Ләкин жалғаулығы.
«Бұл жалғаулық қарсылық мағынасын білдіреді. Бұл – қазақ тілінің тума жалғаулығы емес, кітаби тіл арқылы басқа тілдерден, араб тілінен ауысқан және тек сол тілде ғана қолданылған жалғаулық» [2, 57-б.].
Т.Қордабаев: «Ләкін жалғаулығы көбінесе уа жалғаулығымен қабаттаса (уә ләкін) келіп отырады. Соған қарап кейбір тюркологтар бұл екеуін қосып (вәләкін), бір қосымша ретінде қарайды. Бірақ ләкіннің уа жалғаулығынсыз да қолданылатынын ескерсек, олай қосып қарауға болмайтын сияқты» [2, 58-б.]. Мысалы, бұл жалғаулықты төмендегі мысалдардан кездестіруге болады:
12-сөзде: «Ләкин, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен». Дегенмен, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен.
Уа-ләкин, кімде-кім иманның неше нәрсе бірлән кәмәләт табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірәдар атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүрген көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын салғанға ұқсайды [22, 30-б.].
18-сөзде: Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ - кербездің ісі. Бірақ, өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ - кербездің ісі [22, 41-б.].
21-сөзде: Ол - надан, ләкин надан да болса адам. Ол - наданның наданы, ләкин өзі адам емес [22, 44-б.]. Ол - надан, бірақ надан да болса адам. Ол - наданның наданы, бірақ өзі адам емес.
25-сөзде: Ләкин осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді [22, 52-б.].
28-сөзде: Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан - құдай, ләкин қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан - құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан - құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ [22, 62-б.].
Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан - құдай, бірақ қылдырған құдай емес, ауруды жаратқан - құдай, ауыртқан құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан - құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе - жоқ.
Бұл үзіндідегі ләкин жалғаулығы қазіргі әдеби тіліміздегі бірақ, алайда жалғаулықтары сияқты қарсылықты мағынаны білдіріп тұр.
Достарыңызбен бөлісу: |