Патриоттық тәрбие. Ұлтаралық қатынастар мәдениетін қалыптастыру
Патриоттық тәрбие тұлғаның сапалық қасиеті ретінде өз Отанын сүюді, оған жанын аямай қызмет етуді білдіреді. Ұлтаралық қатынастардағы жоғары мәдениет үлгісі, ол интернационалистік сезім, оған барлық халықтардың теңдігі мен өзара әрекеттесуі жатады. Интернационализм ұлтшылдық пен шовинистікке қарсы. Патриоттық тәрбиеде өз Отаны мен отандастарын құрметтеу мен сүю идеясы жатыр. Ал интернационализм – басқа халықтарды, мемлекеттерді құрметтеу және солармен ынтымақтастықта болуды білдіреді.
Құқықтық тәрбие және балалар арасындағы тәртіп бұзушылықтың алдын алу. Құқықтық тәрбиенің мақсаты оқушы санасына құқықтық қалыптарды орнықтырып, оларды күнделікті өмірінде қолдана білуге тәрбиелеу.
Адамгершілік мәдениет теориясының негізгі түсініктері. Қоғамдағы кез келген адамның іс-қимылына үнемі адамдар тарапынан баға беріліп немесе сынға алынып отырады. Оны бір сөзбен мораль десек те болады. Мораль дегеніміз салт, мінез-құлық, ереже. Кейде мораль ұғымын этика немес әдептер жүйесі деп те атауға болады. Философияда этика ғылымы моральды зерттейді. Адам өз сенімі мен іс-қимылын қоғамдағы моральмен үйлестіре білсе, онда оның адамгершілік деңгейі туралы айтуға болады. Адамгершілік – қайырымдылық, адалдық, шыншылдық, еңбексүйгіштік, тәртіптілік, ұжымшылдық, жеке басқа тән мінез-құлықтарын реттей білетін сапа мен қасиеттерді біріктіретін тұлғалық сипат.
Адамның іс-қылықтары белгілі ережеге бағынады. Егер ондай ережелер болмаса, кез келген адам қылығының жағымды немесе жағымсыз екенін анықтау қиын болар еді. Сондықтан да, ортақ сипаты бар ережелер адамгершілік қалыптары деп аталады. Қалып - кез келген жағдайда адам не істеу керек деген ереже немесе талап. Адамгершілік қалып адамды алдын ала өрескел әрекеттен сақтандырып немесе жақсы, ұнамды әрекертке бағыттауы мүмкін. Қоғамдағы адамгершілік қалыптар адамның қоғаммен, ұжыммен, басқа адамдармен ара қатынасын анықтайды.
Қалыптар қатынастарға топтастырылып (кәсіби, ұлтаралық, т.б.) адамгершілік принциптерге бағынады. Мәселен, әр ұлт өкілдерінің қарым-қатынасы белгілі принциптерге негізделеді.
Мораль түсінігі жалпы барлық қарым-қатынастар жиынтығын қамтиды, оны барлық жағдайда, түрлі жердегі қарым-қатынастарда басшылыққа алады. Оларды адамгершілік ұғымдары деп атайды. Оған жақсылық, шындық, парыз, намыс, қадір-қасиет, бақыт ұғымдары жатады.
Қоғам өмірдегі мораль талаптарын қабылдай отырып, адамгершілік идеал түсінігін қолданады, яғни адамгершіліктің үлгісі, оны үлкен-кішілер тегіс пайдалы, ойға қонымды, әдемі санайды. Белгілі бір әлеуметтік топқа қатысты адамдар, моральдық қалыптар, себептер, ұғымдар, идеалдарды қоғамдық адамгершілік сана формасы ретінде қабылдайды. Мораль қоғамдық сана формасы ғана емес, сонымен бірге жеке тұлғаның адамгершілік санасының да формасын бейнелейді, адамға рухани адамгершілік және өзіндік ерекшеліктері, сезімдері тән. Әр тұлғаның жеке басына тән сезімдері қоғамдық санамен жетіліп отырады. Әр адамның қабылдаған принциптері, қалыптары, идеалдары, ұғымдары сол адамның басқаларға, өзіне, еңбегіне, табиғатқа қатынасын білдіреді.
Оқушылардың адамгершілік мәдениетін қалыптастыру мазмұнына төмендегі қатынастарды қалыптастыру енеді.
Басқа адамдармен гуманистік, яғни ізгі қатынас құру - оларды құрметтеу, өзара көмек көрсету, ұжымшылдық, отбасында үлкендер мен кішілерге қамқор болу, мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, т.б. гуманды қатынасты, яғни адамшылықты білдіреді. Жеке тұлғаның өзіне деген қатынасы - қоғам алдындағы жауаптылығын ерекше түсіне білу, өз қадыр-қасиетін білу, қоғамдық парызын орындау сезімі, тәртіпке бой ұсыну, адалдық, шыншылдық, қарапайымдылық, парақорлық пен жемқорлыққа қарсы тұру, үлкендерді құрметтеу және басқа да моральдық-еріктік сапалар. Еңбек пен оқуға қатынасы – қоғам игілігіне адал еңбек, қоғамдық сана, қоғамдық игілікті сақтау, оқуды тыңғылықты, жауапты деңгейде меңгеру, еңбекті шығармашылықпен атқару, өз еңбегі мен өзгенің еңбегінің маңыздылығын бағалау, қоғамдық мүлікті сақтау. Табиғатқа қарым-қатынасы – табиғат байлықтарын үнемді пайдалану, табиғатты қорғау және сақтау, оны бүлдіруге жол бермеу.
Адамгершілік және мінез-құлық мәдениетіне тәрбиелеу үшін педагогикалық процесте адамгершілік мәселелерін білуге және барлық істерде оны сақтауға оқушыларды бағыттау қажет. Оқушыларға мәдени дағдыларды игеруге тәрбиелеу барысында адамдар арасындағы қарым- қатынас, сөйлеу мәдениетін меңгерту де маңызды.
Оқушылардың адамгершілік мәдениетінің негіздері мектеп, отбасы, қоғам арқылы дамып, жетіліп отырады.
Гумандылыққа тәрбиелеу. Гуманизм (латын сөзі - адамгершілік) дүниетаным принципі. Оның негізіне адам мүмкіншілігінің шексіздігіне, өзін-өзі дамыту қабілетіне деген сенімі мен ерік бостандығын, абыройын қорғау, адамның бақытқа жету жолындағы құқығы мен оның барлық сұраныстарын қамтамасыз ету қоғамның түпкілікті мақсаты деген мұрат жатады. Гуманизм XIV- XVI ғ.ғ. қоғамдық ой-пікірде, әдебиетте, өнерде, ғылымда алдыңғы қатарлы прогресшіл идеялық ағым ретінде қалыптасқан. Бертін келе адамды барынша ардақтайтын, адамгершілік қасиеттерін, бас бостандығын қорғайтын біртұтас көзқарастар жүйесіне айналды.
Гумандылық адамды құндылық ретінде екі қырынан қарастырады, бірінші қыры - әр индивидтің табиғи өмірінің және екінші қыры - әлеуметтік тұрғыдан қоғамда атқаратын қызметі мен оның тұлғалық сапасының дамуы.
Гумандылық жеке тұлғаның адамгершілік-психологиялық қасиеттерінің бірлігі, адамды жоғары құндылық деп саналы қабылдауы мен сезіну қатынасын білдіреді.
Гумандылық тұлғаның сапасы ретінде өзгелермен және тұлғааралық қарым-қатынаста қалыптасады. Тұлғаның бұл сапасына рахымдылық, достық, адамға дер кезінде көмекке келу, адамға мейірімділік көрсету тәрізді қасиеттер жатады. Рефлексия - басқа адамның мұқтаждығы мен көңіл-күйін сезіне білу, оның орнына өзін қойып, оның басынан өткен жағдайды сезіне білу, ол қиналғанда демеу көрсету. Толеранттық - өзгенің ой-пікіріне, сенімі мен қылықтарына төзімділік таныту.
Оқушылардың экологиялық мәдениеті. Дүниежүзінде табиғатты қорғау мәселесі кең өріс алуда. Табиғи апаттармен бірге, адам қолымен жасалған техногендік апаттар күн сайын өрбіп, адам өміріне қауіп төндіруде. Демек, табиғатты қорғауға әр адам міндетті. Қазіргі кезеңде ғылымда “экология” түсінігі адам өмірінің биологиялық, әлеуметтік, техникалық, гигиеналық қырларының бірлігін қамтиды. Осыған орай әлеуметтік, техникалық, медициналық экология, адамның табиғат аясындағы іс-әрекетін зерттейді.
Оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсаты - табиғатты сақтау және қорғау жауапкершілігін арттыру, адам мен қоғамның табиғатқа тигізетін ықпалының тетіктерін ғылыми негізде білу; табиғатқа қатысты экологиялық құндылық бағдар, қалып, ереже, дағдыларды біліп, оны
қорғау. Оқушыларды табиғатты қорғаудың әдістерімен және табиғат байлықтарын пайдалану құқықтарының үлгілерімен таныстыру.
Еңбек тәрбиесінің мақсаты мен мазмұны. Баланы еңбекке тәрбиелеу отбасынан басталып, мектепте еңбектің қарапайым міндеттері жайлы түсінік қалыптасады. Еңбек адамның психикасы мен адамгершілік түсініктерін қалыптастыратын құрал болып табылады. Еңбек ету оқушылардың табиғи ақыл-ой және дене қызметінің қажеттілігіне айналуы тиіс. Еңбек тәрбиесі оқушылардың политехникалық дайындығымен тығыз байланысты. Политехникалық білім беру техника, технология және өндірісті ұйымдастыру туралы білім қалыптастырады; оқушыларды жалпы еңбекке қажетті білім, дағдылармен қаруландырады; еңбекке шығармашылық қатынас қалыптастырады; келешекке қажетті мамандық таңдауға көмектеседі. Сонымен политехникалық білім беру еңбек тәрбиесінің іргесін қалайды.
Оқушылардың экономикалық мәдениетін қалыптастыру. Қоғам дамуының экономикалық заңдылықтарын білу, соның негізінде өндірістік-экономикалық қызметке қабілетті жастарды тәрбиелеу. Экономикалық мәдениетті тәрбиелеу жастарды өмірге даярлаумен қатар, азаматтық ұстанымдарын қалыптастырумен тығыз байланысты. Біртұтас педагогикалық процестегі экономикалық мәдениетті қалыптастыру міндеттері: оқушы жастарды экономикалық тұрғыдан ойлауға қалыптастыру; мүлік иесі-азаматты (үнемшіл, шаруашылықты жақсы меңгерген, тәжірибелі) тәрбиелеу; оқушыларды экономикалық талдаудың қарапайым түрлерімен, үнемшілдік пен өсім алу сапаларымен қаруландыру. Осы міндеттерді іске асыру үшін еңбек пен өндірісті экономикалық жағынан ұйымдастыру білімі, кәсіпкерлік, сауда-саттық, т.б. қызмет түрлерін қалыптастыру жүзеге асады.
Жеке тұлғаның эстетикалық мәдениеті туралы түсінік. Эстетикалық мәдениетті қалыптастыру – жеке тұлғаның айналадағы сұлулық пен өнерді толық және дұрыс қабылдау қабілетін дамыту процесі. Ол көркем бейнелер, көзқарастар мен сенім, сезім және талғам жүйелерін дамытуды көздейді. Оқушылардың бойындағы сұлулық, нәзіктік сезімдерін жетілдіріп, ұсқынсыздық пен төмен деңгейдегі талғамдардан жоғары тұруын қалыптастыру және өнер туралы өзінің білімін үнемі байытып отыруды іске асыру.
Табиғатты эстетикалық тұрғыдан қабылдау. Табиғат тұнып тұрған сұлулық, ол адамның сезімін, бақылағыштығын, қиялын оятып, адам бойындағы адамгершілік қасиеттерін арттыра түседі. Табиғат сұлулығын сезіну, адамның адамгершілік қатынасын қалыптастырады. Табиғат - қоғамдық моральдың көрсеткіші болмаса да, баланы адамгершілік қатынасқа, үйлесімділік, сұлулық, үнемі жаңаруды сезінуге, табиғи заңдылыққа бағынуға, онымен үйлесім табуға, түрлі формалар мен бедерлер, табиғи бояаулар мен дыбыстар оқушының ішкі сезімін оятып, әсемдікті түсінуге, оны сүюге баулиды. Баланың табиғаттағы шынайы әсемдікті тануы, табиғаттың байлығын, үйлесімділігін қорғап сақтай білу сезімі сұлулықтың өміршеңдігін түсінуге, ал табиғатты бүлдіру ұсқынсыздыққа, апатқа әкелетінін саналы меңгереді.
Эстетикалық мәдениетті өнер құралдары арқылы қалыптастыру. Адамның көркемдікті қабылдау қабілеті өнер арқылы мейілінше жетіледі. Кез келген өнер адам еңбегінен туындап, кейінгі тарихи даму барысында материалдық өндірістен ажырап, арнайы іс-әрекет түріне бөлініп, қоғамдық сананың бір формасы ретінде дамыды. Өнер адамның болмыс шындығына деген эстетикалық қатынасын бейнелейді.
Мектептегі өдебиет, музыка, бейнелеу өнері пәндері көркемдіктің негізін қалайды. Педагогикада жеке тұлғаның өнер құралдары арқылы эстетикалық дамуын көркемдік тәрбиесі деп атайды. Көркемдік тәрбиесі тікелей өнер туындыларына сүйене отырып, адамның сұлулықтың түрлі қырын қабылдай білуге тәрбиелейді. Әр адам кәсіби суретші немесе өнер танушы, зерттеуші болмаса да, өнер туралы белгілі көлемде түсініктері болуы тиіс.
Дене мәдениетін қалыптастырудың мақсаты мен мазмұны. Оқушылардың дене мәдениетін қалыптастыруды ұйымдастыру жұмысы негізгі мынадай мақсаттарды алға қояды:
оқушылардың дене түзілісін дұрыс қалыптастыру, дене күшінің дамуына айрықша мән беру, денесін шынықтыру, денсаулығын нығайту;
негізгі қимылдарының сапасын жетілдіру. Кез келген үйлесімді қимылды атқару үшін күш, төзімділік, ептілік, жылдамдық тәрізді сапаларды дамыту. Төзімділік сапасын қалыптастыру үшін өз күшіне сену, шаршау, денені ауырсынуды жеңу, оқушының тәндік және моральдық қасиеттерін жетілдіреді;
өмірлік мәні маңызды қимыл-әрекеттерді қалыптастыру. Оларды арнайы жаттығулар мен дағдыларды меңгеру. Алғашқы қимыл-әрекет біліктерін меңгеру барысында оқушы кез келген жағдайда өз денесін басқара алатын болады. Табиғи қимыл-әрекеттер: жүру, жүгіру, секіру,
лақтыру, жүзу, т.с.с. және өмірде сирек болса да кездесетін адамды дамытатын және тәрбиелейтін қимыл әрекеттері: жаттығулар мен гимнастика, акробатика элементтерін меңгеру;
дене қимылдарын меңгеруге тұрақты қызығушылық арттыру. Салауаттылық негізінде үнемі өзін-өзі үздіксіз жаттықтыруға бейімділік қабілетін тәрбиелеу. Бала табиғаты көп қимыл әрекетті қажет етеді, сондықтан оның бойындағы күшін меңгеруге жағдай жасау, қимыл- қозғалысын дұрыс бағытта ұйымдастыруды көздеу;
тазалық, гигиена, медицина, дене тәрбиесі мен спорт туралы алғашқы түсініктерін қалыптастыру. Күн тәртібі, жеке бас гигиенасы, дене тәрбиесі мен спорттың денсаулық сақтау және дене күшін арттыру үшін маңызы, жаттығу жасау кезіндегі гигиена, қимыл тәртібі, денені табиғи сауықтыру, өзін-өзі бақылау, темекі шегудің зияны, т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |