1. «Адамзат баласы құндылыққа мүдделі әрі мұқтаж» тұжырымына қатысты өз көзқарасызды дәлелдеп жазыңыз. Жм


Әлихан Бөкейхановтың «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзін нақты дәлелдер арқылы талдап жазыңыз. ЖМ



бет11/15
Дата14.05.2022
өлшемі94,56 Kb.
#143166
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15
Байланысты:
ЭССЕЛЕР 2021

47. Әлихан Бөкейхановтың «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзін нақты дәлелдер арқылы талдап жазыңыз. ЖМ
Әлихан Бөкейхан.бұрынғы хан-сұлтандардың ұрпағы ретінде туған халқы алдында өзін айыпты сезінді. "Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын" деген сертіне соңғы демі қалғанша адал болды. 
1937 жылдың 27 қыркүйегінде қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаған аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханов жалған айыппен Мәскеуде өлім жазасына кесіледі. Үкім сол күні-ақ жүзеге асырылды.
Әлихан Бөкейхан қарапайым өмір сүрді. Ол атылып кеткенде қызы Елизавета мен немересі Ескендірге Мәскеудің коммуналдық пәтерінен бір бөлме мен кітаптар, фотоальбом, бірқатар қолжазбасы, сондай-ақ, насыбай шақшасы ғана қалған.
Әлихан "туған жерден үш аршын жер бұйырса жетеді" деген сөзді ағайын-туыстарына әрдайым қайталап отыратын. Алайда, оған да, оның қыздарына да, немересі Ескендірге де ата-баба жерінен топырақ бұйырмады. Барлығы Мәскеуде жерленді. Жезқазғандағы түсті металдар кенін игерудің бастауында тұрған оның ұлы Оқтайдың да қайда жерленгені белгісіз. Оқтай шамамен 1957 жылы жұмбақ жағдайда өмірден өтті.
«Жақында Президентіміз «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген бағдарламалық мақаласында Алаш арыстарын ұлықтауды жалпы бастап берді. Біз Алаштың еңбегін бүкіл жастарға паш етуіміз керек. Әлихан Бөкейханның есімі биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты аталып өтетін мемлекеттік маңызы бар мерекелердің қатарына енді.
Әлихан Бөкейханның ұлтқа деген қызметі ерте жасынан-ақ басталған. 1890 жылы Ресей ақсүйектері мен беделді оқу орнының студенттері сән-салтанатты өмірге араласып, парадтарды қызықтап жүргенде 24 жасар Әлихан тұрмыс таршылығынан тоз-тоз болған ұлтының жайы үшін саяси-әлеуметтік, қоғамдық жұмысқа белсене араласады. Осылайша, Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық әрекетіне өзіндік көзқарасы қалыптасқан, саяси астыртын күрестен біршама тәжірибесі бар қайраткер боп жетіледі. Қайраткер елдің ертеңіне сеніммен қарады, келелі істердің басында болып қана қоймай, ел дамуына бастау болар әр салаға жаңа буын әкелді, жастарды тартты. «Алаш» деп аталатын айбынды, асқақ қозғалыстың әр өкіліне қайсар рух, жалынды сөз арнады.
«Әлихан Бөкейханұлы шынында да біздің маңдайалды үлгіміз болуы керек деп ойлаймын. Қазіргі ұл-қыздарымыз ол кісінің, Алаш арыстарының, сөздерін, ісін көкейге қондырып, жаттап өтуіміз қажет», – деді ақын, аудармашы Саят Қамшыгер.
Әлихан Бөкейхан – рух майданының шын мәніндегі күрескері, халқының бағына бітіп, бақыты үшін ғұмырын сарп еткен тұлға. Әлихан бастаған ұлт зиялылары қазақ тәуелсіздігін аңсап өтті, сол жолда шейіт кетті. Ал, бабалар аңсаған азаттық бүгінгі ұрпақтың санасында мәңгі жаңғырады, сақталады.
Әлихан Бөкейхановтың жер тағдыры үшін алаңдап айтқан келесі бір пікірі бүгінгі дәуір шындығымен үндесіп тұрғандай. Ол: «Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса - башқұртша көріп мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш шыға келеді». Жер ананы сату жайында айтылған жанайқай әлі шешімін тапқан жоқ. Келімсектердің меншігіне айналып кеткен қанша жеріміз бар екенін ешкім тап басып айта алмайды, ал енді меншігіндегі жерін саудаға салып, бизнес көзіне айналдырып жатқандар қаншама, бір сөзбен айтқанда башқұрттар жасаған қателік әлі де болса андыздап алдымыздан шығып тұр. Ә.Бөкейхановтың жер туралы айтқан қағидаттарының түйіні төмендегідей: «Біздің қазақ ұлтының автономиясы жерге байлаулы автономия болмақ». Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатұлы, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, т.б. ұлт зиялылары 1920 жылы қазақ халқына алғашқы автономияны алып берді, бұл жеңіс 1936 жылғы Республика статусын алуымызға айтарлықтай септігін тигізді, ал басты жемісін біз көріп отырмыз, бабаларымыздың қасық қаны қалғанша күресіп алып берген сол автономиясы 1991 жылы Тәуелсіздіктің қарлығашы болып қолымызға қонды, сол кездері Бөкейханов, Байтұрсынов сияқты тұлғасы болмаған қаншама халықтар әлі күнге дейін құлдық қамытын сілкіп тастай алмай бодандық құрсауындағы бейшара күй кешуде. 
Ғасырлар ауысқан, құндылықтар жайындағы көзқарастар өзгерген ХХІ ғасырда Әлекең айтқан: «Еуропа мәдениеттімін деп мақтанғанымен, мәдениеті өнерінде ғана, ал мінезі хайуандық сапарынан қайтқан жоқ»,-деп пікір айтуына не себеп болды екен деп ойға қаласың. Европаға тәнті болып жататынымыз жасырын емес, мәдениеті де жоғары, мойындаймыз. Ғасырлар бойы дала мәдениетімен тіршілік кешіп, рух асқақтығы мен адалдығын сақтап қалған халқымызды ешкімнен төмен деп бағалауға хақымыз жоқ, өкінішке орай кей жағдайда «біреудің қаңсығы, біреуге таңсық» болып жататыны жасырын емес, Әлекеңнің заманында болған жаман ғадет қазір де жоқ емес. Жаһандану дәуірінің есік қағып тұрғанын ескерген біздер ұлт жанашырының жоғарыда айтқан пікірлерін әркез қаперде ұстағанымыз жөн.
Елінің егемендігі үшін күресте ғұмыр бойы жапа шегіп өткен асыл аға: «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады»,-деп күңіренеді. Бөліп алып билік жүргізген патша билігі де, «бостандыққа қол жеткіздің» деп арқадан қаққан кеңес заманында бостандық, теңдік, саясат ісінде біз үшін бәрін орталықта шешіп отырды, Мәскеу билігі ешкімге ырық бермеді. «Тарих жолында тезек теретін» жағдайға итермеледі. Бұл күндері «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы әлем халықтарымен терезесі тең, бостандығын баянды ету жолында биікке ұмтылған, мұхиттың арғы жағына дейін даңқымыз кеткен, алыс-жақын санасатын салиқалы елміз.
Елі үшін құрбандыққа басын шалған, жарты өмірі бит, бүргеге таланып, түрмеде отырған, туған елінен жырақта, үй қамақта ғұмыр кешкен аяулы жанның ұлы арманы кеш те болса орындалды.
Білімі жоғары, өз халқының әділ заң аясында өмір сүргенін аңсаған, сол жолдағы күресін өмірінің соңына дейін жалғастырған зиялы Әлекең: «Би түзу, билік әділ болсын», «заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой» деген жақсы ойлар айтқан болатын. Сондай-ақ әр кездері айтқан «мансапқұмар елі – кемелдікке жетпеген ел», немесе «ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден»,-деп келетін өткір ойлары, халқының санасына сілкініс туғызуды мақсат еткен, халқын қайрап айтқан: «тіршілік – бәйге: жүйрік алар, шабан қалар»,-деген ойлардың қай-қайсысы болмасын ұлт санасына саңлау түсіретін аманаттар.
Тағы бір даналық қағидаттың терең сырына үңіліп көрейін. Ол: «жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса - қазақ халқы соңынан ерер еді»,-деп ақеділ пікір айтты. Дауыл мен дүрбелеңге толы ХХ ғасырдың бас кезінде халық қамын ойлап, ұлт жанашыры болған арда азаматтар аз болмады, соның бірі де бірегейі Әлихан Бөкейхановтың өзі еді. Өкініштісі сол халық соңына еретін азаматтардың дені бірі ерте, бірі кеш мерт болып жатты. Қазақ халқының тағдырын келімсектер шешетін жылдар көп жылдар бойы салтанат құрды.
Қорытындылай келе, ұлы баба аманатына ғасырлар бойы жүргізген күрестің нәтижесінде қол жеткізген қазақ халқы 1990 жылдары ғана қол жеткізді, таза жолмен тура жолға бастайтын Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевпен бірге азаттық айдынына шықты. Көш түзелді, ел егемендігі баянды болып келеді. Рух майданының шын мәніндегі күрескері болып өмірден өткен аяулы жанның туған халқының қамын ойлап айтқан қадау-қадау қағидаттары керемет құнды, әрі бағалы. Танымы мол, тағылымы терең ойлардың берер ғибраты кеше мен бүгіннің, ертеңгі болашақтың жемісі болып тәуелсіз ұрпақтың санасында мәңгі жаңғырады, сақталады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет