Ерiк әрекетінің құрылымы
Ерiк қимылы адамның даму процесiнде бiртiндеп жетiлiп, қалыптасатын күрделi процесс екендiгiн төмендегi структурасынан да жақсы көруге болады. Адамның еркi алдына мақсат қоюдан басталады. Мәселен, орта мектептi бiтiретiн оқушының арнаулы оқу орнына түсуге талабы бар дейiк. Оқушының бұл мақсатты алдына қоюына оның мәдени қажетi, бiлiм алуға тырысуы себеп (мотив) болады. Кез келген адамнан “сен не үшiп оқисың?” деп сүрасаң, оның нендей болса да бiр дәлел айтатыны түсiнiктi.
Адам осылай өзiнiң келешекте белгiлi бағытта iстейтiн iсiнiң мәнiн, жоспарын белгiлейдi. Мұны ерiктiк амалдың бастамасы — тiлек немесе ниет деп атайды. Тiлек — келешекте iстейтiн iсiмiздiң ойға бекуi. Мәселен, “газетке мақала жазсам”, “өзенге барып шомыл сам”, “домбыра тартып үйренсем” т. б. деген сөйлемдерде адамның түрлi тiлегi бейнеленген. Бұларда белгiлi бiр қажеттi өтеу көзделген, бiрақ оны орындау жолдары әлi де болса көмескi, яғни оның жоспары сызылмаған. Дегенмен, осы секiлдi тiлектерде ерiктiк амалға тән талғамалылық сипат бар. Ал талғау ниетке ой әрекетiнiң араласуын қажет етедi. Ой тезiне салу арқылы адам өзiне қажетсiз тiлектердi тежейдi де, қажеттiлерiн орындау үшiн тиiстi жоспар сызып, амал-айла, әдiс қарастырады. “Тiлектiң алдын-артын тексерiп үйренген адам балалықта ебдейсiз, еркелiктен, қияңқылықтан, есейгенде есерлiктен аман болмақшы” (М. Жұмабаев). Соңғы жағдай ғана адамның тiлегiн нақтылы кесiмдi түрге келтiредi. “Жақсы ниет жарым ырыс” деп халық тегiн айтпаған.
Адамның алдындағы мақсаты осылайша айқындалғаннан кейiн, әрекеттiң орындалу жолын қарастырады, оны жоспарлайды. Егер адам мақсат қояр кезде өзiне “Не iстеу керек?” деп сауал қоятын болса, әрекеттi жоспарлау үстiнде “қалай iстеу керек?”, “қандай жолдармен мақсатқа жетуге болады?” деген сұрақтар қояды. Осы арада адам мақсатқа жетудiң ыңғайлы жолын iздестiредi, айналасына көз тастап, алда тұрган қиыншылықтардың сыр-сипатын, оны жеңудiң жолдарын белгiлейдi. Мәселен, бiреудiң стол жасап алғысы келдi дейiк. Ол алдымен бұған қандай материалдың жарайтындығын, оны қайдан алуға болатындығын, қандай кұрал-сайман керектiгiн, жұмыстың көлемiн т. б. топшы-лап алады. Қандай болмасын iс-әрекеттiң жоспарын жасау — күрделi процесс. Ол — адамның белгiлi бiлiмiн, өмiр тәжiрибесiн, ойының орамдылығын қажет етедi.
Мақсатқа жетудiң жолдары белгiленiп, жоспар жасалғаннан кейiн адамның тiлегi оның нақтылы қалауына көшедi. Қалау — мақсаттың айқындығы, оған жеткiзетiн тиiстi жоспардың жасалуы, ойдың бекемдiгi. Дегенмен, тiлек те, қалау да өздiгiнен адамның ерiк-жiгерiн толық көрсете алмайды. өйткенi бұлар кейде бiр-бiрiне үйлесе алмай, қайшы келiп отырады. Мәселен, орта мектептi бiтiрген оқушы бiрде педагогтық институтқа түсiп, мұғалiм болып шыққысы келедi. Ол сондай-ақ өзiнiң ауыл шаруашылығы маманы болғанын да жақсы көредi. Бұл арада оған осы екi мамандықтың бiреуiн қалау қажет. Ал осы мамандықтар жөнiнде толық түсiнiгi болмаса, ол өз ойынан тайқақтайды, бұлардың қайсысын қалауын бiлмей, әуре-сарсаңға түседi. Мiне, осындай жағдайда тiлек пен қалаудың арасында үйлеспеушiлiк туады. Мұны психологияда мотивтер күресi деп атайды. Мұндай түрлi мотивтердiң iшiнен ақылға қонымдысы — нақты жағдайға тура келетiн бiреуi жеңедi, тек содан кейiн ғана адам белгiлi бiр тоқтамға келе алады.
Сөйтiп, мақсат қою, тiлек, қалау, мотивтер күресi, тоқтамға келу — бәрi жиналып ерiктiк қимылдың “даярлық кезегi” деп аталады, Ерiктiк амалдың ең негiзгi кезеңi — қандай болмасын тоқтамды орындау стадиясы. Өзiнiң қандай болмасын тоқтамын iске асыратын, оны орындайтын кiсiнi ғана еркi нағыз жетiлген адам деп айтуға болады. Талай жақсы тоқтамдардың жүзеге аспай, орындалмай қалатындары да кездесiп отырады. Бұлай болудың себебi орындалуы қиын мақсатты алға қоюдан, мақсаттың айқын болмауынан, әлi де болса өмiрге дұрыс кезқарастың қалыптаспауынан, өз iсiне сенiмсiздiктен, мақсат еткен нәрсеңдi жан-тәнiңмен сүймеуден т. б. себептерден болады. Сондықтан адам өзiнiң алдына шамасы келетiн күшi жететiн, орындай алатын мақсаттарды қойып, осы жолда түрлi қиыншылықтарды жеңiп отыруы тиiс. Белгiлi мiнез-құлықтық принципi бар, өз iсiнiң дұ-рыстығына көзi жеткен адам ғана нақтылы тоқтамға келе алып, оны қалай да орындаудың тиiмдi жолдарын таба алады, бұл жолда орынсыз солқылдақтық табансыздық көрсетпейдi. Кейбiр адамдар өзiнiң алдына көмескi, бұлдыр мақсат қояды да, ой таразысына жақсылап салмайды, сөйтiп, оны орындай алмай қалады. Ерекше ой жұмысын керек етпейтiн жеңiл мақсатты алға қою да адамның еркiн енжар, әлсiз етiп жiберуi мүмкiн. Сон-дықтан белгiлi ерiк күшiн талап ететiн, тиiстi жұмыстар iстеу нәтижесiнде қол жететiн мақсаттарды ғана алға қоюымыз қажет.
Еріктік әрекеттер табиғатын түсіну үшін бұл жөніндегі ғылыми көзқарастар өрісіне зер салған жөн.
Ерік ұғым ретінде де, нақты болмыстық құбылыс ретінде де тарихи сипатқа ие. Ежелгі және орта ғасырлық дүние ерік құбылысын бүгінгі біздің түсінігіміздей танып білмеген. Мысалы, ежелгі қоғамда адам еркі жөнінде тіпті сөз болмаған, оның орнына «даналық мұраты» ұғымын қолданған. Адамның қылық әрекеттері табиғат пен өмірдің ақыл бастауларына және логика қағидаларына бағынады деп түсінген. Осыдан Аристотельдің пайымдауынша, әрқандай әрекет логикалық қортындылардан туындайды. Ал өзінің «Никомахов этикасы» еңбегінде «дәмдінің бәрін жеу керек» және «бұл алма дәмді» деген пікірлер санада «бұл алманы жеу керек» деген қорытынды ой пайда етпейді, адамды бірден сол алманы жеп қою әрекетіне келтіреді деп жазған. Ерік табиғатына болған мұндай көзқарас қазіргі күнде де жоқ емес.
Ш.Н Чхарташвили мақсат пен саналы тану интеллектуалды әрекеттер категориясынан туындаған деумен, еріктің өзіндік сипаты барлығына шек қояды, сондықтан ғылымға жаңа бір «ерік» терминін ендірудің қажеті жоқ екенін дәлелдеуге тырысады.
Жеке адам қасиеті сипатында ерік ортағасырлықтарға да таныс таныс болған. Мұны сол уақытта қоғамда орын алған экзорис – жын-шайтан қуу үрдісінен көруге болады. Бұл үрдісте адам ылғи да енжар астама күйінде танылып, сыртқы әсерлер жинайтын, «ұя» ретінде бағаланған. Ол заманда ерік дербес жасайтын, нақты қайырымды не жауыз құбыжық күштер түріне енген құбылыс деп есептелген. Бұл тылсым күштер қандай да мақсаттар белгілеуші ақылға ие деп түсінілген. Ол күштерді танудан адамның «шын» қылық-әрекетінің мәнін түсінуге болады.
Ерік табиғатын бұлай түсіндірудің себебі сол заманда қалыптасқан қоғамның адам әрекет-қылығының негізі оның өзінде екенін мойындамаудан. Әр адам бабалардан жеткен нәсілдіктің ізі ғана деп қабылдаған. Мұндай сипаттан қауымның кейбір мүшелерінің ғана ажыратылуға құқы болған, мысалы, бабалар аруағы және ол дүниемен тілдесетін бақсы-балгер, от пен металды бағындарған темірші, өзін қоғамға қарсы қойған қарақшы–қанішер т.б.
Мүмкін, ерік түсінігінің жаңа «Қайта тіктелу» заманында жеке адам проблемасымен бірге ғылым аренасына келуі осы адамның қалыпты жағдайдан ауытқуларын мойындаудан болар. Осыдан адам шығармашылыққа қабілетті, «тіпті қателер жіберуге де бейім» дегендей тұжырымдар жоққа шығарылмады. Қалыптан шығып, тек ортасымен бөлінуімен адам жеке адамдық кемелденуге жетіседі. Мұндай тұлға үшін ең мәнді нәрсе - ерік бостандығы.[1]
Ерік бостандығын бір жақты асыра дәріптеу нәтижесінде экзистенциализм немесе «тіршілік философиясы» пайда болды. Экзистенцализм ерікті тәуелсіз, тысқы әлеуметтік әсерлерге қатысы жоқ құбылыс деп таниды. Мұндай пайымның негізі қоғамдық байланыстар мен қатынастардан, әлеуметтік мәдеи ортадан бөлек, дерексізденген адам. «Дүниеге қандай да бір күшпен келіп қалған» бұл адамның өмірі мағынасыз «қым қиғаш оқиғалар» жиынтығы да, адамның өзі – «пайдасыз құмарлық». Мұндай адамның қоғам алдында ешқандай инабаттылық міндеттері мен жауапкершілігі жоқ. Осыдан да ол адамгершіліктен жұрдай, намыссыз, өз бетімен кеткен, тартыну дегенді білмейді. Қандай да қалып тәртіп ол үшін жойылу, басыбайлыққа түсу көзі. Ж.П Сартр пікірінше, нағыз адамгершілік – бір ғана рет көрінетін, реттестірілмеген, қандай да қоғамдық мекемелер талаптарының шеңберімен оқшауланбаған, өздігінен туындайтын, себепсіз «әлеуметтенуге» қарсылық әрекеті. Ерік бостандығын асыра мақтаудан экзистенциалистер адам болмысының жалпы негіздері жөніндегі ойларына дәлел айта алмай, адамды өз өмірінің мәні, мақсаты және жауапкершілігінен айыратын, қоғам, тарих, мәдениетке қайшы келетін кездейсоқ, жауыздық, ақылдан аулақ бастаулар тұңғиғына бір-ақ түсіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |