2 .Зейін туралы түсінік. Зейін түрлері. Зейін — адамның психикалық әрекетінің белгілі бір нәрсеге бағытталып шоғырлануы. Адам өмірінде зейіннің алатын орны зор. Әсіресе, таным процесінде, білім алу ісінде маңызы ерекше. Шәкірттің сабақты түсіне қоймауы, есінде дұрыс сақтай алмауы, тапсырманы орындауда қате жіберуі оған дұрыстап зейін қоймаудан болады.
Зейін қою, көбінесе, адамның айналысып жатқан іс-әрекетінің сипаты мен маңыздылығына байланысты.
Зейіннің түрлері – адамдардың зейіні ырықты, ырықсыз және үйреншікті болып үшке бөлінеді. Сыртқы дүниенің кез келген объектілері кейде ырықсыз-ақ біздің назарымызды өзіне тартады. Мәселен, көшемен кетіп бара жатқан адамның бояулы афишаға көзі түссе, оған мойнын бұрады не милиционердің ысқырығына жалт қарайды т.б. Адам өмірінде ырықсыз зейін елеулі орын алады. Зейіннің бұл түрі әсіресе жас балаларда жиі кездеседі. Өйткені балалық дәуірде адамның күрделі іс-әрекетке (оқу, еңбек т.б.) белгілі жүйеге келе қоймайды да осының нәтижесінде оның психикасы өте нәзік, түрлі сыртқы әсерге берілгіш келеді. Әрине,бұдан бала есейген соң, оның ырықсыз зейіні маңызын жояды деген қорытынды тумау қажет.
•Ырықсыз зейін физиологиялық тұрғыдан барлау (ориентировочный) рефлексінің жемісі болып табылады. Зейіннің бұл түрі жануарлар мен адамдардың сыртқы ортамен байланысында үлкен рөл атқарады. Ырықсыз зейін кез келген тітіркендіргіш арқылы пайда бола бермейді.
Ырықсыз зейіннің көрінуіне төмендегі жағдайлар себеп болады:
а) күшті тітіркендіргіштер (көзді аштырмайтын жарық, қанық бояулы заттар, қатты дауыс, мұрын жаратын иіс т.б.), заттар мен құбылыстардың жаңалығы мен қозғалысы (мәселен, адамның үстіндегі киімінің өзгеруі, дыбыстың, жарықтың артуы не кемуі т.б.).
ә) адамның сыртқы дүниедегі объектілерге қатынас жасауының дәрежесі (қызығу, қажетсіну, көңіл күйінің хош болуы) ырықсыз зейіннің тууына жақсы әсер етеді.
Адамның ырықты зейіні әрекетті саналы түрде белгілі ерік күшін жұмсау арқылы орындалуынан көрінеді. Ырықты зейінде белгілі бір мақсат көздеп, объектіге ерекше зер алып отыру көзделеді, ол жұмыстың басынан аяғына дейін ерік-жігерді сарқа жұмсауды талап етеді. Ырықты зейін мынандай ерекшеліктермен сипатталады;
1. Қандай болмасын бір әрекеттің талабына сай зейініңді бағындыра алу үшін іс-әрекетке тікелей кірісу қажет.
2. Үйреншікті жұмыс жағдайын жасап алып, алаңдататын нәрселерден бойды аулақтатқан жөн.
3. Орындалатын істің мәнісін, маңызын түсіну үшін білімге шын ықыласпен берілген дұрыс.