Ой екпіні — сөйлем ішіндегі ерекше назар аударылатын сөзді оқшаулап, бөлектеп айту. Ой екпіні сөйлем ішіндегі сөзді бөлектейді. Мысалы: Айбек ерте тұрды. Айбек ерте тұрды. Айбек ерте тұрды. Ой екпінін түсіру арқылы нақтылау, дәлелдей түсу мақсаты көзделеді.
Тіркес екпіні — бірнеше сөздің тіркесе, тізбектеле біртұтас екпінмен бөлектене айтылуы. Бұл көбінесе күрделі сөздерге, негізгі және көмекші сөздердің тіркесіне тән. Мысалы: мектепке дейін, әке-шеше, әдет-ғұрып т.б.
Дыбыс екпіні — сөз ішінде дыбыстың бөлектеніп, көтеріңкі дауыспен немесе созып айтылуы. Мысалы: по-ой-па-ай, та-ма-ша! Дыбыс екпіні көңіл-күйін білдіретін сөздерді айтуда жиі қолданылады. Айтылуда сөйлеушінің эмоциясын білдіреді.
2. Сауат ашу әдістемесінің кезеңдері, әдіс-тәсілдері.
«Сауат ашу» оқулығын құрастыруда іргелі білімге емес, осы білімді іздену дағдыларына (ойлау, оқу, сөйлеу, талқылау, жазу, пікірлесу, пікір таластыру) үйрету ұстанымын басшылыққа алу ескерілді. Сонымен бірге оқушылардың тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларын қалыптастыруда күтілетін нәтижеге бағдарланған оқу мақсаттарының жүйесі негізге алынды. Оқулық негізіне төмендегідей авторлық қағидалар басшылыққа алынды: – лексикалық тақырыптар аясында қазақ тілі фонетикасы, лексикасы, грамматикасы мен пунктуациясы туралы бастапқы түсініктерін және дұрыс жазу дағдыларын қалыптастыру; – айтылым, тыңдалым, жазылым және оқылым дағдыларын қалыптастыру; – сөйлеу және қарым-қатынас жасау мәдениеті нормаларын сақтауға дағдыландыру; – оқушылардың тілін, ойлау, талдау, талқылау, салыстыру қабілеттерін дамыту; – сөздік қорын байыту және белсендіру, байланыстыра сөйлеу тілін дамыту; – туған тіліне, тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне деген сүйіспеншілігін арттыру арқылы рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру; – оқушылардың қимыл, әлеуметтік, танымдық, қатысымдық белсенділіктерін дамыту; – алған тілдік білімі мен дағдыларын жеке қарым-қатынас тәжірибесінде, күнделікті өмірлік жағдаяттарда қолдануға үйрету.
«Сауат ашу. 1-бөлім» оқулығында әліппеге дейінгі, әліппе кезеңдерінің материалдары берілген. Бұл кезеңдер І тоқсанда басталып, ІІІ тоқсанмен аяқталады. Мұғалім сағат санын екі кезең бойынша сыныптағы оқушылардың оқу мақсаттарын меңгеруіне, әр кезеңнің міндеттерін жүзеге асыруына орай еркін жоспарлай алады.
Оқулықта оқушыға берілетін жаңа ұғым, түсінікті бағдарламалық лексикалық тақырыптар («Өзім туралы», «Менің мектебім», «Менің отбасым және достарым», «Бізді қоршаған әлем», «Саяхат», «Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті») аясында таныту көзделген. Мәселен, А дыбысы мен әрпі берілген бетте «Менің мектебім» лексикалық тақырыбы бойынша материалдар сұрыпталған. Оқулық кейіпкерлері Әли мен Мерейдің мектепке саяхат жасауы диалогтік сөйлесу (сұхбаттасу) арқылы жүзеге асырылады. Сонымен бірге «тыңдалым», «айтылым», «оқылым», «жазылым» шартты белгілерімен берілген тапсырма-материалдар бағдарламадағы білім мазмұнына сәйкес оқушылардың коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру мақсатын көздеп берілгенін байқауға болады.
Оқулықты құрастыруда оқу мақсаттарының жүйесін жүзеге асыру басты нысан ретінде алынып, тапсырмалар мен тыңдау, оқу, жазу материалдары «Сауат ашу» оқу бағдарламасындағы ұзақ мерзімді жоспарда көрсетілген оқу мақсаттарына сәйкес түзілген. Мәселен, А дыбысы мен әрпі берілген бетте Әли мен Мерейдің диалогтік сөйлеу материалы «1.6 Тыңдаушының назарын аудару» дағдысын қалыптастырудың ерекше құралы бола алады. Әлидің диалогтік сөйлеуінде берілген «– Мерей, мектеп алдындағы ағаш жаққа қарашы! Біздің сыныптағы Марғұлан «А-а-а!» деп қашып келеді. Не болды екен?» деген сөздер оқушыларда «не болды?» деген таңғалысты тудыруы мүмкін. Бұндай тапсырма түрі, сөзсіз, оқушылардың назарын аударып, сабаққа деген қызығушылықтарын тудырады. «Тыңдалым» материалында берілген «табиғи дыбыстарға», яғни баланың дыбыстауына (А-а-а!), желдің уілдеуіне (у-у-у...), шар ауасының шығуына (ш-ш-ш...) , жыланның ысылдауына (с-с-с...), күшіктің ырылдауына (р-р-р... т.б.) оқушының назарын аудартып, соларды айтқызу арқылы өтілетін жаңа дыбысты меңгерту өте тиімді жол екені байқалады. Оқулықта оқушы әрекетінің басымдылығына, зерттеу әрекетіне, шығармашылық әрекетіне мән берілген. Мысалы, Р дыбысы мен әрпін өту барысында «Күшік қандай дыбыс шығарды? Сен осы дыбысты айтып көр»; Л дыбысы мен әрпінде «Мен қанша доп кіргіздім? Ізденуді ұйымдастыр. Төмендегі оқитын сөздеріңнің саны сұрақтың жауабы болады», «Сұрақтардың жауабын дереккөздерден ізде», «Бірің – көжек, екіншің кірпі болып ойнауға дайындал», «Мультфильмді қалай аяқтар едің?», т.б. тапсырмалар оқулықта жиі кездеседі. «Тыңдалым» материалы ретінде берілген мәтінде жаңа өтілетін дыбыс не сөздер қарамен берілген. Бұл оқушының жаңа сөздерді тез аңғарып меңгеруіне, сол сөздерді өздігінен оқуына мүмкіндік береді. Оқулықта оқушылардың оқу дағдысын қалыптастыруға ерекше орын берілген. Әліппеге дейінгі кезеңде сөйлеу, сөйлем, сөз, буын, дыбыс сызбаларын «оқу» материалдары берілсе, әліппе кезеңінде өтіліп отырған әріп сөздері буындап, тұтастай оқу және жаңа сөздер перспективті қатармен ( су асу сау асау сан сана су суат) беру әдістемелік ерекшелігі сақталады. «Оқылым» шартты белгісімен сөз, сөйлем, мәтіндер оқуға берілді.
Бастауыш мектептің «Сауат ашу.1-бөлім» оқулығы бойынша дайындалған үнтаспа материалдары 1-сынып оқушыларының тыңдалым дағдысын қалыптастыру мақсатын көздейді. Аталмыш үнтаспада сауат ашудың әліппеге дейінгі және әліппе кезеңдеріндегі 39 сабақтың тыңдалым мәтіндері лексикалық тақырыптар («Өзім туралы», «Менің мектебім», «Менің отбасым және достарым», «Бізді қоршаған әлем», «Саяхат», «Салт-дәстүр және ауыз әдебиеті») аясында беріледі. Үнтаспадағы тыңдалым материалдары оқушыларды ізденуге ұмтылдырады. Мәселен, 33-сабақта үнтаспадан Негештің кім екені, не үшін сыныпқа келгені туралы мәтін тыңдатылады. Негеш төмендегі сұрақтардың жауабын табуға оқушыларды көмекке шақырады: «Дүниедегі ең жақын адам кім?», «Ең қажетті ас қалай аталады?» Мұғалім оқушылардың ізденуін ұйымдастырып, бұл қандай сөздер екенін таптырады (ана, нан).
Оқулық материалдарын оқу/оқыту төмендегі жұмыс түрлері арқылы жүзеге асырылады (практикалық түрде): 1) бірлескен жұмыстар (жұптық, топтық, бүкіл сыныппен); 2) жеке және бірлескен ізденіс пен зерттеу жұмыстары; 3) жағдаяттық және рөлдік ойындар; 4) дереккөздермен жұмыс жасау (кітап, интернет, құжаттар, мұражай); 7 5) шығармашылық жұмыстар.
Интербелсенді әдістер қолданылған сабақтарда сыныпты екі немесе үш, төрт ұялы топтарға бөліп, барлығына бірдей бір тапсырма не әр ұялы топқа бөлек-бөлек тапсырма беруге болады. Оқыту тәжірибесінің барысы пікірталасқа негізделген және оқыту үдерісінде қолданылатын дидактикалық ойындар сияқты интербелсенді әдістерді пайдалану тиімді екенін көрсетеді. Соның ішінде дидактикалық ойындар оқушылардың білім алуға деген ынтасын, белсенділігін арттырып, алған білімдерін тәжірибеде дұрыс қолдануына көмектеседі. Ойын барысында оқушылардың бойында жағдаятты (ситуацияны) бағдарлау, яғни жағдайға талдау жасай білу, жағдаят (ситуация) кезінде өзінің атқаратын рөлін сезіну, әңгімеге қатысушы әріптестері арасында байланыс орнату, қарым-қатынас жасауда тілдік ұғымдарды дұрыс пайдалана білу сияқты қабілеттері жетілетіндігі байқалады. «Маршрут» ойыны. Бұл ойын чайнворд ұстанымы бойынша жүреді. Чайнворд (ағыл. chain – шынжыр және word – сөз) бас қатыру есебі – ойланып табылған сөздің әріптерін, алдыңғы сөздің соңғы әрпі, кейінгі сөздің алдыңғы әрпі болып табылатындай етіп, бірінің соңына бірі тізбектеле орналасқан торкөздерге сөздер толтырады. Мысалы, Алматы – ыдыс – сабын – нар – рақмет – тарақ – қарбыз, т.б. «Екі әріп» ойыны. Бірінші қатысушы бір сөз – зат есімді айтады. Келесі қатысушы сол сөздің соңғы екі әрпінен келетін сөзді ойлап табады, бірақ дауыстап айтпайды, тек өз сөзімен түсіндіреді, үшінші қатысушы мұның не туралы айтып жатқанын түсінеді де, сол сөздің соңғы екі әрпіне сөз ойлап табады. Бір қызығы, балалар сөзді жасырушының не туралы айтып жатқанын біледі, бірақ ешкім оны дауыстап айтуына болмайды. «Екі ассоциация» ойыны. Екі баған сызады да, оған төрт сөзден жазады. Бағанға кез келген адам, жануар, заттардың атын жазады. Осы екі жақтағы сөзді байланыстырып, ерекше бір ассо- 8 циация ойлап табуы керек. Мысалы, егер бірінші бағанға мысық, екіншісіне жарық деп жазылса, екі сөзді қосып «жарыққа жылынған мысық», «лампочка спиралы мысық мұртына ұқсайды», «лампочка сияқты» мысық томпақ және жылы», «мысықтың басы лампочка сияқты», т.б. ерекше ұқсастықтар табады. Орындауға 5 минут уақыт беріледі. Жазғандардың ішінен ең қызықты ассоциация таңдалады. «Сауат ашу» пәнінің мазмұндық ерекшеліктері оқытудан күтілетін нәтижелерге оңтайлы қол жеткізуге мүмкіндік беретін стратегияларды, әдіс-тәсілдерді жетік білуді және таңдап қолдануды талап етеді. «Сұрақтар жаңбыры» Ұйымдастыру: топпен жұмыс. Мақсаты: оқушылардың сұрақ қою және сыни ойлау дағдыларын дамыту. Сипаттамасы: оқушылар топтарға өз еркімен, қалауымен бөлінеді. Әр топ параққа сұрақтар жазып, бір-біріне лақтырады. Алған сұрақтарына жауап жазып, кері лақтырады. Жауап жазылған парақты қағып алған ойыншы, сол жауаптан сұрақ тудырып, ары қарай лақтырады. Ойын осылай жалғаса береді.
Достарыңызбен бөлісу: |