Толымсыз сөйлемдердiң зерттелуi



Дата25.01.2017
өлшемі92,05 Kb.
#7936
Толымсыз сөйлемдердiң зерттелуi
Қазақ тіл білімінде құрылымдық-грамматикалық синтаксис өз деңгейінде тиісті жетістіктерге жетті деп айтуға әбден болады. Синтаксистік құрылыстың, атап айтқанда, сөз тіркесі мен сөйлемнің құрылымдық үлгілері, ғылыми моделі түгел дерлік түзілді. Қазақ тілі синтаксисінің статикалық күйінің барлық бейнесі жасалып, сараланады. Ал тіл қарым-қатынас құралы ретінде қызмет атқару үшін динамикалық процеске түсуі қажет. Сөйлеудегі синтаксистік құбылыстардың өзіндік заңдылықтары бар. Осы орайда, қазақ тiлiнде әлi де болса зерттеудi қажет ететiн мәселелердiң барлығы жеткiлiктi.

Мектеп грамматикасында жай сөйлемнің толымды және толымсыз болып бөлінуі тұрлаулы мүшелеріне байланысты. Егер тұрлаулы мүшелерінің біреуі я екеуі де айтылмай, олардың не екені басқа сөздерден білініп тұрған сөйлем толымсыз болады.

Профессор Н. Сауранбаевтың педучилищеге арналған оқулығында толымды сөйлем деп бастауышы мен баяндауышы, кейде толықтауышы түгел айтылған сөйлемді айтады да, толымсыз сөйлем деп сол аталған тұрлаулы мүшелер мен толықтауыш қатыспай тұрған сөйлемді айтады./ 1. 46/.

Ғ.Әбухановтың педучилищеге арналған оқулығында мынадай анықтамалар беріледі: „Белгілі ойды білдіру үшін керекті мүшелері түгел айтылған сөйлемді толымды сөйлем дейді”, „Сөйлемде айтылуға тиісті тұрлаулы не тұрлаусыз мүшелердің бірі айтылмаған сөйлемді толымсыз сөйлем дейді”. /2. 31/.

„Қазіргі қазақ тілі” оқулығында: „Ойға қатысты мүшелері түгел айтылмаған олқы сөйлемдер толымсыз сөйлем болады” деген анықтамалар берілген.

Бұл анықтамалардың қайсысы дұрыс, қайсысы сол сөйлемдердің негізгі жаратылысына сай келеді? Байыптай қарағанда, бұлардың қай-қайсысы болсын толықтыруды, нақтылай, анықтай түсуді керек етеді.

Мектеп грамматикасындағы анықтама тұрғысынан қарасақ, толымды сөйлемге әрқашан да жақты сөйлемдер, оның ішінде бастауышы мен баяндауышы түгел қатысып тұрған сөйлемдер жатқызылады. Ал бастауышы жоқ жақсыз сөйлемдер мен бастауышы белгісіз жақты сөйлем үнемі толымсыз сөйлем болады.

Профессор Н.Сауранбаевтың берген анықтамасына қарағанда, толықтауыштың қатысу-қатыспауы да сөйлемнің толымды я толымсыз екендігін білдіреді. Сонда бұған анықтауыш пен пысықтауыштың қатысу-қатыспауы не себепті ескерілмеген деген заңды сұрақ туады.

Ғ. Әбухановтың педучилищеге арналған оқулығы мен „Қазіргі қазақ тілі” оқулығының анықтамалары бір-біріне ұқсас. Мұнда ойға қатысты мүшелерінің түгел қатысу-қатыспауына негізделген. Бұл анықтама жапы алғанда дұрыс болғанмен, тым абстрактылы, жалпылама сияқты. Өйткені сол ойға қатысты мүшелердің түсіп қалуы немен байланысты, олардың түсіп қалғандығын немесе түспей тұрғандығын қалай білуге болатыны нақты көрсетілмеген.

Сөйлемнің толымсыз не толымды болуы жөніндегі пікір алалықтары тек қазақ тіл білімінде ғана емес, жалпы совет тіл білімінде, соның ішінде орыс тіл білімінде де бар. Орыс тілінде толымды сөйлем деп өз алдына жеке тұрғанда мағыналық дербестігін сақтай алатын сөйлемді айтады да, толымсыз сөйлем деп жеке айтылғанда, мағыналық дербестігі болмай, тек контексте тұрғанда, белгілі бір мүшелері қатыспайтын сөйлемді айтады. Сөйлемнің толымды я толымсыз болуы үшін пәлен мүшенің болуы не болмауы міндетті деп үзілді-кесілді айтылмай, ыңғайына қарай тұрлаулы да, тұрлаусыз да мүшелерінің біреуі не екеуі түсіп қала береді. /2. 32/.

Біздіңше, толымды сөйлем мен толымсыз сөйлем анықтамасы сол сөйлемдердің дербес айтылуы мен контексте айтылуына қарап берілуі керек. Осылай еткенде, тек бастауыш-баяндауыш қатынасындағы жақты сөйлем ғана емес, сонымен қатар жақсыз сөйлем де толымды я толымсыз болып тұра алады. Мейрамның Мұздыбайға соға кеткісі келді (Ғ. Мұст.) деген сөйлем құрылысы жағынан жақсыз сөйлем болса, мағынасы жағынан толымды сөйлем, оны контекске байланыссыз дербес айтсақ та, мағыналық мазмұны олқы болып тұрған жоқ.

Сонымен, толымды сөйлемге мына сияқты анықтама берген жөн бе деп ойлаймыз:



Дербес айтылғанда, мағыналық мазмұны толық берілген сөйлем толымды деп аталады.

Толымды сөйлем жалаң да, жайылма да бола алады. Кейбір сөйлемде толымды сөйлем болу үшін бастауыштың үнемі қатысып отыруы міндетті емес. Бұл әсіресе баяндауыштары І, ІІ жақ жіктік жалғауда тұрған сөйлемдер. Ертең саяхатқа шығамыз. Мектепке барасың ба? т.т. Бұл сөйлемдерде біз, сен деген бастауыштары айтылмаса да, сөйлемнің толықтығына ешбір нұқсан келтірмейді. Сондықтан І, ІІ жақты сөйлемдердің бастауыштары айтылмаса да, олар толымды сөйлем бола береді. І, ІІ жақтық жіктеу есімдіктерінің қатысуы, әсіресе диалог сөздерде, көбінісе логикалық екпін түсіріп, назар аудару үшін керек сияқты.



Итбай урядникті бетінен алып тастағалы адыран қарады ...

Сіз отпен ойнайсыз?

Мен білем өлмес жерімді!

Мен сізге рұқсат бермеймін!

Мен сізден ол рұқсатты сұрамаймын! (С.М.)

Бұл диалог сөйлемдерде екі адамның ерегіс жағдайын көрсеткендіктен, әрқайсысы өзінің „менің” сөйлем сайын баса айтып тұр.

Баяндауышы ІІІ жақта тұрған сөйлем, егер бастауышы айтылмаса, толымсыз сөйлем болады. Мұның әр түрлі себебі бар:

1) ІІІ жақтың арнаулы жіктік жалғауы тек етістіктің ауыспалы осы шағы (айтады, келеді) мен бұрын өткен шағында (айтыпты, келіпті) ғана болады да, басқа түрінде болмайды.

2) ІІІ жақтық бастауыш ол, олар деген жіктеу есімдіктері болумен қатар, есімдіктің басқа түрлері де, зат есім және заттан басқа да сөз таптары бола береді. Сондықтан баяндауыш формасына қарап, оның бастауышының ІІІ жақта екенін әйтеуір білгеніміз болмаса, нақты қай сөз екенін, әңгіменің кім туралы болып тұрғанын бірден аңғара алмаймыз. Келіп қалды! – дегенде, сол келушінің кім екені я не екені күліп тұрған адамдарға белгісіз. Сондықтан да, не келіп қалды? Кім келіп қалды? - деген қосымша сұрау қоюға мәжбүр боламыз. Демек, баяндауышы да, толымсыз сөйлемі болып есептеледі. Оның кім я не туралы айтылып отырғаны контекстен білінеді.

Қазақ тілінде баяндауышы етістіктен болған ІІІ жақтық сөйлем толымсыз болса да, дербес айтыла береді және орнын ауыстырса да, өзінің баяндауыштық қасиетін жоғалтпайды. Баяндауышы есімдерден, әсіресе зат есімнен және тұйық етістіктен болған сөйлем дербес айтылмай, әрқашан да бастауыштың болуын қажет етіп тұрады. Мұндай сөйлемдердің бастауышы тек диалогта, жалпы контексте ғана түсіп қалады. Танысып қой, Сергей Петрович Щербаков, өзіңдей ескі шахтер, болашақ трест бастығы ... Механик Козлов, слесарь Лапшин, мына кісі – инженер Орлов (Ғ. Мұст.).

Осы сөйлемдердегі Сергей Петрович Щербаков, өзіндей ескі шахтер болашақ трест бастығы ... Механик Козлов, слесарь Лапшин дегендер – сол сөйлемдердің баяндауыштары. Бұлардың бастауыштары айтылмай түсіп қалған. Егер бұл сөйлемдерді осы қалпында дербес айтса, өз алдына сөйлем бола алмайды. Екінші бір мысал:

Біздің мақсат – орманды өз ауданымызға тарту (Ғ. С.)./1.59/. Бұл – толымды сөйлем. Ал оның бастауышын айтпай өз ауданымызға тарту деп қана қойсақ, дербес тұрғанда, сөйлем болмайды, контексте тұрғанда ол – бастауышы айтылмай тұрған толымсыз сөйлем болады. /1. 23/.

Қазақ тілінде толымсыз сөйлем болудың мынадай жағдайлары бар:



1. Диалог. Мұнда толымсыз сөйлемдердің алуан түрлері жасалады. Диалог – екі я бірнеше адамның кезектесіп сөйлесуіне құрылатындықтан, сұрау-жауап не айтылған хабарға тыңдаушының өз көзқарасын білдіру түрінде болады. Диалогта сөйлесуші адамдар өздерінің назарын белгілі бір мүше арқылы берілуге тиісті хабарға бөледі де, сол сөйлемнің жалпы құрылысына көңіл аударып жатпайды. Осының салдарынан алдыңғы сөйлемде айтылған белгілі бір мүше соңғы сөйлемде қайталануға тиіс болғанмен, айтылмай қала береді. Бұл мүше тұрлаулы да, тұрлаусыз да мүше болуы мүмкін. Мұндайда тұрлаулы мүшелері түгел түсіп қалып, тұрлаусыз мүшенің өзі тұрса да, ол – сөйлем деп танылды, тіпті кейде сөйлем құрамында өздігінен мүше бола алмайтын кейбір көмекші сөздер де уақытша „сөйлем” орнында тұрады. Диалогқа тұрлаусыз мүшелер ортақ болып, олар соңғы сөйлемде айтылмай қалса, тұрлаулы мүшелері түгел болғанмен, ол сөйлем – толымсыз болады. Мысалы:

Барлық оқу-тәрбие жұмысын бүтіндей қайта құру қажет.

Атап айтқанда? ... (М.И.)

Соңғы сөйлемнің орнында атап айтқанда деген қыстырма сөз ғана тұр, ол – сұраулы сөйлемнің қызметін атқарады.



Бұл не құс?

Бүркіт.

Жаңа не ұстады ол?

Қарсақ. (С.М.)

Қайда келеміз?

Қайлашыларға.

Қашан келдіңіз?

Кеше. (Ғ.Мұст.)

Шырағым, кім баласысың?

Тұяқтың. (С.М.)

Бұл диалогтарда қарсақ (тура толықтауыш), қайлашыларға (жанама толықтауыш), кеше (мезгіл пысықтауыш), Тұяқтың (анықтауыш) деген тұрлаусыз мүшелер ғана айтылып, сөйлемнің тұрлаулы мүшелері қатыспаған.



2. Контекст. Мұнда өзара тетелес тұрған сөйлемдердің алдыңғысында айтылған бір мүше соңғысында айтылуға тиіс болса да, ой оны айтпаса да түсінікті болатындықтан түсіп қалады. Бірақ контексте тұрлаулы мүшенің біреуі айтылады да, толымсыз сөйлем болады.

Екеуінің де ұстаздарын – Киселев қой? Білем, Алматыда жолыққан. Тамаша адам! (Ғ.С.) Ұзаған жоқ, „қайдасыңның” иелері адырдан өрлеп шыға келген-ді. Үш-төрт атты. Бет пішіндері көзге түсіп тұрған жоқ (Ғ.С.).

Бұл мысалда Алматыда жолыққан, тамаша адам, үш-төрт атты дегендер – бастауышы түсіп қалған толымсыз сөйлемдер.



3. Құрмалас сөйлем құрамындағы толымсыз сөйлем. Мұнда бірінші жай сөйлемдегі бір мүше екіншісінде айтылмай түсіп қалады.

Арша болды-ақ, биік тау (Ғ.С.). Ендігі жер оған таныс еді – жылдағы жайлау. Не де болса жақындап көруге бұрыла бергенде, шоқиғандар әрі қарап қаша жөнелді – қасқыр! (С.Мұқанов.)

Бұл мысалдарда құрмаластардың соңғы жай сөйлемдері – биік тау, жылдағы жайлау, қасқыр – толымсыз сөйлем түрінде айтылған: алғашқы сөйлемде баяндауыш түсіп қалса, соңғы екеуіне бастауыштары түсіп қалып тұр.

Кейде бірінші жай сөйлем толымсыз мәнде айтылады да, оның мағынасы екінші сөйлемнің мазмұнымен толықтырады.

Баймағамбет біледі: осындай күйдің артынан Абай көбінесе қағаз, қарындаш алғызады. (М.Әуезов.).

Алғашқы жай сөйлемде тұрлаулы мүшелер түгел, сонда да екінші сөйлемде салыстырғанда, ол – толымсыз, оның мағынасы соңғы сөйлем арқылы толықтырылған. Егер соңғы сөйлемнің дербестігін жойып, жай сөйлемге айналдырсақ, ол толымдыға айналады: Осындай күйдің артынан Абайдың көбінесе қағаз, қарындаш алғызатынын Баймағамбет біледі. Құрмаластың құрамындағы бірінші сөйлемнің кейде баяндауышы түсіп қалып, бастауышы ғана тұрады, бірақ оның соңғы сөйлем арқылы берілген ойға қатысы болады.

Сонымен, жоғарыда айтқандарымызды жинақтай келгенде, толымсыз сөйлемге мынадай анықтама беруге болады:

Тұрлаулы я тұрлаусыз мүшелерінің біреуі не екеуі контекске байланысты түсіп қалып, оның түсіп қалғандығын көрші тұрған сөйлемге қарап білуге болатын жай сөйлемнің түрін толымсыз сөйлем дейміз.

Қазақ тіл білімінде құрылымдық-грамматикалық синтаксис өз деңгейінде тиісті жетістіктерге жетті деп айтуға әбден болады. Синтаксистік құрылыстың, атап айтқанда, сөз тіркесі мен сөйлемнің құрылымдық үлгілері, ғылыми моделі түгел дерлік түзілді. Қазақ тілі синтаксисінің статикалық күйінің барлық бейнесі жасалып, сараланады. Ал тіл қарым-қатынас құралы ретінде қызмет атқару үшін динамикалық процеске түсуі қажет. Сөйлеудегі синтаксистік құбылыстардың өзіндік заңдылықтары бар. Осы орайда, тіл білімінде толымды және толымсыз сөйлемдерді белгілі бір тиісті сөйлем мүшесінің не болмаса мүшелерінің қатысу-қатыспауына байланысты ажыратылып жүр. Сондықтан мүшеленбейтін сөйлемдерді толымды-толымсыз деп бөлуге келмейді. Толымды-толымсыз болып келетін сөйлемдер бірқұрамды және екіқұрамды сөйлемдер де кездеседі. Толымсыз сөйлемдердегі тиісті мүшенің я мүшелердің қатыспай тұруының екі себебі ретінде контекст пен ситуация деп бөлуге болады. Бүгінгі зерттеліп отырған мәселенің түйіні толымсыз сөйлемдердің қызметі мен құрылымын ашып, толық сипат беру үшін ең алдымен тілдік семантика мен сөйлеу семантикасын ажырата білудің маңыздылығында. Жұмыста жай сөйлем синтаксисінің зерттелуіне қосқан ғалымдар пікірлері талданып, жан-жақты мағұлмат берілді. Атап айтар болсақ, Жақыповтың «Сөйлеу синтаксисінің сипаттары» атты диссертациялық еңбегінде ғалым толымсыз сөйлемдерді контекстегі атқаратын қызметіне қарай;

бастауышсыз толымсыз;

анықтауышсыз толымсыз;

пысықтауышсыз толымсыз;

толықтауышсыз толымсыз;

баяндауышсыз толымсыз – элипсистенген сөйлем деп жіктеп, түрлі мысалдармен дәлелді пайымдаған./5.21./ Керімбекова Ұ. апамыздың осы толымсыз сөйлемдерге байланысты бастауышсыз толымсыз сөйлемдер, анықтауышсыз толымсыз сөйлемдер деп бөлiп қарастырған еңбектерi де зерттеудiң кең көлемдiлiгiн көрсетерi хақ.
Пайдаланған әдебиеттер тiзiмi:
Сауранбаев Н.Т. Өмiрi мен ғылыми мұрасы жайында.-А.,-1974.

Әбуханов Ғ. Қазақ тiлi.-А.,1982.

Әмiр Р. Әмiрова Ж. Жай сөйлем синтаксисi. –А.,-1998.

Қазақ тiлiнiң грамматикасы. Синтаксис.-А.,-1996.



Жақыпов Ж.Сөйлеу синтаксисiнiң сипаттары.-Қ.,-1998.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет