39 Тың және тыңайған жерлерді игерудің әлеуметтік-экономикалық салдары мен этнодемографиялық құрылымға әсерін, табыстары мен зардаптарын салыстыра баяндаңыз (1953-1964 жж.).Тың игеру, тың және тыңайған жерлерді игеру — КСРО-да (Қазақстан, Сібір, Орал, т.б.) 1954 – 1960 ж. жүргізілген науқан. КСРО бойынша жалпы 41,8 млн га жер жыртылса, соның 25,5 млн га-сы қазақ жері болды. Тың игеру нәтижесінде Қазақстан КСРО-дағы ең ірі астықты республикаларының біріне айналды. Тың игеру. Кеңес үкіметі тұсында ең көп тәжірибе жасалған сала – ауыл шаруашылығы. Жасалған реформалар аграрлық саланы дамытудың орнына, көбінесе үлкен қиындықтарға алып келді. Ауыл шаруашылығымен қазақ халқы тығыз байланысты екені белгілі. Сондықтан қазақ халқының басым бөлігі ауылдарда тұрғандықтан реформалардың зардабы бірінші кезекте қазақтарға тиді. Ауыл шаруашылығындағы тәжірибелер 1950 жылдары өз жалғасын тапты. 1953 жылы қыркүйекте КОКП ОК пленумы ауыл шаруашылығында қалыптасқан жағдайды талқылады. Пленумда мемлекет басшысы Н.С.Хрущев баяндама жасады. Баяндамада аграрлық саланың артта қалу себептері талданды. Күштеп ұжымдастырудың зардаптары, миллиондаған шаруалардың ашаршылық пен саяси қуғын–сүргіннің құрбаны болғандығы атап көрсетілді. Тың жерлерді игеру мақсатында Қазақстанға көптеген жұмысшы келді. 1953-1958 жылдар аралығында совхоздар мен колхоздарға 266,6 мың механизатор, 1954 жылы Ақмола облысына тың игеру үшін 20000-ға жуық адам келді. Тың игеруді жеделдету мақсатында көптеген шаралар қолданылды. Басқа өңірлерден тың игеруге келгендерге көптеген материалдық жеңілдік жасалды. Тың игеруге келген әр адамға 150 мен 1000 сом аралығында бір реттік көмек берілді. Бұдан басқа да материалдық, азық-түлік т. б. көмектер берілді. Тың игеруге келгендер ауылшаруашылығы салығынан босатылды. Тың игеру Қазақстанда ерекше қарқынмен жүргізілді. Қазақстанда егістік жерлердің көлемі артты. Астық өндіру көлемі жөнінен Қазақстан одақта 2-орынға шықты. 1956 жылы тың игерушілер 16 миллион тонна астық жинады. Соның арқасында Қазақстан Орта Азия мен Сібірді, Оралды астықпен қамтамасыз етті. Тың игеру жылдарында Қазақстан көп ұлтты, интернационалды елге айналды. Қазақстан жерінде тұрғын үйлер, құрылыстар, мәдени обьектілер көптеп салына бастады. Он мыңдаған шақырым жол төселді.