Олардың атқандары мынау оқ тәрізді, әдейі бекініс ішіндегі ағаш үйлерге өрт салуға арналған оқ боп шықты. Қарапұшық бекініс ішіне қарап еді, әр жерден көкке лаулай көтерілген өртті көрді. Ол зеңбірек атуға бұйрық береді.
Қақпа ішіне кірген жүз қол: Басықара батырдыкі. Ол бекініс ішінде көз жұмады. Қол бастаған батырларының оққа ұшқанын көрген жүз жігіт кейін қарай шаба жөнелді. Оның денесін жау қолында тастамаңдар деген бұйрыққа ел ішінде ортеке аталған тұлпарымен Төлебай аттанады.
200 қадамдай жерде жеке кетіп бара жатқан Төлебайды көргенде Кенесарының өзі де шыдай алмады. Көкбурылдың үстіне тік түрегеліп тұра қалып «Абылайлап» қамалға қарай құйындата жөнелді. Көкбурылдың үстінде ажалдан қорықпай түрегеліп шауып бара жатқан Кенесарыны көргенде өзгелері де орындарында тұра алмады. «Абылай!», «Ағыбай!», «Атығай!», «Қабанбай» деп ұрандап бекініске лап қойды.
Белдесіп келгенде қаптаған сойыл, сыңсыған найза қоя ма, түн ортасы аумай Ақмола бекінісінің әскері жеңілді. Тек қара түнді пайдаланып азғантай әскерімен Қоңырқұлжа Қарапұшық бекінісінің Есіл жақтағы қақпасынан қашып шықты.
Сөйтіп Кенесары сарбаздары Ақмола бекінісінің үйлерін тегіс өртеп, қорғанын құлатып, жермен-жексен етіп, орларын топырақпен бітеп, кешегі Шығыс Сібірдің отаршылық қамалы тұрған жерді тып-типыл етіп, ертеңіне қайтадан Ұлытауға қарай шегінді. Осы жолы Ақмола бекінісін алудағы қайраты үшін Кенесары Төлебайды Жеке батыр атады.Көп кешікпей Ағыбай, Наурызбай, Бұқарбай, Жеке батыр бастаған Кенесары сарбаздары Ақтау, Ортау бекіністерін алды. Кенесарының абыройы да, қадірі де артты. Ал Кенесары өзі болса «Аяз, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегендей, әлі де ақ патшамен күресуге күші жеткіліксіз екенін жақсы түсінді. Енді ол қулыққа салып патша солдаттарымен жата-жастана ұрысып, қазақтың ереуілге қосылмай жатқан басқа руларын өзіне тартуға кірісті.
2 бөлім. ІІІ Ақмола бекінісінен айырылған түні Қоңырқұлжа Қарқаралы өкірігімен шектес Есілдің Ертіске бұрылар түбегіндегі Зейнеп ауылына беттеген. Кенесары көтерілісі дами бастағаннан шын көңілмен қосылған Азнабай балаларынан басқа да Едігенің Шоңы, Күшіктің Шорманы, Шорманның Мұсасы, Сандыбайдың Ердені, Дүзені, Сайдалының Аққошқары секілді Арқаның байлары Кенесарыға «Біз сендер жақтамыз» деп жалған ниет білдірген. Патша отаршылығына мойын ұсынған сұлтан тұқымы: Уәлиханның екінші баласы әбілмамбет (Мәмке, жорықта қаза тапты). Тұрсынханның Сарманы «Қара қазақтан шыққан Көшеннің Тұрлыбегін аға сұлтан еттің» деп ақ патшаға қарсы көтеріліп, Қасым балаларына қосылған. Абылайдың туған ағасы Жолбарыстың баласы Қошай, Уәлиханның туған інісі Шыңғыстың баласы Сартай секілді сұлтандар Кенесары жағына ауған... Арғынның биі Шегеннің Мұсасы, Қыпшақтың биі Жаңбыршының Балғожасы секілді табанды билер болмаса, «Кенесары малымды айдап алады» деп қорыққандары, уақытша ереуілшілерді жақтағандай көрінген, Арқадан Ақмола аға сұлтаны Қоңырқұлжаға сүйеніш болар тек Қарқаралы аға сұлтаны Жамантай, Аманқарағай аға сұлтаны Уәлиханның Айғанымнан туған баласы Шыңғыс, Баянауыл аға сұлтаны Абылайдың Маманы орнынан алынғаннан кейін, қарадан шығып осы Баянауылға аға сұлтан болған Тұрсынбайдың Боштайы, Көкшетаудың аға сұлтаны Атығайдың Аңғал руынан шыққан мыңды айдаған Қаратоқаның сотқар Зілқарасы мен Құсмұрын тұсындағы Ашамайлы Керейдің баукеспе ұрылар ұстаған, бықыған бай Есеней. Бұлардан әсіресе арқа сүйері, жері жақын және Қоңырқұлжаның қайын-жұрты Тәукенің Құсбегі мен Жамантайы. Құсбек пен Жамантай өзара қырылысып жатқанмен азуы алты қарыс Қоңырқұлжаны күйеу санап бірдей жақын тұтады. Жас тоқал Зейнеп Тәукенің ең кенже қызы. Ақмола өкірігіне Қоңырқұлжаның беделі болса, Қарқаралы өкірігіне Тәуке балалары Жамантай мен Құсбектің де сондай беделі бар. Сондықтан Қоңырқұлжа Зейнеп пен баласы Шыңғыстың арасындағы оқиға жанына батса да жас тоқалын төркініне көшіре алмаған. Төре тұқымынан шыққан сұлу әйелдің «ер жанды», «еркек құмар» салтына еті үйренген сұлтандар, ел билеу, мансап сақтау тілектеріне шипасы тисе, қатын, қыздарының үй арасындағы бозбалашылығына мән бермейтін.
Масан - Қарқаралыға аты шыққан би, Қаракесек қаз дауысты Қазыбектің ұрпағы, Жамантайдың ақылшысы.
Масанның аталас ағайыны, арғы бабалары «жалғыз көз» Орақ, Қияқ, Тұяқ батырлардың жауынгері болған, Атығай Құсбектің немере қарындасы Гүлбаршынды алған-ды. Осы келіп тұрған сол Атығайдың баласы Есіркеген еді. Баянауылда орыс мектебінде оқып жүрген 16-17 жасар бала жігіт. Зейнептен 4 жас кіші. Зейнеп оның көңілін аулайды.
Кейін түнде тоқалының ауылына Кенесарыдан жеңілген Қоңырқұлжа жетеді. Менің хатшым Ақмолада оққа ұшты, басқа кісі тапқанша менің хатшым бола тұр дейді Қоңырқұлжа Есіркегенге. Зейнептің үлкен баланы(Жанәділ) шақырсаңшы дегеніне, кіші балаңды өлтіргенің аз болды ма дейді Қоңырқұлжа.
Бар жылқысын Кенесары айдап әкеткен соң Қоңырқұлжа жәрдем сұрап Омбы облысының бастығы Талызинге хат жазған. Сол хатқа келген жауапты Есіркегенге оқытады. Бұл күндері өзінің Кенесары көтерілісін басу жайында жоспарын айта келіп, хатының аяғында: «Қазір тартып алған малыңды қайтартып беретін еш күш жоқ, болған шығынды қарамағыңдағы қазақтардан өндіріп алуға рұқсат етемін», — депті.
Осындай шешімге келген Қоңырқұлжа шайдан кейін Есіркегенді оңаша алып Ақмола өкірігінің 18 болысынан Кенесарыға ермей, аға сұлтанның қарамағында қалған 9 болысқа17 мың жылқыны салық етіп бөлді. Жетеуіне 2 мың жылқыдан қойды да, Кенесарыға қарай иек көтеріп қобалжи бастаған Атбасар мен Қорғалжын болысына мың жарым бастан белгіледі.Ол бұл салығын «Төтенше салық» деп атады. Және болыстарға берген бұйрығында бұл малдар құлынды бие, үйірге салуға жарайтын айғырдан бастап, тек құнажын дөненге дейін ғана алынсын, асыл тұқымнан болсын. Поштабайларын шақырып, мөрін басып қолын қойған осы бұйрықтарды тез болыстарға жеткізуді міндеттеп, өзі Омбыға жүрмек болып дайындала бастады.
Қоңырқұлжа: «Омбыға жүремін. Маған жолығып кетсін», — деп Қарқаралының аға сұлтаны Тәукенің Жамантайына, Көкшетаудың аға сұлтаны Қара Тоқаның Зілқарасына, Аманқарағайдың аға сұлтаны Уәлидің Шыңғысына ат шаптырды. Ондағы ойы кілең мықты қол қойып, Омбы генерал-губернаторынан қазақ даласына зеңбіректі мол әскер шығар деп өтіну еді. Ал егер олай болмаса, уақытша Кенесарымен келіспек. Ақырында аға сұлтандардан хабар келді. «Ел арасы бүліншілік, қазір орыс солдаттары қорғап тұрған приказдардан тыс шығу қауіпті. Бізден жалғыз тілек: «Омбы тез әскер шығарып Кенесарыны құртсын. Ал Кенесарыны құртуға ең ыңғайлы кез қыс. Қыста ол жаздағыдай алысқа бара алмайды. Бар сарбаздарын таратып, тек ең жақын батырларымен, қарамағындағы 3 жүз үй төлеңгітімен ғана қалады» депті. Есіркеген атасы Масан ақылымен Кенесары жағын қолдаушы еді.