас күйі»), Бетпақдаланың табиғаты, Шу өңірінің тарихы беріледі. Шығарма Сәкеннің Әулие-Атаға келіп, Шуда Совет өкіметін орнату әрекеттерімен аяқталады.

Өз кезінде ең актуальды, заманның көкейкесті тақырыбына – Қазақстандағы Қазан революциясының тарихи тағдырларын көрсетуге арналған «Тар жол, тайғақ кешу» романы тарихи оқиғаларды бағалаудағы қайшылықтарына қарамастан, қазақ әдебиетіндегі әлеуметтік маңызы, идеялық-көркемдік сапасы жоғары, уақыт сынынан өткен кемел туынды, ерекше кітап.

СОҒАЙЫН СӨЗІМНЕН БІР СҰЛУ САРАЙ

«Ілияс Жансүгіровтің ірі поэмалары: «Дала», «Күйші», «Құлагер»… Осы үш поэма тұсында қазақтың Абайдан кейінгі поэзиясы аса биік ірі сапа табады».



(Мұхтар Әуезов)

Қазақ жаңа әдебиетінің бастау қайнарында тұрған құдіретті талант иелерінің бәріне тән ортақ асыл қасиет – көп қырлылық. Бұл ерекшелікті ақын, драматург, прозаик Ілияс Жансүгіров шығармашылығынан да көруге болады. Халық өмірін реалистікпен бейнелеген дарынды қалам иесінің әр жанрдағы туындыларының ішінде ерекше жарқырап тұрған оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады. Қазақ публицистикасының қалыптасуына зор үлес қосқан, Қазақстан Жазушылар одағын басқарып, әдеби процеске белсене қатысқан әлеуметтік қызметтер қаламгердің азаматтық келбетін көрсетеді. Ақынның терең идеялық, көркем мүсінді эпикалық шығармаларының танымдық-тәрбиелік мәні зор, олар қалың оқырманның ойына ой, сезіміне сезім қосады, қиялына қанат бітіреді, эстетикалық ләззат беріп, гуманистік-адамгершілік идеяларды толғайды.

Ілияс Жансүгіров 1894 жылы бұрынғы Қапал уезі, Ақсу болысында (қазіргі Алматы облысы, Ақсу ауданы) туған. Ескіше хат танитын, араб-парсы, шағатай тілдеріндегі кітаптарды жинайтын, аңыз-ертегілерді, батырлық жырларды, тарихи оқиғаларды, әңгіме-шежірелерді жақсы білетін, көкірегі ояу, көзі қарақты, әр түрлі өнердің басын ұстаған әңгімеші, домбырашы, ұста, көшелі Жансүгір анасынан ерте қалған Ілиясты жетімсіретпей, еркелетіп, көп жақсы үлгі көрсетіп, қазақы адамгершілік жолымен тәрбиелеп өсіреді.

Халқымыздың құт-береке дарыған, ежелден ақындық, батырлық, даналық мекені болған Жетісу өлкесінің перзенті Ілияс көкірегіне жас күнінен бастап ән мен жырдың, өлең мен күйдің небір асыл нұсқалары ұялаған. Табиғатынан дарынды жаратылған зерек бала ел даналығы дариясына еркін жүзіп, уызға жарып, асыл байлықты бойына сіңіре білген.

Өз үйінде, әкесінен хат таныған, одан соң молда алдын көрген Ілияс біраз уақыт Қарағаш деген жердегі татар үлгісіндегі мектептен оқып, әр түрлі пәндерден сабақ алады. Бұдан кейін тұрмыс жағдайы билеп, шаруа күйттеп, тіршілік қарбаласына араласып кетеді.

Жастық қиял, арман толқулары, ауыл көріністері, табиғат суреттері оның оның жүрегін қозғап, тіліне ұйқасты сөздер оралып, өлең шығара бастайды.

Күнде өзі көріп жүрген айт пен тойдағы өлең-жыр, айтыс, жыршылар төгілтіп айтатын қисса қанша қызық болғанмен, оның жас қиялына ерекше әсер етіп, орасан зор ықпал жасаған Абайдың шығармалары еді. Әуелде дос-жаран, құрбы-құрдасты әзілдеген қалжың, сықақ өлеңді табанда ауызша алып тастайтын, өзі де ақындар айтысына түсіп кететін албырт Ілияс Абай данышпанның поэзиясымен танысқаннан кейін ақындық өнерге басқаша қарайды. «Оған шейінгі көрген, оқыған әдебиеттің бәрін Абай кітабы жоққа шығарғандай болды. Ойым ояна бастады. Қанбай, қайта-қайта оқи беретін болдым. Өзімде бір түрлі сергектілік, сілкініс, жүрегім де жаңалық сезгендей болды», - деп жазады кейін Ілияс «Қысқаша өмірбаяным» атты еңбегінде.

Жас ақынның сұлулық мұраттарының орнығуына, көркемдік талғамының қалыптасуына, өлең мәдениетін игеруіне реалистік Абай поэзиясының ықпал жасауы – оның әдебиет тағдырындағы бақыттылық, айта қаларлықтай эстетикалық құбылыс, дәстүр жалғастығын көрсететін жәйт. Ел қазынасы, халық фольклоры өкілдері тәжірбиелерінің сабақтары мен жазба әдебиеті үлгілері ақын туындыларында жаңа келісім тауып, өзіндік арна іздей бастайды.

Алғашқы өлеңдерден-ақ болашақ іргелі ақын Ілиястың стиль өрнегі, қаламгерлік дара тұлғасы айқындалады. Құйылған сөз тасқыны, эпикалық кеңдік, теңеу, айқындау, ауыстыру, кішіреуту, ұлғайту, түйдектеу, басқы, ішкі, соңғы ұйқас (А.Байтұрсынов терминдері) байлығы оның поэзиясының негізгі қасиетіне айналады. Лирикалық – философиялық толғау, ұзақ сюжетті шығармалар қатар жазылады.

Өз бетімен тірнектеп жинаған білімінің аздығын, түртінектеп оқыған кітаптардың мардымсыздығын қатты сезе бастаған Ілияс қайтсе жүйелі түрде оқымақ болып, 1920 жылы Алматыға келіп, үш айлық мұғалімдер институтының жанындағы қысқа мерзімді курста бес-алты ай оқығаннан кейін, денсаулығының нашарлауына байланысты ауылына қайтады.

Дауылды жылдардың тартысы тіршілігі жас мұғалімді өз толқынына тартады. Қазақ ағарту институтында, Жетісу облсының Қосшы комитетінде, губерниялық оқу бөлімінде, «Тілші» газеті редакциясында қызмет істеу, экспедицияға шығып фольклор үлгілерін жинау кешегі ауыл жігітін ширатып, шыңдайды. Жас азаматтың қызметтен өзге уақыты түгелдей кітап, газет-журнал оқуға, өз көкірегіндегі сырларды қағазға түсіруге жұмсалады. Алғашқы өлеңі 1917 жылы 22 тамызда басылған Ілияс «Тілші», «Кедей еркі», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» журналдарында жиі көрінеді. 1927 жылы «Беташар» атты үгіт өлеңі, 1928 жылы «Сағанақ» деген тұңғыш кітабы басылды.

Халықтың қалың ортасынан қайнап шыққан қажырлы таланттың мол өнімді еңбегінің берекелі жемістеріне таң қаласың. 1927-1937 жылдар арасында поэзия, проза, драматургия, сын, аударма салаларында жиырмадан астам кітап шығарып, артына аса бай әдеби мұра қалдырды. Оның лирикалық шығармалары, «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмалары, «Жолдастар» романы, «Кек», «Түрксіб», «Исатай-Махамбет» пьесалары – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған өлмес туындылар. Он жылдың ішінде осынша шығарма берген қалам қайраты, талант табандығы ғажап.

Тиянақты білімсіз ешнәрсе өндіре алмасына әбден көзі жеткен Ілиястың 1925 жылы Москвадағы Коммунистік журналистика институтына түсіп өмірдің үлкен бір кезеңіне шыққандай қуанышты сәті еді. Арнаулы пәндерді, лекцияларды былай қойғанда, тарихтан, философиядан, әдебиеттен, ғылымның басқа да салаларынан жан-жақты білім алу үшін өз бетімен дамылсыз іздену, талмай еңбектену Ілиясты тез марқайтады. Орыс, Еуропа классиктерінің шығармаларын зерттей оқу, тексере үйрену тәжірибесі ақын талантының жарқырап ашылуына мүмкіндік береді. Қала өмірі, шаһар тіршілігінің ырғағы сезімтал жүрекке орасан зор ықпал етеді.

1928 жылы журналистика институтын бірітіп, елге оралған Ілияс Жансүгіров «Еңбекші қазақ» газеті редакциясына қызмет істеп, қазақ баспасөзінің қалыптасуына көп үлес қосты. Аршынды қаламгер, үлкен мәдениет қайраткері Ілияс Жансүгіров 1934-1935 жылдарды Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болады, 1935-1937 жылдарды көркем баспасында поэзия бөлімін басқарады, СССР Жазушыларының І құрылтайында сөз сөйлейді, республиканың әлеуметтік өміріне белсене араласады. Жазушының М.Горькиймен шығармашылық байланысы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезовпен достығы оның қаламгерлік жолында терең із қалдырған.

Көзі тірісінде қазақ поэзиясының өрен жүйрігі, ақындықтың құлагері атанған Ілияс Жансүгіров 1938 жылы жазықсыз жазаға ұшырады. Атылды.

Ілияс Жансүгіров «Қысқаша өмірбаяным» деген 1928 жылы жазған еңбегінде: «Хат білген соң өлең кітап оқығыш болдым. «Қыз Жібек» қиссаларын мен оқығанда талай жан жылайтын. Кейін аймағымыздың бозбаласының өлеңшісі болдым. Жарып той бастап, таңдап әріптес алып айтысып «құтырған» күндер өтті. Түнгі тойды таңға тарқатпай, ауыл әлеуметін ауызға қаратқан күндер өтті» деп жазды. Бұл сөздерде ақын өнерінің бастау қайнар, түп төркінін терең ұғуға мүмкіндік беретін кілт бар. Табиғатынан аса дарынды туған, бір естіген әнді, бір тартылған күйді, бір жырланған дастанды қолма-қол қағып алып әсте ұмытпайтын көкірегі сезімді, тілі орамды, құйма құлақ, зерек талант Ілияс ең алдымен халық әдебиетінің бай қызынасын бойына сіңіріп, өзі де сал, сері болып, айт пен той, қыз ұзату мен тамашаның көл дария қызығына батып, келіннің бетін ашып, өлеңге жоқтау шығарып беріп, ел ішінде Жансүгірдің ақын ұлы атанды. Қысқасы, Ілиястың мол арналы, терең ағысты поэзиясындағы туырылып жатқан көркемдік кестелер, таудан түскен селдей жөңкілген ырғақтар, бедері тозып, бояуы кетпген, алтын-күмістей сылдыраған сөз айшықтары, інжу-маржан, лағыл-гауһарша жарқыраған теңеу, ауыстыру, айқындау байлығы, асыққа құйылған қорғасындай дәлдік, шапқан аттың, соққан желдің екпініндей жігерлі жыр, терме, толғаулар ғасырлар бойы халық таланттарының небір жүйріктерінің асыл байлықтар қазынасынан, фольклордың мұхит мәнді, теңіз тектес құнарлы толқынынан келген болатын.

Мұның үстіне қазақ тілінде шыққан газет-журналдарды, кітаптарды құныға оқу жас ақынның жазба әдебиет дәстүрлерін үйренуіне, ой-өрісінің кеңейіп, білімінің артуына, саяси-әлеуметтік қөзқарасының қалыптасуына ықпал жасаған факторлар. Абайдың ақындық мектебінен шыққан, көптеген көркем қиссалардың авторы, дарынды композитор, асқан әнші, Пушкиннің «Евгений Онегин» романын еркін аударып, қазақ арасына таратқан, сегіз қырлы, бір сырлы, қызық та трагедиялық тағдыры бар аруақты ақын Әсет Найманбаевтың (1856-1923) бес өрлетіп, қырық қарпып, тоқсан толғап салған әнін естиді, сөзі – жаңбыр, даусы – дауыл ғаламат өнерін көреді. Әсетпен алғаш қалай ұшырасқанын, оның өнерінен, әнінен алған әсерлерін Ілияс «Тұңғыш тоғысу» (1923) өлеңінде жан-жақты суреттейді. Кейін Ілияс күй, ән әсерін бейнелегенде осы Әсеттен алған, үйренген, өзі дамытқан динамиканы, әрекетті, тірі қозғалысты көрсететін шалқыту, дамылдату, шаңқылдату, жорғалату, ағындату, қалтырату, жүгірту, шырқату, шығандату, шапшыту, шүмектету, нөсерлету, талдыру, толықсыту, тамылжыту, орағыту, саңқылдату, ырғыту, өршеленту, сар желгізу, серпілту, сумаңдату, қоңырлату, желдету, ойнақтату секілді сөздерді ерекше шеберлікпен, орынды да дәл қолданатын болады.

Ескі ақындарша ауызша, қолма-қол айтып тастайтын суырыпсалма өнермен қатар өлеңді жазып шығаруға машықтана бастаған көк қауырсын, жас қыран – Ілиястың қаламгерлік тағдырына 1916 жылдың ерекше орны бар. «Қысқаша өмірбаянында» өзі көрсеткендей, бұл кезде ол Абайдың 1909 жылы Петербургта шыққан жинағын қолына түсіреді. Бұрын данышпан ақын шығармаларын Әсет арқылы ауызша естіп, таң қалып ғажап әсер алған Ілиястың қолынан енді күндіз-түні түспейтін Абай кітабы болады.

Ақынның 1915-1920 жылдар арасындағы тырнақ алды туындыларын бағалағанда, осындай дәстүрлі арналар, әдеби ықпал-әсерлерді ескеру шарт.

Қолжазбалары сақталып, 1915-1916 жылдарда жазылған Ілиястың алғашқы өлеңдерінде өз заманының көкейкесті әлеуметтік мәселелеріне үн қосу, дәуір алға қойып отырған сұрақтарға жауап іздеу сарындары бар. «Арман» өлеңінде:

Мезгіл бар ма құтылар,

Шынжырлаулы тағдырдан?

деп отырған ақынның қоғамдық теңсіздікті түсіне бастағанын көреміз. Бұл байбаламға «Көңілдің жүгірісі», «Өзіме», «Сәлемдеме» өлеңдері дәлел бола алады.

Өнерге ұмтыл, өнерді біл замандас!

Қамдан, жатпа, заманыңнан хабарлас!

Ынта салсаң, білім туын қолға алсаң,

Теңдік тиер, ешкім күйе жаға алмас!

(«Замандасқа»).

Ортаға ұран тастағандай бұл ойлар сол тұстағы қазақтың ағартушылық-демократиялық бағыттағы ақын-жазушыларының эстетикалық принциптерімен сарындас. «Мақым», «Жыбырлақ», «Жаңылғаным», «Талғамалар» өлеңдерінде надандықты сынау, оқу білімге үгіттеу, адамгершілікті құрметтеу әуезі, дидактика элементтері бар.

Балаңды бер сабаққа,

Қойға айдама тымпыңдап!

Арттан өсек сөйлеме,

Көрнеу көзге жылпыңдап!

деген жолдарында Абайдың идеялық ықпалы байқалады. Ал:

Көз ұйқыда,

Көңіл қиқымда.

Ынтасы ұрлық, қулықта.

Көрсе былқыл,

Көрмесе қылқыр

Заңым түсті сұмдыққа.

Сұм-сұрқия қу заман

Ел қарғадай шулаған, -

деп жазғанда Ілияс өлең формасын ғана емес, сатиралық ойды да ұлы ақыннан алып отыр.

Жұлдызы жиі, айы жарық түнде тал перде жамылып, көк шалғында кездескен, бір-бірін қия алмай, таң алдында әрең қоштасқан ғашықтар («Ынтықтар»), қайғылы, мұңды, шерлі жанға ой салған, қоңырлатып, толқытып, емірентіп сайраған өнерпаз («Әншіге», «Бұлбұлға»), ақ сөйлеп, өмір күресін адал жырлауды мақсат еткен ақын («Өзіме») – Ілияс лирикасының бас қаһарманы.

Ұйықтап жатқан көңілді өлең түртер,

Қайғы, зарын, қуанышын жақсы тінтер.

Жүрегімнің айнасы шаң басқанда

Орамалым осы өлең бетін сүртер, -

деп ақын поэзиясының қоғамдағы алатын орнын, - образды суретпен бейнелейді («Жанды сөз»).

1917 жылы жазылған «Тілек» өлеңі Ілияс Жансүгіровтің алғашқы кезеңдегі тақырыптық-идеялық ізденістерінің бір қорытындысы секілді. Ақын лексикасындағы кедей, тартыс, бұқара, бостандық, ынтымақ, таң деген сөздер жаңа мағынаға, әлеуметтік мәнге ие болған.

Ылғалды тұман шағында саятшы Сартай, қайықшы Қалтай, мұңды Құлтай («Не күйде», 1919) не күйде екеніне жүрегі елжіреген, бүрсеңдеп жүгірген сорлы қойшы Таймасқа («Боранда», 1920) жаны ашыған ақын Ілиястың лирикалық кейіпкері «Арыным» (1920) өлеңінде мүлде өзгерген, ол:

Алқынамын, басылмайды арыным,

Тау селіндей екпін қайрат, сарыным.

Жарлы-жалшы, жақыбайды жарылқау –

Жандағы ауру, жүректегі жалыным, -

деп айтуға жетіп қалған күрескер таптың өкілі. Шығарма:

Арылтамыз аспанды аршып тұманнан,

Тазалаймыз жерді жонып жуаннан.

Тапсыз, тату, мерекелі, өнерлі

Ел жасаймыз еңбегіне қуанған, -

деген революциялық идеямен аяқталады.

Бұл сарындар ақынның «Жас бұлбұлдарға» (1921), «Жастар ұраны» (1922), «Тілек» (1922), «Жанар тау» (1922) өлеңдеріне де ортақ.

Әйел, еркек, жалпы жас!

Көтеріл, көрін, көзіңді аш!..

Топтан, тұтас, туғандас!

Жасасын еркің! Жоғалмас.

Жамырас, үлес, жалпы жас,

Қосыл, қозғал, қоғамдас!

Жалпы жасқа», 1922).

Мұндай үгіттік әуез, ашық пікір бұл тұстағы қазақтың революциялық поэзиясына тән элементтер еді.

Енді ел әлеуметтік іске белсене араласа бастаған еңбекші тап өкілінің нақты бейнелерін жасау талабына жазылған «Жас жалшыға» (1923), «Қойшы ойы» (1923) сияқты өлеңдердің ішінде шаруа адамының реалистік келбетін көз алдыңа әкелетін бір шығарма бар:

Адырайып тамырың,

Балшықты балтыр балағың.

Күн жеген қара жауырын,

Қарында айран, шалабың.

Топырақ шашып, жер айдап,

Жалтылдап ақ кетпенің.

Жұлма құлақ, су байлап,

Жырым етек шекпенің.

(«Егінші», 1922).

Өмірдің тура өзінен алынған диқанның жанды портреті осылай реалистік дәлдікпен жасалған.

Жаңа өмір салтанаты үшін керек басты құралдың бірі – оқу-білім санаған ақын, бұл тақырыпқа арнаған «Жастар» (1924), «Саналы жастарға» (1924), «Оқимын» (1925) өлеңдерінде:

Жас мұраты білім, тәлім-талабы,

Таудай болсын, оңалтуға алабы.

Жас қанжары – жүректегі жігері,

Өнер, оқу – жастық қару жарағы, -

деген сарындағы ағартушылық, өсиеттік идеялар айтады. «Баласынан анасына хат» (1927) өлеңіндегі шәкірт сөздері революциядан кейін оянып, қалаға білім іздеп шыққан қазақ жасының ой-санасын, түйсік-сезімін, ілгері ұмтылған қайратты ізденісін көрсетеді.

Революцияның тарихи сабақтарын, әлеуметтік-таптық мәнін, қазақ халқына әперген есе-теңдігін жырлау – Ілияс Жансүгіровтің саяси лирикасындағы арналы тақырыптардың бірі. Бұл орайда жазылған өлеңдерде ақын толғау, терме формаларын («Ұлы күн», 1923), мадақ, жыр үлгісін («Май тойында» 1923), аллегориялық кейіптеу әдісін («Октябрь күні» 1924) қолданса, бірқыдыру шығармаларында жаңа көркемдік-эстетикалық игіліктер жасады. «Ұштасқан үш тілек» (1927) өлеңінде бұрынғы өмірдің жаралы кескінін жел қуған ебелек, толқын теуіп құлатқан терек, қан сасыған қара қайық сипатында бейнелей келіп, ұшқыр қиялды қаламгер символдық, әрі нақты сипаты бар сурет жасайды да, ең соңында идеялық түйінді үш бейнемен тұжырады.

Балғалы бауыр баста тұр,

Күйелі дене, күс білек.

Орақты бауыр қаста тұр,

Маңқиған мұжық түстірек.

«Әйдә, бірге жүр!» – деді,

Ұмтылдым, тұрдым үш тіреп.

Ұстадым қолын бұлардың,

Айқасып қалды үш білек.

Таяғым таптым, таяндым,

Өзімді сездім күштірек.

Үшеуміз бірге аттандық,

Ұштасқан соң үш тілек.

Жұмысшы. Шаруа. Қойшы. Үшеуі қатар кетіп барады. Бұларды тоқтатар күш жоқ енді. Лирикалық кейіпкердің осыған сенімі кәміл, «Ұлы Октябрь» (1928), «Тоғызда» (1929), «Октябрь екпіні» (1934) өлеңдерінде ортақ сипат – революциялық пафос, өршіл идея.

Революциялық жаңғыруларға қарсылар, НЭП заманында бас көтерген элементтер, өтірік белсенділер саудагерлер, молдалар ақынның сатиралық қаламының отымен өртелді. Бұл тақырыптағы өлеңдерде монолог, диалог формалары, шағын скетч, драмалық көрініс үлгілері кең де шебер пайдаланылды. Бұл тұрғыдан келгенде, «Некешілдер» (1921), «Ала бие» (1922), «Шошқа» (1931) туындыларда ортақ идеялық сипат, композициялық ұқсастық, сатиралық, юморлық, ирониялық сөз қолданыс бар.

Ақынның саяси лирикасындағы ең бір берекелі арна - өзгерген дала келбетін, оның адамдарын, қазақ республикасының өрісті қадамын, кемел қимылын, қанатты келешегін жырлау, жаңа көзқарастағы адамның рухани келбетін, адамгершілік сырын, еңбектегі ерлігін бейнелеу. Шалқыған толғау үлгісіндегі «Бүгінгі дала» (1928) өлеңінде өткен күндерде қазақ халқы бастан кешірген қиямет, азаптар шола баяндалып, революциялық өзгерістер тудырған жаңалықтар, еркіндік, бостандық, азаттық мадақталады. Кейін бұл әуездер «Дала» поэмасында мол сарынға айналады. Темір жолдың келуін, завод-фабрикалардың салынуы, кен орындарының ашылуын құп алып, бұл құбылыстарды шалқыта жырлаған Ілиястың тамаша шығармаларының бірі «Алтын қазанда» (1930) индустрия тақырыбын игеруде дәстүрлі, ұлттық бейнелеу, көріктеудің фольклорлық үлгілері шебер қолданылды.

Ақынның саяси лирикасының шоқтығы биік туындысы – «Шаттық жырында»:

Дәуірлеп, дәулет өрлеп тұрған елміз,

Азат боп түрмесінен қанды азаптың.

Таңынан тарихының толғаны осы –

Ерікті ел қазақтың, ер қазақтың,

Елімнің шаттығынан шалқып жырым.

Мен де айдап өлеңімді өрге тарттым.

Бай жерім, бақытты елім – ұлы одағым;

Отаны азаттықтың, адамзаттың!

Табысқан туысқандай алуан халық

Астында бақыт тудың – балға орақтың! –

деп шалқуға шынында да заңды қақы бар еді.

Ілияс поэзиясындағы мөлдір арнаның бірі – табиғат лирикасы. Туған жерін, елінің тау-тасын, өзен-көлін беріле сүйген патриот ақын қоршаған ортаның ғажап сұлулығынан өз шабытына нәр алып, сан алуан бояулары буырқанған ғажап суреттер салды. Бұлардың ішінде нақты географиялық адресі танылатын («Ағынды менің Ақсуым»), табиғаттың бір сәттегі көрінісін бейнелейтін («Ақшам», «Бұлт», «Желді күн», «Жазғы таң»), құбылысты көз алдыңа әкелетін («Жауында», «Жел», «Тас») сан алуан үлгілері бар. Натюрморт, этюд, эскиз сипатындағы туындылардағы ойлар, символдық бейнелер, ишарат, философиялық идеяларға жетелейді, көп мағыналы сарын-әуездері тудырады.

Қазақ поэзиясындағы Абай қалыптастырған табиғат лирикасының ілгері өрістеуін Ілияс есімімен тығыз байланыста қарау керек. Табиғаттың дәстүрлі маусымдарына арналған ақынның алғашқы өлеңдерінің бірі «Жазға салымды» (1922) оқып көрейік:

Күркіреп, күңіреніп ұласып аспан,

Сіркіреп, бұлт тұмшалап, жаңбыр жауар.

Дүркіреп жауқазындар жарар гүлін,

Үлбіреп өсер шөптер, құлпырар қыр.

Жалтылдап жүнін тастар тай-талағы,



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет