Күнделікті өмірдегі стресс аймағы П.Т.Вонг бойынша
Ортаңғы ішкі шаршыда «мен күші», «ақыл-ой күші», психикалық энергия немесе ішкі ресурстар деп аталатын біздің тіршілік етуіміздің мәні белгіленген. Ол өмірлік дағдарыстарды индивидке жеңуге көмектеседі және стреске қарсы тұру интенсивтілігін анықтайды. Бұл ресурстың төмендеуі стреспен байланысты әр түрлі бұзылыстарға, мысалы, үрей, қорқыныш, орын таба алмаушылық депрессияға ұшырауына әкелуі мүмкін. Келесі бөлім – тұлғаішілік стресс. Көптеген біздің сыртқы әлемге талаптарымыз және олардың бізге әсері осы стресс түрімен байланысты.
Тұлғаралық стресс бөлімі белгілі бір өмір салаларымен өзара байланыс жасайды. Себебі, әр адамға өз әрекетінде әр түрлі әлеуметтік сұрақтарды шешуге тура келеді, өзге адамдармен әрекеттесу және оның бағалауы біздің қабылдауымызға, уайымдауларымызға, жағдайларға және сыртқы әлем құбылыстарына қатынасымызға елеулі ықпал жасайды. Көптеген өмірлік мәселелер адамдар арасындағы қатынастың проблемасы болып табылады.
Тұлғалық стрестің индивид не жасап жатқанына және оған берілген мысалы, ата-ананың, ерінің, қызметкердің ролін және т.б. әлеуметтік ролдерді қалай жүзеге асырады және бұзатын уақытта онымен не болатынына қатынасы бар. Ол денсаулықтың бұзылуы, жағымсыз әдеттер, сексуалдық қиындықтар, қартаю, зейнетақыға кету сияқты құбылыстармен байланысты көрінеді.
Жанұялық стресс өзіне жанұя ішіндегі барлық қиындықтарды қосады. Ол-үй ішіндегі жұмыс, тектер арасындағы қарама-қайшылық, жанұядағы ауру немесе өлім, ішімдік, ажырасу және с.с.
Еңбектік стресс көбіне ауыр жұмыс күшімен, жұмыс нәтижесін қадағалаудың жоқтығынан, ролдік анықсыздықтан және ролдік қарама-қайшылықпен байланысты. Жұмыс қауіпсіздігін нашар қамтамасыз ету,еңбекті әділетсіз бағалау, оның ұйымдастырылуының бұзылуы стресс пайда болуының көзі болуы мүмкін.
Қоғамдық стресс адамдардың үлкен топтары бастан кешетін проблемаларға жатады. Мысалы, экономикалық тоқыру, кедейшілік, расалық қысым, банкрот болу және дискриминация және т.б.
Экологиялық стресс қоршаған ортаның экстремалды жағдайларының ықпал жасауымен негізделеді. Бұндай ықпалды күту немесе оның нәтижесі – ластанған ауа және су, қатал ауа райының жағдайы, нашар көршілер, дыбыстың жоғары деңгейі және с.с.
Қаржылық стресс түсіндіруді қажет етпейді. Есепті төлеу мүмкінсіздігі, қарыз алудағы қиыншылықтар, жұмыс нәтижесінің жалақы деңгейімен сәйкес келмеуі, қосымша қаржылық шығындар, осы және басқа да себептер стресс пайда болуына әсер етеді.
Тұлғаішілік стресс детальды қарастыруды қажет етеді. Ол бірінші жағынан оған жеткілікті көңіл бөлінбегеніне байланысты болса, екінші жағынан, ол әртүрлі өмірлік оқиғаларды жобалауы мүмкін және оған қатынас ерекшеліктеріне ықпал жасап және индивид мінез-құлқына әсер ететініне байланысты.
Стресстің қандай нәрсе екенін, денсаулыққа қалай әсер ететітін білдік. Ендігі жерде одан құтылудың, алдын алудың және жеңудің жолдарын қарастырайық.
Стрессті жеңуде адамның істейтін жұмысының не қызметінің сипаты зор маңызға ие. Еңбек адамға тек материалдық байлық әкеліп қана қоймай, сонымен бірге қанағаттанушылық сезімін де сыйлауы тиіс. Көңілсіз, күңгірт, бірыңғай, ылғи өзіңді зорлап істейтін жұмыс стрестің бірден-бір көзі екендігі айтпаса да түсінікті. Шынында да, біздің уақытымыздың көбісі қызметте, оқуда өтеді. Ол егер көңілсіз болса, тәніміз де бүкіл жүйелердің үйлесімсіздігін туғызып, оны дағдарысқа ұшыратады. Сондықтан, адам көңілі қалаған мамандығы бойынша өзі ұнататын кәсіппен айналысқаны жөн. Жұмыстағы немесе оқудағы көңілсіздік отбасындағы кикілжіңге ұласса, стрестің көкесін сонда көресің.
Қиын сәттерде адамның қиындықты жеңуге деген өзінде тілек және мүмкіндігі (дайындығы) болуы керек. Қай кезде де адамға қажырлы үміт және сенім қажет
Адамда стресске төтеп берер психологиялық дайындық болу қажет, оған аутогендік жаттығулардың қажеттігіне сендірудің маңызы зор. Өміріне қатер төндіргендей жағдайларда адам қайратты болуы және қалай болғанда да өзін еркін ұстап, жақсылыққа сендірге тырысу керек. Өмірді сақтап қалу әркімнің өзіне, психологиялық күйіне, психологиялқ саулығына байланысты. Өзін-өзі сыйлау және ұстай білу стресс әсеріне қарсы тұру қабілетін күшейтеді, психологиялық саулығын қалыпты ұстайды. Стресс болмау үшін адам нағыз қажетті іспен айналысуы шарт. Салауатты өмір салтын сақтау, мұңаймау, жағымсыз әсерлерден бойды аулақ, ауырлықты ақылмен жеңудің жолдарын қарастыруы қажет. Осы айтылғанның бәрі – психопрофилактика болып табылады. Психопрофилактиканың бір түрі релаксация (босаңсу)- дене мен психиканы керексіз ой-жабырқаудан, абыржудан босатады, ал вокалотерапия бой сергітеді. Би билеу адамдарды оптимистік көңіл-күйге бөлейді.
Музыканың адам жан дүниесіне әсерінің пайдалы екенін ерте заманнан адамдар білген. Тіпті ҮІ ғасырда б.э.б. ежелгі грек ойшылы және математигі, сонымен қатар ежелгі Олимпиада ойындарының жеңімпазы (жұдырықтасу бойынша) Пифагор музыканы емдік мақсатта қолданған. Оның айтуынша, адамның жаны мен тәні музыкалық әсер етуді әркез талап етеді дейді. Ал, ІІІ ғасырда б.э.б. Парфян патшалығында музыкалды-медициналық театр салынған. Онда келген көрермендер музыкамен емделген екен. Тыныштану үшін, қысымды түсіру үшін мына музыкалар дәлірек келеді. П.И.Чайковскийдің “Анданте контабиле” немесе “Песнь без слов”, А.П.Бародинның “Князь Игорь” операсындағы “Хоровые песни”. Музыка тыңдау ұзақтығы 15-30 минуттай болуы керек.
Психопрофилактиканың екінші түрі – өзін-өзі сендіру. Оған аутогенді жаттығулар көмектеседі. Сізге ағылшын психологы Клер Рейнер талдаған өзін-өзі сендіру бағдарламасын ұсынамыз.
І қағида. Таңертең бар қуатыңызды үйден жақсы көңіл-күймен шығуға жұмсаңыз.
ІІ қағида. Өз бойыңыздағы кемшілікке орала бермеңіз. Олар кімде болсын бар.
ІІІ қағида. Басқаларды артық сынға алмаңыз. “Ешкімді сөкпе, сонда сен да сөгілуші болмайсың”- деп інжіл де ғибрат қылады.
ІҮ қағида. Басқаларды көңіл қойып тыңдаңыз, сонда олардың да Сіз десе көңілі ерекше болып тұрады. Жұрт көбіне тыңдаушыларды жақсы көреді.
Ү қағида. Ағыңыздан жарылып тұрыңыз. Бейіліңіз сақ болсын. Білмегеніңізді білемін деп әлек болып, қулыққа салынбаңыз.
ҮІ қағида. Өз төңірегіңізден Сізді сәл де болса түсінетін жақсы адамды тауып алыңыз, жалғызсырамайтын боласыз.
ҮІІ қағида. Жасқаншақтығыңызды арақпен кетіремін деп ойламаңыз. Егер де ашық, ақжарқын болсаңыз, арақ-шарапсыз да өзіңізді қоршаған адамдар арасында мерейлі боласыз.
ҮІІІ қағида. Орынсыз именшектіктің кейбір адамдарды жалықтырып жіберетінін де есте сақтаған жөн, егер де біреу Сізбен даусын көтеріп, өктем сөйлесіп тұрса, оған өзім кінәлімін деп есептемеңіз, бәлкім, ол адам үшін өз жігерсіздігін жеңудің бір амалы осындай болар деген ойда жүрген шығар.
ІХ қағида. Өзіңізбен бір жаман іс болып, жағдайсыздыққа ұрынсаңыз елдің көзінше кейіп, налымаңыз. Жұрт сізге ерекше ықыласпен қарайтын болады, өйткені оларға өз артықшылықтарын сезінуге Сіз бір үлкен мүмкіндік бердіңіз.
“Жақсы сөз – жарым ырыс” демекші, жақсы сөз бен жылы лебіз адамға әрқашан да емдеу. “Істеген ісің мақұлданып, қолдау тапса екен” – деу кез келген адамға тән қасиет. Қоғамның, өз төңірегіндегі жақын-жуықтары мен достарының, отбасы мүшелерінің қолдап, қуаттаушы пікірлері әрбір адамның денсаулығы үшін ауадай қажет.
Соңында, Г.Селье “Стресс – бұл сіздің басыңызға түскен нәрсе емес, ол түсінігіңіздегі нәрсе” деген болатын. “Стресстен толық құтылу – өліммен бірдей” дегенді де ғалым дәл тауып айтқан. Өйткені, тірі ағза үнемі тосын жағдайға кезігіп, оған жауап беріп отыруы тиіс, бірақ адамның психологиялық кейпі қандай: қиындықтан қашуға бейім бе, әлде оны жеңуге бейім бе? – бәрі соған байланысты. Өзіңе өзің сенімді болсаң, жеңбейтін қиындық жоқ, кез-келген қиындықтан жол табасың: ең бастысы – түймедейді түйедей етіп көрсетуден, асқан кінәмшілдіктен аулақ бол, ешқандай мұңға берілме, өзіңді нық ұстай біл, қандай сәтте де Ибн Сина мысалға келтіргендей қойдың кебін кимей, қорқыныш сезімін жеңуге тырыс.
Әдебиеттер
1. Т. Тәжібаев «Жалпы психология» Алматы 2012.
2. Сәбет Бап-Баба «Жалпы психология» Алматы 2015.
3. Ә. Алдамұратов «Жалпы психология» Алматы 2016.
4. Қ. Жарықбаев «Психология» Алматы 2014.
5. «Психология адамзат ақыл-ойының қазынасы» Мәдени мұра 2015.
Достарыңызбен бөлісу: |