Кәсіпкерлік үшін команданың маңызы. Кәсіпкерлікті дамыту кезеңдері.
1.1Бизнес-мәдениетті қалыптастыру
Кәсіпкерлік ойлау Таяуда Қазақстан дамудың келесі кезеңіне өтті. 2017 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа көзқарас:қоғамдық сананы жаңғырту» мақаласын жария етті. Осы еңбегінде Мемлекет басшысы қоғам мен әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың негізгі бағыттарын атап өтті: бәсекеге қабілеттілік; прагматизм; ұлттық бірегейлікті сақтау; білімнің салтанат құруы; елдің эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы («Рухани жаңғыру»бағдарламасы).
Кәсіпкерлер экономикалық қатынастардың қатысушылары ретінде осы үдерісте жетекші рөл атқарады. Қазақстанды және қазақстандық тауарларды халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті ету; әділдік пен прагматизм негізінде әріптестермен және тұтынушылармен қарым-қатынас жасау; ұлттық бірегейлікті жоғалтпай, кәсіпкерлікті жүргізудің үздік инновациялық тәсілдері мен тетіктерін таңдау; бизнес-үдерістерге жаңа білім мен технологияларды әкелу кәсіпкерлердің қолынан келетін іс; олар елдің эволюциялық және ашық дамуына көмектеседі.Кейінірек біз кәсіпкерлердің экономика үшін маңыздылығын талқылаймыз. Қазір кәсіпкерлердің кім екенін және олардың басқа – кәсіпкер емес адамдардан айырмашылығы қандай екенін талдаймыз.
Кәсіпкерлердің басқа адамдардан басты айырмашылығы – олар ойлаудың ерекше үш қасиетіне ие – олар белсенді, жауапты және нәтижені мақсат тұтады. XX ғасырдағы менеджменттің ең ықпалды теоретиктерінің бірі Питер Друкер айтқандай, ойлау типі осындай адамдарәрқашан өзгерістер іздейді, оларға жауап береді және оларды мүмкіндік ретінде пайдаланады. Олар әлемді өзгертуге ұмтылады және осы себеппен, Evernote бас директоры Фил Либиннің пайымдауынша, компанияларды ашады. Американдық инвестор Джеймс Алтачердің пікірінше, олар сәтсіздікке төзе алады, идеяларды ойлап таба алады, осы идеяларды сата алады, осы идеяларды жүзеге асыра алады және өз қателіктеріне қарамастан,алға қарай келесі іс-әрекеттерге ұмтылады. «Ашока:қоғам үшін инновациялар» коммерциялық емес қорының негізін қалаушы және төрағасы, әлеуметтік кәсіпкер Билл Дрейтон олардың қиындықты көре білетінін және оған жауап іздейтінін растайды. Garage Technology Ventures компаниясының басқарушы директоры, Apple Computer компаниясының алғашқы қызметкерлерінің бірі Гай Кавасаки олар үшін бизнес –жұмыс емес, болашақты өзгертетін ақыл-ойдыңкүйі екеніне сенеді.
Қарапайым адам пассионарлық тәсіл принциптерін (мақсатқа ұмтылу және көптеген адам үшін өзін құрбандыққа шалуға дайындықты білдіреді) ұстамайды, ол өте сақ болады, тәуекелге ұшыраудан қорқады және ешқашан өз еркімен ешқандай жұмысты мойнына алмайды, қиындықтардың алдында ол басын ала қашады жәнекім келіп, оған не істеу керек екенін айтар екен деп күтеді. Тығырықтан шығудың амалы ретінде ол кәсіпкерлік ойлау қабілеті бар адамдарға үміт артады.